— Әлгі арамқатқыр Сары атан әлі жоқ. Ол да бір Қарынбайдың малы болды ғой,— деп Сәлиман шошайта тіккен төрт қанат үйден сыртқа шықты,— Құдай жалғыз бота беріп, оның ернін жырық қылып берді дегендей, мынау Сары атан ауыл көрмегелі айдап асты. Алтыға келсе де бас білмейді, пайдасыз мал болды.
Бұл Қарадырды жайлаған Қызыл Оспан ауылының шаруасы — Нақабайдың әйелі еді. Сәлиманның бұл сөзді айтуы бір бұл емес, оны күнде қайталайды. Нақабай оны күнде естиді. Сәлиман еріне туралап жеткізе алмайды да, өзінен өзі сөйлеген болып жүріп, Сары атанның ішін кептіреді. Шынында оның ішін кептіргісі келетіні Нақабай, бірақ айтуға жеңіл болған соң ба, әлде ескі ауылдың етек бастылығы жібермей ме, Сары атанның естімейтінін біле ме, күнде бір қарғыстап қояды.
— Ақ шелегің түскір! Арамқатқыр!
Бұл қарғыстан Сары атанға да пәле келіп жатқан жоқ. Тек Сәлиманды көрші-қолаң «тағы Сары атан ба?» деп келемеждеп қояды...
Сары атан туралы Нақабайдың ойы мүлдем бөлек. Өзі-өзі болғалы, Сәлиман екеуі шаңырақ көтеріп, түтін түтеткелі есігіне біткен бұл жалғыз түйе. Бірер жылқы, тоқты-торым болса, әйтеуір бұрыннан бар есепті. Ал Сары атан Нақабай мен Сәлиман үлкен үйден бөлініп шаңырақ көтергеннен бір жылдан кейін туған бота еді. «Отауларыңды артарсыңдар» деп бұл ботаға үлкен үйі ен салып, Нақабайдың бәсіресі атандырып еді. Нақабайдың ойынша Сары атан біткелі бұл үйдің күбісінен көжесі, қазанынан асы кетіп көрген жоқ. Шәугімің шайлы болсын, қазаның майлы болсын деген бата тап келгендей. Он шақты тұяқ — маңыраған қозы-лақтың даусы бұл отаудан да шығады. Өзі теңдес кедей-кепшік болса да, есігіне екі кісі, төріне төрт кісі отырмаған деп ешкім айта алмайтындай келіп тұрады. Нақабайдың өзі айранын ұрттап, қойын құрттап жұрт қатарлы шаруасымен айналысады. «Құдайдың берген екі-үш күшігі аман болса деп қойып, басқаның қиярын қылап жүре береді. Ал Сары атан... Сары атан біреуге зияны тиіп жатқан жоқ. Қысы-жазы бірдей жайылымда. Ал Сәлиманның айта беретіні ел көшкенде басқаға қарап, көзін сатып, телміріп отыратыны. Ел үдере көшкен кездері Нақабайдың өзі де «қап Сары атанды бас білгізбесем бе!?» дейді де, жаңа жұртқа ілдалдалап кешіп алған соң, бәрін ұмытып, Сәлиманмен басқаша сөйлеседі:
— Кішкене қоя тұралық та. Артылмай қалып жатқан жүгіміз жоқ қой, Сәлимаш.— Сәлимаш дегенді естігенде, ондай сөзді жиі айта бермейтіндіктен бе, ол да еріп кетеді де, «жолбарыс жарып кетпесе жүре берсін» деп бірнеше күнге дейін Сары атан әңгімесін ұмытады. Сәлиманның соңғы күндері Сары атанды аузынан тастамайтын болып кеткені оны бір ел қатары жүгін артып, үстіне кілемін жауып жүруден туған жоқты. Биыл ел дала жайлап қалғалы бері бір жарым айдай мерзім өтсе де, Сары атан елдің түйесі сияқты ауылға бір соқпады. Тіпті «келенің ішінде жоқ» деп түйе қарағандар да мыңқ етумен тынады. Жүгін артып, жұмсап пайдасын көрмегенмен «менікі деген басын ұстайды» дегендей маң-маң басып, маңқиып бір көрініп кеткені де Сәлиманға дәтке қуат.
Тіпті Сары атанды Нақабай үйретпейін деген де жоқ. Оны «малын көзіне сүрткен» деп жұрттың айтатынындай ойы да болмаған-ды. Сары атан тайлақ күнінде екі өркешіне бір өрелі киізді қомдап жібергеннен кейін ұстатпай-ақ қойды. Әдетте түйе жуас жануар. Тайлаққа бір шом салып өзін бір көш жіберсең болды. Арнап үйретудің керегі болмаушы еді. Ал Сары атан киіз қомдаған соң тіпті ұстатуды қойды. «Жуас мал болғандықтан ба, қазақ қашаған, асау түйені ұстаудың жөнін ойластырмапты. Түйеден Сары атан сияқты бұзақы мал шығады демесе керек. Егер Сары атанның орнында бір Сары ат болсын ше, бұғалық тастап, баяғыда-ақ буындырып жықсын. «Тайында тарта мін, құнанында құрта мін...» деп әлдеқашан есектей бас білгізіп алсын. Сонымен Сары атанның асаулығы бұл ауылға кейде сары поле сияқты болып та көрінетін. Тіпті үлкен үйдегі Дәркен әжей жағасын ұстап:
— О, сұмдық-ай, мұның өзі біздің ауылға бітпеген мал болды. Үш көк, үш тегімде жоқ пәле ғой, бұл. Біздің ауылдан мынадай мал шығуы заманның бұзыларына көрініп тұр ғой,— деп тамсанып-тамсанып қояды.
Ал таяудағы екі-үш күнде Нақабайға бір желік пайда болып, «ойбай, Сары атанды айдап әкеліп үйретпеске не» деген еді. Бірақ алғашқы екі күнде оны таба алмады да, соңғы күні Топар бойындағы бір қолатта тал ішінде жалғыз жүр екен дегенді біреуден естіп қана қайтты. Көрген біреулер қайтармақ болғанда Сары атан тайрақтап жолбарыстарға қарай шығып кетіпті. Мұны естіген жұрт «мынау тегі түйеде болмаған сұмдық» десіп таңданысып жүрді. Сөйтіп Нақабай өзі жалғыз түйе, буыны бекіп, бұғанасы қатсын, нар жолында жүк қалмас болсын, қайда кетер дейсің деп жүргенінде Сары атан бір қайырсыз мал болып барады...
* * *
Сары атанның да өз есебі бар. Бір үйдің маңдайына біткен жалғыз түйесі. Бота күнінен басына үкі тағып бұлғақтатып өсірді. Тұзды да басқа үйлердің түйесінен, өзі қатарлы ботасынан артық жалады. Бота күнінде ойнап, үйдің еркесі — Ермекті тізесімен қағып жіберіп, төсіне баспақ болғанда да бұған ешкім бір таяқ салған жоқ. Тентектерге берілетін сыбаға буған тимеді. Қыл бұрау салмады. Ермек екі күн ессіз жатып басын көтерді. Сонда үлкен үйдегі Дәркен әже «Ермектен үш айналдырып сойып тасташы, жәукен алғырды» деп ұрсып еді, сондағы қорыққаны әлі есінен кетпейді. Ол кезде оны союға болмайтын еді ғой. Көкбақадай тырбиған ботаның cop татыған боршасына кім құштар болып тұр. Онсыз да үлкен үйде сойылып жататын қойдың етіне тойған ерсілер қымыздың желігімен пышақ жұмсамаса, ботаның сірнесін не қылсын. Дегенмен сол күні адуын шеше айтқанынан қайтпай қойып, бұл кірерге көр таппай қазықта тұрып боздай берді, тіпті шын жылап, екі көзінен жасы да парлап кетіп еді. Оны ауыл адамдарының көбі Ермекті шақырып жылап тур деп ұқты. Тек сол күні кеш алдында далаға шыққан үлкен үйдегі ата: «Анау Нақабайдың ботасын нағып ашықтырып байлап қойғансыңдар, жібер әрі» дегенде барып көңілі орнына түсті. Келіп мұнын, ноқтасын басына Нақабай түрді.
Өзінің иесі Нақабай оны қазықтан босатқанмен сол сәттен бастап Сары атан оны жек көрді. Кешке дейін жанына бір келмей қойып еді. Сонда Нақабай да әжеден қорқып өз жанын күйттеді. Мұны қазықтан босатпақ түгіл, осы тұсты маңайлай алмады. Адуын әженің алдында құрдай жорғалап жоғалды.
Содан тайлақ болғанда алдап, түз беріп тұрып ұстап алып, арқасына шөп салғанын қайтерсің. Басқа түйеден онда мұнын не айырмасы болмақ? Анау Ермекті жорға мінгізіп тұрып, бұлаңдатып қоя берді. Күнде той, күнде думан, үнемі сәукім салумен жүреді. Қолында ай сайын жаңа домбыра. Ал Ермекке алғаш домбыра ұстатқанда мұның мойнына қоңырау байлап еді, ол даңғырлақтың бауы үзіліп қай жерде түсіп қалғанын да ешкім білмеді. Бұның бота балалығы сол қоңыраумен бірге кеткендей болды. Сөйтіп шом салып, сонан соң анау көп түйелер сияқты мұрнын тесіп, одан әне бір мұрындық деген ағаштан жонған пәлені көлденең өткізбек. Оны тарта-тарта бір сәтсіз күні мұрнын жырып, сәңкитіп пұшық атандырмақ. Оған бұл қалай көне алмақ? Атасы түйе жақсы момын жандар еді деп алып, бар пәлені үстіне артпақ.
Егер адамға кызмет еткен түйені сыйласа онда анау Алыпатанды неге төбесіне көтермейді. Бүкіл бір ауыл өрбіп шыққан үлкен үйдің шаңырағын соған бастырып артады. Оның момындығын пайдаланып бала да, шаға да ұстап мініп кетіп бара жатқанын көрмеген кім бар дейсіз. Қашпайды, жуас деп Алыпатанға қатындар да құмар. Екі қатын тезек терсе де соны жетелей жөнеледі. Көрші ауылға қыдырғысы келсе де екі үш қатын соған мінгесіп алып тартады. Әсіресе, бір ауылдың бар үйіне сонымен көң тартатынын қайтерсің. Сол болмаса бір ауылдың түтіні түтемей іргесінен жылтылдап оты көрінбей қалар ма еді, қайтер еді. Осынша жұмыс істегеніне қарай оны бір жақсылап оттатпайды да. «Ертең таңнан тұрып отынға баратын едік» деп бір қатын жетектей келіп қызыл іңірден үйінің жанына шөгереді. Арқан деген бір пәлесі бар бұлардың. Анау қыл-құйрық оңбағандар жүйрік болғансып, адамға әбден жағынып, жал-құйрығына дейін күзеттіріп тұрады. Оның құйрығын, жалын сыпырып алып, түйені мәңгі-бақи шырмайды. Алыпатан да бір өлік, қатындар сол арқанмен «тіздейміз» деп келгенде шегіп, бүктеулі жатқан аяғын жаза алмастай етіп байлаттырып қояды, Одан өздері келіп шешкенше тұра алмай жатады. Алыпатандардың өздеріне де обал жоқ. Өйткені отқа қойған заманда зытып жоғалмай, сол адам қарасынан алыстамай, шамалы ғана ауыл төңірегіндегі алаботаның басын шалып, салп етек, салақ қатындардың жерошақтан ұзатпай төккен күліне келіп аунап жатады. Сорлы-ақ емес пе?
Сары атан қайтадан өз жайына ойысып кетті. Ия, бәрінен әлгі соңғы бір көрсеткен қорлығын айтсайшы. Әп-әжептеуір түйе санатына жетіп, аузынан жынын төгіп, түйе тіс дейтін үлкен тістерін шиқылдатып қайрап, арты шөмейіп, қарақұсы өсіп, буыршын болып, жарап қалған еді бұл. Тайлақ қоспақтарға қырындап, қиқақ басып, мойнын өркешіне сақ-сақ соғып, құйрығын санына шарт-шарт ұрып, бура салтанатын құра бастағанда дегеніне жеткізбей құртқаны өтті ғой. Ұстатайын деп пе еді бұл? Тар қораға қамап бәрі жабылды да алып ұрды. Сөйтіп етінен ет кесіп алғанын қалай ұмытпақ. «Қанды бұт» атандырғанын қайтерсің. Әйтпесе осы кезде сары бура атанбас па еді, атағы елге жайылып, інген атаулыны бық дегенде жерге қорқытып қысты күндері жарағанда тебе басында әліптей болып, шаншылып тұрмас па еді. Ал өз иесі Нақабай болып бұл адамдар мұны біржола жұмысқа көндіктіріп алмақ болды.
Ол қайтадан жалпы түйе тағдырына ой жіберді.
Түйенің өздерінде де бар. Енді осы кезде әлдеқандай темірден жасалған бұқаға жол салу үшін кетіп жатқанына қалай күймес. Әнеугі күні Алыпатанмен боздаса кеткенде «өз жүгімізді, болашақ түйе ұрпағының жүгін жеңілдету үшін темір жол — «Турксибті» саламыз. Бұл біздің ойсыл қара тұқымының енді ауыр жүктен азат болуының алғашқы жолы» дейді. Түйе атаулыға қамқоршы сол кез келген қатынның малайы — Алыпатан болыпты. О, сорлы жырық ерін! Баяғыда ерігіп ел қыдырып екі қатын мінгесіп барғанда әлгі бір түйелі ауыл — Итаяқтың төрт көз сары иті астыңғы ернін жұлып алыпты. «Адам болмаса қайтер едім, киіз күйдіріп басып, жанымды алып қалды» деп екі аяқтыға табынғанын қайтерсің. Ал ол намыссыз неме әлгі бура бола алмай бұл сияқты атан болып. інген атаулының жүзіне қарай алмай қалғанын ойламайды да. Ал Сары атан болса «қанды бұттығын» сылтау етіп, ай бойы ауылға, інген түгіл түйе атаулыға жолай алмады,
Тіпті бұған қалай күймесін?! Адамдар өздері әлгі жаулық жамылған, түйе жұмсауға бір табан жақын, қатын дегендермен күнде бірге жатып алады да, ондай жылындағы бір ләззатты малдан аяйды. Бұл қандай әділетсіздік. Жаның бұған күйе ме, күймей ме? Адам адам деп жүріп тұқымы құрып бітетін болды бұл ойсыл-қараның. Тіпті мұның артын ойламауын қарашы. Әлгі қара бұқа жүретін темір жолды салып бітсе, сонда барлық түйе атаулы жүксіз қалса, онда не шекелері шылқып, не айдарынан жел есер дейсің. Ондай шақ бола қалса, жеті үй бірігіп құрбанға шалып, немесе қысқа соғымға сойып қазысын айналдыртып жүрер әлі. Онымен қоймай «әуедегі еттің сасығы-ай!» деп мысық айтпақшы, «түйенің еті сор татиды» дейтінін де естірсің.
Тіпті ойлай келсе бұларға намыстанбауға бола ма, сірә? Жақыны бәйгеге қосып, жал-құйрығын сүзіп, немесе шабандоздар мініп көкпарға салып, адымын ашып, қызығын көреді.
Ал сиыр екеш сиырды да қанша сүт береді екен деп, немесе қай ауылдың бұқасы күшті екен десіп адамдар күжілдесіп жатады. Тіпті батыс жақтағы бір елдің палуандары бұқамен күреседі екен. Басқасын қойшы, қол басындай құс-бөденені таластырып-шоқыстырып та қызығына батады. Ал түйе байқұстар болса ауыз-екі сөзде ғана, біреуді мақтағысы келсе «атан түйенің күші бар» деседі. Ал сол мол қайрат иесі түйе болса, оны неге бір сынап, сайыпкер қарап, сарапқа салып қызығын көрмейді бұл қазақ. Анау үлкен үйдегі тентегін қарашы. «Ермекте атан түйенің күші бар» дейді. Ал мұны неге Ермек сияқты еркелетіп, тойдан тойға жібермейді. Палуан екен, ол неге күш атасы түйеге мініп жүрмейді. Анау Сары үйсін Қали деген дәуі ат көтере алмаған соң жайлауға үнемі түйе мініп шығады екен десуші еді. Сол Қалиға-ақ бітпегенін қарашы. Араб, Парсы, Үнді елдері әскерлеріне түйе мінгізеді екен, содан олардың елдігі төмендеген жоқ қой. Оның үстіне он түйе жабылып бір жылқының жегенін жемейді. Яғни түйеге шығын аз. Оны неге ойламайды бұл қазақ.
Бәрінен мұны да басқа түйелер сияқты ауыл айналасында шаңдақта жатсын деуін көрдің бе?! Қарадырдың бұл шалмаған алаботасы, бұл иіскемеген татыраны қалды ма? Түйенің қара күші барын бұл адамдар тікен жегенінен-ақ білмей ме? Мықты болса басқа мал жеп көрсінші, ішін тесіп кетсін, Ал түйе Топар бойындағы жиденің басың шалса немене арам бола ма екен. Кешегі жерден мынау жер от екен. Тікенегі де, ащылау шөбі де көп, әрі шүйгін. Неше айтқанмен түйе өсірген ауылдың жері емес пе!? Осы адам сонша күші бар түйені қалай бағындырып алған. Момындығы-ау, байқұстардың. Жо-жоқ, өздігі болса керек-ті. Ал мұны енді адам бағындырып көрсін ше? Бірақ...
Бірақ әлгі кездейсоқ жыртқыш деген пәлелер бар емес пе? Осы кезде өзі тістеп тастап қасқырға жегізбес болып алды. Келеде жүргенде қыста екі қасқырды қара бура екеуінің шайнап тастағаны бар. Қасқыр дегенің аты болмаса, ол өзіміздің үйдегі иттеріміздің жабайы туысқандары көрінеді. Көкжал қасқырды түйе аранымен қауып алып лақтырғанда қайта тұра алмай сұлап қалмады ма? Сонан соң жалма-жан үстіне шөгіп қарақұсымен езіп тастады. Бірақ, кешегі бақырған пәле қандай болды екен? Жолбарыс деп неге сонша қоқитады оны. Апыр-ау, кеше ол бақырғанда мұның жанындағы түйелердің бәрі аттап баса алмай, зәрін жіберіп қойды-ау. Ал бұл болса күн күркіреген екен деді. Тіпті ап-ашық күнде қалай күн күркіреуші еді деп ойламапты да. Тек мал атаулының бәрі жанын шүберекке түйіп, пышаққа түсетіндей, қалшылдап кеткенде ғана барып бұл іш жиды. Артынша бір тана-бұқаның аспанға ұшқанын көрді. Жап-жазық бұл Қараойдың бетінде қырғауылдың ұшқаны да көрінеді. Дегенмен аспанға ұшқан тана-бұқа қырғауыл қанаты жетер биіктен гөрі жоғарырақ сияқты еді. Әлде бұл түйеден де дәу, керемет болды ма екен? Өйткені тана-бұқаны сол лақтырды деседі. Қанша күші бар екен, ол мықтымсынған неменің. Әлде қамыс арасына кіріп алып, өзімнен басқа мықты жоқ дейтін болар. «Келдібайдан қалған жалғыз жолбарыс» деседі адамдар. Шамасы осы Іле-Топар бойындағы елде Келдібай деген аңшы болса керек. Ол басқа анды місе тұтпай, өмір-бақи жолбарыспен алысып кеткен екен. Ал енді адамнан ондай Келдібайлар нағып тумай қалған. Әлде адамның да ұрпағы ұсақтап бара ма екен?! Мейлі қалай болса олай болсын, бұл енді Сары атан басымен адам алдында барып құлдық деп тұра алмақ емес. Монғолдың құмды, тасты қырқаларында түйе жабайы-ақ өсіп келе жатқан көрінеді. Шапқан аттың бірі де ол тайрақтағанда қарасын көрмейді екен. Ал бұл солардан кем бе екен. Жолбарысы болмақ түгіл несі болса да осы Өтеген құйылысынан кетпейді. «Жолбарысын да көріп алайын».
Сары атан Өтегеннің Ілеге құйылысы төңірегінде осылай еркін сайран салмақ болып, шөгіп, түнеп қалды.
* * *
Нақ осы бір түннің ертесіне Өтегеннің құйылысы төңірегінде, жыңғыл түбінде шекесінен жылу өтіп, ұйқысынан оянып, манаурап, көзін ашып-жұмып жалғыз жолбарыс та жатыр еді. Бұл ат оған жалғыз болғандықтан қойылмаса керек. Жолбарыстар жалғыз-жалғыз көрінгеннен солай атаса керек. Ол шақырайып, арқан бойы көтеріліп алған күнге сығырайып қарады. Содан кейін басын көтеріп, құйрығына маңғаздана бір көз тастады. Шұп-шұбар болып, өзіне лайық-ақ төгіліп жатыр. Бірер рет былғаңдатты. Әсем-ақ. Сонан соң жүрелеп жатып алдыңғы екі табанын жалай бастады. Табаны әлі тимепті. Ештеме де жұқпапты. Жүргенде жүрісін жанға сездірмейтін ең төменгі, тобықты буынды көбірек жалады. Осы буын ғой, бұған бәрін қолға түсіріп беретін. Жүгіргенде де, ұрғанда да осы буынның кызметі артық-ақ. Бірақ бір нашар жері осы буын батырлықтан гөрі ұрлықшылыққа икемді сияқты. Шын батыр, аң атаулының жылдамы — жолбарыстың да жүрісі нық, ешбір тірі жаннан қорықпайтын, батыл болғаны дұрыс емес пе? Ал мұның жүрісі ұрыға лайық, қорқақтап ақырын, абайлап басатындай. Бұл жағын ойлағанда Жалғыз жолбарыс бір сәт қабаржып қалды. Дегенмен жан сақтаудың бірден бір көзі — осы тобықты буынды көбірек сылады. Өйткені мұның күнінің өзі де осы буынға қарап бара жатқандай...
Екі алақанын әбден жалады. Сонан соң қай жерде азық бар екенін айта алмайтын, өмірі жемтіктің иісін білмей етіп бара жатқан танауын жұмсақ алақанымен салып-салып қалды. Алдыңғы аяғының тырнақтарын ішіне бүріп көрді, жерге басып қайта шығарды. Сояудай-сояудай болып-ақ тұр. Бірақ көбісі тоза бастапты. Бір майлы тамаққа түспегелі қашан. Өзенді, қамысты даланың тағысы, асыранды бордақысы — бір қабанды жарып тастап, майға батқанына да бір айдай болып барады. Бірақ мұның өзі жолбарыспын дегенімен табиғат бұған күшті, жылдамдықты беріпті де, тісті өзіне сай жасамапты, Қабанның аузын көргенде өз тісіне риза болмай қалды. «Шошқа тіс» деп нағып аң атаулы аңыз қылады десе, айтса айтқандай екен, қарш еткізіп мұның қара санына тұмсықты бір салып қалғанда шақ етіп сүйекке жетті ғой. Мұның да жетіскен жері жоқ, әйтеуір атадан келе жатқан мирас күшпен лақтырып ұрды, әйтпесе жаралап-ақ кетті. Өзі де майы кере қарыс екен, шылқа майға бір батты. Ол құрыштай тырнағын қайта жазып көріп, ежелден келе жатқан шұнақтау қара жиек құлақтың түбін қасып-қасып қойды.Бұл құлағына риза екенін білдіруі еді. Қамыс арасында жымысқып, сыбдырсыз келе жатқанда тіпті ара-тұра көрініп қалатын жылан деген әлгі жымық көз, жолбарыстың дайрағындай шұбатылған бірдеменің ысылын да біледі. Құлақ-ақ, шіркін!
Бір шамадан кейін Жалғыз жолбарыс артқы аяқтарын жалап, оған да риза пішін білдірді. Алдыңғы аяқтың артынан жалпақ табанмен-ақ мүдірмей жүріп отыратын екі артқы аяқ та керемет. Әсіресе, қарғыған кезде осынша салмағы бар өзін серіппедей лақтыратынын айтсайшы. Бірақ әлгі қабаны құрғыр мына бір жерін — қара санын қарш еткізіп, бір ай жара болды. Ол жараның орнын — тыртық болып біткен жерді тістелеп-тістелеп, қайта жалады, сілекейін жинап, тілін екі езуіне екі апарып жаланып, санын сылауға қайта ұмтылды.
Кешеден бергі аштығы есіне түсті. Түнімен жортқанда түк ілінбегенін ойлады. Енді күндіз жүрмесе жөргем ілінер емес. Ол орнынан ерініп зорға тұрды. Керілді. Өзінше әдемі-ақ сияқты. Есік пен төрдей болып тұр. Үстінен бит домалап түскендей, жұнттай. Екі алдыңғы табанын тіреп, жотасын күжірейтіп артына қарай тартылды, сонан соң екі артқы аяғын созып жөнге келтірді. Екі артқы аяқтың әрқайсысын жеке-жеке сілікті. Құйрығын бір сәтке қоқайтып, керіліп, қайта түсірді. Не пайда? Бұл әдемілік неме керек? Бүкіл Балқаш бойын, Іле жиегін осынша шарлады, бұл қырындайтын шулан түгіл, ырылдасып өтісуге жолбарыстың арланын да көре алмады. Жиделі тоғай, сексеуіл шабыры, көгалды балқаш, сары қамыс, көк құрақтың түгін қоймады. Бұл әлепетке ұрынбауы керек еді, ақыры жортқан екен, бірдеме табылғаны абзал еді.
Жалғыз жолбарыс өзен маңайына таман келді. Бірақ жүрегі жолбарыс жүрек болса да одан әрі баруға дауамады. Жауырындары құнжыңдап еріне басып жүріп келеді. Мұның әкесі де осы Ілені жағалап жүріп өліп еді. Қалай еді? Есіне түсірді. Жоқ тіпті оны ойласа жүрегі айниды. Бірақ әкесі жіберген ағаттықты қайталамау үшін жаман да болса, бастан кешкен ата-баба өмірін еске алу да сабақ. Жалғыз жолбарыстың да әкесі нән еді. Тіпті жолбарысқа тажал болып тиген, оның жалпақ табанынан қалған мөрді жазбай танитын, сөйтіп ізге түсіп соғатын Келдібайға да шалдырмаған екен. Бәрібір бір күні оның қалың, жолақ, борақтай тоны Келдібайға бұйырды: Жалғыз жолбарыстың әкесі аузы кере қарыс, теріс азу аң екен. Долырқап, Алатаудан домалай құлап, еңіске қарай желген өгіздей өңкілдеп ағып жатқан Ілені жағалап өрге қарай еріне, байпаңдай басып келе жатады ол. Бір кезде өзен жағасына таман жерде, бетінде бір тірі нәрсе көрініп, қайта-қайта зым-зия болады. Тағы бір қылаң еткенде байқайды — әлдеқандай қанат. Қалқыған қанатты іздеп ол өзеннің терең жағасына телміре қалады. Осындайда бір пайда тауып қалам ба деген ойы да болды. Сөйтсе су астынан жолбарыс бойындай жайын келіп «телмірсең міне!» деп оны құйрықпен періп кетеді. Ата мирас — айтулы жылдамдық осы жерде көмек беріп, өзін соғып өткен құйрықтан алып, жайынды қас қаққанша лақтырып жібереді. Одан әрі не болған қызығын Келдібай көреді. Судан шығып, талып жайын да жатыр, белі сынып жолбарыс та жатыр. Сөйтіп екі қомағай адам баласы — Келдібайға бірі төсек, бірі азық болады.
Еріне басып келе жатып, Жалғыз жолбарыс әке өлімінен шошып, сілкініп қойды. Мұны да келіп әлде не соғып кететіндей. Соңғы кезде осындай қорқыныш көбейе беретін болды. Сондықтан, көбіне жүйкесі жұқарып, түн ішінде бақырып, жерді көшіре жаздап басылады. Ал бақырудың мұндай сорлы болған Жалғызға не пайдасы бар. Оңай оспақ қолды болатын аң күндей күркіреген дауысты естігенде көз көрмес қиялға зытады ғой. Ол өз үстіне, терісіне бір қарап қойды. Өзіне өзі кімге төсек болар екенсің, менің әкемнің терісін Келдібай заманында Пышан мырзаға тартқан екен, ол оған бір шұбар ат беріпті, сен кімге ат болар екенсің дей жаздап тоқтады. Ол мұндай ойынан өзі шошып қалды.
Қазір мұның ізіне түсетін Келдібай жоқ. Жолбарыс терісіне бір ат беретін мырзалардың да басы биыл саудаға түсіп, қысым көріп жатқанға ұқсайды. Оны кебіне ауылмен жиі қатынас жасап жүретін қасқыр деген кезептер айтып жүрген көрінеді. Сондықтан бұл енді ондайдан айылын жимаса да болар еді. Бірақ өзі неге жалғыз қалды? Мұны қалай ойламай тұра алмақ. Мысық тұқымдастар болып жаратылыпты да, содан өрбіген, әлгі бұлардан шыққан ақ сүйек Арыстан ыстық жер — Африканы таңдап алыпты. Оның тұрған жерінде молшылық болса керек. Тек әлгі піл деп аталатын дөң жауырын пәледен басқанын бәрі оның алдында мөлтеңдеп тұрса керек. Ал жолбарысқа қарағанда бұлардың аталастары — барыстардың да жайы біршама тәуір. Олар биік таудың ен таз тауларындағы заңғар жартастар арасын мекендепті. Олардың жүрген жеріне әлгі екі аяқты адам деген пәле көп жүрмейді екен. Олар көп жортып әуре болмайды да екен, тек арқардың тауешкінің суатқа келер жолын андып, жартастан сығалап тұрып бас салады екен. Бірақ, бұл батырлық емес, қарақшылық қом. Бетпе-бет келін, қайрат-қажырын асырып алмаған соң қалай тамағынан жүреді екен. Бұл тасты жағалаған қарақшы болса, әлгі сілеусін деген туысқандары биік таулардағы ағаш, тоғай арасын мекендепті. Барлай келсе, ол да қарақшы. Жұбайы ілбісіп екеуі ағаш басына шығып, бұлан, бұғы, қодас сияқты үлкен аңның үстіне секіріп мініп, желкесін қияды дейді. Сонда мұны алған аңы тіпті көрмейді. Ол не болғаны?
Тұқымымыз бір еді деуге намыстанатын бір мәлін деген ергежейлі бар осында. Оның күні де күн емес. Оның атын естігенде аталарымыз бір туыпты дегенде қалай намыстанбассың. Өзі бұлардан айнымайды-ақ. Бірақ бары-жоғы мұнын бір табанындай. Оның кейбір тұқымдары ұсақтап тышқаншы болыпты десуші еді, кәриялар. Азғындағаны емес пе, адамға кызмет етіп, соның қамбасын тышқаннан қоритын көрінеді. Тышқаншы! Үлкен қызметті тапқан-ақ. Ал осында Жалғыздың өзіне кездесіп қалып, қарны ашқанда жем қылып жіберетінін мәлін дегенінің күні де осыған таяу. Ол да солар тұрған мекенге барып, адамға пенде болған құс-тауық дегендер тұратын қораға кіріп ұрлық жасайды екен. Көрген күні құрысын оның.
Жалғыз жай басып келе жатып өзіне бұрылып бір қарап қойды. Жолақ-жолақ жүнінің әдемілігіне риза болды. Екі жағына кезек қарап, не күлкі емес, не реніш емес ыржиды. Тістері ақсиып кетті. Бірақ бұл да жасырынудың бір түрі ғой деп ол өзінен өзі көңілі қалды. Сары ала қамыстан айнымай қалуын көрдің бе?
Бұл да жасырыну — ұрының ісі. Шамасы бұлардың тұқымының өзі азғындап бара ма қалай? Бұлардың арыстаннан басқа тұқымдастарының әмбесі ұрлыққа бейімделген екен.
Осы жерде Жалғыз өз жайын ойлап кетті. Туған-туысқаннан жұрдай, бәрі ада болды. Бұрын Сырдария, Әмудария, Шу, Іле құйылыстарында өріп жүреді екен. Мұнын аталары Балқаш, Іле бойын мекендепті. Төстегі сонау Көртоғайға дейін барып, келіп тұрыпты. Ал бұл болса небәрі Өтегеннің Топарға құйылысындағы Қорыс қамыста ғана еркін жүре алады. Өрісі, аңдысы тарылды. Әсіресе кешегі қатты батып кетті-ау! Бірнеше күн бойы сәті түспей жүріп бір бұзау-танаға зорға ауыз салып еді. Сан етін ойып жеуге ғана мұрша берді. Дүниеде жолбарыс дауысынан қатты дыбыс жоқ деуші еді аталары. Тарсылдаған бір пәле дүниені күңірентті. Өтеген аңғарынан шықса-ақ болды дүние дүрлігеді. Тарсылдақтан зуылдап бірдеме келіп жетеді. Көбіне зуылдап асып кетеді. Қандай күші барын кім білсін! Я, айтпақшы, кешегі бұзау-тана қайда еді? Осы жерге келгенде оның ашқарақтығы артып, ішегі шұрылдап кетті. Езуі ырсиып, тістері сақсиып барады. І\өзі қанталады, аяқтары еппен басылып, осынша ұп-ұзын дене қалың қамыс арасынан сыбдыр білгізбей жүрді. Батырларша бұзып-жарып-ақ жүрмек болды, майда басып үйреніп кеткен аяқтан дыбыс шығар емес.
Кеше тананы лақтырған жеріне барғысы келді. Бірақ барғанмен кешеден қалған тамақты бұл жемейді ғой. Бекзада аталарынан қалған жол осы. Тағы тыңнан тамақ іздеп, жемтігінен ит-құсқа олжа салуы керек. Ата дәстүрі осылай. Дегенмен Жалғыз кешегі батырлығын көргісі келді. Міне қызық! Түп көтере алын кетіпті. Бұрын ондай қалған жемтіктің сүйек-саяғы, қаңқасы жататын еді. Енді түк болмағандай. Кеше сонша еңбектеніп босқа кеткенін есіне алды. Ол ыза болды. Тағы бір бақырғысы келді. Қарны қатты ашып, онсыз да жарау іш омыртқасына жабыса түскендіктен өзін өзі токтатты. К.үр ғана ырсиып, тістерін көрсетіп, мұртын едірейтті.
Бұрыла беріп шұнақ құлағы әлде бір дыбысты сезе қалды. Әне анау шағылда құдай да, Жалғыз да ойында жоқ иір-иір, буылтық-буылтық бірдеме жатыр. Тани кетті. Ә, әлгі түйе деген момын. Түк сезер емес, жынын жұтып, күйіс қайтарып жатыр. Қатты-қатты босайын десе де болмайды аяғы ептеле береді. Батырларша дыбыс шығарып, батыл бара алмады. Өзіне өзі тағы ыза болды. Жақындай түсті. Шабатын жақындыққа келді. Бірі мал күштісі, момыны, қаннен қаперсіз. Бірі аң күштісі, тістісі, ашуланшақ, ызақор, аңдушы. Түйе басымен итмұрыны өтпейтін қорыс арасында осынша бейқам жатқаны жалғыздық намысын қоздырды. Жолбарыс бар деп неге ойламайды ол. Аяқтарын тікейтіп құйрығын қоқайтып, екі артқы аяғымен жерді бір-екі тарпып айбат шегіп шабынды. Артқы аяқтың сояу тырнағы қара жердің бетін айғыз-айғыз қылды. Сонан соң беймазаланып, құлағын жымырып, құйрығын қысып түйеге атылды-ай келіп. Ар-р-р!
Арандай ауыз алдыңғы өркешті қапты. Өркеш тегіс жыртқыш ауызға кіріп жоқ болды, көміліп қалды. Сары атанның баладай өркешінің сары қоңыр шудасының орнында түгі жарқыраған қара жиекті шұнақ құлақты жолақ бас тұрды. Сояудай өткір қайралған төрт тіс қатты, сіңірлі қара көннен өтіп өркештің іртік-іртік майына кірш-кірш кіріп кетті. Өркештің шудасы аузын әлде қалай жыбырлатып, тамағына тамақ емес жүн тыққандай болды.
Сары атан осылай бола қояды деген жоқ. Ол Жалғыз жолбарысты көрді. Кәдімгі тарғыл мысық келе жатыр екен деп жатты. Тіпті мына Өтеген құйылысының мысығы үлкен болады екен-ау деп әдемі жәудір көзінің қиығын бір салып еді. Алдыңғы өркешіне кірш етіп бірдеме кіріп-кіріп кетті. Сары атан орнынан түйеге бітпеген жылдамдықпен атып тұрды. Жаңағы мысық өзіне асылып тұр. Аузы өркешке тиісімен жақсылап бір лақтырып тастамақ болып жолбарыс артқы аяғын жерге тіреп еді, аяғының астындағы жер басқа жаққа көшіп кеткендей жоқ болып шықты. Екі артқы аяғы ербең-ербең етті. Талайды-ақ ә дегеннен лақтырып ұратын қайран заман қайда ада болды. Нендей ғана қара күш көтеріп әкетті мұны. Дүние не болып барады?! Мұндай пәлені көріп пе еді бұл?
Ия, мұндай пәлені Сары атан да көрмеп еді. Мысық түйеге шабуыл жасар деп үш ұйықтаса ойына кіріп пе? Әлде кешегі жолбарыс деген пәлесі осы ма екен? Егер осы болса оның өзі үлкен мысық екен ғой. Сары атан атып тұра келген қалпымен өркеш жарасын ауырсынып eкі-үш тапырақтап секіріп-секіріп кетті. Секіріп кеткен жолбарыс салмағымен тіс өркешке кіре түсті. Секіріп бара жатып артқы икемсіз аяғымен сүйретілген үлкен мысықты тарпып-тарпып қалды. Оның ырылдаған әлсіз дыбысы шықты. Үстіндегі пәле қайта қимылдады, бақырмақ болып еді жалғыз, бар күш сүйретілген денесіне түскендіктен, оның үстіне қомағай, аранды ауыз өркеш қауып, бос болмағандықтан барылдап, ырылдап қана тынды. Жалғыз да тырмысып келеді. Бірақ кептелген ауыз түйенің үлкен, қом, шом көрмеген толымды өркешінен шықпай қалды. «Байтал түгіл бас қайғы» дегендей басқа ұсақ жыртқышқа олжа салмақ болған батырекең аяғын тіреуге жер таппай ербеңдетіп өркешке ілініп кете барды. «Япырмау, бір өңірден біздің тұқымымыздың құрығаны осы болар ма» деген ой да оған сап ете түсті. Қанша созылып, артқы аяғын жерге тигізбек болғанмен түйе тым биік екен, жерге жетер болмады. Сөйтіп жалғыз жолбарыс түйенің әлдеқалай апайтөс жерлерге жанап өтетін шағын күтіп, дарға ілінген адамдай салбырап барады.
Сары атан үстіндегі пәледен оңай құтылмасын түске таман білді. Өзінің әлі тайрақтап шауып келе жатқанын байқады. Бірақ қайда бармақ? Босқа шапқанмен бұл ілінген пәле түсе ме? Байқаса өзі Өтеген құйылысындағы түнде түнеген түбекті айнала беріпті. Үстіндегі үлкен мысық алдыңғы екі аяғымен тырмалап алдыңғы қомдықты жырта бастады. Қан судай шашылып келеді. Тек өркешке қапталған ауыз шығар емес. Жолбарыс он жағына қарай ауғызып, жыға жаздап басып барады. Не істеу керек?
Нақ осы кезде адам көмегі керек екені оның ойына сап ете түсті. Бірақ, бұл қай бетімен бармақ. Басы ойлап бітпей жатып-ақ Сары атанның аяқтары Қарадырға қарай тартты. Әлі бұл шапқан бойымен келеді. Түс ауғанда бұл өзінің алғашқыдан әлсірей бастағанын сезді. Сары атан қатты намыстанды. Күнде жүк көтеріп Алыпатан қалай өлмей жүр. Атам Ойсыл қараның әруағына шәк келтірмейін деп бекінді ол. Басына бір түскен салмақты Сары атан көтере алмай құлапты деген, сөйтіп қаңғыған бір тарғыл мысыққа жем болыпты деген бүкіл түйе атаулының сүйегіне таңба баспай ма? Одан да тура Қарадырға дейін шыдамақ болды. Өліп құламаса, тірі жығылмауға іштей ант етті.
Сары атан тайрақтап шауып барады. Үлкен мысықтың әдемі құйрығы салбырап жер сызып келеді. Сары атан бір ескі қораның дуалынан өте беріп қатты шайқалып кетті. Артқы аяғы дуалға тиіп кеткенде жолбарыс тіреп қалған екен. Түйе тәлтіректеп барып, қайратын жиып, ары қарай қайта тайраңдай жөнелді. Осы кезде кеше тана бұқаның аспанға ұшқаны есіне түсті. Енді ол бұдырлау бірдеме көрінсе жоламауға, жақындамауға тырысты.
Қарадыр көрініп, дала жайлап отырған ауыл қашықтан байқалды. Күншілік жерге ет пісірімде келіп жетті. Аздан кейін-ақ ит атаулы тегіс шулап қоя берді. Бұрын ұнамайтын иттің даусы бұған әжептәуір әл берді. Ит қандай жақсы еді. Ұлып жатқандары да көп. Көбі құйрығын бұтына қысып келе жатқан түйеге қарай үрмей, айдалаға қашып барады. Сары атан бұл кезде тайрақтауға шамасы келмей ілбіп, аяңдап-ақ қалып еді. Төрт аяғы шатқаяқтанып зорға келеді. Сары атанды көріп шулаған адамдардың абалаған малды ауылдың көп итінің даусын естіген жолбарыс екі алдыңғы аяғымен қомдықты сойып жіберді. Түйенің қаны көбірек ақты. Жолбарыстың екі артқы аяғына да жан бітіп, ербеңдеп, далбасалап келеді.
Сары атанды таныған Сәлиман болды. Ол ит, бала шулап ізі-шу, қым-қуыт болып бара жатқан соң далаға шығып еді, Сары атан аяңдап, шайқалақтап келеді екен. Ол үйіне қайта тұра жүгірді.
— Нақабай, Нақабай, құрыдық, құрыдық. Сары атанға бірдеме жармасып алыпты.
Жан жақтан ауыл адамдары көбейіп кетті. Ит атаулы құйрығын бұтына қысып, алыстан үріп-шулап жүр. Балалар тегіс үйге тығылып, дымы шықпай қалды. Бір ақсақалдың ғана даусы естілді:
— Жолбарыс шапқан екен. Жолбарыс. Қарақұлақ, Қарақұлақ! Аттан, аттан!
Жұрттың бәрі Сары атанға қарай «Қарақұлақ, Қарақұлақ!» деп қолына не түссе соны алып жүгірді. Алдыңғы ауылдың соң білген еркектері түйенін артынан жүгірді. Сары атан басқа жерге бұрылған жоқ, қыста оқшырайта киетін бөріктей Нақабайдың шошайта тіккен отауына тура аяңдап барады.
— Ермекті шақыр, Ермекті,— деген сөздер естіліп еді, Ермек қарнын қампайтып үйден шықты да, «қой, өле алмай жүрген жоқпын» деп түрулі тұрған киіз үй есігіне қайта сүнгіп кетті.
Күн ұясына еңкейіп қалды. Нақ сол сәтте аяғында саптама етігі бар, екі жеңі түрулі Нақабай шықты да, бір қолында пышақ, бір қолында балта «Қарақұлақ, Қарақұлақ!» деп тура Сары атанға жүгірді. Бағанадан бергілердің бәрі алыстан айғайға аттан қосым жүр еді. Мұны көріп Сары атан босап, тайқалақтап кетті. Келе-ақ Нақабай ұзын қара пышақты он қолына алып жолбарыстың қарнынан есіп жіберді. Жолбарыс соңғы күшін жинап бір бақырды. Ауылдағы ит те, адам да дым болды. Малдың бәрі тұрған-тұрған жерлерінде қалшылдап қатып қалды. Жолбарыстың ішек-қарны шұбатылып жерге түсті. Сары атан тура Нақабайдың өз үйінің жанына жеткенде қара пышақты лақтырып тастай салған ол балтамен жолбарысты қақ бастан тағы салып өтті. «Арық атқа қамшы ауыр» дегендей, жолбарыстың басына тиген балтаның салмағын көтере алмай Сары атан үйдік іргесіне құлап түсті. Басы қақ айрылып ыңыранып жолбарыс та сылқ етті. Жолбарыстың жаны көпке дейін шықпады, көзін ашты. Сол кезде Нақабай сексеуіл жігерімен қара тұмсықтан үш-төрт рет салып-салып өтті. Жалғыз жолбарыс мәңгіге көз жұмды. Күн батып ұясына кіре берді. Балқаш бойынан жолбарысты бұдан кейін ешкім көре алған жоқ. Күрті бойында жана ұйымдасып жатқан колхозға көшуін Нақабай мен Сәлима Сары атанның тәуір болуына қаратты.., Келесі жылы жыртық өркешті Сары атан колхоз түйесінің ішінде бара жатты.
1969
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі