Үйден апақ-сапақта шықтық. Айнала қара қоңырланып, көз байланып қалған. Менің шешем есіктің аузынан ұзаған жоқ, іштей күбірлеп,неше мәрте оң сапар тіледі де, көзінің жасын көрсеткісі келмей, үнсіз қоштасты. Тек Әлдиханның әкесі ғана қасымызға ілесті. Жайшылықта қалжыңбас, әзілқой кісі еді. Дәл қазір ләм деместен, кәрілік меңдеген аяқтарын сылти басып жүріп отырды. Бәрімізді де қазіргі кеш кейпіндей бей қоңыр үнсіздік баурап алған сияқты. Аяулы ауыл табалдырығын абыр-дабырсыз, момақан аттап барамыз. Берірек шыққаннан кейін қасымыздағы қария жүрісін баяулатты:
― Ал қарақтарым, жолдарың ашылсын. Тең құрбыларыңның алды болыңдар! ― деп, бірінші менің бетімнен, екінші баласының маңдайынан иіскеді. ― Бара сала хабар беріңдер. Алла-тағала амандықпен жүз көрсетсін... ― Сөйтті де, ол қос қолымен бетін сипап, кілт бұрылып, кейін қайтты.
Біз шамадандарымызды иыққа салып алдық та, тез-тез адымдадық. Әлгі кісінің беліне буынған жүгеннің сыңғыры көпке дейін естіліп бара жатты... Әкесінен бөлінген соң Әлдиханның көңілі босады: "Қартайып қалды ғой. Жаңағы сөздері сүйегімді сырқыратты", ― деп. "Ой, Әлдеке-ай, сен де жоқ сұмдықты ойлайды екенсің. Қайта, бізді оқуға жібергеніне қуанбай ма", ― деп мен біраз жұбаттым. "Әрине, қуанады ғой, дегенмен, айрылғысы келмейді", ― деп Әлдихан көп жерге дейін елжіреме сезім құшағынан босана алмай қойды.
Канал жағалауындағы жолға түскеннен кейін аз-кем демалып тұрдық. Иірімі байқалмай, анда-санда ойыла түскен баяу ағын үн-түнсіз жылжиды. Ішіндегі пырдай тұнған аспан жұлдыздары заулай бүлкілдеп, бірге ағып барады. Қараой жақтан ақырын желпіп самал соқты.
― Түсіп кетсек, жақсы болар еді-ау, Әлдеке!
― Әрине, абырой болар еді. Жездем Шәкендегі қара қасқа сиырды келесі базарға сатып қоямын деді. Егер сол жақтан таныс табылса, қайтып келіп, пұлын алып қайтамын.
Ол самай терін сүртіп жатып:
― Ақшаңды қай жерге салдың? ― деп сұрады.
― Артқы қалтамда.
― Ой, ішіңе тығып алмадың ба, әпкем менікін ышқырыма тігіп берді. Кім біледі, қандай жағдай болатынын.
― Менікі де үш түйреуішпен түйреліп тасталған.
― Жалпы, сақ болайық. Қаланың қуларының қағып кетуі мүмкін.
Қос қара шамаданды иығымызға қайта салып алып, ілгері тарттық. Алдымызда біз поезға отыратын жер ― "Бірлік" станциясының оттары жыпырлап тұрды. Канал ішінен өскен шай жалбыз бен гүлді шырмауықтың қою иісі кеудеңе еркелеп, тыныс үйіреді. Бағана үйден шыққанда оншама сезілген жоқ еді, былай шыққаннан кейін шамаданымыз арқамызға тасша қадалып, зіл тартып алды. Әсіресе Әлдекеңнің шамаданы қара батпан. Ішіне қыстан қалған қос қазы, бір қарын сары май, төрт-бес кило кептірілген тұзды құрт, бір дорба ақталған тары, тағы басқа майда-шүйде салынған еді. Оның үстіне, Алматы таулы жер деп естіген соң, ертерек салқын тарта ма деп, мақталы күпәйкесін де қоса қаттап алған болатын. Осының бәрі қосылып, шегедей тесіп барады. Кезек-кезек көтереміз.
― Шыдайық, мұның рақатын барған соң көреміз ― деп, зіл шамадан менің мойныма мінгенде, Әлдихан кәдімгідей дем беріп қояды. ― Балалардың бәрі көк борщқа қамалғанда, біз сұр майдың аузын ашып қойып, қарыс-қарыс нанға жағып жеп жататын боламыз. Қаланың тамағының қуаты болушы ма еді.
Әлдихан маған қарағанда етті, денелі жігіт. Кішкене кезінде-ақ толық еді, әлі сол болпиған қалпында. Анау-мынау ауыртпалыққа мойи қоймайды. Сондықтан шамаданның ішіндегі дүниеліктердің қаншалықты құнды екенін мақтап-мақтап алады да, көбіне өзі көтереді. Маған онша салмақ түсірткізбейді.
Түнгі сағат бірден аса поезға отырдық. Купедегілердің көбісі қалың ұйқы құшағына еніпті. Тек кіре берістегі бес-алты бала ғана абыр-сабыр әңгіме үстінде екен. Біз сияқты оқуға бара жатқандарға ұқсайды. Қолдарындағы кітаптары жақсы таныс. Бірақ жат жаққа жол жүріп келе жатқандай сынық жүзді, жабырқау емес, мына вагон өз үйі, өз мекені сияқты көңілді. Бізге қарағанда жер көріп, ысылып қалғандықтары аңғарылып тұр. Әсіресе бұйра бас, жылтыр қара жігіт тым еркіндеу.
Әлдихан екеуіміз қос қара шамаданды сүйретіп, бүйірдегі бір орынға жайғаса беріп едік, әлгі жігіт:
― Занят! Ең алдымен сұрамай ма екен, мәдениет қайда? ― деп қалды.
Біз ыңғайсыздана бастадық. Жаңағы жігіт тағы да тек тұрмады:
― Көздеріңе қараңдар, гитарды қиратасыңдар! Аспаннан түскендей қайдан шыққан бұлар, ― деп жекіре жөнелді.
Әлдиханның шынтағы қабырғадағы гитарына тиіп кете жаздапты. Соған бола жеті атамызға жеткелі тұр. "Құдай мұндай қызыл көзге қайдан тап қылып еді", ― деп, Әлдихан екеуіміз бір-бірімізге қарадық. Не әрі, не бері кете алмай, дел-сал боп тұрғанымызда:
― Мұнда екі орын бос, ― деген қыз баланың даусы шықты. Ақ жамылғыш астында жатқан қараторы қыз қасындағы бос орынды нұсқады. Менің бір байқағаным, бейтаныс қыздың көздері ерекше қап-қара екен!.. Қос шамаданды сүйретіп со жаққа беттедік.
― Ер балаға тым бостық жараспайды. Шамалы ширақтау болу керек қой. Сіздер үшін мен ұялдым...
Жолаушы қыздың бұлайша сөйлеуі шымбайымызға батты. Дегенмен, тіс жарып еш нәрсе айтпадық. Аузымызға су толтырғандай үндемей жүріп екінші, үшінші орындарға жайғасып алдық. Әлдихан жоғары жағына ыңғайланды да, мен бейтаныс қызға қарама-қарсы орналастым. Ол да бағанағы сөзден кейін ештеңе демеді. Қобырап кеткен желке шашын түзеді де, оң қолын басына жастық етіп, бетін бізге бере қисайып жатты.
Әлдихан көйлегін шешіп, жоғары орынға көтеріле берейін деп еді, бағанағы бұйра бас жігіт тағы келді. Мен: "Мына бейбақ бейтаныс қыздың қасында тағы да дөрекі сөз айтып, бір сұмдықты бастар ма екен", ― деп, іштей қысыла, именіп отырдым. Жоқ, тілеуіңді бергір қара жігіт бұл сапарында басқаша келді. Бағанағыдай емес, басылыңқы, бауырмал көрінді. Әлдиханның белінен қағып:
― Қалай, орналастың ба, жігітім? ― деді.
― Ептеп жайғастық қой.
Байқаймын, Әлдихан мына жігіттің әлгіндей іш тарта сөйлегенінің өзін қауіп қып тұр. Әсіресе арсалаңдап келіп, ақша ораған жағын сипағанын жақсылыққа жори алмадық.
― Танысалық, Арыстан, ― деп бұйра бас жігіт қолын ұсынды.
― Ново-Тройцкіден, ― деп Әлдихан да саусағын созды.
― Қалай, қалай?..
― Ново-Тройцкіден, ― деп Әлдихан екінші рет қайталады.
― Ол не, атың ба, туған ауылың ба?
― Он жылдықты бітірген жерім.
― Мәссаған, безгелдек! "Арыстан" дегенде, мен саған есімімді айтып тұрмын. Бәсе, Ново-Тройцкісі несі десем...
― Мен Арыс қаласынанмын деген екен деп ұқтым.
― Ой, сенің жолың болсын, бауырым! Есі дұрыс адам есімін сұрағанда қаласын айтушы ма еді?..
― Кешіріңіз, ― деп Әлдихан басы-көзі бірдей қызара күлімсіреп есімін атады.
Арыстанның күлкіден гөрі ашулануы басымдау еді:
― Шынымды айтсам, сендей чудакты бірінші рет кездестіріп тұрмын. Өзің қай оқуға бара жатырсың?
― Соттыкіне.
― Юридический ғой. Әй, қайдам, сендей Пьерден юрист шыға қоймас...
Арыстанның мінезі әрі тік, әрі зілсіз сияқты көрінді маған. Әлдихан одан әрі сөйлескен жоқ, жатар орнын реттеуге кірісіп кетті. Мен әлгіндей әңгімеден кейін қарсыдағы қыздың басын ірге жаққа қаратып алып, күлкісін тоқтата алмай жатқанын байқадым. Сондықтан да әңгімені басқа жаққа аударғым келді:
― Өзіңіз қайсысына бара жатырсыз? ― дедім Арыстанға бұрылып.
― Бетховен, Шопен, Бах! ― деп ол он саусағын бірдей жыбырлатып, жоғары көтерді.
Мен оның консерваторияны айтып отырғанын түсіндім.
― Музыканы сүйе білу керек. Онсыз өмір жоқ! Сенің атың кім?
― Қаржау.
― Немене, шілдеде қар жауғызайын деп пе едің. Аттарың да, мінездерің де қызық екен, өздеріңнің. Қар жауғызшы, кәне, пысынап келе жатқанда рақат болсын!..
Арыстанмен сөз таластыруды жөн көрмедім. Расына келгенде, мен оның мінезіне түсініп те тұрғам жоқ. Сондықтан да:
― Әркімнің есімі әрқалай ғой, ― дедім де, жатуға ыңғайландым.
Арыстан бізге тіпті риза болмады:
― Сендердің тірліктерің шамалы екен, ― деді де, келген ізімен қайта кетіп қалды.
Ол кеткеннен кейін Әлдихан жоғары жақтан басын маған қарай созып:
― Абай болайық, жаңағы жігіт тегін емес, мен көзінен байқадым, тура жүліктен аумайды, ― деп сыбырлады.
― Қалың елдің ішінде не істер дейсің...
Сонан кейін ол терең бір күрсініп алды да, ұйқыға кірісті.
Мен көзімді қаншама жұмғаныммен, ұйықтай алмадым. Жүрдек поезд желдей есіп жүйткіп келеді. Анда-санда кішігірім ауыл оттарының ішіне кіріп, зуылдап өте шығады. Содан кейін айналаны қоршаған қалың түн қайта басталады. "Тақ-тақ" ұрғылаған жұмыр дөңгелек қаншама жұмсақ тербеткенімен, көзім ілінер емес. Көзімді жапқаныммен, көңілім шайдай ашық. Бақалардың құрылы үзілмей шуылдаған канал жағалауы, қоңыр кеш құшағында қалып қойған туған ауыл, алдымызда жыпырлай жанған "Бірлік" станциясының оттары, поезд ішіндегі бұйра бас жігіттің орынсыз әрекеттері, одан кейін қасымда жатқан бейтаныс қыздың қарақаттай мөлдір жанары... көңілімнен кетпей қойды. Әсіресе жаңа шайып алған қарақаттай мөлдіреген екі жанар төніп келіп тұрып алды. Көзімді білегіммен бассам да саңлау тауып жетіп келеді. "Сіздер үшін мен ұялдым..." Жай ғана айтыла салған сөз ғой. Оның үстіне, ынжықтыққа бағышталған лебіз... Мен ұялғанымнан ірге жаққа аунап түстім. "Көріңде өкіргір Арыстан, өкіреңдеп келіп, бұл қыздың бетіне ендігәрі қарамастай етпеді ме?"
Мен қаумалаған бейнелердің бәрінен аршылып, оқу туралы ойлауға бекіндім. "Алматыға барысымен жатпай-тұрмай үңіліп, барлық кітапты жаттап алуым керек. Қай беттен сұраса, сол бетті судырата жөнелетіндей етіп. Әсіресе орыс тіліне мұқият әзірленемін..."
Жоқ, болатын емес. Мөлдіреген қос жанар ақырын жылжып тағы келді. "Ұялы, нәркес" деген көздер осы болар. Тіктеп қарай алмайтын қастерлі қасиет бар-ау! Әй, осындай көздердің иесі жоқ қой деймісің...
"Мен көріп ем көлге төнген жазғы әуені теп-теңбіл,
Сенің көзің сондай сырлы, сондай тұнық, мөп-мөлдір!"
Ертеректе оқыған осы өлең жолдары есіме сап ете түсті. Жаттаған жоқ едім, екі-үш рет оқып шыққанмын. Дәл адамын тапқаннан кейін бе, әйтеуір, сол жаңағы қыздың жанарының тасасында тұрып, ашылып жүре берді:
"Сенің көзің жер бетінде әдеміден әдемі,
Шарасында шайқалады сұлулықтың әлемі!"
Дәл осы қыздың жанарына жазылған өлең ғой. Басқаша болуы мүмкін емес. Тағы да қалай еді:
"Сенің көзің жек көруге емес екен құштар түк,
Сенің көзің тұрады екен жылы ұшырап, іш тартып.
Сенің көзің құба таңдай биязы еді, ұяң-ды,
Сенің көзің дірілдетіп тербетеді қиялды.
Сенің көзің жайнаңдаған тым ойнақы, тым нұрлы,
Сенің көзің білмейді екен қайғыруды, кірбіңді".
Тұп-тура өз жүрегімнен шыққандай-ақ, осы шумақтарды "тақ-тақ" соғылған дөңгелек ырғағына қосылып әлденеше айтып шықтым. Ендігі жерде басқасын былай қойып, мөлдіреген екі көз қойныма емін-еркін кіріп алды. "Өзімен тілдессе қалай болар еді... оның ебін қайтіп табам? Әй, сөйлесе қояр деймісің. Бағанағы жағдайдан кейін жүз көрісудің өзі ұят қой. Бәрінен де, ешқандай үн шығармастан, бұл қыздың назарына ілінбеген абзал..."
Мен көзімді ашып, қайтадан сол жағыма аунадым.
Көңіліме су жаңа сезім әкелген бейтаныс қыз қол созым жерде жатыр. Жіңішке, жұқалаң қастары кемпірқосақтай иіліп келіп, доғаша керіліпті. Қоңырқай жүзінде сұйық селдір қан ойнап тұрады екен. Шымқай мөлдір көздері кірпігінің астында көрінбей жатқанымен, бейкүнә бет-келбетіне мейірімді шұғыла төгіп тұрғандай. Ақ жайма астындағы толықша кеудесі бір қалыппен тыныс алып қояды... Мен бағанағы Әлдиханның Арыстаннан секем алып, ауыр дем алғаны сияқты, ақырын күрсінгенімді аңғардым. "Алыс жолда жүргенде әуреге түскен басым-ай!" ― деп өзімді өзім кінәладым. Сөйттім де, қайтадан оң жамбасыма ауыстым. Көзіме ине тіреп қойғандай жабылар емес. Мызғымай, шаршамай аңдыған қос жанар бар. "Біз сенікіміз ғой. Қоңыр кешті жамылып жатып, талай түн іздемеп пе едің сен бізді. Рас, сен өзіңнің мектептес құрбыларыңның арасынан қараған болатынсың. Сол да сөз болып па! Біз де сені сарыла, аңсай күттік қой. Енді, міне, бір вагонның, бір вагонның емес-ау, бір төсектің басында кездестік. Қандай бақытты едік...", ― деп әлгі жанар болмайтын оқиғаның ішіне жетектегендей болады.
Ептеп қана бүйірдегі терезені аштым. Даланың салқын самалы жұлқынып келіп ішке кірді. Жаз айының қысқа таңы болар-болмас айқындалып келеді екен. Балдыр мен бетегенің қою лебі сауылдап соғып, желпіне бастады. Зуылдай жарысқан бағаналар, ұршықша иірілген бел қыраттар, мол ағындай дөңгеленген жұмыр жер қара көбеңденіп, байқалып қалыпты. Мен өзіме жастайымнан жақсы таныс торғыл жусанның қышқылтым демі мен тоңазы уілдеген таңғы ауаны сіміре жұтып, ұйқыға кетіппін...
Көзімді ашсам, елдің көбі түрегеліпті. Әлдихан орыс кемпірімен бірге астыңғы полкада отыр. Менің оянғанымды көрді де:
― Кел, ― деді.
Мен қасына келіп отырдым. Түндегі бейтаныс қыз көрінген жоқ. Жатқан орны тап-тұйнақтай жинаулы тұр. Жүрегім шымыр ете түсті. "Жолдан түсіп қалғаны ғой. Қай жердікі болды екен?!" Асау өкініш аптығып келіп тамағыма тығылды. Әлдихан менің бүйірімнен түртті де:
― Мына көршіңді байқадың ба, көрікті қыз екен, ― деді.
― Кім? Менімен қатарлас жатқан қыз ба?
― Иә. Жақсылап қарашы, әсіресе көзі әдемі.
― Ол өзі осында ма?
― Қазір келеді, жуынуға кетті.
Көңілім енді ғана орнығайын деді. Әй, бұл жүректі қойсаңшы, айдаладағы әлдекім үшін өртене жаздап, өрекпи қалыпты. Ең болмаса тіл тартқан сырласым болсашы...
― Түнде мен байқамаппын ғой, тым сүйкімді бала екен, ― деді Әлдихан тағы да сөзін жалғастырып. ― Көзі қандай мөп-мөлдір!
Әлдиханның сыры жақсы мәлім. Кім көрінгенге жаңағыдай тамсанған сөз айта қоймайды. Тұйық мінезді, салқын қанды жігіт. Оның үстіне, қыз атаулыға оншама қызбалығы болмайтын. Демек, жақсы көріп қалғаны ғой.
― Тілдесе алдың ба, аты кім екен?
― Жоқ, сұрайын деп едім... көзінен қаймықтым.
Әлдихан кәдімгідей мұңайып қалыпты. Көзінде елжіремелі нұр тұр. "Осы қыз екеуімізді де тұралатып кетпесе жарар еді", ― деп ойладым мен ішімнен.
Әлдихан қайта үн қатты:
― Біреудің бақыты жанып тұрған, әсіресе көзі жаман!..
― Оқуға түссек, мұндайлардың талайы табылар әлі.
― Мен тура осы қыз үшін нендей қиындық болса да барар едім...
Байқаймын, Әлдихан қатты өзгеріп алыпты. Көз жанарындағы жасаурама жалыныш мен бұрын байқамаған құбылыс аңғартты. "Махаббат" деген осы шығар. Адамның өз еркінен тыс, орасан күш-қуаты "махаббат" деп аталатын болар!"
Мен "махаббат" деп аталатын қасиетті сезіммен жүзбе-жүз кездескендей болдым. Ол Әлдиханның жанарының ішінде тұрды. Жолдасымның бұл әрекеті мені біраз ойландырды... Бөгде қыз қасындағы бес-он минут оны бөтен ғып жіберіпті.
Әлдихан сөзін тағы сабақтап:
― Өзің айтшы, Қаржау, басқа қыздардан өзгеше емес пе? - деді.
― Мен онша қарай алмадым.
― Сенбесең, көрші...
Ол тағы бір сөз айта берейін деп еді, бейтаныс қыз кіріп қалды. Өзімен бірге желпіне келген сүйкімді жұмсақ леп бар. Мені түні бойы мазалап шыққан мөлдір жанар момақан ғана бір қарап өтті. "Осы ғой, мөлдіреген қарақат көз деп, сөз жоқ, осыны айтады..."
― Иә, жайлы жатып, жақсы тұрдыңыздар ма?
― Жаман емес.
Әлдихан екеуіміздің жауабымыз қатар шықты...
― Сіздер үшін менің ұйқым шала болды, ― деп, қыз сүлгісін реттеп жатып күлді. Мен оның бұл әзілінің тегін еместігін түсіндім. Түндегі жағдайды алдымызға мін етіп таққалы отырған қалжың. Оның үстіне, түні бойы кірпік қақтырмай шыққан азабы тағы жеткілікті. Ендігі жерде бос бұйығыланып, бейтаныс қыздың кемітпе әзіліне жол беріп қоюдың қисыны жоқ. Мұндайда қыз көңілінен бір-екі елі биігірек тұрған ұтымды. Сондықтан да мен қыз әзіліне орай:
― Біз үшін отқа түссеңіз де оқасы жоқ, ― деп қалдым.
Тәуекел, ақыры, аз үміт қыз алдында өзімді жоғарырақ ұстағаным жақсы.
Қыз күлді:
Солай деңіз... Егер оған лайықты болсаңыздар, өйтуге де болады.
― Лайықты ету өздеріңізге байланысты болса ше?
― Бізге ме?
― Иә, сіздерге.
― Қайдам, түсінбедім...
Қыз тырнағының астын тазалағансып, терезеден сыртқа қарады. Мен: "Бекер-ақ айттым-ау, құр ділмарлықтың қажеті не еді?" ― деп, өзіме өзім іштей ренжіп отырдым.
Ол әлден кейін мойылдай қара көзін маған тіктеп:
― Сізге қалай, жігіттердің лайықты болуы қыздарға байланысты ғой? ― деп тағы күлімсіреді.
― Әлбетте, солай.
― Қызық екен...
Ол енді Әлдиханға қарады:
― Сізше де солай ма?
― Кім біледі, қиын мәселе ғой. Мен ұғына алғамын жоқ, ― деп Әлдихан шынын айтты.
Расында да, Әлдиханның назары тіпті басқа жақта сияқты, басылыңқы отырған. Сонысын сезді ғой деймін, қыз Әлдиханға мейірлене күлімсіреп:
― Сіз ағаңыздың түндегі сөздерін сағынып отырсыз, ұнап қалған болу керек, ― деп іш тарта әзілдеді.
― Арыстанды айттыңыз ба, ол менің есімнен де шығып кетіпті.
― Қайдам-ау, жуық аралықта шыға қоймас, әне, өзі де келе жатыр.
― Арыстан мойынына салған құлаш сүлгі оранып, жанымыздан өтті. Әлдихан "ассалаумалейкум" деп қолын ұсына беріп еді, назар да аудармады. Жаңа оянып қанталаған жанарын жалт еткізді де өте шықты.
― Көрдіңіз бе, ренжітіп қойыпсыз, ― деп қыз күлді.
― Біз болмасақ, ол кісінің өкпелейтін жөні жоқ еді, ― деді Әлдихан қызарып кетіп.
― Енді ат-шапан айыбыңызды әзірлей берсеңіз де болады...
Әлдихан үндеген жоқ. Әлгі жігіттің орнынан тұра беріп ұсынған сәлемін алмай қойғанына қапаланып қалған сияқты. Қызараңдап қалды. "Дударбас ит-ай, қашаннан да осының қорлығы өтті-ау", ― деп мен де кәдімгідей қысылдым. Қыз әңгіме бетін басқаға аударды:
― Қайсысына бара жатырсыз?
― Мен бе? ― деді Әлдихан жұлып алғандай.
― Сіз түнде ағайыңызға айтып едіңіз ғой.
Ол күлімдеген пішінмен маған қарады.
― КазГУ, тарих факультетіне.
― О, онда коллега екенбіз.
― Сіздікі де сол ма?
― Иә, құжаттарымды соған жібергенмін.
― Жақсы болды, мақсатымыз бір екен.
Мен шынымен қуандым.
― Мақсатымыз емес, мамандығымыз...
― Бәрібір ғой.
― Неге, екеуі екі бөлек.
― Есіміңіз қалай?
― Мақпал.
"Қалай тауып қойылған ат", ― деп ойладым мен ішімнен. Әлдихан да елең ете түсті. Есімін сұрағаннан кейін түндегі біздің Арыстанмен танысқанымыз есіне түсті ме, ол сәл ғана жымиды да:
― Сөйтіп, Ново-Троицкіденбіз деңіздер, ― деді. ― Ол не, қала ма?
― Жоқ, аудан орталығы. Он жылдықты содан бітіргенбіз. Өзіңіз ше?
― Мен Куйбышевтенмін.
― Россиядағы ма?
― Aha, Волга бойында.
Әлдихан тіпті ынтықты:
― Қазақшаға қалай судайсыз, ә?
Мақпал күлді:
― Онда қазақтар көп, оның үстіне, мен әжемнің қолында өстім.
― Дегенмен, тап-таза сөйлейді екенсіз.
― Енді ше?
Мақпал төмен қарады. Мен Әлдиханның "осы қыз үшін нендей қиындық болса да барар едім" деген сөзін ішімнен қайталап айттым. "Расында да, біреудің жұлдызы ғой жанып тұрған. Мінезі қандай ашық еді..."
Жүрдек поезд желкендей лыпып келеді. Қалыспай қаумалаған қалың бау көптен бері ілесті де отырды. Зуылдай жарысқан телеграф бағаналары бірде көкшіл бастары зілдей салбырап, шалғы күткен жоңышқа арасымен жүгірсе, бірде шашақтары желпілдеп, бүйірлері бұлтиған жирен жүгерінің ортасымен адымдайды. Енді бір сәт шұғыл биік төбенің басына өрмелеп барып, оқтай түзу картоп егістігінің ішіне бір-ақ рет секіріп түседі... Сонау бір шеттегі ұзын өскен теректер тасасында ағараңдап көрініп шатырлы үй қалып барады. Менің қараптан қарап көңілім босағандай. Есіме Қасымның өлеңі оралды:
"Сонау бір шетте, сонау үй
Кетер ме, сірә, көңілден.
Тартушы ед алып мені ылғи
Махаббат, жастық лебімен..."
Сонау шеттегі, шатырлы үй алдындағы ұзын терек түбінде Мақпал екеуіміздің балалық шағымыз өткен сияқтанды. Қазір де мына поезд ішінде емес, сол бір солқылдақ терек тасасында бір-бірімізге үнсіз қарасып, үндемей тұрғандаймыз. Қалай екенін қайдам, сол бір ұзын теректер қасиетті мекен-жайдай соншама ыстық тартты. Бейтаныс, бауырмал өлке қолын бұлғағандай...
― Ана бір бұлақтан су ішсе... ― дедім мен көз жасындай мөлтілдеп аққан жылғаға қарап. Терезеге Мақпал да үңілді.
― Шөліркедіңіз бе?
― Жоқ, әдемі екен.
― Aha, тап-таза екен.
Уақ толқындары бірін бірі ақырын итеріп, иіріле бұйраланған момақан ағын мына қыз кейпіне сәл болса да ұқсап кетіп еді. Сол үшін әлгіндей сөйлей салғанымды Мақпал да, Әлдихан да аңғарған жоқ.
Әлдихан әңгімеге араласып:
― Алматы Алатау бауырында ғой, енді мұндай бастаулар көбейе беруі керек, ― деді.
― Жалпы, сұлу көрініс, ә, Мақпал?
― Байқаймын, егер сіз біз тұрған жерді көрсеңіз, айналып шықпай қояды екенсіз.
― Сізбен бірге дәл ертең билет алып, көріп келуге әзірмін.
― Қандай қиялшылсыз, Қаржау.
Қыздың менің есімімді атап сөйлегенінің өзі денемді шымыр еткізді.
― Шын. Сенбесеңіз, сынауыңызға болады.
― Ең алдымен емтиханнан сыналып алсақ та жетер...
Ол әрі қарай сөйлесуге зауықсыз сыңай аңғартты. Алдында жатқан "Огонек" журналын ары-бері аударды да, суреттеріне қарап үнсіз отырды. "Құдай біледі, үстіне нендей жаман киім киінсе де әдемі жарасады", ― деп ойладым мен ішімнен. Себебі арзан қолды көк шыт көйлегі етімен ет болып, құйылып тұр. Қоңырқай қалың шашын желкесінен ақсары бантикпен буыпты да, арқасына бос тастап қойыпты. Бетіндегі жұқалтаң қызылы айықпай үлпілдеп, бір келіп, бір қайтады екен. Күлгенде екі езуі әлгі арайды кейін итеріп, ақшыл етіп көрсетеді. Іш тарта мөлдіреген қос жанарда қуаныш қайнары тұнғандай! "Осы қызбен емін-еркін, еркелей сөйлескен адамның арманы аз шығар, сірә..."
Әлдихан мені түртіп, сыртқа шығып келейік деген белгі берді. Екеуіміз тамбурға беттедік. Ол жерден жеті қоян тапқандай қуанып:
― Қалай, әдемі ме екен? ― деп, мен қапсыра құшып, көтеріп-көтеріп қойды. Өңінде "осы қыздың реңді екенін ең алғаш ашқан менмін ғой" дегендей жадыраңқы кейіп бар.
― Кім біледі... сүйкімді қыз екені рас.
― Айттым ғой, көрікті бала деп. Оның үстіне, әзілқойлығын көрдің бе...
― Ұнатып қалғансың-ау, Әлдеке.
― Шынымды айтсам, біртүрлі боп отырмын. Әрекеттеніп көрсек, артықтығы болмас еді.
― Қалтамыздағы ақшаға құда түсіп байқасақ ше? ― деп мен күлдім.
― Жоқ, қалжың емес, қалайда бір әрекет жасамасақ, қапыда қаламыз.
― Әй, Әлдеке-ай, айдалада жүргенде шоқ басып алмасақ жарар еді.
― Несі бар, "қымызды кім ішпейді, қызға кім қырындамайды" демекші...
― Мен, жалпы, бұл қыздан именемін.
― Немене, шпана ғой деп пе?
― Ондай болса, еш нәрсе емес қой.
― Енді ше?
― Мен саған қалай айтарымды білмей тұрмын. Әйтеуір, бұл қыз жайында жеңіл-желпі ойлай салуға болмайтыны анық.
― Түк те емес, әп-әдемі-ақ, ақылды қыз.
― Мүмкін, сондықтан да шығар...
Әлдихан қарауытып үндемей қалды. Ішінен әлденені ойлап, аз-кем іркілді:
― Мақұл, ендеше, бұл қыз туралы ойламай-ақ қоялық.
― Шама келсе, сөйткен жақсы.
― Көрмегенде де күн көріп ек қой...
Көңіл кемесі бір нәрсеге тірелгендей болды. Мақпал жайындағы әңгімені одан әрі өрбіткіміз келген жоқ. Біріміздің жанарымыз бірімізге шарпылып, төмен қарадық. Әлгіндей әңгімеден кейін Әлдихан мына қыз жайында тым ашылып сөйлескенін ерсілеу көрді білем:
― Әшейін айтқаным ғой, әйтпесе, өрекпіп тұрған мен де жоқ, ― деді. Жүрек түкпірінде бір сілкініс болғанын бет-әлпеті ап-айқын көрсетті. Мен оны мұндай күйге қия алмадым:
― Әлдеке, бірден болмаса да, үйренісе келе ой білдіруге болады ғой, шамалы аялдайық, ― дедім. Ол назарын сыртқа салған қалпы:
― Айттым ғой әшейін айтылған шаруа деп, оның несіне әурелендің? ― деді.
― Жоқ, сен олай деме, алдымен ақылдасып алайық.
― Қашқан түлкіге қарап тымақ пішкендей етпей, осы әңгімені тасталықшы, Қаржау...
― Мақпалдың көзін қайтесің?
Әлдихан күлді:
― Оны саған сыйладым.
― Сол көз үшін нендей қиындыққа болса да әзір емес пе ең?
― Сенің де айтпайтының жоқ екен, ― деп Әлдихан мені тағы да қапсыра құшақтады. Ойыннан өрт шығаруға құмарсың-ау, әйтеуір.
― Ойнасаң да, ойыңдағы еді ғой.
― Болды, болды. Мен сені бұдан былай сөйлеттірмеймін.
Ол мені қатты қысып, шыр көбелек айналдырды.
― Алғашында аңдамай қалыппын.
― Тоқтай тұр, нені, нені?..
― Айттым ғой мен сені сөйлеттірмеймін деп.
Ол мені тіктеп көтерген бойы ішке алып кірді...
Поезд бір станцияға келіп тоқтады. Көптеген жолаушылармен бірге Мақпал да тысқа шығып кетті. Қолдарына помидор, алма, қияр, жүзім, жұмыртқа сияқты ұсақ-түйек заттарын ұстап, вагон жағалай жүгірген сатушыларды біз іште тұрып көріп отырдық. Есік аузындағы жолаушыларды тұс-тұстан қаумалаған сатармандар бірінен бірі озғындап ұсынады. Ана бір қартаң кісі көк керсенге құйып әкелген қымызын құлашын соза сапырады. Қып-қызыл көмбеш көтерген үрпек бас сары бала да тыным таппай жүгіріп жүр. Әдемі әңгелектер ортасындағы ала тақиялы өзбекті көпшілік қоршалап алыпты. Перрон маңы кішігірім базар тәрізді толассыз сапырылыс... Бір уақытта қолындағы кішкене себетін дүмбілге толтырып Мақпал кіріп келді:
― Жаңа дәмнен ауыз тие отырыңыздар. Мен қазір ыдысын беріп келейін.
Ол әкелген дүмбілдерін тартпа үстіндегі газетке қойып, қайта шығып кетті.
― Біз жасайтын әрекетке мына қыз кірісіп, тағы да ұятқа қалдырды-ау, ― деп Әлдиханға қарап едім, ол қолын созып:
― Қыз әкелген ас дәмді болады, ― деп жеуге ыңғайланды.
― Тоқтасаңшы, өзі келсін.
― Әшейін, біреуін ғана.
Сол екі арада поезд да жылжи бастады... Мен Мақпал келе қоймаған соң орнымнан тұрып, есік жаққа беттедім. Сөйткенше болған жоқ, оның: "Ой, редикулім түсіп кетті, лақтырып жібере салыңызшы", ― деген даусын құлағым шалды. Жылдам басып тамбурға келсем, Мақпал иесіне себеті мен тиынын ұсына беріп, редикулін түсіріп алыпты. Жердегілер оны есікке қарай қайта лақтырғанда, вагонның астына қарай ұшып түсіпті. Бұл кезде поезд жүрісін жылдамдата бастаған еді. Мақпал маған көздерін жыпылықтатып:
― Ішінде құжаттарым кетті, енді не істедім, Қаржау? ― деп қалды.
Мен еш нәрсені ойлап та үлгірмей, заулай бастаған поезд тамбурынан сыртқа қарай қарғып түстім. Тіктеп секіргендіктен, ә дегенде-ақ етпеттей құладым. Екі тізем тыз етіп, жып-жылы боп жүре берді. Шалбарымның цемент алып кеткен жыртығынан қып-қызыл қан көріне бастаған екен. Алақаным да боялып шыға келді. Мен оған да қарамастан, сарт-сұрт соғылған дөңгелектің бойын қуалай, кейін қарап жүгіре бердім. Ойым ― редикулді тауып ала салып, мына поезға қайта жету.
― Енді асықпа, балам, ақыры қалып қойдың, ― деді қызыл фуражкалы кісі мені тежеп. Жүрдек поезд өтіп те үлгерді. Бұрала солқылдаған вагондардың даусы ма, жоқ, болмаса өз көңілім бе, әйтеуір, құлағыма Мақпалдың "Қаржау!" деп айқайлағаны естілгендей болды. "Жылады, Құдай біледі-ау, көзіне жас алды", ― деп ойладым ішімнен. Оның тамшыға шыланған мөлдір жанарын елестетіп, менің де көңілім босады.
― Мә, шырағым, осы үшін өліп қала жаздадың ғой, ішінде не бар еді, сонша, ― деп бір кемпір қос рельстің арасында жатқан редикулді алып берді. Ішін ашып қарасам, бір буда ақша мен паспорт бар екен.
― Қайта, көретін күні бар екен, поездың астына түсіп қалғанда не бетін айтар еді, ― десіп, жиналған жұрт шуласа бастады. ― Апырай, байғұс бала-ай, қалай түсіріп алдың?
― Бұл емес, бір қыздың қолынан түсіп кетті, ― деді себет ұстаған әйел.
― Кімің еді ол?
― Қарындасым...
― Ой, сенің қарындасың бар болсын, абайламай ма екен. Мейлі енді, басыңның аман қалғанын айт. Әлі де жейтін наның бар екен, шырағым.
― Ей, шеше-ай, осы күнгі балаларда ес бар деймісің, былқ-сылқ етіп жүргенде түсіріп алды да. Қарашы қызыл ала қан болуын.
― Жә, енді қол-аяғыңды дәрігерге байлатып ал, поезыңды содан кейін қуып жетерсің. Қай жерге бара жатыр едің?
― Алматыға.
― Мына тұрған жер екен ғой, анда не көп, такси көп. Соның біреуін жалдап алсаң, поезыңнан бұрын барасың. Көп тұра бермей, ертерек қаныңды тыйдыр.
Қызыл фуражкалы кісі мені вокзалдағы медпунктке қарай алып жүрді. Екі тізем мен екі алақанымды жер оңдырмай сырып кетіпті. Қызыл еттің арасынан тарамдалып аққан қан шып-шып шығып, басылмай келеді. Бірақ мен мұны елең де қылғаным жоқ. Бойыма кірген балауса қуаныш бар. "Не де болса, Мақпалдың алдында үлкен іс тындырдым. Қолымның қанында тұрған не бар. Ең бастысы, Мақпалдың көңілі риза болсын..."
Шынында, мен поездан бұрын жеттім. Таксиден түскенімде вокзалдағы репродуктор біз мінген поездың бірінші жолға қабылданатынын хабарлап жатты. Аздан кейін көкпеңбек составтың өзі де келді. Мені бірінші Алматыдан жолықтырамыз деп Мақпалдар ойламаса керек, вагонға басымды сұққан кезде-ақ Әлдихан қапсыра құшақтай кетті:
― Қай жақтан сап ете түстің, екі көзімізді төрт қылып. Ойпырай, зәремізді ұшырдың-ау! Кәне, Мақпал, шүйіншіңізді әзірлей беріңіз, соншама үрейіңіз қалмап еді.
― Ой, Қаржау! ― деп, Мақпал шошынып қалды. Кінәлі адамдай қызара қысылып, менің бетіме тіктеп қарай алмады. Әсіресе екі қолымды дәкемен таңып алғанымнан қатты қорықты.
― Кешіріңіз, Қаржау! Жарақаттанғаннан саумысыз?
Мақпалдың көзіне жас ойнап шықты.
― Түк емес, аздап жер сырып кетті.
― Қалай жеттіңіз?
― Арттарыңнан жүгірдім де отырдым.
Мақпал сәл ғана езу тартты:
― Мен сізді дәл қазір көрем деп ойламап едім.
― Өзіңіз ғой тамбурдан итеріп жіберген.
― Соңыңыздан секіріп түсуге мен де аз-ақ қалдым.
― Неге өйтпедіңіз?
― Кісілер жібермеді ме, білмедім...
― Қорықтым десеңізші.
― Жоқ, шын айтамын. Сіз жығылып түскеніңізде, мен не болғанымды сезе алмадым.
― Расында, Мақпал ішке кіргенде боп-боз болып кеткен екен. Мен сені поездың астына түсіп қалды ма деп қорықтым. Оның үстіне, Мақпал: "Қаржауыңыз жоқ, кінәлі менмін", ― деп бетін басып отыра қалды.
― Бұл кісінің өзі әдейі итеріп жіберген соң, әрине, сүйтеді.
― Сен енді әзіліңді қойып, жөніңді айтшы, қалай жеттің?
― Таксимен келдім.
― Жарайсың, Қареке, ― деп Әлдихан білегімнен қысты.
Мен газетке ораулы редикулді тартпаның үстіне қойдым.
― Рақмет! ― деді Мақпал, әлі де ұялыс реңін өшіре алмай. ― Үлкен жігіт болыңыз..
― Үлкен жігіт болғандықтан да...
― Секіріп түстік қой дейсің бе? ― деп, Әлдихан менің сөзімді аяқтатпастан күлді.
― Жоқ. Өз бетімізше өмір сүруге талпынған әрекетімізді айтамын. Мәселен, сіз де енді үлкен қызсыз.
― Олай болса, талпынған тілегіңізге жетіңіз.
Мен ет қызумен: "Оған жеткізетін өзіңіз ғой" деген сөзді айтып қала жаздадым. Айтпағаным абырой болды. Әйтпесе, тым орынсыз еркінсіп кеткендік болар еді. Қыздың көзі менің тіземе түсіп кетті де:
― Рұқсат етсеңіз, андағы жеріңізді іліп бере салайын. Қалаға түскенде ыңғайсыздау болар, ― деді. Мен шалбарымның цемент алып кеткен орнын қолыммен қалқаладым.
― Не қылар дейсіз, басқасын ауыстырып кие саламын.
Жалғыз шалбармен келе жатқанымды жасырдым...
Мақпал көнбеді:
― Бір-ақ минуттық іс қой, артықтығы жоқ.
Ол сөмкесінен ине-жіп алды да, жаныма отырып, тігуге ыңғайланды.
― Әкеліңіз, өзім тігейін..
― Сізге ерегіскенде, бермедім енді...
Сүйріктей жұмсақ саусақтар ары-бері қимылдап, денемді қытықтайды. Бір-екі тал жіңішке шашы бетімді, аузымды сүйкелеп, сүйкімді шымыр ойнатқандай. Әтір лебіндей әдемі тыныс үзілмей тазалық желпеді... Біз абыр-дабыр әңгіме үстінде екінші Алматыға қалай тез жеткенімізді аңғармай қалыппыз.
* * *
Алғашқы емтиханды Мақпал да, мен де төртке тапсырдық. Әлдихан үш алып қалды. Мектепті жаңа бітіргендер үшін бұл баға үмітсіздеу еді. Сондықтан да ол жатпай-тұрмай "адам" іздеп жүрген болатын. Ақыры кездестіріпті. Аты-жөні кім екенін айтқан жоқ, тек қана қолдарын созып, ең алдымен бес саусағын шошайтты да, оған қоса бармағы мен сұқ қолын жұмды. Одан кейін ортан қолын доғаша иіп бір қойды. Бұл әлгі тапқан "адамның" көрсеткен белгісі екен. Былайша айтқанда, жеті жүз сом мен бір қой жеткізілсе, ағалық қол ұшын беруге келісіпті. Сонымен, ол ауылға жүрмекші болды. Мақпал маған ренжіді:
― Жолдасыңызға айтсаңызшы, әлгіндей істемесін, ― деп.
― Онысы орынды. Қалай еткенде де оқуға түсу керек.
― Досыңыздың орнында мен болсам, ұялар едім.
― Баласың, Мақпал. Өзің көрдің ғой, кімдердің қандай әрекет жасап жүргенін.
Мен Мақпалдан бір жарым жас үлкен болғандықтан, оны "сен" деп сөйлеуге көшкенмін. Ол әлі де "сіз" деп атауын қоя алмай жүр.
― Бәрібір, кімге де болса ыңғайсыз. Тіпті жиіркенішті. Егер мен сіздің орныңызға ақша беріп өтіп кетсем, қалай қарар едіңіз?
― Сен өтіп кетсең, қуанар едім.
― Жоқ, ешқандай әзілсіз. Қазір сіз Әлдиханға айтыңыз, өз күшімен тапсыра берсін...
― Жаңағыдай әрекеттің де артықтығы жоқ.
― Мен сізге өкпелейін бе, Қаржау?
― Өкпелей алмасаң ше?
― Айтуға тиіссіз. Болмаса, өзім сөйлесем.
― Дұрыс қой, Мақпал. Әркімнің өз білімімен түскенін мен де құптаймын. Бірақ екеуімізде тұрған не бар? Бала көп, орын аз.
― Соның ішіндегі күштілері өтсін.
― Айттым ғой, мәселе басқада деп.
― Міне, сол мәселені тудыратын да сіз бен Әлдихан сияқтылар. Егер ол әлгіндей жұмысқа араласпаса, басқаша болар еді.
― Жалғыз-ақ Әлдекеңді көргенің ғой?
― Жоқ, менің бұл жерде айтайын дегенім, Әлдихан секілділер көбейсе, конкурс оқушының біліміне байланысты емес, байлығына байланысты шешіледі. Солай емес пе?
― Өзі де солай.
― Бұл тұрпайылық, мәдениетсіздік.
― Құтылудың жолы не дер ең?
― Жолы сол, қазір Әлдиханды жібермейміз, бір адам болса да азая береді.
― Әлдиханға тиіспейік, Мақпал, ― деп мен әңгіме бетін әзілге бұрдым.
― Өздеріңіз біліңіздер. Тегінде, бұл жігіттік емес.
Мақпал шынымен өкпеледі. Мен:
― Сен біздің оқуға түсуімізге жалпы қарсысың, ― деп тағы да әзілдей беріп ем, ол көзін төмен түсіріп:
― Мейлі, өздеріңізге жарасса, істей беріңіз. Өйткенше, түспегенім жақсы, ― деді. Сөйтті де, үндеген жоқ. Мен де ләм демедім. Аз үнсіздіктен кейін ол көзінің қиығын ақырын маған бұрып, жүзіне жылылық үйірді. "Көңіліңе алып қалдың ба, өзімсініп айтқаным ғой" дегендей бауырмал көзқарас! Сосын, еркелегендей пішінмен:
― Мен сіздерге ат тағайын ба? ― деді.
― Айта ғой.
― Парақорсыздар.
― Дегенің болсын...
Мен Мақпалдың бетіне шын мейірлене қарадым. "Егер осы қос жанар мен деп қана мөлдіресе, арманым болмас еді..." Ол жүзін тайдырып әкетті.
Әлдиханның жүретін мезгілі де таянды. Терлеп-тепшіп, ауылдан әкелген дүниеліктерін қайта көтеріп алған.
― Жазға шыдамайды екен, оқуға түссек, мұның қызығын қыста көреміз, ― деп қояды маған.
― Әйтеуір, Мақпал сезбесін, ― деймін мен ақырын ымдап.
― Ас алып жүргеннің айыбы жоқ, ― деп Әлдихан оншама қысылмайды. Қайта: ― Мақпалдың тамағы жоқ деймісің, ― деп өзімді жазғырады.
― Дегенмен, білдірмейік...
Тастай қара шамадан Әлдиханның желкесіне қонжиып, вагонға қарай беттеді. Есіктің аузына жете бере Әлдекең оны сылқ дегізіп жерге қойды да, бізбенен қоштасуға ыңғайланды. Дорбадағы құрттар ғой деймін, салдыр-гүлдір ете түсті.
― Мынауыңыздың ішіне тас салып алғансыз ба? ― деп Мақпал күлді.
― Алматының апорты ғой,― дедім мен Әлдиханнан бұрын сөйлеп. ― Ауылдағыларға апара жатыр.
― Бәсе, салдырауы солай.
― Ал Әлдеке, жақсы. Үй ішке сәлем де. Жағдайды айтасың ғой, ешқандай мазаланбасын.
― Жақсы, сау болыңдар. Ертең жоқ арғы күні қайтып кеп қалармын.
― Сарқыт ала келуді ұмытпаңыз, ― деді Мақпал әзілдеп.
― Не алып келейін?..
― Апайлардың бергенін әкеліңіз.
― Мақұл. Сөз жоқ орындалады.
Зілдей қара шамадан Әлдекеңді жетектеп ішке алып кетті. Біз терезеден тағы бір қол бұлғап қоштастық та, вокзалдан шықтық.
― Енді қай жаққа барамыз, Мақпал?
― Келіңіз, поезд қозғалғанша осы арада болайық.
― Неге?
― Мен вокзалды жақсы көремін. Біртүрлі сағынышы бар сияқты.
"Құдай біледі, дәл қазір ол вокзалға шығарып салған қимас біреуін ойлады" деген сезім бойымды шарпып өтті.
― Қалайша сағынышы бар?
― Мереке секілді. Ал кейбіреулер үшін орны толмас өкініш ұсынады. Әне, қараңызшы, ана бір қыздың жайраңдап гүл құшақтап келе жатқанын. Сол сізге әсер ете ме?
― Қыз ба?
Жоқ, осындай көріністі айтам.
― Қайдам, байқамаппын.
― Оның үстіне, біреулер алыстағысымен ұшырасады. Енді біреулер жақынын шығарып сап жатады. Қуаныш пен күйініштің мекені.
― Ақын болуға лайықты екенсің.
― Бір сөйлем де құрастыра алмаймын. Болмаса, вокзал жайында көптеген өлең жазар ем.
― Ол үшін журналистикаға түсу керек.
― Мен вокзал сізге де ұнайтын шығар деп ойлаған едім.
― Бір-ақ жері ұнайды.
― Қай жері?
― Мен оны кейін айтамын.
― Қазір айтыңыз.
― Екеуіміз осы вокзалдан айрылысатын шығармыз.
― Мүмкін. Бірақ оның келер-кетері жоқ қой.
― Солай болса да...
Мақпалдың соңғы сөзі маңдайыма қамшымен ұрғандай әсер етті. "Өзім деп өзегімді салғанда көрген сыйым жаңағы ғой. Құр әуреге түсіп жүрген өзіме де сауап болды. Расында, Мақпал менің кімім еді? Жәй ғана сыпайы қатынасын басқаша малданған жүрегіме де обал жоқ!.."
― Мақпал, үйге барып, сабаққа әзірленбейміз бе?
― Жалықтыңыз ба?
― Емтихан жақын ғой.
― Қайтсақ, қайталық.
Көңілім алау-жалау болғанымен, ешқандай сыр бермеуге тырыстым. Қарсыда келе жатқан таксиді тоқтатып, жатақханаға бір-ақ тарттық. Менің көңіл күйімнің өзгергенін байқаса да, Мақпал ішінен тыныс алып, ештеңе сезбеген адамдай үнсіз отырды. Тек таксиден түскенде барып:
― Ендігі әрі келмей-ақ қойыңыз, емтиханға даярланайық, ― деді. Зәді, менің табан асты тулағандай мінезім ұнамаған болса керек. "Иненің жасуындай да ойының жоқтығы ғой. Мейлі, кездеспесек, кездеспеспіз!.."
― Жақсы, Мақпал. Бес тілеймін.
― Өзіңізге де.
Екеуіміз екі айрылып кеттік. "Жалғыз екенмін, жаны ашитын бірде-бір адамым жоқ" деген қайдағы бір ой басымды шырмады. Алматыға келгелі жұп жазбай бірге жүріп, әбден үйренісіп қалыппыз. Көңілім құлазып, көзіме жас тірелді. Бөлмеге келіп, төсекке бір-ақ құладым. Мақпал кінәлі ме, жоқ, болмаса жалғыз ауыз сөзге бола өзімнен өзім күмәнданып, қыз көңіліне көлеңке түсірдім бе, осы екі арасын айыра алмай, дел-сал болып біраз жаттым. "Саған оның не келер-кетері бар?". Әрине, жатқа айтылатын лебіз. Сонда, мөлдіреген қос жанардың мендік еместігі ғой. Жәй ғана, алдамшы дәурен екен ғой. Сол көздерге қай күні жолығып ем!.. Мен орнымнан атып тұрып, бір стакан салқын су іштім. Мойныма, бетіме суық тамшы бүркіп, сілкінбекші болдым. Бәрібір, жан сая дауаның елесін де көре алмадым. Байлаулы жандай ары-бері бұлқынып, бөлмені шимайлаумен жүрдім де қойдым. Өйтіп майдаламай-ақ, әкесі өлгенді де естіртеді, "әуре болма, Қаржау" деп кесіп айтса ғой, мұндай сергелдеңге түспес едім. Ағаттық менен емес, Мақпалдан болды. Ақыры ойы жоқ екен, бойына сонша несіне үйір етті. Шақырып алып, даулассам қайтер еді?.. Түсініссек жақсы. Тіке кетсе, тірліктің бәрі бүлініп, жалғанның жапырылғаны ғой. Жоқ әлде кінә менің өзімнен болды ма екен... Әрине, сүйтті. Мақпалдың жазығы вокзал бойлап қыдырайық дегені ме? Жылан шағып алғандай табан асты "кетейікті" шығарған өзім емес пе! Қыз көңілі кінәмшіл, соны тура ұғынсам нетті... Әй, байғұс басым-ай, өзіңнен көр деген осы да.
Бар кінәні өзіме аударып, сәл-пәл басылайын дедім. "Ләйім, шу Мақпал жақтан шықпасын. Бұғалығымды сүйретіп мен қай жаққа кетер дерсің..." Ақырын есік қағылды. Ыстық қан басыма ойнап шыға келді. Тұп-тура Мақпалдың тықылдатысы. Жүгіріп барып, есікті аштым.
― Иә, өкпелегіш Қаржау, не істеп жатырсыз?
Мен есікті итере салып, Мақпалды құшақтай алдым. Денем дірілдеп, мойнынан иіскедім. Ол мені сәл ғана кейін итерді:
― Сағынып қалдыңыз ба? Әлгінде ғана көрместей боп кетіп едіңіз ғой.
― Кінә менен, Мақпал, ол жағын еске алмайықшы!
― Мен сізге үйреніп қалыппын, Қаржау. Орын тауып отыра алмадым. "Келмеңіз" деп айтқаныма өкіндім.
Ол басын менің кеудеме қойып, иығымнан ұстады:
― Өкпелеп қалдыңыз ба, маған ұрысқан жоқпысыз. Мен сізді таяқтағым келді. Бір ауыз сөзімді көтере алмағаныңызға налыдым. Расында да, не келер-кетері бар еді. Бір-бірімізді білмейміз де ғой...
― Сен менің Мақпалымсың.
― Мен апамдікімін...
...Үш күннен кейін екінші емтихан басталды. Бұл жолы қазақ тілі мен әдебиетінен тапсыратын едік. Балалардың орта шені боп мен кірдім. Қасы-көзі қиылған, бүйрек бет қараторы жігіт емтихан алып отыр. Оның қасындағы, қолында балдағы бар, ашаң сары кісі бір кіріп, бір шығып жүрді. Жауап беру кезегі менің алдымда отырған секпіл бет, ұзын жігітке келді.
― Фамилияң кім?
― Күзембаев.
― Билет нөміріңіз?
― Он алтыншы.
― Айта беріңіз.
― "Шоқан ― ағартушы". Шоқан ― қазақтың ағартушы адамы. Шоқан жасынан бастап көп оқыды. Шоқан көп оқыды. Шоқан көп білетін еді. Шоқан... Шоқан... Шоқан..."
Әлгі жігіт басын сипалап қойып, "Шоқан... Шоқан..." деп шөрелей жөнелді. Шоқан жайында есі дұрыс бір сөйлем айтпаса да, "Шоқан" деуін тоқтатқан жоқ. Басын ары-бері бұлғап қойып, "Шоқан, Шоқанның... Шоқанды..." деп бастырмалата берді. Оқытушы залдағыларға ақырын бір қарады да:
― Шоқанның саяхаты жайында не білесіз? — деді. Естіртпей, жәй ғана айтты.
― Шоқанның саяхатын алатын болсақ... Шоқанның саяхатының өзі... Қалай еді, тілімнің ұшында тұрғаны... Шоқанның саяхаты...
― Екінші сұрағыңызға көшіңіз.
― Арқаризм дегеніміз... арқаризмді ережесімен айтқанымызда.
― Сұрағыңыз қалай еді?
― "Арқаризм деген не?"
― "Архаизм" деңіз.
― Ой, кешіріңіз, тілімнен шығып кетіпті.
Оқытушы күлкісін әрең іркіп қалды:
― Жалғастыра беріңіз.
― Архаизм дегеніміз... архаизм дегенді қарапайым тілмен айтқанымызда өңшең кәрі сөздердің қоймасы. Оларды бей-берекет қолдана беруге болмайды, мемлекет қарауындағы құнды ұғымдар.
Бұл жолы оқытушы шыдай алған жоқ, күлкісін зорға тежеп:
― Оны кім айтты сізге? ― деді.
― Мұғалім айтқан. Ағайымыз осылай деп үйретті.
― Жарайды, бара беріңіз.
Ұзын жігіт шығып кеткеннен кейін, оқытушы бет орамалымен көзін сүрткенсіп, айызы қанғанша күліп алды. Мен: "Осындай да сұмдық болады екен-ау?", ― деп әлгі балаға қатты таңырқадым. Кейін сол Күзембаевтың төрт алғанын естігенімде, Мақпалдың "парақорсыздар" деген әзілі есіме оралды. Үлкен оқу ордасына өкпелегендей бет қақпа күйге ендім. Себебі мен осы пәннен "екілік" алып, білім жолындағы жасыл сапардан шығып қалған едім...
Екінші емтихан Мақпал үшін де тігінен келді. Шығармадан үш алғаннан кейін, ары қарай қатынасуға зауқы соқпады.
― Сіз құлағаннан кейін әдейі "үш" сұрадым, ― деп әзілдеп қояды.
― Маған теңелу үшін "екі" қажет еді ғой.
― Ол баға қыздарға лайықсыз. Оның үстіне, мен сізден, аз да болса, жоғары тұрғым келді.
― Не себепті?
― Себебі сіз менің өне бойы төбемнен қарайсыз, бойыңыз ұзын.
― Енді не істейміз, Мақпал?
― Ауылға қайтамыз. Мен қалаға бара сала жұмысқа орналасамын.
― Ал мен ше?
― Сіз де сөйтесіз.
― Жоқ, мен өйте алмаймын.
― Енді ше?
― Қайдам. Басқаша бір нәрсе жасауым керек.
― Мен айтайын ба, сіздің не істейтініңізді?
― Aha...
― Жоқ, шынымен айтам.
― Тыңдап тұрмын ғой.
― Олай болса, "айта ғой, Мақпал" деңіз.
― Айта ғой, Мақпал.
― Мен айтсам... біздің қалаға барайық.
― Мен не істеймін онан?
― Жұмыс істейсіз.
― Қандай жұмыс?
― Айтып ем ғой, менің ағайым сондағы пресс-автомат заводының бас инженері деп. Сол кісінің қолында істейсіз.― Мамандығым жоқ қой.
― Түк те емес. Үш-төрт айдың ішінде бірнеше мамандық игеріп кетуге болады.
― Біздің ауыл жаққа барсақ ше?
― Мен не деп барамын?
― Ал сендерге мен деп барамын?
― Ой, Қаржау, сіз ер баласыз ғой, қай жаққа барсаңыз да жолыңыз ашық. Менің болса да жолым жіңішке.
― Бір себептен баруға да болады ғой.
― Жоқ, Қаржау, сіз дұрыс түсініңіз.
― Алматылық болсақ ше?
― Сіздің қалуыңызға болады. Мен келесі жылы Мәскеу ме, Киев пе, екеуінің біреуіне тапсырамын.
― Білмеймін не істерімді.
― Көп ойланбай, Волга бойына жүріңіз. Жер көресіз.
― Қалай деп барамын, Мақпал?
― Онда өзіңіз біліңіз.
― Барар едім, сен жұтқан ауамен бірге тыныстау мен үшін бәрінен қымбат...
― Жарайды... жарайды... сізге ескертіп ем ғой, ондай әңгімені екінші рет айтпаңыз деп. Сондай сөздің несі жақсы.
― Менің еркіме тұсау саламысың?
― Бәрекелді, тағы не дейсіз?
― Мақпал, мен оқуға түспегеніме бір түйір де өкінбеймін. Бірақ...
Мақпал ойымды аяқтатпады.
― Мақұл, енді еш нәрсе демеймін.
― Бәрінен сол артық.
― Жүр, Әлдиханның "бесін" жудырайық.
― Ол өзі келмеуші ме еді?
― Оқу залында. Бағана сонда боламын деген.
― Қыдырып қайтамыз ба?
― Aha.
― Сіз осында бола тұрыңыз, мен бөлмеге кіріп шығайын.
― Барып кел.
"Кеше ғана алыстағы сағымдай арман болған Мақпал емес пе еді. Оқуға түсе алмағаныма несіне өкінейін. Жан тірі болса, ендігі жылы бір тірлігін жасармын. Жұлдыз жанарлы Мақпалдың жанында жүрсем, дөңгелек әлемнің қай жері болса да мажыра жай. Тәуекел, Мақпалдың дегені болсын. Ақыры, оқуға түсе алмағаннан кейін, ауыл не, алыс жер не. Біздің қалаға баралық дегені: "Менімен бірге болшы, әлі де сүрлеуі жоқ, бастаусыз өмірді қол ұстасып бірге кешелікші" дегені ғой. Сол қос жанар мен деп қана мөлдіресе, жеті қабат жер астында жүрсем де бақыттымын. Ерте ме, кеш пе: "Қаржау, сенің еркіңдемін ғой. Не істесең де тағдырымның тізгінін өзіңе бердім. Мен сендікпін" дейтін кезеңнің сағаты да соғар..."
Мақпал ішке кіріп кеткеннен кейін әр нәрсені ойладым. Оқу деп келгеніммен, Алматыда өткен күндерім Мақпал жайындағы ыстық қиялдар күні болыпты. Бұл әлде құр әурешілік пе, жоқ болмаса, балаң өмірдің өзіндік арна іздеген ұрымтал шағы ма, ол арасы беймәлім. Әйтеуір, мөлдір жанарлы бейкүнә қыздың басқа бір бағытқа жетелегені анық. Ол бағыт не? Арайлап атар махаббат таңымен жолықтыратын ақ сүрлеу ізі ме, жоқ, әйтпесе, талай бозбаланың бойын алдырып, "қап, әттеген-ай" деп, бармағын тістеткен баянсыз басылуы ма?.. Бұл жағы да шешусіз жұмбақ.
Ой тізбегін Мақпал үзді:
― Мен сізді көп тұрғыздым ба? ― деп, қос жанары жайнаң қағып шықты.
― Көп күткен пайдалы болды.
― Неге?
― Себебі сіз көптеген ойлар ойладыңыз. Рас қой?
― Оны қайдан білдің?
― Реңіңіз айтып тұр, бәрібір сіз менен не жасырсаңыз да, көзіңіз білдіріп қояды.
― Көзілдірік киіп алсам қайтесің?
― Дауысыңыздан айырамын.
― Ал тіпті үндемей қойсам ше?
― Ой, Қаржау, абайлаңыз, ― деп, ол білегімнен ұстай алды. Мен дабырлап келе жатып қарсыдағы таксидің бұрылғанын байқамай қалыппын.
― Үндемей қойсаңыз ба? Онда тамырыңызды ұстап білемін.
Ол білегімді ақырын қысты:
― Міне, мына араңыздан ажыратамын.
Мен шынында да бақыт құшағында келе жаттым. Өйткені ары-бері өткен жігіттердің қайсысы болмасын Мақпалға жалт етіп бір көз тастайды да, соңынан маған бұрылып: "Бауырым, маңдайыңның жұлдызы бар екен" деген пішінмен қарайды. Оның үстіне, Мақпал бүгін тым ерекше көрікті еді. Шашындағы ақ сары бантигі мен үстіне жаңа киіп алған сарғыш көйлегі бойына сүйкімді үйлескен. Рең-кейпінен селеу шұғылалы уақ күлкі үзілмей, сөйлемпаз боп алыпты. Тротуармен келе жатқанымызда арамызды біреу кесіп өтіп еді. Мақпал тұра қалып:
― Жүріңіз, Қаржау, ана кісінің алдынан қайта өтеміз, ― деді.
― Неге?
― Сол, қайта өтуіміз керек.
― Соған бола уақыт кетіреміз бе? ― деп едім, Мақпал көнбеді.
― Жүріңізші, азғана жер ғой, жүгіріп барып айналып келеміз.
Біз жаңағы кісіні қуып жеттік те, алдын орап кейін қайттық.
Ол бізге адырая бір қарады да, кете берді.
― Міне, енді жақсы болды, ― деп Мақпал қуанды.
― Неге өйттің?
― Сіз білмеуші ме едіңіз, қатар келе жатқан екі адамның арасын кесіп өтуге болмайды.
― Кесіп өтсе ше?
― Болмайды. Онда біз ұрсысып қаламыз.
― Баласың сен, Мақпал.
― Жоқ, мен бала емеспін...
* * *
Әлдихан бізді тауға алып келді.
― Ақыры кетесіңдер ғой, жақсылап қыдырайық, ― деді ол.
Оны Мақпал да қоштаған еді:
― Шынында, Алатауды көрейік, бірге жүргеніміздің ескерткіші болсын.
Таксиден түсісімен сайға құлдилап, ну шалғынның ішіне кірдік. Өзі көрінбесе де, жұмсақ денесін төмен қарай лақтырған тау өзені сарқырап жатты. Аз жүргеннен кейін жүзі де ашылды. Ақ көбіктенген асау ағын аптыға бұлқынып, екі арнасымен алысып жатыр екен. Қазандай қара тастарды соққылап, сатыр-күтір сынып түседі.
― Ақындар "сықылықтап ағады" деп жазушы еді, мына өзен күлімдейді екен, ― деді Мақпал екі көзін ашулы толқыннан алмай. Сөйтті де, шұбар тастан секірген жұдырықтай тамшыны қос қолымен қағып алып, салмақтап көрді. ― Бір тамшысының өзінен бір стакан су шығады.
― Абайлаңыз, Мақпал, құлап кетіп жүрмеңіз, ― деді Әлдихан.
― Мен үшін қорқасыз ба?
― Сіз үшін болмаса да, Қаржау үшін...
Мақпал ләм демеді. Қапелімде не айтарын білмей қалса керек. Екі қолын сілікті де:
― Жүріңіздер, анау шыршаға дейін көтерілейік, ― деді. Соны айтты да, екі жүзі бал-бұл жанып маған қарады. "Көрдіңіз бе, Қаржау, сіз үшін ыңғайсыз жағдайға қалғанымды" дегендей. Мен Әлдиханға бұрылып:
― Әлдеке, Мақпал екеуімізге де бірдей еді ғой, ― дедім.
― Жаңылыс айтсам, кешіріңіздер, ― деді де, ол, "енді не дер екен?" дегендей, Мақпал жаққа мейірлене көз салып қойды.
― Сіздердің екеулеріңізге де бөлекпін. Қайта, сіздер бір кісісіздер, ― деді Мақпал бізге қарай алмай.
― Екеуіміздің бір екеніміз рас, Мақпал. Әлдихан біздің құлап қалғанымызды көз қылып отыр, ― дедім мен әңгіме бетін басқаға бұрып:
― Бәсе, сөз ыңғайы солай, ― деп Мақпал езу тартты.
Әлдихан тағы да бір нәрсе демекші еді, мен ақырын түртіп қалдым. "Қайтесің, ол жағдайдың адресімен сөйлеуге болмайды ғой..." дегенім. Әлдихан түсінді де:
― Абайламай сөйлегенімнің айыбы болсын, ― деп сумка ішіндегі шампанға жармасты.
― Ол сіздің бесіңізге алынған зат еді ғой, ― деп Мақпал күлді.
― Бес енді еш жаққа қаша қоймас, алдымен достығымыз үшін ішеміз.
Әлдиханның бөтелке аузындағы сым темірді босата бергені сол еді, тарс атылып, ақ көбігі аспанға шапшыды.
― О, қайнап тұр екен-ау, қайран жазған! Міне, Мақпал, достығымыз үшін тартып жіберіңіз.
― Мен шоколад жейін.
― Бір рюмка еш нәрсе етпейді, шампан ғой, жүзімнің суы.
― Жоқ, Әлдихан, мен шоколад жеймін.
― Ең болмаса бір ұрттаңыз.
― Қинамаңызшы, мен үшін Қаржау алады. Солай ма, Қаржау?
― Мақпалдың айтқаны болсын.
— Жоқ, Мақпал, сіз өзіңіз айтыңыз: "Міне, Қаржау, алып қойыңыз" деп.
Мақпал Әлдиханның қолындағы рюмканы алды:
— Міне, Қаржау, ішіп қойыңыз.
— Болмайды, "мен үшін ішіңіз" деңіз.
— Мен үшін ішіңіз.
— Енді ризамын.
Мен Мақпал берген шампанды ұрттап қалып едім, шымырлаған асау газ тамағымнан теуіп, танауымнан шықты. Мұндай нәрсені алғаш рет ішіп тұрғанымды Мақпалға сездіргім келмей, тағы бір рет қайталап жұтқанымда жұтқыншағым жыбырлап, екі көзімді жасауратты. Бір әбиірі, шашалғам жоқ.
— Ой, сен іше алмайды екенсің. Әкелші, мен бір дегенде-ақ қағып тастайын, ― деп Әлдихан менің қолымдағы стаканды толтырып алып, "достық үшін" деп, басын шалқайта көтеріп қалғанда, тұншыға түшкірді. Мақпал алдында "жол көрген" жігіттер екенімізді білдірмек болған әрекетіміз сәтсіздеу шықты. Әлдихан әлі де шашалуын баса алмай:
— Мен "вермут" сияқты екен десем... ― деп жасаурай күлді.
— Бір-ақ қағып тастамадыңыз ба? ― деп Мақпал да күлкісін тыя алмады.
— Жоқ, газын шығарып барып ішпесе, болмайды екен.
— Іше алмаған соң, несіне әуреленесіздер.
— Неге, бітіру кешінде мұндайлардың талайын дөңгелеткеміз.
— Қайдам, көре алмай тұрмын...
...Бір-екі стақан шампанның өзіне денем балбырап, көзім бұлдырады. Жұп-жұмсақ ұлпа сезімнің құшағына шома бастадым. Үлпілдек қиял бойымды билеп, жүрегіме жып-жылы аңсау кірді. Мақпал менің жанымда, дем білінер жерде тұрса да, қолым жетпес қияндағы біреу сияқтанды. "Сен менің жұлдызымсың. Сенің мөлдір жанарың мен үшін ғана жаралған, Жалғызым менің!.." деп қайдағы бір сөздерді айтып аймалағым келді. Бірақ жүзіне тіктеп қарай алмадым.
Өз ойымнан сәл ғана босанып, қасыма назар салсам, Әлдихан да тым-тырыс тына қалыпты. Көк шалғынға шынтақтап жатқан күйі екі көзін бір нүктеге қадалтып, қыбыр қимылсыз ойға шомыпты. Не ойлап жатыр? Көкейіне құйылған көмескі күй қандай? Қос қанаттай ұшып шыққан құрбысының оқуға түсе алмай шет қалуы қабырғасын сыздатты ма, жоқ болмаса жазықсыз жайнаңдаған мына қыздың мөлдір жанары жүрегіне батты ма... Әйтеуір, тұңғиық ой түбіне кетіпті. Мен, "Әлдеке!" деп, жылы сөзбен сергітпекші болып едім, жұмсақ алақан көзімді басты. Мақпалдың сүйкімді лебі әтірдей есіліп, мойныма оралды.
― Неге үндемейсіздер, мен қорқамын.
― Қайдам. Өзеннен басқаның бәрі жым-жырт.
Әлдихан Мақпалдың екі қолын менің иығыма асып, наздана сөйлегенін көрді де, біртүрлі қызара күлімсіреді. Мейірленгеннен бе, не болмаса, басқаша жағдаймен бе, қызара түсіп, тесіле қарады. Мен Мақпалдың білегін иығымнан түсіріп қойдым.
― Әлдеке, мына шампан басқа шықты-ау!..
— Расында да, бойды шымырлатты, ― деп ол орнынан атып тұрды. Сөйтті де, үсті-басын қағып, маған жақындады:
— Қаржау, менің бір ұсынысым бар. Мен қалаға қайтамын.
— Е, неге?
— Ертеңгі емтиханды бір қарап шығуым керек.
— Асықпа, бәріміз бір қайтамыз.
— Жоқ, Қаржау, менің жағдайымды түсін. Сіз де сөйтіңіз, Мақпал.
— Неге асықтыңыз?
— Айттым ғой жағдайды. Менің бір тілегімді орындаңыздар.
— Онда, біз де қайтамыз.
— Сіздер шамалы серуендерсіздер, келгеніміз қазір ғой.
— Жүріңіз, болмаса, ― деді Мақпал. ― Анау мен айтқан шыршаға бір көтерілейік. Сонан кейін де үлгірерсіз.
— Мақұл, бұған келісуге болады.
Біз біріміздің қолымыздан біріміз ұстап, Мақпал нұсқаған шыршаға көтерілдік. Алматы аясына әзер сыйып тұр екен. Төгілген тарыдай бір шетінен бір шетіне көз жетпеген нөпір үйлер иек астында құжынап жатты. Тау етегіне жармаса орныққан аласа тамдар еңіске қарай құлдилай келе, бірін бірі ілестіріп алып, сана жетпес ақ шатырға айналыпты да, аумағы алшайып, кереғар кең денесімен көкжиекке тіреліпті. Қалың топырлы, айқыш-ұйқыш мол кварталдар қаптап барып қаланың ортасынан ауа бере кілт өрге беттегендей... Көз алдымыздан жанды бейне ашылған сияқтанды. Қала көрінісін біраз қызықтаған соң, Әлдихан:
― Жарайды, мен қайтайын, ― деді.
Кейінгі сәтте біз, жалпы, аз сөйлестік. Әрқайсымыздың ішімізге бүккен көмбеміз бардай. Қандай да бір томаға-тұйық, үнсіздік баурады. Мен Мақпалға бұрылдым: "Қайтеміз, екеуара қалғанымыздың ерсілігі жоқ па? Бұған мақұлмысың?" дегенді көз қарасыммен білдірдім. Мақпал жанарын төмен аударды. Әлдихан біздің ұлықсатымызды күтпей-ақ, қос қолын ұсына берді:
― Жақсы, көңілді демалыңдар.
― Қайттың ба, Әлдеке?
― Мен қалаға ертерек жетейін.
― Бес алуыңызға тілектеспіз, ― деді Мақпал.
― Рақмет. Сау болыңдар...
Әлдихан бір қырымен қиғаштай төмендеп тез-тез басып, құлдилай жөнелді. Қоштасу үстінде бір-бірімізге жүзбе-жүз қарай алмадық. Ол әлденендей жасырын сырмен қызара дуылдаған бетін бізден алып қашты. Тек, Мақпалмен қоштасып тұрып, аз-кем кідірді де: "Айып етпеңіз, Мақпал!" ― деп, жалт бұрылып, жүріп кетті... Әне, ол ақ көйлегі ағараңдап, қалың өскен ұзын көктен бір көрініп, бір көрінбей, төмендеп барады. Мен ішімнен: "Жүрегіңе жақын алма, Әлдеш! ― деп, әлдене үшін кешірім өтіндім. Сөйттім де, Мақпалдың ыстық жүзіне бетімді бастым...
* * *
Екі күннен кейін вокзалға шықтық. Мақпал екеуіміз билетті Куйбышевке дейін алғанбыз. Әлдихан келесі емтиханды да беске тапсырған. Тау басындағыдай салқын емес, абыр-сабыр көңілді келеді. Міне, қоштасу сәті де таянды. Мақпал вагонның ішінде де, мен тыста тұрмын. Поезд соңғы рет айқайлап, вагондар лып қозғала берді. Әлдихан екеуіміз құшақтаса кеттік.
― Үйге не дейін, Қаржау?
― Жағдайды айт, өзім де хабарласармын.
― Қош, бақытты болыңдар.
― Амандықпен жүз көріселік, алаңдамай, сабағыңды оқы, Әлдеш.
― Қош, Қаржау!..
Әлдихан күліп тұрып көзіне жас алды. Тамбурдың есігіне жабысып тұрып менің де көңілім босады. Бір қолын жоғары көтеріп, жүгірген составпен жарысып келіп, Алматы вокзалында Әлдихан қалды! Ішке кіргеннен кейін көңілімнің алау-жалау боп келгенін Мақпал сезді. Екі қолын менің саусақтарымның арасына салып, бетіне басты да, шашымнан иіскеді:
― Жолдасыңызбен ажырасу көңіліңізге батты ма?
― Әлдиханды әрең қидым.
― Есейген сайын солай болады. "Бірге тумақ бар да, бірге жүру жоқ".
Мақпалдың екі алақанымен шашымды сипап, мөлдір жанары мейірлене еркелеуі жүрегімді елжіретті. "Ендігі жан серігім, Мақпалым менің..." Ақырын өзіме тартып, қолын қыстым:
— Неге олай, қайта, үлкейе келе адамдар серіктесе бастамай ма? Мәселен, біз екеуіміз...
— "Біз екеуіміз емес, Әлдихан екеуіміз" деңіз.
— Біз екеуіміз.
— Әлдихан екеуіңіз...
Мақпал аузымды жауып, сөйлеткен жоқ:
— Мына көйлек-шалбарыңызды шешіп, бриджи киіп алыңыз, әйтпесе, қыртыстанып қалады.
― Саған бәрібір емес пе?
― Бәрібір емес...
Мақпал көйлегімнің түймелерін ағыта бастады.
Вагонның іші толы халық. Көбісі өзіміз сияқты "құлап" қайтқандар. Біздің қарсы бүйіріміздегі шегір көз, жалпақ мұрын, сары жігіт жанындағы егделеу кісіге қысастықпен "құлатқанын" айтып, мұңын шағып келеді.
— Бірінші, екінші сұрағын мүдірмей айтып шықтым. Мұғалімнің өзі көзін жұмып, мүлгіп отырды. Үшіншісін де жатқа заулаттым. Орыстардың 1905 жылы уралап келіп, жапондарды қалай жеңгенін қайырма, нүктесіне дейін қалдырмай айттым. Одан кейін табаны күректей он сұрақ берді. Ешқайсысына мүдіргем жоқ, судай сапырып жауап қайтардым.
— 1905 жылы орыстар жеңіп пе еді? ― деп қалды қасындағы егде кісі.
— Жеңгенде қандай, жапондарды жапырып келіп, тас-талқанын шығарған.
— Сонымен, қанша алдың?
— Айттым ғой сізге "әділет жоқ" деп. Соншама еңбегіме қарамастан, қасқайып тұрып "екі" қойып берді. Өзін де оңдырғам жоқ: "Сіздер пара аласыздар, қылмыскерсіздер!" деп сыбап салдым. Ол мені қуып шықты.
Әлгі кісі мына баланың қалай "құлағанын" түсінді де, әрі қарай тыңдауға пейіл бермеді. Ақырын жымиып, назарын басқа жаққа аударып кетті. Бұл арадан оншама қолдау көре алмаған сары жігіт келесі адамға барып, мұғалімдердің қалайша "қиянат" жасағанын айта бастады. Іш ентігін баса алмай өзеуреп, өрши сөйлейді. Бұл барлық кітапты жатқа біліп барғанда мұғалімдер әдейі құлатты деп ренжи, ашына әңгіме етеді.
― Мына жігіттің жанына не зор келді екен? ― деп Мақпал күлді.
― Қайтсін, бір себеп айту керек қой.
― Сіз де осындай себеп айтамысыз?
― Ауылға барғанда айтар едім.
― Енді ше?
― Кімге айтамын?
― Біздің үйге, менің апама айтасыз.
― Жоқ, о кісілерге айта алмаймын.
― Неге?
— Сол, айта алмаймын. Жалпы, мен үй іштеріңнің бір де біреуіне көрінбеймін. Сенің төбеңді сыртыңнан байқап жүрсем болғаны.
― Нағыз бала өзіңізсіз, Қаржау. Кішкене балақай...
Ол қолымды ақырын сипады да, терезеге үңіліп, тысқа көз тікті. Желдей ескен жүрдек поезд қоңыр кешті жамылып жүйткіп келеді. Алыс күннің ақырғы шапағы анда-санда әйнекке шағылып, ақ нұр төгілгендей шашылып түседі. Қаумалай жүгірген бақшалар қазір де қабақ шытқандай қарабарқын түске енген. Қалмай жанасып, қаптаған қоңыр ағындай зуылдайды. Бірен-саран жамырап шыққан шамдар тап болады. Ол ― ауылдың оттары. Кішігірім қоңырқай мекеннің елп еткен тірлік белгісі. Ана бір үйдің алдынан жалыны аспанға шапшыған жусан оты маздайды. Жұмыстан келген бетінде ыстық ішуге асыққан жалғыз басты біреу ме? Шамасы, солай-ау...
Бейшара шешем не күйде екен! Арқалап әкелген таудай отынын тастай бере, беліндегі белбеуін шешініп жіберіп, осындай апақ-сапақта көмбеш көмуге кірісуші еді. Сонда жалпылдай жанған үлкен жарықтың жанында отырып шешем нан илейтін де, мен ошақ астының отын жағатынмын. Шешем жұмыстан қаншама қалжырап оралғанымен, ешқандай қабақ шытқанды білмейді. Қайта, көзіме ащы түтін кіріп, әуре-сарсаңға түскен мені аяп: "Кішкене ғана бауыр етім менің, қашанға дейін жалғызілік біздің басымызға орнап қалар дейсің, күні ертең-ақ адам болып, үйлі-жайлы болып, ел қатарына қосылармыз. Кішкене қарашығым, қанатың әлі қатаймай жатыр ғой", ― деп, кәдімгідей демеу беріп, өзі де сол демеуден сарқылмас күш-қуат алып, қайратты жүретін.
Сол асыл ана оқуға кетерімде тірегінен айрылғандай, кәдімгідей босаңсып қалып еді. Сонда да бойын берік ұстап: "Қадамыңа гүл бітсін, қарашығым, тең құрбыңнан қалмай, біліміңді ал. Менің өз қазаным өз бауырымда ғой, бір күнімді көрермін. Тәңір бетіңнен жарылқасын", ― деп ақ тілеумен аттандырып еді. Сол анадан алшақтап бара жатқан күйім мынау. Тәуекел түбі қай жерге барып тірелер екен!..
— Ана жұлдыз біздің жерде батыста емес, солтүстікке таяу тұратын, ― деді Мақпал, поезд терезесіне бір төмен, бір жоғары шайқалған жұдырықтай жұлдызды нұсқап.
— Іңір алдында біздің үйдің терезесінен қарап тұрушы еді.
— Қазір де қарап келе жатыр ғой.
— Маған өкпелеген сияқты.
— Не үшін?
— Күн сайын кездесетінбіз. Жарты айдан бері бүгін бірінші рет көрістік. Жалпы, мен бұл жұлдызды аяймын.
— Қалайша?
— Басқа жұлдыздардың барлығы таң атқанша сауық құрса, бұл қазір батады да кетеді.
― Менің жұлдызым да тым ерте батуы мүмкін.
Мақпал маған жалт қарады. "Кімді айттың? Ондай лебіздің қажеті не еді? Осы сөз жарасымды ма?.." дегендей. Мен оның ыстық алақанын бетіме бастым.
Бүгінгі таң ұйқысыз атты. Желдей ескен жүрдек поезд бір қалыпта сартылдап келеді. Жастайымнан жаныма ыстық Шоқпар асуы да артта қалды. Енді он-он бес шақырымнан соң өскен мекенім "Бірлік" станциясы да таянады. Жұрттың бәрі ұйқыға енген. Мақпал екеуіміз ғана ояу отырмыз.
― Құйбышевке жеткенше ұйықтамаймыз.
― Алтынсың сен, Мақпал!
Мен оның көзінен, маңдайынан сүйдім. Мақпал ешқандай қарсылық білдірген жоқ. Қолымды алды да, тартпаның үстіндегі жастығына қойып, бетіне басып жатты... Әбден талықсыды білем, аздан кейін көзі де ілінді.
Мен ақырын қолымды босатып, орнымнан тұрдым да, тамбурға шықтым. Жер беті енді ғана ашылып келе жатыр. Алыста дөңгеленіп біздің ауылдың теректері көрінеді.
Ойдым-ойдым болып, бір-бірімен ұштасқан қалың желек қол бұлғай көз тартады. Вагонның есігін аштым. Таңғы салқынға бөленген сары жусан иісі жүгіріп келіп, мойныма оралды. Сағынып жетіп, менің қойынымда мауқын басқандай. Туған жердің торқалы топырағы толықси желпіп, жүректі шаншытты. Әне, Қараойдағы қызылша жүйектері де жарысып жүре берді. Бұл менің шешемнің үлескісі! Алтын анамның маңдай терімен өсірген қасиетті байлығы. Шынайы бақыты мен таусылмас махаббатын арнаған асыл алқап... Арасындағы кетпен көтерген ақ орамалды әйелдер де айқын көріне бастады. Апырау, анау менің шешем болмаса игі еді! Дәл өзі ғой. Міне, қолын маңдайына төсеп, өтіп бара жатқан поезға қарады. Иығындағы кетпенін жерге қойды да, көз алмай тесілді. "О, ардақты ана, осы поездың ішінде жалғыз ұлыңның кетіп бара жатқанын көңілің сезді ме! Жоқ, әлде мен жаныңнан кеткелі көрген күнің осы ма? Ел ортасында отырып адасқандай күн кешіп жүрмісің, гүл анам. Алатаудай асқақтаған арманың қайда?.." Көзіме жас тіреліп, көңілім бұзылды. Осы кезде поезд шұғыл тормоз беріп, жүрісін баяулатты. Алдындағы бағдаршам жабық болса керек, дөңгелектері күйік шығара қысылып келіп, кілт тоқтады. Ішке жүгіріп кіріп, үшінші сәкідегі шамаданымды алдым. Мақпал сол күйінде ұйықтап жатыр екен. Еңкейіп барып ернінен, бетінен, мойнынан сүйдім. Мен әлі де жанында отыр деп ойласа керек, ұйқылы-ояу жүзін терезе жаққа бұрып жатты. Бірақ оянған жоқ. Ақырғы рет шашынан иіскедім. "Қазір қаламын, Мақпалмен ажырасудың басы осы" деген ой денемді шымырлатты. Алайда қандай да бір үлкен күш далаға итермеледі. Шамаданымды ұстап тамбурға беттедім. Поезд жүрісін білдірмей, қозғала да бастаған еді. Вагоннан секіріп түскенімде, жүрегімнің бір тамыры үзіліп кеткендей болды. Мен аяулы адамымнан айрылғанымды аңғардым.
"Ең болмаса тілге келіп, қоштаса да алмадым-ау!.." Рақымсыз поезд жүрісін шапшаңдата, сүліктей ирелеңдеп, лез аралығында-ақ алыстай берді. "Қош, Мақпал, жамандыққа қия көрме!". Мен жол жиегіндегі қиыршық тастарға етпеттей құлап, бойымды билеген ыстық өксікті баса алмай жаттым...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі