Өлең, жыр, ақындар

Шолжың

Ызбаркүл көзін ашқанда бөлменің іші жарқырап тұр екен. Оңтүстік жақтағы қатар екі терезенің шығыс жағындағысынан еденге күн түсе бастапты. Ол өзі біреу оятып жіберді ме деген оймен ұйқылы-ояу көзін үйдің ішіне бір тастап алып, сөйлей жөнелді.

— Тамағыңды ішіп кете бермейсің бе, кішкентай да болса жаның ашымайды, түнімен ұйықтай алмай шыққанымды білесің.

Осыны айтқан соң Ызбаркүл уһлеп-аһлап алды да, серіппелі төсекті бір солқ еткізіп аунап түсті.

Босаңбай-ай, аяқ жағымның көрпесін тұйықтап, қымтай кетші, денем жіпсіп жатыр.

Ол жамылып жатқан шәйі көрпесін басына қарай тарта түсті. Көсіліп жатқан аяғы сойдаң етіп көрпеден шығып кетіп еді, екі езуі көпіршіп жүріп берді.

— Үйдің іші әбден тозып бітті. Басқа тартсақ аяққа, аяққа тартсақ басқа жетпей жатқан көрпенің сиқы мынау.

Босаңбай келіп көрпенің аяғын тұйықтап, жан-жағын қымтап, енді шыққалы бара жатыр еді, Ызбаркүлдің тағы да дыбысы шықты:

— Үй емес қой бұл, үңгір! Бүйірімнен ұстап қалды. Босаңбай-ей, менің үстіме қасқыр ішігіңді алып жаба кетші.

Босаңбай қасқыр ішікті алып жапты. Сонан соң жазу столының үстіндегі «Қазбегін» ашып, қорап ішінен бір шылым алып тартты. Босаңбай есіктен шығып бара жатқанда-ақ Ызбаркүлдің қор ете түскен дыбысы шықты.

Босаңбай түскі тамаққа қайта айналып соққанда Ызбаркүл өлі түрегеле қоймаған екен. Дегенмен көзі жыртиып ашылысымен сөйлей бастайтын ескі әдеті бойынша:

— Бұл қайсысың, есікті жырпылдатып тыныштық бермедіңдер, бір сасық тер жөнді шықпай-ақ қойды,— деді. Ол басын сәл көтеріп қарап үйге кірген Босаңбай екенін аңғарды,

— Босеке келіп қалдың ба, ана киімілгіштің ішінен маған желең әперіп жіберші. Несіне қарай қалдың, егер сен маған жаман көзіңмен қарайтын болсаң орнымнан тұрмай қоямын. Ескі шаншуым бар екенін өзің білесін ғой.

Босаңбай қарақошқылданған шекесінің терін сүртіп, қарнын зорға өңгеріп, шермиіп киімілгіштің жанына келді. Оны аша беріп еді, қақпағы шиқ ете түсті. Төсек жақтан Ызбаркүлдің жақтырмаған даусы естілді. Қақпақ ашылғанда ілулі тұрған желең көрінбеді.

— Ызаш, ілулі тұрған желең жоқ,— деді Босаңбай тағы не бұйырасың дегендей, аларған қой кездерінің қиығын Ызбаркүлге тастап. Оның дауысынан әлдеқандай әлсіздік байқалады,

— Әлгі Күләйім қайда, қайда екен, жаның тынса да, жағың тынбайды. Адамды қақсата береді.айтқызбай істемейді. Бір пысық адам алу керек еді, өзі бір істеген ісі өнбейтін, бір істі ойындағыдай істемейтін неме. Күләйім-ей!..

Босаңбай денесінің бәрімен бұрылды да, жуан дауысы мен:

— Сен маған айтсаңшы, Күләйім күл шығарып жүр,— деді.

Ызбаркүл Күләйімді жазықсыздан жазықсыз тағы бір жазғырып алды.

— Түске дейін не бітірген оңбаған, ұйқысы бір қанбайды осының. Сен желеңді киімілгіштің табанынан қарасаңшы, еңкеймейсің ғой, ішіңнен бірдеме тіреп тұр ма?

Босаңбай еңкейіп, одан ыңғайы келіңкіремеген соң жүресінен отырып қарады. Мамық төсекте оны байқап, жантайып жатқан Ызбаркүл:

Түу, болар болмас нәрсеге отырып алғаның-ай,— деп реніш білдірді. Киімілгіштің ішінде желеңнің аз болса бір бесеуі жатыр. Бәрі кіршіксіз таза, тегіс өтектелген, мұқият бүктелген. Ол қайсысын аларын білмеді. Апырай деп ойлады ол, біздің, Ызбаркүл көйлекке бай екен ғой. Менің алатын ақым осыншама жібек желеңдерден де артылып қалады, ә? Ал көйлек дегенің қанша, креп-де-шин, креп-жоржет, креп-еатин, креп-москва... Масаты, мақпал көйлектерді қара. Қайсысын алсам екен?

Босаңбай шеттегі біреуін алып, екі тізесін басып, зорға тұра келгенде қолындағы шәйі желең жерге сусып түсіп кетті. Ол оны еңкейіп алып, ұмыр-жұмыр ұстаған күйінде Ызбаркүлге апарды. Ызбаркүлдің қабағы шытылып шыға келді:

— Бұл дүние ғой, дүниеге осылай қарамас болар. Мұны мыж-мыж қылып қалай кием. Апарып тастап,басқа біреуін...

Босаңбай қалың қабағы салыңқыланып, киімілгішке қарай қайта бұрылды. Арт жағынан көрінген күжірейген желкесінен жылтыраған тер байқала қалды. Шүйдесі күжірейіп, құйқасы да көп адамда бола бермейтін өтe қалың майлы құйқа екенін бірден танытты. Ол шәйі желенді орнына тастады да, оған таяу қойылған масаты желенді алып, Ызбаркүлге беттеді. Ызбаркүлдің тарбақ мұрнының кейкі тұмсығы тыржың ете түсті де, екі бетінің ұшы дамылсыз жыбырлап кетті. Жұп-жұқа шытынаған терісі шықшыт, желке, төбеден жиналып, қабағына келіп тас түйіліп тұрып қалды. Оның даусы өз жанын жеп, жарықшақтанып шықты:

Босеке-ау, шілденің күнінде, мұның не, қалың желеңді...

— Е, ескі шаншуың болған соң.

— Босеке-ау, білетін уақытың болды ғой. Ішімнің іш аурудан қалған ыстығы бар емес пе!?

Босаңбай сәл аңтарылып тұрды да, үлкен ала көзін бадырайтып Ызбаркүлге қарады. Ызбаркүл ыржиған болып, тісін бір көрсетті. Сонан соң балаларша аузын бұртитып:

— Босеке, басқа біреуін,— деді.

Босекең киімілгішке қайта келіп, қытай шәйісінен тігілген бір жұқалтанын қосқолдап Ызбаркүлдің алдына әкелді. Ол желеңді жұбайыма ұсына беріп, автолы таусылғандықтан подшипнигі ағып-еріп бара жатқан трактор жүрістес «суырма» қалта сағатын ышқырынан ышқына тартып зорға суырып алып қарады. Сонан соң:

— Мә, жұқасын киіп, енді «есекжемің» шығып қалмасын,— деді де, есікке беттей берді. Осы сәтте де Ызбаркүлдің «Босеке» деген дауысы жарықшақтанып тағы бір естіліп қалып еді, оған Босаңбайдың қарауға мұршасы да болмады. Өйткені қазір жақын колхозға барып келе қоятын машина оны тосып тұр еді. Ал Ызбаркүл «Босеке» деген сөзінен кейінгісін ол естімесе де, аузына келген соң іркіп қала алмай, «сандықтан жұмсақ сүлгінің бірін әперіп жіберші, терімді құрғатайын» деп айтып жіберді. Ызбаркүл Босекеңнің қайрылмай кеткенін сәл ауырсынын қалды. Ақыры одан қайыр кеткен соң Күләйімді шақырды:

— Күләйім, ей, Күләйім, бермен кел!

Күләйімнің қолы бұл кезде тіпті де бос емес болатын.

Сұңғақ бойында қармақ шаншым еті жоқ, аққұба әдемі қыз жалғыз өзі жаңа ғана аудандық өнеркәсіп комбинатынан әкеліп түсіріп кеткен бір тоннадай ағаш отынды тездетіп сарайға тасып жүр еді. Іштен шолжың жеңгенің дауысын естіп кіріп, есік алдына тұра қалды.

— Елдің сендей үй қызметкерлері отынымен кіріп, күлімен шығады. Сен болсаң бір манап, үнемі көше қыдырумен жүресін.

— Me...

— Қой әрі, менің әлгі жұмсақ сүлгімді, шәркейімді әкеп қойшы. Едені құрғыр да тап-тастай суық, Аяғың тиіп кетсе, суығы шекеңнен шығады.

Ол кебістің басын іліп кроваттан түсіп, енді диванға жантайды.

— Қап, телефонның алыс қалғанын қарашы. Күләйім, анау телефонды айналдырып, маған трубканы әперіп жіберші.

Күләйім келіп телефон жанына тұрды.

— Айта беріңіз.

— Бір, бес, сегіз, сегіз. Енді бере тұр. Өзін бара бер^ ары. Аман ба, қайным? Менің тіккізген әлгі жаман, қап көйлегім бітті ме? Бітсе әкеп бере сал. Ақшасын дейсің бе? Ағаңның атына жаза сал. Я, я, айтқандай ұмытып барады екенмін-ау, сендерде автомашинаның жасыл сыры... Жоқ дейсіз бе, е, ағаң айтып па еді. Ендеше, қайным-ау, жүрегіміз қарайып өлетін болдық қой. Құр шай мем құр нан. Жұмсартатын бірдеме болса. Ойбай, бетім-ау, бір ошарлы жанға оның не болады, келімді-кетімді кісіні қайтесің. Олар мені іздеп келмейді, Босекеңе келеді ғой. Қырық... я, үш-төрт күнге жетер. Ұмытып барады екенмін ау, киімілгіш ескіріп кетті. Ескінің деймісің? Аларсың, Пес айдап бері ескірмеді деймісің. Сон-соң бір тәуірін. Ағаңның мойнына жаза сал. Он жеті мың дейсің бе, он жеті мың түгіл, он жеті жүз болса да. Ал, қайным, сені тосамын, шай қайнап тұр. А? Е, ол да болады.

Сәлден кейін-ақ қақпа алдында дүрілдеген машина қораға кіріп тоқтады. Машина үстінде жаңа киімілгіш, оның ішінде жетпіс желбіршек салған, қырық жерден қатарған, әлде қос етекті, әлде он етекті жасыл мақпал көйлек тігулі тұр.

— Мінекейіңіз, жеңгей, айтқаныңыздың бәрі әзір. Май деп едіңіз ол да келді. Әттең мен директор емеспін, әйтпесе, жеңеше, бір сіздің көңілінізді табар едім.

— Онда, оны мен Босекеңе білдірейін, жасыл сыр тауып бере алмадың ғой.

— Рахмет, жеңеше, онда бәрі...

— Е, қайным, асықпа, «сый қылсаң, сыпыра қыл» деген емес пе! Сен тұрғанда жүкті мен түсірем бе? Сені құдайдан неге тіледік,,.

Босекең бүгін кеңседен ерекше көңілді қайтты. Көңілі келмей қайтсін бүгін құлағы бір тыншитын болды. Әуелгі күні Ызбаркүл жасыл масатыдан аудандық өнеркәсіп комбинатыма көйлек заказ бергелі үйдегі әңгіменің барлығы осы бір көйлегі құрғырға келіп тіреле беретін болды. «Машинаңды боят, жақсы әйелдің мінетін машинасының бәрінің түсі көйлегіне қарай өзгеріп тұрады»,— деп мазалап бітірді. Әсіресе, жаныңнан отырын алып, дұрыс болса да, бұрыс болса да бірдеңені айтып құлағына тыныштық бермей мылжыңдай берсе, көргенде көресіні әйелден көресің. Сондықтан да бүгін Босаңбай бар жұмысын қойып, осы «машина сырлату» деген әйел алдындағы жауапты жұмысымен айналысты. Ол ауданға тану А. қаласымен байланыс жасап көріп еді, онда керекті бояу табылмады. Сонан соң Т. қаласымен хабарласып көрді, олар ертең кешке дейін қолма-қол ақшаға машинаны бояп беретін болды. Міне, бүгін бұдан көңілі тынғандай болған Босекең үйге кіре берді. Ол келгенде Ызбаркүл желеңін жамылып, айна алдына бара беpiп еді. Ол тырс етіп ашылған есік дауысынан селк еткендей болды да, Босаңбайға тұра жүгіріп мойнына асылды.

— Сен мені жақсы көрмейсің. Жақсы көретін болсаң айтқаныма көп болды, неге өзіміздің «Победаны» жасылмен боятпайсың. Енді міне, менің жасыл көйлегім де тігіліп бітті. Ол аузын кере, екі көзін өлежітіп, даусын маңыраған ешкінің дауысындай соза сөйледі...

Нақ осы кезде бұлардың көршілерінде де осы сияқты бір әңгіме болып жатыр еді. Аупарткомның екінші секретары Теміровтің әйелі Гүлжан үйіне кірген күйеуін қатал қабақпен қарсы алды. Оның аққұба өңі әлде неден бүгін қарауытып көріп еді. Бауырсақ мұрны кейкиіп қысқарып кеткен сияқты, ол әдеттегі шыдамдылығынан шығып күйеуіне қарап сөйлеп жөнелді:

— Сені-ақ жұрт көріп тұрады. Көлеңкеңнен қорқатын сен-ақ. Елдің сендей-ақ еркегі үйіне бәрін әкеледі. Тіпті мына Босекеңдерді өкімет көрмейді. Ол да сендей жауапты қызметкер ғой. Басқасын қойғанда бүгіннің өзінде бір кеспек май бір-ақ келді ғой. Ал біз магазиннен өз ақшамызға да ала алмаймыз. Бүйтіп аудан басқарғаның бар болсын.

Теміров еріксіз ойға қалды. Шынында да Босекең сөйте ме екен? Тіпті бір нәрсе жоқ болса болды Гүлжан мысалды солардан алатын болып кетті. Мұның өзін ойластыру керек қой.

* * *

Бүгінгі күн Ызбаркүлге батпай-ақ қойды. Күн болса сенбі. Машина Т. қаласынан боялып келіп, қораға тоқтағанына екі сағаттай болды. Бұл екі сағат уақыт ішінде Ызбаркүл жасыл көйлекті жалтыратып киіп, жасыл машина жанына дүркін-дүркін келіп-кетіп жүрді. Тіпті екі қолымен екі бүйірін таянып, машинаның әйнегіндегі сәулесіне балаларша қарап-қарап қояды. Күнде еп-ерте келетін Босаңбайдың да нақ бүгін машина келгенде кешігіп қалуын қарашы. Әй, егер келе қалса ма! Ендігі қалаға жетіп те қалатын еді. Сонан соң жылтыр қара туфлиді тық-тық басып, жана капронның қарайтып өкшесін көтере көрсетіп қарағайлы парктің асфальт көшесімен жүретін еді. Осындай да еркек бола ма! Тіпті жұбайым, жарым бар еді деп ойламайды да, ә! Ең болмаса бір мезет болса да ой ел шаруасын да ойластырса қайтер екен. Қарамаса қатын кетеді дегенді білмей ме!?

Осындай ойлармен Ызбаркүл ызаланып, атылар патронша түтеп отырғанда, екі иығы салбырап, ұнжырғасы түсіп Босаңбай да келіп жетті. Қабақ терісі бүгін өсе түскендей екі көзін жауып кетіпті. Астыңғы ерні де әдеттегіден салбыраңқы көрінеді. Қалың, етті бетінің бәрінен біреу әдейілеп арық тартқандай қарт-қарт әжім басыпты. Өзгермей тұрғаны майлаған торсықтай шекесі ғана. Оның өзінен де бүгін тер сорғалап ағып тұр. Босаңбайдың кескін-кейпіне қарамай, оның дене-бейнесін көріп Ызбаркүл аузындағы қу атылып кеп кетті.

— Осы уақытқа дейін қай көңілдесіңмен, көз жасыңмен жүрдің, бәлен сағат бойы машина тұр қанқиып, мен отырмын сарғайып!

— Енді қайда бармақ ең?— Босаңбай бұл сөзді ауыр күрсініп, аузынан жалын ата зорға айтты. Сөйтіп орындыққа отыра берді. Одан ыза мен ашудың вулканы жарылғалы тұрғандай көрінді.

— Отырамысың омалып, жүр тез машинаға!—деп есінен айрылғандай бұрқ-сарқ етіп, Ызбаркүл бұйыра сөйледі.

— Машина жоқ — деді Босаңбай. Ызбаркүл жана қарап еді, оның түсінен адам шошырлықтай. Ол терезеден көз салып машинаның жоғын көріп, машинамен біржола қоштасқанын сезіп, осы кезде ғана барып есін жинағандай болды.

Асқақтаған көңіл осылай тасқындап басылды. Мұндайларды әсте араны ашылған деп ағайлардан көретін едік, сөйтсек желіккен жеңгейлердің де кесірі осал емес екен. Ойлай келсек, көптеген ағайлардың түбіне желіккен жеңгейлер жетеді екен!

1956


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз