Өлең, жыр, ақындар

Франция

Франция — Батыс Еуропадағы ең ірі мемлекет, жерінің ауданы жағынан ол Ұлыбританиядан екі есе үлкен. Францияның құрамына Корсика аралы, Жерорта теңізі мен Бискай шығанағындағы ұсақ аралдар енеді. Француз одағы деп аталатын бірлестікке бес шалғай департамент (Кариб теңізі алабындағы Гваделупа, Мартиника, Оңтүстік Америкадағы Гвиана, Үнді мұхитындағы Реюньон, Атлант мұхитындағы Сен – Пьер мен Микелон) және тағы басқа жатады. Жалпы ауданы 127 мың км² болатын бұл иелікте 1,5 млн адам тұрады. Француздар өз елін «гексагон» (алтыбұрыш) деп атайды. Еуропаның батысында орналасқан елдің негізгі аумағының құрылықтағы шекаралары солтүстікте Бельгия мен Люксембург, шығыста Германия мен Швейцария, ал оңтүстік — шығыста Италия және Монакомен, оңтүстік — батыста Испания және Андоррамен шектеседі.

Еуропалық Одаққа енетін дамыған мемлекеттердің аралығында орналасуы Францияның еуропалық біртұтас қарым–қатынастарының дамуына оң әсер етеді. Францияның теңіздік шекаралары Жерорта теңізі, Бискай шығанағы және Ла-Манш бұғазы бөліп тұр. Жағалауларында кеме тоқтайтын қолайлы қойнаулардың болуы Францияның ежелден–ақ теңіз көлігінің дамуына және Еуропа ғана емес, басқа дүние бөліктерінде орналасқан елдермен де сыртқы сауда экономикалық қатынастар орнатуына алғышарт болды. Франция мемлекеттік құрылымы жөнінен унитарлы республика болып табылады, әкімшілік–аумақтық бөлінісі жағынан 96 департаменттен тұрады. 1958 жылы генерал Шарль де Голль елде мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі — Бесінші республиканы орнатты. Франция республикада президенттің айрықша зор өкілеттілігі бар, ол елдің сыртқы саясатына қатысты мәселерді шешеді. Президент тағайындаған премьер–министр үкіметті басқарып, елдің ішкі жағдайына толығымен жауап береді. Елдегі заң шығарушы орган — екі палатадан сенат және ұлттық жиналыс тұратын парламент.

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Франция үкіметі соғыста күйзелген экономикасын қалпына келтірумен қатар, өндірістің мүлдем жаңа салаларын дамыта бастады. 1950 жылдан бері өнеркәсіп өндірісі 4 есеге жуық өсіп, өнеркәсіпте жұмыс істейтіндердің саны соңғы 20 жылда 1,5 млн адамға қысқарды. Мұның өзі еңбек өнімділігінің артуы мен өнеркәсіп жүйесінің құрылымдық өзгерістері нәтижесінде мүмкін болды. Қазіргі кезде ел өнеркәсіп өндірісінің көлемі жөнінен дүние жүзінде бесінші орын алады. Өнеркәсіп елдегі ұлттық жиынтық өнімінің 25,4%-ын береді. Елдің экономикалық қуаттылығын символы болып келген дәстүрлі өнеркәсіп салалары соңғы онжылдықтарда өзінің жетекші рөлінен айырылып, жаңа салаларға жол беруде. Лотарингия темір кені алабының қорын пайдаланатын қара металлургия өнеркәсібі 20 ғасырдың 70-жылдарынан бастап дағдарысқа ұшырады. Оған Еуропа мен дүние жүзі нарығында неғұрлым қуатты бәсекелестердің Бразилия, Шығыс Еуропа елдері, Корея және тағы басқа пайда болуы әсер етті. Еуропалық Одақ шеңберінде өнеркәсіптің осы саласын дамытуға бағытталған шаралар нәтижесінде өндірісті неғұрлым тиімді ұйымдастырып, қайта жабдықтауға мүмкіндік туды. Орталық аудандардағы тиімсіз кәсіпорындар жабылып, негізгі металлургиялық кешендер солтүстіктегі Дюнкерк маңы мен Лотарингиядағы Мозель өзені аңғарындағы шоғырланған. Қазіргі кезде жылына 19 млн т болат өндіріледі. Алюминий өндірісінде де аумақтық өзгерістер болды бұрын олар, негізінен, Альпы мен Пиреней аудандарындағы су электр станциялары маңында орналасса, қазіргі кезде шеттен әкелінетін шикізатты қабылдап алатын портты қалаларға көшірілген. Құрамына тоқыма, бояулар жасау, кілем тоқу, еден төсеніштерін шығару өндірісі енетін Францияның мата өнеркәсібі дүние жүзіндегі жетекші орнын жоғалтқан жоқ. Бұл салада әсіресе жүн маталарын шығарудан дүние жүзінде бірінші орын алатын «Шаржер — текстиль», мақта маталарын шығаруға маманданған DMC компаниялары көзге түседі. Қазіргі кезде сырттан әкелінетін жүн мен мақтадан басқа, бұл кәсіпорындарда жасанды талшықтар да кеңінен пайдаланылады. Негізгі орталықтары — Мюлуз,Труа, Лион және Париж маңы. Машина жасау өнеркәсібінде көлік қатынасындағы машиналар мен электр техникасын жасау салалары күшті дамыған. Дүниежүзілік автомобиль өндірісінің дамуында елдің айрықша орны бар.

1898 жылы ағайынды Рено негізін салған фирма алғашқы автомобилін жасап шығаратын болатын, арада 15 жыл өткен соң бұл шағын кәсіпорын алуан түрлі машина шығаратын аса ірі концернге айналды. Қазіргі кезде бұл концерн мемлекеттік болып саналады. Мұнда жүк автомобильдері, автобустар, ауыл шаруашылығы машиналары, сондай–ақ кемелер мен ұшақтардың қозғалтқыштары жасалады. Францияда жылына 3,5-4 млн автомобиль жасалса, соның 9/10 бөлігі жеңіл көлік болып табылады. Қазіргі кезде жеңіл автомобильдер, негізінен, Рено кәсіпорны мен жеке меншік Пежо–Ситроен концернде жасалады. Француз компаниялары дүние жүзінің 30 елінде автомобиль тетіктерін жинайтын зауыттар ашқан. Елде жасалған автомобильдердің 60-ы шетке шығарылады. Көбінесе француз жеңіл көліктерін Португалия, Испания, Бразилия және Оңтүстік–Шығыс Азия елдері сатып алады.

Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 2008 жылы 6,201 миллиард долларды құрады. Ал Қазақстан Францияға негізінен мұнай, металдар және металл құрылғыларын, химия өнімдерін, ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа шығарып келеді. Қазақстан болса, Франциядан электр және электрондық бұйымдар және оның жабдықтарын, медициналық дәрі-дәрмек, автокөлік, тамақ өнімдерін және құрылыс материалдарын алады. Осы тұста айта кетейік, Франция элиталық тауарлар ретінде шарап, теңіз өнімдері шикізаттарын, киім-кешектер, тағы басқа тұрмысқа қажетті бұйымдарды жеткізеді.

Екі елдің бірін-бірі инвестициялау көрсеткіші де жыл өткен сайын жақсарып келеді. Франция Экономика министрлігінің деректері бойынша, Франция Қазақстан Республикасының экономикасына жалпы көлемі 2,005 миллиард еуро көлемінде қаржы салды. Ал Қазақстанның Франция экономикасына бағыттаған инвестициясы 10 миллион еуроны құрайды. Оның 4 миллион еуросы 2008 жылы салынған. Қазіргі кезде Қазақстанда Францияның бірқатар компаниялары табысты жұмыс істеуде. Әсіресе, екі ел арасындағы ынтымақтастық отын-энергетика саласында жақсы жолға қойылған. Мысалы, қазіргі кезде 40-тан астам франциялық компания Қазақстанның мұнай-газ, тау-кен өндірісі, энергетика, көлік және қызмет көрсету салаларында жұмыс жасауда. Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 25 кәсіпорын ойдағыдай қызмет атқаруда. Бұл кәсіпорындар негізінен сауда, көлік-логистикалық қызметтермен айналысады.

Қазақстан-Франция қатынастарында алдағы уақытта қаржы-банк ынтымақтастығынан көп үміт күтуге болады. Бұған қазіргі кезде Қазақстанда “Сөсьетэ Жэнэғәл”, “Натексис Баңк Попүлэғ”, “БНП Пәғиба” және “Кәлиоң” банктерінің жұмыс істеуі нақты дәлел болады. Мемлекет басшыларының кездесуі мен жүргізген келіссөздерінде нақтыланғанын¬дай, екі мемлекеттің экономикалық байланыстарын дамытуда Үкіметаралық экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның жұмысын оң бағалауға болады. Жалпы, 1992 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан аталған комиссия осы аралықта сегіз отырыс өткізген. Оларда Қазақстан мен Франция қарым-қатынастарын дамытуға қатысты көптеген мәселелер талқыланып жүр.

Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастар да соңғы жылдары ойдағыдай дамып келеді. 1993 жылы екі елдің арасында осы саладағы байланыстарын жандандыруға бағытталған үкіметаралық келісім жасалған. Осы қатынастар бүгінде екі ел халқының мәдениет пен өнер салаларындағы байланыстың негізі болып отыр. Содан бергі уақытта Алматыда “Альяңс Фғаңсез” мәдени білім агенттігінің өкілдігі ашылды. Бұл агенттіктің 139 елде филиалдары жұмыс істейді. Олар негізінен Франция үкііметінің франкофония және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудағы басты құралы болып табылады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз