Өлең, жыр, ақындар

Жүктілік және В, С гепатиттері

В және С гепатиттері — кең тараған жұқпалар. Әлемде бұл сырқаттарды жұқтырған адамдар саны миллиондап саналады. Көптеген елдерде С вирустық гепатитін жұқтырғандардың үлесі шамамен 1-1,5% құрайды.

Соңғы жылдары В мен С вирустық гепатитімен ауыру көрсеткіштерінің айқын өсуі байқалады. Бұл гепатиттердің созылмалы түрлерінің және ауыратын науқастар санының көп болуы, сондай-ақ вирустың жыныстық жолмен және қан арқылы арқылы жеңіл жұғуы себебінен, олар қазір жүкті әйелдер үшін өте өзекті жұқпалар болып отыр. Әлемнің кейбір аймақтарында С вирустық гепатитімен ересек тұрғындардың 5-10%-ы зақымдалған (Африка елдерінде 20%).

Аталған вирус негізінен қан арқылы таралады. Жұғу ерекшелігіне қарай және тұрғындардың нақты әлеуметтік тобында жиі кездесетіндіктен, бұл гепатитті «нашақорлар гепатиті» деп атайды. Жыныстық қатынас арқылы С гепатиті өте сирек жұғады. Вирустық гепатитті тасымалдаушылардың жыныстық серіктері үшін жұқпаның жұғу қаупі 5%-ды құрайды. Сондықтан С вирустық гепатитін тек қана жыныстық қатынас арқылы берілетін ауру деп қарамау керек. Жаңа туған нәрестелердің аналарынан жұқтыруы да өте сирек кездеседі. С вирустық гепатитіне оң реакция көрсеткен аналардан туған нәрестелерге оның жұғу көрсеткіші 3-5% құрайды. В вирустық гепатиті вирусын тасымалдайтын аналардан туылған балалардың 15%-да созылмалы гепатит дамиды. Ұрыққа вирустың жұғу қаупі анасының жүктілік кезінде вирусты жұқтыруы, немесе жүктіліктің гепатиттің реактивті сатысымен түйісуінде, яғни вирус көлемінің бір жағынан көп болуы мен болмауы байқалғанда арта түседі. Сонымен қатар, жүктілік иммундық тапшылық жағдайында немесе негізінде (мысалы: ЖИТС-жұқпасы, аутоиммундық аурулар, гормондармен емделу және т.б) өтсе, ұрықтың вирусты жұқтыру қаупі арта түседі, бұл әйел қанындағы вирус көлемінің ұлғаюымен байланысты. В гепатитін ұрық негізінен 95%-да босану кезінде, тек 5% жағдайда жүктілік кезінде жұқтырады.

Әйелде вирустық гепатиттер бола тұра жоспарланған жүктіліктің қиындығы мынада: дәрігерлер ұрықтың ауру жұқтыруы мүмкін және баланың ауру болып туу қаупі бар деп біржақты айта алмайды. Қауіптің төмен не жоғары екендігін тек жанама факторлар арқылы айқындаймыз. Бұл факторларға әйелдегі созылмалы аурулар, жүктілікке дейінгі гепатиттің сатысы мен ұзақтығы, болашақ жүктілік кезінде гепатитті ершітетін жағдайлардың туындау мүмкіндігі және туындауы. Сонымен қатар, гепатит пен жүктілік ағымының калай өтетіндігін нақты айту мүмкін емес. Сондықтан В және С гепатитімен ауыратын әйелдің жүктілігін жоспарлау кезінде сау бала туылу мүмкіндігін анықтау медициналық тұрғыдан алғанда әлеуметтік маңызы бар мәселе. Дегенмен ұрыққа аурудың жұғу қаупін барынша төмендетуде медициналык шаралардың мүмкіндігі зор. Біріншіден, вирусты гепатитті емдеу, яғни вирусты толығымен жою, соған сәйкес жүктіліктің қауіпсіз болуын қамтамасыз ету керек. Өкінішке орай, қазіргі таңда В және С вирустарын емдеуде вирусқа қарсы жаңа ем әдістерін қолданғанның өзінде ағзаны вирустан толық сауықтыруға қол жете бермейді. Дегенмен ем шараларын жүргізу жұқпа жұқтырған әйелдердің дені сау бала тууына мүмкіндік береді.

Екіншіден, гепатитпен ауырған анадан сау нәрестенің тууы мүмкін екенін ескере отырып, оны туа сала егу (ерекше иммуноглобулинді қолданып белсенді иммунизация жүргізу тиімді) керек, бұл босанудан кейін анасымен қатынас кезінде оның ауру жұқтыруына жол бермейді. Бірак бұл В вирусты гепатиті кезінде ғана мүмкін, С гепатитіне қарсы вакцина немесе өзгеше иммуноглобулин қазіргі таңда жоқ.

Әйелде жүктілік кезінде В немесе С гепатитінің алғаш рет анықталуы да қиындық тудырады. Бұл мәселені шешу әрқашан күрделі. Бұл жағдайда дәрігердің созылмалы вирусты гепатиттің өту ерекшеліктерін, баланың В немесе С гепатиттері вирустарын жұқтыру мүмкіндігін ескере отырып, соған сәйкес нұсқаулар беруі өте маңызды. Бірақ бұл нұсқаулар жүктілікті сақтау және оны тоқтату көрсеткіші ретінде біржақты болмайды.

Тағы бір қиыншылық тудыратын жағдай, науқастардың В және С вирусты гепатиттерімен ауыратындықтарын, жүктілік кезінде осы гепатиттердің вирусын тасымалдаушы екендіктерін білмеуі. Мысалы, С гепатитінің созылмалы түрімен сырқаттанатын науқастардың 10-15%-ында аурудың клиникалық белгілері байқалмайды, ал қан сарысуындағы бауыр ферменттерінің көрсеткіштері қалыпты болады.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда В гепатитімен, әсіресе С гепатитімен ауыратын науқастардың басым бөлігі — орта есеппен 18-22 жас аралығындағы тұрмыс құрмаған жастар. Сондай-ақ жастар арасындағы нашақорлықтың және осыған байланысты В және С гепатиттерінің жұғу каупінің өсуі қазіргі таңда медицина саласында көптеген күрделі мәселелерді туындатып отыр.

Ж. Ж. Ахатаева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер