(Бір директорға жасырын хат)
Сізді ауданның да, ауылдың да көп басшылары тәуір көреді. Сіз келгенде қымсынып та тұрады. Ә, бәрекелді, сіз ыңғай жақсы ниетте болсаңыз, өндірісте, еңбекте өзіңізді көрсете білсеңіз, онда сізді жұрт та жақсы көреді. Мұндай жағдайда сізді сөккеннің жағасы сөгілсін. Олар сізді шынымен-ақ жақсы көре ме? Соған келейікші. Жеке хатта айтқанымды ешкім ести қоймас. Ашық айтайын. Олар сізді көргенде сыртынан жылтырай қояды. Егер олар жайылып жастық, иіліп төсек болып тұрмаса, сіздің қолыңыздан келтегіңіз қашан қалушы еді, сонымен салып кетесіз. Сондықтан сізді еркінен тыс жақсы көргенсиді, сойған түлкідей ыржың-ыржың етіседі. Олардікі қай бір күлкі. Жылымшы бірдеме.
Түбеке өзіңіздің мінезіңізді алдыңыздан өткізейік, қарай қойыңыз. Бетің қисық болса айнаға өкпелеуге бола ма? Өз қылығыңыздан өзіңіз жиренбес пе екенсіз. Сіздің әрекетіңіздің сыйқын көпшілік те білсін, кейін хатта жарияларсыз да.
Сіз 1943 жылы Бөгетсай станциясының директоры болып тағайындалғанда бір күні сіздің жолдастарыңыз келіп, «орын құтты болсын» айтты.
— Кетпеңдер, директорға, яғни маған жолдас нөкер керек, — дедіңіз Түбеке өзіңізді өзіңіз салмақтап. Бұдан кейін сіз жалғыз жүруді қойып, топ болып сап түзеп жүретін болдыңыз.
Директор тойға барады. Мынау үйден анау үйге, ауылдан ауылға емес, ат арытып, тон тоздырып ауданнан ауданға барады. Қу бас та домалап баратын сол тойға «Көктөбе» МТС-інің директоры Есекең де келіп қалыпты. Екеуіңізді бір үйге қонаққа алған екен. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыйсын ба» сөзбен кекетісіп, қағыса бастапты. Алғашқы сөзді кәдімгі Түбекең өзіңіз бастап:
— Менен мәртебең биік адамдай менен жоғары отыруыңа жол болсын?! — дедіңіз. (Бұл өзі ата-бабаңыз Маман мен Көтібардан сізге мұра болып қалған ұрыс қой).
— Сен директор болсаң, мен де директор. Бұрын келдім, бұрын отырдым. Тойға барсаң бұрын бар, бұрын барсаң орын бар. Үй менікі! — деді Есекең де қалыспай.
— Нөкерлер, көрсетіңдер мына бұрын келген директорсымаққа. Білсін менің күшімді! — деп сіз айғайды салдыңыз келіп.
Кекетудің аяғы білек сыбанып, жұдырық жұмсауға жетіп, сарт-сұрт төбелес басталды да кетті...
Жасыратыны не, «артық еңбек» сіңірген, жұдырығы жуандау болып «көзге түскен» Түбекең өзіңіз болдыңыз. Екі директордың тойдағы «тамашасы» екі ауданнан асып, облысқа тарады. Ожар мінезімен ауызға көбірек ілінген Түбекең тағы өзіңіз болдыңыз. «Түбекбайға ұсамай қойшы әрман» дейтін сөз жұртқа мәтел болып кетті. Түбекең бұған өзіңіз де сүйсіне түсетін көрінесіз. Мұндай «зор атаққа» ие болғанға құштарланып, бұдан былай келтегіңізді тастамайтын болыпсыз. Кім болса ол болсын, Сіздің тұрпайы мінезіңізді болар-болмас сөз қылса болғаны, келтекпен салып өтесіз. Шынын айту керек, осындай күшті кейде сізге қызғанамын. Маған құдай екен сырттан түйрейтін найза-қалам бергенше сіздікіндей жұдырық бермеген екен деп те қаламын.
Өзі батыр Түбеке сіз келген жерден шатақ шықпай кеткен емес. Түскен үйіңіздің шыны-шәйнегі сынып, астан-кестен болмай қалған күні жоқ. Біраз уақытқа дейін Түбекең түскен үй ана үй, мына үйден ыдыс-аяқ сұрап-ақ жүргені. Осындай «батырлықты» қалай бастайсыз? Япыр-ай!
Тағы бір күні Түбеке машинаңызбен сырғанатып келіп, «Тұщыайрық» колхозының председателі Меңдештің үйіне тоқтай қалдыңыз. Үй иесі Түбекен келгенде қашанда графиннің орта-толысын көрсетуге тиіс. Егер орта бола қалған күнде, «ақмағамбетті» Түбекеңе арнап алдырмаған болса, онда қай жерден шатақ шығаруды ойлай бастайды. Міне ойламаған жерден осы жағдай бола қалды. Екі бүйіріңізді таянып, төрде отырып табақтағы ыстық тамаққа жуылмаған қолыңызды малып алып:
— Қап, әкеңді... қолымды күйдіріп алдым, — деп жұдырық түйіп, жазықсыз шамды қойып кеп жібердіңіз. Еденге құлап түскен шам күл-талқан болды. Үй іші қараңғы, тарс-тұрс... Қараңғыда келтегінен айрылып қалған Түбекең дереу етігін шешіп алып, қараңғы үйдегілерді тоқпақтай жөнелді. Бұл батырлығыңыз да мен сияқты қаламнан басқа түк ұстап көрмеген журналист! таңдантпай қоя ма?
— Ой, тоқпағың өз басыңа тигір-ай, қайдан ғана келіп еді? — деп жеңгей зар қағып жүр. Аздан кейін сіз:
— Жағалбайлы, Жағалбайлы! — деп айғай салып, азаматтарына түсініксіз, әлдеқашан ұмыт болған, көптен бері аталмайтын ру аты дейтін бірдеңені атап, даурығып, мыят шақырдыңыз. Көпшілік аң-таң. «Жағалбайлысы қалай, біз «Тұщыайрық» колхозы болып атанушы едік қой» десті олар.
Әділін айтсақ сіз де кішірейетін жерді білесіз. Ол қызметі жоғары ағаларыңыздың алды ғана. Олар отырғанда құрдай жорғалайсыз. Сондықтан да сыбайластарыңыз ерік беріп тәлтектетіп қойды. Сіз тіпті ешкімнен де сескенбейсіз, МТС партия ұйымының секретары Горяевті ше? Оны да клубта... бірде қызмет жүзінде кездесе қалған, облыс өкілі Рысбайды ырситып ұрып жықтыңыз. Мұндай күшті қалай армандамассыз!
Ал осыған сізге не айтты? «Жігіттік желік қой, ішкен болар» демеп пе еді. Дұрыс айтасыз, басшылар сіздің ішпейтін, төбелеспейтін күніңіз жоғын жақсы біледі. Дәл айтқанда, келтегіңіздің қолыңыздан түспейтінін де біледі. Бірақ Түбекеңнің төбелесін жұрт айта жүрсін дейтін болу керек. Бір Мамап, бір Көтібарсыз бола ма дейді бұл аймақ. Сәлеммен қош айтушы, тура айтып туғанына жақпай жүрген өзіңіздің Қыдырбекұлы деген ініңіз.
1950
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі