Өлең, жыр, ақындар

Ақадырдағы алдамшы

Ақадырдағы осы бір үйдің алдынан адам да, мал да арылып көрген емес. Пысылдаған сиыр, қорсылдаған шошқа, қиқылдаған тауық, қоңыраулы серке, қозылы қой бәрі де көз алдыңыздан өте береді. Аздан соң олар бауыздалып, бірінің санынан, бірінің қолынан базаркомның көкала мөрі басылып, жіліктеніп, мүшеленіп, жөнін тауып кетіп жатады. Ал дәрігерді ешкім жоқтай қоймайды. Талай мал осылай жайғастырылып, жұтқыншақтан өтіп, түпкі бүйенге барып жетеді. Аздан соң осы үйден біреу шығады. Арығыңды, семізіңді, ауруыңды, сауыңды айырып беріп жатады. Мықтының өзі осы деседі тұрғандар.

Бұл — аузынан шыққан сөзі дуалы Мақұлбеков деседі.

Мақұлбековтің екі аты бар, бірі туғанда құлағынан тартып әкесі айғайлап, азан айтып қойған аты — Атабек, екіншісі Ақадырдағылар қойған аты — Айболит. Оның атын да, фамилиясын да Ақадырда ешкім білмейді. Айболит екенін айтсаныз болды, жұрт шетінен шулап, үйіне дейін көрсетін береді. Әрине, доктор Айболит деген атақ алу оған оңайға түскен жоқ.

Ең алғаш «Егінбұлақ» колхозынан келгенде ол осы төңірекке жеті жылғы көтеремді тұрғызатын, сиырдың «қара санын», бұзаудың тазын құдайсыз жазатын «атақты»дәрігер келді, хайуанаттарды емдегенде оның өзі Айболиттен бір былай емес екем деген лақап таратты. Осы әңгіме ел құлағына еркін жеткен соң, көп кешікпей оған бір адам ілмиген тайыншасын жетелеп келді. Тайынша шегірткеге қарсы қолданылатын умен уланған екен. Оның бұйрығы бойынша тайыншаның құйрығын қайырып байланды. Сонан соң жерге тарс жығылып, тыпырлап жатқан тайыншаның төрт аяғы бүрістіріліп буылды. Тайыншаның жағы ағашпен керіліп тасталды. «Ал енді ем қолданылады» деп жұрт үміттеніп тұрды. Бірақ нақ осы бір шақта жеті атадан бері келе жатқан сүтті шелек осы жерге де жетті. Керілген ауызға шелектеген сүт сарылдатып құйылды-ай келіп.

— Ойбай-ау, мұндай емді өзіміз де білуші едік,— дейді мал иесі. Сонымен тайыншаның аузына үш-төрт шелек сүт құйылды. Тайыншаның іші кеуіп, қампайған қарнын көтере алмай, көзі аларып жатты. «Дертке дерт қосып берер жаман баксы» деген осы екен, улағаннын үстіне садыра деген ауруды жамап алып, тайынша бір апта жатып, сары ала жамбастанып әзер тәуір болды. Мақұлбеков осы тайыншаға танытқан емі үшін жұрттан Айболит атын алды.

— Ой, шіркін Айболит!— десті жұрт.

Бірнеше күн өтіп, тайынша жөніндегі Айболит емінің айту кызығы басылған кезде Айболиттін қызметі өзгеріп шыға келді. Айболит атақ бетіне шіркеу болып, Айболиттің есік алдындағы мал базары тарқап бара жатқанда ол Ақадыр поселкесінің базаркомы деген атақ алды. Кешегі көз алдында тарқап бара жатқан мал иелері қайтадан Айболиттің төңірегіне топтанып, оны салмақтай бастады.

Базарком! Әкелінген нәрселердің бәрі оның көз алдынан өтіп жатады. Қызығады. Нәпсі қиын ғой шіркін, қызығып көзі тұнады. Жұлып кетеді, алып кетеді. Қаға берісте, қалтарыста мал иесінің көзін алдай беріп, ішек-қарындарды, бүйрек-сирақтарды жытырып кетеді. Көріп қойса ойладым дейді. Сан еттер, қол еттер, жұмыршақ, жарты жіліктер, бүтін борбайлар дорбаға түсіп, базаркомның үйіне жөнелтіледі. Айболит қазаны майлы қазан, сорпа-сусыз болмайды. Дүние бір пұлдан дегендей, соғым соймай-ақ өстіп жүріп оның ұрты мен мұрты май болады. Кешке Айболит үйге келіп, жылтылдаған қазан астындағы отты, бүлкілдеп қайнаған етті көріп көңілі қош болып қариын сипап жатады. Аузына осы бір сәтте мына бір өлең орала береді. «Бидайдың барар жері шанақ екен, адамның ен жақыны тамақ екен...»

Айболит осындай базарлықтарға кенеліп, ішкені алдында, ішпегені артында жүргенде өзіне тағы бір лауазым жамап алды. Ол базардың ақша жинаушысы делінді. Айболит қыруар ақшаны қолымен ұстап, он қалта, солқ тығындай түседі. Өзінен артылған азғантайы ғана банкке өтеді. Осылай сығымдап жүргенде «Мың бір түндегі» Шаһмаранның бал құдығындай ақша табудың мол қорының көзі ашыла кетті. Қайтадан мал дәрігері болып өзгеріп, Айболиттей атағы жер жарып берді. Тек ақадырлықтар емес, Ақадыр жол бөлімшесінің тұрғындарың айдап та, алдап сорып жатты. Әрине, теспей сорды.

Әуелгіде ол Ақадыр поселкелік советі председателі Ақайдың аузын алды. Ағай екенсіз, ала болмайық деді. Ағайын тату болса ат кеп, абысын тату болса ас көп дегендей, менімен тату болсаңыз, сорпа-сусыз, майлы құйқасыз, арақ-шарапсыз бола қоймассыз деді. Ағасының да көмейі бостау ма қалай, тез көне кетті. Тілімсіз жазықты, күні бүгінге дейін ол Айболиттің көңілін қалдырып көрген емес-ті. Айболит десе-ақ аңқылдап, лақылдап, сабадағы қымыздай тасып төгіледі. Мөрін де, барын да соғып береді. Ара-тұра ағасы да ақылын айтып қояды. Әйтеуір арандап қалмайық дейді. Ағалық ақылы ғой, шіркін, жөн-ақ қой. Ағасына сенімді болып алған соң Айболиттің жұлдызы оңынан туды. Бұрынғы бұрынғы ма тәйірі, Айболит көнек болып кетті.

Айболит Ақадыр участоктік мал дәрігері болып өзгергенде елдің малын сатуға, союға ұзын-ұзын актілер жасап, анықтамалар бере бастады. Қиғаш-қиғаш қағаздарға ирек-ирек қолдар қойылып, көкала мөрлер сарт-сұрт басылып, оңды-солды жіберілді. Ауыл ағасы сақал сипап мұны растай береді. Бұл анықтама әрбір адамға онша арзанға түспейді. Айболит әрқайсысынан бес сомнан қаржы қағып отырды. Анықтама керек болған соң мал иесі қиналса да бес сомын бере салады. Күніне мұндай талай көк шолақ оның қалтасына сүңгіп кетеді. Тамтұмдап оны ол жолдастарымен бөлісіп те отырады. Ол берген анықтама былай болып, бір сортты келеді: «Еті жеуге жарамды. Рұқсат етемін. Мал дәрігері Мақұлбеков». Аяғына алты ирек қолын қояды.

Оның ең жақындары құлағы қызарғанша, тамағы жыртылғанша көрісетін саудагерлер. Адал, арамы белгісіз етті сатып кәсіп істейтін алыпсатарлардан анықтаманы аямайды. Сонан соңғы тату адамы юрист Ұйықбаев. Ол екеуінің татулығы екі килограмм етке таластан басталады. Әдетінше, анықтама бергендігі үшін жеке адамдардың сойып сатқан малынан ең аз дегенде қолүздік алып отыратын Айболит біреудің сатқан тайыншасының басын кішіркеніп алмады да, екі килограмм сан етін шапқызып қойды. Дәл осы кезде ойда-жоқта осында юрист Ұйықбаев келіп, әлгіні алмақшы болып, таласып, тартысып қалды. Айболит те беріспеймін-ақ деген еді, анау юристін алдыңа тарта қалған соң өзі сау емес адам, сескеніңкіреп қалып, жібере салды. Кейін екеуі ауыз жаласып кетті. Қазір Ұйықбаев Айболиттің үстінен түскен шағымдарға сенімді арашашы болып алды.

Айболитке бірнеше мекемедегі ашық ауыздар бес-алты жылдан бері алпыс сомнан ақша төлейді. Бұл не десеңіз, ашық ауыздар «шартымыз» бар деседі. Сонымен Айболит жата береді. Ақша келе береді. Мұны көрген жұрт «Айболитті құдай жаратқан, келіп жатыр, алып жатыр» деседі. Ал Айболит төрінің алдында шалқасынан түсіп, қарнын сипап өлеңдетіп жатыр: «Адамның ең жақыны тамақ екен!..»

— Япыр-ай, алдамшы-ай!

1953


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз