Сыпа ел көп жүретін үлкен көшеде кездесе кетіп, амандық жоқ, саулық жоқ, әңгімені тура «өй не болып кеткенсің» деп бастағаны бар емес пе? Өзімді ең өтімді, сортты жігіт санайтын маған бұл сөз көкірегіме тағылан инесіндей қадалды.
— Е, не болып кетіппін?
— Өй сен ауырлап қалдың ғой.
— Ауырлайтын маған ешкім тас артқан жоқ, арта алмайды да,— деп амандық сұрасаң осы бір пәлелікпен сұрап тұр деп теріс жауап беретін Шымбай ағамша теріс бағып кеттім. Теріс бақпай қайтейін, құдай берген жанды құдай алады, сөзі шымбайыма батып барады. Жұрт сорпадай сапырылысып жатқан жерде, ел көзінше «не болып кеткесін» деп несін алыппын мен оның. Не болып кетіппін, сонша? Түнімен арақ ішіп, бет аузым көлкілдеп, азып кеткен жоқпын. Орыпсыз сүрініп, бетіме қағаз жапсырып жүрген мен емес. Сонау Берлинде тігіліп, өзіме әдейі арнағандай жабысып қалған қара сұр костюм мынау. Шляпа дегеніңіз шекеден шеруен атып, шікірейіп ол тұр. Қазір жұрт тегіс киіп үлгірмеген Париждің бақа бас ботинкасы балпиып аяғымда жатқаны анау. Өзім де ұқыптылықты ешкімнен үйренбеймін деп жүрген жанмын. Бір түйме үзілгенін біреу көрсе, он күп тамақ іше алмай жүремін. Енді қалай шыдайын.
— Өй ауырлама, мынаны айтамын,— деп ол сұқ саусағымен төсқалтамның үстін түртіп қалып, қолын ауыртып алғандай «оһ-һе» деді. Саусағын аузына сала қойды. Кетіп бара жатып ол:
Ауырламай-ақ қой, жай буылтық-буылтық болып кеткеніңді айтамын,— деп жүгіре жөнелді.
Не болып кеттім екен деген ой мені билеп алды. Осы кезде не көп, бүкіл қабырғасы түгел әйнекті үй көп. Бір шаштараздың жанынан ете беріп жақсылап сәндене көз салдым. Шынында Сыпаның айтатынындай-ақ бар. Пиджактың екі жанқалтасы томпайғандықтан костюм керіліп, екі етегі қиюсызданып, үркек тананың құлағындай делдиіп кетіпті. Төсқалтамның үсті итбасындай ілгері шығып тұр. Шалбарымның қалтасы тұрған жерлердің бәрі де томпақ-томпақ жана ғана құрбақа жұтқан жыланның жемсауындай.
Көңілім жана жайланды. Күлсе күле берсін. Менде, артық нәрсе жоқ. Тек жаңағы Сыпа қолын нағып ауыртып алды деп төсқалтама қолымды салып жібердім. Білеудей болып Өміртай інім Ленинградтан базарлыққа әкеліп берген «штрауме» қаламы жатыр. Жуандығы жөбішенді жас баланың білегіндей бұл қаламның өз ерекшелігі бар. Оған орнатқан электр шамы түнде жазғанда қағаз бетін бажырайтып-ақ жібереді. Оның үстіне бұл осы өңірді мекендейтін жамағаттың қолына үрдіс түсетін дүние. Сұранып-тіленіп жүріп, өзімнен жоғары жарғақ құлақтарды жауыр қылып жүріп, автомашинасы болмаса да, есек арбасы бар мекемеге бастық жасаңдар деп қолым зорға жеткен ескі-құсқы зат одағына бастық болғалы бері күндіз-түні бірдей жүремін. Зәу-шайтан түнде қол қоюға тура келсе жарық іздеп, терезе сәулесін қуалап жүрмекпін бе? Сондықтан «керекті тастың ауырлығы жоқ» деп қалтамнан «штраумені» тастамаймын. Тіпті тастайтын нәрсе ме, қараңғыны жарық етер қаламым-ақ қой, бұл. Айтыңызшы, артығы бар ма мұнымның. Ендеше бұдан кейін Сыпаңыздың сөзі маған бұйым ба? Пішту, шіркін!
Өзі басшылық етіп көрмеген адам басшылық өнерінің қырын, сырын біле ала ма? Төсқалтамды томпитып тұратын нәрсенің бірі қызыл сиялы қалам. Онсыз менің күпім бар ма? Басқалардан менің бір айырмам болуы керек емес пе? Сондықтан баттитып тұрып Барақбаев деп қол қоюым үшін қызыл сия керек. Ал әне бір елдің ұлығынан кішігіне дейін барлығы тегіс иемденген шарикті қалам дегеніңіз ыстық болса ағып кетіп, суық болса қатып қалып қатырады. Ендеше, еркін сілтейтін шіркін қызыл сия! Басшы адам қатал, әсіресе ақшаға қатал болғаны абзал. Кейде біреудің көңілін қалдырмағың да келеді, ақша беруге де болмайды. Ол кезде қызыл сиямен «берілсін» деп баттитамын. Есепшім Ертай сия сырын қатты біледі. Ол қызыл сияны көреді де, мұздаған теректей қақиып қалады. Ал маған қол қойдырып алған Сөлпекбай салпылдап қайта айналып келгенше мен жер жұтып қойғандай зым-зия боламын. Miнe сондықтан да Сыпаның сөзі маған не керек?!
Анда-санда есепшінің де көңілін аулап коймай болмайды. Дүниедегі пәле осы есепшілер. Бастық есепке шорқақ болса, оның құдайы бергені. Онда есепші есептеп жейді, есебін тауып кесектеп жейді. Әсіресе есептен ана құрсағында-ақ құр алақан қалған маған есепші дегенің мәтіби. Демек көк сиямен «берілсін» деп қол қойсам, беру, бермеуді есепші өзі керегіне қарай шешеді.
Кейде менің көк жазуымды көрген соң нелер азуын айға білегендерді ар жерде сарғайып кеткен бір тісі қалған базданған ап жаман аузына-ақ телміртіп қояды. Көрдіңіз бе, қалтам томписа томписын, тек маған есепшім томпия, томсырая көрмесін.
Күлгін сияның сыры мүлдем бөлек. Ел болған соң көз шатынатпай, сөз шашыратпай тұра ма. Біреу жанымды шымшиды. Біреу қырын қабақпен қарайды. Шоқ түскір әлгі қызыл тіл тағы бар. Барақбаев пәлен күні Бәкірдікіне, сәтті күні Сәкендікіне қонаққа барыпты деседі. Тым болмаса менің үйдегі үйіндіден шыға алмай отырған шүйкебасымның бере алмаған шайын, пісіре алмаған нанын айтады. Өсекті тез естігіш ол бәрін менің құлағыма құяды. Ондай езуіне ие бола алмайтын сөзтүйнектерді көргенде түйіп жібергім-ақ келеді. Амал нешік, ескі-құсқы мекемесінің бастығы есірік екен дегізіп қайтемін. Ондайлардың жазасын күлгін сия берсін. Есепші бұдан кейін сөзбұйдаға салып сүйрей береді. Кәне, бұдан соң сіз бұл қалам артық деп айта аласыз ба? Қалтам томпайса томпайсын, бірақ әлгі жер томпайтқырлар да әуре болып жүрсін.
Сіздің мекемедегі ерке менде жоқ деп ойлайсыз ба? Қателесесіз. Менде ерке еркек түгіл еркетотайлар да бар. Қасын керіп, көзін сүзіп келіп тұрса, ондай сәулемнің өзі түгіл көлеңкесінен көп ақшаң садаға емес пе. Сол кезде ақ қағазға жасыл сиямен жалп дегіземін. Міне менің тос қалтамды түртіп көргенде тұратындар осылар. Артық деп айтшы кәне, бұларды! Айтқан ақылыңыз өзіңізге, басыңызға шайнап жағыңыз!
Көше тәртібін тегіс біле алмай жүрген жайым бар. Кей-кейде көлденең соғып, көшені қиғай кесіп өтіп, милиция қызметкерлерінің тілімен айтқанда «өз өміріме қауіп төнгізетін» жаман әдет бойыма сіңіп кеткен. Сондай қызыл итім қыңырт кеткен кезде тұтқиылдан ойда жоқта ысқырық естіліп, өзіңіздің бет-жүзіңізді, аты-жөніңізді растайтын документ сұрайды. Не демексіз? Сондықтан тарбақ мұрыным, жайын ауызымды көрсеткен суретім жапсырылған куәлігім үнемі қалтамда. «Міне» дей қоямын. «Ескі-құсқы зат» дегенді оқығанда қарны ашып қалғанмен «бастығы» дегенді көріп кім болса да тойып, кекірігі азып кетпей ме!? Демек куәлігім қалтамда болуы тиіс. Ал паспорт ше дейсіз бе? Қалай ойлайсыз? Паспортсыз адам бола ма? Паспорты жоқ кісі, Отаны жоқ кісі, Отаны жоқ дегенді баяғыда ұлы Белинский «Паспортсыз, қаңғыбас» деген жоқ па еді. Ондайдан құдайыңыз сақтасын. Бірақ паспортта қызметіңіз жазылмайды ғой. Ендеше неге паспортыңызды арқалап жүрсіз дейсің бе. Аяқ астынан осы заманның темір қанат құрына мініп, сонау Қиыр Шығыстан бір-ақ шықсаңыз қалай болады. Онда есек арбаға бастық болғанын не керек. Совет Одағының азаматысың ба, жоқ па демей ме, ендеше бауырым паспортым да сипағанда қалтамда қатып тұрғаны жақсы.
Жаман айтпай жақсы жоқ. Оны білерсіз. Көшеден қиғай өткенде, шала мас шофердің қиып түспесіне кепілдік бере аласыз ба? Жоқ әрине. Сонда бұл кім екен дейді. Паспортымды көреді. Дұрыс. Совет Одағының азаматы. Куәлігімді көреді, есек арба мінетін бастық.
— Оу, жедел жәрдем шақырғалы тұрмыз, осы сұлап, сұлық жатқаныңның өзі «Қызыл крестке» мүше ме әкеп?—деп бір пысықайдың қойып қалмасын кім біледі. Сондықтан жарнамды төлеп «Қызыл крестің» билетін де алып жүремін. Марка жапсыратын едім деп Мақаң жетіп келсе, үйде қалыпты деп қалай ұялмай жауап беремін, Ғафу етіңіз!
Марка демекші, апырау, әлгі кәсіподақ, билеті қайда? Жыл мойыны жақындап келеді. Кәсіподақтың есеп беру-сайлау жиналысы болмақ. Мен кәсіподаққа мүше болғалы қашан!? Аттай ширек ғасыр. Жиырма бес жыл бойы жапсырылған марка билетті жауыр аттың желқомындай етіп көнтитіп жіберді. Мына бір бүйірімді бұлтитып тұрған сол. Кәсіподақ демалысқа жолдама беремін десе, «міне иманым, міне жаным» дегенге олар сене ме, «міне мүшелік жарнамды төлегенмін» деп көрсетуім керек емес пе? Керек емес деп көріңізші, мұны. Әрине бұрынғы осавиахим, мопр, құдайсыздар ұйымының билеттерін алып жүрсем, құдай ұрсын. Бірақ бүгін-ертең тирге барып мергендігімді, әлде бүйен жегендігімді сынауым керек. Сонда ДОСААФ-қа мүшемін деп документімді жұлып алсам, оның өзі бір ғанибет.
— Басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан бар ма? Оның үстіне күн болса күз. Күнің тұман болып, ауруың тұмау болып кетсе қайтесіз? Өзіңмен кеткір грипп деген пәле сарамастай сап ете түсіп, аузы-мұрныңды аралап қолқаңды қапса, дәрігерге бармай тұра алармысың. Ендеше ауруханаға тіркелген куәлігімнің қалтамда болуы заңды емес пе? Ал еркектің азаматтық борышы — әскери міндеті. Әскери комиссариат алдында күніңді күн, түніңді түн демей тәк тұруым керек. Әрине офицермін.Билетің бар ма? Так, точно! Қанша жүн-жұрқа, темір-терсек тапсырғанымды бастығым алдында айта алмай аузын буған өгіздей өңкиіп отырсам, ол мені маңдайымнан сипай қоймас. Сондықтан олар қалтамдағы кітапшадан табылуы керек. Тіпті Мақандағы «жеке істің» бәрін алып жүрер едім, қалтаға сыймайды. Әй осы мұқаба жасайтындардың да қорлығы өтті-ау, кішірек жасамай... Еріккенде жұма күні жұмыстан кейін саятқа кететін де сайтаным бар. Ұсталып қалмау үшін... Бұдан кейін қалтаңыздың қарыны қампаймай көрсің!
Бұрын «таздан тарақ қалғаны қашан» дейді екен. Ал осы күнде тарақ керек болғанда таздарға керек болсын. Өйткені ақ құйқамды бірде жарқ еткізбеу, бірде жалт еткізбеу үшін судан қалған егіндей он тал шашымды бір жағына жапсыра тарап тастаймын. Шалбарымның қалтасын керіп тұрған сол. Әдемілікті аңғарған адам мұны артық деп айта алмаса керек.
Күн көтеріле бәріміз үйден ерте өреміз. Үйде бірде адам бар, бірде жоқ. Сондықтан есіктің қарыс-сүйем кілтін жасатып алдым. Бұл құлыпқа әркімнің кілті келе беретін болғандықтан номерлі құлыпты тағы салғыздым. Оның қаймақтай жұқа көп кілтінен біреуі маған неге бұйырмасын. Тек осы-ақ деп қалмаңыз. Кабинеттің кілті, столдың кілті, ең мықтысы да, ауыры да сейфтің кілті тағы бар. Шалбарымның қалтасын әйелім күн ара жамаса да жарты қадақ темір өзімде жүрмесе бола ма? Бұдан кейін буыншақ-түйіншек болып кетіпсің деп мені сөккеннің жағасын сөкпей қалай тұра алмақпын. Ендеше Сыпаға айта барыңыз, ақылын басына шайнап жақсын. Бұдыр-бұдыр болсам да, осылай жүргенім өзіме қатты ұнайды. Ұқыпсыз адам деп мені кім айта алады?
1971
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі