Өлең, жыр, ақындар

Уильям Шекспир

Ағылшынның данышпан драматургі Уильям Шекспир 1564-жылы дүниеге келген. «Отелло», «Гамлет» сияқты өлмес мұралардың авторы.

Шекспир драмаларынан бөлек 154 сонет қалдырған. Оның лирикалық сонеттері бірін бірі толықтырып, өзара логикалық байланысын үзбейді. Махаббаттан да жоғары парасатты, шын ниетті адал достықты мадақтайды. Мәңгілік өлмеу үшін өз қаныңды ұрпағыңда қалдыру керек, сонда ғана өзіңнің өлмейтініңе көзің жетеді, «Уақыттың қатал шалғысына өшпеген, өлмеген ұрпағың ғана қарсы тұра алады», — дейді. Ұрпаққа деген сенімін әсте бір есінен шығармайды.

Шекспирдің данышпан таланты оның сонеттерінде жан-жағынан айрықша, ерекше көрінеді. Оның сонеттері өзінің ойлы, философиялық тереңдігі жағынан «Гамлет», «Ромео мен Джульетта», «Дауыл» пьесаларынан кем түспейді.

Сонеттер — Шекспирдің артында қалған жалғыз ғана лирикалық мұрасы. Өзінің драмаларында өз кейіпкерлерімен бірге, біте қайнап кеткенімен, бірде-бір пьесасында өзі туралы ашып еш нәрсе айтқан емес. Ал сонеттерінде өзі, өзінің көңіл күйі, қуаныш-реніштері туралы айтып ағынан жарылады. Сондықтан да оның сонеттерін оқығанда, ақынның бейнесі көз алдымызда тұрады.

Шекспир өмірін зерттеушілердің де оның сонеттеріне көбірек үңілетіні сондықтан.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз