Өлең, жыр, ақындар

Жеңгейдің танысы

Жеңгесінің сырын көбіне қайнысы біледі. Мен де өз жеңгем Зағипаны жақсы білемін. Тіпті оны жақсы білмеу мүмкін емес. Өйткені ол ұмыт қалатын көзге көрінбейтін шүйкедей біреу емес. Өтірік айтқан кісіге атан түйедей. Зағипаның мен ешқашан жанына қатар келмеймін. Егер көшеде онымен бірге жүруге тура келе қалса, мен қой соңында қалған ақсақ қозыдай оның артынан еріп отырамын. Ол қараға ілесіп келе жатқан маған зекіп, ала көзімен ата қарап:

— Былай, жұрттың қайындарындай, қатарға жүрсеңші,— деп қояды. Содан мен қатарға келе қоймаған соң, бір-екі қайталағаннан кейін шаршай ма, ұмытып кеткендей жайына жүре береді. Маған керегі де осы еді. Бірақ әйтеуір соңынан қалмаймын.

Менің онымен қатар жүргім келмей ме? Осындай маңдайы кере қарыс, сегіз қанат үйге көтерген шаңырақтай бақырайған, шарасы кең қара көздері әлемді ішіп-жеп қоятындай, келбетті адаммен неге ғана қатар жүргім келмесін. Жүретін де едім.

Дүниеде не көп, көреген көз көп. Дүниеде не кеп, өткір, буынсыз тіл көп. Бір күні жеңгеймен кек базарға кетігі бара жатқанымда тіліңе теріскен шығып,. аузыңа албасты ұялағыр бір сары шақа әйел бізді көріп мырс етіп күліп алды да, маған естірте жанындағы жолдасына тұпа-тура былай деп салмасы бар ма:

— Мына бір жуан мен жұдырықты қара'. Анау жеңгей бір шелек су көтеріп келе жатыр екен десем.

Мен өзімді ешкімнен кеммін деп жүрмеген жанмын. Соғыс комиссариатында есепте тұрамын. Мемлекет мекемесінде қызмет істеймін. Демек бұл менің кәдімгі санаттағы адам екенімді аңғармаса керек-ті. Әскери сапта тұрғанда да қалын. шанның ішінде болатынмын. Ал енді мынадай сары масаның тұмсығындай өткір сөзді қалай көтере алайын. Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті. Осыдан кейін-ақ Зағипаның қатарына бармай шегіншектей беретін болдым. Оған қатарласа берсем-ақ сары шақаның өңменімнен өткен сөзі есіме түседі. Ілгері басқан аяғым кейін кетеді. Сөйтіп жүргенде жеңгем өзін маған басқа бір қырынан танытты.

Журналист байқұстың ұйқысы қанған ба, ертең бір демалыс алған күнім еді. Бүгін ерте жатып, ертең түсті ала тұрайын деп қам жасап жатқан шағымда телефон шарылдап қоя берді. Трубкадан естілген дауыс Зағипанікі. «Сен бала тан ата бізге кел. Ағаң сені бос деді. Бір шаруам бар» дейді. Міне, ұйқы керек болса! Зағипа телефон соққан соң тыныш ұйықтап көр. Егер мен уақтысымен бармасам «туысқандарыңның сиқы анау, шақырып келтіре алмаймыз» деп қызметте жүрген ағайдың құлағының етін жейді. Оған жаның ашиды. Оның үстіне ондай-мұндайды тыңдамай кете беретін маған біткен ағаның жасы ғана үлкен болмай, қызметінің қоса үлкен болғаны пәле болды. Сондықтан ағаға деген сый математиктер тілімен айтқанда екі дәрежелі болып шыға келеді. Ендеше оның біреуін ағаңа көрсетсең, екіншісін қалай өтерсің? Жеңгенді сыйласаң ағаң оған қуанбаса ренжи қояр ма екен! Құлағының тыныш болғанын кім жек көрсін. Ал, жүгір!

Таңертең ертерек тұрдым да, шала жуынып жеңгеме жеттім. Ол ұйықтап жатыр деді үйдегілер. Уақыт өтіп барады. Шіркін, демалысыңда бір көсіліп жатып еркінше ұйықтағанға не жетсін. Арадағы біраз уақытты есік алдында жүрумен өткіздім. Сағат тоғызды соқты. Газет қарауға дүкенге жөнелдім. Барған дүкендердің біразы жабық болып, алысырағына кетіп қалып, асықсам да кешігіңкіреп жеттім. Сағат он болып кетті. Менің өкпемді қолыма ала жүгіргенімде не жұмысы бар, жеңгем бір жақсы жері әлі қалың ұйқыда екен.

Жарты сағаттан соң, жеңгей тұрды. Мен не де болса газеттерді тегіс қарап шығуға мұрсат алғаныма қуандым. Үстінде жапырақ-жапырақ гүлі бар желеңмен ол ас үйге кіріп кетті де, аузына бұралақтап бірдемені тығып қайта шықты. Мәз тауып отырмады. Сонан соң өз бөлмесіне кірді. Сәлден соң қайта көрінді. Жеңгей жаңағыдай емес, төрт-бес бунақ болып кетіпті. Ауылда өзен көмейін бекіту үшін кәдімгі қамыс бойраларды жазып қойып, ішіне тас аралас топырақты, шөпті буатын. Мықты болуы үшін жіп бірнеше жерден түсетін. Сонда ол бақа жұтқан жыланның тамағындай бунақ-бунақ, бөлтек-бөлтек болып жатушы еді. Менің жеңгемнің де соған бір ұқсастығы бар сияқты.

Зағипа тырмыштанып, буынтық-буынтық болып менің алдыма түскен кезде есіктің қоңырауы шылдыр етті.

— Тұла, тұл,—деді. аузындағы тамағынан тілі сөзге келмей ол бар денесімен.маған бұрылып. (Өйткені мойны бұрылмайды). Тоқтай, қалдым. Ұйықтай тұр демейді-ау, шіркін, деп тұрмын ішімнен. Ол аузын шала-пұла сүрткен болды. Ашылған есіктен жеңгейдің екінші бір егізі сияқты әйел. көрінді. Құлағындағы сырғасы, мойнындағы алқасы, тіпті үстіндегі көйлегіне дейін менің жеңгемнің киімінен айнымайды. Бота көрмеген біреу оны көргенде «кішкенелігі болмаса құдды түйе» деген екен. Сол айтқандай әнтек кішілігі болмаса тура Зағипа. Тек жаз шілдесінде алдына жыланның қабығы түстес шұлық киіпті. Ол есіктен аттап басқан кезде үйге адам емес, табалдырықтан әлдеқандай шұбар оқ жылан көтеріле сырғып кіріп келе жатқандай көрінді. Ол дудар қара шашын әлденеше жерден шеңберлеп тастапты. Баяғыда көкпар тартып жүріп аттан құлаған бір жігіттің басын оташының осылай қайыспен шандып тастағанын көрген едім. Жеңгеме есіктен кірген әйел біз сұғып алды ма деп шошып қалдым. Жоқ қан шыққан жері көрінбейді.

Нақ осы жерде жеңгем қайта сөйлеп кетті. Аузында бұлтаңдап әлі де бірдеме жүр.

— Немене, бәрін өздерің киіп,— деп келген әйелге ажырая қарады. Ол жеңгемнен қысылмады. Алдымен сықылықтап күліп алып барып сөйледі:

— Менің ойлағаным сенің қамың ғой. Нағып құлқын сәріден жүр ден ең. Одан да әкелші алдыңдағы конфетіңнен.— Әйел қайта сықылықтады. Қалай күлкісі келеді екен. Күлетін тіпті ештеме де жоқ. Әлде мені келекелеп тур ма деп қысылып барамын.

— Алдымен әкелгеніңді көрсет, конфетті сонан соң,— деді жеңгем, аузы бұл жолы босаса керек, сөзді бұзбай сөйлеп.

Біздің жеңгеймен келген жеңгейдің көйлегінен айнымайтын сары ала .қапшықтың аузы ашылды. Бір қызығы осы қапшық та жеңгем сияқты бұдыр-бұдыр болып кеткен екен. Қай бүйірінде не жатқанын кім білсін, әйтеуір алдымен бір езуінен жылан қабығы түстес қара ала шұлық ирелеңдеп, шұбырып шығып келе жатты. Оны тартып шығарып жатқан әйелдің аузына жеңгем өз аузындағы конфеттің қалғанын, сілемей-сілемей қалпымен алып тығып жіберді:

— Тула тенін тазмедің,— деді енді келген жеңгей конфеттен босамаған тілі оралымға келмей. Ол айтқан сөзге түсінбей барып, соңынан білдім. «Тура сенің размерің» дегені екен. Оның көмейіне жеңгей және бір конфет тастап жіберді. Оның ашқан ауызы маған шамадан тыс үлкендеу көрінеді. Конфеттен гөрі үлкенірек нәрсе сұрап тұрғандай. Ол қапшықтың тағы бір қуысынан үлдірек әйелдер кеудешесін шығарды. Біздің жеңгей күлмеңдеп барады. Сары ала көйлектің қалтасына бырбық саусақтарды сүңгітіп жіберіп бір уыс конфетті алып енді өз аузына ұрып жіберді:

— Тады нен бад?— деді ол келген жуандау жеңгейге. Сөйтті де оның аузына өз қолымен қайта конфет салды.

Ал келген әйел қолын қайта қапшыққа тықты. Алтын жүзіктерге толы бырбық саусақтары қапшық ішін шарлап жөнелді.

— Пыда бід дәдте бад еді!— деді ол конфетпен қоса тілін шайнап. Жеңгейдің бырбық саусақтары сары ала көйлектің қалтасына қайта түсіп шығып, бір уыс конфетті ауызға жеткізді.

— Адам!—деді жеңгей әлдеқандай тоқыманы көріп. Мен оның «алам» деген сөз екенін бірден білдім. Өйткені оның шарасы кең көздері жайнап сала берді. Жеңгей алған дүниесін көріп отырғанда «ақсасын кедін» деп аузын бұлталандатып келген әйел шыға жөнелді. Аяғына көзім қайта түсті. Жаңағы шұбар жылан арбап болып, қайқаңдап шығып бара жатқандай.

Мұндай жомарт жанды білмеуге қалай дәтің барады. Ол шыға бере-ақ жеңгейге қарадым:

— Бұл кім?

— Дәдияны айтатын ба?—деді ол. Әлі аузы босамаған екен. Ер болсаң түсініп көр. Шәлия ма, әлде Мәдия мә? Не болса ол болсын «ия» ден салдым.

— Тадыс сатуты, деді ол жұтынып. Түсінікті...

Сонымен далаға шықтық. Жеңгейдің аяғы да өзгеріп қалыпты. Жаңағы жылан қабық бұл аяққа да жармасыпты. Бұж-бұж денеге шұп-шұбар шұлық... Жыртық ерінге кетік тостаған сияқты болды. Мен бұрынғымша артында келемін. Ол анда-санда артына бір қарап қояды. Әлі аузы бұлталаңдап барады. Аузындағы конфеттер оның әр жеріне барып біте қалып жатқандай, буылтық көбейіп көрінеді. Ол бұрылатын жерге келіп артына қарады. Оның көлеңкесіндей болып, өкшелеп мен келемін. Жеңгей қатты есінеді.

— Ұйқым қанбай қалыпты,— деді. «Аз ұйықтадың ғой» дей жаздап қалдым. Өмір-бақи тілімнен таяқ жеп келе жатқаным есіме түсе кетті. Айтпағаным қандай жақсы болды. Ашылмас тұманға жолығып жыным бар ма! «Інің адам сыйлауды білмейді» деп тағы да пәлеге ұрындырады ғой.

Жолдан өте бергенімізде еңгезердей біреу: «Сәлематсыз ба?» деп гүр ете қалды. Көзінде мүйіз қара көзілдірік. Тани алмадым. Адамның бар қадір-қасиеті, бар нұры көзінде екенін осы жерде бірінші рет аңғардым. Егер көзін көлегейлесең-ақ адамды бірінен бірін айырып болмайды. Шамасы бір профессор шығар. Біздің жеңгей тегін сөйлеседі дейсіз бе? Қара көзілдіріктімен жеңгей сыбыр-сыбыр, жыбыр-жыбыр ұзақ сөйлесті. Арасында әйтеуір әуейі болғандар оңаша кездескенде бола беретін ыржалақ күлкі жоқ. Байқаймын, онысына қарағанда әңгіме аса мәнді болса керек. Олай болғанда мен не істей алмақпын. Аты-жөні жоқ қара көзілдіріктімен төбелесе кетпекпін бе. Ішімнен тынып жүре берер едім ғой. Бір кезде «кеттік» деді жеңгей маған қарап. Қара көзілдірікті алға түсті. Кепкен көшеде шұбап жүріп келеміз. Кәдімгі жалғыз аяқ жолмен келе жатқандаймыз. Мен болсам Зағипамен бастан қатарласпайтын адам. Ал мынанікі не?

Қара көзілдірікті оң жақтағы жасыл қақпаға қалт бұрылды. Буынтық-буынтық жеңгем де сап-сары ала болып жалт етті. Мен қалайын ба, бұлт ете түстім. Кіре берістегі бір жер астындағы есікке түстік. Нақ осы жерде қара көзілдірікті артына бұрылып күңк етті. Жеңгем маған қарады.

— Қал Осы жерде!— Қаққан қазықтай қатып қалдым. Жеңгемнің даусының бұйрықты шыққаны сонша кеңкиіп тұра бердім. Олар неге кетті, мен неге қалдым дегенді де ойлауға шамам келмеді. Бір кездері «ал мынаны» деген сөзді естіп селк ете түстім. Бір бума зілдей бірдеме. Көтере жөнелдім. Екеуміз кеттік. Өзінен-өзі түсінікті болғандықтан қара көзілдіріктіні іздегенім жоқ. Басқа жаққа бұрылмай үйге тура тарттық.

Міне, көрін отырсыздар, менің жеңгем сайрандап жүр. Үйге келген соң ағамды адам қылған жеңгемнің өзі екенін оның сөзінен білдім. Ол «сенің ағаң кеңсенің жұмысынан басқа не білуші еді, бәрін, үйді құрап отырған өзім» деп маған ұзақ-ұзақ әңгіме айтты. Кім біледі, рас та шығар.

Осы заманның жеңгесі. Телефон шыр ете қалды. Қап. пәле болмаса игі еді деп мен отырмын.

— Алло, мен өзім. Аман, қанша?—дейді жеңгем.— Қайным. Әрине, басқаға сенемін бе? Жарайды, қазір.

— Кеттік,— деді жеңгем бұрылып.

— Тағы қайда?

Сары ала көйлек есікке беттеді. Бұл жолы көбелек сияқты көрінеді. Көбелек деген де көп нәрсе. Сырты жақсы болғанмен іші жаманы аз дейсің бе, оның?..

Баратын жеріміз жақын болды. Көшені кесіп өтіп арғы бетте тұрған «Азық-түлік» магазинінің үстіндегі бір үйге кірдік. Магазиннің үстінде тұрғандықтан ба, әлде жасауы тым айғайлап тұр ма, осы бір үй маған тура магазиндей көрінді. Үй-ішінде орындықтан басқа жерде орын жоқ. Жалтырауық столдың үсті жабылып арақ-шарапқа толып тұр. Есік ашқан адам жеңгейді асқан құрметпен қабылдады. Ол босағаға тоқтамай төрге бір-ақ шықты. Мен атқосшы ретінде есік жақтан орын алдым. Таудай жеңгемнің жанында төбешіктей болып отырғанымның өзі қандай оғаш көрінер еді. Жеңгем бәйгеден келген аттай жайнаңдап кеткен. Үй-іші оған бәйек болып жатыр. Отырар-отырмастан ыстық қуырдақ буы бұрқырап келіп қалды. Таңертеңнен бері сандалудан қолы тимеген мен байқұстың мұрнын қуырдақтан шыққан қара бұрыш иісі қытықтап екі рет түшкіріп қалдым. Үй иесі инеліктей қатқан қара келіншек мені көзімен атып барады. Шамасы танитын адам сияқты. Мен көңіл аудармауға тырыстым. Алдыма салып берген қуырдақты жей бердім. Бірақ, атауымды жегендеймін. Олар мені тіпті керек те қылмады.

Жеңгей, сіздің ден саулығыңызға — деп қара келіншек рюмка толы шарапты көтеріп тастады. Өз денсаулығы үшін ішпей жеңгемді ауру деп пе едіңіз, ол да қағып салды. Екінші тосты жеңгей көтерді:

— Дәметтің ден саулығы үшін!— Е, мына әйелдің аты Дәмет екен ғой. Таныс ат. Әлде ол бізде істеді ме? Ия, ия осы сияқты біреу машинистка болып еді... Менің жеңгеме екі рюмка да үлкен жүк болды. Демнің арасында оның сөзі бұзылды:

Мынаның ағасы үйге қарамайды. Жұртпен тіл табатын, бәрін табатын өзім...

Дәмет бірер рет «сізді де, әсіресе, ағайды сыйлаймыз і ой» дегенді ескертпек болып еді, Зағипа оны тыңдамады. Даурығып кетті. Мен қыпылдап барамын. Кетуге асықтым,

— Мені сыйла, ағаңды мына мен...— деп Зағипа жұдырығын жұмып көрсетті. Ағайдың жаны Зағипаның жұдырығының ішінде қалғандай көрінді маған. Мен орнымнан тұра бастадым. Зағипа зекіп қала ма деп лып етіп отыра қалуға дайын тұр едім, жоқ ол бір тәуірі ештеме демеді. Менің ыңғайымды көрген Дәмет бір торға төрт шөлмек коньяк салып әкелді. Зағипа орнынан тез тұрды. Сары ала көйлектің қалтасынан коньяктің ақшасын төледі.

— Төртеуі не болады,— деді Зағипа.

— Тағы әкеліп қоярмын,— деді Дәмет. Бәрі түсінікті. Meн коньякті үн-түнсіз көтере жөнелдім. Артыма қарағанымда Дәмет мені көзімен атып тұрғанын байқадым. Ал шыға бергенде ол «газетчикке» деген сөзін құлағым шалып қалды. Одан кейін:

— Ол менің қайным ғой,— деп даурығып жатқан буыны босап қалған жеңгемнің күрмелген сөзін шала естідім.

Зағипаны есіктен кіргізе салып, үйге тарттым. Діңкелеп келіп құладым. Бірақ қанша шаршасам да жылан қабық шұлық көзілдірікті дәу, Дәмет көз алдыма елестеп ояна бердім. Көзімді жұма берсем-ақ олар ағайды буындырмақ болып келе жатады...

...Таңертең келіншегім екеуміз қызметке бірге шықтық. Трамвай аялдамасында әйеліммен қырықпа шаш, көрме қас біреу ескі тапысындай жалпылдасып жатты. Трамвайға отырған соң:

— Жаңағың кім?— деймін оған.

— Жеңгейдің танысы ғой,— дейді ол.

— Сатушы шығар.

— Ия, сатушы. Қайдан білдің?— әйелім мені бір сәуегейлікпен білді десе керек.

— Жеңгейдің танысы болған соң...— дей салдым мен.

1967


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз