Өлең, жыр, ақындар

Күлтегін

Күлтегін (684 - 731 жж.) — Екінші Шығыс Түрік қағандығы (Қапаған және Білге қағандар дәуіріндегі) әскерінің бас қолбасшысы, «көк түркінің көк семсері» атанған атақты батыры, Құтлық қағанның кенже баласы. Ол әкесінен 7 жасында жетім қалып, ағасы Қапаған қағанның тәрбиесінде өседі. Күлтегін тым ерте есейіп, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, жау жарағын асынып, тұс-тұстан төнген жауға үлкендермен бір қатарда тұрып ерлікпен айқасады. Міне, осыдан былай Күлтегіннің ерлік жолы басталады. Ағасы Білге қаған және Тоныкөкпен бірге ел тәуелсіздігін сақтап қалу жолында аянбай тер төгеді. Күлтегіннің ерлігін батырдың өзіне арнап орнатылған ескерткіштегі жазулардан анық аңғаруға болады. Ескерткіште сол дәуірдегі қырғын соғыстардың бірде біреуі Күлтегінсіз өтпегенін, дулығасы жарқырап, жауын жапырып, қан майданның ортасында жүргенін, соның бәрінде ол жауына жасындай тиіп, түркі әскерін жеңіске жеткізіп отырғанын тамсана баяндайды. Тарихи құжаттарға жүгінсек, оның әскерінде миллионға жуық салт атты сарбаз болған. Күлтегін батыр 47 жасында қайтыс болады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз