Өлең, жыр, ақындар

Ромео мен Джульетта

БЕС ПЕРДЕЛІ ТРАГЕДИЯ
Аударған Әбіш Кекілбаев

ҚАТЫСУШЫ АДАМДАР:
Эскал — Верона князі.
Граф Парис, жас жігіт, князьдің туысы.
Монтекки
Капулетти — Өштескен екі әулеттің басшылары.
Капулеттидің ағасы.
Ромео — Монтеккидің ұлы.
Меркуцио — князьдің туысы, Ромеоның досы.
Бенволио — Монтеккидің ағайыны, Ромеоның досы.
Тибальт — леди Капулеттидің немере інісі.
Лоренцо пірәдар — Франциск тақуалары.
Джованни пірәдар
Балтазар — Ромеоның қызметшісі.
Самсон
Грегорио — Капулеттидің қызметшілері.
Петр — Капулеттидің қызметшісі,
Абрам — Монтеккидің қызметшісі.
Д ә р м е к ш і
Үш музыкант
Паристің пажы
Бірінші тұрғын
Леди Монтекки — Монтеккидің әйелі.
Леди Капулетти — Капулеттидің әйелі.
Джульетта — Капулеттидің қызы.
Джульеттаның күтушісі
Верона тұрғындары, екі әулеттің әйел-еркек жекжаттары, майрампаздар, нөкерлер, малайлар. Хор.
Монтекки Капулетти
Оқиға Верона мен Мантуяда өтеді.

КІРІСПЕ
Хор көрінеді.
ХОР

Веронаның екі дүрдей ығайы мен сығайы
Әлімсақтан қырғи қабақ, қым-қуыт дау арасы,
Теке тірес тайталаспен ғұмыр кешіп ұдайы
Бас жарылып, көз шығарып, күнде дал-дұл жағасы.
Екі әулеттің ұл мен қызы көңілдері қосылып,
Опа таппай опат тапты тіпті қыршын жасында.
Сойыл құмар содырлар да қасіреттен тосылып,
Бейуақ тамған бейкүнә қан басу болды ашуға.
Әлқисса, сол оқиғаны сізге шертіп береміз,
Сәл шыдаңыз, екі сағат уақыт деген сөз боп па!
Жақсы ойынды жабады деп сенеміз
Олпы-солпы мін тапсаңдар біз баяндар бұл — гәптан.

БІРІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС

Верона. Алаң. Капулеттидің қалқан асынып, семсер ұстаған қос қызметшісі Самсон мен Грегорио шығады.

Самсон. Грегорио, бауырым, ол оңбағандардың алдында арды қолдан бермейік.
Грегорио. Арды қолдан беріп бізді не қара басыпты?! Қайсысы келсе де, қан салғандай қып жіберем, көр де тұр!
Самсон. Тоғытқа түскендей топылдатармыз әлі-ақ.
Грегорио. Сол тоғытқа өзіміз тұншықпайық деп тіле.
Самсон. Қанымды қыздырса, қанжарымды қалай суырып алғанымды өзім де білмей қалам.
Грегорио. Сенің қаның қызғанша, қысыр қашар бошалап үлгерер.
Самсон. Монтеккидің шәуілдектерін көрсем, қаным басыма шауып, зіркілдеп ала жөнелем.
Грегорио. Бәсе, құйрығың жалтырап безіп бара жататының содан екен ғой. Қас батыр деген қасқайып тұрып алады емес пе еді!
Самсон. Монтеккидің сүмелектерін көргенде жүрегім қылп етсе не дейсің. Жігіттерін желкектей жусатып, қыздарын қылқандай қырқам.
Грегорио. Нағыз дүлей сен болдың-ау сонда!
Самсон. Жолымда ешкім тұра алмайды. Жігіттерін түгелдей жер қаптырып, қыз-қырқынын қуыс-қуысқа қуып тығам.
Грегорио. Егесіп жүрген екі жақтың да еркектері емес пе?
Самсон. Бола берсін. Еркектерін көкелеріне көрістіргесін қыз-қырқынына қырғидай тимеймін бе! Шын сойқанды соларға салу керек қой.
Грегорио. Бейшара бикештердің жазығы не?
Самсон. Қауқарымның барында қауып қалам. Құдайға шүкір, бөлек-салақ ет пен шандыр менде де жеткілікті.
Грегорио. Балық болып жаратылмағаныңа шүкір. Нағыз тұзда қақтаған қақпыш шабақ сен болар ең. Қылышыңды суыр. Әне, Монтеккидің екі сүмелегі келеді.
Самсон. Қам жеме! Қылыш дайын. Ол екеуіне өзіңнің де әлің келеді. Қорықпа, қасыңда мен бармын.
Грегорио. Ол не дегенің? Сен осы табаныңды жалтыратқалы тұрғаннан амансың ба?
Самсон. Мен жөнінде уайым жеме.
Грегорио. Уайымдайтын кісіні тапқан екенсің!
Самсон. Әуелі намыстарына тиейін. Төбелесті солар бастаса, заң бізді ақтайды.
Грегорио. Тұсымыздан өте бергенде бетімді тыржитайын. Ар жағындағы әуселелерін көріп алармыз.
Самсон. Мен қасақана тырнағымды мүжиін. Оған да үндемесе шын масқара болғандары.

Абрам мен Балтазар көрінеді.

Абрам. Нағып тырнағыңды тістелей қалдың? Бізге қыр көрсетіп тұрған жоқсың ба, сэр?
Самсон. (Грегориоға сыбырлап). Не дейін, «иә» десем, заң бізді жақтай ма, жақтамай ма?
Грегорио (сыбырлап). Жақтамайды.
Самсон. Қыр көрсетіп тұрғам жоқ, бірақ тырнағымды мұжып тұрғаным рас, сэр.
Грегорио. Немене, сонда төбелескіңіз келіп пе еді, сэр?
Абрам. Мен бе, сэр? Жоқ, сэр.
Самсон. Төбелескіңіз келсе, әміріңізге құлдық. Менің қожам сіздің қожаңыздан кем емес.
Абрам. Арық та емес.
Грегорио. (Анадайдан Тибальтты көріп, Самсонға.) Ойбай, артық де. Әне, қожайынымыздың ағайыны келе жатыр.
Самсон. Артық, сэр.
Абрам. Сіз өйтіп тантымаңыз.

Бенволио кіреді.

Самсон. Еркек екенің рас болса, қатын бажылды қойып, төбелеске шық. Грегорио, кәне, көкелеріне көрістіре қой!

Төбелес басталады.

Бенволио.
Қаруыңды тарт!
Жөндеріңді табыңдар,
Бұл не қырқыс, ақымақ өңкей!

Қолдарындағы семсерлерін жұлып алады.
Тибальт кіреді.

Тибальт.
Құл-құтанға сөз шығындап қайтесің,
Сазайыңды мен тартқызам, Бенволио!
Бенволио.
Ажыратып жатырмын,
Сен де таста семсерді,
Кел, екеулеп таратайық бұларды.
Тибальт.
Татулықты атама!
Оны естісем
Монтеккидің
Сүмелектерін көргендей
Қарап тұрып жүрегім менің айниды.
Шық, бері шық, су жүрек!

Төбелесе кетеді.
Екі жақтың адамдары шығып, төбелесіп жатқандарға қосылады.
Қолдарына айбалта, қол тоқпақ ұстаған қала тұрғындары көрінеді.

Қала тұрғыны.
Тоқпақ сынғанша төпеп бақ,
Монтеккиінің де, Капулеттиінің де
Көзін әбден құртайық.
Капулетти.
Бұл не дырду?
Қайда менің алдаспаным баяғы?
Леди Капулетти.
Семсер жетпесе, балдақ ұста қолыңа!
Капулетти.
Семсерді әкел, сөзді қой!
Монтекки де сарайда
Маған семсер сермеген.

Монтекки мен леди Монтекки келеді.

Монтекки.
Капулетти, барып тұрған суайтсың!
Жіберші өзін әуселесін көрейін.
Леди Монтекки.
Төбелеске жуытпаймын бір елі,
Тұр осылай тырп етпей.

Нөкерін ертіп князь шығады.

Князь.
Опасыз өңшең, тыныштықтың жендеті,
Көк темірді ағайынның пәк қанына суарған!
Дүрдараздықтың дүлей өртіне
Су орнына қан шашып
Масайраған өңкей хайуан,
Мен сендерге не дедім?
Жан керек болса егер де,
Қылышты тастап нас қолдан
Пәрменіме құлақ ас.
Монтекки мен Капулетти,
Бір емес не екі емес,
Үшінші рет осымен
Қайдағы бір қаңқуына бола бейпілдің
Бейбіт елдің берекесін алдыңдар.
Веронаның жақсы менен жайсаңы
Міне, осымен, үш рет,
Қартайғанда түріп тастап білегін
Қолдарына айбалта ұстап тот басқан.
Соның бәрі — мына сендердің кесірің.
Бұдан былай бір-біріңе
Қол көтерсең осыдан,
Бастарыңмен қош айтыса беріңдер.
Таратыңдар мынау дырдуды.
Сіз, Капулетти, жүрсеңіз менімен,
Ал, Монтекки, Виллафранкта тосамын,
Бүгін келіп болған іске жауап бер.
Жандарыңның барында
Жанжалшыл тобыр, жөнің тап!

Монтекки, леди Монтекки және Бенволиодан басқалары кетеді.

Монтекки.
Бұл жолы кім бастап жүрген жанжалды?
Басы-қасында болыпсың ғой, айтсайшы?
Бенволио.
Біздің екі қызметші
Капулеттидің екі малайымен
Жекпе-жекке шығып,
Қызыл қанға батысып жатыр екен,
Үстерінен түскенім.
Әке-көкелеп әзер ажыраттым өздерін.
Сол арада сумаңдатып семсерін
Тибальт шыға келгені.
Әй-шәйіме қарамай
Дүрсе қоя бергені.
Төбелеске шық, бол, бол деп
Жалаң-жалаң етеді.
Семсер сермесіп үлгермей жатып
Жұрт жиналып қалды да,
Айқай-шуды естіп
Ажыратты емес пе —
Князьдің жаңа өзі кеп.
Леди Монтекки.
Ромео қайда осы? Көрінбеді ме ол жаңа?
Басы-көзі аман жүрсе жарар ед!
Бенволио.
Ханым, бүгін күн ұясынан көтеріле,
Атқан таңның алтын нұры тереземді бояды да,
Ұйқым қашып, серуенге шығып ем.
Сикомор тоғайын кесіп өтіп,
Батыс жақ қақпаға жете бере
Ұлыңызды көзім шалды.
Елең-алаңда жапа-жалғыз
Қыдырысқа шығыпты.
Түсе кеттім соңына.
Жеткізбеді. Тасаға барып тығылды.
Өзі қашқақтаған соң,
Мен де тайдым жөніме.
Монтекки.
Таң атпай жатып шық шалғынға жас төгіп,
Өзімен-өзі күңірене күрсініп
Сенделетін де жүретінін
Көп көретін бопты жұрт.
Содан қалай көкжиектен күн көріне,
Ілбіп үйге қайтады дейді,
Бөлмесіне тығылып, перделерін түсіріп
Кешке дейін шықпайды дейді сыртқа аттап.
Өйтіп неге жұрт көзінен қашады?
Біле алмай қойдым себебін.
Бенволио.
Шынында да бейхабарсыз ба сіз одан?
Монтекки.
Түсінсем, сірә, не дейсіз?
Бенволио.
Көрдіңіз бе сұрап өзінен?
Монтекки.
Сұрауымда қапы жоқ,
Маңайлатпады өзімді,
Достарын да сап көрдім,
Оларға да ішін бермепті.
Өзімен-өзі жүргені,
Қалған жұртқа сырт орай.
Себебін білсем
Жеп жатқан оны жегінің
Іздемеймін бе бір емін.

Ромео кіреді.

Бенволио.
Келе жатыр, әне, өзі.
Сендер мұнда ойда жоқта
Тап болған кісі болыңдар.
Суыртпақтап сыр тартып бір көрейін.
Монтекки.
Кетейік біз бұл арадан
Сырласыңдар оңаша.

Монтекки мен леди Монтекки кетеді.

Бенволио.
Қайырлы таң, Ромео!
Ромео.
Таң да атып қалып па еді!
Бенволио.
Тан атпақ түгілі сәске болды емес пе!
Ромео.
Желаяқ уақыттың аяғына
Жем түскендей көрінеді
Қамыққанда көңілің.
Аналар кім, әкемдер емес пе өздері?
Бенволио.
Иә, солар.
Бұл неткен қайғы тұңғиық
Запыран жұтқызып, зар илеткен соншама?
Ромео.
Ондай уды ортайтатын күш қайда?
Бенволио.
Махаббат аңсап, қараптан-қарап
Зари қаппасаң неткені?
Ромео.
Жоқ. Олай емес.
Бенволио.
Шынымен ғашық екенсің ғой ендеше.
Ромео.
Иә,
Махаббаттың тұңғиығы тұншықтырып барады.
Бенволио.
Көрер көзге момақан бұл махаббат
Зұлымдық көрсе,
Қас асаудай қасарысып қалар қашаннан бергі әдеті.
Ромео.
Қари боп тұра, қапымды қалай таптың сен?
Қайда барып тамақтансаң дұрыс екен?
Тағы да қан төгілген бе?
Айтпай-ақ қой, естігем.
Өліп-өшіп сүйген де азап.
Өліп-өшіп жек көрген де азап.
Екеуі де ессіздік пен соқырлық.
Бос азап пен құр ермек.
Қаңтардағы қапырықтай,
Дар алдындағы амандықтай
Баяны жоқ, мәні жоқ
Мекерліктен өршитұғын бекерлік.
Қанбас ұйқы, келмес түс.
Қара тас пен көк мұздан
Көкірекке қандай қайыр бар?
Махаббат та мендегі
Тап солардай бекер бейнет, ауыр жүк.
Маған осы күліп тұрғаннан саусың ба?
Бенволио.
Жоқ, жылап тұрмын.
Ромео.
Ол неге, достым?
Бенволио.
Сай-сүйекті сырқыратад сөздерің.
Ромео.
Рахымның түбі зақым екенін біздер біле бермейміз,
Онсыз да өзім тұрғанымда қан жұтып
Аяймын деп ауырлаттың жүрегімді.
Енді менің қасіретім бұрынғыдан екі есе.
Махаббат деген, тәйірі, —
Иіс тиіп есеңгірегендей сандырақ,
Ойынның түбі өрт екенін білмес ожарлық,
Көз жасынан көл тұрған бір қасірет,
Мәңгірген ойдан шыққан өнбес мәнсіз қиял бір
У мен дәрмек араласқан кермек су?
Сау тұр, достым.
Бенволио.
Соншама қайда асықтың?
Аяқтайық әңгімені әуелі.
Ромео.
Мен өзімді әлдеқашан жоғалтқам.
Ромеоны өзгелер түгілі
Өзі дағы енді таба алмас.
Бенволио.
Әзілді қой, шыныңды айт: ғашығың кім?
Ромео.
Қайдағы әзіл айтып тұрғаның?
Бенволио.
Әзілді қойдық. Аты кім еді ол қыздың?
Ромео.
Әлгі ажал аузында әзер жатқан науқастың
Жетіп барып қасына:
«Қалжыңды қой, мезгілің болды өлетін», —
Дейтін мысал осы да.
Бірақ, қалжыңға айналдырып, қаңқу қылар
Бикеш ол емес.
Бенволио.
Мен де әдейі әңгімені
Төтесінен бастап тұрмын.
Ромео.
Мерген жігіт, мен білген қыз
Қолға оңай қонатұғын құс емес.
Бенволио.
Ондай тоты қолға оңай келмесе,
Қапы кетпестей қып,
Дәлдеп көзде, ендеше.
Ромео.
Бұл сөзің де ол жайында орынсыз,
Ол Диана, қорықпайтын Купидонның оғынан.
Күлкіні көріп қызығып, алтынды көріп азатын
Арзандардан емес ол.
Басындағы көрікті көлденең қолға бұйыртпай
Көрге бірге әкететін түрі бар.
Бенволио.
Сонда немене, бұл дүниеден
Өтпекші ме қу тізесін құшақтап?!
Сөз беріп пе екен солай деп?
Ромео.
Сөз де берген, тұрды және сөзінде.
Ол бикештен шынында да кейінге
Құр елестен басқа мирас қалмайды.
Тақуа қыз қажытты әбден мені де.
Үздім күдер бақыттан.
Ол мейлі сол
Өте берсін айтқан сөзге адал боп,
Мен өлікпін,
Бұл дүниеден опа таппан енді мен.
Бенволио.
Ондай қызды шығар онда ойыңнан.
Ромео.
Ойлауды қайтып ұмытасың, үйретші.
Бенволио.
Ұмытпайтын несі бар:
Көрінгенге көз сүзген
Көңіл арсызға бер ерік —
Көлденеңнен тап қызың.
Ромео.
Ондай айла дертке дауа бола ма?
Көз қари боп, ғарып қалған пақырына
Баяғыда көргендерін тіріде ұмыта ала ма?
Жөні түзу көрсем болды ұрғашы,
Ол есіме түспей ме,
Өлем ғой сосын өртеніп.
Қай пәлеге үйренсем де,
Үйрене алман ұмытуды.
Бенволио.
Өзім үйретем, ол жағынан қам жеме.

Екеуі де кетеді.

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Көше. Капулетти, Парис және қызметші шығады.

Капулетти.
Монтеккимен екеумізге айып салды орасан,
Тату-тәтті болмай ма деп тұруға.
Парис.
Шынында да инабатты екі әулет
Өтесіңдер ме қырқысып.
Соныменен сөз түйіні не болды?
Капулетти.
Сөз түйінін айттым ғой,
Қызым әлі балиғатқа жеткен жоқ,
Ең болмаса жетсіндағы он төртке.
Енді екі жыл кідірсеңдер,
Құдалыққа қарсы емен.
Парис.
Одан да жаста некелесіп жатқан жоқ па жұрт осы!
Капулетти.
Үмітімнің бәрін бірдей жұта-жұта қара жер,
Қолда қалған жалғыз осы тұяғым,
Бұғанасы қатпай тұрып,
Некеге қайтып қияйын.
Қымбатты Парис, өзімен сөйлес әуелі,
Байқап көріңіз көмейін.
Өзі келісіп жатса егер,
Мен риза, не дейін.
Кешке бізде үлкен жиын —
Үйреншікті үрдісіміз жылдағы.
Жиылады бүл қаланың үлкені мен кішісі.
Сіз де келіңіз, қалайық біз қуанып.
Шілдедегі көп жұлдыздай самсаған
Сұлулар да келеді,
Бір-бірімен тайталасқан ажары.
Тасқынындай сәуірдің
Кенелер жұрт шаттыққа.
Өзіңіз сонда көп аруды аралап,
Қайсысының ұнағанын
Маған айта қойыңыз.
Алдын ала мақтағаны деп ойлама,
Қызым да болар сол тойда.
Жүріңіз, граф.

Қызметшіге қағаз ұстатып жатып.

Сен, сүмелек, қара да мына тізімге
Хабарлап шық, тастап кетпей бірін де.
Құшақ жайып қарсы аламыз де, білдің бе?!

Капулетти мен Парис шығып кетеді.

Қызметші. «Тізімге қара», — дейді. Мұнда не жазылғанын итім біліп пе? Тігіншіге біз, етікшіге к ұстат деп жазылса қайтпекпін. «Тізімге қара», «тізімге қара», — дейді. Бұл қағазда балықты іш киіміңмен аулап, балық аулайтын торды іш киім қып ки десе, солай істемекпін бе? Әуелі сол кімдердің аты жазылғанын айтып бермей ме? Жә, оны оқып беретіндей бір оқымыстысымақ өзі-ақ жолығар. Әне, өздері де келеді екен. Іздегенге сұраған деген осы шығар.

Бенволио мен Ромео келеді.

Бенволио. Үндеме, бауырым. Оттың емі оттан, судың емі судан. Қасарысқанға қасарыс, қасірет те қайсарлықтан қаймығар. Жаңа бейнет жаныңды көзге көрсетсе, ескі дертің шығады дейтін жадыңнан.
Ромео.
Мұндайда әлгі жолжелкен
Таптырмайтын ем дейтін.
Бенволио.
Неменеге ем дейді?
Ромео.
Аяғың сынғанда.
Бенволио.
Есің дұрыс па?
Ромео.
Есім дұрыс, одан бірақ не қайыр,
Аяқ-қолы байлаулы
Нақұрыстан нем өзге?
Қызметші.
Армысың, сэр. Оқи алатын шығарсың?
Ромео.
Талайға жазылған тақсыретті
Оқымай-ақ айтып береміз.

Қызметші. Рахмет. Менің іздегенім балгер емес хат танитын кісі еді.

Ромео. Ойнап айтам. Қайда зытып барасың? Әкел, оқып берейін. (Оқиды.) «Синьор Мартино зайыбымен және қыздарымен; граф Ансельмо көрерге көз керек көркем қарындастарымен; синьора Плаченцо сүйкімді жиендерімен; Меркуцио ағасы Валентинмен; Капулетти ағай әйелімен және қыздарымен; айдай ару жиеніміз Розалина; Ливия; синьор Валенцио інісі Тибальтпен; Лючио ерке-тотай Валентинасымен шақырылсын.» Бірінен-бірі өткен ығай мен сығай екен. Бұларды қайда шақырып жатыр?

Қызметші.
Ана жаққа.
Ромео. Қайда дейсің?
Қызметші. Біздің үйге, кешкі қонақасыға.
Ромео. Кімнің үйіне?
Қызметші. Қожайынның үйіне.
Ромео. Алдымен сол қожайыныңды білгім кеп тұр ғой.
Қызметші. Оны сұрамасаңыз да айтам ғой. Менің қожайыным — Капулетти деген атақты бай. Бәлкім, естуіңіз бар шығар? Егер әлгі Монтеккидің туысы боп жүрмесеңіз, кешке сіз де келіңіз.

Кетеді.

Бенволио.
Капулеттидің үйінде
Розалинадан, әлгі сенің іңкәріңнен басқа
Веронаның бар сұлуы жиылатын түрі бар,
Біз де сонда барайық.
Ай маңдай аруларды көргенде,
Сенің әлгі шыбық тимей шыңқ етер бикешің
Шын тотының қасындағы тұрымтайдай боп қалар.
Ромео.
Күні-түні бір көру боп арманы,
Аққу құс деп алжасса егер қорғаны
Қара басқан қарап тұрып қараптан
Ондай көзді неге бердің жаратқан.
Танымасам алтын күнді аспанда,
Шынында да көзімді ақ шел басқан да!
Бенволио.
Айтулыңды көруге сол көз керек.
Салыстырып байқа бір сәт өзгемен.
Сұқсырлардың көргенде не саңлағын,
Достым, әлгі сөзіңнен танып қалмағын.
Шын меруерт жолыққанда міні жоқ,
Қолдағы асыл көрінбесін шыны боп.
Ромео.
Барсақ барайық, сөзді қойып бұл жайлы,
Бірақ, басқа қыздың бәрі
Оның жалғыз башпайына тұрмайды.

Екеуі де шығып кетеді.

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Капулеттидің үйіндегі бөлме. Леди Капулетти мен күтуші әйел шығады.

Леди Капулетти.
Емшек шешесі, әлгі Джульетта қайда жүр?
Күтуші.
Өтірік айтсам, боп кетейін қызталақ.
Жаңа ғана шақырғам.
Тағы қайда құрыды?
Ay, Джульетта, қайдасың?
Жөніңді айтып сес берсейші, қызым-ау!

Джульетта кіреді.

Джульетта. Не айтпақ ең, мен келдім?
Күтуші. Анаң шақырып тұр, мен емес.
Джульетта. Неге іздедіңіз, ана?
Леди Капулетти. Қазір, қызым. Емшек шешесі, бізді бір минутке оңаша қалдыра тұрсаңыз қайтеді. Жә, қалсаң қала ғой. Сен де ести бер ендеше. Қызымыз бой жетіп қалды ғой.
Күтуші. Мен оның жасын сағаты мен минутына дейін есептеп қойғам.
Леди Капулетти. Ол әлі он төртке толған жоқ.
Күтуші. Оның әлі он төртке тола қоймағанына аузымда қалған төрт тісімді бәске тігуге дайынмын. Петр мейрамына қанша уақыт қалып еді осы?
Леди Капулетти. Екі аптадан аса.
Күтуші. Екі аптадан асса мейлі, аспаса мейлі. Әйтеуір, сол Петр мейрамында он төртке шығады. Әлгі топырағы торқа болғыр Сусаннам екеуі түйдей құрдас еді ғой. Бірақ, мырза құдай оны маңдайыма сыйғызды ма, өзі тартып алды. Әне, сол Петр мейрамында бұл он төртке шықпаса, мен мұрнымды кесіп берейін. Баяғы жер сілкінетіннен бері, санап көріңізші, аттай он бір жыл өтіпті. Дәл сол жер сілкінетін күні мен бұны емшектен шығарғам. Емшегіме жусан үйкеп, құс қораның күн жағында отыр едім. Тәңір жарылқап, сіз онда Мантуяда болатынсыз.

Былай жарымес болғаныммен, жадымдағы нәрсені еш ұмытпаймын. Бұл жүгіріп келсін де, көкірегіме бас қойсын. Удай ащы жусан аузын қуырып ыршып кетті. Әлі көз алдымда. Тап сол уақытта күс қораның жалп етіп құламасы бар ма. өзімнің де аяғым аспаннан келді. Құдай жар боп, әйтеуір аман қалдым. Содан бері де аттай он бір жыл өткені ғой. Сонда бұл енді қаз тұрып... қайдағы қаз тұрған... жүгіріп жүрген кезі еді. Құдай ақы рас айтам. Сонда бұл маңдайын жарақаттап алған. Иманды болғыр күйеуім, қалжыңбас еді ғой, көтеріп ап: «Етпетіңнен құлағаның не, Джульетта. Жә, әуелі бой жетіп ал. Сосын тек құласаң шалқаңнан құлайтын боласың. Солай емес пе?» — деп сұрағаны. Сонда бұл не деді дейсіз ғой. Көзінің жасын сүртіп, өксігін баса алмай тұрып: «Солай!» — дегені. Күлкіден шегіміз қатсын. Ондай нәрсе тіріде ұмытылар ма? «Шалқаңнан жығыласың ғой» десе, «иә» дейді.

Леди Капулетти. Сіз де бір қайдағыны соғады екенсіз.
Күтуші. Доғардым, ханым. Бірақ, өзіңіз айтыңызшы, қайтып күлмессіз. Дереу жұбана қойып, «иә, солай» дейді. Шекесі болса, шодырайып ісіп кеткен. «Етпетіңнен жығылғаның дұрыс емес, өскесін тек шалқаңнан жығыласың», — десе, «иә, солай» дейді жұлып алғандай.
Леди Капулетти. Сен де бір сөзге түсінбейтін саппас екенсің.
Күтуші. Қойдым, қойдым. Мен емізіп өсірген балалардың ең жақсысы осы болатын. Енді тек тойын көріп өлсем, арманым жоқ.
Леди Капулетти. Той дейсің бе? Айтпағым сол менің де. Өзің айтшы, Джульетта, Күйеуге шыққанға қалай қарар ең?
Джульетта. Ондай мәртебені күтпеп едім мен әзір.
Күтуші. Ондай мәртебе дедің бе? Емшек берген өзім болмасам, мұнша ақылды ананың ақ сүтімен бірге емген деп айтар ем.
Леди Капулетти.
Ендеше, қызым, Веронада, жетпей-ақ сенің жасыңа
Бала сүйіп, жар сүйіп отырған қыз аз емес.
Бұғанаң қатып, буының болса бекіді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай мынау түйіні:
Парис саған құда түсті бүгін кеп.
Күтуші. Ойбай-ау, қызым, құдай берді десеңші. Одан асқан жігіт болушы ма еді! Ондай еркекті жердің шарын жеті айналып шыққанда таба алыпсың ба! Сұлу болғанда сурет дерсің, сурет?
Леди Капулетти.
Күллі Верона көз сүзген кұс
Қолға өзі кеп қонып тұр.
Күтуші.
Құс болғанда қандай?!
Леди Капулетти.
Не дейсің, қызым?
Көңіліңе қона ма?
Бүгін балда зерттеп ал оны мұқият.
Жүзіндегі әр сызық, әр әжімді
Көне кітап сүресіндей ал жаттап.
Қайсысында қандай сыр, —
Ақылға сап салғастыр.
Өз ақылың жетпесе,
Үңіл жұрттың көзіне.
Кел сосын бір шешімге,
Мұндай бақытқа
Жеткендер де арманда,
Жетпегендер де арманда.
Балық тереңді қаласа,
Әдемі сурет асыл жақтау қалайды.
Не данышпан кітаптар да базарда,
Келіспесе түптеуі ілікпейді назарға.
Сен де өзіңді салыстырып көр онымен,
Кішірейіп, қораштанып қалмайсың ба қасында?
Күтуші. Қайдағыны айтады екенсіз, ханым. Еркек көрген әйел ажарланбаса, арымайды, тәйірі.
Леди Капулетти.
Қалай, тыңдайсың ба айтқанды?
Джульетта.
Әлі ешқандай келген жоқпын тоқтамға.
Бірақ, болсын есіңізде
Сіздің де әміріңізді орындайын бір жолға.
Қызметші. Ханым, қонақтар келді, дастарқанға отырды; сізді жерден іздеп, көктен іздеп таба алмай жатыр; бикешті де қарай-қарай табандарынан таусылды; ас үйде мына күтушінің де ішін әбден кептіріп бағуда. Үйдің іші астан-кестен. Қонақтарға кетіп барам. Мархабат етіп, сіз де тезірек жетіңіз.
Леди Капулетти.
Кеттік.

Қызметші шығып кетеді.

Күтуші.
Тездет, Джульетта! Граф күтіп қалар.
Күндіз рақат көргенге
Түнде ләззат сыйлайды
Асаған ауыз асасын деген, міне, осы ғой.

Бәрі шығып кетеді.

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Көше
Бет-аузын көлкештеп алған бес-алты кісіні, шырақ көтерушілер мен барабаншы баланы ертіп Ромео, Меркуцио және Бенволио шығады.

Ромео.
Өлеңдетіп кіреміз бе,
Жай бас сұға саламыз ба, жоқ әлде?
Бенволио.
Жоқ, ондай әдет қалған қазір үрдістен.
Ханымдарды қаралай-ақ үркіткен
Қара байлап көзіне,
Оқшаңтайдан жалбыратып жүн-жұрқа,
Әлем-жәлем кіріп барар Купидон
Әсерінен айрылған бұрынғы
Әр сөзді қырық ұмытып,
Тақпақ айтып, былжырақтап тұрмаймыз.
Билемейміз олар тартқан сырнайға,
Өзіміздің биімізді билейміз,
Кейін қарай зырлаймыз.
Ромео.
Ендеше, маған шырақ ұстат, шырағданшы болайын,
Би жағынан мақұрымдау жайым бар.
Меркуцио.
Ромео, сен билемей болмайды.
Ромео.
Түрлерің бар қауырсындай қалқитын,
Ал, менің әр басқанымнан
Ойылардай қара жер.
Меркуцио.
Құйқылжыт бір, қобалжуды қой-дағы,
Саған махаббат өзі-ақ қанат байлаған.
Ромео.
Махаббат маған бергенімде енді ұша
Көздеп тұрып топшымнан оқ қадаған,
Содан бері көтере алмадым еңсемді.
Меркуцио.
Еңсеңді көтере алмай, етпетіңнен жығылып,
Тапап кетпе махаббаттың миуасын.
Ромео.
Махаббат қайдан миуа болсын, тікен ғой,
Тиіп кетсең тістеп ала қоятын.
Меркуцио.
Шеңгеліңді сал сен де,
Жіберме оған есеңді.
Не де болса, перде киер кез болды.
Міне, енді. Ада болдың бет деген бір пәледен.
Енді жұрт маған не десе де мейлі,
Бет тасада,
Қызара қоймас бетперде.
Бенволио.
Есікті қағыңдар, кіріп барып
Билеп қоя бергенде,
Сен де аяқты бірдеңе қып қимылдат.
Ромео.
Маған ұстат шырақты.
Мен соншама еден былғап қайтейін.
Онан-дағы өзіммен-өзім боп
Тұрмаймын ба қызықтап
Түкке тұрмас дырдуды.
Меркуцио.
Махаббаттан маза кетіп, мең-зең болған шырақшы,
Қайдағыны бықсытпай тұр жанбайтын шам сияқты.
Қаралай өлгің келмесе, қақ қақпаңды,
Кім көріп ед талтүсте шырақ жаққанды.
Ромео.
Қонақ қ ұдай жолы дегенмен
Жолымыз бола қояр ма!
Меркуцио.
Күмілжисің неге өйтіп?
Ромео.
Түс көріп ем түнде бір.
Меркуцио.
Міне, қызық. Мен де сүйткем.
Ромео.
Сен не көрдің?
Меркуцио.
Түс емес бір сергелдең.
Ромео.
Менің түсім қай кезде де дәл келген.
Меркуцио.
Періштені толғақ қысқан
Құтқаратын азабынан
Маб деген бір бар ғой мыстан
Сол неменің мазағы да.
Сақинаның сіркесіндей
Болғанымен оның бойы.
Түн баласы тозаң мініп
Шарлайтыны — кісі қойыны.
Шегірткенің бір қанаты
Жайғасатын жол қорабы,
Өрмекшінің сыңар сирағы
Күймесінің доңғалағы.
Ал, мизамның сілекейін
Делбе қылып қолданады.
Нас қыздардың тырнағына
Ұя салған қара бас құс.
Көшір болып атын айдап
Шапқылайды аласұрып.
Ақ тиінмен ұшып-қонған
Тұғжым қоңыз күйме жонған.
Ессіз ғашық жігіттердің
Миын шырдай етеді ол,
Бойжеткеннің іңкәр ерінін
Айнадай қып кетеді ол,
Судьяны мұрттан тартып
Түсінде де пара аңсаған,
Тәлкектейді жүрген шалқып
Хан сарайдың жарамсағын.
Дін басының санасынан
Қуып шығып шариғатты,
Түсінде де санатады
Діндарлардан түскен затты.
Солдатқа қыз құшақтатып,
Күбілеп шарап ішкізеді.
Біреулермен пышақтасып,
Қара терге түскізеді,
Қызыл қанға боянтады,
Түнде шошып оянтады.
Ат қорада аттардың ол
Шатастырар жалын байлап,
Біле алмайсың, не пәле бұл
Бара жатса малыңды айдап.
Жұмыр басты пенделерді
Әбден мазақ ететін сол
Жел сүймеген пәк қыздардың
Етегін түріп кететін сол
Сол Маб мыстан...
Ромео.
Меркуцио, доғар енді
Әңгімеңді құр бәдік.
Меркуцио.
Түс түлкінің боғы деген,
Бейуақ соққан құйындай боп
Еткенімен ұйқы-тұйқы.
Оны түнде өрбітетін
Жалқау арман, арсыз ұйқы.
Бенволио.
Біздер мұнда бос тұрғанда
Түс жорытып, қиял қуып,
Дастарқанда біз күткен дәм
Әлдеқашан қалды-ау суып.
Ромео.
Түс жорытып, қиял соғып,
Тұрған ешкім жоқ мұнда.
Бірақ бүгін жолығамыз бір сынға.
Бұған дейін бұқпантайлап
Бой жасырған бір ниет
Енді келіп көтермекші еңсесін.
Сол бір ниет кереметтен
Менің қыршын ғұмырыма
Тосын қатер төнбесін. Ай,..
Дәу де болса, солай шығар,
Басқа нышан байқалмай түр әзірге.
Бірақ, мейлі, болып қойды болар іс,
Қысыр қиял — бұдан арғы толғаныс.
Жүр, мырзалар, кірейік.

Шығып кетеді.

БЕСІНШІ КӨРІНІС

Капулеттидің үйіндегі зал. Музыканттар. Алдына алжапқыш байлаған малайлар.

Бірінші малай. Әлгі таба ұстаушы Антон қайда жоғалған? Неге жинаспайды? Қалған-құтқанды жалап-жұқтап жүр-ау жазған. Тілін безеп жетер қазір жалаңдап.
Екінші малай. Барлық жұмыс екеуміздің мойнымызға түсуін қарашы. Бізден басқа қызметші құрып қап па! Оның үстіне қолымыздың да кісі көрер сиқы жоқ.
Бірінші малай. Нақышты сәкілер, әне тұр, үйілген ыдыс-аяқты әрі ысыра сал. Күміс ыдыстарға абай бол Қымбаттым, мені жақсы көретінің рас болса, бір кесек марципаны тыға сал Есіктегілерді ескертіп қой, ыдыс тырналаушы Надежда мен Неллиді жібермей қойып жүрмесін. Антон, таба ұстаушы!
Үшінші малай. Мен мұндамын. Не боп қалды?
Бірінші малай. Үлкен бөлмеде сені іздеп жатыр. Қайта-қайта айқайлап дігір-дігір етеді.
Үшінші малай. Маған енді жарыл демесең, шақырған жердің бәріне барып үлгеру мүмкін емес. Тезірек қимылдаңдар, жігіттер. өлмегенге өлі балық жолығар әлі-ақ.

Қонақтар мен сауық құмарларды қарсы алуға Капулетти, леди Капулетти, Джульетта, Тибальт және басқа үй адамдары шығады.

Капулетти.
Төрлетіңдер, мырзалар.
Өкшесіне құс шықпаған ханымды
Таң атқанша қызу жұмыс күтіп тұр.
Не дейсіңдер, арулар,
Бұдан кейін қайтып қызбас делебең.
Табандарың күлбіресе егер де,
Қолымызға көтерсек те,
Көңілдеріңізді табамыз.
Шіркін дүние-ай!
Заманымда мен-дағы
Талай ханымның сарсытып ем құлағын,
Өтті-кетті, амал не...

Ромео, Меркуцио, Бенволио және серіктері кіреді.

Қош келдіңдер, достарым!
Күй тартыңдар, күйшілер!
Ал, билейік... Не тұрыс!

Музыка. Би басталады.

Жарықты молайт, жарықты!
Орындықтарды әрі ысыр.
Каминнің отын басыңдар.
Қапырық, тым қапырық!
(Капулетти ағасына)
Жұртты көрсең, арқаң қызып кетеді.
Отыра бер, не теңіміз би біздің!
Айтыңызшы екеуміз
Соңғы рет қашан билеп ек?
Капулеттидің ағасы.
Осыдан отыз жыл бұрын ғой, шамасы.
Капулетти.
Жоға, тәйірі, қайдан болсын отыз жыл,
Жиырма жыл, не жиырма бес,
Одан әйтеуір көп емес...
Билемеп пе ек Люченцоның тойында.
Ағасы
Иә, олардың бірақ сондағы ұлы отызда.
Капулетти.
Бала емес пе еді кешегі...
Ромео (өз қызметшісіне).
Қасына анау жігіт барып тұра қалған
Бойжеткенді танисың ба, аты кім?
Қызметші.
Танымадым, тақсыр.
Ромео.
Ай дидары шырағдандардың бар нұрынан асып тұр,
Өңшең ноқай ортасында бұл періште қайдан жүр?
Өңкей қарға ортасына түскен аппақ кептердей,
Жанарымен жан дүниемді жарық қылып кеткендей.
Жақын барып қарайыншы ажарына сабаздың,
Бұндай сыйды қайта-қайта қияр дейсің маған кім.
Түкке тұрмайды екен бұған дейін көргенім,
Не сұлуы бола береді екен-ау жұмыр басты пенденің,
Тибальт.
Мынау, апырау, Монтеккидің даусы ғой,
Семсер суыр, балақай!
Мына оңбаған қара перде жамылып
Біздің тойды тәрк етпекке келіпті
Тоқта, бәлем, біз де емеспіз құр жаяу,
Сазаңды алмай шыға алмассын бұл үйден.
Капулетти.
Бұл не қиқу, қымбаттым.
Тибальт.
Монтекки жүр, қалай кірген білмедім,
Сайранымызды ойран қылмақ ол неме!
Капулетти.
Ромео ма айтып тұрғаның?
Тибальт.
Иә, сол оңбаған.
Капулетти.
Түс, ендеше, сабаңа,
Қайтесің оған тиісіп?
Жайыңа тұр, бұл қалада ең әдепті жігіт деп,
Жұрт осыны айтып жүр.
Бұл үйде оны жәбірлетпен ешкімге,
Мал-мүлкімді жауға тәрк етсем де.
Көп сөзді қой, айтқаныма құлақ ас,
Егер мені жас үлкен деп сыйласаң.
Қабағыңды аш, жадыра,
Той үстінде тортаңдаған жөн болмас.
Тибальт.
Жөн шығар онда көрінгеннің
Төрімізде тайраң салып жүргені.
Мен ондайға төзе алман.
Капулетти.
Төзбей көрші, кәне, өзің!
Естисің бе? Қалай-қалай есіреді бұл неме!
Төзбеймін дейді, төр өзінікі сияқты.
Өз тойымда жер қылмақшы өзімді!
Бұдан асқан бассыздық, сірә, болар ма!
Тибальт.
Шын масқараны бастап тұрсыз өзіңіз.
Капулетти.
Доғар енді былшылды!

(Меймандарға)

Жә, кешіріңіз. Орын жоқ бұндай бұзақылыққа.

(Тибальтқа)

Маған жосық үйретпе, жөніңді біл, жарқыным!

(Меймандарға)

Қапа болмаңыз, достар!

(Тибальтқа)

Оспадарсыз қас надан,
Үрдіске үйрен одан да!

(Қызметшілерге)

Жарықты молайт, жарықты!

(Тибальтқа)

Өз қолыңнан келмесе — күштеп жүріп үйретем.

(Меймандарға)

Аяқтарың барады ғой бытырап
Биді түзе, дос-жаран!
Тибальт.
Ашуымды жеңдірем де ақылға,
Кет десеңіз кетейін мен.
Мақұл ма!
Қас дұшпанды қорғадыңыз.
Көр де тұр талай қырғын боларына мен кепіл!

Кетеді.

Ромео.
(Монах болып киініп, Джульеттаға)
Қолыңызға күнәкар қолым жұғысып,
Тәрк қылдым тақуалық парызын:
Періште ерінім пәктігінен суысып
Сүюге әзір күпірліктің әр ізін.
Джульетта.
Қол қысқанның жоқ ешқандай айыбы,
Әлімсақтан келе жатқан келіс қой.
Дидарларға тағзым ету лайығы,
Топ ішінде төс қағысқан теріс қой.
Ромео.
Ерін неге жаратылған ендеше?
Джульетта.
Дұға оқып күбірлеуге, жарқыным.
Ромео.
Дыр-думанда дұға оқыған жөн десең,
Құлағыңды бері әкелші, алтыным!
Джульетта.
Құлағым сізде, басымды имен бірақ та.
Ромео.
Қимылдайын, онда сізден сұратпай.

(Сүйіп алады).

Ернімдегі бар күнәдан енді, міне, арылдым,
Джульетта.
Шаң тимеген пәктігімнен алғаш рет қағылдым.
Ромео.
Пәктігіңді қимасаң, өзіме қайтар күнәмды.
Джульетта.
Сүйісуді қайда жүріп үйрендің?
Күтуші.
Анаң шақырады.
Айтар сөзім бар дейді.

Джульетта шығып кетеді.
 

Ромео.
Анасы кім?
Күтуші.
Кімнің үйінде тұрғаныңды білмейсің бе?
Бәйбішесі осы үйдің,
Қызы әлгінде әңгімелескен сізбенен.
Емшек беріп асыраған мен болам.
Ондай қызға үйленетін жігіттің
Жырта қарыс маңдайы.
Ромео.
Капулеттидің қызы ма?
Қас дұшпанның құрған торына
Өз аяғыммен кеп түсіп
Қасқайған деген осы да!
Бенволио.
Қоштаса бер. Жолың болды бұл жолы.
Ромео.
Жол болғанда сұрама!
Капулетти.
Жоға, тәйірі! Мұнша неге асықтыңдар!
Сусын ішіп думандата тұрыңдар!
Көтермей ме жағдайларың?
Сонша тығыз шаруаларың бар ма еді!
Амал қайсы, ендеше!
Сіздерге көп-көп рахмет!
Сау тұрыңдар! Жол болсын!
Жарық қылыңдар жолдарын!
Ал, мен кеттім. Түн ортасынан ауыпты.
Құлаған дұрыс төсекке!

Капулетти және басқалары Шығып кетеді.

Джульетта.
Айтшы анау есік алдында
Бұрыш жақта тұрған кім?
Күтуші.
Тиберьо шалдың ұлы әрі мұрагері.

Бенволио кетеді,

Джульетта.
Ал анау кім есіктен шықпай тоқтаған?
Күтуші.
Ол кіші Петручио шығар.

Меркуцио шығып кетеді.

Джульетта.
Ал, анау қасындағы
Биге зауқы соқпаған кім?

Ромео шығып кетеді.

Күтуші.
Білмедім.
Джульетта.
Барып біліп кел.

Күтуші әйел соңдарынан кетеді.

Үйленген болса егер ол,
Маған желек орнына
Кебін тіге беріңдер.
Күтуші.
Ол Ромео, Монтекки
Қас жауыңның баласы.
Джульетта.
Дұшпаныма ғашық боп, өз сорыма,
Кер тағдырдың түстім ақыр торына.
Енді қайдан ашылады маңдайым,
Бал орнына у аңсаса таңдайым?!
Күтуші.
Тұрсың не деп күбірлеп?
Джульетта.
Баққа биге барғанда
Біреулер айтқан өлең ғой.

Леди Капулетти (сахна сыртынан).
Джульетта!

Күтуші.
Қазір, қазір! Тарады халық,
Біз де, міне, барамыз шығып.

Кетеді.
Хор кіреді.

Хор.
Қайран жүрек алып ұшқан кешегі
Қасіреттің лайсаңын кешеді.
Елді құртқан болып шықты жырыңды
Елден асқан Ромео бұрынғы.
Қызғалдақтай құлпырған жас махаббат
Қысастықтан таппай қалай шарапат.
Екі араға жайылды енді аран сор,
Екі араға жайылды енді қаран тор.
Не дейді әке күйеу атын есіткен,
Монтеккиді қарата ма есіктен?!
Сонда оны көре ме енді, көрмей ме?
Көрмесе бұл құса болып өлмей ме?!
Кім көтерер бұндай бейнет, запыны,
Азап өзі-ақ табар амал ақыры!

Хор кетеді.

ЕКІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС

Капулеттидің бағының қабырғасы. Ромео кіреді.

Ромео.
Қайда кетем, жүрек осында
Қалған болса байланып.
Өтемін де жер серігіндей
Планетамды айналып.
Бақтың қабырғасынан қарғып кетеді.

Бенволио мен Меркуцио кіреді.

Бенволио.
Тоқта, Ромео!
Меркуцио.
Ромео есуас деп пе ең соншама,
Жатқан шығар төсегінде шіреніп.
Бенволио.
Жаңа ғана кетті ырғып әріге,
Меркуцио, айқайлай түс әлі де.
Меркуцио.
Құр бақырып қайтеміз,
Құр елесте құлақ жоқ қой бәрібір.
Ромео! Есі кеткен мәжнүн!
Ең болмаса сес берсейші, жарқыным!
Жаңғыз ауыз тіл қатшы,
«Қан» мен «жанды» ұйқастырып,
Ғайып ерен, қырық шілтенге тыңдатшы.
Махаббаттың періштесі сыңар көз,
Бәлкім, сенің құлақ асар зарыңа.
Кофетуа патша мен
Тіленші қыз туралы
Аңыздарды айт тағы да.
Естімейді, тырп етпейді, сыбыс жоқ
Мүрдем кеткен. Бекер жыртам өңешті.
Розалина үшін ең болмаса
Сес берші.
Садаға кет сорлы қыздың
Жайнақтаған жанары мен алаулаған ернінен,
Жарқыраған маңдайы мен тал шыбықтай белінен,
Ойнақтаған, бұлғақтаған
Тағы талай жерінен.
Ұйқыңды аш та жауап бер.
Бенволио.
Ренжіп қап жүрмесін.
Меркуцио.
Не деп маған ренжиді?
Іңкәрінің қасына
Салып басқа ашына
Жадылық еткен жерім жоқ.
Қайта мынау қара түнде бақырып
Тұрғанымыз аруағын шақырып,
Ренжімей болар қайта риза.
Бенволио.
Жүр, ендеше, кетейік,
Бұта арасында тығылып отыр шықпайды.
Көзсіз сезім еткен оны есірік.
Меркуцио.
Көзсіз сезім дегеніне жете ме,
Отыр міне тал түбінде бүрісіп.
Шіркін оның ғашығы
Бөрі жидек болар ма ед,
Елден бұрын пісетін,
Аузына өзі келіп түсетін.
Мұнша ақымақ болармысың, Ромео!
Жә, ендеше, қайыр, хош!
Төсегіме жетейін,
Сенің мынау тас төсегің тақылдақ
Жамбасымды мұз боп қарып барады.
Кеттік, Бенволио!
Бенволио.
Кетсек кеттік!
Таптырмасты іздеп таппаспыз бәрібір пәтуа!

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Капулетти бағы. Ромео кіреді.

Ромео.
Менің қайғым оларға күлкі, әрине!
Балкондағы ағараңдаған анау сәуле не болар?
Түн ауғанда шығушы еді күн қалай?
Ә, Джульетта ғой, күн емес.
Шық, бері шық.
Қараң дүниеге нұрыңды қүй, жадыра.
Ай шұғыласы қалсын мына адыра.

Джульетта балконға шығады.

Таста құлдық еткеніңді тақуалық тәңіріне,
Бейкүнәлықтан безін-дағы,
Көн жүректің әміріне.
О, қалқашым, о, тірлігім, қуанышым, шаттығым,
Білмейді-ау әлі өзінің кім екенін!
Тұр, әнеки, әлдекімге әлдене деп күбірлеп.
Көзбен көріп, іштен білген әлгі сиқыр тіл осы!
Ақымақ едім мен неткен!
Тұр ғой біреумен тілдесіп.
Екі көзі, жарқыраған жанары,
Аспанға әне қарады.
Қос жұлдызы жылтырайды мұнарда,
Жерге кел деп тұр арбап.
Шынында да, оның жақұт жанары
Қонақтаса аспанға,
Түн ішінде құстар әнін салады,
Дидарынан тамған нұрды
Жорып ақ таң атқанға.
Қарашы, әне, бір бүйірін таянып,
Балконда тұр тотыдайын таранып.
Әттең, шіркін, анау сүйрік қолдарды
Сүйіп жатқан биялай неге болмадым.
Джульетта.
О, бұл неткен қасірет!
Ромео.
Бірдеңе деп тіл қатты.
Ақ қанатты періштем,
Көк хабарын жеткізіп,
Қанатына көз сүзген
Көп тобырдың үстінде
Шырқ айналған қалықтап!
Джульетта.
Ромео, сүйіктім!
Сенің Ромео болғаның
Бақ болмады, сор болды.
Иә безіп әкеңнің бетпақ атынан,
Иә мені әйел қып
Құтқар мынау Капулеттилер торынан.
Ромео.
Тағы да тыңдай түссем бе екен,
Әлде жауап айтсам ба екен?
Джульетта.
Тек сол бір ат деген пәле
Байлап тұрған бағымды.
Сен Монтекки болмасаң
Балым ақтан жарылды.
Монтекки деген немене?
Бетке, иыққа, аяққа, қолға, кеудеге
Солай деп те ат қоя ма?
Ендеше онда не мән бар?
Неге керек ат деген?
Райханды атамасаң, райхан
Жұпар шашпай қала ма?
Ромео сенің атын егер де
Ромео болмаса,
Бұл дүниеден табыла ма
Тағы да сендей басқа адам.
Өзге бір есім сұрап ал да киеңнен,
Мені түгел иемден!
Ромео.
Келістік, сәулем, ендеше!
Бәрі де құрбан жолыңа,
Атағы мейлі адыра,
Өзгертемін атымды.
Джульетта.
Түн ішінде тілегіме үн қатқан
Қайсың бұл? Тез, жауап бер!
Ромео.
Атымды айтсам аламын ғой шошытып,
Саған бола өзім де одан безіндім.
Айтпақ түгілі аузыммен,
Ол жазылған қағазды
Оқымастан жыртар ем.
Джульетта.
Бес ауыз сөз айтылмап ед арада,
Құлағымда даусың бірақ қалыпты,
Монтекки ғой, Ромео ғой, анық бұл?!
Ромео.
Екеуінің де аты өшсін.
Басқа адаммын енді мен!
Джульетта.
Қалай келдің бұл араға?
Неғып жүрсің түнделеп?
Қорған биік, қалай қарғып өттің сен,
Аңдушы көп, қалай аман жеттің сен?
Ромео.
Махаббатқа қандай қорған тосқауыл,
Қорқытады оны қандай от-жалын,
Сүйген адам біледі ме үрейді,
Сескентердей соншама сенің әулетің
Деп тұрсың ба дүниенің тірегі!
Джульетта.
Олар тірі жібермейді көрсе егер.
Ромео.
Жүз қанжарды тайсалтады сенің нұрлы жанарың,
Сен к салсаң, мың найзаға төтеп бере аламын.
Джульетта.
Түсе көрме тек олардың көзіне!
Ромео.
Жанарыңнан түссе жылы мейірім
Қара түнді қара шапан қып киюге де пейілмін.
Ал, егер де болса салқын қабағың,
Қолға түсіп, жолда жайрап қаламын.
Джульетта.
Жөн сілтеді саған кім?
Ромео.
Жол бастаушым махаббат.
Сен қиянға жер түбіне кетсең де,
Жетпей қойман,
Жолымда егер жолықса.
Буырқанған кек толқын,
Ойланбастан қойып кетем теңізге.
Не қасыңнан, не құрдымнан мені ізде.
Джульетта.
Қараңғылық көлкештеп тұр кімді,
Көрер едің ұяттан
Ду қызарған жүзімді.
Мені осынша қалай біліп үлгердің?
Әдеп сақтап сызылар ем сенімен,
Енді, бірақ, қылымсудың жөні не?
Сүйесің бе сен мені?
Айтпасаң да білемін.
«Иә» дейсің ойланбай.
Өйтпе, мүдір, ойлан, кідір.
Тағдыр құлақ аспайды дейді
Ғашықтардың сертіне.
Жалған айтпа, Ромео,
Су бүрікпе дертіме!
Бәлкім саған көрінермін ұшқалақ,
Кейін мүмкін жиғаннан соң бойымды,
Құлақ аспай сөзіңе,
Кері серпем қолыңды,
Бірақ, оған бара алман өз еркіммен.
Мен өлердей ғашықпын.
Мүмкін, мұным саған ерсі көрінер,
Бірақ, әлгі аярлардан емеспін,
Кекірейер, құрып тұрып ындыны.
Неге ғана бүге тұрмай сырымды,
Айтып қалдым мен ағымнан жарылып.
Сенің, бірақ, тыңдап тұрғаныңды білдім бе?
Көре салып, өле кетер
Өлерменнің бірі екен деп
Безіп кетпе сен мүлде!
Ромео.
Бұтақтарын нұр көмкерген бақпенен
Аспандағы алтын аймен ант етем.
Джульетта.
Айына бір құбылатын
Айды аузыңа ала көрме.
Ромео.
Онда нені антқа ұстайын?
Джульетта.
Өзіңнен асқан асыл не бар дүниеде,
Ант ете көрме өзгемен.
Ромео.
Ендеше, достым, ант етем...
Джульетта.
Ант етпей-ақ қой, мен сенем.
Жайсаң жігіт болсаң да
Жөн еді әзір тұрғанымыз кідіре.
Асығыстық болған жоқ па мұнымыз.
Құлан иек таң нұрындай
Қалмас па екен тез өшіп.
Қайырлы түн! Бүгін жарған бақыт бүрі
Келесі жол гүл атады.
Сен де мендей жадырап бір
Жақсы ұйықта жайланып.
Шыда, достым, шыда тағы.
Ромео.
Сені қалай тастап кетем тез қиып?
Джульетта.
Қимағанда, айтар тағы не қалды?
Ромео.
Мен ант бердім, енді сен де сертіңді айт.
Джульетта.
Антты алдымен айтқан өзім едім ғой.
Енді, міне, тұрмын соған өкініп.
Ромео.
Қайтып алғың келді ме сол антыңды?
Джульетта.
Иә, Саған қайтадан ант бермекке.
Мендегі дәулеттің иесі мен емеспін.
Махаббатым — тұңғиық,
Мейірімім — шалқар көл,
Тауыса алмайды оны ешкім.
Ортайтам десем, түсе берер молая.

Күтушінің даусы шығады.

Іздеп жатыр. Cay тұр енді. Мен кеттім.
Қазір, қазір! — Кешір, бірақ ұмытпа!
Бәлкім, тағы келем қайтып, тоқтай тұр!

Кетеді.

Ромео.
Киелі түн! Киелі түн! Түсім бе бұл, өңім бе?
Асқар таудай асқан бақыт,
Қалай шұғыл тап келген!
Бұл не қылған рақат еді көл-көсір!

Балконға Джульетта қайтып оралады.

Джульетта.
Айтатұғын екі ауыз тағы сөзім бар.
Ромео, маған үйленетінің шын болса,
Қашан, қайда қиылады некеміз,
Ертең саған менің кісім барады,
Ақи-тақи жауабыңды алады.
Содан кейін қонды дей бер қолыңа,
Содан кейін садақамын жолыңа.
Күтуші.
Ау, көгершінім!
Джульетта.
Қазір барам, қазір! —
Ал егер де көлгірлік болса көңілінде... Онда айтарым...
Күтуші.
Көгершінім!
Джульетта.
Тез жөнел де, бұдан кейін жолама,
Ертең өзім көріп алам қалғанын.
Ромео.
Ант етемін, уайымдама.
Джульетта.
Жүз мың мәрте сау боп тұр.

Кетеді.

Ромео.
Ай дидарыңды бір көруге зар болып
Жүз мың мәрте күрсінермін ертең мен.
Жолығысқа келерде
Мектептен қайтқан баладай
Кетесің бір емпеңдеп.
Жолығыстан қайтқанда —
Оқуға барар баладай
Зіл басады желкеңнен.

Джульетта балконға қайта шығады.

Джульетта.
Ромео, қайдасың?
Сырнай тартып шақырсам ба,
Әлгі құсты қайтадан.
Мен қапаста, айқайлауға болмайды,
Дауысым қарлыққанша айқайлар ем әйтпесе.
Сес шығармай сыртыма
Ромеолап қақсаймын да ішімнен.
Ромео.
Қалқам кейін шақырады, қайтайын,
Ғашықтардың түнгі үнінен асқан не бар дүниеде!
Джульетта.
Ромео!
Ромео.
Сүйіктім!
Джульетта.
Ертең қай сағатқа
Жіберейін кісімді?
Ромео.
Тоғызға.
Джульетта.
Оған дейін аттай жиырма жыл!
Қалай күтем сарылып...
Қалыппын-ау ұмытып,
Не демек едім мен саған.
Ромео.
Есіңе түсіріп ал.
Күтуден мен шаршаман.
Джульетта.
Тоқтай тұр онда.
Бәрібір мен қалам тағы жаңылып,
Қайта сені шақыру үшін жалынып.
Ромео.
Ол ешқашан түспегей де есіңе,
Джульетта.
Күте тұрам, асықтырам несіне.
Таң атып қалды.
Кетпесіңе болмайды.
Апырай, қайтіп қоштасуға қиямын.
Жіпке байлап ұстайтұғын
Секілдіміз шымшық кұс,
Қанатыңды сәл қомдасаң
Аяғынан тартып
Құртатұғын мысыңды.
Ромео.
Ондай болсаң арман не!
Джульетта.
Менің де сол арманым,
Бірақ өйтіп басыңа
Ажалды қайтем төндіріп.
Қош тұр, достым, қимасақ та қайтамыз,
Қош деген бұл жексұрын сөзді, апырау,
Аузымыз барып қалай ғана айтамыз?!
«Қайырлы түн!» дегеніміз жөн шығар.

Кетеді.

Ромео.
Сау тұр, қалқам, жайлы жатып, жақсы тұр.
Дегенге жетіп, бақыт қонсын басыңа
Сөйлесетін шаруалар шығып тұр,
Кеттім әлгі пірәдардың қасына.

Кетеді.

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Лоренцоның құжырасы. Қолына зембіл ұстаған Лоренцо кіреді.

Лоренцо пірәдар.
Түн ыдырап, ататын таң
Бұлтты орапты шапағына.
Қараңғылық мас қонақтай
Зорға қайтқан жатағына.
Таңғы мұнар кетпей тұрып,
Шөптегі шық кеппей тұрып,
Зембілімді толтырып бір алайын,
Мұндағыларға дауа болғай лайым.
Қара жер -— бұл бәріміздің анамыз,
Содан өрбіп, ертең қайтып барамыз.
Жан-жануар, жеміс-мәуе, тас бұлақ
Жатыр соның көкірегін тартқылап.
Мың бір ғалам перзентінің бәріне,
Мың бір ғажап сипат таппақ әлі де,
Тарғыл тасқа, қу бұтаға, балдырға,
Әр беріпті, бірін кенде қалдырмай,
Қай шеберің қолдан тоқып береді,
Құба талдың күлтеленген желегін.
Артық, оғаш ештеңені ол білмейді,
Бәріне мән, бәріне нәр іздейді.
Мезгілінде — бәрі зәру өте қат,
Мезгіл өтсе — бәрі де зәр, кесапат.
Мәселенки, мынау сабаң басында
Зауал да тұр, дауа да тұр қасында:
Тамыры — у, табан асты қатырар,
Гүлі — шипа, көзді шайдай, ашырар.
Дәл осылай екі айырық жанымыз:
Бірі — қысастық, бірі — адал арымыз,
Қысастықтың ар жағында тілазар,
Аузын ашып тұр ажал.
Ромео (сахна сыртынан)
Пірәдар!
Лоренцо пірәдар.
Тәңірге құлдық!
Таң атпай жүрген қайсың бұл?

Ромео кіреді.

Е, сен бе едің,
Есенбісің, жігітім.
Ертелетіп кетіпсің ғой бүгін тым.
Ұйқың қашып таң сәріден жортардай
Кәрімісің,
Күнәң бар ма қорқардай
Соң болмаса, бұрын тұрмай сәскеден
Тәтті ұйқыны маздатпай ма жас деген.
Жеп жатпаса жанын егер жегі құрт
Бүйтіп бейуақ жортпас болар ер жігіт.
Ұйқы безіп кетті ме дерт батқаннан,
Әлде әуелден аман ба едің жатқаннан.
Ромео.
Сөзіңнің дұрыс соңғысы.
Лоренцо пірәдар.
Не де болса Құдай өзі кешіргей.
Келесің бе әлгі Розалина сылқымнан.
Ромео.
Менен аулақ бүгіндерде о мыстан,
Өзі түгілі атын да оның ұмытқам.
Лоренцо пірәдар. Жақсы бопты.
Онда неге тұрсың мұнша қуанып?
Ромео.
Өзімнің де сізге айтпағым осы еді.
Кеше кеште ұлы жиын үстінде
Сайысқа шықтым, дұшпан көзге түсті де.
Екеуміз де жараландық. Наныңыз.
Шапағат қып жарамызды таңыңыз.
Өзім айтқан өсиеттен шығыппын:
Кешірген соң есімін де ұмыттым.
Лоренцо пірәдар.
Айтсын десең мен өзіңе бір ақыл,
Орағытып бұлтақтатпай тұра тұр.
Ромео.
Капулеттидің қызына ғашық болдым құмартып,
Ол да мені қапты өзімдей ұнатып.
Бұдан әрі бізден тыншу кетеді,
Өзің қиып бермесең егер некені.
Жай-жапсарды кейін-ақ біл, тұрыс не,
Асықпасақ болмайды енді бұл іске.
Лоренцо пірәдар.
Уа, тоба, не сұмдықты көз көрген,
Мына жігіт қалай-қалай өзгерген,
Бұ заманның қандай азғын жастары,
Ажырасар қосылмай жатып бастары
Кеше ғана басқасына бүлініп,
Жүрмеуші ме ең қыр соңынан жүгіріп.
Ол болмаса өлемін деп қақсаған,
Сен бе, әлде басқа адам?
Ендеше, сол қайда қайғың қапырық,
Көкірегіңді бара жатқан жапырып.
Көрмей тұрмын сора-сора бетті де,
Немене оны сайтан сүртіп кетті ме?
Розалинаны мақтаушы ең ғой лепіре,
Енді қайтып қарап тұрсың бетіме.
Еркектердің жеткен жері бұл болса,
Әйелдерге қараған күн
Бұл болмаса, күл болсын.
Ромео.
Бұрын маған ұрсушы ең ғой сол үшін, пірәдар.
Лоренцо.
Ол үшін емес, мінезің үшін шыжбалаң.
Ромео.
Өліп-өшпей, қош айтыстым, міне, енді.
Лоренцо пірәдар.
Тағы да сүйтіп тәлкектеуге біреуді.
Ромео.
Ол кім бопты мына қыздың қасында,
Бұл — ақ періште, ол — пері ғой расында.
Лоренцо пірәдар.
Ол пері ме, сен пері ме кім білген,
Өйтіп, бауырым, мені бүгін күлдірме.
Бірақ, шыным, сен шалдуар жігітті
Өзіп бүгін, көңілім бір үмітті:
Келін боп түсіп кейінгі мынау сәулешің,
Табысқай да екі қияс әулетің.
Ромео.
Тездетсейші, ендеше!
Лоренцо пірәдар.
Сабыр, бауырым, сабыр түбі — сары алтын.
Асыққаннан ақау шығып қалатын.

Кетеді.

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Көше. Бенволио мен Меркуцио кіреді.

Меркуцио.
Ромео қайда жүр?
Өзі үйге қонды ма?
Бенволио.
Жоқ, қонбапты.
Жаңа сұрап білдім мен.
Меркуцио.
Әлгі Розалина көбейтер де қылжақты,
Бірдеңеге ұрындырар бейбақты.
Бенволио.
Естідің бе? Капулеттидің жиені, әлгі
Тибальт деген неме хат жазыпты өзіне.
Меркуцио.
Шақырған шығар сайысқа.
Бенволио.
Ромео жауап берер ме екен?
Меркуцио.
Таңғалатын несі бар! Хатқа жауап бергенде не тұр?
Бенвило. Жоқ, ол сайысқа шығам дейді, көрерсің.
Меркуцио. Бейшара Ромео! Ол онсыз да әлгі бір ақ сайтанның көзі өтіп, солып бітуге айналды. Құлағынан әзәзілдің сиқыр үні кетпейді, жүрегіне сұқсыр көздің сұғы оқтай қадалған. Тибальтқа төтеп бере алса жарар еді-ау.
Бенволио. Ал Тибальт ше?
Меркуцио. Ертедегі Тибальт деген мысықтан гөрі әлдеқайда басқалау. Намысқа тисең — албастыдан бетер арпаласып кетеді. Семсеріне көз ілеспейді. Бір, екі, үш... Қара қанжар қарныма қадалды дей бер. Ондай сайыскер көрсем көзім шықсын. Оның әлгі passado, punto, roverso, haib — деп айқайлағанын естісең, төбе құйқаң төңкерме тамғандай тызылдап ала жөнеледі.
Бенволио. Немене дедің?
Меркуцио. Әлгілердің былшылы да. Оларды тыңдасаң, еститінің: «Семсер болғаныңа! Бәс тігем, міне, еркек! Қыз деп, міне, осыны айт!» — Теңіз асып бізге жеткен, қаңғырма сөз неткен көп! Қит етсе: тоі немесе bon. Ал, әлгі далаңдаған шалбарын көрсең, күлкіден ішегің түйіледі.

Ромео кіреді.

Бенволио. Мына қара, Ромео!
Меркуцио. Қатқан шабақтай қабысуын байғұстың! Бейшара, адам мен балықтың арасында еш айырма қалмапты-ау. Лаурасына күйіп-жанған Петраркадай бұл да өлеңмен ақтарылар. Бонжур, синьор Ромео! Сіздің анау француз іш киіміңізге біздің французша тағзымымызды қабыл алыңыз. Кеше бізді оңдырмай жер соқтырып кеттіңіз.
Ромео. Екеуің де есен болыңыз. Жер соқтырғаны қалай? Қашан? Қайтіп?
Меркуцио. Бірге қайтамыз деп уәде етіп, жол-жөнекей тайып тұрдыңыз..
Ромео. Кешір, сүйікті Меркуцио. Шаруа бастан асып тұр. Қазір өйтіп тәжікелесіп жатуға жағдай жоқ.
Меркуцио. Сөз бар ма? Сенің жағдайыңда жер бауырлап жорғаласаң да айып емес.
Ромео. Айтқан ақылыңыз мұнша сыпайы болар ма!
Меркуцио. Сөз бар ма? Бұл дүниеде менен сыпайы ешкім жоқ. өн бойымнан сыпайылықтың иісі емес пе аңқитын.
Ромео. Қалампырдың иісі секілді.
Меркуцио. Дәл айтасың.
Ромео. Менің башмағыма да сондай иіс жұғыпты.
Меркуцио. Табылған сөз. Мірдің оғындай өткірін-ай өзінің! Қашан табаннан таусылғанша, осы бақай қулығыңнан айырылма. Қуақылық та әлгі күйек алу секілді бітпейтін де қоймайтын мәңгі өшпейтін өнер дейді ғой.
Ромео. Ал, сен болсаң жайбарақатсың, жаратылыстың өзіндей. Іс қиынға айналып кетпесін деп, әуелден-ақ жібермейсің қапыңды.
Меркуцио. Ол әйтеуір мына сенің түн болса аһылап-үһілеп төңбекшігеніңнен әлдеқайда дұрыс қой. Сенімен енді ашық сөйлесуге болады. Ромео, сен өйтіп әлдеқандай бола берме? Сенің де әуселең белгілі. Әлгі сенің ғашығың жерде жатқан қу томарды шүберекке орап, омырауына басып құшақтап, әрлі-берлі сенделген делқұлы қыз сияқты.
Бенволио. Жә, жетер енді.
Меркуцио. Шамырықтырып аламыз деп қорқасың ба?
Бенволио. Жоқ, сендердің бұл кермар әңгімелерің бүгіндікке бітпейді ме деп қорқамын.
Меркуцио. Сен өйтіп қателеспе. Түйінді сөзге енді келдім. Соны айтам да бітірем.
Ромео. Әне, қараңдар! Міне керемет!

Петр мен күтуші әйел шығады.

Меркуцио. Көкжиектен желкен көрінді.
Бенволио. Бір юбка, бір шалбар!
Күтуші. Петр!
Петр. Құлағым сізде.
Күтуші. Желпуішім қайда, Петр?
Меркуцио. Желпуішін бер, ажарын келтірмей тұрған жалғыз сол екен.
Күтуші. Қайырлы таң, қайырымды мырзалар!
Меркуцио. Кеш жарық, сүйкімді ханым!
Күтуші. Қайдағы кешті айтасыз.
Меркуцио. Сіздің енді қалған өміріңіздің қоңырқай кештен несі артық.
Күтуші. Иә, оныңыз рас. Бірақ, өзіңіз қызық кісі екенсіз.
Ромсо. Иә, ол о бастан өзін-өзі тәлкектеуге жаралған.
Күтуші. Қызық екен. Өзін-өзі тәлкектейді дейсіз бе? Жә, келген шаруамды айтайын. Маған жас Ромео мырзаны тауып бере алмайсыз ба?
Ромео. Қызметіңізге құлдық. Тек ол жас Ромео сіз күткеннен гөрі қартамыстау болып шығып жатса көңіліңізге келмесін. Аты Ромео адамдардың ішіндегі ең жасы және ең бір сұрықсызы мен боламын.
Күтуші. Егер Ромео сіз болсаңыз, менің сізге оңашалап айтатын сөзім бар еді.
Бенволио. Көрерсің де білерсің, ол оны бір жерге қонаққа шақыра келді.
Меркуцио. Жеңгетайға жарыдық. Тфу, тфу, тек көз тимесін де.
Ромео. Кімнің ізіне түсіп тұрсың?
Меркуцио. Қоянның емес, әрине. Әлгі бір қартайғасын ғана қалжа орнына жарайтындарда да шаруам шамалы.
Әндетеді.
Қоян сойып, қол қусырма қонаққа,
Жаламына жұғын болмай, мазақтар.
Қалжа іздесең кәрі қазға жолама
Тісің сынып, пышақ өтпей азаптар.
Ромео, үйіңе жүресің бе, жоқ па?
Біз сіздікінен тамақтанғалы келеміз:
Ромео. Жүре беріңіздер, мен қазір жетем.
Меркуцио. Cay тұрыңыз, кәрі бикеш. Көріскенше.
Күтуші. Сіз де сау тұрыңыз. Алдыңыздан жарылқасын.

Меркуцио мен Бенволио шығып кетеді.

Өз-өзінен кеудесіне нан пісіп жүрген мына оспадарсыз мырза қай мырза?

Ромео. Бұл — бір өзін тек өзі ғана тыңдайтын, бүгін бір сағатта айтқан сөзі артынан өзіне бір ай азап болатын әңгүдік жігіт.
Күтуші. Егер ол әлгі әңгімесінің бәрін маған бағыштаған болса, кеудесіне он жерден нан піссе де, түбі бір есебін келтірерміз. Маған күлген сұмырайдың күні қандай болатынын көрсетермін ақыры бір. Мен көрсетпесем, басқалар көрсетер. Дарақы даңғой оңбаған! Ондайыңды әлгі қойныңнан өріп, қонышыңнан шығатын шүйке бастарыңа немесе өзің құсаған елден шыққан жел бастарыңа айт (Петрге). Сен де мықтадың! Қайдағы бір қаңғыбас қасыңдағы ханымға аузына не келсе, соны көкіп жатқанда, кескен томардай сілейіп тұрсын кеп!
Петр. Мен оны байқамадым ғой. Байқасам, кеңірдегін жұлып ап қолына ұстатам ғой. Орынды жерінде, ертең заң мені жақтайтынына анық көзім жетсе, семсерді сермелеп бағуға ешкімнен ақыл сұрамаймын.
Күтуші. Құдай-тәңірім, әліге дейін сабама түсе алмай, қалш-қалш етіп тұрғанымды көрмейсің бе... Оңбаған мақтаншақ маубас... Сэр, менің келген шаруам бұл емес еді. Менің бикешім сізден бір нәрсені біліп кел деп еді. Нені біліп кел дегенін өзім білем. Тек сіз оның басын айналдырып алдағы жүрмесеңіз ғана айтам. Кешірерсіз, басқа сөздің ретін таба алмай тұрмын. Менің бикешім өң мен солын танымаған уыз жас қой. Егер оны алдап жүрген болсаңыз, жақсы адамдар ондай қылықты істемейді. Сізге де ол келіспейтін нәрсе, рас айтам...
Ромео. Тоқтай тұрыңыз. Біріншіден, менен ол бикешке тағзым етіңіз. Ант етейін...
Күтуші. Әрине, айтып барам, сіз сондай қайырымды адамсыз. Ол бір төбесі көкке жетіп қалсын!
Ромео. Нені айтып барасыз. Мен әлі аузымды да ашқан жоқпын ғой.
Күтуші. Сіздің әлгі ант еткеніңізді айтам. Одан артық қандай әңгіме керек.
Ромео.
Қайткен күнде де бүгін түсте
Жетер болсын пірәдарға.
Лоренцо екеуміздің некемізді қияды.
Ұқтыңыз ба? Ұмытпайсыз ба?
Ақыңызды жемеймін.
Күтуші. Ниетіңізге рахмет. Маған ақы керек емес.
Ромео. Бұл не тағы? Беріп тұрғанда алмас болар ма!
Күтуші. Жарайды, өзім реттейін. Түсте алып келейін.
Ромео.
Монастырь қақпасының алдында
Саты көтерген бір адамды күтіп тұр.
Дегеніме бүгін түнде жеткізеді сол саты.
Еңбегіңізді қайтарамын екі есе. Сау тұрыңыз.
Бикешіңе сәлем айт.
Күтуші.
Құдай сақтасын! Тыңдаңызшы, сэр...
Ромео.
Құлағым сізде, айтыңыз.
Күтуші.
Сенімді кісі ме әлгі адам?
Үшінші адам не керек.
Мен өзім де жетем ғой.
Артық көзден опа табар ма екенбіз?
Ромео. Ол бір берік адам сертіне.
Күтуші. Жарайды, сэр. Біздің бикеш... О, тоба!... Кішкентайында... Естіп тұрсыз ба, оған осы қаладағы бір Парис деген жас жігіт қырындап жүр. Бірақ, оған қыздың өзі ыңғай беретін емес. Ол үшін Парис те бір, көлбақа да бір. Мен оған Парис сізден гөрі дұрысырақ жар болар еді деп әңгіме бастадым-ақ, өңі бөздей боп қуарып кетеді. Ол туралы тіпті естігісі де келмейді. Айтпақшы, осы «Розмарин», «Ромео» деген сөздер бір әріптен бастала ма?
Ромео. Оны неге сұрадыңыз? Иә, екеуі де бір әріптен басталады. «Әр». Онда тұрған не бар?
Күтуші. Неткен қылжақбассыңдар! Р... Р... дейтін ит емес пе? «Әр» — десең әңгіме басқа Сіздің атыңыз одан басталмайтын сияқты еді ғой. Әйтеуір, ол сіз бен Розмаринге ұқсастырып қайдағы бір сөздерді ойлап табады. Өзіңіз естісеңіз күлкіден шегіңіз қатар еді.
Ромео. Бикешке тағзым етіңіз.
Күтуші. Иә, бір емес, мың рет тағзым етемін.

Ромео кетеді.

Петр!
Петp. Не дейсіз? Құлағым сізде!
Күтуші. Менің желпуішімді ұстап, ілгері жүр.

Кетеді.

БЕСІНШІ КӨРІНІС

Джульетта шығады.

Джульетта.
Күтуші ғой тоғызда кетті.
Жарты сағатта жетем деген.
Бұл барғанша, ол шығып кетіп,
Кездесе алмай қап жүрер ме?
Мүмкін емес.
Күтушінің шабандығынан бәрі де.
Шіркін, ғашықтардың арасына
Адам емес, ойға хабар тасытса,
Желден бұрын жетер еді-ау зуылдап.
Көгершіннің қанатына хат байлап,
Купидонға қанат бітіріп қоятыны да,
Міне, осыдан екен ғой.
Көрмейсің бе, тас төбеде күн көзі,
Ол кеткелі үш сағат,
Әлі күнге көрінбейді қарасы.
Шіркін, мен емес, өзі ғашық болса ғой,
Әлдеқашан атқан оқтай зымырап
Жетпес пе еді бағана-ақ.
Кәрі-құртаң сонша мыстан болар ма,
Бірдеңеге жұмсасаң,
Міне осылай басып болмайды аяғын.

Күтуші мен Петр шығады.

Келді-ау, ақыры.
Айналайын, күтушім!
Не хабар бар?
Көре алдың ба сен өзін?
Жөніне жібер Петрды.
Күтуші.
Бара ғой, бауырым, қақпаңа.

Петр кетеді.

Джульетта.
Айтсайшы енді...
Неге ренжідің мұншама?
Жаман хабар әкелдің бе, қабағыңнан қар жауып,
Жақсы хабар болса, неге
Кекесін тұр езуіңде.
Күтуші.
Жер түбіне барып келдім.
Шаршадым.
Сай-сүйегім сынып барад.
Дем алайын мұрша бер.
Джульетта.
Аяқ-қолды садақаға шалайын
Хабарды айтсаң мен күткен.
Күтуші.
Не бар сонша жанығып.
Көрмейсің бе, ұстап отыр демікпем.
Джульетта.
Демікпеңе жылап-сықтап отырғанша манадан
Хабарыңды айта салсаң болмай ма?
Тоқ етерін баяндашы:
Шаруамыз оңады ма, оңбай ма?
Күтуші. Оңады ма, оңбайды ма, ол жағын әлі көрерміз. Жерден жеті қоян тапқандай қуанып ең. Менімен ақылдасқан жоқсың, енді өз обалын өзіңе. Ромео! Ромео, болса қайтейін... Әрине, бет-әлпеті жақсы-ақ, ал тұлға-тұрпаты тіптен тамаша. Аяқ-қолына ауыз ауыртпасаң да болады, бәрібір теңеу таба алмайсың. Иә, сөз бар ма... Дұға оқи бер, қызым. Тамақтанып па едіңдер?
Джульетта.
Әлгі айтқандарыңды мен өзім де білемін.
Тойды айтсайшы. Тойдың жайы не болды?
Күтуші.
Басы құрғыр сынып барад жарылып,
Быт-шыт болып кететіндей көкке ұшып,
Белім міне, қалды тіптен бүгілмей.
Кісіні бұлай ит қиянға айдаған
Құдай сені кешер, бәлем, кешпейді!
Джульетта.
Шаршағанына мен-ақ айыпты болайын,
Айтшы, көке, ол не деді той жайын?
Күтуші. Оның да әдемі, әрі қайырымды және... әдепті адамдардың қай-қайсысы секілді бар айтқаны... Айтпақшы, осы анаң қайда жүр?
Джульетта.
Анам қайда дейді ме? Үйде, әрине,
Басқа қайда болушы еді
Сондайда жауап болып па?
«Анаң қайтадан» басқа сөз құрып қалып па?
Әдепті адам айтатын.
Күтуші.
О, тәңірім!
Сонша неге қала қойдың безілдеп.
Осы болса қызметім хиуазы,
Бұдан былай өзің тасы хатыңды!
Джульетта.
Алжастырар ақылдан!
Ромео сонда не деді?
Күтуші.
Сөзді қойшы, әзірсің бе сұхбатқа.
Джульетта.
Әзірмін.
Күтуші.
Лоренцо пірәдарға жүгір онда тезірек.
Сол жерде сені әйел қылмақ күйеуің.
Баяғыдан естімегі осы екен —
Қырмызыдай құлпыруын қарай гөр.
Бар ендеше жүгір әлгі мұндарға,
Маған шаруа жетіп жатыр мұнда да,
Сенің әлгі нақсүйерің жұмсады
Түнде түсер жасап қой деп жіп саты.
Ол оңбаған келмей жатып қолымызды байлады,
Саған-дағы түнде артатын жүгі оның сайлаулы.
Жолыңнан қалма, мен де кеттім
Суып қалар тамағым.
Джульетта.
Кеттім, кеттім. Сау боп қай.

Екеуі де кетеді.

АЛТЫНШЫ КӨРІНІС

Лоренцо пірәдардың құжырасы. Лоренцо пірәдар мен Ромео кіреді.

Лоренцо пірәдар.
Некенің жолы ауыр жол Артынан жүрме өкініп.
Ромео.
Әмин!
Арты бұның бұл болмаса тұл болсын
Джульеттаны көрсем болды бір рет
Одан артық бақыт тіпті тілемен!
Ақ некенің суын сізден бірге ішіп,
Өзімдік деп иемденіп бір-ақ сәт,
Сосын, мейлі өлсем-дағы арман жоқ.
Лоренцо пірәдар.
Алыпұшпаның арты опат болатын,
Сабырға жеңдір, ақырын құт бақыттың.
Өртпен тынар қосылғанда оқ пен от,
У боп кетер шекер-балың көп ішсең,
Асқынғаннан асқан жоқ еш кесапат,
Саки да емес, сараң да емес түбінде
Әр нәрсенің білген озады мөлшерін.

Джульетта кіреді.

Келді өзі де. Бұған дейін мынау суық еденді
Мұндай сұлу аяқ басып көрмепті.
Ғашықтықтың жан сезімі өрмегіндей мизамның
Қоңыр күзде шөп басына тор құрған.
Джульетта.
Сәлем бердік, артық, асыл пірәдар!
Лоренцо пірәдар.
Екеуміз де ол үшін Ромеоны алғайық.
Ромео.
Айтшы, Джульетта,
Сен де мендей алабұртып тұрсың ба?
Тұрсаң егер, сөз тауып айт
Алып-ұшқан көңілді бір басатын.
Жеткізетін табысқандай қос жүрек
Жанды ерітер жолығыстың рақатын.
Джульетта.
Айтсаң әрі кіре түсер сөз ғана,
Сезім шіркін сөзден мүлде жүдейді.
Кеуде толы махаббатты қозғама,
Сөйле дейсің, көңілдегі өрт үдейді.
Лоренцо пірәдар.
Тезірек барып жол-жораны бастайық,
Көрмей жатып, өліп-өшіп құмартқан
Қос мұндарды қалай жеке тастайын.

Үшеуі де шығып кетеді.

ҮШІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС

Алаң. Меркуцио, Бенволио, паж және малайлар көрінеді.

Бенволио.
Өтінемін, Меркуцио, кетейік.
Күннің мынау күйдіруге қалғаны.
Толып жүрген Капулетти жан-жағың.
Бүйте берсек, жолығады бір пәле.
Қаталап барад қанымыз.
Меркуцио. Сен осы трактирге кіре сап, семсерін: «Құтылдым ба осы пәледен, құтылмадым ба!» — деп үстелге лақтырып тастап, артынан екі тостаған шарапты қағып салғасын, қайтадан қаруына жармасатын жарыместерге қатты ұқсайсың.
Бенволио. Расында да солаймын ба?
Меркуцио. Жарқыным, күллі Италия ала бүлік болғанда, жалғыз өзің қайдан байсалды болайын деп ең. Сен де жұрттай ессіздікке құштарсың да, құштарлықта ессізсің.
Бенволио. Қалайша?
Меркуцио. Солайша? Тіпті сенбей тұрсың ба? Басқа біреудің сақалының бір талы артық болса, жағасынан жармаса кететін кім? Сен..." Көзіңнің каштан түстес екенін байқамай көзіңше каштан жеген кісінің кеңірдегінен ала кететін кім? Сен. Жұмыртқаның іші уызға толы болса, сенің шақшақайдың жұмыртқасындай шақша басың қайдағы бір ұрыншақ ойларға толы. Көшеде түшкіріп, күншуақта ұйықтап жатқан итіңді оятып жібергені үшін төбелесетін де сенсің. Пасха болмай тұрып жаңа киім кигені үшін тігіншіні төмпештейтін де сенсің. Аяғына жаңа башмақ киіп, оны көне баумен байлағаны үшін бейтаныс біреудің бетін бетегедей қып жапырып беретін де сенсің. Сүйтіп тұрып маған кейуаналық айтқың келеді.
Бенволио. Егер мен сеп секілді даукес болсам шақша басымды сағат сайын қамсыздандырып отырған болар ем.
Меркуцио. Қамсыздандырғышын! Қарай гөр!

Тибальт және біреулер шығады.

Бенволио. Басымды кесіп берейін, мыналар Капулеттилер!
Меркуцио. Өкшемді кесіп берейін, кім болса да қимам қышымайды.
Тибальт. Кеттік, достар. Көрейік бір сөйлесіп. Тек екі-ақ ауыз сөз. Артық былшыл керек емес.
Меркуцио. Екі ауыз сөз? Дәмесін қарай гөр. Құйрығыңнан екі тепсек қайтер ең.
Тибальт. Қызметіңе құлдық, тек тілге тиек себеп тауып берсең болғаны.
Меркуцио. Себепті де тауып беру керек бұларға?
Тибальт. Меркуцио, сен Ромсоның тобындамысың?
Меркуцио. Тобындамысың? Бұл қайдан шыққан сөз? Топ болып, сонда біз қаңғырып жүрген музыканттар ғой дейсің бе? Ендеше, өз обалың өзіңе. Менің скрипкам мінеки. Бұны шертсем, өзің де билеп қоя берерсің. Міне, бұның маған ұнайды. Өзіме де керегі осы болатын!
Бенволио. Айдай көшеде айғайласуымыз бекер-ақ. Не кетейік оңаша, не тарасайық таласпай. Әйтпесе, жұрт, әнеки, бәрі бізге қарап тұр.
Меркуцио.
Көзі бар жұрт өзі білсін не істерін.
Қарап тұр деп, тайқып кетер жайым жоқ.

Ромео шығады.

Тибальт.
Жөндеріне жүріңдер.
Келді міне, менің керек адамым.
Меркуцио.
Адамым? Қалайша ол бола қалды сенікі!
Сен сайысқа шығаратын кісіні де
Басыбайлы иемденіп қойып па едің әуелден?!
Тибальт.
Ромео, бұған дейін зорға-зорға шыдағам,
Оңбағансың! Осы сенің сыбағаң!
Ромео.
Тибальт, мейлі өзің біл, не десең де мен жайлы,
Ол сөзіңе апшитын адам мен емес.
Оңбаған жан емесімді өзім жақсы білемін.
Сондықтан да ашуыңды кешіремін,
Іздемеймін төбелес.
Тибальт.
Мәймөңке сөз қоздырмаса жынымды,
Жібітпейді саған деген ренішті бұрынғы.
Ромео.
Менің сені ренжіткен жерім жоқ.
Көп ұзамай болмақшымыз туысқан,
Сондықтан да дұрыс шығар ұғысқан
Кел, Капулетти, тарасайық дос болып,
Көріскенше! Тек әзірге тұр қош болып!
Меркуцио.
Дәл осындай ез де бола берер ме!
Шыққыр көзім бұл сұмдықты көрер ме!
Қоян жүрек, қорқақ, Тибальт, тоқта енді!
Кете алмайсың, қадап кетпей семсерді!

Семсерін суырады.

Тибальт.
Сенің осы мендегі қай алмағың?
Меркуцио.
Алмағым сол, мысықтардың патшасы,
Тоғыз жаныңның біреуін" осы қазір
Шырқыратып суырамын көзіңше,
Кейін тағы көре жатам қалғанын.
Тибальт.
Не тұрыс бар ендеше! (Семсер суырады.)
Ромео.
Тоқтат, Меркуцио!
Меркуцио.
Ал, тақсыр, қайда әлгі passado
(Семсерлеседі.)
Ромео.
Бенволио, неғып тұрсың, суырсайшы қылышты,
Ажыратып бұл екеуін, тыйдырайық ұрысты.
Ұят қой мынау, мырзалар! Меркуцио!
Князь көрсе не дейді?
Веронаның көшесінде тыйғаны қайда сайысты?!
Тоқта, Тибальт! Меркуцио!

Ромео араша түсіп жүргенде Тибальт Меркуционы жарақаттап, серіктерімен бірге қашып кетеді.

Меркуцио.
Қылышың тиді ішіме!
Екеуіңнің әулетіңді де
Оба қырғай түп-түгел.
Құтылып кетті-ау дін аман.
Бенволио.
Жарақатың ауыр ма?
Меркуцио. Тырнап кетті. Оны аз деп тұрсың ба? Пажым қайда? Жүгіртсейші докторға!
Ромео. Онша терең кіре қоймапты. Шыдасайшы. Меркуцио. Қара көрдің бұдан гөрі тереңірек екені, шіркеу қақпасының бұдан гөрі кеңірек екені рас. Бірақ, осы да жетер түбіме. Ертең менің бұ дүниелік емесімді естірсің. Ойыным осыменен осылды. Екеуіңнің де тұқым-теберіңе оба тисін шетінен. Қап, әлгі ит, мысық, көр тышқанның жасағанын қарашы. Өлімші қып тіліп кетті, көрдің бе! Оңбаған ит сұмырай! Семсерлесудің қитұрқыларын кітаптан оқып үйренген. Аяққа оратылып нең бар еді? Сенің қолыңды қалқалап кеп, жаралап кетті, мінеки.
Ромео.
Айырғым кеп ед сендерді.
Меркуцио.
Бенволио, баста өзің.
Қазір менің естен танар түрім бар.
Құрып кеткір қос тұқым,
Түбіме ақыр жеттіңдер!
Бәрі қалды адыра!

Бенволио мен Меркуцио шығып кетеді.

Ромео.
Менің досым, әрі князь туысы
Жараланды мен үшін.
Жұрт алдында кетті Тибальт жер қылып.
Енді ғана туысқан боп
Жарасқалы тұр едік.
Джульетта, бір сен үшін
Арды қолдан бергенім.

Бенволио қайтып оралады.

Бенволио.
Ромео, Меркуцио шәйт кетті.
Оның асау албырт жаны аспанға
Қара жерді талақ етіп кетті ұшып.
Ромео.
Мұнша сәтсіз неткен күн!
Тағы да бір қантөгістің басы ғой —
Аяқ асты бұл өлім.

Тибальт қайтып оралады.

Бенволио.
Келді қайтып қанішер!

Ромео.
Жағасы жайлау, жетісуін жайраңдап?
Біреу өлсе, бұл жүр міне сайраңдап.
Қайырымдылық, қал енді сен адыра.
Ақкөз ашу, әміріңді айт тағы да.
Тибальт, қайтып ал манағы сөзіңді,
Енді саған еш кешірім болмас-ты.
Обалына өзің қалған боздақты
О дүниеге жібермейміз жолдассыз.
Оған серік — иә сенсің, иә мен.
Тибальт.
Сен барсайшы.
Бұл дүниедегі серіктері талайғы,
О дүниеде де жолдастыққа жарайды.
Ромео.
Семсер шешсін ендеше!

Семсерлеседі. Тибальт құлайды.

Бенволио.
Қаш, Ромео! Халық бері бет алды.
Тибальт өлді. Енді тұрма бұл жерде.
Сені қазір тартады олар жауапқа.
Онан-дағы бас аманда тайып тұр.
Ромео.
Тағдырдың мына қарасайшы тәлкегін.
Бенволио.
Ендігі тұрыс не тұрыс?

Ромео кетеді.
Қала тұрғындары шығады.

1-тұрғын.
Қайда әлгі Тибальт деген баскесер.
Меркуцио өлді. Қанішерді ұстаңдар.
Бенволио.
Тибальттарың мінеки.
1-тұрғын.
Ескертемін ендеше:
Сіз тұтқынсыз;
Соңымызға еріңіз.

Князь, нөкері, Монтекки, Капулетти, әйелдері және басқалар көрінеді.

Князь.
Кім бастаған кескілесті мынандай?
Бенволио.
Мәртебелі князь, анығына жетіңіз,
Алдында өзі Меркуционы өлтірген.
Қанішер міне қаза тапты соңынан
Ромеоның қолынан.
Леди Капулетти.
Тибальт! Тибальт! Туған ұлы ағамның!
Князь-ay! Қайғы түсті басыма.
Ағайынның адал қаны болды, міне, аяқ асты.
Құнын әпер Монтеккиден,
Шын жендеті — тұр, міне!
Князь.
Сонда кім бұл шырғаланды бастаған?
Бенволио.
Бастаған Тибальт.
Енді, міне, ол да өлік.
Келді-дағы, Ромеоны тілдеді.
Ромео ол қылығын көтерді.
Қайта оның баспақ болды ашуын.
Бірақ, Тибальт, құлағына ілмеді,
Одан сайын өршелене түскені.
Сол арада Меркуцио шыдамай
Жата қалып жабыссын.
Содан-ақ іс шапты ақыры насырға.
Екеуі ұзақ тайталасты жеңіспей.
Ромео түсіп сосын араға
Екеуінен сұрап еді араша.
Созған қолын қал қалап
Тибальт салды Меркуциоға жарақат.
Сосын өзі қашып кетіп, сәлден соң
Қайтып тағы оралды.
Енді мінді ашуына Ромео,
Көзді ашып-жұмғанша
Сұлап түсті Тибальт та.
Ромео қашып кетті —
Сонымен бітті жекпе-жек.
Осы менің көргенім, —
Қосқан болсам өтірік,
Басыммен жауап беремін.
Леди Капулетти.
Бұл да Монтекки әулетінен,
Бұларға ақиқат не керек,
Ағайыны аман болса болғаны.
Жиырмасы бірдей жабылып
Тибальттың жетті түбіне.
Ромеоны ұста, князь!
Ол қанды қол қарақшы
Заңнан алсын зауалын!
Князь.
Ромео қайырыпты өз кегін,
Меркуцио үшін кімді заңға тартамыз.
Монтекки.
Ромео жазықсыз.
Меркуцио екеуі
Кішкентайдан дос еді.
Кегін алған құныкерден.
Князь.
Бұл қылығы заңға қайшы келеді,
Сол үшін де шетте жүріп өледі.
Ердіңдер де қысастықтың желіне,
Бауырымнан айырдыңдар мені де.
Жондарыңнан таспа тілем енді мен,
Сөзді ұқпасаң, тезге салып көндірем.
Қайғы оранып тұрғанымда өз басым,
Енді ешкімнің елең етпен көз жасын.
Ромео жоғалтпаса қарасын,
Таптырып ап тартқызамын жазасын.
Еркелікті көтере алман ендігі,
Қанішерді кешіру-қаныпезерлікке көндігу.

Бәрі тарасады.

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Капулетти бағы

Джульетта.
Бұл не болған, жалын жал көк пырағы,
Жем түскен бе ғайыптан аяғыңа.
Делбең қозса, Фаэтон делбеңді ұстап,
Жетпес пе едің мәреңе баяғыда-ақ.
Көкжиектен құлдырап сен асқанда
Қымтамас па ед қап-қара түн іргесін.
Түнді тосқан телміріп тек аспанға
Өңшең бейбақ қалмас па ед күлімдесіп
Енбес пе еді Ромео күлім қағып
Қара түннің қойнынан өз қойныма,
Түнде ерке ғашықтар, күндіз ғаріп
Көңілге үрей толады, көз қайғыға,
Жарықтан басқа жау жоқ бұл ғашықтарда
Қызарғанын aқ жүздің қояды ашып,
Махаббат пен қара түн қандай тату
Аймаласқан еріндей аяласып.
Қара жамылған қара түн — балгер кемпір,
Жетіп кел де, жеткіз тез тілегіме.
Кәусарынан махаббат бір ұшықтап,
Ұят табын аласта реңімнен.
Үрей маған, махаббат құмар ойынынан,
Ұятыңды ұтқызып, ұтар бақыт.
Төсіме әкеп төндір де іңкәрімді
Итке лақтыр пәктікті бұтырлатып.
Қырау қатқан қырандай қанатына
Қон, боздағым, қимылда аласұра,
Аласұра қимылда таң асыра,
Таң асыра кет те, жет тағы асыға.
Қайырымды қара түн қымтанулы,
Алыстатпа қасымнан сұңқарымды,
Жұлдызым қыл, төбемнен тұрсын төніп,
Тұрсын төніп, көрмесін бір күн сөніп!
Төбемде ылғи махаббат түні тұрсын,
Жарқыраған жарығы, күні құрсын!
Махаббаттың бір үйін иемдендім,
Иемдендім, бірақ та кіре алмадым.
Той шарқатын тіктірдім, кием дедім,
Кием дедім, бірақ та кие алмадым.
Маңдайыма қонғанмен бақытым менің
Әлі аңсарға жеткем жоқ, тақ-тұқ ернім.
Жер мен көктің дақпыртын өзі арқалап,
Күтуші әйел көрінді, ие, марқабат,
Ромеодан берсе осы берер хабар.
Қолына арқан ұстаған күшті көрінеді.
Не хабар бар айтарға,
Мынау әлгі Ромео айтқан арқан ба?
Күтуші.
Иә, со л
Жерге лақтырып тастайды.
Джульетта.
Қолыңды неге уқалайсың?
Не болды?
Күтуші.
Не болушы ед, заманақыр орнады.
Боздағы өліп, тұқымың енді сорлады.
Өлді, өлді! Жан тапсырды тәңірге.
Джульетта.
Өлді, өлді! Жан тапсырды тәңірге.
Тәңір бізге сонша қатал болар ма?
Күтуші.
Тәңір емес, тас бауыр.
Әлгі сенің Ромеоң?
Әй, өзім де, біліп ем-ау бірдеңе.
Джульетта.
Айтсайшы тез, азаптамай жанымды,
Тозақта да тап бұлайша қиналмас.
Ромео өзіне-өзі қол жұмсаудан аман ба
Солай ма, жоқ па?
Солай десең, сорлағаным,
Жан тапсырам сол бойда.
Одан кейін маған қараң бұл тірлік.
Қинама енді, айтарыңды айт,
Иә, ашылған маңдайымды көрейін,
Иә, мен де боздағымның соңынан сол ерейін.
Күтуші.
Өзі көзіммен көрдім.
Мынандай-ау мынандай.
Қақ жүректің тұсында.
Құдай өзі сақтай гөр.
Қан дегенің қалқып жатыр қақ болып.
Өңі болса бөздей аппақ өзінің.
Көрген бойда талып қалдым есімнен.
Джульетта.
Жүрегі құрғыр жарылмай ма екен мұндайда.
Көзі құрғыр шықпай қалай тұр шыдап.
Қу басы құрғыр кімге тұлға боласың,
Ромеомен көмілейші бір көрге.
Күтуші.
Тибальт, Тибальт! Сырласым да мұңдасым,
Сөзі қандай ед, өзі қандай ед сабаздың!
Қайтып қана қасіретіңе төземін!
Джульетта.
Қалай, қалай құбылады бұл тағдыр?
Ромео да, Тибальт та шәйіт кеткен бе?
Әрі ағадан, әрі жардан айырылып,
Қанатым шын-ақ қалғаны ма қайырылып.
Күтуші.
Аза сазы неге естілмейді ендеше?!
Өлген Тибальт. Ромео өлген жоқ.
Өлтіріпті де, өзі елден безіпті.
Джульетта.
Ромео ма қанын төккен Тибальттың?
Күтуші.
Иә, иә, тап сол.
Сенсең де мейлің, сенбесең де мейлің.
Джульетта.
Ол осындай у жасырған гүл ме еді!
Аждаһа ма ед ажарымен арбаған!
Періште боп көлгірсіген пері ме!
Қойдан момын көрінетін бөрі ме!
Тәңір құсап тәлімсіген тәйтік пе!
Сырты жылтыр, іші сымпыл сілімтік!
Әрі әулие, әрі әзәзіл жымысқы!
Албастыны ие қылған сондай сұлу ажарға
Табиғаттың өзі жады болар ма!?
Тысы сылқым, іші қиқым кітаптай,
Алдамшы жүз сұмырай
Қалай ғана еніп жүр Ақ ордадай үйіме?!
Күтуші.
Еркек итте ар мен намыс бар ма еді!
Өңкей қулық, өңкей сұмдық, ол білмейді өңгені.
Шарап бар ма бір жұтым.
Мына қайғы мені де
Ажалымнан бұрын алып кетпесін!
Сенің сұмырай Ромеоң Масқараға ұшырасын тезірек!
Джульетта.
Есіңді жи!
Ромеоны ондайға қайтып қиясың,
Оның айдай маңдайына
Жолай алмас масқара.
Жүзі толы ар, иман.
Менің жаңа тілдегенім
Ессіздік ед не деген!
Күтуші.
Мақтайсың ба сонда ағаңның құныкерін?
Джульетта.
Жұбайымды жазғыратын жайым жоқ.
Еркек бейбақ кімнен естір жылы сөз,
Некелеспей жатып-ақ жамандаса әйелі.
Қап, қарақшы-ай, өлтірмей-ақ қойсаңшы
Сол сайыста менің немере ағамды.
Жақсы болар ма, сол сайыста қанқұйлы
Қарақшы аға ғашығымды мерт етсе.
Тәуба, тәуба! Беті аулақ!
Қайтып алдым жасымды.
Қуан, жүрек, одан да!
Егер Тибальт өлтірмекке ұмтылған
Тірі қапты күйеуім.
Қарасқан екен тәңірім.
Ендеше неге жылаймын?
Шошытқан ғой суық сөз.
Аянышты-ақ қазасы да ағамның.
Бірақ әлгі сұмдық сөз
Одан да өткен азап қой.
Ұмыта алмаспын оны енді,
Қарақшы қайтып ұмытушы ед ызасын.
Мен де солай,
Жалғыз өзі жайлап алғам есімді.
«Тибальт өліп, Ромео елден безіпті»
Сай сүйегім сырқырайды
«Безді» деген бір-ақ ауыз сөзіңнен.
Соның өзі-ақ он Тибальттың
Өлімінен үрейлі.
Қазасына Тибальттың
Қайғырмайды десең сен,
Айт тағы да әкең өлді деп маған,
Ол аз десең,
Өлді дей ғой шешемді.
Ол екеуін қомсынсаң,
Тұқым-теберің түгел қырылды де мейлің,
Бірақ, бірақ қазасына бола
Қайдағы бір Тибальттың
Ромеоның атын былғап қайтесің!
«Ромео елден безді» деген хабарың
Шешең өлді, әкең өлді, Тибальт өлді,
Ромео өлді, Джульетта өлді,
Деген сөз ғой, жарқыным.
«Ромео елден безсе» не қалды,
Одан асар не азап пен не қайғы,
Қайда жүр екен, көрмедің бе,
Әкем менен анамды?
Күтуші.
Отыр жылап олар Тибальт басында.
Барам десең, апарайын қасына.
Джульетта.
Барып қайтем, жылай берсін өздері
Жоқтай алман Ромеодан өзгені.
Еске салмай күйік пенен қапаны,
Жасырып қой анау арқан сатыны.
Қыл арқан да тұр ғой қайғы сезініп,
Ромеоның кеткенінен безініп,
Жетпекші еді-ау бүгін маған өрмелеп,
Бақыт деген не екенін көрмек ек.
Жесірлікті салып менің жадыма,
Қыл арқан да қалды, міне, адыра.
Жоғалт көзін... Тарқады енді базарым,
Күйеу емес, күткенім өз ажалым.
Күтуші.
Жылағанмен бітіресің енді не?
Ромеоның қайда екенін мен білем.
Монастырьде. Табам іздеп, ет тезім.
Ертіп саған әкелемін кешке өзім.
Джульетта.
Атсыз қолға сақинаны сал мына.
Қоштаспаққа келсін де таң алдында.

Екеуі де кетеді.

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Лоренцо пірәдардың құжырасы. Лоренцо пірәдар кіреді.

Лоренцо пірәдар.
Ромео, шық бері. Шыға ғой, байғұсым,
Қасіретке ғашық болып, жұбай еткен қайғысын.
Ромео.
Пірәдар, қандай хабар бар?
Үкімдері не дейді?
Тағы қандай кесапат
Қыр соңыма түсіп тұр?
Лоренцо.
Оның рас. Саған құмар бар азап.
Князьдің мен естіп келдім пәрменін.
Ромео.
Сот алдында тартпақшы ма бұл істі?
Лоренцо.
Жоға, тәйірі. Жұмсақ оның үкімі?
Өлік қып өрем қапқызбай,
Қоя бермек қаңғыртып.
Ромео.
Жібергеннен жер аударып аластап,
Дар астына апарғаны жөн еді.
Қаңғыруды ала көрме аузыңа.
Лоренцо.
Веронадан аласталдың. Төз бірақ,
Дүние әзір орнында.
Ромео.
Веронадан тысқары өмір маған тұл
Одан гөрі дұрыс болар тамұғы.
Өмірден аластаған соң,
Қимағаны қайсы өлімді?!
Еш айырма көрмей тұрмын мен бұдан.
Бұл хабарың тұмсығымның астынан
Күліп тұрып, кеңірдекке
Таяғандай ғой айбалта.
Лоренцо.
Тәубаны да білмегенің екен бұл.
Өлімге лайық қылмыспен
Жер бетінде есен жүр.
Бұдан артық бола ма екен рақым.
Ромео.
Рақым емес. Өш алу.
Аслан асты мен үшін
Джульеттаның маңында.
Ит, мысық, құрт-құмырсқа қайдағы
Оны көріп емін-еркін жүре алад,
Жүре алмайтын Ромео!
Одан гөрі кең шұқыған қоңыздың
Басында да дәурен бар.
Джульеттаның аппақ қолына өрмелеп,
Ернінен естиді жылы лебіз.
Сорлы Ромео одан-дағы мақұрым.
Шыбын ие еркіндіктен ол ада.
Сонда өлгеннен нем артық?
Өйтіп мені алдарқатпа уатып,
Онан-дағы у қой менің алдыма.
Қуғын деген тамұқта тартар азапты,
Бұ дүниеде маған қайтып қиясың?
Пірәдарсың, данышпансың, данасың,
Сүйтіп тұрып, қашқындыққа көн дейсің,
Қайда өзіңнің ұятың?!
Лоренцо.
Мәжнүн ғашық, ауыз ашуға мұрша бер.
Ромео.
Қашқындықтың жайы шығар айтарың.
Лоренцо.
Қайдағы бір сары уайым жемесін деп миыңды,
Философияны жіберемін бірге ертіп,
Қашқындардың қашаннан бергі мұңдасын.
Ромео.
Тағы да сол қашу, пысу!
Одан қандай пәтуа!
Философияң Джульетта боп
Жата алмайды қасыма.
Заңды түзеп, күземейді зорлықты,
Сонда оны қай ауруыма дәрі қылам,
Айтшы өзің.
Лоренцо.
Ессіздерде ми ғана емес, жоқ екен ғой құлақ та,
Ромео.
Ессіз керең, есті мылқау заман ғой.
Лоренцо.
Тоқта, әлі де ақылдасып көрейік.
Ромео.
Айтпа өзің түсінбейтін нәрсені,
Мендей жас боп,
Джульеттаға ғашық боп,
Неке суын ішпей жатып,
Кісі өлтіріп,
Бара жатсаң жер ауып,
Жата қалып жер тырнамай,
Өз кебініңді өзің пішіп сандалмай,
Дәл осылай
Ақыл айтып,
Пайғамбарсып
Отыра алсаң, жайбарақат,
Көрер едім мен сені.

Есік қағылады.

Лоренцо.
Есік қағады. Түрегел!
Жатып алмай, жасырын!
Ромео.
Жасырынып қажеті не?
Қайғы өзі тұрса өмірді көлегейлеп.
Тағы да есік қағылады.
Лоренцо.
Кереңбісің? Кетсейші.

Есік қағылады.

Кім бұл өзі? Тоқтай тұр.
Ұстап әкетер. Жөнел тез.
Тығыл кітапханаға.
Мұнша қыңыр болар ма!

Есік қағылады.

Қазір, қазір! Неткен жансыз шыдамсыз!
Бұл кім өзі? Өзіңізге не керек?
Күтуші (сахна сыртынан).
Есігіңді аш, айтайын.
Джульеттаның күтушісі мен болам.
Лоренцо.
Хош келдіңіз, ендеше.

Күтуші кіреді.

Күтуші.
Айтыңызшы, пірәдар,
Қайда Ромео, бикешімнің күйеуі?

Лоренцо.
Жатыр әне,
Жылай-жылай
Көз жасына мас болып!
Күтуші.
Апама жездем сай,
Ана жақта біздің бикеш
Жылап жатыр осылай.
Лоренцо.
Мұңдас жүрек
Түсінісер тілдеспей.
Күтуші.
О да осылай
Жатып алды бүк түсіп.
Сіздікі не? Сіз еркексіз ғой,
Сізге бүйту жөн емес.
Ромео.
Ах,
Күтуші.
Аһылайтын ештеңе жоқ.
Бәріміздің де мойнымызда —
Сұм ажалдың құрығы.
Ромео.
Джульеттаның жайын айтшы!
Естігенде ол қайтті?
Сенді ме мен қанішер дегенге?
Бал дәурені балалықтың
Біткен күнді ол үшін,
Боядым ғой бауырымның қанымен.
Дені сау ма?
Қазір қалай, жай-күйі?
Қайда өзі?
Не дейді біздің некеміз жөнінде?
Күтуші.
Не деуші еді?
Ағыл-тегіл жылайды,
Біресе сізді айтып,
Біресе айтып ағасын,
Қайта-қайта тұрады атып төсектен.
Ромео.
Ромео!
Жексұрын ат осы бір
Шоқтай қарып барады ғой жүрегін,
Ажал болып ағасын сол жалмаған,
Айтыңдаршы адам осы атынан
Қалай ғана құтылар,
Қаңыратып көкірегін жарса ма?

Семсерін суырып алады.

Лоренцо.
Тарт қолыңды, есуас!
Еркекпісің сен өзің?
Қатын ба ең әлде бажылдақ?
Хайуандай қашырлатпа тісіңді,
Әйел ме едің тәлімсіген еркек боп
Тағы аңбысың адам кейпін бүркенген.
Танымай тұрмын мен сені.
Пірәдар атым құрысын,
Мен басқаша ойлаушы ем,
Жер қылдың ғой еңсемді.
Өлтіріп aп біреуді,
Өлмекпісің енді өзің?
Өлтірмекпісің жарыңды
Тілегіңді тілеген?
Ел-жұртыңды, жер мен көкті
Бүйтіп талақ етердей
Қарайды неден көңілің?!
Олар бәрі қосылып
Жаратқанда бір сені,
Кетпексің бе тоз-тоз қылып артыңды?
Адамдықты, махаббатты, ақылды
Жөн болмас өйтіп тәрк еткен.
Қасиетіңді пайдаланбасаң үш бірдей,
Бұл дүние үшін сен
Секілдісің шық бермейтін Шығайбай,
Қуыршақта да бар құр қаңқа,
Адамды адам ететін тек тәуекел.
Тәуекелсіз махаббат —
Баланың ат ойыны, баксының жыны әншейін
Тәуекелсіз ақыл — оқ-дәрі
Орашолақ сарбаз ұстаса,
Өз қолында жарылып
Өзгеден бұрын өз түбіне жететін.
Жетер! Көтер еңсеңді,
Өліп-өшкен Джульеттаң
Есен-аман жер бетінде жүр әлі.
Одан асқан керек саған қандай бақ!
Шүкіршілік ет, қас дұшпаның
Мерт қылмаса өзіңді,
Қаза тапса қолыңнан.
Осынша бақ орнап тұрса басыңа,
Мыңқылдайсың, шашалып көз жасыңа.
Бәрін қойып, Джульеттаға бар-дағы,
Басу айтып, жұбатып қайт жарыңды,
Тек тез қайт, көрмей тұрып сақшылар,
Таң атқанша Мантуяға жетіп ал,
Бұндағы істің беті бері қарамай,
Шықпа ешқайда, жатып ал
Оңғарылса бұл жақтағы шаруа.
Тағдыр бізді емес,
Біз тағдырды қалдырамыз қылжаққа.
Күтуші, сіз де қайта беріңіз,
Үй-іші ерте жатуына бас-көз бол.
Көз жасын тисын, күтсін бикеш күйеуін,
Түнделетіп барады оған Ромео.
Күтуші.
О, тәңірім! Түн болса ғой,
Жарықтықты таң атқанша тыңдар ем.
Қандай ақыл! Ғұлама деген осы ғой.
Келеді деп барам айтып қазір-ақ.
Ромео.
Не айтса да, көтеруге әзірмін.
Күтуші.
Сізге мынау сақинасы жіберген,
Келгейсіз тек кешікпей.

Кетеді

Ромео.
Енді, міне, түсті орнына көңілім.
Лоренцо.
Жөнел онда. Жолың болсын
Ұмытпа:
Иә, сақшы келмей тұрып шығып кет,
Иә, басқа киім киіп алдап өт.
Тек әйтеуір Мантуяға аман жет.
Жеткізіп тұрам қызметшің арқылы
Бұл жақтағы хабарды.
Ал, уақыт болды. Қолды әкел
Көріскенше күн жақсы.

Екеуі Шығып кетеді.

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Капулетти үйіндегі бір бөлме. Капулетти, леди Капулетти және Парис шығады

Капулетти.
Ойда жоқта оқиғаға ұшырадық осындай,
Қызымызбен дұрыстап тілдесуге де мұрша жоқ.
Тибальт үшін жатпасаң та қан жұтып,
Өлімнің аты өлім ғой.
Кеш боп кетті, Джульетта
Бөлмесінен енді шыға қоймайды.
Сіз болмағанда,
Мен де төсекте жатар едім ендігі.
Парис.
Аза кезі құдалыққа қол емес,
Қызыңызға тағзым етіңіз, миледи.
Леди Капулетти.
Сәлеміңізді де жеткізіп,
Жай-жапсарды білейін,
Мына қайғыдан ес жия алмай жүр әлі.
Капулетти.
Парис, қызымның жайын мен білем,
Жемеңіз еш уайым.
Ғашық боп қалды ол сізге.
Құлақ қоймауы мүмкін емес
Әңгімеге бұл жайлы.
Ұйқы алдында барып оған
Жайын біліп, болашақ күйеу баланың
Ойын жеткіз, дайындалсын ол іштей.
Сонымен сол сәрсенбіде...
Айтпақшы бүгін күн не еді?
Парис.
Дүйсенбі ғой.
Капулетти.
Дүйсенбі ме?
Сәрсенбі онда тығыздау.
Бейсенбі сол дұрыс қой.
Бейсенбіде Парис мырзамен
Қимақшымыз некесін.
Әзірленсін соған де.
Келісесіз ғой осыған.
Айқай-шусыз екі-үш досыңызды ертесіз де жетесіз,
Әйтпесе жұрт көмбей жатып өлікті,
Бұл қай думан деп әңгіме етеді.
Екі-үш әулет боп бас қоссақ та болмай ма?
Сақтық керек мұндайда.
Бейсенбі сізге боп жүрмей ме ыңғайсыз?
Парис.
Ертең, әттең, болса ғой сол бейсенбі!
Капулетти.
Ендеше сол бейсенбіге келістік:
Ал, тарайық, сен қызыңа бар-дағы
Әзірлен де некеге.
Сay тұрыңыз, граф.
Жолыма жарық түсіріңдер.
Көп ұзамай таң атады,
Кеш болды енді, жатайық.
Жақсы жатып, жай тұрыңыз.

Бәрі Шығып кетеді.

БЕСІНШІ КӨРІНІС

Джульеттаның бөлмесі. Ромео мен Джульетта.

Джульетта.
Кетпексің бе?
Атқан жоқ қой таң әлі.
Сайрап тұрған бозторғай емес,
Бұлбұл ғой.
Анар ағаш басында
Таң атқанша отырғаны жақ жаппай.
Рас айтам, сүйіктім.
Ромео.
Жоқ, бұл бозторғайдың
Таң алдындағы дауысы.
Бұлт та әне бастапты ғой қызара.
Тау ішінде күн шығып,
Шыңға өрмелей бастаған.
Тірі жүрсін десең мен,
Кететін кез боп қалды.
Сәл кешіксем, жендетім тұр жалаңдап!
Джульетта.
Анау — әлі таң емес,
Келе жатқан сарғайып.
Ай ол туып келе атқан,
Нұр құйғалы жолыңа
Мантуяға баратын.
Жата тұрсаңшы.
Сонша неге асықтың?
Ромео.
Мейлі, ендеше,
Ұстай берсін ұстаса,
Болсын сенің айтқаның.
Ол тан емес, енді туған ай шығар,
Бозторғай емес, бұлбұл екен
Тәтті ұйқыдан оятқан.
Қасыңда болсам, арман не,
Өлімнен де қорықпан.
Шыбын жаным — садаға сенің жолыңа.
Джульетта.
Жоқ! Тезірек кеткен жөн,
Атып қалған шынында да таң екен.
Жарып барад құлақты,
Бұлбұл емес, бозторғай.
Оңбағанның даусы неткен сөлекет,
Көлбақадай бақырайған көзі де.
Жоқ, бұл сұмырай бозторғай
Көлбақадан айналып кетсін садаға.
Міне, тағы сол шақырып жарықты,
Екі айырды екі ғашық ғаріпті.
Таң атыпты. Жолға шық.
Ромео.
Таң жарқырай түскен сайын
Қабағымыз бара жатыр тұнжырап,
Қоштасудың қияметі осы ғой.

Бөлмеге күтуші әйел кіреді.

Күтуші.
Джульетта!
Джульетта.
Сізбісіз?
Күтуші.
Анаң келе жатыр.
Таң атып қалды. Байқаңдар.

Кетеді.

Джульетта.
Күнді әкелген терезе
Қуанышымды әкетпек.
Ромео.
Құшақтасайық. Қош, cay тұр.
Бақша жаққа қарғиын.
Джульетта.
Кеткенің бе шынымен,
Тірлігіңнен хабар беріп тұр үзбей.
Әр минөттің өзі маған бір күндей,
Енді қайтып көріскенше сенімен
Қанша ғасыр қартаям?
Ромео.
Қарлығаштың қанатына хат байласам да,
Хабарымды үзбеспін.
Джульетта.
Енді қайтып көрісеміз бе, жоқ па?
Ромео.
Көрісеміз. Сосын әлі-ақ осыны
Талай-талай айтармыз-ау еске алып.
Джульетта.
Көзі құрғырыма не елестеп тұр, апыр-ай,
Өңің қандай боп-боз ед,
Тас табытта жатқандай!
Ромео.
Қан мен сөлді қайғы сорып жатыр ғой,
Сенің де жүзің бөздей аппақ боп кеткен.
Қош тұр!

Шығып кетеді.

Джульетта.
Аяр тағдыр аума-төкпе ең әуелден,
Тағы да құбыл, жарымды
Жат өлкеден тезірек қайтар қасыма.
Леди Капулетти (сахна сыртынан).
Тұрдың ба, қызым?
Джульетта.
Бұл қайсысың? Анамбысыз?
Әлі ұйықтаған жоқсыз ба?
Әлде тұрып кеттіңіз бе?
Мұнша неге ертелетіп жүресіз?
Хал қалай, Джульетта?
Джульетта.
Әлі өзіме келе алатын емеспін.
Леди Капулетти.
Өлгеннің арты нан өлмек жоқ,
Көз жасына тырп етпейді қара жер,
Енді қайтып тірілмейді ол енді.
Жетер, қызым, қинай берме өзіңді.
Бостан-босқа жылай берген
Көрер көзге көрінеді маубастық.
Джульетта.
Қалжыратып кетсе қайғы қайтпекпін?
Леди Капулетти.
Көз жасыңды бәрібір марқұм көрмейді?
Джульетта.
Көз жасымды тыя алмасам қайтейін?
Леди Капулетти.
Бауырыңның өлгені де емес,
Қанішердің тірі қалғанына
Қайысады ғой қабырғаң,
Қап, оңбаған десейші!
Джульетта.
Ол оңбаған кім өзі?
Леди Капулетти.
Ромео!
Джульетта (өзіне-өзі).
Ромео мен оңбағандық
От пен судай,
Қосыла қоймас бастары.
Қан жылатад жүректі
Taп осындай сөздері!
Леди Капулетти.
Барлық пәле — соның тірі қалғаны.
Джульетта.
Ол немене қолыма бір түспейді-ау,
Тибальттың кегін қайтарар ем өзім-ақ.
Леди Капулетти.
Өзіміз де қайтарамыз ол кекті,
Оған бола қайғырма.
Мантуяға кетіпті дейді жер асып,
Жіберем да жансызымды
Өлтіртемін у беріп.
Тибальт түскен қара жерге
Ол да ұзамай түседі.
Сенің де өшің қайтады.
Джульетта
Өз қолыма түспей тұрып
Тыншыға алман мен енді.
Ромеоға жіберетін кісі іздеп,
Беретін уды мен табам!
Қалай оған шыдай аларсың тап бермей
Өлімі үшін Тибальттың.
Алдап-сұлап ұйықтатам да қасыма,
Құшағымда тұншықтырып өлтірем.
Леди Капулетти.
Ендеше сол әзірлей бер уыңды,
Жіберетін кісіні өзім табамын.
Қуанышты хабарым бар, айтпақшы.
Джульетта.
Серпілтер ме екен еңсе басқан қайғыдан,
Айтар болсаң айт шапшаң.
Леди Капулетти.
Әкең байғұс қайткенде
Серпілтем деп сенің шемен шеріңді
Ұлан-асыр той жасамақ,
Мына біздің өңіміз түгіл
Түсімізге кірмеген.
Джульетта.
Дұрыс екен. Өткізбекші қай күні?
Леди Капулетти.
Бейсенбіде, қызым.
Граф Парис, сені айттырып жүретін
Храмында қасиетті Петрдің
Неке қиыспақ өзіңмен.
Джульетта.
Ендеше сол Петр әулиенің атыменен ант етем,
Париспенен қосыла қоймас тұз-дәмім.
Сонша асығып не керек,
Күйеу жігітті көрмей жатып осынша
Шіркеуге сүйрердей не бопты.
Айтыңыз әкеме
Күйеуге шығу маған әлі ертерек,
Ал егер де керек десе,
Париске күйеуге шыққанша
Ромеоға-ақ тиемін.
Көздерің сүйтіп ашылсын!
Леди Капулетти.
Онда өзіне айт. Әкең әне, келеді.
Не дер екен көрейік.

Капулетти мен күтуші әйел шығады.

Капулетти.
Күн батарда шық түсетін әдеті,
Марқұмның күні батарда
Құйып кетті-ау ағыл-тегіл ақ нөсер.
Бұл не қылған құрғамайтын көз жасы?
Көрер көзге сонша қораш болғанмен
Көз жасының мұхитында
Дауылдағы кемедей
Тайталаеып бақты-ау біраз өзі де.
Иә, сонымен не болды?
Әмірімді жеткіздің бе қызыма?
Леди Капулетти.
Айтуын айттым. Құлақ асар түрі жоқ.
Капулетти.
Немене? Не дейсің? Қайтала.
Түсінбей ме абыройға мұншама.
Тегі тегімізден, бағы бағымыздан асқан бекзатты
Менсінгісі келмей ме?
Джульетта.
Қамқорлығыңызға рахмет, қуана алман бірақ та.
Қуану қиын құламай тұрып көңілің.
Бірақ сіздің еңбегіңізді ескермеске жайым жоқ.
Капулетти.
Түк түсінсем бұйырмасын.
Әрпіл-тәрпіл неткен жауап.
Рахмет дейд те, қуанбайды,
Не деп тұр өзі мына қыз?
Өйтіп еңбегімді ескергеніңді қайтейін.
Сөзді қой да, бейсенбіде
Шіркеуге бар, некеңді қияд Париске,
Өздігіңнен бармасаң,
Қолыңнан сүйреп апарам.
Тумай жатып көкіректері көріктей,
Сөзді доғар, жетті енді!
Леди Капуллетти,
Ақылыңыздан алжасқан шығарсыз!
Джульетта.
Аяғыңызға бас ұрамын жалынып,
Бір ауыз сөз мұрша беріңіз айтуға.
Капулетти.
Үніңді шығарма. Бөрі де болды белгілі,
Бейсенбіде бармайтын болсаң шіркеуге,
Енді қайтып көрінбейсің көзіме.
Шығарушы болма дымыңды!
Жұрты құрғыр қақсаушы еді,
Жалғыз қыз деп маңдайдағы,
Оны-дағы көп көрген ғой біздерге.
О, бетіқара!
Күтуші.
Тақсыр, тақсыр, сабаңызға түсіңіз,
Бұлай деуге қайтып барды аузыңыз.
Капулетти.
Жөніңе тұр, маған ақыл үйретпе,
Онан-дағы көршіге барып өсек айт.
Күтуші.
Мен бекер сөзді айтпаймын
Капулетти.
Құдай үшін, жөніңізге тайыңыз!
Күтуші.
Сонда ауыз ашуға да болмай ма?
Капулетти.
Көршіге барып өсек айт деп айттым ғой,
Бұл жер сізге қабақ емес көкитін.
Леди Капулетти.
Астам сөйлеп тұрсыз, тақсыр, сіз бүгін.
Капулетти.
Тие берме жаныма. О, тоба!
Қайда жүріп, не істесем де,
Жатсам-тұрсам жалғыз қызға
Жар тапсам дедім лайық.
Енді, міне, тұрғанда өзі табылып,
Инабатты, текті, есті, әдепті
Қиялдасаң кезікпейтін сол адам,
Мына бейбақ кергиді
Құламайд деп көңілім,
Құламаса көңілің,
Жолың ашық, тайып тұр.
Енді менің ас ішпе
Дастарқаным басынан
Жерге тастар сөзім жоқ,
Ойлауыңа екі күн.
Сол екі күн ішінде,
Не айтқан тілді аласың,
Не табасың жөніңді
Сосын қайтып әке емеспін мен саған.
Ойлан өзің. Қалжың емес бұл шыным.

Кетеді.

Джульетта.
Мұнша неғып көз қырына қал дым тобаның,
Азабымды көрмей ме,
Жоқ па еді сонша обалым.
Анажаным, мені бүйтіп қумаңдар,
Некені бір ай не бір апта қалдырыңдар кейінге
Не Тибальтпен табытқа бірге салыңдар.
Леди Капулетти.
Енді бітті әңгіме. Не қылсаң да өз еркің.
Менің айтар сөзім жоқ

Кетеді.

Джульетта.
О, тоба! О, күтуші-ау! Не істеймін?
Тағдырым көктің еркінде.
Күйеуім бар некелі.
Ол жер үстінде тірі тұрғанда
Көкке берген қайтіп бұзам антымды.
Неге ғана жаратады мен сияқты бейбақты?
Ақыл айтсаңшы, қайтейін?
Күтуші.
Амалың бар әлі де.
Ромео кетті жер ауып.
Қайтып келіп ол енді
Сені даулай алманды.
Сондықтан да, графқа әлі шығып ақ
Мынау деген азамат.
Оның қасында Ромео не бопты.
Мұндай күйеу таба алмайды жұрт іздеп.
Ал, жер ауып жүрген күйеу де бір тірі өлік,
Текке бола бағынды байлап қайтесің.
Джульетта.
Шыныңмен айтып тұрсың ба?
Күтуші.
Шыныммен.
Джульетта.
Аумин!
Күтуші.
Не дейсің!
Джульетта.
Сен кіргіздің есімді.
Төменге түс те, анама айт,
Лоренцо пірәдарға барып
Кешірім сұраймын деді де,
Әке сөзін алмағаным үшін құлаққа.
Күтуші.
Міне, дұрыс! Қазір барып айтайын.

Кетеді.

Джульетта.
Осы екен ғой әлімсақтан
Айтып келе жатқан күнәсі.
Менің өтірік айтқаным ба,
Әлде кеше мақтап тұрып Ромеоны,
Бүгін келіп даттағаны ма әлгінің —
Қайсысы болар жадылық.
Айтшы өзің, аздырғыш әзәзіл ібіліс!
Бездім, бездім бәрінен!
Арамызда жатыр екен аран құз.
Әлгі тақуа бермесе егер қол ұшын
Өлімнен өзге жол қалмапты мен үшін.

Кетеді.

ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ

БІРІНШІ КӨРІНІС

Лоренцо пірәдардың құжырасы. Лоренцо пірәдар мен Парис шығады.

Лоренцо пірәдар.
Бейсенбісі шұғыл екен соншама.
Парис.
Қайын атамның пәрмені,
Оны екі еткім келмейді.
Лоренцо пірәдар.
Қалыңдықтың өз ыңғайын білмейсіз?
Көңіліме қонбайтын бір жайт екен.
Парис.
Тибальтқа қайғырып, жылап жатыр күні-түн.
Тілдесетін таба алмадым уақыт.
Азалы үйге жүреді ме жігіттік,
Әкесі бірақ айтқаннан соң амал не.
Ол айтады қасіретін қызының
Басар еді ақ неке,
Қауымға араласқан соң
Түсер еді сабаға.
Неге асыққанын енді түсінген шығарсыз.
Лоренцо пірәдар (өзімен-өзі).
Түсінбегенде қайтейін. (Дауыстап.)
Әне өзі де келеді.

Джульетта шығады.

Парис.
Бақытты сәт бұл неткен!
Зайыбым қандай әдемі!
Джульетта.
Бұныңыз қалай?
Қиылған жоқ әлі некеміз.
Парис.
Зайыбымыз боласыз.
Бейсенбіде бұйырса.
Джульетта.
Ол Құдайдың қолындағы шаруа.
Лоренцо пірәдар.
Ләббай, дұрыс айтасыз.
Парис.
Пірәдарға кеп пе едіңіз сұхбатқа?
Джульетта.
Сондықтан да сауалыңыз артықтау.
Парис.
Жылай-жылай кетіпсіңіз арықтап.
Джульетта.
Бұрында онша емес-тұғым көрікті.
Парис.
Өйтіп өз ажарыңызға өзіңіз жала жаппаңыз.
Джульетта.
Өз көркімді мінеп тұрған өзім ғой,
Өзім жайлы не десем де, еркім өзімде емес пе?
Парис.
Енді сіздің ажарыңыз — мына біздің базарымыз.
Бұдан былай сөйлегейсіз сақтанып.
Джульетта.
Ендеше, сол өзімдікі емес, өзгенікі болғасын,
Аямай сынап жатқаным.
Қолыңыз бос емес екен, пірәдар,
Кешқұрым-ақ келейін.
Лоренцо пірәдар.
Қолым қайта қазір бос.
Біздің бір сөзіміз бар ед оңаша,
Ғафу етерсіз, тақсыр.
Парис.
Сұхбатқа бөгет болмайын,
Бейсенбіде кездесеміз ғой біржола,
Оған дейін қолыңызды сүйе тұрайын.

Кетеді.

Джульетта.
Есігіңізді кілттеңіз де,
Менімен бірге жылаңыз,
Енді үміт үзілді.
Лоренцо пірәдар.
Джульетта, мен де естідім жағдайды,
Ақылым айран боп тұрғаны, мінеки.
Бейсенбіде неке қидырар түрі бар,
Кешіктірер түрлері жоқ және де.
Джульетта.
Айтпай-ақ қойыңыз түсінікті ар жағы.
Қолыңыздан келмейтін болса еш көмек.
Тәңір алдында арыма ара түсіңіз,
Қара қанжар қалған маған араша.
Өзіңіз-тұғын қол ұстатып қостырған,
Ромеоға еншілеген жүректі
Енді өзгенің тапсырғанша қолына
Тапсырам сол қанды қара қанжарға.
Одан басқа көрінбесе еш қайран,
Ажал шіркін ауытқуды білмейді.
Сөздің енді сізде қалды түйіні:
Не ол деңіз, не дертімді емдеңіз.
Лоренцо пірәдар.
Тоқта, қызым, ойлануға бер мұрша,
Сенің сөзің көрінбейді еш жеңіл
Басқа түскен мына сыннан шытырман.
Сонда графқа қосылғаннан
Жөн деп тұрсыз
Қара пышаққа тосылған.
Ендеше, бар тағы сондай бір амал,
Масқарадан мынау құтқарар.
Оған да керек, бірақ, таудай тәуекел
Джульетта.
Құздан құлап, қарақшының
Қанды шеңгеліне түссем де,
У жыланға шағылып,
Талансам да аюға,
Көрге кіріп тірілей
Ұйықтасам да өлікпен,
Қосылмасам болғаны
Мардамсыған Париске.
Қаралай естіп атағын
Қалтырайтын бұрындары
Қай сұмдықтан да қаймықпан,
Ромеоға адалдығыма
Түспесе болды бір ақау.
Лоренцо пірәдар.
Уайымсыз үйіңе қайт ендеше,
Жүзіңе кірбің түсірме,
Келістім де әкеңе.
Ертең әлі емес пе еді сәрсенбі,
Ертең кешке ұйықтарыңда жалғыз жат,
Қасыңда қалып қоймасын әлгі күтуші.
Ұйқы алдында аш мына бір құтыны,
Ішіндегі әбден таусылғанда
Аяқ-қолың жүре берер мұздай боп.
Қан тамырда қан да тоқтап қалады.
Тірлік табы өшеді әбден жүзіңнен.
Тынысың да тоқтайды,
Әр таяды бетіңнен.
Қос кірпігің тас жұмық.
Қол-аяғың серейіп,
Қалады жұрт өлді деп.
Сол қалпыңда екі тәулік жатасың,
Содан кейін құлан таза,
Бір-ақ атып тұрасың
Болмағандай ештеңе.
Парис сені оятқалы келгенде
Сенің өліп жатқаныңды көреді.
Үрдіс бойынша, мұндайда,
Табытты жаппай көмеді
Ромеоны шақыртам да зиратқа
Сен оянғанша тосамыз.
Оянған соң сол бойда
Екеуің бірге кетерсіңдер қаладан.
Қорықпасаң — жалғыз амал тек осы.
Ұмытып тек қалып жүрме айтқанды.
Джульетта.
Қорқынышты айтпаңыз.
Құтыңызды беріңіз.
Лоренцо пірәдар.
Мә, ала ғой.
Мантуяға кісі жіберем хатпенен.
Тәуекел ет, қыл сабыр!
Джульетта.
Сүю деген тек тәуекел қашан да.
Cay тұрыңыз, пірәдар.

Екеуі де кетеді.

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Капулетти үйіндегі зал. Капулетти, леди Капулетти, күтуші және екі қызметші көрінеді.

Капулетти.
Қағазда жазылғандарды түгел шақыр қонаққа.

Бірінші қызметші кетеді.

Жалданар маған жиырма жақсы аспаз тап.
Екінші қызметші. Ол жағынан қам жемеңіз. Өз бармағын өзі жалар ма екен, жоқ па екен. Анадайдан қарап тұрам сығалап.
Капулетти. Өйтіп неге керек ед?
Екінші қызметші. Өз бармағын өзі жаламайтын аспаздан оңды тағам шықпайды. Ондайларды қуу керек желкелеп.
Капулетти.
Іске кіріс ендеше.

Екінші қызметші кетеді.

Бұл күндері абай болмай болмайды.
Лоренцоға кеткені шын ба екен?
Күтуші.
Кеткені рас, көрдім өзім көзіммен.
Капулетти.
Ендеше ол дұрыс жолға салады,
Өркөкірек бикешті.

Джульетта кіреді.

Күтуші.
Көрдің бе, міне, өңің енді кіріпті.
Капулетти.
Қайда жоғалдың, қайсар қыз?
Джульетта.
Жоғалғам жоқ, тауып қайттым өзімді.
Бетіңізден алғаныма
Асқар таудай айыптымын алдыңызда.
Лоренцо ұрысып
Аяғыңызға жығыл деп маған бұйырды.
Кеше көріңіз. Ешқашан
Кесе көлденең өтпеспін жолыңыздан.
Капулетти.
Графқа бұны айту керек ендеше,
Кідіртіп қайтем, аттандырам ертең-ақ.
Джульетта.
Монастырьде графпен де жолықтым.
Ізет етіп бақтым біраз алдында.
Капулетти.
Жақсы бопты, енді, міне, жарадың.
Басынды көтер. Жолдан тұр.
Кісі жібер демедім бе графқа?
Неге жібермей тұрсыңдар.
Қылығында болмаса ондай пәтуа,
Күллі қалаға сыйлы бола ма тақуа!
Әй, бәсе!
Джульетта.
Кеттік онда, күтуші,
Ертең киер көйлек таңдап қояйық.
Леди Капулетти.
Ертең емес, бейсенбіде.
Үлгересіңдер әлі де.
Капулетти.
Қамдана бер, күтуші.
Мен ертең-ақ қиғыздырам некені.

Джульетта мен күтуші шығып кетеді.

Леди Капулетти.
Әзірленер уақыт жоқ, мұрша бер,
Түн болып та қалды ғой.
Капулетти.
Қорықпа, өзім көмектесем,
Бәрі де ойдағыдай болады.
Джульеттаның киімін әзірле,
Мен бұл жақта бас-көз бола тұрайын.
Әй, жігіттер, асығыңдар!
Ешқайсысынан дыбыс жоқ.
Бәрі де жөнін тауыпты.
Қой, Париске барып келейін.
Тойдың ертең өтетінін айтайын.
Қиқар қыздың қыңырлығы тарқап ед,
Бәрі оңға басты ғой.

Кетеді.

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Джульеттаның бөлмесі. Джульетта мен күтуші.

Джульетта.
Иә, ең дұрысы осы екен,
Енді жүре беріңіз.
Бүгін түнде мені жалғыз қалдырыңыздар,
Тәңір алдында жалбарынып
Тазартайын күнә басқан көңілді.

Леди Капулетти кіреді.

Леди Капулетти.
Іске кірісіп кеттіңдер ме?
Керек емес пе көмекші?
Джульетта.
Жоқ, анажан!
Өзіміз-ақ жайғастырдық бұл істі.
Егер қарсы болмасаңыз
Қалдырыңызшы оңаша.
Күтуші сізге етсін анда қолғабыс.
Түні бойы істерің көп атқарар.
Леди Капулетти. Қайырлы түн!
Жатып ұйықтап, демалып ал жақсылап.
Мұндайда саған өте қажет демалыс.

Леди Капулетти мен күтуші Шығып кетеді.

Джульетта.
Cay тұрыңдар бәрің де.
Құдай білсін, енді қашан көрісеміз сіздермен.
Кенет, міне, мұздап барады өн бойым,
Қаным тоқтап қалды ма екен үрейден.
Әлгілерді шақыртқаным жөн бе әлде?
Жалғыз өзіңе қорқынышты екен мұндайда.
Күтуші! Жоқ, жоқ, оны шақыруға болмайды.
Орындайын бір өзім-ақ бұл істі.
Құтысы әлгі қайда еді?
Әсері болмай қап жүрмей ме екен тек?
Күйеуге шығып кете барам ба онда ертең.
Жоқ, жоқ. Оның беті әрі!
Алда-жалда керек болар,
Қасыма алып жатайыншы қанжарды.

Төсегіне қанжар тығады.

У болса бұл қайттім?
Ертеңгі неке ашады ғой
Тақуаның күнәсын.
Ал, мен өлсем, кім біледі
Ромео екеуміздің
Некемізді қиғанын.
Иә, солай екен ғой.
Жоқ, мүмкін емес бұнысы.
Бұған дейін одан ешкім
Көрген емес қиянат.
Ромео келмей тұрып
Оянып кетсем қайтемін.
Ең сұмдығы сол болар!
Тас табытта қалмаймын ба тұншығып,
Құтқарғанша ол келіп?
Тірі қалсам егер де,
Қара түнек дүниеде
Ежелден бергі мекенінде ажалдың,
Талай-талай бабаның
Бастары қалған қуарып,
Күні кешегі Тибальттың
Шіри бастаған денесі,
Қара жердің астында
Кейде түнде шығады дейтін өліктер
Ұшпас па екен үрейім.
Кім біліпті,
Оянып кетіп ертерек,
Өлексенің иісі мен
Әруақтардың самбырласқан даусынан
Жүрмес пе екем ақылымнан алжасып?
Ондайда Тибальт табытына
Қолды салып жүрсем қайтем
Дал-дұл жыртып кебінін,
Не бабалардың біреуінің
Жұлып ап ортан жілігін
Өз басымды жүрмес пе екем
Өзім шағып мылжалап.
Әне қара! Немере ағам
Көрініп тұр көзіме!
Ромеоны іздеп аласұрып шауып жүр,
Неге маған сермеді деп семсерді.
Тоқта, Тибальт!
Ромео, жетейін деп қасыңа,
Сенің аман жүруіңе
Ішем мынау құтыны.

Шымылдық сыртына, төсекке құлап түседі.

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Капулетти үйіндегі зал. Леди Капулетти мен күтуші әйел кіреді.

Леди Капулетти.
Кілтті ал да, тәттілерді көбейт әкеп.
Күтуші.
Шабдалы мен құрма керек самсаға.

Капулетти кіреді.

Капулетти.
Тезірек! Тауық шақырды.
Таң да таяу. Ac үйге бар,
Кеткен жоқ па төрт күйіп.
Аямаңдар, ағыл-тегіл қылыңдар.
Леди Капулетти.
Қазан-аяққа араласып,
Қатын-қалашпен қалжақтасып қайтесіз.
Онан да барып ұйықтаңыз.
Басыңыздың сақинасы
Ұстап қалар тағы ертең.
Капулетти.
Талай таңды таңға ұрғанбыз тұсында,
Көп болса, соның бірі болар осы түн.
Леди Капулетти.
Иә, қыз-қырқынның қыздырмасы ғой өйткізген.
Енді ондайға аттай алмассың аяқты.

Леди Капулетти мен күтуші әйел кетеді.

Капулетти.
Әйел деген неткен жандар іші тар!

Үш-төрт қызметші отын, зембіл, шанышқылар әкелді.

Тоқтаңдар,
Мыналарың не? Тоқтаңдар.
1-қызметші.
Аспазға апарамыз, салатын шығар қазанға.
Өзіміз де жөнді білмейміз.
Капулетти.
Тезірек, ендеше, тезірек!

І-қызметші кетеді.

Отын болғаныңа! Ылғал ғой!
Петрден сұра, тауып берсін құрғағын.
2-қызметші.
Петр бізге не керек! Өзімізде де бас жоқ па?
Сандалып жүріп ақыры бір табармыз.
Капулетти.
Қылжағын қара өзінің,
Басымыз жоқ па дейді әлі.
Басындағы бас емес,
Бақыр қазан сүмелек.

Екінші қызметші кетеді.

Мә, таң атып кеткен бе?
Көп ұзамай келіп қалар Парис те.
Музыканттар да көрінді.
Иә, дәл солардың өзі екен.

Күй естіледі.

Әй, күтуші! Әй, бәйбіше!
Енді оларды тауып көр.
Күтуші, күтуші!

Күтуші келеді.

Жүгір, оят Джульеттаны!
Киіндір тез. Әзірле.
Мен Паристі алдарқата тұрайын.
Тек, тезірек.
Күйеу жігіт кеп қалды,
Бас аяқты, болсайшы.

Кетеді.

БЕСІНШІ КӨРІНІС

Джульеттаның бөлмесі. Күтуші кіреді.

Күтуші.
Тұр, бикеш! Тұрыңыз!
Уақыт болды тұратын.
Ай-ай, бойжеткенге жараспайды
Дәл мынандай маубастық.
Тоқта, бәлем! Ұйқыңды шайдай ашайын.
Жә, жарайды. Ұйықтасаң қазір, ұйықтап ал.
Кейін саған жайбарақат ұйқы соғу қайда әлі!
Әлгі граф бүйіріңнен діңкілдеп,
Ұйқы түгілі, жатқызар ма жайыңа.
Ұйқысы қандай қатты еді!
Оятпасам болмайды енді бәрібір.
Джульетта! Төсекте жатқаныңда үстіңе
Граф кіріп келсе қайтесің?
Оны қойшы. Қуанбаса, ренжімес оныңа.

Шымылдықты көтереді.

Киімшең жатыр ғой.
Тұрып, той киімін киініп,
Құлаған ғой қайтадан.
Бұнысы енді болмайды.
Бикеш, уа Бикеш!
Қарайыншы өзін...
Мүмкін емес. Әй, кім бар?
Мұнда келіңдер! Бикеш өліп қалыпты.
О, тәңірім! О, тәңірім!
Көмек беріңдер!
Бір ұрттам шарап әкеліңдер,
Әйтпесе қауіп маған да!

Леди Капулетти кіреді.

Леди Капулетти.
Неге бажылдап жатырсың?
Күтуші.
Сұмдық болды күтпеген?
Леди Капулетти.
О не тағы?
Күтуші.
Өзіңіз көріңіз!
Айтуға аузым бармай тұр.
Леди Капулетти.
Ах, балапаным, жарығым,
Көзіңді ашшы, ояншы,
Өзіңмен бірге өлмесін десең мені де.
Көмектесіңдер! Көмекке! Көмекке!

Капулетти кіреді.

Капулетти.
Бұл не қылған бассыздық.
Күйеу жігіт күтіп отыр төменде,
Бұлар болса шығар емес күйбеңдеп.
Күтуші.
Джульетта өліп қалды!
Ұшырадық қайғыға!
Капулетти.
Жіберіңіз. Мүмкін емес ол мүлде!
Қан жоқ, сөл жоқ. Қол-аяғы мұп-мұздай.
Жан тапсырғалы көп болған.
Бітті бәрі! Әлдеқашан сұм ажал
Алыпты енді өз қойнына қақаған.
Күтуші.
О, қасірет, қасірет!
Леди Капулетти.
О, кесапат, кесапат!
Капулетти.
Аяусыз ажал оны алған
Аштырар емес аузымды!

Лоренцо пірәдар, Парис және музыканттар кіреді.

Лоренцо пірәдар.
Қалай? Қалыңдық шіркеуге баруға әзір ме?
Капулетти.
Баруын барар, қайтып бірақ келе алмас.
Балам, міне ақ некенің алдында
Ажал оны ап қойыпты қойнына!
Жатыр әне гүлдей боп
Сағағынан үзілген.
Жер астының патшасына
Оның дәмі бұйырды.
Енді менің күйеуім мен мұрагерім
Сол тажал,
Мені де алып, ие болсын
Дәулетіме арттағы.
Парис.
Сонша ұзақ күткенімде бұл күнді,
Сорлатар деп ойламап ем бұлайша.
Леди Капулетти.
Сорлатқанда айтпаңыз!
Тас бауыр күн тап мұндай
Кезікпеген шығар-ау.
Дүние-дүние болғалы!
Бастағы дәулет, маңдайдағы бағымыз
Жалғыз қызым жарығым —
Аяр тағдыр аямады оны да!
Күтуші.
Уа, тоба,
Көзі құрғыр көрмесін бұл сұмдықты!
Қатыгез неткен қара күн,
Таң атпай жатып қан шашқан!
Парис.
Көрсетейін дегенің осы ма еді, уа, тоба!
Қосылмай тұрып талақ тастап мұншама,
Ажал ит-ай, аяққа бастың арымды,
Кеттің-ау жерге қаратып!
Өмірім менің! Сүйіктім!
Капулетти.
Мен де болдым масқара,
Тұрмын, міне, тірі өліп.
Сұмырай таң неге ғана атты екен?
Тәрк қылып көптен күткен тойымды.
Балам емес,..жаным еді ол меңің,
Жанымды да жалмады ма сұм ажал.
Енді қалған тірліктен маған не опа!
Лоренцо пірәдар.
Күпірлік айтпаңыз өйтіп!
Болмас іске болат бол!
Ол үйі мен көкке бірдей перзент-ті,
Енді міне, ол ұшпаққа кеткенде,
Джульетта қазір пейіште,
Ажалға қайран ете алмайсыз сіз мұнда,
Ал ол жақта өмір тапты мәңгілік.
Тірлікте де тіледіңдер
Биік қыл деп мерейін,
Енді міне, ол ұшпаққа кеткенде,
Мұнша жылап таусылудың жөні жоқ.
Демек, сіздер сүймепсіздер жерде оны
Қынжылсаңдар шыққанына ұшпаққа.
Бақыт бер деп тіледіңдер емес пе,
Бақыттылар ерте кетед фәниден.
Көз жасын тыйып,
Атқарайық қарызымызды алдында,
Жұпар құйып, неке шарқатын жамылтып
Апарайық шіркеуге.
Табиғат әлсіз, көзін шылап жылайды,
Парасат берік, қасіретке шыдайды.
Капулетти.
Тойға деп күбінген салтанат
Жаназаға айналмақ,
Құйқылжыған би емес,
Аңыраған зар естімек бүгін жұрт.
Шарап толы дастарқаны шаттықтың
Қаралы асқа жайылмақ.
Алқа гүлі некенің
Аза гүлі боп жатпақ табыт басында.
Қара су теріс ақты деген осы да.
Лоренцо пірәдар.
Жөнелейік. Ханым, сіз де.
Сіз де, граф. Әзірленіңдер.
Ақтық сапарға аттандырар кез болды.
Жерде артық жылап-сықтап
Көкті ренжітіп алмайық.

Капулетти, Леди Капулетти, Парис және тақуа Шығып кетеді.

Бірінші музыкант. Сырнайымызды құндағынан шығармай, үйді-үйімізге тарайтын түріміз бар-ау.
Күтуші.
Иә, жарқыным, солай болар шынында.
Күй тыңдардай күй жоқтығын көрдің ғой.

Кетеді.

Бірінші музыкант. Қырық жерден қырғын келсе де, музыканттың ақысын жеуге болмайды.

Петр шығады.

Петр. Би тартыңдар, музыканттар. Мен риза болсын десеңдер, би тартыңдар бір-бірінен өткізіп.
Бірінші музыкант. Heгe олай дейсің?
Петр. Өйткені, менің жүрегім қасіреттен жарылатын түрі бар. Би тартыңдар сондықтан. Көтеріңдер көңілді. Бәлкім сол жұбатар мынау өңшең мұңдарды.
Бірінші музыкант. Би тартуға ешкім жарлық берген жоқ.
Петр. Сонда күй тартпайсыңдар ма?
Бірінші музыкант. Иә.
Петр. Ендеше ән салыңдар.
Бірінші музыкант. Ғафу етерсіз, ол неге?
Петр. Өйткені, босқа өкіреңдемей орныңды біл, өңшең шуылдақ.
Бірінші музыкант. Сіздің де өз орыныңыздың ас үйде екенін ұмытып қалып жүрмеңіз.
Петp. Ac үй дейсің бе? Ac үйді көрсетейін мен саған, бейшара ре-фа-ля?!
Екінші музыкант. Қанжарыңызды тартыңыз. Зиялылар сайысады қалжыңмен.
Петр.
Е, солай ма еді!
Ендеше, менің қылжағыма жауап бер.
«Бақыт құсы қонбай, сірә, басыңа
Қайғы мен шер торлап алса көңілді
Жұбататын күміс үнді күй ғана»...
Неге «күміс үнді»?
Неге күйдің үні ғана күміс болады?
Ал, бұзау ішек Симон, айта қойшы.
Бірінші музыкант. Өйткені күмістің сыңғыры құлаққа сондай жағымды.
Петр. Тамаша! Ал, сен не дейсің, Ешкінің жұты Гью! Екінші музыкант. Күйдің күміс үнді болатыны күйшінің ақысы күміспен төленеді.
Петр. Бұ да дұрыс! Сен не дейсің, Яшка Шырылдақ!
Үшінші музыкант. Білсем бұйырмасын.
Петр. Ғафу ет, айыптымын, сенің әнші екеніңді ұмытып кетіппін. Ешқайсың да таба алмадыңдар. «Күйдің күміс үнді» болатыны — ешкім күйшінің ақысын алтынмен төлемейді. «Жұбататын күміс үнді күй ғана Көкіректі шер-шеменнен жеңілтіп».

Кетеді.

Бірінші музыкант.
Бұл неткен шеннен шыққан киік құлақ.
Екінші музыкант.
Түкіргенің бар ма, Джек!
Одан да буфетке барайық.
Шырақшылар келгесін, тамақтанармыз.

Шығып кетеді.

БЕСІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІШС

Мантуя. Көше. Ромео шығады.

Ромео.
Көрген түсім шын болса,
Қуантатын түрі бар.
Күні бойы көңілім
Алып-ұшып барады.
Қайдағы бір сиқыр күш
Қанат байлап ұшырардай аспанға.
Түсімде жарым келіп жүр,
Өзім өліп жатыр екем,
Өліп жатсам да, көріп жаттым.
Кенет соның ернінен тым ыстық
Тіріліппін, атып тұрдым орнымнан.
Сол арада жұрт мені
Жер мен көктің патшасы деп жар шашты.
Махаббат қайтіп тірілтпесін өлікті,
Ол туралы ойдың өзі қуандырса осылай!

Шпорлы етік киген Балтазар шығады.

А, Балтазар!
Веронадан келдің бе?
Хат беріп жібермеді ме пірәдар?
Әйелім қалай? Үйде ме?
Джульетта не күйде?
Хабарыңды айт тезірек.
Сол аман болса.
Менде жоқ басқа уайым.
Балтизар.
Джульеттада барлық гәп.
Жаман емес жағдайы
Оның мүрдесі өзінің
Ата-зиратына қойылды.
Жаны сонау жәннатта,
Жерленгенін өз көзіммен көрдім де,
Аттандым, міне, сізге хабар беруге,
Қала алмадым жасырып.
Ромео.
Не деп тұрсың?
Қыр соңыма мұнша түсті-ау көк өзі.
Ендеше мен де тайсалман.
Үйге бар да, қағаз әкел қаламмен,
Ат тауып ап, аттанамыз қазір-ақ.
Балтазар.
Еңсеңіз бүйтіп түспесін, тақсыр.
Көзіңіз бен аппақ құдай өңіңіз
Аңғартып тұр арты қайыр болмасын.
Ромео.
Бос сөз бәрі.
Мені жөніме қалдыр да,
Айтқанымды орында.
Сүйтіп тақуа бермеді ме еш хабар?
Балтазар.
Жоқ, сэр.
Ромео.
Мейлі, ендеше. Жөнел, аттан тезірек.
Көп ұзамай мен де барамын.

Балтазар кетеді.

Джульетта, бірге боламыз біз бүгін.
Ойланайын барлық жайды бажайлап.
Бақытсыздық мұнша тапқыр болар ма!
Есіме әлгі түсіп отыр дәрмекші.
Жақын жерде тұрады.
Көргенмін өзін жуықта.
Шөптерді тұрған сараптап.
Сіңірі шыққан қу кедей бір кәрі шал.
Айналасы толған тасбақа мен аждаһа,
Айналасы тола құр қаңқа.
Айналасы тола қайдағы бір құты мен
Құмыралар сынығы,
Арқандардың үзігі,
Шөп тамыры, тұқымы,
Мүйіздердің құқылы,
Қатқан нанның қалдығы.
Соның бәрін басқа түсіп қиындық,
Шығарыпты жұртқа ұсынар бұйым қып.
Сонда менің келіп еді басыма
Мантуяда тыйым салынған зәр уды
Сатса осы сатады-ау деп, расында,
Білгендей боппын мен сонда.
Берсе біреу, сол береді қол ұшын.
Міне, соның лашығы.
Бүгін мейрам, дүкені тарс жабық тұр.
Әй, дәрмекші!
Бері кеп кетші!
Дәрмекші шығады.
Дәрмекші.
Не керек, мырза?
Ромео.
Бері кел. Көріп тұрмын тақыр кедей екенсің.
Мә, елу дукат. Маған у тауып бер.
У болғанда да болсын нағыз тидеқаш,
Тынысыңды тұншықтырып әп-сәтте,
Шыбын жанды шырқыратып кеудеден
Қуып шығар зеңбіректің добындай,
Сосын көзім ашылар ед біржола.
Дәрмекші.
Бар екені рас еді ондайдың,
Ол үшін бірақ дарға асады бұл жақта.
Ромео.
Онсызда мынау өлмей әзер тұрғаның,
Өмірің үшін сонша қалтырап қайтесің.
Жағың анау — аштықтан әбден қуарған,
Көзің анау қорлық өтіп суалған,
Жоқтық сені аш күзендей бүгілткен,
Сөйткен мынау қара бауыр дүниенің
Заң-закүнін еске сақтап не етесің.
Ас бола ма ол саған.
Одан қайта көз жұм да,
Ақшамды ал да, әкел әлгі уыңды.
Дәрмекші.
Көнген мен емес, көнген кедейлік.
Ромео.
Берген сен емес, берген кедейлік:
Дәрмекші.
Мынау ұнтақ. Ерітіңіз кез келген бір сұйыққа,
Бір емес, жиырма кісінің
Күші болсын бойында,
Көзді ашып-жұмғанша
Түсіреді тырайтып.
Ромео.
Міне алтын, удың нағыз көкесі,
Жер бетінде зұлымдық пен қылмыстың
Төркіні осы, сен берген мынау у емес
Сондықтан да сен емес,
Мен беріп тұрмын шын уды.
Игілігіңе жарат, ас болсын.
Ал, мынау шапағатты шипаңды
Жер астына ала кетем өзіммен.

ЕКІНШІ КӨРІНІС
Лоренцо пірәдардың құжырасы. Джованни пірәдар кіреді.

Джованни пірәдар.
Киелі Франциск пірәдары!
Амансыз ба, пірәдар!
Лоренцо пірәдар кіреді.
Лоренцо пірәдар.
Ә, Джованни пірәдар.
Келіп те қалдыңыз ба?
Ромео не деді?
Жібермеп пе хат беріп?
Джованни пірәдар.
Ауруларды күтіп жүрген тақуаны
Ерте кеткім келіп еді өзіммен.
Барған бойда құлып салып есікті,
Оба шығып жатқан үйдің адамы деп,
Сыртымыздан мықтап жауып кетіпті.
Мантуяға бара алмадым сонымен.
Лоренцо пірәдар.
Ромеоға хатымды кім әкетті?
Джованни пірәдар.
Ауру жайлап кете ме деп о жақты,
Мен ешкімге бере алмадым бұ хатты,
Оны, міне, қайта әкелдім өзіңе.
Лоренцо пірәдар.
Міне, қасірет!
Бұл хаттың мәні зор еді.
Кешіктіру оны —
Кесапатқа жол беру.
Тезірек барып сүймен тауып,
Құжырама кел қайтып.
Джованни пірәдар.
Қазір тауып келейін.

Кетеді.

Лоренцо пірәдар.
Өзім барып ашпасам болмас табытты.
Көп ұзамай оянады Джульетта,
Сосын маған өкпелер
Ромеоға бермеді деп бір хабар.
Оған тағы хат жолдармын кейін бір,
Оған дейін Джульеттаны
Жасыра тұрам осында.

Кетеді.

ҮШІНШІ КӨРІНІС
Зират. Капулетти әулетінің қауымы. Қолдарына гүл мен шырақ ұстап Парис пен паж көрінеді.

Парис.
Шырақты бер де, жүре бер.
Өшіре сал. Қояр мені жұрт көріп.
Анау екі-үш шегіршінді көрдің бе.
Жасырын соның түбіне.
Жерге жатып құлағыңды тос — сосын,
Қабірдің іші қуыс қой,
Сәл сыбырдың өзі естіліп жатады.
Бейсаубат сыбдыр естісең,
Ысқырып маған белгі бер.
Гүлді таста, бар да айтқанды орында.
Паж (өзімен-өзі).
Өңшең өлік ортасында үрейлі екен мына түн.
Амалың қайсы, бірақ та.

Кетеді.

Парис.
Көк мәрмәрдың астында мәңгі ұйықтап,
Жат осылай гүлге толып жан-жағың.
Көз жасымды көк тасыңа құйып сап,
Шерімді бір тарқатайын, арманым.
Ертең тағы құшақ-құшақ гүл тасып,
Кетем жауып қабіріңнің көк тасын.

Паждың ысқырығы естіледі.

Әлгі бала ысқырды ғой
Біреу-міреу келеді-ау,
Түн ішінде түлен түрткен кім еді,
Бұзып кетті-ау ойымды.
Шырағы бар қолында,
Жасырына тұрайын.

Тығылады.

Ромео мен Балтазар шығады.

Ромео.
Сүймен менен қайланы бер. Хатты ал.
Ертең таңертең апарып тапсыр менің әкеме.
Енді маған шырағыңды ұстат та,
Аулақ тұр да, араласпа еш іске.
Жер астына түсуімнің сыры бар.
Әйелімнің көргім келеді жүзін бір,
Қолында оның бар-ды қымбат жүзігі,
Соны алмақпын
Керек боп тұр мұқтажыма бір үлкен
Енді жөнел, артыңа қайта бұрылып,
Қараушы болма сыртымнан.
Әйтпесе сенің быт-шытыңды шығарып,
Итке лақтырып тастау маған сөз емес.
Қара түндей қатерлімін,
Қаһарыма міндім мен.
Ойын көрме ашуын
Аш жолбарыс пен көк теңіздің бұрқанған.
Балтазар.
Қазір-ақ бұл жерден өшіремін қарамды.
Ромео.
Қалма сөзімді көңіліңе ауыр ап,
Мынау сыйым, көп сіңіп ед еңбегің,
Сенің өзің жігіт екенсің тәуір-ақ.
Балтазар. (өзімен-өзі).
Дегенмен де осы арада жасырынып тұрайын,
Жақтырмадым айтып тұрған әңгімесінің райын

Кетеді.

Ромео.
Жалаңдаған жалмауыз ажал, толмады ғой жаламың,
Жалмағанмен ең бір тәтті миуасын жаһанның,
Қабылда онда, қараң дүниенің қаңғырған бір адамын,
Шықтым, міне, ең шетіне бұ дүниелік сапардың.

Қабірді аша бастайды.

Парис.
Монтекки ғой, қайнағамды өлтірген,
Джульеттаны да салған осы азапқа.
Қайғы-шерден қабырғасын сөгілтіп,
Енді, міне, аруағын кетпек тағы мазақтап.

Ілгері шығады.

Тоқта, Монтекки! Аруақты қорлама,
Өліктен де алмақпысың өшіңді.
Сол тұрғаның тұрған енді қозғалма,
Тұтқынсың сен! Шығарып көр сесіңді.
Ромео.
Иә, достым, келдім міне өшіргелі қарамды,
Бұл жанжалға бас шырмама, жүр аулақ.
Ессізге нең бар тиісіп. Онанда басың аманда
Жөніңе тарт. Болма үшінші құрбаным.
Менің тағы қолымды қандап қайтесің.
Жас екенсің, жаным ашып тұр менің.
Онсызда менің көзімді енді көрмейсің.
Тап жөніңді, кейін жұртқа айта жүр,
Бір ажалдан сақтады деп бұл тағдыр.
Парис.
Сенің сөзің құлағыма кірмейді,
Тұтқынымсың, қимылдап сен көр енді
Ромео.
Жан екенсің жаны қас.
Қапы қалма ендеше.

Шайқаса жөнеледі.

Паж.
Бұлар шықты сайысқа!
Шақырайын жұртты мен!

Шығып кетеді.

Парис.
Қапы кеттім-ау!

Құлайды.

Тас болмаса жүрегің,
Мені апарып қой Джульеттаның қасына.
Өледі.
Ромео.
Мақұл. Кім өзі? Қарайыншы дұрыстап,
Меркуционың туысы, бейшара граф Парис қой.
Баяғыда жүргенімізде сейілдеп
Жан досым бір бастап еді-ау әңгіме.
Әлде осы Джульетта мен Паристің
Болашақ некесі жайында емес пе ед.
Жоқ, әлде бұл айтылып па ед басқа жолы.
Әлде сондай бірдеңе
Түсіме менің кірді ме?
Әлде жаңағы сөзінен
Тұспалдап тұрған өзім бе?
Қолыңды әкел көрейін.
Қасіретке бір түсіп тұр жолымыз.
Сен де ендеше жат мынау ұлы молаға.
Молаға?
Мола емес-ау самаладай ордада,
Жатыр онда Джульетта тыныстап,
Жан-жағына жарқыраған нұр құйып.
Жат ендеше, көзсіз көбелек
Өлімге өзі жүгірген.

Паристі апарып бейітке салады.

Кейбіреулер күледі дейді өлерінің алдында.
Ондайды жұрт деп атайды құмыра.
Мынау да сондай емес пе,
Көрейінші тексеріп.
Ғашығым менің! Жан жарым!
Әлдеқашан бітсе-дағы тынысың,
Келе жатқандай ақ бетіңнен күн шығып,
Ажал сенің жеңе алмапты-ау көркіңді,
Ернің менен екі бетің тұр әлі де албырап.
Ажал әлі сұр пердесін көрмепті.
Қызыл кебін киіп, Тибальт, жатыпсың,
Қазір өшің қайтпақшы енді сенің де,
Өлтірмекпін дәл қасыңа әкеліп,
Жендетіңді қиған сені өлімге.
Кешір мені!
Джульетта!
Сұлу боп кеттің соншама.
Әзірейіл тұтқындап сені тірілей,
Ашына қып қамаған ба қасына.
Көңіліме сондай қауіп енді де,
Аттап шықпан маңайыңнан енді мен
Сенің жаңа күтушілерің
Құрт-құмырсқа ішінде
Мен де қалам мәңгілік,
Иінімнен зұлматтың
Зіл шапанын сыпырып.
Бейшара көз, ақырғы рет көріп ал ақ дидарын,
Бейшара қол ақырғы рет аяла,
Бейшара ерін ақырғы рет аймалап,
Өлімменен мәңгі шартқа бас таңба.
Тарт осылай қайықшысы тажалдың,
Тауға ұрынып талқан болсын
Тағдырдың тәлкек кемесі.
О, махаббат, бір сен үшін ішем мен!

У ішеді.

Айтқаның рас, дәрмекші.
Сүйіп жатып өлейін.

Көз жұмады.
Екінші жақтан қолында шырағданы, күрегі, қайласы бар
Лоренцо пірәдар көрінеді.

Лоренцо пірәдар.
Өзің жар бол, Франциск ием,
Көрге құлап кетпейін.
Мына біреу кім болды?
Балтазар.
Қорықпаңыз. Мен сізді жақсы танимын.
Лоренцо пірәдар.
Тәңір жарылқасын! Айтшы, достым,
Құрт-құмырсқа мен қурап қалған сүйекке
Жарық төгіп тұрған анау кім болар?
Капулеттилер бейітінің қасында тұрған секілді.
Балтазар.
Ол, пірәдар, менің қожам, мына сіздің досыңыз.
Қазір отыр қараңғы қабір ішінде.
Лоренцо пірәдар.
Кім болғаны сонда?
Балтазар.
Ромео!
Лоренцо пірәдар.
Көп болды ма түскелі?
Балтазар.
Жарты сағат шамасы.
Лоренцо пірәдар.
Ендеше, біз де барайық.
Балтазар.
Жоқ, болмайды.
Қожам онда
Менің мұнда тұрғанымды
Біледі де, қаһарына мінеді.
Ол бұл жерден тезірек кет,
Қараушы болма деп еді.
Лоренцо пірәдар.
Өзім кеттім олай болса,
Жүрегі құрғыр бір сұмдықты сезгендей.
Балтазар.
Ұйықтап жатып арасында бұтаның
Шалғандай болды құлағым
Менің қожам бір мырзамен дауласып,
Өлтірген секілді оны да.
Лоренцо пірәдар.
Ромео!
Бейітке жақындайды.
Уа, тоба! Мынау тағы кімнің қаны?
Ал, мынау не? Қылыш па қанға боялған.
Бұл неғып қалған бейіттің дәл алдында.

Бейітке кіреді.

Ромео!
Өңі неге боп-боз? Қасындағы кім?
Граф Парис! Қан жауыпты ен бойын.
Бұл жұмбақты шешер кім?
Джульеттаның кезі болды оянар.
Джульетта ояна бастайды.
Джульетта.
О, тақуа,
Қайда менің жұбайым?
Енді түсті есіме.
Ол осында. Қасымда.
Уәде солай еді ғой.
Қайда ендеше Ромео!
Лоренцо пірәдар.
Естисің бе тықырды.
Келе жатыр біреулер.
Індет, ажал, өңшең үрей ордасы
Шығайық мынау қамаудан.
Менен де зор бөгде күш
Алдымды орап кеткені.
Тездетіп енді зытайық
Аяғыңның астында жатыр өліп күйеуің.
Жатыр Парис қасыңда.
Асық енді монастырьге,
Сонда етер қалған ғұмырың.
Сөзді қойып, жөнелейік.
Күзетшілер қалды сезіп.
Бол, бол енді, Джульетта!
Қояр болды жұрт көріп.
Джульетта.
Жүре беріңіз, пірәдар.
Мен қаламын осында.
Қолына мынау ұстап жатқаны не болды?
Құты ғой.
Өлген болды-ау уланып. Қап, оңбаған!
Бәрін өзі ішкенше, қалдырмай ма екен маған да.
Айтпақшы, әлі у кеткен жоқ ернінен,
Сүйсем, бәлкім, мен де өлермін уланып.
Ромеоны сүйеді.
Ерні қандай жып-жылы.
Бірінші күзетші. Қай жерде өзі?
Апар бастап тезірек.
Джульетта.
Біреулердің даусы шықты дабырлап.
Бітті енді бәрі де.
Қанжар жатқаны бұндай жақсы болар ма.
Ромеоның қанжарына шап береді.
Құндағында жата бер.
Өзіне қанжар салады.
Жоқ, сенің орның осында, мен де өлем.
Ромеоның өлігінің үстіне құлайды.
Күзетші мен Паристің пажы кіреді.
Паж.
Анау шырақ тұрған жерде.
Бірінші күзетші.
Қаны міне. Қарау керек моланы.
Кім көрінсе де, ұстау керек жібермей.
Бұл не сұмдық. Мынау граф Парис қой.
Ал, мынау жып-жылы қанға боялған
Джульетта ма, жаным-ау,
Ол жерленгелі болған жоқ па екі күн?
Князьді хабарла. Капулеттиді шақыр.
Монтеккиді тұрғыз. Қабірді қама.
Ашылған жоқ бұл жағдайдың құпиясы,
Оны ашатын тергеу менен тексеру.

Балтазар мен бірнеше күзетші қайтып оралады.

Екінші күзетші.
Зиратта Ромеоның малайын таптық, мінеки.
Бірінші күзетші.
Князь келіп өзі шешер бар гәпті, жіберме!

Бірнеше күзетшілер қоршаған
Лоренцо пірәдар көрінеді.

Үшінші күзетші.
Тақуаны ұстадық. Жылап отыр еңіреп.
Бір қолында қайласы, бір қолында сүймені.
Таптық оны шетінен сонау шарбақтың.
Бірінші күзетші.
Күдігі көп кісі екен бұл, жіберме.
Нөкерін ертіп Князь шығады.
Князь.
Таң атпай жатып, ұйқыдан ерте оятар
Тағы қандай тосын пәле тап болды?

Капулетти, леди Капулетти және басқалар көрінеді.

Капулетти.
Не боп қалды бұнша дабырлайтындай.
Леди Капулетти
Көше бойы толған халық,
Ауыздарында «Ромео», «Парис», «Джульетта»,
Бәрі де осы бет алыпты бейітке.
Князь.
Не болып қалды соншама?
Бірінші күзетші.
Мына жатқан Ромео, ал мынау Парис.
Ал, мынау мәртебелі тақсыр, Джульетта,
Бұлардан бұрын жерленген,
Бірақ әлі кетпеген денесінен жылуы,
Соған қарағанда жақында өлген,
Қайтадан өзі тіріліп.
Князь.
Бұл сұмдыққа кім кінәлы, іздеңдер.
Бірінші күзетші.
Міне, Ромеоның малайы мен тақуа.
Қолдарынан қайла таптық, сүйменмен.
Соған қарағанда, қабірді ашқан осылар.
Капулетти.
О, тоба! Ана қара, бәйбіше,
Біздің қызымыздан жатыр қара қан ағып.
Қанжар, сірә, тисе керек жаңылыс.
Қыны оның Монтеккидің белбеуіне байлаулы,
Өзі болса Джульеттаның көкірегіне кіріпті.
Леди Капулетти.
Бұның бәрі жақсы нышан емес қой,
Басымызға қандай сұмдық тап келерін кім білген,

Монтекки және басқалар көрінеді.

Князь.
Монтекки, сен тұрдың бүгін тым ерте,
Ұлың бірақ таң атпай жатып сөніпті.
Монтекки.
Жалғызының қашқындығына төзе алмай,
Жаңа ғана дүние салған әйелім,
Қара бет ажал қамағаны ма айнала!
Князь.
Көзің салып көр, әне!
Монтекки.
Өңшең надан, ең болмаса әкеге
Баласының мүрдесін көруге жол бермес пе!
Князь.
Бұл өлімнің ашылғанша жұмбағы
Жөн болады күңіренбей тұрғаның.
Ашылғанда құпиясы сұмдықтың
Не істесеңдер де, жолдарыңа тұрмаймын.
Оған дейін қайғылылар шыдаңдар,
Күдіктілер шықсын бері ортаға?
Лоренцо пірәдар.
Маған түсті күдіктің бүгін үлкені,
Болмаса да еш жазығым,
Тұрмын, міне, бір басыммен көтеріп
Қос міндетін айыпкер мен қазаның
Әрі ақтауға, әрі өзімді даттауға.
Князь.
Білгеніңді сал ортаға ендеше.
Лоренцо пірәдар.
Сөзім келте, көп сөйлеуге жоқ дәрмен.
Мынау жатқан Ромео — Джульеттаның күйеуі,
Ал, Джульетта — Ромеоның әйелі
Екеуінің некесін
Қиған өзім елге айтпай
Тибальт өлді сол күні,
Ромео елден қуылды.
Қайғыға батты Джульетта
Ағасы емес, жары үшін.
Сонда үйі тыймақ болып көз жасын
Париске некелесуге бұйырды.
Джульетта маған келді құтқар деп,
Мынау екінші некеден,
Әйтпесе, өзім өлтіремін деп өзімді.
Дәрі бердім мен оған
Өте ұзақ ұйықтатар,
Оянғанша Ромео хабар ап,
Кетпек еді өзіменен бірге ертіп.
Сорлатқанда, Джованни пірәдар,
Мен жұмсаған адамым,
Веронадан шыға алмай
Қайтып әкелді ол хатты.
Енді менің өзім келіп бұл қызды
Алмақшы болдым ұйқысынан тұрғызып.
Ромео келгенше
Паналата тұрмақ ем,
Бірақ, мұнда келсем, сұмдық масқара,
Жатыр өліп Ромео да, Парис те,
Ал, Джульетта келе жатты тіріліп.
Сол екі арада дыбыс шықты даладан,
Мен Джульеттаға кетейік деп жалындым,
Ол көнбеді,
Мен кетуге мәжбүрмін.
Өзін-өзі өлтіріпті сөйтсем ол
Міне, менің бар білерім осы еді.
Олардың мұндай ақ некесін астыртын
Менен басқа күтуші ғана біледі.
Жазықты болсам тақсіретке мұншама,
Енді қалған ғұмырды
Құрбанға шалдым
Әділ заңның алдында
Князь.
Адал адам деп келгенбіз сені біз,
Ромеоның малайы, не білесіз, айтыңыз
Балтазар.
Джульеттаның өлгенін
Ромеоға айтқан мен едім
Сол арадан ат тауып
Кері шаптық екеуміз,
Зиратқа жетіп алғасын,
Хат ұстатты ол маған,
Әкеме ертең тапсыр деп,
Сосын маған тез жөнел деп бұйырды
Өлтірем деп егер кетпесең
Князь
Хатты әкел. Не жазыпты көрейік
Қайда лажы графтың қарауылды шақырған? -
Сенін мырзаң бұнда қалай тап болды?
Паж
Әйеліне гүл қоюға келіп еді бұл мұнда?
Маған о да аулақ кет деп бұйырды,
Кенет біреу келе жатты шырақ ұстап қолына,
Мырзам оны көрді де,
Семсерін сермеп тап берді
Мен қарауылға хабарламаққа жүгірдім
Князь
Мына хат та растайды тақуаның сөздерін.
Қалай, қайда естігенін әйелінің өлгенін
Сосын сонда бір кедейден уды қалай алғанын
Джульеттаның қасына келіп уланып өлмек болғанын
Қайдасыңдар Капулетти, Монтекки
Қайырымсыз бір-біріне екі көз,
Егестерің міне енді немен бітті енді
Махаббат өзі жазалады көр сезімді өшпенді
Дау-дамайды тыймақ едім кезінде
Екі бірдей бауырымнан
Айрылдым өзім де.
Залал бізді қалдырмады зауалсыз.
Капулетти,
Кел, Мотекки, әкел, ұстат қолыңды,
Сол ақтасын Джульеттаны жесір қылған сорымды,
Монтекки,
Джульеттаға аз көремін мен бұны.
Күллі қала таңқалатын ендігі
Ескерткішті қойдырамын алтыннан
Адал жарға айнымаған антынан.
Капулетти,
Кеш түсініп, ет-бауырым елжіреп,
Мен ескерткіш қойғызамын Ромеоға ер жүрек.
Князь.
Сіздер келген бұл мәмле кеш болмаса неткені,
Жылтыраған күннің нұры бұлтты жарып өтпеді.
Әуелі біз сараптайық ақылға сап қазаны,
Сосын барып ойласармыз сіздер тартар жазаны,
Бірақ, Ромео мен Джульеттаның
Оқиғасы азалы
Жарық дүние көкірегінде
Мәңгі шер боп қалады.

Бәрі де кетеді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз