Асанова Ләззат Алтынайқызы (27.07.70, Алматы облысы Панфилов ауданы Ақжазық ауылы — 25.12.86, Алматы) — Желтоқсан көтерілісінің құрбаны. 1985 жылы Алматы қаласына келіп, П. Чайковский атындағы музыкалық училищеге оқуға түседі. 1986 жылы 16-18 желтоқсан күндері болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне қатысады. Ол Орталықтың билеп-төстеушілігіне наразылық білдіріп, қаладағы Жаңа Алаңға (қазіргі Республика алаңы) алғашқы ереуілшілер қатарында «Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!» деген ұранға қосылып шығады. Көтеріліс қатыгездікпен жанышталғаннан кейін басқа да ұсталған 87 адам қатарында Асановаға айып тағылып, қамауға алынады.
1986 жылғы 16-18 желтоқсанда Алматы қаласында болған оқиғаларға түпкілікті баға беру жөнінде республика Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы құрған комиссия мүшесі Ф. Игнатовтың мәліметтеріне қарағанда, Ләззаттың мәйіті бірнеше күннен кейін музыкалық училище жатақханасынан табылғанда, ол туралы «жатақхананың бесінші қабатынан құлап өлген» деген қауесет таратылған. Дегенмен, Асанованың денесін туған ауылына дейін Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері арнайы қарауылмен апарған. Осыған қарағанда, ол жазалаушылар қолынан қаза тапқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң ғана Асанова жөніндегі шындық қалпына келтіріле бастады. Ләззаттың ерлігіне арналған ән («Қаһарман қыз — Ләззат қыз». Музыкасы — Ж. Тұрсынбаевтікі, өлеңі — А. Асылбектікі) жарық көрді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі