Ермағамбеттің Сұлтаны дейтін бар еді. Базардан базарға шапқылап, тері сүйреп, мал жетелеп, сауда қылатын да жүретін. "Жүрген аяққа жөргем ілігеді" деп, пайданы молырақ істеген жолы миығынан күлетіні де болатын. " Айналайын кеңес жарылқады ғой, кеңестің арқасы ғой, осы жайраңдап жүргеніміз" — деп, көңілі келгенде, үкіметті де мақтап қоятын.
Биғанша дейтін ынжықтау, көп сөйлемейтін, істеген шаруасын ғана білетін бір әйелі болды. Бұл әйел Сұлтанмен өмірде жайраңдап сөйлескен де емес. Сұлтан пайда тауып келген екен деп, тасып қуанғанда емес.
— Біздің қатын "свабода" болғанын әлі білмей келеді, — деп, Сұлтанның сықақтап күлетіні де бар.
Осы Сұлтан былтырдан бастап "белсенді" атанды да кетті. Сауда доғарылды. Қайда жиылыс, ыскот болса, Сұлтан сонда болатын болды.
— Құрту керек! Жою керек! Тамырына балта шабу керек! — деп, айқайды салып Сұлтан шықса, жұрт жым болатын болды.
— Осы Сұлтан аяқ астынан қайдан шықты өзі? — деп, бірен-саран таңданғандар күңкілдеп, ұзап кете алмады.
— Мен белсендімін, белсенді адамның қатыны да белсенді болу керек. Сен тұнжырайсың да жүресің, — деп, Сұлтан бір рет Биғаншаны да бүріп алды.
Биғанша не десін, нан илеп отыр еді, илей берді нанын.
— Ана бір тезек түсіп кетті пештен. Жия салшы, түтін шығып кетті, — деді Биғанша нанын илеп отырып.
— Е, өзің немді бітіріп отырсың? — деп Сұлтан шатынай қалды.
— Қайдам, белсенді адам пешке араласуға арланбайды ғой деп айтып едім, — деді Биғанша.
Сұлтан мүдіріп қалып, желкесін қасыды.
Егіс науқаны кезінде Сұлтан айқайды мүлде үдетті: "Колхоз жүз процент... бұған салынбаған күш қалмасын!" Екі сөзінің бірі осы.
— Біз осы колхозда емеспіз бе? — деді Биғанша бір күні Сұлтанға.
— Болса ше? — деп Сұлтан бедірейе қалды.
— Неге бедірейдің? Белсенділігіңе нұқсан келтіретін сөз айттым ба мен? Ана шошаладағы астығыңды қайтесің? Тапсыратын болсаң, тапсырсайшы! Қапшықты босатып алайық.
— Әй, итсің-ау, дым білмейсің-ау. "Шашы ұзын, ақылы қысқа" деген осы-ay! — деп, Сұлтан күйіп-пісті де қалды.
Биғанша қайырып үндеген жоқ. Сол күні түнде ол астықты Сұлтан тиеп алып, әлдеқайда жөнеп кетті.
Сұлтан ауылдан асып, аудан жұмысына араласты. Ауданнан ауылдарға өкіл болып шығатын болды. "Сұлтан өкіл" деген атқа да ие болды.
Бір күні, Биғанша шырт ұйқыда жатқанда, біреудің суық қолы денесінде жорғалап барады. Осы ауылдағы Ермақтың қолы сияқты. Түнеукүні сүйтіп бір шошытқан ғой ол. "Сен осы ұйықтаған соң келуіңді қой, жаратпаймын ондайды... Ерте келсең, сені біреу қуа ма?!" — деп Биғанша оған ылғи ескертетін.
— Аулақ, жаным, ерікпей! — деп, Биғанша қолын қағып келіп жіберді. Әйтсе де, көңіліне ауыр алып қала ма деп басын көтерді.
Сүйтсе, бұл өзінің ері Сұлтан болып шықты.
— Немене, жазған, шырт ұйқыда жатқанда, — деп, Биғанша күңкілдеді.
— Тыс... с... шығарма үніңді. Шошаланы аш...
Биғанша жарық қылып, шошаланы ашты. Шошаланың терінде жүк. Жүк астында тығындалған құрым киіз. Құрым киізді бері қарай тартсаң, үңірейген апанды көресің. Бұл - Сұлтанның жасырынып жүріп жаздай қазған апаны.
Сұлтан астық әкеліпті. Баданадай ірі бидайлар апанға сауылдап құйылып жатыр. Апан бетімен бірдей болды.
— Жүз пұт сиярсың-ау деп шамалап едім, шамам-шама-ақ екен,— деді Сұлтан масаттанып, маңдайдағы терін сүртіп.
Ертеңіне сол ауылда жиылыс болғанда, Сұлтан алдымен шықты:
— Біз колхозбыз. Біз — үкіметтің тірегіміз. Біз астық жоспарын алдымен орындауымыз керек... Осы ауылда колхоз жоспарынан тысқары егін салғандар да бар. Солар алған астығын түгелімен үкіметке тапсырсын! —деді Сұлтан.
Меңетай шал азырақ бөгеліп тұрды да:
— Осы да жөн-ау. Ішерлігімізді колхоздан алдық, үкіметке бермей оны қайтпекшіміз? Колхоз жоспарынан тысқары жарты десте салып едім, 50 пұт астық қорым да тұр. Жазыңдар, соны түгелімен беремін, — деді ол.
Астығы барлар өздері айтып түгел жаздырып шықты...
Ауданда отырған Сұлтанға ауылынан хат келді. Хаты жазған — Биғанша. Хатты оқып, Сұлтан сұп-сұр болды. Былай деп жазыпты Биғанша:
"Белсенді" саудагер Сұлтанға!
Бағдында айтар сөзім, сен бұрын ірі байдың тұқымы едің. Кедейленген соң сауда қылдың. Саудадан шығып, белсенді атын алдың. Бұл күнде ауданда ірі қызметте деп есітем. Ауданда отырған адам аз нәрсе үшін ауылға келе қоймас деп сендім. Әрі "белсенді емессің" деп сенің ұрса беретінің есіме түсті. Сосын, әлгі бір апанда жататын аз ғана астық бар еді ғой (100 пұт), соны қызыл керуенмен қалаға жөнелттім. Содан бері кәдімгідей белсенді бола бастадым. Ұзамай ауданға да барсам керек...
Биғаншаның хатынан бір күн кейін аудандық сот Сұлтанның материалын "аформит" етіп те үлгірді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі