Өлең, жыр, ақындар

Бастықтың ашуы

«Қарасаз» колхозының председателі Жортақбай кеңсеге қатты ашуланып кірді. Қабағы түксиіп, өңі түтігіп, қарауытып кетіпті. Тіпті қатты ашуланғандықтан есік алдында тұрған бірсыпыра колхозшылармен амандаспай, өз кабинетіне де бармай бірден бухгалтерлер бөлмесіне беттеді.

Ашушаң бастықты бәріміз де сөгеміз. Бірақ бүгін ашуландың деп Жортақбайды сөгуге болмайтын еді. Ашуланбағанда қайтсін, егін судан қалып барады, отырғызылып болмаған темекі анау. Көк бригадасының жұмысы мүлдем бастаусыз жатыр. Аудан ақпарды бұрын бес күнде бір сұраушы еді, колхозда телефон орнағалы бері құлаққа тыныштық жоқ, ауаткомдегі әне бір бадырақ көз қара қыз тақылдап тынышыңды алады.

Тіпті күндегісін былай қойғанда балалар яслиінде істейтін бес әйелдің бесеуі де жұмысқа шықпай қалыпты. Яслидің есігі ашылмағандықтан бес бригададағы жиырма шақты балалы әйел үйінде баласынан шыға алмай шырмалып қалыпты. Яслиде істейтіндердің бірді-екілісі болмаса көбі белсенділердің әйелдері еді. Жеңілдеу жұмыс, маңдай күнге тимесін, шыжыған ыстықта бір-бір уақыт көлеңкеде отырғанның өзі де бір ғанибет қой дескен. Енді міне, бұлардың кесірі бригадаға тиіп бақандай жиырма адам жұмысқа шықпаған.

Жортақбай даладан қатты келген күйі бас бухгалтерше жеки түйіле сөйледі:

— Сенің әйелін неге жұмысқа, яслиге бармай қалды?

Бухгалтер сасқан жоқ, жай әдемі сыбызғы дауыспен жымысқып қана:

— Бүгін сіздің үйдегі Жауһар жеңгейге болысатын еді,— деп лыпың ете түсті. Председатель не айтарын білмей бар ашуынан айрылып, сылқиды да қалды. Ал бухгалтер тісін көрсетіп ыржиып күлген болды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз