Тоқан таңертең қорада тұрған велосипедін көріп келді де, екі көзінен сорасы ағып жылап жіберді: он үштен он төртке шығатын баланың дауыс шығарып жылағаны жаман болады екен, барылдап, үйді басына көтерді:
— Балалардың бәрі кетіп барады, ал менің велосипедімнің шині әлі айырбасталмапты.
Мұны көрген шешесі жан ұшырып барып әкесін оятты.
— Әнеугі күні-ақ айтып едім, осы баланың дүниесін жөндеп қой, аяқ астынан керек етер деп. Жалғыз ұлдың айтқанын істемейсің.
— Тағы не болып қалды?—деді әкесі.
— Не болғанын тұрып көрмеймісің жалғыз баланы жылатып... Велосипедтің шині айырбасталмапты. Барсаңшы енді, жаны бар кісіше.
Сөйтіп әкесі тұрып, әп-сәтте велосипедтің шинін айырбастап, майлап берді де, баласының көңілін қош етті. Тоқан әзір велосипедке мініп алып, зырғыта жөнелді.
Балалар бұл күні ауылдан екі-үш километр жердегі көлге барып түске таман қайтамыз, қайтар жолда жарысамыз, сөре ауылдың ортасындағы Мұраттың үйі десті.
Көп жүріп қалып, күн кешке таянған кезде көлден шыққан он шақты бала тегіс қатар тұрып, ауылға қарай жарысып кеп кетті. Тоқан тыз етпе, шығымды атша ә дегенде алға шықты да, біртіндеп мимырттап, бәрінен артта, көз ұшынды қалып қойды. Нақ осы кезде «жығылған үстіне жұдырық» дегендей артқы доңғалақ парс етті. Өзі ызаға булығып келе. жатқан ерке еңіреп жылап жіберді. Ол еңіремек түгіл бақырса да, дауысын көл жағасындағы қызғыш пен шағаладан басқа ешкім естіген жоқ. Олар оны келеке еткендей ілесе шиқылдап қояды.
— Е, е, е, енді қайттім? Әк-е-е...
Сәлден кейін ол орнынан атып тұрды да, жығылып жатқан велосипедінің жанына жетіп келіп, бірден кісеге жармасты. Кісені ашқанмен не пайда, кілт көп, жөндейтін әке жоқ. Кілттің бірін доңғалақтың ортасына апарды да, қай болтты бұрарын білмей ақырып қалды. Велосипедтің ауруы қай жерінде? Кілт біреу, болт әлде нешеу! «Долы зәрін көзінен төгеді» дегендей көзінен жас, басынан тер бірдей ағып жүріп берді. Доңғалақтан жұққан топырақпен жас, тер араласып, ақсары бала қарақожалақтанып шыға келді. Ол велосипедтің о жер, бұ жерін түрткіледі де, ештеңесін білмейді, бәйек болар әке-шеше жоқ, мықшыңдап тұрғызып сүйреледі. Тер қарабақайына дейін ақты. Көтермек болды, болмады, Ол қатты састы. Ол «далада қалдым-ау» деп қайта жылай бергенде қос ат жеккен арбамен көршісі Кәдір келе қалды. Тоқан қуанып кетті:
— Сал арбаға,— деді Кәдір оны көріп,— жылап отырғанша жөндеп алмайсың ба?
Тоқан тіс жарып үндеген жоқ. Велосипед салынған арбаға өзі де отырып, қалғып кетті.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі