Дәлізден тарс-тұрс жүріс естілді де, есік шалқасынан ашылып, қабырғаға қатты соғылды. Қабырғаға маңдайы тиген есік қайта беттегенде оны ашқан адам қабырғаға қайта жаныштап, нығарлап, екі-үш рет сілкіп-сілкіп алды. Есігі құрғыр «ағатай-ай, қояйын» демеді, кісінің ашуын ұқпай сықыр-сықыр етіп, міз бақпай қатып қалды. Есікпен төбелесе кірген адам сол аяғын табалдырыққа сала беріп, кезеңнен жауды көрген пулеметше дыбдырлап сөйлеп қоя берді. Ол екінші аяғын тартып алғанда аяқтай бөлмені аударып тастай жаздап, бақырып шақырып азан-қазан қылды. Отырғандардың шақшадай басы шарадай болып, бозарысып, қуарысып, орындарынан тұрып дүрлігіп кетті.
Алмалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінін, қызметкерлері де талай тас шайнап, мұз бүріккендерді көріп еді, бірақ мына сияқты зікір салған бақсыдай аузынан жынын төккен адамды көргені жоқ еді. Ол бөлімдегінің, әрқайсысының жанына барып жеке-жеке төнді:
— Мен әлі сендерге көрсетемін. Бәріңнің үстіңнен қызыл судай жүріп өтем. Сендер түгіл мен Анненковтың да әкесін танытқан осы көкең болатын. Әкелеріңді танымай жүр екенсіңдер!
Ол тыным таппады. Оттығына көмір түскен сары самауырша бажылдап-шажылдап барады. Бұл пенсия даулаушы Сиркеевтің қамсыздандыру бөліміндегі кезекті ұрыстардың бірі ғана еді.
Шынын айтсақ Сиркеевтің өзі артист, адам. Ол әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне келген сайын әртүрлі роль ойнап кетеді. Бір күні таяқ сүйретіп, ақсай басып келсе, енді бірде жақ жүні үрпиіп, базардың делдалдарындай жылпыңдап келеді. Енді бір күні ойбай салып өкіріп келсе, тағы бірде құртатынын, үйтетінін айтып көпіріп келеді. Не керек. Сиркеевте өнер көп. Бірақ оның өнері қамсыздандыру бөлімінен аспай, қайран талант қор болып бара жатыр! Алда шіркін, ішті тескен артистік өнер-ай десеңізші!
Сиркеевті құтыртып, қолды аяққа тұрғызбайтын бір күш бар. Ол оған 1935 жылы берілген бір жапырақ қағаз. Бұл қағазды ағайынды Шуашбаевтар мен Давыщенко «Сиркеев қызыл партизан болып еді-мыс» деп жазып берген екен. Міне, бұл шақта ол осы бір жапырақ қағаздың бетіне бір қараса болды, аккумулятордан от алған мотордай күшейіп, қызыл партизан болып шығады. Сөйтіп өрісі Москва, берісі қаладағы әрбір бөлімге дейін жар салып, жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Дау даулайды. Өзіне де, өзгелерге де тыныштық жоқ.
Айтудың да айтуы бар, бірақ ешкім Сиркеевтей айта алмайды. Жазудың да жазуы бар, бірақ ешкім Сиркеевтей жаза алмайды. Оның жұрттан асқан шешен, ел бастаған көсем болып көрінгісі келетінінің бәрі де бір қу құлқынның қамы. Шіркін, отқа-суға салған қу тамақ!
Елу сегізінші жылға дейін Сиркеев 42 сом әскери пен¬сия алатын. Мұнысы дұрыс та сияқты еді. Бірақ аран ашылғанда амал не, бір күні әлде қалай тұманды ой билеп оның пенсияны көбейткісі келді. Нақ сол кезде оған әлгі бір жапырақ қағаз Алатаудай медет болды, қалалық советке қос құлаш арызды қойып қалды.
Міне қызық! Сиркеевтің шешендігі мен «жазушылығы», арамызда белгісіз болын жүрген артистік таланты осы арадан басталды. «Мен қызыл партизанмын, мен черкасшылар қорғанысына қатыстым, мен Мамонтовтың қарауында болдым» деп ол өзін азамат соғысының ардагері, атақты адамы етіп көрсетпек болды. Кім біледі жасы келген адам, өтірік айтпас, мүмкін болса, болған шығар десті қалалық советтегілер. Тексеріп кеп қалды. Шіп шикі, иі қанбаған өтірік болып шықты бәрі де. Сиркеев дербес пенсия алуға жатпады. Ол он жетінші жылы он төрт жаста екен. Ал документтерді ақтара қарап, аударыстырғанда Сиркеев 1920 жылдың май айынан бастап үйі айдай Қызыл Армияда болған да, жасы жетпегендіктен шығарылып тасталған. Ал Мамонтовтың қарауында болдым дегені өзінін құдай берген мамандығы — өтірікшіліктен туған, өйткені Мамонтов одан екі жыл бұрын қайтыс болған.
1957 жылы қалалық совет атқару комитеті осыларды анықтап, оған дербес пенсия бермеу жөнінде ұйғарымға келді. Ол қайта жазып кеп жіберді. Не жазбады дейсіз онда. Черкасшылар қорғанысында оқты бораттым, атыс салдым, талай жауды тырағайлата қудым деп басталған арыз ардагерлер дәрежесіне дейін көтеріліп кетті. Тағы да баяғы өтірігіне басты. Тағы тексеру жүріп, бұл жолы үлкенірек комиссия жұмыс істеп, арыз тағы қаралды. Өтірік өрге баспады. Тағы арыз жазылды. 1958 жылдың 19 февралі күні қалалық совет бұрынғы қаулыларын күшінде қалдырды. «Өтірігіңізге береке бермесін» деп тілек білдірді,
Арада бес ай өтіп, арыз ескіре бастағанда Сиркеев арызын қайта жаңғыртты. Бұл жолы көктен сұрағаны жерден табылып, оның арызынан әбден ығыр болғандар жергілікті дербес пенсия беруге қаулы алып келіп қалдым. Сәті түсейін десе қиын емес екен, үрлей білсе, өтіріктің оты да маздап тұрып жанады екен. Қоймай жүйрік өтірікті өрге бастырған Сиркеев үйге келіп төбеге түкіріп жатып алды. Үйге ай сайын келген 60 сомды алғанда ол көзі күлмеңдеп, баяғы бір жапырақ қағаздың күшін бар құдіреттен артық.көрді. Оған қараса болды-ақ қару асынып, мұздай темір құрсанған қып-қызыл партизан болып шыға берді.
Сиркеев қызыл партизан болып, алақанына түкіріп жүргенде келесі жылдың күзінде бір күні ақша келуін сап тоқтатты. Қате төленген ақша берілмейтін болды. Азамат соғысының ардагерлері өтіріктің бір тұтам құйрығын жұлып алды. Осыдан былай Сиркеев арызды черкас қорғанысында атылған оқтан да көбейтіп, Лепсінің қаңтардағы қарындай боратты. Оның арызы бұрнағы декабрінде, былтырғы жылдың февралінде мартында, биылғы жылдың февралінде, мартында қаралды. Қысқасы, Сиркеев қалалық совет атқару комитетіне жұмыс тауып берді. Кім біледі егер Сиркеев болмаса олар қарап отырар ма еді, қайтер еді. Мұның арасында даукес арызы талайға жүк болып, біраз адам тексерумен айналысты. Осы кезде ол тағы да қиыннан қиыстырып, ащы күйді түптеп тартып қайдағы-жайдағыны жазып жатса керек.
Даукестің арызы берген сайын қаралады. Бірақ бір қызығы нәтижесі қаралмайды? Бәрін істетіп жүрген қу құлқын деп кешіре сала ма екен әлде?
Алда қу құлқын-ай!
1968
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі