Бәкен қариямен ана бір жылдарда танысқан едім. Ентіге басып, купеге енген қарттың кеудесіндегі орден, медальдары сыңғыр-сыңғыр етіп, өзіне назар аудартты.
— Балалардың көліктері босамай, әйтеуір үлгердім-ау, тәуба,-деді қарт ентігін басып отырғаннан кейін. — Таңның атысы, күннің батысы тірліктері бір бітпейді.
Әңгімесінен, жүріс-тұрысынан қазақы қалып аңғарылады, ешкімді жатсынбай «балам, қалқам, шырағым» деп отырған қария ширақ қимылмен сөмкесін ашып, үстелге дәм қоя бастады. «Келіңдер, шәй-пәй ішіп алайық» деп, шайға шақырды.
Поезд әйнегінен сыртқа көз тастап қойып, әңгімелесіп отырмыз. Қария Ақтөбе жақтан, Шалқар станциясынан екен. Павлодарда тұрмыс құрған қызының үйіне барып, он шақты күн жатыпты. «Соғыс... соғысқа қатысқан екенсіз. Жол қысқарсын, есіңізде қалған қызықты оқиғалардан айтып беріңізші» деп өтіндік.
— Пәлі, оқ қардай бораған жерде қызық бола ма екен?! Сендерге қызық шығар, ал сол сұмдықты бастан кешкен біз үшін... Сауалымыздың орынсыз шыққанына ыңғайсызданып қалдық. «Жоқ, ата, есіңізде қалған бір оқиғаны...
— Е-е, солай демейсің бе?! Иә, көріңде өкіргір Кетлердің салған ойраны сұмдық болды ғой. Небір өрімдей сұлу боздақтар қыршын кетті, суға батты, оққа ұшты, бір шұңқырда аспанда ұшқан самолеттен қорғанып отырған бір топ жастың үстіне снаряд түсіп, күл-талқан болғандарын да көз көрді.
Кейін сол жігіттерді жерлегенде қайсының қолы, қайсының аяғы екенін біле алмай... әйтеуір бәрін бір жерге жерледік. Бәрі қазақ еді». Қарттың көзі жасаурап, бірауық үнсіз қалды. Әлден соң: «Соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, Берлинге дейін барған, мына аталарың. Сондағы мені ажалдан алып қалған бір уақиғаны айтайын. Мені тағдырдың тәлкегіне салған уақиға болды, бұл. Иә, Алланың құдіреті шексіз ғой.
Қош. Керман үкіметі мың да тоғыз жүз қырық бірдің жиырма екінші маусымында сәбетке қарсы соғыс ашты. Сол жылы маусымда он сегізге толдым. Ауылдан ұзап шықпаған, ештеңе көрмеген, әлі оң — солымызды тани қоймаған көкөрім едік. Содан біздің ауылдан бірден алпыс жеті бозбалаға военкоматтан шақырту келді. Екі күннен соң майданға тартқан эшелонға отырдық. Әуелде аз уақыт әскер ойынында болдық, дайындалдық, мылтық атуды үйрендік.
... Мен санитар болдым. Ұрыс болып жатқан жерден жаралыларды плащ-палаткаға салып, блиндажға әкеп, дәрігерге тапсырып, қайта жанұшырамыз. Бірде Қара теңіз, Севастополь маңында кескілескен қатты шайқас болды. Көк те атыс, жер де атыс, теңізде де атыс... Бұрқ-сарқ, көк түтін, екі жақтың зеңбірек гүрсілі, төніп кеп қалған жау самолеті... Жер мен көк қосылып кетіп, бір қазанда қайнап жатқандай. Бізге берілген тапсырма - теңіз жиегіндегі «Н» төбешігін жаудан тартып алып, аптыққан дұшпанның бетін қайтару, жаңа күш келгенше ұстап тұру.
Бұл — қара күз, қазан айының аяқ шені болатын, ұмытпасам. Қош, сонымен азаннан басталған атыс-шабыс екіндіге дейін созылды. «Н» төбешігі алынды» деген хабар жетті, алдыңғы жақтан. Енді ұстап тұру керек. Төбешіктің стратегиялық мән зор болғанын кейін естідік. Сонымен, жау шегінді, әйтсе де қауіп жоқ емес, қансыраған ашулы төбет секілді өздері. Әлсін-әлсін оқ боратып, күштерінің сарқылмағанын көрсетіп қояды. Қасымдағы Сергей деген орыс жігіті екеуіміз бір еңбектеп, бір тұрып, ұрыс болып өткен жерге жақындап келеміз, окопқа екі жаралы жауынгерді жатқызып кеткен едік. Бір төмпектің үстіне шыға бердік.
Он — он бес қадамдай жерде әлдебір құрылыс па, кеме тоқтайтын орын ба, біле алмадым, ерсілі-қарсылы темірлері, іші қуыс құбырлары бар, биік, зәулім бірдеңе екені көзге шалынған-ды. Ендігі есіл-дертіміз оқ толас тапқанша соған жетіп алу. Бірақ, бас көтертпеген оқ сәлден кейін қайта борады. Төмпектің үстіндегі бір түп қурайды паналап, жерге жабыса түстік.
Оқ жан-жағымыздан зу-зу етеді. Дәл сол сәтте зеңбіректер де гүрсілдеп берді. Басымды бір көтергенде Сергейдің ышқына аударылып түскенін көріп қалдым. Оған ұмтыла берем дегенімше болған жоқ, бір жойқын күш денемді бөлшектеп, биікке лақтырғанын сездім. Көз алдым тұманытып, қап-қара болып кетті. Әп-сәтте аспанға қарай ұшып бара жаттым.
Еш жерімді ауырсынғам да жоқ. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір мезетте көзімді ашсам, биікте, теңселіп тұрған әлдебір құбырдың басында әлденеге қыстырылып «ілулі» тұрмын. Оң қолым сырқырайды, оқ шынтақ тұсын жырып өткен, сүйегім аман секілді. Құбыр биік, биік болғанда секіріп түсу мүмкін емес.
Қорыққанымнан денем қалтырады. Маңай тым-тырыс. Әлгіндегі айқай-сүрең, зуылдаған оқтың бірінің де дауысы естілмейді. «О-о, қасқа» деп қайран қалдым. Төменге көз салсам қарақошқыл түтін, көшкен бұлттай жөңкіле шегініп бара жатқан жау танкілері.
Санамды найзағай осқылап өткендей болды, сөйтсем, құлағым тарс бітіпті, басқа зақым келген ғой, әлде ми шайқалды ма... Ештеңе естімей тұрғаным содан екен. Қош, әйтеуір жан аман, тырмысып, құбырдың ішіне енуге тырыстым. Басымды әрең бұрып, арт жағыма қарасам, менің астымда теңіз суы қап-қара сиядай болып, толқып жатыр екен. «Алла, сақтай гөр!» деп жалбарындым. Терең судан қатты қорқатыным болушы еді, өйткені жүзе білмеймін. Қанша уақыт арпалысқаным есімде жоқ, саусағымның көбесі сөгіліп, қолымның қаны тамшылап таусылғандай, әл-дәрмен құрыған шақта, құбырдың ішіне ендім. Тағы көзім жарқ етті, саған өтірік, маған шын, құбырдың ана басында дәл мен секілді «ілініп» қалған фрицтің солдаты, ол да ішке еніпті. Құдай-ау, деймін, бұл қайдан пайда болған?
Маңатта жау солдаты жоқ еді ғой. Әлде тығылып жатқан жерінен оны да мен құсатып зеңбірек оғы биікке атып жіберді ме... Екеуіміз бір-бірімізге қарсы қарап, қатып қалдық. О, тоба, сол солдаттың бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Қарт жауынгер суып қалған шайын асықпай ұрттады.
— Құбыр іші қараңғы., екі жақтан түсіп тұрған жарық қана бейнемізді көлеңкедей көрсетеді. Басында темір шлем, үстіндегі әскери киімі дал-дұл секілді. Оның үстін сипалап, пистолетін іздегенін сездім. Менің пистолетім орнында екен. Бірақ мен қолыма алғам жоқ.
Әлдебір түйсік екеуімізге де келген секілді. Қалай түсіндірсем екен, былайша айтқанда темірдің «тұтқынынан» босау үшін екеуіміз де жерге тірі түсуіміз керек. Әйтпесе біріміз өлсек, біріміз суға батамыз. Өйткені, темір құбыр жағадан судың бетіне 20-30 метрдей итініп, таразы құсап тербеліп тұр. Құбырдың бір жағы босаса, екіншіміз не мұздай суға құлаймыз, не жерге ұшып өлеміз.
Оны екеуіміз де түсіндік. Әлгі солдат қолына пистолетін алды да, маған көрсетіп суға лақтырып, сосын бірдеңе деп маған қарап айқайлады. «Найн, менде қару жоқ, атыспайық» дегені болар. Мен де қаруды суға лақтырып, «жоқ-жоқ» деп айқайладым. Ол немісшелеп бірдеңе деді, мен қазақшалап айқайладым.
Қысқасы, бір-бірімізді түсіндік. Неміс құбырдың ішіне қарай баяу еңбектеп, жылжи бастады. Маған ымдап қояды. Мен де жылжыдым. Бірдей жылжымасақ, құбыр бір жағына қарай ауып кетсе, екеуіміздің де құрығанымыз. Адам шыбын жаны үшін не істемейді?! Е, Алла, бір өзің жар бол деп, алға жылжып келемін. Сәл-пәл дамылдап, екеуіміз де алға қарай бірге жылжимыз. Ол менен көз алмайды, мен де.
Құбырдың ортан беліне жеткенде екеуіміздің басымыз түйіседі. Іштей «мынаның бойы серейген ұзын екен, мойнын бұрап алсам ба» деп ойлап қоям. Қош. Сонымен арамыз жақындады. Енді «Т» қарпі секілденген құбырдың ортаңғы тұсындағы зәулім құбырға секіріп ауысып, соның ішімен төмен қарай «сырғанау» керек. Жақындап келгенде әлгінің бетіне қарасам, Құдай-ау, жап-жас бала. Жасыл, әлде қоңыр жасыл көзді, әйтеуір ақ кірпік, айран көз фрицке ұқсамайды. Көзі жыпық-жыпық етеді, жылағалы тұр. «Мұның не жазығы бар, үкіметі «мыналарды ат, қыр-жой» деп соғысқа әкеп салды.
Неміс те болса, адамның баласы ғой деп ойладым. «Менің алдыма отыр» деп ымдадым. «Гут-гут» дегендей болды, ештеме естімеймін, құлағым тарс бітеліп қалған ғой. Сөйтіп, ол темір құбырға секірді. Енді ол маған қарамай-ақ төменге сырғанап кете беруіне, жерге түсіп, шайқаса кетуіне болады ғой. Жоқ, әлгі солдат құбырға секіріп шығып, маған қолын созды. «Абайла» дегендей аузын қимылдатты.
Екеуіміз таудан шана тепкен балалар құсап, ол менің алдымда, мен оның артында, әлгі қуыс құбырдың ішімен жерге қарай сырғанадық. Жарты сағат жылжыдық па, білмеймін, әйтеуір, әупіріммен жерге жеттік. Пәлесін қарашы, бірден шығып кетпей, құбырдан басын қылтитып шығарып, төңіректі шолды. «Маңайда ешкім жоқ» дегендей басын шайқады.
Екеуіміз де сыртқа шықтық. Маған жараланған мойнын, қолын көрсетті, қаны қабыршақтанып қатып қалыпты. Менің де қолымның қаны қата бастапты. Жан-жағымызға қарасақ, соғыс жоқ, екеуімізді ғана қалдырып, бәрі бір жаққа ауа көшіп, сол жақта соғысып жатқан тәрізді. Енді менің құлағым там-тұмдап ашыла бастады. Әлгінің маған қарап бірдеңе деп былдырлағанын шала-пұла естідім. Енді екеуіміздің де бір-бірімізге қастық істей алмайтынымызды бір түйсікпен сездік.
Өзіне анықтап қарадым, расында ақ кірпік немісіңе ұқсамайды, әлде поляк, әлде румын... Кетлер бізге соғыс ашардың алдында көп елді жаулап алыпты, жастарын соғысқа салыпты деп политруктың айтқаны бар-ды. Сол елдердің бірінің баласы ма, кім біліпті... Сонымен әлгінің ымдауымен бір-бірімізге арқамызды беріп, теріс қарадық та, екеуіміз екі бағытқа бет алдық. Бұл ымырт қоюланған кез еді. Өзім әбден жаурадым, миым мең-зең, қолымның жарасы да сыздайды.
Жаралы қолымды асып алып, жүріп келем, жүріп келем, ешкім жоқ. Айналдырған 2-3 сағаттың ішінде бәрі тып-типыл болғандай. Бір кезде орманға келіп кірдім. Бомбадан аман қалған қадау-қадау, бөрік пошымдас ағаштардың арасымен түкпірге қарай ентелей ендім. Ойым — әскерімізді іздеп табу, сосын бүгінгі жағдайды ешкімге айтпау, әйтпесе, «под трибунал» кететінімді білем. Бір сораппен қанша жүргенімді білмеймін, бір заматта көзіме жылтыраған от шалынды.
Жаурағанымды, қарнымның ашқанын шындап сезіндім. Ақырын жақындап, «шіркін-ай, өзіміздің адамдар болса екен» деп армандап келем. Қателеспесем, орманның ана бір тұсында деревня болу керек. Ол біз алған «Н» төбешігіне жақын. Олай болса, біздің әскер сонда болуы тиіс.
Мен отқа жақын келдім. Сыбдырымды білдірмей баспалап қарасам, манағы жаудың солдаты. Жалғыз. Мені ол да байқап қалды, орнынан атып тұрды. Екі қолын жайып «ком-ком» дегендей болды. Кепкен қу ағаштан от жағып, жылынып отыр. Былдыр-былдыр бірдеңе деді.
Құлағым ашылайын деді ғой, сөзін тыңдасам, немісше емес. Мен естімеген мүлде басқа тіл екен. Тілімді көрсетіп, «ұлтың кім?» деп ымдадым. Таудың суретін салды, тағы бірдеңе деді. Содан әлгіге картоп жейік, анау маңда бақшалық бар, картоп қазып әкел деп суретін сызып, ыммен түсіндірген болдым.
Ыржалақтап, атып тұрып, жүгіре жөнелді. Оттың қоламтасын өшіріп алмай, қайта-қайта қозғап, таң сібірлегенше отырдым. Күздің қара суық желі әбден қалтыратты. Мына неміс мені алдап қашып кетті ме, әлде өздеріне қосылды ма, қосылса менің үстіме әскерін алып келсе қайтем деген қаупім де жоқ емес.
Бір мезетте сытыр-сытыр еткен дауыс шықты. Әлгі солдат, қолында шелек толы картоп, ыржың-ыржың етеді. «Әй, неміс, жарадың» дедім. Екеулеп дайын тұрған қоламтаға картопты көміп, пісіріп алдық. Алдымызға жал мен жая тартқандай асығыс-үсігіс күл-күйесімен асадық-ау. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпес» демекші, әлі күнге дейін дәл сондай тәтті картоп жеген емеспін. Екеуіміз жылы қоштастық, бір-бірімізге жалтақ-жалтақ қарап, екі жаққа кеттік. «Құдай енді кездестірмесін» дедім.
Сөйтіп, аман-есен өз полкымды таптым. Сергей досым сол жолы оққа ұшыпты. Полк көп адам жоғалтыпты, жаңа күш келіпті. Көп айтып қайтейін, пәленбай мың шақырым жүріп отырып, ақыры Берлиннен бір-ақ шықтық қой.
Бұл — мың да тоғыз жүз қырық бестің көктемі, әпрелі болу керек. Мен бұған дейін екі рет жараланып, госпитальға жатып шықтым. Шпрее өзенінің тұсы ма екен, немістің бір қаласында біздің жақ олардың үлкен бір полкын қырып, қалғаны қолдарын көтеріп, тұтқынға түсті. Бұл немістің анық жеңілген кезі еді.
Қашқаны қашып, қашпағаны қол көтеріп, пленге түсіп жатқан кезі. Бір күні әлдебір шаруамен әлгі қаладағы немістің госпиталін іздеп шықтық. Алдымызда біздің жауынгерлер бір топ тұтқынды айдап барады. Бәрінің қолы артында, бастары төмен салбыраған, түсінікті, рухы күйреді ғой.
Мына қызықты қара, тұтқындардың тұсынан өте бергенде әлдекімнің тесіле қарағанын сездім. Көрдім де, селк еттім, алдыңғы бес қатар, одан кейінгі алтыншы қатар, он оннан келе жатқан жау солдатының ең бергі шеткі тұсында әлгі өзімнің «көзтанысым», баяғыдағы өрімдей жас солдат маған жымия қарады. Көзі шүңірейіп, нағыз фрицтің өзіне айналыпты.
Мен де қарап келем. Бұл құдіретте шек бар ма десейші. Құдай-ау, жан алысып, жан беріскен сұмдық шайқастың ішінде кездесіп, одан бір-бірімізді төтелеп келген ажалдан алып шығып, одан бірге дәм татысып, екі жаққа кеткен, бір-біріне жау екі елдің солдаты арада екі-үш жыл өткізіп, мынадай жағдайда кездесеміз деген, әй, мұндай жағдай еш жерде болған жоқ шығар...
Қарт күрсініп төмен қарады.
— Содан, ата, тұтқындарды атты ма, біздің жақ? «Көзтанысыңыз» тірі қалды ма екен?
— Әлгілерді әкеткен жақты болжап, соңдарынан барсам ба, бір дерегін білсем бе, деп бір ойладым. Бірақ, қорықтым. Кім біледі, онда жау солдатын аман жіберу түгілі, шабуылға шыққанда бұғып қалсаң бітті, атып жібереді. Ал, тұтқынға түскендерді біздің жақ атқан жоқ, кейін елдеріне қайтарды деп естідік. Дәм-тұзы таусылмаса, еліне жеткен болар. Қазір мүмкін тірі де болар. Тірі болса, ол да сол бір уақиғаны есіне алатын шығар, кім біліпті... «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген, тағдырдың оғы туралап келмесе, ажал шіркін де сенен адасып қалады екен. Әйтеуір, бұл күнге де аман жеттік,-деп қария ауыр күрсінді. Әлден соң:
— Міне, сен сұраған соғыстағы «қызық уақиға» осы. Бірақ, мұны ешкімге айтқан емеспін, қорықтым...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі