Өлең, жыр, ақындар

Құдайдың құлағы жоқ

— Құдайды көргеніңіз бар ма? Мен құдайды көрдім,— деді автобуста маған таяу отырған қара тонды кісі арғы жағындағы қарт адамға қарап.

— Астағипыралла, оның күпірлік болады, шырағым. Тәуба қыл, тіліңді кәлимаға келтір,— деді қарт жағасын ұстап, сақалын сипап әлденені күбірлеп. Қара тонды кісі қалың қабағын түйіп алып қайта сөйледі:

— Ойбай-ау, үрікпей-ақ қойыңыз, мақшардағы күнәсін өзім-ақ тартып, тозақ отына өзім-ақ күйем, Бірақ мен құдайды көрдім. Ол шошқа бермесең өкпелейді екен.

Бұл жолы қарт адам жаңағыдан да ыршып түсті. Тіпті машинадан да шыға қашар ма еді, бірақ ол тоқтай қоймады. Оның екі қолы жағасында. Ислам дініңде бірі мен бірі бір жерге сыйыспайтын шошқа мен құдайдың бір аталғаны қартты күпір қазақтан біржола қыңырайтып әкетті. Ол екі қолы жағасында, қара тоңдыдан бір қырындап отырды. Қара тонды кісі енді маған қарап сөйледі. Ол тіпті де қалжыңдап отырмаған сияқты. Қабағы қату:

— Құдайды көрдім. Ол мына өзіміздің Талғарда жүр. Бірақ құдай біреу деуші еді, екеу екен.

Автобуста жол қысқарту үшін әр нәрсені ауыз қажау етіп келе жатқан көпшілік тегіс қара тондыға назарын ІІКІІ Шынында мұның өзі қызық болып барады емес пе! Алдымен жоқ. деп жүрген құдайымызды бар қылып шығарды, содан соң ол мына Талғарда жүр деді. Енді ол біреу емес екеу екен дегенде автобустағы бар қалқан құлақ құлақшындарының салпаң құлағын түріп қалды. Машинаның артын ала отырған жігіт, бұл да бір сайқы мазақ болу керек, дарылдақ даусын барылдақ мотор үнінен асыра айқайлады.

— Ей, тонды бала, құдайыңның түрін айт, оны қандай жағдайда көрдің. Керек болса іздеп тауып алуымызға оңай болсын. Саған көз қырын салды ма? Көп ұзамай-ақ қара тоныңды лақтырып ұратын болдың ғой.

— Қара тон кисем таппағанымнан киіп жүрген жоқпын. Шаруаға сән жараспас деп жұмысқа кие салғаным. Оның үстіне 6—7 ай ақы-пұлсыз жүрсең қайтер едің. Сол құдай маған он көзімен емес, сол көзімен қарады.

Сайқы мазақ жігіт қайта жұлып әкетті.

— Сен әлігі құдайыңды көргеніңді айт.— Жұрт тағы қара тондыға қарады, ол шытына қайта сөйледі. Ұзақ сөйлеуге кіріскендей тамағын кенеп, бір жұтқынып алды:

— Бала күнімде әке-шешем айтқанда,— деді қара тонды кісі,— құдай бар деп жүрдім. Бері келе мектепте оны біржола ұмыттым, Ол кезде құдай мен үшін жоқ болатын. Tiпті жалпақ тізеден қан кешіп соғыста жүргенде де жараланып жатқанда да сол байқұсты есіме бір алмадым.

Жұрт күлмейтін жерде-ақ ду-ду күліп әңгімені бөліп жіберді. Қара тонды түзеліп отыра бергенде тағы біреу бүйірден қойып қалды.

— Сен өзің кімсің. Жүздің жүзін танығанша, бірдің атын біл деген.

— Ең алдымен құдай көрген қазақпын. Атым — Қондыбай. Қызметім—Талғар мал бордақылау совхозының товароведімін.

— Міне, естіп жөніңе көш. Құдайыңды...

— Құдай дегеніңіз,— деді Қондыбай,— жұрт жаңылып жүр екен, өзіміздей тамағы тесік адам екен, ол мына біздің совхоздың бас бухгалтері Босов екен.— Жұрт сандарын бір-бір соқты. Қондыбай қайта сөйледі:

— Өткен көктемнің кезі болатын. Ол менен торай сұрады. Мен тауып бере алмадым. Өстіп жүргенде жамандатқыр қара бие түйеден үркіп қазыққа жығылмасы бар ма. Жоқ, бұл мемлекеттікі емес, Бәкіровтікі. Пәле нақ осы жерден басталды. Бәкіровтың қара биесі мен қабылдаған жылқы делініп, маған дереу милиция қызметкерлері жіберілді. Сөйтіп қолдағы мемлекет малын тегіс хаттап басқаға өткізіп келесі бұйрықты күтіп қалдым. Содан аздан кейіп қызметпен қош айтыстым. Тоғыз жыл істеп тоғыз күндей болмады, аңқайып қала бердім.

— Өзің де тек жүрмегенсің ғой,— деді бағанағы қарт бері таман бұрылып.

Не, Алматы мал дайындау тресінің тексерушісі Жүкенов, бастығы Қошқаров, бухгалтер Босов бес күн тексеріп, мойнына салаң еткізіп екі мың сом мінгізе салды.

— Ой, көрген құдайың мыналар болса екеу емес, үшеу болды ғой.

— Рас, үшеу екен. Дүниеде бауырым бухгалтердей жамандаса көрме. Мен тіпті жамандасайын деп пе едім, қолымда торайы құрғыр болмай қалды ғой.

— Ой,ой, тонды бала, өліп кетсең де заңды бұзбауың керек,— деді алғашқы сайқы мазақ. Қондыбай күрсініп қойып қайта сөйледі:

— Сегіз кісіден алған малды олардан алған жоқ деп жала жапты. Тіпті әлгі тексеруші Жүкенов аттас кісілерді жауапқа шақырды, Ол мен байқұстың қаңғып жүргенімді қайдан білсін, «сиыр өткізген жоқпын» деп келте қайырады. Тексерушіге керегі де сол. Бұл тексерушінің басқа тексерушіден тағы бір айырмасы ара-арасында кісі сабап та алды. Мұны құдай болмаса істей алар ма еді?

— Бұлай шатастыру құдайдың да қолынан келмес,— деді біреу.

— Ей жігіт,— деді бағанадан үндемей отырған қарт бері бұрылып.— Бұл құдайдың ісі емес, сайтанның ісі.

Жаны қатты кейіп кетті ме, әлде әдейі шалдың қытығына тигісі келді ме, Қондыбай кесіп тастады:

— Ой, тәйірі-ай, оның құдайы не, сайтаны не. Мен соның қайсысын қалап отыр дейсіз.

— Ойбай-ау, өз малымыздың ақшасына өзіміз зар болдық қой. Мына Қондыбайдың берген квитанциясын ұстап қаңқиып отырмыз,— деп машинаның артынан біреу сөйлеп еді.

— Ойбай, бізді қойшы, Совет өкіметі тұрғанда әйтеуір ақшамызды бір алармыз, тоғыз баласы бар анау Бәкіровтың ала алмай жүргенін айтсаңшы,— деп алдыңғы жақтан да біреу қойып қалды. Мұнда Қондыбайдан басқа да құдайды көргендер көп екен, тұс-тұстан шулап қоя берді:

Бағанағы сайқымазақ жігіт жөнге келіп:

— Ал сен әлі боспысың?—деді Қондыбайға.

— Жоқ, милиция тексерді, халық соты, облыстық сот тексерді. Бәрі дұрыс. Мені жұмысқа қойғызды. Бірақ мына жұрттың ақшасын ала алмай жүргені маған өтіп барады. Соған күйінгеннен соғыстан алған жарақатым да ашылып кетіп, ауырып та жаттым. Оған да сенбей, осынша адамның арызын естімей, сандалтып құртты ғой. Он адамды он ай сандалту құдайдың қолынан ғана келсе керек-ті.

— Ары-бері жүріп алатын ақшаның жартысын да бітірдік,— десіп жұрт қайта шулан кетті. Бағанағы қарт бұрыла беріп күңк етті:

— Сенің құдайыңның құлағы жоқ екен!

Құлағы жоқ екен деп ойладым, мен де. Жұлар ма еді құлақтарын!

1966


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз