— Көке, «Торлысайға» белгісіз біреулер келіп қонып жатыр екен.
— Қай ауыл?
— Білмедім...
— Шамасы, біздің жағдайымызды білмейтін біреу шығар... Әтең бар ма?.. Маған келіп кетсінші...
— Қазір шақырамын. Бозбала тез басып үйден шыға жөнелді.
— Үһ! — деп ауыр күрсінген Кәрім киіз үйдің түрулі тұрған етегінен анадайдағы бір топ кәрі еменнің түбіне қарады. Жасы елуден енді асқанымен, өзі тым ерте қартайып қалған іспетті. Орнынан әзер қозғалады. Бет-аузын айқұш-ұйқыш шандыған әжімдер, тереңге тартып кеткен шүңет жанарына, шәкене ғана итарқа түсті. Айпарадай ашық тұрған итарқаның аузынан байлаулы жатқан жігіт өзіне ішіп-жеп тесіліп қарап жатыр екен.
— Әй, қайсың барсың, Бақбөрдің су-суанын бердіңдер ме? — деп дабыстады да, құс жастыққа жантая көзін жұмып ұзақ ойға кетті.
Жиырма жыл бұрын, а, жоқ, заулап жатқан уақыт-ай десеңші, отыз жыл, тура отыз жыл болыпты-ау, содан бері. Иә, содан бері санасында бір тыныштық жоқ... Осы кесапаттың барлығына өзін кінәлі сезінетін...
Өзінің жиырмадан енді асқан кезі... Асып-тасыған дәулетті болмаса да алдындағы тете өскен жалғыз ағасы екеуі бірлікте атадан қалған аз малды бөліп-жарып еншілеспей, бірге ел қатарлы күн кешкен еді. Өзі де енді үйленген... Ағасының төрт баласы бар. Жаз жайлау, қыс қыстаумен ұзақ көшетін... Ағасы Сәлім жарықтық ыспор, іске орамды жігіт еді... Ойдан орып, қырдан қырып тұрып екі үйді сол бағар еді. Ал өзі сал-сері болғысы келді... Жаңа құрған отау жайында қалды. Жаз жайлауда көрші ауылдардың таусылмайтын той-томалағымен сауық-сайран құрып кететін. Артынан ерген жалғыз інісі болған соң Сәлім де жетімдікті көрсетпейін деп аттың да, киімнің де жақсысын өзіне беретін. Орта жайлаудың мал тұяғымен шаңы шыға бастағасын төр жайлауға қарай көшкен ауыл араға екі қонып межелі қөне қонысқа түс ауа әзер жеткен. Түйелерді шөгеріп артқан жүктерді шешіп түсіріп бола бере шапшаң бой көтерген алты қанат ақ үйдің бел бауын асығып шандып байлап жатқан інісіне Сәлім:
— Ау, жарқыным! Не болды, бір жаққа асығасың ба? — деп сұрады.
— Иә, ағаке, ертең «Бөктіргіде» отырған Жетібайдың қызын ұзатады, соған барсам деп ем...
— Жарайды, онда жолыңнан қалма, бар... Келінге де обал, жаз бойы үй бетін көрмейсің, осы жолы тез орал. Мен де осы бір жерім ауыра ма, жоқ па өзім де білмеймін, онша болып жүргенім жоқ... Біраз уақыттан бері ұйқым қашты, амандық болса, келгеннен кейін еншімізді бөліссек деп ем. Сен енді қара шаңырақтың иесісің...
— Неге?.. Қойыңыз, аға, мен мал баға алмаймын. Інісі шоқ басқандай баж ете қалды...
— Жоқ, сен бақпайсың, мен бағам... Амандық болса, бірер жылда ана боқмұрындар да қозы-лақ қайыруға шамалары келіп қалады. Өзім-ақ баға берем ғой... десе де тез кел!.. Сосын әңгімелесерміз, — деп сөзді қысқа қайырды. Расында біраз уақыттан бері сәп салмаған екен, ағасы едәуір жүдеу, өңі тарыңқы екен. Ерулік ала келгендердің салқын қымызынан бір шараны басына бір-ақ төңкерген ол ауылмен асығып қоштасты да, қарсы беттегі жалға қарай қабырғалай жөнелген.
Әубаста бір күнде қайтармын деп ойлап еді, онысы болмай қалды. Қыз ұзату тойы... оның танысу... қарсы жақтың келін түсіру тойы... не дейсің, әйтеу той көбейіп кетті... Әне-міне дегенше екі аптадан асып кетті. Сөйтіп той тойлап мәре-сәре болып жүргенде өздерімен қанаттас отыратын Бектас деген жігіт тізгін ұшымен келіп: «Сәлім аттан жығылып, нашар жатыр», — деп хабар айтып келді. Салдық та, серілік те әдірам қалып, екі көзінен парлаған жасқа ие бола алмай таң асырып үйіне әзер жетті. Мал енді өріске бет алған екен, үйдің маңы топырлаған адам... Жүрегі зырқ ете түсіп... аузына тығылып булықтырып келеді. Баяғыда әкесі мен шешесі қайтыс болған кезде де осындай болған еді... Ол кезде жас бала өлімді, жетімдікті түсініп кетпесе де жүрегінің сазғаны күні бүгінге дейін есінде еді... Тура солай жүрегі сазып барады. Еңіреп келіп аттан домалай үйге қарай жүгірген оны қайнағасы ұстап қалды:
— Аптықпа... бала... ақырын... сені күтіп жатыр... Елдің барлығы өзіне мүсіркей қарап, оны ішке кіргізді...
Оң жақтағы қайқыбас қайың төсектің үстінде ағасы шалқасынан сұлқ жатыр екен де, жеңгесі бар, тағы бір кісілер аяқ-қолын уқалап отыр екен.
— Алда қарғам-ау... «Тентекқара», әйтеу жеттің бе? — деп жеңгесі еңіреп жіберді...
Сәлім де мұның келгенін біліп жатқан сықылды, ақырын жөткірініп ернін жыбырлатып еді, отырғандар аузына су тамызды. Сосын кәдімгідей есін жинап, басындағы жастықты сәл көтертіп қойып, үзіп-үзіп сөйлей бастады:
— Жарқыным,.. жеттің бе?.. Сені көре алмай кетем бе деп көп қиналдым... енді арманым жоқ... бірге туғаныңа бір ауыз бақұлдасып кетудің өзі бақыт екен... мына ажал маған тура келіп тұр... неше күн бойы арпалыстым... ажалдан қорқып емес... сені көре алмай қалам ба деп... Әуелі ел-жұртқа рахмет!.. Сені осы отырғандарға аманаттаймын... Біріміз жетіде, енді біріміз он жасымызда әке-шешеден бір күнде айырылдық... Осы жұрт малымызды бағып, отымызды жағып есейтті... Біз осы жұртқа борыштармыз... Шамам келгенше сол борышымды өтеуге тырыстым... Пенде болған соң артық, не кем һам-харекеттеріміз болған шығар, кешіріңдер... Көптен бері әке-шешем түсімнен шықпай, әлдеқайда жетелеп кете беретін еді... Содан сезіктеніп... мал-жанның барлығын ен салып, бөліп қойып ем... Өзің келе ме деп көп күттім... Сен болмасаң да келінге көрсетіп барлығын бөлдім... Шамамша әділ бөлдім... Бұл тек атау ғана ғой... барлығы өз малың... қалқам, мал-сұлға онша қыры жоқ еді... Жетіммін деп жабырқамасын деп алдын қақпап ем... Осының отын жағып, күлін төгіп өтсем, армансызбын дейтін ем... Оған жете алмайтын болдым... енді осы Кәрімді сіздерге аманаттаймын... Кәрім, жарқыным... саған ана інілерің мен жеңгеңді аманаттаймын!.. Жеңгең әлі жас қой... келер өмірін өзі шешер... Балаларымды бауырыңнан шығарма!.. Баяғыда ана Көк бақсы: “Екі мүшелден ары жығылып барып кетеді екенсің... бес балаң болады”, — дегенде сенбеп ем, сол әулие екен... Барлығын бірдей көр... жазымыш кей нәрсені адамның санасына сыйдырмайды... сонда да... сабыр керек болады... қасқыр жегір көк бұқаны іздемейін-ақ деп ойладым... Мал көзі ыстық қой... жоқтамай қойсам, киесі атар деп... ала аяқ ат та бір нәрсе сезгендей ұстатпай көп қашты... ондайы жоқ еді... астынан бала өтсе, мыңқ етпейтін жануар сол күні ертоқымды әзер салдырды... Ана айыр төбедегі қорымға жете тік шапшып жүрмей қойғаны... содан біраз сауырлап қамшымен тартып жіберіп ем... қорымға жете қорс ете қалып жалт бергені... Ауып түсіп қалыппын... Бір заманда барып есімді жидым... Бір жерім мертікті ме десем, аман сықылды, қозғалайын десем, денемді бір ауыр нәрсе қорғасын болып басып алыпты... Көзімді ашсам, кеудемде бір кішкене бала қонжиып отыр... Кет ары деп орнымнан атып тұрамақ болып жанталасып ем... әлгі бәле сары ешкі болып құбылып кетті. Қозғалдым болды келіп сүзеді... сөйтіп көп жатып қалдым... әйтеу, құдайда құдай дегенде ана Есбергендер үстімізге түсіп алып келіпті... Олар ешнәрсе көрмедік дейді... Енді көзім ілінсе болды, былтыр бір тауешкі атып едім, сол келіп сүзгілейді... Оқ жанды жерінен тимеген соң көп қашып еді... ақыры қанның ізімен аршаның ішінде өліп жатқан жерінен тауып алып ем... ішті екен... Бір лағы тірі туылып анадайда маңырап бақырып тұр екен де, енді біреуі іште өліп қалыпты... Сол күні қатты шошынып қалып ем... содан-ақ болды...— деп біраз тыныстап алып інісінен басқа жұрттың барлығын сыртқа шығартып жіберіп оңаша бір сырды ақтарған еді. — Жәми жеңгеңді өзіңе аманаттаймын... Сенен өмір бойы жасырған бір сырым бар еді... О дүниеге алып кеткім келмейді... Менің жын-перілермен алым-берім жасап қатынап тұратынымды ана көк бақсыдан басқа ешкім білмейді... Мына жұрт көк бақсыны алдырайық дейді... Оның пайдасы жоқ, оның қолынан келетін шаруа емес... Жәми жеңгеңнің арғы тегі туралы, төркіні туралы көп сұраушы ең... Әншейін әке-шешесіз жетім қыз екен, ғайыптан кезіктік деп алдаушы ем сені... Ол олай емес, перінің қызы... Мен дуамен ұстап қалған ем... Мен кеткеннен соң оған да қиын болары анық... Шамаңша күтерсің... сосын мені елден оңаша анау етектегі Баспақ төбенің басына апарып жерле... оның барлығын түсіндіріп жатқанға қазір шамам да келмес... маған жалғыз жату бұйырған... — деп сарнап жатып сылқ ете түскен... өлгеннің артынан өлмек жоқ демекші... жылай-жылай жүріп екі үйдің де ауыртпашылығын өзі көтерген... жанына балаған жарының мезгілсіз қазасы жеңгесін морт сындырған... бала-шағасының да ас-суанын әзірлеп бере алмай қалды... есі кетіп әйтеу меңірейіп отырады да қояды. Сәлімнің жылын беріп арада оншақты күн өткен соң бір күні таңғы шайда жеңгесі кәдімгідей есіне келіп, Кәрімді шақырып қасына отырғызып алып:
— Тентекқара, мен де сендерге көп салмақ салып жібердім-ау. Басымнан бір бәле қысып жібермей-ақ қойғаны... ана ағаңның ала аяқ атын әкеліп ерттеп берші... Құбақорым жаққа барып сергіп қайтайын. Осы кезде Мергенсайдағы жұртты бір көрсем деп ем... сосын Сәлімнің басына барып қайтсам деген ем... деп өтінді... Жеңгесінің есін жиғанына қатты қуанды... Десе де сол алааяқ атты мінем дегеніне іштей қосылмаса да ешнәрсе айтпады... Жыл бойы тұлдап отырған сол алааяқ атты жеңгесі жылына да сойдырмай көкайғырды сойдырған еді... міне, ағасы қайтқалы жеңгесі екінші рет есін жиды... әдетте тұз жеуге күнде келіп сүйкеніп тұратын алааяқ бүгін қашаған болып шыға келді... Түс ауғанша ақтер-көктер болып қанша қуғанымен ұстатпай-ақ қойғаны...
Үйге қарай қайтып келе жатқан оның алдынан енді жетілерге келіп қалған ағасының үлкен ұлы шықты... жүгіре, жүгіре әбден алқынып аузы құрғап қалыпты...
— Кіші аға... әйем жіберді... сені тез кел деп... апам жаяу кетем деп жатыр...
Ат үстіне баланы іліп алған ол үйге қарай тасырлатып шаба жөнелді... бала-шаға барлығы сыртта тұр екен...
— Жәнем бізге күш бермей кетіп қалды деп келіншегі жылап тұр... Жәми жеңгесін Және деп атайтын...
— Қап деген-ай... қалай кетті...
— Айыртөбе жаққа...
— Алдындағы баланы жерге түсіре сала енді сол Айыртөбеге қарай шаба жөнелді. Арлы-берлі бұра тартар жол жоқ... екі жағы қалың қарағайлы тік беткей жалғыз сай. Ол айқайлап шапқылып келеді...
— Және... жеңеше... Және... жеңеше... жеңеше...
Күн ұясына кіре бере былтыр ағасы жығылған қорымға жетті. Енді астындағы аты тік шапшып алдыға баспай қойды... Анадайдан жеңешесі көрініп қалғандай болды... Атты қаңтара салып жаяу бармақ болып оқталып еді, жеңешесінің қасында қараңдап тағы бірдеңелер жүрген сықылды көрініп, енді ары барғанға жалғыз өзінің жүрегі дауаламай, қасына біреулер ертіп алмақ болып, ауылға қарай қайта шапты... ауылға келіп жақын отырған үйлерден бес-алты жігітті ертіп алып, қайта Айыртөбеге жеткенде таң атуға азақ қалған еді... Қорымның тура ортасына үлкен қылып от жағып, соны айналып жүрген Жәмидің қасына ешкім бара алмады... Тек таң атып күн шыққанда лаулап жанған от сөнді де Жәми бүйірін шеңбектеп бір жағына қарай жантайып жата кетті. Жігіттер енді ешнәрсеге қарамастан бірден ұмтылысты... Қасына жетіп барғанда талықсып жатқан Жәмиді тек іш киіммен ғана тауып алды... түнімен лапылдаған оттан еш белгі жоқ, тек Жәмидің асты бопырлаған күл... тек анадайда ұшқаттың түбінде илектеніп Жәмидің сырт киімдері жатыр... асығыс сырт киімдерін кигізіп есі-түссіз жатқан әйелді төрт жігіт ауылға қарай әкетті де енді екеуі... қорымнан ары өтіп Тасбұлақта ауылдарда жүр деген бақсыны шақырып келмекке кетті.
Аузынан ақ көбігін бұрқыратып Ақпері, көкперісін шақырып азан-қазан қылып Жәми жатқан үйге кіріп кеткен бақсы сыртқа қайта атып шықты...
— Бұл адамның ақы иесі кім?!. Ақы иесі кім... — деп дауыстады...
— Менмін ата, жалғыз қайнысымын... — деп қасына келген оны оңаша ертіп барған бақсы:
— Менің қолымнан келер еш амал жоқ... жеңгең енді адамзат пен перілердің арасында болады... тағдырдың жазымышы... марқұм ағаңның тілегі екен... балалы болады... атын Бақбөр қой... енді бұл жерге сыймайсың... басқа жаққа ешкімге айтпай бір-ақ түнде көшіп кетіңдер... басыңа келген қауіп-қатердің барлығын Бақбөр біліп отырады... былай қарағанда ақыл-есі кеміс болады... екі жастан бастап байлап ұстайсың... мына ала жіппен байла... басқа ешнәрсе тоқтата алмайды... тек шешесі қайтқаннан соң ғана ес кіреді...
Былтырдан бері жесір отырған жеңгесін балалы болады дегенде есі ауып қалған ол бақсының одан ары не дегенін ұққан да жоқ...
Үш-төрт күннен соң әйелімен оңаша ақылдасты да қарсыласқанына қарамастан бір түнде ағасының үйімен өз үйін шағындап қана төрт атанға артты да, қалған жүкті жұртқа қалдырып тек аяқты малдарын ғана айдап көшіп кетті.
Содан бері осы жерде... Жаңа таныстар... жаңа көршілер... олармен де сіңісіп кеткен... құдандалы ілік жілік болып... ағасының балаларының барлығын аяқтандырды... өз балалары да ержетті... мұндағы жұрттың көбі Жәмидің бар-жоғын да біле бермейді... өзіне жеке шәкене ғана қос тіктіріп алған, оңаша жатады... ойға түскенде де там үйден тысқары кішкене құжырада Бақбөр екеуі қыстап шығады... қыстың қақаған аязында жатқан жерлеріне от жақтырмайды... сол екеуі үшін ешкінің басын көбейткен, екеуінің де ешкі сүтінен басқа қорегі жоқ. Анда-санда ғана өзін шақырып алып бірер қайырым тілге келеді... онда да — “Тентекқара, бұл жерге қонба... болмаса ертең жолға шықпа... үйіңе пәлен жерден біреу келе жатыр... жоғалған мал-сұлын пәлен деген адамнан сұра болмаса түген сайдың ішінде тұр” деп қана... Бұл да содан бері жеңгесінің айтқанын екі етіп көрмеді... байқұс өз әйелі де әлі Жәнем деп құрақ ұшып тұрады... неге екенін өздері де білмейді... Жәми абысынына бір жылымай қойды... бұрын сондай жақын адам ауырғаннан бері суып кеткен... маңайына жуытпайды... тағы бір ақылы жетпейтін дүние, Жәми көп тамақтанбайды, анда-санда ғана ешкінің сүтін ішеді... сол отыз жылдан бері пенде болып бір дәреттенгенін көрмепті... Бақбөрі өсе келе адуын күштің иесі болды... өзінен аз кем тайсағаны болмаса ауруы қатты ұстап кеткенде күш бермей кетеді... баяғы бақсы шалдың ала арқаны үзіле-үзіле бір тұтам ғана қалған... тек босап кеткенде маңайға біраз әлек салып барып шешесінің қасына келіп бүк түсіп жатып қалады... сол кезде байлап қалу керек, басқа кезде еш мүмкін емес... ол босап кеткеннен кейін күндік жердегі ауылдарға дейін шулап қалады... ала арқан көрсе жыны бар, кім болса да тартып алады... не шапқан атқа жеткізбейді... не қаптаған қалың адамға күш бермеді... содан болар, бұл ауылға алыстау болмаса ешкім жақын қоңсы отыруға дәттері жетпейді... ал, мына келіп түсіп жатқандар дәу де болса бұлардың сырын білмейтіндер.
***
Қалың ойдың шырмауымен көзі ілініп барады екен.
— Көке, мені шақырдың ба... — Сәлемнің үлкен ұлы келді.
— Иә, балам... анда бір ауыл келіп түсіп жатыр дейді... Соларға қарай барып қайт, біздің жайымыздан хабарсыз болса керек. Биыл құрғақшылық болып Көкөзектің малшылары осылай келіп жатыр деген, солар болса керек... Ауру адамымыз бар деп түсіндір, арандап қалмасын... жер жетеді ғой, алыстау отырсын... Бірде болмаса бірде Бақбөр босап кетсе қиын болар, соған жұмсайын дегем...
— Міне, көке қазір-ақ барып қайтам, — деп шыға жөнелген жігіт ет асымға жетпей қайтып келді...
— Ойбай, көке, сізге өтірік маған шын... сол ауылдың төбеттері маңына жуытпай қойды, тіпті аттың үстінен алып қоя жаздады... Өздері де бір зәнталақтар екен... ешкімі де сыртқа шығып итін қорымады... ақыры қаттым... сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы... — Әтейдің өтірік айтпайтынын жақсы біледі... бірақ, бұны кіргізбей аттың үстінен алып қоя жаздаған қандай ит деп ойлады... Әкесі сықылды зор денелі жүректі еді... он бес жасында қызыл қолмен қойға шапқан қасқырды ұрып алған Әтейді қорқытқан төбет жәй ит емес. Бір түрлі алаңдай бастады, соның арасынша үйге бала-шағасының барлығы жиналып қалды...
— Иә, көке, манада малды қайырып жүріп мен де көргем... ол ауылды... итін емес... малдары бір ыңғай түсті мал... ұсағы да, ірі қарасы да әппақ... шетінен аң болып кеткен тағы... жақындап барып көрейін деп қойына атпен жете алмай қойдым... — өзінің кіші ұлы малдары туралы айтып отыр...
— Бұл тегін емес... жарайды онда... иттері қабаған болса алыстап жүріңдер... болмаса, өзім барып қайтармын...
— Көке, Бақбөр бір босап кетсе өздері-ақ көшіп кетер... итті қойып, қасқырдың өзін тұмырлықтап ұстап алады... не тәйірі... — Сәлімнің екінші ұлы жынды бастау болып өскен... Осы төрт-бес жылдың алдында үйленген еді... Бұлда Сәлімнің балаларын бетке қақпай еркелетіп өсірді... Жанындай жақсы көретін құла жорғасы бар еді, соны қайынатасы қалың малға сұратқанда: — Құла жорға мен мініп жүргеніммен Бақбөр інімдікі... алам десеңіз берем ғой, құла жорғаны алғаныңыз Бақбөріні қосып алғаныңыз ғой дегенде... — шал шалқадан түсе жаздап... — ойбай, керегі жоқ — деп березек болған еді... Бұның еркіне салса Бақбөрді жібере салары сөзсіз... неге екенін кім білсін... басқа балаларындай емес бұл Бақбөрі інісіне жақын... тіпті қасына барып кейде жантайып жатып әңгімелесіп отыратыны бар... тамағын да сол береді... жуындырғанда да сол жуындырады... басқаларын ұрып-соғып жіберетін Бақбөр кейде осыған ептеп көнеді...
Не болса да, Жәми жеңгесінен бір ақыл сұрамақ болып үйден шықты... Бақбөрдің қасына келіп, жерден көтеріп қалың қарағай тақтайдан жасаған сәкінің шетіне отырды... Еменді сықырлатып, арқасын үйкеп отыр екен. Өзіне қарай шақырып алып, арқасын қасып берді... Бақбөр еркек атаулының барлығын, жас-кәрісіне қарамай ата дейтін де, әйел затының барлығын апа дейтін...
— Ата... жіп... жіп... байлап алам... келді... келді... — деп ананы бір, мынаны бір айтып ыржалақтады...
— Балам, байлауың мықты ма, шешіліп кетпей ме? — деп сұрады...
— Кетпеймін... кетпеймін... ата... ата... шешілмейді... — деп аяғынан кісендеп байғаған матауды неше шешіп, неше байлап жіберді... Бақбөр бір нәрсеге ашуланып, болмаса қатты ауырып барып, арқанды үзіп кеткенде болмаса байлауды өзі шешкенімен ешқайда кетпейтін еді... Таңнан қара кешке дейін сол матауды, неше шешіп, неше байлап, соны ермек ететін... кейде бір ши болып, шиеленісіп, шырмалып қалған арқандарды өздері шеше алмағанда, Бақбөрге алып келетін... Бақбөрдің қолына түскен арқан әп-сәтте шырмауынан арылып шыға келетін.
— Иә, балам, ешқайда кетпе... тыныш отыратын болсаң саған көп арқан әкеліп берем... — деді.
Бақбөр алақайлап айқайлап жатыр...
— Охо! Охо! Атам маған арқан әкеледі... арқан... көп арқан... бәріп байлап тастаймын..
— Тентекқара! Ау, Тентекқара!.. — Жәмидің даусы естілді.
— Жеңеше, бара жатырмын... ол Бақбөрдің маңдайынан искеді де, орнынан тұрып, жеңгесінің қосына келді.
Жеңгесі басын көтеріп, арқасын көрпеге сүйеп отыр екен. Жүзі жарқын.
— Тәуірсің бе, жеңеше...
— Тәуірмін, тәуірмін... сені келер деп күткем...
— Иә, мына басжаққа бір ауыл келіп түсіп жатыр дейді...
— Біліп жатырмын, біліп жатырмын... перінің көші... балаларды жіберме...
— Ол не пәле тағы?..
— Сендерге еш зәбірі жоқ...
— Алысырақ барып қоныңдар деп айтайын деп ем...
— Ойбой, Тентекқара-ай... Ол жерге Бақбөр екеуімізден басқаларың бара алмайсыңдар ғой...
— Қойсаңшы... Бақбөр барғанымен сен қалай барасың...
— ...
— Қанша отырады олар?..
— Мені ертіп кете алған күні көшеді...
— Қой ары, саған не жоқ... бізді қайда тастайсың...
— Жетті енді, осы масыл болғаным да аз емес... Сәлімімді сағындым... ол да мені сағынды... келіп ертіп кетеді... балаларға өзің ие бол... Алыстап жүрсін... салқыны тиіп жүрер... малыңды шығынсынбасаң саған бір өтініш айтайын деп ем...
— Айта бер, жеңеше, осы малдың жартысы сенікі ғой...
— Е... маған малдың не керегі бар дейсің... перінің ауылы тегін қонбайды... мені алып кетуге келген ғой бұлар... тек Бақбөрден сескеніп әкете алмай отыр... олардың малына қызықпасын балалар... қызыққанымен де оларға ұстатпайды ғой... сен өз малыңның ішінен абайлап, байқап отырсаң нысаналы малдарды көресің енді... көбінде бір жеріне қызыл шүпірек байланып қалады... сол малды әр сейсенбі түн ауа қасыңа Бақбөрді ертіп алып, мына бас жақтағы үңгірдің аузына апарып бауыздап, алдында жатқан қу томардың үстіне қойып кетіп отыр...
— Ойбай, жеңеше-ау... Бақбөр маған күш бермей кетсе қайтем?
— Менің мына жаулығымды беліңе байлап алсаң тіліңді бұрмайтын болады.
— Тағы не айтасың...
— Ерте ме, кеш пе... Бақбөр бір қалғып кеткенде олар мені әкетеді...
— Не сонда, Бақбөр ешуақытта ұйықтамайды ма?
— Оның көзі жұмылып ұйықтаған сықылды болып жатқанымен көкірегі ояу, бәрін біліп жатады... Енді амалын тауып Бақбөрді ұйықтату керек...
— Қалай...
— Ана жүктің астындағы кебежені аш.
Ол жүкті құлатып кебежені ашты... Ішінде кісінің құшағы әзер жететін доп-домалақ болып домаланып киіз болып қалған жүн жатыр екен.
— Ал, бұны қайтем...
— Бақбөрге апарып бер... осы арқанды тарқат де... осыны тарқатып болғанда талықсып ұйықтайды...
— Не, мына бітеу киіз арқан ба?
— Бұл адамның емес, жынның түйіншектеген арқаны...
Жеңгесінің басқа айтқандарына еш күмәнсіз сенгенімен мына бітеу киіз арқан дегенге онша сенбеді. Сенбесе де, айтқанын орындап Бақбөрге апарып берді.
— Ата! Ата! Арқанның ұшын таппай жатырмын... — деген Бақбөрге ол:
— Балам, асықпай іздесең табасың... — деді де, өрістен қайтқан малға қарай кетті.
Өзінің сүт кенжесінің еншісіндегі құла дөнен артқы аяғын сылтып қалған екен, тасқа қысып алды ма, болмаса қорыққа тығып алды ма деп айналып арт жағына өте бере, жалының арасында байланған қызыл шашақты көрді де, қайта үйге қарай келді. Кенжесін шақырып алып:
— Кенжеқұл екеуміз айырбас жасасақ... — деді.
— Неге, көке?
— Құла дөненді маған бер... Ал, менен қалаған бір атыңды ал.
— Көкасауды бер...
Көкасау алты жасар ат... Неге екенін қайдам, соның мойнына құрық салмаған еді... тек бестісінде ұстап піштіргенде үстіне бір ретте тоқым жаппай жіберген. Шу асаудың өзі...
— Оны міне алмайсың...
— Онда ауыспаймын...
— Басқа қалаған жылқыңды берем...
— Көке, көкасаудан басқаға ауыспаймын...
Ерке өскен ұлымен түннің бір уағына дейін саудаласты... ол да көкасаудан басқаны қаламады... Ақыры айырбас жасалды... Келісті...
Ол сыртқа шығуға қамданып жатқанда ұлы:
— Көке, осы саған жаман құла неге керек болды... соны түсінбедім... — деп сұрап еді.
— Оны сұрама... сауда сақал сипағанша, келістік, қол алыстық... көкасау сенікі... құла дөнен менікі... ешкім ешқашан бұл әңгімені қайталамау керек!
— Мен ұтылғам жоқ... жаман құланы атақты көкасауға айырбастадым...
Ол ешкімге үндемей сыртқа шықты да анадайда үйездеп тұрған құлаға шалма лақтырды.
Сосын жеңгесінің берген жаулығын беліне орап алып... Бақбөрдің қасына келді.
— Ата, ата, арқанның ұшын қайда тықтың, таба алмай жатырмын... — деген Бақбөрге: — балам, оны асықпай табасың, жүр, екеуіміз бір жаққа барып келейік, — деп аяғындағы матауын босатпақ болып еді, Бақбөр өзінен бұрын қимылдап лезімде босанды да:
— Ата, ата, қайда барамын... мен арқан шешем...тез... тез... деп алақтап арлы-берлі жүгіре бастады.
— Менімен еріп отыр...
Ол құла дөненді жетелеп үңгірге жеткенше Бақбөр қараңғылық тұмшалаған сайдың ішін бас аяғына неше мәрте шыр айналып шарлап шықты...
Үңгірге таяй бере қасына жетіп келген Бақбөр:
— Ата, ата, көш келіпті... жеті үй... екі апа... жеті ит... екі ешкі...
— Жарайды, қой енді балам, қасымда жүр... — деп жеңінен тартты... Бақбөрдің айтқан сандарына мән бермеді... ол осы жеті мен екіні көп айтатын...
Үңгірдің аузына жете құла дөненді төрт аяғынан тұсап жықты да қынынан қылпылдап өтіп тұрған пышағын Бақбөрге ұстатып:
— Бауызда енді, — деді.
Бақбөр қолына пышақ тие көз ілеспес жылдамдықпен құла құнанды тамақтан орып жіберіп шапшыған қаны тиылмастан жұлындап, басын бөлек алды да қарсыдағы қарағайдың ішіне тесіле қарап аз-кем тұрды да, қолындағы басты пышықпен қоса жерге тастай салып:
— Ата, ата, — деп жүгіре жөнелді.
Ол әупірімдеп жүріп құнанның денесін томардың үстіне әзер шығарды да:
— Бақбөр, балам, — деп дауыстап еді, Бақбөр лып етіп жетіп келді. Екеуі ақырын аяңдап үйге қайтты. Келе сала домаланған киізбен қайта арпалысып кеткен Бақбөрге сәл айналсоқтап қарайлап тұрды да үйіне кіріп кетті. Барлығы жатып қалған екен. Қараңғыда жайлап басып орнына барып жатып қалды.
***
Әкесінің саудасынан әлденеге сезіктенген кенже ұлы қанаттас отырған ағамның үйіне барып жата салам деп шешесіне айтты да әкесінің артынан шығып іздерін аңдыған. Қалың қарағайлы бетпен жанасалап бірге жүріп отырған еді. Үңгірге жеткенше Бақбөр бұған неше рет келіп кеткен. Әкесінің құла құнанды неге сойғанын түсіне алмады. Олар қайтқан соң арттарынан енді қайта берем дегенде сайдан сыңғырлаған әйел даусын естіп кідіріп қалды... тумысынан жүректі, қорқу, сескену дегенді білмейтін ол тосын шыққан дыбыстан еш қорыққан да жоқ... ақырын таяп келіп аңдыды... үндері сондай жағымды... әуезді, бірақ еш сөзі ұғылмайды... екі қыз екен. Манағы әкесі мен Бақбөр әкеліп сойған құла құнанды екеуі әп сәтте жәукемдеп қолдарына ұстаған кішкене ғана дорбаларына сыйғызып алып кері қайтты... манадан алыста отырып жүздерін көре алмаған еді... енді, міне, тура қасынан өтті... бірі-бірінен өткен жүздерінен әппақ сәуле шашқан ай дидарлы арулар екен. Денесін бойлап бір ыстық ағын тулай жөнелді.... маңайында аңдып тұрған біреу барын сезді ме, екі қыз жіті басып ғайып болып кетті. Ол таң ата ағасының үйіне келіп жатты.
Арада апта өтпей әкесі үлкен келінімен саудаласты... төркінінен келген ала сиырды өзінің көшкенде жүк артып жүрген атанға бергісіз көкінгеніне айырбастап алды... басқалары онша сәп салмағанымен кенже ұлы бұл жолы қатты қуанды... анау күннен бері сол қыздарды тағы бір көрсем деген құштарлығы күндіз күлкіден түнде, ұйқыдан айырған еді. Кеш болмай сайдың аяқ жағындағы көрші ауылға барып қайтам деп шықты да қабырғалап барып тура үңгірдің желкесіне атын қаңтарды да бекініп жатты. Түн ортасы ауа алдымен алып ұшып Бақбөр жетті.
— Ата, ата... арқан бер — деп қоярда қоймай атының шылбырын алып кетті.
Шылбырды алып бара жатып жерден жылқының қу тезегін алып беріп мынаны ұстап алсаң сені көрмейді деді де кейін қарай жүгіре жөнелді. Біраз уақыттан соң әкесі ала сиырды жетелеп келді де жығып Бақбөрге бауыздатып, томардың үстіне шығарып қойды да кері кетті. Олар кете бере қай күнгі қыздар жетті. Тіпті жап-жақын жерден көріп жатыр... олардың етті қалай жәукемдеп алып кеткенін ұқпай қалды... арттарынан еріп отырды... Тура торлы сайға тартты. Анау күнгі жаңа көшіп келген ауылға... содан бері әкелерінің қатаң ескертуімен бұл жаққа балаларының ешқайсысы аяқ баспаған еді. Үйге дейін баруға әкесінің ескертуінен емес, Әтей ағасының өзі бара алмай қойған қабаған иттерден қорқып артқа қайтты.
Арада екі-үш күннен кейін Жәми апасы шақырып алып ләм-мим деместен бетіне біраз қарап отырды да кет деп ымдап шығарып жіберіп әкесін шақыртты.
Жеңгесінің алдымен ұлын, соңынан өзін шақырғанынан тіксінген Кәрім қашанғы қосқа кіргенше жүрегі лобып әзер жетті.
— Тентекқара, осы сендерге еш залалымыз тимесе екен деп ойлаушы ем... ол болмаған екен... ана кенжең сендерді аңдып жүр... пері ауылына дейін барып қайтты... енді көзіңнен таса қылмай ұстамасаң айырыласың... Бақбөрмен бірге матасаң да өзің ие бол... менен қайран жоқ... деп шығарып салды. Басқа тірліктің барлығын қайырып тастап соны аңдумен қалды... ешқайда қия бастырмай қойды... еркелетіп өсірген кенжесінің тектеуге түскеніне отыз қанша жылдан бері екі үйдің бірдей барлық ауыртпашылығына қыңқ етпеген шешесі шарт айырылды...
Өмірі алдынан кесіп өтпей, Және деп зыр жүгіріп құрмет етіп жүрген жеңгесінің қосына жаулығын қолына алып кіріп кетіп орнынан тұра алмай домаланып жатқан бейбақпен жұлысып шықты... күйеуінің де миын ашытып құлақ етін жеді... ашуға мініп, қамшымен қанша рет домбытып алғанымен қайтар емес...
Оған бығатын кенже ұлы жоқ... қарқ-қарқ күліп Бақбөрдің қасына барып жатты да алды...
— Екі жақтап жүріп арқанның ұшын таптық, — деді бір күні... ойбай ортасына жеттік деп келді... бір күні... арада біраз мал үңгірге жеткізілді... кезек соңыра құла құнанға ауыстырып алған асау көкке де жетті. Оған да бықпады. Тек сол түні таң атқанша Бақбөрдің қасынан шықпай түнеп қалды. Бір күннен соң жеңгесі шақырып алып барлығымен бақұлдасты. Тек абысынын үйге кіргізбеді. Оның да келе қойғысы келмесе керек. Тек көз қылып жылаған сымақ болды. Асау көктен кейін көк інгенге кезек келді. Бұл жолы кенже ұлы әкесіне алаңдама, аңдымаймын енді деп уәде беріп, шешесінің қасында тыныш жатып қалды... ертесі таң атар-атпастан Бақбөрдің қалыптан тыс шарқылдап күлген даусы таудың ішін күңіренте жаңғыртты.
— Тарқаттым мен... тарқаттым. Үйдің желке жағындағы шоқыдан қалың тұман сайға қарай жылысып келеді екен. Тұманнан адасып қалмасын деп малға кеткен үлкен ұлының артынан тағы бір баласын жіберген ол енді Жәми жеңгесіне келген, есікті ашып ішке кіре шорт тоқтады. Өз көзіне өзі сенбей қалды. Отыз жыл бойы орнынан тұра алмай топ болып домаланып қалған Жәми жеңгесін әуелі танымай қалды. Әппақ көйлекті төгілтіп киініп қостың қақ төрінде тікесінен тік тұр...
— Тентекқара, қорықпа... Таң қалып тұрған шығарсың мына кемпір қалай орнынан тұрып кеткен деп... Біз адамдармен қатар өмір сұру үшін сырттан қуат алатын едік... Сәлімім барда барлық күш-қуатты сол беретін... одан ғайыптан балалы болдым... менің қуатым Бақбөріме кетті... енді... менің төркінім жоқтап келіп жатыр... солар маған қуат берді... мен кетемін... енді тек сенен басқа ешкіммен қоштаса алмаспын... қош сау бол, Тентекқара... деп қостың етегін түре аспанға қалықтап көтеріле бастады... өңім ба, түсім ба деп арса-арсасы шыққан быртық саусақтарымен көзін қайта-қайта уқалады...
Әп-сәтте айналаны қалың тұман басып қалды... ит үріп, қой маңырап, сиыр мөңіреп, жылқы шұрқырап кең алқапты сай іші азан-қазан болды да кетті... енді сіркіреп жауын жауа бастады...
Кенет шарт етіп жер-әлемді зілзала қылып найзағай түсіп, күн күркіреді... жайдың оты жарқ ете қалысымен аспанда ұзаққа шұбатылған күннің күркірі аяқталмай-ақ манағы қалың тұман лезімде ашылып, сіберлеп құйып тұрған жаңбыр пышақ кескендей тоқтады...
Қостан сыртқа атып шыққан ол аспанға қарады... көтеріліп кеткен жеңгесі көзден ғайып болған екен... қосқа қайта кірді... өмірінде тұңғыш рет денесі дір етіп қорықты... неге екенін, өзі де түсіне алмастан қалш-қалш етіп дірдектеп бара жатты... өз үйіне келді... бір жерің ауыра ма, суық өткізіп алмадың ба деген әйеліне ләм-мим деместен ошақтағы лаулаған отқа алақанын тосып біраз отырды да, сыртқа қайта шығып Бақбөрдің қасына келді... астындағы биік сәкіні солқылдатып қорылдап ұйықтап жатыр... ірге жағында өзінің кенже ұлы жатыр... әлде бір шашақты бір нәрсені қолына жұмарлай қысып ол да қатты ұйқыға кеткен.
Үйге қайта келіп, үйдегілеріне Жәми туралы айтпақ болып оқталды да тоқтап қалды...
Бүгін таңғы шайда-ақ әйелімен Жәми жеңешесі туралы сөзге келіп қалғанды...
Сөзді әуелі әйелі бастады.
— Шақыр ана ұлыңды... құтырғанмен бірге құтырайын деп жүр ме... Сайтанның сапалағының маңына жуыма десем болмай қасына барып жатып алды... Менің де өмір бойы бір қарығым ашылмаған бейбақпын... екі жындыны отыз жыл бағып ем... енді біреу тағы қосылайын деп жатыр... долданған қатынмен тәжікелесіп марқадам таппасын білген ол бетін ірге жаққа беріп, басын қалың түйе жүн күпісімен тұмшалап жатып қалды... көзі ілініп кеткен екен:
— Және апам жоқ!.. — деп айқайлап кірген өзінің үлкен ұлының даусынан оянып кетті. Бірақ басын көтермей, орнынан қозғалмастан жата берді.
— Не дейді құдай... ол өлігін сүйретіп қайда кетеді дейсің, төсектің астына құлап қалған жоқ па? Анық көрдің бе?
— Жоқ, апа, қостың бар жерін қарадым... жоқ...
— Сұмдық!
— Әкемді оятайын ба?
— Оят, не болса да, осы қақпас бір пәлені біледі...
— Әке! Әке! Ұлы өзін келіп жұлқылаған соң марғау орнынан тұрды... ұлы манадан бері өзі тыңдап жатқан сөздерді қайталады.
— Даурықпаңдар!
— Шын айтам, әке.
— Білемін! Және апаларың жоқ енді, кетіп қалған...
— Ойбай, не, кетіп қалғаны несі... домаланған топ кемпір қалай кетіп қалады... Сайтан ба ол!
— Доғар енді албаты сөйлемей!
— Құдайым-ау, ел жұртқа не бетімізді айтамыз енді... кемпірді жеп қойдыңдар ма демей ме?
— Көшеміз!
— Қайда?
— Бізді танымайтын жерге.
— Жетер енді, елден, жұрттан айырылып отыз жыл сенің артыңнан жүргенім... енді сенімен бірге сандалар шамам жоқ... ежелгі қонысқа кетем... төркінімнің қасына!
— Жолың болсын... енді сенімен шәркелесетін менде де шама қалмады...
— Қал өзің ана сайтаннан туаған жындыңмен бірге...
Қолына іліне кеткен көксауыр кебісті жіберіп қалды. Қатын баж етіп шалқасынан түсті. Құлап қалған шешесін орнынан тұрғызып жатқан ұлы: — ұялмайсыңдар мА, қойсаңдаршы... кемпір мен шал болғанда... әкесіне ызбарлана қарады... айрандай ұйыған үй тас бұзылды... үлкен ұлы мен келінін ертіп қатыны кері көшетін болды. Ал қалғандары осында қалатын болып шешті...
Күн, түн демей үш сөтке ұйықтаған Бақбөрмен кенже ұлы Кенжеқұл орындарынан тұрғанда жүк екіге бөлініп түйелерге артылып жатыр екен... неше күннен бері аласапыран айқай-шудан кенже ұлын жоқтамай қалған кемпір енді кенже ұлына кеп жармасты...
— Кет менімен... мына сайтан жайлағандардан аулақ кет... менімен бірге жүресің...
Болған істің барлығы Кенжеқұлды еш таңғалдырмады... тіпті басы қасында жүрген адам сықылды...
— Апа, қойшы, қайда барасың... мен осында қалам... Бақбөрдің қасында болам...
— Ойбай құдай... көрдің ба сап-сау адамды жынды қылды бұлар... құдай...қ ұдай... деп шашын жұлған кемпірді келіні ары жетелеп кетті. Бұлардың шуылын:
— Апа! Апа! Деп айқайлаған Бақбөрдің даусы басып кетті. Қолына қай күннен бергі өзі тарқатқан ұзын арқанды шумақтап сүйретіп Жәмидің қосына кіріп кетті.
— Ата! Ата, апам қайда? — деп Кәрімнің етегіне келіп жармасты... аяғын құшып зар жылады...
— Апатайым-ай, апатайым... бір көре алмай қалдым ба апатайым деп еңіреп жатыр.
Кәрімнің есіне баяғыдағы көкбақсының айтқаны түсті. Құдайға шүкір, бұл есін жиған екен-ау деп ойлады.
Баяғыдан бері қалай байқамағанына таң қалды... Бақбөр тура Сәлім ағасын сойып қаптап қойғандай екен. Дене бітісі де... сөз әуені де.
Бұлқан-талқан болып атқа қонғалы жатқан әйеліне келіп, жеңінен тартып Бақбөр жақты ымдады.
Буырқана долданып жүрген ашулы қатын күйеуіне осқырына бір қарады да Бақбөрге сәл көз тоқтатып:
— Ағыкем!.. құдайым-ау, тура ағыкем ғой... деп жыламсырап Кәрімге қарай қисая берген. Бетіне су бүркіп жүріп есін әзер жиғызып алды... Жүк шешілді... Түйелер жіберілді... Жығылған үйлер қайта тігілді...
Жанұшыра аласұрып жүрген Бақбөрді Кенжеқұл тоқтатты.
— Бақбөр аға, сабыр... сабыр... кішкене тыныстап есімізге келіп алалық...
— Кенжеқұл, мен саған Торлысайдағы қыздардың ауылынан ешнәрсе алып берген жоқ па ем?
— Бір мамық қауырсын әкеліп бергенсің...
— Кәне?
— Не істейміз енді...
— Кеттік.
— Қайда.
— Қыздардың ауылына.
Манағы көшке таярланған аттардан кермедегі тұрған екеуіне Бақбөр мен Кенжеқұл мінді де Торлысайға қарай құйғыта жөнелді... ешкім де олардың артынан тоқтатып қалуға әрекеттенген жоқ... өз тірліктеріне кіріскен.
Бақбөр мен Кенжеқұл Торлысайға жеткенде Торлысайдағы ауыл енді көшкелі қамданып жатыр еді. Атпен тасырлатып жетіп келгенде әуелі оларды қабаған төбеттер қарсы алды. Кенжеқұл жүрексініп тізгінін тарта беріп еді, Бақбөрі оған — қорықпа, бұл жай елестер ғана, төбеттердің көзіне қарамай менімен еріп жүре бер, — деп бұйырды. Ат үстіндегі кісіге шапқан иттерге тоқтамай ауылға енді жығылып артылып жатқан үйлердің қасына келген. Ақтылы көп үйде тек екі қыз ғана бар екен. Тура анау уақыттан бергі Кенжеқұлдың көріп жүрген аймаңдайлары.
— Армысыздар, мырзалар.
— Армыз... амансыңдар ма, сұлулар.
Бақбөр мен Кенжеқұл аттарынан түсті.
— Біз көшуге қамданып жатыр ек... әуелі қыздың үлкені сөз алды.
— Көш байсалды болсын...
— Рахмет...
— Онда сіздерге сусын берелік, содан біз көше берсек... қыздың кішісі екі шара толы қымызды әкеліп жігіттерге ұсынды.
Жанында тұрған Кенжеқұлға Бақбөр сыбырлап... — қымызды ішпе! Қолыңа ала сала анау тұрған ақбас атанның басына шашып жібер... сонда бұлар көше алмайды... —деді.
Кенжеқұл қолына шараны ала сала ақбас атанның басына шашып кеп жібергені сол еді... ақбас атан қол-аяғы матаулы адамға айналып кетті.
Шыр-пыр болып жүгірген қыздар енді:
— Кешіре гөр бізді... қалағаның болса айт... айт деп Бақбөрге қолқа салды. — Апамды қайтарып беріңдер... басқа еш нәрсенің керегі жоқ...
Бақбөрмен қыздар көп тәжікелесті... ақыры үй қайта тігілді...
Қыздардың сөзіне қарағанда апасы айшылық жолдағы төркініне, перілер аулына кетіп қалған екен... Өздері жиеніміз бір іздеп келер, көріп қалалық деп аялдапты... әйтпегенде бұларға үлгіртпей кетіп қалар еді... Екеуін ақ отаудың төріне жайғастырып қыздар аста-төк қонағасы берді... әредік бір сыртқа шыққанда Бақбөр Кенжеқұлға қыздар бізді күттік деп жалған айтады... анау күні мен саған ана кіші қыздың қанатын әкеліп берген ем... соны алып кетуге күткен... онсыз болар еш қайда бара алмайды... соған ие бол, ұлтарағыңның астына салып ал... одан басқа жердің барлығынан тауып алады... қазір кіргеннен соң екеуімізді екі үйге әкетеді... сенен сұрайды... бермеймін де... тек сандығының түбіндегі сақинаңа ауысамын деп айт... ол сақинасын береді... сақинаны алған соң мен мамық қанатты жоғалтып алдым, таба алмай қойдым деп сылтауратып отырып алсаң кіші пері қызы сендік болады... ал енді кеттік, — деп үйге кірді...
Айтқандай, екі қыз екеуін екі отауға бөліп алып кетті. Енді бұларға қалың адам кейіпті перілер құрақ ұшып қызмет ете бастады. Таудай ет, көлдей қымыз... мың бұралған бишілер... тамылжыта ән салған әншілер... жігіттер сауық сайранмен жатып, бір аптадан аса уақытты өткеріп жіберді... Ақыры бір күні ақ шымылдықтың ішінде кіші пері Кенжеқұлдан мамық қауырсынды сұрады.
Кенжеқұл Бақбөрдің үйреткенін істеді...
Арада тағы бір апта өтті. Сақинаны да алып алған Кенжеқұл енді шаттыққа мастанып жата берді. Кенжеқұл осында келгеннен бері күміс көмей әнші болып кеткен... бұрын мал соңында жүріп анда-санда барылдап ауыл әуендерін айтқаны болмаса көп әндерді де біле бермейтін... өзі де ғажаптанады... білетін әндері сұмдық көп екен... барлығын тамылжытып тұрып айтады... өз даусына өзі мастанып кейде таңнан таңға ән салып шығатын болған... Ал, Бақбөр апасының қайтып келуін күтіп жатты.
Екі қыз кері қайтудың амалын ойласты.
— Сіңілім, сен әлі ала алмадың ба?
— Барлық жерді ақтардым... тек табаның астынан басқа...
— Ммм, онда ол ұлтарағының астына тығып алған болды... оны адамдар білмес еді... Бақбөр үйреткен болу керек. Ол пері затынан. Оның амалын табу керек. Сен онда оны алып көлге апар... суға түсір... шешіндірмей киімімен түсір... су болған киімін кептірмек болып жайғанда қолға түсіресің...
— Мақұл, әпке... сосын бұлар осында қалады ма әлде...
— Не, сен қыз ана жігітті ұнатып қалдың ба....
— ...
— Адамзатпен некелесіп өмір сүруге болар... десе де бір қателік өмір бойғы азаппен өтетіні бар... үлкен әпкем сықылды...
— Сіз де жиен жігітті ұнатып қалған жоқсыз ба?
— Иә... несін жасырайын... ол Кенжеқұлдан бөлек... Перілердің арасында ғұмыр кеше алады... Бірақ, ол қайтуды қаламайды... адамзатқа ғашық болып қалған...
— Қойыңызшы, ол есі ауысып байлауда жатты ғой... қалай ғашық болады...
— Сіңілім... жынданып аласұрып жатқан оның тәні ғана... жаны осы жер бетінде жүргендердің барлығынан ақылды болған... адамға тән пері жанына ие бола алмай аласұрады...
— Кенжеқұлды бірге ала кетсек ше...
— Олай ете алмаймыз... адамдардың арасында перілерге орын болғанымен, перілердің арасында адамдарға орын жоқ...
— Неге...
— Адамдарде тек бір ғана сезім бар... ол табыну, құлшылық ету...
— Қалай... мен Кенжеқұлдың жанарынан маған деген соншама зор құштарлықты көремін...
— Сіңілім... Жаратушы ең әуелі адамзатты жаратқанда... осы жерге арнап емес... тек өзіне құлшылық ету үшін ғана жаратқан...
— Қалайша?
— Жаратушы алғашқы Адамды тек өзіне құлшылық ету үшін, ал Хауа Ананы Адам атаға тек серік қылу үшін жаратқан... олар әлемнің ең жоғарғы бағында жүргенде сол жаратушыға деген құлшылық ету, табынудан өзге сезім болмаған. Оларда ер, әйелдік махаббат деген де болмаған... неке де болмаған... тек сайтаннның азғыруымен нәпсінің жемісін жеп қойып барып жерге түскеннен кейін... соның өзінде де қаншама уақыттан соң бір бірінен қашып құтыла алмаған соң бір біріне жақындасқан... сосын жер бетіне тән барлық нәпсінің дүниесін бізден үйренген... олардың сезімдері тек осы дүниеде ғана... ал, о дүниеге кеткенде оларда... басқаша ешқандай сезім болмайды... әуелгі жаратылысына қайтады... тек құлшылықпен ғана қалады... махаббат, қуану, мұңаю, сүю, сүйдіру сезімдерін біз үйреткенбіз... алғаш қаза болған адамзатты жерлеуді де бізден үйренген... ең алғашқы адамның некесін біз қиғанбыз... біз оларға от сыйлағанбыз... біз оларды көк мұздан алып шыққанбыз... Біз олардың ешқашанда ойлары жетпейтін ғаламаттарды жасап бергенбіз... жер бетінде ең әлсіз тірлік иелері осылар... бұлар алғаш өмірге келгенннен бастап бір бірімен ғана селбесіп өмір сүреді... ешқайсысыда жеке-жеке күн көре алмайды... бұл дүниеде олар бізден кем... тек олар о дүниеге кетіп әуелгі жаратылысына қайтқанда ғана бізден жоғары тұрады... ол кезде біз оларға қажетсізбіз... сол үшін де... адамдармен қатар өмір сүру қиын...
— Онда үлкен әпкем қалайша...
— Біздің жездеміз Сәлім асқан оқымысты болған адам... ол жаратылыстың барлық тілін білетін еді... бұларды құдіреттендіріп ұстайтын тек тілдері ғана... тілімен әлемді басқара алады... бірде жерді шарлап жүрген әпкемді көріп ұнатып қалыпты да сиқырлы дуасын оқып, өзіне алып қалған екен... өзі қайтқаннан кейін отыз жылдан соң барып әпкемізді кері қайтаруға әзер шамамыз жетті...
— Неге одан ерте алып кетпедік... болмаса өзі неге қайтпады...
— Адамның аузынан шыққан сөзі ешқашан да жоғалмайды... әлемді шарлап жүреді... сен ана құлағыңдағы сырғаны шығарып көрші...
Кіші пері сол құлағының сырғасын шешіп ала бере шыңғырып барып талып қалды... әпкесі бетіне су бүркіп есін жидырды...
— Сұмдық бір шырқыраған дауыстар... құлағымды тұндырып есімнен адастырып жіберді...
— Иә... осы дауыс бізді адамдармен бірге жасатпайды...
— Сырғаны шешпей жүруге болмай ма?
— Сырғаны шешпесең адамнан ұрпақ көре алмайсың... адамдар үшін махаббаттан да биік нәрсе — ұрпақ қалдыру...
— Онда әпкеміз ше...
— Жездеміз дуамен басқа сырға таққан болар... бірақ ол да мезеттік қана, біраз уақыттан соң күшін жояды... жездеміздің дуасы отыз жылда қайтты...
— Кенжеқұл ондай дуаны білмей ме, әпке, сұрасам қайтеді...
— Жоқ, ол білмейді... тек Бақбөр біледі...
— Онда сіз сұрап алып бересіз бе...
— Ол менімен бірге перілер мекеніне кетуге көнсе алып бере аламын...
— Сонда да өтініш жасап көрсеңші...
— Не, сенің осында қалғың келіп отыр ма?
— Кенжеқұлды алып кете алмасақ қаламын...
— Онда сен ең әуелі Кенжеқұлдан мамық қауырсынды алып бер...
Ертесі Кенжеқұлдар көл бойына кетті. Үсті-басы малмандай су болған Кенжеқұл киімін шешіп, үйдің бас жағындағы кермеге жайып тастап, су болған көн етігін бір қарағайдың қуысына ұлтарағын бөлек алып тыға салды да судан қалшылдап киіз үйге қарай жүгірді...
Жер-әлемді шарқ ұрып, анасының келер жолын тосып сандалып жүрген Бақбөр бұдан хабарсыз еді...
Ортадағы ашық ошақтан лаулаған от бойын тез жылытты... кіші перінің ыстық құшағына малынып аз кем шүйіркелесіп жатып ұйықтап кетті.
Түс көріп жатыр екен дейді. Түсінде кіші пері бұлтқа мініп алып “Кенжеқұл кел, тез кел” деп қол бұлғайды, ал бұл жерде арлы-берлі сандалып, өзің бері түсші... мені қалдыра көрмеші деп зар жылап шыр айналып жүгіріп жүр екен.. Түстің соңы ұзарып талықсып кеткенде біреудің бүйірінен түрткенінен оянып кетті. Өзі айдалада төбе болып жиналып қалған жылқының қу құмалағының үстінде жатыр екен... таң атып кетіпті... оятқан Бақбөр болып шықты.
— Қайдамыз біз?
— Сендегі мамық қауырсын қайда...
— Ана қарағайдың қуысында болатын...
— Албасты басты...
— Қыздар тауып алған да көшіп кеткен онда...
— Сен қайда болдың...
— Апаң Айыртөбе деген жерге келеді деген соң сонда барғам...
— Келді ме?
— Жоқ... бірақ сәлемін естідім...
— Кімнен...
— Арнайы елшіден... хабар жіберіпті...
— Келмей ме?
— Иә... дұрысы келе алмайды екен...
— Біз қайтеміз...
— Амалын табармыз, айтпақшы сақинаң бар мА?
— Иә, бар...
— Онда қорықпа, ол сені іздеп келеді..
— Енді не істейміз...
— Үйге қайталық...
— Келмей қоймай ма?
— Перілер серттен таймайды...
— Айдан аса уақыт қайда кеттіңдер десе көкеме не дейміз...
— Сұрамайды...
— Неге?
— Біз кеше ғана кеткенбіз...
— Жоқ, біз тура бір айдың алдында келгенбіз...
— Уақыт алмасып кеткен... перілердің әлемінде уақыт басқаша...
— Түсінбедім...
— Жүр қайталық... аттарымыз кешеден бері аш қаңтарылып тұр...
Екеуі жаяулап етекке қарай түсті... аттары баяғыда өздері келгенде кермеге қаңтарып байлаған қалпы тықыршып тұр екен. Кенжеқұл түкке де түсіне алмады. Аттарына мініп ауылға қарай аяңдады. Ауылдарына келгенде Кенжеқұл тіпті өз көзіне өзі сенбей қалды... Бұларды ешкім де сағынып жоқтамаған іспетті... алдынан шешесі шығып:
— Құдай-ау, қарғам, шешеңнің жанын шығардың ғой, кешеден бері қайда болдыңдар, — деп сұрады...
— Апа, — деп бірдеме айта бергенде, Бақбөр оны бүйірінен түртіп, — ол туралы ешкімге тіс жарушы болма... ешнәрсе сездірме... оны қайта көргің келсе,— деп сыбырлады...
Соның арасынша жалдан төмен қарай құйғытып келген Әтей ағалары:
— Көке, жаңа көрдім, ана ауыл көшіп кетіпті, — деп Кәрімнің қасына келді... не де болса олар туралы бір сырды осылар білер дегендей Кәрім Бақбөр мен Кенжеқұлға тесіле ұзақ қарап отырып қалды.
Періден қалған сақинаны ерніне тигізіп емірене сүйген Кенжеқұлдың құлағына сақинаның ішінен:
— Мырзам, күт мені, күт! Мен қайта ораламын, — деген қыздың даусы естілді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі