Күн күлімдеп тұрған жаз күнінің бірі болатын. Гурьевтегі өнер басқармасының бастығы Аңдамасовтын кабинетінің есігі жай ғана тықылдады.
— Кіріңіз. — деді сыпайыгершілік көрсете қалған Аңдамасов.
Сып-сыпайы киінген, жылпостау жігіт кабинетке кірді де, босағаға мүләйімсіп тұра қалды. Кейде аңқау бастықтар аферистердің осындай жасанды мінезін нағыз «қыз мінез» осы деп қалатыны бар-ды. Аңдамасов ол сызыла түскен сайын, кішіпейілділік жасаған болып, орнынан атып тұрып, «сыпайы» жігіттің қолын алды. Ол да мәдениетті түрде амандаса білетін болып шықты. Басы аяғына жеткенше иіліп тәжім етті. Неше айтқанмен Аңдамасов өнердің төңірегін жағалап жүрген адам емес пе, мынау егер қызметкер болса, артист болу керек деп ұқты. Бірнеше рет қиылып отыруын сұрап Аңдамасов жайылып жастық, иіліп төсек болған соң ғана сыпайы жігітіңіз креслоға қисайып әңгімесін бастай берді.
— Қызмет іздей келіп едім, мамандығым драма театрының актерлығы. Театрларда Ягоның, Жантықтың, Бекежанның рольдерін ойнай аламын, тіпті батырлық рольдерден де құралақан емеспін. Жағдай жасаңыз екі езуім көпіршіп бақсының ролін де келістіріп ойнап көремін, — деп тынды жылпос жігіт.
Сөздің аяғында ол облыстағы бір үлкен адамның атын атап, сол кісіден сізге сәлем деп қойып еді, бұрынғы бұрынғы ма, Аңдамасов табанын қойып, аяғының ұшымен жүре бастады. Өйтпегенде қайтсін. Мына жігіттің соңғы сөзі салмақты. Егер қитықтан ситық тауып ағасына жамандап барып жүрсе... Одан да өлім жақсы емес пе? Жақсы, адамдарға жағымпаздана білу керек қой. Тіпті олай істемегеннің өзінде мынау жылпос жігіт көрінеді, оның үстіне өзі актер, ауызы жеңіл болып төрешіл адам екен деп таратып жіберсе «ер жігітке мешкей деген атақ жақсы емес» дегендей, бұл да жақсы ма? :
Аңдамасов шұғыл тапсырма беріп, облыстық драма театрының уақытша директоры Жақабайды шақырып алды.
— Мына жігіт Ташкенттегі артистер даярлайтын институтта оқыған, теориялық білімі бар, таңдаулы адам. Осындай кадрлардан колға түскенде айрылып қалмай орналастыра қою керек,— деді Аңдамасов.
— Алдымен бұл жігітпен толық танысалық, документтерін көрейік,— деді Жақабай.
— Мен айттым ғой, менен артық не документ керек саған,— деп Андамасов Жақабайды жекіп тастап еді, өзі уақытша директор болған соң ба, Жақабай сескеніңкіреп қалды. Әсіресе оған қатты тиген облыстағы үлкен адамның атының аталуы. Жақабай жым болды.
Ертеңіне кешегі Аңдамасовтың алдында отырған жылпос жігіт Хамзиев театрдың белді артисі болып шыға келді. Сыпайы жігіттің нағыз сұмпайы жігіт екенін білмей, Аңдамасов оны жер-көкке сыйғызбай мақтай берді. Жақабай екеуі Хамзиевті жексенбі сайын кезек-кезек қонаққа шақырып, Гурьевтің көшесінде қолтықтады да жүрді.
Аз күннен кейін-ақ Хамзиевтін өнерден хабары жоқ екені білініп қалды. Аңдамасовтын теориялық білімі жеткілікті актері Станиславскийдің кім екенін де білмейтін болып шықты. Облыстық театрдың актері Хамзиевтің үстінен қайта-қайта шағымдар түсірді. Оған құлақ асқан. Андамасов жоқ, арызды шкафында сақтап отыра берді.
Өстіп жүргенде кенет актеріңіз жоғалып кетті.
Үш ай өткен соң Гурьевте Хамзиевтің төбесі жылт ете түсті. Актеріңіз бұл жолы дәрігерлік рольге боянып, денсаулық сақтау бөліміне Үрейғалиевке келді. Ол да Хамзиевті құшақ жая қарсы алды. «Асатпай жатып құлдық Дейді» дегеннің кері келгенін көрдіңіз бе?
— Қош келдіңіз, — дейді ол.
— Медицина институтының төрт құрсын бітірдім, өз мамандығым бойынша қызмет істегім келеді, — деді Хамзиев.
— Сіз сияқты жоғары білімді адам бізге былай керек, — деп Үрейғалиев қолын кеңірдегіне бір апарып қойды. Үрейғалиев бұл жолы ерекше жұмсақтық көрсетті. Шамасы облыстың үлкен адамының аты аталуы бұған да зор әсер еткен болуы керек. Әсте ол төрт курсты күр аузымен айта салған Хамзиев тұрмақ, он алты жыл оқыған шын дәрігерлерді де қалаға орналастыра қоймайтын. Ал Хамзиев қаланың қақ ортасындағы мұнайшылар емханасының жедел жәрдем көрсететін дәрігері болып тағайындалды.
— Көп ұзамай-ақ Хамзиев сырын алғызып қойды. Үрейғалиевтің мақтаулы дәрігерінің нашатырлы спирттен басқа да білер дәрісі болмай шықты. Мұнайшылар емханасының дәрігері, басшылары Хамзиев туралы қатал-қатал хаттар жазды. Амал не, Үрейғалиев бұл арызға өсек деп қана қарады. Іс ұзаққа созылды. Мұны Хамзиев те тиімді пайдаланды. Іс шиеленісіп, шешілуге шектеліп, жөнелдемеге келгенде Хамзиев Гурьевте жоқ болып шықты.
Бір күні тонын айналдырып киіп Хамзиев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ақаңа келді.
— Ташкентте зоотехникалық институтты бітірдім...
Бұйрық берілді. Хамзиев Шевченко аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің бас зоотехнигі болып белгіленді. Асыға күткен бұйрық, аферистің қолына тиюі мұң екен, көңілі теңіздей толқып, қолы шығып жүре берді. Ол моторлы қайыққа мініп, Шевченко ауданы қайдасың деп Каспий теңізі үстінде зырғып бара жатты. Алға аттаған сайын оның қызметі өзгере берді.
Кеме үстінде Хамзиев Сауда министрлігінің тергеу жұмысымен жүрген өкілі болып, өкімін жүргізе түсті.
— Магазиндерге соға жүріңіз, — деді ол кеме капитанын шақырып алып.
Кеме Пешной жарты аралындағы магазинге келді. Сөйтіп Хамзиев қойнынан құшақ-құшақ мөр басылған қағаз көрсетіп, өзін сауда тергеушісі деп таныстырды. Магазиннен бірнеше жүз сомның затын алып, есебін Сауда министрлігіне жіберерсіз дей салды.
Шевченко ауданына келген соң Хамзиев колхоздарға шығып, жүрген жерінен бас жеп, бата оқып, ондай-мұндайды да буыншақ-түйіншек етіп алып, қайтып келіп жүрді. Маңғыстау ауданымен де қатынас жасады.
Сөйтіп мәселе шиеленісіп, беті ашыла бастағанда Хамзиев зым-зия жоқ болып шықты. Бармағын тістеп ашықауыздар отырды.
1953
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі