Өлең, жыр, ақындар

Ішектегі қырынды

Жансұлу Қарақойшина мұғалімдік училищені бітірді. Онда бала тәрбиелеу туралы алуан түрлі сабақ өтті. Одан кейін педагогикалық институт бітірді. Кейінгі кезде Қарақойшина Ұзынағаштағы мектепте тіл мен әдебиет мамандығы мұғалімдігіне орын болмағандықтан аудандық оқу бөліміне инспектор болып қызмет істеп жүрді. Инспекторлық қызмет жүріп-тұруды, сартабан аттай басуды тілейді, сондықтан жас баласы бар адамға мұның өзі соншалықты қолайлы болмады. Жағдайын айтқан соң Алматы облысы, Жамбыл аудандық оқу бөлімі оны Ұзынағаштағы балалар бақшасына тәрбиеші етіп жіберді. Бұл қызмет барлық жағынан да келіп тұр. Әрі баласына жайлы, әрі біліміне сай. Бұл январь айының іші болатын.

Нақ осы кезде сай болмайтын бір пәле сап ете түсті. Балалар бақшасының меңгерушісі Шестаполова оны қызметке алғысы келмейтінін анық аңғартты:

— Сіз осы кызметті істемей-ақ қойсаңыз қайтеді, бұл білімді адамға лайықсыз-ақ,— деп мәймөңкеледі Шестаполова.

— Жоқ, маған осы кызмет әбден ұнайды,— деп келте жауап берді Қарақойшина.

«Мынаның өзі жұға алмай тұрған қара күйе ғой» деп ойлады Шестаполова. Ертеңіне ол Қарақойшинаны шақырып алды да:

— Сіз, қазір дәрігерге барыңыз, тоқішегіңізден тоқсан түрлі кесел кездесуі мүмкін, соны тексертіңіз,— деді.

Я, бұл дұрыс та еді. Енді дұрыс емес жері қайсы дейсіз ғой? Дұрыс емес жері сол — ол емхана қызметкерлерін Қарақойшинаны қызметке жарамсыз деп табуға жағдайластырып қойды.

Ондай арамдық ойында жоқ Қарақойшина дәрігерге келді. Дәрігерлердің бәрінен өтіп, «дені сау» деген сөзді аузынан естіп, анықтама алып, ішек-қарын ауруларын зерттейтін лабораторияға келді. Мұндағы дәрігер Голошапова керек анализді де, керек емес анализді де алып, кейін келерсіз деп жіберді. Голошапованы күнде «ертең келіңіз» дегенімен апта өтті. Қаракойшина «нәтижесін қашан бересіз» деген сұрағына жаман жауап естіді.

— Инфекция!

— Инфекция?

— Мүмкін емес,— деп ойлады Қарақойшина,— егер ол ауру болса, организмі ете нәзік балам неге науқастанбайды, оған неге жұқпайды.

Өзінің аурулығына дүдәмалданған Қарақойшина лабораторияға қайта келіп, дәрігерге тағы үш рет көрініп, анализ еткізді. Бірақ, нәтижесі қолына берілмеді. Үш апта тағы кетті. Ақыры ол аудандық денсаулық сақтау бөліміне осы жайларды айтып шағым беріп еді, мұның бағына бөлім меңгерушісі Кротковская тіл-аузынан айрылып қалғандай үн шығармады. Арыз қайда? Арыз аяқсыз қалды. Кротковская бұқараның шағымына құлақ аспан, қайта арамза дәрігер Голошапованың «іште инфекция» бар дегеніне құлағын тосып, аузын аңқайтып отыра берді. Сонан соң Қарақойшина дәрігерге қайта келді. Ол кездегі Голошапова мен Қарақойшинаның арасындағы сөздің түрі мынау еді:

— Апыр-ау, дүние күйіп кетсе де, нәтижесін берсең ізші.

— Ішінде...

— Не бар екен менің ішімде.

— Пәле бар екен ішінде, пәле.

Ақыры Қарақойшина қатты кеткен соң барып қара пәленің беті ашылды. Ол пәле балалар бақшасына жібермеу үшін жасалған екен. Ішегінде «қарын сүзегінің құрты бар, балалар мекемесінде істеуге болмайды, емдеуді керек етеді» деп берілді анықтама.

Міне пәле, керек болса! Өмір-бақи ішегінде құрт болуы түгіл, ішіне жел қарысып көрмеген адамнан ауру табылды деген соң оңай ма? Ол ауруханаға барды. Аурухана қандай себеппен екенін кім білсін, оны қабылдамапты. Енді не істеу керек? Бүйте берсе бұл сүзек құртын басқаларды қойғанда өз баласына жұқтырып, ажал есігін ашушы өзі болар, Қарақойшина қатты қысылып, ойға батты.

Нақ осы кезде балалар бақшасының бастығы Шестаполова да үлкен ойда отыр еді. Тосын келген көз көргіш болады, ен ақыры балаларға әкелген сарымайдан іліп аузыңа салсаң да пәле салуы мүмкін. Мұндай шағын мекемеде өз адамың болғаны қандай жақсы. Сондықтан...

«Сондықтанның» аяғы белгілі, Қырғызстаннан Кириллова шақырылды. Ол Қарақойшинаның әуре-сарсаңда жүрген кезінде балалар бақшасына орналасып алды.

Не керек, Қарақойшина ақыры Алматыға келді. Диспансерден үш рет өтті. Тәжірибелі дәрігерлер микроскоппен мың айналдырып қараса да, іште, ішекте ештеме көрінбеді. Пәле-жаладан аман болып шықты. Сөйтіп қарында құрттың жоқтығын дәлелдейтін анықтамасын алып келсе, Шестаполова мұның орнына кісі алып, көңілін демдеп отыр екен. Қарақойшииа екі-үш ай босқа жүріпті, ішінде ешқандай пәлесі жоқ, керісінше, Шестаполова мен Голошапованың түпкі бүйенінің қырындысы кетпеген болып шықты. Ол түпкі бүйенде тамыр-таныстық, туған-туыстық жатыр екен.

Іс осымен біткендей еді, бірақ енді қысымды Қарақойшина Жамбыл аудандық совет атқару комитетінің председателі Мажаровадан көріп жүр. Шестаполова басқаратын балалар бақшасында оның екі бірдей баласы бар. Осыны пайдаланған Шестаполова Мажароваға сөзінің тігісін жатқызып, өткізеді. Ал Мажарова Шестаполованың жетегінде кетіп, «сіз қызметтен кетіңіз, онда Кириллова істейді» деген басшы адамға лайықсыз әрі ұшқалақ, әрі өрескел сөз айтады, «іңізді» қосып ызылдап, сыпайы болғансиды.

Жоқ, Мажарова жолдас, жұмыстан ауру-сырқауы жоқ, адал адам кетпейді, керісінше ішегінің, түпкі бүйенінің қырындысы кетпеген адам кетуі тиіс, жұрт осыны қоштайды.

1956


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз