Алғашқы танысу екі жақтан бірдей болғанымен, танысып алғаннан кейінгіні Миман өзі іліп әкетті. Тіпті Мөкеннің уақыты болмаған күндері Миманның өзі-ақ университетке жүгіріп келіп тұратын болды. Әрине, ол кезде Мөкенмен сабақтас жігіттердің біразы-ақ бұларға қызыға да, қызғана да қараушы еді. Қарамағанда ше? Кең балақ шалбарыңды салпылдатып, көктемгі лайды шалпылдатып қыздар институтының есігінің алдында сөлбірейіп тұру қандай! Немесе қыз қасқиып жігіттер жатақханасына салып жетіп келіп тұрған қандай! Әрине, қылмың қағып қыз өзі іздеп тұрса, жігіт басына бұдан артық бақыт, бұдан артық құрмет болады дермісіз.
Бұл желпеңі жоқ жігітті желіктіріп іздеп келіп тұратын Миман қыздар институтының студенті еді.
Барған сайын мұнда Миманның келуі жиілей берді. Екі көшелік жерге екі күнде зорға келетін қыздың жазған хаттарынан қосылғанша шыдамай бара жатқан, күңіренген қайғының иісі мүңкіп тұрды. Мөкен Миманнан қарыс жерде отырып, қат-қат хат алып жатты. Өліп барамын, өртеніп барамын, арып барамын, азып барамын деген сөздердің сан алуаны осы хаттарда қайыңнан аққан шырындай созылатын. Оның үстіне Алматыдағы Комсомол мен Гоголь көшелерінің арасы да алыс емес, Миман күніне екі, қаласа үш рет келіп турады. Тіпті Мөкен жолдастарымен бір жаққа бара жатқанда да, Миман көкпарға төте қосылған шабандоздай өкпе тұстан, күтпеген жерден сап ете түсетін болды. Жатақханалар мен кино-театрлардың арасында талай із қалды. ағаштардың түбінде тұрып айтқан талай сөз қалды, талай күз қалды, талай жаз қалды,
Ғашықтың арманы, қайғы-қасіреті бәрі де айтылды. Қыз Жібек — Төлеген, Анархан — Хамра тектес ғашықтық аңыздары судай сапырылып. моншақтай тізілді. Ғашықтардың арасын тас жарғандай айырар Бекежан, Сұлтанбай сияқты сұмпайылар да тұрмастай болып талай сыналып өтті. Обалы нешік, әңгіме арасында, бұларға көбірек кіжініп, көбірек қарғап, тауықша жұлғысы келетін де Миман еді. Ғашықтың кіршіксіз көңіліне қалай қаяу салады екен деп таңданатын да, таңырқайтын да сол болатын. Бұдан кейін ақпейіл Мөкен ақ жарылады.
Сөйтіп жүргенде Мөкен төртінші курсты бітіріп. Шымкентке өндірістік практикаға аттанды. Миман құшақ-құшақ гүлмен оны І-ші Алматы станциясына шығарып салды. Болашақ жары елжіреп тұрғанда жігіт те жұмсарып, айрандай ұйып қалды. Миман қайта-қайта хат жазып, өзінің әр қырынан түсірген кескінін жіберіп тұрды. Бірде қырын, бірде қисая қарап түскен суреттердің сыртында: «Сүйсең менше сүй. Миман» деген сөздер алыстағы аңсап жүрген жігіттің көзіне оттай басылды.
Бір күні Миманнан хат келді. Сүйгенім, күйгенім деген сияқты бірсыпыра күйреуік сөздер айтылып болған соң, ол жақында Шығыстың атақты әдеби мұрасы «Мың бір түннің» бірінші томын оқып шыққанын баяндапты: Апыр-ай. адам да осынша арсыздық істейді екен-ау, «Мың бір түндегі» әйелдердің пиғылы қандай жаман, олар маған тіптен ұнамайды. Бетсіздер-ай, күйеулерін қалай түлкіше алдап, тиінше бұлтақтайды. Жүрген-тұрғандарының бәрі мекерлік пен сайқалдық...
Тағы да хат, тағы да келді. Миман бұл жолы «жаным» деп бастап, жалынып, жалбарынып аяқтапты. «Уәделі күніміз жетті, мен сағынып, сарғайып жүрмін. Институтты бітіргелі тұрмын. Аспирантураға қалдырып еді, сен жоқ жерде онысы адыра қалсын, арманым өзің...» деген сөздер бар. Бұл махаббат қылын шерткен нәзік сөздер Мөкеннің көңілін көл-дариядай етті. Ол практикадан болашақ жарына алыс болса да арнайы бірнеше келді. Мұны, көргендер де, естігендер де «махаббаттың орыны басқа ғой!» десті.
Сонымен Миманның институт бітірген кеші де болды. Кеште келешек жолдасы ретінде оның қасында Мөкен отырды. Талай жақсы лебіздер естіліп, лепірме сөздер айтылды. Содан үш-төрт күн өткен соң Миман сөзді өзі бастады.
— Мөкен, өмірді бекер өткізбелік. Анархан Хамраны қандай жақсы көрсе, мен сені сондай сүйемін. Ертең ЗАГС-ке барайық.
Мөкеннің көктен тілегені жерден табылды. қарсы болған жоқ. Некелескеннен кейін «Эмгек» колхозында, Миманның үйінде екеуіне арналған үлкен той болды. Бұған күмпиген мантылар пісіріліп, сәбізді шашпа палаулар басылды, қаймақ құйған еккен шайлар қайнатылды. Лағманның бірнеше түрі: да гүнгурман, дй тәнмән, да шимән пісірілді. Дутардың сыңғырлаған, тамбурдың даңғырлаған даусы естілді. Көшені күй кернеп, Сәнәм биі биленді, Илахун әні шырқалды. «Сен Гуллеулла, мен Гулләулла, Гулләулла!» Ай да, шіркін!..
Мокеннің әлі де бір жыл оқуы бар. Жазғы демалысының аздығына байланысты жолдасымен елге жүруге тілек білдірді. Сөйтіп, июльдің ортасында ол келіншегімен Шолаққорған селосында тұратын семьясына келді. Мөкеннің туған-туысқандары, әке-шешесі оның оқыған қызға үйленгеніне шексіз қуанды. Миман өз тілегі бойынша осындағы орта мектепке мұғалім болып орналасты да, Мөкен аз күн аялдағаннан кейін оқуын бітіріп келу үшін Алматыға жүріп кетті.
Ендігі хатты Мөкен жазатын болды. Бірақ бір жаман жері сол, қанша хат жазып, қанша телеграмма берсе де, әйелі аузын буғандай, жауап бермеді. Сөз жоқ, жанпоз жігіттің жаны қысылды.
Әйелінен хабар болмаған соң Мөкен жақын жердегі енесіне келді. Ол оның қолына бір хат ұстата салды. Онда: «жақсылықты жеткізуге асығамын, январьдың ортасында үйге барамын, жалғыз емеспін, өмірлік жолдасым бар» деп жазылыпты. Хат аяғындағы адрес те басқа. Бұл хабар Мөкеннің төбесінен жай түскендей етті. Анығын біле алмаған, алданған жүрек тар кеудеге сыймады. Мүмкін көре алмаған біреу хатты сыртынан жазған шығар.
Кеше ғана «Мың бір түн» әңгімелерінің кейіпкерлерін жамандап жүрген Миман нақ солардай мекерлікпен Саданбай деген біреумен көңіл қосып, жаңалап топы киіп екінші тойды да жасап жіберіпті. Бәрінен де өтіп кеткені сол болыпты: оқудағы Мөкенге жіберемін деп үйінен екі мың сом ақша алып. тойының ауыртпалығын көтертіпті, мектептің мұғалімдері де біраз ақшасынан аңқиып қалыпты.
Миман Мөкен Алматыға кете салысымен-ақ теріс жолға түсіп бір күн үйде отырмай, «күшік күйеу» іздеумен болыпты. Өйткені Мөкеннің қарт әке-шешесі оған ұнай қоймапты. Сөйтіп «жүргенге жөргем ілінер» дегендей салт басты, сабау қамшылы, біреу тұс бола кетіп Алматыға сүмеңдеп еріп жүріп беріпті. Сөйтіп талақ хат алмай тартып кетіпті. Кешегі қуаныш та, жұбаныш жайында қала беріпті. Өскен орта, тәрбиеленген институт есіне қоймапты. Ал, олар бұл жағдайды естігенде бірауыздан: «мұның аты мекерлік» деп шу ете түсіп, бұған заң орындары араласуы керек десіпті. Ал, қазір Миман «күшік күйеуін» ертіп төркінін жағалап жүр деседі.
1955
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі