Сәті түсейін десе қиын емес екен, Әнтай екеуміз аяқ астынан алтынды болып шыға келдік. Алтын болғанда кішкентай да емес, Жұрымбайдың жұдырығындай. Алтын дегеніңіз жөні бөлек екен, оны ұстап көргенде бүкіл осы дүниедегі бақыттың бәрі менің қолыма іліне кеткендей көрдім.
— Бере тұршы, мен де ұстап көрейін, — деп, қолымнан оны Әнтай алғанда, бүкіл дүниедегі бар бақыт, байлық менің саласыз, быртық саусақтарымнан біржола шығып кетіп, тамырлары көгеріп, әрқайсысы сояудай-сояудай болып тұрған, алтынды жұтып қоятындай саусақты алақанға құрдымға кірген судай сіңіп жоқ болатындай. Жолдасымның қолын қайта бас салдым. Жолдасым да жабысқақ неме, қолына құдакең қондыра салған бақыттан айрылып қалсын ба, тырмысып жіберер емес. Екеуміз тартысып, қызараңдасып қалдық. Сонан соң барып ол менің қызметімнің үлкендігін ескеріп, қоя бере салғандай болды. Бірақ байқаймын, енді ол алтынды менің қолым жұтып қоятындай көріп тұр. Көзін менің қолымнан алмайды, көзін алмағаныңыз не, тіпті кірпігін қақпайды десем де болады.
Япырмай, байқамаппыз, әлде қолымызға түспеген соң білмейді екенбіз, барлық күш, жігер алтында екен ғой. Екеуміз де күшейіп, ерекше әл бітіп, бірімізді біріміз жеп к.оюға даяр тұрғандаймыз. Тек біреуміз кірпігімізді артық қағып қалсақ, сол қас-қағым сәтте алтынды анау алып, жытырып жіберетіндей.
Айтқандай сол күні қолыма ұстаған алтынның буы әлі де ойымды онға бөліп жіберді ме, сол алтынға қалай тап болғанымды айтпай ұмытып барады екенмін.
...Күн кешкіре бастаған, жаздың кәдімгі жылға бергісіз күні еді. Кеш алдында жаңбыр жауып, шеп су болғандықтан колхозшылардың бәрі енді пішен ертең түс әлетіне дейін жиюға келмейді деп ауылға кетіп қалған. Қоста екі доңғалақты арбамен нан әкелген Әнтай екеуміз отырғанбыз. «Жұт жеті ағайынды» демекші, жаманшылықта пәленің бәрі тұс келе кететін әдеті. Екі күн бойы қара бұлт болып келіп, егінді басып өткен шегірткеден жаңа құтылған едік. Енді жаулықты көшпе қолдылар жасай бастады. Есекті, атты жиырма-отыз арбалы, жаяу-жалпылы олар осы бір жаздың жаңа басталған кезінде күн сайын қаптап тыныштық бермей кеткен-ді.
Міне, тағы да төрт-бес есек арбалы көшпедолы біздің қостың жанына тоқтап, бәрі жүгіре басып келді. Алпылдап-салпылдап, бірнеше көйлекті қабаттап киген, қап-қара бұйра шашты әйелдер, қожалақ-қожалақ қара домалақ балалар анталап, қосқа әкелінген нанға қарап көзін сатып, жұтынып тұр.
— Ей, аға, — дейді бір жас әйел, — сонша нан тұрып біреуін бермейсің. Біз өліп барамыз ғой.
— Жоқ, нан жұмыс істеген адамдарға беріледі, бізде артық нан жоқ, — дейді Әнтай оларға.
Олардың арасындағы жуан қарынды бір дәуқара біреулер жоқ па дегендей жан-жағына қарап алып, өздерінің тілінде құңқылдап-сұңқылдап бірдеме деп еді, аналар біздің қосқа қарай лап қойды. Көріне көзге нанымызды тартып алмақ. Дұрысы біздің нанымыз емес, колхозшылардікі. Балағанға кіре салып, Әнтайдың қосауыз мылтығын алып, бастарынан асыра тарс еткіздім. Бәрі жата қалды. Дәуқара қайта құңқылдап еді, олар тұра келе салып жапа-тармағай арбаларына қарай жөнелді. Қысылғаннан екеуміз де терлеп, малшынып кетіппіз. Маңдайымызды сүртіп, енді есімізді жинап тұрғанда, жаңағылардың бірі қайтып келді. Бұйра шашты, ақ жейденің сыртынан қой терісінен істеген шолақ жең киген жігіт. Тобығың жаба алмаған шалбар, жалаң аяқ.
— Ей, аға, — дейді әлгі менен әлдеқайда жасы үлкен жігіт, — бір нан бер. Өлетін болдық.
— Е, өлетін болсаң колхозға кір, жұмыс істе. Нан береміз, — дейді Әнтай.
— Ой, аға, біз бәріміз науқас адамдармыз, жұмыс бізге істеуге болмайды.
— Нан жеуге болады, жұмыс істеуге болмайды, ә? — деп, Әнтай онымен сөз таластыра бастаған соң, мен қатты қайырып тастадым.
— Болды, қой, сен. Ал сен, — дедім көшпедолы жігітке, — тез кет, әйтпесе қазір ауданға хабарлаймын.
— Ой, ағатай, балаларым аштан өлетін болды, ең болмаса атамнан қалған, көзіндей көріп жүретін мына бір кесек алтыным бар еді, қайтейін, осыны ал да, он буханка нан бер, — деп көзінен жасы парлап, сақалын жуып кетті. Алтынның аты аталған соң ба, әлде балаларын айтқан соң ба, әйтеуір «алтын көрсе періште жолдан шығар» дегендей ішімде бір аяушылық пайда бола кетті. Алтынды көрген соң Әнтай тіпті ашық саудаласа бастады. Байқаймын, тіпті оған менің рұқсатым да керек болмай қалған сияқты.
— Үш буханка беремін, әкел алтыныңды, — дейді Әнтай. Желпініп кетті. Тіпті бұл колхоздың наны еді ғой, оған жауапты боламыз-ау дегенді мүлдем ұмытты.
— Әкемнен қалған алтын еді, аға. Ең болмаса жеті нан бер.
— Жоқ, болмайды. Жарайды, біреу қосамын. Төртеу.
— Аға, атамнан қалған алтын, ең болмаса алтау.
— Жоқ. Ал, бесеу болсын. Енді алмасаң алтыныңды жеп көр.
Колхоздың нанын қалай саудаға салып жатырмыз дегеніммен, алтынды анау бермей кетер ме екен деп менің де ішім қылпылдап барады. Ойпырмай, бес нан! Алты килограмм! Күніне әрқайсымызға 600 грамм. Сонда Әнтай екеуміздің бес күн жейтін тамағымыз.
— Жарайды, — деп Әнтай мен цыганның шарт-шұрт қол алысқанын бір-ақ білдім. Сыртыма шығармағаныммен «уһ» деп демімді бір алдым. Бес нанды арқалап, көшпедолы жігіт әп-сәтте жоқ болды. Жоғарыда айтылған тартысымыз нақ осыдан кейін болып еді. Нақ осы бір сәтте колхоз нанын беріп жібердік-ау, қазынаға қол сұққанымыз ұят болды-ау деген біздің тіпті таңазарымызға да кірген жоқ. Алтынды көрген соң оны ұмыттық. Қалтаңда жұдырықтай алтын тұрғанда алты килограмм нан деген не дейсің.
— Тіпті мен болмасам сен алмайтынсың ғой, мен ғой баяғы, — деп, Әнтай батыр шығып тұр.
Нанның үстіне жұдырықтай алтынды қойып, Әнтай екеуміз көзіміз тоймай қарай береміз. Менің артық қимылымды анау, оның тыпыр еткенін мен қалт жібермей байқап отырмыз. Екеуміз бүгін тамақ ішуді қойдық. Қосқа күн жауын болғандықтан колхозшылардан да ешкім келмеді. Тіпті олардың жоқ болғаны, жаңбыр жауғаны қандай жақсы болды. Әйтпесе бүйтіп біз аяқ астынан олжалы болар ма едік?! Бар болса олар бұл алтынға ортақ болар еді немесе нанды бергізбес еді. Бірақ Әнтай жүгірмекті қарашы, менің әрбір қимылымды бағып отырғанын. Ал қазір оның алтынды ала қашып, әлейім-тәлейім соғыс кезінде кімді кім біліп жатыр, бір жаққа зып берсе қайтпекпін деген арам ой да маған сап ете түсті. Сап-сары жалқындай болып алтынның көрінісін қарашы! Көз қиятын нәрсе ме, шіркін!
Нан үстіндегі алтынды қолыма алдым. Менің алтынды алуға ұмтылғанымды байқаған Әнтай да қолын созып қалды. Ойпырым-ау, алтын дегенің ыстық болады-ау деймін, қолымды күйдіріп бара жатқандай. Оны сасып қайта Әнтайдың қолына сала салдым. Оның есесіне менің қолымнан бар дүние кетіп Әнтайға орнағандай көріп тұрмын.
Кеш батып, ымырт жабыла бастады. Алтынды қайда қоямыз деген ой екеумізді де билеп алды. Алдымен мен бет орамалыма орап шалбарымның оң жақ қалтасына салып жатпақ болдым. Бірақ алтын жамбасымды күйдіріп бара жатыр. Оның үстіне күнде менімен ісі болмайтын Әнтай жаныма тақалып жатып, бір аяғын менің үстіме салып, бір қолымен мойнымнан тас қылып құшақтап алды.
Қой, бүйтіп үйықтай алатын емеспін. Неде болса алтынды осыған беріп, осының қалтасына салып қойсақ па екен?!
— Жарайды, мынау алтынды сен қалтаңа салып жатшы, — деп, алтынды Әнтайға бердім. Әнтайға да керегі осы болса керек, қалтасына ұрып жіберді. Бірақ енді менің тағы мазам кетті.
— Ей, Әнтай, — деймін мен, — сен алдындағы алтынды мына менің бет орамалыма ора да, ана нанның үстіне апарып қойшы.
Әнтай неге мұның бет орамалына орауымыз керек, алтынды оның орамалы бірдеме етіп жоқ қылып қойып жүрмесін дегендей ала көзбен мені ата бір қарады. Дегенмен ішінен оны жек көріп тұрғанмен менің бет орамалыма түйіп, апарып нанның үстіне қойды.
Ал енді жаздың түні қысқа, таң тез атады. Ұйықтауға кірістік Сыртта бірдеңе сылдыр еткендей болды. Мүмкін цыган алтынын өзі ұрлап әкетейін деп жүрген шығар. Дереу жастанып жатқан қосауызды ала бергенімде қолыма Өнтайдың қолы шап ете түсті. Қолым тас болып қатып қалыпты. Жіберер емес.
— Біреу жүр ме?' — Мен қостың есігінен далаға көз бастасам, бір қара егіз пысылдап жайылып жүр. Қайта жаттым.
Әнтай да төсекке бас қойды. Тағы бір шамада екінші жамбасқа аунап түсейін деп қозғала беріп едім, әлгі басын төсектен тағы жұлып алды. Күнде басы кеткен жерге аяғы кетіп, аюдың қонжығынша қатты ұйықтайтын жүгірмек тіпті бүгін түлкінің жаутаңындай сып-сып етіп, көз ілетін емес. Үш-төрт сағат уақытты осылай арпалысып еткіздік. Керер таңды көзіммен атқызып, енді неде болса далаға шығайын деп басымды көтергенім мұң екен, Әнтай сопаң етіп менен бұрын тұрып алды. Екеуміз беті-қолымызды жууға шамамыз келмей, алтынға жармастық. Түйінді шешіп алтынды ала беріп, оның қарайып кеткенін байқадық. Кешегі сарысы да, жылтыры да жоқ, кәдімгі Күрті өзенінің көп тасынан айырмасы жоқ қара шұбар тас.
— Міне, алтын керек болса!
Аздан соң күн шықты. Олжамыздың әншейін тас екеніне көзіміз әбден жетті. Оның есесіне Әнтай екеуміз айран-сүтке ғана қарап, бес күн бойы бұралып аш жүрдік.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі