Өлең, жыр, ақындар

Туртурикалық чубо

Бойы етіктен аз-ақ қалқыңқы болған соң, бәрі оны Чубоцел деп атап кетті.

Молдаванша «чубоцеле» — етік. Міне, бұл ат содан шыққан, егер бұл сөзді қазақшаға тура аударса, Етік бала болар еді. Бірақ біз оның есімін аудармаймыз. Ең абзалы — Чубо деп атаған. Осылайша оны еркелетіп, Чубо деп мамасы атайтын.

— Чубо! Чубо! Чубоцел! Қайдасың сен?

— Чубо! Чубо! Сен қайда жоғалып кеттің?!

Шынында да өзі күнде бір жаққа жоғалып кететін-ді, содан мамасы ұлын тек кешке ғана, ол үйге келгенде бір-ақ көретін. Ал күндіз Чубоцелдің қайда екенін чубоцелдер ғана білетін.

Кеше шешесі оны күн ұзаққа іздеді. Әйтеуір, тапты- ау! Міне, ол, қарашығы, тауық қорада отыр.

— Чубо! Сен мұнда не істеп жатырсын?

— Отырмын.

— Қайда отырсың? О жасаған, кешіре гөр, есіркей гөр бізді!

— «Қайда, қайда» дейді ғой! Тауықтың ұясында!

— Неге?

Чубо көзін жіпсите сығырайтып, шешесіне қарады — қызық екен, шынымен-ақ, ол өзі әжептәуір адамның тауықтың ұясында неге отыратынын білмегені ме?

— Балапанға суық тимесін деп ұяны жылытып отырмын.

— Қайдағы балапан?

— Әлгі жұмыртқадан шығатын ше? Қазір тауық келеді, жұмыртқалайды...

Айтқандай-ақ, тауық қораға тауық келді де, жұмыртқалады, одан шыққан балапан жөткірмеді де, Чубо да жөтелмеді деуге болады, тек бір-екі мәрте түшкіріп жіберді, сосын суық тиген болу керек, мұрнынан су ақты... Қысқасы, шешесі оның арқасына банка қойды. Ал келесі күні Чубо банкаларымен қоса жоғалып кетті.

Кешке жақын үлкен қолды адам келді. Бұл адамның қолында кішірек қол бар, ол Чубоның қолы еді. Бірақ қазіргі әңгіме оның қолы жайында емес, аяғы жайында. Аяғы оның су-су болатын. Және онысы селоның сыртынан әлдеқайда алыста бір жерден табылған-ды.

— Ау, сен өзің қайда бет алып едің? Ә? Қайда?

— Қыстың қай жерде бітетінін көруге кеткем. Саған бәйшешектер теріп әкелейін деп едім.

Кеш бойы шешесі аһылап-уһілеп жылаумен болды, ал Чубо ұйқтаған кезде, еріне былай деді:

— Көрерсің әлі, бұдан көз жазып қаламыз... күртік қардың астына кіріп жоғалады... Содан көктемде оның чубосын... чубосын... етігін ғана табамыз...

— Жә, болды! — деп әкесі жұдырығымен столды қойып қалды.

Бір қойып қалып, ұйқыға жатты, ал таңертең ертерек тұрып, қақпаға дәу құлып салды да, көңілі орнына түсіп, жұмысына жөнелді.

Кешірек тұрған Чубо құлыпты көрді, сосын ауладағы қарды көрді. Қар көп жауыпты, аулада қардан өзге ештеңе көрінбейді. Тіпті күлкің келеді бір түрлі. Қар мен құлып, құлып пен қардан өзге еш нәрсені көрмей, екі көзін бақырайып тұрғаның. Ал қармен құлыпты аша алмайсың.

Бірақ Чубо құлыпты ашып әуреленіп жатпады. Қоршаудың жанына — ал қоршау биік, әрі тұтастай тастан қаланған еді — Чубо ақша қардан әжейдің мүсінін жасады. Сосын оның иығына өрмелеп шығып, қоршаудан бір-ақ қарғыды.

— Чубоцел! Қайда кеттің? — деп айқайлады көрші әйел.

— Қар-атаны іздеуге, — деп жауап береді Чубо. — Әжей өтініп еді.

Чубо үйіне кешке оралды, бірақ қақпа бекітулі ғой. Ол қардан тездетіп адам мүсінін жасап жіберді де, соның иығына шығып, қоршаудан бір-ақ қарғыды.

— Қорықпай-ақ қой, әжесі, — деді Чубо әлгі таңертең өзі қардан жасаған мүсінге. — Шалың сенің қоршаудың сыртында тұр.

Кешікпей әкесі де оралып, қақпаның кілтін сылдырлатып қойып, әйеліне былай деді:

— Мінекей, ең сенімді әдіс осы! Керемет ойлап тапқан жоқпын ба?

Ол ұйқыға жатқанда, кілтін жастығының астына тығып қойды.

Таңертең әкесі қалтасына кілтін салып, аузына темекі түтікшесін тістеп алып, шеберханадағы жұмысына, шешесі фермаға кетті. Ал Чубо болса аулаға шықты.

Бір уақытта қараса, кешегі өзі жасаған Қар-әжей бұған көзін қысып, қар саусағымен ымдап өзіне шақырды.

— Осы менің шалым жалаң бас-ау деймін, — деді әжей Чубо түсінетін қар тілінде. —-Қарап жіберші, түнде қоршаудың сыртында біреу қалтырап тоңғандай болып еді.

— Түу! — деп дауыстап жіберді Чубо. — Ол сол ғой қалтыраған!

Чубоцел үйіне жүгіріп барып келіп, қоршаудан қарғып түсті де, қойнынан әкесінің қалпағын суырып алды.

— Бұл сенің кемпіріңнен сәлемдеме, — деді де, ол қардан жасалған кәрі басқа қалпақты қонжита салды.

Кешке жақын селодан оралған кезде Қар-әжейдің аузына кәмпит салды.

— Шалың беріп жіберді саған. «Иіліп тәжім ет» деді, — деді де, Чубо ойланып қалды. Селода әжесі де, атасы да жоқ екеніне өкінді.

— Бері қарашы, — деді ол, — менің әжем болғың келе ме?

— Мока, нока, чуку, бу, — деп жауап қатты кемпір, қар тілінде айтылған бұл сөздің мағынасы: болғым келеді, неге болмасқа? — еді.

— Міне, керемет, — деп қуанды Чубо. — Мен сені Далба әжей деп, ал атайды Далбу1 деп атаймын.

Содан бері Далба әжейдің өз шалына сәлемдеме жібермеген бір күні болмады, біресе қолғап, біресе таяқ дегендейін, өйткені, дала суық қой, сосын қабаған иттер де көп жүреді.

— Ал кемпір онда не істеп жатыр? — деп сұрады Далбу атай. — Тоңбай ма екен өзі! Әйтпесе мен — були, тули, цока, мок!.

— Иә, түсіндім, — деп жауап қатты Чубо. — Міндетті түрде жеткіземін сәлеміңді.

Сөйтіп жеткізді де.

— Шалың сәлем айтты, ол: «Түнде саған көңілсіз болмау үшін аспанға ай жағып қойдым», — деді.

Бірде шешесі қараса — Қар-әже мұның шәлісіне оранып алыпты, ал әкесі өзінің жоғалған түтікшесін Қар-атаның аузынан тапты.

— Жарайды, әйтеуір баламның үйден кетіп қалмай жүргеніне шүкіршілік, — деді әкесі. — Қақпаға құлып салу табылған ақыл болды. Сенімді-ақ әдіс.

Ал қардан жасалған екі адам, әрине, Чубоның ауладан шығып кетуіне әрдайым жәрдем жасап жүрді, бірақ бұл жөнінде ешкімге ләм демеді.

Бір жолы фермаға көрші әйел жүгіріп келді. Чубоның шешесі сиыр сауып жатыр еді.

— Таста сиырыңды!

— Не болды тағы?

— Чубо кәрі төбет — Фараонды шанаға жегіп алыпты. Өзеннен әрі өтіп, тура Қораз тауына қарай тартып барады.

— Жасаған-ай! Онда үш бірдей құдық бар ғой!

— Оның үстіне шанаға зырылдақ қалақша орнатып алған! — деді дабырлап көршісі. — Сөйтіп, тура тауға өрлеп барады! Ал тау ересен үлкен ғой! Сұмдық-ай!

Шешесі күйеуінің ағаш ұста дүкеніне жүгірді.

— Не амал істейміз, Мэй?!

Чубоның әкесі аулаға атып шықты, дәл осы кезде жолмен ұн толы қаптарды тиеген шана кетіп барады екен.

— Тп-ппру! — әкесі демде атты тоқтатып, доғарды да, үстіне бір-ақ ырғып, Қораз тауына қарай шаба жөнелді.

Қаптар иесі аузын ашты да қалды. Бірақ ол аузын ашып қанша тұрмақ? Жерге секіріп түсіп, әйтіп-бүйтіп шанаға жегілді де, жүгін әрі қарай сүйрей жөнелді, ал Чубоның шешесі шананы артынан итеріп отырды. Итеріп келе жатып, өзі Чубо көрінбей ме деп аспанға қарайды. Егер баласының шанасының зырылдап айналып тұратын қалағы болса, бәлкім, қазір селоның үстімен көктей ұшып та өтер.

Ал Далба әжей атайдан:

— Ники, мики? Немерең көрінбей ме? — деп сұрады.

Бір айта кететін жайт — Чубо шанасының қалағы бар екенін әжесі таңертең-ақ байқаған болатын.

— Шынында да бір жаққа ұшып кетіп жүрмесін, — деп ойлаған, әжесі шанаға жіп байлап қойған. Ал жіп болса, оның жемпірінен тарқатылып, Чубо Қораз тауына қарай зырлаған сайын жемпір біртіндеп тарқатыла берді. Енді тек жарты жеңі ғана қалған еді.

— Сен де жіпке жармас! —деп айқайлады кемпір шалға. — Екеулесек, тоқтатамыз!

«Муки, мури, рики, ми» дегенді шешесінің жолай құлағы шалса да, ештеңе түсіне алмады. Ал үйіне тақаған кезде, ақша қардан жасалған атай мен әжейдің жіпке екеулей жармасып, барынша тырмысып тартып тұрғандарын көрді.

Шешесі жіпті қолымен қозғап көріп еді — мәссаған, арғы ұшында біреу отырған сияқты. Чубо болмас па екен? Әйтеуір жіп үзіліп кетпесе жарар еді.

Атай мен әжейдің тарта-тарта түсіргендері бір кішірек сыңар етік болды.

— Чубо! Байғұс Чубо! Қайда ол?

Екі көрші әйел жүгіріп келіп, сыңар етікті көріп ойбайлай бастады.

— Байғұс бала! Оны жыртқыш аңдар, қасқырлар жеп қойған ғой!

Осылай олар қашан әкесі келгенше ойбай салып, аһылап-уһілеп, етікті сүюмен болды. Чубо бір аяғын әкесінің қойнына тығып жіберіп, өзі оның қолында отыр еді.

Ымырт үйіріле солардың ізімен шанаға жегілген кәрі төбет — Фараон да келді.

Иә, Далба әжей, қапылыста жіпті шанаға емес, Чубоның сыңар етігіне байлап жіберген болып шықты.

— Мұның етігіне атын жазып қоюға тура келеді, — деді әкесі.

— Ол неге қажет?

— Солай. Етігіне оның аты-жөні мынау, пәлен деген селодан деп жазып қоямын. Егер шығандап алыс кете қалса, етігі жәрдемдеседі, бүгінде халық сауатты ғой.

Ертеңінде Далба әжей Чубодан:

— Етігіңдегі не жазу, — деп сұрады.

— Чубо! — деп ежіктей оқыды ақылды кәрі төбет Фараон. — Тур-ту-ри-ка-лық Чу-бо!2.

— Естимісің шал! — деп айқайлады Далба әжей. — Біз екеуміз де осы селоданбыз. Өзіңді қайдағы қаңғыбас біреу екенмін деп ойлап қалма, жолдың қақ ортасында тұрсаң да.

ДИІРМЕНШІ АҒАЙ

Келесі күні әкесі Фараонды ағаш ұстасына өзімен ертіп ала кетті, өйткені Чубо оны тағы да шанаға жегіп жүрер деп қауіптенген еді.

— Ал сонда қораны кім күзетпек? — деп ойға қалды Чубо, бөркін желкесіне қарай ысырып қойып.

Ол иттің кетегіне кіріп алды, ал он шақты минуттан соң қақпа ашылды да, аулада тап сол әлгі кеше фермаға жүгіріп келген көрші әйел көрінді. Кенет күркеше аузынан бір сабалақ бас шыға келіп, өршелене үріп қоя берді. Әуп! Әуп! Әуп!

— Чубо! Мұның не? Шайтан түртті ме? Мен саған көгершін3 пісіріп әкелдім ғой.

Ит үйшіктен ырылдап шыға келіп, көрші әйелге, әрине, төрт аяқтап тұра-тұра ұмтылды. Көрші әйел олай жалтарды, бұлай жалтарды, төбет қояр емес, қаппақшы болады.

Тек аулаға Фараонды ертіп әкесі мен шешесі келгенде ғана — ырылдаған төрт аяқты хайуан — екі аяқты жан иесіне айналды. Енді ауланы күзетушінің өзі келді ғой.

Кешке жақын әкесі етігін шешіп жатқанда, Чубо одан:

— Сен күштісің бе? — деп сұрады.

— Жалпы, солай, — деп жауап қатты әкесі.

— Ал ұйықтаған кезіңде саған күш керек пе?

— Жалпы, жоқ, — деп жауап қатты әкесі желкесін қасып қойып.

— Ендеше маған оныңды ертеңге дейін бере тұршы

— Кімді? Нені? — деп түсінбеді- әкесі.

— Күшіңді.

— Жарайды, несі бар ала ғой, — деді ақ көңілділікпен әкесі.

— Онда менің бесігіме жатып ұйықта, — деді Чубо. — Сен енді — бөбексің, ал мен керісінше үлкен ересек адам боламын.

— Ал мен оған сыймаймын ғой.

— Оқа емес, бірдеңе етіп көр.

Әкесі күліп жіберді — өзі көптен бері бесікте ұйықтамаған еді. Бірақ енді уәде еткеннен кейін ұлымен айтыспады. Бесікке кіріп, тізесін иегіне тақай бүктеле жатты.

— Әлди-әлди! — деп тербетті бесікті Чубо. — Ұйықта!

Әкесі алғашында бұнысына күлген еді, сосын ойламаған жерден есінеп, тіпті тып-тыныш ұйықтады да қалды.

Шешесі бесіктен күйеуін көріп, қорқып кетті.

— Әкем-ау! Сен бесікте неғып жатырсың! Бәлкім, саған жаялық төсеп беру керек шығар? Жасаған-ау, бұл үй не болып кетті өзі!

Әкесі көзін ашты, бірақ бесіктен тұра алмады. Денесі дәу болғанмен, күші жетер емес. Бөбектей әлсізденіп қалған. Бір аяғын әзер дегенде созды.

— Мен бір түрлі шаршап жатырмын, — деді де, ол одан бетер қатты ұйқтап кетті.

Шешесі аһылап-уһілеп, айғайын салып, өзі де ұйқтауға жатты. Шешесінің ұйықтауын күткен Чубо сенекке шықты, ал онда бидай толтырылған қаптар тұрған болатын. Ол бір қапты жерден көтеріп еді, шынында да күшті болып кетіпті. Екіншісін көтерді — керемет жеп-жеңіл! Ол қаптарды шатырдың үстіне апарды. Сосын аулаға шықты.

— Ика, чика! — деген дауыс естілді қараңғыдан. — Неғып ұйқтамай жүрсің?

Бұл Далба әжесі еді, немересін бірден байқап қалыпты.

Ал Чубо сөйткенше болмай, сарайдан сүймен темірді алып келіп, қоршаудың тас қабырғасын гүрсілдетіп ұра бастады! Осылайша ол қоршаудан қашан терезе тесіп шығарғанша ұра берді.

Сол-ақ екен, тесіктен Далбу атайдың баласы көрінді.

— Кеш жарық! — деді атасы қалпағын көтеріп. — Кеш жарық, Далба!

— Туһ, тереземіздің болғаны қандай жақсы еді, — деп қуанып кетті әжей. — Ал жарайсың, Чубо! Енді мен шалымды көріп тұрамын.

— Терезе бар болса, демек, үй де бар, — деді ойға шомған қарт. — Рас, біздің үйіміз не бары бір терезе және бір қабырғадан тұрады, бірақ оқа емес. Бір өкініштісі — қонақты отырғызар жердің жоқтығы. Шіркін, орындық болар ма еді?!

— Жасаймыз, — деді де, Чубо әлгі сүйменмен қопарып түсірген тастардан ұзынша орындық жасап берді.

— Қонақ келуін қалаймын! — деді ойда жоқта Далба әжей. — Өте қалаймын қонақтың келуін.

— Кім келмекші? — деді Чубо. — Жұрттың бәрі ұйқыда ғой.

— Анау Диірменші ағай ше?

Чубо амалсыздан аузын ашып, аңтарылды да қалды.

Диірменші ағай жайында ол баяғыда-ақ естіген. Бұл ағай Рэут өзенінің ар жағындағы ескі диірменде тұрады десетін.

— Соған жөнел, Чубо, — деп өтінді атасы. — Қар-атқа мін де, жөнел.

Чубо ақша қардан жалы төгілген, мұз тұяқтары мығым атты лезде жасады. Атты шанаға жекті де, бұлар тез жүйтки жөнелді, тек мұз тұяқтардың тарсылы ғана естіледі.

— Тп-ппру! — Ол атын диірменнің босағасына тоқтатып, қараса, есіктің астындағы саңылаудан жылтырап жарық көрініп тұр. Бір түрлі ала бөтен жылтырайды, жарық — қарақшылар ма, әлде ұрылар жүр ме екен?

Чубо құлағын тосып еді, мына бір өлеңді естіді:

Көкем менің диірменші
Атам менің ұн тартқан.
Ағам-дағы диірменнен
Бидай ұнын боратқан.
Жөргегімнен мен де әлі
Ұн тартумен келемін.
Адамдардың көңілін
Аппақ ұнмен жебеймін.

Чубо демін ішіне тартып, батылданып алды да, — тақ-тақ-тақ! — есік қақты.

— Не әкелдің диірменге қайырымды жан? — деген дауыс естілді. — Диірмен жұмыс істемейді! Әлі жөндеген жоқпын. Келер жылы кел! Түу! Неткен әдемі ат!

Диірменші ағатай жартылай есік ашты. Ол үстіне жылы тон киген, ұзын ақ сақалды кісі екен. Бірақ кіп-кішкентай, бойы Чубоның етігіндей ғана. Қолында — май шам. Алайда сақалына тым тақамайды, мұнысы — жаман айтпай жақсы жоқ, жанып кетпесін дегені болу керек.

Чубоның таң қалғаннан көзі жыпылықтап кетті: «Сиқыршы емес пе екен осы ағайдың өзі». Ол жайында селодағы жұрт жиі айтады, ал, бірақ оны көру баршаның пешенесіне жазылмаған. Диірменші жұрттың бәріне бірдей көріне бермейді.

— Сен бе ән айтқан, ә? — деп сұрады Чубо.

— Біз, — деп басын изеді ағатай.

— Солай ма! Сендер екеусіңдер ме?

— Ән айтатын да, тыңдайтын да менмін. Демек, біз екеуміз. Тек мына сақалымыз ғана екеу ара — біреу.

— Көптен тұрасың ба сен мұнда?

Диірменші баланы саусағымен ымдап шақырды Чубо босағадан аттады. Ағай оны қабырғаға таман алып келді, онда екі сары, бір көк — үш жапырақ ілулі тұр еді.

— Еһе, — деп түсіне қойды Чубо.: — Демек, мұнда тұрғаныңа екі күз, бір жаз болған екен ғой.

— Дәл солай! — деп сақалын изеп қойып, Диірменші ағай қолына балғаны алды да, ана жерден бір, мына жерден бір соққылай бастады.

Шегені қолға алған ем,
Ұрамын оны балғамен,
Тақ, тұқ!
Осылай ұрсам дөп болар,
Диірменде ұн көп болар!
Тақ, тұқ!

— Ал мен жұмыспен келіп едім, — деді Чубо. — Ақша қардан жасаған екі адам жаңа қоныс тойын жасап жатыр. Сені қонаққа шақырады.

— Қолым тимейді, — деді Дирменші ағай. — Жөндеу керек... Ой, шіркін, атың керім екен! Керемет ат! Мұндай атпен құйғытып бір шауып келген де теріс болмас еді. Жарайды, жүр, кеттік! Тек мен салт мінейін!

— Жарайды, — деп келісті Чубо, сол кезде Диірменші ақша қардан жасалған аттың үстіне бір-ақ ырғыды, ал Чубо шананың ішіне құлады. Бұлар көңілдене құйғытты.

— Тыңдашы, — деді Диірменші. — Мен өмірімде тойда болып көрген емеспін. Онда мен не істеуім керек?

— Оны бара көресің.

Далбу атай Чубо мен Диірменші ағайды сонадайдан көрді. Атай ернімен:

— Бум! Бум! Бум! — деп барабан маршын ойнады.

— Келіңіздер, төрлетіңіздер, мәртебелі қонақтар! — деп иіліп тәжім етті Далба әжей.

Диірменші аттан секіріп түсіп, ұзын орындыққа барып отырды. Бірақ оның үстінен атай мен әжейдің екеуін бірдей көре алмады. Сосын Чубо оны терезеге отырғызып, ұзын орындыққа өзі жайғасты.

Далбу атай ақ мұртын шиырды.

— Ал біздер, білсең, туыспыз ғой, — деді ол ағайға. — Диірменшілер ақ болса, және біз, қардан жасалған адамдар ақ болсақ, онда пісетін қалаштар да ақ болмақ емес пе?

— Бұл дұрыс, — деді Диірменші ағай. — Қыста қар көп болса — егін де бітік шығады. Мол астық — ақ үн.

Далбу атай: «Сонау аспан төрінде өзімнің де диірменім бар, ол жұмыс істеген кезде жерге қар жауады» деп айтпақшы еді. Бірақ әжей сөзді бөлді:

— Тамақ алыңдар, өтінемін сіздерден! Тамақ алыңыздар, мәртебелі қонақтар!

Солай деп, әжей терезеге қарай бір кішірек табақты ұсынды. Ал табақта кәмпит бар болатын. Баяғы, әжейдің аузына Чубо салған кәмпит.

— Ал сен диірменді қайтіп жөндейсің? — деп сұрады Далбу атай.

— Балғамен ұрып.

— Демек, сен былайша айтқанда, шебер екенсің ғой!

— Иә.

— Ал сен айды мына жерге, дәл біздің төбемізге тоқтата алмас па екенсің. Әйтпесе кейде қараңғыда кемпірім мүлде жоқ сияқты көрінеді.

— Болады, атай. Бірақ ең әуелі диірменді бірыңғайлайын. Ал оның ар жағында Айды да қолға алармын.

Диірменші ағай кәмпитті ұзақ жеді. Кәмпит оған біз үшін қарбыз қандай болса, сондай көрініп, сыбағасына сәл үлкендеу соқты. Ал жеп тауысқан кезде, табақты да қолтығына қысып алды. Қонақ болу оған өте-мөте ұнаған еді.

— Мен жуықта тағы келемін, — деді ол.

Чубо әкесін бесіктен алып шығып, кереуетке көтеріп апарған кезде, село іргесінде әтештер де шақыра бастаған еді.

УКУ

Таңертең ертемен аулада мынадай мазасыз дауыстар естілді.

— Чуку, ми! Були, чок!

— Туку, муку, барабуку! Ойбай, жәрдемдесіңдер!

Бұл айқайлаған, әрине, Далба әжей мен оның шалы еді. Әңгіме мынада, әкесі оянған соң, қоршаудағы тесікті көріп, оны дереу бітей бастаған-ды.

Қарлы өңештен шыққан айқай Чубоны оятып жіберді. Ұйқылы-ояу күйі ол кереуеттен секіріп түсіп, сыртқа атып шықты. Көп ойланбастан, қоршауға жүгіріп келіп, түнде өзі тесіп шығарған терезенің көзіне отырып алды.

— Түс, Чубо! — деп айқайлады әкесі.— Біреу тесік шығарып қойыпты, бітеп тастау керек.

Чубо орнынан тапжылмады.

— Мэй-ay, бұның не? — деп бажылдады басқыш жақтан шешесі. — Ұлыңды қабырғаға қатырып тастайын деп пе едің?

— Тфу! — деп, ашумен бір түкірген әкесі қолын сілтеп, өзінің шеберханасына кетті.

Ал Чубо терезеден секіріп түсіп, қайта ұйқтауға жөнелді. Далбу атайдың үйі осылай аман қалды.

Қуанышы қойнына сыймаған әжей шалынан көзін айырмады. Ал шалы сұмдық жұмыс басты адамның түріне еніп, маңғаздана жөткірінумен болды. Жөтеліп болып, түтікшесін алды да, қар пальтосының етегіне былай деп жазды:

Танга, ринга,
Ти-ти-ри.
Ринга, тинга,
Ри-ти-ти?!
Біздің тілімізде бұл былай болып естілер еді.
О адамдар!
Біз не жазып едік,
Сендерге кемпіріміз екеуміз?!
Біздің арамызды. неге тас дуалмен бөлесіңдер?!

Көріп отырсыздар, бұл өлең. Далбу атайдың кеудесінде қарлы ақын жүрек бұлқына соғып тұр еді.

Әжейге өлең өте ұнады. Әжей оны қар кірпіктерін жауып, әндетіп оқыды, осылай көпке шейін оқи берер ме еді, бірақ осы кезде үйлеріне қонақтар келе бастады.

Ең бірінші болып — ақылды төбет Фараон келді. ЬІрылдап амандасты, өлең оқыды. Сосын шымшық торғайлар ұшып жетті. Тіпті қой да үш рет қоршауынан шығып келді. Қонаққа келіп, терезеден қарап тұрады - .тұрады да, қайта кетеді. Ләм-мим жоқ, мақаулау. .. — Қонақтарымыздың болғаны бек жақсы, — деді Далбу атай. — Бірақ біз көбейсек деп едім.

— Ол қалай? — деп түсінбеді әжей.

— Оп-оңай. Маған қардан бала тауып бер.

— Саған бірдененің шалығы тиген емес пе? Кемпір емеспін бе мен?

— Қайдағы кемпір? Жап-жассың әлі де. Табасың, сол!

Далбу атай айтқан сөзінен қайтпай қойған соң, әжейдің енді басқа лаждың қалмағанына көзі жетті. Қардан жаралған бір ұлды тапты да берді. Құртақандай әзірге.

Осы кезде бұлардың бір терезелі үйінде не болғанын көрсеңдер. Той-думан, шаттық! -. Атай ұлын көре алмай, айқайлап бүкіл көшені басына көтерді.

— Ay, жоғарырақ көтерші деймін өзін! Дұрыстап көрейін де!

Әжей ұлын жоғары көтерген кезде, ол мұртынан күліп:

— Бойың төбеге жетсін! Міне, біздің үйіміздің қорғаны осы болады! — деді.

Олар мәз-мейрам болып, балаға Уку деп ат қойды.

Бала дегендей болып шықты. Бір тәуірі — екі аяғы бар, тәй-тәй басып жүре алады.

Тәй-тәй басып, Уку дуалдан шығып, әкесіне барды.

Әке мен бала аймаласып, сүйісті-ай келіп. Әкесі оның басына өзінің қалпағын қонжита салды.

Чубо оянған кезде, Уку оны босағада күтіп алды. ,

— Сәлем! — деп саңқ етті Чубо. — Кел, бойымызды өлшейік, қайсымыз биік екенбіз!

Бойларын өлшеді. Чубо биіктеу екен, бірақ оның көйлегі Укуге жарады. Сәл үлкендеу, алайда Уку тыр жалаңаш күйде жүре алмайды ғой енді.

Чубо оған көйлегін берді, ал шалбардың әзірге орайы келмеді. Чубоның өзінің де шалбары сонша көп емес — біреу-ақ. Шалбарды екеуінің біреуіне киюге тура келеді, не ол, не Уку.

Ал Уку көз алдында өсе бастады. Чубо оған өзінің бар байлығын — сиырын, қойын, тауығын, Фараонын, тіпті алма ағаштағы торғайларына шейін көрсетіп болғанша, Уку өсе берді, өсе берді. Әсіресе оның қардан жасалған аяқтары тез өсті. Ол қақпаға қайтып оралған кезде — әжесінің бойына жедеғабыл болып қалды.

Бұлар Чубо екеуі жасырынбақ ойнай бастады. Уку қызық! Екі көзін қолымен жабады да:

— Болдым! — деп айқайлайды. — Болдым! Мен тығылып болдым! ..

Бәрінің, әрине, сықылықтап, күлкіден ішек-сілелері қатады! Қүлкілі-ақ, құдай ақына! Жасырынған түрін көрдің бе? Мына жаңа туған нәрестенің қылығын көрдің бе?

Ал шалбар жөніндегі мәселенің дегенмен маңызы жойылмады. Жөні түзу адамның, тіпті қардан жасалса-дағы, жарық дүниеде шалбарсыз селтеңдеуі келіспейді. Бірақ шалбардың жоқ екені мәлім. Чубо оған жүгері сабақтарынан юбка тәріздес бірдеңе ілдебайлап берді. Бұл — Уку түнде тоңбасын дегені еді. Қардан жасалса-дағы, аяу керек, нәресте ғой.

Әкесі таңертең ерте оянып, ауладағы жүгері сабақтарын көрді, бірақ оған оранған Укудың өзін, қалай екені белгісіз, байқамады.

— Мен бұл жүгеріні қойларға апарып бере қояйын, — деп ойлаған ол, жүгері сабақтарын Укумен қоса бас салып оттыққа алып барды.

Абиыр болғанда, әйтеуір, Чубо оянып, Укуды дер кезінде құтқарып қалды, ал сабақтарды, мейлі, қой жей берсін.

Далба әжейден бір орам жіп алып, Чубо онымен Укудың әр аяғын орап тастады. Мұнысы бүрмелі әп-әдемі шалбар болып шықты.

Жаңа жыл туған күн ерекше күн болды.

Егер әлдекім сол күні телеграф бағанасына құлағын тосса, бірден қоңырау сыңғырын естір еді. Бұл қоңыраулатып, деревняға жақындап қалған Жаңа жыл болатын.

Сол кезде Чубо терезе алдындағы қарға шыршаның бұтағын шанышты, сөйтіп, Уку екеуі шыршаны әшекейлеуге кірісті. Шыршаға жүгері собығын, бидай Масақтарын, базиликтің кепкен сабақтарын ілді.

Әп-әдемі болып шықты. Далбу атайдың үйінде де жұпар иіс бұрқырады.

— Күн кешкіріп қалды, — деді Чубо, — Далбу ата құттықтауларымызды қабылдайсың ба?

— Кемпір — деп қуанып кетті атасы. — Бізге балалар келді. Құттықтап жатыр.

Осы кезде Чубо терезе астындағы қоңырауды қағып қалды да, жарапазан айтқандай жаңғыртып, былай деп әндетті:

Бірде қыста
Қар атам,
Қар соқаға
Жекті атын!
Беу, беу,
Жекті атын!
Қарды жыртты
Боратып,
Бидай екті
Op атын!
Беу-беу,
Бидай екті оратын.
Қар жамылған
Далада
Өсті әйдік бір
Ақ қалаш!
Беу-беу, өсті әйдік бір
Ақ қалаш!
Жаңа жылмен!
Жаңа бақытпен, мейірбанды үй иелері!

— Міне, бұларыңа рақмет! — деді Далбу атасы. — Урэтурэлерің үшін рақмет сендерге!

Әжей Чубо мен Укуға жаңғақ берді. Ал атасы оған әлде екі, әлде үш тиін қосты.

Чубо мен Уку енді урэтурэні бүкіл деревняны аралап жүріп әндетті.

Әндетуші Чубо да, қостаушы Уку. Ол:

— Гей, гей-й-й! — деп көтермелей айқайлап қояды.

Оның молдаванша бар білетіні осы — гей еді! — оның есесіне қоңырауды керемет қағып, шылдырлатады,

— Сендер нешеусіңдер? — деп сұрайтын болды әйелдер терезелерден бастарын шығарып.

— Екеуміз, — деп жауап қатады Чубо. — Менің қасымда Далбу атайдың ұлы бар.

Сөйтіп, әйелдер бұлардың екеуіне де сәлем-сауқат алып шығып беріп жатты.

— Чубо, урэтурэні ертең де аралап әндетейікші, — деді Уку. — Одан арғы күні де. Жалпы, күнде кешке. Және Қар-атты да өзімізбен бірге ала жүрейік!

— О не дегенің, Уку! — деп күлді Чубо! — Урэтурэ әні тек бір-ақ кеш шырқалады. Дәл Жаңа жыл келерде.

ДИІРМЕННІҢ ІСКЕ ҚОСЫЛУЫ

Келесі күні кешке Чубо әкесінен бесікке жатуды қайтадан өтінді. Бірақ әкесі бұл жөнінде тыңдағысы да келмеді.

— Бәлсінбесеңші енді, — деді шешесі, — Жарайды, қоршаудан тесік шығарған екен, бүлінген ештеңе жоқ қой. Оған қардан жасалған адамдармен сұқбаттасу қызық, бар болғаны сол.

— Ал егер сол тесіктен қасқыр кіріп кетсе, қайтесің? — деп ырық бермеді әкесі. — Өзіңше, менің бесікте жатып ысқырғаныма ол қашып кетеді деп ойлайсың ғой?

— Ендеше, мен өзім жатамын бесікке, — деді шешесі. — Ойхой! Не заман бесікте тербетілмегелі.

Шешесі бесікке кіріп, өйтіп-бүйтіп жайласты. Чубо:

— Әлди-әлди, ұйықтай ғой! — деп әндетті.

Сөйткенше болмай, мамасы тез ұйқтап қалды. Шешесінің түсіне өзінің жасыл алқапта көбелек қуып жүргені енді.

Әкесі үйдің ішінде күңкілдеп, қырылдаумен болды. Енді кешкі тамақты өзі даярлауы керек еді. Бірақ пеш жағып әуре болмады. Төбедегі шатырдың ішіне кіріп, сондағы кәкір-шүкірдің арасынан ескі бесікті тауып алып, түбіне тақтайды мықтап тұрып қақты да, сонда жатып ұйқыға кірісті. Кешікпей ол да Чубоның мамасымен бірге жасыл алқапта көбелек қуып жүрді.

Ал Чубо бұл кеште әкесі мен шешесінің бар күшін өзіне қосып алып, керемет әлуетті болып кетті.

Аулада ай жарқырайды. Ай нұрына шомылған атасы мен әжесі бір-біріне терезе-тесіктен қарады да тұрды.

Әжесіне естіртпей, ақырын ғана Чубо атасына былай деді:

— Мен диірменге бара жатырмын, ал сен ауланы күзет. Егер қасқыр келсе, қатты дауыстап, немісше: «айн», «двай», «драй» десен, ол қорқып, қашып кетеді. Ал егер қасқыр өте аш болса, тамақтандыр. Мына қорапта азық бар.

Солай деп, Чубо тал қорапты атасының жанына жерге қойып, Қар-атты шанаға жегіп алды да, құйғытып шаба жөнелді.

Көшеде қыбыр еткен жан жоқ. Тек әр жерде мұржалардан түтін будақтайды. Тіпті иттер де бүгін үнсіз, жалғыз-ақ сонау алыста, өзеннің ар жағында түлкі үреді.

Чубо диірменнің есігін ашып, ішке кірді, бірақ ешкімді көре алмады.

— Ay, ағай! Қайда жүрсің сен?

— Тс-сс! — деген дауыс естілді бейне құдықтан шыққандай.

Чубо үңіле қарап еді, диірмен еденінің астында жылт-жылт еткен кішірек тоғанды көрді. Ал Диірменші ағай қайықта балық аулап отыр.

Чубоны көріп, ол басқышпен жоғары көтерілді.

— Түлкінің үргенін естіп тұрмысың? — деді ол. — Бұл менің түлкім. Ұқтың ба? Қарны аш, міне, сосын үреді. Менде тауық жоқ. Сол себепті оны балықпен асыраймын.

Рэут мұз құрсанғалы бері, Чубо жас балық етін татпаған еді, оның екі көзі жайнап кетті, әрі бүгін кешкі тамағын да ішпеп еді. Бірақ Диірменшінің қол табаны отқа қою ойына келмеді.

Ол балғаны ала сала, тарс-тұрс еткізіп, диірменді жөндей бастады. Чубо тоқпақты алып, оған жәрдемдесуге кірісті. Бұл түні диірменнен шыққан тарсыл деревняға да естіліп тұрды.

Ал Диірменші ағайдың жағы бір секунд тынбады.

— Дүниеде су диірменнен артығы жоқ. Жел диірменге ондай қайда. Өзендегі өмір — өрісті өмір. Бірде қайықпен жүзіп келе жатып, кенет осы диірменді көрдім. «Өзін жөндей қояйыншы» — деп ойладым. Мен бұл істің жай-жапсарын білемін ғой.

Диірмен іші әжептәуір салқын еді, Чубо май шамға қолын жылытты, ал ағай екі қолын сақалының астына тықты.

— Менің жамылғы көрпем де жоқ, — деді ағай. — Ал көрпенің маған не қажеті бар? Ұйықтаған кезде, бүктетіле қаламын да, қол-аяғымды сақалыммен қымтаймын! Рақат! Жып-жылы!

— Ал диірменді қашан іске қосамыз? — деп сұрады Чубо. — Біздің үйде үн бітіп қалды! — Солай деп, тоқпағын қатты дүрс еткізді.

Ағай балғасын тағы да үш мәрте тарсылдатты.

— Дайын! Енді үн тартуға болады!

Қолына май шамын ұстап, ол төмен түсіп, диірмен доңғалағына барды.

— Еһе, — деді ол. — Су болса, қатып жатыр. Ал доңғалақ айналуы үшін су ағып жатуы тиіс. Тфу... жөндеп жатырмыз, жөндеп жатырмыз, ал сыртта қыс екенін тарс ұмытып кетіппіз.

Чубо доңғалақты ұстай алып, айналдырмақшы болып көріп еді, онысынан ештеңе шықпады. Папасы мен мамасынан алған күші көп-ақ болатын, бірақ сонда да шамасы келмеді.

Әтеш екінші рет шақырғанда барып, Чубо үйіне оралды. Оның аяғының тықырын естіп, атасы сонадайдан-ақ кәрлене айқай салды.

— Айн, цвай, драй! Ә, бұл сен бе?

Келесі күні таңертең Чубо орнынан тұрып үлгерместен, оған Уку жүгіріп келді.

— Қырсыққа ұшырадық! — деді сосын ол. — Жәрдем бер!

Чубо үйден атып шығып, әжесінің бетін біреу түк қалдырмастан тырнап тастағанын көрді.

— Бұған не болған?

— Ш-ш-ш-ш-ш, — дегеннен басқа, кемпір түк дыбыс қата алмады.

— Қырсыққа ұшырадық, Чубо, — деді атасы. — Мен кәрі қақбас ұйқтап қалыппын. Сөйтіп, түсімде қасқыр келген екен деймін! Көзімді ашып алсам — оным торғай болып шықты. Кемпіріме ұшып келіп, бет-аузын тырнап, даусын ұрлап кетіпті.

— Даусын емес, тістерін, — деп күлді Чубо. — Бұл кісінің тістері бидай дәндерінен тізілген еді ғой. Оқа емес, қазір жаңадан тіс салып, тырнақ іздерін де тегістеп жөндейміз. Міне, қар да жауа қалған екен.

Чубо сол арада-ақ әжесіне жаңа тістер салды. Тіпті бесеуі артық. Аппақ бетін тегістеді.

— Ал торғай тағы да ұшып келсе ше?

— Сен онда былай істе, — деді де, Чубо әжесінің құлағына бірдеңе деп сыбырлады.

— Құп, — деп күлді әжесі. - Тап солай істеймін.

Торғай, әрине, тез қайта оралды. Жаңа тістерді алыстан-ақ байқап, тура ұмтылды, ал әжесі аузын ашты да:

— Aп! —деп торғайды асап жіберді.

Бірақ біржолата асамады, тіпті жұтпады да, жай әншейін аузын ғана жапты, құйрығының ұшы аузынан қылтиып шығып тұрды.

— О, пәле! — деп ойбай салды байғұс торғай. — Мені қар адамы асап жіберді! Не үшін? Қоя бер, әжей! Аузың қап-қараңғы екен, өзі қорқынышты-ақ!

— Ендігәрі өзгелердің тісін шоқып жейсің бе? — деп сұрады атай.

— Шоқымаймын енді! Шоқымаймын! Кешіріңіз, өтінемін!

Далба әжей аяп кетіп, ақымақты қоя берді. Анау соның өзінде бір тісті тістей-містей, зеңбірек оғындай атып шықты.

Кешкі тамақтан кейін Чубоның әкесі мамасына:

— Сөйтіп қой, екеуміз көбелекті ұстай алмадық. Ал жалпы ұстауымыз керек-ақ, — деді.

Сөйтіп, бұлардың әрқайсысы өз бесіктеріне қайтадан жатты да, Чубо екеуін — мамасын сол, папасын оң қолымен тербетті.

— Әлди-әлди! Әлди-әлди!

Өзінен-өзі түсінікті — бұлардың күші Чубоға көшісімен ол қайтадан диірменге жөнелді.

Ал жолшыбай Чубо Теадор ағайға бұрыла кетпекші болды. Бұл ағай еңгезердей зор мұжық, тура дәудің өзі болатын.

Есік қағысымен дәудің даусы бірден-ақ естілді.

Теадор ағай есікті ашып, баланы қолына көтеріп алмақшы болып еді, бірақ Чубо былай деді:

— Тұра тұршы, Теадор ағай. Қайта мен көтеріп көрейін.

Солай деп, ол кенет дәуді тізесінен төмен қарай ұстап алып, жоғары тік көтерді. Төбеге жеткен Теадор ағайдың малақайы шатыр жиегіне ілінді де, сол күйінше қалып қойды.

— Қайтеді-ей, мынау! — деді Теадор ағай.— Міне, ғажап! Өгіз қара күшің бар ғой, жаным-ау!

Теадор ағай заңы ер көңіл жақсы адам еді, Чубо оны бесікке жатуға көндіруге болатынын білді. Ал диірменнің доңғалағын орнынан жылжыту үшін дәудің күші қажетіне жарар-ақ еді.

— Ау, о не дегенің Чубо, — деді Теадор ағай. — Мен бесікке сыймаймын ғой.

— Астауға жат онда.

— Ay, о не дегенің Чубо! Ұят қой, жұрт не дейді? Жарайды, тек сен үшін.

Ағайдың әйелі ерін астаудың ішінен көргенде, үні шықпай сілейіп тұрып қалды. Қолтығының астына екі градусникті сұғып жіберді. Біреуін сол, екіншісін оң қолтығының астына қойды. Әйелі істің жайын анықтап болғанша, Чубо диірменге келіп жеткен еді.

Ағай алжапқышын байлап алып, жәшікті бидайға толтырды, сосын Чубо доңғалақты бұрап қалғанда, ол бірден-ақ шыр айналды.

Түсіп жатқан ұн қандай: ақ па, ақ емес пе, соны көру үшін. бұлар балауыз шамның бәрін түгел жақты.

Аппақ !— деп айқайлап қоя берді сақалды Диірменші. —Ой, қандай аппақ ұн! Айтпап па едім саған мен «диірменшімін» деп! Айтып па едім, жоқ па? Сап-сары ала бидайдан аппақ үн жасағанымды енді көрдің ғой өзің?

Солай деп, ол диірменді сақалымен сыпырып, домалай жөнелді.

Ұн жүрген жер береке,
Аппағын-ай, аппағын.
Сап-сары ала бидайдан
Ағызамын аппақ ұн!

Таңертең ерте Теадор ағайдың шатыр жиегінде сол күйі әлі ілінін тұрған малақайы ақ ұнға толып қалған еді. Ішіне қырық үш килограмм кетіпті.

ҚАЛЫҚТАП ҰШҚАН ҚАЛАШТАР

Сол күні әкесі шеберханасына бармады. Ол маңғаз күйде селоны кезді.

— Бұл шын ба, тамыр? — деп сұрайды одан біресе біреуі, біресе екіншісі, әкесі мақұлдап басын изейді.

Бүкіл Туртурика селосы қуанышқа кенелді. Тіпті қалай қуанбасқа?

Ұн тарту керек екен — бір қап бидайыңды көшеге алып шығып, қақпаның жанында қалдыр да, өзің бесікке келіп жат. Ал таңертең қарасаң, қабыңда толған ұн, өзі сондай аппақ, сондай жұмсақ, тіпті қамырын саусағыңа сақина етіп орап алуыңа болады.

Ал селодағы бұрқыраған хош иіс қандай? Эһе-е! Мына басқышта — тоқаштардың, анда — кәудірек нанның, ал мұнда — самсаның иісі бұрқырайды.

"Чубо оқта-текте бидай алу үшін деревняға келіп тұрады. Диірменші ағай да бірге келеді. Ағайға деревняның таза ауасы мен неше алуан тәтті иісі қатты ұнаған еді.

— Хи-хи-хи! — деп мәз болады ағай, мұржалардан будақтаған түтінді көрсетіп.

Қар-аттың үстінде ол бар даусымен былай деп шырқады:

Сақалым ақ, мен өзім
Кішкентаймын қашаннан!
Туыспын мен атайға
Ақша қардан жасалған!
Ай далада ақша қар,
Сықырлайды басқанда.
Диірменім, әнекей,
Айналып тұр аспанда.
Жұмыс істер диірмен
Керек болар қарману!
Көп болсын деп әманда
Үлпілдеген қар мен ұн!

Диірменші ағай ұн тартқанына ақша алмады. Оны не істемек? Әуелі есептеуді де білмейді.

Бірақ «Туртурика» селосында мейірбанды адамдар тұратын-ды. Диірменшінің жақсылығын жақсылықпен қайтаруды ұйғарысты.

Төбенің ұшар басынан олар төмендегі диірменге дейін ұзын мықты жіп тартты. Төбенің басына шығып, жіпке қалашты өткізсе болғаны — қас қаққанша, қалаш диірменге жетіп баратын болды. Пештен жаңа ғана шыққан ып-ыстық тәп-тәтті ақ қалаш.

Ал төмендегі диірменде қалаштың келгенін ағайға білдіру үшін қоңырау шылдыр ете қалады.

Неше түрлі құстар — торғай, қарғалар қалықтап ұшып бара жатқан қалаштарды көргенде, мүлде естерінен танады.

Сөйтіп, диірмен дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі күні де ұн тартты. Бейсенбі күні бір адам былай деді:

— Ал егерде Чубо бізге күшімізді таңертең қайтармай қойса қайтеміз? Осылай бесікте бүкіл қыс бойы жатамыз ба?

— Ал кенет оның Нағыз Бастық болғысы келсе ше? — деді бесікте жатқан тағы біреуі. — Міне, сонда болар көкесі! Әй, бәйбішем құлағымның түбін қасып жіберші, қолымды көтеруге күшім келмей жатыр.

Бірақ, әрине, Чубоның ешкімді де алдамақ ойы жоқ-ты. Сөйткенмен де, бір жолы кешке жақын бір ыңғайсыздық болды. Уку болмағанда іс насырға шабуы ықтимал еді.

Сол күні кешке екі қап ұн тартылып болып, Чубо әр ауланың өзіне тиесілі ұнын апарып бермекші болғанда, кенет ұйқысы келді. Ал диірменнің бір бұрышында ескі бесік жататын. Жазда оны бір жақтан өзен ағызып әкеп тастаған-ды.

Чубоның соған жантайғаны сол еді, Диірменші ағай:

— Әлди-әлди... — деп әндетіп қоя берді де, сол-ақ екен бүкіл деревня адамдарының күші Диірменшіге ауысты.

Чубо ұйқтап, ал Диірменші қуанғаннан қол-аяғын ербеңдетіп желпінгені сонша, тіпті әуеге қалықтай көтеріліп кетті. Сақалды көбелекше диірменнің ішін шарлай ұшып, екі пимасы екі жаққа түсіп қалды.

Бұл екі ортада Далбу атай мазасызданайын деді.

Күн едәуір кешкірсе де, Чубо үйіне әлі оралмаған еді.

Атасы Укуды диірменге жіберді.

Уку жүгіріп келіп қараса, есік шалқасынан ашық, Чубо бесікте ұйқтап жатыр, ал Диірменші ұшты-күйді жоқ.

Бұл кезде Диірменші ағайдың дәл Айдың жанында ұшып жүргенін Уку қайдан білсін. Айды біресе иығымен, біресе тізесімен итереді, енді бірде оны орнынан мүлде жылжытып әкеп, диірменнің дәл төбесіне қалықтатып қоймақшы болады.

Уку Чубоцелді оята бастап еді, оята алмай қойды. Қар қолымен оның маңдайын ысқылады, Чубо оянбады. Енді не амал істеуі керек?

Укудың ойлап тапқан амалы — қардан балақан жасады.

— Иока, мока, трока, на! Бол, жылдамдат! — деді Уку. Сол кезде әлгі балақан әп-сәтте өзге бір балақанды жасап шығарды.

—- Иока, мока, трока, на! — Сол-ақ екен, іс оңына басып, сынаптай сырғып жүре берді.

Бір қардан жасалған балақан екіншісін жасап шығарды да, айналасы жарты сағаттың ішінде ұзын саны жүзге жетті. Әскери сап құрғандай қаз-қатар тізбектеле келе, олар диірменнен Далбу атайға шейін созылды. Атай әжейдің атын атап айқайлады, ал әжей қарды жұмарлап алып, оны үй иесінің терезесіне лақтырды.

— Бұл немене? — деп, терезеден мамасының басы көрінді.

— Али, пули, ока, у, — деп дәудірледі кемпір. — Нәм-нәм!

«Али-пулидің» не екенін шешесі, әрине, ұқпады, ал «нәм-нәм» жөнін тез аңғарды. Ол: «Әжейдің қарны ашқан екен» деп ұқты.

Шешесі құрақ ұшып ауладағы әжейге жаңа піскен нан алып шығып берді. Ал әжей бұл нанды атайға тастай берді. Атай нанды қағып алып, ең жақын тұрған қардан жасалған балақанға берді, ол екіншісіне, сөйтіп, мамасының наны диірменге лыпылдап лезде жетіп барды.

Сол жерде Уку, — ақылды бала ғой, — бұл нанды Чубоның танауына тақай қойды.

Чубо танауын жыбырлатып, көзін уқалай бастады.

— Мам, бұл сен бе? — деп Чубо басын көтеріп алды, ұйқысы шайдай ашылып, бесіктің ішінен шыға келді. Taп осы кезде бір нәрсе диірменнің шатырына соғылып, дүрс ете қалды.

Бұл Диірменші ағай еді айдан құлап түскен. Күш Чубоға қайта ауысқан кезде, ай диірменнің дәл төбесінде тұрғаны мұндай жақсы болар ма?

— Жүр, Чубо, жүр кеттік, — деп асықтырды Уку. — Әне, Таң Шолпаны да көрінді. Қазір таң атады, адамдар бесіктерінен шығуға тиіс!

Чубо үн салған қаптарға тез жармаса кетіп, оларды деревняға қарай ала жөнелді. Ол жолшыбай ақша қардан жасалған балақандарға былай деді:

— Чубо, мио! — Чубодан сендерге көп алғыс!

— Яко, чи! — Тағы қашан көрісеміз?

— Чико нио! — Ертең түнде!

АЙДАН ӘКЕЛІНГЕН ЖҰМЫРТҚА

Диірменші ағай бұл екі арада шатырдан түсті. Ол диірменді қиратып кетпегеніне дән риза еді.

— Ал егерде аспаннан алпамсадай бір. дәу құлап түссе ше? Теадор ағай сияқты біреу! Сонда диірменнен не қалар еді? Бәрі осылай сәтімен аяқталғаны мұндай жақсы болар ма.

Ақсай басып, диірменді жағалай бір айналып шығып, бәрі қаз-қалпында екенін көргеннен кейін, ол жатып ұйқыға кірісті.

Келесі күні диірмендегі кішкентай қоңырау қалаштың келгенін хабарлап, босқа қызыл кеңірдек болды. Сақалын жамылып алып, ағай қатты ұйқтап жатыр еді.

Ол ақыры көзін ашқан кезде, диірмен бір жері бүлінбестен бүп-бүтін тұр екен, ал бірақ мына басына не болған! Жасаған-ау! Иығында тұрмайтыны несі? Басын көтеруі мұң екен, жерге сылқ ете қалады. Құдды біреу сақалынан жұлқып тұрғандай.

Бәлкім, біреу сақал арасында жасырынып отырмасын? Сонда отырып алып, жұлқа тартып қоятын шығар.

— Әй, сен шық! — деп айқайлады Диірменші ағай.— Әйтпесе көресің!

Бірақ сақалдан ешкім шықпады да. Диірменші тіпті не істерін білмеді.

Ол айнаға келіп, кенет шекесіндегі шошиып шыға келген үлкендігі дәл кептердің жұмыртқасындай бір томпақты көрді. Диірменші малақайының ішіне тағы да жұмыртқа жоқ па екен деп қарады. Әзірге жоқ сияқты. Жарайды ендеше, шекеңде ең жоқ дегенде бір жұмыртқаның болғаны да жаман емес.

Ағай далаға шығып еді, ақша қардан жасалған балақандарды көрді. Олар сонау деревняға дейін тізбектеліп қаз-қатар сап құрған.

Диірменге келген болулары керек.

— Ау, бидай салған қаптарың қайда? — деп сұрады Диірменші. — Дәнсіз диірменге аттап бастырмаймын! Солай!

Ақша қардан жасалған балақандарда үн жоқ. Біреуі тек көршісіне еңкейіп, құлағына бірдеңе деп сыбыр ете түсті.

— Былай етейік, — деді Диірменші ағай. — Сендер менің телефоным боласыңдар. Осындай бір қардан тізілген телефон жасайық диірменнен селоға дейін, келістік пе?

— Болсын! — деді бастары доп-домалақ балақандар, — Жарайды!

— Алло, Чубо! — деп айқайлады Диірменші ағай. — Сен үйдемісің? Бұл мен ғой, қардан жасалған телефон арқылы сөйлесіп тұрмын. Ұқтың ба? Жауап бер!

— Алло, Чубо! Теле-теле-теле-теле-сен-сен-сен... үй-үй-үй... — деп шуылдап ала жөнелді қардан жасалған балақандар, өстіп селоға дейін шуылдады. Бір минут үнсіздіктен кейін енді селодан диірменге дейін шуылдап ала жөнелді.

— Менің атым — Чубо, Алла емес!

— Сен не, ренжіп қалдың ба? — деп қайталайды Диірменші ағай. — Жарайды, мен ұшып барып келдім дейік бір азырақ... Жә, тіпті Айға дейін... Жә, диірменнің үстіне құлап-ақ түстім...

Балақандар улап-шулай жөнелген кезде, Чубо Ай диірменнің үстіне құлаған екен деп ұқты...

— Шекеме томпақ шықты, өзі кептердің жұмыртқасының үлкендігіндей, — деп шағым жасады телефоннан Ағай.

— Айдағы жұмыртқа кептердің үлкендігіндей екен, — деп жеткізді ең соңындағы қардан жасалған балақан. Әй, келістіреді-ау, балақандар.

— Сен ол жұмыртқаны пісір! — деп айқайлады Чубо.

Ал ағайына ол:

— Мен сені кешірдім! — болып естілді.

Шіркін, жеткізеді-ау, балақандар!

Диірменші ағайдың көңілі жадырап, бойы жеңілдеп сала берді. Өйткені Чубо оны кешірді ғой. Ең жақын тұрған балақанды иығынан бір қағып қойып, ол диірменге қайта келді.

Чубо ойға шомып, әрлі-берлі жүрумен болды. Көрер ме еді, шіркін, түрі қандай болады екен ай жұмыртқасының?!

Не атасы, не әжесі, әрине, Уку балақан да мұндай жұмыртқаны өмірі көрген емес.

«Ал егер бұл жұмыртқаны мекиеннің бауырына салса ше?— деп ойға қалды Чубо, бөркін желкесіне қарай ысырып қойып, — одан кіп-кішкентай сары үрпек Ай шығар ма екен?»

Чубо диірменге мекиенді қолтығына қысып алып келген кезде, ағайы кереуетте басын таңып алған күйі отыр еді.

Мекиен жөнінде оның тыңдағысы да келмеді.

— Кішкентай Ай жарып шығады бұл жұмыртқаның ішінен, — деп қоярда-қоймады Чубо, ақыры, әйтеуір көндірді-ау.

Диірменші ағай басына тауықты қондырып алып түні бойы отырды, ал таңертең Чубо қанша қарағанымен, еш жұмыртқа көре алмады.

— Шын ба? — деп таң қалып Диірменші ағай жүгіріп айнаның алдына келді. Иә, бұл таң қаларлық еді, енді ол өзінің басын дұрыстап ұстай алатын болды. Томпақ ұшты-күйді жоғалған.

— Міне, көріп тұрсың ғой,— деді оған Чубо.— Сен бір есептен — шеберсің, ал мен — дәрігермін.

Чубо тек осы арада байқады, бұл түні бұлар диірменді сол қаңтарып қойған күйі іске қоспапты-ау! Әкем-ау, онда адамдар не үшін бесікте жатыр десеңші?

ЧУБОЦЕЛДІҢ МҰНАРАСЫ

Аспанда бүгін таңертеңнен бері қар диірмені қан көбелек айналып, жұмыс істеп, қарды Туртурика селосына тынымсыз жаудырып тұрды. Чубо мамасын фермаға шығарып салып, үйіне келе жатты да, артына қайрыла қарады. Ол қардың өз ізін көміп, тап бір бұл фермаға келмегендей жып-жылмағай етіп жібергенін көрді.

— Тука, ука? Сен неге көңілсізсің? — деп сұрады одан Далба әжесі.

— Мен осынша кішкентай болғаныма өкінемін. Бойым бәйтеректей биік болса ғой! Сонда тура өзіміздің ауладан фермадағы мамамды көріп жүрер едім. Мамам да мені көрер еді.

— Ник, ник! — деді Далба әжей. — Ондай ұзын болма! Әйтпесе мамаң сен үшін борщ құйған тәрелкені үйдің шатырына шығарып қоятын болады. Ал бұлт, басыңдағы бүкіл шашыңды ұйпа-тұйпа етіп жібереді. Одан да дәу бөрік ки — мамаң сені қай жерде жүрсең де, көретін болады.

— Бірақ менің де оны көргім келеді ғой.

Чубо ойға шомды, қоқайма бөркін желкесіне қарай ысырды. Сосын Қар-атын шанаға жегіп алды да, диірменге тартты. Ол ақша қардан жасалған балақандардың бірінен соң бірін шанаға отырғызып, оларды үйіне тасыды.

Күн бұл кезде кешкіруге айналған-ды, ал жолда қалған балақандар әлі көп болатын.

Сол кезде Чубо олардың әрқайсысына қолма-қол екеуден аяқ жасап беріп еді, балақандардың өздері-ақ бұлардың соңынан деревняға томпаңдай жөнелді.

Ал Укудің естиярлығын содан біліңіз, өзінің ата-анасына, яғни, атай мен әжейге де аяқ жасап беріпті.

Әкесі жұмыстан келсе, аула іші ақша қардан жасалған балақандарға толып кеткен, бірақ мұндағылардың не істемек ойы бар екені оның қаперіне де келмеген еді.

Ал кешке Чубо Қар-атты Диірменші ағайға жіберді.

Шебер келген кезде, ауладағы отта үлкен бір қазанда су қайнап жатыр еді. Қазандағы суды таяқпен былғап қойып, Чубо лай даярлады.

Иә, иә лай! Taп әлгі үй тұрғызған кезде ішіне тас салынатын лай ше? Әңгіменің түйіні, мынада — Чубо мұнара салмақшы болыпты. Ол бүкіл өздерінің тас қоршауларын әуелете аспанға көтеріп биіктетуді ұйғарыпты.

— Несі бар, істейміз, — деді Диірменші ағай, сақалын жұмысқа бөгет жасамас үшін, қойнына тығып жіберіп.

Чубоцелдің әкесі мен шешесі әлдеқашаннан бері өздерінің бесіктерінде ұйқтап, түстерінде көбелектерді қуып жүрген еді. Ал аулада бұрын көз көрмеген мұнараның еңсесі көтеріліп бара жатты.

Тастарды қалаушы — Диірменші ағай да, ал ол тастарды тасушы — ақша қардан жасалған балақандар. далбу атай мен әжей де уақыттарын босқа жоғалтпай, қоршаудың тастарын қопарысты, ал Чубо тастарды тал қорапқа салып, жіппен жоғары шығарып тұрды.

Мұнара үсті-үстіне барған сайын биіктей берді. Бұл кезде үйден әлдеқайда биікке асқақтай көтерілді, ақыры, тас бітіп, қоршау да түгесілді. Не бары Далбу атайдың терезесі мен қонақтарға арналған орындығы ғана қалды.

Мұнаранын биік болып шыққаны сонша, тіпті қазір түнгі ай жарығында оның ұшар басы көрінбеді. Ал Диірменші мен Чубоға бір амалын тауып, төмен түсу керек болды.

Ағайды Чубо тал қорапқа мінгізіп төмен түсірді де, өзі мұнараның басында қалды. Балақандар бұл кезде қарды үйіп, Чубо секіріп түсер биік төбе жасамақшы болып еді, бірақ әжей:

— Біз оны ондай көп қардың ішінен таба алар ма екенбіз? — деді.

Сол кезде Чубо мұнара басына жіп байлап, соның бойымен төмен сырғып түсті.

— Чубо, мио, — деді ол ақша қардан жасалған балақандарға. — Чубодан сендерге көп алғыс.

Шебердің қолын ол қайта қысып, Қар-атты жегіп берді. Диірменші ағай диірменіне жөнелді. Ал ақша қардан жасалған балақандарды Чубо тап сол бұрынғы тас қоршау тұрған жерге жағалай қаз-қатар тұрғызды. Ақша қар балақандардан тізілген жаңа қоршау таң қаларлықтай ғажап болды.

Сосын Чубо үйге келіп, бесіктегі әкесін қолына көтеріп алды да, кереуетіне апарып жатқызды. Мамасын да кереуетке көшіріп, өзі бесікке жатты.

— Бері қарашы, шал, — деді Далба әжей, ақша қардан жасалған балақандарға бажайлай қарап, — Шынымен осылардың бәрі біздің балаларымыз ба?

— Енді кімдікі болушы еді тағы, — деді атай.

— Соны айтсайшы. Шынтуайты — бұл солай сияқты. Мына біреусі тәрізі саған ұқсайды... Ау, жігіт, сенің атың кім?

Балада үн жоқ, тек көзін жыпылықтата береді.

— Немене өзі сақау ма, қалай?

— Мама-ау, аузы жоқ қой оның, — деді Уку.

Әжей бажайлап қарап еді, балақанның аузы жоқ болып шықты. Ал мынасының мұрны жоқ! Оның жанында тұрғаны жалғыз көзді екен.

— Жасаған-ау! Кімдермен толтырғанбыз біз жарық дүниені!

— Кхы! — деп бір жөткірініп қойды Далбу атай, орынды бір сөз ойлап табуға тырысып. — Кхы, кхы...

— Сен де, байқаймын, жүдеу бастанып кетіпсің?

— Тоқта, кәрі шайтан, қайдағыны соқпай! Бұлардың бәрі жай әншейін ақша қардан түнде асығыс жасалынған, уақыт жетпеген. Ондай кезде қайдағы ауыз немесе мұрын. Әрі онда тұрған ештеңе жоқ. Одан да бұлардың жұптары жазылмайтын қандай ынтымақты балақандар екеніне қарасаңшы! Мұндайлар басыңа қиындық туғанда тастап қашпайды!

— Әй, балақандар! —деп айқайлады Далбу атай. — Қарап қойыңдаршы, мына біздің салған мұнарамызға! Жарайсыңдар, қырандарым!

Балақандар көкке мойындарын созып: «Неткен биік мұнара!» — деп таңданысты. Қар-ат мұнараға қарап, өмірінде тұңғыш рет кісінеді.

Далба әжей аздап сабасына түсті. Тіпті айтты-айтпады, жалғыз көзді болғанда не тұр, оның есесіне — шеттерінен қырандар емес пе!

Таңертең әкесі оянып, терезенің алдына келген кезде, аузын ашып аңтарылды да қалды.

— Әкем-ау! — деп айқайлап қоя берді шешесі. — Қазір бұл құлайды ғой!

Шешесі жалма-жан Чубоны көтеріп алып, көрпеге орады да, көшеге атып шығып, үйден безе қашты.

Әкесі:

— Мұнара құласа, ыдысты қиратар, — деп, кесе-тәрелкелерді жалма-жан қапқа сала бастады.

— Ал егер сарайға гүрс ете түссе ше? — деп айқайлады шешесі бұл кезде Чубоны көршісіне тастап, қайтып келіп.

Әкесі бір жуан бөренені ала салып, мұнараны тіреп, шешесі қойларын қорадан айдап шығып жатты. Көршілер жүгіріп келіп: — Егер мына мұнара құласа, ешкім сау қалмайды, — десіп, даурығысып улап-шулаумен болды.

— Оны өзіміз қиратуымыз керек! — деп дабырласты. — Не бар созатын!

— Қалайша оны төменгі жағынан бұзбақсың? Ұзын баспалдақ керек!

— Балға, шотты ал! Төбесіне шық!

— Өзің шық! Бұл саған ойыншық емес! Төбесіне қарасаң, бөркің басыңнан ұшады!

Дәл осы мезетте Чубо да оянды. Айғай-шуды естісімен, ол жалма-жан киініп, көшеге атып шықты.

Қалың топ қолдарына күректерін, қол арбаларын, балталарын алып, мұнараның айналасына жиналып қалыпты.

— Қорықпаңыздар! — деп саңқ етті Чубо. — Бұл құламайды! Мұны әйгілі шебер салған!

Солай деп, ол мұнараны жұдырығымен қойып-қойып қалды.

— Қараңдаршы, тіпті селт етпейді!

Сол арада бәрі мұнараны жұдырықтарымен түйгіштей бастады, — ол тіпті теңселмеді де. Айтса айтқандай, керемет салынған. Көңілдері біраз сабасына түскеннен кейін, көршілері үйлеріне тарай бастады, бірақ бәрібір біресе біреуі, біресе екіншісі терезеден бастарын қылтитып: «Мұнара тұр ма, құлаған жоқ па екен?» — дегендей қарап қояды.

Чубоның әкесі ғана үйіне бармады. Ол мұнараны әрлі-берлі айналсоқтап, күрсінумен болды. Қоршауының бұзылғанына іші қатты ашыды. Енді ол тауығынан қорықты. Қадғалақтап жүріп бір жаққа қашып кетсе, бұл шұбар немені қай жерден іздеп табарсың!

— Ау, сонда не үшін салдың сен бұл мұнараны, — деп сұрады Чубодан шешесі. — Неменеңе қажет еді саған?

— Сені алыстан көріп тұруым үшін, — деді Чубо. — Сен фермаға кеткен кезде.

— Эй, Чубо, Чубо-ай, — деп күрсінді шешесі. — Ал, міне, мен бүгін ешқайда да бармаймын күні ұзаққа үйде боламын. Қарай бер, қанша қарасаң да! Тек мына мұнараның басына шықпа! Естимісің.

Бір күн өтті, екі күн өтті, — мұнара мызғымастан қаз-қалпында қала берді, тіпті құлайтындай түрі көрінбеді. Тағы бір күн өткенде әкесі оған ұзын да мықты басқыш орнатты. «Чубо шынында да шешесін қатты сағынған кезде мұнараның басына шығып, оны көре алатын болсын», — деді.

Ал ең ұшар басына, Чубоны қар басып қалмасын деп, ағаштан кішкентай шатыр жасап қойды.

Мұнараның сонау ұшар басына шығып тұру көңілді-ақ еді.

Оған деревняның өзге балалары да жиі шығатын, тіпті әкесі де кейде мұнараның басына барып ферма жаққа қарай бөркін бұлғап: «Шешесі-ау, болсаңшы, тезірек. Қайт үйге! Мен де сағындым!» — деп ишара жасайтын болды.

ЖҮЗІМ САБАҒЫ

Ақша қардан жасалған балақандар үйде отыруды ұнатпады. Жүре білетін болған соң, жүрулері керек қой.

Тек үйден былай шықса болды — соңдарынан бүтін бір топ еріккендер шұбырып қалмайды, тап бір циркті тамашалағандай. Бірақ, шынында да, қызықтырарлық дүние баршылық еді — мына біреуінің мұрны жоқ, бірақ қолғап киген, ал ана біреуінің тек бәтеңкесі ғана бар аяғында, ал өзі айтуға да ұят, тыр жалаңаш.

Балалар оларға малақайларын лақтырады, аяқтарынан шалады, Қар-бөбектердің жерден түрегеліп жатқандарының өзі бір қызық!

Күндіз оларды Чубо үйден алысқа жібермеді, серуенге түнде шығарды.

Сөйтіп, міне, бір жолы күн батқан мезгілде, бұлар бүкіл әулетімен топ-топ басып, кең далаға серуенге шықты. Әжей де, атай да, Уку балақан да — бәрі бірге еріп жүрді.

Бейне қаздаңдай басып келе жатқан екі аяқты ақ аюлар сияқты.

— Уһ, уһ, демімізді алайықшы, — деді атай. — Әбден шаршадым. Әне, аузымнан шыққан демім қазан буындай бұрқырайды.

— Жүр, жүр, қариям, — деп еркіне қоймады оны әжей, бірақ атай бұл кезде жолдың шетіне отырып қалған еді.

— Мына бір төбенің бөркі неге жоқ? — деп сұрады ол Чубодан.

— Жазда басында бөркі болатын. Ал сосын оны сыпырып алып, жаңадан бидай еккен.

Әжей қарды қолымен бір сиырып тастады.

— Мына төбенің басында өсіп тұрған көк шашты қараңдар! Бидай деген осы ма? Бітік өссін, ендеше.

Күздік бидайға аппақ меймандардың бірінен соң бірі келіп, оның қандай болатынын көруге еңкейді. Ал бүкіл топ одан әрі жылжыған кезде, бойы ұзындау бір сабақ екіншісіне:

— Бәрекелді! Ақша қардан жасалған мұнша жан бізге қонаққа келген екен. Жазда масағымыз қандай. шығымымыз қандай болатынын көрерсіңдер әлі! — деді.

Ал Чубоцел адамдары бүкіл тобымен бақ ішіне лап қойды.

— Міне, мынау сыңар аяқпен тұрғандар — ағаштар, — деп түсіндірді Чубо. — Жазда олар бастарына көк қалпақ киеді. Оған қоса бұлар алма жасай біледі! Қызыл, сары түсті.

Далба әжей қарды қолымен сиырып, арасынан алма іздей бастады.

— Жо-жоқ, алмалар жоғарыда, бұтақтарда өседі!

— Қалжыңсыз ба? — деп сұрады атасы. — Сонда олар жерге түсіп кетпей қалай тұрады?

— Оларды алма ағаш құйрықтарынан ұстап турады.

— Міне, солай де! — деп алды да, атай балақандарынан: — Ұқтыңдар ма? — деп сұрады.

— Иә, иә, — деп былдырлады балақандар, ал беті тырналған біреуі:

— Алмалар тырнамай ма? Құйрықтарынан тартса ше?.. — деп сұрады.

— Жоқ, — деп күлді Чубо. — Алмалар аспандағы Ай сияқты мейірімді. Қазір қырда қыс болғасын, бақ үнсіз мүлгіп тұр, ал көктемде! Көктемде әрбір ағаштың өз күйшісі, өз әншісі болады.

Солай деді де, Чубо бір алма ағаштың басына шығып алып, шымшықша сайрап қоя берді, екіншісіне секіріп ауысып, бұлбұлша құйқылжытты.

— Бәрекелді! — деп басын шайқады Далбу атай. — Әдемі-ақ қой бұл әлем. Тек біздің бұлбұл әнін тыңдай алмайтынымыз өкінішті-ақ. Ұқтыңдар ма, қырандарым?

— Ұқтық, ұқтық, — деп қайтадан былдырлай жөнелді балақандар, ал біреуі бұтаққа шығып алып: — «Ку-ку!» — деп айқайлап жіберді.

Осы кезде бұтағындағы жапырағы түспей қалған бір ағаш екіншісіне сыбыр ете түсті:

— Қарашы, қанша Қар-бөбек келген. Көктемде біз гүлге тұнып тұрамыз!

Тыпыр-тыпыр басып, бүкіл топ одан әрі жылжыды. Төбенің басына шығып алып, жабыла шанамен сырғанақ тебе бастады. Айғай-шу! Шана біреу, ал олар көп. Бес-алтаудан отырып алып, төмен сырғи жөнеледі. Жолай шанадан ұмар-жұмар құлап жатқандары. Тіпті атай мен әжей де төбеден екі-үш мәрте сырғанады.

— Кел, тағы да бір мәрте сырғанайық, — деді әжей.

— Тоқта. Мен бір нәрсе естіп тұрған сияқтымын, бірақ не екенін ұқсам бұйырмасын! Ау, кәне, тыныштала қалыңдаршы, қырандарым.

Балақандар жым болды, ал атай тың тыңдады да: «Бері келіңдер» дегендей қолын бұлғап, көрші төбеге қарай бет алды. Оның соңынан топ-топ басып ақша қардан жасалған бүкіл қар адамдар әулеті жылжып берді.

Төбе басында бір жүзім сабағы суықтан қалтырап-дірілдеп тұр еді. Күзде оны орап қоюды ұмытып кеткендіктен, енді өн бойына мұз қабыршықтары қатып, үскірік желдің ызғары шыдатпай бара жатыр екен.

Зәремді алып бітірді,
Жел ызылдап, гөй-гөйлеп!
Қысады кеп кеудемді,
Үстімдегі мұз көйлек.
Шыңылтыр мұз шыдатпай,
Құрсап алды тәнімді.
Қояр емес ызғары,
Шырқыратып жанымды.

Мұнда, төбе басында дым қар қалмағандықтан, жүзім сабағы жел өтінен ешбір пана таба алмаған еді.

— Оло, доло! — деп айқайлады Далбу атай, осы кезде Чубоцелдің адамдары — ақша қардан жасалған балақандар, — әлгі сабақты қоршай тұра қалды да, сабақ қар күркенің ортасында қалғандай болды.

Ал Далба әжей Укумен бірге төбенің ең биік басына өрмелеп, бұлтқа жақындай түсті. Осы кезде Уку қолын бұлғап, ал әжей:

— Цып-цып-цып! — деп айқайлап қоя берді. Сол-ақ екен, аспаннан кенет қалың қар жауып, Далбу атайдың диірмені зырыл қағып, қанкөбелек айналды. Содан көп кешікпей-ақ сабақ байғұс үлпілдеген жұп-жұмсақ жылы қармен құндақталды. Ал бүкіл біздің шеру Чубоцелдің соңына еріп, үйге қайтты. Олар аспаннан жапалақтап жауған қалың қарда адасып кетпес үшін бір-бірімен қол ұстасып келе жатты.

ҮШІНШІ КӨЗ

— Бері қарашы, Чубо, — деді бірде Диірменші ағай, — мен саған мұнара салуға көмектестім бе?

— Көмектестің.

— Ал енді сен маған көмектес. Мен де өзімнің мамамды көргім келеді.

— Қалай көмектесейін?

— Мені тағы да аспанға ұшатын ет. Әуелі батысқа, сосын шығысқа ұшып, өзімнің байғұс кәрі мамамды іздейін. Қайда екен қазір өзі?

— Байқа, шекеңе томпайып айдың жұмыртқасы шығып жүрмесін!

— Ал сен маған парашют жасап бер.

Чубо ескі қолшатырдан парашют жасап берді, өзі бесікке жатты. Чубоның шешесі де, әкесі де бесікке жатты, — сол кезде Диірменші ағай қайтадан адам сенбестей күшейіп шыға келді.

Екі қолын қанатша қағып ұша жөнелді.

Түн аязды болатын, сондықтан селодан алысқа ұшуға ағай жүрексінді. Әуеде пеш мұржаларын айналшықтады да жүрді, бірақ жылына алмады. Түтін аз болды — кім түнде пеш жақсын?

Жоғарыда жүріп, төменде жылт еткен жарықты байқады. Суықтан қалтырай, парашютын ашқан кезде, қой қорадан бір-ақ шықты.

Осы арада оған ит өршелене үрді. Басқыштан қолына фонарь ұстаған қожайын көрінді.

— Кім бар мұнда? — деп айқайлады ол.

Диірменші ағай қорыққанынан қойлардың аяғының астына жасырынды. Қой бұрышқа тығылып, көздері бақырайып, үркектей берген соң, қожайын қорада біреудің бар екенін білді. Дереу есікті сыртынан жаба қойды.

— Бұл түлкі болу керек, — деп ойлады қожайын, айтпақшы, қожайынның аты Кэрэбуля7 болатын.

Ол саңылаудан сығалап, бір койдың әуеге көтеріліп, сарайдың ішін шарлай ұшып жүргенін байқады.

— Киелі! Киелі! — деп ойлады Қэрэбуля. — Бұл не хикмет! Сонша не жеп еді бұл жынды қой?!

Кэрэбуля саңылауға жабыса түсіп, кірпігін тарс-тұрс қақты. Иә, иә, тап солай, кірпігін тарс-тұрс қағып-қағып жіберді — таң қалғаны сонша.

Қой әлі ұшып жүр, осы кезде Кэрэбуля қойдың төменгі жағынан аппақ сақал желбіреп, қос пиманың салаңдап жүргенін байқады.

— Түнгі періште! — деп ойлады Кэрэбуля.

Ол түнгі періште сыртқа шығып кетпес үшін, әлдебір кеспекті, сосын жәшікті, қол арбаны, тас астауды ала салып, сарайдың есігін бастырып тастады.

Сосын төбеге шығып, оны қол бұрғымен тесіп, іште не болып жатқанын содан сығалап қарай бастады.

Ал іште болғаны мынау еді — ағай қойдың аяқ астынан шықты.

Кэрэбуля оны көріп, қуанғанынан қос алақанын уқалады. Бөркінің астында бір ой қылаң ете қалды. Ағайды ол қоян мен жабайы үйректерді аулауға жақсылап үйретіп шығаруды ұйғарды. Көріп отырғанымыздай, Кэрэбуля өз есебін білетін жан болып шықты.

Таңертең ол ешкімге ештеңе деп тіс жармады. Есікті де ашпады, жо-о-оқ! Ол төбедегі тесікті үлкейтіп, қойларын сол арқылы азықтандырды, сол жерден су орнына қар шашты.

Диірменші ағай есікті қиратпақшы болып еді, бірақ ол еменнен жасалыпты...

Ал Чубо, оның шешесі мен әкесі бесіктерінде бүрісіп, сол күйі ұйықтады да жатты.

Ақыр соңында кәрі төбет Фараон мазасызданайын деді.

— Далбу ата, — деді ол, — не амал істейміз? Диірменші ағай жоғалып кетті. Ал Чубо болса ұйқтап жатыр!

— Бәлкім, мен диірменімді іске қосуым керек шығар?! — деп ойға қалды атай...— Қар жауса — ағай оралар.

— Іске қос!

Далбу атай жерден бір уыс қар алып, әуеге лақтырып еді, сол арада аспаннан қар жапалақтап, бірте-бірте үдей түсті. Ал Фараон ауланы айнала жүгіріп, аспаннан Диірменші ағайдың иісі сезілмей ме деп жауған қарды иіскеумен болды.

— Жоқ, иісі шықпайды, — деді Фараон. — Ол аспанда емес. Тәрізі ол коп уақыттан бері жерде жүргенге ұқсайды. Ал егер жерде болса, біз оны қалай табамыз? Қар бар ізді көміп кетті ғой.

Далбу атай ойға шомып, өзінің ақ басын қаси бастады, — бірақ осы жерде әжей оның қолынан ұстай алды.

— Қасимын деп, басыңды тескенің не? — деп күйіп-пісті әжей. — Бар ақылың сол тесіктен шығып кетсе, ақымақ болып қалмаймысың?

Солай деп әжей тесікті жаңа қармен мұқият бітеп тастады.

— Егер ол аспанда болмаса — онда деревняда, — деді атай. — Ара, уля, тику, нуля! Ал, кәне, балақандар, жағалай жүгіріп іздеңдер.

Сөйтіп, ақша қардан жасалған балақандар деревняға түгел тарап, жағалай жүгіре жөнелді. Бірақ ешбір ізді таба алмады. Молдаванша білмейтіндіктен, олар өткен-кеткендерден көзімен сұрастырды. Ал көзбен көп не сұрай аларсың?

Сосын ізге кәрі төбет Фараон түсті. Бір шолақ күшік оған Қэрэбуляның иті түнімен үріп шыққанын айтты. Сосын ол сол итке қонаққа барды.

— Сенін даусың неге сонша қарлығыңқы? — деп сұрады ол.

— Жай әншейін! Мұз сүңгісін сорып едім!

— Өтірік айтасың, бауырым! Сүңгіден балалардың ғана даусы қарлығады! Шыныңды айт!

Бірақ ит бұртиып, үндемей қойды, сірә, оған да иесінің қыңыр мінезі жұққан болу керек.

Дәл осы кезде Кэрэбуля төбедегі тесікті ашты, Фараон диірменшінің иісін сезіп қалды.

— Эй, Кэрэбуля! — деп айқайлады ит. — Кәне, енді түс! Қоя бер ағайды!

— Немене? — деп баж етті Кэрэбуля. — Бөтен ит пе мынау! Менің қорамда! Мен сені қазір!..

Фараон иттерше ысқырып жіберді де, сол арада ақша қардан жасалған балақандар жетіп-жетіп келіп, қораны қоршап алды.

Олар қар тілінде улап-шулап, қолдарын серместі.

Фараон қапысын тауып, бір секіргенде, Кэрэбуляны төбеден жұлып түсірді. Осы арада Далбу атай да жетіп, қолына сүйменді алып, қораның есігін қопарып түсірді.

Диірменші ағай көшеге ұшып шығып, бәрі бірге жайраң қағып, үйлеріне жөнелісті.

Тек Кэрэбуляның үйінен былай шыға бергендері сол еді, кенет бір қар-бөбек шыңғырып жіберді:

— Ой, қараңғы боп кетті! Қап-қараңғы! Ештеңе көрмей қалдым!

Ал оның жалғыз-ақ көзі болатын. Енді соның өзі жоғалып кетіпті. Ал осы кезде жанында тұрған бауырының көзі үшеу болып шыға келді. Үшіншісі — желкесінде!

Бәрі жағалай топталып тұра қалып, мұның не екенін ұзақ ойласты.

Үш көздінің мойны төмен салбырап кеткен, ал оның бауыры:

— Бұл не болғаны? Түк көрмей кеттім! — деп қайталады.

Далбу атай ойға шомды — мұндай нәрсе оның семьясында болмаған еді. Ал егер адамдар осылай істей бастаса, не болар еді? Сөйтіп, ол көк және қара түсті көзі бар адамдарды, немесе көзі мұрнының ұшына біткен, немесе басар жерін аяғы көретін болуы үшін көзі тізесіне орналасқан адамдарды көз алдына елестетті.

— Кэрэбуля ше? — деді кәрі дана төбет Фараон. — Ол да төрт көзі, төрт қолы болуын қалап еді ғой — өзінің екі көзі, екі қолына ағайдың екі көз, екі қолын қосып алғысы келгені жаңа ғана емес пе еді?.. Иә, атай, сенің ұлыңа да Кэрэбуляның аш көздігі жұққан екен.

Атай жауар бұлттай түнеріп, үш көзді баласына ызғармен қарады.

— Әй, балақан, — деп күрсінді ол. — Сен кет біздің арамыздан, жөніңді тап.

Сөйтіп, бұлар үйлеріне соқыр бауырын қолтықтап алып келді.

Дүниенің кең екені рас, бірақ барар жер, басар тауың қайсы?

Үш көзді жылап-сықтап бауырын қуып жетті де, оған өзінің екі көзін берді, ал үшінші көзі сол күйі оның желкесінде қалды.

ДАЛБУ АТАЙ ӨЗІНІҢ ДИІРМЕНІН ӨЗГЕ ЖАҚТАРҒА АУЫСТЫРАДЫ

Ешкімге ләм деместен Уку сатымен шатырдың төбесіне шықты да, мұржаның ішіне сүңгіп кетті. Ол түтіннің қалай жасалатынын көргісі келген еді.

Мұржа ішінде, әрине, ұзақ отыра алмай түшкіре бастады, көзі жасаурады. Қалпағына түтінді толтырып алып, оны әжейге көрсету үшін төмен түсті.

Ал түскен кезде, қалпақта түк те жоқ болып шықты. Оның есесіне Укудың өзі сайтанның сапалағындай қап-қара болып кеткен.

Түрінің тым құбыжық болғаны соншалық — балақандар оны көрісімен бет-бетіне қашты. Біреуі сарайға тығылып қалды, біреуі қой қораға дегендейін. Жалғыз-ақ Далбу атай қорықпады, таяғын сермеп қалып:

— Кімсің сен? Мұндағы қыс патшалығынан Түн Адамы саған не керек? — деді.

— Мен Түн Адамы емеспін, мен балаң — Укумын.

— Жо-жоқ! Менің балам — Күндізгі Адам!

— Тоқтай қал, — деді әжей. — Қалпағы соныкі тәрізді ғой. Бәтеңкесін те танып тұрмын.

— Ә, жексұрын! — деп айқайлап қоя берді атай. — Бұл Укуды шешіндіріп тонап алған екен ғой. Ал, кәне, шеш бәтеңкені!

Уку бәтеңкесін шешкен кезде, атай бәтеңкенің ішіндегі аяқтың көз шағылдырардай аппақ екенін көрді.

— Шіркін-ай, — деп күрсінді атай. — Сондай сүйкімді-ақ, шаңқандай аппақ едің. Ал енді мынау не? Қырандарым! Бір шелек су алып келіңдер.

Балақандар су алып келіп, Укуды жуып, ысқылай бастаған еді, бірақ су оның үстіне тиісімен қатып жатты. Уку сол қара күйінде қалып қойды.

— Тфу! — деп, жерге бір түкірді атасы, ал Уку әлдебір жерден айна тауып әкеп, соған қарап, мәз болумен болды.

Кейін Укудың қаралау екеніне бәрі үйреніп кетті. Сайып келгенде, әңгіменің төркіні онда емес қой, тек жаны таза болсын де!

Ал Укудың жаны ізгі болатын. Ол ақша қардан жасалған балақандарға сәлемдесуді үйретті.

Бірақ үйде сәлемдесерлік пәлендей ешкім болмады да, олар деревняға барып адам іздеді.

Бір адам көрсе — бәрі оны жағалай қоршап тұра қалады. Ал ол адам бұларға кәмпит не тиын, не басқа бірдеңе керек екен деп ойлап, қалталарын ақтара бастайды. Сол кезде олар қосыла айқайлап:

— Сау-сәлеметсіз бе? — деседі.

Сосын күлкіден ішек-сілелері қатып, үйлеріне жүгіре жөнеледі.

— Әже, — деп айқайлайды бәрі. — Бүгін Күн қайырлы болады!

Тамаша балақандар.

Кешікпей деревнядан олар достар да тауып алды. Бірінші класс оқушыларына портфельдерін мектепке апаруға жәрдемдесті. Ал қыз балаларды атқа мінгізіп, мектепке жеткізіп салатын болды.

— Біз де мектепке барып жүрміз, — деп мақтанды өздері әжелеріне.

— Жарайсыңдар! — деді әжелері, ал аталары:

— Қырандарым! — деп бір көтеріліп қалды.

Кейде балақандар топталып дүкеннің жанына жиналады. Бірақ ақшалары жоқ қой олардың. Дүкеннен бір кемпірдің шыққанын күтіп тұрады да, сөмкесін үйіне шейін жеткізіп береді. Оларға бұл қызметтері үшін кәмпиттің қағаздарын береді, кейде тіпті кәмпит те береді — оңына біреуін.

Кешке жақын әжелеріне кәмпиттің қағаздарын, ал аталарына не ысқырғыш, не ескі қолшатыр әкеп береді. Аталары ысқырғышпен ысқырып қойып, қолшатырды жайып жіберген кезде, оның астына жиырма шақты балақан сыйып кетеді.

Бір жолы балақандар бүкіл тобымен базарға барды.

Базар бойын шарлап, сықырлата басып жүріп, біреуі шекілдеуік шағып көрді, енді біреуі жалғыз-жарым жаңғақ тауып алды. Әбден жүгіріп, ойындары қанған соң, үйлеріне кайтты.

Сөйтіп, келе жатып қараса, жолда бір сиыр тұр. Қасында кішкентай бір мұжық. Ол сиырды жаңа ғана базардан сатып алған беті екен. Сиырды итерсе, жануар қасарысып жүрмейді, тіпті күжірейіп сүзбекші болады.

Ал сиырдың сауылар уақыты болып қалған. Мұжық шелек тауып әкеп, оны тура жолдың үстінде сауа бастады, алдына жүгері сабақтарын салды. Оған енді тура жолдың ортасында қора салу ғана қалғандай еді.

Балақандар не істеу керек екенін аңғара қойды. Әрқайсысы жүгері сабағын бір-біреуден алып, сиырдың тұмсығының алдында бұлғаңдата бастап еді, сиыр соңдарынан еріп, дедектеді де отырды. Осылай сиырды тура үйіне шейін жеткізіп берді.

Мұжық сиырды үйге әкелгеніне қуанып, ақша қар балақандарға дүрбі сыйлады. Дүрбі ескі, сыры түскен, бірақ қараған кезде жақсы көрінеді.

Балақандардың қуаныштары қойындарына сыймады. Дүрбімен бір-біріне қарайды да, ішек-сілелері қатады.

Бәрі Чубоны іздей бастады.

Ал Чубо мұнараның басында отырған. Дүрбіні соған қарай бұрып еді, Чубо зор болып көрінді, әкесі сияқты үлкейіп кеткен.

— Солай, — деді Далбу атай. — Күндердің күнінде шынында ол да сондай үлкен болады.

— Міне, мәселе қайда, — деп ойға қалды әжесі. — Демек, осы бір бұйымтай арқылы ертеңгі күнге сығалап қарауға болады екен ғой. Кәнеки, бері әкеліңдерші дүрбілеріңді.

Әжелері дүрбіні алып, мұнараның басындағы Чубоға қарады, сосын дүрбімен өзінің аяғының астын байқай бастады.

— Ха-ха-ха! — деп күлді балақандар. — Ол жерде ешкім жоқ қой.

— Әзір жоқ, — деді әжелері. — Сосын болады.

Осы кезде әжесі Чубодан шот аяқ пен ақ және көк түсті шүйке жүн сұрады. Әжесі түнімен тоқыды, онысы кіп-кішкентай бөрік болып шықты.

— Қарап жіберші, атасы, — деді әжей. — Әдемі ме?

— Мынау деген! — деп бас бармағын шошайтты Далбу атай. Сосын әжей көйлек тоқуға кірісті.

Келесі күні әжей дүрбіні тағы сұрап алып, он бойы аяғының астына қараумен болды, ал ақша қардан жасалған балақандардың бұған ішегі қатты.

— Әлі көрінбей тұр, — деді әжей. — Ау, үндеріңді өшіріңдерші, түгел! Әйтпесе босағамызға келіп біреу есік қақса, біз ести алмай қалып жүрерміз!

— Кім қағады? Кім?

— Кешікпей бізге қонақ келеді? — деп бұртыңдаған әжей асығып-үсігіп, одан әрі тоқи берді.

Балақандар әжелерінің шиін жып-жып еткізіп, не тоқып жатқанына қызықпады. Олар деревняның бойын шарлай жүгіріп, ұшырасқан әрбір адаммен амандасты. Міне, бұл көңілді болатын.

Әжей бас алмастан тоқумен болды, ал Далбу атай өзінен-өзі үн-үнсіз тұйықталып, қатты ойға шомған.

Бір жолы жексенбіде ол Чубоға былай деді:

— Қарашы, мұнараң теңселіп тұр... Үйің де, сен өзің де теңселіп тұрсың... жоқ, бұл менің басым екен айналып бара жатқан.

Чубо оның басын орамалмен таңып берген кезде, атасының бойы кішірейіп, бір түрлі бүкшиіп, еңкіш тартып кеткенін байқамады да. Әжесі де кәдімгідей қартайып, екі иығы жерге салбырап түсіп кеткен.

Ал ақша қар балақандар жексенбіні сарайдың көлеңкесінде өткізді, бірақ бәрібір ол жақтан өткен-кеткендердің бәріне көңілдене айқайлаумен болды.

— Сау-сәлеметсіз бе?

Уку ақша қардан жасалған атқа салт мініп алып, күн ұзаққа салқын саялы терең сайларды сағалап шапқылаумен болды.

Дүйсенбі күні Чубо ұйқысынан оянып, терезеге жүгіріп келді де, қайран қалды! Не әжесі, не атасы, не ақша қардан жасалған балақандар ешбір жерден көрінбейді, бәрі де ұшты-күйді жоқ болып кеткен!

Аулада тек әкесінің ескі қалпағы, таяқ пен дүрбі ғана бей-берекет шашылып жатыр...

Чубо сыртқа жүгіріп шығып, қарлы іздерді көрді.

Сол іздерді қуалай, Рэут өзеніне қарай жүгіре жөнелді. Ой, бір түннің ішінде өзен қандай болып кеткен десеңші! Ол буырқана тасып, тап бір қар адамдарының бар күшін бойына жиып алғандай құдіреттеніп жатыр. Енді диірменнің доңғалағын өзеннің өзі-ақ айналдыруда. Диірменші ағай шатырда тұрып алып, айқайлаумен болды.

— Дән! Дән! Дәндеріңді алып келіңдер.

Бірақ диірменге ешкім асықпады. Арғы жағалаудан мұнда өту мүмкін емес болатын — көпір судың астында қалған. Қазір ешкім де ұн жайын ойламады да, өйткені бір түннің ішінде ақша қардан жасалған осыншама адамдардың ұшты-күйді жоқ болып кеткені анау.

Өстіп тұрғанда, кенет Чубо оларды судың ішінен көрді.

Бастары доп-домалақ болып, олар енді кар емес, су бейнесіне еніп, бір-бірімен құшақтасып алып, өзеннің бойымен төмен қарай сырғып бара жатты. Әрі әрқайсысының басы жалаң бас болатын.

— Ата! Ұста! — деп айқай салды Чубо, сөйтті де, өзінің бөркін суға тастап жіберді. — Бұл саған!

Осы кезде Диірменші ағай жүгіріп келіп, бөрікті таяғының басына керген торлы ожаумен ұстауға әрекет қылды. Бірақ су бейнесіндегі балақандар, сөйткенше болмай, бөрікті шап беріп, ақша қардың арасына жасыра қойды.

— Чубодан сендерге көп алғыс! Чубодан сендерге көп алғыс! — деп айқайлады Чубоцел. Ол суға бәтеңкесін де тастамақшы болып еді, бірақ Диірменші ағай қолынан шап беріп ұстап алды.

— Одан да құйттай-құйттай кеме жасап жібер, — деді ол. — Бәтеңкелерің суға батып кетеді.

Содан Чубо қағаздан бірнеше кеме жасап, оларды бір кезде қардан жасалған ағайындылардың соңынан ағызып қоя берді.

Бір кемеде —«Далба әже» деп жазылған.

Екіншісінде —«Далбу ата».

Үшіншісінде —«Уку».

Бұл кішкентай кемелер түрлі елді қоныстардың жанымен жүзді, сол кезде балалар қар адамдарының есімдерін оқыды.

Ал Чубо кішкентай кемелердің соңынан қарап тұрды, шынын айтар болсақ, ол қимастықтан жылап та алды.

Диірменші ағай да өзеннің қалай буырқана тасығанына қараумен болды. Ол торлы ожауын өне бойы бұлғаумен болды.

— Сен бөрікті неге ұстадың?— деп сұрады Чубо. — Мен оны атама лақтырып едім ғой.

— Су ішінде ешқандай да атай болған жоқ.

— Сонда қалайша?

— Ол былай, — деп жауап қатты Диірменші ағай. — Тыңда, бүгін түнде мынадай оқиға болды. Ұйқыға жатқаным сол еді, кенет топ-топ басып келе жатқан аяқтардың дыбыстарын естідім. Әйнектен қарап жіберсем — атаң алшаң басқан ақша қар атқа мініп алған, онымен бірге өзгелері де жағада әрлі-берлі сабылып жүр. Өзімше, жә, диірменге келген ғой сенің орныңа деп жорыдым. Бір уақытта қарасам, атай қолын бұлғап жіберді де, сол арада бір бұлт аспаннан жерге түсе қалды.

— Әй; кемпір, сен мін мынаған, — дегенін естіп тұрмын. — Біздің бәрімізді бұл көтере алмайды.

Сол кезде әлгі бұлт аспанға көтеріліп, Далба әжей сонымен бірге ұшып жүре берді. Ал сосын бұлттан түзілген аттар жерге бірінен соң бірі секіріп түсе бастады. Балақандар олардың үстеріне қарғып мініп, жоғары қарай құйғытып шаба жөнелісті. Атай да, Уку да қарғып атқа міністі. Ақша қардан жасалған аттың бұлттан түзілген атқа қалай қарғып мінгенін көрген керемет күлкілі еді. Олардың соңынан іле-шала жөнелген тағы бір бұлтпен өңгерулі диірмен ұшып бара жатты.

— Е, бәсе, мән-жай солай де, — деді Чубо. — Бәрін жаңа түсіндім. Далбу атам диірменін басқа жаққа көшірген екен ғой. Әлі суық болып тұрған жаққа...

ГИОЧИКА

Ал таңертең аулада кенет кәрі төбет Фараон үріп қоя берді. «Ием, тұр, қонақ келді» деп тұрғандай.

Далбу атайдың терезесінің түбіндегі қонақтарға арналған ұзынша орындықта бір кіп-кішкентай қыз отыр. Чубо мұндайлық кішкентай қызды әсте көрмеген еді. Көздері көкпеңбек, үлкендігі бидай дәнінің түйіріндей ғана. Басында ақ бөрікше, үстінде көк көйлек, ал аяғында ештеңе жоқ — жалаң аяқ!

— Сені не, мамаң үйден қуып жіберді ме?

— Ника мама, — деп қыз басын шайқады. — Менің мамам жоқ.

Чубо көйлек пен бөрікті енді ғана таныды — ойбай- ау, бұларды Далба әжесі тоқыған еді ғой. Бәсе, міне,. осы қыз екен ғой ол кісінің күткені! Бір өкініштісі — шұлық тоқып үлгермепті.

Чубо мамасының туфлиін алып келді. Қыз оған кіріп отырған кезде, үлкен қайықтың ішіндегідей кең жайылып сала берді, тек басы ғана қылтияды.

— Мио. Ник. Па, пи, ри. Міне, енді мен тоңбаймын.

— Ал сен не істемексің мұнда?

— Қонаққа келіп едім, сенің ақша қардан жасаған балақандарыңа. Бірақ, сірә, кешіксем керек. Менің олардың үйінде тұруыма бола ма?

— Ойбай-ау, ол үйдің төбесі ашық қой, — деді Чубо. — Біздің үйде тұр. Ал қажет болса, сарайға көшіп аламыз.

— Мио. Рақмет! Бірақ мен төбесі жабық үйде тұра алмаймын. Онда жел қалай кіреді үйіме? Күн қалай сығалайды? Жұлдыздар ше? Ай ше? Далбу атайдың үйінде қалдыр мені.

— Жарайды, солай-ақ болсын, — деді Чубо. — Тұра ғой сонда. Ал атың кім сенің?

— Гио, чио, ика.

— Ә, Гиочика ма? — деп күлімдеді Чубо.— Қаласаң, мен мұнарамды берейін? Соның басына шығып ап тұр.

— Ник, тура, ули, — деп басын шайқады қыз. — Менің жерде бітіретін жұмыстарым бар.

Сөйдеп, Гиочика далада, Далбу атайдың қалпағының ішіне ұйқыға жатты. Ал Чубо оған кішкентай жастық берді, үстін қолғаппен жапты.

Бұл түні Чубоның ұйқысы онша болмады. Сөйтіп жатқанда оған ауладан аяқтың дыбысы естілгендей болды. Чубо әлсін-әлі тұрып, терезеге қараумен болды, ақыры, шам жақты.

Шешесі оянып, еденде бір шуда жүннің домалап жүргенін көрді, ал Чубо мұрнына көзілдірік қондырып алыпты. Жасаған-ау! Бұл өзі Далба әжейдің шот аяғымен бірдеңе тоқып отыр ғой!

Чубо шұлық тоқыған еді, бірақ онысы жең тәрізді бірдеңе болып шықты.

Шешесі ұлын ұйқыға жатқызды, ал таңертең оның жастығының жанында жап-жаңа екі шұлық жатты.

Ал қалпақтың ішінде таңертең ешкім болмай шықты. Гиочика жерде, түнде өсіп шыққан бір тал шөптің жанында отыр еді.

— Бұл сенбісің, Ионел? — деп жатты қыз. — Ал Георгел қайда? Оятшы өзін, көктем шықты ғой.

Солай деп, Гиочика бұршақтың үлкендігіндей ғана бір қоңырауды шылдырлатты.

Сол кезде жерден қылтиып көк бөрікшелер көрінді. Бұл Георгел, ал одан кейінгілері — Иле мен Василе болатын.

Чубо Гиочиканың аяғына шұлық кигізбекші болып еді. Гиочика:

— Жоқ, жоқ! Мен жалаң аяқ жүремін. Одан да шұлықты құстарға тоқы, өйткені олар да жалаң аяқ қой! — деді.

Міне, енді қисынды сылтау, сөз тауып көр! Дүниеде құстар деген біраз бар-ау!

— Уа, дәу, — деді Гиочика Чубоға бастан-аяқ көз жанарын тастап. — Мен саған, құлағың сонша биік тұрмаса бір құпия сырды ашар едім.

Чубо оны көтеріп алып, иығына отырғызды.

— Тио, иго, у, — деп сыбырлады оған Гиочика. — Бүгін түнде маған біреу келіп: «У-у, ху-у», — деп үрледі.

Бәсе солай де! Демек, түнде аулада аяқтың тырсылы естілгені тегін болмады. Енді Чубо Гиочикаға кімнің келіп жүргенін аңдымақшы болды.

Кеш түсті, одан кейін түн болды. Сырт едәуір салқындап кетті. Осы арада Чубо біреудің топ-топ басып, Далбу атайдың қалпағына қарай келе жатқан тықырын естіді. Чубо аулаға шыға келген кезде, мұның қозы екенін көрді. Ол жерге басын төмен иген күйі, Гиочика тоңбас үшін, қызға: «У-у, ху-у», — деп, демін жіберіп тұр екен.

Чубо оны танауынан сүйіп алды.

Содан кейін Чубо бұл қозыны әкем сойып тастамаса игі еді деп қорықты.

— Шіркін-ай, — деп күрсінді әкесі. — Жап-жақсы бөрік шығар еді-ау мұның елтірісінен. Ал, жарайды, соймаймын, ұйықтай бер тыныш.

Бірақ бір күні таңертең ояна келе, әкесі кенет шылдыр ете түскен дыбысты естіді. Оның мойнында қоңырау былғақтап тұр еді.

— Бұ несі тағы? — деп таң қалды ол.

— Бұл Чубоның тағып қойғаны ғой саған, — деп күлді шешесі. — Түнде сен қозыны сойып қоя ма деп әлі де қорқып жүр.

Бір күні түс көрді, түсінде оның қозысы Үлкен Жұлдыздар керуеніне жегіліпті.

Жұлдыздар керуенінің осынау дүниенің өзіндей көне дөңгелектері сықыр-сықыр етеді. Қозысы оны жұлдыздардың арасымен әзер-мәзер сүйреп келеді.

— Қайда сүйреп барасың Жұлдыздар керуенін? — деп айқайлады оған Чубо. — Адасып жоғалып кетесің ғой Жұлдыздар арасында. Дүние кең, ал сен құртақандайсың.

— Шөбі шүйгін жерлерді іздеп барамын, — деп жауап қатты қозы. — Енеме шүйгін шөп әкеп берейін деп едім.

Осы кезде біреу терезе қағып, Чубо оянып кетті.

— Али, трали, и, а! Сен естимісің, Чубо? Тұр! Әне, естимісің — тырналар ұшып келеді.

Гиочикамен бірге Чубо, әлі ұйқысын да ашпастан, мұнараның басына көтерілді. Ол барабанды жаңғырықтыра соғып, ал Гиочика болса тырналарды санап тұрды:

— Тоғыз, он және тағы бір саусақ! Және тағы бір саусақ! Нешеу, болды өзі? Чубо?

Міне, енді, Көкқұтан да көрінді сондайдан, сол кезде Чубо оған барабанда марш ойнады.

Қарлығаштар ұшып келеді, осы кезде оларды санауға Гиочиканың саусағы жетпей қалды.

Мұнарада барабан даусы жаңғырыға дүмбірлеп, айнала төңіректің бәрі көкпеңбек болып келе жатты. Ионел де өсті, Георгел де өсті, Иле мен Василе де өсті. Енді бұл кезде олар Гиочиканың белуарынан келіп, арқаларында бүтін бір құмырсқаны көтеріп тұра алатын болды.

Ал деревнядағылар Гиочика шығарған мына бір өлеңді қайталаумен болды:

Күлімдеді Күн — ата!
Келді ме екен көктемім?
Құстар сайрап, жұлдыздар
Сезем шуақ төккенін.

ЖАҢА ТЕСІК ҚАЛПАҚ

Чубоның әкесінің Гиочикамен қалай сөйлескенін естісең, ішегің қатар еді.

— Саған лақтарын ерткен ешкі жайында әңгіме айтып берейін бе?— деп сұрады әкесі молдаванша.

Қыз иығын көтерді.

Сол кезде әкесі орысша:

— Ешкі жайында әңгіме айтып берейін бе? — деді.

Гиочика тек басын шайқады. Мұнысы: «Түсінбеймін мейірімді жан», — дегендей.

Бірақ әкесі берілмеді.

— Гутен морген, — деді ол немісше.

Гиочика көзін жыпылықтатты.

Әкесі одан әрі немісше ештеңе білмейтін, енді французшаға көшті.

— Мерси! — деді ол.

Қыз үндемеді.

Әкесі, әрине, Кишиневте ұлы ғалымдардың, олардың ақылгөй сақалдыларының да бар екенін білетін.

— Қалай бұлталақтаса да, — деді ол шешесіне, — бұл баланы Қишиневке апару керек. Онда мұның қай елден екенін білер едім!

— Сен не есіңнен адасып тұрмысың? — деді шешесі. — Музейге апарар да қояр мұны! Не циркке береді, онда тор жәшікке қамап қояды. Ол ғалымдардың сақалдары ұзын, бірақ бәрібір мұның шүлдірлегеніне түсінбейді. Сосын Чубоға машина жіберер, оларға қыздың не айтқанын түсіндіріп берсін деп. Одан соң оны да музейге қамайды! Немесе циркке! Ал онда арыстан бар, аю бар! Сен бұл жөнінде ойладың ба?

— И-иә-ә-ә, — деп созып, әкесі желкесін қасыды.

Кішкентай қыздың астанаға барар сапары жайындағы әңгіме осымен бітті.

Әдейі Гиочикаға арнап, қыз бала кіре алатындай етіп, әкесі үйдің есігінен тағы бір кішкентай есік жасап шығарды. Гиочика ештеңе жемеді, ал суды өне бойы ішкісі келіп тұратын. Сосын су құйылған шелекке шығатын кішкентай саты қойылды. Суды тауықтармен бірге астаудан ішкені қолайсыз ғой!

Үйде және бір саты болды. Оның бойымен Гиочика айнаға өрмелейтін. Мұндай көкпеңбек көзің бола тұра, оны айнадан анда-санда бір көрмеу мүмкін емес еді!

Оған арнап кішкентай кереует жасалып әрі ол бұрышқа, бір жерге емес, — каса-мареде қызыл райхан гүлдерімен өрнектелген кілемнің тұсына қойылды.

Бірақ Гиочиканың қайткен күнде де кереуетте ұйықтағысы келмеді. Ол бұрынғыша аулада, Далбу атайдың қалпағының ішіне жатты.

Түнде біресе әкесі, біресе шешесі шығып, оның қалай ұйқтап жатқанын көріп тұрды. Құр қозыға сенуге болмайды ғой.

Шешесі тіпті Гиочикаға жүннен жып-жылы етіп, шетін оқалаған көрпе тоқыды. Көрпеде «Г» әрпі кестеленген. Бұл — Гиочика деген сөз.

Бірде таңертең Чубо терезеге келіп, көрпенің жерге түсіп жатқанын көрді.

— Тоңып қалды-ау! — деп қорқып кетті Чубо.

Ол аулаға шығып қараса, Гиочика сол бұрынғыша қалпақ ішінде ұйқтап жатыр, ал көрпенің орнына оны екі көбелек қанатымен қымтай бүркеген.

Түнде көбелек ұшып бара жатып, көрпенің жерде түсіп жатқанын кездейсоқ көріп қалады. Қөбелектер жиылып қанша тырмысқанымен оны көтеруге әлдері жетпейді. Сосын Гиочиканы қанаттарымен бүркеген екен.

— Міне, көрпе деп осыны айт! — деді Гиочика, оянған кезде. — Неткен әдемі көрпе еді! Рақмет сендерге!

Көбелектердің өздері де аздап жаурап қалыпты. Біреуі тіпті жөтеле бастаған. Жылыну үшін олар қанаттарын тез-тез қағып ала жөнелді.

— Сенің есімің кім? — деп айқайлап, Чубо біреуінің соңынан жүгіре жөнелді.

— Сөйтіп тұрып, сен мені қалпағыңмен жаба қоймақсың ғой, ә?

— Тоқта! — деп айқайлады Чубо. — Мен қалпақтан тесік жасаймын. Егер үстіңнен жапсам — қашып кетесің!

Ол қалпақты тесіп жіберді, көбелек мұны көріп, тоқтай қалды.

— Менің есімім — Қира, — деді көбелек.

— Ал қайда ұшып бара жатырсың?

— Ол өз жұмысым. Сендер, адамдар, бәрін де білгілерің келеді. Қош! — Солай деп, Кира көбелек әрі қарай ұша жөнелді.

Чубоның жап-жаңа қалпақтан тесік шығарғанын көрген кезде Гиочиканың ішегі қатты.

— Ой, жаса, Кира! — деді Гиочика. — Ақылды көбелек, басқа не дерсің!

Ал Кира көбелек өзінің құрбыларына ұшып барды да:

— Чубоның қалпағының, міне, мынадай тесігі бар, — деп жырдай қылып айтып берді.

— Ура! — деп айқайласты құрбы көбелектері.

Әкесі мен шешесінің бұл айқайды естігенмен, көбелектердің жаңа ғана Чубоның қалпағын ешқандай шайқассыз-ақ жеңіп шыққаны қаперлеріне де келмеп еді.

Ал қарлығаштар мұнараға қызыға қарайтын болды.

— Ой, қандай мұнара! Өзінің төбесіне қонып отыруға бола ма?

Сосын Чубо, әрине, оның төбесіне қонып отыруға, әрі ұя салуға рұқсат етті. Тіпті көмектесті де. Гиочикамен бірге ол құстың мамығы мен құрғақ шөптерді жинады. Ал саз балшықты қарлығаштардың өздері әкелді. Тұмсықтарымен. Рэуттен.

Қарлығаштар мұнараның басына жиырмаға тарта ұя салды. Міне, сондай Пакица есімді бір қарлығаш иығына келіп қонды.

— Рақым өтінеміз, — деді қарлығаш. — Біздікіне қонаққа келіңіз. Тек босағада аяқкиіміңізді шешіңіз. Кешірерсіз, бірақ бізде сіздің аяғыңызға шақ келетін башмақ жоқ. Ал қалпағыңызды есіктің сыртындағы ілгішке ілерсіз.

Чубо аузын ашып аңтарылды да қалды. Бірде-бір құс оны ұясына шақырып көрмеген еді. Әрі бұл оның ішіне қалай сыймақ?!

Осы кезде қарлығаш иығынан пыр етіп ұша жөнелді де, Чубо мына өлеңді естіді:

Досымыз-ау, қымбатты!
Сен сыясың бар жерге!
Қарлығаштың ұясындай,
Болса-дағы тар жерге.
Кел, сыясың абзал дос,
Зердесінде оты бар.
Балапандар жаныңда
Шүпірлесіп отырар.

Осы кезде Чубо аяқкиімін шешіп, қарлығаштың алдында басынан қалпағын алды.

— Рақмет, Чубо, — деп иіліп тәжім етті оған қарлығаш. — Биыл біздің босағамызда әлі ешкім аяқкиімін шешпеп еді. Әрі ешкім ұямыздың алдында басынан қалпағын алған емес.

ГАВРИЛКА

Taп бір үлкен қызы үйде жүргендей, Гиочика келгелі, шешесінің шаруадан қолы босады. Балапандарға жем шашатын да сол.

Әрине, тегешке дәнді Чубо салады, оған Гиочиканы отырғызып, иығына көтереді. Биіктен балапандарға қыз жем тастап, ал Чубо:

— Цып-цып... — деп шақырады.

Үйді де сыпыратын Гиочика.

Рас, сыпырғыш қыз үшін үлкендеу, оны сілтейтін Чубо, Гиочика тек оған бұл істің жай-жапсарын түсіндіретін.

— Міне, осы дұрыс. Енді мына жерді сыпыр, — дейтін Гиочика сыпырғыштың сабына шығып алып. — Сен мені әткеншек теуіп жүр деп ойлама. Біз бірлесіп еден сыпырып жүрміз.

Чубо ісін жиі тастап, мұнараға көтерілетін, сонда үйге бас-көз болып Гиочика қалады.

Бір күні кешке жақын шешесі шелекте түк су қалмағанын байқады. Шынымен-ақ Чубо мұнарада жүргенде, Гиочика ішіп қойған ба?

— Сенгің келмейді, — деді әкесі. — Бір жерге төгілген шығар.

Шешесі іздемеген жер қоймай, тіпті етіктердің ішіне дейін қарап, қалталарға шейін тінтті — құп-құрғақ. Шынымен-ақ ішіп қойғаны ма?

Келесі күні Чубо мұнараның басында тұрып Гиочиканың кішкентай есігінен қарлығаштардың бірінен соң бірі ұшып кіріп жүргенін байқады.

Ал Гиочиканың өзі біресе үйге кіріп, біресе үйден шығып зыр қағып жүр. Аузын суға толтырып алып, ауладағы гүлдерге құяды. Ал қарлығаштар суды тұмсықтарымен тасып, шөптерге құйып жүр.

— Таста мұныңды, — деді Чубо. — Жаңбыр келеді аспаннан.

— Аспаннан?

— Жоғарыдан, — деп түсіндірді Чубо. — Бұлт селоның үстімен көшеді. Оның сорғалап тұратын судан тізілген аяқтары болады. Бұл «жаңбыр» деп аталады.

Бір күн, екі күн өтті. Күн шекені қыздырғанмен, жаңбыр әлі жаумады.

Бірақ, міне, Чубо бір шөкімдей бұлтты байқап қалды. Гиочика екеуі мұнараның басына тез көтерілді, сөйтті де, Чубо бар даусымен айқай салды.

Бұлт, бұлт!
Керуен,
Құра бермей серуен,
Бір кішкене
Тоқташы,
Бізге де бір соқсаңшы!
Бұлт! бұлт!
Аяғыңды
Жерге түсір — сорғала.
Шешіп тастап етікті,
Жалаң аяқ жорғала!

Ал Гиочика төмендегілердің жаңбыр тілеп тұрғанын Бұлт білсін деп, атасының қолшатырын төбесіне жазып жіберді.

— Кәне, жүгіріп барып білші, не тілейді екен анау балалар, — деді Бұлт-Апатай өзінің немересі Гаврилка деген бұлтқа.

— Құп болады! — Саңқ еткен Гаврилка деревняның төбесінде айналып-үйіріліп біраз жүрді де, байқамай қалғансып, мұнараға жетіп келді.

Чубо көзін ашып-жұмғанша болған жоқ, сумақай Гаврилка қолшатырды құйрығымен іліп алып, Гиочиканы аспанға көтеріп ала жөнелді.

Гаврилка барған сайын биікке көтеріле берді, ал Гиочика төмен қарап келе жатыр еді, басы айналып, көз алдында бәрі билеп жүргендей болды. Үйлер де, ағаштар да. Күннің көзі біресе оң жағынан, біресе сол жағынан жарқырайды, тап бір көзге көрінбейтін дәулер оны бір шеттен, екінші шетке лақтырып тұрғандай. Гиочика сосын көзін қолымен жапқысы келіп еді, бірақ кенет — ой! — өзінің қолшатырдан ұстап келе жатқанын есіне алды.

Пакица қарлығаш мұнараның басынан Гиочиканың аспанда шарықтап ұшып бара жатқанын көріп, қорыққаннан дабыл көтерді.

Қарлығаштар Чубоның айналасына үйіріле қалды:

— Ика, бика, а! Қол орамалың бар ма сенің?

Чубо қол орамалын алып шықты да, қарлығаштар

оның төрт бұрышына жармаса кетіп, Гиочиканың соңынан іле-шала олар да ұшты. Енді қыз құлай қалса, бұлардың оны қағып алатындары ақиқат.

Ал есерсоқ Гаврилка қыз баланы барған сайын аспанға жоғары шырқатып, тура өзінің үйіне апара жатты.

Бұлт-Апатайы аспандағы есігін ашып, қабағын түйді.

— Әй, сені ме, Гаврилка, — деп саусағымен сес көрсетті. — Тағы жындана бастадың ба? Бар ойлайтыны құйтырқылық.

Ол Гаврилканы желкесінен жақсылап бір түйіп жібермекші еді, бірақ көздің жауын алғандай қыз баланы көргенде, жұмсарып сала берді. Гиочика оған ұнады. Сол кезде Апатайы Гаврилканың дудар басынан сипады.

Ал Гаврилка әп-сәтте ұшып жүретін кішкентай орындық жасап, Гиочиканы соған отырғызды.

— Мио, — деді қыз.

Осы арада қонақты көруге бұлттардың неше түрлі ағайын-туғандары жөңкіліп келе бастады, ана біреуінің жалы арыстанның жалындай, мына біреуінің басында әтештің айдары бар, енді біреуінің құлағы қоянның құлағындай ербиген.

— Ай, жаса Гаврилка, — деп айқайласты олар, — есерсоғым-ай сол. Қандай ғаламат қызды тауып әкелген десеңші!

Гаврилканың жүзі гүл-гүл жайнап, көзін жыпылықтатумен болды.

— Жә, сөйтіп, саған не керек? — деп сұрады Бұлт- Апатай Гиочикадан.

— Ири, мири, тио, ду! Шөпке су керек. — Солай деп, Гиочика екі алақанын ожау сияқты қосып әкеп аузына тақады.

— Ау, Гаврилка! — деп қатулана айқайлады Апатайы. — Қарашы, қойма ішіндегі құмыралар суға толы ма екен?

— Құп болады! — деп айқайлады да, Гаврилка қоймаға қарай жөңкіле жөнелді.

Осы бір кезде аспан күмбезі қарауытып, тап бір ересен зор қара кұс жер дүниені қанатымен жауып жібергендей болып кетті. Біресе ана жерден, біресе мына жерден от ұшқындары жарқ-жұрқ етті.

— Абайла! — деп айқайлады Апатайы. — Отпен ойнаушы болма! Найзағай-Ата да оянып кетіп жүр. Қалай екен құмыралар?

— Шүпілдеп толып тұр деуге болады! Қотарайын ба?

— Тоқта! — деп айқайлады Апатайы. — Айтамын қашан екенін! Ал жарайды, ендеше, қызым, солай-ақ болсын, құмыраларды сенің селоңның үстіне қотарайық. Ал сен тезірек үйіне жүгір. Тәрізі әлгі әумесер Атасын оятып алғанға ұқсайды.

Солай деп, Бұлт-Апатай аспанның есігін ашып жіберді, оның аузында Гиочиканы қарлығаштар күтіп тұр еді.

Бұлар төмен қарай тез құлдырады, бірақ мұнараға дейін әлі алыс еді, бір уақытта алыстан:

— Бу, бу, бу! — деген дыбыс естілді.

Сосынғысы одан қаттырақ, әрі қаһарлы шықты,

Тасыр-тұсыр етіп, тап бір жерге жұмыр тастар құлап түсіп жатқандай болды.

Найзағай-Атай оянып кеткен.

— Әй, сені ме, Гавр-р-и-и-лка! — деп айбар шекті ол. — О-о-ят-т-ты-ы-ып-п-п ж-жіб-бердің-ау!

Атасының мұрты едірейіп шыға келген кезде — аспанда найзағай шатыр ете түсті. Аспан күмбезі айқұш- ұйқыш от сызықтарынан жарқ-жұрқ етті. Сол-ақ екен, шүпілдеген аспан құмыралары жерге төңкеріле қотарылып, жаңбыр сау етіп құйып берді.

Ал Гиочика бұл кезде мұнараға жеткен еді. Чубо оны алақанын тосып ұстай алды.

— Ой, қандай қорқынышты болды десеңші маған, — деп мойындады Гиочика. — Ал Гаврилканың қылығына ішегің қатады.

Күні бойы деревняның үстінде жаңбыр құйып тұрды.

Кешке жақын шешесі былай деді:

— Бүгін Гиочика үйде түнесін. Мұндай жауынның астында ұйықтауы мүмкін емес қой.

— Ник, ник, — деді Гиочика.— Мио, мио.

Солай деп, қыз әдеттегісінше Далбу атайдың қалпағының ішіне жайғасты.

Сол кезде әкесі қалпақты жерден көтеріп, орындықтың үстіне қойды, ал оның үстіне қолшатырын жайды.

Бірақ бәрібір Гиочиканың ұйқысы онша болмады. Өне бойы жаңбыр тамшылары қолшатырды сабалап:

— Гаврилкадан сәлем! Гаврилкадан сәлем! — деп дүсірлетті де тұрды.

Ал Найзағай ата алыстан айбар шеге гүрілдеді:

— Әй сені ме, Гавр-р-р-рилка! С-с-сотана-а-ақ!

У-У-У

Бірде Чубо өзінің соңынан өне бойы бір балапанның еріп жүретінін байқады.

— Мен — мекиен емеспін, — деді оған Чубо. — Неге жүгіріп жүрсің соңымнан?

Балапан ұялып, қалақайдың ішіне тығылып қалды.

Бұл сөйткенмен, анау әлгі Чубо басып шығарған балапан болатын. Жоқ, оны басып шығарған, әрине, тауық, бірақ Чубо жұмыртқаны жылытқан еді ғой. Сөйтіп, міне, енді балапан баланың сол жақсылығын қайтармақшы болып, соңынан еріп жүр еді. Балапан: «Чубоның аяғына әйтеуір бірде шегір кірер де, мен сол шөгірді тұмсығыммен суырып алып тастармын», — деп үміттенген-ді.

Бірақ әдейі шөгір кірмей, балапанға істейтін іс қалмады. Оның Чубомен сөйлескісі келіп еді, бірақ айтарлық та еш нәрсесі болмады, ал: «Сенің неге мамаң қыт- қыттамайды?» — деп сұрау бір түрлі ыңғайсыз?

— Мариуца деген араның басы ауырады, — деп салды ақыры балапан.

— Онысы несі тағы?

— Ара гүлдерді сүйген кезде, ылғи басын төмен салбыратып тұрады. Ал сосын сол гүлден Мариуцаның өзінен де үлкенірек алма өсіп шығады.

Чубо балапанды көтеріп алып, алақанына қондырды.

— Мұның бәрін сен қайдан білесің?

— Балапандар айтып берген.

Чубо күліп, балапанға ұғымды мөлтек өлең ойлап шығарды:

Сүйген жерден Мариуда —
Өседі алма әр уақытта.
Шие деген өсер әрдайым!
Жеуге оны мен дайын!

Сосын бұлар шие тезірек пice ме екен деп, соны білу үшін Мариуцаны іздеуге шықты.

Сөйткенмен, Мариуца еш жерден табылмады.

Өзге аралар кеше Мариуца Чубоның ауласындағы барлық гүлді сүйіп шығып, бүгін Қораз тауына кеткен десті.

Бұл кезде қараңғы түскен еді. Кешіккен аралар үйлеріне оралды. Мариуца көрінбеді.

Қайда жүр ол? Аралар түнде ұшпайды? Бәлкім, Рэутке құлады, не өрмекшінің торына түскен шығар? Әлде жапырақтан өзіне күрке жасап алып, Қораз тауында тып-тыныш ұйқтап жатыр ма екен?

Ал Гиочика бұл түні ұйықтай алмай. «Мариуца қайда кетті», — деп мазасызданумен болды.

— Бәлкім, сен білерсің оның қайда екенін? — деп сұрады Гиочика Далбу атайдың қалпағынан.

—Чеп, — деп жауап қатты қалпақ, —мен әлі кішкентаймын.

Гиочика таң қалып қараса — қалпақтың астында балапан отыр. Қараңғыда балапан тауық қораны таба алмай, қалпақтың астына жайғасқан екен.

Танертең ерте Чубо араның ұясына жүгірді. Мариуца оралмапты. Осы кезде кенет ол басын кемпірше орамалмен таңып алған бір араны көрді. Бұнысы несі?

Гиочиканы шаруаға бас-көз болу үшін үйде қалдырып, Чубо Мариуцаны іздеуге жөнелді. Балапан соңынан қалмады.

Бірақ қайтіп табарсың араны? Қораз тауындағы бақ өте үлкен... Чубо Кира деген көбелек пен Пакица деген қарлығаштан көмек сұрады.

Содан Пакица бақтың үстімен ұшып, көбелек алма ағаштарының арасымен қалбалақтап, ал Чубоның өзі соқпақпен жүгіріп отырды. Бақтың ішінде оларға араның неше түрлісі кездесті. Тек Мариуца ұшыраспады.

Содан бері енді үйге қайтпақшы болды, бірақ осы кезде кәрі данышпан төбет Фараон жүгіріп келді.

— Ием-ау, — деді төбет, — жаңа ғана үш қап тәтті шырын арқалаған бір ара ұяға оралды. Бір қапта «Мариуца» деп жазылған. Сол ара. «Мариуца үйге жаяу келе жатыр, ұшуға шамасы жоқ», — деді.

— Ал өзі қайда қазір?

— Жоңышқада, ием.

«Еһе! Араны жоңышқаның ішінен тауып көр». Жарайды, әйтеуір, қай жерде жүргенін білгеніне де шүкіршілік.

Сөйтіп, Чубо жоңышқа атызына қарай жүгіре жөнелді. Тап осы жерде аяғына шөгір кірді. Чубо қайрыла қарап еді, балапан жоқ! Зым-зия!

Ал балапан бұл кезде арлы-берлі жүгіріп:

— Чеп, чеп, чеп! — деп айқайлап жүр еді.

— Сен неге айқайлайсың? — деген дауыс естілді бір уақытта. Бұл тап сол Мариуцаның даусы болатын.

— Алақай! — деп қуанып кетті балапан. — Мен таптым!

— Жоқ мен таптым сені ,— деді Мариуца. Араның басы орамалмен таңулы болатын.

Бір-екі сағат өткесін, бұлар үйге жетті. Чубо араның. тірі екенін көріп, қуанды.

— Мұны мен таптым, — деп мақтанды балапан.

— Жоқ сені мен тауып алдым!

— Ay, саған не болған, Мариуца? — деп сұрады Чубо.

— Анау бақта біреу бар. Ұшып келгені қорқынышты-ақ, әрі өзі үлкен. Өзі бүйтеді: «У-у-у!» Қуып жіберші өзін, Чубо, әйтпесе, менің одан басым ауырады. Содан, міне, қанатымды көтере алмай қалдым.

Келесі күні таңертең Чубо Қораз тауына қайтадан жөнелді. Жолшыбай ол бастарын таңып алған екі араны кездестірді. Ал сосын сақау көкекті көрді. Көкек аузын ашып «Кө-көк» деген кезде онысы — «кхы-кхы» болып шығады.

Кенет: «У-у-у» деген дыбыс естіліп, Қораз тауының үстінде самолет пайда болды. Самолет ұшып жүріп, баққа дәрі-дәрмек бүрікті, ол ұшып өткен жерлерде құстар жым болып сайрауын қоя қойды.

— Қалай қуарсың оны? — деп күрсінді Чубо.

— Мен ойлап таптым білем, мұның амалын, ием, — деді Фараон.

Ұшқыш келесі күні таңертең самолеттің бар әйнегі балауызбен жапсырылып тасталғанын көрген кезде, қатты қайран қалды.

ДИІРМЕНШІ АҒАЙДЫҢ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ

Бірде таңертең Далбу атайдың қалпағының жанынан Чубо күйген шырпы тауып алды. Түнде мұнда біреу болған, бірақ кім екенін Гиочика білмеді, ұйқтап жатқан-ды.

Келесі күні май шамның тұқылы табылды, ал үшінші күні әкесі терезеден жанып тұрған май шамды көрді.

— Бұл мейірбанды адам, қобалжыма, — деді шешесі.

— Ал үй жанып кетсе қайтесің?

Чубо аулаға атып шығып, Диірменші ағайды көрді.

— Бұл сен бе май шамды жағып жүрген? — деп сұрады Чубо.

— Мен.

— Ay, неге?

— Мына қыздың дидарын көргім келеді.

Диірменші ағай жаурап қалыпты, Чубо оны үйге алып келді.

Ал таңертең Гиочика оянған кезде, өзінің үстіңгі жағынан аппақ ұзын сақалды көрді.

— Қайырлы таң? — деді Гиочика.

Ал Диірменші не дерін білмей, сасқалақтап қалды,

— Тарт мені сақалымнан, — деді ол.

Гиочика күліп жіберіп, сақалын ұстай алды. Диірменші басын изеңдетті. Гиочика әткеншек тепкендей тербетілді.

Қызды жерге түсіргеннен кейін, Диірменші қашып кетті. Қыз бұдан кенет: «Атың кім?» — деп сұрап жүрсе не айтады?

«Осы менің шынында атым кім? Ұмытып қалыппын!.. Жалғыз тұра-тұра, міне, бәрін де ұмытыппын.,. Ей, ей...»

Ол мұнараның сыртында ұзақ отырып, өзіне ат ойлады!

— Ақ бөрік, — деді ол Гиочикаға. — Менің атым » Ақ бөрік!

Солай деп, зытып отырды, бірақ кешікпей қайта келіп, Чубоны саусағымен ымдап шақырып алды.

— Тыңдашы, — деп сыбыр етті ол. — Мен мына қызды көрген кезде, шамасы, аузым ашылып қалған күйімде ұйықтасам керек. Сонда аузыма торғай еніп кетіпті. Енді келіп қанатымен көкірегімді ұрғылап, аласұрып тұрғаны.

Чубо оның кеудесіне құлағын тосты.

— Бұл жүрек, — деді ол. — Дүрсілін естімеп пе едің өзің бұған дейін?

— Естіген емен, — деп мойындады Диірменші. — Бірақ сен қателесесің. Бұл — құс.

Солай деп, ол диірменге зытып берді.

Бірақ кешікпей қақпа сықырлады. Ағай қайтып келді. Қойнынан кұмырсқаның көзінің үлкендігіндей моншақтарды алып шығып, Гиочикаға ұсынды.

— Мио, — деді Гиочика, моншақтарды мойнына тағып жатып.

Содан бастап, Диірменші деревняға күн құрғатпай келетін болды.

Ал мұнда келмес бұрын сақалын іждағаттап тарап, етігін тазалап, түймелерін дұрыстап қадайды. Диірменін тәртіпке келтіріп, терезе-еденін жалтыратып тұрып жуады.

Деревнямен екі ортадағы жолда ол гүлдермен, әсіресе олардың ішіндегі көк немесе жасылдарымен сөйлеседі.

Алайда бір күні таңертең ол Гиочикаға келмеді. Тіпті түстен кейін де көрінбеді. Бұған не болды екен?

Чубо мұнараға көтерілді, бірақ жоғарыда тұрып та диірменшіні көре алмады. Оның есесіне ақ құйрық қарлығашты көзі шалып қалды.

— Бұл қарлығаш диірменнен келді, — деп аңғара қойды Чубо. — Оның құйрығы аппақ ұн.

Диірменшіл қарлығаш,
Шарлап ұшқан маңайды.
Көрмедің бе биіктен
Диірменші Ағайды?
деп сұрады Чубо.
Сонда қарлығаш былай деді:
Отыр өзен жағасында,
Бешпенті оның оқалы.
Бұлаңдайды су үстінде
Аппақ ұзын сақалы!

— Ауырып қалмады ма екен ?— деп ойлап, Чубо диірменге жүгіре жөнелді.

Бірақ Диірменші ағай сау-сәлемет болатын. Айтқандай-ақ сақалын желп-желп еткізеді, ал расында сақалының өзі желбірейтін еді. Диірменші өзен жағасында жүгіріп, көбелек қуып жүрген. Ол әлсін-әлі өз сақалына өзі сүрініп, жығылады.

— Ау, не болған диірменге, қаңтарылып қарап тұр ғой?

— Мен демалыс алғанмын, — деді Ағай. — Дамылдайтын да бір кезім болуы керек қой.

Бұл диірменші ағайдың қулығы болатын. Ол өзінің кәрі, я кәрі емес екенін тексеру үшін жүгіріп жүрген-ді,

— Тыңдашы, Чубо, саған сыйлық жасағым келеді?

— Сыйлық! — деп қуанып кетті Чубо. — Қандай?

Ағай қайшыны алып жіберіп, қас қаққанша сақалын орып түсті.

— Мә, ал!

— Міне, керемет! — деді Чубо. — Ал той қашан? Сонда оны қалай жабыстырамыз?

— Ұнмен желімдеп қоямыз!

Ағай сол арада-ақ ұн түйіршіктерін суға езіп, сақалы мен мұртын Чубоға жапсырды да берді.

— Ха-ха! — деп күлді ол. — Енді сен кішкентай шалға ұқсадың да қалдың. Ал маған сақалдың енді керегі жоқ. Мен үйленемін!

— Міне, керемет! — деді Чубо. — Ал той қашан?

— Үш күннен кейін.

Чубо үйіне қайтты.

Гиочика оның сақалын көргенде, ішек-сілесі қатты.

— Ол саған мұны әдейі берді. Мен. оны сақалынан жұлқыламасын деп!

Келесі күні диірменге жақындай бере, Чубо барабанның дүбірін естіді. Күйеу жігіт барабан соғуды үйреніп жатыр екен. Барабансыз той болушы ма еді?

— Ал қалыңдықпен кім билейді? — деп сұрады Чубо.

— Мен, басқа кім болушы еді?

— Барабанды арқаңа өңгеріп жүріп пе?

— Иә, өңгеріп жүріп.

— Сөз емес, — деді Чубо. — Бұлай ету келіспейді. Менің бір сенімді досым бар. Сол көмектеседі.

Бұлар тойға үш күн дайындалды. Ең бірінші істеген істері — қозыны маңдайымен барабанды соғып тұруға үйретіп шығарды. Қимылы жаман емес.

Сосын кешке де тойда жап-жарық болып тұруы үшін, балауыз шамдар жасалынды. Үш самса оралды, үлкенірек біреуі Чубоға, кішірек екеуі — күйеу мен қалыңдыққа.

Той қарсаңында түні бойы бұлар печенье пісіріп, қамырдан үш адамның — Далбу атайдың әжейдің және Уку балақанның мүсінін жасады, осынау қысқы достар да тойдың басы-қасында бірге болсын дегендері еді.

Таңға қарай ағай мен Чубо сілесі құрып, әбден шаршады да, қатты ұйқтап қалды. Ал тойға қалыңдықты шақыруды ұмытып кетті.

Сөйтіп, міне, той басталды.

— Бум! Бум! Бум! — деген дыбыстар естіліп жатты.

Бұл той барабанын дүңкілдетіп жүрген қозы еді.

Чубо ұйқтап жатты. Күйеу басын жастығының астына тығып алған, оның мазасын барабан ала берген еді. «Кім өзі бұл дүрсілдетіп жүрген?! Тапқан екен дүрсілдететін уақытты», — деп қояды.

Ал қозының бүйірі қызып, тіпті елірген!

— Бум-тара-рум!

Там-тара-рам!

Гиочика барабанның дүңкілін деревняда жатып естіді.

— Бұл кімнің тойы бүгін болып жатқан? — деп ойлап, қыз диірменге жүгіріп келді.

Жүгіріп келсе, ешқандай той көрінбейді — тек қозы ғана барабанды әрлі-берлі сүзгілеп жүр.

Қозы қызды көрген кезде қуанып кетіп, одан бетер көңілдене дүмбірлетті. Сол кезде Гиочика да билеуге кірісті, ал аспанда қыздың төбесінде кенет бір бұлт пайда болды. Төменірек түсіп, ал келіп айналып-үйіріліп билесін диірменнің үстінде. Бұл, әрине, Гаврилка болатын.

Бұлар осылай ұзақ биледі — Гиочика жерде, ал Гаврилка аспанда.

— Гей-гей, Гиочика! — деп айқайлап қояды Гаврилка. — Кел, билейік, дүбірлет! Қызсын думан дүрілдеп!

Айғай-ұйқай мен бидің дүбірінен күйеу жігіт оянып кетті.

— Чубо, тұр! —деп айқайлады ол. — Менің қалыңдығым келді!

— Бұл мен бе қалыңдық? — деп таң қалды Гиочика, — Қайдағы қалыңдық? Мен жердегі қонақпын. Жуықта кетемін.

— Қалыңдықсың, қалыңдықсың, — деп айқайлап ала жөнелді Диірменші күйеу. — Сен — қалыңдығымсың менің.

— Қайдан көріп едің сен жалаң аяқ қалыңдықты? — деп, қыз Рэуттің жағасына қаша жөнелді.

ЖОҒАРЫ МӘРТЕБЕЛІ ҚОНАҚ

Үш әтеш — біреуі өздерінікі, екеуі көршілерінікі — босағада қиғылық салып, таң атқаннан айқайлаумен болды.

— Енді қонақ күте бер, — деді шешесі.

Шешелері әлсін-әлі жол жаққа қарап: «Ешкім келе жатқан жоқ па екен», — деп, елеңдеумен болды. Ең негізгісі — қонақтар қапылыста келіп қалмаса болғаны.

Басына шаршы орамалын байлап алып, шешесі іске кірісті. Бүкіл үйдің ішін жуып, қырнап шықты, кей жерлерде қабырғаларды да ақтады, есікті сырлады.

Күн батуға айналды, бірақ қақпа әзірге ашылмады, қонақ келмеді.

Көңілін кірбің шалған шешелері ұзын шыбықпен ауладағы әтештерді алдадыңдар дегендей қуып шықты. Бірақ әтештер кешікпей қайта оралып, тағы өздерімен бірге артқы тырнағы шодырайған төртіншісін де ерте келіпті. Онысы сенекке бет бақтырмай кіріп келді:

— Ку-ку-ри-гу-у!

— Мұнда бір мәніс бар, — деді шешесі.

Бұлар бүйтіп тегіннен-тегін өңеш жыртпас еді ғой.

— Қойшы соны, сөз емес, — деді әтештерге онша сеніңкіремейтін әкесі.

Бірақ, дегенмен, сол түні бір бөлменің жарығын сөндірмеген күйі қалдырды, егер біреу келе қалса, иелері үйде екенін білсін дегендері еді.

Бірақ есікті ешкім қақпады, ал таң ата Чубо ұшты-күйді жоғалды.

Гиочика оны, ұйқысын ашар-ашпастан-ақ Рэутке ертіп әкеткенді.

Шөпте шық түйіршіктері жатты. Гиочика әдеттегісіндей Чубоның иығына жайғасқан.

Бұлар жағаға келген кезде Гиочика:

— Шомыл, — деді.

Чубо ойланып жатпады. Тез шешініп жіберіп, суға күмп берді.

Ұйқысыраған Рэут, бірдеңе деп былдырлап, суын төмен қарай сырғытумен болды. «Таң азаннан тұрып келіп, Чубо шомылуы мүмкін» деген ой оның қаперіне де келмеген еді. Өзен өзінше бұны: «Қызыл шіліктің ішіндегі бұлқынып жүрген балық болар», — деп ойлады.

Суықтан қалш-қалш етіп, Чубо судан шықты. Бірақ Гиочика оған аяғын да жуғызды, таза көйлек берді.

— Өзеннің үстінде көтерілген мына буды қаратты! — деді Чубо. — Мен Рэутті жылыттым. Сенің де шомылып алуыңа болады.

Гиочика да суға түсті.

Бұлар көңілдері жадырап, тап-таза мұнтаздай болып үйге оралған кезде, әкесі мен шешесі мазасыздана бастаған еді.

— Қайда бардыңдар сендер сонша ертелетіп?

— Рэутке, — деп жауап қатты Чубо. — Суға түстік.

— Алда, малда, ока, о! — деді Гиочика, — Бұл кісілерге де шомылып алу керек. Бізге жоғары Мәртебелі Қонақ келуге тиісті! 

Әкесі мен шешесі Гиочикамен сөз таластырып жатпады, өйткені қыз бұларға өте қатты ұнайтын еді. Әкесі — су құйылған кеспекке, шешесі — астауға шомылды. Ал Фараон өзенге апарылды.

— Асығыңдар, — деді Гиочика. — Қонақ есік қағып тұр!

Әкесі мен шешесі таза киімдерін ауыстырып киген кезде, үлбіреген жас қыз оларды саусағымен ымдап өзіне шақырып, Далбу атайдың үйіне ертіп әкелді.

— Міне, ол! — деді қыз.

Ана бір кездегі Далбу атай тұратын жерде бұларды, айтқандай-ақ, Жоғары Мәртебелі қонақ күтіп тұр еді.

Рас, оның бойы онша ұзын емес болатын, бірақ осы көз алдарында ұзарып өсіп, қазірдің өзінде басына алтын қалпақ кие бастаған.

— И-и-и! — деп таң қалды әкесі, ал шешесі иіліп тәжім етті.

Осы жерде бұлардың бәрі — Чубо да, әкесімен бірге шешесі де, Гиочика да қол ұстасып жүріп, ән шырқады:

Ажарың гүлмен жарысқан,
Сен келіпсің алыстан.
О, Мәртебелі Қонақ!
Бір аяқпен — бел асу,
Қиын-ақ қой жол асу!
О, Мәртебелі Қонақ!
Сен — шығыссың, сен батыс,
Күнге бола туыпсың.
Қонағымыз сен біздің,
Күн көзіне туыссын,.
О, Мәртебелі Қонақ!
Рақмет!
Достым, Тәңірім,
Босағамыздың біздің
Ажарын сен кіргіздің,
О, Мәртебелі Қонақ!

Бұлар осылай ән шырқап, алақандарын сарт-сұрт соқты. Бұл әнге Кира есімді көбелек пен Мариуца есімді ара ұшып келді.

— Мен кеше-ақ білгенмін. Қонақтың хабарын, — деді ара.

— Ал мен арғы күні! — деп күлді Кира.

Чубо деревняны шарлап жүгіре жөнелді.

— Тұрыңдар! — деп терезелерді қақты ол. — Бізге Жоғары Мәртебелі Қонақ келді. Ол Далбу атамның үйінде. Атам оған өз орнын берді.

Әкесі сарайға екі бөшкені домалатып әкелді, сөйтіп, Қонақты көруге келген әрбір адам шомылуға тиісті болды.

Ал көлікпен келгендері құдықтың жанына тоқтап, аттарының үстіне бір-бір шелек су құйды. Бір әпенде қап-қара, май-май трактор мініп келіпті. Оны жұрт бөшкенің ішінен ұзақ уақыт шығармады.

— Бері қарашы, Чубо, — деді Теадор ағай. — Менің жуынғаным осы кеше ғана. Рұқсат етші, көрейін!

— Бөшкедегі суға түс.

— Ал мен сыймаймын ғой.

Теадор ағайға әр жерін бөлектеп жуынуға тура келді. Жуынып, Қонаққа тәжім еткеннен кейін, ол құдықтан жаңадан су толтырылған бөшкелерді таси бастады.

— Бері қарашы, Чубо, — деді Георге атай. — Мен сыртымды жудым, бірақ ішім бір түрлі әлем-жәлем.

— Е, не болды сонша!

— Әлгі кемпіріммен ұрысып қалып едім.

— Барып, татуласып кел, — деді Гиочика.

Шалға үйіне жөнеуге тура келді, қайтарында кемпірін бірге ала келді.

— Рақмет! — деді кемпірі Жоғары Мәртебелі Қонаққа иіліп тәжім етіп.

Бірақ, әрине, жұрттың бәрі бірдей келген жоқ Далбу атайдың үйіне.

— Тапқан екенсіңдер, — деді бір қайсар. — Жуынып әуре болсам-ау, әлдебір күнбағысты көреді екем деп! Әнеки, олар далада өсіп тұр қанша керек болса да! Kip күйінде-ақ көре беруіңе болады.

— Даладағысы мұндай биік емес. Ал мынау осы көз алдыңда өсуде!

— Енді өйтпегенде! Ол Далбу атайдың орнында тұр ғой.

— Бәрібір жуынбаймын. Қарамаймын да! — деп, Қайсар жанынан өте бере, әдейі қалпағын көзіне ысырды.

Ал аспанда осы екі ортада шөкімдей бұлт пайда болды. Ол әрлі-берлі ұшып жүріп, ақыры, тура Жоғары Мәртебелі Қонақтың төбесіне келіп аялдады. Аузы аңтарыла жерге қарады. Бұл, әлбетте, Гаврилка еді.

Деревняның бірнеше баласы мұнараның басына шығып алып, Гаврилканы таяқпен, таспен ал келіп атқыласын.

— Оба, ноба ма? — деп айқайлады Гиочика. — Тимеңдер Гаврилкаға...

— Түкіргенім бар менің оларға, — деп күліп, Гаврилка сақалын бір бұлғап қалды. Оның сақалынан ап ауыр, ірі тамшылар бұршақтай жауып, мұнараның басындағы балалар жерге топырлап түсті.

- Ей, Гиочика, — деп айқайлады Гаврилка. — Сен Чубоға айтшы, көктемде менің үстіме мініп шаба жөнелген Уку болатын! Чубоға Укудан, Атасы мен Әжесінен сәлем айт! Ақша қар балақандар оған тәжім етуде! Мен олардың бәрін де алдыңғы күні көрдім!

Дәл осы кезде әлдеқайда алыстан айбар шеккен гүріл естілді.

— Гавр-р-рилллка, қайда? Қайда ж-ж-жоғалып кеткен?!

Гаврилка селк ете түсіп, шетке қарай жалт берді, бірақ даланың төбесінде тұрып та әлгі қайсарды жақсылап тұрып шомылдырып үлгерді. Бастан-аяқ, киімімен қоса, түп-түгел шомылдырып шықты.

Қайсарға үйіне барып, су киімдерін шешіп бастан-аяқ таза киім киюіне тура келді.

Ал Далбу атайдың үйінде терезесінің дәл қарсысында бұл кезде екінші күнбағыс өсіп, шешек жарды.

ЧУБОНЫҢ ДИІРМЕНДІ АЛДАУЫ

Ақ құйрық қарлығаш күн сайын құйрығымен диірменнен хабар тасып тұрды. Өйткені, оның құйрығы біресе ақ, біресе сарғыш болып құбылатын-ды.

Сөйтіп, егер Чубо мұнараның басына ақ жалау ілсе, селодағы адамдар диірменде бүгін бидай ұнының, ал егер сары жалау ілсе, жүгері ұнының болатынын білетін.

Бірақ, міне, аптап күндер басталып, Рэут қайырлап, диірмен доңғалағы әзер-мәзер айналатын кез туды.

— Әлде диірменге қанат жасасақ па екен? — деді Чубо.

— Басың жұмыс істейді-ау, — деді ағай сүйсініп. — Чубо, сенің басың керемет!

— Аздап Рэут айналдырар, — деп сөзін сабақтады Чубо. — Аздап — жел. Сонда диірмен күндіз-түні бірдей жұмыс істейтін болады.

Бүтін бір апта еңбектенді бұлар, содан жексенбі күні таң ата қанаттар дайын болды.

Қанаттар ойдағыдай болып шықты, ұзын, жалпақ! Бірақ айналмады.

Чубо да, Диірменші ағай да өздерінің диірмендерінің ойпаңда тұрғанын, ал жел төбелер басында ғана ызғып жүргенін ойламаған еді. Сөйтіп, міне, енді, қанаттардан келер-кетер ештеңе болмады.

Бір күн, екі күн өтті, бір апта өтті, содан бір уақытта деревняның үстіне қалың нөсер кұйып берді!

Рэут гүрілдей тасып, диірмен доңғалағын зырқыратып жылдам айналдырғаны сонша, тіпті енді болмаса оның быт-шытын шығаратындай көрінді.

Ал нөсер жауынмен бірге ойпаңға дауылдың бір ұшығы да келіп жетті.

Диірмен өзіндегі бар астықты қас қаққанша тартып бітірді, доңғалақ та, енді қанаттар да зырқырап, босқа айналып тұрды.

Диірменші ағай: «Астықтарыңды тезірек тасыңдар», — деп, деревняға жүгіріп бармақшы болып еді, бірақ құйып тұрған жауында кім әкеледі оны!

Ал Диірмен ашынғаннан дірілдеп-қалшылдап қоя берді.

— Астық қайда? — деп өкіректеді ол, доңғалақтары сартылдап, кенет орнынан қозғалып кетті. Қанаттарын қағып-қағып жіберген ол жағаның бойымен заулады, сосын өзеннен шұғыл бұрылып алып, тура бидай егістігіне қарай бет алды. Диірменші ағай сыртқа қаңбақтай ұшып кетіп, жағада аузы аңқайып қала берді.

Диірмен қарлығашы Чубоға мұнарадан түсіп келе жатқан мезетте ұшып жетті.

— Чубо! — деп айқайлады ол.

— Білемін, — деді Чубо. — Өзім бәрін де көріп тұрдым.

Солай деп, ол бидай егістігіне қарай жан ұшырды.

Оның алдынан пісіп жетілмеген үш масақ шыға келді.

— Пана бол бізге, адам баласы! Естимісің, ана жерде бізді Диірмен қуып келе жатыр!

Чубоның оларды қалпағымен жапқаны сол еді, төбенің тасасынан Диірмен шыға келді. Диірмен өкіріп-бақырып, қалш-қалш етеді.

— Тоқтай қал, Диірмен! — деп айқайлап жіберді Чубо. — Тоқта деп тұрмын ғой! Сен не Чубоны танымай тұрсың ба? Бұл мен емес пе едім саған қанат байлаған!

— Дыр-дыр-дыр! Гүрс-гүрс-гүрс, — деп былдырақтады Диірмен. — Мұнда сен сияқты сенделіп жүргендер коп.

— Тиіспе бидайға, естимісің? Ол әлі көк. Қайт кейін! Әйтпесе көбелектер мен бозторғайларды ұн ғып уатып жібересің!

— Дыр-дыр-дыр! Топ-топ! Туп-туп! Адамның сөзін түсінбеймін.

Не амал істемек? Жақын маңайда адамдар көрінбейді. Ал Чубоның күндізгі уақытта күші мәз емес.

Чубо көйлегін шешіп жіберіп, жағасының аузын түйіп буған кезде, онысы қап сияқты болып шықты. Чубо сосын оның ішіне қалпағын тастап жіберіп, былай деп айқай салды:

— Ау, Диірмен! Мен саған бидай әкелдім.

Диірмен жалт қарап еді, айтқандай-ақ, жол үстінде бір адамнын қап арқалап тұрғанын көрді.

— Дыр-дыр-дыр! Топ-топ! Бері алып кел бидайыңды.

— Е, жоқ, бұл болмайды! Жүр, орныңа барамыз. Бидайымды кез келген жерге шашып-төгетін жайым жоқ.

Солай деп, Чубо диірменге арқасымен бұрылып, өзенге қарай тұра жөнелді. Не істерін білмей Диірмен Чубоның соңынан дедектеді, әлгі сонау бір кездегі ақша қардан жасалған балақандардың соңынан дедектеп еріп отырған сиыр сияқты.

Чубо диірменді бұрынғы тұрған орнына алып келді, осы кезде жан-жақтан адамдар жүгіріп келіп, диірменді дәу бағаналарға жуан арқанмен керіп байлап тастады.

Тек осы арада ғана Диірменші ағай аңырайған аузын жауып, иегінің астын қасыды. Бұл кезде оның иегіне жаңадан сақал шығып келе жатыр еді.

КӨПІР

Ұлу өзінің қабыршақ үйінен басын шығарып, Күнге қарады да: «Асығу керек», — деп ойлады.

Ол өзіне тау болып көрінген төмпешіктің басына шығып, бір кішкентай жапырақтың үстінде демалып отырған.

Кенет жапырақ төмен қарай сырғи жөнеліп, ал Ұлу соның үстінде кете барды.

Жапырақты ала жөнелген Қара Қоңыз еді.

— Бұл сенің жапырағың ба? — деп сұрады Ұлу.

— Жоқ.

— Онда сен мені қайда сырғытып апара жатырсың?

— Қалауың білсін. Мен таксимін ғой!

Қара да болса, мейірбанды қоңыз болып шықты. Ұлу апатайын аяпты. Кейде таксимен, кейде жаяулап, Ұлу Рэутке жетті.

Бір мүйізің шығысқа, бір мүйізін батысқа бұрды — мұнысы несі? Көпір қайда жоғалып кеткен? Осы жақында ғана өз орнында тұрған, ал енді екі ағаш аяғы ғана қылтияды судан.

— Кешегі дауыл ұшырып әкеткен ғой, — деп ойлады Ұлу апай, — Солай, енді не амал істеуі керек?

Үйі, әрине, әманда арқасында, үйі арқасында тұрғанда, жағдайы жаман болмас, бірақ өзеннің ар жағында туған-туысқандары күтіп отыр ғой!

Бүл жолға аттанғанда — сіңлілері: «Жібермейміз», — деп барынша безек қаққан. Бірақ ұстай алармысың? Оның дәулерді көргісі келді, бар әңгіме сол! Ал дәулер Туртурика селосында тұратын!

Енді мұның содан үйіне қайтып оралып, толып жатқан жаңалықтарды әкеле жатқан беті болатын.

— Шіркін, менің ең болмаса бір кішірек кемем болар ма еді!

Чубо мұнараның басынан Ұлу апайды көрді.

— Өзеннен өте алмай тұр екен ғой, — деп ұққан Чубо мұнараның басынан түсіп, селоны шарлай жөнелді.

— Ұлу апайға жәрдемдесейік! — деп айқайлады ол әрбір терезенің түбінен. — Өзеннен өте алмай тұр!

— Байғұс Ұлу! — десті Туртурика селосының тұрғындары. — Оған жәрдемдесуіміз керек!

Сөйтіп, міне, деревняның дәулері жетіп-жетіп келді, біреуінде бөрене, біреуінің қолында балта. Чубоның әкесі арасын алып келіпті. Суға түсе-түсе қалып, — сарт-сұрт, сарт-сұрт қимыл, міне, көпір де дайын.

— Ал, кәне, Ұлу апай! — деп даурығысты дәулер. — Жылжы үйіде! Қонаққа кел, көңілің соққанда.

Ұлу апай өзеннен әрі өтті, бірақ үйіне келгенде, дәулер буған арнап көпір салды дегенге ешқайсысы сенбей қойды.

— Ал мынау не? — деді Ұлу, қалтасынан бір жаңқаны алып шығып. — Мінеки, бұл менің көпірімнің жаңқасы!

Сөйткесін ұлулар тегіс жым болды. Мұның жаңқа екені — шындық. Ал шындық — жаңқа емес!

Ұлу апайдың ері Ұлу ағай әйелі жолдан келіп жуынып жатқан әзірде оған масаттанып, қатты сүйсіне қарап тұрды.

— Ау, орамал қайда? — деді әйелі. — Сен көріп тұрсың ғой, менің жуынып жатқанымды. Әпермейсің бе, орамалды.

Ұлу ағай орамалдың не екенін туғалы естімеген еді, бірақ кінә менен болмасын деп, зайыбының бетін мүйізінің ұшымен сүртті.

Таңертеңгі тамақтан кейін, Ұлу апай былай деді:

— Бүгін газет әкелді ме? Көзілдірігімді әперіп жіберші.

Көзілдіріктің не екенін Ұлу ағай білетін, ал газет дегенді естіп тұрғаны осы. Бірақ әйелі өзін кеще деп ойламас үшін, барып оның құлағының түбін қасыды. Ұлу апай сәтте-ақ ұйқтап қалды.

Содан бері тек әйелі газет жөнінде сөз қозғаса-ақ болды, ері:

— Құзырыңызға құлдық! — деп келіп, құлағының түбін қаси қоятын болды. Ал әйелі сәтте-ақ ұйқтап кететін. Ұлу ағай бір нәрсені ғана түсінбеді, егер ұйықтағалы жатса, көзілдіріктің керегі қанша?

Кешке қарай көк күмбезінде ай жарқырап, айналадағы дүниенің бәрі сондай құпия сырлы болған кездерде, апаларының айналасына титімдей жас балақан ұлулар жиналатын.

— Бізге дәулер жайында тағы да айтшы. Өзіңнің мектепке қалай барғаныңды айтып берші.

— Несі бар, бардым, — деп әңгімеледі апалары. — Портфельге кіріп алдым да, бардым. Тек бір-ақ күн болдым, онда санауды үйреніп қайттым. Екіге дейін! Қазір де ұмытқан жоқпын. Есімде — бір, екі! Оған дейін мен жақсы-ақ білетінмін, басымда мүйізім бар екенін, бірақ қанша екенін кім білген? Екеу болып шықты. Дегенмен, басыңда екі бірдей мүйізіңнің бар екенін білудің өзі қандай ғанибет!

— Бір-екі! Бір-екі! — деп қайталады әжелерінен кейін ұлу балдырғандар, біресе бір, біресе екінші мүйіздерін шошайтып.

— Бір-екі, ал содан соң қалай? — деп сұрады Улэ деген кішкентай ұлу.

— Әйтеуір бірдемесі бар, — деп жауап қатты апайы. — Бірақ не екенін білмеймін. Мен, тек бір-ақ күн бардым ғой мектепке.

— Ал менің ойымша, оның ар жағында ештеңе де жоқ, — деп сөзге араласты Ұлу ағай. — Онда не болуы мүмкін? Жетеді осы да — бір-екі!

Осылайша олардың мылжыды аспанды бұлт бүркеп алғанша созылды. Сол кезде ұлулар жапа-тармағай мүйіздерін көкке шошайтып, даурыға айқайлап қоя берісті:

Бұлт! Бұлт!
Шөп берейік,
Шығаршы айды сақалыңнан.
Айды бізден ұрласаң —
Өкпелеме сыйымыздан құр қалсаң!

— Әй, даурықпаңдаршы, түге! Сендердің шуларыңнан құлағым бітелетін болды! — деген дауыс естілді аспаннан. Бұл, әрине, Гаврилка еді. — Мен ай бетінің шаңын қағып жатырмын!

Гаврилка сақалын бұлғап қалғанда, айнадай жарқыраған ай атқып шыға келді аспанға!

Бірақ осы арада алыстан қаһар шашқан дауыстар естілді.

— Ей, Гавр-р-рилка! Тиіспе Айға! — Сол-ақ екен, Гаврилка құйғытып безе жөнелді.

Ұлу апай еріне бұрылып, былай деді:

— Сенің айтқаның дұрыс емес! Сенің ойыңша — бір, екі, ал сонда арғысы тек ауа ма? Біздерде, ұлуларда солай болар. Ал дәулерде, сірә, тағы бір нәрсе бар секілді. Әйтпесе олар да мектепке тек бір-ақ күн барар еді ғой.

— Ал Чубоны көрдің бе сен?

— Әрине, талай мәрте. Ол дәулердің ішіндегі ең кішкентайы. Әне, оның мұнарасы өзеннің ар жағында асқақтап тұр.

— Ал сен мұнарада болдың ба?

— Үш күн, үш түн өрмеледім басына. Ал ең ұшар басына шыққан кезде төменге қарадым. О ғажап! Үйлердің бәрі кіп-кішкентай болып кеткен. Дәулер де кіп- кішкентай. Дәулер дейтін дәулер жоқ, жай әншейін бір адамсымақтар!

— Тап мұның енді, бекершілік, — деді Улэ.— Тым шөмитіп барасың. Дәулердің болмағаны қалай? Қайда кетуі мүмкін олар? Сонда үйлер қалай ғана кіп-кішкентай болып кетпек? Үп-үлкен бола тұра?

— Үйлер ғана емес! Тіпті Туртурика селосының өзі де сонша үлкен болмай қалды. Оның ар жағы дала, ал даланың ар жағы орман. Міне, мұнараның басынан осылай болып көрінеді екен! Мүйізіммен ант етейін!

— Жә, болды, жетеді, — деді Ұлу ағай.— Улэнің мүлде басын қатырып жібердің.

Балдырғандарды тарағанша күтіп отырды да, Ұлу ағай жұбайының құлағына былай деп сыбырлады:

— Сенің бұл шатып отырғаның не? Дәулерді айналадағы әңгіменің бәрін тыңдап отыратын пәлекеттің неше түрі бар екенін естімеп пе едің? Ал егер олар сенің не шатып отырғаныңды біліп қойса қайтесің? Олар көпірді сындырып тастасын дейсің бе? Ол аз болса, тағы да келіп, бүкіл ұлу жайлаған өлкемізді жыртып тастар!

— Көпірді не үшін сындырмақ? — деді Ұлу апай. — Оны мен үшін салған екен, демек, тұра береді солай!

ЛИО

Үш күн бойы шешесі үйден шықпады. Шешесі ауырып қалған еді.

Чубо оған мүк жидектің шырынын әкеліп берді. Қолын науқастың маңдайына басып, қызуын тартып алмақшы болды. Бірақ шешесі өзін барған сайын нашар сезінді.

Чубо көршісінен «Питпалак» деген селодағы бір апайда шипалы шөп бар дегенді естіді. Сөйтіп, ол сол арада-ақ алыстағы «Питпалак» селосына жөнелді. Оның соңынан іле-шала кәрі төбет Фараон жүгірді.

Чубо ұзақ жүгірді, әрі өне бойы «Питпалак» селосында сиырдың қалай мөңірегенін естіп келе жатты. Сиыр мөңіреген сайын, Чубо оның даусын бетке ұстады. Бірақ, міне, кеш батып, сиыр ұйықтаған кезде Чубо жолдан адасты да қалды. Ол енді жүгері егістігіне жатып ұйықтамақшы болып еді, бірақ осы кезде Чубоны балапандарын ерткен Тауық көріп қалды.

Жай әншейін Тауық емес, әрине, анау әлгі аспанға әр түн сайын шығатын жұлдызды биік Тауық . Өзінің жұлдызды балапандарымен бірге Тауық аспанда тура Чубоның төбесінде тұр еді.

— Бері қарашы, Лио, — деді Тауық қасындағы бір кішкентай жұлдызға. — Сен Питпалак селосының қайда екенін білесің бе?

— Әрине, шешетай.

— Ендеше, барып, жолды көрсетіп жіберші.

Сөйтіп, Лио аспанның бойымен тез ұша жөнелді де, Чубо оның соңынан жан ұшырды.

Бірақ осы кезде қайдан дерің бар ма, аспанда Гаврилка пайда болды. Ол әуеде жай әншейін әрлі-берлі құр босқа селтеңдеп жүрді де, Лионы көрген бойда, соңынан қуып ала жөнелді. Тез қуып жетіп, оны сақалымен орап-шымқап тастады.

— Тұр орныңда солай, Чубо! — деп айқайлады Лио. — Тұра тұр солай, қашан бұл менен безіп кеткенше! Бұл Гаврилка! Селтеңдеген селтеңбай сотқар.

Бірақ Гаврилка безіп кетуді ойламады да, Лио оған Гиочикадан кем ұнамаған еді!

Оның сақалының арасынан шыға келген Лио Чубоға жарық сәулесінің жібін созды.

— Осыған байланып ал, әйтпесе жоғалып кетесің!

Чубо беліне жалма-жан жұлдыздың жібін байлады.

— Сен не істеп жатырсың, ием? — деді ақылды Фараон. — Сені аспанға әкетіп жүрсе, сосын қалай түсесің? Біз қайдан білеміз бұл жұлдыздардың ойында не бар екенін?

Солай деп, Фараон әлдебірдеңе бола қалса, Чубоны жерде ұстап қалу үшін, тісімен оның балағына жармасып кетті.

Осылайша бұлар алға жылжыды — Лио — Гаврилка — Чубо — Фараон.

Лио — сақалда.

Чубо — жіпте байлаулы,

Балақ — Фараонның аузында!

Тек Гаврилка ғана ешкімге байланысты емес әрі ешкімге байланбаған. Құдайға шүкір! Атай әзір ұйқтап жатыр.

— Ал сен қайда бара жатырсың? — деп сұрады Лио, сақалдан саңылау шығарып.

— Шипалы шөпті іздеп барамын, — деп жауап берді Чубо. — Мамам ауырып қалды. Ал сенің ұйқың келген болар? Ұйықта әзірге. Әлди-әлди!

Чубо Лионы әлдилей бастаған кезде, ойламаған жерде өзі ұйқтап қалды. Осылай әрі сапар шегіп, әрі жолшыбай ұйқтап келе жатты.

Ал Гаврилка ақымақ болмаса, сол арада-ақ бір шетке жалт бұрыла жөнелер еді. Ол сол маңнан бір жалаң бас тауды көріп әлгінің басына бөріктің орнына өзін қонжита салып, жұлдызды сеңсең бөрік болып шыға келмекші болды.

Фараон Гаврилканың есерсоқтана бастағанын бірден-ақ байқап, үріп жіберейін деп еді, бірақ үруге болмайды екен. Балақты қоя берсе, жұлдыздар Чубоны түпке тартып әкетеді. Ізде сосын, қайда жоғалып кеткенін!

Бірақ Чубоның өзі көзін ашып, жұлдыздың жібі таудың басына қарай созылғанын, ал тауда бөріктің бейнесіне еніп Гаврилканың отырғанын көрді. Чубо Лионы ұйықтады деп ойлап, оны оятпас үшін сыбысын білдірместен бәтеңкесін шешіп, жоғары өрмелей бастады.

Ол өрмелеп шыққанша, Гаврилка бөрік болудан жалығып кетті. Сайып келгенде, адам емін-еркін біреудің басында ұзақ отыра алмайды ғой, сөйтіп, Гаврилка зытып ала жөнелді.

Ал Лио сол таудың ұшар басында қалып қойды.

— Ки, бәтеңкеңді, Чубо, — деді Лио. — Жұлдыздар ұйықтамайды. — Лио орнынан көтерілейін деп еді, бірақ әлі келмеді.

— Шамасы, сенің үстіңнен ауа басып тұр-ау деймін, Чубо. — Сосын жердің де күші тартады.

Чубо жұлдызды қалпағына салып алып еді, жұлдыз мұны алыстағы Питпалак селосына ертіп әкетті.

Шипалы шөпті алып, қалпағына салған жұлдызбен, балағынан тістеп айрылмаған Фараонмен бірге Чубо үйіне қайтып оралды.

Жұлдыздың жарығынан Туртурика селосы дүрлікті. Теадор ағай өрт шыққан екен деп, шелегін алып жүгіріп шықты. Георге атай ілгекті ұзын таяқпен жетіп келіпті.

Кішкентай ауладағы Чубоның жанына бүкіл деревняның дерлік адамдары жиналды. Қалпақтың ішіндегі жұлдызды көру үшін, біреулері шатырдың төбесіне, енді біреулері мұнараның басына шығып алған.

— Көктен құлап түсіпті, байғұс жұлдыз, — десті әйелдер. — Әйтеуір, қаусап қалмағанына шүкіршілік.

— Сенің қайтатын уақытың болды, Лио, — деді Чубо. — Былай істейміз, мен қазір бесікке жатамын, ал сен тек — «әлди, әлди» десең болды, менің бар күшім саған ауысады. Міне, сол кезде ұшарсың.

Чубо бесікке жатты, Лио керек сөзді айтты да, ұша жөнелді.

Бірақ мұнараның басына дейін ғана ұшып барып, сол жерден кері бұрылды.

— Сендерде бола тұрамын, — деді жұлдыз. — Шешең ауруынан айыққанша бола тұрамын.

Келесі күні таңертең Чубо оянған кезде ол Лио мен Гиочиканың шешесінің жанында отырғанын көрді.. Ал әйнектен Туртурика селосының бүкіл балаларының бет-жүздері телміріп қалған, олармен коса Диірменші ағайдың жаңа сақалы да қылтияды.

Балалар мәз-мейрам болып күліп, Лиоға біреулері көкнәр қосқан бөлке нан, енді біреулері жаңғақ ұсынады. Диірменші ағай жаңа ғана үлпілдеп піскен қалашын бұлғаңдатады.

Бұлардың бәрі де сөйтсе, жұлдызға қонақасы беруге келген екен. Бір әпенделеуі тіпті ешкісін алып келіпті. Кім біледі, жұлдыздар ешкінің сүтін жақсы көретін шығар деп ойласа керек.

Жұлдыздардың жарық сәулемен қоректенетінін білген кезде, келгендердің бәрі қатты қынжылды. Сол арада-ақ өздерінің сәлем-сауқаттарын өздері жеп алды.

Кешке қарай Чубо жұлдызды мұнараның басына көтерді де, енді диірменде де, тіпті Ұлу жайлаған өлкеде де күндізгідей жап-жарық болып тұрды. Өстіп Лио түні бойы жарық сәуле шашумен болды.

Лио, Лио,
Неткен ғажап баласың,
Күні-түні көз ілместен жанасың.
Лио, Лио
Ұйықта енді,
Лио, Лио,
Дамылда.
Шаршадың ғой,
Деміңді ал! —

деп өлеңдетті Гиочика түн ортасы ауа, мұнараның басындағы Лионың жанына келіп. Бұл өлеңді естіген кезде Лио күліп, былай деп жауап қайтарды:

Жерде туған, о сіңліміз, сен біздің,

Жұлдыз жанар көз ілместен күндіз-түн.

Ұйықтаса ол ағып түсер сорғалап,

Ұйықтағаны мерт болғаны жұлдыздың.

Туртурика деревнясының бар тұрғыны, әрине, өздерінің мұнараларының басында жұлдыз жанып тұрғанына қуанды. Чубоның шешесі науқасынан айығып, әйелдер мұнараны кілемдермен безендірді, ал Лионың жанында бір шоқ дала гүлі тұратын болды.

Бірақ Кэрэбуля есімді кейбір адам Лионы ұрлап алып, базарға сатып жіберуге ниеттенді, мұндай ой да кіреді екен-ау басқа!

Сөйтіп, міне, Кэрэбуля қамырдан Чубоның бетіне ұқсас маска жасап киіп, түнде мұнараның басына шықты. Жұлдызды шап беріп, ол оны местің ішіне жасырып, үйіне алып барды да, сарайына тығып тастады.

Бірден-ақ село іші қап-қараңғы болып, адамдар жұлдыздың қайда зым-зия жоғалғанын түсіне алмай қойды. Олар Кэрэбуляның кінәлы екенін қайдан білсін.

Ал Кэрэбуля болса, әрине, Чубоның осы уақытқа шейін Лиомен жұлдызды жіппен байлаулы екенін білмейтін еді. Ол столында отырып алып, кешкі тамағын ішіп: «Базарда жұлдыздың нарқы қанша болар екен?» — деп жорамалдай бастаған, дәл сол бір кезде, есік ашылып, бөлмеге Чубо кіріп келді.

— А, Чубоцелмісің! Кел, төрдің төбесіне шық, құрметтім, отыр!

— Сәлем! — деді Чубо. — Әкеліңіз жұлдызды!

Жұлдызы несі тағы?

— Тап ана мұнараның басынан алған.

— Мен ешқандай жұлдызды білмеймін. Не айтып тұрсың өзің, Чубо?

Бұдан кейін Чубо онымен сөйлеспестен, тұра сарайға жетіп барды.

Чубо жұлдызды мұнараға алып келді. — Чубо, Чубо, мен қалжыңдап едім, — деп айқайлады Кэрэбуля ту сыртынан. — Өзің білесің ғой, сарайдың іші қараңғы, қойлар көрінбейді! Чубо, кешір! Тек ешкімге тісіңнен шығара көрме... Чубо, Чубо... Чубоцел...

— Ал енді менің үйге қайтар кезім де болды, — деді Лио Чубо оны мұнараға алып келген кезде. — Көп кешікпей құстар жылы жақтарға қарай ұшады. Ал мен тырналарға жол көрсетіп тұратын тап сол жұлдыздың өзімін.

— Жә, ең болмаса тағы бір түн бол, — деп қиылды Чубо.

Сөйтіп, оның еншісіне тағы бір түн берілді, ал келесі түнде Чубо бесікке жатты, «Туртурика» селосындағы балалардың бәрі де бесікке жатты, оларға: «Әлди, әлдиін» айтып, тырналарға жол көрсетуші Лио жұлдыз ұшып кетті.

ЧУБОНЫҢ ҰЛДАРЫ

Ақыры шешесі күткен жағдай болды.

Чубоның шала ұйқысы дүйсенбіде оны алып соқты.

Сейсенбіде Чубо көзін де аша алмады.

Ал сәрсенбіде оның оң қолының саусақтары оянды.

Оянысымен, олар өздерінің Чубо папасы ұйқтап жатқанын көрді. Саусақтар айналып-үйіріліп бір кішкене адамдарға айналды да, кереуеттен секіріп түсті.

Гиочиканың есігі арқылы аулаға жүгіріп шығып, бір дегеннен пілді көрді. Фараон-Піл иттің үйшігінде жатқан-ды. Сосын ағаштың басынан олар тауықты көрді.

Тек мұнысы торғай болатын-ды. Ал содан кейін олар Гиочиканы көрді, оның өзі де бұларға зор болып көрінді.

— Сендерді бір-біріңе байлап қою керек, — деді Гиочика, — әйтпесе жоғалып кетесіңдер.

— Керегі жоқ, бізді байлаудың, Гиочика әпке! — деді Бас Бармақ. — Біз өзіміз-ақ тобымызды жазбайтын боламыз. Бір, екі, үш... ау, Шынашақ қайда кеткен?

Іздестіре бастап еді — Шынашақ еш жерде жоқ.

Осы кезде ара ұшып келді, өзінің үлкендігі де қарлығаштай екен, — құдай-ай шағып алмасын де. Саусақтар құмыраның тасасына тығылды. Кенет құмыраның ішінен тасұр-тұсыр дыбыс естілді:

— Балалар! Мен мұндамын!

— Сен онда не істеп жатырсың?

— Мұнда біреу кіріп алып, ысқырып жүр. Мен соны іздеп жүрмін, бірақ қараңғы.

— Қазір Гиочика апай келіп, құмыраға су құяды. Шық!

— Арқан әкеліңдер.

Аты жоқ саусақ жүгіріп барып, бәтеңкесінің бауын алып келді. Баудың бір жағын құмыраға салып, бәрі жабыла тартып, «бір, екі» дегенде Шынашақты алып шықты.

Бас Бармақ тағы да санауға кірісті:

— Тфу! Енді аты жоқ саусақ жоғалып кетіпті!

Айқайлады, ысқырды — еш жерде жоқ!

Енді болмағанда, бәрі оны «мүлде жоғалды» деп ойламақ еді. Бірақ өзі келді. Үстінде пальто, белінде алтын сақина.

— Өзіне енді бөрік беріңдерші, — деп күлді Ортан қол.

— Кәне, шеш пальтоны, — деді Бармақ. — Өйтіп құйтырқыланба.

— Пальтоны шешсем, сақина белімнен түсіп қалады, — деп жауап қатты Аты жоқ. Солай деп, шешпей қойды.

— Әй, сендер даурықпаңдар! —деді Гиочика. — Чубо ұйқтап жатыр, ал сендер үйді бастарыңа көтересіңдер. Онсыз да, әне, сиыр мөңірей бастады. Көрерсің әлі, қазір Чубоны оятады.

— Ал сиыр неге мөңірейді? — деп сұрады Шынашақ.

— Су ішкісі келеді.

— Біз оны суарамыз! — деп айқайлайды Ортаншысы, солай деп бесеуі бірдей Рэутке суға жүгірді. Шелектің орнына көкнәрдің қабығын алды.

Бармақ әмір берді, Сұқ саусақ жол сілтеді, ал Аты жоқ саусақ күннің көзін бұлт бүркеген кезде жолға сақинасымен жарық сәуле түсіріп келе жатты.

Суға көкнәрдің қабығын шүпілдетіп тұрып толтырып әкелісті. Ал өңкиген сиыр әлгі суды қас қаққанша жалап қойды, тіпті жұмырына жұқ та болған жоқ.

— Былай істейік, — деді Шынашақ. — Мені сиырдың құйрығына байлаңдаршы, көресіңдер сонда не істегенімді.

Бауырларының ішегі қатты, оны «әткеншек тепкісі келген екен» деп ойлады. «Мейлі, тепсе тебе берсін», — деп байлап тастады. Ал ол қамыс таяқты алып, сиырды тура Рэутке айдап ала жөнелді. Суды сиыр мейлінше қанып ішті.

— Кішкентай болғанмен, тапқыр-ақ, — деп Гиочика әпкесі оны басынан сипады. — Аумаған папасы!

Ал Шынашақ бұл кезде мұнараға шыққан еді. Ең төбесіне шығып алып:

— Ау, жәрдемдесіңдер! — деп айқайлады.

— Не болды тағы! —деп сұрады төменгі жақтан Бармақ.

— Анау көз сүрінгендей болып жатқан қауын-қарбыздардың көбін-ай!

Ағайындылардың қуаныштары қойындарына сыймай, бақшаға томпаңдай жөнелісті, иықтарында — пышақ. Гиочика да солармен бірге тартты.

Аты жоқ саусақ пальтосын ұмытып кетіп, сақинасы белінен түсе берді.

— Мен саған көмектесейін, — деп Шынашақ сақинаның ішіне бауырымен қосыла кіргенде, олқысы тола кетті.

Сөйтіп, міне, бақшаға жетіп, қарбыздарды дүңкілдетіп-дүңкілдетіп құлақтарына тосып, піскен-піспегенін тыңдады.

Ақыры, біреуін тауып, кесіп көріп еді — ойлағандай-ақ қып-қызыл болып шықты.Бәрі қарбызды ортаға алып, Гиочика да солармен бірге билеп ала жөнелісті.

— Әй, балалар бақшасы-ай, — деп күлді Гиочика.

Бәрі әбден тойып болып, үйге тартты. Енді сақина аты жоқ саусақта нып-нығыз тұрды.

Жолай үш мәрте дем алысты, бір кезде қараса — сақина тағы да Аты жоқ саусақтан сырғып түсіп барады. Шынашақ сақинаға бауырымен қосыла кіріп, бәрі бақшаға қайта келді.

— Менің аяғым ауырып кетті, — деп шағынды Гиочика.

— Тағы бір мәрте, Гиочика әпке, тағы бір қарбыз!

— Әй, балалар бақшасы-ай!

Осылай күні ұзаққа бәрі біресе бақшаға барып, біресе кері қайтты да жүрді.

Тек кешке бір-ақ оралды, үйлеріне келсе, Чубо папасы әлі ұйқтап жатыр. Тіпті қарбыздардың қып-қызыл боп піскенін кімге хабарларын білмеді.

— Жігіттер, — деді Бармақ. — Папамызға ең болмаса қарбыздың түп жағын әкеп қоюымыз керек. Ол бізді қол қусырып қарап отырды деп ойлап қалмас үшін, бәрің де түсіндіңдер ме? Ау, Шынашақ қайда кеткен?

— Мен мұндамын, — деп айқайлады Шынашақ. — Әкемнің қойнындамын.

— Онда не істеп жатырсың?

— Мына қор-қор еткен бәленің қайда екенін іздеп жатырмын. Қазір қашып кетті, бірақ мен оны бәрібір ұстамай қоймаймын.

Ал Чубо папалары әлі күнге оянбады. Ұйықтай берді, ұйықтай берді. Келесі күні әлгі ағайынды қоңыр қаздар бақшаға тартты.

Чубоның шешесі таңертең тұрып қараса, ауланы шарлаған кішкентай-кішкентай іздер жатыр.

— Кім болды екен бұл? — деп ойлады шешесі. — Бәлкім, бұл өзі Гиочиканы алып кетуге келген біреу шығар? Бермеймін оны әсте де!

Ал сарайдың ішінен шешесі қарбыздың түп қабықтарын тапты. Олар шетінен ақ, қара, ала болып жіпте ілулі тұрған еді.

— Шынымен-ақ Гиочика осынша қарбызды жеп қойғаны ма? Ал онда қабықтары қайда?

Гиочика Шынашақпен өте-мөте достасып кетті. Ол өзі өн бойын секпіл басқан, сүйкімді-ақ болатын. Гиочика Шынашақты қолына алып отырып, әлдилейтін болды.

— Бір секпіліңді маған да берші.

— Кешіріңіз, бере алмаймын.

Жексенбіде Шынашақ Бармаққа:

— Маған салсаңдар, енді жетеді! Қарбызға әбден тойып болдым. Қарлығашқа қонаққа бара жатырмын, — деді.

Соны айтып, ол мұнараға өрмеледі. Пакица қарлығаш қонағын қуана қарсы алды. Оны арқасына отырғызып алып, шарықтап шарлай ұшты.

Осы кезде қалған саусақтардың да қарлығашпен қосылып ұшқысы келді, сөйтіп, мұнараның басына шыққандары сол еді — Қол шақырды. Әкелері, Чубо — папалары ояныпты.

ХАРАЛАМБ КӨКҚҰТАН

Селодағылар бұл ішінен шыққан жұмыртқа қалпақта жатқан ғой, әйтпесе сонша ақылды, зерек болмас еді десетін.

Ал көкқұтан ұясын Пантелей атайдың шатырының төбесіне салған-ды. Атай жалғыз тұрды, көкқұтан да жалғыз еді.

Ал көкқұтанның аты — Хараламб болатын.

Көкқұтан мұржадан шытынаған бір сызатты көрсе болды, сол жерде-ақ дереу Рэутке ұша жөнеледі. Балшықты алып келіп мұржаны сылап тастайды. Түйсігі бар көкқұтан! Және балшыққа тұмсығымен «X» деп жазып қояды. Бұл — жыртықты жамаған Хараламб дегені.

Көкқұтанға әсіресе шеге қағу ұнайтын. Пантелейге дейін бір жаз бойы бір балташы сарайында тұрғаны текке кетпесе керек.

Ал Пантелей атайдың үйі ескі болатын, әрі шатырынан су сорғалап ағып тұратын. Жаңбыр олардың ауласына бұрылған кезде, атай шатырдың төбесіне жағалай тегенелерін, кастрөлдерін, шелектерін жыпырлатып қоятын еді.

Ал көкқұтанның өз балғасы — тұмсығы бар. Сөйтіп, міне, ол іске кірісті. Күні ұзаққа шатырды бүтіндеумен болды. Мына жеріне жұқа тақтай, ана жеріне алақандай қатырма қағаз.

Біреу көшеде башмақтарын ұмытып кетсе — келесі күні ол башмақтар Пантелей атайдың шатырынан бірақ шығады. Көкқұтан башмақтарды да шатырға су ақпас үшін қағып тастайтын.

— Қайырлы таң, Хараламб көкқұтан! —д есетін көршілері жанынан өте бере. Көршісі қолын қалпағына апарады, сөйтсе, басында ештеме жоқ. Бұл кезде оны Хараламб көкқұтан шатырға қағып тастап үлгерген болып шығады.

— Ал енді не істейсің бұған, — деп қолын бір сілтейді көршісі. — Хараламб біледі не істейтінін!

Сайып келгенде, Пантелей атайдың шатырында толып жатқан неше түрлі бұйым жиналып қалған: қолшатыр, портфель, сегіз бөрік, тоғыз қалпақ, тіпті керек десең оқуға арналған кітапша да бар.

Күн ашықта Хараламб соны парақтап отырғаны. Төмендегі жұрт — құс суреттерін көреді деп ойлайтын, ал Хараламб оқып отыратын. Бір кішкене оқиды да — бір жаққа ұшып барып, бірдеңені үйіне алып келіп, шатырына қағады да тастайды. Мәселенки, сабынның сауытын немесе етікті.

— Бері қарашы, Хараламб, — деп күлетін Пантелей. — Біз осы қолайсыз жағдайға тап болып жүрмейміз бе?

Бірақ ешкім милицияға шағым айтып бармады, ал кейбіреулері тіпті қалпағымызды өз еркімізбен бердік, Пантелей атайдың шатырынан жауын сорғаламас үшін деп мақтанатын болды.

— Сен үйдесің бе, Хараламб? — деген Пакица қарлығаштың даусын естіді бірде көкқұтан.

Бұл үйде, не үйде емес екенін айтқанша болған жоқ, қарлығаш былай деді:

— Бері қарашы, сен балташының үйінде тұрып едің ғой, бәрін де түсінесің. Ақылыңды айтшы, не істеу керек? Қылышын сүйретіп қыс келеді, ал Гиочика үйдің ішінде ұйықтай алмайды. Оған жылы жақтарға жетіп алу керек емес пе?

Хараламб ойлана бастады. Түн ортасына шейін ойлады, қараңғыда жалғыз аяқпен тұрғанын да ұмытып кетіпті. Жарқырап ай туысымен, екінші аяғына ауып тұрды.

Ал таңертең тарс-тұрс, тақ-тұқ деп тарсылдата бастады. Содан қашан зырылдауық жасап шығарғанда бір-ақ тынды.

Зырылдауығы сонша әдемі болмаса да, жел соққан кезде қаңғалақ ойнап тым жақсы айналатын еді.

— Міне, жарайсың, Хараламб, — деп сүйсінді қарлығаш. — Түйсікті, зерек балақан!

— Зырылдауықты қолына ұстаса болды, — деп түсіндірді Хараламб, — осымен жылы жақтарға ұшып кете беруіне болады.

— Ал егер жел соқпаса ше?

Хараламб қатты ойланып қалды.

— Гаврилка көмектеседі, — деді ақыры ол.

— Мұны біз қас қаққанша лып еткіземіз, — деп қуанып кетті Гаврилка, өзі осы маңда айналсоқтап жүрген болатын. — Тегін-ақ лып еткіземін.

— Гаврилка сенімсіз жігіт, — деді Пакица, —жеңілтек.

— Ау, о не дегеніңіз, құдай ақына, — деді Гаврилка. — Не, мен жағдайды түсінбейді дейсіңдер ме?

— Біз оның сақалына қалпақты байлап қоямыз, — деді Хараламб, — Гиочика өзінің үйімен бірге ұшатын болсын.

— Қай қалағандарыңды байлай беріңдер маған! — деп күлді Гаврилка. — Сарай болса да мейлі!

— Ол аяқ астынан солтүстікке тартып кетіп жүрер? — деп мазасызданды қарлығаш.

— Иә, десеңші, біз оған қалпақ байлаймыз ғой, малақай емес!

— Гиочикамен ең болмаса бір ұшқыш бірге ұшып. Гаврилканың тізгінін тартып басқарып отырар ма еді, — деп қоймады Пакица.

— Сонша мен не — ат па едім, мені тізгіндеп басқарып отыратын, — деп бұртыңдады Гаврилка.

Сөйтіп, көкқұтан Хараламб дегенмен тағы бір күн ойланды, ал сосын ұшып отырып, Чубоның мұнарасына келді.

— Сәлем, Чубо, — деді ол — Мен естіп едім, сенің шынашағыңның ақылға жетік бала екенін. Оның ұшқыш болып кішкене жұмыс істеуге көңілі соқпас па екен? Гиочиканың оңтүстікке ұшуы керек қой.

— Оңтүстікке ме? — деп қайта сұрап, Чубо қимастықпен өкініп қалды. Ол ұмытып та кетіпті қыстың тақап қалғанын.

Ал Шынашақ керемет қуанды.

— Оңтүстікке, Оңтүстікке, Оңтүстікке ұшқым келеді, — деп ол қуанғаннан айқайлап ала жөнелді.

— Жіберші оны, әке, — деді Бас Бармақ. — Мейлі, ұшсын.

— Мақұл, — деді Чубо. — Ұша ғой.

Шынашақ сол арада-ақ кішкентай адамға айналып, көкқұтанның арқасына қарғып мінді.

— Саған бір кішкене жағрапияны үйретуім керек, — деді де, Хараламб Шынашақпен бірге өзінің шатырына ұшып кетті.

Көкқұтан түнімен ұйықтай алмай шықты, өйткені, мысық келіп ұшқышты қылғып қояр ма екен деп қорықты. Ол таң алдында ғана мызғыды, бірақ сол арада-ақ оянып кетті. Шынашақ тұмсығына шығып алып, секектеп дене шынықтырумен шұғылдана бастаған еді.

— Тұр, Хараламб ағай, — деп айқай салды. — Таң атты!

Сол ұйқысы қанбаған күйі Хараламб көлге ұша жөнелді. Көлбақаны енді ғана көріп, тұмсығын енді ғана көтере беріп еді, Шынашақ еліріп айқай салды.

— Сәлем, көлбақа!

Көлбақа жып берді.

Әзер-мәзер дегенде, Хараламб бір кішкентай аққайраңды ұстап, оны оразасын ашсын деп, Пантелей атайға апарды.

Бірнеше күн өтті, ұшу сапарының да бар жабдығы әзір болды.

Пакица ұшқышқа жолда тоңбасын деп, қауырсыннан жылы жемпір, бөрік тоқып берді. Өйткені, суықтан жұлдыздардың өздері қалтырайтын қараңғы түндерде де ұшуға тура келеді ғой. Ал Гиочиканың басында сол баяғы бөркі, үстінде көк көйлегі, әрі әдеттегідей жалаң аяқ.

Енді Гаврилканы іздеу басталды. Хараламб пен Пакица айнала төңіректің бәрін шарлап шықты, бірақ Гаврилка еш жерден көрінбеді.

Ақыры, ол да құйғытып келе қалды.

— Қараторғайды жолға ұзатып салдым, — деп түсіндірді ентіккен күйі.

Гаврилка мұнараға ұшып келді де, Чубо мықтап тұрып жіппен оның сақалына Далбу атайдың қалпағын байлады.

Ұшқышымыз мойнына дүрбісін асып алып, қалпақтың ішінде тұрды, одан кейін Гиочика жайғасты.

— Ал не тұрыс, — деді Хараламб.— Хош-есен болыңдар, — Солай деп Пантелей атайдың үйіне қайырыла қарады.

— Мә, ал, — деді Чубо Гиочикаға. — Бұл — саған. — Ол қызға бір кішкентай кеспекті ұсына берді.

— Мұның ішіне көгілдір үй ауасы толтырылған. Жат жерлерде қажеттеріңе жарайды.

— Мио, Чубо...

Бәрі жағалай сүйісіп алды. Пакица қарлығаш шарықтай ұшып, оның соңынан өзге қарлығаштар да ерді.

Гаврилка сақтықпен жайлап ұшты, Хараламб көкқұтан да әуеге ауыр көтерілді. Олар самғап осылайша бара жатты — алдында қарлығаштар, сәл кейін — Гаврилка, ең соңында — Хараламб.

— Ал, сапарларың оң болсын! — десті Туртурика селосының тұрғындары, соны айтып соңдарынан қолдарын бұлғады. Бәрі көшеде жиналып тұр еді. Бұл жерде Чубоның шешесі де, әкесі де, Теадор ағай да, Пантелей атай да тұрған, ал Диірменші ағай диірменнен сақалын ерсілі-қарсылы бұлғаумен болды.

— Сақ болғайсың! — деп айқайлап қалды соңдарынан Чубо.

— Маған өмір сүруді үйретпей-ақ қойыңдар, — деп мұрнының астынан күңкілдеді Гаврилка.

Чубо мұнараның басында ұзақ тұрып, кешке жақын оңтүстіктен жымыңдаған кішкентай жұлдызды көрді.

«Бұл, сірә, Лио» — деп ойлады.

Иә, бұл Лио болатын, ол оңтүстікке ұшқан тырналарға жол көрсетіп тұрған.

Чубо мұнараның басынан түсіп, кәрі төбет Фараон қалғып бара жатқан үйшікке тақап келді.

— Мә, оқы, — деді Чубо сарғайған бір бет қағазды ұсынып.

— Гио, чио, ика, — деп буынға бөліп ежіктей оқыды Фараон, — Күт мені көктемде.

АЭРОЧУБОПЛАН

Бір күні Чубо диірменге келгенде, кенет оның қанаттарына көзі түсті.

— Бұл қанаттардың өзі жұмыссыз босқа қарап тұр ғой, — деп ойлады ол. — Ал диірмен — су диірмені!

Ағаймен бірге Чубо ұзын орындыққа отырып алып, қатты ойға шомды. Бұлардың қанша отырғандары және не ойлап тапқандары белгісіз, бірақ тек келесі күні диірменнің қанаттары мұнараның басына әкелінді.

Чубо да таң атқаннан мұнараның басында болды. Ағай балғасын дүрсілдетіп, ал Чубо әлсін-әлсін төменге жүгіріп, мұнараның басына әлденедей бір дөңгелектерді тасумен болды.

Жә, не айтатыны бар, Диірменші ағай оң қолынан өнер тамған шебер. Чубо да одан қалыспады — ана жерді тістеуікпен қысады, мына жерді балғамен соғып қалады.

Түскі тамақ ішуге бұлар төменге түспеді. Шұбар тауық мұнараға шығып, жұмыртқа тауып береді — бар талғажаулары сол.

Осылай тыным алмастан бұлар бірнеше күн жұмыс істеді де, соның нәтижесінде аэрочубоплан жасалып шықты.

Чубопланға арнайы педальдар жасалды. Сөйтіп, оларды аяқпен айналдырса — әр түрлі кішкентай дөңгелектер, сосын үлкен дөңгелектер зыр қағып айнала бастайтын болды. Ал бұл үлкен дөңгелектер диірмен қанаттарын қаңғалақ ойнатып айналдыратын.

Чубо ұшуға дайын болды. Ендігі бар қалғаны — күш жинап алу еді. Бірақ оны қайдан алмақ? Әкесін бесікке жатқызуы керек. Бірақ түнде ұшуға диірменші ешбір кеңес бермей қойды, жексенбіні күтуге тура келді.

Сөйтіп, міне, жексенбіде әкесі де, шешесі де бесікке жатты, Теадор ағай өзі көптен сағынып қалған астауына жатты да, Чубо өзінің ұшатын аппаратына көңілдене келіп отырды.

Енді ұшайын деген кезде — Фараон үріп қоя берді.

— Бұлай болмайды, ием. Жастық байлап ал, әлде-қалай бір жағдайға кезіксең, қонуға жұмсақ болуы үшін.

Диірменші ағай ойлана келе, Фараон дұрыс айтады деп тапты.

Жастықты алып келіп, оны жіппен байлап, Чубо педальды айналдырып қалып еді, — еһе-е дерсің! — аэрочубоплан әуеге көтерілді!

Чубо деревняның төбесінде шарықтай ұшты.

Туртурика селосының тұрғындары алғашқыда қорқып кетті. Сөйтіп тұрғанда: «Бұл ұшқыш диірмен басымызға құласа қайтеміз» деп қауіп қылды.

Фараон қатты үрген кезде, бар иттер шабалана үріп, аэрочубопланның соңынан жүгірді.

Чубо сонау Қораз тауының өзіне дейін ұшты да, сол арада жерге қонды. Ол жолшыбай бір ғана мұржаны құлатқанына өте қуанышты еді.

Фараон тауға жүгіріп жете бергенде, Чубо қайтадан әуеге көтерілген еді.

Ол таудың төбесінде олай да, былай да айналсоқтап — біресе төмендеді, біресе аспандады — түрлі жаттығулар жасады.

Ал осыдан кейін қайтадан мұнараға ұшып келіп, чубопланды айна-қатесіз орнына дәл қондырды...

Шешесін бесіктен алып шыққан осы бір кезде — әйнектің алдында жарты деревня жиналып қалған еді.

— Құдағи! Бұл бір құлақ естімеген іс болды. Бәріміз зәреміз ұшқаннан тұрған жерімізде жүдеп кеттік.

— Ештеңе етпейді, — деп жауап қатты шешесі. — Әлі-ақ толып жуандайсыңдар, ал менің де, сірә, бір азырақ ұшып келгенім жөн болар. Қанаттары үлкен ғой, көтереді.

Соны айтып, шешесі көп ойланып жатпастан мұнараның басына шықты да, чубопланға отырды. Алғашқыда, әрине, жүрегі қатты дүрс ете түсті, бірақ алған бетінен қайту қаперіне де келмеді. Ақырын теңселген күйі чубоплан әуеге көтеріліп, шешесі педальдарды көңілдене айналдырды. Ол деревняның үстімен ұшып,. тап бір аспан әткеншегінде әрлі-берлі тербетіліп жүргендей еді.

Кенет шешесі көңірсіген түтін иісін сезді. Мә, саған, керек болса Пеште пісіп жатқан плэчинтесін16 ұмытып кетіпті. Асты күйе бастаған!

Шешесі тез құлдилап, чубопланды көршісінің ауласына қондырды.

Балалар аэрочубопланды жағалай қоршап алысты, сөйтіп тұрғанда, шешелерінің де ұшқылары келіп кетті.

Ұшыңдар, — деді Чубо. — Несі бар ұшпайтұғын!

Сонша немене, біз өмір-бақи кастрөлімізді салдыратып өтпекпіз бе?

Сөйтіп, сол арада-ақ әйелдердің сонау әуеге ұшуы басталып кетті! Ерлері бірінен соң бірі бесікке келіп жатты, ал әйелдері олардың төбесінде ұшып жүрді және әрқайсысы чубопланға жаңадан жастық байлады. Кешікпей чубопланның он бойы жыпырлаған жастықтан көрінбей кетті. Сондықтан, енді құлай қалғанның өзінде де ешбір қирамас еді.

Содан бері жексенбі сайын әр алуан көп адам есік қағып, бәрі ұшумен болды, — үлкендер де, балалар да. Ақыры, Теадор ағай да келді.

Бері қарашы, Чубо, — деді ол. — Жұрттың бәрі ұшып жатыр, ал мен болсам, астауда отырмын. Рұқсат етші, мен де бір ұшып келейін!

Кіріскін, Теадор ағай.

Сөйтіп Теадор ағай чубопланға отырып алды да, деревняның үстінде самғай ұшты. Ол енді ұшудай-ақ. ұшты. Көрші деревнядағы бүкіл туған-туысқандарының. бәрін шарлап шықты. Тіпті Бельцы қаласына да ұшып барып, онда бір кеспек балмұздақ жеп, ақыры, есіктің топсаларын сатып алды. Содан тек кешке жақын бір-ақ оралды.

Сол күннің ертеңінде газеттер: «Бельцы қаласының үстімен қалықтап ұшқан тарелка пайда болды, аумағы бір жарым метрдей» деп жазды. Теадор ағай басына күріш сабағынан тоқылған қалпақ киіп алған болатын.

Бір жолы Чубоның есігін Кэрэбуля да қақты.

— Чубо, мені білесің ғой, — деп қыңқылдады ол. — Менің қойым ауырып қалды. Оны Карпат тауларына апармасам болатын емес, онда шипалы шөптер өсетін көрінеді.

Чубо — жаны ізгі жігіт қой.

— Отыр, — деді.

Кэрэбуля чуболетке отыра беріп еді, бірақ оған бола ешкім бесікке жатпай қойды.

Селодағы чубопланмен ұшпаған тағы бір адам болатын. Бұл Чубоның өз әкесі еді. Ұшуға қолы бір тимей-ақ жүрген.

Бірақ, міне, ақыры, ол шеберханасынан келіп, түтікшесін тұтатып, чубопланға жайғасты.

Педальдар зырыл қағып, әкесі әуеге көтерілді.

— Ал мұндағы жағдай жаман емес екен, — деп таң қалды ол. — Қоршаулар да, аулалар да жоқ! Ешкім де алақандай көк аспанды иемденейінші демейді. — Әкесін қуаныш кернеді, өйткені, жұрттың бәріне арнап аэрочубопланды жасаған соның ұлы — Чубо ғой.

— Қанша дегенмен менің Чубом жаман бала емес, — деп ойлады да, өзі кенет күтпеген жерден қып-қызыл болып кетті. Ол сонау бір кездегі Чубоны аулаға қамап кеткенін есіне алған еді. Жан-жағына бір қарап, әкесі әлі күнге қалтасында жүрген сол бір кілтті алып шығып, лақтырып жіберді.

Бұл кілттің қай жерге түскенін Гаврилкадан өзге, әрине, ешкім де көрген жоқ.

Ал Гаврилка ешкімге айтпайды, ол жалпы алғанда — сенімді жігіт.

Әкесі аэрочубопланда шарықтап ұзақ ұшты, ал Гаврилка оның тап жанында айналсоқтап, біресе жоғары жақтан ұшып шыға келеді, біресе бір бүйірден сақалын бұлғаңдатады.

Бірақ осы кезде әлдеқайдан алыстан айбар шеккен дауыстар естілді:

— Қайда жүр бұл Гаврилка? Құлағын жұ-жұ-жұ- жұлайын!

Орыс тілінен аударған Айтбай Шаншаров


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер