Өлең, жыр, ақындар

Әмеңгершілік

Шынын айтар болсақ, Тақымбекті қызықтырған Бижанның өзі емес, үйі болатын. Үйі болғанда да оған тұруға емес, ебін тауық есебін келтіріп оны сатып жіберіп, қаржысын қалтаға басып алсам деп арман еткен-ді. Тақымбектің арам ниетін Бижан қайдан білсін, келгіштеп жүрген оны кеудесінен итермеді. Сол арада ол «игі» тілегін де білдірді. Дүние деген сез бе екен, тәйірі, ол басқа бітетін нәрсе емес пе деп те қойды сөз арасында. Бір күні Еркін ауылдық Советінің секретары Тақымбектің үйленген тойы болып жатыр деген сез де дүңк-дүңк естілді. «Тату-тәтті өмір сүру үшін» деп ең бірінші тосты Тақымбектің өзі көтеріпті десіп жүрді жұрт.

— Япыр-ай, жол білетін жігіт қой,— десті тағы біреулер.

— Бәрекелді, шынын, сырын айтқан ғой,— дестік бәріміз де.

Той-томалақ өтіп, жиын топыр кейін біраз біріне-бірі бойы үйреніп болған соң Тақымбек сөз бастады:

— Бижан, сенің үйіңде кәрі әжең қанды, ол бір үйде жалғыз отыр. Ал біз де көп емеспіз, шулап жатқан бала-шағамыз жоқ, екі жерге шашылғанша әжең өзімізбен бірге тұрсын,— деді. Ойында арамдықтан дәнеңе жоқ Бижан мұны құптай қарсы алды. Бірге тұратын болған соң жоқтан өзгеге күдіктене берсін бе, арамдықты тілегенге берсін дағы. Арада тағы бірнеше күн етіп кетті. Тақымбек тағы бір сөз бастады.

— Әжеңді кешіріп алдық. Анау жұртта қалған үй тозып кететін болды, тозбай тұрып сатып жіберсек қайтеді. Бір сом да болса артық етеді ғой,— деді. Ойында арамдығы жоқ Бижан мұны да құптап қарсы алды. Үй сатылды да кетті. Әлбетте, ақша Тақымбектің тақыр қалтасын қалыңдатып кетті. Арамдық ойлағанның басына келсін, ерлі-зайыпты адам болған соң Бижан оны есептеп жатсын ба, барлық ақша аз-ақ күнде жұмсалып болды,— деп жүрді Тақымбек. Сөйтсе қарызданып, қауғаланып жүрген Тақымбектің ойы басқа екен. Ол сәт-сәттің арасымен борышынан құтылып, шашынан көп қарызынан аршылып алды. Үй ақшасы зым-зия ада болды. Керек десе, кемпірге бір көйлек те кигізбеді. Үйді сатып жібергені туралы әжесі реніш айтқанда да Бижан оған:

— Үй бар ғой, осы жетпей ме,— деп жуаныш айтып еді, онысы орынды да болатын.

— Кім біледі, шырағым, осы күйеу баламның өзі сыңсыңдап тұр екен. Бір күні көрпе-жастығымызды лақтырып, сыртқа шығарып тастап жүрмесе дегенім ғой, әншейін,— деп бір күдік айтты әжесі.

Көңілінде кіршігі жоқ Бижан әжесіне:

— Әже-ай, жоқтан езгені айтып отырсыз-ау,— деген-ді. Бұныкі де жөн шығар дей салды әжесі, ішінен.

Апта өтті, ай өтті. Бірақ бұлар ЗАГС-ке бармады. Бижан өздерінің ЗАГС-ке қашан баратындығын ойына бір түсіп кеткенде сұрағанда, оған Тақымбек: «Бұл істі ауылдық жерлерде ауылдық Советтің секретары өзі жүргізеді, яғни мен өзім білемін, жаза салармын, иә сөйте салармын»,— деп жылдыртып жіберді. Аузыңды ашсаң сенемін, өтірік айтсаң құдай зауалыңды берсін демей ме, қазақ. Солай дағы.

Той еткеннен соң үш-ішінде орнаған тыныштық дүниесі бес-алты айдан кейік быт-шыт болып бұзылды. Ол Тақымбектің сотталып кеткен ағасының әйелінен шықты... Жеңгей ара-тұра сықсыңдап жылап отыратынды шығарды. Күйеуі кеткеннен кейін төменнен туған баласын таяқ көтерер қауқары болмаса да, ұрып-соғып алатынды шығарды. Бижан байқұс алдымен бұған ара түсіп те жүрді. Мұнын мәнісі былай боп шықты:

Ағасы үйден ұзап шыққан соң-ақ Тақымбек жеңгесі Ұрқияның тақымына қол салып, көңіл қосып қалып, некелі кісідей тұра бастайды екен. Ағам кебін киген жоқ, кебенек киіп кетіп еді, бір күн болмаса бір күні салып жетіп келер демепті. Арамы туған іші әйелді алыстан іздемей «жақсыны жатқа жіберме» әдетінен шыққан екен дейді. Сондықтан да Ұрқиядан туған бала Тақымбектің қолынан екі елі түспейді екен. Ұрқия ашу шақырып, жылап-сықтап отыратын болғаннан кейінгі көрініс тіпті тез-ақ өзгеріп сала берді. Тіпті адам айтса сенгісіз, пасықтық еді.

Осы жерде тағы бір жаңалық болды. Бижаннан да бір бала дүниеге келіп, іңгәлап жылап жатты. Қатындар қазан-жарыс жемеді, нәрестенің аты Есенкелді қойылғанымен, бұған үй ішінде шешесінен басқа қошемет көрсеткен, қуаныш қылған ешкім болмады. Шілдехана да жасалынбады. Егер болған істі дәл айтар болсақ, Тақымбек бала туылып жатқанда жеңгесін қолтықтап киноға кетіп қалды.

Тақымбектер кинодан қайтып келіп, жергөктегі баланы көрген соң Ұрқия солқылдап жылап қоя бермесі бар ма? Булығып отырып: «Майлы күйеше жабысып енді айрылмайтын болды, бұл»,— деп қояды. «Пұшықты тонағаның жаман ырым» дегендей мынаның өзі естір құлаққа, айтар ауызға жаман. Болып жатқан оқиғаны сырттай шолып отыратын кәрі әже әр нәрсені-ақ аңғарып қалатын болды.

Бір күні жеңгесімен бірге қыдырып келген Тақымбек Бижанға қарап сөз бастады. Бекбатыров бұл әңгімені де, әжені кешіріп келердегі, баяғы үйді сатқандағы жылпың сөзімен, дәл сондағы дауыс ырғағымен жайбағыстап бастап кетті.

— Сыймай жатқан не бар, Бижан, көрпе-жастық болса да аз, екі-үш жерге төсек салып әуре болып жүргенше Ұрқия үшеуіміз бір жатсақ та болады ғой,— деді. Бұл сезді естігенде Бижанның жүрегі мүздап кетті. Дегенмен Тақымбек бұл ойын жүзеге ақыры асырды...

Бұдан кейін мұндай суық сөздердің талай сұмдықтары естіле бастады. «Сен жұмысқа бара бер, Ұрқия үйде болсын», «Сен тамақ істе, Ұрқия ел қыдырып келсін» деген сияқты сөздер енді ап-ашық, ап-анық айтылатын болды. Қысқасын айтқанда, Ұрқия бәйбіше, Бижан тоқал болып шықты. Бірақ бір жаман жері Бижан мұны аузы барып ешкімге айта алмады.

Осындай сұмдықтың бәріне көніп келген Бижан бір күні шыдамнан шығып, іш қысасын ақтарып салды. Ақтарып салмағанда қайтсын, «әжеңді үйден қуып жібер» деп аузы-мұрны қисаймай, беті шімірікпей Тақымбек соғып отыр. Бижан оған мұндай азғындыққа бара алмайтындығын ашып айтты. Тақымбектің кектен тілегені жерден табылды. Оған керегі де осы еді.

— Ендеше, баланды ал да, әжеңмен кет!— деп, көрпе-жастығын далаға лақтырды. Неке куәлігі жоқ екенін Тақымбектің өзі біледі. Кәрі әженің баяғы күдігі дұрыс болды, үшеуі кешеде көздері жаутаңдап қала берді...

Ал енді бипаздап-сыпайылап айтсаңыз да мұны әмеңгершілік демей не дейсіз. Сонымен жұрттың некесін қиятын Тақымбек бұл күндері жеңгесімен некелесіп жатса керек. «Естімеген елде көп» деген осы болады дағы.

1953.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз