Ойға келгенді іріткеннің іші жарылсын. Ішімнен тынып, ішмерезденіп жүргенше айтарымды айтып, дерімді деп тастамай менің ішкенім ірің, жегенім желім болады. Сіздер мынаның ойы бір таптық екен, тәртіп дегеннен мақұрым қалған біреу шығар деп ойламаңыздар. Мен де айтарымды қай жерде не айтатынымды білемін. Сырттан піші-піші деу бір жақсы жері менде жоқ. Көзіне айтып, әрқашан-ақ найзамды тік салатын әдетім. Кәсіподақтың жұрт шырыштай жиналған жерінде-ақ сүйексіз қызыл бізді сұғып-сұғып аламын. Байқаймын мұндайда сыналған адам арқасына ер батқан мәстектей қайқаңдап қалады, отырғандардың көбі-ақ әйелдері ұл тапқандай жайнаңдап қалады. Бір жақсы жері мен не айттым, сен не тыңдадың демеймін, өз жөніме кете барамын. Ал қанша сынағанымды санағаным жоқ. Ешкімді де құр қалдырмаған болуым керек.
Бip күні өзіміздің цехтың бастығы Елеместі қатты сынадым. Елемес көбіне тырысып-бырысып жүретін адам. Көліндегі қалың көзілдірігін өмірі бір алып көрген емес. Ал бірақ мен ез басым оны алып тастауын қаламайтын болдым. Әлдеқалай оның мүйіз көзілдірігін сүртіп отырғанының үстінен шыққаным бар. Ол ондайда басқа адам болып шығады. Өйткені ол дүниеге әйнек арқылы қарап үйренген жан. Елемес үнемі сөзін «менің кемшілігім көп» деп бастайды. Бір жақсы жері оның бұл сөзі үйреншікті болып кеткендіктен ешқашан ол сөзге артында не жатыр деп ой салмасам, бон салып көрген емеспін. Алдына он байтал салып берген шолақ айғырдың құлағыңнан қиқу кетірмейтіні сияқты бұл «кемшілігі көптігін» кемшілігі жоқтығын аңғарту үшін айтады. Былай қарағанда Еле¬мес жиналыста сынағандардың сөзінің бәрін мойындаған сияқты. Бірақ артынан әлгі «бірақтары» басталады деңіз... Қысқасын айтқанда сынағаным осы «бірақтары» еді. Осы «бірақтарын» бетіне басып тұрып, айтып-айтып тастадым. Алайда бастығымды қатты сынағанмен іштей «мұным қалай болды» деп тұр едім, оның орынбасары келіп қолымды алды. Бір жақсы жері ол кезде Елемес жоқ екен.
Бәріңіз де мемлекет мекемесінде, не кәсіпорында, не ауыл шаруашылығының бір саласында жұмыс істейтін шығарсыздар. Жұмыс бабында әртүрлі нәрселер бола береді. Осындай бір ретте әлгі Елеместің орынбасарын (амал қанша, ол да менің бастығым) цехтағы бір сызуды бұрыс көрсеткені үшін сынап жібердім. Айтпасам ол ондай кемшіліктерді тары қайталай беруі мүмкін, қайтейін. Жиналыс біткен соң мені Елемес кабинетіне шақырды.
— Дұрыс айттың — деді ол маған. Бір жақсы жері оны оз кабинетінде оңашада айтты.
Мен мастермін. Өзімнің де кім екенімді бір ескертіп өтпеуіме болмас. Мен туралы сыртымнан не айтылатынын қайдан білейін, көзімше мақтау жетерлік. Жиналыстардағы ұзақ-ұзақ баяндамаларда, жарыс сөздерде, өндірістік желпіністерде біз шәкіртіміз екеуміздің атымызға айтылатын көтерме сөзде есеп жоқ. «Әлгі шоп машинасының «шошқа тісін» Балбақ балғадай етіп жонды».
«Шіркін ол өз ісінің шебері», «комбайнның планкасын машинадан да тез жөндеді» делінетін сөздер тоғыздың тоңдығына жетеді. Осындай асыра мақтаулар үсті-үстіне айтылып, бидай көже ішкен кісідей одан менің қарным қампайған шақта «Главка» біздің цехқа сыйлыққа көп ақша беріпті. Менің шәкіртім «аға, ол сыйлыққа мен бір магнитофон» алайын деп жүрді. Арада екі-үш күн өткенде тізім ілінді. Көзім құрғыр көрмей қалған ба, бір жақсы жері өзімнің атымды іздеп таба алмадым.
Мұндайда біраз адам маған аяушылық білдіреді. Тіпті әлгі бәйгені қайта-қайта алып қоймайтын таңқы қара ақыл айтады. «Сөйлеуді азайту керек» дейді. Ал жонған екі муфтасының бірі заводқа қайта келетін Сидаңбай да а мал не, маған кеңестер береді. Енді біреулер маған шынымен көңіл айтады. Олардың да өз есептері бар. Кейбіреулері менің бәйгеден мақұрым қалып, жұқарып отырған жүйкемнің жарасының аузын тырнамақ. Егеуді өткірлей түсейін, кесуі оңай болсын деседі. Яғни темірді қызғанда соғып қалмақ. Енді біреулер өндіріске келгеніңе жиырма-ақ жыл болыпты, тілеуің алдында ғой дейді. Тілеуіңді біреу өтпес пышақпен қиқалап кесіп отырса, ол бар болғырдың өзі жалғана қояр ма екен дегім де келеді. Бәрін де үндемей тыңда, қабағына қарай шығарып саламын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні—(Бір жақсы жері) ауызда айтылғанда бармын, қағазға жазылғанда жоқпын. Бұған да шүкіршілік. Шынында қолы жетпеген құдайшыл болады деуші еді, шүкіршілік етпегенде қайтерсің.
Осы цехта мастер болып істегеніме немене жиырма-ақ жыл деп те ойлаймын. Шынында да тілеуім алдымда емес пе? Осы жиырма жыл ішінде қарауымда небары он шaқты адам істеген екен. Бәрі де өзімдей мастер болып кетті. Темірді тегістеуді, жонуды әбден білді, мінін айтқызбай табады. Ең қиын сызуларды да айырып, қалыпқа қандай бір қиын бөлшекті құйып шығара алады. Бір жақсы жері осы шәкірттерімнің кейбіреулері менің кемшіліктерімді аңғарған екен. Мысалы олар сорайып көрініп тұрған нәрсені де айналып өте береді. Мен олардың ондай келісімпаз, мысық көзқарасына күйіп-піссем, олар жай ғана «ондай ондай бола береді» деп жайбағыстайды. Байқауымша шәкірттерімнің де кейбірі жайбарақат, жақсы өмір сүрудің оңай жолын біліп алған сияқты. «Өткір қырғыш қазанның түбін тесетінін» бір жақсы жерін біліп алыпты. Қалай ерте аңғарғанын білсеңіз етті. О, тоба!
Құдайға шүкір, менің қарауыма келген шәкірттер әлі мені жамандап көрген жоқ. Ондай сыйыспайтын мінез біздің әлгі Сидаңбайда ғой. Қарауындағыларға күн көрсетпей, шәкірттер де тірі жан өндірістік жиналыстарда қырқысып-ақ жатқаны. Қарауындағы айналдырған бір адаммен екеуі екі станоктың жанымда тұрып алакөз болуы әркімді-ақ ойландырып тастайды. Дегенмен басқа бақыт бітіп, ауыздың салымы болайын десе онша киын емес пе деп қалдым. Шәкірттермен төбелесіп айырылысатын Сидаңбай әлі бір мастер тәрбиелеп шығармаса да (өзі жетік болмай тұрып кімді қалай тәрбиелемек) бір жақсы жері жақсылар үшін жасалған тізімнен қалып көрген жоқ-ты. :
Оның да өзінше себебі бар болса керек-ті. Егер зәу-шайтан ісің түсіп (еңбек адамының өндірісте ісі түспей тура ма?) цех бастығына бара қалсаң Сидаңбайдың оның кабинетінде отырғанын көресің. Бір жақсы жері ол Елеместің алдында отырмайды. Тұпа-тура сол столдың ортақ иесі сияқты Елемеске міңгесіп алады. Мен көбіне өзі муфталар жонудың жайын жақсы білмейтін байқұс, соның ұсақ-түйегін сұрап жүр екен деймін. Бір жақсы жері оны цехтың басқа жұмысшылары бөлекше айтады. Сыпсыңдаған ауыздардан шығып, салпаң кулактарға жеткен суық сөздерге қарағанда әңгіменің түрі бөтендеу...
Сонымен менің жайымнан біраз хабардар болдыңыздар білем. Сайып келгенде жиырма жыл ішінде мен сөйлемеген жиналыс жоқ. Қарауымдағыларға тізе көрсеткенім жоқ. өзімнен жоғарылармен жақсы болғаным жоқ. Жиырма жылда маған деген ауызша мақтау жеткілікті болды, документке түскені көрінбейді. Істеген жұмысымнан, жонған муфталардан, шошқа тістерден бір ақау, мін табылған да емес. Көзіме ешкім шұқып көрсеткен ештеме жоқ, сондықтан болар, бір жақсы жері бұйрықпен ескерту де (шынын айтқанда кейде ескерту болса да бірдеме алғанның арманы бар ма деп қаламын) алғаным жоқ.
Енді қалай жүруім керек екенін өздеріңіз айтыңыздар. Бір жақсы жері жақсыда да, жаманда да жоқ бір жанмын. Бәрінен аман-есен келемін. Кейде тіпті осының өзі олжа ма деп те қаламын.
1967
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі