Біраздан бері бастауыш сыныптағы педогогикалық тәжірибем мен өмірде көрген-білгендерімді ұштастырып «қоғамдағы бала тәрбиесі» тақырыбына аз да болса үлес қоссам деген ниетте жүр едім. Осы тақырыпта ойға түйгендерімді барынша қысқартып оқырманға ұсынғалы отырмын. Қаламға алған дүниелерімнің көбі белгілі нәрселер болғанымен көпшілігіміз қарбалас тіршіліктің ішінде бұған мән бермей, кейде ұмытып кететін кездеріміз көп. Сондықан бұл мақалам білетіндерге қайталау, жас отбасылар үшін аздаған кеңес болмақ.
Жалпылама бала тәрбиесінде орындалатын іс-шаралар баланың жас ерекшелігіне қарай әртүрлі болғанымен бала-бақша мен бастауыш сынып балалары тәрбиесінде ортақ тұстарын төмендегідей түрде жіктеуге болады:
— Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы және өзіне деген құрметі мен сенімділігі мықты болуы көбінесе ата-анасынан алған тәрбиесіне байланысты. Ата-анасының жүріс-тұрысы мен қылықтарын өзіне бұлжымас үлгі етіп алатын бала жақсы немесе жаман қылықтардың көбісін олардан үйренеді. Сондықтан өз жүріс-тұрысымызға, әсіресе бала алдындағы әрекеттеріміз бен сөздерімізге, қандай жағдайда да шектен шықпауға ерекше мән беру керек. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің деп бекер айтылмаған ғой.
— Баланың ашуланған кездерін, қорыққан және абыржулы кездерін байсалдылықпен жөнге келтіруге тырысыңыз. Ашуға ашумен жауап қайтару дұрыс емес. Салмақты әрекетпен, жылы сөзбен мұның дұрыс еместігін түсіндірген немесе ашуы басылғанын күткен абзал. Ашуланғанында сұрағанын беріп құтылу да шешім емес. Ашу шақырсам, жыласам дегеніме жетеді екенмін деген ой қалыптасуы мүмкін. Ашуын жайландыру үшін мәселен баланың көңілін басқа нәрсеге аударуға болады. Бұл ойыншық, жаңа кітап, өзгеше дыбыс, келген адам секілді кез келген нәрсе немесе құбылыс болуы мүмкін. Сондай-ақ ашудың себебін анықтап, бұдан кейінгі жағдайларда мұның алдын алудың жолын қарастыру да нәтеже береді. Мәселен ойын-сауық паркінен қайтуы қиын балаларға, “өткендегідей мінез көрсететін болсаң, келесі жолы апармаймын” деп ескерту және қайтардан 10-15 минут бұрын біраздан кейін қайтатынын айтып, баланы қайтуға алдын ала дайындау келеңсіздіктің қайталанбауына септігін тигізеді.
— Баланың табиғи қабілетін қолдау қажет. Қобалжуын, тартынуын тудыратын келеңсіз негіздерді жоюға тырысу керек. Байқалған қабілеті бала болғандықтан кемшілікті болуы мүмкін. Кемшілігін бетіне баспай, керісінше “жақсы”, “керемет” деген сияқты мақтау айтып оны ынталандыру керек.
— Баланы ұялтпаңыз. Адамдардың көзінше жазғыру, бетін қайтару, аузып жауып тастау, ұрсу дұрыс емес. Мұндай әрекеттер өзіне сенімсіз, ынжық тұлға ретінде қалыптасуына алып келеді.
— Баланың сізден мақтау, қолдау күтетіндігін ұмытпағайсыз. Балаңыздың бұл қажеттілігін әркез толықтырып отырыңыз. Жасаған әр жақсы істерінде, әр жетістіктерінде әр мүмкіндікте мақтауларыңызды айтып, қуаныш білдіріңіз.
— Балаңыздың сізге, туыстарыңызға және достарына көмектесуіне мүмкіндік беріңіз. Айналасындағыларға қажет екендігін, көмектескендігін білу оған қуаныш береді. Өзіне деген сенімі нығаяды.
— Балаңыздың сұрақтарын елеусіз қалдырмаңыз және түсінікті тілмен тыңғылықты жауап беріңіз. Оған шындыққа жанаспайтын, қате мәлімет беруші болмаңыз. Қалжыңдап, келемеждеу мақсатында қитырқы жауап беретіндер бар, бұл дұрыс емес. Қате ақпарат қысқа мерзімде бала тарапынан анықталған соң бала мен арадағы сенімнің сарқылуына әкеп соғады. Айтқан шынайы нәрселеріңізге де күмәнмен қарайтын болады.
— Сабырлы, байсалды болыңыз. Тез ашуланатын, айғайлап ұрса беретіндер қатарынан болмаңыз. Өзге біреуге ашуланған кезде ашуыңызды баладан алмаңыз. Бұдан балаңыздың көңілі қалады, жүйкесі бұзылады, сізге деген сенімі кетеді. Балаңыздың ашушаң, қызба мінезді болуына ықпал етеді.
— Баланы тыңдай біліңіз, осы арқылы ол да сізді және өзгелерді тыңдауды үйренсін.
— Балаңызға жеке тұлға ретінде құрметпен қараңыз, ол да сізді құрметтесін.
— Балаңызға ой-пікірін жеткізе алуына жәрдемші болыңыз. Айтқан сөзін елемеу, тыңдамау, “жарайды” деп қысқа қайыру, “бөлмеңе бар” деген сяқты сөздермен бетін қайтару баланың өзіне деген сенімін сарқылтады. Пікірін бір кісідей тыңдап, тұшымды жауап қайтаруға мән беріңіз. Бала сыртта ойын еркін жеткізе алуды, сөйлеуде батыл болуды үйде үйренеді.
— Позитивті болуға, болымды ойлауға тырысыңыз. Сонда бұл халіңіз балаңызға да өтеді. Позитивті ойлау дағдысының адам өмірінде орасан зор маңызы бар.
— Қателескен кезіңізде балаңыздан кешірім сұраңыз, сонда ол да кешірім сұрауды үйреніп, кешірім сұраудың айып емес екендігін ұғынады.
— Балаңызға орынсыз,қайта қайта сын айта бермеңіз. Біле білсеңіз сын естуді ешкім ұнатпайды. Үнемі сын естіп өскен бала бақытсыз болады. Өтірік айтуға әдеттенеді. Маңызды қателерін жылы сөзбен түсіндіру арқылы түзетуге тырысыңыз. Түзету кезінде асығыстыққа жол бермеңіз.
— Балаңызға нені, неліктен жасамауы керектігін себептерін түсіндіре отырып, көрсете отырып айтыңыз. Бұл әрекетіңіз оның ақылмен санасып әрекет етуіне ықпал етеді.
— Баланың салауатты жетілуі жалпылама ынтымағы жарасқан, бақ-берекелі отбасы ішінде орын алады. Сондықтан қорыта келе айтарым бәріңіздің балаларыңыз озат, отанына пайдалы азамат болып өссін, отбасыңыз мейірім мен махаббатқа толы болсын!
«№173 мектеп-лицей» КММ
Бастауыш сынып оқытушысы: Жандаралова Лаззат Байжумаевна
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Көркем
Керек мәліметтер екен!