Айналдырған ауру Ұрқияны алмай қоймады. Өткен жылы жалғыз ұлы жауыз қолынан қаза тапқаннан бері жүрек ауруы қатты буып, меңдеп, ақыры осы жылдың күзінде ол дүние салды. Алматы қаласындағы 5-микро ауданның 41-үйіндегі 55-пәтерде жалғыз тұратын оның өлімінің себебін ашу үшін заң орындарына хабарланды. Істі қаладағы Калинин аудандық прокурорының көмекшісі Борин жүргізді. Арада екі күн өткенде өлік жерленді. Жылап-сықтап туған анасын о дүниеге аттандырған Ізетгүл ертеңіне прокуратураға шақырылды.
— Келіп үйінен алынған ақшасын тез алыңыз, әйтпесе мен демалысқа кетемін,— деп Борин тездетіп, жылпылдатып жіберді...
Арада тағы екі күн.
Сонымен екі күннен соң не болды дейсіз ғой. Қайғы үстіне қайғы жамалды. Шешесінің үйіне келген Ізетгүл өз көзіне өзі сенбей қалды. Кәдімгі өзі күнде көріп жүрген прокурордың көмекшісі Борин осы үйге жүк көтеріп кіргізіп жүр. Екі қолын сыбанып алған, вокзал басындағы жүкшілерден кем қимылдап жүрген жоқ. Айран көзі аларып, Ізетгүлге суық қабағының астынан ғана көз тастады. Не істерін, не дерін білмей сасып қалған Ізетгүл состиып әуелде қатып тұрып қалды. Денесі мұздап, буындары дірілдеп кетті. Дірілдемей қайтсін, прокурор басқыншылық жасайды, өлік шыққан үйге ұрланып кіреді деген оның үш ұйықтаса ойына кіріп пе?
Нақ осы бір сәтте Борин үйге зып беріп кіріп, есікті іштен тарс жапты. Саңлаусыз, қиюлы есік оның қылмысын біржола жауып тастайтындай сазарып қалды. Нe істеу керек? Ізетгүл өзіне-өзі келіп есікті ашқызуды ойлады. Борин де бір сәтке тілден айырылып қалғандай мылқиып жауап берер болмады. Өзі қайғыда қапа болып жүрген Ізетгүл есікті тартқылай бастады. Есік Боринге жақтасқандай баттиып дыбыс бермеді. Әрең дегенде есіктің жапсары ашылды. Ізетгүл жаңылмапты. Кәдімгі ақ Борин, қасында екі жігіт. Иесіз үйге кірген ұрыша, көздері бал-бұл жанып, үнсіз отыр. Осы кезде көрші-көлем де жиналып, бұл жерде әжептәуір адам болды.
Екі жақта көпке дейін бедірейісіп үндеспеді. Ақыры шыдамы таусылды білем, Борин бірнеше күн бойы қаңқайып тұрып қалып, бір нәрсе тиіп қозғап жіберіп сөйлеп кеткен бұзылған радиоша сайрап қоя берді. Сайрап па, әлде ақырып па, әйтеуір сөйлеп кетті. Оның бұрынғы жылпылдақ сөзі, жалмаң көзі өзгерген. Жылпылдақ сөз орнына қатқыл үн шықты да, әнеугі күндері күлмеңдеп тұрған айран көздерінің аласы көбейе түсіп, адырая қарайтын болып алыпты. Ол тығылып отырып күш көрсете дыбыс шығарды:
— Үйдің иесі мен, қазір жөніңді тап, әйтпесе милиция шақырып, шашынды қырғызып тоқырайтып, өзіңді он бес тәулікке қаматып тастаймын.— Прокурордың көмекшісі екенін танытып отыр, ия, қолында әкімдік барын білгізіп, «Мені кім деп едің, көптің бірі емеспін» деп отыр.
Нақ осы бір шақта бұл үйдің есігінің бұзылғаны, оны Ізетгүл өзі жауып кеткені есіне түсті. Сөйтсе заң бұзар, басбұзар есікті бұзып кіріпті. Қанша дегенмен сақ заң қызметкері емес пе, есікке басқа құлып та салғызып үлгіріпті. Енді бұл Ізетгүлге үйдің есігі мәңгі-бақи жабық деген сөз. Ол күйініп, ағыл-тегіл жылап жіберді...
Шынында да Ізетгүл шешесінің дүниесі сол үйде қала беріп, үйді Борин аферистікпен басып алды. Аферист болмағанда ше!? Талайларыныз-ақ үй алып көрген шығарсыздар. Бар документі сай, барлық заңдылықты сақтаған, үстінде үйі, бауырында қазаны жоқтардың өзі үйге ордерді зорға алатын еді. Ал Боринге бәрі екі-ақ күнде істеліп, түп-түгел өз қарауындағы Калинин ауданынан біте қалыпты. Аудандық совет атқару комитетінің, пәтер бюросының тиісті қызметкерлері аяғының ұшынан мысықша басып, ерекше ептілікпен бәрін бітіріп қойыпты. № 26 үй басқармасы да оған кызмет көрсетіп қол қусырыпты. Осыдан былай бұл үйден Борин шықса-ақ мор басылған қағаз тұратын болды. Таңданбай-ак қойыңыздар, заңсыз істерді қорғайтын мөрлердің болғаны ғой.
Арада таты екі күн.
Арада жүйке жеген екі күн өткенде Ізетгүл келсе оның үйдегі мүлкі әжетханаға лақтырылып тасталыпты. Бориннің бассыздығы ма, әлде басынғандығы ма, есіктен шыға қоймаған шифоньерді (мүмкін заңды үйінен оның да шыққысы келмеген болар) аралап, бір жағын кесіп жатыр. Қарағайдан қасық шығармайтын жаман балташыдай, әлде бүтінді бұзатын басбұзар тентектей талқандап жатыр. Бұл біреудің үйін басып алумен жүргенде аудандық прокурор Лобар оны «өлікке кетті» деп жауап беріп, өтірік айтып отырды. Ол шынында өлікке кетті ме, әлде өлім шыққан үйге дәндеп қалған адам қисық-қыңыр кетіп жүр ме, ол жағын Лобар тексере қоймапты.
Біз аудандық прокурор Лобармен тілдестік. Ол Бориннің заңсыздық ісін көрмейді, оны заңды дейді. Әлде заң қызметкерлері үшін заң жазылмаған ба?! Байқап отырған шығарсыз, оқушы. Мәселе Борин аферистікпен басып кірген өлген кемпірдің үйін кім алуында емес. Бұл үйге заң жүзімен әркімнің кіруіне хан,ы бар. Мәселе адамшылықтың, ардың түйінінде болып отыр. Өліктің аты өшіп болмай жатып, оның дүниесін бүлдіріп, басып кірген заң қызметкерінің бұл ісі қай моральға сыяды екен. Біздің анық білетініміз — бұл адамшылық заңына сыймайды. Ендігі бір ой адамшылықтың ұсақ,»қарапайым әдебін білмейтін басбұзар Борин заң қызметінде бұдан былай қалай істер екен? Оның алдына келген істі адал шешетініне кім сенбек? Республика прокуроры Сейітов жолдас прокуратура қызметкерінің мұндай сұғанақтығына қалай қарар екен? Ал Калинин аудандық совет атқару комитеті аферистікпен алынған ордерді қалай ақтар екен? Қазіргі жұртшылық ойы осындай.
Ал біздің айтарымыз, оқушы, өле көрмеңіз, ондай жаманат болса үйіңізді Бориннің тартып алатынында дау жоқ. Аты құрысын оның, өлімнің. Өле көрмеңіз!
1972
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі