Өлең, жыр, ақындар

Қызыл бұзау

Оқудың да оқуы бар, бәрі де он бес жыл оқығанымен, менің оқуыма жететін ештеме жоқ деген ой көңілімді көкке көтеріп жіберген жайы бар. «Дүниедегі журналист те,, жазушы да өзім ғана!»—деп нейлон жейденің ішіне сыймай барамын. Әлі тірі болып қызметке бара қалсам шығарма дегеніңнің қанын ағызып, терін сорғалатқанды көрсететін мына көкетайың болар. Етім мен терімнің арасына кіріп алған бір мақтанқұмарлық минут өткен сайын желпінтіп, желбуаздандырып алып барады. Автобустан түскеннен билеп алған осындай бір желік нағашым үйіне қалай келгенімді де білгізбеді.

«Менің болыс болғанымды. қайын-жұртым естіді ме екен?» деген екен бір ұртыкебер, дәңкеуде күйеу. Сол айтқандай ертең қатырма қағаз алған соң қатып шыға келетінін жиенім нағашым да бір білсінші, көрсінші деп іздеп келген едім. Кім біледі, ертең қызметке араласып, алпыс апа, жетпіс жездем болған кезде нағашы, жиен деп қалтамдағы дипломмен ондай шылыққа жол беріп жүре алармын ба, келешекте болатын қайын-қайынаға болмаса, бұрынғылардың бәріне шекемнен қарап, «қайда көрдім» деп өтіп кетпеймін бе? Құдайға шүкір, бір кісінің мұрынындай мұрын бар, танауды бір көтеріп жібергенде арғы жағында шүйкедей Шіңкілдек түгіл, таудай Қажымұқаның тұрса көрермін бе, екпінім үй жыққандай болып өтіп жүре бермеймін бе!?

Айтқандай, әлгі бұзауымды қалай алып қайтар екенмін, ендігі мүйізі де шығып, мал кейпіне келіп те қалған болар. Қыста курсты бітірдім, диплом қорғау ғана қалды деп келгенімде нағашым (шешемнің ағасы) осы бұзауды беріп еді.

— Оқу бітірген екенсің, жиен,— деген ол,— бізден бір бұзау ал, қызыл бұзау.

Әрине журналист мамандығы ауылда бола бермейді, малдана алармын ба, мен ол қызыл бұзауды. Қызыл бұзауды бұлақтай қызыл сиыр етіп, айранын ұрттап-ақ отырар едім, а мал нешік. Әлде осы жерде құдай жарылқап, мал құмар біреу табыла кетсе сатып кетсем бе екен. Сөйтіп мына бір тұрған магазиннен костюм сатып киіп, шікірейіп қалаға бір-ақ тартсам қалай? Бір жаманы бұл ауылдық жерде мал арзан ғой, қызыл бұзауым көзінен қызыл қанды жасы ағып арзанға жылап кетеді-ау, ә! Не де болса жүк таксиін жалдап қалаға-ақ алып кетейін. Әлгі бұзаудың жылы жұмсағынан тамақ пісіретін «Ауыл» ресторанына өткізіп, өзім де қуырдағына бір тойып, бүйірімді бір шығарып алайын. «Кедейдің бір тойғаны шала байығаны!» Жоқ мен қызыл бұзауымды сатқан соң кәдімгідей шыр жинап қаламын ғой. Бір бұзаудың бағасына, әсіресе қызыл бұзаудың бағасына қалтам тоймағанымен нағашыма риза болған көңілім толмай ма, оның үстіне бұзаудың түр-түсіне олар бірдеме қосып төлемей ме. Өйткені нағашым қызыл екендігіне салмақ сала айтқан еді ғой. Тым әдемі, көркем қызыл болмаса, сонша бұлдап айтар ма еді, ол кісі.

Ә пәлем, әлгі ауылынан жырақ, нағашы түгіл жиені, жиені тұрған жиеншары да жоқ, Құрманбайға құдайдың көзінен түскендей қызыл бұзауды сатқанымды көрсетіп, көзін ботаның өрістігіндей қызартайын. Сонда ол Құрманбай ғана ма, Құрықбай, Сырықбайдың бәрі «Сиыр сатқанда сыра ішкізбеймісің» деп артымнан кекіліктің балапанындай шұбырып жүрсін...

Қызыл бұзау беретін, мені ғайыптан жарылқайтын қызыр — нағашымның үйіне кіріп келдім. Нағашым жоқ екен, табиғатынан мойнының бір омыртқасы кем жаратылған нағашы шешем қарсы алды. Әбден жалап жаман үйреткен еріні құрғап кеберсіп бара жатқандықтан ол тілімен оны бір сусындатып тастап, амандық сұрады.

— Әлгіні көрсең бітті ме?—деді шешем менің бар ауыртпалығымды жалғыз көтеріп жүргендей күрсініп. «Сақау баланың тілін шешесі біледі». Нағашы шешемнің не айтып тұрғанын бірден-ақ түсіне кеттім.

— Бітірдім, апа!—деймін мен.

— Енді қайда жұмыс істемексің? Шопыр боласың ба, әлде дүкенші боласың ба?— Нағашы шешем үшін қыдыратын жеріне апарып келе салатын, керегінде әшмошке-тәшмөшкелеп шайын ала салатын осы екеуінен жоғары мансап та, қызмет те жоқ екенін ұқтым. Бағанағы көңілім су сепкендей басылып, бір сәт қалтамды қампайтып, қадірімді арттырар қызыл бұзауды да ұмыттым. Солай болмағанда қайтейін, он бес жылғы оқуым бір тәшмошке шай бере алмайтын болған соң көңілің қалай қабаржымасын.

— Өзіңнің оқуын қандай еді,— деді шешем сары жалақ ерінін бір жалап алып.— Әлгі шотты қаға білетін бе едің? Дүкен ұстауға жарар ма екен деп жатқаным ғой, әншейін. Жұрттың жекжат-жұратының бәрі әйтеуір дүкенші, не шопыр болып шыға келеді. Бізге ондай бұйырмай-ақ қойды.

— Апа-ау...

— Жұрт бес-алты ай оқып-ақ шопыр, не дүкенші бола салады. Құдай ми бермеген сен соны бес жыл сүйредің ғой. Енді не істейсің?

— Газет шығарамын.

— Газет шығарамын?— Ол жалма-жан анау бұрышта тұрған нағашы шешемнің өзіне ұқсас тапалтақ қазақ столды дөңгелетіп әкеліп, ортаға тарс еткізіп қоя салды. Столдың бірнеше шегесі сояудай-сояудай болып көтеріліп тұр. Содан да болар, тақтайлары да атжал қалдырып жыртқан егістіктей ойқыш-ойқыш. Шешем мен «газет шығарамын» дегенде ерегісіп кетті ме, тердің алдында" шашылып жатқан қағаз ішінен «Жарқын жол» деген аудандық газетті алып, столдың үстіне төсей бастады. Оны қат-қабатын жазу үшін оны-мұны сезе қоймайтын, күстеніп мүйізденген алақанымен бір-екі ысып-ысып жібергенде тапалтақ столдың босаған шегелері газетті тесіп-тесіп шықты. «Мені қайтсең жасырасың» деп ерегіскендей. Бағанадан бері столдың әлде бояуынан, әлде кірінен көрінбей тұрған шегенің қалпақтары газетті жарып бергі жағына шыққан соң, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қалпиып-қалпиып қалды. Мұның бәрі де менің жүрегімді тесіп шығып, енді қайта қадалып тұрғандай болды.

— Газет-пәзетіңді қайтесің, егер қолыңнан келсе осы ауылға дүкенші болып келмеймісің?

Не десем екен, тіпті бірдеме деудің өзі қиын, бұл кісіге. Дүниеде шофер мен дүкеншіден басқа мамандықтың керегі жоқ сияқты. Тіпті бұрынырақта «жұрт қорқатын милиционер болсаң етті» дейді екен кемпірлер. Енді милиционер боламын десем де бұл кісінің құлағына кіретін емес.

— Апа-ау, оқығаным сол газеттің оқуы.

Бұдан кейін шешем тіл-аузынан айрылғандай маған сөйлеуді қойды. Сөйлеу емес менің дүниеде барым да, өзімен бірге газеттің үстіне шашып тастаған шибауырсақты жеп, шай ішіп отырғанымды да ұмытып кеткендей. Менің екі-үш кесе шай ішуім ол кісіге екі-үш жылға созылғандай шыдамсызданып, дегбірі кетіп отырғанын байқадым. Қарным ашқан байғұс бауырсақты ойсыратып-ақ жіберер едім, амал не. Менің қолым бауырсаққа барған сайын шешемнің көзі үйге кірген ұрының көзіндей тоқтамайды, менің қолыммен бірге дастарқанның бетін аралап жүгіріп отырады. «Бір тәшмешке шай бере алмайтын неменің нан жесіне қара» дегендей. Құлқыным құрып, араным ашылын тұрса да, әлі тоймасам да шайды доғардым. Шешемнің күткені де осы болуы керек. Дастарқанды көз ілескенше жинап әкетті де, дөңгелек столды қабырғаға сүйей салды. Дүниеде менің барымды енді көргендей ғана бір сөз айтты:

— Бұйымтайыңды айт!— Ішеріңді ішіп болдың ғой, ендігі отырысың не, есегіңді суғармаймысың деп отыр. Шешем шыдамаса піскен шиқандай жарылып кетсін, мен есегімді суғара алмаймын. Өйткені нағашымды келгенше күтіп, қалтамды қампайтып, бүйірімді шығарар қызыл бұзауымды алып кетпеймін бе?

— Нағашым бұзау беремін деген. Соны алып кетпек едім.

— Е, беремін десе берер,— деп алды да, нағашы шешем маған қарап қой көзін алаң еткізді. Түрі бұзылып қайта сөйледі.— Ау, қайдағы бұзау.— Жасымнан жетім өскен, жұрттың ішкі пікіріне үңіліп, қабағын аңдып үйренген менің ойыма да бір арамдық кіре кетті. Менен сары су ас-шайды, бес-алты бауырсақты аяп отырған кісі бұзауды қиып ақылынан адасып па деймін ішімнен.

— Осы үйдегі шығар.

— Бұзауың туған жоқ қой, әлі.

Тумаса туады-дағы. Қалаға алып барған соң туса бұзаулы сиыр етіп тұрып бұлдамаймын ба? Бірден екі қаралы болып шыға келейін деп тұрмын-ау, ә! Менің нағашым да кісі-ақ, жетім жүріп қиындық көріп өскен мені енді адам болар кезде бір демеп жібермек қой. Түйеге «әйт, шу!» деген де сеп! Оның кейін «Оқу бітіргеніне екі қара бергенмін» деуіне де жақсы. Иә, айтқандай осы қазақтың балаларға ен салып, бәсіре етіп, не еншіге бөліп берген төлді атан болып, ат болып кеткенде де «Алданның бұзауы», «Тәкештің ботасы» дей беретіні несі екен? Әлде балаларға қарап оларға тиісті малды да еркелеткені ме екен? Әйтпесе менің бұзаулағалы отырған сиырымды «Балбақтың қызыл бұзауы» дегені не? Ия екі бірдей мал сатқан соң әжептәуір қоңданып, тіпті үстіме үй, бауырыма қазан бітіп қалмас па!? Отаулы болуға да осы пұл септігін тигізер.

Осы бір тәтті ойымды даладан сөйлеп кірген нағашымның даусы үзіп жіберді.

— Әлгі бес жыл сөз оқыған батыр қайда?

Нағашым екеуміз әңгімелесіп отырдық. Шешем де тырп етпей отыр, ернін жалап қояды.

Аудандық газетке келесін ә? Сен маған мына біздің ауылдың дүкеншілерін бір тәртіпке салып берші. Аққұйрық шай аузымызға тиюді қойды. Әлгі Қоңқабайдың қорлығы өтіп жүр. Дүкенге түскен жақсыны жақындарына ғана жасырып береді.

Нақ осы жерде'мені жана көргендей нағашы шешем тесіле бір қарап, ернін жалап-жалап алды.

Дүкеншіні тәртіпке салады?! Оу, мен қазанға тамақ салмай неғып отырмын?!—Шешем ернін бір жалап алып бүгежектеп сыртқа жүгіре жөнелді...

Таңертең кетпек болдым.

— Бұйымтайың бар ма жиен?—деп сұрады нағашым.

— Әлгі бұзауымды әкетейін деп келіп едім.

— Сиыр бұзаулаған жоқ қой, желіндеп жүр.

— Қызыл бұзау ал деп түріне дейін айтқан өзіңіз едіңіз ғой.

— Ойбай-ау, мынау бес жылдан бері оқып жүр десем, мені қызыл сөзбен риза етіп жүр екен ғой.

Қызыл сөз!.. Қызыл бұзау... Қап! Құдекең абұйыр бермегенде осылай болады. Қап! Не дерімді білмей үйден ата жөнелдім. Ендігі қызыл бұзау, қызыл сиыр да болған шығар. Нағашыма баруға бет жоқ. Бұл кезде қызыл бұзау да қызыл сөз болып қалып барады...

1978


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз