I
АҒЫЛШЫНДАР МЕН ФРАНЦУЗДАР
Белгіленген уақытта көңілдес достар төрт дәйекшісін ертіп, Люксембург сарайының сыртындағы қоршаулы бір алаңға келді, бұл арада ешкілер жайылып жүр екен. Атос қойшыға уақ тиын-тебен беріп еді, ол дереу кетіп қалды. Олар дәйекшілерін қарауылға қойды.
Көп ұзамай осы алаңға үн-түнсіз бір топ кісі келіп, ішке кіріп мушкетерлерге қосылды; сосын ағылшынның әдет-ғұрпы бойынша, өзара таныса бастады.
Асыл текті ағылшындар өз дұшпандарының есімдерін естігенде елең-елең етісіп, таңырқап қана қоймай, бір түрлі секемденіп, үркіп қалғандай да болды.
— Бұдан біз ештеңеге түсінбедік — деді лорд Винтер, үш дос аттарын айтқаннан кейін — Біз әлі сіздердің кім екендеріңізді білмейміз, аты келіспеген кісілермен сайысқымыз да келмейді. Бұларыңыз бір өңкей қойшы-қолаңның аты ғой.
— Өзіңіз де сезіп тұрған шығарсыз, милорд, бұл — ойдан шығарылған лақап аттар, — деді Атос.
— Ал, ендеше біз сіздердің шын аттарыңызды білгіміз келеді, — деді ағылшын.
— Бірақ сіз біздің аты-жөнімізді білмей-ақ құмар ойнадыңыз ғой және астымыздағы екі атымызға дейін ұтып алдыңыз, — деді Атос.
— Сіз дұрыс айтасыз, бірақ біз ана жолы тек ақшамызды ғана бәске тіксек, енді басымызды бәйгеге тіккелі отырмыз; біз кім көрінгенмен ойнай береміз, ал, сайысқанда — тек терезесі тең кісілермен ғана сайысамыз.
— Мына сөзіңіз әділ екен, — деді Атос, сосын өзімен жекпе-жекке шығатын ағылшынды оңаша шақырып алып, сыбырлап атын айтты.
Портос пен Арамис те аты-жөндерін айтты.
— Қалай, көңіліңіз көншіді ме, енді мені шпага айқастыруға жарайтын асыл текті кісі деп құрмет көрсете аласыз ба? — деді Атос дұшпанына.
— Ия, сударь, — деді ағылшын иіліп ізет көрсетіп.
— Жарайды! Ал, енді мен сіздерге бір сыр айтқым келеді, — деді Атос суық қабақ танытып.
— Ол нендей сыр? — деді ағылшын таңырқап.
— Сіздің менен шын есімімді сұрамағаныңыз жөн еді.
— Неге?
— Неге дейсіз бе, олай дейтінім: жұрт мені өлдіге есептеп жүр; олай дейтінім: тірі екенімді ешкім білмесе екен деуіме дәлелді себебім бар; енді осы бір құпия сырым елге тарап кетпес үшін мен сізді амалсыздан өлтіруім керек.
Осынын өзі ойнап тұрған жоқ па екен деп, ағылшын Атосқа байыптап қарап еді, жігіттің ондай сыңайы байқалмады.
— Мырзалар, бәріңіз де дайынсыз ба? — деді Атос достары мен дұшпандарына алма-кезек қарап.
— Иә, — десті ағылшындар мен француздар қосарланып.
— Ендеше, басталық!
Со замат батып бара жатқан күн шапағына шағылысып, сегіз шпага бірден жарқ-жұрқ етті: әуелден бір-бірін қанқұйлы жау санайтын бұлардың сайысы күрт басталып кетті.
Сайыстың жаттығу залында жүргендей-ақ, Атос аспай-саспай, сабырмен, салмақпен, абайлай айқасып жүрді.
Шантильидегі шырғалаңнан аузы күйіп қалған Портос, бұрынғыдай өңмендеп тапырақтамай, сайыс кезінде аяғын андап басып, әдіс-айланы көп қолданды.
Ал, Арамис болса, өз поэмасының үшінші жырын аяқтауға тиісті, сол себепті де шаруасын тезірек бітіруге тырысты.
Атос дұшпанын бірінші болып өлтірді; бұл оны бір-ақ рет түйреген екен, бірақ әлгіде ғана ескерткеніндей, сол түйреу ажал болып жабысыпты, шпага жүректі тесіп өтіпті.
Бұдан кейін Портос дұшпанын жер жастандырды: ол ағылшынның жамбасын түйреп өтсе керек. Одан әрі қарсыласар қауқары қалмағасын ағылшын шпагасын дұшпанына бере салды, сол-ақ екен, Портос оны көтеріп, күймеге апарып жатқызды.
Арамистің дұшпанын қатты тықсырып есін алғаны сондай, елу қадамдай шегініп барғасын, ол алды-артына қарамай далақтап қаша жөнелді, сөйтіп ол малай біткеннің мазағына қалды.
Ал, енді д'Артаньянға келетін болсақ, жайбарақат, көп жанықпай, шебер қорғануға кірісті; ақырында дұшпанын діңкелетіп барып, қолындағы шпагасын қағып түсірді. Қарусыз қалған барон бір-екі басып кейін шегіне берем дегенде, тайғанақтап шалқасынан құлап түсті.
Д'Артаньян бір аттап дұшпанының қасына барып, тамағына шпагасын тақай қойды.
— Мен сізді өлтіре салар едім, сударь, өйткені жаныңыз қолымда тұр, бірақ қарындасыңызға бола сізге тірлікті қайта тарту етейін, — деді ол ағылшынға.
Д'Артаньянның төбесі көкке жеткендей болды: ол ойына алған жоспарын орындады, осыдан бірнеше сағат бұрын бір сәтті ойы басына түскенде ол кәдімгідей қуанып қалған еді.
Осындай көнтерлі, көнбіс жігітке тап болғанына разы болған ағылшын д'Артаньянды құшырлана құшақтап, үш мушкетерге мың сан алғыс айтты; Портостың жаралы дұшпаны күймеге салынып, ал, Арамистің жауы қашып кеткеннен кейін, бұлар өлі кісіні айналдырып көре бастады.
Жарасы ауыр болғанмен әлі тірі шығар деген үмітпен Портос пен Арамис оны шешіндіріп көре берді; сол мезетте оның белдігі ақшаға толы әмияны түсіп қалды: Д'Артаньян оны алып, лорд Винтерге ұсынды.
— Мен оны қайтемін, шайтан алғырды? — деді ағылшын.
— Өлген кісінің үй-ішіне қайтарып берерсіз, — деп жауап қатты д'Артаньян.
— Оның үйі осындай тиын-тебенге қарап отыр дейсіз бе! Семьясына мұра ретінде он бес мың луидор рента қалады. Бұл әмиянды дәйекшілеріңізге берерсіз.
Д'Артаньян әмиянды қалтасына сала салды.
— Ал, енді, жас досым, өзіңізді дос деуіме рұқсат етесіз ғой деп ойлаймын — егер қаласаңыз, бүгін кешке мен сізді қарындасым леди Кларикпен таныстырайын, — деді лорд Винтер. — Менің сізге оң қабақ танытып, жақын тартқанын қалар едім, өйткені король сарайында әжептәуір беделі бар әйелдің сізді жақтай айтқан бір ауыз сөзі қадеңізге жарар.
Д'Артаньян бұған мәз болып қызарып кетті де, өз көңілі де соны қалайтынын білдіріп, тәжім етті.
Сол мезетте д'Артаньянның қасына Атос келді.
— Әлгі әмиянды қайтесіз? — деді ол жігітке сыбырлап.
— Оны сізге берейін деп едім, инабатты Атос.
— Маған ба? Не себептен?
— Өйткені әмиянның иесін өлтірген сізсіз. Ол — жеңген кісінің олжасы.
— Сонда жаудың мұрагері болмақпын ба! Сіз мені кім деп жүрсіз осы?
— Соғыс салты солай. Сондай салт жекпе-жек сайыста неге болмасқа? — деді д'Артаньян сабырмен.
— Мен тіпті айқас аланында да сол салтты сақтап көрген емеспін, — деп жауап қатты Атос бұған.
Портос иығын қушитты да қойды. Арамис Атосты қостап, жымиып езу тартты.
— Олай болса, бұл ақшаны лорд Винтер айтқандай, дәйекшілерге берейік, — деді д'Артаньян.
— Мақұл, дәйекшілерге берсек — берелік, — деп Атос онымен келісе кетті, — бірақ біздікіне емес, ағылшындардың дәйекшілеріне берелік.
Атос әмиянды алып, лордтың көшіріне тастады:
— Серіктеріңізбен бөлісіп аларсыз!
Қалтасында көк тиыны жоқ кісінің тап осындай мәрттігіне тіпті
Портостың өзі қайран қалды, кейін, лорд Винтер мен оның досы жүрген жерлерінде француздың керемет жомарттығы жәйлі сөз қозғағанда, бұған таң қалып, таңдай қақпаған жан болмады, әрине, олардың қатарына Гримо, Мушкетон, Планше мен Базен мырзаларды қосуға болмас еді.
Д'Артаньянмен қоштасып жатып лорд Винтер оған қарындасының адресін айтты; ол Король алаңында, сол кезде мода болған кварталда, алтыншы үйде тұрады екен. Жас жігітті таныстыру үшін оны лордтың өзі ертіп апармақ болды. Д'Артаньян онымен сағат сегізде Атостың үйінде кездеспек болып сөз байласты.
Миледиге бармақ болған сапары біздің жас гасконды қатты толқытты. Ол осы уақытқа дейін сол бір әйелдің өзінің тағдыр-талайында бір түрлі түсініксіз роль атқарып келгенін есіне алды. Жігіт кардиналдың көп тыңшыларының бірі сол әйел екенін білетін, бірақ соған қарамастан, есіл дерті, ынтызары сол әйелде, шамасы, бұл кісінің өзі де біле бермейтін ғажайып бір сезім болса керекті. Оның қауіптенетін бір-ақ жері — миледи мұның Менгпен Дуврде кездескен кісі екенін біліп қоя ма деп қорқады. Онда әйел жігіттің де Тревиль мырзаның досы екенін, демек, жан-тәнімен корольді жақтайтынын бірден біледі, әрине, бұл жәйт оның әйел алдындағы беделін біраз түсіреді, ал, тап қазір бұл миледи қай дәрежеде білсе, ол да мұны сол дәрежеде біледі, аңдыса қалса, екеуінің шама-шарқы бірдей болмақ. Ал, миледи мен граф де Бард арасында басталған ғашықтық шырғалаңына келсек, граф қанша жас жігіт болғанына, дәулетті, бай болғанына, тіпті оны кардиналдың жақсы көретініне қарамастан, өp көкірек жігітіміз бұған онша қиналып жатпады. Егер сіз Тарбада туған болсаңыз, жиырма жас дегеннің жөні бөлек қой.
Ең әуелі д'Артаньян үйіне қайтып келіп, киім-кешегін, үсті-басын мұқият тазалатып, сыланып-сипанды; сосын ол Атосқа қайта келіп, үйреншікті әдеті бойынша, оған күллі жай-жағдайды толық баяндап берді. Атос оның ойына алған ісін зейінмен тыңдағаннан кейін, біраз басын шайқап отырды да, абай боларсың деп күрсіне кеңес берді.
— Бұныңыз не! — деді ол — Сіз осы жуырда ғана бір әйелден айрылып қалдыңыз, өзіңіздің сөзіңізге қарағанда, ол бір әсем, мейірбан, ғазиз жан болса керек-ті, енді, міне, көзсіз көбелектей басқа әйелдің ізіне түскеніңіз қалай?
Д'Артаньян кінәлай айтылған бұл сөздің әділ екенін біледі.
— Бонасье бикені мен жан-жүрегіммен сүйген едім, ал, миледиді ақылыммен сүйемін. Мен оның үйіне барғым келетін басты себеп — сол әйелдің сарай төңірегінде қандай роль атқаратынын анықтау.
— Қандай роль! Сіздің айтқан сөздеріңізге қарағанда, оны білу қиын емес тәрізді. Ол — кардиналдың жасырын тыңшысы, ол әйел сізді алдап-арбап, торға апарып түсіреді де, сосын басыңыздан айрыласыз, шаруаңыз бітті деген сол-дағы.
Һім... Сүйікті Атос, сіз қараспанды төндіріп, дүниенің бәрін тұнжыратып жібересіз.
— Сөйтпегенде, қайтемін, қымбаттым, мен әйел атаулыға сенбейтін жанмын, оған дәлелді себептерім де бар, әсіресе ақсары әйелдерге сенбеймін. Сіз, шамасы, маған миледи — ақсары әйел деп айттыңыз ғой деймін?
— Оның алтын шашына тең келетін шашты өмірде көрген емеспін.
Байғұс д'Артаньян! — деді Атос күрсініп.
— Егер сенсеңіз, мен соның мән-жағдайын білейін деп едім. Өзіме қажетті нәрсені білгеннен кейін жөнімді табамын ғой.
— Қайтейін, өзіңіз біліңіз, — деді Атос енжар кейіппен.
Лорд Винтер тиісті уақытында келді, бірақ ертерек ескертіліп қойған Атос, ол келмей тұрғанда басқа бөлмеге кіріп кеткен. Ағылшын д'Артаньянның жалғыз отырған үстіне келді, келісімен оны асығыс ертіп әкетті, өйткені сағат сегізге жақындап қалған еді.
Төменде сүліктей қос ат жегілген әсем күйме күтіп тұр екен, жас жігіттер көзді ашып-жұмғанша заулатып отырып, Король аланына келіп жетті.
Леди Кларик д'Артаньянды сабырмен қарсы алды. Оның осынау үйі бай жиһазды екен; ағылшындардың көпшілігі соғыс айдап, Франциядан кетіп қалса да, немесе кеткелі жатса да, миледи үйін оңдап жөндеуге қыруар қаржы жұмсапты, соған қарағанда, ағылшындарды елден аластау жөніндегі жалпы нұсқау оған салқынын тигізбесе керек.
— Сіздің алдыңызда тұрған жас дворянин, — деді лорд Винтер д'Артаньянды қарындасымен таныстырып жатып, — менің өмірімді өз қолында ұстап тұрып, біз қанша бітіспес жау болсақ та, олай дейтінім, әуелі мұның намысына тиген менмін және мен — ағылшынмын ғой, бірақ соған қарамастан бұл сол артықшылығын іс жүзіне асырмады. Егер сіз мені зәредей жақсы көретін болсаңыз, сударыня, бұл жігітке алғыс айтыңыз!
Миледи сәл ғана қабақ шытып, ақ жүзін болар-болмас бір кірбең шалып өткендей болды, ал, ерніне бір оқыс жылусыз күлкі үйірілді, әйелдің бет құбылысын бақылап тұрған д'Артаньян мұны көргенде еркінен тыс селк ете түсті.
Ағасы ештеңені де байқамады: ол со сәтте мұны қамзолынан тартқан, миледидің жанындай жақсы көретін маймылын еркелете сипау үшін артына бұрылған еді.
— Хош келіпсіз, сударь! — деді миледи, бір жанға жайлы жұмсақ үнмен, оның даусы келіншектің д'Артаньян жаңа ғана өз көзімен көрген көңілсіз күйімен мүлде үйлеспей жатқан-ды. — Сіз бүгін менің құрметіме мәңгі-бақи ие болдыңыз.
Сол арада ағылшын бұларға қайта бұрылып қарап, әлгі бір жекпе-жек сайын тәптіштеп, егжей-тегжейлі сөз ете бастады. Миледи оны мейлінше зейін қойып тыңдады, іштегі сезім-түйсігін қанша білдірмеймін десе де, бұл әңгіменің келіншекке түрпідей тиіп тұрғанын оп-оңай-ақ аңғаруға болатын еді, Ол бірде қызарып, бірде бозарып, шыдамы таусылғандай кіп-кішкентай аяғымен еденді тықылдата тепсініп тұрды.
Лорд Винтер мұның бірін де байқамады. Әңгімесін бітіргеннен кейін ол подноста испан шарабы құйылған шыны мен стакандар тұрған стол басына барды. Екі стаканға шарап құйып, д'Артаньянға ішіңіз деп ишарат етті.
Д'Артаньян ағылшынның денсаулығына ішуден бас тартса оны өлердей өкпелететінін жақсы білетін. Сол себепті де стол қасына келіп, қолына екінші стаканды алды. Бірақ ол миледиді көзінен таса қалдырмады, шар айнадан оның өңі өзгеріп сала бергенін байқады.
Енді өзіне ешкім қарап тұрған жоқ деп ойлағаннан ба, әйтеуір әйелдің бет-аузы жыртқышқа тән кейіп тауып, ырсиып кеткен. Ол долданып орамалын тістелейді. Сол мезетте әп-әсем кәнизак қыз келіп кірді, д'Артаньян оны бұрынырақ көрген; ол лорд Винтерге ағылшынша бірдеңелерді айтып еді, анау бір тығыз шаруамен кетуім керек еді деп д'Артаньяннан рұқсат сұрады және мен үшін қонақтан кешірім сұраңыз деп қарындасына тапсырма беріп жатты.
Д'Артаньян онымен қол алысып қоштасып, миледидің қасына қайтып келді. Әйел жүзі кісі таң қаларлықтай болып дереу жадырап сала берді, бірақ орамалына жұққан қызыл тамшыға қарағанда ернін тістелеп, қанатып тастаған сияқты.
Келіншектің шырын ерні гүл күлтесіндей қып-қызыл еді.
Әңгіме жанданып сала берді. Миледи әбден сабасына түскен тәрізді. Ол д'Артаньянға лорд Винтер мұның ағасы емес, күйеуінің інісі ғана екенін айтты: миледи сол семьяның үлкен ұлына тұрмысқа шығады, күйеуі қайтыс болғасын келіншек сәбиімен жалғыз қалады, егер лорд Винтер үйленбесе, сол бала лордтың бірден-бір мұрагері болып қалмақ. Осының бәрінен д'Артаньян бұларда бір бүркеулі перде барын, сол перде ішінде құпия сыр жатқанын аңғарды, бірақ сол пердені бұл әлі ысырып, аша алмай жүр.
Жарты сағат сөйлескеннен кейін миледидің өзімен отандас екеніне Д'Артаньянның ақиқат кезі жетті: оның французша мейлінше еркін және ақаусыз әдемі сөйлейтіні сонша, оған тіпті зәредей де күмән келтіруге болмас еді.
Д'Артаньян келіншекке шын ықыласымен құлай берілгенін білдіріп, оны еркелете дәріптеп, көп-көп жылы сөздер айтты. Біздің гаскон жігітіміздің судыраған сылдыр сөзін тыңдағанда, миледи оған оң қабағын беріп, жымия күліп отырды. Ақырында кететін де уақыт жетті. Д'Артаньян қош айтысып, қонақжайдан шыққанда екі аяқты, жұмыр басты пенденің ішіндегі ең бақыттысы болып шыққан еді.
Басқыш үстінде оған әп-әсем кәнизак қыз жолықты. Өтіп бара жатып ол мұны жәйімен қағып кетті де, қып-қызыл болып ұялып, аса бір нәзік үнмен жігіттен кешірім сұрады, әрине, оның бұл әбестігін жігіт табанда кешірді.
Келесі күні д'Артаньян бұл үйге тағы келді, келіншек оны кешегіден де жылы қабылдады. Бұ жолы лорд Винтер жоқ екен, кеш бойы қонағының көңілін миледидің бір өзі аулады. Ол шамасы жас жігіттің жай-күйін білуге ынтызар болса керек, оның шыққан тегін, дос-жарандарының кім екенін, кардиналға қызмет ету бұрын ойыңызда болған жоқ па еді деп тәптіштеп сұрап алды.
Жиырма жаста ғана болса да, жігітіміздің аса сақ жүретіні бәрімізге аян ғой, міне, тап осы араға келгенде д'Артаньян өзінің миледиге күмәндана қарайтынын есіне алды; ол әйел алдында жоғары мәртебелі тақсырды келістіре мақтап, егер мен де Кавуа мырзаны, де Тревиль мырза сияқты, жақсы білген болсам, онда сөзсіз корольдің гвардиясына емес, кардиналдың гвардиясына түсер едім дегенді айтты.
Миледи жайбарақат отырып әңгіме желісін басқа жаққа аударып жіберді де, аса бір самарқау үнмен д'Артаньяннан: сіз бұрын Англияда болып па едіңіз, — деп сұрады.
Д'Артаньян: де Тревиль мырзаның тапсырмасымен ат сатып үшін со жаққа барғаным рас және осында көрсету үшін өзіммен біpге төрт атты ала келдім, деп жауап берді.
Сөйлесіп отырғанда миледи екі рет пе, әлде үш рет пе, ернін тістеп алды: мына гасконның бір әккілікпен келіп отырғаны анық-ты.
Дәл кешегі уақытында д'Артаньян кетіп қалды. Дәлізде оған тағы да әдемі, әсем Кэтти — кәнизакты осылай атайтын — кездесе кетті. Қыздың бұған қиыла қарағаны сондай, оны елемеу тіпті де мүмкін емес-ті, бірақ д'Артаньян кәнизактың билеуші ханшасына ынтық болып жүргесін, соның өзі болмаса, басқа әйелге назар аудармайтын.
Д'Артаньян миледиге келесі күні де, одан кейінгі екінші, үшінші күндері де келді, әр келген сайын кешқұрым миледи оны жадырай, қуана қарсы алатын болды.
Әр кеш сайын — бірде дәлізде, бірде ауызғы бөлмеде, енді бірде басқыш үстінде д'Артаньян мен әсем кәнизак кездесіп қалып жүрді.
Бірақ, біз жоғарыда айтқанымыздай, д'Артаньян сорлы Кэттидің бұл ықыласына тіпті назар аудармады.
II
ПРОКУРОРДЫҢ ҮЙІНДЕГІ ТҮСКІ AC
Әлхисса, ағылшындармен жекпе-жек сайыста Портос жарқырап көзге түссе де, ол прокуроршаның үйіндегі түскі асқа шақырылғанын ұмытпады. Келесі күні сағат он екіден өте берген шақта Мушкетон қожасының киімін тазалап бітірді, содан кейін Портос төрт құбыласы түгел кісі сияқты маңғазданып, Аюлы көшесіне қарай аяңдады.
Портостың жүрегі де лүпілдей соғады, бірақ шыдамсыз, жас махаббат қуған Д'Артаньянның жүрегіне қайдан жетсін! Жоқ, оның бойын қыздырған махаббат емес, басқа жәйт — қара басының қамы еді: енді ол ақырында со бір кілтипанды табалдырықтан аттайды, сол бір белгісіз басқышпен жоғары көтеріледі, мәтр Кокнардың, ескі экюлері осымен біртіндеп көтеріліп, көбейіп жатқан құтты басқыш қой ол.
Ақырында ол қиялмен көз алдына он сан рет елестеткен көкейкесті сандықты, қақпағы аспалы құлыппен бекітілген ұзын да терең сандықты, сыртын тот басып, еденге әбден жабысып қалған, сол туралы талай хикая естіген ескі сандықты енді өз көзімен көрді, тап сол сандықты прокурорша сәл ғана тарамыстанып, қатыңқырап кетсе де, әлі әсем сәнін жоғалтпаған кішкентай қолымен бұған ашып көрсетеді ғой.
Мұның үстіне өзі сияқты үй-күйі жоқ кезбе, қатын-баласыз, бақ-дәулетсіз кісі, мейманжайлар мен шайханаларға, асханалар мен шарапханаларға үйреніп қалған солдат, лаждың жоқтығынан қолына түскен кездейсоқ тағамды қанағат тұтқаны болмаса, тоя тамақ ішуді жақсы көретін жазған басы, міне, енді ақырында от басы, ошақ қасында отырып ауқаттанатын болды, үй ішінің жанға-жайлы, тату-тәтті тірлігінен рахат-ләззат табатын болды, бибінің уақ-түйек қамқорлығына мойынсұнып қабылдайтын болды, кәрі тарландардың айтуынша, сондай қамқорлық таршылық-торапты көп көрген кісінің жанына майдай жағады дейді ғой.
Сол үйге күзен ретінде келіп, күн сайын бай дастарқан басында отыру, кәрі прокурордың тиқы маңдайының әжімдерін сипап, темірқанат жас хатшыларды бассеттің, гальбик пен ландскнехттің небір нәзік әдіс-айлаларына үйретіп, аздап жүндеп алу яғни бір сағаттық сабағының ақысына ай бойы жиған-тергенін сыпыра қағу — міне осының бәрі Портосқа қатты ұнайды.
Рас, мушкетер прокурорлар жайлы сол заманда елге тарап кеткен және кейінгі жұртқа да жеткен жаман қауесетті, олардың қазымырлығы, сараңдығы, кессе қан шықпас метіндігі жайлы қауесетті есіне алды. Бірақ үнемшілдіктің азды-көпті ұстамалы ауруы болмаса (Портос оны прокуроршасына жараспайтын әбес қылық, деп есептейтін), әдетте ол кеңпейіл, жомарт әйелді, әрине прокуроршаның бойына шақтап айтқанда ғой — соған қарап ол бұл бибінің үйін ағыл-тегіл берекелі үй деп ойлаған.
Дегенмен есік алдына келгенде мушкетердің көңіліне болар болмас бір күдік келіп кіргендей болды. Үйдің кіре берісі сиықсыз дау екен: лас та сасық дәліз, күңгірт басқыш, оның торкөз терезесі арқылы көрші ауладан көмескі жарық түсіп тұр; екінші қабатта шағын есік сырты, тап бір Гран-Шатле түрмесінің бас қақпасы сияқты, сояудай-сояудай шегелермен кестелене қағылыпты.
Портос есік қақты. Өңі боп-боз, шөмеле шашы қобырап жүзін жапқан, ұзын бойлы хатшы келіп есік ашты, иіліп ізет көрсеткеніне қарағанда, ол күш-қайраттың иесі болып табылатын еңселі кісі қоғамда тиянақты орны бар адам ғана киетін әскери мундирді молшылыққа әбден дағдыланып қалған кескін-кейпі келісті кісіні үйренген сияқты.
Соңынан одан гөрі аласалау екінші хатшы көрінді; сәл қалқыңқылау үшінші хатшы екіншісінің соңынан; он екілер шамасындағы жеткіншек үшінші хатшының соңынан сығалады.
Үш жарым хатшы — сол кездің өлшем-мөлшеріне жүгінсек, бұл кеңсеге істі болып қыруар жұрт келетінін хабарлап тұрғандай еді.
Сонымен мейман есік алдына жақындай бергенде Кокнар бәйбіше де басқыш алаңына шыға келді, салиқалы бәйбішенің сыртқа шыққаны мушкетерді бір қиын жағдайдан сақтап қалды. Хатшылар оған қуақылана көз тастап самсап тұрғаннан кейін, осы бір ұзынды-қысқалы жүгермектерге не дерін білмей, жігіт аңырып қалған болатын.
— Бұл менің жиенім! — деді прокурорша дауыстап, — кіріңіз, кіріңізші, Портос мырза!
Портостың есімі хатшыларға кәдімгідей әсер етті де, олар жамырай күліп жіберді, бірақ Портос айбарлана бір қарағанда, олар жым болып, тымырайып тұрып қалысты.
Прокурордың кабинетіне бару үшін, әуелі хатшылар тұрған ауызғы бөлмеден хатшылар отыратын кеңсені — хат-қағаз көмген ғұнжыр бөлмені басып өту керек-ті. Кеңседен шыққасын ас үйді ен жағында қалдырып, мейман мен бәйбіше прокурордың қабылдау бөлмесінен келіп шықты.
Бірімен-бірі өзара жалғасып жатқан осынау бөлмелер Портосты бір мазасыз ойға салды. Ашық есіктерден сыбырлаған әрбір сөз естіледі екен; бұған қоса, асхана жаққа жіті көзбен бір қарағаннан-ақ мушкетер, прокурорша қатты ұялатын, өзі қатты қынжылатын ақиқат бір шындықты байқап қалды: қарынның қамын жейтін (мынау имаратта, әдетте, берекелі түскі тағам алдында болатын заулаған от, абыр-сабыр жұрт, ас әбігері сияқты қимыл-әрекет мүлде жоқ екен.
Прокурор, шамасы, күні бұрын ескертіліп қойса керек, өйткені Портос келгенде ол бұған назар аудармады да, мушкетер кердеңдей басып келіп, шалға сыпайы сәлем берді.
Біз сізбенен туысқанбыз ба, қалай, Портос мырза? — деді прокурор, қамыстан тоқылған креслосының жақтауына сүйеніп, орнынан сәл ғана көтеріле түсіп.
Ол әбден шандырланып қатып қалған өлмелі шал екен, оның үстіне оранып алған қолпылдаған кең қара қамзолы шалдың әлжуаз денесін мүлде жасырып тастапты; оның жыртиған сұрқай көздері асыл тас сияқты жылт-жылт етеді, шалдың бет-жүзінде осы жылтылдаған көзі мен жыбырлаған ерні болмаса, басқа тірлік нышаны білінбейді. Қырсық байлағанда, оның аяғы осынау бір қап сүйектің ырқына көнбейді екен, міне, ауруы мендеген бес-алты айдан бері қадірменді прокурор, шынтуайттап келгенде, әйелінің құлақ кесті құлына айналған екен.
Жиен жігіт бірден ың-шыңсыз қабылданды, Егер мешел болып қалмаса, мэтр Кокнар Портос мырзаның аяқ астынан туысқан бола қалғысы келген ниетін тіпті қабылдамай тастар еді.
— Ия, сударь, біз туысқанбыз, — деді Портос ұялмай-қызармай, обалына не керек, көңілдесінің күйеуі өзін қуана қарсы алады екен деп ол ешқашанда ойламаған еді.
— Шамасы, әйел жағынан туыс болармыз? — деп сұрады прокурор кекетіп.
Портос оның кекеткенін қапелімде ұқпай қалды да, бір аңқау сорлысың ғой деп, қою мұртының астынан мырс етіп қоя салды. Аңқау прокурор тірлікте сирек кездесетін құбылыс екенін кәміл білетін Кокнар бәйбіше сәл ғана жымиып, қызарып кетті.
Портос келгелі бері мэтр Кокнар өзінің емен столына қарама-қарсы тұрған үлкен шкафқа қайта-қайта мазасызданып қарай бастады. Портос осы шкафтың түр-пішіні басқа болса да, ой-қиялымен талай рет құныға есіне алған сандық екенін бірден біле қойды, сосын қолма-қол ақиқат шындықтың ойындағы арманынан алты футтай биік болып шыққаны үшін, өзін іштей бір құттықтай қойды.
Мэтр Кокнар мейманның ата тегін шұқылап, көп сұрап жатпай, тынымсыз ұры көзін шкафтан Портосқа қарай ауыстырды да:
— Жорық жолына аттанбай тұрғанда біздің жиеніміз туысқандарымен бір рет те болса бірге отырып ауқаттану құрметіне бізді ие ететін шығар. Солай ма, Кокнар бәйбіше? — деді ол жәйімен.
Осы жолы соққы мейманның асқазаныңа дәл келіп тиді, Портос кәдімгідей қиналып қалды; шамасы, оны Кокнар бәйбіше де сезіп қалса керек, өйткені әлгі сөзді іліп ала жөнелді:
— Егер біздің дәм-тұзымыз ұнамайтын болса, менің жиенім бізге бұдан былай келмейді, ал, егер ұнай қалса, біз одан қашан жорыққа жүргенше, бос уақытыңды бізге бағышта деп сұраймын: өйткені ол Парижде аз уақыт қана аялдайды да, біздің үйге көп келе алмайды.
— О менің аяғым, сорлы аяғым, қайда жүрсіңдер? — деді Кокнар күбірлеп, сосын жымиып күлмек болды.
Портостың, тамақсау пиғылына қауіп-қатер шындап төнген кезде, сарт етіп келе қалған осынау көмегі үшін мушкетер прокуроршаға ішінен елжірей мың да бір алғыс айтты.
Ұзамай түскі ас сағаты да соқты. Бәрі жамырасып асханаға — ас үйдің қарсысындағы үлкен бөлмеге келді.
Үй ішінен әдетте шыға бермейтін дәмді иісті сезген хатшылар мұнда әскери дәлдікпен сау ете қалды, қолдарына орындықтарын ұстап, ауқатқа төне түскен. Олар тістерін қайрап, піскен асқа бас салғалы тұр.
«Сиықтарыңа болайын! — деп ойлады Портос, үш хатшының ашқарақ түріне қарап, байғұс бала, әрине, дастарқан басына жіберілмеген еді.— Сиықтарын қарашы! Нағашы апамның орнында болсам, мен мынадай обырларды бір күн де ұстамас едім. Бұлардың өзі кемесі суға батып, алты апта бойы нәр татпаған кісілер сияқты ғой» Мэтр Кокнар көрінді; дөңгелекті креслода отырған оны Кокнар бәйбіше әкеле жатыр екен, Портос оған күйеуін стол басына сырғытып әкелуге көмектесті.
Прокурор асханаға кірісімен, хатшылары сияқты, мұның да ауыз жағы мен танауы жыбырлап қоя берді.
Оһо! — деді ол. — Сорпаның иісі қалай аңқиды!
«Осы соққандардың, шайтан алғыр мына сорпаны сонша мақтайтыны қалай?» — деп ойлады Портос, көлкілдеген сұйық сорпаны көріп, теңіздегі аралдар сияқты, әр жерінде қалқып жүрген , тым болмаса, қатқан нанына қоса бетінде жыланғарақ майы болса екен.
Кокнар бәйбіше жымиып күліп иек қағып еді, бәрі асығыс орны-орнына жайғасты.
Асты әуелі мэтр Кокнарға, сосын Портосқа ұсынды; сосын Кокнар бәйбіше сорпаны өз тарелкасына құйды, ал сорпасыз нанды әрең шыдап отырған хатшыларға бөліп берді.
Сол заматта асхананың есігі сықырлап ашыла берді де, есіктің қос қанатының арасынан Портос бала хатшыны көрді, дастарқан басына келе алмағасын ол ас үй мен асхананың дәмді иісіне елітіп, бір жапырақ нанын қажап тұр екен.
Сорпадан кейін күтуші әйел пісірілген тауық әкеліп қойды — бұл бір иен байлық еді, өйткені оны көргенде, сол арада отырған кісілердің көзі бақырайып кетті.
Кокнар бәйбіше, туыстарыңызды жақсы көретініңіз бірден, белгілі болып қалды, — деді прокурор қайғылана езу тартып — Осының бәрі жиеніңіздің арқасында болып жатқанына шүбә бар ма.
Сорлы тауық мейлінше арық екен, оның тулақтай қылтанақты терісін ешбір сүйек тесіп өте алмапты. Кәріліктен жайбарақат: жатып өлу үшін тасадағы ұясына барып жасырынған жерінен ұстап алғанша, осы бір сорлы тауықты көп іздеп, әрең тапқан болу керек.
«Шайтан атсын! — деп ойлады Портос. — Жабығып кеткенімді қарашы! Менің қарияларды құрметтейтінім рас, бірақ оларды пісірілген, қуырылған күйінде құрметтеу қиын екен».
Өзінің пікірін жұрт қолдар ма екен деп, ол айналасына көз тастады. Сөйтсе, бұған керісінше жұрт, өзі жиіркене қараған тауықты, керемет санап, күні бұрын ашқарақ көзімен жеп отыр екен.
Кокнар бәйбіше табақты алдына тартып алды да, тауықтың үлкен қара санының екеуін де оп-оңай бөліп, күйеуінің тәрелкесіне салды, мойыны мен басын кесіп алып, өзіне деп бір шетке қойды, қанатын Портосқа берді, сосын тауықты түгелдей күтуші әйелге берді, сөйтіп мушкетер, отырған жұрттың мінез-құлқына, темпераментіне байланысты түңілістен бет-жүзі қалай құбылатынын көріп үлгірмей жатып, әлгі табақ көзден ғайып болды.
Тауық орнына стол үстінде бір аяқ бұршақ пайда болды, нән табақтағы бұршақ үстіне қойдың бірнеше сүйегі салыныпты, сырт, сүйектердің еті бар сияқтанып көрінеді екен.
Бірақ хатшылар бұған алданбады, олардың тұнжыраған жүзінде тағдыр салса — біз көндік» деген бір енжар пішін пайда болды.
Кокнар бәйбіше жақсы бибіге тән ептілікпен бұл тағамды жас жігіттерге бипаздап бөліп берді.
Енді шараптың да кезегі келді. Мэтр Кокнар шап-шағын мәрлен шыныдан жас жігіттің әрқайсысының стаканына үштен біріндей етіп шарап құйды, өзіне де сол шамалы құйып алды, сосын шыны бір аттап, Портос пен Кокнар бәйбіше отырған жаққа шықты.
Жас жігіттер шараптарының үстіне су құйып толтырып, оның жартысын қағып-қағып тастасты, сосын оған тағы да су құйысты, сөйтіп ас желініп біткенше қолдарындағы қан қызыл шарабының түрі оңып, сарғыш тартқанша олар суды үстемелеп құя берді.
Портос имене отырып, тауықтың қанатын жеді, кенет стол астынан прокуроршаның тізесі тізесіне келіп тигенде селк етіп шошып кетті. Осы үй қасқалдақтың қанындай қастерлеп отырған шараптың бұл да жарты стаканын ішті, со замат оның сезім-түйсі, нәзік жандар азарда-безер болып қашатын, монрейль деген сасық шарап екенін біле қойды.
Мэтр Кокнар мушкетердің су қосылмаған күшті шарапты қағып салғанын көрді де, бір күрсініп қойды.
— Мына бұршақтан жеңіз, жиен, — деді Кокнар бәйбіше бір түрлі барлыққан дауыспен, онысы бұған: «маған сенсеңіз, жемеңіз!» деп айтылғандай болды.
— Аштан қатсам да, мен оны ауызға алмаймын, — деді Портос күбірлеп.
Ал, жұртқа естірте:
— Сізге рахмет, кузина, мен тойдым, — деді ол дауыстап.
Жұрт үндемей қалды. Портос енді не істерін білмеді.
— Аһ, Кокнар бәйбіше, сізге көп рахмет, бүгін бізге нағыз той жасап бердіңіз-ау! Құдайға шүкір, сылқия бір тойдым ғой! — Прокурор бұл сөзін әлденеше рет қайталады.
Түскі ас кезінде мэтр Кокнар бар болғаны бір тәрелке сорпа ішіп, тауықтың қос санымен бір жапырақ еті бар сүйекті ғана кемірді.
Портос: бұл не, мазақ па? — деп қабағын түйіп, мұртын ширата бастап еді, сабыр, батыр, сабыр — дегендей, Кокнар бәйбішенің тізесі мұны бір түртіп қойды.
Ac кезіндегі үзіліс, бәрінің үндемей қалғаны Портосқа мүлде түсініксіз болса да, хатшыларға тікелей төнген қауіп екен: прокурордың, Кокнар бәйбіше жымиып қостаған, әмірлі көзқарасына мойынсұнып, олар стол басынан жайлап тұрып, салфеткаларын асықпай бүктеп, иіліп ізет көрсетіп есікке қарай беттеді.
— Жастар, барыңдар енді, жұмыс істеңдер: жұмыс ас қорытуға пайдалы, — деді прокурор маңызданып.
Хатшылар кетісімен Кокнар бәйбіше орнынан тұрып, буфеттен бір бөлек сыр, айвадан жасалған варенье, өз қолымен пісіріп бал қосқан бадам пирогін алдық.
Мұнша тағамды көргенде мэтр Кокнардың қабағы салынып кетті. Ал осы тағамдарға бір қарап, Портос түстіктен қағылдым-ау деп ернін бір тістеп қойды.
Ол бұршақ салынған дәу табақ әлі тұр ма екен деп стол үстіне көз тастап еді, табақ болмай шықты.
— Ия, бұл нағыз той ғой! — деді дауыстап мэтр Кокнар, креслосында бір қозғалып қойды. — Нағыз той, epulae epubotum. Лукулл Лукуллдің үйінде түстеніп жатыр.
Портос нан мен сырға шарапты қосып, жүрегімді жалғармын деп. Қасында тұрған шыныға қараса, ол босап қалған екен. Кокнар мырза мен бәйбішесі мұны көрмеген болып отыра берді.
«Жақсы, — деп ойлады Портос. — Енді бұны ескеріп жүретін болдым»
Ол бір қасық вареньені аузына салып еді, Кокнар бәйбішенің желіміне тісі жабысып қалды.
«Құрбандық шалынды. Кокнар бәйбішемен бірге күйеуінің шкафына бір түсуден үмітім болмаса, көрер едім бәлем!» — деді өзіне өзі мушкетер.
Мол ауқатқа шаш-етектен бір кенеліп қалған Кокнар мырза енді тыныққысы келгенін сезді. Портос: бұл енді демалуға тап қазір шығар — деп ойлап қалған, бірақ ант атқан прокурор оны тіпті естігісі де келмеді; қиқар шалды кабинетіне апарып тастауға тура келді, ол шкафының қасына жеткенше бажылдады, содан көңілін бір демдеу үшін аяғын сандығының шетіне салғанда барып тынышталды.
Прокурорша Портосты көрші бөлмеге ертіп әкеліп, онымен татуласпақ болды.
— Сіз бізге аптасына үш рет келіп түстеніп тұрыңыз, — деді Кокнар бәйбіше.
— Рахмет, мен өзім өзге біреуге салмақ салғанды жақтырмайтын адаммын. Оның үстіне жорық жабдығын қарастыруым керек.
— Ах.иә, сіз сол бір қараң қалғыр жабдықты реттеуіңіз керек — деді прокурорша налып.
— Амал қанша, жорық жабдығын ойлауым керек! — деді Портос нығырлай сөйлеп.
— Портос мырза, сіздің полкіңізде жорық жабдығы қандай заттардан тұрады?
— О, қыруар заттан құралады! — деді Портос. — Өзіңізге мәлім, Мушкетерлер — ең таңдаулы жауынгерлер, гвардияшылар мен швейцарлықтарға тіпті де қажеті жоқ көптеген заттар оларға өте қажет.
— Сонда қандай заттар? Маған соларды тізіп шығыңызшы.
— Е, оның жалпы сомасы...— деді Портос жекелеп, бөліп айтқаннан гөрі, жалпылап тұтас айтқанды артық санайтынын сездіріп.
Прокурорша дызалақтап сөздің соңын күтті.
— Қанша сом дедіңіз?,, Онша көп емес шығар.., — деді ол безектеп.
Тынысы тарылып бара жатқасын, бәйбіше тоқтай қалды.
— О жоқ, екі жарым мың ливрден артық ақша қажет бола қоймас. Егер үнемшіл болсам, тіпті екі мың ливр де жетеді ғой деп ойлаймын.
— Жасаған-ай, сақтай гөр, екі мың ливр деген не сұмдық. Ол иен дәулет қой! — деді дауыстап прокурорша.
Портостың жақтырмай кіржің еткенін Кокнар бәйбіше байқап қалды.
— Сіздің жорық жабдығыңыз нендей заттардан тұрады дом сұрап жатқаным, — деді бәйбіше өз ойын түсіндіріп, — сауда әлемінде менің туыстарым мен клиенттерім көп-ақ, сол себепті де қажет заттарды сізден гөрі екі есе арзан бағасына түсіретініме кәміл сенемін.
— Ах, солай деңіз! Онда сөз басқа, — деді Портос.
— Әрине, сүйікті мырза! Сонымен, ең әуелі сізге ат керек қой, солай емес пе?
— Ия, ат керек.
— Тамаша! Сізге нағыз қажет жануар менде бар ендеше.
— Солай ма! — деді Портос жадырап. — Демек, аттың шаруасын реттелді делік. Сосын маған толық ер-тұрман керек, оның толып жатқан бөлек-салақтары бар, мушкетердің өзі сатып алмаса болмайды. Бірақ оның құны үш жүз ливрден аспаса керек-ті.
— Үш жүз ливр!.. Қайтейін, лаж қанша, үш жүз ливр болса бола берсін! — деді прокурорша күрсініп.
Портос жымиып бір күліп қойды. Онда герцог Бекингэм тарту еткен ер-тұрман бар екені оқушыларға мәлім-ді, сонымен ол мына үш жүз ливрді байқатпай қалтаға жымқырамын деп ойлады.
— Ендігі кезекте, деді ол сөзін жалғап, — менің дәйекшіме де ат керек, сосын маған шилан керек. Ал, қару-жараққа келсек, оған қам жемей-ақ қойыңыз, қару-жарағым жеткілікті.
— Дәйекшіге де ат керек пе? — деді прокурорша именіп — Бірақ білесіз бе, досым, мұның өзі қызметшіге артықтау болар!
— Қалай-қалай кергисіз, сударыня! — деді Портос тәкаппарсып. — Сіз мені қайдағы бір қайыршы деп ойлап тұрсыз ба?
— Сізге не болған! Менің айтайын дегенім, кейде әдемі қашыр аттан бірде-бір кем түспейді, егер біз Мушкетонға сүліктей бір қашыр тауып берсек...
— Жарайды, мейлі сүліктей қашыр болса — бола қойсын, — деді Портос. — Сіз дұрыс айтасыз, аса текті испан бекзаттарының күллі нөкері қашыр мініп жүргенін талай көргенмін. Олай болса, Кокнар бәйбіше, қашырды барынша әшекейлеп, шылдырмақ тағу керек екенін өзіңіз де білетін боларсыз.
— Қам жемеңіз, — деді прокурорша.
— Ендігі сөз шиланда, — деді Портос.
— О, оған да алаң болмаңыз! — деді Кокнар бәйбіше дауыстап. — Күйеуімнің кемінде бес-алты шиланы бар, солардың ішінен ең тәуірін аларсыз. Солардың біреуін ол саяхат-сапарға шыққан сайын алып жүруді жақсы көретін: оның өзі қомақты, ішіне дүние бәрі сыйып кетеді.
Демек, ол шиланның әлі бос тұрғаны ғой? — деді Портос аңғырт сөйлеп.
Прокурорша да:
— Әрине бос, деп жауап бере салды.
— Қымбаттым-ау, маған ішінде заттары бар шилан керек! — деді Портос аңқылдап.
Кокнар бәйбіше тағы да күрсіне бастады. Мольер ол кезде «Сараңын» әлі жазбаған еді. Ендеше Кокнар бәйбіше Гарпагонның арғы тегіне жататын болғаны да.
Әңгімені келте қайырсақ, жорық жабдығының қалған заттары да тап осылай талқыланды, осы кеңестің нәтижесінде, прокурорша ақшалай сегіз жүз ливр беруді, оған қоса Портос пен Мушкетонды даңқ жолымен алып жүретін арғымақ пен қашыр сыйлауды өз міндетіне алды.
Осындай бір шартқа тоқтаған Портос, Кокнар бәйбішемен қоштасып кетпек болды. Рас, әйел біраз қылымсып, көзі күлмеңдеп оны алып қалғысы келіп еді, бірақ Портос қызмет бабын айтып ыңғай бермеді, сосын қайтсын, байғұс әйел жігітті корольдің мархаббатына жіберуге мәжбүр болды...
Мушкетер үйіне шегі шұрылдап, әбден ашығып, аса көңілсіз оралды.
III
ХАНЫМ МЕН КӘНИЗАК
Хош, сонымен, жоғарыда айтқанымыздай, ар-ұяты іштен жегідей жегеніне, Атостың ақыл-кеңесіне де қарамастан, сағат сайын д'Артаньянның есіл-дерті миледиге ауып, ғашық болып қалды. Сол себепті де күн құрғатпай келіншектің үйіне барып, ержүрек гасконымыз оның қасынан шыр айналып шықпай қойды және ерте ме, кеш пе, әйтеуір ерке сұлу бұған оң қабағын бір беретініне кәміл сенді.
Бір күні, кешке салым, аспаннан ай қармайтын адам сияқтанып, көңілі тасып келе жатқанда ол қақпа алдында кәнизакпен ұшырасып қалды; бірақ бұ жолы сүйкімді Кэтти оны қағып қана өткен жоқ, майысып келіп жігіттің қолынан ұстай алды.
«Тамаша! — деп ойлады д'Артаньян. — Бұ қыз, шамасы, маған оншасының бір аманатын айтқысы келіп жүр ғой. Миледидің өзі мені оңаша дидарласуға шақырудан именген де, соны қазір мына канизәгі жеткізетін шығар».
Ойын осылай түйген жігіт сұлу қызға шоқтығынан қарады.
— Сударь, мен сізге бірер сөз айтсам деп едім... — деді кәнизак күбірлеп.
— Сөйле, балақайым, сөйле. Құлағым сенде, — деді д'Артаньян.
— Жоқ, бұл арада айта алмаймын: менің сізге айтайын дегенім — ұзақ әңгіме және ең қиыны — өте құпия әңгіме.
— Енді қайтеміз?
— Егер мырза жігіт менімен бір жүруге келіссе... — деді Кэтти ұяң ғана.
— Қайда апарсаң да — қалмаймын сұлуым.
— Ендеше жүрелік.
Д'Артаньянның қолынан ұстаған күйі Кэтти оны қараңғы бұралмалы басқышпен ертіп жүре берді; сосын он бес тепкішектей жоғары көтеріліп келіп, бір есікті ашты.
— Кіріңіз, сударь, — деді ол. — Бұл жерде екеумізден өзге кісі жоқ, алаңсыз отырып сөйлесе аламыз.
— Бұл өзі кімнің бөлмесі, сұлуым? — деді д'Артаньян.
— Менің бөлмем, сударь. Мына есік арқылы ол ханшамның ұйықтайтын бөлмесімен жалғасады. Бірақ саспай-ақ қойыңыз, миледи біздің даусымызды есітпейді, ол өмірде түн жарым болмай төсегіне жатпайды.
Д'Артаньян жәйімен жан-жағына көз тастады. Аядай ғана жайлы бөлме ұсынақты жиналыпты, мұнтаздай таза, бірақ еркінен тыс Кэтти айтқан, миледидің жатын бөлмесіне баратын есіктен көзін жаза алмай қойды. Кэтти жас жігіттің жан-жүрегінде не болып жатқанын ұққан тәрізді.
— Сіз менің ханшамды өте жақсы кересіз бе, сударь? — деді кәнизак.
— О, Кэтти, оқы сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өлердей жақсы көремін!
Кэтти тағы бір күрсініп қойды.
— Қасірет деген осы да, сударь! — деді қыз.
— Шайтан атсын, оның несі қасірет? — деді жігіт.
— Өйткені, сударь, менің ханшам сізді мүлде жақсы көрмейді, — деді Кэтти.
— һім... Сен оны ханшаңның тапсыруы бойынша айтып отырсын ба? — деді д'Артаньян.
— О жоқ, сударь, жоқ! Сізге жаным ашығасын, өзімнің айтып жүргенім ғой.
— Сүйікті Кэтти, маған осылай ықылас білдіргеніңе көп-көп рахмет, бірақ әлгіде айтқан хабарыңның онша жақсы хабар емес екенін өзің де сезетін шығарсың.
— Басқаша айтсақ, сіз менің сөзіме сенбейсіз ғой шамасы, солай ма?
— Өзімшіл кісінің ондай нәрсеге сенуі әманда қиын болады, сұлуым.
— Сонымен сіз маған сенбейсіз ғой?
— Несін жасырайын, өз сөзіңнің растығына көзімді жеткізетін бір дәлел таппасаң...
— Ал, мынаған не дейсіз?
Кэтти кеудесінен кішкентай ғана бір хатты суырып алды.
— Бұл маған ба? — деді д'Артаньян хатты қағып алып.
— Жоқ, бөтен кісіге.
— Бөтен кісіге?
— Ия.
— Оның атын, айт! — деді д'Артаньян өрепкіп.
— Адресіне қараңыз.
— Граф де Вардқа ма!
Сен-Жерменде болған оқиға со замат өр көкірек гасконның есіне бірден түсе кетті. Жігіттің не істейтінін (дұрысы — не істегенін) бірден сезген Кэтти шар ете түсті, бірақ оған қарамастан, жігіт жай оғындай жылдамдықпен хатты ашып жіберді.
— Құдай-ай, мұныңыз не, сударь! — деді қыз дауыстап.
— Ештеңе етпейді! — деді д' Артаньян, сосын хатты қолма-қол оқып шықты.
« Сіз менің бірінші хатыма жауап берген жоқсыз. Сізге не болған аурусыз ба, әлде де Гиз ханымның үйіндегі балда маған қалай қиылып қарағаныңызды ұмытып қалғансыз ба? Міне, сізге тағы бір қолайлы жағдай келді, граф! Енді содан айрылып қалып жүрмеңіз»
Д'Артаньян сұрланып сала берді. Мұнан өткен қорлық болмас; махаббатты мазақ етті деген осы-дағы деп ойлады ол.
— Сүйкімді де сорлы болған д'Артаньян мырза! — деді Кэтти бұған жаны ашып, ол жас жігіттің қолын тағы да қайта-қайта қысты.
— Мені аяп тұрсың ғой, қайырымды қарғашым? — деді д'Артаниян.
— Иә, шын көңілмен аяп тұрмын! Махаббаттың не екенін мен де білемін!
— Махаббаттың не екенін сен де білесің бе? — деді д'Артаньян, бірінші рет қызға тоқтала қарап.
— Сорлағанда, білетін болдым ғой!
— Олай болса, мені бекер аяғанша, ханшаңнан өшімді қайтаруға көмектессейші.
— Сонда өшіңізді қалай қайтарғыңыз келеді?
— Мен миледиге ана жігітінен қайратты да жігерлі екенімді көрсеткім келеді, сосын өзіммен бәсекелес жігіттің орнын басқым келеді.
— Жоқ, сударь, олай болса мен сізге ешқашанда көмектеспеймін,- деді Кэтти дереу бұған қарсы шығып.
— Неге? — деп сұрады д'Артаньян.
— Оның екі себебі бар.
— Атап-атап айтшы кәне?
— Біріншіден, менің ханшам сізді ешқашанда жақсы көрмейді.
— Сен оны қайдан білесін?
— Сіз оны өлердей өкпелеттіңіз.
— Мен бе? Ханшаңмен танысқан сәттен бері құлақ кесті құлы сияқты аяғына бас ұрумен келемін, сонда мен оны қалайша өкпелетпекпін? Өтінемін, айтшы, кәне!
— Мен ол сырды өз жанымды ұққан кісіге... ия, сондай кісіге ғана айтамын.
Д'Артаньян Кэттиге тағы да анықтап бір қарады. Ол үріп ауызға салғандай үлбіреп тұрған әсем қыз еді, көптеген герцогинялар тап осындай уыз сұлулыққа ойланбастан-ақ бақ-дәулеттерін бере салар еді.
— Кэтти, қалаған уақытында мен сенің жан-жүрегіңді түсінуге әзірмін, оған алаң болмай-ақ қой, қымбатты қарғашым, — деді жігіт қызынып.
Содан кейін ол қызды құшырланып бір сүйіп еді, байғұс нарттай болып қызарып кетті.
— Жоқ! — деді Кэтти дауыстап. — Сіз мені жақсы көрмейсіз. Менің ханшамды жақсы көресіз, оны маған әлгіде ғана өзіңіз айтқансыз.
— Екінші себепті айтуға бөгет болып тұрған сол ғана ма, тәйірі?
— Екінші себеп, сударь... — деді Кэтти, жас жігіттің сүйгенінен және еркелете қарауынан жүрек тоқтатып еркінсіп алғасын, — екінші себеп: махаббатта әркім өзінің қара басының қамын ғана ойлайды.
Кэттидің әманда өзіне жаутаңдай қарайтынын, ауызғы бөлмеде, басқышта, дәлізде оқыс кездесіп қалып, кездескен сайын мұны қолымен бір сипап өтетінін, сонда қыздың ұрланып күрсінетінін д'Артаньян енді ғана есіне алды. Дәулетті, текті әйелге ұнаймын деп жүріп, ол кәнизакты көзіне ілмепті: сұңқар аулайтын кісі торғайға көңіл бөлуші ме еді.
Дегенмен тап осы жолы біздің гасконымыз, Кэттидің әлгі де ғана балалық аңқаулықпен бе, әлде ұятсыздықпен бе, әйтеуір ашып айтқан махаббатынан қандай пайда табатынын бірден аңғара қойды: граф де Вардқа жіберілген хатты ұстап қала алады, миледиді ұдайы бақылайды, Кэттидің ханшасының жатын бөлмесімен жалғасып жатқан ұясына кез келген уақытта кіруге мүмкіндік бар. Миледиді өз еркімен бе, зорлап па, әйтеуір, ырқына көндіру үшін залым жастың сорлы қызды ойша құрбандыққа шалып қойғанын бәріміз де көріп отырмыз ғой.
— Хош, сүйікті Кэтти, сен сөйтіп менің махаббатыма шүбәланады екенсің-дағы, енді менің соны дәлелдегенімді қалайсың ғой? — деді ол қызға.
— Сіз қайдағы махаббатты айтып отырсыз?
— Сізді сүюге әзір екенімді айтам-дағы.
— Оны қалай дәлелдейсіз?
— Әдетте, сенің ханшаңмен бірге өткізетін сағаттарды сенімен бірге өткізсем — қалай қарайсың?
— Өте жақсы болар еді! — деді Кэтти алақанын шапалақтап.
— Олай болса, қарғашым, бері келе ғой, — деді д'Артаньян креслоға жайғасып отырып жатып, — саған бір айтайын дегенім, өмірде көрген күтушілердің ішіндегі ең әсемі өзіңсің.
Оның осы сөздерді нәшіне келтіріп, келістіріп айтқаны сонша, онсыз да жігітке құлап түскелі отырған байғұс қыз оның айтқанына бірден сене қойды. Дегенмен д'Артаньянның қайран қалған бірнәрсесі, сүйкімді Кэтти мінезге қатал болып шықты, жігіттің ырқына көнбей қойды.
Біреуі шабуылдап, екіншісі қорғанып, арбасып отырғанда уақыт елеусіз өте беріпті.
Сағат түн жарымды соқты, сол мезетте миледидің бөлмесінен қоңырау соғылды.
Жарылқаушы жасаған-ай! Мені ханша шақырып жатыр. Кетіңіз! Кетіңіз тезірек! — деді Кэтти дызақтап.
Д'Артаньян қыздың айтқанына көне кететін кісідейін орнынан тұрып, қалпағын алды, бірақ, басқышқа шығатын есікті ашудың орнына, үлкен шкафтың есігін ашып, миледидің көйлектері мен пенюарларының арасына барып жасырынды.
— Сіз не істеп жатырсыз? — деді Кэтти сасқалақтап.
Кілтті ала кірген д'Артаньян шкафты ішінен бекітті де, үн-түнсіз тұра берді.
— Әй! — деді миледи қатқыл үнмен. — Ұйықтап қалғансыз ба, немене? Қоңырау қаққанда неге келмейсіз?
Д'Артаньян миледи бөлмесінің есігі шалқайта ашылғанын естіді.
— Міне, келе жатырмын! — деді Кэтти дауыстап, ханшасына қарсы ұмтылып.
Олар жатын бөлмеге бірге кіріп кетті, есік ашық қалғандықтан да д'Артаньян миледидің күтушісіне ұрсып жатқанын есітті; ақырында әйел сабасына түсті, Кэтти оған қызмет көрсетіп жатқанда екеуі де сөйлесті де, әңгіме өзіне — д'Артаньянға ауысты.
— Бүгін кешкілік мен біздің гасконды көрмедім білем, — деді миледи. Қалайша, сударыня, ол шынымен келмеді де? Қолы ештеңеге жетпей жатып, жеңілтектік жасайтындай оған не болыпты?- деді Кэтти таңырқап.
— О жоқ! Оны де Тревиль мырза немесе Дезэссар мырза ұстап алған шығар. Мен өз күшімді өзім білемін, Кэтти: ол менен құтыла алмайды!
— Сіз оған не жасайсыз, сударыня?
— Не жасайсыз дейсіз бе? Қам жемеңіз, Кэтти, ол жігіт пен менің арамызда оның өзі де білмейтін бір гәп бар. Соның кесірінен мен жоғары мәртебелі тақсырдың сенімінен айрылып қала жаздадым. О, мен одан кегімді аламын!
— Сіз оны жақсы көретін шығар деп жүр едім, сударыня.
— Жақсы көреді дейсіз бе?.. Мен оған өлердей өшпін! Лорд тердің өмірін уысында ұстап тұрып, өлтірмеген ақымақ, соның ашық ауыздығынан Винтердің үш жүз мың ливр рентадан айрылып қалдым.
— Шын айтасыз, — деді Кэтти, — сіздің ұлыңыз ағасының бірден-бір мұрагері ғой, ол ер жеткенше күллі қаражат сіздің еркіңізде болатын еді.
Осынау сиқырлы әйел мұның көзінше соншалық жылы шырай, дос пейілін танытқан еді, енді міне, кінәсіз кісіні өлтірмедің деп жігіттің өзін кінәлап жатқанын естігенде, әдетте сыпайы, зиялы әңгіме сөз кезінде өзгеше шеберлікпен жұмсарып, жібектей сызылып тұратын әйел даусының шаңқылдай шыққанын естігенде, д'Артаньянның тұла бойы түршігіп, дірілдеп кетті.
— Неге екенін өзім де білмеймін, егер кардинал тиіспе деп әмір етпегенде, мен одан кегімді баяғыда қайыратын едім, — деді миледи сөзін жалғап.
— Иә! Бірақ сіз, сударыня, галантерейшінің жігіт жанындай жақсы көрген бүлдіршіндей әйелін аяған жоқсыз ғой.
— Ә әлгі Көр қазушылар көшесіндегі дүкенші бикешті ме! Бұл оның дүниеде бар-жоғын баяғыда-ақ ұмытып кетті ғой! Пәлі, ол бір сәтімен қайтарылған кек болды!
Д'Артаньянның маңдайынан суық тері бұрқ етті: мына әйел шынында да адамның жаны түршігетін жалмауыз еді.
Ол әңгімеге құлаған түре берді, бірақ мұның сорына, әйелдің тарануы, сыланып-сипануы біткен еді.
— Ал, енді өзіңізге барыңыз-дағы, ертең менің сізге берген хатыма жауап алуға тырысыңыз, — деді миледи.
— Де Бард мырзаға деген хатыңызға ма? — деді Кэтти.
— Иә, де Бард мырзаға жолдаған хатты айтамын.
— Меніңше, д'Артаньян мырза байғұсқа мүлде ұқсамайтын кісі ана де Бард мырза болса керек, — деді Кэтти.
— Сүйіктім, енді кетіңіз, мен бас артық сөзді жек көремін, — деді миледи.
Д'Артаньян есіктің жабылғанын, екі ілмектің сырт етіп салынғанын естіді, бұл — есігін іштен бекітіп алған миледи еді. Онша шу шығармай Кэтти де есікті жәйімен кілттей салды; д'Артаньян шкафты содан кейін барып ашты.
— Құдай-ай! Сізге не болған? Тіпті қуарып кетіпсіз ғой! — деді Кэтти сыбырлап.
— О, сударыня! — деді д'Артаньян күбірлеп.
— Тс-с, үндемеңіз! Кетіңізші! Менің бөлмем миледидің жатып жайынан жұқа қоршаумен бөлінген, о жерден әрбір сөзді естуге болады!
— Сол себепті де кетпеймін, — деді д'Артаньян.
— Ол не дегеніңіз? — деді Кэтти қызарақтап.
— Немесе кейінірек... кетермін...
Жігіт қызға тарпа бас салды. Қарсыласуға болмай қалды, қарсылассаң у-шу шығады, қайтсін, Кэттидің көнбеске лажы қалмады.
Бұл — миледиге деген өшпенділігінің буырқанған бір сәті еді. Кегі қайтқанда кісінің айызы бір қанады дейді жұрт, сол сөздің рас екеніне д'Артаньянның көзі енді жетті. Егер оның жүрегінде шын сезімнің нышаны болса, ол осы бір жаңа жеңісін қанағат тұтар еді, бірақ жігітіміз өңез менмендік пен баққұмарлыққа бой алдырған болатын.
Дегенмен ол өзінің Кэттиге деген күллі ықпалын ең әуелі Бонасье бикенің жәй-күйін шұқылай сұрап, біліп алуға жұмсады — бұл д'Артаньянның бір жақсы қасиеті болса керек-ті. Байғұс қыз распиятие алдында онша сыр шаша бермейтін көрінеді. Бірақ қыз Бонасье бикенің әлі тірі екеніне кәміл сенетінін айтты.
Сол сияқты Кэтти миледидің кардинал сенімінен қалай айрылып қала жаздағанын да білмейді екен, бірақ ол жәйтті д'Артаниян бұл қыздан да жақсы білетін: Англиядан да шыға бергенде ол миледиді ұсталып қалған кемелердің біреуінің үстінен көрген, сол себепті де әңгіме алмаз алқа жөнінен болғанына күмән келтірмейтін.
Бірақ миледидің бұған, д' Артаньянға деген нағыз қанқұйлы өшпенділігінің түп тамыры жігіттің лорд Винтерді өлтірмегенінде жатқаны айдан анық.
Келесі күні д'Артаньян тағы да миледидің үйіне келді. Миледидің көңілінің хошы болмай отыр екен, д'Артаньян де Вард мырзадан жауап болмағасын ренжіп отырған шығар деп ойлады. Кэтти кіріп келіп еді, миледи оған зекіп тастады. Кэттидің д'Артаньянға қараған көзі: «Сіз үшін қандай пәлеге шыдап жүргенімді көрдіңіз» — деп тұрғандай еді.
Дегенмен кеш соңында арыстан жүректі әйел аздап жұмсарайын деді: ол д'Артаньянның еркелете айтқан ғашықтық сөздерін жымия тыңдап, тіпті жігітке балғын қолын сүюге рұқсат етті.
Д`Артаньян келіншектің үйінен оның қылығына қайран қалып, аңырып шықты, бірақ бұл жігітіміз оңайлықпен басы қатып, есеңгіретіп қалатын осалдан емес-ті, миледиді айналдырып жүріп, ол көңілінде бір шағын жоспарды құрып та қойған еді.
Есік алдынан ол Кэттиге кездесті де, бұрынғы әдетімен, қыздың бөлмесіне көтерілді. Ол миледидің Кэттиге тапсырманы орындамайсыз деп кінә тағып, қатты ұрысқанын білетін. Миледи граф де Вардтың неге үндемей жатқанын түсіне алмай-ақ қойды, сол себепті де ертең, таңғы сағат тоғызда менен келіп үшінші хатты ал деп әмір етті.
Д'Артаньян Кэттидің: ертең сол хатты өзіңе апарып беремін, деген уәдесін алды, байғұс қыз көңілдесі не талап етсе, соның бәрін орындай беретін: ол есінен адасып қалған еді.
Бүгін де тап кешегі оқиға қайталанды: д'Артаньян шкаф ішіне тығылды, миледи Кэттиді шақырып алып, жуынып-таранып болғасын, Кэттиді қайтарды да, есігін жауып алды. Кешегі сияқты, д'Артаньян үйіне таңғы сағат бесте қайтып оралды.
Сағат он бірде оған Кэтти келді, қолында миледидің жаңа хаты бар. Бұл жолы байғұс қыз хатты д'Артаньянға үн-түнсіз бере салды, енді ол жігіт ойына не келсе, соны жасауына ерік берді: қыз сұлу солдатына жан-тәнімен беріліп еді.
Д'Артаньян хатты ашып, төмендегі жолдарды оқыды:
«Сізді сүйемін деп мен осымен үшінші рет хат жазып отырмын. Сақтаныңыз, төртінші рет мен; сізді жек көремін — деп жазып жүрмейін»
Егер сіз шын пейілмен ерсі мінезіңізден қайтып, өкініш білдірсеңіз, осы хатты апарып берген қыз, тәрбиелі жігіттің менің рақым-кешіріміне қандай жолмен келіп не болатынын әдемілеп айтып береді»
Осы хатты оқып тұрғанда д'Артаньян бір қызарып, бір бозарды.
— О, сіз оны әлі де сүйеді екенсіз! — деді жас жігіттің жүзіне телміре қарап тұрған Кэтти.
— Жоқ, Кэтти, сен қателесіп тұрсың, мен оны қазір сүймеймін, бірақ мені менсінбегені үшін одан кек алғым келеді.
— Иә, кекті қалай алатыныңызды сіз маған айтқансыз.
— Саған бәрібір емес пе, Кэтти! Сенің өзіңді ғана сүйетінімді білесін ғой.
— Соның өзін білуге бола ма?
— Ана әйел жазасын алғанда білерсің.
Кэтти бір күрсінді де қойды.
Д'Артаньян қолына қалам алып мынадай хат жазды:
«Сударыня, мен осы уақытқа дейін сіздің әуелгі екі хатыңыздың шынымен-ақ маған арналғанына күмән келтірдім, өйткені өзімді мұндай құрметке мүлде лайық емеспін ғой деп есептедім, оның үстіне өзім қатты ауырып қалдымдағы, сізге қолма-қол жауап беруге бәрібір жүрегім дауаламас еді.
Алайда, бүгін мен сіздің ықылас-ынтаңызға сенуге мәжбүр болып отырмын, өйткені сіздің мені сүю бақытына ие еткеніңізді тек хатыңыз ғана емес, күтуші қызыңыз да айтып берді.
Тәрбиелі кісі сіздің кешіріміңізге қайткенде ие болатынын кәнизагіңіз маған үйретпей-ақ қойсын. Сонымен бүгін түнгі сағат он бірде, сізден шын көңілден жалынып, кешірім сұрау үшін әзім келемін. Мұны тағы да бір күнге кешіктірсек — ол меніңше сізді қайта қорлағандық болып шығар еді.
Ажалды пенделердің ішінен бақытқа өзіңіз кенелткен пақырыңыз, граф де ВАРД.
Бұл — бәрінен бұрын жалған хат еді, екіншіден, ол дөрекі хат еді, ал, біздің бүгінгі салт-санамыздың тұрғысынан қарасақ, ол кісіні жәбірлейтін жаман хат еді, бірақ ол заманда жұрт қазіргідей бір-бірінің көңіліне қарап, сызылып тұрмайтын. Бұның үстіне д'Артаньян, миледидің өзінің айтқан сөздеріне қарап, ол әйелдің бұдан да сұмдық опасыздыққа көпе-көрінеу баратынын білетін, сол себепті де оны онша сыйлап, құрметтей бермейтін. Соған қарамастан осы әйелге деген бір ессіз құмарлық, жиіркеніш сезімі араласқан, еліткіш есер құмарлық, егер қаласаңыз, соның төсінде-тояттау құштарлығы жігіттің бойын билеп алған еді.
Д'Артаньянның айласы онша қиын емес-ті: Кэттидің бөлмесінен оның ханшасының үстіне өңмендеп кіріп барып ол әуелі шошып кетіп, асып-сасып, абдырап қалғанда әйелді дегеніне көндіру. Бәлкім, оның ойы сәтсіз де аяқталар, кім білген, бірақ... тәуекелсіз табыс жоқ. Енді бір аптадан кейін жорық науқаны басталады, аттану керек, бір сөзбен айтқанда, махаббат күйін ойнап жүруге уақыты жоқ еді.
— Мә, мынаны ал, — деді жас жігіт Кэттиге желімдеулі хатты беріп, сосын оны миледиге апарып бер: бұл — де Вард мырзаның жауабы.
Кэтти байғұс боп-боз болып кетті: ол хатта не жазылғанын аңғарып қалған-ды.
Сүйіктім, тыңдашы, — деді д'Артаньян оған, — осы оқиғаның бәрі ия олай, иә бұлай болып бітетінін өзің де білесін. Сенің бірінші хатты графтың дәйекшісіне емес, менің дәйекшіме бергеніңді, де Вард мырза ашатын басқа хаттарды менің ашқанымды миледи біліп қалуы мүмкін. Сонда ол сені бірден қуалап жібереді, бірақ ол өшіккенде тек қуалаумен ғана тынбайтын әйел екенін өзін де жақсы білесің.
— Білемін! — деп жауап қатты Кэтти. — Ал, осының бәрін мен кімге бола жасадым?
Мен үшін жасадың, оны жақсы білемін, сұлуым, — деді жас жігіт, — және имандай шыным, мен саған мың сан алғыс айтамын.
— Ал, мына хатыңызда не жазылған?
— Миледи оны саған өзі-ақ айтады.
— О, сіз мені жақсы көрмейсіз. Мен бір жүрген бейбақ, сорлымын ғой! — деді қыз күңіреніп.
Бірақ әйелдердің тап осылай кінәлауына мың да бір дауа — бір ақ жауап бар, ол байғұстар соған алданып қалады. Д'Артаниян қызға тап солай жауап берді, сөйтіп Кэтти шындықтан тағы да алыстап кетті.
Рас, хатты миледиге апарып беруге бел байлағанша, қыз солқылдап ұзақ жылады, ақырында сол шешімге келіп тоқтады, д'Артаньянға керегінің өзі осы болатын.
Бұған қосымша, ол қызға: кешке ханымыңнан ерте кетемін де, шығысымен саған келемін, деп уәде берді.
Жігіттің осы уәдесі Кэтти байғұсты бір жолата жұбатып, көңілін хош-уақ етті.
IV
МҰНДА АРАМИС ПЕН ПОРТОСТЫҢ ЖОРЫҚ ЖАБДЫҒЫ ЖАЙЛЫ БАЯНДАЛАДЫ
Біздің төрт досымыз жорық жабдығын іздеуге кіріскелі бері ұдайы бас қосып, бірге жүруді тоқтатқан еді. Олардың әрқайсысы әр жерден, дәлірек айтқанда, иіні келген жерден тамақтанып жүрді. Онсыз да зулап өтіп жатқан алтын уақыттың біразы қызметпен кетіп жатты. Алайда, жетісіне бір рет, күндізгі сағат бірдің кезінде, Атостың үйінде кездесіп тұруға сөз байласты, өйткені ол aйтқан сертін ұстап, үйінен шықпай қойды.
Кэтти д'Артаньянға келген күн — достардың бас қосатын күні-тін. Кәнизак кетісімен д'Артаньян Феру көшесіне қарай беттеді.
Бұл Атос пен Арамистің философиялық тақырыпта әңгіме-дүкен құрып отырған үстінен түсті. Арамис қайтадан дін шекпенін кием бе деп толғанып жүр екен. Атос бұрынғы әдеті бойынша, оны құптап, соған бар немесе құптамай, оны қой деп ашып айтпапты, Ол әркімнің еркі өзінде деген пікірге жүгінеді екен. Атос жұрт ақыл сұрай келгенде ғана, онда да қиылып көп сұрағанда ғана, ақыл-кеңес беретін.
«Әдетте, — дейтін Атос, — жұрт ақыл-кеңес сұрағанда оны орындамау үшін сұрайды, ал, егер кейбіреулер сол кеңеске құлақ асып, орындай қалса, кейін сол кісіні кінәлау үшін орындайды».
Д'Артаньянның ізінше Портос та келді. Сонымен төрт дос бір жерге жиналып қалды.
Төртеуінің бет пішінінен төрт түрлі сезім аңғарылғандай: Портостың жүзінен — жайбарақаттық, д'Артаньянның жүзінен — үміт пен сенім, Арамистің жүзінен — беймаза әбігерлік, Атостың жүзінен — бейқамдық көрініп тұр еді.
Әңгіменің басталғанына бір минут өтпей жатып, Портос жоғары дәрежелі дәулетті бір ханшаның мұны қиын жағдайдан құтқаруға ниет білдіргенін тұспалдап айтып бергені сол еді, асығып - аптығып Мушкетон жетіп келді.
Ол Портосты үйге шақыра келіпті, мырза, сіз онда тез бармасаңыз болмайды, деді қызметші жалынышты үнмен.
— Мәселе менің жорық жабдығым жәйлі шығар? — деді Портос.
— Солай деуге де, демеуге де болады, — деді Мушкетон.
— Әй, оны маған айтуға болмай ма, немене?
— Жүріңіз, сударь, жүріңіз.
Портос орнынан тұрып, достарымен қоштасып, Мушкетонға еріп кетіп қалды. Сәлден кейін есіктен Базен көрінді.
— Сізге не керек еді, досым? — деді Арамис, ойына шіркеу қайта түссе болғаны, оның сөзі де жұмсарып сала беретін.
— Сударь, сізді үйде бір кісі күтіп отыр, — деді Базен.
— Кісі?.. Қандай кісі?
— Қайыршы біреу.
— Оған қайыр-садақа беріңіз-дағы, күнәкар байғұс үшін дұға қайырыңыз деп өтінерсіз.
— Ол қайыршы сізбенен қайтсе де сөйлескісі келеді және сізді өзімен қуана-қуана көріседі дейді.
— Ол маған ешбір сөз айтқан жоқ па?
— Иә, айтты. «Егер Арамис мырзаның менімен көрісуге зауқы соқпаса, — деді ол, — менің Турдан келгенімді айтыңыз».
— Турдан дейсіз бе? — Арамистің даусы шығып кетті. — Мырзалар, мен сіздерден мың-сан рет кешірім өтінемін, ол кісі маған көптен күткен хабарды әкелген шығар.
Осыны айтты да, ол орнынан ұшып тұрып, асығыс далаға шықты Атос пен д'Артаньян екеуі оңаша қалды.
— Портостың ісінің оңға басқанын жақсы білемін, — деді д'Артаниян, ал, Арамисті алатын болсақ, ол үшін шындап қам жеген жан емеспін. Мына сіз ше, сүйікті Атос, сіз ағылшынның өзіңізге тиісті пистольдерін жұртқа жомарттықпен таратып бердіңіз, ал, енді өзіңіз не істемекшісіз?
Достым, мен со бір селтеңбайды өлтіргелі өзіме өзім риза болып жүрмін, өйткені ағылшынды өлтіру — қасиетті іс, бірақ мен оның пистольдерін қалтама салып алсам, өзімді өле-өлгенше кешірмес едім.
— Қойыңызшы, сүйікті Атос! Бір ғажабы, сіздің түсінігіңіздің өзіне кісі ақылы жете бермейді.
— Қой, осы да жетер!.. Кеше осында бір келіп шығуының өзімен маған кәдімгідей құрмет көрсеткен де Тревиль мырза, сізді кординалдың қамқорлығындағы күмәнді бір ағылшындардың үйіне жиі барады дегенді айтты. Сол рас па?
— Менің бір ағылшын әйелінің үйінде болатыным рас, бірақ оны кезінде сізге айтқанмын.
— Ах, иә, әлгі ақсары әйелдің үйі ғой, ол жөнінен мен сізге біраз кеңес берген едім, шамасы, сол кеңесті текке берген болуым керек, өйткені сіз оған тіпті құлақ асқан да жоқсыз ғой деймін.
— Мен сізге өз дәлелдерімді айтып едім ғой.
— Иә, иә. Шамасы, сіз оның жорық жабдығын табуға себі тиеді деп айттыңыз білем.
— Олай деп айтқан емеспін! Менің көзімнің ақиқат бір жеткен жеpi — ол әйел Бонасье бикені ұрласуға қатысыпты.
— Түсінемін. Бір әйелді табу үшін, сіз екінші бір әйелді айналдырады екенсіз: ол — ең ұзақ жол, бірақ ең сүйкімді жол.
Д'Артаньян ойындағысын түгелдей Атосқа айтқысы келіп бір тұрды да, төмендегі жәйтті ескеріп айтпай қойды: ар-намыс мәселесіне келгенде Атос ештеңеге төзбейтін аса сақ, намысқой кісі-тін, біздің ғашықтарымыздың миледиге қарсы бағытталған шағын жоспарында бұл пуританин қабылдамайтын кейбір жәйттер бар еді, д'Артаньян оны күні бұрын сезген-ді, оның үндемей қалғаны да осыдан еді, ал, Атос әлемдегі ең бір самарқау кісі болғандықтан да, д'Артаньян білгенін ішіне бүгіп қалды.
Сонымен біз бір-біріне аса маңызды ештеңені айта қоймайтын екі досты осы арада қалдыралық та, Арамистің соңынан ерелік.
Жас жігіттің асығып-үсігіп Базеннің соңынан тұра жүгіргенін, дұрысын айтсақ, мұның өзімен тілдескісі келетін тіленші Турдан келді дегенде, Арамистің дәйекшісінен озып кеткенін біздің өзіміз де көрдік қой; ол Феру көшесінен Вожирар көшесіне бір-ақ аттап жеткендей болды.
Үйге кірісімен ол шынында да үсті-басы алба-жұлба, ойлы көзді бір бәкене кісіні көрді.
— Мені сұраған сізсіз бе? — деді мушкетер.
— Мен Арамис мырзаны сұрап едім. Ол — сізбісіз?
— Соның тап өзімін. Сіз маған бір аманатты тапсырайын деп пе едіңіз?
— Егер сіз маған бір кестелі орамал көрсетсеңіз, соны тапсырайын.
Ішкі қалтасынан кішкентай бір кілтті алып, ақықпен оюлап тастаған қара қобдишаны ашты да:
— Міне, сол орамал, қараңызшы, міне, — деді Арамис.
— Мақұл. Дәйекшіңізді сыртқа жұмсаңыз, — деді қайыршы.
Бұл қайыршының қожайынымда не шаруасы бар екен, — деп, соны білгенше шыдамы таусылып, үйге иесімен бір мезгілде жеткен Базен осы жолы жылдамдығынан ешбір пайда көрмеді: қайыршының ұсынысы бойынша, қожасы оған сыртқа шық деген белгі берді, Базен бұған амалсыздан көнді.
Дәйекші шығысымен, қайыршы: мені біреу көріп, естіп қалмас па екен, дегендей айналасына көзін бір жүгіртіп өтті де, қайыс белбеумен тарта салған жұлым-жұлым шекпенін ашып, қамзолының кеуде жағын сөгіп жіберіп, бір хатты суырып алды.
Хаттың мөрін көргенде, Арамистің қуанышты даусы еріксіз шығып кетті, ол хат сыртындағы жазуды бір сүйіп, оны жәйімен абайлап аша берді, онда мынадай сөздер бар еді:
«Дос, тағдыр бізді әлі де біраз уақыт айыра тұратын тәрізді, бірақ жастық шақтың таңғажайып тамаша күндері із-түзсіз кетіп жатқан жоқ. Сіз өз борышыңызды лагерь ішінде жүріп атқара беріңіз, мен басқа жерде атқарамын. Үшбу хатты тапсыратын кісі не берсе, соны алыңыз, дегдар, баһадүр дворянин қалай соғысса, сіз де солай соғысыңыз және мені ойыңыздан шығармаңыз. Сіздің қара көзіңізді аймалап сүйемін.
Хош яки дұрысын айтсам, көріскенше!»
Бұл кезде қайыршы қамзолын әлі сөгіп жатыр еді; ол кір-қоңыс киімінің арасынан испанның жүз елу қосар пистолін жәйімен суырып алып, стол үстіне қойды, бұған аң-таң қалған Арамис аузын ашам дегенше ол есікті ашып, иіліп тәжім етіп, зым-зия жоқ болып кетті.
Содан кейін жас жігіт хатты қайта оқып шықты, сөйтсе, оның соңына тағы бір сөздер жазылыпты:
«Р. S. осы хатты тапсырушыны құрметпен қабылдаңыз — ол граф және испан гранды»»
— О, алтындай армандар! — деді Арамис көңілі тасып. — Өмір ғажап еді! Иә, біз жаспыз! Иә, біздің бақытты күндеріміз келеді әлі! Менің махаббатым, қаным мен жаным, өмір тірлігім — бәрі сендік, тек қана саған, жалғыз өзіңе ғана бағышталған, аяулы асылым, таңғажайып ғашығым!
Стол үстінде жалтылдап жатқан алтынға қарамастан, ол хатты құшырланып сүйе берді.
Базен жүрексініп жәйімен есік қақты. Арамистің енді оны сыртта ұстайтын қисыны жоқ, сол себепті бөлмеге кіруіне рұқсат етті.
Алтынды көргенде Базен оған қайран қалып, аңқиып тұрып қалды, тіпті д'Артаньянның келгенін айтуды да ұмытып кетті, ал д'Артаньян болса, әлгі қайыршы кім екен, соны білейін, деп Атостың үйінен шыққасын жолай соға кеткен түрі осы екен.
Алайда, Базеннің мұның келгенін айтуды ұмытып кеткенін біліп, Арамистен онша именбей еркін кіріп, өзінің келгенін өзі мәлімдеді.
— Оһо! Шайтан алсын! — деді д'Артаньян. — Егер мына өріктеp, сүйікті Арамис, сізге Турдан жіберілген болса, мұны өсірген бағбанға тәнті болғанымды жеткізуіңізді өтінемін.
— Сіз қателесіп тұрсыз, досым, — деді Арамис әдетінше сыр шашпай, — бұл әлгі бір буын өлеңмен жазылған поэмама баспагерімнің жіберген гонорары ғой, оны мен бәріміз саяхат-сапарда жүргенде-ақ бастағанмын.
— Ах, солай ма еді! — деді д'Артаньян. — Баспагеріңз аса жомарт екен, сүйікті Арамис. Бұдан өзге айтарым жоқ сізге.
— Қалай, сударь, — деді Базен таңырқап, — шынымен-ақ поэма үшін сонша ақша төлейтін болғаны ма? Ол мүмкін емес! О, сударь, ендеше сіз ойыңызға не келсе, соның бәрін жасай алады екенсіз? Сіз де Вуатюр мырза немесе де Бенсерад мырза сияқты әйгілі ақын бола алады екенсіз. Маған бұл кәсібіңіз де қатты ұнайды. Ақын — аббаттан сәл-ақ кем түсіп жатады. Ах, Арамис мырза, сізге деген бір өтінішім, ақын болыңызшы!
— Базен, досым, меніңше, сіз әңгімеге орынсыз киіп кеттіңіз білем, — деді Арамис.
Базен өз кінәсін бірден түсінді де, мөлиіп төмен қарап, бөлмеден шығып кетті.
— Солай деңіз, — деді д'Артаньян жымиып. — Сіз өз туындыларыңызды саф алтынға сатасыз, жұлдызыңыз оныңыздан туған адамсыз, досым. Тек сақ болғайсыз, әне бір қалтаңыздан шеті шығып тұрған хатты жоғалтып алмаңыз, ол хат та баспагеріңізден білген шығар.
Арамис қып-қызыл болып кетті де, хатты әрірек тығып, қамзолын түймелеп тастады.
— Сүйікті д'Артаньян, кәне, қазір достарымызға баралық. Мен, міне, байыдым, қашан сіз байығанға дейін, енді бәріміз бірігіп тамақтануды қайта бастаймыз, — деді Арамис.
— Қуана-қуана барамын! — деді д'Артаньян. — Біз көптен бері тәуір тағам көрген жоқпыз.
Оның үстіне бүгін кешке нар тәуекел деп бір қауіпті іске бел байлап отырмын, шынымды айтсам, көне бургунд шарабының бірнеше шынысымен сәл-пәл жылынып алғым келеді.
— Келістік, көне бургунд шарабы болса — бола қойсын. Meн оған қарсы емеспін, — деді
Арамис, алтынды көргеннен кейін бұл фәниді тәрк ету жөніндегі ойынан біржолата арылып.
Аса зәру шаруаға қажет болар деп қосар пистольдің үш-төртеуін қалтасына салды да, ол қалған ақшаны ақықпен оюланған қара қобдишаға кілттеп тастады, бұл қобдишада жігітке бойтұмар болып жүрген әйгілі бет орамал жатыр еді.
Екі дос әуелі Атостың үйіне қарай беттеді. Үйден ешқайда шықпаймын деген сертіне берік Атос асты үйге әкелуге заказ берді; ол ауқат атаулының қадір-қасиетін жете білетін болғандықтан, д'Артаньян мен Арамис осы маңызды істі реттеу жөніндегі өз жолын Атосқа берді.
Олар жәйімен Портосқа қарай беттегені сол еді, Бақ көшесінің бұрышынан әбден еңсесі түсіп, бір ат пен қашырды алдына салып айдап келе жатқан Мушкетонды көрді.
— Ау, мынау менің сары айғырым ғой! — деді д'Артаньян аң-таң қалып, бұған өзі аздап қуанып та қалған тәрізді. — Арамис, мына жануарға қараңызшы!
— О, мәстек болғаныңа! — деді Арамис.
— Ендеше, қымбаттым, өзіңізге ғана айтайын, менің Парижге мініп келген жануарым осы.
— Қалай, сонда сіз бұл атты білесіз бе? — деді Мушкетон қайран қалып.
— Жануардың түр-түсі өзгеше екен. Мен мұндай атты тұңғыш рет көріп тұрмын, — деді Арамис.
— Пәлі, дұрыс айтасыз! — деді д'Артаньян қуанып. — Мен оны үш экюге сатқанда, осы түсі үшін саттым ғой, әйтпесе бұ жануардың өзіне он сегіз ливр де бермес еді... Мушкетон, жарқыным, бұл ат сіздің қолыңызға қалай түсіп жүр?
— Ах, сударь, соны сұрамай-ақ қойыңызшы! Бізді осылай тәлкек еткен әлгі герцогинямыздың кәрі күйеуі!
— Сонда қалай тәлкек етті, Мушкетон?
— Білесіз бе, аса бір дәулетті-текті ханым, герцогиня де... біз дегенде ішкен асын жерге қояды. Бірақ, сіздерден рақым өтінемін, менің мырзам ол кісінің атын атауға тыйым салған. Ол кісі бізді өзінен аздаған сый алуға — ғажайып бір испан биесі мен андалуз қашырын алуға күшпен көндіргендей болды, әлгі жануарлардың әсемдігі сондай, қарасаң көз тоймайды. Күйеуі соны біледі екен, әлгі қос жануарды жетелеп бізге әкеле жатқанда, жолай ұстап алады да, олардың орнына мына бір мақұлықтарды жібереді.
— Соларды қайтадан апарып тастағалы бара жатырсың ба? — деді д'Артаньян.
— Тап солай. Өзіңіз ойлаңызшы, әлгі береміз деген сәйгүліктерінің орнына біз мына мәстектерді қалай аламыз! — деді Мушкетор күйініп.
Әрине сіздер бұл тулақты ала алмайсыздар, шіркін-ай, Портосты мына жирен айғырымның үстінде шалқайып отырған күйін де бір көрер ме едім, сонда Парижге келгенде өзімнің кімге ұқсағанымды білер едім-ау. Ал, біз сені ұстамалық, Мушкетон. Бар, мырзаңның тапсырмасын орында. Оның өзі үйінде ме?
Үйде, сударь, бірақ қатты ызаланып отыр, өзіңіз түсінесіз ғой, — деді Мушкетон.
Сосын ол өз жөнімен, Ұлы Августиншілер жағалауына қарай кете барды, ал, екі дос әңгүдік Портостың есігін келіп қақты. Бірақ Портос бұлардың аулада келе жатқанын көріп, есікті әдейі ашпады. Достардың тауы шағылып қалды.
Бұл кезде Мушкетон екі мәстекті айдап бара жатқан күйі Жана көпірді жанай өтіп, Аюлы көшесіне де жеткен-ді. Ол осында келгесін қожасының әмірін орындап, ат пен қашырды прокурор үйінің тұтқасына байлады да, енді «күл болмасаң — пұл бол» деп, Портосқа келіп, тапсырмасының орындалғанын хабарлады.
Арада біраз уақыт өткесін, таң сәріден нәр татпаған бишаралар есікті тартқылап біреуі кісінеп, біреуі ақырып, аула ішін азан-қазан етті, сосын прокурор кіші хатшысына көшеге шығып, әне бір ат пен қашыр кімдікі екен, көршілерден сұрап білші деп жұмсап жіберді.
Кокнар бәйбіше өзінің сыйлығын бірден таныды, бірақ әуелгі кезде: бұның қайтып келгені несі? — деп ештеңеге түсінбеді, ұзамай Портостың өзі келгенде әйел мән-жайға түсіне қойды. Жас жігіт өзін-өзі тежеп, сабыр ойлайын десе де, көзі от шашып әбден ашуға мінген еді, сезімтал бәйбіше мушкетердің түрінен шошып кетті.
Мұның мәнісі Мушкетон д'Артаньян мен Арамиске жолай кездескенін қожасынан жасыра алмайды да, әлгі жирен сары ат д'Артаньянның Парижге мініп келген беарн азбаны екенін, ол со жануарды үш экюге сатқанын айтып береді.
Прокуроршамен Сен-Маглуар монастырының қасынан жолықпаққа сөз байласып, Портос хош айтысты. Оның кетуге бет алғанын көріп, прокурор жігітті ауқаттануға шақырды, бірақ мушкетер маңғаздана бас тартты.
Кокнар бәйбіше Сен-Маглуар монастырына абыржып келді. Әйел сол арадан көп өкпе-наз, реніш-күйініш сөздерін еститінін сезді, бірақ Портостың зиялы қауымға тән мәнерлі жүріс-тұрысы бәйбішенің мысын құртып, басып тастайды.
Өр көкірек, өзімшіл жігіт әйелдің кесірінен жаны күйіп, қорланғанда әлемнің күллі қарғысын соның басына қалай ақтаратын болса, Портос та төмен қарап мөлиіп тұрған прокуроршасының басына бар бәлені бір-ақ ақтарды.
— О, құдай! — деді әйел. — Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Біздің клиенттеріміздің бірі атпен сауда жасаушы еді. Ол кеңсеге қарызданып қалған болатын. Мен осы ат пен қашырды сол қарыздар есебінен алғанмын. Ол маған корольге лайықты ат тауып беремін деген.
— Ендеше, сударыня, әлгі алып сатар саудагеріңіз сізге бес экюден көп ақшаға қарызданып қалса, оның нағыз баукеспе ұры болғаны.
— Бірақ жұрттың арзан нәрсені іздегені айып емес қой, Портос мырза, — деді прокурорша ақталуға тырысып.
— Оныңыз рас, сударыня, бірақ арзанға құмар кісі өзгелердің қолы ашық, мырза дос-жаран іздеуіне кесе-көлденең тұрмауы керек қой.
Сосын Портос бұрылып, кетіп қалмақшы болды.
— Портос мырза! Портос мырза! — деді прокурорша безектеп. — Мен кінәлімін, кінәмді мойындаймын да. Сіз сияқты сұлу жігіттің жорық жабдығы жәйлі сөз болғасын, саудаласып жатпауым керек еді!
Оған ләм деместен, Портос кетпек болып, тағы бір аттады.
Сол арада прокуроршаға Портос бір нұрлы мұнарға малынғандай, герцогинялар мен маркизалардың қалың бір тобы жапырласып келіп, оның аяғының астына алтын салынған қалталарды лақтырып тастап жатқандай болып көрінді.
— Тоқтаңызшы, Портос мырза! — деді әйел дауыстап. — Құдай үшін тоқтай тұрыңызшы, сөйлесетін сөз бар!
— Сізбен сөйлессем, ұдайы бір бәлеге ұрынамын да жүремін, — деді Портос.
— Айтыңызшы, сіз менен не талап етесіз?
— Ештеңені де талап етпеймін, өйткені сізден сұраған не, сұрамаған не — бәрібір емес пе.
Прокурорша Портостың қолына асылып, мұңая тіл қатты:
— О Портос мырза, әйел ондай нәрсені түсінуші ме еді? Аттың не екенін қайдан білейін? Ер-тұрман дегеннің не екенін қайдан білейін?
— Сударыня, ол істі мына маған, мәселенің мән-жәйін білетін кісіге, тапсыру керек еді. Бірақ сіз бірдеңені үнемдегіңіз, болмашы бірер тиынды жымқырғыңыз келді...
— Ол — менің қатем. Портос мырза, бірақ мен оны жөндеймін... құдай ақы, жөндеймін!
— Қалай жөндейсіз? — деді мушкетер.
— Тыңдаңыз. Бүгін кешкілік Кокнар мырза герцог де Шоненің үйіне барады, ол мұны бірдеңе жөнінен ақылдаспақ болып шақыртса керек. Ол онда екі сағаттан кем болмайды. Келіңіз, өзіміз оңаша қаламыз да, қажетті нәрселерді бірге отырып есептейміз.
— Іске сәт, қымбаттым! Міне, бұл — басқа сөз.
— Сонымен сіз менің кінәмді кешіресіз ғой?
— Әлі көреміз, — деді Портос маңызданып.
Екеуі бір-біріне: «кешке дейін» десіп кетіп қалысты.
«Шайтан алсын! — деп ойлады Портос кетіп бара жатып. — Тап осы жолы мэтр Кокнардың сандығына қолым жететін-ақ шығар!»
V
ТҮНДЕГІ МЫСЫҚТАРДЫҢ БӘРІ ҚАРА
Портос пен д'Артаньян асыға күткен кеш те жетті ақырында, әдетімен, д'Артаньян миледидің үйіне сағат тоғыздар шамасында келді. Келіншек аса көңілді отыр екен; ешқашанда ол мұны тап осылай жадырап қарсы алған емес. Бұнысын хаты жеткенін. игі әсер еткенін гаскон жігітіміз бірден түсінді.
Кэтти кіріп, шербет әкеліп қойды. Ханшасы оған мейірлене бір қарап , жайнаң қағып, жымия күліп қойды, бірақ қыз байғұстың көңілі қаяулы болғасын, тіпті миледидің ықыластанып отырғанын байқамады.
Д'Артаньян осынау екі әйелге алма-кезек қарап отырып, осыларды жаратқанда табиғат мықтап бір қателесіпті-ау деп ойлады іштей текті ханшаға ол опасыз, сатқын жүрек беріпті де, кәнизакқа — герцогиняның жүрегін беріпті.
Сағат он кезінде миледи мазасызданып, сыр алдыра бастады, д'Артаньян оның не екенін қолма-қол түсінді. Әйел сағатына қайта-қайта қарап, бір отырып, бір тұрды, д'Артаньянға қарап жымиып: «Сіз, әрине, өте сүйкімді жігітсіз, егер қазір кетсеңіз тіпті әсем, алтын жігіт болар едіңіз!» деп тұрғандай.
Д'Артаньян түрегеліп, қалпағын алды. Миледи сүюге қолын соза берді; жас жігіт өз қолын келіншектің қысып жібергенін сезді, бұл оның қылымсыған қылығы емес, мұның кеткеніне разы болып алғыс айтқан түрі еді.
— Бұл оған өлердей ғашық екен, — деп күбірледі де, жігіт шығып кетті.
Кэтти бұ жолы жолықпады: қыз ауызғы бөлмеде де, дәлізде де, қақпа алдында да болмай шықты. Басқышты да, аядай бөлмені де д'Артаньян жалғыз жүріп тауып алды.
Кэтти алақанымен бетін басып, жылап отыр екен.
Қыз Д'Артаньянның ішке кіргенін естісе де, басын көтермеді. Жас жігіт жақындап келіп, қыздың қолын өз қолына алды; сол-ақ «кен, ол солқылдап жылап жіберді.
Д'Артаньянның ойлағанындай-ақ, миледи хатты алғасын, қуанып кетіп, бәрін де күтушісіне айтып қойыпты, сосын осы жолы Кэтти тапсырмасын ойдағыдай орындағанына разы болып, оған ақшалы әмиян сыйлапты.
Бөлмесіне кірісімен, Кэтти әмиянды бұрышқа қарай лақтыра қалған екен оның аузы ашылып қалыпты; әмиянның айналасында үш-төрт алтын теңге шашылып жатыр.
Жас жігіт арқасынан еркелете сипағасын қыз басын көтерді. Қыздың түр-пішінінен Д'Артаньянның өзі шошып кетті; ол жігітке қарай егіле қолын созғаны болмаса, тіс жарып тіл қатпады.
Д'Артаньян табиғатында қанша қатал жігіт болғанымен, қыздың-үнсіз қасірет шегіп отырғанын көріп, ет жүрегі елжіреп сала берді; бірақ ол қайтсе де көздеген бетінен, әсіресе соңғы алған бетінен айнығысы келмеді, күні бұрын белгілеп қойған әрекет-қимылын жүзеге асырмақ болды. Сол себепті де Кэтти алдында осалдық жасап, сыр бермеуге тырысты, тек өзінің мына қылығын өш алудың қарапайым тәсілі деп түсіндірді.
Сәті түскенде, оның өш алуына қолайлы жағдай да жасалған сияқты, өйткені миледи көңілдесіне бетінің опа-далабын көрсеткісі келмеді ме, әйтеуір, Кэттиге үйдегі шамның бәрін, оның ішінде менің жатын бөлмемдегі шамды да өшір деп әмір беріпті. Де Вард мырза тас қараңғы түнде келіп, таң атқанша кетіп қалуы керек.
Енді бір минуттен кейін олар миледидің ұйықтайтын бөлмесіне кіргенін естіді. Д'Артаньян дереу лып етіп шкафқа кіріп кетті. Ол сонда барып бой тасаласымен, шылдырап қоңырау даусы естілді.
Кэтти ханшасының бөлмесіне кіріп, есікті жауып алды, бірақ қоршаудың жұқалығы сонша, екі әйелдің сөйлескен сөзі анық естіліп тұрды.
Миледидің тіпті қуаныштан есі шығып кеткен тәрізді; ол кәнизактың де Вардпен жалған кездесуінің уақ-түйегіне дейін қалдырмай айтып бергін деп әмір етті: ол хатты қалай алды, жауапты қалай жазды, бет пішіні қалай екен, нағыз ғашық жігітке ұқсай ма? — деген сияқты сұрауларды үсті-үстіне қоя берді, соның бәріне аспай-саспай, байсалды жауап бермек болған Кэттидің даусы дірілдеп, үзіліп-үзіліп кетеді, ханшасы мұның тіпті мұңая сөйлеп тұрғанын да сезбеді — бақыт шіркін өзімшіл келеді ғой.
Сонымен, графтың келетін уақыты да жақындап қалды, миледи енді бөлмесінің жарығын шынымен сөндіртіп, де Вард мырзаны келісімен маған кіргіз деп әмір етті.
Кэтти сарылып көп күтпеді. Шкафтың кілт салынатын саңылауынан үй іші қап-қараңғы болып кеткенін көрісімен, ол жасырынған жерінен атып шықты; бұл Кэтти миледидің ұйықтайтын бөлмесіне кіретін есікті жауып жатқан кезде болып еді.
— Ол не шу? — деді миледи.
— Бұл — мен. Граф де Вардпын, — деді д'Артаньян бәсең.
— О, құдай-ай, бұл тіпті дызақтап, өзі айтқан сағаттан да бұрын келді-ау! — деді Кэтти күбірлеп.
— Не болды? — деді миледидің даусы дірілдеп. — Ол неге кірмей тұр? Граф, граф, — деді келіншек, — сізді күтіп отырғанымды өзіңіз де білесіз ғой!
Әйелдің құштар даусын естісімен, д'Артаньян Кэттиді жолынан жәйімен итеріп тастап, ішке кіріп кетті.
Өзің бөтен біреудің атын жамылып, жалған көңілдес болып ұрланып барып, әйелдің бақытты бәсекелесіне бағыштап айтқан ғашықтық сөздерін естуден өткен дерт, қорлық, ашу-ыза бұл дүниеде сірә да бола қоймас!
Д'Артаньян тап осындай бір азапты, қиын халге түсті, мұндай болады деген ой оның үш ұйықтаса түсіне де кіріп-шықпаған: қызғаныш жүрегін тырнап, жанын жеп барады, тап осы сәтте д'Артаньян көрші бөлмеде ah ұрып, жылап отырған Кэттиден бетер қасірет тартты.
— Иә, граф, — деді миледи нәзік үнмен жігіттің қолын қысып жатып, — ия, өзіңізбен әрбір дидарласқан сайын көзіңізден, сөзіңізден мені жақсы көретініңізді ұдайы сезетінмін, міне, мен сол сүйіспеншіліктен бақыттымын. Мен де сізді сүйемін. О, ертең, тап күні ертең мен сізден өзім туралы не ойлайтыныңызды білдіретін бір айғақ алғым келеді! Ал, сіз мені ұмытып кетпес үшін, міне, мына бір затты алыңыз.
Ол жалма-жан саусағынан жүзігін алып, д'Артаньянға бере қойды. Д'Артаньян бұл жүзікті миледидің қолынан көргенін есіне түсірді: ол — сапфир көзі бар алмас жүзікті. Д'Артаньян ә дегенде оны алғысы келмей, қайтарып еді, миледи алмай қойды.
Жо-жоқ, — деді келіншек, — маған деген махаббатыңыздың белгісі ретінде алыңыз... Бұған қоса, — деді ол тебіреніп, — жүзікті алсаңыз маған бір орасан зор жақсылық жасайтыныңызды өзіңіз де білмей қаласыз.
«Осы әйелдің тұла бойы толған құпия», — деп ойлады д'Артаньян».
Сол сәтте ол миледиге бар шындықты айтып қоюға әзір тұрғанын сезді. Осында келгенде — өш алу үшін әдейі келгенін мойындамақшы болып, аузын аша бергенде, миледи сөзін жалғай қойды:
— Байғұс досым-ау, әне бір сұмырай, әне бір гаскон сізді өлтіре кете жаздады-ау!
Сұмырайы д'Артаньянның тап өзі.
Сол сәтте ол миледиге бар шындықты айтып қоюға әзір тұрғанын сезді. Осында келгенде — өш алу үшін әдейі келгеннің мойындамақшы болып, аузын аша бергенде, миледи сөзін жалғай берді:
— Жараңыз әлі жаныңызға бата ма? — деді миледи.
— Иә, қатты батады, — деді д'Артаньян қапелімде не деп жауап қатарын білмей қалып.
— Ендеше, қам жемеңіз, сіздің кегіңізді өзім қайтарамын, кектенгенде мен рақымсыз қаталмын! — деді миледи сыбырлап.
— Жоқ! Арамыздағы сырды ашатын сәт әлі жеткен жоқ», — деп ойлады д'Артаньян.
Осындай бір қысқа сөйлескеннен абдырап қалған д'Артаньян біразға дейін өз-өзіне келе алмады, бірақ осында келгенде өшімді қайтарамын деп келген ойынан құлан-таза арылғандай еді. Бір ғажап жері — жігіт осы әйелдің алдында мүлде дәрменсіз: ол миледиді сұмдық жек көреді, бірақ сонымен бірге осы келіншекке қарап табынуға ,әзір: бұрын ол бір кісінің жүрегіне бір-біріне қарама-қарсы қос сезім тап осылай табысады, ал, табыса келе, қауыша келе, өзгеше бір құтырынды, тажал махаббатқа айналады деп әсте ойламаған.
Хош, сонымен, күмбірлей соққан сағат даусы да естілді, айрылысар сәт те жетті. Миледидің қасынан кетіп бара жатқанда ол бір қимас өкініштен басқа ештеңені де сезген жоқ, екеуі құшырлана сүйісіп жатып, келесі аптада тағы кездеспекке сөз байласты. Байғұс Кэтти, д'Артаньян бөлмесі арқылы өтіп бара жатқанда, оған бірер сөз айтып қаламын ғой деп үміттенген, бірақ оны қараңғыда миледидің өзі шығарып салып, онымен басқышқа барғанда ғана қоштасты.
Ертеңіне ертемен д'Артаньян Атостың үйіне жеткенше асықты, бір түсініксіз ғажап жәйтке тап болды, енді Атоспен ақылдаспаса болмайды. Жұрт оған болған оқиғаны түгел айтып берді; әңгіме кезінде Атос жақтырмай бірнеше рет қабағын түйді.
— Сіздің миледиіңіз, — деді ол, — маған бір жиіркенішті кесепат жан болып көрінеді, дегенмен, сіз оны алдаймын деп үлкен қате жасағансыз: тек ақыры қайыр болғай, сіз өзіңізге қорқынышты зұлым жау тауып алыпсыз.
Осыны айтты да, Атос королеваның жүзігі орнына салынған, алмаспен көмкерілген сапфир сақинаға көз тоқтатып бір қарады, ал, королеваның жүзігі қобдишада сақтаулы жатыр еді?
— Сіз мына сақинаға қарадыңыз ба? — деді гаскон, достарының алдында осы бір қымбат сыйлықты көрсетіп, тағы бір мәртебесі өсіп қалатынына мәз болып.
— Иә, осы сақина бір үйдің атадан балаға мұра болып қалатын бір асыл затын есіме түсіріп отырғаны.
— Ғажап сақина емес пе? — деді д'Артаньян.
— Керемет! — деді Атос. — Мен дүниеде тап осындай мөп-мөлдір екі сапфир болады ғой деп ойламап едім. Сіз, шамасы, мынаны әлгі алмасыңызға айырбастап алған шығарсыз?
— Жоқ, — деді д'Артаньян, — бұл — менің ғажайып ағылшын әйелімнің, яки, дұрысын айтсам, менің ғажайып француз әйелімнің сыйлығы, мен оның кім екенін сұрағаным жоқ, бірақ Францияда туғанын кәміл білемін.
— Сіз мына сақинаны миледиден алдыңыз ба? — деді Атос таңырқап, оның даусынан толқып отырғаны сезілді.
— Сіз дәл таптыңыз. Мұны ол маған еткен түнде сыйлады.
— Сақинаны маған көрсетіңізші, — деді Атос.
— Міне, сол сақина, — деді д'Артаньян, оны саусағынан алып.
Атос сақинаны айналдырып қарап, аппақ болып қуарып кетті; сосын оны сол қолының тетелесіне кигізіп көрді; тап осы саусаққа әдейі жасатқандайын шап-шақ екен. Атостың әдеттегі сабырлы жүзі түнеріп, кеудесін ашу-ыза, өшпенділік кернегендей болды.
— Мұның сол бір сақина болуы мүмкін емес, — деді ол. — Ол леди Клариктің қолына қалай барып түскен? Бір ғажабы, осы екі сақинаның бір-бірінен айнымайтынын түсіну де қиын.
— Сіз бұл сақинаны танып отырсыз ба? — деді д'Артаньян.
— Мен осыны таныған сияқты едім, бірақ қателесіп кеттім ғой деймін.
Ол сақинадан көзін алмаған күйі, оны д'Артаньянға қайтып берді.
— Былай болсын, д'Артаньян, — деді ол біраз отырғасын, — мына сақинаны қолыңыздан алыңыз немесе оның тасын ішіне қарай айналдырып қойыңыз: бұл менің есіме қайдағы-жайдағыларымды түсіріп отырғаны, әйтпесе, сенімен жайбарақат отырып сөйлесе алатын түрім жоқ... Сіз менімен бір нәрсе туралы ақылдасқыңыз келіп еді, енді не істерімді де білмей жүрмін деп едіңіз... Тұра тұрыңызшы... маған ана сапфирді тағы бір рет көрсетіңізші. Жаңағы мен айтқан сақина тасының бір қырында тырналған із бар еді: оның өз себебі бар-тын.
Д'Артаньиян сақинаны саусағынан қайтадан алып, Атосқа ұсынды.
Атос шошып кетті.
— Қараңызшы, бұл не ғажап? — деді ол.
Ол әлгіде ғана есіне алған сызатты д'Артаньянға қолма-қол көрсетті.
— Осы сапфир сізге кімнен қалып еді, Атос?
— Шешемнен қалған көз еді, шешем оны күйеуінен алған екен. Сізге әлі әзірде айтып едім ғой, бұл біздің үйдің ежелден мұра болып келе жатқан асылы... ол біздің от басынан еш жаққа шығып кетпеуі керек-ті.
— Сонда сіз... сіз оны сатып жіберіп пе едіңіз? — деді д'Артаньиян күрсініп.
— Жоқ, — деді Атос өзгеше бір үнмен мырс етіп. — Сізге оны бүгін қалай сыйласа, мен де оны алғашқы махаббат түнінде тап солай сыйлап едім.
Д'Артаньян ойланып қалды; миледидің жаны оған түпсіз бір, қараңғы шыңырау болып елестеді.
Ол сақинаны қолына салмай, қалтасына салды.
— Тыңдаңызшы, — деді Атос оны қолынан ұстап, — сізді жанымдай жақсы көретінімді өзіңіз де білесіз. Егер балам болса, мен оны өзіңізден жақсы көрмес едім. Маған сенсеңіз, сол әйелді талақ етіңізші. Мен оны мүлде білмеймін, бірақ ішімнен біреу — ол бір құрыған кінәлі жан, оған жуыған адам бақытсыз болады, деп тұрған сияқты.
— Сіз дұрыс айтасыз. Мен онымен айрылысамын. Шынымды айтсам, сол әйелден өзім де қорқамын, — деді д'Артаньян.
— Айрылысуға батылыңыз жете ме? — деді Атос.
— Жеткенде қандай. Және мен оны ұзаққа созбаймын, — деді д'Артаньян.
— Бәрекелде, балам. Дұрыс жасайсыз, — деді Атос, гасконның қолын әкесіндей қамқор көңілмен қысып. — Өміріңізге енді ғана ене бастаған сол бір әйел ақ көңіліңізге қорқынышты ізін тастап кеткеннен құдай сақтасын.
Осыны айтып Атос басын изеді, бұл — өз ойыммен өзім оңаша қалсам деген белгісі.
Үйге келсе, өзін Кэтти күтіп отыр екен. Егер тұтас бір ай бойы қызуы көтеріліп ауырса да, қыз сорлы тап кешегі ұйқысыз өткізген азап түніндегідей болып жүдемес.
Ханшасы оны жалған де Вардқа қайта жұмсапты. Миледи махаббатқа елітіп, бақыттан мас болып қалған тәрізді; ол ашынасы екінші махаббат түнін қашан сыйлайтынын білгісі келетін көрінеді.
Енді Кэтти бейбақ шөлмектей болып қуарып, өне бойы қалтылдай, Д'Артаньянның жауабын күтіп отыр.
Әдетте жас жігітке Атос қатты ықпал жасайтын, енді оның өзім деген өр көкірегі өш алғаннан кейін сабасына түсіп, қанағат сезімін тапқаннан кейін, аға-досының ақылы өз жүрегінің әуенімен үндесіп кетті де, миледимен шұғыл айрылысуына күш-жігер берді. Ол қолына қалам алып, төмендегі сөздерді жазды:
«Сударыня, таяудағы бірнеше күн ішінде менімен жолығамын деп ойламаңыз; дертімнен айыққалы бері осы тәрізді шаруа көбейіп, басымнан асып кетті, сол себепті де оны біраз реттеп алу керек болып тұр. Ал, сіздің кезегіңіз келгенде, мен оны өзіңізге хабарлау құрметіне ие болармын.
Қолыңыздан сүйемін.
Граф де Вард»
Сапфир туралы бір ауыз сөз де айтылмады. Біздің гасконымыз миледиге қарсы қаруды өзінде сақтап қалғысы келді ме, әлде — ашығын айтсақ — осы сапфирді жорық жабдығына қажетті ең cоңғы қаражат есебінде алып қалды ма, кім білген?
Дегенмен бір дәуірдің қылығына екінші бір дәуірдің көзқарасы тұрғысынан баға беру дұрыс болмас еді. Біздің уақыттың кез келген адал адамы өзіне масқара қорлық санайтын нәрсе, ол кезде салтқа айналған табиғи іс болып көрінетін, сол себепті де ең жақсы әулеттен шыққан жас жігіттерді көңілдестері бағып-қағатын.
Д'Артаньян Кэттиге хатты ашық күйінде берді; оны оқығанда қыз әуелде ештеңеге түсінбеді, сосын екінші қайтара оқып шығып, қуанғаннан есінен танып қала жаздады.
Ол мұндай бақытқа тіпті сенгісі де келмеді; д'Артаньян оған хатта жазылған сөздерді ауызша айтып беруге мәжбүр болды, хатты тапсырған сәтте мәрт мінезді миледи байғұс қызға қауіп төндіретініне қарамастан, Кэтти Король алаңына қарай қанат байлап ұшқандай болды. Ең жақсы деген әйелдің жүрегі күндесінін қасіретін сезбес қатыгез келеді.
Кэтти хатты қалай асығыс әкелсе, миледи де оны солай асығыс аша қойды. Бірақ алғашқы сөздерді оқысымен-ақ әйел өлердей болып қуарып сала берді, сосын қағазды ызалана умаждап, Кэттиге бұрылып қарады да, көзі шатынап кетті.
— Бұл не хат? — деді ол.
— Ол жауап қой, сударыня, — деді Кэтти дірілдеп.
— Мүмкін емес! — деді миледи шаңқ етіп. — Мүмкін емес! Дворянин әйелге мұндай хат жазбаса керек-ті... — Кенет ол дір етіп, шошып түсті. — Құдай-ай, сақтай гөр, шынымен-ақ біліп қойды ма екен? — деді ол күбірлеп. Сосын үндемей қалды.
Миледи шықырлата тісін қайрап, жүзі әуелі сұрланып барып, көгере бастады. Оның тынысы тарылып, терезеге барып таза ауа жұтпақшы болды, бірақ қолын созуға ғана дәрмені жетті; тізесі дірілдеп, креслоға құлап түсті.
Кэтти миледи есінен танып қалған екен деп, жүгіріп барып оның корсажын ағытпақшы болып еді, әйел орнынан ұшып түрегелді.
— Сізге не керек? Дәтіңіз барып, менің денеме қалай қол тигіздіңіз! — деді ширығып.
— Сударыня, мен сізді есіңізден танып қалған екен, көмек көрсетейін деп ойлап едім, — деді күтуші қыз, миледидің түсі қатуланып кеткенінен зәре-құты қалмай қорқып кетіп.
— Есінен танып дейді! Мен бе! Мен бе? Немене, сіз мені әбден жүйкелеп қалған қайдағы бір ақымақ әйел деп ойлайсыз ба? Жұрт мені масқаралап, қорлаған кезде мен есімнен танып қалмаймын, қайта мен дұшпанымнан кегімді қайтарамын — есіттіңіз бе?
Сосын ол қолын бір сілтеп, шығыңыз деп әмір етті.
VI
КЕКТЕНУ
Кешқұрым миледи: д'Артаньян осында келісімен маған кіргізіңіз, деп бұйырды. Бірақ ол келмеді.
Ертеңіне ертеңгісін Кэтти жас жігітке тағы келіп, кеше болған оқиғаларды түгелдей айтып берді. Д'Артаньян бір жымиды да қойды: әйелден өшін алғандағы күткені — миледидің осы бір қызғанышты ашу-ызасын қоздыру еді.
Кешке салым миледи кешегіден бетер ашуланды, гаскон жігіт жөніндегі бұйрығын тағы қайталады, бірақ тап кешегідей оны сарылып босқа күтті.
Келесі күні Кэтти д'Артаньянға, мұның алдындағы екі күндегі сияқты жадырап-жайнап, қуанып келмей, бір түрлі мұңайып жасып келді. Д'Артаньян қыз байғұстан не болғанын сұрады. Жауап орнына ол қалтасынан бір хат алып, жігітке ұсына берді.
Бұл хатты миледидің өзі жазыпты, бірақ осы жолы хат граф де Вардқа емес, д'Артаньянның өзіне жолданыпты.
Ол хатты ашып, оқып шықты:
«Инабатты мырза, д'Артаньян, достарыңызды ұмытқаныңыз, әсіресе, алда ұзақ уақытқа айрылысатын кез келе жатқанда ұмытқаныңыз жақсы емес. Лорд Винтермен екеуміз кеше, оның алдындағы күні сізді бекерден-бекер ұзақ күттік. Бұл жәйт бүгін де шынымен-ақ қайталанбақ па?
Сізге шын көңілден разы
леди Кларик».
— Бәрі де түсінікті, осы хатты өзім де күтіп едім. Граф де Вардтың бағасы түскен сайын, менің бағам жоғарылап барады, — деді д'Артаньян.
— Сонымен сіз барасыз ба? — деді Кэтти.
— Мені тыңдашы, қымбаттым — деді гаскон, Атосқа берген уәдесін бұзбақ болған ниетін өзінің көз алдында өзі ақтап алу үшін, — осындай арнайы шақырғанға бармай қалу ақылсыздық болар еді, сен оны дұрыс түсін. Егер мен бармай қалсам, миледи менің аяқ астынан не себепті тыйыла қалғаныма түсінбейді, сосын әлденені сезіп, аңғарып қалуы мүмкін... Сол сияқты долы әйелдердің өшпенділігінің аяғы неге апарып соғатынын кім біледі.
— О құдай-ай! — деді Кэтти күрсініп. — Сіз сөйлегенде дүниенің бәрін кісінің қасына әкеліп төндіріп қоясыз да, өзіңіз дұрыс болып шыға келесіз, бірақ сіз барғасын оны тағы да айналдыра бастайтын шығарсыз, ал, егер осы жолы сіз оған өзіңіздің шын атыңызбен, мына кескін-келбетіңізбен ұнайтын болсаңыз, онда айтпады демеңіз, әуелдегіден хәліңіз қиын болады!
Сорлы қыз алда кейінірек болатын оқиғаны, аздап та болса, күн ілгері сезіп қалған еді.
Д'Артаньян қолынан келгенше қызды жұбатып, миледидің қылымсыған қылықты торына түспеймін деп уәде берді.
Ол леди Кларикке ынта-ықыласына өзгеше разы екенімді және мархабатына құлдық ұратынымды айта барарсың деп Кэттидей дұғай сәлем жолдады. Бірақ хат жазудан жүрексінді, өйткені миледидің жіті көзі байқамайтындай етіп, жазуымды онша өзгере алмаспын, деп ойлады.
Сағат тоғызды соққан кезде д'Артаньян Король алаңында болды. Ауызғы бөлмеде тосып тұрған дәйекшілер бұрын ескертіліп қойған ба қалай, д'Артаньян үйге кірісімен, миледи мені қабылдамас па екен деп сұрамай жатып, мұның келгенін ханшаларына хабарламақ болып жүгіріп кетті.
— Кіргізіңіз, — деді миледи шаңқ етіп, оның ащы даусын д'Артаньян ауызғы бөлмеде тұрып есітті.
Малай оны мейманжайға ертіп әкелді.
— Кім келсе де, мен жоқпын! Есіттіңіз бе, кім келсе де! — деді миледи нығарлап.
Малай шығып кетті.
Д'Артаньян миледиге елгезек те зерек көзін жүгіртті: жылағаннан ба, әлде ұйқысыз өткізген түннен бе, әйтеуір, келіншек шөлмектей бозарып, көз жанары жасып, шаршап қалғаны байқалады. Әдеттегідей, бөлме іші онша жарық емес, әдейі қолдан көмескілеп қойған тәрізді, бірақ соған қарамастан, жас әйел соңғы екі күнде жанын жегідей жеп, көңіліне бір тыным бермеген беймаза күйіп тіпті де жасыра алмады.
Д'Артаньян оған бұрынғы үйреншікті кейпімен жақындай берді. Өзін өзі зорлап, ол әзер дегенде қабағын ашып, жымиып күлгендей болды, бірақ осы бір жылусыз жымию сақырлаған ішкі аяздың ызғары іспеттес еді.
Д'Артаньян миледидің жай-күйін, хал-ахуалын сұрады.
— Хәлім нашар, өте нашар, — деді ол.
— Ендеше мен сізге кесір болып жабыстым-ау. Әрине, қазір сіздің тынығуыңыз керек, мен кетейін, — деді д'Артаньян.
— О, жоқ! Кетпеңіз, қайта қалыңыз, д'Артаньян мырза, өзіңіздей сүйкімді жігітпен сөйлесіп көңіл көтерейін, — деді миледи.
«Охо! — деп ойлады д'Артаньян. — Бұл пәле маған ешқашанда тап осылай ықылас көрсетпеген еді, сақ болмасам болмас».
Миледи қолынан келгенінше жігітпен ежелгі достарша сөйлесіп, әңгімені қыздырып, жандандырып отыруға күш салды. Бір сәт жоғалып өткен қызулы жігер өзіне қайта оралды, әйелдің көзі жайнап, өңіне шырай жүгіріп, шырын ерні қызғылт тартты. Өзін баяғыдан сиқырлап тастаған Цирцея д'Артаньянның қарсы алдына тағы келіп отыр. Біржолата сөніп қалды деген махаббаты тек қалғып қана кеткен екен, заматында қайта оянды. Миледи жәй жымиып отыр, осы бір күлкі үшін д'Артаньян арын да, жанын да құрбан етуге дайын екенін сезді.
Бір сәт ол тіпті ар-ұят азабын да сезгендей болды.
Миледи бірте-бірте сөзуар болып кетті. Ол д'Артаньяннан көңілдесіңіз бар ма деп сұрады.
Ах! — деді д'Артаньян үзіліп кетердей ұяң сөйлеп. — Осындай тұрақ беріп, мен сорлыға сонша қаталдық, жасамасаңыз қайтеді? Сізді көргелі бері мен байғұс тек өзіңіз деп тыныстап, өзіңіз деп аһ ұрып жүрген жоқпын ба!
Миледи сиқырлы кейіппен жымиып бір күлді.
— Сонымен, сіз мені сүйесіз бе? — деді келіншек.
— Оны өзіңіз айтпай-ақ біліп, ашпай-ақ көріп отырсыз ғой.
— Иә, білдім-ақ көрдім-ақ дейін, бірақ тәкаппар, асау жүректі көндіру де қиын екенін өзіңіз де білесіз.
— О, мен қиыннан қорықпаймын. Мүмкін емес нәрседен қорқамын.
— Нағыз махаббатқа мүмкін емес нәрсе болмайды, — деді қарсы дау айтып.
— Ешбір кедергі дейсіз бе, сударыня?
Ешбір, — деді миледи.
— Шайтан атсын! — деп ойлады д'Артаньян өзінше. — Сөзі кәдімгідей түзеліпті. Осынау кесір әйел маған ғашық болып қалғаннан сау ма, жалған де Вардқа асыл тас сыйлағаны сияқты, маған да — енді менің өзіме — басқа бір сапфир сыйлағысы келіп отырған жоқ па?»
Д'Артаньян өз орындығын миледидің креслосына жақындатып қойды.
— Тыңдаңызшы, өзіңіз айтқан махаббатыңызға менің көзімді жеткізу үшін не жасар едіңіз? — деді келіншек.
— Сіз не талап етсеңіз, соны жасаймын. Бұйырыңыз — мен шірмін!
— Бәріне де әзірсіз бе?
— Бәріне де! — деді д'Артаньян дауыстап, мұндай уәденің онша қиын болмайтынын ол күні бұрын біліп отыр еді.
— Жарайды. Ендеше сөйлеселік! — деді миледи, креслосын Д'Артаньянның орындығына жақындатып.
— Құлағым сізде, сударыня, — деді жігіт.
Миледи бір минуттей үндемей қалды, шамасы, көкейіндегі ойды айтар-айтпасын білмей, біраз күмілжіп барып, бір шешімге келу керек.
— Менің бір жауым бар, — деді ол.
— Сіздің бе, сударыня? — Шынымен таң қалған кісідей д'Артаньянның даусы шығып кетті.— Құдай сақтасын, соның өзі мүмкін бе екен? Сіз кереметтей мейірімді жансыз!
— Ата жауым.
— Шынымен-ақ рас па?
— Ол жауыздың мені қорлап, жәбірлегені сондай, енді біз өле өлгенше қырқысып өтеміз. Мен сізді соған қарсы жұмсайтын қаруым деп есептеуіме бола ма?
Осы бір кекшіл зұлым жанның өзінен нені тілеп отырғаның д'Артаньян ә дегеннен түсіне қойды.
— Болғанда қандай, сударыня! Менің шпагам мен өмірім, махаббатыммен бірге сіздің еркіңізде! — деді ол лепіріп.
— Олай болса, — деді миледи, — егер сіздің ғашықтығыңызға, ерлігіңіз сай келсе...
— Онда не дейсіз? — деді д'Артаньян.
— Онда ма... — деді миледи біраз мүдіріп барып, — онда сіз тап бүгінгі күннен бастап, мүмкін емес нәрседен сескенбеуіңізге әбден болады.
— Жоқ, мен бұл бақытқа шыдай алмаспын!—деді д'Артаньян дауыстап, сосын миледидің алдына тізерлеп отыра кетті де, оны қолын шөпілдетіп сүйе берді, әйел қолын тартып алмады.
«Мен үшін әне бір жиіркенішті де Вардтан кегімді ал, сосын мен өскен, өшпенділігімнің көрсоқыр қаруы болатын, өp көкірек eceр неме, сенен құтылудың жолын бірдеңе етіп табармын!» — деп ойлады миледи тістеніп.
«Екі жүзді опасыз, қатерлі келіншек, өз еркіңмен келіп құшағыма кір! Кел, келші маған! Содан кейін бұрынғы қорлағаның, жәбірлегенің үшін, мына менің қолыммен өлтіргің келген кісі екеуміз өзіңді мазақ етіп күлерміз», — деп ойлады д'Артаньян.
Д'Артаньян басын көтерді.
— Мен әзірмін, — деді ол.
— Ендеше сіз мені түсінген болдыңыз ғой, сүйікті д'Артаньян? — деді миледи жәудіреп.
— Мен сіздің ойыңызды жалт етіп бір қараған көзіңізден-ақ білер едім.
— Сонымен, сіз мен үшін шпагаңызды, қазірдің өзінде көпке әйгілі шпагаңызды, жалаңаштауға келісесіз бе?
— Кез келген уақытта.
— Бірақ мен ол қызметіңізді қалай өтейін? Мен ғашықтарды жақсы білемін: олар ештеңені тегіннен-тегін істемейді, — деді миледи.
— Менің қандай сыйды аңсайтынымды — сіз бен бізге лайық бірден-бір сыйды аңсайтынымды, өзіңіз де білесіз! — деді д'Артаньян.
Сосын әйелді абайлап өзіне қарай тартты.
Келіншек қарсыласпады.
— Құлқынқұмар! — деді келіншек жымиып.
— Ах! — деді д'Артаньян масайрап, шынында да осы бір әйелдің жігіт жүрегіндегі құштарлық сезімді маздатып жіберетін бір сиқыры бар еді. — Осы бақытыма өзім де сенбеймін, мен оны көрген түс сияқты, бір сәт жалт етіп, жоқ болып кете ме деп қорқамын, сол бақытымды дереу ақиқат шындыққа айналдырсам деп асығатыным да содан!
— Ендеше сол қиялыңыздағы бақытқа лайық қызмет етіңіз.
— Мен сіздің еркіңіздеміз, — деді д' Артаниян.
— Мұныңыз рас па? — деді миледи
— Әуелі жақсылап ойланып алыңызшы, менің жан сырым құпиям соның атында тұр ғой.
— Бірақ мен оның атын білуім керек.
— Иә, білуіңіз керек. Менің сізге көзсіз сенетінімді көріп отырсыз ғой !
— Бақыттымын. Оның аты кім?
— Сіз ол кісіні білесіз.
— Білемін бе?
— Иә.
— Бірақ менің жан достарымның біреуі емес шығар, әйтеуір? — д'Артаньян, өзінің ештеңені білмейтініне кәміл сендіру үшін көлгірси күмілжіп, тайсақтай бастады.
— Демек, ол сіздің достарыңыздың бірі болса, жалтарып кетпексіз бе? — деді миледи шаңқ етіп, со замат көзінен бір ызғарлы көрінді.
— Жоқ, ол менің туған ағам болса да жалтармаймын! — деді Артаньян масайрап кеткен кісідейін.
— Біздің гасконымыз көзсіз тәуекелден аулақ еді, ол не істейтінін кәміл біліп отырған-ды.
— Сіздің шын пейіл бергеніңіз маған қатты ұнайды, — деді миледи.
— Қайтейін! Менің сізге ұнайтын қасиетім тек сол ғана болғаны ма? — деді д'Артаньян күйініп.
Жоқ, сіздің өзіңізді, мына сізді сүйемін! — деді келіншек оны қолынан ұстап.
Сол мезетте д'Артаньян әйелдің қолын құмарлана қысқанын көрді де, миледидің жалынды жан толқыны өзіне көшкендей, тұла бойы шымырлап сала берді.
— Сіз мені сүйесіз ғой! О, мен ақылымнан адасып бара жатқан сияқтымын! — деді ол ышқына сыбырлап.
Жігіт оны бас салып құшақтады. Әйел оның, аймалай сүйгенінен жалтармады, сүлесоқ, самырқау қалпынан айнымады.
Оның ерні сұп-суық екен: д'Артаньян тас мүсінді сүйгендей әсер алды.
Дегенмен ол осы қуанышына елітіп, махаббат отына шарпығандай болды; ол тіпті миледидің нәзік сезіміне сенгендей, де Вардтың қылмысының ақиқат екеніне сенгендей. Егер тап қазір де Вард қасында болса, ол оны ойланбастан өлтіре салар еді.
Миледи де осы сәтті пайдалана қойды.
— Оның аты... — деді әйел сөз бастап.
— Білемін, де Вард қой! — деді д'Артаньян шыдамай.
— Сіз оны қайдан білесіз? — деді миледи оның қолына мән беріп, ішінде не жатқанын білгісі келгендей тесіле қарап.
Д'Артаньян аңдамай мүлт кеткенін түсіне қойды.
— Айтыңыз, айтыңызшы! Айтыңыз деймін сізге! Оны қалай білдіңіз? — деді миледи ежіктеп.
— Қалай білдім дейсіз бе? — д'Артаньян оның сұрағын қайта айтты.
— Иә, қалай?
— Кеше бір үйде мен де Вард мырзамен кездестім, ол маған бір сақинаны көрсетті, оның сөзіне қарағанда, сақинаны оған сіз сыйлаған көрінесіз.
— Сұмырай! — деді миледи ашынып.
Осынау соз бізге түсінікті бір себептермен Д'Артаньянның жүрегін тіліп түскендей болды.
— Сонымен? — деді миледи жігітке.
— Сонымен, мен ол сұмырайдан сіздің кегіңізді қайтарамын! — деді д'Артаньян қаһарына мініп.
— Сізге көп рахмет, батыр досым! Менің өшімді қашан аласыз? — деді миледи.
— Ертең, тап қазір, қалаған уақытыңызда!
Миледи: «Тап қазір!» деп айқайлап жібере жаздады, бірақ бұлай асығыстық жасағаным д'Артаньянға ерсі көрінер деп ойлады,
Мұның үстіне ол секунданттардың көзінше графпен түсінісіп жатпас үшін мың сан сақтық шараларын жасап, өзін қорғаушы тілмәшіне мың сан ақыл айтуы керек еді. Д'Артаньян оның көңіліндегі күдігін бір-ақ сөзбен сейілтті.
— Ертең сіздің кегіңізді қайтарамын немесе өліп тынамын! — деді ол.
— Жоқ! Сіз өлмейсіз, менің өшімді аласыз. Ол — қорқақ кісі, — деді миледи.
— Бәлкім, әйелдердің алдында қорқақ шығар, ал, еркектерден қорықпайды. Басқаны қайдам, мен оны аздап білемін.
— Бірақ, мен қателеспесем, екеуіңіз шекісіп қалғанда тағдыр сізді жебеген сияқты еді
— Тағдыр — жезөкше әйел: бүгін жақсы көрсе, ертең теріс айналып жүре береді.
— Басқаша айтсақ, сіз қазірден тайсақтап тұрсыз ғой.
Жоқ, құдай сақтасын, мен тайсалмаймын, бірақ маған үміттенгенімнен басқа ештеңе сыйламай, ажалға айдап салып отырғаныңыз әділдік бола қояр ма екен?
Миледи бұған көзімен жауап берді, ол: «Ах, сол да сөз бе екен! Батылырақ қимылдаңыз!» деп тұрғандай еді.
Әйел қолма-қол көзімен айтқанын енді нәзік сөзімен жеткізді:
— Сіз дұрыс айтасыз.
О, сіз періштесіз! — деді д'Артаньян дауыстап.
Сонымен біз бәріне келістік қой? — деді әйел.
— Сізге айтқан назымнан басқаның бәріне келістік, қымбаттым.
— Егер мен сізге өзіңізге деген махаббатыма сеніңіз десем — соның өзі жетпей ме?
— Менде ертеңгі күн деген болмайды, күтуге уақытым жоқ.
— Тс-с! Менің ағам келе жатыр. Ол сізді көрмеуге тиіс.
Миледи қоңырау соғып еді, Кэтти кіріп келді.
Мына есіктен шығып кетіңіз, — деді миледи, кішкентай бір жасырын есікті ашып, — сосын сағат он бірде қайтып келіңіз. Біз оған дейін әңгімемізді бітіреміз. Кэтти сізді маған кіргізеді.
Осы сөзді естігенде сорлы қыз есінен танып қала жаздады.
— Ей, сударыня! Сіз немене тас мүсіндей мелшиіп тұрып қалдыңыз? Есіттіңіз бе? Бүгін сағат он бірде сіз маған д'Артаньян мырзаны ертіп келесіз.
«Шамасы, мұның күллі жүздесуі сағат он бірде болады екен, — деп ойлады д'Артаньян. — Бұл оның әдетіне айналып кетсе керек».
Миледи оған қолын созды, жігіт оны қастерлеп бір сүйді.
«Алайда... — деп ойлады ол Кэттидің өкпе-назына кетіп бара жатқанда әрең жауап беріп, — осы мен ақымақ болып қалмас па екенмін! Мына әйелдің қандай қылмыстан да тайынатын түрі жоқ. Абай болайық».
VII
МИЛЕДИДІҢ ҚҰПИЯСЫ
Д'Артаньян үйден шыққасын, қыздың жалынып жалбарынғанына қарамастан, Кэттидің бөлмесіне бармады; мұның екі себебі бар еді: қыздың өкпе-назынан, кінәлап-айыптауынан, өтініш-шағымынан құтылмақ, сонымен бірге біраз толғанып, ақыл тоқтатып, өз ойын реттеп, тіпті мүмкін болса, ана әйелдің ойын да танып алмақ болды.
Осы оқиғадағы айдан анық бір нәрсе — д'Артаньян миледиді . Есі кете жақсы көреді, ал, әйел мұны мүлде жақсы көрмейді. Бір сәт д'Артаньян осы бәледен аман құтылудың ең дұрыс жолы — үйіне қайтып барып, миледиге ұзақ етіп хат жазу, сөйтіп осы| уақытқа дейін өзі мен де Вард екеуі бір адам болып келгенін, демек, де Вардты өлтіру бұл үшін өзін-өзі өлтіргенмен бірдей екенін ашық мойындау ғой деп ойлады. Бірақ мұның да тұла бойын өшпенділік сезімі билеп алған-ды; ол енді өз атымен ашықтан-ашық барып, осы әйелден тағы бір тоят тапсам дейді қайтарар кегінің дәмін татып тағы бір құшырын қандыру үшін жігіт бұл күнәдан бас тарта алмады.
Ол Король алаңын алты-жеті рет айналып шықты, сонда миледи бөлмесінің терезе жапқышынан түсіп тұрған жарығын көру үшін әрбір он қадам сайын бұрылып қарай берді; бірінші кезектегі сияқты, бүгін миледидің жатын бөлмесіне баруға асығатын түрі көрінбейді, бұл айдай ақиқат еді.
Ақырында жарық та сөнді.
Осы жарықпен бірге Д'Артаньянның қобалжыған көңілі де басылайын деді; оның есіне алғашқы ләззаты келіп түсті, сол-ақ екен, жігіттің жүрегі елжіреп, жүзі лаулап, оқшау үйге келіп кірді де, Кэттидің бөлмесіне қарай тұра ұмтылды.
Аруақтай қуарып кеткен Кэтти қалш-қалш етіп, ғашығын ұстап қалуға тырысып көріп еді, бірақ бәріне құлақ түріп отырған миледи, Д'Артаньянның кіргенін естіп, есікті ашып жіберді.
— Кіріңіз, — деді ол.
Осының бәрі сұмдық ұятсыз, жан түршігетін арсыз әрекет болғандықтан да, д'Артаньян өзі көзімен көріп, құлағымен есітіп тұрған нәрсеге тіпті сенгісі де келмеді. Ол кісі тек түсінде ғана көретін бір қиялы ғажайып оқиғалардың дәл ортасында жүргендей болып сезінді.
Магнит темірге қалай әсер етсе, өзіне солай әсер еткен бір құдіретті күшке ерік беріп, ол дереу миледиге қарай ұмтыла берді.
Оның артынан сарт етіп есік жабылды.
Кэтти сол есікке қарай тұра жүгірді.
Қызғаныш па, ашу-ыза ма, қорланып-жәбірленген тәкаппар көңіл ме, әйтеуір, ғашық әйелдің жүрегінде буырқанған құштар сезімнің бәрі қосылып келіп, қызға әшкереле деп әмір етті, бірақ бұл қыз осындай сұмдық айла-шарғыға қатысқанын айтып қойса, өзінің басы кетер еді, оның үстіне д'Артаньяннан мәңгілікке айрылып қалар еді. Махаббатқа берілген байғұс көңілі осындай бір пікірге ұйығасын, ол жігіттің осы күнәсін де соңғы рет кешпек болды.
Ал, д'Артаньянға келетін болсақ, ол дегеніне жетті: тап қазір миледи мұның бәсекелес бақталасын емес, өзін сүйіп жатыр немесе сүйген кейіп көрсетіп жатыр. Рас, ішіндегі құпия бір дауыс жас жігітке: сен тек кек алу құралысың, сені аймалап сүйіп жатқаны да, саған біреуді өлтірткізу үшін, деп ескертіп тұрғандай еді, бірақ менмен көңіл, өзімшілдік, есіріктеніп ғашық болып қалғаны — сол дауысты өшіріп, қарсылықты басып тастады. Оның үстіне біздің гасконымыздың өзіне өзі кәміл сенетіні бәрімізге аян ғой, сол себепті де ол өзін де Вардпен ойша салыстыра келіп: мына мені, Д'Артаньянды, көңіл-көркіме қарап, неліктен сүюге болмайды деп сауал қойды.
Сонымен, жігіт тап сол минуттың қызығына түсіп кетті. Миледи енді оған әлгі бір сәтте өзінің жанын түршіктірген қара ниетті әйел болудан қалды; ол қазір ләззат отына жанып-күйіп, басқа дүниені ұмытқан көңілдес, соған өзінің де айызы қанып жатыр еді.
Хош, сонымен екі сағаттай уақыт өтті. Екі ғашықтың құштар көңілі суып, мауқы басылайын деді. Д'Артаньян сияқты, есінен адасып қалатындай болып құлай берілмеген миледи, тірлік қамына бірінші болып қайтып келді және келісімен жас жігіттен: келесі күні граф де Вардты сайысқа шақыру үшін бір дәлелді желеу ойлап таптыңыз ба, деп сұрады.
Бірақ бұ кезде Д'Артаньянның ойы басқа арнамен ағып жатқан, ол есуас кісі сияқты, бар дүниені ұмытқан еді, сол себепті де ол қазір уақыт тіпті кеш болып қалды, шпагамен жекпе-жекке шығуды ойлауға мұрсат бар ма, деп әзіл қашырды.
Миледидің көкейінен кетпей қойған осы бір жәйтке жігіт немқұрайлы қарағасын миледи одан шошып кетті де, енді сұрауды тіке қоя бастады.
Дәл қазірге дейін осы бір кісі ақылына сыймайтын сайысты елеп-ескеріп, есіне алмаған д'Артаньян әңгімені басқа тақырыпқа аударғысы келді, бірақ оған әл-дәрмені жетпеді.
Миледидің тұрлаулы ақылы мен тегеурінді ерік-жігері әңгімені күн ілгері белгілеген шеңберден шығармай қойды.
Д'Артаньян тақа болмағасын, сол де Вардты қайтесіз, қатал ойыңыздан қайтып, оның күнәсін кешіріңіз, деді оспақтап.
Бірақ оның әуелгі сөздерін есітіп болмай жатып-ақ жас әйел дір етіп, жігіттен үркіп жылжып кетті.
— Сіз осы қорқып жатқан жоқсыз ба, сүйкімді д'Артаньян? — деді әйел кекетіп, оның шаңқылдаған ащы даусы қараңғыда тым ерсі естілді.
— Солай деп ойлаудың өзіне қалай дәтіңіз барды, қымбаттым! — деді д'Артаньян. — Егер сол бір граф де Вард байғұс сіз ойлағаннан гөрі кінәсіз болып шықса қайтеміз?
— Кінәлі ме, кінәсіз бе, ол мені әйтеуір бір алдап кетті, ендеше ол өлуге тиіс! — деді миледи қатуланып.
— Егер сіз оған осылай жаза кессеңіз, ол ендеше өлсін! — деді Д`Артаньян қатал дауыспен, бұл дауыс миледиге өзіне құлдық ұрған кісінің дауысы болып естілді.
Сол мезет әйел оған қайтадан жабыса кетті.
Миледиге түн ұзақ болып көрінді ме, әлде қысқа болып көрінді ме, — ол жағын біз білмейміз, ал д'Артаньянға түн әйелмен екі-ақ сағат бірге жатқандай, болып көрінді де, терезе жапқыштың саңылауынан ағарып таң атты, ұзамай таң жарығы жатын бөлмені бозамық сәулеге малындырды.
Сосын Д'Артаньянның кеткелі жатқанын көріп, миледи оған мен үшін де Вардтан кек аламын деген уәдеңізді ұмытпассыз деді.
— Мен оған әзірмін, бірақ әуелі бір нәрсеге көзімді жеткізгім келеді, — деді д'Артаньян.
— Ол не? — деді миледи.
— Ол — сіз мені шынымен сүйесіз бе деген сөз.
— Мен оған сіздің көзіңізді жеткізген сияқтымын.
— Иә, жаныммен де, тәніммен де мен де сіздікімін.
— Рахмет, батырым. Өзіңізді жақсы көретінімді қалай дәлелдесем, сіз де мені жақсы көретініңізді солай дәлелдейсіз ғой?
— Әлбетте, — деді д'Артаньян. — Өзіңіз айтқандай, мені шыннан жақсы көрсеңіз, зәредей де болса мені бірдеңеге ұшырап қалады деп қорықпайсыз ба?
— Неден қорқуым керек сонда?
— Неден дейсіз бе? Ауыр жараланып қалуым мүмкін, бәлкім, тіпті өліп те кетермін.
— Олай болуы мүмкін емес, сіз ержүрек батырсыз, сайыстың айтулы шеберісіз, — деді миледи.
— Айтыңызшы, кегіңізді тап осылай етіп қайтаратын, бірақ мына жекпе-жекті қажет етпейтін басқа бір айланы артық көрмейсіз бе?
Миледи көңілдесіне үнсіз қарап тұрып қалды: атар таңның ай жарығы оның сұрқай көзіне өзгеше бір зұлымдық ұшқынын шашқандай болды.
— Маған сіз шынымен-ақ тайсақтап тұрғандай көрінесіз, — деді ол.
— Жоқ, тайсалмаймын, бірақ сіз сол бір сорлы графқа суығалы бері, несін жасырайын, мен оны аяйтын болдым, меніңше, сіздің махаббаттан айрылудың өзі әрбір еркек үшін ауыр жаза, сол себепті оны жазалап жатудың тіпті де қажеті жоқ.
— Мен оны сүйді деп сізге кім айтты? — деді миледи шұқшия.
— Қалай болған күнде де, сізге қазір басқа біреуді сүйесіз деп айтсам, оным өзімшіл өр көкіректік бола қоймас деп ойлаймын, — деді жас жігіт еркелеген нәзік үнмен, — және қайталап айтайын, графқа жаным ашиды.
— Сіздің бе?
— Иә, менің.
— Жұрт емес, неге сіздің жаныңыз ашиды?
— Өйткені оның...
— Не дейсіз?
— ...сіздің алдыңызда тіпті де кінәсіз екенін немесе дәлірек айтқанда, сіз ойлағаннан гөрі кінәсіз болғанын тек мен ғана анық білемін.
— Түсіндіріңіз... — деді миледи шүбәлі үнмен. — Түсіндіріңіз, өйткені шын сырым, мен сіздің не айтайын деп тұрғаныңызды ұқпадым.
Әйел өзін құшақтап жатқан д'Артаньянға қарағанда көзі от шашқандай болды.
— Мен — ұяты бар кісімін, — деді д'Артаньян, осы істі біржолата тындырмақ болып, сіздің махаббатыңызға ие болғалы бері, соған шын көңілден сенгелі бері... сіздің махаббатыңызға сенуіме болады ғой, солай емес пе?
— Иә, иә, әрине... Айта бер?
— Ендеше, мен қуанғаннан төбем көкке тигендей болып жүр,бірақ менің сізге айта алмай жүрген бір ауыр сырым бар, Ол қандай сыр?
— Егер сіздің махаббатыңызға күмән келтірсем, оны айтпас та едім, бірақ сіз мені сүйесіз ғой, аяулы ғашығым? Сіздің мені сүйетініңіз рас қой, әйтеуір?
— Әрине сүйемін.
Олай болса, маған мынаны айтыңызшы: егер сізді жанымдай жақсы көргендіктен де, алдыңызға әлденеден айыпты болып қалсам, кінәмді кешірер ме едіңіз?
— Мүмкін, кешірермін.
Д'Артаньян ернін миледидің ерніне жақындатқысы келіп еді, әйел оны кеудесінен итеріп жіберді.
— Сыр дейсіз бе... — деді ол өңі қуарып. — Ол қандай сыр?
— Бейсенбі күні сіз осы бөлмеде граф де Вардпен кездестіңіз ғой, солай емес пе?
— Менің бөлмемде ме? Жоқ, ондай ештеңе де болған жоқ, — деді миледи өңі сол ешбір өзгеріссіз, бедірейген күйі әрбір сөзін нығарлай сөйлеп, егер д'Артаньян бұны кәміл білмесе, оған күмән келтірер еді.
— Менің әсем періштем, өтірік айтпай-ақ қой, одан бәрібір пайда жоқ, — деді жігіт күлімсіреп.
— Мұныңыз не осы? Айтыңызшы тезірек! Сіз мені өлтірерсіз!
— О, сабыр етіңіз, менің алдымда сіздің ешбір кінәңіз жоқ, мен сізді кешіргенмін.
— Сосын не болды, одан әрі не болды?
— Де Вардтың мақтанатын ешбір жөні жоқ.
— Неге? Әнебір сақина жәйін сіз маған өзіңіз айттыңыз ғой...
— Аяулым менің, ол сақина менде. Сізде бейсенбі күні қонақ болған граф де Вард пен бүгінгі д'Артаньян — екеуі бір адам,
Аңқау бозбала бұл аң-таң қалып ұялар, сосын аздап долданар да көзін бір сығып алып басылар деп ойлаған, бірақ ол қатты қателесіпті, жігіттің адасуы көпке созылмады.
Миледи аруақтай аппақ болып, кісінің зәресін алатын кейіппен, жатқан жерінен сәл көтеріліп, д'Артаньянды әлуетті қолымен итеріп тастап, төсектен қарғып түсті.
Айнала жап-жарық еді.
Жалынып кешірім сұрамақшы болып, д'Артаньян оны жұқа бәтестен тігілген пеньюарынан ұстап еді, ол тыжырынып бір жұлқынып қалды. Әйел бар күшімен бір бұлқынғанда бәтес дар етіп, жыртылып кетті, оның иығы жалаңаш қалды, сол замат келіншектің ақ борықтай жұмыр иығының біреуінен д'Артаньян, төбе шашы тік тұрып, ләлек гүлдің таңбасын — жендеттің қорлаушы қолымен басылған қарғыс таңбасын көрді
— Жарылқаушы жан ием-ай! — деді ол үрейленіп, пеньюардан қолын жазып жіберіп.
Сосын ол тұла бойы түршігіп, селт етпестен төсек үстінде үн-түнсіз сілейіп отырып қалды.
Бірақ д`Артаньянның жаны түршігіп кеткенінен миледи өзінің әшкереленіп қалғанын сезді; жігіттің мұның таңбасын көргені күмәнсіз. Енді ол миледидің тірі жан білмейтін құпиясын, қорқынышты құпиясын біліп қойды.
Ол жігітке долданған әйел ретінде емес, жаралы барыстай болып жалт бұрылды.
— Оңбаған! — деді миледи. — Маған жасаған опасыздығыңды былай қойғанда, сен менің құпиямды біліп алдың! Енді өлесің!
Ол туалет үстінде тұрған ою-бедерлі шағын қобдишаға жүгіріп барып, оны дірілдеген қолымен ашып тастап, ішінен алтын сапты қылпылдаған бір кішкене қанжарды алып, кейін қарай жартылай жалаңаш тұрған д'Артаньянға тұра ұмтылды.
Жас жігіттің жаужүрек батыр екені бәрімізге мәлім ғой, бірақ әйелдің әлем-тапырық болып кеткен жүзінен, үлкейіп зәрленіп кеткен көзінің қарашығынан, қуарған өңі мен қан-қызыл ернінен шошып кетті; ол өзіне қарай бір әбжылан жылжып келе жатқандай, қабырғаға шегіне берді; сол кезде оның тершіген қолына шпагасы іліне кетті, жігіт оны дереу қынабынан суырып алды.
Бірақ кезеулі шпагаға қарамастан, жігітке қанжар салу үшін миледи керуетке шықпақшы болды, бірақ шпага төсін тесіп бара жатқасын тоқтады.
Бұдан кейін шпаганы қолымен ұстай алуға тырысты, бірақ д'Артаньян сүңгісін жалақтатып, бірде оны әйелдің көзіне, бірде төсіне тақап, шегіндіріп, абайлап жылжып, еденге түсті, сосын жанталасып, Кэттидің бөлмесіне кіретін есікке қарай шегіне бастады.
Ал, миледи болса хайуан сияқты арсылдап, жігітке құтырына атылып-атылып түседі.
Бұның өзі бірте-бірте жекпе-жек сайысқа ұқсап кетті де, д'Артаньян есін жинайын деді.
— Жарайсың, сұлуым! Жарайсың! Бірақ, құдай үшін, сабаңызға түсіңізші, әйтпесе сіздің ана жылтыраған бетіңізге екінші гүлдің таңбасын саламын! — деді ол әйелді әжуалап.
— Сұмырай! Сұмырай! — деді миледи ырылдап.
Есікке қарай шегініп бара жатып та, д'Артаньян қаруын кезеп қорғануын қоймады.
Әйел мұны қуалап жүріп, орындықтарды құлатты, жігіт одан қашып жүріп, құлаған орындықтарды қалқан етті, бұлардың тарста-тұрс у-шуын естіген Кэтти есікті аша қойды. Бағанадан бері осы есікке жету үшін шыр көбелек айналып жүрген д'Артаньян, сол сәтте одан үш-ақ қадамдай жерде тұрған еді. Ол миледидің бөлмесінен күтушінің бөлмесіне бір-ақ секіріп өтті де, жай оғындай жылдамдықпен есікті жауып, Кэтти ілмек салғанша, оны денесімен баса қойды.
Солақ екен, миледи өзінің жатын бөлмесін күтушінің бөлмесінен бөліп тұрған қоршауды сындырмақ болды, бұл пәлекеттің бойына керемет күш қалай сыйып жүрген! Бұл қолынан келгесін қанжарымен есікті соққылай бастады, сонда оның кейбір соққысы тақтайды тесіп өтіп жатты.
Қанжарды салған сайын ол жігітті қарғай берді, қарғай берді.
— Тез, тездет, Кэтти! — деді д'Артаньян күбірлеп, есіктің ілмегі салынғасын. — Менің үйден шығуыма көмектес. Егер біз ол есін жинағанша қарап тұрсақ, қызметшілеріне мені өлтір деп әмір етеді.
— Ойбай-ау, сіз мына сиқыңызбен қалай жүресіз? Тіпті тыр жалаңаш тұрсыз ғой, — деді Кэтти.
— Иә, иә, оның рас, — деп д'Артаньян, жартылай жалаңаш тұрғанын енді байқап. — Мені бірдеңе етіп киіндір, тек тезірек қимылдашы. Түсінсең, мен өмір мен өлімнің арасында тұрмын...
Кэтти оның жәйін жақсы-ақ түсініп тұр: көзді ашып-жұмғанша оған гүлді әйел көйлегін кигізіп, басына кең капорды қондырып, иығына шекпен жапты, сосын жалаң аяғына бір туфли беріп, басқышпен төмен қарай жетелей жөнелді. Бұлар уақытында кетіп үлгерді, миледи дереу қонырау қағып, бүкіл үйді дүрліктірді. Қақпашы есікті аша берген сәтте, жартылай жалаңаш миледи терезеден мойнын созып: Жібермеңдер! — деп айқайлады.
VIII
ЕШБІР ӘУРЕ-САРСАҢҒА ТҮСПЕЙ АТОС ЖОРЫҚ ЖАБДЫҒЫН ҚАЛАЙ ТАПТЫ
Жас жігіт қашып кетсе де, әйел оның соңынан қолын ербеңдеп, бажылдап дөң айбат шегіп қала берді. Ол көзден біржола таса болған кезде, миледи есінен танып қалды.
Д'Артаньянның есі шығып кеткені сонша, Кэтти байғұстың әл-ахуалы қандай болады деп ойлап жатпай, күллі Париждың ең жартысынан жүгіріп өтіп, Атостың есігінің алдына келгенде бірақ тоқтады. Жаны түршігіп күйзелу, ізінен қалмаған үрей, кейбір жерде мұны қуалай түсіп қалып қойған әскери күзетшілердің айқайы,таң сәріден өз шаруаларына бара жатқан сирек өткіншілердің қиқуы — осының бәрі жігітті қамшылап, ышқынтып жүгірте берген.
Ол ауладан өтіп, үшінші қабатқа көтерілді де, Атостың есігін тарсылдатып қаға бастады. Ұйқыдан көзі ісініп кеткен Гримо есік ашты. Д'Артаньянның ішке атып кіргені сондай, қызметшіні қағып құлатып кете жаздады.
Әншейінде мылқау кісідей үндемейтін байғұсқа осы жолы тіл бітті:
— Әй, сен! Саған не керек өзі, ұятсыз жүзіқара? Өңмендеп қайда барасың, сайқал? — деді ол айқайлап.
Д'Артаньян басындағы капорын бір жағына қисайтып, жамылғыдан қолын шығарды. Мұның мұртын, жалаң шпагасын көргеннен кейін, Гримо байғұс алдындағы кісінің еркек екенін білді. Бірақ қапелімде оны қанішер ұры екен деп ойлап қалды.
— Ойбай, мында келіңдер! Құтқарыңдар! Жәрдем беріңдер! деді ол бажылдап.
— Үніңді өшір, ақымақ! Мен — д'Артаньянмын. Сен мені шынымен-ақ танымай қалдың ба? Қожаң қайда? — деді жас жігіт бастырмалатып.
— Сіз — д'Артаньян мырзасыз ба? Мүмкін емес! — деді Гримі дауыстап.
— Гримо, сіз немене сөйлеп кеттіңіз бе... — деді халат киген Атос, жатын бөлмесінен шығып келе жатып.
— Бірақ, сударь, гәп мынада...
— Өшір үніңді!
Гримо үндемей қалды, тек мырзасына д'Артаньянды мегзей көрсетті де қойды.
Атос жолдасын бірден таныды, өзінің салқын қанды салмақтылығына қарамастан қарқылдап күліп жіберді, мына маскарад костюміне: шалқайта киген капор, етегі еденді сызған көйлек, түрлі жең мен үрейлі бетіндегі тікірейген мұрт — міне, осының бәріне қарап тұрып күлмей қалудың өзі қиын еді.
— Күлмеңіз, досым, — деді д'Артаньян дауыстап, — құдай үшін, күлмеңізші, өйткені шын сырымды айтсам, бұл жерде күлетін ештеңе де жоқ!
Оның бұл сөзді салмақпен, үрейленіп тұрып айтқаны сондай, Атостың күлкісі күрт үзілді.
— Түріңіз қашып кетіпті, досым... Жараланып қалған жоқсың ба? — деді Атос оны қолынан ұстай алып.
— Жоқ, бірақ әлгіде ғана бір сұмдыққа тап болып қалғаным, Сіз жалғызбысыз, Атос?
— Шайтан алсын, осындай кезде кім болушы еді!
— Ендеше жақсы болды.
Сосын д'Артаньян дереу Атостың жатын бөлмесіне кіріп кетті.
Кәне, айтыңыз! — деді Атос есікті жауып, өздеріне ешкім бөгет болмас үшін оның ілгегін де салып жатып, — немене, король қайтыс болған жоқ па? Сіз кардиналды өлтіріп кеткен жоқсыз ба? Түрің қашып кетіпті! Тезірек айтыңызшы, естігенше шыдамай өліп барамын.
Атос, ел құлағы естімеген, кісі ақылына сыймайтын бір оқиғаны тыңдауға әзірленіңіз, — деді д'Артаньян, әйел көйлегін сыпырып тастап, ішкі жейдесімен қалғасын.
Әуелі мына халатты киіңіз, — деді мушкетер.
Д'Артаньян өрепкіген көңілін әлі баса алмаған екен, халатты кигенде біразға дейін оның жеңін таба алмай әбігерге түсті.
Хош, сонымен? — деді Атос.
— Сонымен... иә, соңымен, миледидің иығына ләлек гүлдің таңбасы басылған, — деді күбірлеп д'Артаньян Атостың құлағына аузын тақап барып.
— Ах! — деді мушкетер, оқ дәл жүрегіне барып тигендей-ақ. Шыныңызды айтыңызшы, әлгі бір әйелдің өлгеніне көзіңіз анық жете ме? — деді д'Артаньян.
— Ол әлгі әйел ме? — Атос мұны жай ғана қайталап сұрады, д'Артаньян оны әзер есітті.
— Ия, сол әйел, сіз ол туралы маған бірде Амьенде әңгіме айтқансыз.
— Атос аһлап, басын төмен салды.
— Бұл әйел жиырма алты жиырма жетілер шамасында, — деді д'Артаньян сөзін жалғап.
— Шашы ақсары ма? — деді Атос.
— Иә.
Сұрқай, өзгеше сұрқайлау келген көгілдір көзді, қою қара кірпікті, қара қасты әйел ме?
— Иә.
— Ұзын бойлы, сымбатты ма? Сол жағында бір тісі түсіп қалған ғой?
— Иә.
— Ләлек гүлдің таңбасы кішкене ғана жирен түсті, әр түрлі амал-жасап, өшірмек болған, ә?
— Иә.
— Бірақ сіз оны ағылшын әйелі деп едіңіз ғой?
— Жұрттың бәрі оны миледи деп атайды, бірақ оның француз болуы да ықтимал. Лорд Винтер — оның күйеуінің інісі екен.
— Д'Артаньян, мен оны көргім келеді!
— Сақтаныңыз, Атос, сақтаныңыз: сіз оны өлтірмек болғансыз! Бұл соны алдыңызға келтіре алатын әйел және сілтегені мүлт кетпейді.
Ол ләм деп аузын да аша алмайды, әйтпесе, кінәсі белгілі болып қалады.
Бұл әйел ештеңеден тайынбайды! Сіз оның долданып ашуланғанын көрдіңіз бе?
— Жоқ.
— Ол — жолбарыстың қаншығы, пантера! Ах, сүйікті Атос,сорлатқанда сол әйел енді екеумізден де кек ала ма деп қорқамын...
Д'Артаньян сөйтіп басынан өткен хикаяны: миледидің ашу-ызадан жынданып кете жаздағанын, оны өлтірмек болғанын жыр етіп айтып берді.
Сіз дұрыс айтасыз, жан-иманым кәміл, мен өз өмірімді соқыр тиынға да тұрмайды деп есептеймін, — деді Атос. — Сәті түссе, біз арғы күні Парижден кетеміз, бізді, шамасы, Ла-Рошельге жіберетін болуға тиіс, ал, біз аттанып кеткесін...
— Егер ол сізді танып қойса, Атос, ол сайқал ізіңізге түсіп, жер шетіне дейін барудан тайынбайды. Мейлі, оның қаһары маған-ақ түсе берсін.
— Е, досым, ол мені өлтіргеннен дүние бүлініп кетер дейсіз бе!
Сіз мені шынымен-ақ өмірін қастерлеп жүр деп ойлайсыз ба? — деді Атос жабығып.
— Осының бәрінде бір сұмдық тылсым сыр бар... Білесіз бе, Атос, сол әйел — кардиналдың шпионы, оған ақиқат көзім жетеді.
Ендеше, сақтаныңыз. Егер кардинал сіздің Лондондағы хикаяңызға тәнті болып райдан қайтпаса, мына әйел үшін өшігетіні анық. Алайда ол сізді ашықтан-ашық айыптайын десе, қолында дәлелі жоқ, бірақ, өшпенділікті, әсіресе ол кардиналдың өшпенділігі болса, оны іште көп сақтауға болмайды, олай болса, сақтаныңыз. Енді үйден шыққанда жалғыз шықпаңыз; ауқат-астан да сақтаныңыз — қысқасын айтқанда, ешкімге, тіпті көлеңкеңізге де сенбеңіз.
— Бақытымызға қарай, біз тек арғы күнге дейін шыдасақ болмай ма, олай дейтінім, әскерде тек жау солдаттары болмаса, басқа ешкімнен қауіптенбесек те болады, — деді д'Артаньян.
— Ал, әзірге, — деді Атос, — мен өзімнің үйкүшік болам деген сертімнен тайып, қайда барсаңыз да сізбен бірге жүремін. Сіздің Көр қазушылар көшесіне қайтуыңыз керек, мен сізбен бірге барамын.
— Бірақ біздің үй осы арадан қанша жақын болғанымен, мына түріммен бара алмаймын, — деді д'Артаньян.
— Ол рас, — деді Атос, сосын қоңырау қақты.
Гримо келіп кірді.
Атос қолымен ымдап, д'Артаньянның үйіне барып, киім-кешегін әкел, — деп әмір етті. Гримо да оған: бәрін де жақсы түсіндім, деп кетіп қалды.
— Солай, сүйікті дос! — деді Атос. — Бірақ осы оқиғаның бәрі бізге жорық жабдығын дайындауға себін тигізбейді ғой, өйткені егер мен қателеспесем, сіздің күллі киім-кешегіңіз миледидің үйін де қалып қойды, ал, о сайқал оны қайтарып жіберудің қамын жасар деймісіз. Жолымыз болғанда, сіздің сапфиріңіз бар.
— Сапфир — сіздікі, сүйікті Атос! Оны сіздің әулеттің мұра сақинасы деп өзіңіз айтқансыз.
— Иә, менің әкем оны екі мың экюге сатып алған, бір кезде мұны маған сол кісінің өзі айтқан болатын. Осы сақина — әкемнің шешеме тарту еткен той сыйлығының бір жиһазы, кереметтей сақина! Шешем оны маған сыйлаған, ал, мен — есуас болғандықтан оны қасиеттеп сақтаудың орнына, ана мекер қатынға сыйладым...
— Олай болса, қымбаттым, мына сақинаны алыңыз: оның сізге қастерлі зат екенін білемін.
— Қылмысты арам қолдан шыққаннан кейін, оны енді қайтып алады дейсіз бе! Ешқашанда алмаймын! Бұл сақина былғанған, д'Артаньян!
— Ендеше оны сатып жіберіңіз.
— Шешемнен алған сапфирді сатып маған не көрініпті. Meн оны аруақ аттау деп білемін.
— Ендеше оны аманатқа қалдырыңыз, сонда оған сөз жоқ мың экюдей аласыз. Ол ақша сіздің бар мұқтажыңызды өтейді, ал кейін, жүре келе бірінші түскен ақшаға оны қайта сатып аласыз, сосын ол өзіңізге бұрынғы кір-қоңысынан тазарып келеді, өйткені ростовщиктердің қолынан өтеді ғой.
Атос күлімсіреп қойды.
Сіз — тамаша жолдассыз, сүйікті д'Артаньян, — деді ол. — Ақжарқын жайдары көңіліңізбен ұнжырғасы түсіп, сары уайымға салынған сорлылардың рухын көтересіз. Келістік! Осы сақинаны аманатқа өткізсек — өткізейік. Бірақ менің бір шартым бар.
— Қандай шарт?
— Бес жүз экюді — сіз, бес жүзін — мен аламын.
— Сізге не болған, Атос! Маған ол ақшаның ширегінің де қажеті жоқ — мен гвардия қатарындамын. Ер-тұрманымды сатсам — керек ақшаны табамын. Маған не керек? Планшеге ат керек, сонымен шаруа тамам. Мұның үстіне сіз менде де сақина бар екенін ұмытып отырсыз.
Оны сіз менен де бетер қастерлейсіз. Маған әйтеуір солай көрінеді.
Иә, өйткені қатты тарығып қалған кезімізде ол бізді ауыр жағдайдан құтқарып қана қоймайды, тіпті басқа төнген қауіптен де арашалап қалса керек-ті. Ол тек қымбат алмас қана емес — сиқырлы бойтұмар да.
— Мен сіздің айтқаныңызға түсінген жоқпын, бірақ сізге сенемін. Хош, сонымен менің сақинамның, дұрысы — сіздің сақинаңыздың жәйіна келелік. Сіз — оған беретін ақшаның жартысын аламын, әйтпесе, мен оны Сенаға тастаймын. Бірақ елгезек бір балық табылып, сол ақшаны, ертеде Поликратқа әкеліп бергеніндей, бізге де әкеліп береді деп ойламаймын.
— Мақұл онда, келістік! — деді д'Артаньян.
Сол сәтте Гримо, оған еріп Планше келді, мырзасы кешіккеніне көңілі алаң болып және оған не болғанын көзімен көргісі келген дәйекші қолайлы сәтті пайдаланып, киімді өзі әкеліпті.
Д'Артаньян тез киінді. Атос та одан қалыспады. Екі дос әзірленіп болғаннан кейін, Атос Гримоға бірдеңені көздегендей белгі берді. Гримо қабырғадан ілулі мушкетті алып, мырзасымен бірге жүрмек болды.
Олар аман-есен Көр қазушылар көшесіне келіп жетті. Есік алдына Бонасье тұр екен. Ол д'Артаньянға мысқылдай бір қарап қойды.
— Асығыңыз, сүйікті пәтершім, сізді бір сұлу қыз күтіп отыр, ал, әйелдер, өзіңіз білесіз, күттіріп қойғанды ұнатпайды, — деді ол н жымысқыланып.
Ол Кэтти ғой! — деп д'Артаньян жоғарыға қарай тұра жүріп.
Шынында да өз бөлмесінің алдындағы алаңнан Кэттиді көріп сорлы қыз дір-дір етіп, есікке сүйеніп тұр екен.
— Сіз мені қорғаймын, ана әйелдің қаһарынан құтқарамын деп уәде бергенсіз. Есіңізде ме, мені құртқан сізсіз! —деді Кэтти шыр-шыр етіп.
— Әрине, әрине! Қам жеме, Кэтти. Кәне, мен кеткеннен кейін не болды? — деді д'Артаньян оны жұбатып.
— Соны менің өзім де білмеймін, — деді Кэтти. — Ол айқайлап бажылдап жатқасын малайлар жиналып қалды, миледи ызаға булығып, жынданып кете жаздады. Сізге айтпаған қарғысы жоқ. Сол арада тұрып: сіздің оған менің бөлмем арқылы кіргеніңізді есіне түсіріп, мені сіздің сыбайласыңыз деп ойлап қалар деп қашып қорқып кеттім. Сосын бар ақшамды, дүние-мүлкімнің тәуір-тәуірін алдымдағы, тайып тұрдым.
— Байғұс, бала! Енді сені қайтсем екен? Арғы күні жүргелі жатырмын.
— Қалауыңыз білсін, д'Артаньян мырза! Менің Парижден кетуіме көмектесіңіз, Франциядан кетуіме көмектесіңіз...
— Қарғам-ау, мен сені өзіммен бірге Ла-Рошельді қамауға алып кете алмаймын ғой! — деді д'Артаньян.
— Әрине, алып кете алмайсыз, бірақ сіз алып уәлаяттардың бір жеріне, ата мекеніңіздегі таныс ханымдардың біріне орналастыруыңызға болар еді...
— Сүйікті Кэтти, менің елімде бибілер күтушілер ұстамайды. Айтпақшы, тұра тұр, қазір реттейміз... Планше, Арамисті шақырып келші. Қазір осында келсін. Біздің онымен сөйлесуіміз керек.
— Түсінікті, — деді Атос. — Бірақ Портоспен неге сөйлеспедік! Меніңше, оның, маркизасы...
— Портостың маркизасы күйеуінің хатшыларының көмегімен киінеді, — деді д'Артаньян күліп. — Ал, біздің Кэттидің Аюлы көшесінде тұрғысы келмейді... Кэтти, рас айттым ба?
— Мені жақсылап тұрып жасырсаңыздар, қайда екенімді құдайдың тірі жаны білмесе, маған бәрібір, кез келген жерде тұра беремін, — деді Кэтти.
— Кэтти, біз екеуміз айрылысқалы тұрмыз, енді мұнан былай мені қызғанбайсың ғой...
— Д'Артаньян мырза, қайда жүрсем де, мен сені өле-өлгенше сүйіп өтемін! — деді Кэтти.
— Шайтан алсын, тұрақтылықтың қоныс тепкен жерін қарашы! — деді Атос күбірлеп.
— Мен де... — деді жігіт, — мен де сені мәңгі сүйіп өтемін, қам жеме. Бірақ менің мынадай бір сұрағыма жауап берші, ол маған аса қажет: бір кезде түнде ұрланып әкетілген жас әйел жайлы бір хабар естіген жоқсын ба?
— Тұра тұрыңызшы... О, тоба, сіз әлі сол әйелді де сүйесіз бе?
— Жоқ, оны менің достарымның біреуі жақсы көреді. Иә, ол міне, мына Атос.
— Мен бе?! — деді Атос, тап бір жыланды басып кеткен кісідей шошынып.
— Әрине сен! — деді д'Артаньян Атостың қолын қысып. — Бәріңіздің байғұс Бонасье бикені іздеуге қатысып жүргенімізді жақсы білесің. Бірақ Кэтти оны ешкімге де айтпайды... Солай ма Кэтти? Білесің бе, сүйіктім, — деді д'Атаньян сөзін жалғап, — жаңа осында келе жатқанда есік алдынан бір кеспірсіз кісіні көрген шығарсың, бике соның әйелі.
— О, тоба! Сіз оны менің есіме жақсы салдыңыз-ау. Мен одан қорқамын. Ол мені тек танымаса болғаны!
— Танымаса дегенің қалай? Немене, сен оны бұрын көріп пе едің?
— Ол екі рет миледиге келген.
— Солай ма! Қашан келіп еді?
— Осыдан екі — екі жарым апта бұрын.
— Ия, иә, өзі де солай болған.
Ол кеше кешкілік тағы келіп кеткен-ді.
— Кеше кешкілік?
— Иә, сізден сәл ғана бұрын кеткен.
— Сүйікті Атос, біз шпиондар торымен қоршалыппыз!.. Кэтти, сонда ол сені таныды деп ойлайсың ба?
— Мен әлгіде оны көрісімен, капорды төмен түсіре қойдым, бірақ байқап қалды ғой деймін.
— Атос, төмен түсініңізші, маған қарағанда ол сізге біраз сенетін сияқты — ол әлі есік алдында тұр ма екен, қарай қойыңызшы.
Атос төменге түсіп, тез қайтып келді.
— Өзі жоқ, есігі құлыптаулы, — деді ол.
Ол күллі көгершін бір ұяда деп айтуға кеткен болды.
— Ендеше бәріміз ұшып кетелік те, осында Планшені қалдыралық, ол кейін бізге не болғанын хабарлайды, — деді Атос.
— Бір минут кідірелік! Арамисті қайтеміз? Біз оған кісі жібердік қой. Ол рас, Арамисті тосайық.
Сол мезетте Арамис келіп кірді.
Арамиске болған оқиғаны түгел айтып шыққаннан кейін, оның дәрежелі таныстарының біреуінен Кэттиге орын тауып берудің өте қажет болып тұрғанын түсіндірді.
Арамис бір сәт ойланып қалды да, сосын қызарып кетіп:
— Д'Артаньян, осы көмек сізге шынымен-ақ қажет пе? — деп сұрады.
— Өмір бойы өзіңізге разы болып өтемін.
— Ендеше, де Буа-Траси ханым менен өзінің уәлаяттың бір жерінде тұратын көңілдес бір құрбысы сенімді кәнизак тауып беруін өтініп еді, егер сіз, д'Артаньян, бұл бикеге кепілдік берсеңіз...
— О сударь! — деді Кэтти дауыстап. — Менің Парижден кетуіме жағдай жасаған ханымға жан-тәнімен адал қызмет істеймін, маған сенуіңізге болады.
— Олай болса, бәрі реттеледі, — деді Арамис.
Ол столға отырып, хат жазып, оны сақинасымен бастырып желімдеп, Кэттиге берді.
— Ал, енді сүйіктім, — деді д'Артаньян, — бұл жерде қалудың бізге де, саған да қауіпті екенін өзің де білесің, сол себепті де қазір ажырасуымыз керек. Біз сенімен заманның бір жақсы кезінде кездесерміз.
— Есіңізде болсын, біз екеуміз қайда, қашан кездессек те, сізді тап қазір қалай сүйсем, солай сүйетін боламын, — деді Кэтти.
— Құмар ойыншының анты, — деді Атос, д'Артаньян Кэттиді шығарып салмақ болып басқышқа шығып кеткесін.
Күндізгі төрт кезінде Атостың үйінде кездеспек болып, пәтер күзетін Планшеге тапсырып, біздің үш жігітіміз енді бір үш минут өткен шамада жөн-жөніне тарасты.
Арамис үйіне қайтты да, Атос пен д'Артаньян сапфирді аманатқа өткізбек болып көшеге шықты.
Біздің гасконымыз шамалағандай-ақ, олар сақинаны аманатқа қалдырып, үш жүз пистоль ақша алды. Бұған қоса, ростовщик: егер сіздер осы сақинаны маған басыбайлы сататын болсаңыздар, мен оған бес жүз пистоль төлеуге әзірмін, өйткені бұ сақина мендегі бір сырғамен кереметтей үйлеседі екен деді.
Атос пен д'Артаньян, қанша айтқанмен, өз ісін жете білетін пысық солдаттар емес пе — мушкетерге, керекті жорық жабдығын алуға небәрі үш-ақ сағат жұмсады. Оның үстіне Атос аса кеңпейіл, көнбіс жан еді. Егер бір зат оған ұнай қалса, ол саудаласып жатпай, сұраған ақшасын бере салатын. Д'Артаньян оның бұл мінезіне ескерту жасамақ болып оқталып көріп еді, Атос жымиып бір күлді де, оның иығына қолын салды, д'Артаньян сол арада тұрып: егер гасконның кедей ақсүйегі маған саудаласу жарасса да, өзін ханзададан кем көрмейтін адамға ол тіпті де жараспайды ғой деген түйінге келді.
Мушкетер Андалузияның алты жастағы, «қой мойынды, қоян жақ, қоймай шабар тік аяқ» бір мойыл қара арғымағын тауып алды. Ол оны айналдыра қарап, ешбір мін таба алмады. Оған мың ливр сұрады. Бәлкім, мушкетер оны арзанға да түсіре алатын еді, бірақ, д'Артаньян алып сатармен саудаға ерегісіп жатқанда, Атос жүз пистольді санап тастай салды.
Гримоға арналып Пикардияның жатаған келген бір мықты жабысы үш жүз ливрге сатып алынды.
Сонымен, Атос әлгі атқа ер-тұрман мен Гримоға қару-жарақ сатып алғанда, жүз елу пистоль ақшасынан көк тиын да қалмады. Д'Артаньян көңілдес досына: менің үлесіме тиген ақшадан алыңыз, кейін бірдеңе етіп бересіз, деп көріп еді. Атос бұған шығып бір қушитты да қойды.
— Әлгі ростовщик сапфирді біржолата сатып алғанда қанша ақша бермекші болып еді? — деді ол.
— Бес жүз пистоль.
— Яғни екі жүз пистоль артық береді, Оның жүз пистолі сізге, жүзі — маған. Досым-ау, ол тұтас бір байлық емес пе! Дереу ростойщикке барыңыз.
— Қалай? Сіз немене...
— Қайтесіз, д'Артаньян, ол сақина есіме қайдағы бір мұңлы жәйіттерді түсіреді. Ал, оны қайта сатып алатын үш жүз пистоль енді біздің қолымызға ешқашанда түспейді, демек, біз бұл істен екі мың ливрды текке жоғалтқалы тұрмыз. Сіз оған сақина — сонікі екенін айттыңыздағы, екі жүз пистольді алып қайтып келіңіз.
— Атос, жақсылап бір ойланыңызшы!
— Біздің заманда қолдағы ақша ғана қадірлі және керек кезінде құрбандыққа да барған дұрыс. Барыңыз, д'Артаньян, барыңыз! Гримо мушкетін алып, сізбен бірге жүреді..
Арада жарты сағат өткеннен кейін, жолай ешбір хикаяға ұрынбай, екі мың ливрді алып, д'Артаньян да қайтып келді.
Ойламаған жерден Атос шаруасын реттеуге қажет ақшаны осылай тапқан еді.
IX
ЕЛЕС
Сонымен күндізгі сағат төртте достар Атостың үйінде бас қосты. жорық жабдығының қамынан құтылған еді, енді әрқайсысының жүзінен көптің көкейінде жүрген зәру бір қам-харакеттері нышан беріп отырған, өйткені бақыт-қуаныштың әрбір сәтінде болашақ дүрбелеңнің ізі жатады ғой.
Кенет д'Артаньянға бағышталған екі хатты алып, Планше кіріп келді.
Хаттың біреуі — ұзынша келген, әсем де шағын конвертке салынып, жасыл балауызбен жапсырылып, үстіне әдемі мөр басылыпты, о.да жасыл бұтақты тістеп алған көгершін бейнеленіпті.
Екінші хат төрт бұрышты да үлкен екен, оның бетіне жоғары мәртебелі герцог-кардиналын, айбарлы гербі былшита басылыпты.
Кішкене хатты көргенде Д'Артаньянның жүрегі қуанғаннан лүпілдеп кетті: жігіт жазуды таныған сияқты. Рас, ол бұл жазуды бір-ақ рет көрген, дегенмен жүрегінде жатталып қалыпты.
Сонымен, ол кішкене хатты алып, асығыс аша бастады.
«Алдағы сәрсенбіде, — делініпті хатта, — кешкі сағат алты мен жетінің арасында Шайоға баратын жол үстінде серуендеп жүргейсіз, сонда өтіп жатқан күймелердің ішіне байыптап қарарсыз. Бірақ егер сіз өз өміріңіз бен өзіңізді жақсы көретін кісілердің өмірін қастерлейтін болсаңыз, өзіңізді бір сәт қана көру үшін жанын шүберекке түйген әйелді танығаныңызды сездіретін бірде-бір қимыл-әрекет жасамаңыз, ләм деп сөз айтпаңыз».
Хатты жазған кісінің қолы жоқ екен.
— Бұл — құрылған тор, д'Артаньян. Онда бармаңыз, — деді Атос.
— Бірақ мен мына жазуды танитын сияқтымын, — деді д'Артаньян оған.
— Бәлкім, оны соған ұқсатып әдейі жазған шығар. Жылдың бұл уақытында, кешкі сағат алты-жетілердің кезінде, Шайоға баратын жолда тірі жан болмайды. Бұл — Бонди орманына серуенге барғанмен бірдей, — деді Атос сөзін жалғап.
— Ал, біз о жаққа бірге барсақ қайтеді? — деп ұсыныс жасады д'Артаньян. — Не шайтан екен өзі! Қосшыларымызбен, ат-көлігімізбен, қару-жарағымызбен төртеумізді бірден жұтып қоймас!
— Оның үстіне жорық жабдығымызды жұртқа көрсетіп қайтуға да қолайлы, — деді Портос.
Егер бұл хатты жазған әйел болса және өзі сырт көзге көрінгісі келмесе, онда сіз, д'Артаньян, оның абыройына шәк келтіресіз. Осыны бір ойлаңызшы! Ол дворянинге ерсі қылық болмақ, — деді Арамис.
— Біз кейін қаламыз да, күймеге д'Артаньянның өзі таяп барады, — деді Портос.
— Солай екені рас, бірақ зулап бара жатқан күймеден пистолетпен атып кету оңай.
— Пәле! — деді д'Артаньян. — Оқ жанап өтеді. Ал, біз күймені қуып жетеміз де, ішіндегі кісілерін түгелдей жайрата саламыз. Сөйтіп дұшпандарымыздың санын азайтамыз.
— Осының сөзі дұрыс. Мен сайыс жағындамын. Біз қаруымызды бір сынап көруіміз керек қой! — деді Портос.
— Мақұл бір рахаттанып қалайық! — деді Арамис өзінің әдеттегі байқам даусымен.
— Еркіңіз білсін, — деді Атос.
— Мырзалар, — деді д'Артаньян, — қазір сағат төрт жарым болды, сағат алтыға дейін біз Шайо жолына әзер жетеміз.
— Ал, кеш аттансақ, бізді ешкім де көре алмайды, әрине кісіге одан өткен өкініш бола ма. Кәне, ендеше жолға дереу әзірленелік, мырзалар, — деді Портос.
— Ay, сіз екінші хатты ұмытып кеттіңіз, — деді Атос. — Сыртындағы мөріне қарағанда, меніңше ол ашып көруге тұрарлық хат тәрізді. Шынымды айтайын, сүйікті д'Артаньян, өзіңіз соншама елжіреп тұрып қойныңызға тығып алған әлгі бір шатпақтан гөрі, мына хат мені қатты алаңдатып отыр.
Д'Артаньян қызарақтап қалды.
— Жарайды, мырзалар, ендеше ашып көрелік, жоғары мәртебелі тақсырдың менде не шаруасы бар екен, — деді жас жігіт.
Д'Артанья хатты ашып оқып шықты:
Король гвардиясы Дезэссар ротасынан д'Артаньян мырза бүгін кешкі сағат сегізге кардиналдық сарайына шақырылады.
Ла УДИНЬЕР, гвардия капитаны».
Шайтан алсын! — деді Атос бәсең, — мына кездесу ана екіншіңнен қауіптірек.
Мен бірінші кездесуден кейін екіншісіне барамын. Біреуі сағат жетіге екіншісі сегізге белгіленген. Уақыт екеуіне де жетеді — деді д'Артаньян.
— һім... Мен болсам бармас едім, — деді Арамис. — Сыпайы жігіт әйел жүздесуге шақырғанда бармай қала алмайды, ал, ақылды да сақ дворянин, егер ол: осы мені қайбір жақсы көргеннен шақырып отыр дейсің, деп шүбәланса болды, жоғары мәртебелі тақсырға бармай қалатындай бір дәлел табады ғой.
— Мен Арамисті құптаймын, — деді Портос.
— Мырзалар, — деді д'Артаньян, — мен бұдан бұрын да де Кавуа мырза арқылы мәртебелі тақсырдан осындай бір шақырту-хат алған едім. Мен оны елемей қойып едім, соның ертеңіне үлкен бақытсыздыққа ұшырадым: Констанция жоғалып кетті. Не болса о болсын, барамын.
— Егер сондай бір берік шешімге келсеңіз — барыңыз, — деді Атос.
— Бастилияны қайтесің? — деді Арамис.
— Сол да сөз болып па! Сіздер мені одан шығарып аласыздар — деді д'Артаньян.
— Әлбетте! — деп жауап қатты Арамис пен Портос, өз күштеріне кәміл сенетін кісідейін және соның өзі оп-оңай іс сияқты, бұл екеуі сөзді батыл айтты. — Әлбетте, біз сені одан бірден суырып аламыз, бірақ біз арғы күні аттанатын кісілерміз, сол себепті де сіздің әзірше Бастилияға түспей тұра тұрғаныңыз жөн болар еді.
— Ендеше былай етелік, — деді Атос. — Бүгін кешкілік біз оны жалғыз қалдырмайық, ал, жігітіміз кардиналдың сарайына барып кірген кезде, әрқайсымыз соңымызға үш-үш мушкетерден ертіп, шығатын есіктерді аңдыйық. Егер іш жақтан күдікті бір жабық арба шықты дегенше оған шабуыл жасайық. Біз осы көптен бері кардиналдың гвардияшыларымен шекіспей кетіп едік, бәлкім, де Тревиль мырза бізді өліп қалды деп ойлап жүрген шығар!
— Бәрекелде, Атос, сіз қолбасшы болу үшін туғансыз. Мырзалар бұл жоспарға сіздер не айтасыздар? — деді Арамис.
— Керемет жоспар! — деді жас жігіттер қосылып.
— Сонымен, — деді Портос, — мен қазір жүгіріп казармаға барамын да, жігіттерді кешкі сағат сегізге әзір тұрыңдар деп ескертемін. Кездесетін жеріміз — кардинал сарайының алдындағы алаң деймін. Ал, сіздер оған дейін қызметшілерге аттарды ерттете беріңіздер.
— Менің әлі көлігім жоқ, — деді д'Артаньян. — Ал бірақ де Тревиль мырзадан ат сұратып кісі жібере аламын.
— Сұратпай-ақ қойыңыз, оданда менің бір атымды алыңыз, — деді Арамис.
— Атыңыз сонша көп пе еді? — деді д'Артаньян.
— Үшеу, — деді Арамис күлімсіреп.
— Қымбаттым, сіз Франция мен Наварраның күллі ақындарынан да атқа бай екеніңізге көзім жетеді, — деді Атос.
Тыңдаңызшы, сүйікті Арамис, үш атпен не істейтініңізді шамасы, өзіңіз де білмейтін болуыңыз керек. Мен сіздің үш атымды бірден сатып алғаныңызға түсінбей отырмын.
— Гәп мынада, үшінші атты маған бүгін ертеңгісін ливрейсіз бір монах әкеліп берді, ол кімнің қызметшісі екенін айтқысы келмеді, тек мырзамның әмірімен...
— ...немесе ханшасының әмірімен, — деді д'Артаньян оның сөзін бұзып.
— Мәселе онда емес, — деді Арамис қызарып. — Ол ханшасынан менің қорама атты жеткізіп бер, бірақ кім жібергенін айтпа деген бұйрық алыпты.
— Жоқ, мұндай керемет тек ақындардың басында ғана болады! — деді Атос салмақпен.
— Олай болса істі басқаша шешелік, — деді д'Артаньян. — Өзіңіз жолға қай атпен шығасыз? Сатып алған атыңызбен шығасыз ба, әлде сыйлыққа келген атыңызбен шығасыз ба?
— Әрине, сыйлыққа алған атыммен шығамын. Д'Артаньян, өзіңіз де білесіз, мен оны қорлай алмаймын...
— ...бейтаныс сыйлаушыны ма, — деді д'Артаньян сөзді бақтап.
— Яки сый иесі — бейтаныс әйелді ме, — деді Атос оның сөзім түзетіп.
— Сонда сатып алған атыңыз өзіңізге керек болмай қалғаны ма?
— Солай десем де болады.
— Оны өзіңіз таңдап алып па едіңіз?
— Таңдағанда қандай! Өзіңізге мәлім, иесінің қауіпсіздігі әман да астындағы атына-байланысты!
— Ендеше оны маған өзіңіз алған бағасына сатыңыз.
— Мен оны сізге өзім-ақ ал деп айтпақшы едім, ол топырышты кейін, қалаған кезіңізде қайтарарсыз.
— Ол сізге қаншаға түсті?
— Сегіз жүз ливрге.
— Сүйікті дос, міне сіздің қырық қос пистоліңіз, — деді д'Артаньян қалтасынан ақшаны алып жатып. — Сіздің поэмаларыңыз тап осындай теңгелермен ақы төлейтінін кәміл білемін.
— Сіз сонша байсыз ба? — деді Арамис аң-таң қалып.
— Баймын, Крездей баймын, қымбаттым!
Д'Артаньян оны дәлелдеу үшін қалтасында қалған ақшасын бір сылдыратып қойды.
— Ер-тұрманыңызды мушкетер казармасына беріп жіберіңіз, сосын атыңызды басқалармен бірге әкеліп береді.
— Жақсы. Япырмау, сағат бес болып қалыпты, асықпасақ болмайды.
Арада ширек сағат өткен шамада Феру көшесінің шетінен тамаша испан азбанын мінген Портос көрінді. Оның соңында, астында әп-әсем оверн аты бар Мушкетон келе жатты. Портос қуаныш пен тәкаппарлықтан жаралғандай еді.
Онымен бір мезетте көшенің екінші шетінен ағылшын арғымағын ойнақтатып Арамис шыға келді. Оған ілесе руан атын мініп, векленбург тұқымдас көшелі бір сәйгүлікті жетелеп, Базен бой көрсетті; оның жетегіндегі Д'Артаньянның аты еді.
Екі мушкетер есіктің алдына келіп аттарынан түсті; Атос пен д'Артаньиян оларға терезеден қарап тұрды.
— Шайтан атсын! Атыңыз қандай керемет еді, сүйікті Портос - деді Арамис.
— деді Портос, —бұл маған әуелден-ақ жіберілуге тиісті ат еді. Күйеуінің оспадарсыз ойын-қалжыңынан мұны басқа атпен ауыстырады, дегенмен, ақырында күйеу сазайын тартты да, бәрі менің көңілімдегідей болып шықты.
Ұзамай Планше, онымен бірге қожасының атын жетелеп Гримо да жетті. Д'Артаньян мен Атос үйден шығып, атарына қонды, сөйтіп шарт жолдас топтасып алып жолға шықты: астарындағы аттары үшін — Атос бұрынғы әйеліне, Арамис — көңілдесіне, прокуроршасына, ал д'Артаньян болса, көңілдестердің бәріненде артық — киелі сәтке қарыздар болатын.
Қызметшілері бұлардың соңынан бүлкілдеп келе жатты.
Портостың болжағанындай, бұл жасақ көрген жұртқа қатты әсер етті, егер Кокнар бәйбіше испан айғырының үстінде төредей болып отырған көңілдесін көрсе, күйеуінің ақшалы сандығын біраз ойсыратқанына мүлде өкінбес те еді.
Луврға жақындағанда төрт дос Сен-Жерменнен қайтып келе жатқан де Тревиль мырзамен кездесті; бұлардың ғажайып жол жабдығын тамашалап, қарау үшін ол мушкетерлерді әдейі аялдатты сол-ақ екен, бұлардың төңірегіне қаймана халық топырласып жиналып қалды.
Д'Артаньян осы бір сәтті пайдаланып, де Тревиль мырзаға үлкен қызыл мөр, герцогтың гербісі басылған бір хат алғанын айтып әрине, екінші хат туралы оның ләм демегені өзінен-өзі белгілі.
Де Тревиль мырза бұлардың өзара келісіп алған шешімін қуаттады да, егер д'Артаньян ертең оның қабылдауына келмей қалатын болса, онда жас жігітті қайдан болса да табу жолын қарастырамын деп уәде берді.
Сол сәтте Самарит әйел көпірінің үстіндегі сағат алтыны соқты. Бір шұғыл шаруамыз бар еді деп достар де Тревиль мырзамен қоштасты.
Аттарының басын еркін жіберіп, шапқан күйі олар Шайоға баратын жолдан келіп шықты. Күн батып, ымырт үйіріле бастады, күймелер әрлі-берлі өтіп жатыр. Достары сәл кейінірек тұрып, д'Артаньянды күзетке алды, ол өткен-кеткен күйме ішіне қанша үңіліп қараса да, таныс жанды көре алмады.
Ақырында, ымырт әбден үйірілген шақта, бұлар он бес минут өткеннен кейін, Севр жақта бір күйме заулатып тез жақындай берді. Мұны көргісі келген әйелдің дәл осы күйме ішінде екен д'Артаньян бірден сезгендей болды және табанда жүрегінің тулай жөнелгенін біліп, жас жігіт бұған кәдімгідей таңданып қалды Тап сол мезетте күйме терезесінен басын шығарып, бір әйелдің жүзі көрінді: ернін басқан қос саусағы оған үндеме деп тұрғандай немесе сүйдім деп бара жатқандай. Д'Артаньянның қуанғаннан даусы жай ғана шығып кетті: ол әйел яғни оның елесі (өйткені күйме жай оғындай жалт етіп өте шықты ғой) Бонасье бике еді.
Хатта айтылған ескертпеге қарамастан, д'Артаньян еркінен тыс атқа тақым басып, дереу қуып жетті, бірақ не пайда, терезе пердесі жабылып қалған екен. Елес қас қағымда жоқ болды.
Д'Артаньян тек сонда ғана хаттың сақтандырған сөздерін есіне алды: «...егер сіз өз өміріңіз бен өзіңізді жақсы көретін кісілерді өмірін қастерлейтін болсаңыз... бірде-бір қимыл-әрекет жасамаңыз... ештеңені көрмеген сыңай танытыңыз».
Ол өзі үшін емес, әйел үшін іші қан жылап, атының басын тартты: мені бір рет көремін деп ол басын зор қауіпке ақиқат байлады ғой деп ойлады.
Д'Артаньян не істерін өзі де білмей бір орында есеңгіреп тұрып қалды. Егер ол шынымен Бонасье бике болса және Парижге қайтып бара жатса, осы бір қас қағымдай кездесу, сәл де болса бір көру, ишара сүйіс неге қажет болды екен? Егер ол бике болмаса — олай да болуы да ғажап емес, өйткені қызыл іңірде қателесу oп-оңай — иә, егер ол бике болмаса, онда бұл жігіттің өзіне қарсы құрылған амал-айланың басы емес пе екен, ал, мұның дұшпандары сол үшін өзі жақсы көретін (осы махаббатын ол ешкімнен де жасырмаған) әйелді жем етіп тастап отырған жоқ па екен?
Серіктері желдіртіп Д'Артаньянның қасына келді. Олардың үшеуі де күйменің терезесінен бір әйелдің басын шығарып қарағанын анық көріпті, бірақ үшеуінің Атостан өзгесі Бонасье бикені танымаушы еді. Атостың пікірінше, ол — сол бикенің тап өзі, бірақ ол д'Артаньян сияқты, әйелдің әсем жүзіне байыптап қарамаған, сол себепті де күйме түкпірінен екінші біреудің қарасын — еркектің қарасын көрген.
— Олай болса, — деді д'Артаньян, — дұшпандары оны бір түрмеден екінші түрмеге алып бара жатқаны. Бірақ олар бұл бейбаққа не істемекші? Енді мен онымен кездесе алам ба, жоқ па?
— Досым, — деді Атос байсалды қалыппен, — есіңізде болсын, бұл дүниеде тек өлі кісімен кездесе алмайсың. Сіз бенен біз ол жөнінен бірдеңені білеміз, солай емес пе? Ендеше, егер сіздің ғашығыңыз өліп қалмаса, егер біз әлгіде күйме ішінен ақиқат сол бикені көрсек, онда ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күні оны тауып аласыз. Бәлкім... — деді өзіне тән әдетімен тұнжырай сөйлеп, — бәлкім ол өзіңіздің ойлағаныңыздан да тезірек болып қалар.
Сағат жеті жарымды соқты, күйме хатта жазылған уақытынан жиырма минуттей кешігіп өтті. Достары әлі тағы бір жерге баратынын д'Артаньянның есіне салды және бармаймын десеңіз әлі де кеш емес, дегенді ескертіп қойды.
Бірақ д'Артаньян әрі қайсар, әрі білмекке құмар елгезек жан-ды. Ол кардинал сарайына барып, жоғары мәртебелі тақсырдың өзіне не айтатынын білуді алдына мақсат етіп қойыпты. Ол қасарысып, алған бетінен мүлде қайтқысы келмеді.
Бұлар Сент-Оноре көшесіне келсе, кардинал сарайының алдындағы алаңнан, бағана өздері шақыртқан он екі мушкетерді көрді, олар жолдастарын күтіп қыдырып жүр екен. Істің мән-жәйін оларға осы арада ғана түсіндірді.
Кароль мушкетерлерінің даңқты полкінде д'Артаньян әбден әйгілі болып алған-ды; жүре келе оның полктен өз орнын алатынын жұрттың бәрі білетін, сол себепті де оған күні бұрын жан жолдас ретінде қарайтын. Шақырылған іске әрқайсысының шын ықыласпен қатысуға келісімін бергені де, міне, содан еді; мұның үстіне әңгіме кардинал мен оның нөкерлерін бір сүріндіру жөнінде болып отыр, ал, бұл қадірменді дворяниндер мұндай іске келгенде әманда жанып түседі.
Атос оларды үш отрядқа бөліп, біреуін өз басшылығына алды, екіншісін — Арамистің, үшіншісін — Портостың қарамағына берді. Сосын үш отряд сарайға таяу жерде, әрқайсысы өз алдына шығатын есікті аңдып отыра берді. Ал, д'Артаньянға келсек, ол именбей үлкен есіктен барып кірді.
Жас жігіт достарының демеп-жебейтінін сезсе де, кең басқышпен көтеріліп келе жатқанда көңілі қобалжулы еді. Оның миледиге жасағаны опасыз сатқындыққа көбірек ұқсайды, бірақ ол сол әйелді кардиналмен байланыстыратын саяси сипаттағы бір қарым-қатынас барына шек келтірмейді; мұның үстіне әлгі өзі мықтап жазасын берген де Вард мәртебелі тақсырдың сыбайластарының бірі болатын; ал, жоғары мәртебелі тақсыр жауларын қалай жек көрсе оған қарама-қарсы достарын жанындай жақсы көретін.
Егер де Вард кардиналға екеуміздің шекісіп қалғанымызды айтқан болса, әрине, оның айтқанына күмән жоқ және ол менің кім екенімді біліп қойса, онда мен өзімді жазаға баяғыда кесіліп қойдым деп есептеуіме болады, — деп ойлады д'Артаньян басын шайқап. — Бірақ кардиналдың оны бүгінгі күнге дейін тосып келгенінің себебі неде? Иә, себебі бесенеден белгілі — миледи өзіне жақсы жарасатын кейіппен, мұңая-көлгірсіп отырып, кардиналға менің үстімнен шағынған, сосын соңғы қылмыс оның шыдамын тауысқан.
«Бақытыма қарай, қайырымды достарым өзімді төменде тосып тұр, — деп ойлады д'Артаньян, — олар мені құтқарып алу үшін әрекет етпей тұрып, қамауға жіберттірмейді. Дегенмен де Тревиль Мирза мушкетерлерінің бір ротасы күллі Францияның әскері қолында тұрған кардиналмен жападан-жалғыз шайқаса алмайды. Кардиналдың алдында королева — дәрменсіз де, король — еріксіз іс жігерсіз. Д'Артаньян, досым менің, сен ержүрек батырсың, жақсы қасиеттерің толып жатыр, бірақ түптің түбінде сені әйелдер құртады!»
Ауызғы бөлмеге келіп, дәйекшіге хатты берген кездегі, оның қалың ойының қайғылы қорытындысы, міне, осындай-тын. Дәйекші оны қабылдау залына ертіп әкеліп, сарайдың түкпір жағына қарай кетіп қалды.
Қабылдау залында кардиналдың бес-алты гвардияшысы тұр екен. Мұның Жюссакты жаралағанын жақсы білетін гвардияшылар, д'Артаньянды көрісімен, бұған бір-бір қарасып, бір түрлі табалап күлгендей болды.
Бұл күлкі д'Артаньянға жаман ырым сияқты болып көрінді; бірақ біздің гасконды қорқыту оңай емес-ті, өзі шыққан уәлаят тұрғындарына тән өзімшіл, өр көкірек қасиетінің арқасында ол, ішінде не болып жатқанын, әсіресе сол сезім қорқынышқа ұқсайтын бірдеңе болса, соны өзге жұртқа білдірмеуге тырысатын, ол гвардияшы мырзалардың жанынан тәкаппар басын биік ұстап, кекірейіп өте шықты да, әлдекімді күткендей, белін таянып, айбынданып тұрып қалды.
Қызметші қайтып келіп, д'Артаньянға еріңіз дегендей ишара-ым жасады. Жас жігітке артында тұрған гвардияшылар өзара сыбырласып жатқандай болып көрінді.
Ол бір дәлізді жанай, үлкен залдан өтіп, кітапханаға келіп кірді де, жазу столының қасында бірдеңені жазып отырған бір кісінің үстінен түсті.
Қызметші оны кіргізді де, бірде-бір сөз айтпай, үнсіз шығып кетті. Д'Артаньян жәйімен алдындағы кісіге көз жүгіртіп қарай бастады
Әуелде ол алдындағы кісі белгісіз бір істі оқып, зерттеп отырған сот қызметкері ме деп ойлап қалды, бірақ ұзамай, стол басында отырған кісі бірдеңені жазып, дәлірек айтқанда, жолының ұзындығы әр түрлі бір нәрсені, буындарын саусағымен санап, жөндеп отыр екен. Ол алдындағы кісінің ақын екенін білді. Енді бір минуттен кейін ақын қолжазбасын жауып, басын көтерді; қолжазба мұқабасының сыртына «Мирам, бес актілі трагедия» деп жазылған екен.
Д'Артаньян кардиналды тани қойды.
X
АЙБАРЛЫ АРУАҚ
Кардинал шынтағымен қолжазбасын басып, қолымен иегін сүйеп, жас жігітке бір минуттей қадала қарап қалды. Құдайдың тірі жанында кардинал Ришельенің көзіндей өткір де сыншы көз жоқ шығар, д'Артаньян арқасын аяз қарып өткендей, дір ете түсті. Бірақ ол сыртқа сыр бермеді де, қашан жоғары мәртебелі тақсыр өзіне арнап тіл қатамын дегенше онша аспай да таспай және жасып жасқанып та кетпей, қалпағын қолына ұстаған күйі жайбарақат тұра берді.
— Сударь, Беарннан келген д'Артаньян сізсіз бе? — деді оған кардинал.
— Ия шарапатты мырза, — деді жас жігіт.
Тарба мен оның маңайында д'Артаньян тұқымының бірнеше тармағы бар. Сіз соның қайсысына жатасыз? — деді кардинал.
— Мен ұлы ағзамның әкесі, ұлы король Генрихпен бірге дін жолындағы соғыстарға қатысқан Д'Артаньянның баласымын.
— Ия-ия, тап солай! Осыдан жеті-сегіз айдай бұрын ата мекенін тастап астанадан бақыт іздеп келген жігіт мына сіз екенсіз ғой!
— Ия, шарапатты мырза.
— Сіз Менгтің үстімен өттіңіз, сол жерде бір оқиғаға тап болдыңыз...соның, не екенін анық білмеймін... әйтеуір, бір оқиға...
— Шарапатты мырза, — деді д'Артаньян, — менің басымнан өткен оқиға...
— Айтпай-ақ қойыңыз, қажет емес, — деді кардинал күлімсіреп, оның бұл күлкісі: ол оқиғаны мен сізден кем білмеймін, деп тұрғандай еді. —Сіздің жаныңызда де Тревиль мырзаға жазылған аманат хат болған, солай ма?
— Ия, шарапатты мырза, бірақ Менгтегі сол бір қайғылы қақтығыс кезінде...
... хат жоғалып кеткен, — деді кардинал сөзді жалғап. — Иә, мен оны білемін. Бірақ жұрттың қандай адам екенін түріне бір-ақ қарағаннан білетін қырағы физиономист де Тревиль мырза сізді өзінің күйеу баласы Дезэссардың ротасына орналастырып, жүре келе мушкетерлер қатарына түсесіз деп үміттендіріп қойды.
— Сіз бәрінен де хабардар екенсіз, шарапатты мырза, — деді Артаньян.
— Содан бері сіздің басыңыздан талай-талай хикаялар өтті. Сіз мүлде басқа жерде болуға тиіс күні Картезиан монастырының сыртында серуендеп жүрдіңіз. Сосын дос-жарандарыңыз бен бірге Форждың шипалы суына сапар шектіңіз. Олар жолда кешеуілдеп қалды да, ал сіз болсаңыз, әрі қарай жүріп кеттіңіз. Ол әбден түсінікті еді — сіздің Англияда біраз шаруаңыз болды.
— Шарапатты мырза ,— деді абыржып сасып қалған д'Артаньиян, - менің онда барғаным...
— Виндзорға аңшылыққа бардыңыз ба, әлде басқа бір жерге бардыңыз ба — онда ешкімнің де жұмысы жоқ. Менің оны білетін себебім, қызметімнің өзі күллі жәй-жағдаятты біліп отыруға міндеттейді. Ол жақтан қайтып келісімен сізді ұлағатты бір жан қабылдады, ол кісінің сыйлығын қастерлеп сақтап жүргеніңіз маған қатты ұнайды...
Д'Артаньян королева сыйлаған жүзігіне шап беріп, оның асыл тасын ішіне төңкере салды, бірақ амал қанша, оны кешігіп барып жасап еді.
— Осы оқиғадан кейін, келесі күні сізге Кавуа мырза барып..,сарайға келуіңізді өтінді, — деді кардинал сөзін сабақтап. — Сіз оның шақырғанына келмей, қате жасадыңыз.
— Шарапатты мырза, сіздің жоғары мәртебелі тақсыр, қырыңызға алынып қалдым ба деп қатты қорықтым.
— Не үшін, сударь? Бастығыңыздың тапсырмасын асқан ерлікпен өте шебер орындап қайтқаныңыз үшін бе? Егер сіздің орныңызда өзге кісі болса, оны осылай орындай алмас еді ғой. Сіз жұрттың қырына алынып қалдым деп ығып жүрсіз, ал, шынында мақтауға ғана лайықты жігітсіз! Мен сіз сияқты қылша мойны талша болып... әмірге жанын сала... бағынатын кісілерді емес, бағынбайтын бас асауларды жазалаймын. Мұның дәлелі ретінде өзіңізді шақыртып кісі жіберген күнді есіңізге алыңызшы, сосын сол күні кешке болған оқиғаны көз алдыңызға елестетіңізші...
Бонасье бике тап сол кеште ұрланған еді.
Д'Артаньянның тұла бойы мұздап сала берді: ол осыдан жарты сағат бұрын өзінің қасынан ағып өте шыққан сорлы әйелдің жәйін ойлады, сөз жоқ оны айдап бара жатқан да сол баяғы өзін жоқ қылатын мылқау күш қой.
— Хош, сонымен, — деді кардинал сөзін жалғап, — біраз уақыттан бері өзіңіз жәйлі ешбір хабар естілмегеннен кейін, не істеп жүргеніңізді білейін деп едім. Реті келгенде айтайын, сіз маған бір себептен разы болуға да тиістісіз; өйткені небір қиын қилы-қилы жағдайларда сізге аяушылық білдіріп, аман қалдырып жүргенімді өзіңіз де байқаған боларсыз.
Д'Артаньян оны құрметтеп, иіліп тәжім етті.
— Оған себеп болған, қара қылды қақ жаратын әділет сезімі ғана емес, сонымен бірге сіз жәйлі менің көкейімде жүрген өзгеше бір ойым бар...
Д'Артаньян таң қалған үстіне таң қала берді.
— Сол ойымды сізге бірінші шақыртқан күні айтайын деп едім, бірақ сіз келмедіңіз. Сәтіне қарай, кешіккеніңіз ешбір нәрсеге кесірін тигізбеді, енді сол ойымды бүгін естисіз. Д'Артаньян мырза, мына жерге, маған қарама-қарсы отырыңыз! Сіз аса дегдар дворянинсіз, сол себепті менің сөзімді түрегеп тұрып тыңдамай-ақ қойыңыз.
Сосын кардинал жас жігітке орындықты мезгеп көрсетті. Бірақ Д'Артаньянның осы оқиғаға аң-таң қалып, есі шығып кеткені сонша, сөйлесіп отырған кісі әлгі сөзін екінші рет қайталады.
— Сіз ержүрек жігітсіз, — деді кардинал сөзін сабақтап, — оған қоса ақылды да сақ адамсыз, мұныңыз тіпті жақсы қасиет. Мен өзім ақылды да ізгі жүректі жігіттерді жақсы көремін. Қорықпай-ақ қойыңыз, — деді ол жымиып, — ізгі жүректі деп мен ер жігіттерді айтамын. Алайда, уыз жастығыңызға, өмір табалдырығын енді-енді' аттағаныңызға қарамастан, аса құдіретті жауларыңыз бар, егер абай болып жүрмесеңіз, олар көзіңізді жояды!
— Иә, шарапатты мырза, дұрыс айтасыз, — деді жас жігіт, — өкінгеннен не пайда, олар оны оп-оңай-ақ жүзеге асыра алады, өйткені күш солардың жағында және оларды қолдайтын құдіретті кісі бар, ал, мен болсам, салт атты, сабау қамшылы адаммын.
— Оныңыз рас, бірақ сіз қанша жалғыз болғаныңызбен, қазірдің өзінде көп істі тындырып тастадыңыз, әлі де талай нәрсені жасайсыз, оған мен тіпті де шүбәланбаймын. Бірақ, менің байқауымша сіздің өзіңізге өзіңіз қалап алған кездейсоқ кесірі мол, қиын жолда мына сізге бір қамқоршы басшылық жасап отыруы керек, оған ділгерсіз, олай дейтінім, егер мен қателеспесем, сіз Парижге бақ-мансап қуалап келгенсіз ғой.
— Менің жасым, шарапатты мырза, есер үміт-сенімнің жасы емес пе, — деді д'Артаньян.
— Есуастық үміт-сенімді ақымақтарға ғана берелік, сударь, сіз ақылды адамсыз. Мына сөзге құлақ салыңызшы, менің гвардиямдағы лейтенант шеніне, соғыс біткесін ротаны басқаруға қалай қарайсыз?
О, шарапатты мырза!
— Сіз мұны қабылдайсыз ғой, солай ма?
— Шарапатты мырза... — д'Артаньян ұялып күмілжіп қалды.
— Сіз қалай, бас тартасыз ба? — деді кардинал таңырқай дауыстап.
Шарапатты мырза, мен ұлы ағзамның гвардиясына тіркелгенмін және оған наразы болатындай ешбір себеп-дәлелім жоқ.
— Бірақ менің ойымша, — деді кардинал бұған, — менің гвардинашыларым, ала-құласы жоқ, ұлы ағзамның да гвардияшылары, француз әскерінің қай бөлімінде қызмет етсеңіз де, сіз бәрі бір корольге қызмет етесіз.
— Сіз менің сөзімді жаңсақ түсіндіңіз, шарапатты мырза.
— Сізге желеу керек қой, солай ма? Түсінемін. Расында да ондай желеуіңіз бар. Жоғарылату, енді-енді басталатын соғыс науқаны, өзіңізге үлкен басыммен ұсынып отырған қолайлы жағдай — басқаларды қайдам, мына сізге аса қажет — сонда сенімді қорғаныңыз болады, өйткені, д'Артаньян мырза, маған сіздің үстіңізден өте бір ауыр шағым түскенін біліп қойғаныңыз артық болмас; сіз күн-түніңізді түгелдей король қызметіне бағыштамайтын көрінесіз.
Д'Артаньян қызарып кетті.
— Мына жерде, — деді кардинал қолымен бір буда қағазды бір басып, — сізге қатысы бар бір көлемді іс жатыр, бірақ соны оқымай тұрып, мен әуелі өзіңізбен сөйлесіп алмақ болдым. Сіз жүрек жұтты адамсыз, егер тиісті жолға бағыттап отырса, қызмет өзіңізге зиянның орнына зор пайда тигізер еді. Кәне, ендеше жақсылап ойланыңыз-дағы, тәуекелге бел байлаңыз.
— Сіздің қайырымдылығыңыздан ұялып тұрмын, шарапатты мырза, —деді д'Артаньян, — және кең пейілді жомарт жаныңыздың алдында, жоғары мәртебелі тақсыр, өзімді қыбырлаған құрт-құмырсқа дәрежесінде ғана сезініп тұрған жайым бар, егер сіз, шарапатты мырза, маған өзіңізбен ашықтан-ашық сөйлесуге рұқсат етсеңіз... — Д'Артаньян сөзін үзіп, тоқтап қалды.
— Сөйлеңіз.
— Мақұл! Ендеше, жоғары мәртебелі тақсыр, мен сізге имандай шынымды айтайын, менің күллі дос-жарандарым корольдің мушкетерлері мен гвардияшыларының арасында, ал, дұшпандарым, тағдырдың түсініксіз бір тәлкегі ме қайдам, әйтеуір, жоғары мәртебелі тақсыр, сізге қызмет етеді, егер, шарапатты мырза, сіздің ұсынысыңызды қабылдасам, мені осы арадағы жұрттың өзі жақтырмай, жирене қарсы алар еді, ал, ана жақтағылар да жирен теріс айналар еді.
— Сіздің өзіңіз жөніндегі пікіріңіздің тым жоғарылап кеткені сонша, мені шын бағаңызды арзандатып жіберді деп ойлап қалған жоқсыз ба? — деді кардинал менсінбей бір мырс етіп.
— Шарапатты мырза, болмашы қызметіме қарағанда, сіздің қайырымыңызда шек жоқ, өзіңіздің шапағатты мархабатыңызға лайық болатындай, мен әлі сізге онша көп енбек сіңірген жоқпын деп есептеймін..; Ұзамай Лa-Рошельді қамау-қоршау басталады, шарапатты мырза. Мен жоғары мәртебелі тақсырдың көз алдында қызмет атқаратын боламын, ал, егер сол соғыс кезінде сәті түсіп, өзімнің әрекет-қимылыммен сіздің назарыңызға іліксем, онда... онда мен сіздің өзіме жасаған қамқорлығыңызды ақтайтын әйтеуір бір ерлік жасаған болып шығамын, әрине сіз көз қиығыңызды салып сондай қамқорлық жасайтын болсаңыз дегенім ғой. Әр нәрсенің өз мерзімі бар, шарапатты мырза. Бәлкім, мен болашақта өзімді сіздің құзырыңызға басыбайлы беретін правоға да ие болармын. Ал, қазір бұлай етсем — сырт көзге сізге сатылғандай болып көрінемін.
— Басқа сөзбен айтсақ, сударь, сіз маған қызмет етуден бас тартасыз ғой, — деді кардинал шытынап, бірақ мұны іштей құрметтеп қалған сыңайы танылғандай еді. — Ендеше, мақұл делік, еркін күйіңізде қала беріңіз де, кімді жақсы, кімді жек көретініңізді көңіліңізде сақтай беріңіз.
— Шарапатты мырза...
— Жетті енді, болды! — деді кардинал. — Мен сізге тіпті де ашуланбаймын, бірақ біз достарымызды қызғыштай қорғап, оларға сый-сияпат көрсетіп отырсақ, дұшпандарымызға мүлде борыштар емес екенімізді өзіңіз де түсінесіз ғой. Алайда, мен сізге бір кеңес берейін: д'Артаньян мырза, енді сақ болып жүргейсіз, өйткені менің қамқорлығымнан айрылған сәттен бастап, сіздің өміріңізді сақтау үшін ешкім де көк тиынын шығын етпейді!
— Қайтейін, тырысып көрем-дағы, шарапатты мырзам, — деп д'Артаньян қаймықпай қарсы жауап қатты.
— Кейін, жүре келе, егер сіз жазатайым бір бақытсыздыққа ұшырап қалсаңыз, — деді кардинал Ришелье әлденені меңзеп, — онда менің сізді әдейі шақыртып алғанымды, сол бір бақытсыздықты болдырмас үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанымды есіңізге аларсыз.
— Бұдан былай қандай бәлеге ұшырап қалсам да, — деді д'Артаньян қолын кеудесіне басып, иіліп ізет көрсетіп, — тап осы сәтте маған көрсеткен жақсылығыңыз үшін сізге мәңгі-бақи разы болып етемін.
— Хош, д'Артаньян мырза, әлгіде ғана айтқаныңыздай, біз енді соғыс науқанынан кейін көрісеміз. Мен сізді ұдайы бақылап жүремін... Өйткені мен де сол жақта боламын, — деді кардинал д'Артаньиянға өзі киетін көкпеңбек сауыт-сайманды мегзеп, — содан қайтып оралғасын...біз сізбенен есеп айырысамыз!
— О, шарапатты мырза, мені қасыңызды тігіп, қаһарыңызға бұдан аулақ етсеңіз! Егер менің ар-ұяты бар, оңды кісі сияқты іс-әрекет жасап жүргеніме көзіңіз кәміл жеткен болса, онда туралығын өзіңіз айтарсыз, шарапатты мырза! — деді д'Артаньян дауыстап.
— Жас жігіт, — деді Ришелье нығыз, — егер бүгінгі айтқан сөзімді тағы да бір қайталап айтатындай мүмкіндік туа қалса, онда соны сізге айтамын деп серт беремін.
Ришельенің соңғы сөзі сұмдық шүбәлі сөздер еді; бұл сөздер д'Артаньиянды тікелей айбат көрсеткеннен де қатты шошытты; өйткені бұл күн ілгері сақтан деген қатерлі кездер болатын. Хош, сонымен, кардинал оны басына төніп тұрған бір бақытсыздықтан сақтап қалғысы келген. Жас жігіт оған жауап қатпақшы болып еді, қолын менменси бір сілтеп, қабылдау уақытының біткенін білдірді.
Д'Артаньян сыртқа шықты, бірақ табалдырықтан аттай бере, ер мінезінен айнып қала жаздады; енді сәлден кейін ол кардиналға айтып барар еді, бірақ со замат Атостың сабырлы суық жүзі оның өз алдына келіп тұра қалды: егер кардиналмен ынтымақтасып өтсе, Атос оған қолын да бермес еді. Атос оны көрмей кетер еді.
Тек осы қорқыныш қана жас жігітке сабыр-сана берді — парасатты дегдар кісілердің айналасындағы адамдарға жасайтын ықпалы да күшті болады ғой.
Д'Артаньян бағана келген басқышпен төмен түсті. Қақпа алдынан ол өзін дегбірсіздене күтіп тұрған, кешіккесін қауіптене бастап Атос пен төрт мушкетерді көрді.
Д'Артаньян оларға басу айтты, ал, Планше болса: қожайыным кардинал сарайынан аман-есен құтылып шықты, енді күзететін ештеңе жоқ деп, басқа постыларды ескертпек болып, жүгіріп кетіп қалды.
Достар бас қосып Атостың пәтеріне келгеннен кейін, Арамис пен Портос осынау өзгеше жүздесудің себеп-желеуін сұрай бастады, ал, д'Артаньян болса, оларға тек Ришельенің оған лейтенант сенімімен өз гвардиясының қатарына қосылуға ұсыныс жасағанын, оның бұдан бас тартқанын ғана айтып берді.
— Әбден дұрыс жасағансыз! — деді Портос пен Арамис қосарлана дауыстап.
Атос бір қалың ойға шомып үндемей қалды. Бірақ екеуі оңаша алғанда, досына мұңая тіл қатты:
— Сіз нені істеу керек болса, соны істеп қайтыңыз, д'Артаньян, бірақ бәлкім, сіз қателескен де шығарсыз.
Д'Артаньян бір күрсінді де қойды, өйткені досының үні, сені бір үлкен бақытсыздық күтіп тұр деген өз жүрегінің тылсым үнімен үндесіп жатқан еді.
Келесі күн түгелдей жол жабдығына әзірленумен өтті; д'Артаньян де Тревиль мырзамен қоштаспақ болып кетіп қалды. Ол кезде бұлардың бәрі мушкетерлер мен гвардияшылар қысқа уақытқа ғана ажырасады, өйткені король сол күні парламент мәжілісінде болып, ертеңіне жорыққа шығады деп ойлаған-ды. Сол себепті де Тревиль мырза д'Артаньяннан менің көмегіме ділгерсіз бе деп сұраған да қойған, д'Артаньян бұған: менде қажет нәрсенің бәрі бар деп тәкаппар жауап қатқан-ды.
Түнемелікте Дезэссардың гвардиялық ротасының солдаттары де Тревиль мырзаның мушкетерлер ротасының солдаттарына келіп қосылған еді, бұлар ілгеріден өзара достасып кеткен-ді. Олар құдай қалаған сәтте және ол қолдайтын болса, тағы да кездесерміз деген үмітпен өзара қоштасып айырылысып жатты. Сол себепті де түннің мейлінше мазасыз өткені әбден түсінікті болса керек, өйткені мұндай кездері жұрт қам-көңілін бейқам бір ойын-сауықпен аңдайды ғой.
Ертеңгілік, труба даусы алғаш шығысымен-ақ, достар ажырасып кетті. Мушкетерлер де Тревиль мырзаның казармаларына, гвардияшылар — Дезэссар мырзаның казармаларына қарай түре жүгірісті, ал, екі капитан со заматта өз роталарын Луврге, король жауынгерлеріне байқау өткізіп жатқан жерге қарай алып кетті.
Король ауру кісі сияқты мұңайып тұр екен, сол себепті де оның кекірейген менмен жүзі сәл ғана жұмсарып көрінеді. Расында да кеше, парламент мәжілісі кезінде, оның безгегі ұстапты. Дегенмен ол сол күні кешке салым жорыққа шығамыз деген шешімін өзгертпейді, жұрт оны қанша азғырғанымен, бойын жайлаған аурудан ерік-жігер күшімен құтылу үшін, өз жауынгерлеріне байқау өткізбек болады.
Байқаудан кейін жорық жолына тек гвардияшылар ғана шығып кетті, өйткені мушкетерлер жолға тек корольмен бірге аттануы керекті, бұл Портостың мұздай темір құрсанып, Аюлы көшесінде бір көрініп кетуіне жағдай жасады.
Терезесінің алдынан өтіп бара жатқан кезде прокурорша үстіне су жаңа мундир киіп, сүліктей арғымақ үстінде отырған Портосты көрді. Әйелдің жігітті жақсы көретіні сондай, онымен қоштаспай қала алмады; ол Портосқа атыңнан түсіп, үйге кіре кет деген белгі берді. Портос керемет сымбатты еді: оның шпоры сылдырап, дулығасы жалтырап, шпагасы сартылдап қонышын соққылап келе жатты. Бұ жолы ол тіпті айбарлы екен, сол себепті де хатшыларға мырсылдап күлу қайда, бірден жым болды.
Мушкетерді мэтр Кокнардың бөлмесіне әкеліп кіргізді, үсті-басы су жаңа, жадыраңқы жақынын көргенде прокурордың кіп-кішкентай сұрша көзі ызалана бір жалт етті. Дегенмен көкейіндегі бір ойдан оның жаны жай тапқандай еді: жұрттың сыңайына қарағанда, жортуыл аса қатерлі болатын тәрізді, сол себепті де Портосты біреу болмаса біреу өлтірер деп үміттенді.
Портос мэтр Кокнарға бірер ауыз жылы сөз айтып, онымен қоштаса бастады; мэтр Кокнар оған сапары он болуын тіледі. Ал, Кокнар бибіге келетін болсақ, ол көзіне жас алмай тұра алмады, бірақ ешкім оның жабыққан көңілін жамандыққа жорымады, өйткені оның туған-туысқанын жанындай жақсы көретінін бәрі де білетін, сол туысқандарына бола күйеуімен қырық пышақ болып, ұдайы ұрсысып жататын.
Нағыз қоштасу Кокнар бибінің жатын бөлмесінде болды, екеуі жан алып, жан беріскендей болып айрылысты.
Ол іштен, сыртқа қарғып түсетін кісі сияқтанып, терезеден ұмтыла шығып, көңілдесін көзі жететін жерге дейін ұзатып, орамалын бұлғап қала берді. Шын махаббаттың белгісі болып табылатын осы қылыққа Портос, мұндай көрініске еті үйреніп кеткен кісі дейін, тіпті де мән бермеді, тек бұрыштан айналатын жерде қалпағын шешіп алып, қоштасу белгісіндей оны бір рет бұлғады да қойды.
Ал, Арамиске келсек, ол ұзыннан-ұзақ бір хат жазды. Кімге жазды? Оны ешкім де білмейді. Сол кеште Тур қаласына жолға шығатын Кэтти көрші бөлмеде оны күтіп отырды.
Атос испан шарабының соңғы шынысын асықпай сыздықтатып ішіп отыр. Бұл кезде д'Артаньян өз ротасымен жорық жолына шығып кеткен еді.
Сен-Антуан деген жерге жеткенде ол артына бұрылып, Бастилияға көңілдене көз тастады. Жігіт тек Бастилияға қарап тұрғандықтан ба, әйтеуір миледиді байқамады, торы ат мінген келіншек, сырт пішіні күдікті бір екі еркекке саусағын шошайтып, д'Артаньянды көрсетіп жатты; әлгі екеуі мұны анықтап көру үшін сапқа жақындап келіп, миледиге сауал қойғандай қайта қарады; әйел тап соның өзі деген белгі берді де, енді әмірін айна-қатесіз орындайтынына көзі жеткеннен кейін, атына тақымын басып, лезде ғайып болды.
Екі бейтаныс ротаның соңынан еріп, Сен-Антуанның шетіне келгенде, ливрейсіз малай тізгінінен ұстап тұрған, ерттеулі қос атқа келіп қонды.
XI
ЛА-РОШЕЛЬДІ ҚАМАУ
Лa-Рошельді қамауға алу Людовик XIII патшалық құрған кездің аса ірі саяси оқиғасы, ал, кардиналдың ең үлкен әскери әрекеті болды. Сол себепті де бұл оқиға жайлы бірер сөз айту өте қызғылықты және аса қажет те; мұның үстіне бұл қоршаудың кейбір жәй -жағдаяты біз әңгіме етіп отырған оқиғалармен тығыз байланысып кеткені сондай, оны үнсіз қалдыруға тіпті де болмайды.
Кардиналдың осы қоршауды жүзеге асырғандағы алдына қойған саяси мақсаты әжептәуір еді. Біз ең әуелі сол мақсаттарды суреттелік, содан кейін оның жеке басының мақсат-мүдделеріне көшеміз, өйткені қара басының қамы жоғары мәртебелі тақсырға саяси мақсаттарынан артық болмаса, кем әсер етпеген болатын.
Гугеноттарға бекіністі мекен-жай ретінде Генрих IV берген үлкен қалалардың ішінен енді олардың қолында қалған жалғыз қала — осы Лa-Рошель еді. Демек, кальвинизмнің осынау соңғы тірегін, халықтың ашу-ызамен сыртқы соғыстар ұрығын сеуіп, өсіріп жатқан қатерлі топырақты біржолата құртпақ керек.
Наразы испандар, ағылшындар, итальяндар, әр алуан ұлттардың алаяқ сұмдары, әр түрлі діни сектарларға жататын, қызметтен қалған әскери адамдар ұран шықса-ақ болды, протестанттардың туы астынан табылатын, сөйтіп кең көлемде бірлік құрып, оның бұтақтары тарамдалып өсіп, күллі Европаны қамтуға айналған-ды.
Сонымен, кальвинистерге қарайтын басқа қалалар құлағаннан кейін, Ла-Рошель басы піспес, қырық пышақ жанжалдың, мансапшыл, даңққұмар жандардың ошағына айналды. Бұл бұл ма, Ла-Рошель порты ағылшындарға француз корольдігінің қақпасын ашатын ең ақырғы порт еді, сол себепті де Францияның ата жауы Англияға қарсы бұл портты жауып тастаса, кардинал Жанна д'Арк пен герцог де Гиздің ісін сәтімен аяқтап шығар еді.
Сондықтан да, бір мезгілде әрі католик, әрі протестант болып жүрген Бассомпьер: сенім-нанымы жағынан протестант, Қасиетті Рух орденінің командоры ретінде католик болып жүрген, қаны жөнінен неміс, жаны жөнінен француз Бассомпьер, Ла-Рошельді қоршау кезінде бөлек отрядті басқаратын кәдімгі өзімізге таныс Бассомпьер, өзі сияқты протестант дворяндарының дәл басынан көзден атып жатып:
«Әлі бәріңіз де көресіз, мырзалар, біз ақымақ болғанда Ла-Рошельді жаулап аламыз», — деген ғой.
Шынында да Бассомпьер дұрыс айтыпты: Рэ аралын атқылауды оған күні бұрын Севен драгонадтары болжап айтқан-ды, ал, Ла Рошельді алу Қант жарлығын жоққа шығарудың беташары болды.
Бірақ біз жоғарыда айтқандайын, министрдің күллі жәй-жағдаятты теңестіріп, күллі істі оңайлатуға бағытталған, тарихта белгілі белес болып қалған жоба-жоспарларымен бірге, шежіреші оның ғашық еркек, қызғаншақ бақталас бәсекеші ретіндегі өте ұсақ арам пиғылдарының болғанын да лажсыз мойындайды.
Ришельенің королеваға өлердей ғашық болғаны көпке мәлім; осы махаббат оған қарапайым саяси есеп үшін керек болды ма, әл де төңірегіндегі кісілердің бәрін өзіне ынтызар етіп қоятын Анна Австрийскаяға ол да шын жүректен құштар болды ма — ол жағын біз білмейміз, бірақ осы хикаяның бұдан бұрынғы шырғалаң оқиғаларынан біз азды-көпті болса да, Бекингэмнің кардиналды жеңіп кеткенін көрдік, ал, екі, әлде үш жәйт кезінде, әсіресе, алқа оқиғасы кезінде, үш мушкетердің жанқиярлығы мен д'Артаньянның батырлығы арқасында, ол кардиналды мазақ етіп, күліп кеткен-ді
Сонымен, Ришелье үшін мәселе Францияны жаудан тазартып қана қоюмен бітпейтін, сонымен бірге бәсекеші бақталасынан кегін қайтарғаннан кейін ғана бітетін; мұның үстіне бұл кегі, осы бір жекпе-жектің күллі корольдіктің соғыс күштердің уысында ұстаған құдіретті кісіге лайық, аса әсерлі де қатал болмақ еді.
Егеp де ол Англияны жеңсе, оған қоса Бекингэмді де жеңетінін, Англияны жерлеп, салтанат құрса, Бекингэмді де жерлеп, салтанат құратынын, ал егер Европаның көз алдында Англияны қорласа, ол королеваның көз алдында Бекингэмді де қорлайтынын Ришелье кәміл білетін.
Англияның ар-намысын күллі әлемнен жоғары қойса да, өз тарапынан Бекингэм де, кардинал басшылыққа алған мұрат-мақсаттарды көздеп айла-әрекет жасады: Бекингэм де жеке басының өшін алып, айызын қандыруға тырысты. Ол дүниенің күллі қазынасын берсе де, Францияға уәкіл-елші болып бармас еді — ол бұл елге жаулап алушы жиһангер ретінде барғысы келді.
Бұдан шығатын қорытынды: екі ғашықтың әлегінен аса құдіретті екі патшалық өзара жүргізіп жатқан ойынның бас бәйгесі — Анна Австрийскаяның бір ғана назды көзқарасы болатын.
Жеңіске бірінші болып герцог Бекингэм жетті: ойламаған жерден тоқсан кеме, жиырма мыңға жуық солдатпен, Рэ аралына король атынан басшылық жасап жатқан граф де Туаракқа қапылыста шабуыл жасап, ал қанды шайқастан кейін, аралға баса-көктеп кіріп алды.
Иіні келгенде айта кетелік, осы шайқаста барон де Шанталь қаза тапты; барон артына бір жетім қызды қалдырып кетті, ол бейшара сол кезде бір жарым жаста ғана еді.
Осынау бармақтай қыз кейін де Севинье ханым аталды. Граф де Туарак гарнизонымен бірге Сен-Мартен бекінісіне шегінді, ал, жүз қаралы адамды форт Лa Пре деп аталатын қамалға тастап кетті.
Осы оқиға кардиналды асықтыруға мәжбүр етті. Ла-Рошельді қоршау әрекетіне басшылық жасайтын король мен кардинал астанадан шықпай жатып, ол әуелгі операцияларға жетекшілік етуі, үшін герцог Орлеанскийді ілгері жіберіп, соғыс әрекеті болып жатқан жерге қарауындағы барша әскерді төгу жөнінде жарлық берген еді.
Осынау алдыңғы отряд ішінде біздің досымыз д'Артаньян да барды.
Біздің ілгеріде айтқанымыздай, король ол жаққа парламент мәжілісінен кейін дереу аттанбақ болған-ды, бірақ сол мәжілістің артын ала, 23 июньде, ол безгегі ұстап ауырып қалғанын сезді; соған қарамастан, король жолға шығуға бел байлады, амал қанша жолай оның денсаулығы күрт төмендеді, сосын ол Виллеруада аялдап қалуға мәжбүр болды.
Король тоқтаған жерде мушкетерлердің де тоқтайтыны белгілі, оның салдарынан гвардия қатарында жүрген д'Артаньян, уақытша болса да, өзінің айрылмас достары — Атостан, Портос, Арамистен ажырап қалған еді. Егер ол өзін қоршап жүрген бимәлім қауіп-қатерді күн ілгері сезген болса, сөз жоқ, осы суқаны сүймейтін айрылысу бұл үшін көңілін бір сәт те байыз таптырмайтын мазасыз бәлеге айналар еді.
Соған қарамастан ол 1627 жылғы 10 сентябрьде Ла-Рошаль түбінен қоныс тепкен бір лагерьге аман-есен келіп жетті.
Жағдай әлі өзгермепті: герцог Бекингэм мен оның ағылшындары Рэ аралының қожайындары, ештеңе шықпаса да, Сен-Мартен бекінісі мен форт Ла-Прені қамап жатыр екен. Ла-Рошельге қарсы соғыс әрекеті осыдан екі-үш күн бұрын басталыпты, оған себеп болған нәрсе — қаланың тап түбінен герцог Ангулемский салдыpған жаңа форт еді.
Дезэссар бастаған гвардияшылар франциск монастырына орналасты.
Алайда, қайтсе де мушкетер боламын деген бір қиялға бой алдырған даңқ құмар д'Артаньян өз жолдастарымен достарша араласып кете бермейтін; сол себепті де ол көбіне саяқ жүріп, өз ойымен өзі болып толғанып кететін.
Сондағы ойлайтыны онша көңілді ойлар емес-ті. Парижге келгелі бері өткен екі жыл ішінде ол талай рет саяси айла-шарғыларға тартылыпты; ал, өзінің жеке басының ісі, махаббат мәселесінен де, мансап мәселесінен де ілгері баса қоймапты.
Егер махаббат жәйін сөз етсек, жігітіміз шын көңілден жақсы көрген жалғыз әйел Бонасье бике-тін, бірақ ол із-түзсіз жоғалып кетті, ал, жігітіміз оған не болып, не қойғанын әлі күнге дейін білмейді.
Хош, енді мансап жәйіне келсек, өзінің көзге ілінбес мүсәпірлігіне қарамастан, кардинал сияқты жау тауып алды, яғни күллі патшалықтың, корольден бастап, ең биік дәрежелі кісілерінің өз алдында зәре-құты қалмай қорқып тұратын адамды өшіктіріп алды.
Сол адам мұны оп-оңай-ақ табанына салып таптап кетер еді, бірақ неге екенін кім білген, әйтеуір соны жасамай келеді. Д'Артаньянның қайдағыны сезетін жіті ақылы мұндай кешірімпаздықты жақсы болашаққа мегзейтін бір тәуір нышан деп біледі.
Бұған қоса ол тағы бір жау — өзінің ойынша, анадан гөрі қауіпсізі — бірақ сонда да оны көзге ілмей жүре беруге болмайтын жау тауып алғанын ішкі түйсігімен сезеді. Бұл жау — миледи болатын.
Мұның есесіне ол королеваның оң қабағына ілініп, қамқор саясына қолы жеткендей, бірақ королеваның махаббаты ол заманды сол кісіні қуғын-сүргінге салудың бір желеуі болып саналатын, ал, ханымның қамқорлығы ешкімге де қорған бола алмайтын: Шало мен Бонасье бикенің тағдыры мұның айқын айғағы еді.
Сонымен, осы уақыт ішінде оның тапқан жалғыз да болса шын олжасы, құны бес-алты мың ливрлік алмас жүзіктің, д'Артаньян оны ұдайы саусағына салып жүретін. Өзінің атаққұмар, намысқой ойына құлай берілген д'Артаньян, болашақ бір кезде, қажет болып қалған күнде, осы бір алмас жүзік королеваның көз алдында мені елден ерек көрсететін бір белгі болсын деп, оны қайтсе де сақтамақ болды — бірақ, осынау аса бағалы асыл тас, жігіт одан айрылғысы келгендіктен де, әзірге оның құны өзі күнде аяғымен басып жүретін тастардан артық емес-ті.
Жігіттің аяғы астында басылып жатқан тастарды еске алған себебіміз, міне осылардың бәрін есептеп, қалың ойға батқан д'Артаньиян лагерьден шығып, Ангутен деревнясына апаратын, әсем табиғат арасындағы cap сүрлеумен жападан-жалғыз ілбіп жүріп келе жатыр. Өз ойымен әуре болып жүргенде ол, көздеген жерінен асып кетті. Қараса — күн екіндіге таяп қалыпты, кенет оған жиектегі шетеннің ар жағынан батар күннің шұғыласына шағылысып,сезілген мушкет аузы жалт етіп бір көрінгендей болды.
Д'Артаньян көзі қырағы, ойы шапшаң-ды; ол мушкеттің бұл араға тегіннен-тегін келмегенін, ал оны кезеп, шетеннің ар жағында жырынып тұрған кісінің дос пейілді кісі емес екенін бірден түсінді. Сонымен, ол дереу қаша жөнелмек болғанда, жолдың екінші жиегіндегі дөңбек тасты тасалап, тағы бір мушкетті аузы үрлеп тұрғанын көрді.
Шамасы, бұл тосқауыл болса керек-ті.
Жас-жігіт бірінші мушкетке көз тастап, оның өзіне қарай оқтала бастағанын байқап, шындап сасайын деді. Мушкеттің аузы жылжымай, тоқтай қалған кезде, ол жер бауырлап жата кетті. Со заматта ол мушкеттің тарс етіп атылып, оқтың дәл төбесінен ысқырып өте шыққанын есітті.
Енді асықпаса болмайды. Д'Артаньян ұшып тұрды, сол сәтте екінші мушкеттен шыққан оқ жолдың жігіт әлгіде ғана етпеттеп жатқан жеріндегі тастарды ұшырып кетті.
Д'Артаньян, өздері жәйлі сабаз-ай, шегінуді білмейді екен! Деп айтсын деп есуастықпен басын өлімге байлайтын көзсіз батырлар қатарына жатпайтын; мұның үстіне бұл жерде батырлық жәйлі қозғаудың өзі орынсыз еді: д'Артаньян абайсызда арандап қалмайды.
«Егер үшінші рет атса, мен құрыдым!» — деп ойлады ол.
Шапшаңдығымен аты шыққан өз елінің тұрғындарына тән жылдамдықпен ол жүгірдім десе де, бірінші болып атқан кісі мылтығын қайта оқтап, мұны тағы бір рет атты. Оның дәл көздегені сондай, Д'Артаньянның мауыты қалпағын он қадамдай жерге ұшырып түсірді.
Д'Артаньянның бұдан басқа қалпағы жоқ-тын; сол себепті де кіріп келе жатқан бетінде оны қағып алып, боп-боз болып сұрланған күйі ентігін баса алмаған қалпында өз бөлмесіне жүгіріп келіп, үнсіз отыра қалды, сосын еш адамға сыр шашпай, қалың ойға батты.
Бұл оқиғаны үш түрлі жолмен түсіндіруге болатын еді.
Оның ен бірінші табиғи түсінігі — бұл ларошельдердің арандатуы болса керек, олар әрине ұлы ағзамның бір гвардияшысын өлтіруден бас тартпайды: біріншіден, жалғыз да болса жаудың саны кемиді, ал, екіншіден, сол дұшпанның жанынан ақшаға толы қалта табылуы ғажап емес.
Д'Артаньян оқ тескен қалпағын алып, айналдырып қарап, басын бір шайқап қойды. Оқ мушкеттен емес, пищальден атылыпты. Оқтың нысанаға дәл соққанына қарап, жігіт әуелден-ақ оның қарапайым мылтықтан атылмағанын сезген, оқ та кәдуелгі калибрлі оқ емес екен, демек, ол әскери тосқауыл емес.
Бұл кардинал мырзаның өзін ұмыттырмай, әдеппен еске салып жатқаны шығар. Шапағатты күн шұғыласының арқасында д'Артаньян мылтықтың оқпанын көріп қалған сәтте, жоғары мәртебелі тақсырдың мұнша сабырлы бола қалғанына жігіттің қайран қалып келе жатқаны оқушыларымыздың есінде болар.
Бірақ дәл осы арада д'Артаньян басын тағы бір рет шайқап қойды. Қаласа, бір саусағымен басып, өлтіре салатын кісілерін қасын тіккенде жоғары мәртебелі тақсыр мұндай әдісті аса сирек қолданатын.
Бұл миледидің кегі болса керек-ті.
Нағыз шын жорамал осы сияқты.
Д'Артаньян қанішерлердің бет-пішінін, киім-кешегін есіне қанша түсірем десе де, түсіре алмай қойды; бұл олардан лезде қашып құтылды, сондықтан да ештеңеге анықтап қарай алмады.
— Аяулы достарым, қайда жүрсіздер? Сендерсіз көрген күнім құрысын! — деді жігіт күбірлеп.
Д'Артаньянның түні бойы жәйі болмады. Үш-төрт рет ұйқыдан оқыс шошып оянды; оған бір адам төсегінің қасына төніп келіп өзіне қанжар салатындай болып көрінді. Бірақ қараңғы түнде еш бір оқиға болған жоқ әйтеуір, сосын ағарып таң атты.
Дегенмен, бүгін реті келмеген істің ертең бір реті келуі мүмкін д'Артаньян оны жақсы білетін.
Күні бойы ол ауа райы нашар деп үйден шықпай қойды, бұл желеу оған өзін-өзі ақтауына қажет-ті.
Әлгі оқиғадан кейін үшінші күні таңертеңгі сағат тоғызда жиналуға керней тартылды. Герцог Орлеанский постыларды аралай бастады. Гвардияшылар мылтықтарын алып, сапқа тұрды. Д'Артаньян жолдастарының арасынан өз орнын алды.
Биік мәртебелі мырза саптағы әскер алдынан өтті, сосын аға офицерлер түгелдей онымен сәлемдесу үшін қасына барды, олардың ішінде гвардия капитаны Дезэссар да бар-тын.
Арада бір минут өткеннен кейін д'Артаньянды Дезэссар мырза қолымен белгі беріп шақырғандай болды. Қателесіп кетпес үшін бастығының екінші рет белгі беруін күтті; ол белгісін қайталаған кезде, жігіт саптан шығып, бастығының әмірін естімекке қасына жетіп барды.
— Қазір биік мәртебелі мырза қауіпті бір тапсырманы орындауға еркімен баратын сарбаздарды іздейді, сол тапсырманы орындаған кісіге құрмет-қошамет көрсетіледі, мен сізді соған әзір тұрсын деп шақырып едім.
— Көп рахмет сізге капитан мырза! — деді гаскон, герцогтің алдында бір айрықша көзге түсетініне қуанып кетіп.
Сөйтсе, қоршаудағы дұшпан түнде шабуыл жасап, осыдан екі күн бұрын король әскері басып алған бастионды өздеріне қайта алыпты: енді сол бастионның қалай күзетілетінін анықтап қайту үшін қауіпті барлауға бірнеше кісіні жібермекші екен.
Шынында да, біраздан кейін герцог Орлеанский даусын көтеріп:
— Маған сенімді бір кісі бастайтын үш-төрт аңшы керек, — деді жар салып.
— Сенімді кісі керек болса, биік мәртебелі мырза, ондай жігіт менде бар, деді Дезэссар д'Артаньянды мегзеп. — Ал, аңшыларға келетін болсақ, бір ауыз сөз айтсаңыз болғаны, баратын кісі табылады.
Араларыңызда менімен бірге ажалға басын байлап баратын төрт кісі табыла ма? — деді д'Артаньян айқайлап шпагасын көтеріп.
Оның гвардияшы-жолдастарының екеуі табанда жұлқынып, ілгері шықты, бұларға тағы да екі солдат келіп қосылды, сөйтіп қажетті кісілер түгел жиналды; әуелі шыққан жігіттерді ренжітіп алмас үшін, д'Артаньян қалғандарын қабылдамай қойды.
Ларошельдіктер бастионды басып алғаннан кейін оны бос тастады ма, әлде оған гарнизон әкеліп қойды ма — бұл жағы белгісіз мұны анықтау үшін әлгі жерді қол созым жақыннан байыптап қарап шығу керек-ті.
Д'Артаньян төрт көмекшісімен бірге жолға шықты, әуелі траншені қуалай жүрді; екі гвардияшы өзімен қатар жүрді де, екі солдат соңынан келе жатты.
Траншеяның тас қоршауын паналап тез-тез жүріп отырып, олар бастионға жүз қадамдай жер қалғанда аялдамақ болды. Осы араға келгенде д'Артаньян артына қараса, екі солдат ұшты-күйлі жоқ болып кетіпті.
Ол солдаттар қорқып, кейін қалып қойған екен деп ойлады; соның өзі ілгері қарай жүре берді.
Траншеяның бұрылысына жеткенде, д'Артаньян мен гвардияшылар бастионнан алпыс қадамдай жерде тұр еді. Бастионда тірі жан көрінбейді, ол қаңырап бос қалған тәрізді.
Ержүрек үшеу енді бұдан әрі қарай жүреміз бе, қайтеміз деп кеңесіп тұрғанда, тас қорған үстін айнала түтін басты да, он шақты оқ д'Артаньян мен оның серіктерінің төңірегінен ысқырып-ысқырып өтіп кетті.
Олар білгісі келген жәйтті анық білді: бастион күзетулі екен. Осы бір қатерлі жерде бұдан әрі тұра беру қажетсіз бейқамдық болар еді. Д'Артаньян мен екі гвардияшы кейін бұрылып, қашқан кісілерге ұқсап, шегіне бастады.
Олар траншеяның өздерін ларошельдіктердің оғынан қорғайтын бұрылыс мүйісіне келгенде, гвардияшылардың біреуі құлап түсті — оқ оның кеудесін тесіп өтіпті. Аман келген екіншісі лагерьге қарай жүгіре жөнелді.
Д'Артаньян серігін тастап кеткісі келмеді. Ол оны көтеріп алып, жолдастарына жеткізбек болып, еңкейе берген кезде, мылтық екі рет атылды; оқтың біреуі жаралы гвардияшының басына тиді де, екінші оқ д'Артаньянды жанай өтіп, тасқа соғып, жалпайып қалды.
Жас жігіт жалма-жан бұрылып артына қарады, өйткені бұл оқтар траншея бұрышының тасасында қалған бастионнан шығуы мүмкін емес-ті. Сол арада әлгіде ғайып болған екі солдат ойына келіп түсті де, осыдан үш күн бұрын өзіне қастандық жасап, өлтірмек болған кісілерді есіне салды. Ол енді осыны анықтап алмақ болып өлген кісіге ұқсап, жолдасының мәйітінің үстіне құлай кетті.
Осы арадан отыз қадамдай жерде құлазып бос жатқан жал-жал құм тасасынан со заматта қылтиып екі адамның басы көрінді: ол жолай қалып қойған солдаттардың бастары-тын. Д'Артаньян қателеспепті: ана екеуі бұның соңынан тек өлтіру үшін ғана еріпті, сонда да олар жас жігітті жаулар өлтірді деп ойлайды деп үміттенсе керек.
Бірақ ол тек жараланып қана қалса, кейін бұлардың қылмысың жұртқа жаюы мүмкін, сол себепті де олар мұның көзін біржола жою үшін жақындап келді, істің сәті түскенде, олар д'Артаньянның қулығына алданып қалып, мылтығын қайта оқтап әуре болмапты.
Олар он қадамдай жақындап келгенде, құлап бара жатқанда шпагасын қолынан шығармаған д'Артаньян, кенет орнынан атып тұрып, бір аттап дұшпандарының қасына жетіп барды.
Қанішерлер егер д'Артаньянды өлтірмей, лагерь жаққа қашып кетсе, ол бұлардың қылмысын ашатынын бірден түсінді; сондықтан да олар ең әуелі жау жағына өтіп кетуді ойлады. Олардың біреуі мылтығын стволынан шоқпар сияқтандырып ұстап алып, д'Артаньянды ұрып жықпақ болды, бірақ жігіт бір бүйірге қарай ыршып түсті; осы әрекетімен ол баскесердің жолын ашып тастады да анау бастионға қарай тура жүгірді. Бұл кісінің өздеріне қандай оймен беттеп келе жатқанын ұқпаған, бастионды күзетіп тұрған ларошельдіктер оқты жаудырып жіберді, иық сүйегін сындырып оқтан, опасыз тәлтіректеп құлап түсті.
Бұл кезде д'Артаньян шпагасын жалақтатып, екінші солдатқа бас салды. Айқас ұзаққа созылмады оңбаған залымның қорғануға оқсыз мылтығы ғана қалған-ды, шпага енді қауіпсіз мылтық стволын бойлай сырғанап барып, қанішердің жамбасына қадалды; ол құлап қалды. Д'Артаньян шпага ұшын дереу оның кеңірдегіне қадай қойды.
О, мені өлтірмеңіз! Аяңыз, аяңыз мені, офицер мырза, сонымен сізге бәрін де айтып беремін, — деді жан ұшырып бандит.
Саған кешірім жасауын жасаймын, бірақ айтатын құпияң соған тати ма? — деді жас жігіт сабыр сақтап.
Егер сізге өміріңіз қымбат болса, татиды! Сіз қазір жиырма екі жастасыз, сұлу да батыр жігітсіз, ойыңызға алған мақсатыңызға жетесіз әлі.
Жаның барда шыныңды айт, сұмырай: саған мені өлтір деп әмір еткен кім? — деді д'Артаньян.
Мен білмейтін бір әйел, оны жұрт миледи деп атайды.
— Егер сен ол әйелді білмейтін болсаң, оның атын қайдан білдің?
— Ол әйелді жолдасым солай деп атаған, ол сол әйелмен таныс еді. Миледи менімен емес, сонымен сөз байласқан. Оның қалтасында әйелдің хаты да бар, менің естуімше, ол хат сіз үшін аса маңызды хат болса керек-ті.
— Бірақ осы зұлымдыққа сен қалайша қатысып жүрсің?
— Жолдасым менен сізді өлтіруге көмектес деп өтінді, сосын мен онымен келістім.
— Осынау «парасатты» іс үшін ол әйел сендерге қанша ақша төледі?
— Жүз луи.
— Оһо! — деді жас жігіт күліп. — Ол, шамасы, менің өмірімді аса қымбат бағалайтын болды ғой. Жүз луи! Япырмай, бұл сендер сияқты екі сұмырайға йен байлық емес пе! Сенің неге келісім бергеніңе мен енді ғана түсіндім, мақұл, мен сені кешірейін, бірақ бір шартым бар.
— Қандай шарт? — деді солдат үрпиіп, істің әлі аяқталмағанын көргесін.
— Сен ана серігіңнің қалтасында жатқан хатты маған әкеліп беруің керек.
— Бірақ бұл мені өлтірудің екінші бір айласы ғой! — деді бандит дауыстап. — Бастионның жауып тұрған оғы астынан ол хатты, мен қалай аламын?
— Сен соған қалайда бел байлауың керек, әйтпесе, мына менің қолымнан қаза табатыныңа иманым кәміл!
— Аяңыз! Мүсіркеңіз мені, сударь! Өзіңіз жақсы көретін жас келіншек үшін! — Сіз оны өлді деп ойлайсыз ба, жоқ, ол әлі тірі! — деп баскесер тізерлеп отырып, қолымен жер тіреп, өйткені қанымен бірге қайратынан да айрылып жатқан-ды.
— Мен жақсы көретін жас әйелдің барын, оны өлді деп ойлап жүргенімді қайдан білесің? — деді д'Артаньян.
Жолдасымның қалтасындағы хаттан білемін.
— Сол хатты қайтсем де қолға түсіруім қажет екен енді өзің сезген боларсың, — деді д'Артаньян. — Ал енді тездет, осы күмілжігенің де жетеді, әйтпесе, сен сияқты сұмырайдың қанына шпагамды тағы бір былғаудан қанша жиіркенсем де, адал сөзіммен ант етейін...
Осы сөздерді айтып, қаһарлана бір ұмтылып еді, жаралы орнынан атып тұрды.
— Тұра тұрыңызшы! Қоя тұрыңызшы! Барамын... қазір барамын! — деді ол қорыққанынан батылдана түсіп.
Д'Артаньян солдаттың мылтығын алып, оны ілгері жіберді де, шпагасымен артынан әлгіні сыбайласына қарай бір түртіп қалды.
Со байғұстың төніп келіп қалған ажалдан қорқып аппақ болып қуарып, артына қанды ізін тастап, өз сыбайласының жиырма қадамдай жерде сұлап жатқан денесіне, жау көзіне түспей еңбектеп жетуге тырысып бара жатқанын көрудің өзі бір азап еді.
Оның суық тер жуған жүзін үрей басып кеткені сонша, д'Артаньян байғұсты аяп кетті.
— Жарайды, — деді ол солдатқа жиіркене көз тастап, — батыр адаммен сен сияқты су жүрек қорқақтың арасындағы айырмашылықты мен саған қазір табанда көрсетейін. Қал осында. Өзім-ақ барамын.
Жан-жағына мұқият көз тастап, жаудың қыбыр еткенін қалт жібермей андып, жер бедерінің әрбір қыртыс-қатпарын шебер пайдалана отырып, ол жедел басып, екінші солдатқа да жетті.
Мақсатын орындаудың екі әдісі бар еді: біріншіден, жаралының үсті-басын осы арада тінту немесе оның денесін қалқан етіп арқалап алып, траншеяға апарғасын жақсылап қарап шығу.
Д'Артаньян екінші әдісті қолданбақ болды: жау оқ ата бастаған кезде ол қарақшының денесін арқалап алды.
Біреу арқасындағы денені жәй ғана түрткендей болды, тыр-тырс етіп үш оқ қабатынан қадалды, анау соңғы рет шыңғырып жан тәсілім етті — міне осыдан д'Артаньян өзін өлтіргісі келген кісінің осы жолы оны бір өлімнен аман алып қалғанын білді.
Д'Артаньян траншеяға қайтып келіп, аруақтай бозарып жатқан жаралының қасына өлікті тастай салды.
Ол дереу ананың үстін тінте бастады: тері әмиян, қалта (шамасы онда қарақшының әйелден алған ақшасының бір бөлегі жатқан болуға тиіс), ойын сүйегіне арналған стакан мен сүйектің өзі бар екен, — өліктен қалған мұра, міне, осындай еді.
Д'Артаньян стакан мен ойын сүйегін шашылған жерінде қалдырды да ,қалтаны жаралыға лақтырып, өзі әмиянды асығыс аша берді.
Бірнеше қажетсіз қағаз арасынан жігіт сол үшін жанын шүберекке түйіп барған хатты тауып алды.
«Сіз әлгі әйелдің өзі түгіл, ізінен де айрылып қалдыңыз, ол қазір монастырьде қауіп-қатерсіз тұрып жатыр, сіз оны сол құттыханаға өлсеңіз де жібермеуіңіз керек еді. Енді, тым болмаса, еркекті| құтқармаңыз. Менің құрығымның ұзын екенін өзіңіз де білесіз әйтпесе, әлгі менен алған жүз луи ақша үшін құныкер болып қаласыз».
Жазған кісінің қолы жоқ екен, бірақ хатты жазған миледи болатын — д'Артаньян оған мүлде күмән келтірмеді. Сол себепті ол хатты бір дәлел-айғақ ретінде қажет болар деп қойнына тыға салды, сосын траншея тасасында отырып, жаралыны тергей бастады. Ол әлгіде ғана қаза болған жолдасымен бірігіп, Париждегі Лавильет қақпасы арқылы шығатын бір жас әйелді ұрлап кетпек болғанын, бірақ шарапханада отырып қалып, он минуттей кешіккесін, күйменің өтіп кеткенін жасырмай айтып берді.
— Ол әйелге сонда не етпекші болдыңыздар? — деп сұрады д'Артаньян көңілі қобалжып.
— Біз оны Король алаңындағы бір оқшау үйге апаруымыз керек деді жаралы.
— Ия- ия! Бәсе, солай болуы керек-ті, миледидің өзіне апармақшы болған, — деді күбірлеп д'Артаньян.
Ана көкдолы әйелдің өзіне сұмдық өшігіп алғаны, енді мұның өзін және мұны жақсы көретін жұрттың бәрін құртпай тынбайтынын ойлағанда, жас жігітіміз дірілдеп қорқып кетті және осының бәрін айнытпай тауып отырғанына қарағанда, ол әйелдің сарай тіршілігін бес саусағындай білетініне анық көзі жетті. Шамасы, ол өз мәліметтерін кардиналдан алатын болса керек.
Дегенмен осындай қайғылы ой бұған жігітіміз, есіне кенет екінші бір жәйт келіп түскенде, оған әуелі аң-таң қалып, сосын жүрегі жарылардай қуанып кетті: байғұс Бонасье бике өзінің адалдығы үшін түрмеге түсіп қалып, кінәсін ақтап, отырған жерінен корольева оны ақыры іздеп-тапқан екен, сосын ханым оны түрмеден босатып алған екен. Әнеугүні Бонасье бикеден алған хаты, онымен Шайоға апаратын жол үстінде кездескені, оның елес тәрізді ағып өте шыққаны — міне осынын бәрі енді оған әбден түсінікті болды.
Сонымен Атостың күн ілгері болжап айтқанындай, енді сол келіншекті іздеп табатындай мүмкіндік пайда болды, өйткені бұл ғаламда ішіне енуге болмайтын монастырь тіпті жоқ қой.
Осы ойдан д'Артаньянның жаны біржолата жай тапқандай болды. Ол мұның болмашы бет құбылысын бағып жатқан жаралыға бұрылып, оған қолын созды.
Жүрелік, — деді жаралы, жігіттің табан астынан кеңпейілдене қалғанына күдіктеніп. — Бірақ сіз мені өзіңізбен бірге ерткенде дарға тартқызу үшін ертіп бара жатқан жоқсыз ба?
Мен саған тимеймін деп сөз бергенмін, ал, енді екінші рет өз өміріңізді өзіңізге сыйладым, — деді д'Артаньян.
Жаралы тізерлеп отыра қалып, құтқарушысының аяғын сүйе бастады, бірақ жаудың тап иегінің астында бұдан әрі қалуға болмайтынын сезген д'Артаньян, солдаттың мұндай алғысын тыйып тастады.
Бастионнан алғаш оқ жауысымен лагерьге қайтып келген гвардияшы қасындағы төрт серігінің қаза тапқанын жариялап қойған екен. Сол себепті де полк сарбаздары дін аман келген д'Артаньянды көргенде қайран қалып, қатты қуанысты.
Жас жігіт серігінің сүңгімен түйрелген жарасын қарсы шапқан жаудың әлегі деп ойдан шығара салды. Ол екінші солдаттың қаза тапқанын, өздерінің қиын қауіп-қатерден әзер құтылғанын әңгімелеп берді.
Бұл әңгімеден кейін оның абыройы асып кетті. Күллі қалың-қол күні бойы осы барлау жәйін сөз етті, герцог Орлеанскийдің өзі д'Артаньянға менің алғысымды жеткіз деп тапсырма берді.
Қайырымды іспен бірге оның жақсылығы да қоса жүреді сол сияқты д'Артаньянның қайырымды ісі оған жоғалған жан тыныштығын қайтарды. Расында да, жігітіміз екі дұшпанымның біреуі өлді, екіншісі өзіме шексіз берілген, енді ештеңдеп қам жемесем де болады деп есептеді.
Оның, бұл жайбарақаттығынан бір-ақ нәрсе анық байқалды — д'Артаньян әлі де болса миледиді жете білмеуші еді.
XII
АНЖУЙ ШАРАБЫ
Корольдің ем қонбайтын ауыр науқасы жөніндегі хабардан кейін, ұзамай лагерьде ол тәуір болыпты деген екінші бір сыбыс тарай бастады, Ла-Рошельді қоршауға корольдің өзі тікелей қатысқысы келгендіктен де, жұрттың бәрі: енді ол атқа қонуға жарайтын болды, дереу жолға шығады десіп жатты.
Ал, өзін ертең немесе бүрсігүні армияны басқарудан алып тастап, орнына осы міндетті атқаруға таласып жүрген герцог Ангулемскийді немесе Бассомпьерді, әлде Шомбергті қоятынын жақсы білетін герцог Орлеанский жаудың күшін сырттай бақылап, болжап көргені болмаса, уақытты текке өткізіп, тегеурінді қимыл-әрекетін баспады, ағылшындарды Рэ аралынан қуып шығарлықтай бір ірі операция жасауға жүрегі дауаламады, ал, ағылшындар болса, әлі күнге дейін Сен-Мартен бекінісі мен Ла-Пре фортын қоршауға алып жатқан, әрине, француздар бұл кезде өз тарапынан Ла-Рошельді қоршауға алған-ды.
Ал енді д'Артаньянға келетін болсақ, ол бұрынғы байсалды қалпына түсті, расында да кісі қауіп-қатерден аман-есен құтылып, енді ол біржолата жойылды деп есептегенде, тап осындай хәлді бастан кешірді, ол енді бір-ақ нәрсенің ғана қамын жейді — ол дос-жарандарынан ешбір хат-хабар ала алмай жүрген.
Алайда бір күні, ноябрьдің бас кезінде, Виллеруадан келген мынадай бір хаттан күллі жәй-жағдаят түгел анықталды.
«Д'Артаньян мырза! Атос, Портос және Арамис деген мырзалар менің үйімде той тойлап, думандатып көңіл көтерді, бірақ олардың даурығып улап-шулап кеткені сондай, комендант аса қатал кісі еді, оларды табанда бірнеше күнге абақтыға қамап тастады. Оған қарамастан мен со кісілердің әмірін орындап, сізге он екі шыны анжуй шарабын жіберіп отырмын, бұл шарап оларға қатты ұнады. Достарыңыз осы шарапты сіз олардың денсаулығы үшін ішсін деп сұрап жатыр.
Сізді, сударь, құрметтеп-қошаметтеуші, басыбайлы дәйекшіңіз Годо, мушкетер мырзалардың шарапханашысы»
— Ақырында бір хабар жетті-ау! — деді д'Артаньян дауыстап. — Жабыққан кезімде оларды қалай есіме алсам, көңіл көтерген кездерінде олар да мені есіне алады екен! Әрине, олардың денсаулығы үшін шарапты шын көңілден ішемін, бірақ жалғыз отырып ішпеймін.
Сол-ақ екен, Виллеруадан жіберілген кереметтей анжуй шарабын бірге отырып ішу үшін, д'Артаньян өзгелерінен гөрі көбірек араласып,достасып кеткен екі гвардияшыны шақырып келмек болып жүгірді. Алайда, гвардияшылардың біреуін әлдекім сол күнгі кешкі қонаққа шақырып қойған екен, ал, екіншісі келесі кешке шақырылыпты,сол үшін той арғы күнге тағайындалды.
Үйге келісімен, д'Артаньян он екі шыны шарапты түгелдей мұқият сақтаңыз деп, гвардияның жол-жорық буфетіне жөнелтті, ал,саяхат болатын күні түскі тағамды сағат он екіге әзірлеп қою үшін Планшені сол жаққа ертеңгі сағат тоғыздан жіберді.
Өзінің метрдотель деген құрметті атағына масаттанған Планше бар өнерін көрсетпекші болды, сол себепті де қасымда көмекші болып жүрсін деп, шақырылған қонақтың біреуінің Фурро деген қызметшісін және әлгі д'Артаньянды өлтірмек болған жалған солдатты ертіп әкетті, ол әскери бөлімнің бірде-бірінде тұрмағандықтан, жас жігіт өзін өлімнен құтқарып қалғаннан кейін, д'Артаньянға, дұрысын айтқанда, Планшеге қосшы болып орналасты.
Сый-сияпат сағаты соққан кезде қонақтың екеуі бірдей келіп,орны-орнына отырысты, стол үстін аяқ-табақ қаптап кетті. Планше білегіне сүлгі салып алып, тынымсыз қызмет етті, Фурро шынылардың аузын ашты, ал, Бризмон — жазылып келе жатқан жаралыны солай деп атайтын — шарапты шыны графиндерге құйып жатты, өйткені кедір-бұдыр жолдан ба, әйтеуір, шыны түбінде бір тұнба қалыпты. Осы шараптың бірінші шынысының түбі лайсаңдау екен. Бризмон — жазылып сарқытын стаканға құйды, байғұс әлі әлжуаз болғасын, д' Артаньиян оған шарапты ішуге рұқсат етті.
Қонақтар супты ішіп болып, бірінші стаканға еріндерін тигізе берген кезде, кенет Людовик фортынан, Жаңа форттан гүрсілдеп зеңбіректер атылды. Әлде қоршаудағылар тарапынан ба, әлде ағылшындар тарапынан ба, әйтеуір бір шабуыл басталып кеткен екен деп ойлаған гвардияшылар жалма-жан шпагаларына жармасты: Д'Артаньиян олардан да шапшаң ғой, бұл да қаруын ұстады, сөйтіп үшеуі өз постыларына қарай тұра жүгірісті.
Бірақ буфеттен шығысымен олар айқай-шудың себебін бірден түсінді. Төңіректегі жұрт: «Король жасасын! Кардииал жасасын!» ден айқайласып жатты, жан-жақтың бәрінде зіркілдеп барабан соғылады.
Шынында да, біз жоғарыда айтқандай, әбден шыдамы таусылған король екі көш жерден дем алмай, суыт жүріп келген беті осы екен, оның қасына нөкері, көмекке деген он мың солдаты бар еді оның алды-артын қымтап мушкетерлер келе жатқан-ды.
Сапқа тізілген өз ротасының қатарында тұрған д'Артаньян, өзінен көзін алмаған достарына, мұны бірден таныған де Тревиль мырзаға өзгеше-құрметпен ишара жасап ізет көрсетті.
Корольдің келу салтанаты бітісімен, достар қуана құшақтасты.
— Шайтан атсын, — деді д'Артаньян дауыстап, — сіздер дәл уақытында келдіңіздер! Әлі ешбір тағам суи қойған жоқ шығар деп ойлаймын!... Шын айттым ба, мырзалар! — деді жас жігіт екі гвардияшыға қарап және оларды достарымен таныстырып жатып.
— Оһо! Біз тойлап жатқан сияқтымыз ғой! — деді Портос көңілденіп.
— Сіздің түскі асыңызда әйелдер болмайтын шығар деп сенемін! — деді Арамис.
— Сіздің бұл түкпіріңізден тәуір шарап табыла ма? — деді Атос.
— Бұл сауалыңызға жол болсын, шайтан алғыр! Менде мына сіздер жіберген шарап бар, инабатты досым, — деді д'Артаньян.
— Біз жіберген шарап? — деп қайталап сұрады таң қалған Атос.
— Ия, сол сіздер жіберген шарап.
— Біз сізге шарап жіберіппіз бе?
— Немене, ұмытып қалғансыз ба? Білесіз бе, анжуй жүзімдіктерінен жасалған әлсіз шарап!
— Иә, мен сіздің қандай шарапты айтып тұрғаныңызды енді ғана түсіндім.
— Өзге шараптардың бәрінен де жақсы көретін шарабыңыз.
— Әлбетте, шампан, шамбертен болмаған кезде, оны жақсы көретінім рас.
— Жоққа шара бар ма! Шампан мен шамбертен болса — жоқ, ендеше анжуй шарабын қанағат тұтасыз-дағы.
— Пәлі, сіз анжуй шарабын жаздырып алып па едіңіз? Сіз кереметтей талғампазсыз, д'Артаньян! — деді Портос.
— Жоқ, олай емес! Бұл маған сіздердің атыңыздан жіберілген шарап.
— Біздің атымыздан? — деді үш мушкетер қосарлана дауыстап
— Айтыңызшы, Арамис, шарапты жіберген сізбісіз? — деді Атос оған.
— Жоқ. Сіз жіберген жоқсыз ба, Портос?
— Жоқ. Сіз ше, Атос?
— Жоқ.
— Егер сіздер болмасаңыз, оны шарапханашыңыз жіберген шығар, — деді д'Артаньян.
— Біздің шарапханашы ма?
— Иә! Сіздердің шарапханашыңыз Годо, мушкетерлердің шарапханашысы.
— Түһ, шынын айтсақ, сол шараптың қайдан шыққанында не жұмысымыз бар! Татып көрелік, егер ол жақсы болса — ішелік, — деді Портос.
— Жоқ, қайдан келгені бимәлім шарапты біз ішпейміз, — деді Атос оған қарсы шығып.
— Сіз дұрыс айтасыз, Атос, — деді д'Артаньян оны қолдап. — Демек, сіздің ешқайсыңыз маған шарап жібер деп шарапханашы Годоға тапсырма берген жоқсыз ғой?
— Жоқ! Соған қарамастан, ол сізге біздің атымыздан шарап жіберіп пе?
— Хаты мынау! — деді д'Артаньян.
Сосын ол жолдастарына хатты ұсынды.
— Бұл оның жазуы емес! Мен оның қолын білемін — осы жаққа жүрердің дәл алдында мен оған бәріміз үшін ақша төлегенмін — Атос.
— Бұл жалған хат, бізді ешкім қамауға алған жоқ, — деді Портос.
— Д'Артаньян, біз айқай-шу көтерді дегенге сіз қалай сенген-деді Арамис оны кінәлап. Д'Артаньян сұп-сұр болып, қалшылдап кетті.
— Мен сенен қорқайын дедім. Не болып қалды сонша? — деді Атос. ол төтенше бір қиын сәттерде ғана жігітке «сен» деп сөйлейтін. Кәне, достар, жүгірелік, тез-тез! — деді д'Артаньян дауыстап — Мен бір сұмдыққа қатты күдіктеніп тұрғаным... Апырмай, бұл тағы сол әйелдің кегі ме екен?
Енді Атос сұп-сұр болып кетті.
Д'Артаньян буфетке қарай тұра жүгірді, үш мушкетер мен екі гвардияшы оның соңынан ере берді.
Асханаға кіргенде Д'Артаньянның ең әуелі көзіне түскен кісі Бризмон еді, ол еденде тыпырлап жан тәсілім етейін деп жатыр
Планше мен Фурро шөлмектей бозарып; о байғұстың азабын жеңілдету үшін әбігерге түсіп жатыр, бірақ енді еш көмектің пайдасы жоқ екені анық-ты: үзіліп бара жатқан сорлының қиналғаны тыржиған жүзінен анық көрінді.
— А, бұл сізбісіз! — деді Бризмон шақ етіп д'Артаньянды көрісімен. — Сіз маған өмірді сыйға тарттым деп бәлсініп алып, енді у бердіңіз ғой! О, бұл неткен сұмдық!
— Мен бе? — деді д'Артаньян дызақтап. — Сорлы-ау, не айтып жырсың!
— Иә-иә, бұл шарапты маған берген сіз! Іш деп әмір еткен де сізсіз, сөйтсем өш алмақ болған екенсіз, бұл — ел естімеген сұмдық!
— Сіз қателесесіз, Бризмон, — деді д'Артаньян, — қателесіп жатырсыз... Сізге шынымды айтайын... ант етейін...
— Құдай бар болса, сізді әлі жазалайды!.. О құдай, мен көрген азапты анаған да жібер!
— Інжіл ұстап ант етейін, — деді д'Артаньян, өліп бара жатқан байғұсқа тұра ұмтылып, — ол шарапқа у қосылғанын білген жоқпын, оны өзім де ішпек болғанмын! Сізге сенбеймін, — деді солдат. Сөйтіп, азаптанып, қиналып жатып, үзіліп кетті.
— Бұл неткен сұмдық! — деді Атос күбірлеп, бұл кезде Портос шыныларды сындырып жатты, ал, Арамис болса, сәл кешігіп қалса да, дұғашыны әкел деп әмір етті.
— О достарым, — деді д'Артаньян, — сіздер мені тағы бір ажалдан құтқарып қалдыңыздар, тек мені ғана емес, мына мырзаларды да құтқардыңыздар!.. Мырзалар, — деді ол гвардияшыларға қарап, — мен сіздерден осы көргеніңізді тісіңізден шығармауыңызды сұраймын. Кейбір жоғары мәртебелі кісілер осы оқиғаға араласқан болуы мүмкін, сол себепті де кейін мұның зардабы өзімізге тиеді.
— Ах, сударь... — деді қорыққанынан өлім халіне жеткен Планше, — ах, сударь, менің бағым бар екен!
— О, безгелдек, сен менің шарабымды ішпек болған екенсің ғой? — деді д'Артаньян.
— Корольдің денсаулығы үшін, сударь. Мен корольдің амандығы үшін азғантай ғана шарап ішейін деп едім, Фурро келіп, сені шақырып жатыр деді.
— Ол рас, мұны жұмсап жіберіп, өзім алаңсыз отырып ішейін деп едім, — деді Фурро қорыққанынан иегіне тимей.
— Мырзалар, — деді д'Артаньян гвардияшыларға, — өздеріңіз де білесіз, мына оқиғадан кейін біздің тойымыз қайғылы той болар еді. Сол себепті де, менің өзіңізден кешірімімді қабыл алыңыз, ал, дастарқан басында тағы бірде кездесерміз.
Екі гвардияшы да Д'Артаньянның кешірім өтінгенін шын пейілден қабылдап, төрт досының оңаша қалғысы келіп отырғанын сезіп, өз жөндеріне кетті.
Аналар кетіп, өздері оңаша қалғаннан кейін, жас гвардияшы мен үш мушкетер жағдайдың аса қиын екенін әрқайсымыз да түсінеміз дегендей бір-біріне ойлана көз тастады.
— Ең әуелі осы бөлмеден кетелік. Зорлықпен қаза тапқан кісінің мәйітінің қасында отыру жаман ырым.
— Планше, — деді д'Артаньян, — мына сорлының өлігін саған тапсырамын. Оны ақ жуып, арулап қойсын. Оның қылмыс жасағаны рас, бірақ күнәсін мойындап, райдан қайтқан-ды.
Сосын Бризмонды жерлеу қамын Планше мен Фурроға тапсырып, төрт дос бөлмеден шығып кетті.
Қожайын оларға басқа бөлме дайындап, шала піскен жұмыртқа әкеліп берді, суды Атос құдықтан өзі барып әкелді. Портос пен Арамиске аз сөзбен болған істің жәйін айтты.
Сүйікті дос, өзіңіз де көріп отырсыз, бұл өмір, өле-өлгенше тынбайтын соғыс, — деді д'Артаньян Атосқа.
Атос басын шайқады.
Иә-иә, мен мұның бәрін көріп отырмын. Бірақ сіз осыны жасаған иесі сол әйел деп ойлайсыз ба? — деді ол.
Оған анық көзім жетеді.
— Шынымды айтайын, мен оған әлі де болса шүбәлімін.
— Иығыңдағы әне бір тұңғиық гүлдің таңбасы ше?
Ол — Францияда қылмыс жасаған ағылшын әйел, сол үшін оған қарғыс таңбасын басқан.
— Атос, Атос, сеніңізші маған, сол сіздің әйеліңіз! — деді д'Артаньян бір сөзін әлденеше қайталап. — Күллі түр-түсінің айна-қатесіз бірдей екенін шынымен-ақ ұмытқаныңыз ба?
— Бәрібір мен со бір әйел өлген деп есептеймін. Оны мен ағашқа келістіріп-ақ асқанмын.
Бұл жолы д'Артаньян басын шайқады.
— Ал, енді қайтеміз? — деді ол.
— Төбеңнен төнген ажал астында мәңгі өмір сүре беруге болмайды. осы бәледен құтылудың бір жолын табу керек, — деді Атос.
— Ол қандай жол сонда?
— Сол әйелмен кездесіп, ұғынысуға тырыс. Оған былай деңіз: «Сізге керегі тыныштық па, соғыс па! Сіз жөнінде ешқашанда бір ауыз сөз айтпаймын және өзіңізге қарсы ешбір әрекет жасамаймын мен ақсүйектің адал сөзін беремін. Ал, сіз өз тарапыңыздан маған зиян жамаймын деп салтанатты түрде ант беруіңіз керек. Әйтпесе, мен канцлерге дейін жетемін, корольге дейін жетемін, бір жендетті тауып аламын, мен сізге күллі сарайды қарсы қоямын,жұртқа сіздің таңбалы екеніңізді мәлімдеймін де сотқа тартамын, ал егер сізді содан кейін ақтап жіберсе... онда ақсүйектің адал сөзімен ант етейін, сізді құтырған ит сияқтандырып, бір қораның түбінде жайратып кетемін!»
— Мен мұндай әдіске қарсы емеспін, бірақ оны қайдан табамын — деді д'Артаньян.
— Уақыт, сүйікті досым, уақыт қолайлы бір сәтті қолына өзі әкеліп береді, ал, сондай сәт ұтыс-жеңіске өте қажет жағдайды жасайды, егер жалықпай күте білсең, бәсеке неғұрлым мол тіксең, ұтысыңда соғұрлым мол болады.
— Солайы солай ғой, бірақ сені кісі өлтірушілер мен улаушылар торып жүрген кезде сарыла күту дегенің...
— Ештеңе етпейді! Құдай бізді осы уақытқа дейін аман сақтаған екен, әлі де сақтай береді, — деді Атос оны жұбатып.
— Иә, бізді сақтар. Әрине, біз еркектерміз, тоқ етерін айтсақ, тәуекелге бел байлап, басынды бәйгеге тігу біз үшін табиғи нәрсе, ал ана әйел байғұсқа обал ғой! — деді ол тағы да бәсең үнмен.
— Ол әйелін кім? — деді Атос.
— Констанция.
— Бонасье бике! Ах иә, оның рас... сорлы досым-ау, мен сіздің ғашық екеніңізді тіпті ұмытып кетіппін!
— Бірақ біз әлгі өзіңіз өлтіретін сұмырайдың қалтасынан тауып алатын хатыңыздан оның монастырьде тұрып жатқанын білдік, деді Арамис. — Монастырьлардың жағдайы онша жаман болмайды, сізге беретін бір сертім, Лa-Рошельді қоршау аяқталысымен, мен өзім...
— Иә-иә, инабатты Арамис, — деді Атос оның сөзін бөліп, — сіздің есіл-дертіңіз дін жолында екенін білеміз.
— Мен — уақытша мушкетер болып жүрген жанмын, — деді Атос көнбіс үнмен.
— Бұл, шамасы, өз көңілдесінен көптен бері хабар алмаған болуғa тиіс. Оған көңіл бөлмей-ақ қойыңыз, оның бұл мүсәпірлігі бізге мәлім, — деді Атос сыбырлап.
— Гәп мынада! Меніңше, осының бір қарапайым әдісі бар, деді Портос.
— Қандай әдіс? — деді. д'Артаньян.
— Сіз оны монастырьде дегеніңіз рас па?
— Иә, рас.
— Ендеше, бас қатырып қайтеміз? Қоршау аяқталысымен, оны монастырьден ұрлап аламыз, сонымен іс тамам.
— Бірақ әуелі келіншектің қай монастырьде жатқанын білу керек.
— Ол рас, — деп Портос келісе кетті.
— Бірақ әлгіде ол әйелге монастырьді королеваның өзі тандап тауып берген деп айтқан жоқсыз ба, сүйікті д'Артаньян? — деді Атос.
— Иә. Өзгені қайдам, мен өзім солай деп ойлаймын.
— Тамаша! Ендеше бұл істе бізге Портос қол ұшын береді.
— Сұрауға рұқсат етіңіз, мен қалай жәрдем бермекпін?
— Әлгі өзіңіздің маркизаңыз, ханшаңыз арқылы. Оның байланысы мол шығар.
— Т-с-с! — деді Портос саусағымен ернін басып. — Меніңше, кардиналдың жақтасы болса керек, оның ештеңені білмегені жақсы.
— Олай болса, Бонасье бике жәйлі мәліметті мен-ақ тауып берейін, — деді Арамис.
— Сіз бе, Арамис? — деп үш дос қабаттаса дауыстап жіберді. Қалай табасыз?
— Королеваның духовнигі арқылы, мен онымен өте жақын да едім, — деді Арамис қызарақтап.
Жұпыны түскі асын Арамистің осы уәдесімен бітірген төрт досы сол күні кешке тағы да кездеспек болып тарқасты. Д'Артаньян франциск монастырына қайтып келді, ал, үш мушкетер корольдің ставкасына қарай кетіп қалды, олар о жақтан әлі өздеріне баспана табуы керек еді.
XIII
«ҚЫЗЬІЛ КЕПТЕР ҰЯСЫ» АСХАНАСЫНДА
Жаумен бетпе-бет келгенше асығып, тыным таппаған короли Бекингэмге кардиналдан бетер ош еді, өйткені мұндай өшпенділікке оның себебі де молырақ еді, ең әуелі ағылшындарды Рэ аралынан қуып шығып, Лa-Рошельді қоршауды тездету үшін, ол қажетті бұйрық-жарлықты дереу, қолма-қол бергісі келді. Бірақ оны до Бассомпьер мен Шомбергі бір жақ, герцог Ангулемский екінші жақ болып таласқан алауыздық ұстап қалды.
Бассомпьер мен Шомберг мырзалар Францияның маршалдарм болатын, сол себепті де корольдің тікелей қарауында болып, армияға қолбасшылық етуге правосы бар екенін жария етті; тұтқын Бассомпьер өзінің дін жөніндегі бауырластары — ағылшындар мен шетелдіктерге қарсы мардымды әрекет жасай қоймайды деп қауіптенген кардинал бұл постыға герцог Ангулемскийді ұсынды, бірақ король оны кардиналдың дүмпуімен бас қолбасшының орынбасары етіп тағайындады. Сайып келгенде, Бассомпьер мен Шомбергтің армиядан кетуіне жол бермес үшін, олардың әрқайсысына дербес отрядқа қолбасшылық жасау міндеті жүктелді: Бассомпьер өзіне Лаледен Домпьерге дейінгі солтүстік аймақты, герцог Ашулемский Домпьерден Перьиеге дейінгі батыс аймақты, Шомберг Перьиден Ангутенге дейінгі оңтүстік аймақты алды.
Герцог Орлеанскийдің ставкасы Домпьерде болатын.
Корольдің ставкасы бірде Этреде, бірде Лажарриде болды.
Ал, кардиналдың ставкасына келетін болсақ, ол Тас көпірдің қасындағы құм төбелер ішінде, ешбір бекініспен қорғалмаған бір қарапайым үйге орналасқан еді.
Сонымен, герцог Орлеанский — Бассомпьерді, король — герцог Ангулеммскийді, ал, кардинал — Шомбергті бақылап отыратын.
Содан кейін, әскери күшті орналастыру ісі аяқталған кезде қолбасшыларға ағылшындарды аралдан айдап шығу үшін шаралар қолдана бастады.
Күллі жағдай осындай іске аса қолайлы болып шықты: тамағы тоқ болса, ағылшындар — айтулы солдаттар; бірақ олар бұл кезде тек тұздалған етпен өте нашар сухарьмен ауқаттанып жатқан-ды, міне, осыдан лагерьде ауру көбейді. Мұнымен қатар мұхиттың күллі жағалауында, жылдың осы мезгілінде толқып, буырқанып жататын теңіз күн құрғатпай шағын кемелердің біреуі болмаса біреуін қиратып жатты, сол себепті де Эгильон мүйісінен сонау траншеяларға дейінгі жағалау, әрбір дауылдан кейін, қайықтардың, фелюгалардың және басқа кемелердің сынығынан көрінбей қалатын. Міне, осының бәрінен көпе-кернеу мәлім болған бір жәйт: егер корольдің солдаттары өз лагерінен кетпей қойған күннің өзінде, аралда тек қайсарлығы ұстап, қасарып отырған Бекингэм бәрібір бүгін бе, ертең бе, әйтеуір аралды босатып, тайқып шығар еді.
Алайда, де Туарак мырза: жау лагері жаңа шабуылға әзірленіп шығар деп хабар жібергеннен кейін, король бұл істі біржолата қыдыруға бел байлады да, шешуші шайқасқа шығу жөнінде бұйрық берді.
Осы қоршаудың барысын, егжей-тегжейлі суреттеуді әуелдеп қарастырмаған, өзіміз баяндап отырған тарихқа тікелей қатысы бip оқиғаларды ғана там-тұмдап келтіріп отырған біз, бір сөзбен бірақ қайырсақ, осынау әскери әрекет, корольді аң-таң қалдырып, Кардинал даңқын аспанға асырып, жеңіспен аяқталды. Әрбір қақтығыс , іс кезінде жеңіліс тауып, бір қадамдап, екі қадамдап шегіне бастаған, ал, Луа аралынан өтер жерде түбегейлі талқандалған ағылшындар, соғыс даласында екі мың адамын қалдырып, кемеліне мініп, тайып тұруға мәжбүр болды, сол қалған әскер ішінде бес полковник, үш подполковник, екі жүз елу капитан мен жиырма қаралы текті дворян бар еді, ал, бұған қоса, төрт зеңбірек және Клод де Сен-Симон Парижге әкеліп, Париж Құдай-ана шіркеуінен төбесіне сән-салтанатпен ілінген алпыс жалау тағы бар-ды.
— Құдайға алғыс айтып, дұға қайыру әуелі лагерьде, сосын бүкіл Францияда өткізілді.
Сонымен, енді кардинал уақытша болса да, ағылшын тарапынан еш қауіптенбей, қоршауды емін-еркін жүргізе беруге мүмкіндік алды.
Бірақ, біз әлгіде ғана айтқанымыздай, бұл тек уақытша тыныштық екен.
Герцог Бекингэмнің шабармандарының бірі — Монтегю деген біреу тұтқынға алынады да, сол арқылы Австрия, Испания, Англия мен Лотарингиялар арасында жасырын одақ болып келгені мәлім болды.
Бұл одақ Францияға қарсы бағытталған екен.
Бұл бұл ма, ставкасын өзі ойлағаннан гөрі ертерек тастап кеткен Бекингэмнің орнынан осы одақтың құрылғанын тағы бір рет дәлелдейтін документтер табылған, кардиналдың «Мемуарларында» жазғанына қарағанда, бұл қағаздар де Шеврез ханымға, демек, королеваның өзіне шіркеу түсіреді екен.
Енді бүкіл жауапкершілік кардиналдың мойнына келіп түсті, өйткені ештеңеге жауап бермейтін кісі билеуші министр де бола алмайды. Сол себепті де ол дариядай кен ақылын, бүкіл күші мен жігерін толық жұмсап, Европаның ұлы мемлекеттерінің әрқайсы сында болып жататын зәредей өзгерістердің бәрін қалт жібермей күні-түні жіті бақылап отырды.
Бекингэмнің қайрат-жігері, ең бастысы — өшпенділік күші кардиналға көптен мәлім. Егер Францияға қаһарын тіккен одақ жеңіске жетсе, ол — кардинал, ешкімге ықпал жасай алмас еді: онда испан мен Австрия саясаты Лувр кабинетінен өздерінің тұрақты өкілдерін тауып алар еді де (қазір олардың мұнда бірлі-жарым жақтастары ғана бар-ды), француз министрі, шынтуайттап келген» де, ұлт министрі кардинал Ришельенің көзі жойылар еді. Оған бала сияқты бағынып, оны кәрі мұғалімін жек көретін баладан бетер жек көретін король, кардиналды бұдан қайтсе де жеке бастарының өшін алмақшы болып жүрген інісі мен королеваның қолына берер еді; қысқасын айтсақ, ол сөзсіз опат болар еді, бәлкім, онымен бірақ Франция да опат бола ма, кім білген... Міне, осының бәрінің алдын алу керек-ті.
Сондықтан да Тас кәпірдің қасындағы, кардинал өзіне резиденция етіп алған шағын үйде күн демей, түн демей, шабармандар ауысып, сапырылысып жатты және олардың саны минут сайын өсе берді.
Бұлар — өз риясаларын (киімдерін) дұрыстап та кие алмайтын монахтар-ды, сол себепті де олардың шіркеу кісілері екенін, бірақ соғысқұмар шіркеу кісілері екенін бірден байқауға болатын; бұлар — паж болып киінген әйелдер-тін, бірақ қанша кең шалбар кисе де, олардың бөксесі бұлтылдап, білініп қалатын; ең соңында, бұлар кір-кір, сұңғақ-сымбатты шаруаларды, бірақ бір шақырым жерден олардың текті тұқымнан шыққан кісілер екені бірден танылатын.
Бұдан басқа да, шамасы, жұрт жақтыра бермейтін кісілер де болуға тиіс, өйткені кардиналға қастандық жасалыпты деген сыбыс сыпсыңдап, екі-үш рет елді аралап кетті.
Рас жоғары мәртебелі тақсырдың дұшпандары, сол бір олақ қанішерлерді кардиналдың өзі жалдайды деген сөзді таратып жүрді өйткені қажет бола қалған кезде, өз тарапынан бұл да зорлықшылдық, шараларын қолдануға мүмкіндік алғысы келген көрінеді бірақ ең дұрысы — сол министрдің айтқан сөзіне де, олардың дұшпандарының айтқан сөзіне де сенбеген дұрыс.
Алайда осының бәріне қарамастан, кардинал түнгі серуенге шыға берді, оны өлгенше жамандайтын дұшпандарының өзі кардиналдың ер жүрек кісі екенін жоққа шығармайтын, сонда ол герцог Ангулемскиге маңызды бір бұйрық беру үшін, зәру бір мәселе жөнінен корольмен кеңесу үшін немесе елшілер ішінен мұның өз үйіне, әлдебір себептермен, келіп сөйлесуге болмайтын біреуімен келісу үшін үн қатып, түсі қашып көп жортатын.
Ал, мушкетерлерге келсек, қоршау кезінде жұмысы онша көп болмағандықтан, оларға қатал талап қойылмады да, көңілді күн кешіп жатты. Бұл оларға, әсіресе, біздің үш досымызға оңайға түсті өйткені де Тревиль мырзаға достық қарым-қатынас жасап жүргесін, ол кісіден лагерьге кешігіп қалуға, онда шам сөнгеннен кейін келуге арнайы рұқсат алып жүрді.
Әлхисса, бір күні кешкілік, д'Артаньян траншеяға қарауылға тұрып, бұларға қосыла алмай қалған кезде, Атос, Портос, Арамис үшеуі әскери аттарына мініп, жорық плащтарына оранып алып, осыдан екі күн бұрын, Лажарри жолының бойынан Атос тап болып қалған, «Қызыл кептер ұясы» деген шарапханадан қайтып келе жатты. Сонымен, олар жолай сәт сайын бір тосқауылға ұрынып қаламыз ба деп сақтанып келе жатқанда, кенет Буанар деревнясына ширек лье жер қалғанда, ат тұяғының дүбірін есітті. Үшеуі дереу жүре жол ортасына иін тіресіп тоқтай қалды. Бір минуттен кейін, бұлттан шыққан ай жарығымен, олар жол бұрылысынан өздеріне қарай беттеп келе жатқан қос салт аттыны көрді, бұларды байқағасын олар да ат басын тарта берді, шамасы, ілгері жүре береміз бе, әлде кейін қайтамыз ба деп кеңесіп жатса керек.
Олардың бұлай кідірістеп, күмілжіп қалғаны үш досқа бір түрлі күдікті болып көрінді де, Атос тебініп, бірнеше қадам ілгері шығып;
— Келе жатқан кім? — деді өктемси дауыстап.
— Ал, сіздер кім боласыз? — деді салт аттылардың біреуі өз тарапынан.
— Бұл — жауап емес! — деді Атос дауласып. — Келе жатқан кім? Айтыңдар, әйтпесе, атамыз!
— Ойнамаңыз, мырзалар! — деді сонда бір өктем дауыс, шамасы, ол әмір беріп дағдыланып қалған кісі болса керек.
Бұл шамасы, түнделетіп тексеріп жүрген аға офицерлерді бірі болса керек, — деді Атос жәйімен. — Не істейміз, мырзалар?
Сіздер кімсіздер? — деді әлгі өктем дауыс. — Айтыңдар, әйтпесе, осы мойынсұнбағаныңызға кейін өкінетін боласыз.
Король мушкетерлеріміз, — деді Атос, ол сұрау беріп тұрған кісінің сұрауға праволы екеніне көзі кәміл жетіп.
— Қай ротадансыз?
— Де Тревильдің ротасынанбыз.
— Белгіленген жерге жақындап келіп, осындай беймезгіл уақытта, бұл арадан не бітіріп жүргеніңізді маған айтып беріңіз.
Үш дос менменсіп, шалқая бермейін дегендей жақындап келді, өйткені үшеуі де өздерінен құдіреттірек кісімен сөйлесіп тұрғанын енді анық білді; онымен Атос тіл қатыспақ болды.
Екі салт аттының біреуі — екінші болып сөйлегені — серігінен он қадамдай ілгері тұр екен. Атос, Портос пен Арамиске артта қала беріңіз, деген белгі беріп, жалғыз өзі оған таяу келді.
— Офицер мырза, ғафу өтінемін, біз кіммен сөйлескенімізді білмей қалдық. Әр нәрсеге даяр екенімізді өзіңіз де көріп тұрсыз, — деді Атос.
— Атыңыз кім? — деді офицер, ол плащымен бетін жартылай бүркеп алыпты.
— Дегенмен, сударь, менің аты-жөнімді сұрауға праволы екеніңізге бір дәлел келтірсеңіз, — деді Атос өзін бірден тергей бастағанына шамданып.
— Атыңыз кім? — деді салт атты сұрауын қайталап, ол капюшонын көтеріп, бетін ашты.
— Кардинал мырза! — деді мушкетер таң қалып.
— Атыңыз кім? — деп үшінші рет қайталады кардинал.
— Атос, — деді мушкетер.
Кардинал серігін ишаратпен қасына шақырды, анау дереу жетіп келді.
— Мына үш мушкетер бізге еріп жүреді, — деді кардинал бәсең. — Лагерьдегілер менің о жақтан кетіп қалғанымды білмей-ақ қойсын, егер бұлар бізбен бірге жүрсе, мұны ешкімге айтпайтынына кәміл сенеміз.
— Біз дворяндармыз, шапағатты мырза, — деді Атос. — Бізден ауызша серт алсаңыз, қам жемей-ақ қоюыңызға болады. Құдайға шүкір, біз құпия сырды сақтай білеміз!
Кардинал қырағы көзімен, тілдесіп тұрған батыл жігітке бір қаpaп қойды.
— Атос мырза, сіз аса саққұлақ екенсіз, — деді кардинал,- енді менің өзіңізге айтар сезімді тыңдаңыз. Мен сізді қасыма ертіп жүр деп өтінгенде, сізге сенбегендіктен айтып тұрған жоқпын, - солай етіңіз дегенде өзімнің қауіпсіздігімді ойлап тұрмын. Сіздің серіктеріңіз, әрине, Портос мырза мен Арамис мырза шығар?
— Иә, жоғары мәртебелі тақсыр, — деді Атос.
Сол мезетте, осы уақытқа дейін артта тұрған екі мушкетер қалпақтарын қолына алып, жақындай берді.
— Мен сіздерді білемін, мырзалар, — деді кардинал,: —білгенде қандай! Сіздердің менің достарымның қатарына қосылмайтындарыңызды білемін, өз басым соған қатты налимын. Бірақ сонымен бірге, мен сіздердің батыр да адал ақсүйек екендеріңізді, өздеріңізге кәміл сенуге болатынын да жақсы білемін... Сонымен, Атос екі серігіңізбен қасыма еріп жүріп, бір құрмет көрсетсеңіз, сонда, егер кездестіре қалсақ, тіпті ұлы ағзамның өзі қызғанып қызығатын күзет менің жанымда болмақ.
Мушкетерлердің үшеуі бірдей басын аттарының жалына жеткенше иіп, тәжім етті.
— Ар-намысыммен ант етейін, жоғары мәртебелі тақсыр, — деді Атос, — бізді өзіңізбен бірге алғаныңыз жөн болды. Жолай біз бірнеше қауіпті кісілермен кездестік, солардың төртеуімен «Қызыл кептер ұясында» жанжалдасып та қалдық.
— Жанжалдасып? Не үшін жанжалдасып қалдыңыздар мырзалар? — деді кардинал. — Менің жанжалды суқаным сүймейтінін білесіздер ғой!
— Міне, сол себепті де болған іс жәйін, нар тәуекел деп, сіздің қаперіңізге салып қоюға бел байладым, мәртебелі тақсыр. Әйтпесе, сіз ол жанжал туралы өзге кісілерден хабарланып, оқиғаны дұрыс айтпағасын, бізді кінәлі деп қалуыңыз мүмкін еді.
— Ол жанжалдың аяғы немен бітті? — деді кардинал қабағын түйіп.
— Менің сіздің алдыңызда тұрған досым Арамистің қолын шпагамен жеңіл жаралап кетті, егер сіз, жоғары мәртебелі тақсыр, шабуылға шық деп бұйрық берсеңіз, ол жарасына қарамай күні ертең алға ұмтылады, оған өзіңіздің көзіңіз жетеді, мәртебелі тақсыр.
— Бірақ сіздер өздеріңізді шпагамен шапқызып қойып, қол қусырып қарап тұра беретін кісі емессіздер ғой, — деді кардинал бұған қоса дау айтып. — Кәне, мырзалар, ештеңені бүкпеңіздер: олар келе жатқанда, бәлкім, сіздер де жауап берген шығарсыздар? Маған ағынан жарылыңыздар — күнәні кешіруге менің де праволы екенімді білесіздер ғой.
— Шарапатты мырза, — деді Атос, — өз басым шпагаға қолымды да тигізген жоқпын, дұшпанымды тік қапсыра ұстап алып, терезеден лақтырып жібердім... Құлап бара жатқанда сол жазған аяғын сындырып алды ғой деймін, — деді Атос сәл ғана күмілжіп.
Aha! — деді кардинал. — Сізге ше, Портос мырза?
— Шарапатты мырза, жекпе-жекке тыйым салынғанын білемін ғой, сол себепті де, әлгі қарақшылардың біреуін орындықпен салып жібердім, шамасы, оның иығы салдырап қалса керек.
— Солай ма...— деді кардинал. — Сіз ше, Арамис мырза?
— Шарапатты мырза, мен өзім өте момын адаммын, оның үстіне монах болуға әзірленіп жүрген жайым бар, ол жай сізге, жоғары мәртебелі тақсыр, әлі бимәлім шығар. Сондықтан да мен жолдастарыма басу айтып, жібермей тұрғанмын, кенет әлгі сұмдардың біреуі байқаусызда сол қолымды шпагамен осып жібергені. Сол-ақ екен, менің де шыдамым таусылды, анау маған қайта ұмтылған кезде, шпагамның ұшына күллі денесімен өзі келіп ұрынған сияқты болып көрінді. Жағдай тап осылай болды ма, әлде болмады ма о жағын анық білмеймін, бірақ оның құлап түскенін өз көзіммен көрдім, шамасы, екі жолдасымен бірге, оны да көтеріп алып кетті ғой деймін.
— Шайтан алсын, — деді кардинал, — шарапханадағы шатақтың әлегінен үш адам қатардан шыққан. Иә, мырзалар, сіздер ойын көтермейді екенсіздер. Жанжалдың өзі неден шықты?
— Сол сұмырайлардың өзі шеттерінен мас екен. Олар кешқұрым мейманжайға бір әйелдің келіп түскенін көреді де, оның бөлмесіне күшпен бұзып кірмекші болады.
— Бұзып кірмекші? — деді кардинал қайталап. — Сонда не мақсатпен кіреді?
— Менің байқауымша, әйелді зорламақ болған тәрізді, — деді Атос. — Мен сізге, жоғары мәртебелі тақсыр, ол сұмырайлар шеттерінен мас болатын деп айттым білем.
— Және ол әйел әрі жас, әрі сұлу шығар? — деді кардинал сәл ғана мазасызданып.
— Біз оны көрген жоқпыз, шарапатты мырза, — деді Атос.
— Ах сіздер, оны көрген жоқсыз ба? Е, тамаша болыпты! — деді кардинал жадырап. — Әйел намысын қорғағандарыңыз жақсы. Міне, мен де «Қызыл кептер ұясына» бара жатырмын, сіздер айтқан жәйттің дұрыс-бұрыстығын сонда барғасын естимін ғой.
— Шарапатты мырза, — деді Атос тәкаппарси, — біз — дворянбыз, ажалдан аман қалу үшін де біз өтірік айта алмаймыз.
— Иә, мен сіздердің сөзіңіздің рас екеніне шүбә келтірмеймін, Атос мырза, тіпті де шүбәланбаймын... Дегенмен, айтыңызшы, әлгі әйел жалғыз ба екен? — деді ол әңгімені өзгерту үшін.
— Әйелмен бірге бөлмеде тағы бір еркек болған, — деді Атос, — бірақ айқай-шуға араласпай бұғып қалғанына қарағанда, қорқақ болса керек.
— «Жаңсақ сөйлеме» деген інжілде, — деді кардинал оны құптамай.
Атос иіліп ізет көрсетті.
— Ал, енді мырзалар, жетті, — деді кардинал сөзін жалғап. — Мен білгім келген жәйттерді білдім. Енді соңымнан еріңіздер.
Үш мушкетер кардиналды ілгері жіберді; ол бетін капюшонмен қайта бүркеді, сосын атына тақым басып, қасындағы төрт серігіне тоғыз-он қадамдай ілгері шығып, жүріп кетті.
Ұзамай осы шағын отряд бір асханаға келді, оның іші жым-жырт, қаңырап қалған тәрізді: қожайын: шамасы, өзіне әйгілі кісінің келетінін біліп, әбден ығыр еткен қонақтарын күні бұрын шығарын салған сияқты.
Есікке он қадамдай қалған кезде кардинал әз серігі мен мушкетерлерге тоқта деген белгі берді. Біреудің ерттеулі аты терезе қақпасына байлаулы тұр; кардинал шартты белгімен қақпақты үш peт қақты.
Плащына оранып алған бір кісі үйден атып шығып, кардиналмен қысқа-қысқа сөйлесті де, атына қарғып мініп, Сюржерге апаратын жолмен шауып ала жөнелді ол жол Парижге де апаратын.
— Бері таман келіңіздер, мырзалар, — деді кардинал. — Сіздердің сөзіңіз рас екен, мушкетер мырзалар, — енді ол үш досқа қарап сөйледі, — біздің бүгінгі кездескеніміз сіздерге пайдалы болмақ, өйткені менің қолымда билік бар. Ал, әзірше, менің сонымнан жүріңіздер.
Кардинал атынан түсіп еді, мушкетерлер де аттарынан түсті; кардинал тізгінін серігіне лақтыра салды; үш мушкетер аттарын қақпаға байлады.
Шарапханашы есік алдында тұр — кардинал ол үшін әйелмен дидарласуға келген қарапайым офицер-ді.
— Мына мырзалар мені күтіп камин алдында отыра тұратындай, төменде бір бөлме жоқ па екен? — деді кардинал.
Шарапханашы үлкен бөлменің есігін аша берді, әлгі бір әзірде ғана тұрған жаман қаңылтыр пеш орнына, кереметтей бір үлкен камин қойыпты.
— Міне, мына бөлме, — деді ол.
— Жарайды, — деді кардинал. — Мырзалар, мына бөлмеге кіріп, күте тұрыңыздар, мен сіздерді тек жарты сағат қана күттіремін.
Сөйтіп, үш мушкетер төменгі қабаттағы бөлмеге келіп кіргенше, кардинал енді қайтып ешбір сауал бермей, басқышпен екінші қабатқа жедел басып, көтеріліп бара жатты. Ол жолды жақсы білетін сияқты.
XIV
ПЕШ МҰРЖАСЫНЫҢ ПАЙДАСЫ ТУРАЛЫ
Біздің үш досымыздың, өздері де ештеңені аңғармай әйтеуір ер-серілерге тән жөн-жоралғыны ұстанып, батырлықтарына басып, кардинал өзінің қанатының астына алып, қамқорлық жасай жүрген жанға жақсылық жасағаны ә дегеннен мәлім болды.
Бірақ сол кісі кім екен? Үш мушкетер ең алдымен өздеріне осы бip сұрақты қойды. Сосын қанша жорамал-болжам жасағанымен, ешқайсысына көңілдері толмағасын, Портос қожайынды шақырып алып, ойын сүйегін әкеліп бер деп әмір етті.
Портос пен Арамис стол басына отырып, ойнай бастады. Атос ойға шомып, бөлме ішін жәйімен кезіп жүрді.
Әлгі бір ойы қамап, сенделіп жүргенде Атос жартылай бұзылған пеш мұржасының қасынан әрлі-берлі талай рет өткен; мұржаның төбесі жоғары қабаттағы бөлмеге шығады екен. Сол араны жанай өтіп жүргенде ол әлденеше рет біреулердің сөйлескен көмескі даусын естіген, енді соған көңіл бөлейін деді. Атос жақындап келіп бірнеше сөздерді тіпті анық естіді, бұл сөздер оған аса маңызды болып көрінді де, ол жолдастарына үндемеңіз деп белгі берді, сосын өзі сәл еңкейіп, мұржаның төменгі жағына құлағын тосып, үнсіз тұрып қалды.
— Миледи, тыңдаңыз, бұл — өте маңызды іс. Бері келіп отырыңыз, сөйлесейік, — деді кардинал.
— Миледи! — деді Атос сыбырлап.
— Мен сізді бар ықылас-ынтаммен тыңдап отырмын, жоғары мәртебелі тақсыр, — деді бір әйел даусы, соны естігенде мушкетер селк ете қалды.
— Капиталы маған жан-тәнімен берілген, командасы ағылшындардан тұратын бір шағын кеме сізді Шарантаның құярлығындағы Ла Пуэит фортында күтіп тұрады. Ол ертең ертеңгілік зәкірін көтереді.
— Ендеше, ол жаққа мен бүгін кешке шығып кетуім керек пе?
— Тап қазір, менен қажетті нұсқау алғаннан кейін жүріп кетесіз. Осы үйден шыққасын, есік алдында тұрған екі адамды көрсетті олар сізді жол бойы күзетеді. Мен бірінші болып шығамын. Сіз жарты сағаттай кідіріп барып шығасыз.
— Жарайды, шарапатты мырза. Енді сіздің маған беретін тапсырмаңызға көшелік. Мен бұдан былай да, жоғары мәртебелі тақсыр, сіздің сеніміңізге лайық болғым келеді, сол себепті де кездейсоқ бір қатеге ұрынып қалмас үшін, маған осынау тапсырмаңызды дәлме-дәл, анықтап айтып беруіңізді сұраймын.
Сөйлесіп отырған екеу бір минуттей үнсіз отырып қалды; шамасы, сол сәтте кардинал не айтатынын ойша өлшеп-пішіп, ал, миледи болса, оның айтқанын бұлжытпай қағып алып, жадына сақтап қалу үшін іштей әзірлік жасап отырған тәрізді.
Атос осы үзілісті пайдаланып, жолдастарынан есікті іштен бекітіңіздер деп өтінді, сосын ишарат жасап қасына шақырып алды да, сөзді бәрі бірге тыңдамақ болды.
Жайғасып отыруды жақсы көретін екі мушкетер өздеріне және Атосқа арнап орындық әкелді. Үшеуі бастарын түйістіріп, құлақтары елеңдеп, жайласып отырысты.
— Сіз Лондонға барасыз, — деді кардинал сөзін жалғап. — Лондонда Бекингэмге кіресіз...
— Жоғары мәртебелі тақсыр, сізге ескерте кететін бір жәйт — деді миледи сөз арасында, — алмас алқа оқиғасынан кейін, шарапатты мырза маған сенуден қалған, өйткені герцог сол оқиғаға менің тікелей қатысым бар деп есептейді.
— Бірақ тап осы жолы, — деді кардинал оған қарсы дәлел айтып, — мәселе герцогтің сеніміне енуіңіз жәйлі болып отырған жоқ қайта ара ағайын — делдал ретінде оған ақ көңіл, адал ниетпен ашықтан-ашық баруыңыз жәйлі болып отыр.
Адал ниетпен, ашықтан-ашық... — деді миледи болмашы бір шүбәлі үнмен оның сөзін қайталап.
Иә, адал ниетпен, ашықтан-ашық, — деді кардинал бұрынғы сарынмен. — Осы келіссөздердің бәрі ашықтан-ашық жүргізілуге тиіс.
— Жоғары мәртебелі тақсыр, мен сіздің нұсқауларыңызды бұлжытпай орындаймын және оны тыңдауға әзірмін.
— Сіз Бекингэмге менің атымнан барасыздағы, оған герцогтің күллі әзірлік шараларының маған түгелдей белгілі екенін және олардан менің қысылып-қымтырылмайтынымды әдемілеп айтып бересіз: егер ол ойға алғанын орындау үшін бір қадам жасаса болды мен королеваның көзін жоямын.
— Жоғары мәртебелі тақсыр, сіздің осы қоқан-лоққыңызды жүзеге асыру қолыңыздан келетініне ол сене қояр ма екен?
— Ия, қолымнан келеді, өйткені бұлтартпас дәлелдерім бар.
— Сол дәлелдерді оған көрсете алатын болсам және ол сол дәлелдерге лайық бағасын берсе.
— Әлбетте. Сіз оған коннетабльдің әйелі бал-маскарад берген күні сол ханымның бөлмесінде герцогтің королевамен кездескені туралы Буа-Робер мен маркиз де Ботрюдің құпия хабарын жариялайтынымды айтасыз. Ал, оның көңілінде ешбір шүбә қалмас үшін, сіз оған оның сол кешке Ұлы Моголдың костюмін киіп келгенін, ал, ол костюмді сонда кавалер де Гиз киіп бармақ болғанын, бірақ оны Герцог үш мың пистольге де Гизден сатып алғанын баяндайсыз.
— Құп болады, шарапатты мырза.
— Оның сарайға қалай кіргені, сосын қалай шыққаны, уақ-түйек жәйттеріне дейін маған бес саусағымдай белгілі, ол сарайға сәуегей-итальян болып киініп кірген-ді. Менің қолымдағы мәліметтердің растығына көзін біржолата жеткізу үшін, сіз оның плащ ішінен өн бойын жылтырауық қара дақ пен аша сүйекті қубас таңбалары басылған ақ көйлек кигенін айтасыз, өйткені оқыс бір жағдай туа қалса, ол өзін Ақ Бибі аруағының елесі етіп көрсетпек болды, ал, Ақ Бибі елесінің маңызды оқиға алдында Луврден көрінетіні жұрттың бәріне мәлім ғой...
— Осымен біттіңіз бе, шарапатты мырза?
— Оған тағы да менің Амьенде болған хикаяның басынан аяғына дейін түгел білетінімді және сол оқиғаны бау-бақшасымен,түнгі сахнаға қатысқан кісілердің дәл портреттерімен қоса бір шағын роман түрінде жаздыратынымды жеткізесіз.
— Мен оған мұны да айтайын.
— Бұған қоса сіз оған Монтегю менің қолымда екенін, Монтегюдің Бастилияға қамалғанын, рас, оның бойынан ешқандай хат-қағаз таппасақ та, азапқа салғаннан кейін, амалсыздан білетінін де ... тіпті білмейтінін де айтып қоятынын баяндап берерсіз.
— Керемет!
Ал, енді ең соңында, герцог Рэ аралынан асығыс қашып бара жатып, өз пәтерінде де Шеврез ханымның бір хатын ұмытып тастап кетіпті, ол — королеваны аяусыз қаралайтын хат, өйткені ұлы ханым корольдің жауларын жақсы көріп қана қоймайды екен, оның үстіне тіпті Францияның жауларымен бірге заговорге қатысады екен. Менің айтқандарымды сіз жадыңызға түгелдей тоқып алдыңыз ғой, солай ма?
— Жоғары мәртебелі тақсыр, өзіңіз сынап көріңіз, коннетабль зайыбының үйіндегі бал, Луврдегі түн, Амьеидегі кеш, Монтегю қамау, де Шеврез ханымның хаты.
— Дұрыс, өте дұрыс. Сіз өте зейінді жансыз, миледи.
— Бірақ осы дәлелдердің бәріне қарамастан, герцог қасарысып Францияға бұрынғыша қауіп төндіре берсе қайтемін? — деді әйел кардинал жылы лебіз білдіргесін.
— Герцог есуас кісі сияқты, дұрысын айтсам, тіпті ақымақ кісі сияқты ғашық болып қалған, — деді Ришелье күйінішті дауыспен. — Ескі дәуірдің, паладиндері сияқты, ол өз ғашығының назарын аудару үшін осы соғысты бастады. Егер осы соғыс, оның өзі айтқандайын, жан-жүрегі билеушісінің ар-намысына ғана емес, еркіндігіне де нұқсан келтіретін болса, ол осы соғысты бұдан әрі созбас бұрын, ең әуелі жақсылап бір толғанып алатынына жаным кәміл.
— Дегенмен ол қасарысып иілмей қойса қайтемін? — деді миледи шұқшиып, қайтсе де жүктелген тапсырманы әбден анықтап алмақ болып.
— Егер ол қасарысып иілмей қойса? — деді кардинал қайталап. — Олай етуі мүмкін емес.
— Солай етуі мүмкін
— Егер ол қасарысып иілмей қойса... — Кардинал біраз үндемей қалып, қайта сөйледі: — Егер ол қасарысып, иілмей қойса, онда мен мемлекеттің бет-пішінін өзгертетін оқиғалардың бірі болды ғой деп үміттенемін.
— Егер сіз, жоғары мәртебелі тақсыр, осындай оқиғалар жөнінен бір тарихи мысалдар келтірсеңіз, бәлкім, мен сонда сіздің сеніміңізге қосылар едім, — деді миледи.
— Міне, ендеше сізге бір мысал келтірейін, — деді Ришелье. 1610 жылы атыңнан айналайын король Генрих Төртінші, осы герцог сияқты пиғылға бой алдырып, Австрияны екі жағынан бірдей соққылау үшін, бір мезгілде Франция мен Италияға басып кірмек болған кезде, — Австрияны сол бәледен құтқарған оқиға болмап па еді? Сонда императордың жолы болғаны сияқты, енді Франция королінің жолы неге болмасқа?
— Жоғары мәртебелі тақсыр Мысшылар көшесінде сілтенген қанжар жөнінде айтып отырған болар?
— Әбден дұрыс айттыңыз.
— Мәртебелі тақсыр, Равальякті2 дарға асу, бір сәтке болса да, соның жолын қууды ойлаған кісілерді қорқытып, жүрегін шайлықтырып тастайды деп қауіптенбейсіз бе?
— Әр заманда, әрбір мемлекетте, әсіресе, сол мемлекеттер діни алауыздықтан жауығып жатса, азап-тозаққа басын байлайтын фанатиктер әманда табылады. Және білесіз бе, пуритандардын герцог Бекингэмге қатты ызаланып, өшігіп жүргені, олардың уағызшылары герцогті, дінсіз деп атайтыны осы тап қазір ғана есіме түскені.
Онда не тұр? — деді миледи.
Онда тұрған мәселе, — деді кардинал енжар үнмен сөзін жалғап, мысалы, өзін қорлағаны үшін герцогтан өш алуды аңсаған бір жылпос, сұлу жас әйелді тапсақ іс бітіп жатыр. Ондай әйелді табу қиын емес: герцогті әйелдер өте жақсы көреді, ол: мәңгі сіздікпін деп талай әйелдерді көңілдес етсе, құбылмалы тұрақсыздығымен талай әйелдің жүрегіне өшпенділік отын жаққаны күмәнсіз.
Әрине, ондай әйел табылады, — деді миледи салқын дауыспен.
Ендеше, сондай әйел өжет бір фанатиктің қолына Жак Клеманның немесе Равальяктің қанжарын ұстатса, Францияны азат етер еді.
Ия,бірақ ол кісі өлтірушінің сыбайласы болып шығар еді.
Пәле, Равальяктің немесе Жак Клеманның сыбайластарының есімі жария болған ба?
Жоқ. Бәлкім, олар жоғары дәрежелі кісілер болған шығар, ал ондай кісілерді әшкерелеуге жұрттың жүрегі дауаламайды ғой. Кім көрінгенге бола сот палатасын өртемейді ғой, шарапатты мырза?
Сіз немене, сот палатасының өртенуін кездейсоқ нәрсе емес деп ойлайсыз ба? — деді Ришелье, ешбір мән-маңызы жоқ, қарапайым сауалды бере салған кісідейін енжар сөйлеп.
Менің өз басым, шарапатты мырза, ештеңені де ойламайтын жанмын, — деді миледи. — Мен тек фактіні ғана келтірдім. Егер мен мадемуазель де Монпасье немесе королева Мария Медичи болсам, тап қазір қатардағы леди Клариктей емес, азырақ сақтанған болар едім.
— Сіз әділін айттыңыз, — деді Ришелье онымен келісіп. — Сонда сіз не қылар едіңіз?
Мен, Францияның игілігіне бола не істесем де, соны күн ілгері қолдайтын бұйрық қағазды алғым келер еді.
Бірақ ең әуелі, әлгіде өзім айтқандай, герцогтан кегін қайтаруды аңсайтын әйелді табу керек. - Ол әйел табылған.
Сосын тәңірінің әділ сотының қаруы қызметін атқаратын жексұрын фанатикті таппақ керек.
Ол да табылды.
— Тек сонда ғана өзіңіз сұраған бұйрықты алатын уақыт келеді.
Сіз дұрыс айтасыз, жоғары мәртебелі тақсыр, — деді миледи, маған сенім көрсетіп, жүктеп отырған тапсырмаңыз ақиқат тірліктегі шын мәнімен шектеліп қана қоймайды ғой деп ойлап, қателесіп кетіппін. Хош, сонымен, шарапатты мырзаға мына төмендегі жәйттерді айтуым керек: коннетабльдің әйелі өткізген маскарадта оның киім ауыстырып, королеваға қалай келгені сізге бүге-шігесіне дейін мәлім: королеваның Лувр сарайында итальян астрологімен кездескені және оның тек герцог Бекингэм екені жөнінде сіздің қолыңызда айғақты дәлелдер бар; және сіз Амьендегі хикая жөнінде, сол хикая болған бау-бақша мен оған қатысқан кісілердің портреттерін суреттеп, қызғылықты бір роман жазуға әмір еттіңіз ал Монтегю Бастилияда қамауда, қинап-азаптағаннан кейін ол жадында сақталған тіпті ұмытып қалған жәйттердің өзін айтуға мәжбүр болады; ең соңында, сіздің қолыңызға де Шеврез ханымның шарапатты мырзаның үйінен табылған бір хаты келіп түскені ол хат оны жазған ханымды ғана емес, сонымен бірге сол хатты өз атынан жаздырған кісіні де қаралайды. Содан кейін, егер герцог осы айтылғандардың бәріне қарамастан, бұрынғыша қасарысып, иілмей қойса, онда менің тапсырмам осымен шектелетін болғандықтан да, мен құдайдан Францияны құтқаратын бір ғаламат жаса деп жалбарынып сұраймын-дағы. Айтылғанның бәрі осы ғой жоғары мәртебелі тақсыр, енді маған қосымша ештеңе жасаудың керегі жоқ болар?
— Иә, сол, — деді кардинал шытынып.
— Ал, енді... — кардиналдың өзгеше үнмен сөйлей бастағанын сезбеген кісідей-ақ, миледи сөзін жалғай берді, — ал, енді, жоғары мәртебелі тақсыр, өзіңіздің ата жауларыңыз жәйлі нақты нұсқалар алғаннан кейін, менің өз жауларым жәйлі бірер сөз айтуыма рұқсат етпес пе екенсіз?
— Хош, сіздің жауыңыз бар ма еді?
— Иә, шарапатты мырза, сол жауларға қарсы күресте сіз мені күллі әдіс-айлаңызбен қолдауға тиістісіз, өйткені ол жауларды сіздің, жоғары мәртебелі тақсыр, қызметіңізде жүріп таптым.
— Олар кімдер?
— Біріншіден, ұсақ саудагер Бонасье деген әйел.
— Ол Мант түрмесінде.
— Дәлірек айтсақ, ол әйел сонда болған, — деді миледи, — бірақ королева корольден жарлық алып, соның көмегімен оны монастрырьге жіберген.
— Монастырьге?
— Иә, монастырьге.
— Қай монастырьге?
— Білмеймін, ол айтылмайтын құпия көрінеді.
— Мен ол сырды ашамын!
Сосын, сіз жоғары мәртебелі тақсыр, ол әйелдің қай монастырьде жатқанын маған айтасыз ба?
— Оған ешқандай бөгет жоқ деп ойлаймын.
— Жақсы... Бірақ менің әнебір мүсәпір Бонасье бикеден әлде қайда қауіптірек тағы біp жауым бар.
— Ол кім?
— Сол әйелдің көңілдесі.
— Оның аты кім?
— О, жоғары мәртебелі тақсыр, сіз оны жақсы білесіз! — деді миледи ызалана дауыстап. — Ол — сіз бен біздің бітіспес дұшпанымыз; ол әлгі король мушкетерлері, мәртебелі тақсыр, сіздің гвардияшыларыңызбен шекісіп қалғанда, соның көмегімен жеңіп кететін адам, ол әлгі сіздің шабарманыңыз де Вардты шпагамен үш рет түйреп, алмас алқа ісін болдырмай тастаған адам; ол ең ақырында Бонасье бикені менің ұрлағанымды біліп, мені өлтірем деп ант-су ішкен адам.
— А-а... — деді кардинал даусын созып. — Сіздің кімді айтып отырғаныңызды білдім.
— Мен әлгі д'Артаньян деген сұмырайды айтып отырмын. Ол өзі батыл жігіт. Одан сол себепті де қауіптену керек.
— Оның Бекингэммен жасырын байланысын дәлелдейтін айғақ тапсақ...
Айғақ! — деді миледи дауыстап. — Мен ондаған дәлелді бірден тауып берейін.
— Олай болса, одан оңай ештеңе жоқ: сол айғақтарыңызды маған әкеліп тапсырыңыз, сосын мен оны Бастилияға отырғызамын.
— Құп делік, шарапатты мырза, сосын не болады?
— Бастилияға бір түскен адамда «сосын» деген сөз болмайды, — кардинал даусын бәсеңдетіп. — Ах, шайтан алғыр-ай, — деді кардинал сөзін сабақтап, — егер мен сізді жауларыңыздан оп-оңай құтылатын болғаным сияқты, өз жауларымнан да оп-оңай құтылатын болғам не әлгідей кісілерге қарсы ешбір жаза тартпай, емін-еркін әрекет жасау жайлы сіз менен рұқсат сұрағаныңыз сияқты, мен де рұқсат сұрасам, шіркін!
— Шарапатты мырза, ендеше қанға — қан, жанға — жан: сіз мына кісіні беріңіз, мен сізге ана кісіні берейін, — деп миледи қолма-қол бір ұсыныс жасады.
— Сіздің не айтайын деп тұрғаныңызды білмеймін және білгім келмейді, бірақ мен сізге бір жақсылық жасағым келеді, мұның үстіне, сол сияқты шірікті қалап отырған өтінішіңізді орындамайтындай маған сонша не болыпты және сіздің айтуыңызға қарағанда, оның өзі ойнасқор, жанжалқой, опасыз біреу сияқты ғой.
— Қарапейіл арам адам, шарапатты мырза, өте арам адам.
— Маған қағазды, қалам мен сия сауытты беріңізші.
— Мінекиіңіз, шарапатты мырза.
Бip сәт жым-жырт тыныштық орнады, шамасы, кардинал не жазатынын ойлап немесе ойлағанын жазып отырса керек. Бір сөзін қалдырмай, күллі әңгімені түгел естіген Атос жолдастарын қолынан ұстап, бөлменің екінші жағына апарды.
Түһ, саған не керек осы, әңгіменің аяғын неге тыңдатпайсың - деді Портос қонқылдап.
— Тс-с! — деді Атос сыбырлап. — Біз өзімізге қажет нәрсенің бәрін білдік. Ал, әңгімені түгел тыңдаймын десеңіздер, сіздерге кедергi жасамаймын, бірақ менің дереу кетуім керек.
— Сенің кетуің керек? — деді Портос қайталап. — Ал, кардинал сұрай қалса, не деп жауап береміз.
Оған мені сұратпай-ақ, өздеріңіз: қожайынның кейбір тиіп-қашып айтқан сөздерінен күдіктеніп, жол үсті алмағайып қауіпті болғасын, шолғыншы ретінде ілгері кетті деп айтыңыздар. Оған қоса мен бұл жайтты кардиналдың атқосшысына да сездіремін. Ал, қалғаны өз ісім, сен оған қам жемей-ақ қой.
— Атос, абай болыңыз! — деді Арамис.
— Алаңдамаңыздар. Менің ұстамды екенімді өздеріңіз де білесіздер ғой, — деді Атос.
Портос пен Арамис қайтадан пеш мұржасының түбіне барып отырысты.
Ал, Атос болса, жұрттың көзінше, терезе қақпағының бастырмасына достарының аттарымен бірге байлаулы тұрған атын шешіп алып, кардиналдың қосшысына қайтар жолды бір шолу қажет екенін аз сөзбен түсіндірді, сосын пистолетін әдейі шұқшия тексеріп қатерлі тапсырманы өз еркімен орындауға аттанған солдат сияқты, лагерьге баратын жолға түсіп, жүріп кетті.
XV
ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР КӨРІСКЕНДЕ
Атос дұрыс болжаған екен, кардинал көп кідірмей төменге түсті; ол мушкетерлер кірген бөлменің есігін ашып, Портос пен Арамистің құмарлана сүйек ойнап отырғанын көрді. Бөлмені көзімен жүгірте шолып шықты да, бір күзетшісінің жетпейтінін білді.
— Атос мырза қайда кетті? — деді ол.
— Шарапатты мырза, — деді Портос, — ол шолғыншы болып ілгері кетті. Қожайынымыздың тиіп-қашып айтқан кейбір сөздеріне қарап, ол жол бойы қатерлі болар деп күдіктенді.
— Ал, сіз не істедіңіз, Портос мырза?
— Мен Арамистен бес пистоль ұтып алдым.
— А, олай болса, менімен бірге кері қайтыңыздар.
— Біз сіздің қызметіңізге әзірміз, жоғары мәртебелі тақсыр.
— Ендеше, атқа қоналық, мырзалар, уақыт кеш.
Қосшысы есік алдында кардиналдың атын тізгінінен ұстап тұр екен. Әрегіректе, қараңғыдан екі адам үш аттың сұлбасы көрінеді; бұл әлгі миледиді Ла Пуант фортына шығарып салып, сол аралдан оны кемеге отырғызып жіберетін кісілер еді.
Атқосшы екі мушкетердің Атос жөнінде айтқан әңгімесін растай берді. Кардинал мақұлдап басын изеп, асханаға кірердегі сақтығын тағы бір қайталап, жолға шықты.
Әлхисса, сол қосшысы мен екі мушкетердің күзетінде, лагерьге қарай жүре берсін, біз енді Атостың жайына келейік.
Атос әуелі, жүз қадамдай жерге дейін, жәй аяңдап барды да, өзін ешкім көрмейтініне көзі жеткен соң, оңға қарай бұрылып, айналма жолмен кейін қарай шаба жөнелді, сосын жолдан жиырма қадамдай жердегі тоғай арасына жасырынып тұрып, жолаушылардың өтіп кетуін тосты. Өз жолдастарының делдиген қалпақтары мен кардинал плащының алтын оқалы, шашақты жиегін көріп, cалт аттылар жол бұрылысынан көрінбей кеткенше күтіп тұрды да, содан кейін асханаға қайта шауып келді, оны ішке бірден бөгетсіз кіргізді.
Қожайын оны ә дегенше таныды.
— Менің бастығым екінші қабатта тұратын әйелге бір маңызды нәрсені айтуды ұмытып кетіпті. Ол мені сол кемшілігін жөндеуге жіберді.
— Жоғарыға барыңыз, ол әлі де бөлмесінде, — деді қожайын.
Атос оның рұқсатын пайдаланып, басқышта қолынан келгенше аяғын аңлап басып, алаңға шықты. Сәл ғана ашық тұрған есіктен миледидің телпегінің бауын байлап жатқанын көрді.
Ол бөлмеге кіріп, есікті жапты.
Есік ілмегінің тықырын естіп, миледи бұрылып қарады, Атос қалпағын көзіне түсіре киіп, плащына оранып есік алдында тұр екен.
Тас мүсін сияқты, үнсіз мелшиіп тұрған кісіні көргенде миледи қорқып кетті.
— Сіз кімсіз? Өзіңізге не керек? — деді ол шапылдап.
«Ия, рас екен, бұл соның тап өзі!» деп ойлады іштей Атос.
— Сударыня, сіз мені таныдыңыз ба? — деді ол. Миледи сәл ұмсына түсіп, кенет жылан көрген кісідей кейін қарай ыршып түсті.
— Бәрекелде, мұныңыз дұрыс... Сіз мені таныдыңыз білем, — деді Атос.
— Граф де Лa Фер! — деді миледи күбірлеп, сосын шүберектей қуарып, арқасы қабырғаға барып тигенше, үрпиіп шегіне берді.
— Иә, миледи, — деді Атос, — сізді өз көзімен көріп, көңілін бір демеу үшін, граф де Ла Фер о дүниеден үлкен басымен әдейі келіп отыр. Кардинал мырза айтқандайын, жайғасып отырып сөйлесейікші.
Әбден үрейі ұшып, зәре-құты қалмаған миледи, үн-түнсіз сылқ етіп отыра кетті.
— Сіз көктен жерге жіберілген тажалсыз! — деді Атос сөз бастап. — Бар күш-билік сіздің қолыңызда екенін білемін, бірақ қарапайым адамдар құдай тағаланың көмегімен ең қорқынышты тажалдың өзін жеңген. Сіз бір рет менің жолымда кесе-көлденен тұрғансыз. Сонда сізді жер бетінен жоқ еттім деп ойлағанмын, сударынья, бірақ әлде мен қателескенмін, әлде, тозақ сізді қайта тірілткен болар...
Қайдағы-жайдағы сұмдық, жәйттерді есіне салған осынау сөздерді естіген кезде миледи мелиіп төмен қарай, ыңырана бір күрсінді.
— Иә, тозақ сізді тірілтіпті, — деді Атос сөзін жалғап,— тозақ сізді байытыпты, тозақ сізге басқа ат қойыпты, тозақ сіздің жүзіңізді кісі танымастай етіп өзгертіпті, бірақ ол сіздің жаныңыздың бір қонысын да жумапты, денеңіздің таңбасын да кетірмепті!
Серіппелі пружина лақтырып тастағандай, көзі жалт-жұлт етіп, миледи орнынан ұшып түрегелді, Атос отыра берді.
Сіз мені өлді деп ойладыңыз ғой, солай ма? Мен де сізді өлді деп ойлағанмын. Ал, леди Кларик деген есім Анна де Бейльді қалай жасырса, Атос деген есім де мені солай жасырды! Сіздің қадірменді ағаңыз біздің некемізді қиғанда, өзіңізді солай деп атамаушы ма еді?.. Екеуміздің жағдайымыз қызық екен-ау өзі, — деді. Атос мырс етіп күліп, әңгімесін сабақтап, — біз осы уақытқа дейін бір-бірімізді өліп қалды деп ойлағандықтан ғана аман-есен өмір сүріппіз-ау! Естелік дегенің бағзы бір кезде жаныңды жегідей жегені болмаса, тірі кісі сияқты, жан алқымыңнан алмайды-ау әйтеуір.
— Сіз маған нендей шаруамен келдіңіз? Менде қандай жұмысыңыз бар? — деді миледи бәсең дауыспен.
— Менің сізге бір айтайын дегенім, көзіңізге әдейі көрінбей жүрсем де, өзіңізді назардан тыс қалдырған емеспін.
— Менің не істеп, не қойғанымды білесіз бе?
— Кардиналдың қызметіне түскен уақыттан бастап, тап осы бүгінге дейін не істеп, не қойғаныңыздың әрбір күнін санап, айна-қатесіз айтып бере аламын.
Миледидің көгеріп кеткен ерні бұған сенбегендей жылусыз жымиған болды.
— Тыңдаңыз ендеше: сіз герцог Бекингэмнің омырауынан алмас алқаның екі шолпысын кесіп алдыңыз; сіз Бонасье бикені ұрладыңыз; де Вард мырзаға ғашық болып, онымен ләззаты бір түн өткізу үшін қойныңызға д'Артаньян мырзаны алдыңыз; сосын де Вард мырза өзіңізді алдап кетті деп ойлап, оның бәсекелес бақталасын де Вардты өлтіруге жұмсамақ болдыңыз: сол бақталас жігіт сіздің жиіркенішті құпияңызды біліп қалғаннан кейін, оның ізіне ,екі жалдамалы баскесерді салып қойып, реті келгенде атып тастаңдар деп әмір еттіңіз; кез келген оқ тимегенін білгесін, сіз оған жолдаған хатпен бірге уланған шарап жібердіңіз және өз құрбаныңызды сол шарап дос-жарандарының сыйы деп сендірмек болдыңыз; ақырында, тап осы бөлмеде, мына мен отырған орындықта отырмын әлгіде ғана кардинал Ришельенің алдында герцог Бекингэмге кісі өлтіруші жұмсауға міндеттеме алдыңыз, ал, мұның есесіне ол ciзге д'Артаньянды өлтіруге рұқсат бермек болып, уәде етті.
— Сіз нағыз әзәзілдің өзісіз! — деді миледи сыбырлап.
— Бәлкім, солай да шығармын, бірақ тым болмаса бір ғана нәрсе есіңізде болсын: герцог Бекингэмді өзіңіз өлтіресіз бе, әлде басқа біреуге өлтіртесіз бе, — онда менің жұмысым жоқ: мен оны білмеймін, мұның үстіне ол ағылшын, бірақ жанымдай жақсы көріп ұдайы қорғаштап жүретін адал досым д'Артаньянның басындағы бір тал шашына да тимейсіз, әйтпесе, әкем марқұмның аруағымен ант етейін, осы істейтін қылмысың ең соңғы қылмыс болады!
— Д'Артаньян мені қатты мазақ етіп қорлады, д'Артаньян өледі! — деді миледи ысылдап.
Сізді тіпті жалпы мазақ етіп қорлауға бола ма өзі, сударыня? — деді Атос мырс етіп. — Ол сізді қорлаған екен, енді өлуге тиіс пе?
— Ол өледі, — деді миледи қайталап. — Әуелі көңілдесі сосын өзі өледі.
Атостың көзі қарауытып сала берді. Әйелге тән ешбір қылығы жоқ осынау сұрқияның мына түрі жаны қиналатын бір жәйттерді есіне түсірді. Ол ілгеріде, қазіргіден қауіпсіздеу бір кезде, осы әйелді өзінің ар-намысының құрбаны етпек болғанын есіне алды; ол оны тағы да табанда өлтіргісі келіп кетті, тіпті өзіне өзі ие бола алар емес. Ол орнынан тұрып, белдігіне қыстырулы пистолетін алып, шүріппесін ашты.
Өліктей қуарып кеткен миледи айқайламақ болып еді, даусы шықпай қалды, сіресіп қалған көмейінен адам даусына мүлде ұқсамайтын, түз тағысының ырылдағаны сияқты бір қырыл естілді; шашы қобырап, қара көлеңкеленген қабырғаға жабысып тұрған әйелдің зәре-құты қалмаған еді.
Атос қолын созып пистолетін баяу көтеріп, оның аузын миледидің маңдайына тақап апарды да, бұрынғыдан да қорқынышты үнмен, салмақты сабыр, қатулы кейіппен айтылған сөз әманда қорқынышты болады — былай деді:
— Сударыня, сіз осы қазір, табанда, маған кардинал өз қолымен жазған қағазды бересіз, әйтпесе, өмір-тірлігіммен ант етейін, маңдайыңыздан бір оқты қадаймын!
Егер мұның орнында басқа адам болса, миледи көздеген мақсатын орындайтынына күмән келтірер еді, бірақ ол Атосты жақсы білетін; әйел сонда да қыбыр етпеді.
— Ойлануыңызға бір-ақ секунд уақыт беремін, — деді ол.
Атостың түсі бұзылып сала бергеніне қарап, миледи қазір пистолет атылады екен деп ойлады. Ол жалма-жан қолын кеудесіне апарып, корсажының астынан бір қағазды суырып алып, жігітке ұстата салды.
— Алыңыз, қарғыс атсын сізді!
Атос қағазды алып, пистолетін беліне қыстырды да, мұның тап сол қағаз екеніне көзін жеткізу үшін, шамға жақындап барып, оны жіберіп, оқып шығып:
«Осы қағазды ұсынушы істеген іс менің бұйрығым бойынша, мемлекеттің игілігі үшін жасалған.
1628 жылдың 5 авгусы.
Ришелье»
Ал, енді... — деді Атос плащына оранып, қалпағын киіп жатып, енді сенің тісіңді қағып алғаннан кейін, сасық күзен, қолынан келсе, тістей бер!
Ол бөлмеден шығып кетті, тіпті артына бұрылып та қарамады. Шарапхана есігінің алдынан ол тағы бір атты шылбырынан ұстап тұрған екі салт аттыны көрді.
Мырзалар, — деді Атос оларға, — өздеріңізге мәлім, кардинал мырза уақытты текке өткізбей ана әйелді Ла Пуант фортына ертіп aпаруға және ол кемеге отырғанша сол арадан кетпеуге әмір етті.
Мұның сөзі ол кісілердің бұрын алған бұйрығымен бірдей шығып жатқасын, олар тапсырманы орындауға әзір екенін білдіріп тәжім етті.
Атос болса, атына секіріп мініп, бірден құйғытып шаба жөнелді, бірақ жолмен жүрудің орнына, атына тақымын басып, даламен тікелей тартты, төңірегіне құлағын тігіп, жолай дүркін-дүркін тоқтай берді.
Осылай бір аялдаған кезде ол жол жақтан жортқан аттардың дүсірін есітті. Мұның кардинал мен оның күзетшілері екеніне көзі жеткен Атос тағы да біраз жер жүргесін, атын тоз жидемен, жамырақпен сүртіп, лагерьге екі жүз қадамдай қалған кезде, бұрылып жолға шықты.
— Келе жатқан кім? — деп дауыстады ол салт аттыларды көрісімен.
— Бұл, шамасы, біздің батыр мушкетеріміз шығар? — деді кардинал.
— Иә, шарапатты мырза, соның тап өзі, — деді Атос оған дыбыс беріп.
— Атос мырза, бізді ойдағыдай күзеткеніңіз үшін өздеріңізге деген алғысымды қабыл алыңыз... Міне, біз де келіп жеттік, мырзалар! Сол қанаттағы заставаға барыңыздар, пароль: «Король мен Рэ».
Осылай дегеннен кейін, кардинал үш доспен басын бір изеп қоштасты да, қосшысын соңына ертіп оңға қарай бұрылды, өйткені лагерьге барып түнемекші еді.
— Сонымен, ол әйелдің сұраған қағазына қол қойып берді! — деді Портос пен Арамис қосарланып, кардинал бұлардың даусын естімейтін жерге жеткенде.
— Білемін. Ол қағаз, міне, мынау, — деді Атос сабырмен.
Егер сақшыға парольді айтқанын есептемесек, үш дос өздерінің пәтеріне дейін бір-біріне ләм деп тіл қатпады.
Бірақ, олар Планшеге барып, қожайыны траншеядағы күзетіп босасымен, мушкетерлердің пәтеріне келсін деп шақырып жатыр дегенді айту үшін Мушкетонды жұмсады.
Ал, миледиге келсек, Атос ойлағандай-ақ, шарапхана есігінің алдында күтіп тұрған кісілерді көрісімен, ешбір қарсылық жасамай, солармен бірге жүріп кетті. Рас, бір болмашы сәт қана кейін қайтып, кардиналға барып, күллі оқиғаны айтып бергісі келді, бірақ ол Атосты әшкерелесе, Атос өз тарапынан мұны әңгімелейді, бәлкім, бұл — Атос бір кезде өзін ағашқа асып кеткен дер ал, Атос онда әйелдің таңбалы екенін айтады ғой. Миледи одан да үндемегенім артық, жасырын кетіп қалып, өзіме тән жылпос ептілікпен қиын тапсырманы орындайын, сосын істің бәрі кардинал көңілі толатын дәрежеде жүзеге асырылғаннан кейін, оған бәрін жеке басының кегін алуға көмектесуін сұраймын ғой деп ойлады.
— Сонымен, түні бойы ат үстінде өткізіп, таңғы сағат жетіде ол Лa Пуэнт фортына келді, сағат сегізде кемеге отырды, сағат тоғызда кардинал қол қойған жол куәлігін алып, Байонға барады деген лақаппен, кеме зәкірін көтеріп, ағылшын жағалауына қарай бет алды.
XVI
СЕН-ЖЕРВЕ ҚАМАЛЫ
Д'Артаньян достарына келсе, олардың бәрі бір бөлмеде ұйлығып екен: Атос бір қалың ойға қалыпты; Портос мұртын ширатып отыр; Арамис болса, көгілдір барқыт мұқабасы бар дұғалыққа қарап, аят қайырып жатыр екен.
— Шайтан алсын, мырзалар! — деді д'Артаньян. — Сіздер маңызды бір хабар айтатын шығарсыз деп сенемін, әйтпесе, соншалық ауыр түннен кейін — тұтас бір қамалды қиратып, басып алғаннан кейін, демалдырмай, осында дедектетіп әкелгендеріңді өмірде кешірмеймін! Ах, мырзалар, сіздердің онда болмағандарың қандай өкінішті! Бір қызу іс болды!
— Біз де басқа бір жерде болдық, онда да суық болған жоқ, — Партос мұртын өзгеше бір әдіспен әдемілей ширатып жатып.
— Тс-сс — деді Атос.
— Оһо! — деді д'Артаньян, мушкетердің неге қабағын түйгеніне түсіне қойып. — Сіздерде жана бірдеңе бар сияқты.
— Арамис, сіз осыдан үш күн бұрын таңғы асты кальвинистердің «Дінсіз» атты асханасынан таттыңыз білем, — деді Атос.
— Ия.
— Өзі қалай екен?
— Менің ауқтым ете нашар болды: ет жемейтін күн еді, тек ет тағамын беріп жатыр екен. Қалайша! — деді Атос таңырқап. — Теңіз айлағында тұрып, балық болмағаны ма?
— Олар: кардинал мырза салып жатқан бөгет, бар балықты ашық теңізге қарай үркітіп, айдап жатыр дейді, — Арамис осылай қайтадан дұға оқи бастады.
— Арамис, мен сізден оны сұраған жоқпын! Мен сізден онда емін-еркін отырдыңыз ба, өзіңізді ешкім мазалаған жоқ па деп сұрадым.
— Онда тынышсыз мазаң кісілер онша көп болған жоқ сияқты... шынында да, сіз алаңсыз отырып әңгіме айтамын десеңіз, Атос «Дінсіз» бек жарап жатыр.
— Ендеше «Дінсізге» кеттік, — деді Атос сөзді қорытып. — Мынау үйдің қабырғалары қағаздан жасалған тәрізді.
Өз досының әрекет-тірлігіне үйреніп қалған, оның бір ғана сөзінен, ишараты мен белгісінен жағдайдың қиын екенін сезе қалған д'Артаньян, енді қайтып ештеңені де сұрамай, Атосты қолтығынан ұстап сыртқа шыға берді. Портос пен Арамис екеуі өзара дос пейілмен сөйлесіп, бұлардың соңынан ерді.
Жолай олар Гримоны кездестірді. Атос оған соңымыздан жүр деген белгі берді; Гримо дағдылы әдеті бойынша, үнсіз көне қойды: бұл байғұс соңғы кездері тіпті сөйлеуді ұмытып бара жатқан-ды.
Достap асханаға келіп кірді. Бұл — ертеңгі сағат жетінің кезі еді, таң ағарып атқан-ды. Олар залға кіріп азанғы асты сұратты, қожайынның айтуынша, мұнда оларды тірі жан мазаламайды.
Өкінішке орай, құпия кеңеске деген уақыт дұрыс белгіленбеген болып шықты: жаңа ғана таңғы дабыл қағылған-ды, сол себепті де көптеген кісілер ұйқы ашар болсын деп немесе ертеңгі сыз ауадан жылыну үшін, өтіп бара жатып, бір стакан шарапты тастап алу үшін, осында келіп, кіріп-шығып жатты. Драгундар, швейцарлықтар, гвардияшылар, мушкетерлер мен атты әскерлер бірінің орны бірі басты, бұл қожайынға өте пайдалы болса да, біздің досымыздың көздеген мақсатына мүлде сай келмеді. Сол себепті де олар өздерінің жауынгер дос-жарандарының сәлем-сауқатын тостары мен әзіл-қалжыңына түнере жауап қайтарып отырды.
— Жарайды, мырзалар! — деді Атос. — Мына түрімізбен осы арада отырып, әлдекімдермен шекісіп қалармыз, ал, оның бізге қазір тіпті де қажеті жоқ. Д'Артаньян, сіз одан да осы түнді қалай өткізгеніңізді айтып беріңіз, ал, біз бастан кешкенімізді кейін айтамыз.
— Шынында да... — деді бір атты әскер сәл ғана теңселіп, қолындағы бір рюмка арағын сыздықтай ішіп, — шынында да, сіздер бүгін түнде траншеяларда болдыңыздар ғой, гвардияшы мырзалар шамасы, ларошельдіктердің сазайын берген шығарсыздар?
Д'Артаньян шақырылмаған кісіге жауап берейін бе, әлде бермейін бе дегендей Атосқа қарады.
— Де Бюзиньи мырза саған құрмет көрсетіп, сөз сөйлеп тұр, сен оны естімедің бе? — деді Атос оған. — Бұ мырзалар істің қалай болғанын білгісі келген екен, өткен түнде болған оқиғаны айтып бер.
— Тіз пастионды алтыңыз па? — деді сыра кружкасынан ром ішіп тұрған швейцарлық.
— Иә, сударь, — деді д'Артаньян иіліп ізет көрсетіп, — біз сондай бір абыройға ие болдық. Бәлкім, өзіңіз де естіген боларсыз, біз қамалдың бұрышына бір кеспек оқ-дәрі көміп, от алдырып жарғанымызда үңірейіп қалды, қамал онша жаңа емес қой, тіпті солқ етіп басқа қабырғалары да шайқалып кетті.
— Ол қай қамал? —деді қылышына тұтас бір қазды шаншып алып, енді соны пісіргелі тұрған драгун.
— Сен-Жерве қамалы, — деді д'Артаньян. — Соны паналап, ларошельдіктер біздің жер қазушыларға күн көрсетпей қойып еді.
— Шайқас қызу болды ма?
— Болғанда қандай! Біз бес адамнан айрылдық, ларошельдіктер тоғыз-он қаралы адамынан айрылған шығар.
— Шайтан тоқсын! —деді швейцарлық дауыстап, боқтап-боралаудың неміс тілінде небір үлгілері болса да, ол французша боқтағанға дағдыланып кеткен-ді.
— Бірақ олар бүгін қамалды қалпына келтіру үшін Жер қазушылар командасын жіберетін шығар?
— Иә, сөйтуі де ғажап емес.
— Мырзалар, бәс тігіселік! — деді Атос.
— О, иә, фас! — деді швейцарлық оны қостап.
— Қандай бәс? — деді атты әскер білмек болып.
— Тоқтай тұрыңдар, — деді драгун, сосын өз қылышын істік сияқтандырып, астында от маздап жатқан үлкен қос тағанға көлденеңнен қоя салды. — Оған менің де қатысқым келеді... Әй, сорлы шарапханашы, мына қымбат бағалы қаздың бір тамшы майы да ысырап болмас үшін астына дереу тегене қой!
— Ол дұрыс айтады, — деді швейцарлық, — қаздың майын фалқайнаққа косіф жесең тәтті болады.
— Бәрекелде! — деді драгун үһ деп бір демалып. — Ал, енді бәріміздің жәйін сөз етелікші. Құлағымыз сізде, Атос мырза!
— Бұл өзі нендей бәс? — деді атты әскер.
— Хош, ендеше, де Бюзиньи мырза, мен сізбенен бәс тігіскім келеді, - деді Атос сөз бастап, — мен — үш жолдасым — Портос, Арамис, д'Артаньян мырзалармен бірге, Сен-Жерве қамалына барып, таңғы асымызды ішеміз және дұшпан бізді сол қамалдан қуып шықпақшы болып, қанша жанталасқанымен, біз онда табаны күректей бір сағат отырамыз. Портос пен Арамис бір-біріне қарасты: олар істің мән-жайына түсіне бастады.
— Мархабат, — деді д'Артаньян Атостың құлағына сыбырлап, — бізді өлтіріп тастайды ғой!
— Егер онда бармасақ, бізді осы жерде бұрынырақ өлтіреді, — Атос оған.
— Құдай ақы, мырзалар, бәстесу деп осыны айт! — деді Портос орындықтың арқалығына шалқая түсіп, мұртын ширатып.
— Иә, бәстесуге мен де қосыламын. Тек бәске не тігетінімізге кепіл алайық, — деді де Бюзиньи.
— Сіз де төртеусіз, мырзалар, біз де — төртеуміз, әркімнің қалауынша сегіз адамға түскі ас әперсек. Бұған не айтасыз? — деді ұсыныс жасап.
— Тамаша! — деді де Бюзиньи.
— Бәрекелде! — деді драгун.
— Мақұл! — деді швейцарлық.
Осы оқиға кезінде мылқаудың ролін ойнаған төртінші кісі мұны мақұлдап басын изей берді.
— Таңғы тағамдарыңыз әзір, мырзалар, — деді қожайын. Ендеше, әкеліңіз, — деді Атос. Қожайын айтқанды екі етпеді. Атос Гримоны шақырып алып, талдың бұрышында жатқан үлкен себепті көрсетіп, әкелінген қуырдақты сүлгіге ора деген белгі берді.
Таңғы асты табиғат аясында ішпек болғанын бірден сезген Гримо себепті алып, ішіне ауқатты түгел және бірнеше шыныны қоса салып, оны қарына ілді.
— Сіздер қайда барып ауқаттанбақшысыз? — деді қожайын.
— Сізге бәрібір емес пе? Тек тағамымыздың ақшасын төлесек болмай ма! — деді Атос.
Сосын ол хас-мырзадайын шіреніп, стол үстіне екі пистольді тастай салды.
— Қалғанын қайтарайын ба, офицер мырза? — деді қожайын.
— Жоқ.Тек екі шыны шампанды қос, қалғаны сүлгілердің есебіне жатсын.
Бюзиньи мырза, — деді Атос, — сағатыңызды менің сағатыма қарап, жөндеп қоясыз ба, әлде, мен өз сағатымды сіздің сағатыңызбен теңестіріп қояйын ба?
— Жақсы болды, мархабатты мырза! — деді атты әскер, қалтасынан алмаспен әшекейленген таңғажайып сұлу сағатын суырып алып. — Уақыт жеті жарым екен.
— Менікі — жетіден отыз бес минут кетіпті, — деді Атос. — Менің сағатым сіздікінен бес минут алда екенін ұмытпайық, мархабатты мырза.
Шарапханада аңырып тұрып қалған кісілерге иіліп құрмет көрсетіп, төрт жас жігіт Сен-Жерве қамалына қарай бет алды, олардың соңынан себепті көтеріп, өзінің қайда бара жатқанын мүлде білмейтін Гримо кетіп бара жатты — оның Атосқа үн-түнсіз бағынып әдеттенгені сонша, тіпті соны сұрау есіне де кіріп-шықпапты.
Төрт дос лагерь үстімен келе жатқанда бір-бірімен сөйлеспеді және бұлардың ізінен екі елі қалмай, қызықтаушы кісілер epiп келе жатты, олар біздің достарымыздың бәс тігіскенін естіп, енді жағдайдан қалай құтылар екен деп, соны көрмекке құмартқан еді. Бірақ бұлар лагерь бекінісінің сыртындағы жалтаңға шығысымен осы уақытқа дейін бар нәрседен бейхабар келе жатқан д'Артаньиян енді жәй-жағдаятты сұрастыратын сәт келді деп ойлады.
— Хош, сүйікті Атос, сізден бір сұрайтыным, біз осы қайда барамыз? — деді ол сөз бастап.
— Көрмейсіз бе, қамалға келе жатырмыз, — деді Атос.
— Біз онда барып не бітіреміз?
— Өзіңізге мәлім, біз онда таңғы асымызды ішеміз.
— «Дінсізде» отырып неге тамақтанбадық?
— Онда отырмаған себебіміз, біз бір маңызды мәселелер жайында сөйлесіп алуымыз керек, ал, ана асханада елеуреген мазаң кісілердің кесірінен бес минут та алаңсыз отырып әңгімелесе алмайсыз олар сапырылысып келіп-кетіп жатады, дабырласа амандасып, жөн-жосықсыз сөйлеп, зықыңды шығарады... Ал, мына жерге, деді Атос — қамалды мегзеп, — бізге құдайдың тірі жаны келіп, кедергі жасай алмайды әйтеуір.
— Меніңше, біз теңіз жағасындағы құм төбелердің арасынан бір оңаша жерді тауып алатын едік... — деді д'Артаньян, бұл жолы да жанкешті батырлығымен табиғи табысып жататын сақтығына басып.
— ...бірақ төртеуіміздің сөйлесіп отырғанымызды жұрттың бәрі көрер еді, сосын арада бірер ширек сағат өтпей жатып, кардиналдың шпиондары біздің кеңесіп жатқанымызды оған жеткізер еді.
— Ия, — деді Арамис оның сөзін қағып алып, — Атос дұрыс айтады: «Animadvertuntur indesertis»3
— Әрине, шөлге кетіп қалған жаман болмас еді, бірақ гәп сол иен даланы табуда ғой. — деп Портос та бір сөзді қыстыра салды.
— Бірақ төбемізден құс ұшып өтпейтін, судан балық шоршып шықпайтын, қоян інінен ата жөнелмейтін қу мекиен даланы табу қиын. Ал, меніңше, құс та балық та, қоян да — бәр-бәрі де кардиналдың шпиондары болып кеткен тәрізді. Ендеше, біз бастаған ісімізді жалғастыра берелік, өзімізді жұрт алдында масқара еткіміз келмесе, енді алған беттен шегіне алмаймыз. Біз көп ойланбай, бірден бәс тігістік, оның түпкі мақсатын ешкімнің таба алмайтынына кәміл сенемін. Осы бәсекеден ұтып шығу үшін біз қамалда бір сағат отырамыз. Көп болса, шабуыл жасар, тіпті шабуыл жасамас та. Егер бізге шабуыл жасамаса, сөйлесетін уақытымыз жеткілікті болады және бізді ешкім де жасырын тыңдай алмайды: осы қамал қабырғасының құлағы жоқ екеніне жаным кәміл. Ал, егер дұшпан шабуылға шықса, біз бәріміз өзіміздің шаруамызды сөз етіп үлгіреміз оның үстіне, қорғанып жатып, атақ-даңқымызды шығарамыз. Қараңызшы, қалай алсақ та, іс біздің пайдамызға шешілгелі тұр.
— Иә, — деді д'Артаньян келісіп, — бірақ бәрібір біз оқтан құтыла алмаймыз.
— Эх, сүйіктім, ең қауіпті оқ жаудың оғы емес екенін өзіңіз де жақсы білесіз ғой, — деді Атос.
— Бірақ, меніңше, осы сияқты қатерлі іске мушкеттерді ала шығу керек еді, — деді Портос сөзге араласып.
— Сіз аңғалақсыз, Портос: қажетсіз жүкті көтеріп қайтеміз!
— Дұшпанмен бетпе-бет келгенімде, мен оңды мушкет пен бір қорап патронды оқшантайды пайдасыз зат деп есептемеймін.
— Сіз д'Артаньянның не дегенін естімеп пе едіңіз?
— Д'Артаньян не деп еді?
— Ол, түндегі шабуыл кезінде тоғыз-он қаралы француз, сол шамадa ларошельдіктер қаза тапты деген.
— Сосын не болыпты?
— Оларды әлі ешкім тонап-талап үлгірмеген шығар, солай емес пе? Ол кезде жұрттың бұдан басқа да маңызды істері болды ғой.
— Онда не тұр?
— Онда тұрған нәрсе — біз олардың мушкеттерін, оқшантайларын, патрондарын тауып аламыз, сосын төрт мушкет пен қораптың орнына, біздің он бес шақты мылтығымыз бен запаста жүз қаралы оғымыз болады.
— О, Атос, сен шын мәніндегі ұлы адамсың! — деді Арамис тәнті болып.
Осы пікірге қосыламын дегендей, Портос та басын бір изеп қойды.
Атостың дәлеліне тек д'Артаньян ғана шүбә келтіретін сияқты.
Гримо, шамасы, жас жігіттің қауіптеніп келе жатқанын қолдайды, бәрінің қамалға төтелей тартқанын көргеннен кейін, бұған әуелгі кезде қатты күмәнданса да, сол мырзаның етегінен тартып қалды.
«Біз қайда бара жатырмыз?» — деп сұрады ол ишаратпен.
Атос оған қамалды мегзеп көрсетті.
«Онда бізді атып тастайды», — деді Гримо ым-ишарат тілімен сөйлеп.
Атос қолын көкке созып, жоғары қарады.
Гримо седепті жерге қойып, басын шайқап отыра кетті.
Атос белбеуіне қыстырулы пистолетін алып, оның оғын байыптап қарап шықты да, шүріппесін ашып, пистолетті Гримоның құлағына тақады.
Гримо орнынан ұшып түрегелді.
Атос оған седепті алып, ілгері жүр деп белгі берді.
Гримо мөлтеңдеп көне қойды.
Осынау бір минуттік тілсіз сахна кезінде Гримоның ұтқан бір нәрсесі — ол артта келе жатқан жерінен ытқып алға шықты.
Қамал үстіне шыққаннан кейін, төрт дос бұрылып кейін қарады.
Қарулы күштердің әр алуан саласына жататын үш жүзден аса солдат лагерь заставасы қасында құжынап, абыр-сабыр болып жатыр, өзгелерінен әрегіректе оқшау жүрген де Бюзиньи мырзаны, драгунды, швейцар жігіт пен бәсекеге қосылған төртінші кісіні анық көруге болады.
Атос қалпағын шешіп, шпагасының ұшына қондырды да, оны бұлғап-бұлғап жіберді.
Көрушілер мушкетерлердің бұл құттықтауына тәжім етіп, олардың кішіпейіл ізетіне разы болып, «уралап» үн қатып дуылдап кетті, бұл дауыс ержүрек жігіттердің құлағына да жетіп еді.
Осыдан кейін төртеуі асықпай қамалдың ішіне түсті, Гримо оған зып беріп бұрынырақ кіріп кеткен-ді.
XVII
МУШКЕТЕРЛЕРДIҢ КЕҢЕСІ
Бәрі де Атос айтқандай болып шықты: қамалда қаза тапқан он екі француз бен ларошельдіктердің өліктерінен өзге ешкім де жоқ екен.
— Мырзалар, — деді осы экспедиция басшылығын өз қолына алған Атос, — Гримо дастарқанды әзірлегенше, біз шашылған мылтықтар мен патрондарды жинайық. Мұның үстіне, соларды теріс жүргенде, еркін сөйлесе аламыз: мына мырзалар, — деді ол қаза тапқан бейбақтарды көрсетіп, — бізді естімейді.
— Осылардың өзін орға құлата салсақ қайтеді? Бірақ, әрине әуелі олардың қалталарын қарап көрелік, — деді Портос.
— Иә, ол Гримоның шаруасы, — деді Атос селқос.
— Ендеше, Гримо олардың тұла бойын тінтіп көрсін де, сосын ауладан әрі құлата салсын, — деді д'Артаньян.
— Олай етуге болмайды. Олар әлі біздің бір қадемізге жарайды, — деді Атос.
— Мына өліктер қадемізге жарай ма? Сүйікті дос, сен жынданғаннан саумысың? — деді Портос қайран қалып.
— «Нақақ сөзге барма» — дейді інжілмен кардинал мырза, — деді Атос. — Қанша мылтық жиналды, мырзалар?
— Он екі, — деді Арамис.
— Қорымызда қанша оғымыз бар?
— Жүзге жуық.
— Бізге керегі де осы. Мылтықтарды оқталық!
Төрт дос жұмылып іске кірісті.
Гримо тағам әзір, деп белгі берген кезде, бұлар да соңғы мылтықты оқтап бітірген болатын.
Атос оны мақұлдап ишарат берді, сосын оған ымдай күзет мұнарасын көрсетті, Гримоның түсінуінше, ол енді сонда қарауылға тұруы керек-ті.
Ал, күзетте тұрғанда жалықпас үшін, Атос Гримоға бір жапырақ нан, екі котлет пен бір шыны шарап ала кетуге рұқсат етті.
— Енді дастарқанға отыралық! - деді Атос.
Төрт дос, түріктерге немесе тігіншілерге ұқсап, жерге малдас құрып отыра кетті.
— Ал, енді сен өзіңді біреу ұрланып келіп тыңдайды деп қорықпайсың ғой, ендеше құпия сырыңды бізге айтарсың деп сенемін, — д'Артаньян.
— Мырзалар, — деді Атос сөз бастап, — мен сіздерді бір қызыққа батырамын және атақ-даңқтарыңды да шығарамын ғой деп ойлаймын. Мен сіздерді әдемі бір серуен жасауға көндірдім. Міне, дәмді ас алдыңызда, ал, ана бойницалардан қарасаңыз, бес жүз адамды көресіз, олар бізді не есуас, не қаһарман батыр деп есептеп жатыр, қайтерсін, бірінен-бірі айнымайтын ақымақтардың екі түрі-солар.
Ал, әлгі құпия сырың қайда? — деді д'Артаньян. Менің құпия сыр дегенім — кеше түнде миледиді көрдім, — деді Атос оған.
Д'Артаньян сол мезетте стаканын аузына апара берген, бірақ миледидің атын естіген сәтте, қолы еркінен тыс дірілдеп кетіп, шашып-төгіп алмас үшін, оны лажсыздан жерге қоя салды.
— Сен әлгі...
— Тс-с! — деді Атос оның сөзін бөліп. — Сүйікті дос, мына мырзалар өзіңіз сияқты менің үй ішілік істерімді біле бермейтінін ұмытып барасыз. Сөйтіп, мен миледиді көрдім.
— Қайдан?
— Осыдан екі льедей жерде, «Қызыл кептер ұясы» мейманханасын көрдім.
— Олай болса мен құрыдым, — деді д'Артаньян.
— Жоқ, әлі құрымайсың, — деді Атос оған, — өйткені ол әйел ендігі Франция жағалауынан кетіп те қалған шығар.
Д'Артаньян иығынан жүк түскендей рахаттанып бір дем алды.
— Сонда әлгі миледи дегеніңнің өзі кім? — деді Портос елеңдеп.
Бір әдемі әйел, — деді Атос көпіршіген шарапты татып көріп — Шарапханашының зымиянын! — деді ол дауыстап. — Шампан орнына анжуй шарабын салыпты да, бізді алдадым деп ойлаған болуға тиіс!.. Иә, — деді ол сөзін жалғап, — бір әсем келіншек, біздің досымыз д'Артаньянға ықыласы түсіп, оң қабағын берсе керек-ті, бірақ бұл оған бір жамандық жасайды да, ол жігітімізден кек алмақшы болады: осыдан бір ай бұрын мұның ізіне кісі өлтірушілерді салады, бір апта бұрын улап өлтірмекші болады, ал, кеше кардиналдан оның басын әдейі қалап алды.
— Қалай? Кардиналдан менің басымды қалап алды ма? — деді д'Артаньян қорыққанынан қуарып кетіп.
— Бұл — нағыз шындық, мен оны өз құлағыммен есіттім, — деді Портос оны қостап.
— Мен де есіттім, — деді Арамис.
— Онда тайталаса беруден пайда жоқ. Қайта маңдайымнан бір оқты қадап, бәрін де бір-ақ тындырғаным артық, — деді д'Артаньян еңсесі түсіп.
— Ондай есерлікті қалаған кезінде жасауға болады, бірақ оны қайтадан түзетуге болмайды, — деді Атос.
— Сондай құдіретті жауларым тұрғанда ажалдан қашсам да құтыла алмаймын, — деді д'Артаньян оған қарсы.— Біріншіден Менг қаласындағы бейтаныс, сосын өзім шпагамен үш рет түйрейтін де Вард, сосын құпия сырын абайсызда біліп қалған миледи, ақырында, кегін қайтаруына өзім кедергі жасаған кардинал.
— Сол да көп болып па? Не бәрі төрт-ақ кісі! — деді Атос. Біз де төртеу емеспіз бе. Демек, біреуге — біреуден екенбіз... Шайтан атсын! Гримо берген белгіге қарағанда, біз қазір олардан көп дұшпанмен кездесетін шығармыз... Гримо, не болып қалды? Жағдайдың қиындап кеткенін еске алып, мен сіздің, досым, сөйлесуіңізге рұқсат етемін, бірақ бір өтінерім, қысқа сөйлеңіз. Сіз не көріп тұрсыз?
— Оряд.
— Неше адам?
— Жиырма.
— Олар кімдер?
— Жер қазушылар командасынан он алты адам мен төрт солдат.
— Осы жерден неше қадамдай жерде?
— Бес жүз қадамдай жерде.
— Жақсы, ендеше біз әлі тауықты жеп, сіздің денсаулығыңызға бір стакан шарап ішіп үлгіреді екенбіз, д'Артаньян.
— Сенің денсаулығың үшін! — деп Портос пен Арамис оны іліп әкетті.
— Мақұл, солай-ақ болсын, менің денсаулығым үшін ішелік бірақ сіздердің тілегіңізден өз басым көп пайда көремін ғой деп ойламаймын.
— Мұңайма! — деді Атос, — Мұхамедтің үміттері: Алланың құдіреті күшті дейді, ал, болашақ соның қолында.
Өз стаканын босатып, қасына қойды да, Атос орнынан керенау көтеріліп, қолына бірінші болып іліккен мылтықты алып, жыраға барды.
Портос, Арамис пен д'Артаньян содан көргенін істеді, ал, Гримо төрт достың арт жағында тұрып, мылтықтарды қайта оқтау жөнінде бұйрық алды.
Арада бір минут өткен шамада отряд көрінді. Ол қамал мен қамал арасында қарым-қатынас жасайтын жол есебіндегі тар траншеяны қуалап жүріп келеді екен.
— Шайтан алсын! Қайла, сүймен, күректермен қаруланған жиырма шақты қала тұрғындарына бола бекер-ақ абыржыған екенбіз — деді Атос. — Менің көзім жететін бір нәрсе, аулақ жүріңдер, мен Гримоның өзі белгі берсе болды, олар бізді мазаламайтын тәрізді.
— Менің шәгім бар, — деді д'Артаньян. — Олар біз жаққа тура тартып келеді. Және қала тұрғындарын бригадир, мушкеттермен қаруланған төрт солдат ертіп келеді.
— Олар бізді көрмегесін батырсынып келеді-дағы, — деді Атос оған қарсы дау айтып.
— Шынымды айтайын, қаланың ана байғұстарын атудан жүрегім айнып тұр, — деді Арамис.
— Діннен безгендерге жаны ашитын священниктен өткен жаза жоқ! — деді Портос.
— Шынында да Арамис дұрыс айтады. Мен қазір барып, оларды ескертіп қояйын, — деп Атос келісе кетті.
— Сізді айдап бара жатқан қай сайтан! Ата салады ғой, досым! — деп д'Артаньян оны тоқтатпақшы да болды.
Бірақ Атос бұл ескертуге тіпті де құлақ аспады, қабырғаның жырылып қалған кетігіне шығып алды. Сосын бір қолына мылтық, екінші қолына қалпағын алып, солдаттар мен жер қазушыларға қарады, ал, олар мұның тосын пайда болғанына таң қалып, самалдан елу қадамдай жерде аңырып тұрып қалды, сол-ақ екен, Атос оларға иіліп ізет көрсетіп, айқайлап тіл қатты:
— Мырзалар, бірнеше достарыммен бірге мен қазір мына баспаның ішінде таңғы аспен ауқаттанып жатырмыз! Ал, ас ішіп айтқанда кісінің мазасын алғаннан жаман нәрсе жоқ екенін өздеріңіз білесіздер. Сол себепті де, егер сіздер қайткен күнде де осы арада болғыларыңыз келсе, біз таңғы асымызды тауысқанша кідіре тұруларыңызды немесе кейін тағы бір келулеріңізді сұраймыз... тым болмаса, ең қызығы — ақылға жүгініп, бүлікшілерді мүлде тастап, бізге келіп, француз королінің денсаулығы үшін шарап ішулеріңізді сұраймыз.
— Атос, сақтан! — деді д'Артаньян айқайлап. — Олардың сені көздей бастағанын көрмей тұрсың ба?
— Көргенде қандай, — деді Атос, — бірақ бұл сүмелектер мылтық ата білмейді, сол себепті тигізе де алмайды.
Расында да тап сол мезетте төрт мылтық қабаттаса бір-ақ атылады, бірақ бұл оқтар Атосқа дарымай, оның төңірегіндегі тасқа тиіп иленіп қалды.
Сол сәтте оған жауап ретінде төрт мылтық қайта атылды, бірақ бұлар шабуылшылардан гөрі мерген екен: үш солдат табанда тұяқ серіппей кетті де, жер қазушылардың біреуі жараланып қалды.
— Гримо, басқа мушкетті алып бер! — деді Атос кетіктен төмен түспестен.
Гримо қолма-қол бұйрықты орындады. Атостың үш досы мылтықтарын тағы оқтады. Бірінші залптың ізінше екінші залп қайталанды: бригадир мен екі жер қазушы табанда сеспей қатты, ал қалғандары тырағайлап қаша жөнелді.
— Алға, мырзалар, шығындар кәне! — деді Атос атой салып.
Төрт дос форт ішінен сыртқа шығып, майдан даласына жүгіріп барды да, төрт мушкет пен бригадирдің найзасын алып қашқындар қалаға жетпей тоқтамайтындарына көздері жеткесін, олжасын көтеріп, қамалға қайтып келді.
— Мылтықтарды қайта оқтаңыз, Гримо, — деді Атос бұйырып. — Ал, біз, мырзалар, қайтадан асқа отырып, әңгімемізді жалғастырайық. Біз әңгіменің қай жеріне тоқтап едік?
— Е, ол менің де есімде қалыпты, — деді д'Артаньян, миледиді қайда бет алғанын білгісі келіп. — Сен миледи Францияның жағалауын тастап кетті дегенсің.
— Ол Англияға кетті, — деді Атос түсіндіріп.
— Нендей мақсатпен?
— Бекингэмді өлтіру үшін немесе оған кісі өлтіргіштерді жұмсау үшін.
Д'Артаньян әрі қайран қалып, әрі күйіп-пісіп, дауыстап жіберді.
— Бұл не деген залымдық!
— Жоқ, мен оған тіпті де қиналмаймын! — деді Атос. — Сіз мылтықтарды оқтап бітірдіңіз ғой, Гримо, — деді ол әңгімесін жалғап, - енді бригадирдің найзасын алыңыз-дағы, оған сүлгіні байлап, малдың төбесіне іліп қойыңыз, мейлі, ана бүлікші ларошельдіктер корольдің батыр да адал солдаттарымен шайқасып жатқанын көріп, біле берсін.
Гримо сөзге келместен бұйрыққа мойынсұнды. Енді бір минут өткеннен кейін төрт достың төбесінде ақ жалау желбіреп тұрды. Бұл жалау көрінісімен жұрт дуылдай қол соғып, құттықтап жатты лагерьдің тең жартысы жапырласып жал топырақ үстіне шыққан еді.
— Қалай! — деді д'Артаньян сөзін қайта бастап. — Ол сайқал Бекингэмді өлтіреді, немесе оны өлтіруге басқа біреуді жұмсайды деп жайбарақат қарап отыра бермекшісіз бе? Герцог біздің досымыз емес пе!
Герцог — ағылшын, герцог бізге қарсы соғысып жатыр. Ол әйел герцогке не тілесе, соның бәрін жасай берсін, бос шыныға қалай назар аудармасам, оған да назарымды аудармаймын.
Осыдан кейін Атос ішіндегі шарабының бір тамшысын да қалдырмай стаканына құйып алды да, шыныны алыс бір бұрышқа тастай салды.
— Жоқ, тоқтай тұр, мен Бекингэ-мді тағдырдың тәлкегіне сала алмаймын! Ол бізге керемет сәйгүліктерді сыйлаған, — деді д'Артаньиян.
— Ең бастысы — тамаша ер-тұрман сыйлады, — деп Портос та бір сөзді қыстыра салды, сол сәтте оның плащынан ер-тоқымның әшекей-оқасы жарқырап көрініп тұр еді.
— Ал, оған қоса айтарым, құдай күнәлі пендесінің ажалын емес, дінге кіргенін қалайды, — деді Арамис бұлардың сөзін қостап.
— Әумин, — деді Атос сөзді қорытындылап. — Егер қаласаңыз, бұл мәселеге кейін қайта оралармыз. Ал, кешегі бір сәтте менің есіл-дертім, д'Артаньян, сен мені дұрыс ұғарсың деп ойлаймын, — иә, менің есіл-дертім ана әйелдің кардиналдан қоярда-қоймай сұрап алған кепілдеме-қағазын тартып алуға бағышталды, сол қағаздың көмегімен ол сайқал, сенен, бәлкім, біздің бәрімізден де құтылып, сүттен ақ, судан таза болып шыға келмекші.
— Ол өзі немене, албасты ма! — деді Портос ызаланып, қуырылған етті турап жатқан Арамиске тарелкасын ұсынып.
— Ал, әлгі қағаз... — деді д'Артаньян, — сол қағаз әйелдің қолында қалды ма?
— Жоқ, ол қағаз маған көшті, бірақ қолыма оңай түсті дей алмаймын.
— Қымбатты Атос, сіздің мені ажалдан неше рет алып қалғаныңызды да білмеймін! — деді д'Артаньян тебіреніп.
— Сен бізді тастап кеткенде, сол әйелге бару үшін тастап кеттің бе? - деді Арамис.
— Taп солай.
— Әлгі кардинал берген қағаз сізде ғой? — деп д'Артаньян шұқылап қайта сұрады.
— Міне, сол қағаз, — деді Атос плащының қалтасынан аса қымбат қағазды алып.
Д'Артаньян, декпірі қашып, шыдамсыздана қалғанын жасырмай, сол қағазды қолы дірілдей ашып, қолма-қол оқып шықты:
Осы қағазды ұсынушы кісі істеген істің бәрі менің бұйрығыммен мемлекет игілігі үшін жасалған.
1628 жылдың 5 августы
Ришелье».
— Иә, бұл шын мәнінде, күллі ережені сақтай отырып, бар күнәні кешіру деген сөз, — деді Арамис.
— Бұл қағазды жыртып тастау керек, — деді д'Артаньян, ол өзін өлім жазасына кесу туралы үкім оқығандай болды.
Жоқ, қайта бұл қағазды көздің қарашығындай сақтау керек, — деді Атос оны құптамай. — Егер мені тұрғызып қойып төбемнен алтын құйса да, бұл қағазды ешкімге де бермеймін.
— Ал, миледи енді не істейді? — деді жігіт.
— Ол, шамасы, кардиналға хат жазатын шығар, — деді Атос бұған - салғырт жауап қатып. — Атос деген бір қарғыс атқан мушкетер рұқсат қағазын күштеп тартып алды дейтін шығар. Сол хатында ол кардиналға мушкетердің екі досы — Портос пен Арамистен де құтылыңыз деп ақыл беретін болар. Кардинал сосын бұл әлгі әманда өзінің алдынан кесе-көлденең шыға беретін адамдар екенін жадына түсіреді де, құдайдың бір сәтті күнінде д'Артаньянды тұтқынға алыңдар деп бұйрық береді, ал, сосын ол жалғыз отырып зерікпесін деп, оған серік болу үшін бізді де Бастилияға апарып тыға салады.
— Сенің әзілің қандай жаман еді, сүйікті дос, — деді Портос.
— Мен мүлде әзілдеп отырған жоқпын, — деді Атос.
— Сен білесің бе, — деді Портос, — әлгі бір ант атқан миледи мойнын бұрай салудың күнәсі гугенот байғұстарды өлтіргеннен ғой, олардың бар күнәсі — біз латынша айтатын дұғаны французды айтады.
— Бұған біздің аббатымыз не дер екен? — деді Атос сабырмен.
— Мен не дейін, Портостың пікіріне қосыламын, — деді Арамис.
— Менің қосылатыным бесенеден белгілі! — деді д'Артаньян.
— Бақытымызға қарай, ол алыста жүр әйтеуір. Несін жасырайын, егер ол осында жүрсе, жолым тарылып қалар еді, — деді Портос сөзін сабақтап.
— Ол Англияда жүрсе де, Францияда жүргендей-ақ, маған кәдімгідей кесірін тигізіп жүр, — деді Атос.
— Ол маған кез келген жерде кесірін тигізеді, — деді д'Артаньиян бәрінің ойын түйіндеп.
— Сол әйел қолыңа түскен екен, сен оны неге суға батыра салмадың, неге тұншықтырып өлтірмедің, неге ағашқа аспадың? деді Портос. — Өлгендер қайтып келмейді ғой.
— Сіз солай ойлайсыз ба, Портос? — деді Атос тұнжырай күліп оның сөзіне тек д'Артаньян ғана түсінді.
— Маған бір жақсы ой келді! — деді д'Артаньян.
— Сөйле, — деді мушкетер.
— Қару алыңдар! — деді Гримо айқайлап.
Жігіттер ұшып тұрып, мылтықтарына жармасты.
Бұл жолы жиырма — жиырма бес қаралы адамнан құралған шағын қол келе жатыр екен, бірақ олар — жер қазушылар емес гарнизонның солдаттары еді.
— Лагерьге қайтсақ қайтеді осы? Меніңше, күштеріміз тең емес, — деп ұсыныс жасады Портос.
— Үш себептен олай етуге болмайды, — деді Атос ,— Бірінші себеп — біз әлі таңғы асымызды ішіп болған жоқпыз, екінші себеп біз әлі маңызды мәселелер жөнінен пікір алысуымыз керек, үшінші себеп — белгіленген уақытқа дейін әлі он минуттей уақыт бар.
— Ау, біз мына шайқастың жоспарын жасауымыз керек, — деді Арамис.
— Жоспарымыз дайын, — деді Атос. — Дұшпан оқ жететін жерге келісімен, біз оқты жаудырамыз; егер олар шабуылды тоқтатпаса, біз оларды көздеп ата береміз, әйтеуір оқ-дәріміз таусылғанша, сол әрекеттен танбаймыз. Егер аман қалғандары жақындап келіп лап қонатын болса, біз шабуылшылардың орға келіп түсуіне кедергі жасамаймыз, сосын қамал қабырғасының ілініп-салынып, әзер тұрған бір бөлегін олардың үстіне құлата саламыз.
— Керемет! — деді айқалап Портос. — Сен тек қолбасшы болу үшін туғансың, Атос, ал, өзін әскери істің данышпанымын деп ойлайтын кардинал бар ғой, сенің қасында түк емес!
— Мырзалар, бәрің бір нысанаға атып жүрмеңдер — деді Атос бұларды ескертіп. — Әркім өз дұшпанын ғана көздеп атсын.
— Мен өз дұшпанымды қарауылға іліндірдім, — деді д'Артаньиян.
— Мен өз жауымды, — деді Портос.
— Мен де сөйттім, — деді Арамис.
— Атыңдар! — деп әмір берді Атос.
Төрт оқ қабаттаса атылып, төрт солдатты сұлата салды.
Сол замат барабан соғылып, отряд жеделдетіп шабуылға шыға бастады.
Мылтықтар тарс-тұрс атылып, нысаналарға дәл соғып жатты. Бірақ ларошельдіктер біздің достарымыздың аз екенін білгендей-ақ шашырап ілгері қарай жылжи берді.
Мылтықтар үш рет атылғанда екі кісі тағы құлап түсті, бірақ қалғандары жүрісін баяулатпады.
Қамалға дейін жүгірісіп оны екі, он бес қаралы кісі жетті; оларды соңғы бір дүркін оқпен қарсы алды, бірақ дұшпан бұған да тоқтамады: олар орға секіріп-секіріп түсіп, енді қабырғадағы жарықтан өтпекші болды.
— Кәне, достар, осыларды бір соққымен жайратып тасталық. Қабырғаға ұмтылыңдар! Қабырғаға! — деді Атос.
Төрт дос пен бұларға көмекке келген Гримо мылтықтарының дүмдерімен қабырғаның тұтас бір бөлшегін қозғай бастады. Жел қозғағандай, ел ауып барып, іргесінен опырылып, гүрс етіп, орға түсті. Төменнен шыңғырған дауыстар шықты, шаң-тозаң бұрқ етіп аспанға көтерілді, осымен күллі шаруа да бітті.
— Біз, немене, бәрін де бастырып тастадық па? — деді Атос.
— Ия, шайтан алсын, бәрін де басып қалғанға ұқсайды, — деді Арамис.
— Жоқ, — деді Портос оған, — әне, жарымжан болып қалған екі-үшеуi қашып барады.
Расында да, әлгі бақытсыз сорлыларды үшеу-төртеуі ор ішімен, үсті-басы қан-қан, шаң-тозаң болып, қалаға қарай зытып барады. Жіберілген отрядтан қалған жұрнақ әне солар еді.
Атос сағатына қарады.
— Мырзалар, — деді ол, — біздің осында келгенімізге аттай бір сағат болды, енді бәсекені ұттық. Бірақ ойыншының сүлейі болғанға не жетсін, мұның үстіне д'Артаньян әлі бізге өз ойын айтқан жоқ.
Осыдан кейін мушкетер өзіне тән сабырлы салқын қанды қалпына түсіп, таңғы асын аяқтауға кірісті.
— Менің ойымды ма? — деді д'Артаньян қайталай сұрап.
— Иә, сіз басыма бір жақсы ой келді дегенсіз, — деді Атос.
— Ах, иә, енді есіме түсті: мен Англияға екінші рет барамын да, Бекингэмге кіремін.
— Сіз олай етпейсіз, д'Артаньян, — деді Атос қатал.
— Неге? Мен онда бір рет болдым ғой.
— Иә, болғансың, бірақ ол кезде біз соғысып жатпаған едік, ол кезде Бекингэм біздің жауымыз емес, одақтасымыз болды. Сіз жасаймын деп отырған істі опасыз сатқындық деп есептейді.
Д'Артаньян оның дәлелінің мейлінше дәйекті екенін біліп, үндемей қалды.
— Маған да бір тәуір ой келген сияқты, — деді Портос.
— Портостың не ойлап тапқанын тыңдайық! — деді Арамис.
— Сіздер табатын бір желеуді сылтау етіп, ондайға мен өзім шебер емеспін, де Тревиль мырзадан демалыс сұраймын. Миледи мені білмейді, ол себепті де, ештеңеден секем алмай, мені қабылдайды. Ал, ол сұмды іздеп табысымен, мен оны буындыра саламын!
— Амал бар ма... басқа шара қалмаса, өз басым Портостың ұсынысын қабылдаймын, — деді Атос.
— Тіфу, әйелді өлтіру деген сұмдық қой! — деді Арамис өрекпіп. — Жоқ, ең дұрыс ой менің басыма келді білем.
— Кәне, Арамис, ойыңызды айтыңызшы! — деді жас мушкетерді қатты құрметтейтін Атос.
— Королеваны ескерту керек.
— Ах, иә, шынында да солай ету керек! — деді Портос пен д'Артаньян қосарлана дауыстап.
Ал Арамис:
— Меніңше, біз бұрыс әдісті таптық білем, — деді сөзін бітірді.
— Королеваны ескерту керек! — деді Атос қайталап. — Бірақ оны қалай ескертеміз? Сарайда біздің тамыр-танысымыз бар ма? Парижге бір кісіні жіберсек, ол со замат бүкіл лагерьге белгілі болып қалмай ма? Осы арадан Парижге дейін жүз қырық лье. Біздің хатымыз Анжерге жетпей-ақ, өзімізді түрмеге қамап тастайды!
— Ұлы ханымға хатты қандай сенімді жолмен жеткізу мәселесіне келсек, — деді Арамис бет жүзі қызарып, — ол істі өз міндетімен алайын. Мен Турде тұратын, жүзіктің көзінен өткендей бір жылпос әйелді білуші едім.
Атостың жәйімен жымиғанын көріп, Арамис үндемей қойды.
— Пәле! Сіз бұл ұсынысқа қарсымысыз, Атос? — деді д'Артаньян таңырқап.
— Мен бұл ұсынысты жоққа шығармаймын, — деді Атос бұған, — Арамиске бір айтайын дегенім, ол лагерьді тастап кете алмайды, ал, біз өзімізден басқа ешкімге де сене алмаймыз: біздің хабаршымыз аттанып кеткесін екі сағаттан кейін кардиналдың күллі капуциндері, шпиондары мен сыбайластары сіздің хатыңызды жатқа білетін болады, сосын сізді де және әлгі жылпос әйеліңізді де тұтқынға алады.
— Королеваның Бекингэмді құтқарғанымен, бізді құтқара алмайтынын айтпасақ болады.
— Мырзалар, Портостың айтқан сөзінде біраз ақыл жатыр, — деді д'Артаньян оны қолдап.
— Оһо! Қалада не болып жатыр? — деді Атос.
Дабыл қағып жатыр.
Достар құлақтарын түрді: бұлар шыныда да дүрсілдеп, атой салған барабан үнін есітті.
— Айтпады демеңіз, олар бізге тұтас бір полк жібереді, — деді Атос.
— Сіз тұтас бір полкке төтеп береміз деп ойламайсыз ғой, әйтеуір? — деді Портос.
— Ал, неге төтеп беруге болмайды? — деді мушкетер шап етіп. — Мен өзімді қазір құдіретті шабыт үстінде тұрғандай сезінемін егер біз тағы да бір он үш шыны шарапты ала шыққанымызда, өз басым тұтас бір армияға төтеп берер едім.
— Құдай ақы, барабан даусы жақындап келеді, — деді д'Артаньян.
— Мейлі, жақындай берсін, — деді Атос оған. — Осы арадан қалаға дейін ширек сағаттай жүру керек. Демек, қаладан осы араға кіру үшін де сонша уақыт кетеді. Қажетті бір шешімге тоқтау үшін бізге осы уақыт жетіп жатыр. Егер біз осы арадан кетіп қалсақ, қайта сөйлесу үшін тап осындай ыңғайлы орынды басқа еш жерден таба алмаймыз. Білесіздер ме, мырзалар, менің басыма керемет бір ой келіп түсе қалғаны.
— Жұртты ынтықтырмай айтыңызшы!
Әуелі Гримоға қажетті нұсқау беруіме рұқсат етіңіздер.
Атос қолымен ымдап қызметшісін шақырып алды, сосын қамалда жатқан өліктерді мегзеп, оған мынадай бұйрық берді:
Гримо, мына мырзаларды көтеріп апарып, қабырғаға сүйіп қой, сосын бастарына қалпақтарын кигізіп, қолдарына мушкет ұстат!
— О ұлы адам! Ойыңды бірден ұқтым! — деді д'Артаньян дауыстап.
— Сіз ұқтыңыз ба? — деді Портос одан қайталап сұрап.
— Ал, сен түсіндің бе, Гримо? — деді Арамис.
— Гримо мақұлдап, басын изеді.
— Керегінің өзі де сол, — деді Атос. — Енді менің ойыма қайта келелік.
— Мен осынын мәнісін ұғайын деп едім; — деді Портос қасарып.
— Оның қажеті де жоқ.
— Иә, иә, енді Атосты тыңдалық! — деді Арамис пен д'Артаньян қосарланып.
— Әлгі миледидің, сол бір әйелдің, сол бір жиіркенішті мақұлықтың, сол бір албастының қайнысы бар, — деп, д'Артаньян, ұмытпасам, маған сіз айттыңыз ғой деймін...
— Иә, мен оны тіпті жақсы білемін, меніңше, ол жеңгесін онша ұната бермейді ғой деймін.
— Онысы жаман емес екен, — деді Атос. — Ал, егер ол жеңгесіне өш болса, тіпті жақсы болар еді.
— Олай болса, күллі жағдай біздің тілегімізге сай келеді.
— Дегенмен өз басым Гримоның не істеп жатқанын білгім келеді, — деді Портос әлгі сөзін қайталап.
— Портос, үндеме! — деп Арамис оны тыйып тастады.
— Әйелдің қайнысының аты кім?
— Лорд Винтер.
— Ол қазір қайда?
— Соғыс болады деген сыбыс шығысымен, Лондонға қайтып кеткен.
— Бізге керегі де тап сондай адам, — деді Атос сөзін жалғап. — тап соның өзін ескертіп қойған жөн. Біз оған жеңгеңіз біреуді өлтіргелі жүр деп хабар береміз де, оны көзінен таса етпеуін сұраймыз. Лондонда Қасиетті Магдалина баспанасы сияқты бір түзету орны немесе Күнәсін жуығысы келетін сайқалдар үйі сияқты бірдеңелер бар ғой деп ойлаймын. Ол жеңгесін сондай бір жерге жасыра тұруға әмір етеді де, міне, біздің көңіліміз сонда ғана байып табады.
— Иә, ол әйел со жерден шыққанша, — деп д'Артаньян онымен келісе кетті.
— Сіз, д'Артаньян, бәрі де бірден бола қалса екен дейсіз. Мен сізге ойыма келген нәрсенің бәрін айттым. Есіңізде болсын, енді мен бұдан артық бір мысқал да ақыл қоса алмаймын! — деді Атос.
— Менің ойымша, — деді Арамис өз пікірін ортаға салып, — егер біз королеваны да, лорд Винтерді де ескертіп қойсақ, бәрінен де жақсы болар еді.
— Мақұл, бірақ біз Тур мен Лондонға арналған хаттарды кіммен жібереміз?
— Мен Базенге қатты сенемін, — деді Арамис.
— Ал, мен Планшеге, — деді д'Артаньян.
— Шынында да, — деді Портос, — егер біз лагерьден шыға алмайтын болсақ, одан біздің дәйекшілеріміз еркін шыға алады.
Өте дұрыс, — деді Арамис оны қолдап. — Біз бүгіннен қалдырмай хатты жазамыз да, оларға ақша береміз, сосын олар жолға шығады.
— Ақша береміз, дейсіз бе? — деді Атос қайталай сұрап: — Қалтаңызда ақшаңыз көп пе еді?
Төрт дос біріне бірі қарасты да, жадырай бастаған жүздері қайтадан тұнжырап сала берді.
— Қараңдаршы! — деді д'Артаньян айқайлап. — Мен бір құжынаған қара, қызыл нүктелерді көріп тұрмын... әне, олар қыбырлап қозғалып келеді. Сіз, Атос, тұтас бір полк келеді деп едіңіз! Мыналар тұтас бір армия ғой!
— Ия, сіз дұрыс айтасыз, әне келе жатыр! — деді Атос. — Қалай, мына қулар сендерге ұнай ма? Барабанын даңғырлатпай, кернейлетпей, тып-тыныш келе жатқанын қараңдаршы... Сен шаруаңды бітірдің бе, Гримо?
Гримо басын изеп, қабырғаны қуалай, әрқайсысын әр күйде қалқитып тұрғызып қойған, оннан аса өліктерді мегзеп көрсетті: олардың біреуі мылтығын иығына асынып тұрса, енді біреулері көздеп жатыр, ал, үшіншілері шпагаларын жалақтатып тұр.
— Бәрекелде! — деді Атос оны мақтап. — Міне, бұл сенің қиялыңның жүйрік екенін дәлелдейді.
— Дегенмен мен осы істің мән-мағынасына түсінуге құмартып тұрғаным, — деді Портос тағы да.
— Әуелі осы арадан тайып тұралық, сосын сен бәріне де түсінесің, — деді д'Артаньян.
— Тұра тұрыңыз, мырзалар, бір сәт тұра тұрыңыз! Гримо дастарқанды жинасын:
— Оһо! — деді Арамис дауыстап. — Қара, қызыл нүктелер тым көбейіп барады. Мен д'Артаньянның пікіріне қосыламын: меніңше, уақытты оздыруға болмайды, дереу лагерьге қайту керек.
— Иә, шегінуге енді мен де қарсы емеспін, — деді Атос. — Біз бұл жерде бір сағат боламыз деп бәстесіп едік, бір жарым сағаттай болдық. Енді бізбен ешкім де сөз таластыра алмайды. Кеттік, мырзалар, кеттік!
Гримо таңғы астың қалдығын седепке салып алып, ілгері қарай зытып берді.
Төрт дос оның соңынан қамалдан шығып, он қадамдай жүргесін, кенет Атос:
— Eh, шайтан алғыр, біз не істеп барамыз осы, мырзалар! — деді дауыстап.
— Сен бірдеңені ұмытып кеттің бе?— деді Арамис.
— Жалауды айтамын, шайтан алғыр! Тіпті қарапайым сүлгі болса да, жалауды жауға қалдырып кетуге болмайды.
Атос қамалға қайта жүгіріп барып, төбесіне шықты да, жалауды шешіп алды, бірақ ларошельдіктер оқ даритын жерге жақындап келіп қалғасын, өзін оқ астына ермек үшін әдейі тұрғызып қойған кісіні, ажалды оқпен атқылай бастады.
Бірақ Атос сиқырлап қойған кісі сияқты еді, қалың оқ жан-жағын жанай, ысқырып етіп жатса да, оған бірде-бірі дарымады.
Атос қала қорғаушыларына сыртын беріп, жалауды сермеп, лагерь қорғаушыларын құттықтады. Екі жақтан да айқай-шу естілді: Бір жақтан — ызалы дауыстар шықса, екінші жақтан — шат-шадыман дауыстар естіліп жатты.
Бірінші залптан кейін, екінші залп атылды, үш оқ сүлгіге тиіп, оны нағыз жалауға айналдырды.
Бүкіл лагерь:
— Түс жылдам! Түс енді! — деп айқай салды.
Атос төмен түсті, үрпие күтіп тұрған жолдастары оны қуанып қарсы алды.
— Кеттік, Атос, кеттік! — деді д'Артаньян оны асықтырып. Тездетпесек болмайды, кәне тездетелік! Күллі жәйтті ақылға салып, ойланып-толғанып, ақша табудан басқа істі шешкеннен кейін, бізді қапылыста қалпақтай түсірсе, одан өткен өкініш болмас еді.
Бірақ жолдастарының асықтырғанына қарамастан, Атос аспай саспай, маң-маң басып келе жатты, қанша айтқанымен, сөзін тыңдата алмағасын, достары онымен бірге жүрді.
Грима седебін құшақтап, бұлардан әлдеқайда озып кетіп, оқ алмайтын жерге жеткен еді.
Енді бір минут өткенде, жапа-тармағай құтырына атылған мылтық даусы жетті.
— Мұнысы несі? Олар кімді атқылап жатыр? — деді Портос аң-таң қалып. — Мен қарсы атылған оқ даусын естіп тұрған жоқпын және онда тірі жан жоқ қой.
— Олар біз тұрғызып кеткен өліктерді атып жатыр, — деді Атос
— Бірақ біздің өліктер оларға жауап қайтармайды!
— Әрине қайтармайды. Сосын олар бізге тосқауыл жасаған екен деп, өзара кеңесе бастайды, елші жібереді, ал, істің себепті де бізге асығып-үсігудің, сөйтіп бүйірімізді тестіріп алудың қажеті жоқ.
— Ә, мен енді ғана түсіндім! — деді Портос разы болып.
— Құдайдың мұнысына да шүкіршілік! — деді Атос иығын қушитып...
Француздар төрт достың жәй аяқтап келе жатқанын көріп, қуана айқайлап жатты.
Қайтадан тарсылдап мылтық атыла бастады, бірақ бұл жолы оқ біздің достарымыздың айналасы, жол бойындағы тастарға тиіп, жаншылып қалып немесе құлақтарының түбінен ысқырып өтіп жатты. Ларошельдіктер ақырында қамалға ие болды-ау, әйтеуір...
— Атқыштарының, олағын-ай! — деді Атос... — Біз олардың нешеуін сұлаттық осы? Он үшін бе?
— Он бес болып қалмаса.
— Нешеуін жаншып тастадық?
— Сегіз бе, он ба — білмеймін.
— Осының бәрінен кейін еш жерімізді тырнатпай кеттік-ау. Дегенмен... Сіздің қолыңыздағы не, д'Артаньян? Қан емес пе?
— Болмашы, бірдеңе, — деді д'Артаньян.
— Қаңғыған оқ па?
— Тіпті, оқ дейтін оқ та емес.
— Ендеше не?
Атостың д'Артаньянды туған ұлындай жақсы көретінін біз жоғарыда айтқанбыз; осынау тұнжыраған қатал кісі кейде жас жігіт әкесіндей қамқор болатын.
Тырнап кетті, — деді д'Артаньян. — Мен саусағымды қабырғаның бір жарығына қысып алдым, сөйтсем, жүзіктің тасы оны жарып кетіпті.
— Алмасты қолға салу дегенің осы, мархабатты мырза! — деді Атос тыжырынып.
— Ах, иә, жүзіктің көзі алмас екен ғой! — деді Портос дауыстап. Ендеше, біз, шайтан алсын, ақшамыз жоқ деп не себептен жылап жүрміз?
— Иә, дұрыс айтасың! — деді Арамис оны дереу қолдап.
— Жарайсың, Портос! Осы жолы басыңа бір сәтті ой келіпті!
— Әлбетте, алмас болса, оны сатуға да болады, — деді Портос, Атостың жылы сөзіне масаттанып.
— Бірақ бұл — королеваның сыйы, — деді д'Артаньян.
— Демек оны іске жаратуға толық негіз бар, — деді Атос. — Егер королеваның сыйы өзінің көңілдесі — Бекингэмді құтқаратын болca, ол онда мейлінше әділ іс болмақ, ал, егер алмас оның тілеулес достары болып табылатын біздерді құтқарса, онда ол мейлінше қайырымды іс болғаны; сол себепті де алмасты саталық. Бұл жөнінде аббат мырза не ойлады екен? Мен Портостың пікірін сұрамаймын, өйткені оның пікірі бізге белгілі.
— Меніңше, — деді Арамис қызарып кетіп, — мына жүзікті ғашығың сыйламаған екен, демек, ол махаббаттың кепілі бола алмайды, ендеше д'Артаньян оны әбден сата алады.
— Инабатты досым-ау, сіз нағыз ғұламаларша сөйлейді екенсіз, Сонымен, сіздің пікіріңізше...
— ...алмасты сату керек, — деді Арамис.
— Мақұл ендеше! — деді д'Артаньян көңілденіп. — Алмасты сатсақ та, ол жөніндегі әңгімені доғаралық.
Атыс әлі жүріп жатты, бірақ біздің достар енді оқ дарымайтын жергe келгенді, ал, ларошельдіктер болса, әйтеуір, көңілдері жай табуы үшін мылтықтарын тарсылдатып атып жатты.
Рас, осы бір ой Портостың басына дәл мерзімінде келіпті. Шамасы, біз де келіп жеттік. Сонымен, мырзалар, енді осы іс жөнінен ләм деп тіл қатпаймыз. Жұрт бізге анталай қарап тұр, әне қаумаласып бері қарай келе жатыр, бізді салтанатпен қарсы алатын тәрізді.
Шыныда да, жоғарыда айтқанымыздай, күллі лагерь дүрлігіп алған-ды: екі мыңнан аса кісі төрт дос өздерінің ерлік әрекетімен қойған және ойдағыдай аяқталған батырлық спектакльдің көрушілеріне айналып кеткендей еді. Оның түпкі себебін ешкім де сезген жоқ.
Лагерь үстінде құттықтаған уда-шу дауыс қалықтап тұрып алды:
— Гвардияшылар жасасын! Мушкетерлер жасасын!
Де Бюзиньи мырза бірінші болып келіп, Атостың қолын қысып, «... бастап жеңіліп қалғанын мойындады. Де Бюзиньиден кейін драгун мен швейцар жігіт келді, сосын олардың күллі жолдас-жоралары жапырылысып бас салды. Құттықтап, қол қысудың, құшақтап марапаттаудың, ларошельдіктерді мазақтап, мысқылдаудың, кекетудің шеті де, шегі де болмады, айқай-шудың қабындап кеткені сондай, кардинал бүлік басталған екен деп, гвардиясының капитаны Лa-Удиньерді, не болып қалғанын біліп келуге жіберді. Шабарманға болған оқиғаны жұрт марапаттап айтып берді.
— Не болыпты? — деді кардинал Ла Удиньер қайтып келгесін.
— Шарапатты мырза, үш мушкетер мен бір гвардияшы таңғы асымызды Сен-Жерве қамалына барып ішеміз деп де Бюзиньи мырзамен бәс тігісіпті, сосын сол уақыт үстінде екі сағаттай жауға қарсы тұрады да, талай ларошельдіктерді жусатып салады.
— Сол үш мушкетердің есімдерін білдіңіз бе?
— Иә, білдім, шарапатты мырза.
— Аттарын айтыңызшы.
— Олар — Атос, Портос, Арамис деген мырзалар.
- «Әлгі үш батыр екен ғой!» — деді өзіне-өзі кардинал.
— Ал, гвардияшы кім екен?
— Д'Артаньян мырза.
— Әлгі қу бала екен ғой! Сол төрт достың менің қызметіме көшкені қажет-ақ.
Кешқұрым де Тревиль мырзамен сөйлесіп отырғанда, кардинал күллі лагерь сөз еткен таңертеңгі ерлік жәйіне де бір соғып өтті. Осы хикаяны соған қатысушы жігіттердің, өз аузынан естіген до Тревиль мырза, сүлгі жәйлі көрініске дейін қалдырмай, жоғары мәртебелі тақсырға тәпіштеп айтып берді.
— Өте жақсы, де Тревиль мырза! - деді кардинал. — Сол сүлгіні рақым етіп маған жібертіңізші, мен оған үш тұңғиық гүлдің суретін алтынмен кестелетіп, сіздің мушкетерлеріңізге штандарг есебінде тапсырайын.
— Шарапатты мырза, бүл гвардияшыларға әділетсіздік болып көрінуі мүмкін, — деді де Тревиль мырза оны құптамай, — өйткені д'Артаньян менің қол астымда емес, Дезэссардың қол астында ғой.
— Ендеше оны өзіңізге алыңыз, — деді кардинал. — Осынау төрт батыр бірін-бірі жақсы көретін болса, әскери қызметті бірге атқарғаны әділ болар.
Сол күні кешке салым осынау жақсы лебізді де Тревиль мырза үш мушкетер мен д'Артаньянға хабарлады және сол арада төртеуін түгелдей келесі күннің таңғы тағамына шақырды.
Д'Артаньянның қуанғанынан төбесі көкке жеткендей болды. Оның өз өміріндегі бар арманы мушкетер болу екені бізге мәлім еді ғой.
Оның үш досы да қатты қуанысты.
— Құдай ақы, сенің ойық қандай керемет еді, — деді д'Артаньян Атосқа, — және сен дұрыс айтыпсың: біз сол арада болып даң қымызды асырдық және өзімізге қатысы бар аса маңызды әңгімені бастадық.
— ...сол әңгімені біз енді, ешкімде күдік туғызбай-ақ жалғай беретін болдық. Өйткені тап осы күннен бастап, құдай қаласа, кардиналшы болып есептелмекпіз.
Сол күні кешкілік өзінің ізет-құрметін білдіру үшін және кардинал жасаған жақсылықты айту үшін, д'Артаньян Дезэссар мырзамен жүздесуге бет алды.
Д'Артаньянды өте жақсы көретін Дезэссар мырза мұны естіген кезде, жас жігітке қолма-қол жәрдемдеспек болды: ол заманда басқа полкке ауысу, сауыт-сайман, құрал-жабдық, ер-тұрманға көп қаржы жұмсалатын еді де, сондықтан бұл өте қиын іс болып саналатын.
Д'Артаньян оның көмегінен бас тартты, бірақ реті келіп тұрғасын, Дезэссардан алмастың құнын анықтатып, соны ақшаға айналдыруға көмектесіңіз деп, жүзікті қалдырып кетті.
Келесі күні, таңертеңгі сағат сегізде, Дезэссардың малайы д'Артаньянға келіп, бір қалта алтын тапсырды, оның ішінде жеті мың ливр бар екен.
Королева алмасының құны осындай болып шыққан-ды.
XVIII
СЕМЬЯНЫҢ IСI
Атос бұған семьяның ісі деген лайықты ат тапты. Семья ісімен кардинал айналыспайтын, семья ісінде ешкімнің де шаруасы жоқ еді, семья ісімен жұрт көзінше шұғылдануға бола беруші еді.
Сонымен, Атос: семья ісі деген ат тапты.
Арамис оның тәсілін тапты: қызметшілерін жұмсады.
Портос қаржыны тапты: алмасты саттырды.
Әдетте, төртеуінің ішіндегі ең тапқыры саналатын д'Артаньян ғана осы жолы ештеңені де ойлап таба алмады, бірақ, шынын айтсақ, миледидің бір есімінің өзі жігіттің берекесін қашырып, оның ой-санасын байлап-матап тастағандай болатын.
Е, айтпақшы біз қателесіп кетіппіз: ол алмасты сатып алушыны тапқан екен ғой.
Де Тревиль мырзаның таңғы тағамының үстінде жұрттың бәрі көңілді отырды. Д'Артаньян жаңа формасын киіп келді. Арамис пен бұл екеуінің бойы шамалас болатын. Арамистің поэмасын сатып алған баспагер жомарт қолмен оған ақшаны мол төлегені оқушыларымыздың есінде шығар, міне, сол себепті де ол өзіне күллі киімді бірден екі пардан тіктірген екен, енді міне, осындай бір иіні келгенде соның бір комплектің түгелдей досына берді.
Көкжиекте үйірілген қара бұлттай түнеріп, ойынан шықпай қойған миледи болмаса, д'Артаньян бұл жалғанның бар рахатына бөленетін еді.
Осы таңғы астан кейін достар кешқұрым Атостың пәтерінде кездесіп, ойға алған шаруаны аяқтамақ болып келісті.
Д'Артаньян мушкетер формасын киіп алып, күні бойы лагерьді аралап жүрді де қойды.
Кешқұрым, белгіленген сағатта, төрт дос бас қосты; бұлар нақты үш мәселені шешуі керек-ті: миледидің ағасына не жазу керек, Турдағы жылпос әйелге не деп жазу керек және осы хаттарды aпарып беруді дәйекшілердің қайсысына тапсыру керек.
Әркім өз қызметшісін ұсынды: Атос Гримоның қарапайым көп білетінін алға тартты, ол қожайыны рұқсат еткенде ғана сөйлейді екен; Портос алпамсадай әлуетті Мушкетонның күш-қайратып жатты да мақтады, ол кәдуелгі кісілердің төртеуін бірдей оп-оңай ұрып жығып жүре беретін көрінеді; Базеннің жылпостығына тәнті болған Арамис өз кандидатын көкке көтерді; ал, Планшенің батырлығына ден қоятын д'Артаньян, қитұрқысы мол булон ісінде оның ойлаған жерден шыққанын айрықша атап өтті.
Төрт қызметші осынау төрт қасиет-қабілетімен көпке дейін өзара бірінші орынға таласты, бұл жөнінде талай-талай қыздырма қызыл сөздер де айтылды, бірақ олар ұзақ-сонар болып, кісіні жалықтырып жіберер деп, біз оны әдейі жазбай отырмыз.
— Қырсыққанда, осы төрт қасиет біздің шабарманның басында болмайын деп тұр ғой, — деді Атос.
— Ондай дәйекшіні қайдан табамыз?
— Ондай дәйекшіні таба алмайтынымызды өзім де білемін, — деп Атос келісе кетті. — Сол себепті де Гримоны қабылдаңыз.
— Жоқ, Мушкетонды алыңыздар.
— Одан да Базенді алған артық.
— Меніңше, Планшені алған жөн. Ол — ержүрек те жылпос: төрт қасиеттің екеуі бір басынан табылып жатыр.
— Мырзалар, — деді Арамис сөз бастап, — біздің ең алдымен білуге тиіс басты нәрсеміз — ол төрт қызметшіміздің қайсысы қарапайымдырақ, қайсысы қайраттырақ, қайсысы жылпосырақ, қайсысы батылырақ екенін білу емес; басты нәрсе — солардың қайсысының ақшаны бәрінен де жақсы керетінін анықтап алу.
— Аса ақылды сөз, — деді Атос, — адамдардың жақсы қасиеттеріне емес, жаман әдеттеріне сүйену керек. Аббат мырза, сіз ұли өсиетші хакімсіз!
— Әлбетте, бұл ең басты нәрсе, — деді Арамис сөзін сабақтап. — Бізге, тапсырмамызды орындайтын сенімді кісілер тек табысқа жету үшін ғана емес, сол сияқты сәтсіздікке ұшырап қалмау үшін де қажет. Ал, шынында да бір бәле кездесе қалса, өз басымен жауап беретін қызметші емес...
— Жайырақ сөйле, Арамис! — деді Атос оны тоқтатып.
— Сіз дұрыс айтасыз... Қызметші емес, мырзасы, тіпті мырзалары жауап береді! Бізге бола өз басын қауіп-қатерге салатындай қызметшілеріміз өзімізге жан-тәнімен берілген кісілер ме? Жоқ!
— Құдай ақы, мен Планшеге кепілдік бере аламын, — деді д'Артаньян оларды құптамай.
— Ал енді, сүйікті досым, ол сізге шынымен қалтқысыз берілген қосшы болса, оны өзіңізге тәнті ету үшін, тағы біраз ақша беріңіз, байғұстың қолы азды-көпті дәулетке жетсін, оған тек содан кейін ғана кепілдік бере аласыз.
— Бәрібір сонда да алдап кетеді, — деді Атос, мәселе бір мүлік, зат жайында болса, ол оптимист болып шыға келетін, ал, адам жайында болса, айықпайтын пессимист еді. — Ақшаны аларда, олар жағалай уәде береді, ал, жолай қорқыныш қол-аяғына тұсау болады да, іс-әрекеттен бой тартады. Оларды ұстап алысымен, қыспаққа алады, ал, қыспаққа түскен бойда — бәрін де мойындайды. Шайтан атсын, біз бала емеспіз ғой! Англияға жету үшін, — деді Атос даусын бәсеңдетіп, — кардиналдың шпиондары мен сыбайластары қаптап жүрген күллі Францияны басып өту керек. Кемеге отыру үшін пропуск керек. Лондонға апаратын жолды табу үшін ағылшынша сөйлей білу керек. Меніңше, бұл — өте қиын іс.
— Түһ! Тіпті де олай емес! — деді д'Артаньян, ойға алған ісінің тезірек жүзеге асуын қалап. — Меніңше, ол керісінше, тіптен оңай. Әрине, егер лорд Винтерге сұмдық біткеннің бәрін, кардиналдың жиіркенішті істерін түгелдей әшекейлеп жазсақ...
— Ақырын! — деді Атос сақтандырып.
— ...және күллі айла-шарғылар мен мемлекеттік құпияларды тәптіштеп жазсақ, — деді д'Артаньян Атостың ақылымен дауысын бәсеңдете сөйлеп, — онда, әлбетте, бізді тірілей жерге көмеді. Бірақ, Құдай үшін, Атос, біз оған — өзіңіз айтқандай, тек семьяның үй ішінің шаруасын ғана жазамыз және жазғанда бір ғана мақсатты көздеп — миледи Лондонға келісімен, лорд әйелді бізге зиян жасау мүмкіндігінен айырсын деген мақсатты көздеп қана жазамыз. Мен оған, мәселенки, хатты осы мағынада ғана жазамын...
— Тыңдап көрелік, — деді Арамис, ә дегеннен-ақ оны сынайтын сыңайы барын танытып.
— «Мархабатты мырза һәм инабатты дос...»
— Бәлі, ағылшынға «инабатты дос» деп жазбақшысыз ба! — деді Атос оның сөзін бөліп. — Бұған не дейін, бастауыңыз жаман емес! Жарайсың, д'Артаньян! Тек осы бір сөзіңіз үшін ғана сізді Жерге көміп қана қоймайды, қол-аяғыңызды бір-бірлеп бұтарлап шабады.
— Жарайды, сіздің сөзіңіз дұрыс-ақ болсын. Мен ендеше: «мархаббатты мырза» деп жаза саламын.
— Сіз тіпті «милорд» деп те жаза аласыз, — деді сыпайылықтың жұртқа танымал түрлерін сақтауды мақұл көретін Атос. — «Миледи, сіз Люксембург сыртындағы шағын алаңды әлі ұмытқан жоқсыз ба?»
— Тамаша! Енді Люксембургті қостыңыз ба! Ол мұны королеваны мегзеу деп ұғады. Қалай шебер ойлап тапқансыз! — деді Атос мырс етіп.
— Мақұл, ендеше: «Милорд, өміріңізді сақтап қалған әлгі бір шағын алаң есіңізде ме?..» — деп жаза салайық.
— Сүйікті д'Артаньян, сіз ешқашанда жақсы жазушы бола алмайсыз, — деді Атос. — «Өміріңізді сақтап қалған!» Түһ! Бұлай деу лайық емес! Дені түзу адамға сондай қызмет көрсетіп едім деуге болмайды. Жасаған жақсылығыңды көзге шұқып айту — кісіні қорлау деген сөз!
— Ах, досым-ай, сізге тірі жан жақпас! — деді д'Артаньян шыдамай. — Егер сіздің бақылауыңызбен хат жазатын болсам, одан үзілді-кесілді бас тартамын.
— Тіпті дұрыс жасайсыз. Сүйіктім-ау, оданда мушкет пен шпаганы айналдыра беріңіз, сіздің өнеріңіз сол қызметтен көбірек көрінеді, ал, қаламды аббат мырзаға беріңіз, бұл — соның шаруасы.
— Расында да, қаламды, Арамиске қоя бер, — деді Портос оны мақұлдап, — ол тіпті латынша диссертация жазып жүр ғой.
— Жарайды, келістік! — деді д'Артаньян мойынсұнып. — Сіз осы бір хатты жазып беріңізші, Арамис. Бірақ қасиетті әкеміз — папа атымен сұрайтыным, сөзге сақ болыңыз! Және бір ескертетінім — жазғаныңыздан олақ сөйлемдерді мен де іздейтін боламын.
— Іздесеңіз іздей беріңіз, — деді Арамис, ақындарға тән аңғал мінез танытып, — бірақ әуелі мені күллі жәй-жапсармен таныстырыңыз. Рас, мен милордтың келіні — елден асқан алаяқ қатын дегенді талай естігенім бар, оның кардиналмен сөйлескен сөзін естігенде, оған өзімнің де көзім жетті...
— Ақырын сөйле, шайтан алғыр! — деді Атос оның сөзін бөліп.
— ...бірақ істің егжей-тегжейі маған бимәлім — деді Арамис сөзін бітіріп.
— Маған-да белгісіз, — деді Портос.
Д'Артаньян мен Атос біраз уақыт бір-біріне қарап, үнсіз отырып қалды.
Ақырында, Атос ойын жинақтап, реңі әдеттегі қалпынан сәл ғана қуыл тартып, басын изеп келісім берді, сол-ақ екен, д'Артаньян өзіне жауап қайтарға рұқсат етілгенін сезді.
— Хош, ендеше былай деп жазбақ керек, — деді ол сөз бастап, — «Милорд, сіздің жеңгеңіз — қылмысты әйел, күллі дүние-мүлкіңізге мұрагер болып қалу мақсатымен ол сізді өлтіру үшін адам жібермек болды. Бірақ оның ағаңызға тұрмысқа шығуға қақысы жоқ еді, өйткені оған дейін Францияда күйеуге шыққан болатын және...»
Қолайлы бір сөз қапелімде аузына түспегендейін, д'Артаньян тұтығып тұрып қалды да, Атосқа қарады.
— «...және күйеуі оны қуып жіберген», — деді Атос сыналап.
— «...оған сол себепті де таңба басылған», — деді д'Артаньян сөзін сабақтап.
— Олай болуы мүмкін емес! — деді Портос дауыстап. — Ол өз қайнысына кісі өлтірушілерді жұмсаған ба?
— Иә.
— Ол бұрын да күйеуге шыққан ба? — деді Арамис қайта сұрап.
— Иә.
— Сонда иығына тұңғиық гүлдің таңбасы басылғанын күйеуі көрген бе?
— Иә.
Осы «иә» деген үш сөздің үшеуін де Атос айтты және айтқан сайын қабағы салынып, үні де көңілсіз шықты.
— Әйелдің сол қарғыс таңбасын көрген кім? — деді Арамис, мәселені анықтай түскісі келіп.
Д'Артаньян және мен... яки дұрысын айтып, мезгіл-мерзім ретін сақтасақ, мені мен д'Артаньян, — деді Атос.
— Ал, осынау сұм сайқалдың күйеуі әлі тірі ме? — деді Арамис.
— Ол әлі тірі.
— Оған сіздің көзіңіз анық жете ме?
— Иә, анық жетеді.
Бір сәтке үнсіз тыныштық орнады, осы кезде бұлардың әрқайсы әлгі айтылған әңгіме әсерімен көңілдері алабұртып тұрған-ды.
— Осы жолы д'Артаньян бізге хаттың келісті бір жобасын жасап берді, біз хатымызды тап осылай бастауымыз керек, — деді Атос.
— Шайтан алсын, дұрыс айтасыз, Атос! — деді Арамис. — Мұндай хатты жазу — қитұрқысы көп қиын міндет. Канцлер мырза протоколды қанша қиыстырып жазғанымен, тап осындай терең мәнді-мағыналы хатты жазуды қиынсынар еді. Дегенмен ештеңе етпес. Енді азғана үндемей отыра тұрыңыздар, мен оны жазып тастайын.
Арамис қаламды алып, біраз ойланып қалды, сосын әйел сияқтанып әсемдеп, тоғыз-он жол хатты жазды да, әрбір сөзін әдейі салмақтап көргендейін, аспай-саспай, қоңыр үнмен төмендегі сөздерді оқып берді:
«Милорд!
Үшбу бірнеше жол хатты сізге жазып отырған кісі Тамух көшесіндегі шағын алаңда өзіңізбен сайысу құрметіне ие болған еді. Тағы бір оқиғадан кейін де сіз өзіңізді сол кісінің досымын деп талай рет атаған едіңіз, енді міне ол да сізге бір жақсы кеңес беріп, дос пейілін білдіргісі келеді. Сіз екі рет, өзіңіз мұрагерім деп есептеп жүрген жақын туысы қыздың құрбаны болып қала жаздадыңыз, өйткені Англияда тұрмысқа шыққанда, оның бұрын Францияда күйеуі болғанын сіз, әрине, білмейсіз. Бірақ үшінші рет яғни осы жолы мерт болуыңыз мүмкін. Сіздің туысыңыз бүгін түн Ла-Рошельден Англияға жүріп кетті. Ол әйелдің келуінен көз жазып қалғаныңыз, өйткені оның діттеген мақсатынан жан түршігеді. Егер оның неден болса да тайынбайтынын білгіңіз келсе, өткен өмірін сол иығынан оқып білесіз».
— Міне, бұл керемет!- деді Атос қуаттап. — Сіз нағыз мемлекеттік хатшы сияқты жазасыз, сүйікті Арамис. Егер осы сақтандыру хатты алса, лорд Винтер бақылау, күзетті күшейтеді, ал, егер бұл хат жоғары мәртебелі тақсырдың қолына түсіп қалса да, бізге ешбір зияны тимес еді. Бірақ біз өзіміз аттандырамыз деп отырған қызметші Шательродан әрі аспай жатып, бізге Лондонға барып қайттым деп айтуы мүмкін. Сондықтан да біз оған хатпен бірге тиісті ақшаның жартысын ғана береміз, қалғанын кейін — жауапты әкелгенде береміз деп уәде етеміз... Сіздің алмасыңыз қалтаңызда ма? — деді Атос д'Артаньянға.
— Менде одан гөрі артығырақ бір нәрсе — ақша бар.
Сосын д'Артаньян қалтаны стол үстіне тастай салды.
Алтынның сыңғырын естігенде Арамис басын көтерді, Портос селк ете қалды, тек Атос қана сыр бермеді.
— Мына қалтада қанша ақша бар? — деді ол.
— Луидормен есептегенде, әрқайсысы он екі франктен жеті мың ливр бар.
— Жеті мың ливр! — деді Портос қышқырып. — Әлгі жаман алмас сымақ жеті мың ливр тұрғаны ма?
— Әне, стол үстінде жатыр ғой, солай шығар. Біздің досымыз д'Артаньян оған жанынан өз ақшасын қосты деп ойламаймын, — деді Атос.
— Бірақ біз күллі мәселені талқылағанда королеваны ойламайтынымыз қалай, мырзалар? — деді д'Артаньян өз ойына қайта көшіп. — Ханымның жаны сүйетін Бекингэм мырзаның жәйін де ойласақ қайтеді. Сол кісі алдындағы борыштан құтылу үшін біз осындай бір болмашы әрекет қана жасайық.
— Дұрыс айтасыз. Бірақ ол Арамйстің шаруасы, — деді Атос.
— Мен не істеуім керек? — деді Арамис қызарып.
— Жәй ғана бір істі жасасаң болды: ол — әлгі Турда тұратын жылпос қатынға хат жазу.
Арамис тағы да қолына қалам алып, аз-кем ойланды да, төменгі жолдарды сырғытып жаза салды, сосын оны өз достарының ортасына салды:
«Сүйікті кузина!..»
— А, сол жылпос әйел — туысқаныңыз екен ғой! — деді Атос қолма-қол реті келгесін.
— Немере қарындасым, — деді Арамис.
— Мейлі, немере қарындасыңыз-ақ бола қойсын!
Арамис хатты оқи берді:
«Сүйікті кузина!
Жоғары мәртебелі тақсыр кардинал мырза — құдай тағалам Францияның игілігі үшін және король елі жауларының масқара болуы үшін, оның жанына жүрім бергей — Лa-Рошельдің бүлікшіл дінсіздерін құртып бітіруге айналды. Оларға көмекке келе жатқан ағылшын флоты, шамасы, бекініске жақын келе алмайтын шығар. Дәтім барып анықтап айтатын жәйт, маңызды бір оқиғалар Бекингэм мырзаның Лондоннан тынығуына бөгет болатын шығар. Жоғары мәртебелі тақсыр — өткеннің де, бүгінгі күннің де, тіпті бәлкім, болашақтың да ең әйгілі мемлекеттік қайраткері. Егер аспандағы күн кесірін тигізсе, ол күннің өзі күргейлеп тастар еді. Сүйікті кузина, осы қуанышты хабарды апайыңызға хабарлаңыз. Мен түсімі де сол қарғыс атқан ағылшынның өлгенін көрдім. Сол қанжардан өлді ме, удан өлді ме — есімде қалмапты, тек анық, бір білетінім оның өлгенін түсімде көргенім, ал, менің түсімнің айнымай келетінін өзіңіз де білесіз. Ұзамай мені көзіңізбен көретініңізге күмәнданбаңыз.
— Өте жақсы! — деді Атос дауыстап. — Сіз — ақындардың королісіз, сүйікті Арамис. Сіз тап апокалипсис сияқты сөйлейсіз, ал, ақиқат шындықты інжіл сияқты айтасыз. Енді осы хаттың адресін жазуыңыз ғана қалды.
— Оны жазу оңай, — деді Арамис.
Ол хатты ойнақылана бүктеді де, сыртына:
«Турдағы кестеші Мишон бикешке», — деп жазды.
Қулықтары жүзеге аспай қалғасын, үш дос жадырай күліп бір-біріне қарасты.
— Бұл хатты Турға тек Базен ғана апарып бере алатынын сіз енді түсінген боларсыз, — деді Арамис. — Менің немере қарындасым Базенді ғана біледі және жалғыз соған ғана сенеді, басқа қызметші бұл істі бүлдіреді. Мұның үстіне Базен оқымысты және мансапқор: Базен тарихты жақсы біледі, мырзалар, ол Сикст Бесіншінің папа болмай тұрып, әуелі шошқа бағушы болғанын кәміл біледі. Ал, менімен бірге діни дәреже қабылдауға Базен де талаптанып жүргендіктен, ол да бір кезде папа немесе кардинал болудан үмітін үзбейді. Осындай жоғары дәрежеге жетуді ойлап жүрген кісі оңайлықпен қолға түспейтінін өздеріңіз де аңғарған боларсыз, ал, егер оны ұстап ала қойса, қанша азапқа салса да, ештеңені мойындамайды.
— Жарайды ендеше, — деді д'Артаньян келісіп, — мен сізге Базенді шын көңілден қидым, ал, маған Планшемді беріңіз. Миледи күні Планшені келістіріп сабап, үйден қуып жіберіңдер деп әмір еткен ғой, ал, Планше зейінді жігіт, егер сол әйелден өшін алатын мүмкіндік туса, ондай ғанибеттен бас тартқанша, ол өліп кеткенді артық көреді, бұған иманым кәміл. Егер Турдағы істің сізге қатысы болса, Арамис, Лондондағы іс — менің жеке басымның шаруасы. Сол себепті де Планшені қалап алуыңызды сұраймын, бұған қоса, менімен бірге Лондонға барған және: London, sir if you please, «Wy master lord d'Aptagnan —деген сөздерді мінсіз айта алады. Қам жемей-ақ қойыңыз, осындай біліммен ол барар жолды да, кайтар жолды да айнытпай табады.
— Олай болса, Планшенің бару жолына жеті жүз ливр, қайтып келгесін жеті жүз ливр береміз, ал Базенге — жүрерінде үш жүз лиир, қайтып оралғасын үш жүз ливр береміз, — деді Атос. — Бұл — біздің байлығымызды кемітіп, бес мың ливрге түсіреді. Енді әрқайсымыз мың ливрден алайық та, ойымызға не келсе, соған жұмсайық, ал, қалған мың ливрді оқыс бір жәйттерге, жалпы мұқтажымызға жұмсау үшін қор етіп, аббатқа сақтауға берейік. Сіздер бұған келісесіздер ме?
— Сүйікті Атос, — деді Арамис, — сіз сөйлегенде Нестор сияқты толғайсыз, ал, Нестор гректің аса ұлы данасы болғаны жұртқа мәлім ғой.
Хош, сөйтіп, Планше мен Базен жолға аттанатын болды, деді Атос сөзді түйіп. — Шынымды айтайын, Гримоның қасымда қалғанына қуанамын: ол маған әбден дағдыланып алған, сол себепті де мен оны қатты қастерлеймін. Кешегі күн оны әбден қалжыратқан болуға тиіс, ал, мына саяхат байғұстың түбіне жетер еді.
Достар Планшені шақырып алып, оған қажетті нұсқау берді, бұған дейін д'Артаньян оған біріншіден, даңқың шығады, екіншіден, ақшаға жарисың, дей келіп, сосын барып қауіп-қатер жәйін сөз етіп, ескертіп қойған еді.
— Мен хатты жеңімнің қайырмасына жасырамын, ал, егер ұсталғандай болсам, жұтып жіберемін, — деді Планше.
— Онда сен тапсырманы орындай алмайсың, — деді д'Артаньян.
— Бүгін кешке маған хаттың көшірмесін беріңіз, ертеңге дейін жаттап алайын.
Д'Артаньян: «Қалай? Мен сіздерге шындықты айтыппын ба?»- дегісі келгендей достарына қарады.
— Бір нәрсені біліп қой, — деді ол Планшеге, — лорд Винтерн барып жету үшін саған сегіз күн, қайтар жолыңа сегіз күн, сонда барлығы он алты күн беріледі. Егер жолға шығып кеткеннен кейін он алтыншы күні кешкі сағат сегізде дәлме-дәл келіп жетпесең тіпті сегізден бес минут өткенде келсең де, қалған ақшаңды ала алмайсың.
— Олай болса, сударь, маған сағат сатып әперіңіз? — деді Планше.
— Мынаны ал ендеше, сосын ер-азаматтығыңнан танба, — деді Атос, өзіне тән бейқам жомарттықпен Планшеге сағатын беріп жатып. — Есіңде болсын: егер сен сырыңды ашып қойсаң, бөсіп отырып айтып қойсаң немесе бір жерде сандалып жүріп қалсаң, сенің адалдығына шек келтірмей, сен үшін бізге кепілдік берген мырзаның түбіне жетесін. Тағы есінде болатын бір жәйт: егер сенің кесіріңнен де'Артаньян бір бәлеге ұшырап қалса, онда ішек-қарнын ақтарып тастау үшін мен сені қайда жоғалып кетсең де табамын.
— Э, сударь! — деді Планше, мушкетердің күдіктенгеніне ренжіп және оның сазарған түрінен шошып.
— Ал, мен теріңді тірідей сыпырып аламын! — деді Портос сөзін алақтатып.
— Ах, сударь!
Ал, мен сені адам тағыларының әдісімен отқа салып қақтаймын, есіңде болсын! — деді Арамис әуезді үнімен момақансып.
— Ох, сударь! Сол арада Планше еңіреп жылап жіберді; ол осы қоқан-лоққыдан қорқып жылады ма, әлде мына төртеуінің жанқияр достығын көріп, елжіреп жылады ма — ол жағын біз ашып айта алмаймыз.
Д'Артаньян оны қолынан қысып, құшырлана құшақтады.
— Ұқтың ба, Планше, —деді жігіт оған, — бұл мырзалар осының бәрін мені жақсы көргендіктен айтып отыр, ал, шындап келгенде олар сені де жек көрмейді.
— Ах, сударь, олар мені кескілеп тастамаса, тапсырманы кайта орындаймын, — деді Планше дауыстап. — Ал, егер кескілей қалса, бір жапырақ етім де бір ауыз сөз айтпайды.
Сонымен Планше түн бойы хатты жаттап, келесі күні ертеңгі сағат сегізде жолға шығатын болып келісілді. Ол сөйтіп өз пайдасына тура он екі сағат түсіріп алды, өйткені осы алтыншы күні кешкі сағат сегізде келіп жетуі керек-ті.
Ертеңгілік, дәйекшісі, атқа қонғасын, жүрегінің бір түкпірінде Бэкингэмді жек көрмейтін д'Артаньян Планшені шеткерірек алып шықты.
— Әй! — деді ол қызметшісіне, — хатты лорд Винтерге апарып қолма-қол тапсырып, ол оны оқып шыққасын, сен оған тағы да: .Шарапатты мырза, лорд Бекингэмді қорғаңыз: біреулердің оны өлтіргісі келеді», — деп айтқайсын. Бірақ, Планше, есіңде болсын, мұның аса маңызды және салмақты мәселе екендігі сонша, осы құпияны саған сеніп тапсыратынымды тіпті достарыма да білдірген жоқпын, егер мені капитан шеніне көтереміз деп уәде берсе де, оны хатқа да түсірмес едім.
— Алаң болмаңыз, сударь, маған әр уақытта әбден сенуге болатынына өзіңіздің де көзіңіз жетеді әлі.
Желдей жүйрікке қарғып мінген Планше, ә дегеннен-ақ дүбірлетіп шаба жөнелді, ол бұл атты лагерьден жиырма льедей шыққасын тастап, әрі қарай почта көлігімен кетуі керек-ті; мушкетерлердің үш серті есіне түскенде, жүрегі сыздап қоя беретін болса да, оның көңілі көтеріңкі еді.
Базен келесі күні ертеңгілік Турға жүріп кетті; жүктелген тапсырманы орындау үшін оған сегіз күнге рұқсат берілді.
Шабармандары аттанып кеткеннен кейінгі ұзақ күндерде төрт дос, әрине, бұрынғыдан бетер сақтанып, төңірегіне көз-құлағын тігіп жүрді.
Олар күні бойы айналасында айтылып жатқан сөздерді мұқият тыңдап, кардиналдың әрбір іс-әрекетін андып, Ришельеге бір шабарман суыт келген жоқ па екен деп оқыс хабар күтумен болды. Егер өздерін ойламаған жерден қызмет, міндетін атқаруға тосын шақыра қалса, олар дірілдеп, шошып кететінді шығарды. Сонымен бірге олар өздерінің қауіпсіздігін де ойлады; өйткені миледи деген аруақ елес сияқты, кісіге бір көрінсе, оны енді қайтып алаңсыз ұйықтатпайтын бір бәле-тін.
Сегізінші күні ертеңгілік, әманда жинақты, ширақ жүретін Базен, үйреншікті әдеті бойынша, жымия күліп, төрт дос таңғы асына енді отыра бергенде, «Дінсіз» шарапханасына келіп кірді, сосын келісілген шарт бойынша:
— Арамис мырза, кузинаңыздың жауабы мінеки, — деді жәйімен.
Достар қуанғанынан бір-біріне қарасты: істің тең жартысы біткен-ді; рас, шаруаның бұл жартысы жеңіл-тін және оған уақыт та аз кететін.
Арамис еркінен тыс қызарып, әріп қателері көп, арбақ-сарбақ жазылған хатты ала берді.
— О, құдайым-ай! Мишон бейбақ, Вуатюр мырза сияқты, ешқашан да сауатты жазуды үйрене қоймас, — деді ол дауыстай күліп.
— Мишон пейпақ тегенің не? — деді, хат келген кезде төрт доспен әңгімелесіп тұрған швейцарлық.
— Ах, құдайым-ай, ол ештеңе де емес! — деді Арамис. — Бір жайнаң қағып тұрған жас кестеші әйел ғой, мен оны жанымдай жақсы көруші едім, сол себепті де ескерткіш ретінде маған шағын бір хат жазып жіберерсің деп өтінгенмін.
— Чайтан алсын, егер ол өзі жазған ариптері сияқты, үлкен бәйбіше болса, сен бақытты екенсің, жолдас! — деді швейцарлық.
Арамис хатты ұқыптап оқыды да, оны Атосқа берді.
— Оның не жазғанын оқыңызшы, Атос, — деді ол досына.
Атос хатты көзін жүгіртіп оқып шықты да, жұрт көңілінде күдік туа қалса, соны сейілткісі келгендейін, естіртіп оқи бастады:
«Сүйікті кузен, біз апайыммен екеуміз түсті жақсы жоримыз және біз одан сұмдық қорқамыз, бірақ, сіздің түсіңіз жөнінде: түске сенбе, түс — алдамшы сағым, деп айтуға болады ғой деп ойлаймын. Қош, сау болыңыз және оқтын-оқтын өзіңіз жәйлі хабар беріп тұрыңыз.
Аглая Мишон».
— Ол қайдағы түсті айтқан? — деді хатты оқып жатқанда келген драгун.
— Иа, қайдағы түс? — деді швейцарлық іле-шала.
— Ах, құдайым-ай, ол жәй бірдеңе: мен бір жаман түс көріп, оны соған айтқанмын, — деді Арамис.
— Ай, құдай-ай, түсті айтқанға не жетсін, бірақ мен өмірде түс көрмеймін.
— Сіз бақытты екенсіз онда, — деді Атос стол басынан тұрып жатып. — Егер сіз сияқты түс көрмедім дей алсам, қуанар едім.
— Ешқашан да! Ешқашан да! — деді швейцарлық, Атос сияқты кісінің осындай нәрсеге қызыға, қызғана қарағанына мәз болып.
Д'Артаньян Атостың түрегелгенін көріп, орнынан тұрды да, оны қолтығынан алып, далаға шықты.
Портос пен Арамис драгун мен швейцарлықтың дөрекі әзіліне жауап беріп отырып қалды.
Ал, Базен болса, үйіне келіп, сабан төсекке жамбасы тиер-тиместен ұйықтап кетті, швейцарлық жігітке қарағанда, қиялы жүйрік Базен ұйықтап жатып түс көрді, түсінде" — Арамис папа болып, мұны кардинал дәрежесіне жоғарылатып жүр екен.
Алайда, біз әлгіде айтқандайын, аман-есен қайтып келген Базен, төрт достың мазасын алған қауіп-қатерді сәл ғана азайтқан еді. Сарғая түскен кезде күндер де ұзақ болады, оны әсіресе д'Артаньян қатты сезді, қазір тіпті бір тәулікте қырық сегіз сағат бар деп бәстесуге де әзір-ді. Ол теңіз сапарының өте баяу болатынын ұмытып, миледидің құдіретін іштей күшейтіп жіберді. Өзіне тажал болып көрінетін осы әйелді, ол ой-қиялымен, сол әйел сияқты, ғажайып сиқырлы күші жын-перілермен сыбайластырып қойды; біреудің тықырын естісе болғаны: енді мені қамауға келген екен және менің өзіммен, достарыммен беттестіріп тергеу үшін Планшені әкелген екен деп ойлайтын болды. Жігіттің қорқынышы күшейіп, қасындағы Портос пен Арамиске де әсерін тигізді. Айналасында ешбір қауіп-қатер жоқтай-ақ және үйреншікті тірлікте зәредей де өзгеріс болмағандай-ақ, тек Атос қана бұрынғы сабырлы-салмақты қалпынан танбады.
Он алтыншы күні, осынау беймаза жан толқыны д'Артаньян мен оның достарын біржолата билеп алғаны сондай, олар бір орында тұра алмай, Планше келетін жолға шығып, аруақ сияқты сенделіп жүрді де қойды.
— Егер бір сұрқия сіздердің үрейлеріңізді тап осылай ұшыратын болса, онда сіздер ер емес, бала екенсіздер! — деді Атос олар — Шынында да біз қауіптенетіндей не болды соншама? Түрмеге қамалудан қорқамыз ба? Одан бізді шығарып алады ғой! Бонасье бикені шығарып алды емес пе! Басымызды шабады деп қорқамыз ба? Бірақ күн сайын ойнап-күліп, жанымызды шүберекке түйіп жүрген жоқпыз ба, өйткені ядро аяғымызды уатып кетуі мүмкін, менің бір кәміл білетінім, сонда хирург аяғымызды кесіп жатып, басымызды алатын жендеттен гөрі, жанымызды көбірек азаптайды. абыр айлап, тоса тұрайық: енді бір екі, төрт сағаттан кейін, көп кешіксе — алты сағаттан кейін Планше арамызда болады. Ол бізге серт берді ғой, мен Планшенің сертіне сенемін, ол маған жақсы жігіт болып көрінеді.
— Ол егер келмесе қайтеміз? — деді д'Артаньян.
— Келмесе, бір себептермен кешігіп жатқаны, бар болғаны сол. Ол аттан ауып қалуы, көпірден құлап кетуі мүмкін, құйындатып бара жатқанда өкпесіне суық тигізіп алуы мүмкін. Е, мырзалар, тірліктегі кездейсоқ нәрселердің бәрін есептеу керек! Өмір деген — уақ-түйек қиындықтан тізілетін тәсбі, философтар күліп жүріп сол тәсбіні санайды. Мырзалар, тірлікте мен сияқты философ болыңыздар, кәне, дастарқанға келіңіздер, ішелік: болашаққа бip бокал шамбертен арқылы қарасан, ол әманда жайнап, құлпырып сала береді.
— Өте дұрыс айттыңыз, бірақ әрбір шыныны ашқан сайын, осы миледидің погребінен емес пе екен деп, қауіптене-қауіптене жалығып біттім, — деді д'Артаньян.
— Сіз аса талғампаз жігітсіз. Ол кереметтей сұлу әйел! — деді Атос.
— Жұрт таңбалап тастаған әйел! — деп Портос бір дөкір әзіл қашырды да, үйреншікті әдетімен, қарқылдап күліп жіберді.
Атос селк етіп, терін сүрткен болып маңдайын бір сипап тастап, жасып қалғанын жұрт көзінен жасыра алмай, орнынан тұрып кетті.
Сонымен тағы бір күн етті. Кеш әдеттегіден баяулап батпай қойды, ақырында созалаңдап түн де жетті, шарапханалар кісілерге тола бастады. Сатылған алмастан өз үлесін алған Атос «Дінсізден» шықпай қойды. Иіні келгенде айта кетелік, біздің достарды тамаша түскі аспен сыйлаған де Бюзиньи мырза, Атосқа лайықты шарап серік болып алды. Сонымен, сағат жетіні соққан кезде, үйреншікті әдеті бойынша, олар сүйек тастап ойнап отырған; күзет постыларын күшейтуге бет алған патрульдердің өтіп кеткен дыбысы естілді; жеті жарым кезінде кешкі дабыл қағылды.
— Біз құрыдық! — деді д'Артаньян Атосқа сыбырлап.
— Сіз ақшамыз құрыды демек болған шығарсыз? — деді Атос оның сөзін жәйімен түзетіп, сосын қалтасынан төрт пистоль алып, стол үстіне тастай салды, — Қой, мырзалар, кетелік, кешкі нұғраны соғып жатыр, барып ұйықталық, — деді Атос.
Сосын Атос д'Артаньянды қасына ертіп, шарапханадан шықты. Олардың соңынан қолтықтасып Арамис пен Портос келе жатты. Арамис бір өлеңді күбірлей айтып, Портос жаны күйгесін өз мұртын өзі аяусыз жұлқылай берді.
Кенет ымырт қараңғылығынан біреудің сұлбасы көрінді, оның сыртқы нобайы д'Артаньянға таныс-ты, сол мезетте құлаққа үйреншікті бір дауыс:
— Мен сізге плащыңызды әкелдім, сударь: бүгінгі кеш салқын екен, деді жәй ғана.
— Планше! — деді дауыстап д'Артаньян, қуанғаннан жүрегі жарылып кете жаздады.
— Планше! — деді Портос пен Арамис қосарланып.
— Иә, бұл Планше, — деді Атос. — Оның несіне таң қалдыңыздар? Ол дәл сағат сегізде келемін деп уәде берген, әне, сағат сегізді соғып жатыр. Жарайсың, Планше, сіз сертіңізге берік жігіт екенсіз! Егер сіз бір кезде қожаңыздан кетіп қалатын болсаңыз мен сізді өзіме атқосшылыққа аламын.
— О, жоқ, ешқашанда! — деді Планше азарда-безер болып — Мен ешқашан да д'Артаньян мырзаны тастап кетпеймін.
— Сол минутта д'Артаньян өз қолына Планшенің бір хатты қыстыра салғанын сезді.
Д'Артаньян жолға шығар алдында Планшені қалай құшақтаса, тағы да солай құшақтағысы келіп еді, бірақ ол көшенің тап ортасында қызметшісін елжірей құшақтап жатқаны біреу болмаса біреуге ерсі көрінер деп өзін-өзі ұстап қалды.
— Хат менде, — деді ол Атос пен достарына.
— Бәрекелде. Үйге барып оқылық, — деді Атос.
Хат д'Артаньянның қолын күйдіріп барады, ол жүрісін жылдамдатайын деп еді, бірақ Атос оны қолтығынан ұстады, сол себепті де жас жігіт досымен бір жүруге еріксіз көнді.
Ақырында олар шатырға кіріп, шырақ жақты. Достардың үстіне ешкім оқыс кіріп келмес үшін, Планше есік алдында тұрып қалды, ал, д'Артаньян қолы дірілдеп, сарғая күткен хаттың қатырғышын сындырып, аша берді.
Бұл — нағыз ағылшынның қолымен жазылған жарты жолдық шолақ хат болып шықты:
«Thank you, ве easy». Бұл —«Сіздерге алғыс айтамын, қам жемеңіздер» — деген сөз еді.
Атос хатты д'Артаньянның қолынан алып шыраққа апарып жақты да, қашан күл болғанша ұстап тұрды.
Сосын ол Планшені шақырып алып:
— Ал, бауырым, енді өзіңе тиісті жеті жүз ливрді талап етуіңе болады, бірақ мынадай хаттан саған келетін қауіп аз еді, — деді.
— Алайда, соны аман-есен осында жеткізу үшін мен жасамаған қулық бар ма, — деді Планше.
— Кәне, бізге бастан кешкен хикаяңды айтшы! — деді д'Артаньян оған.
— Ол ұзақ-сонар әңгіме ғой, сударь.
— Сен жөн айттың, Планше. Мұның үстіне әлгіде ғана кешкі қоңырау қағылған-ды, ал, біздің шамымыз өзгелерден кешірек жанып тұрса, көзге түсіп қаламыз.
— Солай-ақ болсын, ұйықталық. Планше, алаңсыз жатып ұйықтайды — деді д'Артаньян.
— Құдай ақы, сударь, соңғы он алты күнде тұңғыш рет алаңсыз ұйықтайтын шығармын.
— Мен де, — деді д'Артаньян.
— Мен де, — деді Портос дауыстап.
— Мен де, — деді Арамис бәсең.
— Шынымды айтайын, мен де, — деді Атос.
XIX
ЗҰЛЫМ ТАҒДЫР
Кемеге әкеліп қамаған ашулы арыстандай болып, миледи бұл кезде палуба үстінде ызаға булығып - жанығып жүрді; ол теңізге тіреу қойып кетіп, жағаға жүзіп кеткісі келді: әйел д'Артаньянның өзін қорлағанын, Атостың дөңайбат шеккенін, ал, өзінің олардан ішін ала алмай, Франциядан кетіп бара. жатқанын ойлағанда жынданып кете жаздайды. Көп ұзамай осы ойдың азабына шыдамай кеткен миледи, басына төніп тұрған қауіп-қатерге қарамастан, капитанға мені жағаға түсіріп кетіңіз деп жалына бастады. Бірақ ағылшын мен француз соғыс кемелерінің қыспағында қалып — тышқан да емес, құс та емес, жарқанат сияқты ауыр халге түскен капитан, содан құтылып, тезірек Англия жағалауына жетпекші болғам. Сол себепті де мұны әйелдің кесірлігі деп ұғып, оған бағынудан үзілді-кесілді бас тартты. Дегенмен ол, кардинал айрықша қамқорлығыңа ал, деп әдейі тапсырған жолаушысына, егер теңіз бен француздар мүмкіндік берсе, сізді Бретон порттарының бірінде — Лорианда ма, әлде Бресте ме, әйтеуір біреуінде түсіріп кетемін деп уәде етті. Бірақ жел қарсы алдынан ышқына соғып, теңіз құтырып атқасын, ол амалдап әзер келе жатты. Шарантадан жүзіп шыққаннан кейін, арада тоғыз күн өткенде реніш-күйініштен, ашу-ызадан қуарып кеткен миледи алыстан Финистердің көгілдір тартқан жағалауын көрді.
Францияның осы түкпірінен кардиналға жету үшін оған ең кем дегенде үш күн керек екенін ол есептеп шығарып қойды. Оған жағаға түсуге қажет бір күнді қосса төрт күн болады, ал, осы төрт күнге текке өткен тоғыз күнді қоссақ — он үш күн құр босқа кеткен болып шығады! Осы он үш күн ішінде Лондонда талай маңызды оқиғалар болған шығар! Егер миледи қайтып барса, кардиналдың сөзсіз қаһарына мінетінін, демек, мұның біреуді айыптаған сөзінен гөрі, басқаның өзіне айтқан шағымына құлақ қоятынын сезіп білді. Сол себепті де, кеме Лориан мен Бресті жанай өтіп бара жатқанда капитаннан мені түсіріп кетіңіз деп сұрамады, ал, капитан болса, мұны әйелдің есіне әдейі салмады. Сонымен миледи сапар-саяхатын жалғай берді, Планше Портсмутке келіп, Францияға баратын кемеге отырғанда, мәртебелі тақсырдың шабарманы осы порткі салтанатпен келіп кірген еді.
Бүкіл қала абыр-сабыр болып, әбігерге түсіп жатыр екен: жаңа ғана жасалып біткен төрт кемені теңізге түсіріп жатты, қайраңда тұла бойы алтынға, әдеттегіше жарқыраған алмас пен асыл тастарға малынып, қалпағының ақ қауырсындары иығына төгіліп Бекингэм тұр, оны өзі сияқты сары ала киімді нөкері қоршап алыпты.
Қыстың аса сирек кездесетін таңғажайып бір шуақты күні тамылжып тұрды, осындай күндері Англия әлемде күн бар екенін есіне алды. Жылуы қайта бастаған, бірақ әлі де болса жайнап тұрған сұлу күн аспан мен теңізге жолақ-жолақ от жолдар қалдырып, қаланың мұнаралары мен көне үйлеріне алтын шапақ нұрын төгіп, терезелерді өрттей алаулатып, домаланып ұясына аунап бара жатты.
Жағаға жақындаған сайын салқын тартып, жұпар иіс жеткізіп жатқан теңіз ауасымен кеудесін кере тыныстаған миледи, өзі құртып жіберу жөнінде арнайы тапсырма алған, осы бір айбарлы әзірлікті, бірнеше қап алтынды көзін тауып жұмсап, күл-талқан етуге тиіс, құдіретті армияны сырттай бақылап келе жатып, — жалғыздан-жалғыз, әйел басымен, — өзін ойша Юдифьпен салыстырды. Юдифь ассириялықтардың лагеріне астыртын еніп, сансыз кеп жауынгерлерді, арбаларды, аттар мен қару-жарақты көріп, қолын бір сермеп, соның бәрін түтін сияқты сейілтіп жіберген дейді ғой.
Кеме айлаққа келіп тоқтады. Бірақ ол зәкірін тастауға әзірленіп бастаған кезде, өң бойы қару-жарақпен құрсанған бір қатер таяп келіп, өзін күзет кемесіміз деп таныстырып, суға қайық түсірді, ол бірден тарапқа қарай беттеді; қайықта офицер, боцман мен сегіз ескекші бар еді. Офицер бортқа көтерілді, әскери форманы құрметтейтін дағды бойынша, оны да зор құрметпен қарсы алды.
Офицер бірнеше минут капитанмен оңаша сөйлесіп, оған бір қағазды ұсынды, содан кейін, капитанның бұйрығы бойынша, кеменің күллі командасы мен жолаушылары палубаға шақырылды.
Олар палубаға қаз қатар тұрғасын, офицер даусын көтеріп: Кеме қайдан шықты, қалай қарай беттеді, жолай қай жерге тоқтады деп сұрады, оның сұрауларының бәріне капитан қиналмай, еркін жауап берді. Офицер сосын палубада тұрған кісілерге түгел бірінен соң біріне үңіліп қарай бастады, миледиге жеткен кезде оған әбден анықтап қараса да, ләм деп сөз қатпады.
Осыдан кейін ол капитанға барып, тағы бірдеңе деп күбір етті де, күллі міндетті өзіне алғандай, маневр жасауға команда берді, экипаж оны қолма-қол орындады. Шағын катермен бірге кеме ілгері қарай жүріп кетті, катер алты зеңбірегінің ауыздарын үңірейте кезеніп, кемемен бүйірлесіп жүзіп келеді, ал, қайық болса, кеме соңымнан ере берді, кемемен салыстырғанда қайық көмескі бір нүкте сияқты еді.
Офицер миледиге қарап жатқанда, әйелдің де оны көзімен ішіп-жеп тұрғанын бірден аңғарған боларсыз. Жұрттың жүрегіндегісін кітаптағыдай оқи беретін осы бір от көзді сұлу келіншек, қанша сезгіш, байқағыш болғанымен, осы жолы сазарған жігіт жүзіне тесіле қараса да, ештеңені аңғара алмады. Алдында тұрып, әйелдің сырт бейнесін күллі зейін-зердесін салып, үнсіз зерттеп білгелі жатқан офицер жиырма бес — жиырма алты жас шамасында еді; өңі боп-боз, кілбиген көгілдір көзді жігіт екен. Әдемі қаймыжықтай ернін жымқырып алыпты; шығыңқы иегіне қарағанда, ерік-жігері мол, әдетте британның қаймана халқы қайсар деп танитын, бір-бір қалша кісі болса керек-ті, ақындардың, қиялилар мен солдаттардың маңдайы тәрізді тайпақтау маңдайы мен иегін жылтыраған қара қоңыр түсті сұйық қысқа шаш пен сақал жауып тұр.
Кеме мен оның қасына ерген қатер гаваньға келіп кіргенде ымырт үйірілген еді. Діңгектердегі дабыл шамдары мен қайраң үстіндегі оттарды бүркеп тастаған тұманнан түн қараңғылығы қоюлана түскен-ді, жауын болар алдында әдетте ай тап осылай қораланар еді. Ауа дымқыл да суық-тын.
Миледи, осы бір ештеңеге мойымайтын, батыл әйел, еріксіз түршігіп дірілдеп кеткенін сезді.
Офицер миледидің заттарын көрсетіңіз деп әмір етті де, сосын қайыққа апарып салуға бұйырды, осы іс аяқталғаннан кейін, әйелге сол жаққа қарай жүріңіз деп, қолын ұсына берді.
Миледи оған бір қарап, күмілжіп тұрып қалды.
— Сіз кімсіз, мархабатты мырза? Маған осынша назар аударып, өліп-өшіп жатқаныңызға жол болсын? — деді миледи.
— Сіз оны менің мундирімнен де байқап тұрсыз ғой, сударыня, мен — ағылшын флотының офицерімін, — деді жас жігіт.
— Бірақ үйреншікті әдетіңіз осылай ма еді? Ағылшын флотының офицерлері шынымен-ақ Ұлы Британияның белгілі бір гаваніне келген отандастарына иіліп қызмет етіп, инабатпен жағаға апарып салушы ма еді?
— Иә, миледи, бірақ бұл инабаттан туып жатқан жоқ, сақтық ойлап жасалып жатқан іс: соғыс кезінде шетелдіктерді соларға арналған қонақ үйлерге апарады да, өздері жәйлі нақты мәліметтер жиналып біткенше, олар сол арада бақылауда бола тұрады.
Осынау сөздер аса сыпайы, сабырлы үнмен жайбарақат айтылды. Бірақ миледи оған тіпті де сенбеді.
— Бірақ мен шетелдік әйел емеспін, мархабатты мырза, — деді миледи, Портсмуттан Манчестерге дейін ежелден естіліп келе жатқан, ең таза ағылшын тілімен сөйлеп. — Мені леди Кларик деп атайды, ал, мына шараларыңыз...
— Осы шара жұрттың бәріне бірдей, миледи, сол себепті де өзіңізге елден ерек жағдай жаса деп әуре болмай-ақ қойыңыз.
— Ендеше соңыңыздан ердім, мархабатты мырза.
Офицердің қолына сүйеніп, әйел траппен төмен түсе бастады, төменде оны қайық күтіп тұр екен, офицер миледидің ізінше қайыққа түсті. Мұнда үлкен плащ төсеулі жатыр екен; ол соның үстіне миледиді отырғызып, өзі қасына отырды.
— Есіңдер, — деп бұйырды ол матростарға.
Бес минуттен кейін қайық жиекке келіп тірелді.
Офицер жағаға секіріп шығып, миледиге қолын ұсынды. Бұларды күйме күтіп тұр екен.
— Мына күйме бізге келген бе? — деді миледи..
— Иә, сударыня, — деді офицер.
— Қонақ үй сонша қашықта ма еді?
— Қаланың екінші шетінде.
— Кеттік, — деді миледи, күймеге кідіріссіз отырып жатып.
Офицер, жолаушы әйелдің заттарын күйменің артына мұқият бекітіп, байлағанына қарап тұрды да, содан кейін барып, миледидің қасына келіп отырып, есікті жапты.
Көшір ешбір әмірді күтпестен, тіпті қайда барамыз деп те сұрамастан, аттарға қамшы басты, сол-ақ екен, күйме қала көшелерімен заулап ала жөнелді.
Осындай бір өзгеше қабылдаудан кейін миледи шындап ойлануға мәжбүр болды. Жас офицердің мұнымен сөйлесуге тіпті де зауқы жоқ екенін байқап, ол күйменің бұрышына шалқая түсіп, ойына келген әр алуан болжамды ақылға салып, өлшеп-піше бастады.
Бірақ арада ширек сағат өткеннен кейін, сонша ұзақ жүргеніне таң қалып, өзін қайда апара жатқанын білмек болып, миледи еңкейіп күйменің терезесінен сығалады. Сөйтсе, сырттан үйлер көрінбейді, тек арбиған дәу ағаштар бірін-бірі қуалап, күймемен жарысып келе жатқан қара елес сияқты болып көрінеді екен.
Миледи шошып кетті.
— Біз қала сыртына шығып кетіппіз ғой, — деді ол.
Жас офицер үндемеді.
— Мені қайда апара жатқаныңызды айтпасаңыз, бұдан әрі жүрмеймін. Әдейі ескертетінім осы, мархабатты мырза!
Әйелдің бұл қоқан-лоққысы да жауапсыз қалды.
— О, мұныңызға төзбеймін! Көмектесіңдер! Көмектесіңдер!- деді миледи бажылдап.
Оның айқайына ешкім жауап қатпады, күйме күре жолмен бұрынғыша зырлап келеді, ал, офицер тас мүсінге айналып кеткендей.
Миледи офицерге ызғарлана көз тастады, кейде өзіне тән өзге бір қасиетпен осылай қарағанында жұрт, ілуде бірі болмаса, тайқып, ығып кететін: бұ жолы да оның көзі ашу-ызадан қараңғыда жарқырап тұр еді.
Жас жігіт сазарып отыра берді.
Миледи есікті ашып, секіріп түскісі келді.
— Байқаңыз, сударыня, өлімші болып жараланып қаласыз, — деді жас жігіт суық сыңай танытып.
Миледи шарасыз ызаға булығып, қайтадан отыра кетті. Офицер еңкейіп, оның бетіне қарады; әлгіде ғана жайнап отырған сұлудың түсі ашудан бұзылып, кеспірсізденіп кеткенін көргенде, ол қатты таңданған тәрізді. Залым әйел егер аңламай жігітті ішкі сарайына үңілтіп алса, су түбіне кететінін бірден түсіне қойды. Ол енді монтансып, шағына тіл қатты:
— Құдай үшін, айтыңызшы, маған деген осы бір зорлық-зомбылықты кім жасады — сіз бе, үкіметіңіз бе, әлде қай жауым жасады деп білуім керек?
— Сізге ешкім зорлық жасаған жоқ, сударыня, ал, мына жасалып жатқан нәрсе, Англияға келіп жатқан жұрттың бәріне бірдей қолданылатын кәдімгі сақтық шарасы болып табылады.
— Бәлі, сіз мені тіпті де білмейсіз бе?
— Мен сізді бірінші рет қана көру құрметіне ие болып отырған адаммын.
— Шыныңызды айтыңызшы, мені өшіге жек көретін ешбір дәлеліңіз жоқ па?
Ант-су ішейін, ешбір дәлелім жоқ.
Жас жігіттің сабырлы салқын қанды, бейжай, тіпті жібектей жұмсақ үніне қарап, миледидің жүрегі орнына түсті.
Шамамен, бір сағат жүргеннен кейін, күйме күре жол келіп тірелген темір тордың қасына тоқтай берді, ал, жол одан әрі сырт нобайы қаһарлы, оңашарақ тұнжырап тұрған бір қомақты қамал - сарайға қарай кетеді екен. Күйме дөңгелегі қиыршық құм үстімен өтті, миледи гүрілдеп жатқан бір қуатты үнді есітті де, оның жер асты жағалауға соғып жатқан теңіз шуы екенін біле қойды.
Күйме қос арқаның астынан өтіп, ақырында төрт бұрышты қараңғы бір аулаға келіп тоқтады. Күйменің есігі дереу ашылды, жас жігіт лып етіп, атып шығып, миледиге қолын ұсынды; ол жігіт қолына сүйеніп, байсалды қалпын сақтап сыртқа шықты.
— Қанша айтқанмен, — деді миледи төңірегін көзімен шолып, тосын жас офицерге қарап, ақсия күліп, — мен тұтқынмын, Бірақ бұл ұзаққа созыла қоймас, менің ар-ұятым мен сіздің әдептілігіңіз — маған соның кепілі сияқты, — деді ол тағы да.
Осы бір қолпаштаған сөзге ештеңе деп жауап қатпастан, офицер, соғыс кемелерінде боцмандар пайдаланатын ысқырық сияқты бір күміс ысқырықты белдігінен алып, үш рет ысқырды, үш ретінде де әрқилы әуезбен құбылтып ысқырды. Қызметшілер жүгіріп келіп ақ көбік болған аттарды босатып күймені сарайға апарып қойды.
Офицер бұрынғыша сыпайы сабырмен тұтқынды үйге кіруге шақырды. Әйел де ақсия күлген қалпы жігітті қолтығынан ұстап, сонымен бірге аласа бір есіктен кіре берді, сол арадан бастап, төбесі жарты шеңбер сияқты иіле салынған, әрегірік бір түкпіріне жарық жағылып қойылған дәліз, бұрмалы тас басқышқа апарады екен. Сол басқышпен көтеріліп, миледи мен офицер бір ауыр есіктің алдына келіп тоқтады; жас жігіт кілт алып құлыпқа салғанда, есік салмақпен баяу жылжып, миледиге арналған бөлмені аша берді.
Тұтқын әйел бір қарағаннан-ақ, бөлмені уақ-түйек заттарына дейін, түгелдей шолып шықты.
Оның ішіндегі дүние-мүлік, түрме үшін де, басы бос кісінің тұрғын үйіне де бірдей жарайтын тәрізді, бірақ терезелердегі темір торлар мен есік сыртындағы ілмек-бастырғы кісі ойын түрме деуге бейімдеп тұрғандай.
Талай-талай ауыр сыннан өтіп шыңдалған әйел бір сәт әл-дәрменнен айрылып қалғандай болды, ол креслоға құлай кетті де, алдына қолын айқастырып, ұнжырғасы түсіп отыра берді, енді мұнда судья келіп, өзін тергей бастайды екен, деп ойлады.
Бірақ теңіз жаяу әскерінің екі-үш солдатынан басқа ешкім де кірмеді, олар сандықтар мен буыншақ-түйіншіктерді кіргізіп, бұрышқа апарып қойды да, үн-түнсіз шығып кетті.
Офицер сол бұрынғы байсалды қалпынан бір айнымай, ләм деп сөз айтпай, әмірін қолымен ымдап, ысқырып көрсетіп, солдаттарға дегенін жасатты.
Тіпті, мына кісі мен оған бағынышты солдаттарға тіл-сөз дегенің мүлде жоғалған, немесе қажетсіз нәрсе болып қалған екен деп ойлауға болатын еді.
Ақырында, миледи шыдамай, жым-жырт үнсіздікті бұзып жіберді:
— Мархабатты мырза, құдай үшін, түсіндіріп беріңізші, осының бәрін не деп ұғамыз? — деді ол. — Аңқау басым, түкке түсінсем — бұйырмасын! Қандай қауіп-қатер төніп тұрса да, қандай бақытсыздық болса да, мен оны ақылыммен түсінуге де, басымнан өткеруге де батылдығым жетеді ғой деп ойлаймын. Мен қазір қайда келдім және осы арада кім ретінде отырмын? Егер мен басым бос, азат болсам, онда мына темір торлар мен есіктер неге қажет? Егер мен тұтқын болсам, қылмысым қандай?
Сіз өзіңізге арнайы тағайындалған бөлмеде отырсыз, сударыня. Мен сізді теңізден қарсы алуға шығып, осында — қамал-сарайға әкелу жөнінен бұйрық алғанмын. Меніңше, сол бұйрықты өз басым солдатқа тән қайсарлықпен және дворянинге тән сыпайы әдептілікпен орындадым деп есептеймін. Тап қазір сізге қамқорлық көрсету жөніндегі менің міндетім, әзірше осыменен бітеді, енді қалғаны — басқа кісінің шаруасы.
— Ал, сол басқа кісіңіз кім? Сіз оның аты-жөнін маған айта аласыз ба? — деді миледи жалма-жан.
Сол сәтте басқышпен шпордың сыңғыры, біреулердің дабырлаған дауыстары естіліп барып, тына қалды да, сосын есікке жақындап келе жатқан біреудің тықыры келді.
— Басқа кісі, міне осы, сударыня, — деді офицер есіктен шеттеп барып, соны қошеметтей қақшиып тұрып қалды.
Есік шалқая ашылып, табалдырықтан бір кісі көрінді.
Оның басында қалпағы жоқ екен, кемеріне шпагасын іліпті, өзі бет орамалын умаждай берді.
Миледи ала көлеңкеде тұрған кісінің кескін-кейпін танығандай болды; ол креслоның жақтауына сүйеніп, ол болжамының дұрыстығына көзін жеткізу үшін, ілгері ұмсына берді.
Бейтаныс жәйімен жақындай берді, ол шамнан түскен жарыққа жақындаған сайын, миледи еркінен тыс креслоға шалқая түсті.
Өзінің ешбір күмәні қалмаған кезде, әйел қатты абыржып, асып-сасып қалды:
— Қалай! Лорд Винтер? Бұл — сізсіз бе? — деді дауыстап.
— Иә, әсем ханым! — деді лорд Вицтер жартылай құрметтеп, жартылай ажуалап тәжім етіп. — Тап соның өзімін.
— Ендеше, мына сарай-қамал...
— Менікі.
— Мына бөлме ше?
— Сіздікі.
— Сөйтіп, мен сіздің тұтқыныңыз болдым ба?
— Солай деуге де болады.
— Бірақ бұл масқара зорлық қой!
Дабырласып қайтеміз, одан да екеуміз апалы-сіңлілі болып, асықпай жайбарақат отырып сөйлеселік.
Ол есікке бұрылып қарап, жас офицердің әмір күтіп тұрғанын көріп:
— Жарайды, сізге алғыс айтамын! Ал, енді, Фельтон мырза, бізді оңаша қалдырыңыз, — деді ол.
XX
ІНІСІ МЕН ӘПКЕСІНІҢ ӘҢГІМЕСІ
Лорд Винтер есікті жауып, терезе қақпақтарын бекітіп, орындықты жеңгесінің креслосына жақындатып жатқанда, миледи ойы он саққа жүгіріп, талай-талай болжам жасап, ақырында, өзіне қарсы бағытталған жасырын әрекеттің мәнісіне түсінгендей болды, кімнің қолына түскені өзіне де бимәлім болып тұрғанда, ол мұны күні бұрын білуі тіпті мүмкін емес-ті. Қайнысымен танысқалы миледи: ол нағыз дворянин, айтулы аңшы, қажымайтын-талмайтын ойыншы, әйелдерді айналдыруды жақсы көретін ер жігіт, бірақ айла-шарғы жүргізуге ыңғайы жоқ епсіз кісі деп қорытынды жасаған-ды. Міне, сол кісі мұның келетінін қалай күн ілгері біліп, ұстап алды? Өзін неге қамауда ұстап отыр?
Рас, Атостың жүрдім-бардым айтқан бір-екі сөзінен миледи, кардиналмен екеуінің әңгімесін бөгде біреулердің есітіп қалғанын сезген, бірақ ол Атос тап осылай тез және батыл түрде қарсы әрекет жасай қояды ғой деп тіпті де ойламаған.
Миледи бәрінен бұрын өзінің Англияда бұдан бұрын жасаған айла-амалдары ашылып қалады екен деп қорыққан-ды. Екі алмас шолпыны осының кесіп алғанын Бекингэмнің сезіп қалуы мүмкін еді және ұсақ опасыздығы үшін бұдан еш алуы ықтимал-ды; бірақ Бекингэм әйел атаулыға күш көрсете алмайтын, әсіресе, егер ол әйел сондай қылыққа қызғаныш үстінде барыпты деп есептейтін болса, тіпті күш көрсете алмайтын.
Осы бір болжам миледидің ойлауынша көңілге қонымды болып көрінді: ол болашақ қылмысты болдырмай тастау үшін емес, менен өткен кінәларым үшін өш алғалы жүр екен деп ойлады.
Енді не болса, о болсын, миледи нағыз ақылды дұшпанның қолына түскеннен гөрі, өз қайнысының қолына түскеніне қуанды, өзгелерге қарағанда, одан оңай құтыламын ғой деп дәмеленді.
— Иә, сөйлесейік, сүйікті інім, — деді жадырап миледи, лорд Винтер ойын қанша жасырғанымен, осы әңгімеден ол өзінің бұдан былайғы іс-әрекетіне қажетті нәрсені қазбалап біліп алмақшы болды.
— Ешқашан да менің аяғым енді қайтіп Ұлы Британияның жерін баспайды деп, Парижде жүргенде маған талай рет айтқан едіңіз, енді сол сертіңізге қарамастан, Англияға қайтып оралдым деңіз, — деді лорд Винтер сез бастап.
Миледи сұрауға сұраумен жауап қайтарды:
— Менің осында келетінімді күні бұрын біліп қана қоймай, қай күні, қай сағатта, қай гаваньға келетінімді анық білетіндей етіп, маған қалайша қатал аңду қойғансыз, ең әуелі міне осы жәйтті түсіндіріңізші!
Лорд Винтер миледи қалап алған тәсілді қолданды, егер жеңешем осыны қолданса, бұл, шамасы, ең тәуір тәсіл шығар деп ойлады.
— Сүйікті апай, Англияға неге келгеніңізді әуелі өзіңіз айтыңыз? — деді ол әйелге қарсы дәлел айтып.
— Мен сізбен көрісуге келдім, — деді миледи, ол осы жауабымен, д'Артаньянның хатынан қайнысының жүрегінде тулаған күдікті күшейте түсетінін білмеді, осы өтірігімен сөйлесіп отырған кісінің көңілін аулаймын деп ойлады.
— Бәлі, менімен көрісуге дейсіз бе? — деді лорд Винтер сұрағын тұнжырай қайталап.
— Иә, сізбен көріскелі келдім, әрине. Оның несіне таңырқап қалдыңыз.
— Сөйтіп, Англияға менімен көрісу үшін ғана келдіңіз бе, басқа мақсатыңыз жоқ қой?
— Жоқ.
— Демек, мен үшін ғана сонша әбігерге түсіп, Ла-Манштан кектей етіп келгенсіз бе?
— Тек сіз үшін ғана.
— Шайтан алсын! Өзіңіз нәзік жанды екенсіз ғой, жеңеше-ай.
— Сіздің ең жақын туысыңыз, шынында да мен емеспін бе? — деді миледи аңқау баладай мүләйімсіп.
— Тіпті менің бірден-бір мұрагерім де сізсіз, солай емес пе? — деді лорд Винтер қолма-қол миледиге тесіле қарай.
Қанша сабырлы болғанымен миледи еріксіз селк ете түсті, ал, лорд Винтер әлгі сөзді айтқан кезде жеңгесінің иығына қолын салған, сол себепті осы дірілді ол бірден сезді.
Соққы көздеген жерінен тиіп, жанына қатты батты. Миледи ә дегенде оны Кэтти көрсеткен екен деп ойлады, ол әзінің бас пайдасы үшін баронды жек көретінін кәнизагінің көзінше аңламай сездіріп қойған, соны Кэтти баронға айтқан болды; д'Артанья қайнысының өмірін сақтап қалғанда, миледи қатты ызаланып, сол жігітке қарсы бір шайпау сөз айтқан еді, енді соны да есіне алды.
— Мен сіздің не айтқалы отырғаныңызды түсінбедім, милорд. Сіздің сөзіңіздің астарлы бір мағынасы жоқ па осы? — деді әйел уақытты созып, дұшпанын сөйлете түспек болып.
— Әлбетте, жоқ, — деді лорд Винтер көлгірси жадырай.— Сіз мені көргіңіз келген екен-дағы, салып ұрып, Англияға келіпсіз. Мен сіздің сол тілегіңізді білдім де, дұрысын айтсам, болжап шамаладым да, түнделетіп портқа келудің күллі қиындығынан, жағаға түсудің бар ауыртпалығынан құтқару үшін, сізді қарсы алуға бір офицерімді жібердім. Мен оның қарауына күйме бердім, ол сізді осында, өзім комендант болып істейтін қамал-сарайға әкелді, мен мұнда күн сайын келіп тұрамын, екеуміздің бір-бірімізбен көрісуге деген тілегімізді іске асыру үшін, сізге арнаулы бөлме дайындауға әмір еттім; Осылардың бәрі сіздің маған айтқан сөзіңізден де гөрі, шынымен-ақ, таңданарлық болып көрінді ме, қалай?
— Жоқ, менің таң қаларлық деп отырғаным, сіздің менің келетінімді күні бұрын білгеніңіз.
— Жақсы жеңеше, оны түсіндіру тіпті оңай: сіздің кеменің капитаны рейдке келіп тұрмастан бұрын, портқа кіруге рұқсат алу үшін, шағын бір қайықты, кеме журналын, команда мен жолаушылардың тізімін қосып, ілгері жібергенін сіз байқамай қалғансыз ба? Мен — портың бастығымен, маған әлгі тізімді әкеліп көрсетті, содан сіздің атыңызды көрдім. Сіздің әлгінде ауызша айтқаныңызды менің жүрегім сезе қойды: теңізбен жүрудің қазіргідей қиын кезінде, не үшін осындай қауіп-қатерге басыңызды байлағаныңызды сезіп, алдыңыздан өзімнің қатерімді жібердім. Қалғаны өзіңізге мәлім.
Миледи лорд Винтердің өтірік айтып тұрғанын сезді, оны қатты қорқытқан да осы жәйт.
— Сүйікті қайным-ау, — деді миледи тағы да, — бүгін кешкілік Сіз гаваньға кіріп келе жатқанда, қайранның үстінен мен осы милорд Бекингэмді көрдім бе?
— Иә, соның тап өзін көрдіңіз... Ә, мен оған түсіндім! Оны көргенде сіз абыржып қалған боларсыз: өйткені сіз милорд туралы ой, шамасы, жұрттың көкейінен кетпейтін елден келдіңіз ғой және оның Франциямен соғысқа әзірленіп жатқаны әлгі кардинал досымызды қауіптендіретінін білемін.
— Менің кардинал досымды? — деді миледи дауыстап, ол лорд Винтер бұл жәйтті жақсы білетін шығар деп қалды.
— Ол сіздің досыңыз емес пе еді? — деді барон салғырт үнмен. — Егер мен қателессем — кешірерсіз: маған солай көрінген еді. Бірақ біз милорд герцог жәйлі сөзге кейін тағы да оралармын, ал қазір екеумізге ортақ әңгіменің өзімізге тиетін тұстарынан қашықтамалық. Сіз мені бір көру үшін келдім дедіңіз ғой?
— Иә.
— Олай болса, мен сізге, бәрі де өзіңіздің тілегіңізге сай жасалды, біз енді күн сайын көрісіп тұрамыз деп уәде беремін.
— Сонда мен осы арада мәңгі-бақи қалмақпын ба? — деді миледи шошып кетіп.
— Бәлкім, осы арада сізге қолайсыз бірдеңелер бар шығар, жеңеше? Өзіңізге бір нәрсе жетпейтін болса, соны айтыңыз, мен оны жеткізіп беруге тырысайын.
— Менің күтушілерім де, малайларым да жоқ...
— Оның бәрі болады, сударыня. Бірінші күйеуіңіздің тұсында үйіңіздің жасауы қандай еді, айтыңызшы, мен сізге тек қайны болсам-дағы, тап қазір бәрін де тап солай етіп жасандырайын.
— Менің бірінші күйеуімнің тұсында? — деді де, миледи лорд Винтерге абыржып қарай берді.
Миледидің маңдайынан суық тер бұрқ етті.
— Сіз әзілдеп отырсыз ба? — деді әйел бәсең ғана.
— Мен әзілқой кісіге ұқсаймын ба? — деді барон орнынан тұрып, бір қадамдай кейін шегініп.
— Немесе, дәлірек айтсам, сіз мені қорлап тұрған боларсыз? - деді миледи, креслоның жақтауын қолымен жанталаса қысып, сәл көтеріліп қойды.
— Сізді қорладым ба? — деді лорд Винтер жиіркене мырс етіп. — Сударыня, сіз шынымен-ақ солай ету мүмкін деп ойлайсыз ба?
— Сіз, мархабатты мырза, әлде массыз, әлде жынданып тұрсыз, — деді миледи. — Жөніңізге кетіңіз де, маған қызмет ететін бір әйел жіберіңіз.
— Әйелдер сүйреңдеген сөзуар келеді, жеңеше! Күтушінің орнына өзім-ақ жарап қалармын? Сонда біздің үй ішіміздің сырын ешкім де білмейтін болады.
— Арсыз! — деді миледи ызаға булығып, сосын баронға қарап тұра ұмтылды, барон бір қолымен шпагасын сабынан ұстап, қасқайып тұра берді.
— Еһе! Сіздің жұртты қалай өлтіретініңізді білемін, бірақ ескертіп қояйын: әйел демей, сізден қорғанамын, — деді ол.
— О, сіз дұрыс айтасыз, әйелге қол көтеруден тайынбайтын жексұрын сіз боларсыз, — деді миледи.
— Иә, бәлкім, болсам — болармын. Мұның үстіне өзімді ақтайтын дәлел де табылады: менің қолым, сізге қарсы көтерілген бірінші еркектің қолы емес шығар деп ойлаймын.
Осыдан кейін барон қолын баяу көтеріп, миледидің сол иығына саусағын тиер-тигізбес етіп, оны көзге шұқығандай түртіп қалды.
Миледи, жыртқыштай ырылдап, ышқына бір ыңыранып, атылуға әзірленген қабылан сияқты бөлменің алыс түкпіріне қарай шегініп кетті.
— Ырылдасаң — ырылдай бер, — деді лорд Винтер дауыстап, — бірақ азуды саламын деп әуре болмаңыз! Ескертіп қояйын, ол сізді тек бір бәлеге апарып ұрындырады: бұл арада мұрагерлік правосын күні бұрын анықтап қоятын прокурорлар жоқ, бұл жерде өзім тас қамауға салып тастаған таңғажайып сұлу келіншек үшін, мені жекпе-жек сайысқа шақыратын саяхатшы сал-сері жоқ, бірақ менің қарауымда оңтайлы судьялар бар, олар, егер қажет бола қалса, тірі күйеуінің көзін ала беріп, менің ағам — лорд Винтердің адал төсегіне ұрланып кіріп алған арсыз әйелді әшкерелеп, масқаралай алды, тағы да бір ескертіп қояйын, сол судьялар сіздің бір иығыңызды екінші иығыңызға ұқсас ету үшін, жендеттің қолына береді.
Лорд Винтер еркек басымен, қарусыз әйел алдында қару-жарақпен тұрса да, жай оғындай жалтылдаған миледидің көзін көргенде, кеудесіне бір қорқынышты үрейдің ұрланып кіргенін сезді де, оған қарамастан қаны қайнап, сөзін жалғай берді:
— Иә, менің ағамнан қалған мұраны иемденіп алғаннан кейін, енді сіз менің бар байлығыма мұрагер болып қалғанды қалайтын шығарсыз, ол пиғылыңыз түсінікті. Бірақ әуелден біліп қоятын бір жәйт: сіз мені өлтіресіз бе, әлде маған кісі өлтірушіні жұмсайсыз ба — оған қарсы біраз сақтық шараларын ескеріп қойғанмын. Әйтеуір, менің қолымдағы дүниеден сіз көк тиын да (бір пенни де) ала алмайсыз! Жауыздықты жасауға қанша тоймайтын болсаңыз да, енді осы апатты жолдан қайтатын кезіңіз келген жоқ па?! егер арманда кеткен ағамның аруағын қасиеттеп қастерлемейтін болсам, имандай сөзіме сеніңіз, мен сізді мемлекет түрмелерінің бірінде шірітер едім немесе еріккен жұртқа ермек болу үшін Таибернге6 жөнелтер едім! Мен сыртқа сыр шашпаймын, ендеше сіз де тұтқын екеніңізді үн-түнсіз мойындап жүре беріңіз. Енді бір он бес — жиырма күннен кейін мен әскермен бірге Ла-Рошельге аттанамын, бірақ кетер алдында арнаулы кеме келіп, сізді менің көзімше мінгізіп алып жүріп кетеді де, біздің оңтүстіктегі отарларымыздың біріне апарып тастайды. Қасыңызға бір кісіні күзетке қоямын, есіңізде болсын, егер сіз Англияға немесе Европа құрлығынa қайтуға әрекет жасасаңыз болды, ол маңдайыңыздан бір оқты қадайды.
Миледи оны ықыласпен тыңдады және тыңдаған сайын жарқыраған от көзінің қарашығы үлкейе берді.
— Иә, сіз енді осы қамал-сарайда тұрасыз, — деді лорд Винтер сөзін сабақтап. — Мұның қабырғасы қалың, есіктері зілдей, терезелеріндегі торы берік; оның үстіне сіздің терезеңіз теңіздің үстінде. Менің экипажымның мүшелері өзіме шын көңілмен берілген кісілер, осы бөлменің есігін, аулаға шығатын есіктердің бәрін солар күзетеді. Егер сіз ебін тауып аулаға жеткен күннің өзінде тағы үш темір торлы қақпадан өтуіңіз керек. Мұндағы бұйрық қатая қашуға бейімделіп, оқыс қимыл, бір қадам жасасаңыз немесе бір ауыз сөз айтсаңыз болды — сізді табанда атады. Егер сізді жазатайым өлтіріп қойса, ағылшынның әділ соты, өзін біраз әуре-сарсаңнан құтқарғаным үшін, маған разы болады ғой деп сенемін... А, сіздің бет-әлпетіңізде бұрынғы өз күшіне кәміл сенетін байсалды пішін қайта пайда болды ма! Сіз ішіңізден: «Он бес — жиырма күн, ештеңе етпейді, зерек ақыл-ойым аман болса, оған дейін бір денені ойлап табармын! Әзәзілдей айла-тәсілім бар, өзіме құрбандыққа біреуді шалармын! Енді он бес күннен кейін — мен бұл арада болмаспын...» деп толғанып тұрған боларсыз. Жарайды енді күшіңізді сынап көріңіз!
Лорд Винтер көкейіндегі ойын дәл басқаннан кейін, миледи қолын тырнағы алақанына кіргенше құшырлана қысып, бет-жүзінде зарығып-торығу, үркіп-қорқу сезімінен басқа ештеңенің ізін қалдырмауға тырысты.
Лорд Винтер сөзін сабақтай түсті:
— Мен кеткесін осында бастық болып қалатын офицерді бұған дейін көрген шығарсыз, демек, оны білесіз. Оның бұйрықты бұлжытпай орындайтынына өзіңіздің де көзіңіз жеткен шығар Портсмуттан осында келер жолда сіз онымен, әрине, сөйлеспек болған шығарсыз (мен сізді жақсы білемін ғой). Енді оған не дер екенсіз? Тіпті тас мүсіннің өзі сондай болып, үнсіз бедірейіп тұра алмайды емес пе? Сіз өз сиқырыңызбен талай сабазды сынап көрдіңіз, со байғұстардың сорына қарай, ұдайы жолыңыз болып жүрді. Енді сол сиқырыңызды оса адамға бір салып көріңізші, шайтан атсын, егер сіз дегеніңізге жетсеңіз, онда, жан-иманым куә, мен сізді ібілістің тап өзі деп білемін!
Лорд Винтер есікке барып, оны шалқайтып ашып тастады.
— Маған Фельтон мырзаны шақырыңыз! — деді ол әлдекімге, сосын миледиге қарап: — Қазір мен оны сізге таныстырамын, — деді баяу.
Сосын екеуі тоң-теріс үндемей қалды; жым-жырт тыныштық та осы бөлмеге біреудің асықпай баяу басып келе жатқан дыбыстары естілді. Ұзамай күңгірт дәлізден қарайып бір кісінің сұлбасы көрінді де, өзімізге таныс жас лейтенант баронның бұйрығын күтіп, есік алдында тұрып қалды.
— Кіріңіз, сүйікті Джон. Кіріңіз де, есікті жабыңыз, — деді лорд Винтер.
Офицер ішке кірді.
— Хош, енді мына әйелге жақсылап қарап ал, — деді барон әңгімесін жалғап. — Мұның өзі жас, сұлу, әйелге тән сиқыр қылықтың бәрі бір басынан табылады. Бірақ одан не пайда! Осынау жиырма бес жастағы зұлым әйелдің қылмысының көптігі сондай, біздің соттарымыздың бір жылдық архивінен сонша қылмысты іздесеңіз де таба алмайсыз. Оның дауысы қандай әуезді, тағыны қызықтыратын жем сияқты, көркі қандай көз тартады, ал, тәні кісіні ләззат-ғанибетке шақырады, обалы не, ол жағынан мін таппайсыз. Ол сізді айналдырып, айнытуға тырысар, бәлкім, тіпті өлтіріп тастауға да тырысар. Мен сізді қайыршылықтан құтқарып, лейтенант шенін бердім, тіпті бір кезде ажалдан да аман алып қалдым — оның қандай жағдайда болғанын өзіңіз білесіз. Мен қамқоршыңыз ғана емес, досыңызбын; жарылқаушыңыз ғана емес, әкеңізбін. Бұл әйел менің өміріме қастандық жасау үшін Англияға қайтып келген. Енді мен осы сұр жыланды уысымда ұстап, сені көмекке шақырып, өтініп отырмын: досым Фельтон, перзентім Джон, мені қорға демекпін, әсіресе, осы әйелден өзің де сақтан! — демекпін. Осы әйелді тиісті жазасын алғанша сақтаймын деп жан-иманыңмен ант еткің! Джон Фельтон, мен сенің сөзіңе сенемін! Джон Фельтон, мен сенің адалдығыңа сенемін!
— Милорд... — деді жас офицер миледиге кеудесіндегі күлкі кек-өшпенділігімен атыла қарай, — милорд, бәрі де сіздің қалағаныңыздай болады деп ант етемін!
Миледи жігіттің ала көзімен атқанына үнсіз көніп, мөлиіп отыра берді; оның таңғажайып сұлу жүзінде: «тағдыр салды — біз көндік» деген бір момақан, жуас ойдың ізі бар еді. Тіпті лорд Винтердің өзі осыдан бірер минут бұрын ғана мұнымен айқаса кетуге даяр тұрған жолбарыс-қатынды танымай қалды.
— Джон, естіп тұрсыз ба, бұл әйел осы бөлмеден шықпауға тиіс, — деді лорд Винтер сөзін жалғап, — ол ешкіммен хат жазыспауы керек, өзіңізден басқа тірі жанмен сөйлеспеуі керек, әрине, егер сіз онымен сөйлесіп, құрмет көрсетсеңіз ғана.
— Мен ант бердім, милорд, соның өзі жеткілікті.
— Ал енді, сударыня, құдайға сыйына беріңіз, өйткені адамның соты сізге жасарын жасады.
Осы үкімді әбден мойындаған кісідей, миледи басы салбырап отырып қалды.
Лорд Винтер қолымен соңыма ер дегендей, Фельтонға белгі берді, бөлмеден шығып кетті. Фельтон оның соңынан еріп, есікті ашты.
Сәлден кейін беліне айбалта қыстырып, қолына мушкет ұстап, қарауылда тұрған теңіз жаяу әскері солдатының дүрс-дүрс басқан дыбысы естілді.
Миледи өзін құлыптың саңылауынан аңдып тұр екен деп ойлап, бірнеше минутке дейін бұрынғы күйінде отыра берді, сосын ол жәйімен басын көтерді, бет-жүзі түнеріп, қатуланып қаһарына мінген ол жүгіріп есік алдына барып, құлағын тосты, сосын терезеге қарады да, ол арадан кетіп, үлкен креслоға келіп отырып, бір қалың ойға шомды.
XXI
ОФИЦЕР
Ал, осы кезде кардинал Англиядан бір хабарды сарғая күтті, бірақ ол жақтан аса қауіпті, жайсыз хабардан басқа ештеңе де келмеді.
Ла-Рошель құрыш қамауға алынса да, қолданылған шаралардың нәтижесінде, әсіресе қоршаудағы қалаға жау қайықтарын өткізбей тастаған тас бөгеттің нәтижесінде, табыс қамтамасыз етілсе де, король әскерлерін ел-жұрт алдында масқара етіп және кардиналдың намысына тиіп бұл қоршаудың әлі де ұзаққа созылатын түрі бар-ды, мұның үстіне кардиналға енді Людовик XIII мен Анна Австрийскаяны ұрыстырудың қажеті жоқ-ты, өйткені екеуі онсыз да ит пен мысықтай-ды, бірақ герцог Ангулемскиймен жанжалдасып қалған Бассомпьерді қайтадан табыстыру керек болды.
Ал, корольдің туысына келетін болсақ, ол тек қоршауды бастап берді де, оны аяқтап шығуды кардиналдың үлесіне қалдырды.
Мэрдің асқан табандылығына, қайсарлығына қарамастан, қала, дұшпанға берілмек болған, сол себепті де шатақ шығарып, бас көтергісі келген, бірақ мэр бүлікшілерді қолма-қолдарға асуға әмір етті. Осы жаза ең қызу қызыл көз тентектердің өзін сабасына түсірді де, олар бұдан гөрі аштан қырылғанды артық санады: мұндай өлім оларға, дереу дарға тартылғаннан гөрі, болар-болмасы бимағұлым, созалаңдаған баяу ажал болып көрінді.
Қаланы қоршаушылар оқта-текте ларошельдіктердің Бекингэмге жөнелткен шабармандарын немесе Бекингэмнің ларошельдіктерге жіберген шпиондарын ұстап алады. Мұндай кездері сот қысқа болады, кардинал: «Асыңдар!» деген бір-ақ сөзді айтады. Жазаны көруге корольді де шақырып жүрді. Король ілбіп келеді де, ыңғайлы бір орынға отырып, жазалауды басынан аяғына дейін түгел көріп шығады. Бұл оның қатты зерігіп кетпеуіне, сөйтіп әр минут сайын Парижге кетемін деп қылқылдамауына себін тигізеді, аздап та болса, көңілін көтеріп, кеудесіне ұялаған өкпе-ренішті ұмытуына жағдай жасайды; сонымен, егер ұсталған шабармандар мен шпиондар болмаса, қанша тапқыр өнерпаз дегенмен, жоғары мәртебелі тақсырдың жағдайы мүлде қиындап кетер еді.
Хош, осылай уақыт өте берді, ларошельдіктер оңайлықпен беріле қоймады. Қаланы қамаушылардың ең соңғы ұстап алған шабарманы Бекингэмге хат әкетіп бара жатыр екен. Хатта шынында да қаланың хәлі мүшкіл делініпті, бірақ оның қорытындысында: «Егер енді бір-екі апта ішінде сіздердің көмегіңіз келіп жетпесе, біз берілеміз», — деп айтылмапты. Қарапайым сөздермен: «Егер сіздің көмегіңіз екі апта ішінде келіп жетпесе, ол келіп жетем дегенше, біздің бәріміз де аштан қатамыз», — деп жазылыпты.
Сөйтіп, ларошельдіктердің күллі үміт-сенімі Бекингэмде екен. Бекингэм — олардың ғайыптан келетін құтқарушысы. Ал, егер Бекингэмнен ешбір қайран болмайтынына шыннан көзі жетсе, олар үміт-сеніміне қоса батыл ерлігінен де айрылып қалар еді.
Сол себепті де кардинал Англиядан: Бекингэм Ла-Рошельдің түбіне келмейді, деген хабарды дызақтап, асыға күтті.
Қаланы шабуылмен алу жөніндегі мәселе король кеңсесінде жиі-жиі талқыланып жатты, бірақ оны әманда қабылдамай тастайтын: біріншіден, Ла-Рошель бұларға алынбас қамал болып көрді; екіншіден, қанша айтқанмен, француздар бір-біріне қарсы шайқасып, қан төгілетін болса, оның саясатта алпыс жылға кейін шегіну екенін кардинал өте жақсы түсінетін, ал қазіргі сөзбен айтсақ, кардинал озық ойлы адам болатын. Шынында да, Ла-Рошельді талқандап, үш немесе төрт мың гугенотты қырып салу (әрине, олар бас игеннен гөрі өлгенді артық санайды), бұл 1628 жыл, 1572 жылғы Варфоломей түніне қатты ұқсар еді; бұған қоса, корольдің өз басы, шын мәніндегі католик ретінде, осынау ең ауыр жазаға кет әрі болмаса да, қаланы қамаушы генералдар ол жоспарды ұдайы ысырып тастап отырды, олар: Ла-Рошельді тек ашықтырып барып алмасақ болмайды, — деген дәлелді алға тартты.
Кардинал өз қолымен жұмсаған кек долы қатыннан еріксіз қаймығатынын бір сәт те есінен шығара алмай қойды: осынау әйелдің бірде жылан, бірде қабылан болып көрінетін өзгеше қасиетін ол да байқады. Сол әйел бұған опасыздық жасаған жоқ па? Әлде, өліп қалды ма екен? Не дегенмен, ол миледиді талай сынап көрген, бес саусағындай жақсы біледі, ол мұның пайдасына бола әрекет етіп жүр ме немесе қарсы әрекет етіп жүр ме, бұған дос болып жүр ме, әлде қас болып жүрме — бәрібір, егер бір кесірлі кедергіден лажсыз қолы байланып қалмаса, ол іс-әрекетсіз қарап отыра алмайды. Бірақ ондай кедергі қайдан шыға қояды? Кардинал оны білмейтін де еді.
Дегенмен ол миледиге қатты сенеді, оған дәйекті негізі де бар: кардинал сол әйелдің өткен өмірінде жан түршігерлік сұмдықтар болғанын сезеді, соны жұрт көзінен мұның қызыл мантиясы ғана бүркеп-жасырып қала алады және не себеп екенін өзі де білмейді, бірақ әйтеуір, сол әйелдің өзіне шексіз берілгенін аңғарады, өйткені оны басына төніп тұрған қауіптен қорғап қалатын да, қолтығынан демеп-жебейтін де осы кісінің өзі ғана.
Сонымен, ол соғысты жалғыз жүргізе беруге бел байлады, ал, бөгде бір көмек бола қалса, оны ғайыптан сәті түскен іс демек-ті. Ол әйгілі бөгетті салдыра берді, бұл Ла-Рошельдің халқын аштан қирауға тиіс еді. Талай-талай ұлы күйзелістер мен қаһармандық істерді бастарынан өткерген бақытсыз қаланың мүшкіл халіне көз тастай отырып, ол өзінің саясат жөніндегі ізашары Людовик XI сөздерін (сол сияқты мұның өз басы Робеспьердің ізашары ғой), Тристанның қамқоршысының: «Билеу үшін — бөлшекте» деген ережесін есіне түсірді.
Генрих IV Парижді қамауға алғанда, қала дуалының ішіне жанды және басқа азық-түлік тағамдарын тастауға жарлық берге екен; ал, кардинал болса, қала ішіне хат-қағаздар тастауға әмір етті, сол хаттарында ол ларошельдіктерге бастықтарының іс-әрекеті әділеттен аулақ, қатал екенін, олардың қара бастарының қамынан басқаны ойламайтынын түсіндірді. Басшыларында азық-түлік мол, бірақ олар соны халыққа бермейді, делінді. Олар: әйелдер, қарттар мен балалар, мейлі, өлсе — өле берсін, тек өз қаласын жаудан қорғайтын еркектер аман-сау, бақуатты болса болғаны деген ережені ұстанған (олардың да өз ережесі болған). Ол кезде бұл ереже әлі де болса жаппай қолданылмаған-ды, бірақ қала тұрғындары бұған ашық қарсы шыға алмай дәрменсіздік жасады ма әлде олар бұл құрбандыққа әдейі барды ма, білмейміз, әйтеуір, осы ереже теориядан практикаға айналды; кардиналдың аталмыш хаттары бұның дұрыстығына күмән келтіре бастады; хаттар ер-азаматтарға өлуге тиіс балалар, әйелдер мен шалдар — солардың өздерінің балалары, әйелдері мен әкелері екенін естеріне салды; егер ортақ ауыртпалықты бәрі бірдей көрсе — әлдеқайда әділірек болар еді, сонда бәрінің хал-ахуалы бірдей болғасын, тұрғын халықтың шешімі бір ауыздан қабылданар еді.
Осынау жәдігөй хаттар, оны жазған кісінің діттеген мақсатында жеткізді: тұрғын халықтың көбісін король әскерімен оңаша келіссөз жүргізуге бейімдей берді.
Бірақ тап сол кезде, кардинал өзінің сыннан өткен тәсілі жемісін бере бастағанын көріп, оны іске кеңінен жараттым деп қуана бастаған кезде, Лa-Рошельдің, король жауынгерлерінің шегініп жасырын өтіп кеткен бір тұрғыны — Бассомпьердің, Шомберг пен герцог Ангулемскийдің қырағы көзіне қалай түспей кеткенін бір құдайдың өзі ғана біледі және жоғарыдағы мырзаларды кардиналдың өзі жіті бақылап отырған ғой, — иә, Ла-Рошель тұрғындарының біреуі, дейміз біз, қалаға Портсмуттің тап өзінен келіп кіреді де, енді бір аптадан қалмай осында келуге әзір тұрған айбарлы тұтас бір флотты өз көзімен көргенін хабарлайды. Тіпті бұған қоса, Бекингэм қала мэріне ақырында, Францияға қарсы ұлы одақ жасалатын болды, енді француз корольдігіне бір мезгілде ағылшын, империя және испан әскерлері баса-көктеп кіреді деген хабар жібереді. Бұл хат қаланың күллі алаңдарында көпшілікке жар салынып оқылады, оның көшірмелері көше-көшенің тоғысқан жерлеріне ілініп қойылады, осыдан кейін король әскерімен келіссөздер жүргізе бастаған жұрттың өзі, осындай салтанатты түрде жіберілетін көмекті күтпекші болып, жоғарыдағы әрекеттерін үзіп тастайды.
Осы бір күтпеген жәйт Ришельенің бұрынғы мазасыздығын қайта қоздырды және теңіздің ар жағына еріксіз көз тігуге мәжбүр етті.
Ал, бұл кезде король әскерінің нағыз, бірден-бір бастығының қауіп-қатерінен бейхабар армия көңілді дарқан тірлікті басынан өткеріп жатты. Лагерьде ішім-жем де, ақта да бастан асады; күллі әскер бөлімдері көзсіз батырлық, көңіл көтеретін сан алуан ойын-сауық жөнінен бір-бірімен бәсекелесе жарысып жатты.
Шпиондарды ұстап алып, дарға асу, бөгет басына, теңізге қауіпті бip жортуыл жасау, ақылға сия бермейтін бір әрекеттерді ойластырып, оларды шімірікпей орындау — армия күллі уақытын, міне, осылай емін-еркін өткізе берді, бұл ұзақ-сонар күндердің елеусіз өтуіне себін тигізді; осынау күндер аштықтың, сарғая күтудің азабын тартқан ларошельдіктерге ғана таусылмайтын ұзақ болып көрінген жоқ, сол байғұстарды қайсар-қажырмен қамап жатқан кардиналға да ұзақ болып көрінді.
Қатардағы атты әскер сияқты, салт атпен кез келген жаққа жүріп кете беретін кардинал, өзіне өте баяу салынып жатқандай болып көрінетін бекіністерге ойлана көз тастап өте береді, ол осы бекіністерге өзі тікелей басшылық етіп, Францияның түкпір-түкпірінен әдейі шақыртып алдырған инженерлерге салдырып жатқанды. Егер осылай жортуылдап жүрген кездері ол де Тревиль полкінің бір мушкетерін кездестіре қалса болғаны, оған жақындап барып, мұқият көз тастап қарайтын да, біздің төрт досымыздың бірде-біреуі болып шықпағасын, өзінің жіті көзін басқа бір нәрсеге аудара қоятын.
Бір күні әбден өлердей болып зерігіп кеткен кардинал, қаламен келіссөз жүргізуден үміті кесіліп, Англиядан бұрынғыша ешбір хабар келмегесін, қасына Каюзак пен Лa Удиньерді ғана ертіп, үйінен шығып кетті және ешбір мақсатсыз, тек әйтеуір сейілдеп, көңіл көтеріп қайту үшін ғана шықты. Ол құмдауыт жағалаумен, шетсіз-шексіз қиялға беріліп, мұхиттың шетсіз-шексіз айдынына асықпай көз тастап келе жатты. Бір төбенің басына жәйімен шығып қарап, таяу жерден шетен-қоршаудың ар жағында, жылдың осы уағында сирек көрінетін күн сәулесіне шуақтап, қыздырынып жатқан жеті адамды көрді және олардың айналасында бос шынылар шашылып жатыр екен. Сол кісілердің төртеуі мушкетерлер еді, олар әлгіде ғана біреуіне келген хатты оқымақ болып әзірленіп жатқан-ды. Бұл хаттың маңыздылығы сондай, соған болар бұлар ойын картасы мен сүйектерін барабан үстіне шашып тастай салған-ды.
Қалған үшеуі колиур шарабы құйылып, сырты сабан жіппен торланған нән шынының аузындағы қатқан құмды түсіріп жатты; Бұлар — біздің жас жігіттердің қызметшілері еді.
Жоғарыда айтқанымыздай, кардинал тұнжырап, көңілсіз келе жатқан-ды, ал, осындай кездері ол біреулердің жадырап, көңіл көтергендерін көрсе, тіпті түнеріп, ытырынып алатын. Мұның үстіне оның кісі таң қаларлық бір түсінігі болатын: ол әрқашанда біреулердің жадырап қуанатын себебін өзін қайғыратын нәрседен іздейтін. Каюзак пен Ла Удиньерге тоқта деген белгі беріп, кардинал мынан түсті де, күмәнді шат кісілерге қарай беттеді, шеге құмнан басқан аяғының дыбысы естілмейтінін және шетен-қораны паналап, көзге түспейтінін ескеріп, ол өзін қызықтырған әңгіменің шет-жағасын есітермін деп ойлады. Қораға он қадамдай қалған кезде гаскон жігіттің дауысын бірден таныды, ал, бұлардың мушкетерлер екенің бұрынырақ анықтап көріп алған тақсыр енді қалған үшеуінің жұрт айрылмас дос деп санайтын — Атос, Портос, Арамистер екеніне күмән келтірмеді.
Осы жаңалықтан кейін, бұлардың әңгімесін естуге бұрынғыдан бетер құмартқанын өздеріңіз де сезген боларсыздар; оның көзі бір түрлі кілмиіп, аяғын мысықша басып, ұрланып қораға жақындай берді. Бірақ ол ешбір мән-мағынасы жоқ дабыр-дұбыр көмескі дыбысты есітер-естімес кезде, біреудің шаңқ еткен ащы дауысынан селк етіп шошып кетті, сол дауыс мушкетерлердің назарын аударды.
— Офицер, — деді Гримо айқайлап.
— Сіздің тіліңіз шығайын деген екен, сұмырай! — деді Атос шынтағына сүйеніп, басын көтеріп, Гримоны ала көзімен бір атып.
Гримо енді қайтіп жұмған аузын ашпады, тек сұқ саусағын шошайтып, қора жақты мегзеді, сөйтіп осы ишаратымен кардинал мен оның нөкерінің келгенін білдірді.
Мушкетерлер жатқан жерінен секіріп тұрысып, оны құрметтеп, иіліп ізет көрсетті.
Кардинал қатты ашуланған тәрізді.
— Мушкетер мырзалар, өздерін күзеттіріп қоятын тәрізді ме қалай? — деді ол. — Құрлықтағы жолмен бізге ағылшындар келіп қалған жоқ па екен осы? Әлде мушкетерлер өздерін аға офицерлерміз деп есептей ме екен?
— Шарапатты мырза... — деді Атос, өйткені жұрт жаппай асып-сасып жатқанда, нағыз бекзат сияқты, сабырлы, байсалды қалпын сақтап қалған тек осы ғана еді, ол тіпті осы қалпынан өмірде айнымайтын, — шарапатты мырза, мушкетерлер қызметін атқармай жүрген кезде немесе қызметі аяқталғаннан кейін шарап ішіп, сүйек ойнайды, ал, өздерінің дәйекшілеріне олар — жоғары дәрежелі офицерлер болып көрінеді.
— Дәйекшілері дейсіз бе?! — деді кардинал бұрқылдап. — Біреулер тұстарынан өтіп бара жатқанда, мырзаларын ескертіп отыруға әмір беріліп қойылған дәйекшілер, шынында да дәйекшілер емес, сақшылар ғой.
— Жоғары мәртебелі тақсыр, өзіңіз де көріп тұрсыз ғой, егер біз осындай сақтық жасамасақ, қара басып, сізді қатты құрмет тұтатынымызды білдіре алмай қалатын едік және шапағатыңыз түсіп, бәріміздің басымызды бір жерге қосқаныңыз үшін сізге алғыс айта алмайтын едік... Д'Артаньян, — деді ол сөзін жалғап, — сіз әлгіді: ғана бір қолайлы сәтті тауып, шарапатты мырзаға ризалығыңызды білдірмек болғаныңызды айтып едіңіз: міне, қолайлы сәт туды, соны пайдаланып қалыңыз енді.
Қауіп-қатер төнгенде Атос тіпті тау қозғалмас салқын қанды болып кететін, осынау сөздерді ол аспай-саспай, мейлінше сыпайы айтты, осындай сыпайы сырбаздығымен ол кейбір кездері тума корольдердің өзінен бетер айбынданып кетер еді.
Д'Артаньян жақын келіп, бірер сөзбен алғыс айта берді де, кардиналдың түнере қарап тұрғанын көріп тыйыла қалды.
— Сонда да бәрібір, мырзалар, — деді Ришелье, шамасы, Атос сөзі оны әуелгі ойынан қайтара алмаған тәрізді, — бәрібір мырзалар, кейбір қарапайым солдаттардың артықшылығы бар бөлімдерде қызмет атқаратынын пайдаланып, асыл текті бекзаттар сияқтанып жүретінін өз басым жақсы көрмеймін: өзгелер сияқты олар да ортақ тәртіпті сақтауы керек.
Атос, кардинал осы сөзін айтып бітіргенше сабыр тұтып, сосын оны қостап, басын изеп, төмендегіше тіл қатты:
— Шарапатты мырза, біз тәртіпті тіпті де бұзғанымыз жоқ қой деп сенемін. Біз болсақ қазір қызметтен боспыз, сол себепті де, не істесек те өзіміздің еркімізде ғой деп ойлағанбыз. Егер сіз, мәртебелі тақсыр, тап қазір өзгеше бір бұйрық берсеңіз, біз оған қуана - қуана мойынсұнуға әзірміз. — Өзіңіз де көріп тұрсыз, шарапатты мырза, — деді ол қабағын түйіп, өйткені бұл тергеу оның шыдамын тауыса бастаған еді. — Болмашы бір шу шықса әзір тұру үшін мылтықтарымызды ала келдік.
Сосын ол үстінде қарттар мен сүйектер шашылып жатқан барабанның қасында бір-біріне сүйеліп қойылған төрт мушкетті кардиналға саусағымен мегзеп көрсетті.
— Егер осындай аз нөкермен келе жатқан сіз екеніңізді білгенімізде, мәртебелі тақсыр, біз дереу алдыңыздан шығатын едік, оған кәміл сенуіңізге болады, — деді д'Артаньян.
Кардинал мұрты мен ернін жымқырып алып, тістелей берді.
— Тап қазіргідей қаруланып, қызметшілеріңізді қарауылға қосып, бас қосқан кездеріңізде, өздеріңіздің кімге ұқсас екендеріңізді білесіздер ме? — деді кардинал. — Сіздер төрт қаскүнемге ұқсайсыз.
— Сіз өте дұрыс айтасыз, шарапатты мырза, — деді Атос, оны қолма-қол қостап, — біздің шынында да қаскүнемдік ойлап жүргеніміз рас, оған, мәртебелі тақсыр, әнеугүні ертеңгілік өзіңіздің де ішіңіз жеткен, бірақ біздің қаскүнемдігіміз ларошельдіктерге қарсы бағытталған.
— Ә, саясатшы мырзалар, — деді кардинал да қабағын түйіп бұларға қарсы дау айтып, — егер сіздерді әлгіде ғана мені көріп, жасыра салған хатыңыз сияқты оп-оңай оқи алатын болсақ, сіздердің миларыңыздан көптеген құпия жәйттердің шешімі табылар еді!
Атостың бет-жүзі дуылдап, кардиналға қарай бір басып тоқтай қалды:
— Осы сіз шынымен-ақ бізге күдіктеніп, нағыз тергеу жүргізіп жатқаннан саумысыз, шарапатты мырза. Олай болса, мәртебелі тақсыр, бізге жәй-жағдаятты анықтап түсіндірсеңіз екен, сонда біз тым болмаса не істейтінімізді білер едік.
— Егер бұл шын мәніндегі тергеу бола қалса не істер едіңіз? Сіздерден өткен кісілер де талай тергеуге алынған және жауап та берген, мушкетер мырза, — деді кардинал.
— Міне, сол себепті де, мәртебелі тақсыр, мен сізге қалай тергеймін десеңіз де еркіңізде деп айтқанмын, ал, біз жауап беруге дайынбыз.
— Сіз әлгіде ғана оқи түсіп, сосын жасыра салған хатының нендей хат, Арамис мырза?
— Әйелден келген хат, шарапатты мырза.
— О, мен оны түсінемін! — деді кардинал. — Ондай хат жөнінде үндемей қалғанның өзі дұрыс. Бірақ ол хатты дуагөй піріңізге көрсетуге болады, өздеріңізге мәлім, мен дін адамымын ғой.
— Шарапатты мырза, — деді Атос сұмдық ұстамдылықпен, мұндай жауап үшін оның басы кетуі мүмкін еді, — ол шынында да әйелден келген хат, бірақ оған қол қойған Марион Делорм де, д'Эгильон ханым да емес.
Кардинал қанын ішіне тартып, сазарып сала берді, көзі ызалана жарқ етті. Ол Каюзак пен Ла Удиньерге әмір еткісі келгендей артына бұрылды. Атос оның осы қимылын қалт жібермей, өзі де мылтығына қарай бір аттады, өздерін тұтқындатқысы келмеген үш досының да есіл-дерті осы қаруда болатын. Кардиналдың жақтастары, өзін қосқанда үш-ақ адам еді, ал, қызметшілерін қоса есептегенде мушкетерлер жеті кісі-тін. Атос пен оның жолдастары шынында да бірдеңе деп құпия сөз байласып жатқан, сол себепті де кардинал күштің тең түспейтінін ойлап, әманда көңілінің бір түкпірінде сақтап жүретін тосын айла-тәсілімен жалт берді: ол ашуын жұмсақ күлкіге жеңдірді.
— Жарайды, осы да жетер! — деді ол. — Сіз қайтпас қайсар жас батырсыздар: күндіз — өр кеуде тәкаппарсыз, тас қараңғы түнде — адал берілген аламансыз. Өзге кісілерді жақсы қорғайтын кісінің, өзін де қорғай білгені абзал. Мырзалар, мен әлгі «Қызыл кептер ұясына» баратын түні жолай мені қалай қорғағаныңызды ұмытқан жоқпын. Егер қазіргі бара жатқан жолымда бір қауіп бола қалса, сіздерден маған еріп жүріңіздер деп өтінген болар едім. Бірақ төніп тұрған қатер жоқ екен, сіздер осы арада қала беріңіздер, шараптарыңызды тауысып, ойындарыңызды аяқтап, хатыңызды оқи беріңіздер. Қош, мырзалар!
Каюзак жетелеп әкеліп, көлденең тартқан атына қонды да, ол бұлармен қолын бір бұлғап қоштасып, шауып ала жөнелді.
Төрт жас жігіт орындарында үн-түнсіз сілейіп тұрған күйі, ол әбден көрінбей кеткенше артынан телміре қарап, көзімен ұзатып салды.
Сосын олар бір-біріне қарасты.
Бәрінін де түсі бұзылып кетіпті: дос пейілмен қоштасса да, кардиналдың қатты ызаланып кеткенін бұлар түсініп тұр.
Тек Атос қана өктем иінімен, тыжырына жымиып тұрды. Кардинал бұларды естіп, көре алмайтындай жерге жеткенде, ашуын кімнен аларын білмей тұрған Портос:
— Ана ақымақ Гримо кешігіп қалды! — деді дауыстап.
Гримо ақталу үшін бірдеңе дегісі келіп еді, Атос саусағын шошайтып, ескерткендей болды, Гримо табанда жым болды.
— Сіз әлгіде хатты берер ме едіңіз, Арамис? — деді д'Артаньян.
— Мен мынадай бір шешімге келген едім, — деді Арамис, әсем дауысын нәшіне келтіре сөйлеп. — Егер кардинал хатты әкел деп лап еткенде, бір қолыммен хатты беріп жатып, екінші қолыммен шпагамен түйреп тастайтын едім.
— Мен де солай ойлап едім, — деді Атос. — Сіздің сөзіңізге таласқаным да содан. Ер жігіттермен тап әлгідей өктем сөйлесіп, ол кісі тым аңғырт кетті. Тіпті соның өзі өмір бойы әйелдермен, балалармен ғана істес болып жүрген екен деп те ойлап қалуға болатындай.
— Сүйікті Атос, мен сізге қатты тәнті болдым, бірақ түптеп, келгенде біз дұрыс жасамадық, — деді д'Артаньян оны құптамай.
— Дұрыс жасамағаны қалай! — деді Атос ызаланып. — Мына өзіміз тыныстап тұрған ауаның иесі кім? Өзіміз көзімізді алмайтын ана мұхит кімдікі? Аунап-қунап жатқан ыспа құм кімдікі? Ғашығыңыз жазған хаттың иесі кім? Кардинал ма? Ар-ұжданыммен ант етейін, сол кісі осы күллі әлемнің билеушісі бір өзім деп ойлайтын болуға тиіс! Сіз соның алдында есіңіз шығып, жерге кіріп кетердей болып, бірдеңе деп міңгірледіңіз... Тіпті сіздің көз алдыңызға Бастилия келіп елестеген екен, орасан зор Медуза сізді қара тас етіп қатырып тастағалы жатыр екен деп те ойлап қалуға болатын еді. Кәне, өзіңіз-ақ айтыңызшы, ғашық болу — қаскүнемдік жасауға серттесу деген сөз бе? Сіз кардинал түрмеге апарып тығып тастайтын әйелге ғашықсыз, сол әйелді кардиналдың қолынан құтқарғыңыз келеді. Сіз мәртебелі тақсырмен арбасып келесіз мына хат — қолыңыздағы көзіріңіз. Дұшпаныңызға картаңызды көрсетудің қажеті қанша? Бұлай етуге болмайды. Сол картаны ойың өзі болжап біле берсін, іске сәт! Біз оның ойынын тауып шығарамыз ғой.
— Шынында да, сіздің айтқаныңыздың бәрі рас, Атос, — деп Д'Артаньян онымен келісе кетті.
Ендеше әлгіде болған оқиға жөнінен ләм деп сөз айтпалық, Арамис немере қарындасының хатын, кардинал үзіп жіберген жерінен оқысын.
Арамис хатты қалтасынан алды да, үш жолдасы оған жақындап отырысты, ал, дәйекшілері тағы да нән шынының қасына барын үймеледі.
— Сіз бір жолын ба, әлде екі жолын ба оқыдыңыз, одан да жасынан қайта бастаңыз, — деді д'Артаньян.
— Мақұл, — деді Арамис.
«Сүйікті кузен, мен шамасы Стенэ қаласына кететін шығармын, апайым сонда кармелит әйелдердің жергілікті монастыріне жас күтушімізді орналастырған еді. Ол байғұс өз тағдырына мойынсұнған көрінеді, басқа жерде тұрса, күнәлі һарам жолға түсіп кету қауіп бар екенін жақсы біледі. Бірақ үй ішіндік ісіміз тілегеніміздей болып орындалса, онда ол бикені бәлеге қалатынын сезгенде, тәуекелге бел байлап, аңсаған адамына қайтып барады, өйткені оның өзін күн-түн демей ойлап жүргенін біледі. Ал, әзірге ол онша бақытсыз да емес: оның есіл-дерті — ашынасынан хат-хабар алу. Ол тәрізді дүниенің монастырьдың темір торынан өте қоюы аса қиын екенін білемін, бірақ кузен, менің онша олақ емес екеніме талай рет көзіңіз жетті ғой, ендеше сол тапсырманы орындауды өз қолыма аламын. Апайым сіздің оны ұмытпай, көңіліңізде ұдайы сақтап жүргеніңізге алғыс айтады. Ол бір кездері қатты абыржыған еді, бірақ тосын бірдеңе болып қалмас үшін, сол жаққа өзінің сенімді кісісін жібергесін, көңілі біраз байыз тапты.
Қош, сүйікті кузен, өзіңіз жәйлі жиі-жиі хат жазып тұрыңыз яғни бізге бір хат-хабар жіберуге сенімді жағдай туған сайын жазып тұрыңыз. Сізді сүйдім.
Мари Мишон».
— О, мен саған борыштымын, Арамис! — деді д'Артаньян дауыстап. — Қымбатты Констанция! Ақырында бір хабарың келіп жетті-ау әйтеуір! Тірі екенсің, Стенэда жүр екенсің! Атос, сіз қалай ойлайсыз, ол қала қай жерде?
— Лотарингияда, Эльзас шекарасынан бірнеше лье жерде. Қамау аяқталысымен, біз ол жаққа серуендеп барып қайта аламыз.
— Оны енді көп күтпеспіз деп сенемін, — деді Портос. — Бүгін бір шпионды дарға асты, оның айтуынша, ларошельдіктер етіктерінің былғарысын жеп жатқан көрінеді. Олар былғарыны жеп бітіргесін, ұлтанына ауыз салады, одан кейін... олар бірінің етін бірі жемесе, не істейтінін білмеймін.
— Есуас байғұстар! — деді Атос тамаша бордос шарабының бір стаканын қағып салып, ол кезде со шарап тап қазіргідей әйгілі болмағанмен, мақтауға татитын шарап-ты. — Есуас байғұстар! Күллі діндердің ішіндегі ең қолайлы, ең жанға жайлы жағымдысы католиктік дін екенін білмей ме екен!.. Дегенмен, — деді ол шарабын тауысып, таңдайын қағып, — нағыз сабаз солар... шайтан соқсын сізді, не жасап жатырсыз, Арамис? — деді ол сөзін жалғап. — Ана хатты қалтаңызға тығып жатырсыз ба?
— Иә, — деді д'Артаньян оның сөзін растап. — Атос дұрыс айтады: оны өртеу керек. Дегенмен, кім білген... кардиналдың күлге де тіл бітіретін бір құпиясы бар шығар?
— Болуы да мүмкін, — деді Атос.
— Ол хатқа не істейін деп едіңіздер? — деді Портос.
— Бері келші, Гримо, — деді Атос.
Гримо орнынан атып тұрып жетіп келді.
— Рұқсатсыз сөйлегеніңіз үшін, досым, сіз мына бір жапырақ қағазды жейсіз. Сосын бізге жасаған қызметіңіздің сыйы ретінде мына бір стакан шарапты ішіп қоясыз. Әуелі мына хатты алдағы, жақсылап тұрып шайна!
Гримо жымиып бір күлді де, Атос жиегіне дейін мөлтілдетін шарап құйған стаканнан көзін алмай, қағазды шайнап-шайнап, жұтып жіберді.
— Браво! Жарайсың, Гримо! — деді Атос оны мақтап. — Ал, енді стаканды алыңыз. Жетті, алғыс айтпасаң да болады.
Гримо үн-түнсіз бір стакан бордос шарабын қағып салды, бірақ бір ғанибет сезімді оның көкке көтерілген көзі, анық білдірген еді.
— Ал енді, — деді Атос, — кардиналдың басына, Гримоның қарнын жарып; ақтарып көрейінші деген бір зымиян ой келмесе, біз енді қам жемесек те болады...
Бұл кездері мәртебелі тақсыр көңілі бір түрлі жабығып сейіл - серуенін құра берді, сонда жолай:
— Осы бір төрт дос қайтсе де маған қызметке келуі керек! — деп күбірлеп бара жатты.
XXII
ҚАМАУДАҒЫ БІРІНШІ КҮН
Францияның жағалауына көз жүгіртеміз деп жүргенде, бір сәт назарымыздан шығарып алған миледи жәйіне көшелік енді.
Біз оны тағы да сол баяғы аса қиын хал үстінде көреміз — ол бір қараңғы ой тұңғиығына, тамұқтың зұлмат түнегіне шым батып, күллі үміт-сенімін соның қақпасының алдына қалдырып кетті: өмірінде тұңғыш рет күдіктеніп, тұңғыш рет қорқайын деді.
Бақыт құсы оған екі рет опасыздық жасады, оның ойын екі рет біліп қойып, екі рет сатып кетті, осы екі жағдайдың екеуінде де жолының болмауына бір ғана жын-шайтан себепші болды, мұны мойыту үшін тәңірім оны өз қолымен жіберген болуға тиіс: д'Артаньян бұл әйелді, өмірінде жеңіліп көрмеген зұлым күшті жеңді.
Ол мұның махаббатын мазақ етіп, тәкаппар әр кеудесін басып қорлады, көкейіндегі мансапқұмар ой-арманын болдырмай тастады, енді міне бақытын да біржолата құртып жібермек, азаттығына ауыз салып, тіпті өміріне де қатер төндіріп отыр. Бұған қоса, ол әйелдің бет пердесінің, әдетте соны бүркеп, сыртқа мейлінше айбарлы болып көрінетін тылсым құдіреттің сырын ашқандай еді.
Королеваға қаһарын тіккен Ришелье Бекингэмнің басына дауылды төндірген кезде, д'Артаньян сол дауылды сейілтіп жіберді, — бұрынғы жақсы көрген кісілерінің бәріне өшігіп алған миледидің Бекингэмге де жаны қас. Қызулы, ләззатқұмар әйелге тән мінезбен өлекшедей аласұрып, бір сәт де Вардқа жаны құмартып, аңсары ауып еді, д'Артаньян сол жігіттің орнын келіп басты. Мұның сұмдық құпиясы д'Артаньянға белгілі, ал, сол құпияны білген кісі мерт болады деп бұл кезінде ант еткен. Ең ақырында, кепілдеме қағаз алып, соның көмегімен дұшпанынан кегін қайтармақ болып еді, ол қағазды мұның қолынан жұлып әкетті. Міне, сол д'Артаньин тап қазір өзін тас қамауда ұстап отыр, енді оны қайдағы бір қырсық шалған Ботанибейге, Үнді мұхитындағы кісі жиіркенетін бір Тайбернге жер аударады.
Сөз жоқ, осының бәрі д'Артаньянның әрекетімен істеліп жатыр — мұны басқа ешкім де тап осылай масқаралай алмайды. Осы қорқынышты құпиялардың бәрін лорд Винтерге хабарлаған да сол жігіт, тірі жан білмейтін құпиялардың бірінен соң бірін жазмыштың әміріндей етіп ашып жүрген де сол жігіт. Ол қайнымды жақсы біледі, бәрін де мөлдіретіп жазып жіберген ғой.
Әйелдің кеудесінде кек сақылдап қайнап жатыр!
Қаңыраған бөлменің алыс түкпіріне отты көзін қадап, ол қимылсыз отыр; тек анда-санда кеудесінен тыныстап бір ыңыранып ауыр күрсінген дыбысы естіледі, осы бір тұнжыраған тәкаппар қамал-сарай салынған құз-жартасқа буырқанып-бұрсанып келіп, өкіре соғып, мәңгі-бақи үзілген үміттей әл-дәрменсіз быт-шыт жарылып шашырап жатқан толқын шуына оның осы ыңыранған дыбысы қосылғандай еді.
Ашу-ызасы лапылдап отырса да, әйелдің ақыл-ойы тыным таппай, болашақ уақытта Бонасье бикеден, Бекингэмнен, әсіресе д'Артаньяннан өш алудың керемет жоба-жоспарларын жасайды!
Хош, бірақ өш алу үшін азат болу керек, ал, тас қамалда жатқан кісі азат болу үшін қабырғаны қаусатып, темір торды кескілеп, еденді талқандау керек. Мұндай істі тек төзімді, қажырлы да қайратты еркек қана ақыр аяғына дейін жеткізе алады, бірақ безгек бұған кісідей аласұрып жүрген, әйелдің қолынан не келеді! Сонымен бірге бұған ұзақ уақыт — айлар мен жылдар қажет, ал... қаһарлы туысы, түрмешісі лорд Винтер айтқандайын, оның қарауында он немесе он екі-ақ күн қалды.
Оған қарамастан, егер еркек-кіндік болса, ол бағын бір сынап көрер еді, бәлкім, дегеніне жетер еді. О жаратқан, нәуетек те нәзік әйелге ер жүрегін беріп, тәлкек етпесе қайтеді!
Сонымен, қамаудың алғашқы сәті сұмдық қиын болды: миледи ашуланғаннан тұла бойы қалтырап-дірілдеп, өзіне өзі ие бола алмады, әйелдің әлсіз табиғаты сыр білдіріп қойды. Дегенмен ол бірте-бірте ашу-ызасын ауыздықтап, қалшылдап-селкілдеуін қойды, қажыған жылан сияқты тыныс алып, күш жинамақшы болып, бүктетіліп жата кетті.
— Жарайды, жетті енді, жетті. Сонша құтырынатындай жынданып кеткен жоқпын ба осы, — деді ол өзіне өзі сұрау қойып, отты көзі шағылысқан айнаға қарап. — Қой, енді қайтып ашуланбайын. Ашу — әлсіздіктің белгісі. Оның үстіне бұл — менің қаруым емес. Егер әйелмен арбасып, күш жұмсасам, жолым болып, жеңіске жетер едім. Бірақ мен еркектермен жағаласып кеттім, әлсіз әйел басыммен оларға қайдан тең келейін. Оданда әйел қаруын жұмсай көрейін: менің күшім — әлсіздігімде ғой.
Аса кескінді, құбылмалы сұлу жүзін қалай өзгерткені жөн болатынын табанда өз көзімен байқап көрмекші болып, миледи бет - пішінін: түсін мүлде бұзып жіберетін ашу-ызадан бастап, аса бір ұяң, биязы да ибалы сиқыр күлкіге дейін қырық құбылтып, ойнатып, сынай көрді. Бет ажарын ашып, құлпыра түсу үшін оның нақты қолы шашын сипалап тарай бастады. Ақырында, өз кейпінe өзі разы болған әйел:
— Үмітсіз шайтан болсын. Әлі кеш қалғаным жоқ: бұрынғыдай сұлумын, — деді күбірлеп.
Кешкі сағат сегіздің кезі-тін. Миледи бөлмеден бір керуетті көрді; ол біраз тынығып алсам, ой-санам да, көңілім де ашылып қалар, өңім де кірер деп ойлады. Бірақ жатпай тұрғанда, оның кеудесінде тағы бір сәтті ой жылт етті. Ол сырттан кешкі тағам жәйін сөз етіп жатқанын естіді. Оның бұл бөлмеге келіп кіргеніне біp сағаттан асқан, енді, шамасы, бұған кешкі ас әкеліп беруге тиіс шығар.
Тұтқын әйел уақытты текке өткізгісі келмеді де, осы кештен бастап, өзін күзету тапсырылған кісілердің мінез-құлқын шым-шымдап білу, зерттеу ісімен шұғылданып көрмекші болды.
Есіктің астынан сызаттап жарық көрінді; бұл — түрмешілердің келгенінен хабар берді. Миледи орнынан тұра беріп, қайтадан креслоға асығыс отыра кетті; оның басы кейін шалқайып, толқынды шашы иығына төгілді, уқаланған шілтерлігі ысырылып, кеудесі сәл ашыла түсті, бір қолымен жүрегін басып, екінші қолын креслодан жансыз түсіріп жіберді.
Есіктің темір бастырғышы тарсылдап, топсасы сықырлап ашыла берді, бөлме ішінен басқан аяқтың тықыры естілді.
— Мына столды ана жерге қойыңыз, — деді біреу.
Миледи со замат Фельтонның даусын таныды.
Бұйрық бұлжымай орындалды.
— Шырағданды әкеліп, сақшыны ауыстырыңыз, — деді Фельтон тағы да.
Жас лейтенанттың қарауындағы кісілеріне берген осынау екі дүркін бұйрығынан миледи өзін күзететін кісілердің яғни солдаттардың, мұны күзетумен бірге, қызмет ететініне де көзі жетті.
Фельтонның бұйрығы заматында үн-түнсіз орындалып жатты, соған қарағанда, қарауындағы солдаттар оған қалтқысыз бағынатын тәрізді.
Бұған дейін миледиге назар аудармаған Фельтон, ақырында оған бұрылып қарады.
— А-а! О кісі ұйықтап қалыпты. Жарайды, кейін — оянғасын ауқаттанар, — деді ол.
Сосын ол есікке қарай беттей берді.
— Жо-жоқ, лейтенант мырза, ол әйел ұйықтап жатқан жоқ, — деді миледиге жақын келген солдат Фельтонды тоқтатып, ол бастығындай мейірімсіз безбүйрек емес екен.
— Ұйықтамағаны қалай? Сонда ол не істеп жатыр? — деді Фельтон.
— Ол талып қалған. Өңі аппақ, құлағымды қанша тоссам да, тынысын ести алмай тұрмын.
— Сіздің сөзіңіз рас шығар, — деп келісе кетті Фельтон тұрған жерінен мойнын бұрып, әйелге бір қадам да жақындамай. — Тұтқыныңыз талып қалды деп лорд Винтерге айтыңыз. Бұл төтен жәйт, мен не істерімді білмей тұрмын!
Солдат офицерінің бұйрығын орындамақ болып шығып кетті, Фельтон есік алдында тұрған креслоға отыра кетті де, ләм деп тіл қатпай, қимылдамай бастығын тоса берді. Миледи әйелдерге кәнігі бір өнерді жете игерген еді: ол көзін ашпай-ақ қою кірпігінің арасынан айналасын көре беретін. Ол бұған ту сыртымен отырғам Фельтонды көрді; әйел оған көз жазбастан он минуттей қарады, бірақ оның шімірікпес тас мүсін күзетшісі оған бір рет те бұрылып қарамады.
Әйел қазір лорд Винтердің келетінін есіне алды да, ол келгесін мұның түрмешісі күшейе түсетінін сезді. Оның бірінші тәжірибесі сәтсіз аяқталды, бірақ запаста әлі талай амал-айласы бар әйел сияқты, бұған оңай мойынсұнды, басын көтеріп, көзін ашып, жеңіл ғана күрсінді.
Осы күрсіністі естіп, Фельтон бұрылып қарады-ау әйтеуір.
— А, міне, сіз де ояндыңыз, сударыня. Енді мен бұл арадан кетсем де болады. Егер сізге бірдеңе қажет бола қалса, — қоңырау соғарсыз, — деді ол.
— Ах, құдай-ай, құдайым-ай, жаны құрғырдың қиналуын! — деді миледи сыңғырлай сыбырлап, ежелгі заманның мекер әйелдері сияқты, бұл да кімнің көзін жойғысы келсе, тап осылай сиқырлап тастауға тырысып.
Осыдан кейін креслода бойын түзеп жөнделіп отырды, енді ол бұрынғысынан да тартымды, әсем болып құлпырып шыға келді.
Фельтон орнынан тұрды.
— Сізге асты күніне үш рет береді, сударыня, — деді ол. — Ертеңгісін сағат онда, сосын түскі сағат бірде, кешқұрым сағат сегіз кезінде. Егер бұл тәртіп ұнамайтын болса, онда мен айтқан мезгіл орнына, көңіліңіз қалаған уақытыңызды айтыңыз, сосын біз сіздің тілегіңізді ескеруге тырысамыз.
— Осынау тұнжыраған абажадай бөлмеде ұдайы жалғыздан-жалғыз отыра бермекпін бе? — деді миледи мұңайып.
— Көрші тұратын бір әйел шақырылды. Ертең ол қамал-сарайға келеді, сосын сізге қажет болған кезде, осында келіп-кетіп жүреді.
— Көп рахмет, — деді тұтқын әйел монтансып.
Фельтон сәл ғана басып иіп, шығып кетті. Ол табалдырықтан аттай берген кезде, әлгіде миледи талып қалды деп айтуға жіберілген солдатты ертіп, лорд Винтер дәлізбен жақындай берді. Оның қолында иіскететін тұз бар екен.
— Бұл не? Не болып қалды? — деді ол кекесінді үнмен, тұтқын әйелдің тұрғанын, Фельтонның кетпек болып жатқанын көріп. — Өлі әйел тірілген бе қалай? Шайтан атсын, Фельтон шырағым, сені шіп-шикі жас санап, алдыңнан қызық бір комедияның алғашқы сахнасын ойнап жатқанын түсінбегенсің бе, біз ол комедияның әлі аяғына дейін көріп, рахатқа батамыз.
— Мен өзім де солай ойлап едім, милорд, — деді Фельтон. — Бірақ тұтқынымыз әйел болғасын, оған аздап та болса назар ayдармақшы едім, өйткені әрбір тәрбиелі, көргенді кісі, әйел қамын ойламаса да, өз парасатын ойлап, оған көңіл бөлуге міндетті ғой.
Миледидің жаны түршігіп кетті. Фельтонның сөзінен арқасын аяз қарып өткендей болды.
— Сонымен, мына шебер қолмен төгілдіріп қойған қолаң шаш, уыздай аппақ дене, ибалы көзқарас сені әлі жолдан тайдыра қойған жоқ шығар, тас жүрек?
— Жоқ, милорд, сенсеңіз, мені кінәлі ету үшін әйел қулығы мен қылығынан да күштірек бірдеңе керек шығар, — деді ол.
— Олай болса, батыр лейтенантым, басқа бір қулық ойлап табуды миледиге қалдырайық та, өзіміз кешкі асқа баралық. О, қам жемей-ақ қой, оның ойы жүйрік, комедияның екінші әрекеті біріншісінің ізін ала көрсетілетін шығар!
Осыны айтты да, лорд Винтер Фельтонды қолтықтап, күлген күйі сыртқа шығып кетті.
— О, сенің де ебіңді табармын! — деді миледи тістене сыбырлап. — Қам жеме, монах бола алмай қалған байғұс, солдаттыққа әрең қолы жеткен сорлы! Саған мундирден гөрі ряса жарасар еді!
— Айтпақшы, — деді Винтер табалдырық қасында сәл аялдап, — миледи, осы жолы жолың болмағанына ренжіп, тамаққа зауқың шаппай қалып жүрмесін: балық пен балапан етін татып көр. Арым кәміл, мен оларға у қос деп әмір берген жоқпын! Мен аспазыма разымын, ол мен кетсем, мұрадан дәметіп, иегі қышымайды, сол себепті де оған толық және шексіз сенемін. Менен үлгі алыңыз. Қош, сүйікті жеңешем! Енді тағы бір талып қалғанынша сау бол!
Миледи бұған шыдай алмады; тұла бойы қалшылдап, креслоға жармасты, тісін шақырлатып, лорд Винтер мен Фельтон шыққан есіктің ашылып-жабылғанын бақылады. Оңаша қалғасын тағы да қатты торықты. Столға көзін тастап, жылтырап жатқан пышақты көріп, жүгіріп барып ұстай алды; бірақ тауы шағылып қалды: пышақтың ұшы добалдау, майысқақ жұмсақ күмістен жасалған екен.
Шала жабылған есік сыртынан жамыраған күлкі үні естілді де, есік қайта ашылды.
— Ха-ха! — лорд Винтер дауыстап жіберді. — Ха-ха-ха! Көрдің бе, сүйікті Фельтон, саған не айтып едім: мына пышақты саған кезенер еді де, өлтіре салар еді. Білесің бе, бұл оның кәнігі әдістерінің бірі: әр түрлі амал-айла жасап, кедергі жасаған кісілердің көзін жоғалтып жібереді. Егер мен сенің айтқаныңды тыңдап, оған пікір болат пышақ жібергенімізде, Фельтонның шаруасы бітер еді: ол әуелі сені бауыздап, артынан бәрімізді жамсататын еді. Әне, қарашы, Джон, пышақты қолында ойнатып тұрған жоқ па!.
Шынында да, миледи осынау суық қаруды әлі де қолына құшырлана қысып тұр еді, бірақ мынадай сұмдық қорлықтан ол әл - дәрменінен айрылып, қолын шарасыздана жазып жіберді.
Пышақ тарс етіп еденге түсті.
— Сіз әділін айтыпсыз, милорд. Сіз әділін айтыпсыз, мен қателесіппін, — деді Фельтон жиіркенішті үнмен, бұл миледидің жүрегіне оқтай қадалды.
Екеуі де қайтадан шығып кетті.
Бұ жолы миледи әуелгіден гөрі сыртқа құлағын абайлай тосып, олар әбден алыстап, аяқтарының тықыры дәліздің арғы түкпіріне барып естілмей кеткенше, қозғалмай отыра берді.
— Мен құрыдым! Кімнің қолына түскенмін, күллі қулық-сұмдығым қола немесе тас мүсінге қалай әсер етпесе, бұларға да солай әсер етпейді. Олар мені бес саусағындай біледі, қандай қару жұмсасам да, бұларға дарымайды. Бірақ, қанша қиын болса да, бұлардың ойына алғанын болдырмай тастауға тырысу керек!
Расында да, миледидің соңғы толғанғанына және үміт-сенімін қайта жандырғанына қарағанда, осынау ер мінезді қайратты әйел үрей-қорқынышқа, дәрменсіздікке көп бой алдырмайтын. Миледи стол басына отырып, әр түрлі тағамнан алып, аздап испан шарабын ішті, сосын қайтадан қуаттанып, жігерлене түскенін сезді.
Төсекке жатпай тұрып, ол күллі жәйтті жан-жақты ойластырып, ақыл таразысына салып салмақтап, зерттеп, әбден талдап алды өзімен сөйлескен кісілердің сөзін, әрекет-қылығы, ым-ишаратын, болар-болмас қимылы мен үндемей қалғанына дейін назарынан тыс қалдырмады. Осындай аса шебер мұқият зерттеуден кейін ол екі азаптаушысын салыстырғанда, Фельтон әлсіздеу, қолға оңай түсер деген бір тоқтамға келді. Лорд Винтердің Фельтонға: «Егер мен сенің айтқаныңды тыңдап...» деген сөзі тұтқын әйелдің есіне қайта-қайта түсе берді.
Егер лорд Винтер оны тыңдамай қойса, Фельтон мұның пайдасына бірдеңе деген болды.
«Демек, бұл адамда зәредей де болса, маған деген аяушылық сезімінің ұшқыны бар екен, — деді миледи өзіне өзі. — Сол ұшқынды үрлеп, бір отты алаулатып көрейін, сосын ол со жігіттің ішінде лауласын да жатсын. Ал, лорд Винтер болса, мені жақсы біледі, екінші жағынан қорқады да, егер зәуіменен соның қолынан аман есен құтылып кететін болсам, менен жақсылық көрмейтінін біледі, сол себепті де оны айналдырып әуре болудың қажеті де жоқ... Бірақ Фельтонның жөні басқа: ол әлі көңіліне дақ түспеген таза жанды, аңқау жас жігіт, шамасы, мейірімді де болар, оны азғырып көруге болады».
Осыдан кейін миледи күлімсіреп жатып ұйықтап кетті, егер оның ұйықтап жатқанын көрген кісі болса, бұл бір бейкүнә уыздай қыз екен, алдағы тойда өзін әсемдейтін бір гүл шоғы түсіп өніп жатыр-ау деп ойлап қалар еді.
XXIII
ҚАМАУДАҒЫ ЕКІНШІ КҮН
Миледи түсінде д'Артаньян ақыры қолға келіп түскенін, енді соның қалай жазалағанын өз кезімен көріп жатыр екен, жендеттің балтасынан оның қаны дірдектеп саулай жөнелгенде, мұның айызы қанып, жымиып бір күлген еді.
Ол алғаш рет үміт оты жылт еткен тұтқындай рахаттанып, маужырап ұйықтап жатты.
Ертеңгілік бөлмесіне жұрт кірген кезде келіншек әлі төсекте жатыр екен. Фельтон дәлізде қалды; ол кеше айтқан әйел көрінісімен, осында ертіп әкелген еді. Енді сол әйел бөлмеге кіріп, миледидің қасына келіп, қызмет етуге әзір екенін білдірді.
Әдетте миледидің жүзі қуқыл тартып жүретін, сол себепті де оны бірінші көрген кісі сырқат па деп алданып қалатын.
— Мен безгек болып қалдым, — деді ол. — Ұзақ түнге кез ілсем бұйырмасын, қазір де жаным көзіме көрініп жатыр... Маған кешегіден гөрі адамша қарап, аяушылық білдірер ме екенсіз? Бар тілегім — төсекте жата беруіме рұқсат етсе болғаны.
— Дәрігерді шақыруға қалай қарайсыз? — деді әйел.
Фельтон осы әңгімені үнсіз тыңдап тұра берді.
Миледи: егер жұрт неғұрлым көп жиналса, соғұрлым мен де талай кісінің көңілін елжіретермін, бірақ лорд Винтердің де күдігін, күзетін күшейтемін ғой деп ойлады; мұның үстіне дәрігердің: бұл ауру емес, көлгірсіп жатыр, — деп айтуы да мүмкін, ендеше, миледи бірінші ойында ұтылып қалып, екінші ойыннан тағы да ұтылғысы келмеді.
— Дәрігерді шақыртамыз дейсіз бе? Оның қажеті қанша? Ана мырзалар кеше менің ауруымды комедия деп жариялады. Бүгін де тап солай болмасына кім кепіл: олар кешеден бері дәрігерді де есеңгіретіп қойған шығар, — деді миледи.
— Олай болса, сударыня, қалай емделетініңізді өзіңіз айтамыз, — деді Фельтон шыдамы таусылғасын.
— Ах, құдайым-ай, қалай емделуді қайдан білейін, әйтеуір сырқат екенімді ғана білемін, басқа ештеңеде ісім жоқ. Маған нені берсе, соны бере берсін, бәрібір.
— Барып, лорд Винтерді шақырып келіңізші, — деді Фельтон, әйел жөн-жосықсыз шағына бергесін жалығып кетіп.
— О жоқ, жоқ! — деді миледи шырылдап. — Жоқ, шақырмаңыз, жалынамын сізге! Қазір хал-ахуалым жақсы, маған ештеңенің де керегі жоқ, тек лордты шақырмасаңыз болғаны!
Әйелдің мұны шыр-пыры шығып, жан-тәнімен жалына айтқаны сондай, Фельтон еркінен тыс ішке кіріп келіп, бірер аттап барып тоқтады.
«Ол менің үстіме кірді», — деді іштей миледи.
— Сударыня, — деді Фельтон, — егер сіз шынымен сырқаттанып қалсаңыз, біз дәрігерге кісі жұмсаймыз, ал, егер бізді алдасаңыз — онда өз обалыңыз өзіңізге, бірақ кейін әттеген-ай деп өкінбейтін боламыз.
Миледи жауап қатпады, тек әдемі басын жастыққа жасырып, егіліп жылай берді.
Фельтон өзіне тән сабырмен бір сәт оған өзара қарап тұрды да, оның ұстамалы дерті жуыр маңда тарқамайтынын сезіп шығып кетті. Оның ізін ала күтуші де шықты. Лорд Винтер әлі көрінбейді.
«Мен мұны енді-енді ғана түсіне бастаған сияқтымын», — деді миледи жүрегі жарылардай қуанып, сосын көңілінің осылай бір көншігенін, сырттай аңдып тұрған кісі болса сездірмейін дегендей көрпені бүркене қойды.
Арада екі сағат өтті.
«Енді сырқаттанбасақ та болады. Орнымыздан тұрайық-тағы, тап бүгін бірдеңені жасауға тырысып көрелік. Менің он күнге ғана пұрсатым бар, оның екінші күні бүгін кешке бітеді», — деген бір түйінге келді миледи.
Ертеңгісін миледидің бөлмесіне кірген кезде, таңғы тағамды әкеліп қойған; енді столды жинауға келетінін, сонда Фельтонди тағы да көретінін миледи біле қойды.
Миледи қателеспепті: Фельтон қайта келді, келісімен миледидің тағамның дәмін татқан-татпағанына қарамастан, әдетте, aс әкелінетін столды алып кетуге әмір етті.
Солдаттар сыртқа шығар кезде Фельтон оларды ілгері жіберді де, өзі бөлмеде аялдай берді; қолында бір кітап бар.
Камин алдындағы креслода шынтақтап, шөлмектей боп бозарып отырған момын сұлу азапты ажалын асыға күткен қасиетті бейкүнә қызға ұқсайды.
Фельтон оған жақындап келді.
— Лорд Винтер — сіз сияқты католик, сударыня — о кісі сізді өз шіркеуіңіздің әдет-ғұрпын сақтап, дұға-намазға бара алмай, пүшәйман болып жүргеніңізге көп толғанды. Сол себепті де ол күн сайын өз дұғаңызды оқып отыруыңызға ықылас білдірді. Сіз оны мына кітаптан табасыз.
Фельтонның әлгі кітапты әйел алдындағы шағын стол үстіне қалай қойғанын, «өз дұғаңыз» деген сөзді қалай кекете айтқанын және сол кезде оның жиіркене бір жымиғанын көріп, миледи басын көтеріп, офицерге ой тоқтата бір қарап алды.
Сонда ғана ол офицердің шашын тыраштана тарағанына, жұпыны костюміне, мәрмәр тастай теп-тегіс, бірақ сол тастай бедірейіп, сыр алдырмайтын маңдайына қарап отырып, әйел оның қатыгез пуритандардың бірі екенін біле қойды, мұндайларды ол король Яковтың сарайынан да, сол сияқты француз королінің сарайынан да жолықтырған, Варфоломей түні естен шықпаса да, олар кейде француз королінің сарайына барып паналайтын.
Миледидің бойын киелі бір шабыт билеп кетті, күрт өзгеріс кезінде, тағдыры немесе өмір сүрер-сүрмесі шешілетін сын сағаттарында, данышпан адамдар осындай бір күйге түседі.
«Өз дұғаңыз» деген екі сөзбен Фельтонға көз қиығын бір тастағаннан-ақ миледи енді бәрі де өзінің оған қайтарар жауабына байланысты екенін сезе қойды.
Қанша айтқанмен, ойға жүйрік ақмылтық әйел емес пе, айтар сөзі қас қағымда әзір болды.
— Мен бе? — деді миледи тыжырынып, мұның даусы да жас офицердің, әйел байқап қалған, тыжырынған даусымен үндес шықты. — Мен бе, сударь... менің дұғаларым бар? Әлгі бір бұзылған католик лорд Винтер, менің өзімен діндес емес екенімді жақсы біледі. Ол мені өстіп торға түсіргісі келеді ғой.
— Сіз қай діндесіз, сударыня? — деді Фельтон аң-таң қалып, ол өзін қанша тежеп ұстағанымен, осы жолы сыр алдырып қойды.
— Мен оны өз дініме бола әбден қасірет-қапа шегіп болғасын барып айтамын! — деді әйел шамырқана тіл қатып.
Фельтонның көзқарасынан әйел осы бір ауыз сөзбен нысанаға дәл соққанын біле қойды.
Бірақ жас офицер бір ауыз да сөз айтпады, қыбыр етіп қозғалмады, тек айтарын көзімен айтып тұрды.
— Мен хас жауларымның шеңгелінде отырмын! — деді миледи, пуритандардың үрдісімен лепіре сөйлеп. — Құдай деген бір бейбақпын! Иә, жаратқанның маған рақымы түсіп құтқарады, иә мен оның ақ жолында қаза табамын! Менің берер жауабым осы, бір өтінішім — осыны лорд Винтерге айта барыңыз. Ал, мына кітап, — деді әйел, дұғалықты саусағымен мегзеп, бірақ харамданып қалатын кісі сияқты оған қолын тигізбеді, — алып кеттіңіздағы, өздеріңіз қажетіңізге жарата беріңіз, өйткені сіз лорд Винтердің шығарда жаныңыз басқа сыбайласы екенсіз — жұртты қуғын-сүргінге салу жөнінен және дін бұзар сандырақтан сыбайлас болып жүрсіз.
Фельтон жауап қатпады, үйреншікті әдетімен, кітапты жиіркене алып, ойлана басып, сыртқа шығып кетті.
Кешкі сағат бестің кезінде лорд Винтер келді. Ұзақты күн миледи өзінің бұдан былай не істеп, не қоятынын әбден ойластырып қоюға уақыты жетіп артылған еді. Ол қайнысын өзіне өзі келіп, ақыл-есін жиған әйел ретінде қарсы алды.
— Шамасы... — деді барон миледидің қарсы алдындағы креслоға жантайып отыра кетіп, камин жанындағы кілемге аяғын созып жіберді, — шамасы, біз аздап та болса алған беттен тайдық па, қалай?
— Мұнымен не айтпақшысыз, мейірімді мырза?
— Менің айтайын дегенім, өзіңізбен соңғы рет кездескелі бері сіз дініңізді өзгертіпсіз. Сіз осы үшінші рет протестантқа күйеуге шыққан жоқсыз ба?
— Түсіндіріңізші, милорд, — деді тұтқын әйел тәкаппар үнмен. — Сізге айтарым, сөзіңізді естігенмен, түсініп отырған жоқпын.
— Онда сіз дінге мүлде сенбейтін болып шықтыңыз ғой — маған осыныңыз көбірек ұнайды, — деді лорд Винтер кекетіп.
— Әрине, бұл сіздің салт-санаңызға сай келіп жатыр, — деді миледи суық үнмен.
— О, несін жасырайын, маған оның бәрібір!
— Егер дін мәселесіне енжар қарайтыныңызды мойындамаған күннің өзінде, милорд, сіздің зинақорлығыңыз бен заңсыздығыңыз өзіңізді өлтіре әшкерелер еді.
— һім... Мессалина бикеш, леди Макбет, зинақорлық жәйін сіз де айтады екенсіз-ау! Мен сізді жаңсақ естідім бе, әлде ар-ұяттан жұрдай болған нағыз малғұнның өзісіз бе?
— Екеуміздің сөзімізді жұрттың тыңдай тұрғанын білгендіктен де, осылай деп тұрсыз ғой және ана түрмешілеріңіз бен жендеттеріңізді маған айдап салғыңыз келеді ғой, — деді миледи суық рай танытып.
— Түрмешілерді? Жендеттерді? Солай деңіз, сударыня! Сіз тым лепіріп кеттіңіз және кешегі комедияңыз бүгін трагедияға айналып барады. Несін айтасыз, енді бір аптадан кейін тиісті жерге жетесіз, сөйтіп менің ойыма алған іс орындалады.
— Жексұрын іс! Харам іс! — деді миледи ашынған кісінің тайсалмай, өз қазысына тіл тигізетіні сияқты буырқанып.
— Құдай ақы, меніңше, мына сайқал жынданған шығар! — деді лорд Винтер орнынан тұрып. — Жетті енді, пуританка ханым, сабыр ет, әйтпесе сізді түрмеге қамауға жарлық беремін! Егер менің испан шарабым осы жолы басыңызға шықпаса — ант атсын мені. Бірақ саспаңыз: мұндай мастықтың зияны жоқ, арты апатқа апарып соқпайды.
Сосын лорд Винтер мұны боқтап-боқтап кетіп қалды, ол заман да жоғары қауым кісілерінің өзі бейпіл ауыз болып дағдыланған еді.
Фельтон шынында да есік сыртында тұрып, күллі әңгімені түгел естіген болатын.
Миледи оны әуелден сезген.
— Иә, бар, барыңыз! — деді күбірлеп әйел қайнысының соңынан. — Өзіңе жазылмас дерт болып жабысатын жәйт көп ұзамай-ақ келер, бірақ сен оны, ақымақ неме, тіпті де құтыла алмайтын кезде барып білесің ғой.
Айнала тағы да тыныштала қалды. Тағы да екі сағаттай уақыт етті. Солдаттар кешкі асты әкелді, сөйтсе, миледи бір дұғаны судыратып оқып жатыр екен, ол келіншектің екінші күйеуінің қызметшісі, қатыгез пуританин үйреткен дұға-тын. Ол өзін өзі ұмытып төңірегінде не болып, не қойып жатқанын да сезбейтін тәрізді Фельтон әйелге бөгет жасамаңдар деп белгі берді де, дастарқан әзір болғасын, солдаттар мен бірге ын-шыңсыз шығып кетті.
Миледи есіктегі шағын терезеден өзін сырттан аңдитынын білетін, сол себепті де дұғасын аяғына дейін асықпай оқыды, оған күзетші де бұрынғыдан өзгеше, әлденеге құлағын тігіп, абайлап басып жүретіндей болып көрінді.
Бұл кеште оған бұдан артық ештеңенің де керегі жоқ-ты; ол орнынан тұрып, стол басына келіп отырды да, аздап тағам алып, қара су ішті.
Бір сағаттан кейін солдаттар столды алып кетпекші болып ішке кірді, миледи Фельтонның бұл жолы олармен бірге келмегенін көрді.
Демек, ол мұны жиі көруден жасқанады.
Миледи қабырғаға бұрылып, жымиып күліп жіберді: көңілінің қош-уағын білдіретін осынау күлкі оны дұшпандарына ұстап беруі мүмкін еді.
Әйел тағы да жарты сағаттай отырды. Көне қамал-сарай тыныштық құшағында, ұлы мұхиттың шетсіз-шексіз тынысындай болып, толқынның тынымсыз шуылы естіледі. Өзінің сыңғырлаған саф таза әуезді дауысымен миледи пуритандардың өзгеше жақсы көретін аятының бірінші өлеңін айта бастады:
Бізден безіп, жаһан кезіп, жаппарым,
Пенделерім қайтер екен дедің бе?
Енді келіп — сілесі әбден қатқанын
Желеп-жебеп тұрғандайсың көгіңде.
Әрине, бұл өлеңді соншалық бір мінсіз жыр деуге келмейді, бірақ пуритандардың өлеңге онша шебер болмағаны жұртқа мәлім ғой.
Миледи аят айтып отырып, сыртқа құлағын түреді. Есігінің алдындағы күзетші селтиіп тұрып қалды; осының өзінен миледи өлеңінің қалай әсер еткенін сезе қойды.
Сол-ақ екен, әйелдің бүйірі қызып, аятты жан-тәнімен беріле айтты; оған әуезді даусы сарайды аралап, тамылжыған сиқырлы күй сияқты, түрмешілердің тас жүрегін жібітіп жатқан сияқты болып көрінді. Бірақ күзетші, өзі шамасы өжет бір католик болса керек, тұла бойы елжіреп бара жатқасын, бойын жинап, дүр сілкініп, есіктен былай деп айқай салды:
— Үніңізді өшіріңіз,. сударыня! Өлікті жоқтағандай-ақ, мына өлеңіңіз кісіні жабырқатып жібереді екен, ал, егер осы жердегі гарнизонда жүріп-тұрған қызығымыздың үстіне мынадай нәрсені тыңдасақ, тіпті еңсеміз түсіп-ақ кетер...
— Жап аузыңды! — деген бір қатал әмір естілді сол замат, миледи Фельтонның дауысын қолма-қол таныды. — Өз шаруаңыз болмаса, жұртта не жұмысыңыз бар, жын соққан? Ол әйелге өлең айтқызба деп кім сізге бұйрық беріп еді? Бұйрық берген жоқ, сізге: оны мұқият күзетіңіз, егер қашпақ болса — атыңыз деп әмір етті. Оны күзетіңіз; егер қашқысы келсе, табанда өлтіріңіз, бірақ өзіңізге берілген бұйрықтан танбаңыз!
Нажағайдың жарқ еткеніндей бір зор қуаныш миледидің жүзін бip сәт жайнатып жіберді, осы әңгіменің бірде-бір сөзін шашау шығармай тыңдап алса да, соны естімеген кісідей, тұтқын әйел аятты қайта айта бастады, сонда әзәзіл шайтан бойына дарытқан әсем әуезді үнін тамылжытып, оның кісіні елітіп, елжіретіп жіберетінін сиқырлы күшін қырық құбылтып, мейлінше пайдаланып бақты:
Қанды жас пен қанды айқасқа ет өлген,
Жасыта алмас қапас зындан, бұғаулар.
Қасіреттің күн мен түнін көтерген
Жас ғұмыр бар, демейтұғын дұғаң бар.
Миледидің аса сирек кездесетін құйқылжыған қуатты үні ынтызар шабытпен шырқай жөнелгенде, аяттың іркес-тіркес, дөрекілеу өлеңі ғажайып бір сиқырлы күшке ие болып, өзгеше әсер етеді екен, әдетте жаны елжіреп, елпілдеп ұшып тұратын ақкөңіл пуритандардың өзі бауырлары қиял қанатында шарықтап қанша тамылжытып айтқанымен, ілуде бір болмаса, тап осындай әсер ала алмайтын. Фельтон тап қазір тозақ отында күйіп жатқан еврейдің үш жеткіншегін жұбатып өлең айтатын періштенің үнін естігендей болды.
Миледи аят өлеңін айта берді:
О, жаратқан, бар ғаламның арнасы,
Күн де туар, ылғи түнек жабылмас,
Еркіндіктің есер желі алдасын,
Ажал, жазмыш жазғанынан жаңылмас
Кімнің де болса сай-сүйегін сырқырататын әнді сиқыршы әйел жанын салып айтқасын ба, әйтеуір, осы өлең жас офицердің көңілін нілдей бұзды; ол есікті жұлқа тартып ашты да, өңі бұрынғыша қуарып тұрғанымен, көзі қызарып, алақтап кіріп келді.
— Сіз неге осы өлеңді айтасыз және неге осындай дауыспеп айтасыз? — деді ол демігіп.
— Рақым етіңіз, — деді миледи монтансып, — бұл үйде өлең айтудың ерсі екенін ұмытып кетіппін. Бәлкім, мен сіздің діни сезім-сеніміңізге де тиіскен шығармын, бірақ соны қасақана айтсам — ант атсын! Кінәм болса, кешіріңіз, бәлкім, кінәм көп шығар, бірақ еркімнен тыс кінә...
Миледи сол сәтте таңғажайып сұлу еді, діни сезімге балқып, өзін өзі ұмытып кеткен әйел пейіштегі хор қызына ұқсап кетті, сол себепті де ай нұрлы арудан жанары жасып қалған Фельтонға алдындағы адам емес, періште болып көрінді, әлгіде ғана сол періштенің әнін естігендей болды.
— Иә, ия.. Сіз қамал-сарайда тұратын кісілердің көңілін қобалжытып, жанын тебірентесіз... — деді ол.
Есалаң байғұс өз сөзінің пышырап, үйлеспей жатқанын да байқамады, ал, миледи болса, жіті көз — зирек көңілмен жігіт жүрегінің түкпірінде жатқан көкейкесті ойын білмекші болды.
— Мен ендігәрі өлең айтпаймын, — деді миледи мейлінше ұяң үнмен мөлиіп төмен қарап, бүкіл болмысымен момын да көнбіс болып көрінуге тырысып.
— Жо-жоқ-жоқ, сударыня, айта беріңіз, бірақ жәйімен айтыңыз, әсіресе түнде абай болыңыз, — деді ол.
Осы сөздерді айтқаннан кейін, тұтқын әйелге енді көп уақыт қатал қарай алмайтынын сезген Фельтон дереу сыртқа шығып кетті.
— Сіз жақсы жасадыңыз, лейтенант мырза! Оның өлеңі кісінің сүйегін сырқыратады. Бірақ ұзамай үйреніп кетеді екенсің — өзінің дауысы қандай керемет, — деді солдат.
XXIV
ҚАМАУДАҒЫ ҮШІНШІ КҮН
Фельтон тағы да келді, енді ілгері тағы бір қадам басқан жөн: жігітті осы арада ұстап қалу керек, немесе ең дұрысы, оны өзі тіленіп қалатындай халге жеткізу керек, бірақ миледи соны қалай жасайтынын әлі де анық біле бермейді.
Әйтеуір бір пәрменді әрекет жасамаса болмайды: жігітпен тіл қатысу үшін оны қайтседе сөйлетуі керек, миледи өз үні, өз даусының кімді де болса арбап алатынын жақсы білетін, ол даусын мың құбылтып, кәдімгі қарапайым сөзден бастап, ұжмақ періштесінің үніне дейін тамылжытып айта алар еді.
Бірақ қанша азғырып-аздырғысы келгенімен миледидің сәтсіздікке ұшырауы мүмкін, өйткені Фельтон зәредей де болса кездейсоқ жәйттер болмас үшін күні ілгері ескертіліп қойылған еді. Сол себепті де ол өзінің әрбір қимыл-қылығын, әрбір сөзін, қарапайым көзқарасы мен ым-ишаратына, тіпті күрсініс сияқты болып көрінетіні тыныс-лебіне дейін қатты қадағалай бастады. Қысқартып айтқанда, өзіне өзгеше бір жаңа рольді енді ғана тапсырған шебер актер сияқты, әйел де қажетті нәрсенің бәрін ақылға салып зерттей берді.
Лорд Винтердің көзінше өзін қалай ұстау әйелге онша қиын емес, оны кеше-ақ ойластырып қойған, қайнысы келгенде өзін байсалды ұстап, үн шығармауға, тек анда-санда оны әдейі көзге ілмей, менсінбеу, бір усойқы сөздермен шамына тиіп, өзіне қоқан-лоққы жасатпаққа, зорлық-зомбылыққа итермелеуге бел байлаған, сонда мұның мүләйім момындығы, ұяңдығы көзге ұрып тұрады. Соның бәріне Фельтон куә болады; бәлкім, ол бұған тіс жарып тіл қатпас ал, бірақ бәрін көзімен көреді ғой.
Фельтон ертеңгісін дағдылы уақытында келді, бірақ таңғы асқа әзірлік мәселесімен айналысып жүрген кезде миледи жұмған аузын ашпады. Бірақ ол кетер сәтте әйелмен өзі сөйлескісі келген сияқты болып көрінді де, миледидің кеудесінде үміт оты жылт етті, бірақ оның ерні жыбырлағаны болмаса, ешбір дыбыс шығармады; ол тасметін болып бекініп, аузынан шыққалы тұрған сөзді жүрегінде сақтап қалды да, бедірейіп шығып кетті.
Түс әлетінде лорд Винтер келді.
Қыстың бір әдемі күні еді, Англияның жарық берсе де, жылытпайтын жүдеу күнінің сәулесі темір тордан миледи абақтысының ішіне төгілді.
Әйел терезеге қарап тұрып, есіктің ашылғанын естімеген сыңай танытты.
— Бәлі! Біз әуелі комедияны, сосын трагедияны ойнап, ештеңе шықпағасын, енді торығуға көшкенбіз бе, — деді лорд Винтер мырс етіп күліп.
Тұтқын әйел жауап қатпады.
— Иә, иә, жәй-күйіңізді түсінемін-ақ, — деді лорд Винтер сөзін жалғап. — Осы жағалауда сіз бір еркін көсіліп жүруді аңсайсыз, берік бір кемеге отырып алып, мына теңіздің көк-шулан толқынын тілгілегіңіз келеді, су бетінде ме, құрлықта ма, әйтеуір мені бір мықтап арандатқыңыз келеді, ондай сойқандыққа келгенде алдыңызға жан салмайсыз ғой. Шыдаңыз! Азғана уақыт шыдаңыз. Енді төрт күннен кейін жағалауға да шығасыз, алдыңыздан теңіз жолы да ашылады, ашылғанда қандай, ойлағаныңыздан да асып түседі, өйткені енді төрт күннен кейін Англия сізден біржолата құтылады.
Миледи қолын кеудесіне басып, мөлдір көзін көкке көтеріп, періштедей пәк мүләйім үнмен жалбарына тіл қатты:
— О, жаратушы жан ием! Бұл адамның күнәсін мен қалай кешсем, сен де солай кеш!
— Иә, осылай жалынып-жалбарынып қал, жүзіқара! — деді барон айқайлап. — Сенің дұға оқымасыңа болмайды, өйткені өтірік айтсам ант атсын, сен өз күнәңді өлгенше кешірмейтін адамның қолында отырсың!
Ол шығып кетті.
Лорд сыртқа шығып бара жатқан кезде, біреу жартылай ашылған есіктен ішке қадала бір қарады, сол замат миледидің көзі Фельтонды шалып қалды, ол әйел көріп қалмасын дегендей дереу бір жағына жалт берді.
Сол-ақ екен, әйел тізерлеп отыра кетті де, дауыстап мінәжат айта бастады.
— Құдай-ай! Құдайым-ай! Қандай қасиетті іс үшін қасірет тартып жатқанымды өзің де білесің, ендеше сол қасіреттен мойымайтын қайрат-жігер бер маған, — деді әйел зарланып.
Есік жәйімен ашыла берді, дұға оқып жатқан сұлу есік сықырын естімеген кісідей, көз жасы көмейіне тығылып, мінәжатын жалғай берді.
— Жарылқаушы жан ием! Жазалаушы жан ием! Мына малғұнның қара ниетінің орындалуына қалай ғана жол бересің?..
Осыны айтып болғаннан кейін ғана ол Фельтонның тықырын естігендей, орнынан ұшып тұрды, тізерлеп дұға оқып отырған үстіне кіріп келген кісіден ұялғандайын, екі беті дуылдап қызарып кетті.
— Сударыня, мен дұға қайырып отырған кісіге бөгет жасауды жек көремін, сол себепті де сізге деген бір өтінішім менен қысылмай-ақ қойыңыз, — деді Фельтон салмақпен.
— Сіз мені дұға оқыды деп ойлайсыз ба? Мен дұға оқыған жоқпын, сіз қателесіп тұрсыз, — деді миледи тамағына жас тығылғасын сыбырлай сөйлеп.
— Сударыня, сіз мені шынымен-ақ қарапайым пенденің Жаратушы Жасаған алдында құлдық ұруына кедергі жасауға хақы бар деп ойлайсыз ба? — деді Фельтон сабырмен, бірақ бұрынғыдан жұмсара сөйлеп. — Құдай сақтасын! Мұның үстіне күнәлі кісінің райдан қайтқаны да бір ғанибет. Қылмысы қанша ауыр болса да, қылмысты кісінің тәңіріге табынып, құлдық ұрып жатқан кезін өз басым қасиетті сәт деп есептеймін.
— Кінәлімін, шынымен-ақ кінәлімін! — деді миледи күлімсіреп, мына түрімен ол Қиямет-қайымдағы періштенің өзін елжіретіп жіберер еді. — О, тоба, мұның солай емес екені өзіне ғана аян. Мені жазалансын десеңіз — дұрыс, бірақ алла тағаламның азапты көп көрген кісілерді ұнататынын, кейде жазықсыз кісіні жазалайтынын өзіңіз де білесіз ғой.
— Сіз қылмысты сұрқиясыз ба, әлде жазықсыз азап шеккен жансыз ба, бәрібір, қалай болған күнде де дұға оқып, жаратқанға жалбарынғаныңыз жөн, сіз үшін мен де дұға қайырайын.
— О, сіз әулие екенсіз! — деді миледи енді сізден сырымды жасыра алмаймын: сын сағаты соғып, күрес-тартыс күшейіп, өз дінімді ашықтан-ашық уағыздау кезегі келгенде күш-қайратым жетпей қала ма деп қорқамын. Беті қайтып, үміті кесілген сорлы әйелдің зарын да тыңдап көріңізші! Сізді жұрт адастырып қойған, бірақ гәп онда емес, менің өзіңізден сұрайтын бір ғана өтінішім бар, егер оны орындасаңыз, сізге екі дүниеде де разы болып, алғысымды жаудырып өтпекпін!
— Бастығыммен тілдесіп көріңіз, сударыня, бір жақсы жері, маған өзге біреуді кешіру немесе жазалау правосы берілмеген. Ол жауапкершілікті құдай менен жоғары тұрған кісіге жүктеген, — деді Фельтон.
— Жоқ, сізге, тек жалғыз сізге ғана жүктеген! Мен сорлыны аранын ашқан ажалға итергіңіз келмесе, ар-намысымды таптауға араша тұрғыңыз келмесе, зар сөзімді тыңдаңыз!
— Өзіңіз сол қорлыққа лайық іс жасаған екенсіз, ар-абыройыңызды төгуді басыңызға тілеп алған екенсіз, ендеше құдайдың жазғанын көріп, көнесіз-дағы.
— Сіз не айтып тұрсыз? О, сіз мені әлі түсінбепсіз! Ар-абыройды төгу дегенді айтқанда сіз, шамасы, менің қайдағы бір қатал жазаны, түрме немесе әлімді айтып тұр деп ойлап қалған сияқтысыз. Менің бір құдайдан сұрайтыным да сол! Өлім, түрме деген не тәйірі!
— Сіздің сөзіңізге түсінсем бұйырмасын, сударыня.
— Әлде, әдейі түсінбеген болып тұрған шығарсыз, — деді тұтқын әйел шүбәланып.
— Жоқ, сударыня, солдат намысымен, адал христианның ар-ожданымен ант етемін!
— Қалайша! Лорд Винтердің мен жөніндегі пиғыл-пікірін сіз әлі білмейді екенсіз-ау?
— Жоқ, білмеймін.
— Мүмкін емес, сіз — оның сенімді адамысыз!
— Мен ешқашанда өтірік айтпайтын кісімін, сударыня.
— Ах, ол өз пиғылын жасырып, әуре болып жүрген жоқ, оны білу қиын емес!
— Мен басы артық ештеңені білгім де келмейді, сударыня, ал жұрттың өзіме сенгенін аңсаймын, лорд Винтер болса, өзіңіздің алдыңызда айтқанынан басқа еш нәрсені маған сеніп айтқан емес.
— Япырмай, сонда сіз оның сыбайласы болмадыңыз ғой? — деді миледи шын көңілімен дауыстап. — Япырмай, сіз сонда оның маған жер бетіндегі жаза атаулы шеніне де келе алмайтын сұмдық бір қорлықты әзірлеп жатқанынан бейхабар екенсіз ғой.
— Сіз қателесесіз, сударыня. Лорд Винтер ондай зұлымдыққа баспайды, — деді Фельтон қызарақтап.
«Тамаша! — деп ойлады миледи. — Мәселенің не екенін білмей жатып, бұл оны зұлымдық деп атады».
Сосын естіртіп:
— Жаман кісінің досы жамандықтан тайынады дейсіз бе? — деді ол жәйімен.
— Сіз кімді жаман кісі деп тұрсыз? — деді Фельтон.
— Тап осылай деп атарлықтай Англияда содан басқа кісі бар ма.
— Сіз Джордж Вилльерсті айтып тұрсыз ба?.. — деді Фельтон сауалын қайталап, со замат көзі жалтылдап кетті.
— ...Оны мэжусилер мен дінсіздер герцог Бекингзм деп атайды, — деді миледи сөзін сабақтап. — Менің кімді айтып тұрғанымды соншалықты ұзақ айтып ұғындыратындай бір ағылшын Aнглиядан табылады ғой деп ойламап едім!
— Құдай оған қасын тікті білем, ол ешқайда да қашып құтылмас, тиісті жазасын алады.
Фельтон осы сөзімен күллі ағылшын атаулының герцогке деген жеркенішті сезімін білдірді, католиктер оны жуан білек зорлықшы, қанішер қарақшы, зинақор бұзық десе, пуритандар — дию-пері санайтын.
— О құдай! Құдайым-ай! — деді миледи күңіреніп. — Осы адамның өзіне лайық жазасын бер, жасаған, деп жалбарынғанымда, мен одан жеке басымның кегін қайтару үшін емес, тұтас бір халықты құтқару үшін жалынып, жалбарынамын!
— Сіз оны білуші ме едіңіз? — деді Фельтон.
«Ақырында ол маған сауал беріп сөйлесті-ау, әйтеуір!» — деп ойлады миледи, осындай нәтижеге жедел жеткеніне жүрегі жарыла қуанып кетті.
— Оны мен білмегенде кім біледі! Білемін! Өз сорыма, сүйегіме өле-өлгенше таңба болып кететін бақытсыз сорлылығыма қарап білемін!
Айықпас бір қасірет қамағандай миледи өз қолын өзі сатырлатып уқалай бастады. Фельтон еркінен айрылып, елжіреп бара жатқанын сезді ме қалай, есікке қарай беттей берді; одан көз жазбай бағып отырған тұтқын әйел орнынан тұрып, жүгіріп барып, жігітті тоқтата қойды.
— Фельтон мырза, рақым етіп, мейірім көрсетіп, менің зарымды бір тыңдап көріңізші, — деді дауыстап. — Жазмыш па, әйтеуір, барон сақтық жасап, тартып алған пышақты өзіме қайтып беріңізші, өйткені оны қандай қажетке асыратынымды барон біледі... О, менің сөзімді ақырына дейін тыңдаңызшы! Бір минутқа болса да, маған пышақты беріңізші, әлде мені мүсіркеп бересіз бе, әлде аяп бересіз бе, еркіңіз білсін! Қараңызшы, мен сіздің аяғыңызды құшып жатырмын! Сенсеңіз, өз басым сізге тіпті де жамандық ойламаймын. Құдайым-ай! Өмірде кездестірген бір әділ, мейірімді, өзіме жаны ашыған кісіге өшігіп, мені жын ұрып па! Бәлкім, мені құтқаратын да сіз боларсыз!.. Оны бір ғана минутқа, тек жалғыз ғана минутқа беріңізші, сосын есіктің терезесі арқылы қайтып берейін. Тек бір минутқа ғана берсеңіз болды, Фельтон мырза, сонда сіз менің ар-намысымды сақтап қаласыз!
— Сіз немене, өмірмен қоштасқыңыз келе ме? — деді Фельтон зәре-құты қалмай, ол өз қолын тұтқын әйелдің қолынан босатып та алмады..
— Мен сырымды білдіріп қойдым-ау! — деді миледи сыбырлап, сосын әл-дәрмені құрыған кісідей сылқ етіп отыра кетті. — Мен cырымды білдіріп қойдым! Енді ол бәрін де біледі... Құдай-ай, мен құрыдым!
Фельтон не істерін білмей, сілейіп тұрып қалды.
«Ол әлі шүбәланып тұр, мен шамасы табиғи қалпымды сақтай алмасам керек», — деп ойлады миледи.
Олар біреудің дәлізбен келе жатқанын естіді. Миледи жүрісіне қарап лорд Винтер екенін біле қойды, оны Фельтон да танып, есікке қарай ұмсына берді.
Миледи оған қарай тұра ұмтылды.
— Ештеңені де айтпаңыз... мен айтқан сөздің бірде-бірін ана кісіге айта көрмеңіз, әйтпесе, мен құрыдым, сонда оған сіз, мына сіз... — деді әйел тығыла сөйлеп.
Аяқ тықыры жақындай берді. Әйел даусымызды естіп қояр деп қауіптеніп үндемей қалды, сосын сұмдық үрейленіп, сүйріктей саусағымен Фельтонның ернін баса қойды. Фельтон жәйімен миледиді кейін итерді; ол шегініп барып, креслоға құлай кетті.
Лорд Винтер есік алдына аялдамай өте шықты, оның аяғының тықыры алыстай барып басылды.
Фельтон өлік сияқты қуарып, азғана уақыт сыртқа құлағын түріп тұрды да, аяқ тықыры басылғасын, ұйқыдан оянған кісідейін күрсіне бір дем алып, бөлмеден атып шықты.
— А! Ақырында мендік болдың ба! — деді миледи сыртқа құлағын түріп, Фельтонның лорд Винтер кеткен жақтан басқа, қарама-қарсы жаққа кеткеніне көзі жеткесін.
Сосын әйел жүзі қайтадан тұнжырап кетті.
«Егер ол баронға сыр шашып қойса құрыдым, — деп ойлады миледи, — барон менің өзімді өлтірмейтінімді біледі, біледі де, оның көзінше пышақты қолыма ұстата салады, сонда менің әлгі қорыққанымның, қиналысымның бәрі көлгірлік екеніне Фельтонның көзі жетеді».
Ол айнаға барып қарады: ол өмірінде тап қазіргідей сұлу болып көрген еместі.
— О жоқ! Ол, әрине, баронға жұмған аузын ашпайды, — деді әйел жымиып.
Кешқұрым, ас әкелген кезде, лорд Винтер келді.
— Мейірімді мырза, мені қамауға алғанда сізді ұдайы менің қасымнан қалмауға -міндеттеп пе еді, — деді миледи оған. — Сіз келгенде мен қатты қысылып, қиналып қаламын, содан мені құтқара алмас па екенсіз?
— Мұныңыз қалай, апатай-ау! — деді лорд Винтер. — Taп бүгіп аса қатал сөз естіген мына әсем, оймақ аузыңызбен сіз кезінде Англияға тек мені көріп, көңіліңізді бір демдеп, қуану үшін келгеніңізді айтып едіңіз, сөзіңізге қарағанда, сол қуаныштан айрылғасын оны қатты аңсаған көрінесіз, сол себепті де ештеңеден; теңіз дертінен де, дауыл-жауыннан да, тұтқынға түсу қаупінен тайынбай эколға шығыпсыз. Міне, енді мен сіздің алдыңызға келіп тұрмын, көңіліңіз хош алатын шығар. Мұның үстіне осы келгенде мен белгілі бір мақсатпен келдім.
Миледи селк ете түсті: ол Фельтон өзін сатқан екен деп ойлады; ғұмырында бір-біріне қарама-қайшы, небір, сұмдық жан тебіреністерін басынан өткерген осы бір әйелдің жүрегі тап қазіргідей қобалжып көрген емес.
Әйел міз бақпай отыр. Лорд Винтер креслоны жақындатып, миледидің қасына жайғасты, сосын қалтасынан бір қағазды алып, оны жәйімен аша бастады.
— Бері қараңызшы! — деді ол. — Осы документті сізге әдейі көрсетейін деп келдім, оны жазған өзіммін, бұдан былай осы қағаз сіздің мекенжайыңыздың куәлігі болмақ, өйткені мен сіздің өміріңізді сақтамақ болдым. — Ол көзін миледиден тайдырып, қағазға үңіліп, оны естірте оқып шықты: — «Жер аудару жөніндегі жарлық...» — қай жер екенін нақты жазу үшін бос орын қалдырылған, — деді Винтер сөзін бұзып. — Егер сіздің жақсы көретін бір жеріңіз болса, маған айтыңыз, ол тек Лондоннан мың мильдей қашықта жатса болғаны, айтқан тілегіңізді қолма-қол орындаймын. Хош, енді қайта оқиын: «Француз соты қарғыс таңбасын басып, жазасын өтегеннен кейін босатылған Шарлотта Баксон дегенді пәлен жаққа жеткізу жөніндегі жарлық; ол сол арадан үш мильден артық жер аулақ кетпей, сол жерде мәңгі-бақи тұрады. Егер қашуға әрекет жасаса, өлім жазасына кесіледі. Пәтерақы мен ауқаты үшін оған әр күнге бес шиллингтен ақша тағайындалады».
— Бұл жарлықтың маған қатысы жоқ, оған менің есімім қойылмаған, — деді миледи суық.
— Есім! Сіздің есіміңіз бар ма еді?
— Мен сіздің бауырыңыздың фамилиясын иемденіп жүрмін.
— Сіз қателесесіз: менің бауырым сіздің екінші күйеуіңіз болатын, ал, сіздің бірінші күйеуіңіз әлі тірі. Маған соның атын айтыңызшы. Шарлотта Баксон дегеннің орнына соны жаза салайын...
Оны қаламайсыз ба? Қаламайсыз ғой?.. Неге үндемейсіз? Мақұл. Сіз тұтқындар тізіміне Шарлота Баксон деген атпен тіркелесіз.
Миледи үн қатпай, мелшиіп отыра берді, бірақ бұл жолы әдейі көлгірсіп емес, қатты қорыққаннан үндемей отырған: ол бұл жарлық дереу жүзеге асырылады екен деп ойлады. Лорд Винтер мені жөнелтуді тездеткен екен деп қалды: бүгін кешкілік кетіп қалмасам деп қорықты. Бір сәт оған дүниенің бәрі біткендей болып көрінді, бірақ кенет ол документке қол қойылмағанын байқап қалды.
Осы жаңалыққа қатты қуанып кеткені сондай, әйел сол қуанышын жасыра алмады.
— Иә, иә... — деді лорд Винтер әйелдің не ойлап отырғанын сезіп қалып, — иә, сіз қойылған қолы қайда? — деп отырсыз және өзіңізге «Мына бұйрыққа әлі қол қойылмаған екен, ендеше «үмітсіз — шайтан»; мұны мені қорқыту үшін көрсетті», — деп отырсыз ғой. Сіз қателесесіз: ертең бұл бұйрық лорд Бекингэмге жіберіледі, арғы күні соның өз қолы қойылып, мөрі басылып, осында қайтып келеді, сосын арада тағы бір жиырма төрт сағат өткесін, оның сөзсіз орындалатынына кепілдік бере аламын. Қош, сударыня. Менің, сізге айтайын деген хабарым осы еді.
— Ендеше менің де сізге айтар жауабым әзір, мейірімді мырза, мұны — қолдағы билікті қара бастың қамына жарату дейді, мұны — ойдан шығарылған атпен айдап жіберу — оңбағандық дейді!
— Сіз, немене, өзіңіздің нағыз атыңызбен дарға асылғанды жақсы көресіз бе, миледи? Ағылшын заңының неке бұзатын қылмысты рақымсыз жазалайтыны өзіңізге мәлім емес пе. Кәне, ашықтан-ашық кінәласып көрелікші: менің есімім, дәлірек айтсақ, Ағамның есімі осынау масқара жәйтпен шатысып-бытысып жатса, өз басымды әбден арашалап алу үшін, сізден біржолата құтылу үшін қалың жұрт алдында дауласудан тайсалмаймын.
Миледидің аруақтай бозарып кеткені болмаса, жауап қатпады.
— Ә, бәсе, мен сіздің алысқа саяхат шегуді тәуір көретініңізді білгенмін! Бәрекелде, сударыня. Саяхат-сапар жастың көңіл-көзін ашады, дейді ескі мәтел. Имандай шыным,түптеп келгенде сіздікі дұрыс! Шіркін, әмірден қымбат не бар! Менің жанығып жүргенім де — сіз менің жас әмірімді қиып жіберер деген қауіп. Демек, енді біз бес шиллинг жәйлі келісуіміз керек. Мен, шамасы, сараң жігіт болып көрініп отырмын ғой деймін? Бұл — менің күзеттегі кісілерді сіз сатып алмасын дегенім. Бірақ оларды қызықтырып, азғырып басын айналдыру үшін күллі әзәзіл сиқыршыңыз өзіңізбен бірге қалады. Егер Фельтоннан опық жеп, ондай қылықтан безінбейтін болсаңыз, айла-шарғыңызды кейін қолдана бересіз-дағы.
«Фельтон мені сатпаған екен. Ендеше бәрі қаз қалпында», — деп ойлады миледи.
— Хош, енді көріскенше cay болыңыз, сударыня. Ертең сізге шабарманымның жүріп кеткенін айту үшін тағы да бір соғармын.
Лорд Винтер орнынан тұрып, миледиге мысқылдай тәжім етіп, шығып кетті.
Миледи иығынан жүк түскендей, «уһ» деп бір күрсінді: алдында әлі төрт күні бар екен; Фельтонды азғырып, біржолата өзіне қаратып алу үшін төрт күн кәміл жетеді.
Бірақ бұйрыққа қол қойдыру үшін лорд Винтер Бекингэмго Фельтонды жіберуі ықтимал-ау деген бір сұмдық ой қылтиып тағы шыға келді; ондай жағдайда Фельтон мұның қолынан сырғып кеткені; ал, дегеніне жету үшін тұтқын әйел арасын үзбей жігітті еліктіріп-елітіп, арбай түсуі керек-ті.
Дегенмен, жоғарыда айтқанымыздай, бір жәйт миледиді сабасына түсіре берді: Фельтон оған опасыздық жасамапты.
Тұтқын әйел лорд Винтердің қоқан-лоққысынан қорыққанын сездірмес үшін столға отырып, асықпай ауқаттанып алды.
Сосын кешегі әдетіне басып, тізерлеп отырды да, дауыстап дұға қайырды. Кешегі сияқты, солдат жүруін қойып, құлағын түріп, тыңдай бастады.
Ұзамай ол күзетші аяғының тықырынан гөрі жеңілдеу біреудің келе жатқанын есітті; ол дәліз түкпірінен бері қарай жақындап келіп, есік алдына тоқтады.
«Бұл соның өзі ғой», — деп ойлады миледи.
Сол-ақ екен, әйел кеше Фельтонды жадыратып-жайнатып жіберген гимн-әнді қайта айта бастады.
Бірақ келіншектің әуезді, мөлдір дауысы ешқашанда кісінің құйқа-тамырын шымырлатып, тап осылай тамылжи шыққанымен, есік ашылмады. Миледи ұрланып есіктегі шағын терезеге көз қиығын салып еді, темір тор қанша жиі болса да, содан жас жігіттің отты көзін көргендей болды; бұл шынында да солай болды ма, әлде, әйелге солай көрінді ме, — миледи оны анықтап біле алмады: осы жолы жігіт өзін өзі тежеп, бөлмеге кірер емес.
Дегенмен, миледи бәйітті айтып болғасын, сәлден кейін әлдекімнің ауыр күрсінгенін естігендей болды; сосын әлгіде ғана мұның есігінің алдына келіп тұрған кісі, осы арадан кеткісі келмегендей, жәй басып әрі қарай ұзай берді.
XXV
ҚАМАУДАҒЫ ТӨРТІНШІ КҮН
Келесі күні Фельтон миледидің бөлмесіне кіргенде оның кресло үстінде қолына бір жіпті ұстап тұрғанын көрді, сөйтсе ол бәтес орамалдарды жыртып, оны ширата есіп, бір-біріне жалғап жіп жасапты. Фельтон ашқан есік сықырын естісімен, миледи креслодан қарғып түсіп, қолына ұстап тұрған жіпті артына тыға салмақшы болды.
Жас жігіт әдеттегісінен де аппақ болып, қуарып кеткен тәрізді, ұйқы қашқан көзі қызарып кеткеніне қарағанда, мазасыз түн кешкен сияқты.
Бірақ түксиген түріне қарап, оның іштей бекініп, қатайып алғанын байқауға болатын еді.
Ол креслоға отырып алған миледиге жәйімен жақындап келіп, ажал себеп шымыр жіптің әйел аңдамай ашық қалдырған ұшын соны әдейі қалдырды ма, кім білген, қолына алып:
— Мынауыңыз не, сударыня? — деп сұрады салқын үнмен.
— Мынау ма? Ештеңе емес, — деді ол мұңая жымиып, әйел күлкісін қасірет етіп көрсетуге шебер-тін. — Зерігу — тұтқынға түскен кісінің ата жауы. Мен зерігіп кеткесін осы жіпті есіп, көңілімді көтеріп отырғанмын.
Миледидің креслосы қасында тұрған қабырғаға көз тастағанда Фельтон одан шығып тұрған, алтын жалатылған ілмекті көрді, ол киім-кешек, қару-жарақ ілуге арналған еді.
Ол дір етіп, шошып кетті, бұл тұтқын әйелдің назарынан тыс қалмады, өзі төмен қарап отырса да, ол бәрін көрді.
— Креслоға шыққанда не істедіңіз? — деді Фельтон.
— Оны қайтесіз?
— Білгім келеді, — деді Фельтон шұқшиып.
— Көп сұрап әуре болмаңыз. Біз сияқты нағыз христиандарға жалған сөйлеуге тыйым салынғанын өзіңіз де білесіз.
— Ендеше сіздің не істегеніңізді, не істемек болғаныңызды мен-ақ айтып берейін: сіз көкейіңізде ұялап қалған бір харам ойды жүзеге асырмақ болдыңыз. Есіңізге түсіріңізші, сударыня, егер құдай тағала өтірікке тыйым салса, ол өзін-өзі өлтіруге одан да бетер тыйым салады!
— Көп пендесінің біреуі әділетсіз қуғын-сүргінге ұшырап жатқанын және оның өзін өзі өлтірумен, ар-абыройын айрандай төгудің екеуінің біреуін қалап алуға мәжбүр болып отырғанын көзімен көрсе, алла тағалам пендесінің өзін өзі өлтіргенін күмәнсіз кешеді. Мұндай жағдайда — кісінің өзін өзі өлтіруі — азапты ажалмен бірдей, — деді миледи терең сеніммен қарсы дау айтып.
— Сіз қазір не асырып, не жасырып айтып тұрсыз. Енді ойыңызды толық айтып беріңізші, сударыня, құдай үшін мәселенің мән-жайын жақсылап түсіндіріңізші.
— Мен бастан кешкен бақытсыз күндерімді айтсам — ол сізге ойдан шығарылған өтірік болып көрінер, көңілімдегі көкейтесті ойымды ортаға салсам — сіз оны менің қуғыншыма жеткізерсіз — жоқ, мейірімді мырзам, айта алмаймын! Оның үстіне айыпталып, әшкере болған бақытсыз сорлы әйелдің өмірі сізге қажет бола қояр ма екен? Сіз менің тек тәніме ғана жауап бересіз, солай емес пе? Сіз бір өлікті көрсетсеңіз болды, сол өліктен мені таныса, өзіңізден басқа ештеңені сұрамайды ғой. Бәлкім, сіз сол үшін сыйлықты екі есе артық аларсыз.
— Мына мен бе, мен? — деді Фельтон ышқынып. — Сіз сонда шынымен-ақ мына сіздің өміріңізді қиып, мені бір сыйлық алуға барады деп ойлайсыз ба? Сіз өзіңіздің не сөйлеп, не қойғаныңызды білмейді екенсіз!
— Маған бөгет болмаңыз, Фельтон, бөгет болмаңыз, — деді миледи шабыттанып. — Әрбір солдат намысқор, мансапқор болмақ керек, солай ғой? Сіз — лейтенантсыз, ал, менің табытымның соңынан жүргенде капитан шенімен жүресіз.
— Құдай алдында, адам алдында сонша айып артып, қаралайтындай сізге не істеп едім? — деді Фельтон оның сөзінен аза бойы қаза тұрып. — Енді бірнеше күннен кейін сіз осы қамал-сарайдан кетесіз, сударыня, сосын сіздің өміріңізге мен жауап бермейтін боламын, содан кейін... — деді ол бір күрсініп, — ойыңызға не келсе, соны істей беріңіз.
— Пәлі, — деді миледи ашылып, кеудесін кернеген ізгі сезімді тежей алмағандай-ақ, — жұрттың әулие деп жүрген, құдай деген бір зарлық деп жүрген кісісі, мына сіз бір-ақ нәрсені тілейді екенсіз ғой, — ол — әйтеуір, сізді менің ажалыма себепкер деп айыптамаса болғаны, мазаңызды алмаса болғаны.
— Мен сіздің өміріңізді сақтауға тиіспін, сударыня және оны сақтау қолымнан келеді де.
— Бірақ сіз өзіңіздің не міндет атқарып жүргеніңізді білесіз бе? Егер мен тіпті айыпты болған күннің өзінде сіздің жасап жүргендеріңіз барып тұрған қатыгездік, ал, егер мен тіпті кінәсіз болсам, сіз өзіңіздің осы қылығыңызды не деп атар едіңіз, оны құдай не деп атар еді?
— Мен солдатпын, сударыня, берілген бұйрықты ғана орындаймын.
— Қияметқайым кезінде Жаратушы жан ием міндетіне көзсіз мойынсұнған жендеттерді қиянатшыл соттардан ажыратып алады деп ойлайсыз ба? Сіз менің өз тәнімді өлтіруіме қарсы шығасыз, ал, сонымен бірге менің жанымды, арымды жойғысы келетіндердің ырқына көнесіз!
— Қайталап айтамын, сізге төніп тұрған ешбір қауіп жоқ және мен өзіме қалай жауап берсем, лорд Винтер үшін де солай жауап беремін.
Есуас! — деді миледи шатынап. — Алланың нұры жауған кемеңгер кісілер жұрт түгіл өзіне өзі кепілдік беруден жүрексініп, қаймығып жатқанда, біреу үшін кепілдік беруге дәті барған кісіден өткен есуас жоқ! Әлсіз де дәрменсіз, сорлы әйелге жәбір-жапа көрсету үшін құдіретті де бақытты кісіге жақтасқаннан өткен есуас жоқ!
— Мүмкін емес ол, сударыня, мүмкін емес! — деді Фельтон бәсеңсіп, бұл дәлелдің мейлінше әділ екенін іштей мойындап. — Сіз әзірге тұтқын екенсіз — ендеше мен арқылы бостандыққа шыға алмайсыз; әзірге тірі жүрсіз бе, ендеше мен арқылы өмірмен қоштаса алмайсыз.
— Иә, солай-ақ болсын, бірақ мен өмірден де қымбат нәрседен — арымнан айрыламын! Сонда мына сізді, Фельтон, өзімнің ар-ұяттан жұрдай болып, қорланғаным үшін құдай мен адам алдында жауапты құныкерім деп білемін!
Қанша салқын, қанша бейтарап болғанымен немесе мейлінше бейтарап болып көрінгісі келгенімен, Фельтон осы жолы бір құпия тылсым ықпалға қарсы тұра алмады, ол бұған іштей бағына да (құптағандай: осынау таңғажайып әйелді, бикүнә періште тәрізді тап-таза әйелді — бірде көз жасын төгіп, егіліп отырған күйде, енді бірде айбар шашып, айбаттанып отырған күйде көру, көріп қана қоймай, бір мезет, бір сәтте оның хас сұлулығына сыйынып, қайғы-қасіретіне тәнті болып бас ию — міне осының бәрі қияли жігіт көтере алмайтын ауыр сын, жан-тәнімен дінге ғана берілген ақыл - ой жете бермейтін тылсым, құдайға құштар болып құлдық ұрып жақсы көрсе, адам атаулыны өлердей жек көретін жүрек шыдай алмайтын бір алапат сезім еді.
Миледи жас фанатиктің осылай күмілжіп тұрғанын бірден байқап, оның қан тамырларында алаулап жатқан қарама-қайшы құштарлық жалынын түйсініп сезе қойды; жау қолының шегінгелі жатқанын көргенде білікті қолбасшы оған атойлап лап қоятын болса, әйел де ежелгі жрица сияқты құлпырып, христианның аяулы бикүнә аруы сияқты шабыттанып, дүр сілкініп шыға келді; аққу мойны жалаңаштанып, шашы дудырап, көзі от шашып, жас пуританин көңілін астан-кестен етті; бір қолымен көйлегінің ашық омырауын ұяла ұстап, екінші қолын ілгері созып жіберіп, жігітке қарай бір аттап, өзінің әсем дауысын сыңғырлатып әндетіп жіберді, кейбір қалаған сәтінде ол дауысын құйқылжыта құбылтып, айбарлы әуенге де көшетін.
Мұңлығыңды таста Ваалдың аузына
Арыстанның аранына жемге бер,
Бір құдайға тапсырдым мен қан жылап,
Ақыр түбі жазаңды да сол берер!..
Өзіне бағышталған осы бір өзгеше әннен кейін Фельтон ойламаған жерден оқыс тұрып қалды.
— Сіз кімсіз, сіз кімсіз? — деді ол жалынышты үнмен алақанын алақанына қойып. — Сіз көктен түскен елшісіз бе, тамұқтың қызметшісіз бе, періштесіз бе, әлде жын-перісіз бе, есіміңіз Элса ма, әлде Астарта ма?
— Сен мені әлі таныған жоқсың ба, Фельтон? Мен періште де, жын-пері де емеспін, жер-ананың қызымын және мына сенің діндес туысыңмын, бар болғаны осы.
— Иә, иә. Бұрын күмәнданған болсам, енді сендім...
— Сенуін сенесің-ау, бірақ өзің әлгі лорд Винтер деп аталатын, Велиал сыбайласысың! Сенуін сенесің-ау, бірақ мені қанқұйлы жауларымның, Англияның жауының, құдайдың жауының шеңгеліне салып қойып отырсың. Сенуін сенесің-ау, бірақ әлемді өзінің дінсіздігімен, зинақор-бұзақылығымен былғап бүлдіріп жатқан кісіге, жиіркенішті Сарданапалға опасыздықпен тапсырғалы отырсың, көз-көңілі соқыр жұрт оны герцог Бекингэм, ал, діншіл ғазиздар оны дінсіз деп атайды!
— Мен сізді Бекингэмге тапсырады дейсіз бе? Мен бе? Сіз не айтып тұрсыз?
— Көзі барлар — көрмейді! Құлағы барлар — естімейді! — деді миледи дауыстап.
— Иә, иә! — деді Фельтон көңіліндегі соңғы күдікті түп-тамырымен жұлып тастағысы келгендей, тершіген маңдайын сипалап. — Иә, түсімде аян берген дауысты таныған сияқтымын. Иә, мен түн құрғатпай түсіме еніп, ұйықтауды білмейтін дертті жаныма: «Бәленің басын кес, Англияны құтқар, өзіңді құтқар, әйтпесе сен Жаратқанның қаһарына ұшырап мерт боласың!» — деп саңқылдайтын періштенің кескін-кейпін танып тұрғандаймын. Сөйлеңіз, сөйлеңіз, мен сізді енді ұқтым! — деді Фельтон дауыстап.
Миледидің көзінен кісінің төбе шашы тік тұратын бір сұмдық қуаныш жай оғындай жалт етті.
Қуаныштың осы бір үрейлі сәулесі бір сәт жалт етсе де, әйел жүрегінің тұңғиық бір қараңғы түкпіріне жарық түсіргендей-ақ Фельтон оны мүлт кетірмей байқап, жаны түршігіп кетті.
Фельтон кенет лорд Винтердің миледидің сиқырынан сақтандырғанын, әйелдің өзін алғаш рет арбағысы келгенін есіне алды; ол еңсесі түсіп, бір адым кейін шегінді, бірақ әйелден көзін алмады: осынау ғажайып жан өзін дуалап тастағандай, миледиден көзін айыруға әл-дәрмені жетпеді.
Миледи әр нәрсені байқағыш зерек әйел-ді, сол себепті де оның - неліктен күмілжіп тұрғанын бірден біле қойды. Сырт көзге әйел қанша тебіреніп, толқып тұрғандай болып көрінсе де, салқын қанды қатыгез қасиетінен бір сәт те айрылған емес.
Фельтон қайта сөйлеп, мұның бұрынғы сыр-жырын сол лепірген қалпында айтқыза бермесін дегендей-ақ (әрине, ол бұған өте ауыр тиер еді), миледи әйел байғұстың әлсіздігі шабыт алауын басып тастағандай-ақ, қолын сылқ еткізіп түсіріп жіберді.
— Жоқ, — деді ол, — Ветулийді Олоферннің қолынан азат ететін Юдифь бола алмаймын мен. Тәңірінің киелі семсерін менің қолым көтере алмайды. Ар-намысымды қорлатқанша ажал бер маған, азапты елімнен араша табуыма рұқсат ет! Қылмысты әйел сияқты мен сізден бостандық тілемеймін, мәжуси әйелге ұқсап, өш алуыма көмектес деп те сұрамаймын. Менің тілегім — тыныш өлуіме бөгет жасама, бар болғаны сол ғана. Менің сізге жалынып, аяғыңызды құшып жалбарынатыным: ажалыма араша тұрма, сонда мен ақырғы күрсініс-тынысымен өзіңді шын құтқарушым деп алғыс батамды беремін!
Осынау жасық, жалынышты дауысты естіп, әйелдің өзіне мөлиіп, имене қарап тұрғанын көргенде Фельтон оған тағы да жақындап барды.
Сиқырлы сылқым келіншек бірте-бірте жігіт басын қайта айналдырып, дуалы бір киім кигендей, оның алдына құбылып шыға келді және өз қалауынша осы бір сиқырын бірде әдейі көрсетсе, енді бірде жым-жылас жасыра қояды, ғажайып сұлулық, монтансыған момындық, боталаған көз жасы, әсіресе, құмарлық-құштарлық атаулының ең обыры — ләззат құмарлықтың тылсым бір иірімді күші жиналып келіп, осы әйелдің сиқырлы бейне, көркін жасар еді.
— Қайтейін! Егер сіз шын құрбан екеніңізге көзімді жеткізген күннің өзінде мен сізді аяғаннан басқа ештеңе де жасай алмаймын. Бірақ лорд Винтердің сізге тағатын айыбы ауыр. Сіз христиан әйелсіз және менімен діндес туыссыз. Өзімді жарылқаған кісіден өзге ешкімді жақсы көрмеген, өмірде опасыздар мен діннен безгендерден басқа ешкімді де кездестірмеген жазған басым, сізге ынтық болып қалған сияқтымын! Бірақ сіз бар ғой, сударыня, түріңізге қарағанда, күнәдан пәк жансыз және таңғажайып сұлусыз! Лорд Винтердің ізіңізге сонша түсіп жүруі тегін емес сияқты, бәлкім, сіз бір ауыр қылмыс жасаған боларсыз...
— Көзі барлар — көрмейді, құлағы барлар — естімейді, — деді миледи бір сұмдық қасіретті үнмен зарланып.
— Олай болса, сөйлеңіз, сөйлеңізші! — деді жас офицер дауыстап.
— Өз масқарамды сізге қайтіп айтайын! — деді миледи ұяла қызарып. — Тірлікте бір адам қылмыс жасаса, екінші адам қорлық көреді... Әйел басыммен сіз сияқты еркекке масқара болғанымды айта алмаймын! О... — деді ол әсем көзін қолымен ұяла көлегейлеп, — о, жоқ, мен оны ешқашанда, ешқашанда дәтім шыдап айта алмаймын!
— Маған да, бауырыңызға да айта алмайсыз ба?
Миледи оған ұзақ уақыт ойлана қарады, жас офицер оны жүрегі дауаламай, күмілжіп тұр екен деп ұқты; ал, шынында да бұл миледидің оны әбден бақылап-барлап алып, баурына тартқысы келгені еді.
Фельтон жалынышты кейіппен қолын кеудесіне басты.
— Мақұл ендеше, бауырыма сендім, тәуекел! — деді миледи.
Сол мезетте лорд Винтердің аяғының тықыры естілді, бірақ қаһарлы қайнысы осы жолы кешегідей есікті жанай өтіп кетпеді, әдейі тоқтап, күзетшімен тіл қатысты; сосын есік ашылды да, оның өзі де көрінді.
Есік сыртындағы қысқа әңгіме кезінде Фельтон бір шетке ығыса қойған, лорд Винтер кірген кезде ол тұтқын әйелден бірнеше қадам жерде тұрған-ды.
Барон жәйімен кіріп, тұтқын мен жас жігітке сынай бір қарап өтті.
— Сіз, Джон, осы арада көп тұрып қалдыңыз білем, — деді ол. — Мына әйел сізге өзінің қылмыстарын айтып жатқан жоқ па? Олай болса әңгіме-сөздеріңіздің ұзаққа созылғанына таң қалмаймын.
Фельтон ыршып кетті, егер абыржып сасып қалған пуритан жігітке қол ұшын бермесе, су түбіне кететінін миледи сезе қойды.
— Ә, бәлем, тұтқын әйел қолыңыздан шығып кетеді деп қорқамын дедіңіз бе! Менің одан нендей нәрсеге кеңшілік етіңіз деп жаңа ғана жалынғанымды мына безбүйрек түрмешіңізден сұраңыз, — деді ол.
— Сіз не, кеңшілік ет деп сұрадыңыз ба? — деді барон күдіктеніп.
— Иә, милорд, — деді жас жігіт қысылып.
Сонда нендей кеңшілік сұрады? — деді лорд Винтер.
Миледи менен пышақ сұрады және бір минуттен кейін оны есіктің терезесінен қайтарып беремін деп уәде етті, — деп жауап қайырды Фельтон.
— Бұл сүйікті бикеш соя салатын кісі осы арада жасырынып жатыр ма еді? — деді лорд Винтер тыжырына кекетіп.
— Бұл ара менің мекенім, — деді миледи.
— Мен өзі таңдап алсын деп сіздің хұзырыңызға Америка мен Тайбернді ұсынғанмын. — Тайбернді қалаңыз, миледи: есіңізде болсын, арқан пышақтан гөрі сенімдірек, — деді лорд Винтер селқос.
Әлгіде, бөлмеге кірген кезде миледидің жіп ұстап тұрғаны есіне түсіп кетті де, Фельтон қаны қашып сұрланып, ілгері қарай бір аттап барып тоқтады.
— Сіз дұрыс айтасыз, мен оны ойластырып қойғанмын, — деді әйел. Сосын өкпесі қысылғандай сыбырлап: — тағы да ойластырайын, — деді жәйімен.
Фельтон өн бойы шымырлап, дірілдеп кеткенін сезді; шамасы, жігіттің осы қимылы лорд Винтердің назарынан тыс қалмаса керек.
— Бұл бәлекетке сенбе, Джон, — деді ол. — Джон, досым, мен саған кәміл сенетін кісімін! Байқас бол, сақтан, айтпады деме! Қысқасы, берік бол, қарғам: енді үш күннен кейін біз бұл бикештен құтыламыз, ал, менің жер аударған жағымда ол ешкімге де зиянын тигізе алмайды.
— Сен есіттің бе! — деді миледи шаңқ етіп, әйелдің сонда барон мұны құдайдың төрелігін тілеп жатыр екен деп ойласын, ал, Фельтон өзіне айтып жатыр екен деп түсінсін, деген айласы еді.
Фельтон төмен қарап ойланып қалды.
Барон офицерді қолтығынан ұстап, есікке қарай беттей берді, бөлмеден шығып кеткенше мойнын бұрып, миледиден көзін жазбай қойды.
«Мен өз шаруамды әлі жарытпаған екенмін, бұрынғы ойлағаным бекер екен, — деп түйді ойын тұтқын, есік жабылғаннан кейін. — Винтер үйреншікті есерлігін қойып, керемет сақ болып алыпты. Кеудесінде кек қайнады деген осы да! Кек кісінің мінез-құлқын шыңдайды! Ал, Фельтон ше?.. Фельтон күмілжіп жүр! Ах, дүние, ол әлгі қарғыс атқан д'Артаньяндай болса! Пуританин бүлінбеген қыздарға құмар келеді,- сонда өзі мөлиіп дұға оқып тұратынын қайтерсің! Ал, мушкетер болса, әйелдерді жақсы көреді, бірақ соларды құшырлана құшақтап жатқанда тіпті жақсы көреді».
Дегенмен, миледи Фельтонның қайтып келуін шыдамсыздана күтті, ол бүгін жігітпен тағы көрісетініне кәміл сенді. Ақырында, жоғарыда жазылған жәйттен кейін арада бір сағат өткен шамада әйел есік алдында әлдекімдердің жәйімен әңгімелесіп тұрғаным есітті.Ұзамай есік ашылды да, мұның көзіне Фельтон шалынды.
Есікті жартылай ашық қалдырып, жас жігіт бөлмеге кіріп келді, сосын миледиге үндемеңіз деп белгі берді, түрінен қатты қауіптеніп тұрғаны көрінеді.
Сізге не керек осы? — деді миледи.
— Тыңдаңызшы, — деді Фельтон бәсең, — менің осында келгенімді ешкім білмесін және біздің әңгімемізді тірі жан тыңдамасын деп күзетшіні жұмсап жібердім. Барон әлгіде маған бір сұмдық оқиғаны айтып берді...
Миледи қай құрбандыққа шалса да көнбіспін дегендей мұңая бір күлімсіреп, басын шайқады да қойды.
— Не сіз әзәзіл шайтансыз, — деді Фельтон сөзін жалғап, — не менің жарылқаушым, әкемдей болған барон барып тұрған жалмауыз! Мен сізді тек екі күннен бері ғана білемін. ал, оны екі жылдан бері жақсы көремін. Міне, сол себепті де екеуіңіздің біреуіңізді қалап алуға келгенде солқылдақтық жасасам — оны кешіруге болады. Менің сөзімнен шошымай-ақ қойыңыз, бірақ мен сіз айтқан жәйттің рас-өтірігіне көзімді жеткізуім керек. Бүгін түн ортасы ауа сізге келемін, сосын сіз мені айтқаныңызға сендірерсіз.
— Жоқ, Фельтон, жоқ бауырым! — деді миледи — сіз жаныңызды шүберекке түйіп келіп отырсыз, оны жақсы түсінемін! Жоқ, мен бәрібір құрыған жанмын, ал, сіз менімен бірге өзіңізді құрбан етпеңіз! Менің өлімім өмірімнен гөрі әсерлірек те дәлелдірек болады, үнсіз өлік тілі сізді тұтқын әйелдің сөзінен артық сендіреді әлі...
— Үніңізді өшіріңіз, сударыня! — деді Фельтон шарт етіп. — Ондай сөзді естіртпеңіз маған! Мен мұнда келгенде сізден өз өміріңізге қауіп төндірмеймін деген уәде-сертіңізді, адал сөзіңізді алуға келдім, ең қасиетті-қасірет әулие-әнбиелерді атап, ант-су ішуіңізді қалап келдім.
— Мен ондай уәдені бере алмаймын. Антты тап мен сияқты қадірлейтін кісі бұ дүниеде жоқ, ал, мен серт берсем, оны орындауға тиіспін, — деді миледи.
— Ойпырмай, тым болмаса, біз қайта керіскенше өзіме өзім қастандық жасамаймын, тоса тұрамын деген сөзіңізді беріңізші! Ал, егер сіз менімен жүздескеннен кейін де сол бұрынғы ойыңыздан, райыңыздан қасарысып қайтпасаңыз, онда амал қанша... не жасаймын десеңіз де еріктісіз, сұраған қаруыңызды со замат қолыңызға ұстатамын.
— Қайтейін, сіз үшін күте тұрамын-дағы.
— Ант етіңізші!
— Құдайымыздың атымен ант етемін! Көңіліңіз көншіді ме?
— Жарайды, алдағы түнге дейін сау болыңыз.
Сосын ол бөлмеден атып шығып, есікті жапты да, күзеттегі сақшыны алмастырған кісідейін, қолына солдаттың көк найзасын ұстап, ол келгенше дәлізде күте тұрды.
Солдат қайтып келгесін, Фельтон оның қаруын қайтарып берді.
Есіктің шағын терезесіне келіп, миледи Фельтонның жаны қалмай шоқынып жатқанын, сосын төбесі көкке тигендей жадырап дәлізбен әрі кетіп қалғанын көрді.
Сосын ол айызы қанғандай тістене, тыжырына күліп, орнына қайтып келді, әлгіде ғана атымен ант еткен құдайдан тіпті еш хабары болмаса да, соның есімін күбірлеп қайталай берді.
— Менің құдайым кім? Есуас көрсоқыр сол! Менің құдайым — мына өзім және кегімді қайтаруға қол ұшын беретін адам! — деді миледи безеріп.
XXVI
ҚАМАУДАҒЫ БЕСІНШІ КҮН
Әлхисса, сонымен қазірдің өзінде жарты жеңіске жеттім ғой деп миледидің көңілі кәдімгідей хош-уақтанып қалды және қолы жеткен табыс оның күшіне күш қосты.
Ол осы уақытқа дейін еркек атаулыны оп-оңай еліктіріп, алдап-арбап, дегеніне көндіріп келді, сарай төңірегінің тым сыпайы сырбаз тәрбиесі жігіттерді осы әйелдің торына жетелеп әкеліп түсіріп жататын; миледидің сұлулығы сондай, еркектерді сиқырлап көндіруге келгенде тән ләззаты тарапынан кедергі-бөгет дегенді білген емес, ал оның жымысқы жылпостығы сондай, ақыл-сана жасайтын бөгеттен жанын қинамай-ақ еркін өте шығатын.
Бірақ ол осы жолы өзін-өзі іштей аяусыз жазалауды әдетке айналдырған тарпан да тұйық мінезді, сезім-түйсіксіз жанмен жекпе-жек айқасқа шықты. Дін және діннің қатал тәртібі Фельтонды әйелдің дағдылы алдап-арбауына көнбейтін безбүйрек жан еткенді. Осынау лапылдаған ақыл-ойдың иесінің көңілінде шексіз кең жоспарлар құрылып, бүлікшіл мақсат-мүдделердің буырқанып жататыны сондай, ләззат қызығынан туатын кездейсоқ махаббатқа адамгершілік ар-намыстың бұзылуынан, еңбексіз ырду-дырдумен өткен тірліктен нәр алатын махаббатқа мүлде орын қалмаған-ды. Миледи осы бекіністі бұзып еді: ол көлгірсіген ысқаяқ адамгершілігімен, ізгі қылығымен әйел туралы теріс ұғымда болған кісіні өз пікіріне өзі күмән келтіретін дәрежеге жеткізсе, асқан сұлулығымен әлі бүлінбеген таза жанды, ақ жұмыртқа, сары ауыз кісінің жан-жүрегін, сезімін билеп алған болатын. Ақырында, табиғат пен дін осы әйелдің қолына әдейі зерттеп білуге берген, осы бір жүген-құрық тимеген асау, тарпаң жігітке тәжірибе жасау барысында миледи, күні бүгінге дейін өзіне де бимәлім болып келген, күллі күш-жігері мен қабілет-дарынын аямай жұмсады!
Дегенмен осынау ұзақ-сонар кеш бойы келіншек өз тағдырынан да, өзінен де сан рет түңіліп, сан рет үмітін үзді; рас, ол сондай қиын шақта демеп-жебе деп құдайға жалынып-жалбарынбады, қайта жамандық пен жауыздық рухының көмегіне қатты сенді, өйткені адам баласы тірлігінің уақ-түйек. құбылыстарына дейін араласып, басқарып жүретін құдіретті күш сол жамандық пен жауыздық; араб ертегісінің айтуына қарағанда, құрып кеткен тұтас әлемді қайта тудыру үшін гранаттың бір дәні жетіп жатыр.
Миледи Фельтонның келуіне қапысыз әзірленді, сол жолығу кезінде не істеп, не қоятынын ақылмен салмақтап, мұқият ойластырды. Ол өз қарауында екі-ақ күн қалғанын, Бекингэм бұйрыққа қол қойысымен (Бекингэмнің оған ойланбай қол қоятын тағы бір себебі — бұйрықта оның жалған аты жазылыпты, демек, ол әңгіменің қай әйел жәйлі болып жатқанын білмейді), иә, қайталап айтамын, бұйрыққа қол қойысымен, барон оны дереу жер аударып жібереді. Жер аударуға кесілген әйелдер, сыпайы-зиялы қауымда жақсы аталып жүрген әйелдерге қарағанда, көп қадір-қасиетінен айрылып, айналасындағыларды еліктіріп, елітуге келгенде дәрменсіз болып қалады; әлгі төрт құбыласы түгел, дәулетті әйелдердің ажары жоғары қауымның жарығымен нұрланып, уақыт модасының уәлі аузымен мақталып, ақсүйек ата-тегі даңқымен шұғылаланып, көркейіп-көркемденіп жатады. Әйелді сағын сындыратын қор, масқара жазамен айыптау, әрине, оны ажар-көркінен айырмайды, бірақ құдіреттілер қатарына қайта қосылу жолында өткел бермес тұңғиыққа айналады. Шын мәніндегі дарынды кісілер сияқты, миледи де өз болмасына, табиғат берген қабілетіне қандай ортаның сай келетінін өте жақсы білетін. Ол кедейліктен қатты қорқатын, келтектеп қорлықпенен күн кешсе, бәсеңдеп жасып қалатынын анық сезетін. Миледи тек королевалардың арасында ғана нағыз королева болатын. Шын өктемдік, шын билік жүргізу үшін оған ең әуелі тәкаппар көңілінің қанағат-тойымы керек-ті. Ал, өзінен төмен адамдарға өктемдік жүргізуден ол ләззат алудың орнына, арланатын да қорланатын.
Әрине, ол осы айдаудан түбінде қайтып оралады, оған бір сәт те шүбәланбайды, бірақ айдалудың арты қанша уақытқа созылады, соны білмей қиналады. Миледи сияқты билік құмар, қажырлы да жігерлі жандарға асқақтап шырқамаған күндері бақытсыз, сорлы күндер болып көрінеді. Кісінің бағы тайып,төмен құлдыраған күндерін не деп атауға болады! Бір жыл, екі жыл, үш жылдың текке етуі — күллі өмірінің өтуімен бірдей. Д'Артаньян өз достарымен сән-салтанат құрып, бақыт-қуанышқа бөленіп, королеваның шапағатты қолынан сый-сияпатын алып болғаннан кейін, сүмірейіп қайтып келу деген ойлар — миледи сияқты әйел өлсе де шыдамайтын азапты ауыр ойлар еді. Ал, осы кезде оның кеудесінде буырқанып-бұрсанған дауыл әйелдің қайрат-жігерін тасытып жіберді, егер оның қара күші, бір сәтке болса да, ақыл-есімен тепе-тең түсіп жатса, миледи өзі отырған тас қамалдың қабырғасын қаусатып күл-талқан етер еді.
Сонымен бірге әйел кардинал жәйін ойлап, көп қиналды. Мұның үн-түнсіз жатқаны жәйлі тірі жанға сенбейтін, күдікшіл де мазасыз кардинал не ойлап, не қойып жатыр екен, миледидің бүгінгі тіршілігінің бірден-бір тірегі, бірден-бір демеп-жебеушісі, бірден-бip қамқоршысы ғана емес, оның болашақ бақыты мен дұшпандарына кеткен кегін қайтару жолындағы басты қаруы сол кардинал ғой. Ол кардиналды жақсы біледі, егер ол осы сапардан сәтсіз оралып, түрмеге түсіп қалғанын, басынан кешкен азап-тозағын қанша жырғып айтып берсе де, онысы құр әурешілік екеніне де жақсы түсінеді, өзінің өктем билігімен де, ақыл-ойымен де құдіретті көрінетін кардинал ештеңеге сенбейтін безбүйректігіне басып, жайбарақат жымия күліп: «Қолға түспеу керек еді!» — деп қоя салады ғой.
Осындай қиын сәттерде миледи күллі күш-жігерін жинап, тістеніп алып, Фельтонның есімін қайталай береді, өйткені өзі жатқан тамұқтың түбіне жылтырап түскен жалғыз жарық сәуле сол еді; өзінің қайрат-қажырын сынап көру үшін, жиырылып-жазылып жататын жылан сияқты, бұл сұрқия да Фельтонды зирек ақыл-ойымен күн ілгері орап, шырмай берді.
Ал, уақыт өтіп жатты, зырылдаған сағат тілі андамай қоңырауды түртіп оятып жібергендей болады, оның жез көмейінен күмбірлей шыққан әуезді үні тұтқын әйелдің жүрегін тілгілеп жатқандай. Күндегі әдеті бойынша, сағат тоғызда лорд Винтер, келді ол терезені, темір тордың әрбір шыбығын ұстап көрді, еденді, қабырғаларды, камин мен есікті байыптап қарап шықты, ұзаққа созылған осы бір тиянақты тексеріс кезінде лорд та, миледи де тіс жарып, тіл қатпады.
Есіл уақытты пайдасыз құр сөз бен көзсіз ашу-ызаға рәсуа етуге болмайтынын, жәй-жағдаяттың қиындап, асқынып кеткенін екеуі де анық түсінетін тәрізді.
— Жо-жоқ, сіз қайткенде де бүгін түн қашып кете алмайсыз! — деді барон миледидің бөлмесінен шығып бара жатып.
Сағат онда сақшыны күзетке қою үшін Фельтон келді, миледи оның жүрісін бірден таныды ғашық әйел көңілдесінің жүрісін қалай білетін болса, бұл да оны солай білетін, ал, шындап келгенде миледи осы бір жасық мінезді фанатикті менсінбей, мейлінше жек көріп кеткен-ді.
Уәделі уақыт әлі алда еді, сол себепті де Фельтон ішке кірмеді.
Арада екі сағат өтіп, түн ортасы болған кезде, сақшыны ауыстырды.
Енді уәделі уақыт та жетті, миледи жігітті шыдамсыздана күтті.
Жаңа сақшы дәлізбен әрлі-берлі жүре бастады.
Енді бір он минут өткен шамада Фельтон келді.
Миледи құлағын тігіп тұра қалды.
— Әй, — деді жас жігіт сақшыға, — мына есікті өліп бара жатсаң да тастап кетпе. Өзің білесін, өткен түнде, милорд, қарауылының солдаты постын бір сәтке ғана тастап кеткені үшін қатты жазалады, ол қас қағымдай уақыт болмай қалған кезде қарауылға өзім тұра қалған едім.
— Иә, оны білемін, — деді солдат.
— Ендеше саған осы есіктен көз жазба деп әмір етемін. Ал мен, — деді Фельтон, — ішке кіріп, әйелдің бөлмесін тағы бір рет қарап шығайын: соның өзін өзі өлтірем деген бір жаман ойы бар ма деп қорқамын және осы әйелге абай бол деген бұйрық алғанмын.
— Тамаша, қатал пуританиннің өзі өтірік айта бастады ғой, — деді миледи күбірлеп.
Солдат мырс етіп күлді де қойды.
— Шайтан атсын, лейтенант мырза, егер милорд сізге мына әйелдің төсегін де тексер деп әмір етсе, сіз ондай тапсырманы жаман деп айта алмайтын шығарсыз.
Фельтон қып-қызыл болып кетті, егер басқа уақыт болса, тап осындай әзіл айтқаны үшін солдатқа қатты ескерту жасар еді; бірақ ар-ұяты асаудай тулап тұрғасын бірдеңе айтуға дәті шыдамады.
— Егер мен шақыра қалсам — ішке кір. Тап сол сияқты, егер. біреу келе қалса — мені шақыр, — деді ол.
— Құп болады, лейтенант мырза, — деді солдат.
Фельтон миледидің бөлмесіне кірді. Миледи орнынан түрегелді.
— Бұл — сізбісіз? — деді әйел.
— Мен сізге келемін деп едім, келдім.
— Сіз маған тағы бірдеңеге уәде бергенсіз.
— Ол не? Түу, құдай-ай! — деді жас жігіт, өзін өзі қанша тежеп ұстаймын десе де, оның дірілдеп, маңдайынан суық тері бұрқ етті.
— Сіз маған пышақ әкеліп беремін, әңгімелесіп болғаннан кейін оны маған тастап кетемін дегенсіз.
— Соны айтпай-ақ қойыңызшы, сударыня! Қанша жан төзгісіз жаман болғанымен, бұл ғаламда құдай тағаламның құлы өзін өзі өлтіретіндей жағдай жоқ. Мен көп ойланып, көп толғанып, мұндай ауыр күнәні өз мойныма алмауым керек деген қорытындыға келдім.
— Ах, сіз ойландым деңіз! Мен де көп ойланып, көп толғанып, қандай қорытындыға келгенмін.
— Қандай қорытындыға?
— Сөзінде тұрмайтын кісіге ештеңе де айта алмаймын.
— О құдайым-ай! — деді Фельтон күбірлеп.
— Жүре беруіңізге болады, сізге мен жұмған аузымды ашпаймын.
— Міне пышақ! — деді Фельтон қалтасынан қаруды суырып алып, ол уәде бойынша қанжарды әкелгенімен, бірден бере салудан именген еді.
— Беріңізші, қарап көрейін.
— Несін қарайсыз?
— Қолма-қол қайтып бермесем, ант атсын! Сіз пышақты мына стол үстіне қойыңыз-дағы, оны мен менің арама келіп тұрыңыз.
Фельтон пышақты миледиге берді; ол пышақ жүзін байыптай қарап, ұшын саусағымен ұстап көрді.
— Жақсы-ақ екен, шар болаттан жасалыпты... Сіз адал доссыз, Фельтон, — деді ол пышақты жас офицерге қайтарып беріп жатып.
Фельтон пышақты алып, уәде бойынша, стол үстіне қойды.
Миледи Фельтоннан көзін алмастан ырзалығын білдіріп басын изеді...
— Енді мені тыңдаңыз, — деді ол.
Ол бұл ниетін айтпаса да болатын еді: жас офицер қарсы алдында тұрып алып, оның әңгімесін құмарлана күткен-ді.
— Фельтон... — миледи сөзін салтанатпен мұңая отырып бастады. — Фельтон, мынадай бір жәйтті көз алдыңызға елестетіп көріңізші: туған қарындасыңыз, әкеңіздің қызы бір күні сізге бір әңгімені айтты делік: балғын жас кезімде, сорыма қарай, өте сұлу болдым, алдап жүріп мені бірде торға түсірді, бірақ мойымадым. шыдадым... Маған деген қараниет қастандықты, зорлық-зомбылықты күшейтті, оған да шыдадым, мойымадым. Ұстанатын дінім, сыйынатын құдайыма тіл тигізіп мазақтады. Өйткені мен өзімді демеп-жебеп жібер, деп құдай тағала мен дін-иманымды көмекке шақырған едім, — бұ жолы да мойымадым, шыдадым. Содан кейін олар менің өзімді масқаралап, намысыма тие бастады, арым мен жанымды арамдай алмағасын, олар менің тәнімді арамдап мәңгі қор етпекші болды, Ақырында...
Миледи демігіп тоқтап қалды, жүзінен қасіретті күлкі табы білінді.
— Ақырында, — деді Фельтон оның сөзін қайталап, — сонымен ақырында не болды?
— Ақырында, бір күні кешкілік қасарысып көнбей қойған мен жазғанды біржола сындырмақ болады... сөйтіп, бір күні кешкілік маған қатты ұйықтатып тастайтын бір дәріні суға қосып ішкізеді. Кешкі асты ішіп жатып, тұла бойым бірте-бірте дел-сал болып, бір түрлі әр-дәрменнен айрылып бара жатқандай болдым. Ойымда ештеңе жоқ болса да, әлденеден шошып, елегзіп, еңсемді басқан ұйқыны қашыруға тырыстым. Орнымнан тұрып, терезеге жүгіріп барып, жұртты көмекке шақырмақ болдым, бірақ аяғымды баса алмай қойдым. Маған үйдің төбесі үстіме құлап, басып қалатындай болып көрінді. Қолымды созып, бірдеңе айтқым келіп еді, тілім күрмеліп сөйлей алмадым. Мең-зең, меңірейген нәумез бір күйдемін, қазір табанда құлайтынымды сезіп, жанталасып креслодан ұстаймын, бірақ көп ұзамай әлсіз қолыма кресло да тірек бола алмады — әуелі бір тізерлеп, сосын қос тізерлеп отыра кеттім. Дұға қайырайын десем тілсіз мылқау болып қалыппын. Жаратушы жан иемнің со жолы мені көрмегені де, естімегені де анық, хош, сосын ұйқы жеңіп, өлі кісі сияқтанып, еденге ес-түссіз құлап қалыппын.
Сол қалың ұйқының кезінде не болып, не қойды, ұйқының oл қанша уақытқа созылды, — оның бірде-бірі есімде қалмапты. Тек әйтеуір іші дүние-жиһазға малынған, бір дөңгелек бөлме ішінде мамық төсекте жатқан жерімнен оянып кеттім, бөлмеге жарық төбедегі саңылаудан түсіп тұр екен. Мұның үстіне бөлменің бірден бір есігі жоқ сияқты. Оның өзін ғажайып бір зындан деп ойлауға болатын.
Мен көпке дейін өзімнің қайда жатқаныма да түсінбедім және ол кезде әлгіде ғана сізге айтқан нәрселердің бірде-бірін де айыра алмадым: ақыл-есімді жинап, осынау ауыр ұйқыдан қалған зіл қара тас түнекті ысырып-ақ тастағым келеді, бірақ оған әл-дәрменім жетпейді. Әйтеуір түнде күймемен жүргенімді, сұмдық бір қорқынышты түс көріп, күш-жігерім құм болып, әлсіреп қалғанымды еміс-еміс сеземін, бірақ осының бәрі маған үздік-создық, іркес-тіркес болып, бір бұлыңғыр тұман арасынан көрінген сияқтанады және осы оқиғалар өз басымнан емес, басқа біреудің басынан өткен болып сезіледі, бірақ сана-сезімім тылсым бір күшпен екіге жарылғандықтан ба, қайдам, әйтеуір, менің өмір-тірлігіммен бірге есіліп, өріліп қалыпты.
Біраз уақытқа дейін өзгеше бір мең-зең күйде жатқандықтан ба білмеймін, осының бәрін түсімде көріп жатырмын ғой деп ойладым... Мен тәлтіректеп орнымнан тұрдым. Киімім қасымдағы орындық үстінде жатыр екен, ал, өзім қалай шешіп, қайтіп жатқанымды білмеймін. Осыдан кейін барып бірте-бірте там-тұмдап, мына сұм дүниенің күллі сұмдығы көз алдыма келіп тұра қалды да, үйімнен мүлде басқа жерде екенімді түсіндім. Бөлмеге түскен күн шұғыласына қарап, ақшам кезі-ау деп шамаладым, ал, өзім кеше кешқұрым ұйықтап қалғанмын, демек, менің ұйқым бір тәулікке созылыпты! Осынау ұзақ ұйқының кезінде не болды?
Әл-қадарым жеткенше жедел киінгендей болдым. Бірақ ыбылжыған баяу қимылыма қарай, ұйықтататын дәрі зардабының әлі сейілмегенін байқауға болатын еді. Ішіндегі дүние-мүлікке қарағанда, бұл бөлме әйелді қабылдауға арналыпты, ал, ең қылықты ерке келіншектің өзі осы бөлмені көзімен бір шолып шыққасын, күллі тілек-талабы, керек-жарағы күн ілгері дайындалып қойғанын көрер еді.
Осынау бай жиһазды түрмеге түсіп, қамалып қалған бірінші тұтқын - әйел мен ғана болмасам керек, бірақ сіз білесіз бе, Фельтон өз зынданымның ғажайып жасауына көзім көбірек түскен сайын, қорқынышым да күшейе түсті. Иә, ол нағыз барып тұрған қапас зынданның өзі-тін, өйткені одан қанша қармансам да шыға алмай қор болдым. Есікті табамын деп күллі қабырғаны сипалап, қарап шықтым, тықылдатып ұрып көріп едім, соның бәрінен дүк - дүк етіп, бітеу дыбыс шықты.
Сыртқа шығатын есік іздеп, мен бөлмені жиырма шақты рет айналып шыққан болармын, — ешбір саңылау жоқ екен. Өн бойымды қорқыныш билеп, әбден қалжырап шаршағасын креслоға келіп құлай кеттім.
Сонымен, лезде әлемді түн келіп басты, түнмен бірге менің қорқынышым да ұлғайды. Бұрынғы орнымда қыбырсыз отыра беретінімді, не отыра бермесімді білмей, дал болдым: маған айналамның бәpi анталап тұрған бір қатер, қозғалсам болды, бір бәлеге ұрынармын деп қорықтым. Кешеден бері нәр татпасам да, қорыққанымнан аштықты ұмытып кеттім.
Сырттан бір болмашы дыбыс шықса, соған қарап уақытты шамалармын деп ойлағанмын, бірақ маған ешбір дыбыс естілмеді. Уақыт кешкі жеті-сегіздердің кезі шығар деп жорамалдадым: ол жағдай октябрьде болған, дала тастай қараңғы еді.
Кенет есік сықыр етті, мен еріксіз ыршып түстім. Төбедегі әйнекті саңылаудан отты шар тәрізді жағылған шам көрінді. Бөлмені самаладай жарқыратып жіберді. Мен өзімнен қол созым жерде бір кісінің тұрғанын көріп, зәрем ұшып кетті.
Кешкі асқа екі кісіге лайықталып әзірленген стол, бір сиқыршының дуасымен бөлменің дәл ортасына келіп тұра қалыпты.
Ол — тұтас бір жыл бойы менің ізімнен қалмай, қайтсем де сенің абыройыңды айрандай төгемін деп ант-су ішкен кісі-тін, міне енді соның алғашқы сөздерінен-ақ өткен түнде арам пиғылын жүзеге асырғанын біле қойдым...
— Сұмырай! — деді Фельтон күбірлеп.
— О иә, нағыз сұмырай! — деді миледи тістеніп, жас офицердің бұған жаны ашып, осынау сұмдық әңгімені ынтыға тыңдап отырғанын көріп. — Иә, сұмырай! Ол мен ұйықтап жатқанда болар істі болдырғасын, бар шаруаны бітірдім деп ойласа керек. Ол со жолы келгенде: бір масқара болуын болды, енді сол масқараны бұл бикеш мойындап, көндігер деп үміттеніп келіпті. Ол менің махаббатымның есесіне өзінің күллі байлығын ұсынбақшы болып келіпті.
Мен сол адамға әйел атаулының жүрегінде болатын күллі жиіркеніш пен ашу-ызаны аямай төктім. Шамасы, мұндай қарғысқа оның әбден еті өліп кетсе керек; ол аспай-саспай, қолын кеудесіне айқастыра ұстап, менің сөзімді жайбарақат, жымия күліп тұрып тыңдады; сосын мені сөзін тәмамдады деп ойлады ма, қасыма жақындап келе берді. Мен столға жүгіріп барып, пышақты алдым да, төсіме тақай қойдым.
«Енді бір қадам аттасаңыз, — дедім ашынып, — өзіңізді менің арымды арамдағаныңыз үшін ғана емес, оған қоса мені өлтіргеніңіз үшін де кіналайтын боласыз!»
Менің көзімнен, даусымнан, күллі кейпімнен, барша бәденімнен жанкешті тәуекелді анық сезсе керек, тіпті әлгі жексұрын сияқты бұзылған кісінің өзі күмілжіп тұрып қалды.
«Сізді өлтіргенім үшін дейсіз бе? — ол мұны қайталап сұрады. — О жоқ! Сіз сияқты тым сүйкімді, шырын көңілдестен, ақ төсінен бір рет ләззат алу бақытына ие болғаннан кейін, айырылып қалуға шынымен-ақ келісім береді деп ойлайсыз ба? Жоқ! Көріскенше қош, сұлуым! Сіздің көңіл күйіңіз көтерілгенше тоса тұрайын, кейінірек келермін».
Осылай деді де, бір ысқырып қалды. Бөлмеге жарық төгіп тұрған алаулы шар төбеден жоғары көтеріліп барып, ғайып болды. Мен тағы да қараңғыда қалдым. Бір сәттен кейін ашылып, жабылған есіктің әлгідегі сықыры қайтадан естілді, алаулы шар қайтадан төмен түсті, сосын мен тағы да жалғыз қалдым.
Сол минутте жынданып кете жаздадым. Бұрын осы бақытсыз күйге ұшырағаныма шүбәлансам, енді оның ізі де қалмады, қатал шындық сол: мен өзім өлердей жек көретін кісінің қолына, ештеңеден де шімірікпейтін қатыгез кісінің қолына түсіппін, ол қолынан не келетінін менің сорыма қарай көрсетті де...
— Ол кісі кім? — деді Фельтон.
Мен бірдеңе тықыр етсе шошып кетіп, ұзақ түнді орындықта отырып өткіздім, өйткені түн ортасы кезінде шам тағы сөніп, қараңғыда жалғыз қалдым. Қуғыншым мені сол түнде енді қайтып мазалаған жоқ. Таң атып, күн шықты, стол ғайып болды, тек қолымда пышақ қана қалды.
Менің жалғыз сенетінім осы пышақ.
Өзім де әбден шаршадым, ұйқы көрмеген көзім түйіледі, сонда да сәл мызғып алудан сескенемін. Жарық молайғасын жаным тынышталғандай болды, пышақты тастамай, оны жастықтың астына тықтым да, керуетке құлай кеттім.
Ояна келсем, стол әзір тұр.
Бұ жолы қанша қорқып, қапалансам да, әбден ашыққанымды сездім: аузыма ас бармағалы екі тәулік болған. Шыдамай, азғана нан, жеміс жедім. Сосын бұрын ішіп, аузым күйіп қалғасын, суға араластырылып беретін ұйқы дәрісін ойлап, стол үстіндегі суды татпай қойдым, қолжуғыштың үстіңгі жағында, қабырғаға жасалған мәрмәр фонтаннан стаканыма су толтырып алдым.
Осы сақтығыма қарамастан, әуелгі кезде көңілім күпті болып, орнықпай қойды, бірақ бұл жолы бекер қауіптеніппін: күн де таусылды, көкейімдегі қорқынышыма ұқсас ештеңе бола қоймады. Көңілімдегі күдігімді оларға білдірмес үшін графиндегі судың жартысын төгіп тастадым.
Тұнжырап кеш те келді, кешпен бірге дүниені қараңғылық басты. Бірақ қараңғыға көзім кәдімгідей үйреніп қалыпты; мен тас түнекте столдың төмен түсіп, жарты сағаттан кейін маған деген кешкі асты алып көтерілгенін көрдім, арада бір минут өткесін үйреншікті шам пайда болып, бөлме ішін жарқыратып жіберді.
Мен ұйқы дәрісін араластыруға болмайтын тағамды ғана татып көрмек болдым. Екі жұмыртқа мен азғана жеміс алып, кешкі асты тәмамдадым. Сосын әлгі фонтаннан стаканмен су іштім.
Оны бір жұтқаннан-ақ, дәмі таңертеңгі судан өзгеше екенін сездім. Кеудеме күдік кіргесін су ішуді қойдым, бірақ жарты стакандайын ішіп қойыппын.
Судың қалғанын жиіркене төгіп тастадым да, тұла бойымды суық тер басып, енді не болатынын күттім.
Сөз жоқ, көзге көрінбейтін біреу менің фонтаннан су алғанымды көріп, мені тезірек құрту үшін ақ көңіл аңқаулығымды пайдалана қойса керек, жалпы, менің көзімді жою, күні бұрын шешіліп, енді рақымсыз қаталдықпен жүзеге асырылып жатқан тәрізді.
Арада жарты сағат өтпей жатып, дәрінің бұрын көрген белгілері біліне бастады. Бұл жолы жарты стаканын ғана ішкендіктен бе әйтеуір, қасарысып ұйықтамай қойдым, бірақ ұйқылы-ояу бір мең-зең күйге түстім. Төңірегімде не болып, не қойып жатқанына түсінемін, ал, алысып-жұлысып қорғануға, қашып кетуге әл-дәрменім жетпейді.
Менің бірден-бір қорғанатын қаруым, көңілімдегі медеуім — жастық астындағы пышақты алу үшін керуетке еңбектеп жетпек болдым, бірақ төсектің бас жағына жете алмадым, қол-аяғым дірілдеп, керуеттің аяғынан ұстап, тізерлеп құлай кеттім. Шын құрығанымды сонда ғана түсіндім...
Фельтон аппақ болып, тұла бойы қалшылдап кетті.
— Ең сұмдығы — сол сәтте өзіме төніп тұрған қауіпті анық білдім, — деді миледи сөзін жалғап, дауысы жарықшақтанып, ол со бір қиын минутта жан ұшыра қорыққанын тағы басынан өткізгендей. — Тағы да айтайын, тәнім ұйықтап қалды да, жаным ширығып, сергіп кеткендей болдым, сол себепті де бәрін көріп, біліп жаттым. Рас, бәрі де түсімде болып жатқан сияқты, бірақ ең жаманы сол екен...
Мен шамның баяулап жоғары көтерілгенін, өзімнің біртіндеп қап-қара тұңғиыққа батып бара жатқанымды көрдім. Есік бұрын бар болғаны екі-ақ рет ашылса да, өзіме таныс есік сықырын есіттім.
Әлдекімнің өзіме қарай жақындап келе жатқанын соқыр сезік пен біле қойдым — Американың құлазыған шөлінде адасып кетіп әлсірей құлаған байғұс өзіне улы жыланның жылжып келіп қалғанын осылай сезеді, дейді ғой.
Өзімнің дәрменсіздігімді жеңіп, айқайлап жібергім келді. Бойымдағы бар күш-жігерімді жинап, қиналып әзер тұрдым, бірақ одан не пайда, қолма-қол құлап түстім... қуғыншымның құшағына құлап түстім...
— Айтыңызшы, ол кісі кім еді? — деді жас офицер тістеніп.
Бастан кешкенінің бәрін тәптіштеп түгел айтып, Фельтонды жан азабына салып отырғанын миледи ә дегеннен-ақ байқағам бірақ оның сол қасіретін жеңілдеткісі келмеді. Жігіттің жүрегі неғұрлым қатты жаралаған сайын, оның әйел кегін қайтаратынына деген сенімі де күшейе түседі. Сол себепті де жігіт сауалын естімеген кісі сияқтанды ма, әлде оған жауап беретін сәт келмеді деп есептеді ме, әйтеуір, миледи әңгімесін жалғай берді:
— Әлгі жексұрын бұ жолы өлік тәрізді шалажансар, сезім-түсініксіз құр сүлдермен кездескен жоқ. Өз денемді, жан-жүрегімді сау кездегідей еркін игере алмасам да, басыма төнген қауіпті анық сездім деп жоғарыда айттым ғой. Мен онымен аянбай алысып, шамам келгенше, қасарысып қарсылассам керек, өйткені оның:
«Осы оңбаған пуритан әйелдер-ай! Олар жендеттерін де діңкелетеді дегенді білуші едім, ал, көңілдестеріне осылай қарсылық жасайтынын кім көрген», — деп дауыстап жібергенін есіттім.
О сұм дүние, жаныңды шүберекке түйіп алып, жағаласа беруші күш қайда! Өзімнің әлсіреп қалғанымды сездім, ол сұмырай енді менің ұйықтап қалғанымды емес, талып түскенімді пайдаланды...
Фельтон анда-санда ауыр күрсініп, ыңырсып қойғаны болмаса, бұл әңгімені тіс жармастан тыңдады; тек мәрмәр маңдайынан суық тер тамшылап, қолымен кеудесін қыса берді.
— Есімді жинағаннан кейін ең әуелі ұмтылып барып, жастықтың астындағы пышақты таптым, бұған дейін оған қолым жетпей қойған: ол әлгіде маған қорған бола алмаса да, енді мен өз арымның алдында ақталатындай бір кәдеге асуы керек қой.
Бірақ сол пышақты қолыма алысымен, Фельтон, менің басыма бір жаман ой келе қалды. Мен сізге ештеңені бүкпей айтамын деп ант еткенмін, енді бәрін де айтамын. Мен сізге шындықты ашамын деп уәде бергенмін, сол үшін ауыр күнәға батсам да, енді соны ашамын!
— Сіздің басыңызға сол адамнан кек алу жөніндегі ой келді ғой — деді Фельтон шыдамай.
— Қайтейін, ол рас, — деді миледи. — Мұндай ойдың христианкаға лайық емес екенін білемін. Бұл ойды біздің жанымыздың ежелгі жауы, айналамызда арыстандай тынымсыз ақырып жүретін сол бір әзәзілдің есіме салғанында сөз бар ма. Қысқасы, Фельтон, сізден несін жасырайын, басыма келген сол бір ой көкейімде тұрып қалды, — деп сөзін жалғай берді миледи, өз қылмысын өзі айыптайтын әйелге ұқсап. — Сол бір күнәм үшін тап қазір жазаланып отырмын.
— Айтыңыз, айта беріңіз? — деді Фельтон қиылып. — Мен сіздің кегіңізді қалай қайтарғаныңызды білгім келеді.
— Мен кегімді дереу қайтарғым келді; оның алдағы түнде келетініне ешбір күмәнданбадым. Күндіз қауіптенбесем де болады.
Сол себепті де, таңғы ас мезгілі болғанда, алаңсыз ішіп, жеуге кірістім: кешкілік тек сырттай ауқаттанған болып, ештеңені татпауға бел байладым, кешке салым ашығып қалмас үшін ертеңгісін сылқиып тойып алуым керек болды.
Таңғы астан тек бір стакан суды ғана тығып қойдым, өйткені екі күн ұдайы ас-су татпаған кезде шөл қысып, қатты азаптанғаным есімде.
Күні бойы ойланып-толғана келе, сол бұрынғы байлам-тоқтамымның дұрыс екеніне көзім жетті. Өзімді сыртымнан біреулердің бақылап жүргеніне зәредей де шүбә келтірмей, бет-пішінімнен ішкі сырымды сездірмеуге тырыстым, тіпті әлденеше рет өзімнің жымиып күліп жүргенімді сезіп қалдым. Фельтон, нендей оймен күлгенімді сізге айта алмаймын, жиреніп кетуіңіз мүмкін.
— Айтыңыз, айта беріңіз! — деді Фельтон өтініп. — Көріп отырғаныңыздай, мен сізді ынтыға тыңдап, осының аяғы немен бітетінін тезірек білгім келіп отыр.
— Кеш болды, бәрі де белгілі тәртіппен жүріп жатты. Дағды бойынша, маған кешкі асты қараңғыда әкелді, сосын шам жағылды да, стол басына келіп отырдым.
Біраз жеміс жедім, өзіме графиннен су құйған болдым, бірақ таңғы астан қалған суды іштім. Мұны шебер жасағаным сондай, егep аңдушы тыңшылар болса, олар ештеңеден де сезіктенген жоқ шығар деп ойлаймын.
Кешкі астан кейін тағы да кешегідей дел-сал сүлесоқ күйге түскен сыңай таныттым да, әбден қалжыраған кісі сияқтанып немесе қауіп-катерге еті үйренген кісі сияқтанып, керуетке бардым дағы, көйлегімді шешіп тастап, жатып қалдым.
Мен ұйықтаған кісіге ұқсап көзімді жұмдым дағы, жастықтың астынан пышақты тауып алып, сабынан қыса бердім.
Ешбір өзгеріссіз екі сағаттай уақыт өтті, мен енді ол келмейді екен деп қорқа бастадым, құдай сақтасын, осыдан бір күн бұрын өзім де сенбес едім!
Ақырында, шамның төбеден жоғары көтеріліп барып, жоғалып кеткенін көрдім. Бөлме іші қап-қараңғы болып түнеріп сала берді бірақ көзім үйрене келе қараңғыда да көретін болдым.
Тағы да он минуттей уақыт өтті. Бөлме құлаққа ұрған танадай тып-тыныш, өз жүрегімнің лүпілін ғана естимін.
Сол бір кісі келсе екен деп, бір құдайға мінәжат етіп жатырмын.
Ақырында өзіме жақсы таныс есіктің ашылып, жабылған дыбысы, қалың түкті кілем төсеулі жатса да, еденді сықырлата басып біреудің келе жатқан тықыры естілді. Қараңғыдан біреудің өзім жатқан төсекке жақындап қалған нобайын көрдім...
— Тез, тезірек айтыңызшы! Сіздің әрбір сөзіңіз мені балқыған қорғасындай күйдіріп бара жатқанын көрмей отырсыз ба? — деді Фельтон жанығып.
— Сол кезде, — деді миледи сөзін сабақтап, — бойымдағы күш - жігерімді жинап алып, өзіме өзім: кек алатын сәт, дәлірек айтсам, әділ соттың сәті соқты, — дедім, мен өзімді жана Юдифь деп білдім. Тәуекелге бел байлап, пышақты қысып ұстап, ол маған жақындай келіп, қолын созып, қараңғыны қармалап, өз құрбанын іздеп жатқан кезде, ашына, күйіне айқайлап жібердім де, кеудесіне қанжарды салдым келіп.
Залым неме, бәрін де ескерген екен, кеудесіне сауыт киіп алыпты, пышақтың ұшы кетіліп, сынып түсті.
«Ах, солай ма! — деді ол кәрленіп, қолымдағы сығымдай ұстап, кәдеге аспай қалған пышақты жұлып алды. — Сіз менің өміріме қастандық жасамақ болдыңыз білем, сұлу пуританка? Бұл өшпенділік қана емес, бұл жақсылықты білмейтін кісінің көргенсіздігі! Жә, жә, сабыр, сабыр ет, сүйікті сәбиім! Мен сізді жұмсарды ғой деп ойласам... Мен әйелдерді күштеп ұстайтын қатыгез тирандар қатарынан емеспін. Сіз мені сүймейді екенсіз, өзіме тән ер көкірек менмендігім ұстап, оған қатты шүбәланып жүргенмін. Енді, міне, көзім жетті, ертең сізді босатып жіберемін».
Менің есіл-дертім — өзімді қазір өлтіріп кетсе деген ой еді.
«Сақтаныңыз, азат болсам — арыңыз төгіледі!» — дедім мен.
«Түсіндіріңізші кәне, сүйкімді сивиллам».
«Мақұл, түсіндірейін. Осы жерден шығысымен бәрін де айтамын: маған жасаған қорлық-зорлығыңызды, қамауда ұстағаныңызды түгел айтамын. Талай-талай жиіркенішті, пасық істер жасалып жатқан мына сарайдың мән-жәйін жұртқа жаямын. Сіз қол жетпейтін биікте тұрсыз, милорд, бірақ асып-таспаңыз: сізден жоғары Король бар, ал корольден биік құдай бар!»
Менің жендетім қанша сыр бермеймін десе де, ашуын жасыра алмады. Мен оның түр-пошымына қарап жатпадым, тек өз қолымды ұстап тұрған қолының дір ете түскенін байқадым.
«Олай болса, сіз бұл үйден шықпайсыз!»
«Өте жақсы. Азап көрген жерім — көрім болсын. Тамаша! Мен осында өлейін, сосын тірі адамның айбат шеккенінен де айыптаушы аруақтың қорқынышты екенін өзіңіз де көрерсіз»
«Сізге ешбір қару қалдырмайды».
«Менің бір-ақ қаруым бар, ол — жаны күйіп, ашынған әрбір пенденің қысылған кезде қолданатын қаруы: мен өзімді аштан қатырамын».
«Осындай жанжалдан бітімнің өзі артық емес пе, а? — деді әлгі жексұрын. — Мен сізге дереу еркіндік беремін, сізді жаны ізгі, жақсы адам деп жариялаймын да, Англияның Лукрециясы деп көкке көтеремін».
«Онда мен сізді сол арудың Сексті деп жариялаймын да, құдай алдында қалай әшкерелесем, енді қалың халайық алдында әшкерелеймін, егер осы айыптаған сөзімді, Лукреция сияқты, қан-жаныммен дәлелдеу керек болса, мен оған әзірмін!»
«Ах, солай деңіз!—деді қас жауым кекеп. — Ендеше сөз басқа. Шыныңызды айтыңызшы, мұндағы хал-жағдайыңыз жақсы ғой, ішкеніңіз — алдыңызда, ішпегеніңіз — артыңызда, ал, егер өзіңізді өзіңіз аштан қатырамын десеңіз, кінәлі өзіңіз боласыз».
Осыны айтып, ол кетіп қалды. Мен есіктің қайта ашылып, жабылғанын есіттім, шынымды айтайын, қайғы-қасіреттен емес, кегімді қайтара алмағаныма ұялғаннан кірерге жер таппай, іш құста болып қала бердім.
Ол уәдесіне берік екен. Арада күн етті, тағы бір түн өтті жылжып, бірақ ол. көрінбеді. Мен де уәдемде тұрдым: нәр татпай қояйын. Сол сойқанға айтқанымдай, аштан өлмек болдым.
Күн-түн демей дұғадан бас алмадым: құдай тағалам, өзіме қол салғанымды рақымы түсіп, кешетін шығар деп ойладым.
Келесі түні есік ашылды. Мен әл-қуаттан айрылып, еденде жатқанмын.
Есіктің сықырын естігесін, қолыма сүйеніп басымды көтердім.
«Қалай, біз аздап та болса, райдан қайттық па? — деді құлағымды жарып жіберетіндей болып бір қаһарлы дауыс, мен оны тани қойдым. — Тек: үндемеймін, деп уәде беріп, азаттықты сатып алуға қалай қараймыз. Білесіз бе, мен қайырымды адаммын, — деді ол тағы да, пуритандарды жек көрсем де, әділін айтайын, оларды даттамаймын, егер әсем болып келсе, пуританкаларға да олай қараймын. Кәне, распятиені ұстап, ант етіңізші, сізге одан өзге ешбір талап қоймайын».
«Распятиені ұстап ант етейін бе сізге? — дедім орнымнан тұрып: әлгі жиіркенішті дауысты естісімен бар күшім бойыма қайта оралғандай болды. — Распятиені ұстап! Ешбір уәде, қоқан-лоққы, ешбір азап-тозақ менің аузымды жаба алмайтынына ант етемін!.. Распятиені ұстап ант ет! Көрінген жерде сізді кісі өлтіруші, ар-намысты арамдаушы есебінде, оңбаған есебінде әшкерелемесем, ант атсын!.. Распятие дейді!.. Егер бір кезде осы қамаудан құтылған болсам, күллі адам атаулыға сізден кек алыңдар деп жалынамын».
«Абайлаңыз! — деді ол маған қатуланып, оның бұлай сызданғанын әлі көрген де естіген де жоқ едім. — Сіздің аузыңызды бірі жолата жабуға, тым болмаса, мына сіз айтатын бірде-бір сөзге жұртты сендірмеуге айла-тәсілім жетеді, бірақ мен оны іс асқынып бара жатқанда ғана қолданамын».
Бойымда қалған-құтқан күш-жігерімді жинап, оның бұл айбатына қайрат көрсетіп, сақылдап күліп жібердім.
Ол енді бұдан былай екеуміздің арамызда өліспей беріспейтінім, мәңгі бітіспес қысастық басталатынын анық түсінді.
«Айтқанға құлақ асыңыз, мен сізге әлі де ойланып-толғануға осы түннің қалған уақыты мен ертеңгі күнді берейін, — деді ол. Егер сіз үндемеуге уәде берсеңіз, байлық та, бақыт та, құрмет те тіпті сый-сияпат та шылауыңызда болады; егер сіз мені қорқытып, айбат жасай берсеңіз, онда өзіңізді ел-жұрт алдында масқара етемін».
«Сіз бе! Сіз бе!» — дедім шапылдап.
«Есіңізден мәңгі кетпейтіндей етіп масқаралаймын!»
«Сіз бе!..» — дедім мен қайталап.
О, имандай шыным, Фельтон, мен оны жынды екен деп қалдым.
«Иә, мен», — деді ол.
«Ах, қойыңызшы! — дедім оған. — Егер көз алдыңызда басымды қабырғаға соғып өлмесін десеңіз, дереу кетіңіз!»
«Мақұл, — деді ол, — айтқаныңыз болсын. Ертеңгі кешке дейін сау болыңыз».
«Ертедегі кешке дейін!» — дедім еденге құлап түсіп, ызаланып кілемді тістелеп жатып...
Фельтон креслоға сүйеніп әзер отыр, менің әңгімемді ақырына дейін тыңдауға оның күші де жетпейтін шығар, — деп ойлады миледи бір әзәзіл қуанышпен.
XXVII
КЛАССИКАЛЫҚ ТРАГЕДИЯНЫҢ СЫННАН ӨТКЕН ӘДIСI
Бір минуттай үнсіз отырғанда миледи өзін тыңдаушы жас жігітті ұрланып біраз бақылап алғасын, әңгімесін жалғай берді:
— Сонымен, үш күндей нәр татпадым. Менің бастан өткерген азабымды адам баласына бермесін: кейде басым айналып, шекем қысып, көз алдым мұнарланып кетеді — бұл сандырақтауымның басталғаны.
Кеш те болды. Әлсірегенім сондай, сәт сайын ақылымнан жаңылып қала беремін және сондай кездері енді өлетін шығармын бір құдайға мың алғыс жаудырамын.
Осылай бір талып кеткен кезде есіктің ашылған дыбысын есіттім. Шошынғаннан есімді жиып алдым.
Ол қасына бетін маскамен бүркеп алған бір адамды ертіп келді; өзі де маска киіп алыпты, мен оны жүрісінен, дауысынан таныдым, адам атаулының сорына ма, әйтеуір соншалық келісті келген кескін-кейпінен бе, жоқ па?»
«Қалай, — деді ол маған,— әлгі өзіңізден талап еткен антты беруге келісесіз бе, жоқ па?»
«Пуритандар берген уәдесінен таймайды деп өзіңіз айтқансыз. Мен — бұл дүниеде сізді адамның сотына, ал, о дүниеде — құдайдың сотына беремін деп серт еткенмін, оны өзіңіз де естігенсіз».
«Демек, сіз қасарыса бересіз ғой?»
«Осы зарымды естіп отырған құдай атымен ант етейін, сіздің қылмысыңызға күллі зиялы қауымды куә болуға шақырамын және қашан кегімді қайтаратын бір азамат табылғанша зарлай беремін!»
«Сіз жезөкше сайқалсыз, — деді ол күркіреп, — сондай әйелдерге қолданылатын жаза сізге де қолданылады! Сол өзіңіз араша сұрап тұрған ақсүйек зиялы қауым алдында қарғыс таңбасы бір басылса, сол қауымға өзіңіздің қылмысты және жынды емес екеніңізді дәлелдеп көріңізші, кәне!»
Сосын маскалы кісіге бұрылды.
«Жендет, іске кіріс!» — деп әмір етті ол.
— О! Оның аты кім! Аты! — деді Фельтон қалшылдап. — Маған соның атын айтыңызшы!
— Хош, сосын менің айқайлағаныма, қарсыласқаныма қарамастан, жендет тарпа бас салып, еденге алып ұрып, тырп еткізбей жаншып тастады — мен өзім өлімнен де жаман бір сұмдық жазаны қолданайын деп жатқанын сездім. Өксіп жылап жатып, есімнен жаңылып қала жаздадым, кенет жендеттің ысытылған темірі иығымды қарып кеткенде, әрі шошынып, әрі ұяттан өртеніп, ышқына шыңғырып жібердім...
Фельтон шыдамай, қыр ете түсті.
— Міне қараңызшы, — деді миледи, королева сияқты паңдана орнынан тұрып, — қараңызшы, Фельтон, нағыз жауыздың зорлық - зомбылығына жем болған, бейкүнә балаң қызға қандай азапты ойлап тапқанын! Кісінің жан-жүрегін тани білсеңізші, жаным, бұдан былай солардың әділетсіз залым кегін жоқтайтын көзсіз шоқпар болмасаңызшы!
Миледи бір бұлқынып, көйлегін ашып, кеудесін жапқан бәтесті дар еткізіп жыртып жіберді де, жалған ұят пен ашу-ызадан қып-қызыл болып, жас жігітке жалтыраған әсем иығын арамдаған, енді ешқашан да өшпейтін лағнат таңбасын көрсетті.
— Ау, мынауыңыз тұңғиық гүл ғой! — деді Фельтон таңырқап.
— Бар сұмдық осында жатыр! — деді миледи. — Бұл ағылшынның таңбасы болса етті!.. Онда мені қандай сот осы жазаға кескенін дәлелдеу керек болар еді, демек, мен мемлекеттің күллі соттарына шағым айта алатын едім. Ал, Француз таңбасы... О, сол таңбаны маған мәңгі өшпейтіндей етіп басыпты!.»
Фельтон бұған тіпті шыдамай кетті.
Өзінің жалаңаш денесін арсыздықпен ашып көрсеткен әйелдің ағат қылығын оның жан-жүрегінің ізгі, ұлы бір қасиеті деп білген және миледидің сұмдық әңгімесінен аза бойы қаза тұрып шошынған, әрі оның ғажайып сұлулығының мысы басқан жігіт аппақ болып, біраз уақыт сілейіп отырып қалды да, азап шеккен шарапатты әулиелер алдында христиандар қалай құласа, кенет ол да әйел алдында тізесін бүгіп, құлай кетті; ал,әлгі әулиелерді, христианды қудалаушы императорлар бір кезде цирктегі қанқұмар қара тобырлардың мазағына тастайтын болған ғой, Ол таңбаны ұмытып, сұлулыққа ғана табынып қалған-ды.
— Рақым етіңіз! Рақым етіңіз! — деді Фельтон дауыстап. —О, кешіріңіз мені!
Миледи оның көзінен: «Сүйемін, сүйемін!» — деген сөзді оқыды,
— Кешір дейсіз — нені? — деді ол.
— Сізді қуғындаған кісілерге қосылғанымды кешіріңіз.
Миледи оған қолын созды.
— Осындай ғажайып, осындай балғын сұлу — деді Фельтон оның қолын шөпілдете сүйіп жатып.
Миледи оған жәудірей бір қарады, мұндай көзқарастан құлдың өзі хан болып кетер еді.
Фельтон пуританин еді. Ол әйелдің қолын қойып, аяғын өбе берді.
Жігіт енді әйелді тек жақсы көріп қана коймай, оған құдайдай табына бастаған-ды.
Жан жүректің осындай түлей ұшар тұлпар сәті өтіп, миледи өзін өзі ұстайтын байыпты қалпына келгендей болып көрінгенде (ол ұстамды қалпынан бір минут те айнымаған-ды), Фельтон ұят пердесінің махаббат-ләззат қымбатын тағы бүркей салғанын байқады, қылықты әйел қылымсып, наздана қымсынған сайын, ер жігіт те нәпсіге еріп, еліріп кетеді.
— Менің енді сізден бір ғана тілегім бар: сіздің шын жендетіңіздің аты кім? Меніңше, бір кісі нағыз жендет болғандағы, екінші кісі оның шоқпары болған, — деді Фельтон.
— Бауырым-ау, мұның қалай, мен тағы оның атын атауым керек пе? Кім екенін әлі білген жоқсың ба? — деді миледи таңырқап.
— Қалай, — деді Фельтон, — бұл да сол ма?.. Тағы да соның өзі!.,. Қайда барсаң, сол... Қалай! Нағыз айыпты...
— Нағыз айыпты сол — Англияны зар илеткен, нағыз діншілдерді қуғын-сүргінге салған, талай әйелдердің арын төгіп, сорлатқан, ерігіп-зеріккеннен сансыз ағылшынның қанын шашқалы отырған қаныпезер қара жүрек, бүгін протестанттарға қамқор болса, ертең оларға опасыздық жасайтын жауыз...
— Бекингэм! Ол Бекингэм ғой? — деді Фельтон қалшылдап.
Осы бір жексұрын есімді есітудің өзіне жаны қиналатын кісідей, миледи бетін қолымен баса қойды.
— Осынау періштедей пәк жанның жендеті — Бекингэм екен ғой! — деді Фельтон дауыстап. — Сен оны сонда жай оғымен жайратпағансың ба, жасаған! Біздің бәріміздің сорымызға бола сен оны ел құрметіне бөлеп, бақ-дәулетін, қайрат-күшін асырып, масайратып қойғаның қалай!
— Өзінен өзі безген кісіден құдай да безеді! — деді миледи.
— Ендеше ол жәбір-жапа шеккендер тартатын жазаны өз басына төндіргісі келе ме?! Тәңірінің әділ жазасынан адамның кегі бұрын жүрсін дегені ме! — деді Фельтон өрекпіп.
— Жұрт одан қорқады, сосын тимейді.
— О, мен одан қорықпаймын, сол себепті де аямаймын! — деді Фельтон өшігіп.
Миледи кеудесін қуаныш кернеп, жаны жадырап бара жатқанын сезді.
— Айтпақшы, менің қамқоршым, әкемдей болған лорд Винтердің бұған қандай қатысы бар? — деді Фельтон.
— Білесіз бе, Фельтон, бұл дүниеде зымиян да жексұрын кісілермен бірге жомарт жанды, дегдар кісілер де бар. Менің атастырылып қойған жігітім бар еді, оны жанымдай жақсы көретінмін, ол да мені жақсы көруші еді, сіз сияқты ер жүректі, ізгі жан еді, Фельтон. Мен оған келіп, бар сырымды жасырмай айттым. Ол мені жете білетін, сол себепті де маған зәредей де күмән келтірмеді. Ол бір асыл текті бекзат, қай жағынан алсаң да, Бекингэмнен кем түспейтін кісі-тін. Ол ләм деп тіл қатпады, шпагасын байлап, плащына оранып, Бекингэмнің сарайына кетіп қалды...
— Иә, иә, түсіндім. Бірақ ондай адамдармен шайқасарда шпагасы емес, қанжар керек, — деді Фельтон.
— Бекингэм соның алдында ғана, ол кезде әлі ханзада Уэльский атанып жүрген король Карл Біріншіге король қызын айттырып қайту үшін Испанияға жүріп кеткен-ді. Менің болашақ күйеуім бекер барып, қайтып келді. «Қайтейін, о кәззап кетіп қалыпты, әзірге одан кегімді қайтара алмаймын. Ол қайтып келем дегенше, бұрынғы уәде бойынша, екеуміз некемізді қиып, тұрмыс құралық, ал, ар жағында лорд Винтерге сене беріңіз, ол өзінің намысын да әйелінің намысын да қорғай алады, — деді ол маған».
— Лорд Винтерге дейсіз' бе? — деді Фельтон дауыстап.
— Иә, лорд Винтерге, — деді миледи оны мақұлдап. — Енді сізге бәрі де түсінікті болар, солай ма? Бекингэм сол сапарда бір жылдай болды. Ол қайтып келерден бір апта бұрын лорд Винтер кенет қайтыс болды, оның бірден-бір мұрагері болып мен қалдым аңырап. Бұл зауалдың иесі кім? Ол жалғыз ғана жаратқанға аян шығар, өз басым ешкімді де кінәламаймын...
— О, әбден азған екен! Азған екен! — деді Фельтон жаны түршігіп.
— Лорд Винтер інісіне бір ауыз сөз айтпай үзіліп кетті. Бұл сұмдық сыр, кінәлі кісі жай оғы түсіп өлгенше, құдайдың тірі жанына айтылмай, тылсым құпия болып қала бермек-ті. Сіздің қамқоршыңыз ағасының бақ-дәулетсіз, жалаңаш-жалпы жас қызға үйленгеніне қатты қайғырып жүрді. Аға мұрасын аламын деп, алданып қалған кісіден ешбір демеу болмасына көзім жетті. Сосын қалған өмірімді Францияда өткізейін деп сол елге кетіп қалдым. Бірақ менің бар дәулетім Англияда болатын. Соғыстың әлегінен екі елдің арасындағы қарым-қатынас үзілді, мен тарығып-торыға бастадым, сосын лажсыздан осында келдім. Осыдан алты күн бұрын Портсмуттен келіп түстім.
— Одан әрі не болды? — деді Фельтон.
— Одан әрі дейсіз бе? Бекингэм, шамасы, менің қайтып келе жатқанымды біліп, лорд Винтермен сөйлескен болуға тиіс, ал, ол кісі мені бұрыннан жақтырмайтын, сосын герцог оған: жеңгеңіз жезөкше, лағнат таңбасы басылған қылмысты әйел деп айтқан. Өзінің адал, ізгі дауысын көтеріп, мені қорғайтын күйеуім жоқ, Лорд Винтер айтылған сөзге түгел сенген және сенетін де жөні бар, өйткені бұл оған пайдалы. Ол мені тұтқынға алып, осында жеткізуге әмір берген, сөйтіп, мені сіздің қарауыңызға тапсырды, Қалғаны өзіңізге мәлім: арғы күні мені айдатып жібереді, жер аударады, арғы күні ол мені өмір-бақи қуылып, аласталғандардың арасына апарып тастайды! О, сенсеңіз, жауыз мақсат жақсы ойластырылған! Торы жаюлы, ар-намысым таптаулы! Өзіңіз көріп отырсыз ғой, Фельтон, менің өлуім керек... Фельтон, маған пышақ беріңізші!
Осы сөздерді айтқасын, әл-дәрмені құрығандай, миледи жас офицердің құшағына қалжырап құлай кетті, ал, жігіт сүйіспеншілігі аралас ашу-ызаға, өмірде татып көрмеген бір рахат сезімге елігіп, елтіп қалған-ды. Ол осынау таңғажайып шырын еріннің тынысынан тұла бойы шымырлап, бір көтеріліп, бір басылған биік кеуді төсіне келіп тигенде есі шығып, әйелді қатты қысып, жүрегіне басты.
— Жоқ, жоқ! — деді ол дауыстап. — Жоқ, сенің ақ жүзіңді кірбің шалмай, жұрттың құрмет-қошаметіне бөленіп, өмір сүресің әлі, жауларыңды жеңіп, сән-салтанат құру үшін өмір сүресің!
Миледи оны қолымен жәй ғана итеріп шегіндірсе де, көзімен қайта шақырады; Фельтон оны қайтадан құшырлана құшақтап әйел жүзіне тәңіріге табынғандай жалбарына қарайды.
— Ах, ажал! Ажал қайда! — деді миледи манаураған үнмен көзін жұмып. — Ах, мұндай қорлықтан өлген артық! Фельтон, бауырым, досым, жалынамын саған!
— Жоқ! — Фельтон жұлқынып. — Сен өмір сүресің, кегіңді алып, өмір сүресің!
— Фельтон, мен айналамдағы кісілерді бақытсыз ететін бейбақпын. Мені тастап кет, Фельтон! Өлуіме мұрсат бер!
— Олай болса, біз бірге өлеміз! — деді Фельтон, тұтқынды ернінен сүйіп.
Есікті тарсылдатып қаға бастады. Бұл жолы миледи Фельтонды шындап итеріп жіберді.
— Есіттің бе? Біздің сөзімізді тыңдапты, осында келе жатыр. Бәрі де бітті, біз құрыдық! — деді ол.
— Жоқ, бұл күзетші есікті қағып жатқан. Ол дозор келіп қалды деп мені ескертіп жатыр, — деді Фельтон.
— Олай болса, жүгіріп, барып, есікті өзіңіз ашыңыз. Фельтон екі айтқызбады — бұл әйел оның ой-пікірін, жан жүрегін түгел билеп алған-ды.
Ол есікті шалқайта ашып, күзет патрулін басқаратын сержантпен бетпе-бет дидарласып қалды.
— Не болып қалды? — деді жас лейтенант.
— Егер менің көмекке шақырғанымды есітсең, есікті аш деп әмір беріп едіңіз, бірақ сіз маған кілтті беруді ұмытып кетіпсіз.
Сіздің даусыңызды есіттім де, не айтқаныңызға түсінбей қалдым. Есікті ашайын деп едім, ішінен бекітулі тұр екен. Сосын мен сержантты шақырдым...— деді солдат сампылдап.
— Міне, мен де келдім, — деді сержант.
Абыржып, ақылынан адасып қалған Фельтон тіл қата алмай, сілейіп тұрып қалды.
Миледи көптің назарын өзіне аудармаса болмайтынын біле қойды, ол столға жүгіріп барып, Фельтон қойып кеткен пышақты алып:
— Менің өлуіме бөгет болуға қандай хақыларың бар! — деп айқайлап жіберді.
— Құдайым-ай! — деді Фельтон әйелдің қолында жарқ еткен пышақты көріп.
Сол сәтте дәлізден мысқылдай күлген бір дауыс естілді. У-шу дауысты есіткесін барон халатын киіп, қолтығына шпагасын қысып, есік алдына жеткен екен.
— А-а... — деді ол даусын созып. — Міне, біз трагедияның соңғы актісін де көрдік! Көріп тұрсыз ба, Фельтон, мен айтқандайын, драма оқиғасы сатылап отырып, тиісті кезеңінің бәрінен өтті. Бірақ асып-саспаңыздар, қан төгілмейді.
Егер тап қазір нар тәуекел деп, бір сұмдық қорқынышты әрекет жасап, өзінің ержүректігіне Фельтонның көзін жеткізбесе, су түбіне кететінін миледи бірден сезе қойды.
— Сіз қателесесіз, милорд, қан бір төгілуін төгіледі, бірақ сол жазықсыз қан соны төгуге мәжбүр еткен сұмдардың басына төгілсін!
Фельтон қышқырып жіберді де, миледиге қарай тұра ұмтылды... Жігіт кешігіп қалды — миледи өзіне пышақ салып үлгірген еді.
Бірақ кездейсоқ бір сәті түсті ме, әлде, миледидің шалт шеберлігі ме, әйтеуір, пышақ корсеттің құрыш планшеткасына барып тиеді, ол заманда әйел кеудесін сондай бір сауытпен тартып тастайтын. Пышақ одан тайып кетіп, көйлекті жыртып, қабырға үстін қиғаштап тіліп түседі.
Сонымен миледидің көйлегі қанға боялып шыға келді. Миледи шалқасынан құлап, есінен танып қалғандай болды.
Фельтон пышақты жұлып алды.
— Қараңызшы, милорд, мен күзетте тұрғанда өзін-өзі өлтірген әйел, міне, осы, — деді ол тұнжырап.
Фельтон, қам жемеңіз, ол өлген жоқ. Жын-перілер оңайлықпен өлмейді. Абыржымаңыз, менің бөлмеме барыңыз дағы, күте тұрыңыз, — деді лорд Винтер оны құптамай.
— Дегенмен, милорд...
— Барыңыз, бұйырамын. Фельтон бастығының әміріне көнді, бірақ бөлмеден шыққасын пышақты қойнына тыға салды.
Ал лорд Винтер болса, ол әуелі миледиге қызмет етіп жүрген әйелді шақыртып алды; әйел келгеннен кейін, талып жатқан тұтқынды соның қамқорлығына тапсырып, екеуін оңаша қалдырып, шығып кетті.
Бірақ жарақат мұның ойлағанындай жеңіл емес, ауыр болып шығуы да ықтимал-ау деп, шабарманды қолма-қол дәрігерге жұмсады.
XXVIII
ҚАШЫП КЕТУ
Лорд Винтердің шамалағанындай, миледидің жарасы қауіпсіз болып шықты; барон шақыртып алдырған әйелмен екеуі жалғыз қалып, күтуші мұны дереу шешіндіре бастаған кезде, миледи көзін ашты.
Бірақ әл-дәрменсіз ауру болып, көлгірсіп жата тұру керек болды, миледидей комедиант әйелге бұл онша қиын емес-ті; күтуші байғұсты тұтқын әйелдің арбағаны сонша, ол жүре беріңіз, деп қанша өтінсе де, түнімен оның қасында күзетіп отырмақшы болды.
Дегенмен бұл әйел қасында отырса да, миледидің ойлануына ешбір бөгет жасамады.
Енді мұның сөзінің растығына Фельтонның сенетініне дау жоқ, Фельтон бұған жан-тәнімен берілген, егер тап қазір сол жігіті көктен бір періште келіп, миледиді айыптай бастаса, жаны жаңғырып, рухани түлеп тұрған жігіт, бәлкім, сол періштенің өзін caйтанның сапалағы деп қалуы ғажап емес.
Осыны ойлаған кезде миледи жымиып бір күлді, өйткені бүгіннен бастап, Фельтон мұның бірден-бір үмітіне, тұтқыннан құтылудың бірден-бір құралына айналған болатын.
Бірақ лорд Винтер Фельтонға күдіктеніп, соңынан аңдытып қоюы мүмкін.
Таңғы сағат төрттің кезінде дәрігер келді, бірақ миледидің жарасының аузы тартылып, жабылып қалыпты, сол себепті де дәрігер жарақаттың ауыр-жеңілдігін қапелімде дәл басып айта алмады, тек тамырын ұстап көріп, науқастың әл-ахуалы онша қауіпті емес деген түйін жасады.
Ертеңгісін миледи өзін күткен әйелді түнімен көз ілмеді, тынықсын деген сылтаумен қайтарып жіберді.
Ол таңғы асты әкелгенде Фельтон да келетін шығар деп ойлаған, бірақ Фельтон келмеді.
Шынымен-ақ күдігінің рас болып шыққаны ма? Шынымен-ақ, барон сезіктеніп, Фельтон нақ шешуші сәтте бұған қол ұшын бере алмай ма? Кетуіне енді бір-ақ күн қалды: лорд Винтер оған аттаныс жиырма төртінші күнге тағайындалды деп мәлімдеген, ал, қазіp айдың жиырма екінші күнінің таңы атты ғой.
Басқа не амал, миледи түске дейін сарғая күтті.
Ертеңгі астан ауыз тимесе де, түскі тағамды дағдылы уақытында әкелді, сол мезетте ол өзін күзетіп тұрған солдаттардың формасы мүлде басқа екенін байқап, зәресі ұшып кетті. Дегенмен жүрегін тоқтатып, Фельтон қайда деп сұрады. Оған Фельтон осыдан бір сағат бұрын атқа қонып, бір жаққа кетіп қалды деп жауап берді.
Миледи барон әлі қамал-сарайда ма деп сауал қойды. Солдат: осында, — деп жауап беріп, оның: егер тұтқын әйел сөйлескісі келсе маған хабарлаңдар, — деп әмір еткенін айтты.
Миледи өзінің қатты әлсіреп қалғанын, ендігі есіл-дерті оңаша қалып, тынығу екенін білдірді.
Солдат столға түскі асты қойып шығып кетті.
Фельтонды қызметінен сырғытып, теңіз жаяу әскерінің солдаттарын ауыстырыпты, демек, Фельтонға сенбейтін болғаны ғой!
Бұл тұтқын әйелге тиген соңғы соққы еді.
Бөлмеде жалғыз қалғасын миледи орнынан тұрды: күзеттегілер ауыр жаралы екен, дәл ойласын деп, сақтық жасап, таңертеңнен төсегінен тұрмай қойған, сол төсегі енді оны тандырдай күйдіріп пара жатты. Ол есікке қарап еді — оймақтай терезені бітеп тастапты. Барон, шамасы, осы сұрқия келіншек әзәзіл бір айла тауып, ... болмашы саңылау арқылы күзетті арбап алып жүрмесін деп ширыққан болуға тиіс.
Миледи қуанғаннан күліп жіберді: енді ол біреу сырттан бақылап тұр екен деп қауіптенбей, ой-сезімін сыртқа еркін шығаратын болды! Ашу-ызадан кеудесінде кек қайнап, әйел темір торға қамалған өлекшіндей, бөлме ішін әрлі-берлі кезе берді. Егер оның қолында пышағы болса, ол тап қазір өзін емес, баронды жазым ету жәйін іздестірер еді.
Кешкі сағат алтыда лорд Винтер келді. Өзі бақайшағына дейін қаруланып алыпты. Миледи дәл бүгінге дейін осы бір кісіні сарай төңірегіндегі ақымақ төрелердің бірі деп ойлайтын, енді ол керемет түрмеші болып шыға келді: бәрін күн ілгері көріп, не болатынын болжап, алдын алып қойған тәрізді.
Миледиге бір қарағаннан-ақ, барон әйел ішінде не болып жатқанын сезе қойды.
— Солай-ақ болсын, — деді ол, — бірақ сіз бүгін мені өлтіре алмайсыз: әуелі қолыңызда қаруыңыз жоқ, оның үстіне, мен сақ жүрмін. Сіз Фельтон байғұсты арбап, бұза бастадыңыз, ол сіздің әзәзілдікпен жасаған әсеріңізге бейім сыңай танытты, бірақ мен оны бәледен құтқармақ болдым: ол сізді енді қайтып көрмейді, сонымен іс тамам. Ол-пұлыңызды жинай беріңіз — ертең жол-сапарға шығасыз. Мен әуелі сіздің жүзіп кететін мерзіміңізді жиырма төртіне деп белгілеп едім, бірақ сосын іс неғұрлым тезірек бітсе, соғұрлым дұрыс болар деп ойладым. Ертең түсте сізді жер аудару жөніндегі бұйрық, Бекингэмнің қолы қойылып, қайтып келеді. Егер сіз кемеге барып отырғанға дейін, біреуге бір ауыз сөз айтсаңыз болды, менің сержантым сізді табанда атып тастайды — оған сондай бұйрық берілген. Егер сіз кеме үстінде капитанның рұқсатынсыз кез келген біреуге бір ауыз сөз айтсаңыз болды —капитан сізді теңізге лақтырып тастауға әмір етеді — оған сондай жарлық берілген. Көріскенше қош. Менің сізге бүгін айтайын деген сезім ocы. Ертең сізді тағы да көремін — қоштасуға келемін.
Осы сөздерді айтып, барон кетіп қалды.
Миледи осы бір қаһарлы сөздерді ернін шүйіре күлімсіреп отырып тыңдады, бірақ іштей қаны қайнап, жынданып кете жаздады.
Кешкі асты әкелді. Миледи біраз ас ішіп әлденіп алмаса болмайтынын сезді: осынау түнде не болып, не қоятыны әлі бимәлім, Бұл түннің тас қараңғы дауылды-жауынды болатын түрі бар: барқын аспанда өркеш-өркеш бұлттар жөңкіле көшіп барады, алыстан жалт-жұлт еткен найзағай оттарына қарағанда, қатты жаңбыр жауатын тәрізді.
Түнгі сағат онның кезінде жаңбыр құйып кетті. Тап өзі сияқты табиғаттың да буырқанып, бұрсанып жатқанына миледи қуана көз тастады. Өзі сияқты ашу-ызасы тасып, күн де күркіреп тұр, құтырынған қатты жел ағаштарды әлем-тапырық етіп, бұтақтарын майыстырып, жапырақтарын жұлып жатқаны сияқты, бет қаратпай бұған да соғып тұрған тәрізді; әйел түз тағысындай ұлып жіберді, оның дауысы ішін тартып, ыңыранып, бұлқан-талқан болып жатқан табиғаттың құдіретті үнімен ұласып кеткендей болды.
Миледи кенет терезені қаққан дыбысты есітті, найзағайдың көмескі жарығымен тор сыртында тұрған біреудің бетін көрді.
— Фельтон! Мен енді құтылдым! — деді ол дауыстап.
— Иә, — деп дыбыс берді Фельтон, — ақырын сөйлеңіз! Мен әлі темір тор шыбығын арамен кесуім керек. Олар сізді есіктегі терезеден көріп қоймасын, абай болыңыз.
— Құдайдың бізді қолдайтынының тағы бір белгісі осы олар терезені тақтаймен шегелеп тастады, — деді миледи.
— Онысы жақсы болған... Құдай оларды ақылынан адастырған екен! — деді Фельтон.
— Мен енді не істеуім керек? — деді миледи.
— Ештеңе, тіпті ештеңе де істемеңіз, тек терезені жабыңыз. Төсекке барып жатыңыз, тым болмаса, киімшең қисая тұрыңыз. Мен істі бітіргесін терезені қағамын. Бірақ сіз маған еріп жүре ала сыз ба?
— О әлбетте!
— Жарақатыңыз ше?
— Ауырады, бірақ жүруге бөгет емес.
— Белгі бергенде әзір жатарсыз.
Миледи Фельтонның айтқанын істеді, терезені жауып, шамды өшіріп, Фельтонның сөзін тыңдап, көрпені жамылып жатып қалды. Ол сарнаған дауыл арасынан темір торды шықырлата егеп жатқан ара дыбысын есітіп, найзағай жалт еткен сайын терезе әйнегінің сыртынан Фельтонның қарайған тұлғасын айырып жатты.
Ол ұзақ бір сағат бойы тынысын ішіне тартып, суық терге малынып, дәлізден болмашы бір тықыр естілсе, қорыққанынан жүрегі тоқтап қалғандай болып, елеңдеп жатты да қойды. Ұзақтығы жылдан бетер бір сағаттар болады... Бір сағаттан кейін Фельтон тағы да терезені қақты. Миледи орнынан ұшып тұрып, терезені ашып жіберді. Тордың ішкі шыбығы кесіліп, адам сығалап өте алатындай саңылау пайда болыпты.
— Дайынсыз ба? — деді Фельтон.
— Иә. Өзіммен бірге бірдеңе алайын ба?
— Егер бар болса, алтын алыңыз.
— Абырой болғанда, жанымдағы алтынды алып қоймап еді, әйтеуір.
— Тіптен жақсы. Мен бар ақшамды кеме жалдауға жұмсап қойып едім.
— Мә, алыңыз, — деді миледи Фельтонға алтын теңгелер салынған қалтаны беріп.
Фельтон қалтаны алып, оны төменге, қабырғаның түбіне тастай салды.
— Ал, енді төмен түселік, — деді ол.
— Мақұл.
Миледи креслоның үстіне шығып, терезеден сұғынып, сыртқа қарады. Ол жас офицердің құз үстінде арқан басқышта тербеліп тұрғанын көрді.
Өмірінде тұңғыш рет ол қорқайын деді және өзінің әйел екенін есіне алды. Оның түпсіз құздан басы айналған-ды.
— Мен де осыдан қорқып едім, — деді Фельтон.
— Ештеңе етпес... ештеңе етпес... — деді миледи. — Көзімді тарс жұмып түсемін.
— Сіз маған сенесіз бе? — деді Фельтон.
— Соны сұрамай-ақ қойыңызшы!
— Қолыңызды бері созыңызшы. Енді айқастырыңыз. Соза түсіңіз. Бәрекелде, болады.
Фельтон оны білегінен әуелі өзінің орамалымен, оның сыртынан жіппен мықтап байлап тастады.
— Сіз не істеп жатырсыз? — деді миледи таңырқап.
— Енді қолыңызды менің мойныма салыңыз-дағы, ештеңеден қам жемеңіз.
— Бірақ менің кесірімнен сіз бір жағына ауып кетесіз де, содан екеуміз де құлап мерт боламыз ғой.
— Қорықпаңыз, мен — теңізшімін.
Енді бір сәт те тұруға болмайды; миледи Фельтонды мойнынан құшақтап алды, сосын жігіттің демеуімен терезеден сып етіп сыртқа шықты.
Фельтон басқыштың тепкішегінен тепкішегіне абайлап түсе бастады. Екеуінің салмағына қарамастан, құтырынған жел басқышты ырғай тербеп тұрды.
Кенет Фельтон тым-тырыс тұра қалды.
— Не болды? — деді миледи.
— Тс-с! Мен біреудің жүрген дыбысын есіттім, — деді Фельтон.
— Бізді көріп қалған шығар!
Олар бір сәт үн шығармай, елеңдеп тұрып қалды.
— Жоқ қорқатын ештеңе жоқ екен, — деді Фельтон бір кезде.
— Бұл жүрген кімдер екен?
— Бұл — қамал-сарайды айналып қарап жүрген күзеттегі сақшылар ғой.
— Олар қай жермен өтуі керек
— Тап біздің астымыздан.
— Бізді көріп қоймас па екен..
— Найзағай жарқылдамаса көрмейді.
— Басқыштың төменгі жағы оларға тимес пе екен?
— Сәті түскенде, басқыш жерге алты футтай жетпейді.
— Әне, солар... құдай-ай, сақтай гөр!
— Үндемеңіз!
Олар жерден жиырма футтай биікте, тынысын тартып, үн-түнсіз салбырап тұр, ал тап сол мезетте олардың астынан өзара сөйлесіп, әзілдесе күлісіп, солдаттар өтіп бара жатты.
Қашқындардың басына қатер төнді...
Күзет өтіп кетті. Олардың басқан аяқтарының тықыры алыстай берді, дабырласқан дауыстары да бірте-бірте өше берді.
— Біз енді құтылдық, — деді Фельтон.
Миледи бір күрсініп, талықсып кетті.
Фельтон қайтадан жәйімен түсе бастады. Басқыштың төмен шетіне дейін жетіп, одан әрі аяғына тірек жоғын сезгесін, ол тепкі шектерді қолымен ұстап түсе бастады; ақырында соңғы тепкішектен ұстап, салбырап тұрып қалғанда аяғы жерге барып тиді; Ол еңкейіп, алтын ақша салынған қалтаны алып, тісімен тістеді.
Содан кейін ол миледиді қолымен көтеріп алды да, күзетшілер кеткен жаққа емес, оған қарама-қарсы жаққа қарай жеделдетіп жүріп кетті.. Ұзамай ол күзет жолынан бұрылып, қара жартастар арасымен ылдилап, жағалауға жетті де, ысқырып қалды.
Бұған жауап ретінде тап сондай ысқырық естілді, арада бес минут өткен шамада теңізден төрт ескекшісі бар қайық көрінді.
Қайық мүмкін болғанынша жиекке жақындап келіп тоқтады тайыз болғасын, тап жағалауға келіп тіреліп тұра алмады. Фельтон аса қымбат жүгін ешкімге сеніп тапсырғысы келмей, белуарынан су кешті.
Сәті түскенде, дауыл бәсеңдей берді. Бірақ теңіз әлі буырқанып жатқан: шағын қайықты жаңғақтың қабығындай лақтырып, қақпақыл тұрды.
— Кемеге! Тезірек есіңдер! — деп бұйрық берді Фельтон.
Төрт матрос жұмылып іске кірісті, бірақ теңіздің қатты толқып жатқаны сонша, қайықты есудің өзі қиындап кетті.
Дегенмен қашқындар қамал-сарайдан бірте-бірте алыстап бара жатты, бұларға ең керегінің өзі осы-тын.
Түн тас қараңғы, қайықтан жағалауды көру қиын еді, ал, жағадан қайықты көру тіпті мүмкін емес-ті.
Теңіз бетінде бірдеңе қарайып, ырғалып тұрды.
Бұл шхуна — шағын кеме еді.
Төрт матрос бар күшін салып, сол кемеге қарай қайықты есіп келе жатқанда, Фельтон әуелі миледидің қолы байланған жіпті, сосын орамалды шешті.
Әйелдің қолын босатқасын, ол алақанымен теңіз суын алып, келіншектің бетіне шашып жіберді.
Миледи бір күрсініп, көзін ашты.
— Мен қайдамын? — деді ол.
— Сіз құтылдыңыз! — деді жас офицер
— О! Құтылдым ба! — деді әйел дауыстап. — Иә, құтылыппын, міне аспан, міне теңіз! Тыныстап отырған ауа — азаттықтың ауасы... Ах!... Сізге шексіз алғысымды ғана айтамын, Фельтон, мың рахмет!
Жас жігіт әйелді кеудесіне басты.
— Бірақ менің қолыма не болған? Қос басынан бірдеңемен құрсап тастаған сияқты, — деді миледи таң қалып.
Миледи қолын көтерді: саусақтары шынында да жансызданып, көгеріп кетіпті.
— Қап, әттегене-ай! — деді Фельтон күрсініп, осынау балғын қолға қарап, еркелете басын шайқап.
— Ах, ол ештеңе етпейді, оқасы жоқ. Енді ғана есіме түсті! — деді миледи дауыстап.
Миледи көзімен төңірегін тінткілеп, бірдеңені іздей бастады.
— Ол мында, абыржымаңыз, — деді Фельтон, алтын ақша салынған қалтаны аяғымен бір түртіп.
Бұлар шхунаға таяп келді. Вахтадағы матрос қайықтағыларға үн қатты — бұлар да жауап қатты.
— Бұл қандай кеме? — деді миледи.
— Сізге арнайы жалдап алған кеме осы.
— Бұл мені қайда апарып түсіреді.
— Қалаған жеріңізге апарады, сіз мені тек Портсмуттен түсіріп кетсеңіз болғаны.
— Портсмуттен не бітіресіз? — деді миледи.
— Лорд Винтердің бұйрығын орындауға барамын, — деді Фельтон түнере мырс етіп.
— Қандай бұйрығын?
— Сіз шынымен түсінбей отырсыз ба?
— Жоқ. Өтінемін, түсіндіріңізші.
— Маған сенбегесін, ол сізді өзі күзетпек болды, ал, мені, сізді жеp аудару жөніндегі бұйрыққа қол қойдырып әкелуге жұмсады.
— Егер ол сізге шын сенбейтін болса, бұйрықты апарып беруге жұмсағаны қалай?
— Не апара жатқанымды білуім қажет емес шығар?
— Мұныңыз дұрыс. Енді сіз Портсмутке кетіп барасыз ба?
— Асықпаса болмайды: ертең жиырма үші, Бекингэм флотпен бірге кетеді.
— Ол ертең аттана ма? Қайда?
— Ла-Рошельге.
— Ол аттанбауға тиіс! — деді миледи шаптығып, өзінің әдеттегі ұстамды қалпынан айнып.
— Қам жемеңіз, ол еш жаққа да кетпейді, — деді Фельтон.
Миледи қуаныштан ұшып кете жаздады, ол жас жігіттің жан жүрегінің түкпірінде не жазылғанын анық көргендей: онда Бекипгэмнің ажалы жазулы еді.
— Фельтон, сен Иуда Маккавей сияқты ұлы адамсың! Егер сен өлсең, сенімен бірге мен де өлемін — саған бар айтарым осы!
— Үндемеңіз! Біз келдік, — деді Фельтон оған.
Шынында да қайық кемеге келіп тірелген-ді.
Фельтон трапқа бірінші болып көтеріліп, миледиге қолын ұсынды, ал, матростар әйелді демей берді, өйткені, теңіз әлі толқып жатқан.
Бір минуттен кейін олар палуба үстінде тұрды.
— Капитан, — деді Фельтон, — менің сізге айтқан кісім осы, бұл кісіні қанаттыға — қақтырмай, тұмсықтыға — шоқыттырмай, сау-саламат күйінде Францияға жеткізу керек.
— Мың пистоль үшін, — деді капитан.
— Мен сізге бес жүзін бергенмін.
— Дұрыс айтасыз.
— Ал, қалған бес жүзі мынау! — деді миледи алтын теңге салынған қалтаны көрсетіп.
— Жоқ, — деді капитан оған қарсы дау айтып, — мен ешқашанда айтқанымнан қайтпайтын адаммын, мына жас жігітке: қалған бес жүз пистоль Булонға барғасын төленеді, — деп серт бергенмін.
Ал, біз оған жете аламыз ба?
— Дін аман, сау-саламат жетеміз, — деді капитан. — Мені Джек Бутлер деп атайтыны рас болса, ол да сондай рас.
— Ендеше, сертке-серт: сіз уәдеңізде тұрсаңыз, мен сізге бес жүз емес, мың пистоль беремін.
— Ура, таңғажайып әйел деп осыны айт! Құдай маған сіз сиқты жомарт жолаушыларды кездестіре берсін! — деді капитан көңілденіп.
— Ал, әзірге бізді ана бір қойнауға жеткізіңіз... есіңізде ме, сол қойнауға бізді жеткізетін болып келіскенбіз, — деді Фельтон.
Бұған жауап ретінде капитан қажетті бағытқа қарай бет алдым да, таңғы сағат жетінің кезінде шағын кеме Фельтон айтқан қонуға келіп, зәкір тастады.
Осы араға келе жатқанда Фельтон миледиге не болғанын айтып берді: Лондонға барудың орнына осы кемені жалдап алғанын, сосын қайтып келіп, қабырғаға өрмелеп, биіктеген сайын тас-тастың арасындағы жіктерге темір тағаларды қағып, оларға аяғын тіреп, көтерілгенін, ақырында терезе торына жеткесін арқан-басқышты байлағанын сөз етті. Қалғаны миледиге мәлім-ді.
Миледи Фельтонның ойына алған ісін мақұлдап, қуаттауға тырысты. Бірақ оның алғашқы айтқан сөзінен миледидің бір ұққаны — жас фанатикті желіктіре түсудің орнына, қайта тежей тұру қажет екеніне көзі жетті.
Олардың келісімі бойынша, миледи Фельтонды сағат онға дейін күтпек, егер ол онға дейін келмесе, әйел жолға шықпақ болды. Ал, жігіт қолға түспей, аман-азат қалса, бұлар Францияда, Бетюндегі кармелит әйелдердің монастырінде кездеседі.
XXIX
1623 ЖЫЛДЫҢ 23 АВГУСІНДЕ ПОРТСМУТТЕ НЕ БОЛДЫ
Серуенге шығарда ағасы қарындасымен қалай қоштасатын болса, Фельтон да солай, миледидің қолын сүйіп қоштасты.
Сыртқы түріне қараса, ол әдеттегіше байсалды да байыпты сияқты, тек көзі ғана жалтылдап жарқ-жұрқ етеді. Өңі бұрынғысынан қуарып кетіпті, ерні жымқырулы, іші қазандай қайнап, қанына қарайып алғандығы ма, әйтеуір, сөйлегенде үзіп-үзіп қысқа сөйлейді.
Кемеден жағаға шығарып салып бара жатқан қайықта отырғанда ол миледиден көзін алмай қойды, әйел палубаға шығып, оны көзімен ұзатып тұрған-ды. Олардың екеуі де қуғыннан айылын жияр емес: миледидің бөлмесіне ешқашанда таңғы тоғыздан ерте кіріп көрмеген, ал, қамал-сарайдан Портсмутке дейін көлікпен үш сағат жүру керек-ті.
Фельтон жағаға түскесін, бір үлкен төбенің жонымен жүріп отырып, биік жартастың төбесіне шықты, миледиге соңғы рет ізет көрсетіп, қалаға қарай бұрылды.
Жол ылдиға құлайды екен, жүз қадамдай жүргесін оған тек кеменің діңгегі ғана көрінді.
Алғы жақтан, шамамен, жарты мильдей жерден, таңғы тұманға оранып, Портсмуттың үйлері мен мұнаралары көрінеді, жігіт солай қарай емпеңдей жүріп келеді.
Портсмуттың ар жағындағы теңіз беті кемеден көрінбейді; олардың діңгектері, қыс ызғары жапырағынан айырған терек орманы сияқты, жел өтінде тербеліп тұр.
Асығыс жүріп келе жатып, Фельтон Яков І мен Карл І-нің жақсы көретін көңілдесі Бекингэмге қарсы шыны-өтірігі аралас, күллі айыптау мен кінәлауларды есіне алып, ойлаумен болды, осы айыптаулар соңғы екі жылда көп нәрсені көңіліне тоқып, толғанудан және пуритандар арасында ұзақ уақыт болу нәтижесінде жұп - жұмыр болып, жинақталып қалған-ды.
Осынау министрдің көпшілікке белгілі, әлемді шуылдатқан әйгілі қылмыстарын, егер бедерлі бір сөзбен айтсақ, Европаға мәлім қылмыстарын, миледидің оны айыптап айтқан, ешкімге белгісіз, мөлтек қылмыстарымен салыстыра келе Фельтон, Бекингэмнің бір басына қабат сыйып, тірлік кешіп жүрген екі адамның ішінен, тірлік-харакеті қалың жұртқа мүлде белгісіз болып келген адамның күнәсі ауыр деп тапты. Жәй көзге әрең-әрең көрінетін тозаң, тіпті құмырсқамен салыстырғанның өзінде, үлкейтетін әйнекпен қарағанда, бізге бір қорқынышты құбыжық болып көрінеді ғой, сол сияқты, Фельтонның өзгеше тосын, ынтызар махаббаты леди Винтердің ойынан шығарып өтірік айтқан жиіркенішті айыптауларын тым ұлғайтып, әсірелеп көрсеткендей болды.
Жеделдете жүргесін кеудесіндегі намыс оты маздай түскен сияқты; артында қаскөй кек-өшпенділік өкшелеп қуып жүрген, жанындай жақсы көретін, дәлірек айтқанда, әулие тұтып, табынатын әйел қалып бара жатыр-ау деген ой, әлгінде ғана басынан өткерген қиямет жан толқынысы, шаршап-шалдығу — осының бәрі қосылып келіп, жігіт жанына қанат бітіргендей түлетіп жіберді.
Ол Портсмутке ертеңгі сағат сегіздің кезінде келіп кірді. Қала халқы өріп жүр, көше-көшеден гаваньнан барабандар дүрсілдейді, аттанысқа шығатын әскерлер теңізге қарай беттеп барады.
Фельтон тұла бойын шаң басып, қара терге түсіп, адмиралтействоға келді. Әншейінде бозарып жүретін жігіттің бет-аузы ыстық пен ішкі ашу-ызадан қызарып кеткен. Сақшы оны жібергісі келмеп еді, бірақ Фельтон қарауыл басшысын шақырып, өзіне осында жеткіз деп тапсырылған бұйрықты көрсетіп:
— Лорд Винтердің тығыз тапсырмасы! — деді нығыздап.
Шарапатты мырзаның жұртқа мәлім, ең жақын достарының бірі лорд Винтердің есімін естігеннен кейін және жігіттің үстіндегі теңіз офицерінің мундирін көргесін, қарауыл бастығы Фельтонды кіргізіңдер деп әмір етті.
Фельтон сарайға қарай тұра ұмтылды.
Ол вестибюльге кіре берген сәтте, осында өне бойы шаң-тозаңнан көрінбейтін бір кісі де ентіге басып асығыс кіре берді, жолаушы осы араға дейін шауып келіп, зорығып құлап түскен атын көшеде қалдырып кірген беті екен. Фельтон мен бейтаныс кісі герцогтің қатты сенетін камерндері Патрикке бір мезгілде тіл қатты:
Фельтон өзін барон Винтер жібергенін айтты; бейтаныс кісі өзін жұмсаған кісінің аты-жөнін айтудан бас тартты, ол өзінің кім екенін тек жалғыз герцогке ғана айтамын деді. Олардың екеуі де герцогке бірінші болып енгісі келді.
Лорд Винтердің герцогпен қызмет істерімен де, достық қарым - қатынастарымен де байланысты екенін жақсы білетін Патрик, сол лорд атынан келген кісіні бұрын жіберді. Екінші шабарман күтіп қала берді, осы кідіріске оның қатты наразы екені айтпай-ақ көрініп тұрды.
Камердинер Фельтонды ертіп, Ла-Рошель қаласы тұрғындарының принц Субиз бастаған делегациясы қабылдау күтіп отырған, үлкен нілден өтіп, бір бөлме есігінің алдына әкелді, жаңа ғана ванналап шыққан Бекингэм осы бөлмеде киініп жатқан, бойға сіңген әдеті бойынша, ол киінуге, таранып-сылануға айрықша мән беретін.
— Лейтенант Фельтон. Лорд Винтердің тапсырмасымен келіпті, — деді Патрик.
— Лорд Винтердің тапсырмасымен? — деп қайталады Бекингэм. — Ендеше кірсін.
Фельтон кіріп келді. Тап сол минутте Бекингэм алтыннан тоқылған қымбат халатын диванның үстіне лақтырып тастап, үстіне маржанмен көмкерілген көк барқыт қамзолын кие бастады.
— Баронның өзі неге келмеді? Мен оны бүгін ертеңгісін күткен едім, — деді Бекингэм.
— Шарапатты мырза, қамал-сарайдағы күзетті өзі басқарып, қолы тимей жатқандықтан да, сізге келу құрметінен осы жолы капле қалғанына қатты қынжылатынын айтуды маған тапсырған еді, — деді Фельтон.
— Иә, иә, білемін. Онда бір тұтқын әйел бар-ды.
— Сол тұтқын әйел жөнінде сізбен сөйлесейін деп едім, шарапатты мырза.
— Кәне, айтыңыз.
— Менің сізге айтатын сөзімді өзіңізден басқа ешкім естімеуге тиіс, милорд.
— Бізді оңаша қалдырыңыз, Патрик, — деді бұйырып Бекингэм, — бірақ осы маңнан кетпеңіз, қоңырау даусына келіңіз. Мен сізді қазір шақырамын.
— Біз оңаша қалдық, сударь. Сөйлеңіз, — деді Бекингэм.
— Милорд, лорд Винтер осыдан бірнеше күн бұрын Шарлотта Баксон деген жас әйелді жер аудару жөніндегі бұйрыққа қол қоюды өтініп, сізге хат жазған еді.
— Иә, сударь, мен оған сол бұйрықты өзіңіз алып келіңіз немесе жіберіңіз, сосын қол қоямын деп жауап бергенмін.
— Міне, сол бұйрық, милорд.
— Әкеліңіз.
Герцог Фельтонның қолынан қағазды алып, көзін жүгіртіп қарап шықты. Осының лорд Винтер хабарлаған бұйрық екеніне көзі жеткесін, оны стол үстіне қойып, қолтаңбасын басу үшін қалам алды.
— Рақым етіңіз, милорд..: — деді Фельтон, герцогті тоқтатып. — Шарлота Баксон сол жас әйелдің шын аты емес екенін білесіз бе?
— Иә, сударь білемін, — деді герцог қаламын сияға малып.
— Демек, шарапатты мырза, сіз оның шын атын біледі екенсіз ғой.
— Білемін.
Герцог қаламын қағазға жақындата берді. Фельтон қанын ішіне тартып, сұрланып кетті.
— Оның аты-жөнін біле тұра, жайбарақат қол қоя бересіз бе, шарапатты мырза?
— Әрине, ойланбастан қол қоямын.
— Мәселенің леди Винтер туралы болып отырғаны сізге мәлім дегенге сенгім келмейді... — деді Фельтон қатқыл үнмен, әрбір сөзін үзіп-үзіп сөйлеп.
— Мен оны жақсы білемін, бірақ оны сіздің қалай білетініңізге таңмын?
— Сонда сіз ұялмай-қызармай мына бұйрыққа қол қоя саласыз ба, шарапатты мырза?
Бекингэм жас жігітке тәкаппарлана бір қарады:
— Сіз осы маған бір түрлі қызық сұрақтар қойып отырсыз, соларыңызға кәдімгідей жауап қайтарып, мен сізге кішіпейілдік жасап отырмын!
— Жауап қатыңыз, шарапатты мырза! — деді Фельтон. — Сіз ойлағаннан гөрі жағдай, бәлкім, қиындап та бара жатқан шығар.
Лорд Винтердің тапсырмасымен келген жас жігіт, әрине, соның атынан сөйлеп отыр ғой деп ойлаған Бекингэм аздап жұмсарайын деді.
— Ұялмай-қызармай қол қоямын, — деді ол сөзін нығарлап. — Леди Винтердің қауіпті қылмысты екенін, мен сияқты, барон да жақсы біледі, сол себепті де оның жазасын жер аударумен шектеп қалу, әйелге кешірім жасаумен бірдей.
Герцогтің қаламы қағазға тиді.
— Сіз ол бұйрыққа қол қоймайсыз, милорд! — деді дауыстап Фельтон, герцогке бір адым жақындап.
— Бұл бұйрыққа мен неге қол қоймаймын? Неліктен? — деді Бекингэм таң қалып.
— Өйткені сіз өз жаныңызға, өз арыңызға үңілсеңіз, миледидің әділ екеніне көзіңіз жетеді.
— Әділдікке жүгінсек ол әйелді Тайбернге жөнелту керек. Миледи — харам әйел.
— Шарапатты мырза, миледи — періште, оны өзіңіз де жақсы білесіз, сол себепті де байғұсқа еркіндік беруіңізді сұраймын!
— Сіз жынданған шығарсыз! Менімен бұлай сөйлесуге дәтіңіз қалай барады?
— Кешіріңіз, милорд, бұдан сыпайы сөйлей алмаймын, қайта өзімді өзім тежеп тұрмын... Дегенмен, милорд, не істеп, не қоятыныңызды әуелі жақсылап ойластырыңыз және шектен шығып кетуден сақтаныңыз!
— Не дейсіз?.. Ағат кетсем, құдайдың өзі кешірер! Мынау, шамасы, маған айбат шегіп тұрған сияқты! — деді Бекингэм айқайлап.
— Жоқ, милорд, мен сізден әлі де өтініп тұрмын және өзіңізге: шыдамның да шегі бар, жаратқан ием сансыз қылмыстарына қарамастан осы кезге дейін мүсіркеп келген пендесін жазалаймын десе, енді болмашы бір кінәнің өзі-ақ жетіп жатыр!
— Фельтон мырза, қазір осы арадан шығыңыз да, дереу абақтыға барыңыз! — деп бұйырды Бекингэм.
— Сіз менің сөзімді ақырына дейін тыңдаңыз енді, милорд.Сіз сол бір жас қыздың басын айналдырып, қатты қорладыңыз, арына өшпес таңба салдыңыз... Енді сіз оған жасаған жамандығыңызды адамша жөндеп, әйелдің өз бетімен кедергісіз кете беруіне жағдай жасаңыз, менің осыдан өзге тілегім жоқ.
— Осыдан өзге тілегім жоқ? — деді Бекингэм Фельтонға таңырқай қарап және осынау сөздерінің әрбір буынын бөліп-бөліп айтып.
— Милорд... — деді Фельтон сөзін жалғап және сөйлеген сайын шабыттанып. — Сақтаныңыз, милорд, сіздің заңсыздықтарыңыздан күллі Англия шаршап бітті! Милорд, сіз корольдің билігін заңсыз тартып алғандай болып, елге қиянат жасап отырсыз. Милорд, сізден адамдар да, құдай да жиіркеніп, безіп кетті! Жасаған сізді кейін жазалай жатар, ал, мен сізді тап қазір жазалаймын!
— Астамсыма! — деді Бекингэм айқайлап, сосын есікке қарай бір аттады.
Фельтон оның алдынан кес-кестеп тұра қалды.
— Садағаңыз кетейін, милорд, леди Винтерді босату жөніндегі бұйрыққа қол қойыңызшы. Есіңізде шығар, ол әлгі өзіңіз абыройын төгетін әйел.
— Жоғалыңыз, сударь! Әйтпесе, қазір күзетті шақырып аламын да, қол-аяғыңызды бұғаулатуға әмір етемін!
— Сіз ешкімді де шақыра алмайсыз, — деді Фельтон, герцог пен күмістелген шағын стол үстіне қойылған қоңырау арасына тұрып алып. — Сақтаныңыз, милорд, сіз қазір құдайдың қолына іліктіңіз!
— Әзәзіл перінің қолына іліктіңіз, деп айтқыңыз келген шығар! — деді Бекингэм көрші бөлмедегі көптің көңілін аудару үшін дауыстап, бірақ әлі ешкімді де көмекке шақырмады.
— Леди Винтерді босату жөніндегі бұйрыққа қол қойыңызшы, милорд, қол қойыңызшы! — деді Фельтон герцогке бір қағазды ұсынып.
— Сіз мені зорлағыңыз келе ме? Сіз мені мазақтап тұрсыз ба осы!.. Ей, Патрик.
— Қол қойыңыз, милорд!
— Ешқашанда!
— Ешқашанда?
— Келіңдер бері! — деді герцог айқайлап, шпагасына жармасып.
Бірақ Фельтон оған шпагасын суыруға мұрсат бермеді миледи өзін жарақаттаған пышақты ол қойнына тыға салған, енді соны жалақтатып, герцогке қарай тұра ұмтылды.
Тап сол сәтте Патрик кабинетке кіріп келіп:
— Милорд, Франциядан хат келді! — деп хабарлады.
— Франциядан? — деді Бекингэм дауыстап, ол бұл хат кімнен келді екен деп, со замат дүниенің бәрін ұмытып кетті.
Фельтонға керегінің өзі осы еді, ол герцогтің бүйіріне пышақты сабына дейін бойлата салып жіберді.
— А, опасыз! — деді герцог қиналып. — Сен мені өлтірдің бе...
— Өлтірді!.. — Патрик баж ете қалды.
Фельтон енді қашып құтылмақ болып, алақтап жан-жағына қарады, қарады да ашық тұрған есікті көріп, көрші залға қарай тұра жүгірді, жоғарыда айтқанымыздай, мұнда Лa-Рошель-қаласының өкілдері қабылдау сәтін күтіп тұрған-ды, жігіт сол бетімен жүгіріп залдан өтіп, басқышқа келіп жетті, бірақ оның бірінші тепкішегінде лорд Винтермен соқтығысып қалды. Фельтонның өліктей болып қуарып, көзінің алақтап кеткенін, қолы мен бет-аузына тамған қанды көріп, лорд Винтер оны кеңірдегінен ұстап қылғындыра бастады:
— Осыны өзім де біліп едім! Осылай боларын болжап едім, бірақ амал қанша, сәл кешігіп қалдым! О сорлы басым! Сорладым!..
Фельтон мүлде қарсылық көрсетпеді. Винтер оны табанда күзетшілерге тапсырды, Бекингэмнің кабинетіне асығыс кіріп кетті ал, күзетшілер тиісті нұсқау келгенше, жігітті теңіз беттегі шағын бір террасада ұстап тұра тұрмақшы болды.
Герцогтің жан дауысын, Патриктің шақырғанын естіген, әлгі бір әзірде Фельтонмен вестибюльде кездесетін бейтаныс кісі кабинетке жүгіріп кіре берді.
Герцог диван үстінде, қалш-қалш етіп, жарасының аузын басып жатыр екен.
— Ла Порт... — деді герцог, үні үзіліп бара жатқандайын. — Ла Порт, сен оның жұмсауымен келдің бе?
— Иә, шарапатты мырзам, — деді Австрийскаяның адал қызметшісі, — бірақ кешігіп қалған сияқтымын...
— Жәй сөйле, Ла Порт, сөзіңді біреу естіп қалар... Патрик, тірі жанды жіберме... Ах, мен оның маған не айт дегенін де біле алмайтын болдым-ау!.. Құдайым-ай, өліп барамын!
Герцог талып қалды.
Сол арада лорд Винтер, Ла-Рошельдің елшілері, жорыққа шығатын әскерлердің қолбасшылары, Бекингэм нөкеріндегі офицерлер топырласып бөлмеге кіріп-кіріп келісті; әр тұстан торыққан, ашынған дауыстар естіліп жатты. Осынау қайғылы хабар әуелі сарай ішін аһылап-үһілеген қасіретті үнге толтырып, сосын лықсып сыртқа шығып, күллі қалаға жайылып кетті.
Зеңбірек гүрсілдеп, қалада бір маңызды тосын оқиға болғанын хабарлады.
Лорд Винтер өз шашын өзі жұлып жатты.
— Бір минутке ғана кешіктім! Бір-ақ минут! Құдай-ай, мұндай да бақытсыздық болады екен! — дейді ол күйініп.
Шынында да, таңғы сағат жеті кезінде оған қамал-сарайдың бір терезесінен арқан сатының салбырап тұрғанын хабарлайды. Ол дереу жүгіріп миледидің бөлмесіне кірсе, бөлменің терезесі ашық тұр, темір тордың шыбықтары кесіліпті, ал, өзі қаңырап бос қалыпты; лорд д'Артаньянның шабарман арқылы өзін ауызша қатты ескертіп, сақтандырғанын есіне алды, сол замат герцогке бір қатер төнбегей деп қорқып, ат қораға қарай тұра жүгірді; дәйекшілерінің атты ерттеп жатқанына қарамастан, көзіне бірінші түскен атқа қарғып мініп, адмиралтействоны бетке алып, шаба жөнелген, содан аулаға кіріп, көлігінен ырғып түсіп, басқышпен жүгіріп жоғары шыққанда, әлгіде айтқанымыздай, Фельтонмен бетпе-бет соқтығысып қалған.
Бірақ герцог әлі тірі екен: ол есін жиып, көзін ашты, сол-ақ екен, төңірегінде тұрған кісілердің үзілген үміті қайта жанайын деді.
— Мырзалар, — деді ол, — мені мына Лa-Портпен, Патрикпен оңаша қалдырыңыз... А, бұл сізбісіз, Винтер! Сіз бүгін ертеңгілік маған ақылынан адасқан есуас біреуді жіберген екенсіз. Соның не қылғанын, міне, қараңызшы!
— О милорд, мен енді өмір-бақи өкінішпен өтетін болдым! — деді барон дауыстап.
— Оның дұрыс болмас, сүйікті Винтер! — деді Бекингэм оған қолын созып. — Бөгде бір кісі біреуді соншалық өмір бойы жоқтап, жылап өтетіндей адам бұл дүниеде бар дегенге өз басым сенбеймін... Бірақ, бір өтінішім, бізді жалғыз қалдыршы.
Барон еңкілдей жылап, сыртқа шығып кетті.
Бөлмеде жаралы герцог, Ла Порт пен Патрик үшеуі ғана қалды.
Герцогтің төңірегіндегі жақын-жуық кісілер дәрігерді іздесе де таппай қойды.
— Сіз өлмейсіз, тірі қаласыз, әлі талай қызықты көресіз! — дейді Анна Австрийскаяның адал қызметшісі диван алдында тізерлеп отырған күйі.
— Ол маған не жазды екен? — деді герцог әлсіз дауыспен; өзі қансырап, жаны көзіне көрініп жатса да, ол ғашығы жәйлі тіл қатпай қала алмады. — Ол маған не деп жазыпты? Ханымның хатын оқышы.
— Қалай оқимын, милорд! — деді Ла Порт шошып.
— Айтқанға мойынсұн, Ла Порт. Маған уақытты текке өткізуге болмайтынын көріп тұрған жоқсыз ба?
Ла Порт хаттың мөр басылған сүргішін сындырып, пергаментті герцогтің көзінің алдына апарып ұстай берді, бірақ Бекингэм оны қанша оқығысы келіп тырысқанымен оқи алмады.
— Оқысаңшы... — деді ол бұйырып, — оқы, мен қазір көре алмай жатырмын. Оқы! Бәлкім, мен енді ұзамай түк естімей де қалармын, сосын оның не жазғанын білмей, о дүниеге жөнеп кетермін...
Ла Порт енді қайтып қарсылық жасамады, хатты заулатып оқып берді:
«Милорд!
Өзіңізді көріп-білгелі бері сіз үшін, сіздің көңіліңізді көншіту үшін бастан кешкен күллі қорлық-зорлық, зәбір-жапаны жиып тастап, жалбарынып сұрайтыным — егер сіз менің тыныштығымды шындап қастерлейтін болсаңыз, Францияға қарсы қару-жарақты қалың қолды қаптатқызуды қойып, соғысқа тыйым салыңыз. Жұрттың бәрі: дін — осы соғыстың сырт көзге деген желеуі ғана, — деп естіртіп айтса, оның шын себебі — сіздің маған деген махаббатыңыз — деп жәйімен күбірлесіп айтып жүр. Бұл соғыс Франция мен Англияны орасан зор күйзеліске ұшыратып қана қоймай, сізге де бір бақытсыздық әкеле ме деп қорқамын, милорд, онда мен мәңгі егіліп-еңіреп өтемін ғой.
Өз өміріңізге сақ болғайсыз, оған қауіп төніп тұр, өзіңізді жау деп есептемейтін минуттен бастап, сіздің өміріңіз маған бұрынғыдан да қымбат, бұрынғыдан да қастерлі бола бермек.
Өзіңізге деген шын ықыласпен.
АННА»:
Хат сөзін аяғына дейін тыңдау үшін Бекингэм бойында қалған бар күшін жинады. Хат оқылып біткесін ол өзгеше бір өкінішті үнмен:
— Шынымен-ақ, маған ауызша айтатын ешбір сөзіңіз болмағаны ма, Ла Порт? — деді ол.
— Иә, ондай сәлем бар, шарапатты мырзам! Королева маған сізге әрдайым сақтанып жүрсін дегенді тапсырды: оған сізді біреулер өлтіргелі жүр деп айтса керек.
— Бары осы-ақ па? Бары осы ма? — деді Бекингэм шыдамсызданып.
— Ол маған сізді бұрынғысынша сүйетінімді айтыңыз, — деді.
— Ах!.. Құдайдың мұнысына да шүкір! Мен өлгенде ғашығым самарқау қалмайтын болды ғой әйтеуір! — деді көңілі хошуақтанып.
Ла Порттың көз жасы бетін жуып кетті.
— Патрик, алмас алқа жатқан қобдишаны бері әкелші, — деді герцог.
Патрик оны әкелгенде, Ла Порт королеваның қобдишасын бірден таныды.
— Ал, енді әлгі королеваның вензелі (аты-жөнінің бас әрпі) маржан моншақтармен кестеленіп жазылған ақ атлас қалтаны әкел.
Патрик бұл бұйрықты да орындады.
— Мынаны алыңыз, Ла Порт! — деді Бекингэм. — Оның мені жақсы көргенінің белгісі ретінде өз қолынан алған нәрселер, міне, мына қобдиша мен мына бір екі хат қана. Осы заттарды ұлы мәртебелі ханымға тапсырғайсыз және менің көзімдей көріп жүрсін деп... — ол төңірегінен бір асыл зат іздегендей айналасына қарады, — бұларға әне бір...
Ол тағы да көзімен бірдеңені іздей бастады, бірақ оның аранын ашып, жақын келіп қалған ажалдан бұлдырап, қарауытқан көзіне әлгіде Фельтонның қолынан түсіп кетіп, жүзінен жылы қанның буы әлі шығып жатқан пышақтан өзге ештеңе түспеді..
— ...әне бір пышақты қосыңыз, — деді герцог Лa Порттың қолын қысып жатып.
Ол әлі де болса қалтаны қобдишаның түбіне өз қолымен салды, пышақты да соған салып жатып, енді сөйлей алмаймын деп Ла Портқа ишарат білдірді.
Сосын ажалмен арпалысып кеткендей қол-аяғы тыпырлап, ышқынып барып, диваннан паркет үстіне домалап түсті.
Патриктің жан дауысы шығып кетті.
Бекингэм соңғы рет жымиып күлмекші болып еді, бірақ мейрімсіз ажал оның ойын шорт кесті де, байғұстың жүзінде махаббаттың соңғы сүйісіндей болып, бір жылы рең қалды.
Тап сол мезетте көңілі қобалжып, герцогтің дәрігері кіріп келді; ол адмирал кемесіне барып мінген екен, сонда отырған жерінен шақыртып алыпты.
Ол герцогтің қасына барып, қолын ұстап, тамырын басып көрді де, қайтадан жібере салды.
— Енді келер пайда жоқ, герцог қайтыс болды, — деді ол.
— Қайтыс болды, герцог қаза тапты! — деп дауыс қылды Патрик.
Оның дауысынан жұрт дүрлігіп, бөлмеге лап қойды, осы қайғы бұларды есеңгіретіп кеткендей, қалың жұрт не істерін білмей аңтарылып, торығып, абдырап сасып қалды.
Бекингэмнің үзіліп кеткенін көрісімен лорд Винтер Фельтонға қарай тұра ұмтылды, солдаттар оны бұрынғыша сарайдың террасасында күзетіп тұр екен.
— О жауыз! — деді барон жас жігітке, Бекингэм қаза тапқаннан кейін ол салқын қанды сабырлы күйін тапқан сияқты, ол енді сол күйінен бір танбай қойған еді. — Оңбаған жауыз! Сен не істедің!
— Мен өз кегімді қайтардым, — деді Фельтон.
— Өз кегімді? — деді барон қайталап. — Одан да әлгі қарғыс атқан әйелдің қолындағы қаруы болдым десейші! Бірақ осы қылмыс сол сұрқияның ең соңғы жауыздығы болмаса, ант атсын мені!
— Сіздің не айтқаныңызға түсінбей тұрмын, — деді Фельтон байыппен, — және сіздің кімді мегзеп тұрғаныңызды да білмеймін, милорд. Герцог Бекингэмді сіздің маған капитан шенін беру жөніндегі өтінішіңізді екі рет қабылдамай тастағаны үшін өлтірдім. Мен оны әділетсіздігі үшін жазаладым, бар болғаны осы!
Мұндай қатыгездіктен Винтердің есі шыға қайран қалып, Фельтонды қамауға алған солдаттарға қарап, сілейіп тұрып қалды.
Фельтонның сабырлы жүзін тынымсыз ойдың кірбеңі шалды. Іштен шу шыққан кезде, аңқау пуританин миледидің дауысын, аяғының тықырын естігендей болды, ол со замат: бұл өз кінәсін мойындап, жігітпен құшақтасып бірге өлмекке бел байлап, осында жетіп келген миледи екен деп ойлады.
Кенет ол тұла бойы дір етіп, өзі тұрған террасадан анық көрініп, шалқып жатқан теңіз айдынындағы бір нүктеге қадалып қарай берді.
Теңізшінің қырағы көзі Франция жағалауына қарай жүзіп бара жатқан шхуна желкенін бірден шалып қалды, жәй адам оны мұндай қашықтан толқын үстінде тербетіліп тұрған шағала деп қалар еді.
Ол аппақ болып, лоблып кеткен жүрегін баса қойды, сол замат миледидің опасыздығына анық көзі жетті.
— Сізге айтатын соңғы бір өтінішім бар, милорд! — деді ол баронға.
— Қандай өтініш? — деді Винтер.
— Сағат қанша?
Барон сағатын суырып алды.
— Тоғызға он минут қалды, — деп жауап қайтарды ол.
Миледи уәделі уақыттан бір жарым сағат бұрын кетіпті; әлгідей бір зауал болғанын атылған зеңбірек дауысынан сезген әйел сол сәт кеменің зәкірін көтеруге жарлық берген.
Кеме жағалаудан алыста, жалтыраған аспан астында емін-еркін жүзіп бара жатты.
— Құдайдың жазуы солай болғаны да, — деді Фельтон, жазмышқа сөзсіз сенетін көнбістігіне басып, бірақ сонау титімдей кемеден көзін тайдыра алмады, соның палубасынан бұған енді өзі құрбандығына шалынғалы тұрған әнел елесі ағараңдап көрінгендей болды.
Лорд Винтер Фельтонның қарап тұрған жағына бір көз тастап, сосын оның іштей азап шегіп тұрған қасіретті жүзіне аңыра қарап, ойына түсіне қойды.
— Әуелі жазаны мына өзің тартасың, жауыз! — деді ол, солдаттардың алдына түсіп мөлтеңдей жөнелсе де, теңізден көзін алмай қойған Фельтонға,: — бірақ жанымдай жақсы көрген ағамның аруағымен ант етейін, сенің сыбайлас сұрқияң да қашып құтыла алмайды.
Фельтон басын төмен салып, ләм деп тіл қатпады.
Ал, лорд Винтер болса, басқышпен төмен жүгіре түсіп, гаваньға қарай асығыс жүріп кетті.
XXX
ФРАНЦИЯДА
Англияның королі Карл I Бекингэмнің қаза тапқанын естіген кезде, ең әуелі, осы сұмдық хабар Ла-Рошель халқының еңсесін түсіріп, жігерін құм етер деп қорықты. Сол себепті де, Ришелье «Мемуарларында» айтқандай-ақ, король бұ хабарды қолынан келгенше олардан ұзақ уақыт жасырмақ болды. Ол дереу мемлекеттің күллі гаваньдарын жауып, Бекингэм жабдықтаған армия қашан жүзіп кеткенше, бірде-бір кеменің теңізге шығып кетпеуін қамал қадағалап отыруға бұйрық берді, ал, герцогтің қазасынан кейін армияны жөнелту жәйін король өз бақылауына алған еді.
Оның бұл бұйрығының қаталдығы сондай, тіпті еліне кетпекші болып, өзімен қоштасып шыққан Дания елшілерін де, сол сияқты Карл I Біріккен Нидерландтарға қайтарып берген Ост Индия кемелерін Флиссингенге жеткізіп тастауға тиіс голланд елшісін де Англиядан шығармай, ұстап қалды.
Бірақ ол бұл бұйрықты қайғылы хабардан бес сағат кейін, яғни күндізгі сағат екіде бергесін, екі кеме елеусіз теңізге шығып кетеді. Оның біреуі миледиді алып кеткенін біз жақсы білеміз, миледи не болып, не қойғанын бірден аңғарған болатын, ал, адмирал кеменің діңгегіне қара жалау ілінісімен өз болжамының дұрыс екеніне шын көзі кәміл жетті. Ал екінші кеменің жәйіне келетін болсақ, онда кім болғанын және оның қалай жүзіп кеткенін кейінірек айтамыз.
Бұл кездері Ла-Рошель түбіндегі лагерьде жаңа оқиға бола қоймаған-ды; әр уақытта ерігіп-зерігіп жүретін, ал, лагерьде болғанда бұрынғысынан бетер жалығып, іші пысып кеткен король сана Сен-Жерменге астыртын барып, әулие Людовиктің күнін сонда өткізіп қайтпақшы болды да, кардиналдың небәрі жиырма мушкетерден нөкер жасақтап беруін сұрады. Корольдің зерікпе дерті кейбір кездері өзіне де жұғатынын анық білетін кардинал патша-көмекшісіне бұл демалысты қуана-қуана берді, ол 15 сентябрьде лагерьге қайтып оралмақшы болды.
Мәртебелі тақсырдан тиісті хабар алғаннан кейін, де Тревиль мырза жолға әзірленді, өзіне белгісіз бір себептермен, достарының Парижге қайтып барғысы келетінін, тіпті соған ынтызар болып жүргенін білетін мырза, әлбетте, оларды король нөкерінің қатарына қолма қол қоса салды.
Төрт жігіт бұл жаңалықты де Тревиль мырзадан ширек сағат қана кейін білді, өйткені ол бұ хабарды достарына бірінші болып айтқан еді. Көп уақыт зарықтырып барып, мушкетерлер қатарына өтуге рұқсат берген кардиналдың шарапатты жақсылығының қадірін д'Артаньян тек сонда ғана барып білді. Егер мұндай жақсылық болмағанда, д'Артаньян екі көзі жәудіреп лагерьде қала берер еді, ал, жолдастары мұны тастап жолға шығар еді.
Бетюн монастырінде қаныпезер қас жауы — миледимен жолығысып қалса, Бонасье бикеге қандай қауіп төнетінін ойлағанда бұлардың Парижге қанат байлап қайта ұшқысы келгендерін айтпасақ та болады. Сол себепті де Арамис Тур қаласындағы әлгі бір аса ықпалды таныстары бар кестеші әйелге табанда хат жазып, оның корлеваның Бонасье бикенің монастырьден шығып, Лотариигияға немесе Бельгияға кетіп қалуына рұқсат алып беруін сұрады. Жауап та көп күттірмеді, арада тоғыз-ақ күн еткен шамада Арамис мынадай бір хат алды:
Сүйікті кузен!
Менің сіңілімнің біздің жас кәнизагімізді Бетюн монастырінен,алып шығуға берген рұқсат қағазы мынау, сіздің пікіріңішзе, монастырьдің ауасы оған зиянды көрінеді. Менің сіңілім рұқсат қағазды сізге шын көңілден разы болғасын жіберіп отыр, өйткені ол со бір оңды қызды өте жақсы көреді және егер қажет бола қалса, бұдан былай да оған қол ұшын беріп тұрармын деп үміттенесің.
Сізді құшырлана сүйемін. АГЛАЯ МИШОН
Осынау хатқа қоса төмендегі сөздер жазылған рұқсат қағаз жіберіліпті:
«Бетюн монастырінің хазыретшесі, монастырьге менің ұсынуыммен түскен және менің қамқорлығымда болып келген бикені үшбу хатты апарып берген кісінің қарауына тапсыруға тиісті.
Луврде. 1628 жылғы 10 августта жазылды.
АННА
Королеваны сіңлім деп санайтын кестеші әйелмен Арамистің тап осындай туыс болып шыққанын жас жігіттердің қалай әзіл-оспаққа айналдырып, іліп-қаққанын, жадырай күлісіп, бір мәз болып қалғанын өздеріңіз де көз алдыңызға бір елестетіп өткен шығарсыз! Бірақ Портостың бір-екі рет айтқан дөрекі әзілінен қып-қызыл болып кеткен Арамис, өз достарының бұдан былай осы тақырыпқа бармауын өтінді, егер осы жәйт туралы бір ауыз сөз айтылатын болса, онда мен мұндай мәселе туа қалса, кузинамды оған тіпті де араластырмаймын, деді ол.
Сол себепті де төрт мушкетердің әңгімесінде енді қайтып кестеші әйелдің аты аталмайтын болды, мұның үстіне олар дегеніне жетіп еді: кармелит әйелдердің Бетюндегі монастырінен Бонасье бикені әкету жәйлі рұқсат қағаз алған-ды. Рас, олар Лa-Рошельдің түбіндегі лагерьде, былайша айтқанда, Францияның екінші бір жағында жүрген кезде, бұл рұқсат қағаздан келер пайда аз-тын. Сол себепті де д'Артаньян лагерьден не себепті кеткісі келетінін де Тревиль мырзаға ашып айтып, одан демалыс сұрағысы келіп толқып жүргенде, де Травиль мырзаның өзі бұған, оның үш жолдасына корольдің қасына жиырма мушкетерден нөкер ертіп, Парижге баратынын, сол нөкердің құрамына бұлар да енгізілгенін хабарлады.
Достар бұл лебізге қатты қуанысты. Олар әуелі қызметшілерін керек-жарақ жүктерімен ілгері жіберді де, ертеңіне тан азаннан өздері де жолға шықты.
Кардинал ұлы ағзамды Сюржерден Мозеге дейін шығарып салды, осы араға келгесін король мен уәзірі екеуі өзара дос пейіл білдіріп қош айтысты.
Парижге жиырма үшінші августке дейін жету мақсатымен король мейлінше суыт жүріп кетті. Бірақ жолай көңіл көтеру үшін король өзінің аса жақсы көретін кәсібі — қаршыға салдырып, аң аулап оқтын-оқтын аялдап қалып отырды, бұл қызыққа бір кезде оны герцог де Люин баулыған болатын. Осындай оқиға болып қалған кездері жиырма мушкетердің он алтысы уақытты тап осылай көңілді өткізгендеріне қуанысып жататын, ал, қалған төртеуіне, әсіресе, д'Артаньянға жарық дүние қараңғыланып, қабақтары түсіп кететін, оның құлағы ұдайы шулап, шыңылдайды да тұрады, сонда оны Портос былай деп түсіндіреді:
— Аса текті-дәулетті бір ханымның айтуына қарағанда, ол — сізді біреудің бір жерде есіне алып жатқаны.
Ақырында жиырма үшінші августке қараған түнде король нөкерімен Парижді басып өтіп, тиісті жеріне барып, атбасын тіреді. Король де Тревиль мырзаға алғыс айтып, енді оған нөкеріндегі Мушкетерлерге кезек-кезегімен төрт күннен демалыс беруге рұқсат етті, бірақ осы қуанышқа ие болған сарбаздар көпшілік бас қосатын орындарға қарасын көрсетпесін, әйтпесе, Бастилияға қамалады деп қарсы қорқытып та қойды.
Әуелі төрт демалыс біздің төрт досымызға берілгенін өздеріңіз де оп-оңай сезіп қойған шығарсыз; бұған қоса Aтос де Тревиль мырзадан төрт күннің орнына алты күн сұрап алды, яғни демалысына тағы да екі түнді қосып алды — олар жиырма төрті күні кешкі сағат бесте жүріп кетті, ал, де Тревиль мырза ықыласы түсіп, демалысты жиырма бесінен деп белгіледі.
— Ах, құдайым-ай, осы бір болмашы нәрсеге бола бекер дүрлігіп жүрміз ғой деймін,— деді, ешқашан да ештеңеден шүбәланып көрмеген д'Артаньян. — Екі күнде, екі-үш атты зорықтырып шауып отырып, Бетюнге жетемін — құдайға шүкір, ақша жетеді, ол маған жақын емес, сосын хазыретшеге королеваның хатын тапсырамын да, сүйіктімді Лотарингияға да емес, Бельгияға да емес, Париждің тап ініне әкелемін, бұл арада оны жақсылап жасырып қоюға болады, әсіресе, кардинал Ла-Рошель түбінде жүргенде мықтап жасыруға болады. Ал, жортуыл-жорықтан қайтып келгеннен кейін, біз королеваға не тілесек соны орындатамыз, ол үшін ханымның кузинасын да және өзіміздің оған көрсеткен қызметімізді де пайдаға асырамыз. Күш-жігерді босқа жұмсамай-ақ, осында қала беріңіздер! Мынадай қарапайым іске біз, Планше екеуміз жетіп жатырмыз.
Бұған Атос байыппен қолма-қол жауап берді:
— Біздің де ақшамыз бар — әлгі жүзіктен тиген үлесімді әлі ішіп тауысқан жоқпын, ал, Портос пен Арамис те ақшаларын әлі жеп бітіре алмай жүр. Демек, біз бір атты ғана емес, төрт атты да қабат зорықтыра аламыз. Бірақ сіз бір нәрсені ұмытпаңыз, д'Артаньян...— деді ол тұнжырап, сол-ақ екен, д'Артаньян селк етіп шошып кетті — иә, есіңізде болсын, Бетюн — кардиналдың әлгі :желмен кездеспек болып сөз байласқан қаласы, ал, ол әйел жүрген жерінің бәріне бақытсыздық әкелетін сұрқия! Егер сіз төрт еркекке қарсы жалғыз шапсаңыз, д'Артаньян, мен сізді жалғыз жібере салар едім. Бірақ сіз ана мекер қатынға қарсы барасыз, ендеше төртеуіміз тізе қосып, бірге баралық, құдай жолымызды оңғарып, қызметшілерімізбен төртеуіміз бірлескенде оған әліміз жетсе болғаны!
— Сіз менің зәремді алдыңыз ғой, Атос! — деді д'Артаньян дауыстап. — Сіз неден қауіптеніп отырсыз осы, сайтан атсын?
— Бәрінен де қауіптенемін! — деді Атос.
Д'Артаньян серіктерінің әрқайсысына көз тоқтатып, байыптап қарап еді, олар да Атос сияқты қауіптеніп келеді екен; бір-бірін тіл қатпастан, олар аттарына тақым басып, ілгері жүре берді.
Жиырма бесі күні кешке салым, олар Аррасқа келіп кіріп, д'Артаньян «Алтын тырманың» алдына келіп аттан түсіп, осы мейманжайдан бір стакан шарап ішпек болған кезде, белгісіз бір атты почта ауласынан шыға берді, ол осы арадан көлік ауыстырып, тың арғымаққа қарғып мініп, Парижге апаратын жолға түсіп, құйғыта жөнелді.
Қақпадан көшеге суырылып шыға берген сәтте, уақыт август айынын іші болса да, оның оранып алған плащын жел ашып, басындағы қалпағын ұшырып кете жаздады, бірақ жолаушы оның ұшып түсе жаздаған жерінен ұстап алып, жалма-жан көзіне дейін милықтата киіп алды.
Сол адамға тесірейе қарап отырған д'Артаньян кенет сұп-сұр болып, қолындағы стаканын түсіріп алды.
— Сізге не болды, сударь? — деді Планше үрпиіп. — Ей,мырзалар, мұнда көмекке келіңіздер, менің мырзам талып қалды!
Үш досы жүгіріп келіп, д'Артаньянның талып қалмақ түгіл, атына қарай ұмтылып бара жатқанын көрді. Олар жігітін жолын бөгей берді.
— Шайтан атсын, сен қайда еліріп бара жатырсың? — деді Атос айқайлап.
— Бұл — соның өзі! — деді д'Артаньян безектеп. —Тап сол! Кәне, мен оны қуып жетейін!
— «Ол» дегенің кім? — деді Атос.
— Сол, тап сол кісінің өзі!
— Қайдағы кісі?
Әлгі бір ант атқан кісі — менің басыма бір бақытсыздық келіп қонарда, әрдайым осы жауыз алдымнан ұшырасады! Мен алғаш рет кездескенде әлгі бір сұрқияның қасында жүрген осы кісі болатын, өзіміздің Атосты жекпе-жек сайысқа шақырарда осы сойқанды қуалап келе жатқанмын, Бонасье бикені ұрлап кететін күні ертеңгісін осы сұмырайды көргенмін! Мен оны анық көрдім. Мен оны бірден таныдым!
— Шайтан алсын... — деді Атос ойланып тұрып.
— Атқа, атқа қоныңдар, мырзалар! Артынан қуалайықшы, қазір-ақ қуып жетеміз!
— Сүйікті досым, есіңізде болсын, — деді Арамис оны тоқтатып, — ол біз бетке алып бара жатқан жақтан қарама-қарсы жаққа кетіп барады; оның астындағы аты тың-дағы, біздің атымыз әбден болдырған, демек, біз оны қуып жете алмаймыз да, аттарымызды құр текке зорықтырамыз. Бұл еркекті жәйіне қалдырайық, д'Артаньян, одан да ана әйелді құтқарайық!
— Әй, сударь! — деді атшы қақпадан жүгіріп шығып, белгісіз кісінің артынан ұмтыла беріп. — Әй, сударь! Қалпағыңыздан мына бір қағаз түсіп қалды... Әй, сударь! Әй!
Достым, осы қағазыңа жарты пистоль берсем, қалай қарайсың? — деді д'Артаньян оны кідіртіп.
— Мінекиіңіз, сударь, қуана-қуана берейін! Міне, ала қойыңыз.
Табан астынан сәтті сауда жасаған атшы мәз болып, почта ауласына қайтып келді, ал, д'Артаньян қағазды жазып қарай берді.
— Онда не жазылыпты? — деді достары қаумалап.
— Бір ғана сөз жазылыпты! — деді д'Артаньян.
— Иә, — деді Арамис оны қолдап, — бірақ сол сөз — қаланың ба, әлде деревняның ба аты.
— «Армантьер», — деп оқыды Портос. — Армантьер... Мұндай жерді естіген емеспін...
— Со қаланың ба, әлде деревняның ба аты әлгі әйелдің қолымен жазылыпты, — деді Атос.
— Олай болса, бұл қағазды жақсылап тұрып тығып тасталық, бәлкім, мен бұған ең соңғы жарты пистолімді бекерге берген жоқ шығармын! —деді д'Артаньян сөзді түйіндеп. — Атқа қоналық, достар, кәне, атқа қоналық!
Сонымен төрт жолдас Бетюн жолына түсіп, шауып бара жатты.
XXXI
КАРМЕЛИТ ӘЙЕЛДЕРДІҢ БЕТЮНДЕГІ МОНАСТЫРІ
Қанқұйлы қылмыстылардың әуел бастан маңдайына жазылған бip жолы болады, сол жолмен жүріп отырып, олар күллі кедергі - бөгеттердің бәрінен де өтеді, қауіп-қатерлердің бәрінен де аман - есен құтылады, бірақ ақырында солардың жауыздығынан әбден мезі болған Жаратушының кәріне ұшырап, олар заңсыз тапқан ризық-берекесінен айрылады.
Миледи де осындай күйге түсті: 9л екі мемлекеттің қарауылшы кемелерінің ара-арасынан сәтімен сырғып өтіп, ешбір шырғаланға ұшырамай, Булонға дін-аман келіп жетті.
Портсмутке барып түскен кезде, миледи өзін француздар қуғындап, күн бермегесін, Ла-Рошельді лажсыз тастап кеткен ағылшын әйелімін десе, енді — екі күндік теңіз сапарынан кейін, Булонға келіп түскесін, өзін ағылшындар Францияға өшіккесін, Портсмутке сыйғызбай қойған француз әйелімін деп таныстырды.
Мұның үстіне миледидің қолында әлемдегі ең сенімді, дәйекті паспорт бар-тын: ол кескін-кейпі келісті келген сұлу әйелді және пистольдерді оңды-солды шашып жүретін жомарт жан-ды. Порт бастығы болған бір шалдың бұған ықылас-ынтасы ауып, кішіпейіл мінез-мәнер көрсеткендіктен де, ол әдеттегі шұқшия тексеру-тергеу сияқты бәле-мәтерден біржола ада-жұда құтылды да, Булонда тек төменде айтылатын хатты жазып, почта арқылы жіберуге ғана аялдап, азғана уақыт болды:
«Жоғары мәртебелі тақсыр, монсеньер кардинал де Ришельеге, Ла-Рошель түбіндегі лагерь.
P. S Мәртебелі тақсыр, сіздің тілегіңізге сәйкес, мен Бетюнге кармелит әйелдердің монастыріне қарай кетіп барамын, сол арадан бұйрығыңызды күтемін».
Шынында да, сол күні кешкілік миледи жолға шықты. Жолда келе жатқанында түн қараңғылығы келіп түсті; ол қонып шықпақ болып, мейманжайға аялдады, таңғы сағат бесте жолға қалай шығып, арада үш сағат өткен шамада Бетюнге келіп жетті.
Ол кармелит әйелдердің монастырі қайда екенін сұрап білді де, бірден сонда барып түсті.
Хазыретше (аббат әйел) оның алдынан шықты. Миледи оған кардиналдың жарлығын көрсетті; аббат әйел келген мейманға бөлме әзірлеп, таңғы асты апарып беруге әмір етті.
Өткен оқиға бұл кезде миледидің есінен шығып та кеткен ед. Тек келешекке ғана көз тіккен әйел, енді алдыңғы күндерден тек, кардиналдың өзін қалай жарылқайтынын ғана анық көріп тұрғандай, бұл осынау қанды оқиғаға тақсырдың есімін мүлде араластырмай, оған сәтімен мықтап бір қызмет көрсетті ғой.
Жана құштарлықтар мен құмарлықтар жан-жүрегін жегідей жеген миледидің өмір-тілегі, бірде көгілдір аспан түсіне еніп, бір де алаулай жалын атып, тағы бірде қара дауылға ұқсап түнеріп, шалқар аспанда тынышсыз кезіп жүретін, сөйтіп жер бетін құлазытып, аздырып-тоздырып, ажал себетін зауал бұлттарына ұқсаушы еді.
Ертеңгі астан кейін аббатиса оған сыпайы сәлемдесіп шығуға келді; монастырьде сергіп көңіл көтеретін кездер аз болады, сол себепті де қайырымды ақкөңіл хазыретше жаңа мейманымен қашан танысқанша асықты.
Миледи аббат әйелге қайтсе де ұнамақ болды, ал, өзі сияқты аса ақылды, сұлу да сүйкімді әйелге мұны жасау онша қиын емес-ті; ол аса тартымды, мейірімді болып көрінуге тырысты, көп ұзамай-ақ қызық әңгімесімен, сызылып тұрған күллі әсем бәден-болмысымен ақкөңіл хазыретшенің басын айналдырып, өзіне тәнті етіп алды.
Аббатиса асыл текті әулеттен шыққан әйел-ді және сарай төңірегіндегі шытырман хикаяларды жанындай жақсы көретін, бірақ ондай әңгіме-сөздер корольдіктің алыс түкпірлеріне аздап, там - тұмдап қана жетеді, ал, дүнияуи тірлік дегенін табалдырығына жетпей жатып сеніп қалатын, монастырьдің қалын дуалынан ол тіпті өтпейді десе де болады.
Араларында бес-алты жыл ұдайы тұрғандықтан ба, әйтеуір, миледи ақсүйек қауым ішіндегі айла-шарғыларға жетік болатын; сол себепті де қайырымды аббатисаға француз сарайының жеңіл әдет-ғұрпы жәйлі әңгімелерді айта бастады, бұл король ағзамның тақуа діншілдігімен ұласып-ұштасып жатады екен, миледи оны сарай маңындағы ханымдар мен бекзаттардың шырғалаң ішкі хикаяларымен таныстырды, аббатиса олардың есіміне қанық болып шықты; қасында отырған хазыретшені сөйлету үшін миледи королева мен Бекингэм махаббатының бір ұштығын шығарды да, сосын тағы да басқа толып жатқан өсек-аяңдарды сөз етіп кетті.
Бірақ аббатиса ләм демей, миледидің әңгімесін мұқият тыңдап, жымия күліп отыра берді. Осындай әңгіме сөздің хазыретшеге қатты ұнап қалғанын сезген миледи сөзін сабақтай түсіп, бірақ енді әңгімені кардиналға қарай аударды.
Осы араға келгенде келіншек қатты қысылды: ол аббатисаның корльді немесе кардиналды жақтайтынын біле алмай, дал болды, сол себепті де шектен шығып кетпей, әңгімені абайлап айтпақшы еді, бірақ аббатиса бұдан бетер сақтық жасап, жаңа мейманы мәртебелі тақсырдың атын атаған сайын жасқанып төмен қарай берді.
Миледи осы монастырьде қатты зерігіп, жабығып кетермін деп ойлады; сондықтан да енді не істеп, не қоятынын бірден анықтап алмақшы болып, нар тәуекел деп, қауіпті бір қадам жасамаққа бел байлады. Ақкөңіл аббатисаның ұстамдылығы қанша жерге дейін жететінін байқау үшін, ол әуелі тұспалдап, сосын ашықтан-ашық, кардиналды жамандай бастады, министрдің д'Эгильон ханыммен, Марион Делорммен, сол сияқты басқа да жезөкшелермен көңілдес екенін жыр етіп айтып берді.
Аббатиса әңгімені бұрынғыдан ықыластана тыңдап, көңілі көтеріліп, күлімсіреп, жанданып қалғандай болды.
«Бәсе, — деп ойлады миледи, — мұнын өзі енді-енді жандана бастады білем. Егер бұл кардиналды жактаса да, соқыр сенімнің адамы болмасқа керек».
Миледи енді кардиналдың өз дұшпандарын қалай қуғын-сүргінге салатынын сөз ете бастады.
Аббатиса мұны қостап-қолдамады да, айыптап-даттамады да, тек күбірлеп шоқынды да қойды.
Осыған қарап, миледи монах әйел кардиналға емес, корольді жақтайтын болар деп ойлады. Миледи кардиналды жамандауын күшейтіп, әңгімесін жалғай берді.
— Мен бұл жәйттерден мүлде бейхабар жанмын, — деді аббатиса ақырында, — бірақ біз хан сарайынан, дүнияуи харекет-тірліктен қанша шалғай жатсақ та, сіз айтқан жәйттерді растайтын, қайғылы істер бізден де ұшырап қалады. Біздегі бейшара бір мұңлық кардиналдан көп жәбір-жапа. шегіпті: ол сол әйелге өшігіп, ізіне түсіп, сұмдық қуғындаған көрінеді.
— Сіздің мұңлықтарыңыздың бірі дейсіз бе? — деді миледи қайталап. — Ой, құдайым-ай, байғұс әйелге қатты жаным ашып отырғаны!
— Дұрыс айтасыз: оның өзі шынында да аяулы жан. Байғұстың көрмеген қорлығы жоқ: түрмеге де қамалыпты, өзіне қоқан-лоққы жасап, әбден қорқытып та байқапты, талай қатігездікті басынан өткеріпті... Кім білген, — деді аббатиса, — кардинал мырзаның солай қатал болуының да дәйекті бір себептері бар шығар. байғұстың түріне қарасаң — нағыз періште, бірақ кісінің түріне қарап сын айту қиын ғой.
«Е, сәт! — деп ойлады миледи. — Кім білген... бәлкім, мен тіміскілеп көрсем, осы арадан бірдеңені тауып та қалармын. Жолым болғай-ақ!»
Ол ең бір ақпейіл, адал кейіппен ағынан жарыла сөйлеуге тырысты:
— Иә, сөзіңіздің жаны бар, оны өзім де білемін. Көп кісілер, әдетте, адамның түр-әлпеті алдамшы, оған сенуге болмайды деседі. Сонда Жасаған ием жаратқан жан-жануарлардың ең ғажайыбы — адамға сенбегенде кімге сенеміз! Бәлкім, мен өмір-бақи алданып, опынумен ететін бір бейбақ та шығармын, бірақ түр-пішіні өзіме ұнаған кісіге өз басым әманда қалтқысыз сеніп кетемін.
— Демек, сіз осы бір бүлдіршіндей бикеш бикүнә, жазықсыз жан деп ойлайсыз ғой тегі? — деді аббатиса.
— Кардинал мырза тек қылмыстарды ғана қудалап қоймайды, ол кейбір жақсылық пен жарықтың ізіне жауыздықтан бетер өшігіп түседі, — деді миледи.
— Сударыня, сіздің бұныңызға қайран қалып отырғанымды білдіруіме рұқсат етіңіз! — деді аббатиса.
— Неменеге қайран бола қалдыңыз сонша? — деді миледи аңқаусып.
— Әлгіде айтқан сөздеріңізге қайран қаламын-дағы.
— Менің сөзіме қайран қалатындай не таптыңыз сонда? — деді миледи күлімсіреп.
— Кардинал сізді өз қолымен осында жіберген екен, ендеше сіз оның досы болуыңыз керек қой, ал, бірақ...
— ...ал, бірақ мен оны жамандап кеттім ғой, — деді миледи хазіретшенің ойындағысын қағып алып.
— Әйтеуір сіздің аузыңыздан ол турал бір жылы сөз шықпай - ақ қойды.
— Оның себебі, мен кардиналдың досы емеспін, құрбандығына шалынған сорлымын, — деді миледи күрсініп.
— Алайда мына хатта ол сізді менің қамқорлығыма тапсырыпты...
— ...ол хат өз жандайшаптарының біреуіне мені осы арадан шығарып жібер деп әмір еткенше, абақтыдағы адам сияқты осында омалып отыра бер деген бұйрық.
— Ендеше неге қашып кетпедіңіз?
— Қайда? Сіздіңше, жер үстінде кардиналдың мені іздесе таба алмайтын түкпірі бар деп ойлайсыз ба? Ол қолын созса болды, мені оп-оңай тауып алды. Еркек болсам — бір сәрі, онда бір лажын жасар едім, ал әйел... әйел байғұстың қолынан не келеді! Сізде тұратын әлгі бір мұңлық қашуға талаптанып көріп пе еді?
— Жоқ, қайдан талаптансын. О байғұстың жөні басқа. Меніңше, біреуге деген махаббат оны Францияға жіпсіз байлап қойған тәрізді.
— Егер ол мұңлық біреуді сүйетін болса, оның бақытсыз сорлы болмағаны, — деді миледи күрсініп.
— Сонымен, — деді аббатиса миледиге бұрынғысынан ықыластана қарап, — мен тағы да бір қаққы көріп, соққы жеген бейбақты көріп отырмын ба?
— Иә, солай! — деді миледи оның сөзін мақұлдап.
Басына бір соны ой келгендей-ақ, аббатисаның көзінен, абыржи бастағаны байқалды.
— Сіз біздің қасиетті дініміздің дұшпаны емессіз бе? — деді ол тұттыға сөйлеп.
— Мен бе? — миледидің дауысы шығып кетті. — Мені протестант әйел деп ойлайсыз ба?! Жоқ, тап қазір екеумізді де естіп тұрған жалғыз жаратушы жан иемді куә деп айтайыншы, мен қайта дінге жан-тәнімен берілген католик әйелмін!
— Ендеше, сабыр айлаңыз, сударыня, — деді аббатиса жымия күліп. — Келіп түскен үйіңіз енді сізге қатыгез түрме болмайды, қайта сіз тұтқында өткен күніңізді, өзіңіз жақсы көретіндей болу үшін, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұл — бұл ма, сіз әлі сарай маңындағы бір айла-шарғының әлегінен қуғынға түскен жас әйелді көресіз. Ол өзі бір сүйкімді, жарқын мінезді бикеш.
— Оның аты кім?
— Биік дәрежелі, дәулетті бір ханым оны маған қамқор бол деп тапсырғанда, Кэтти деген атпен тапсырған еді. Мен оның шын атын білуге ден қоймадым да.
— Кэтти? — деді дауыстап миледи. — Оның атының осылай екенін анық білесіз бе?
— Ол өзін осылай деп атайтыны рас па дейсіз бе? Рас, сударыня. Ал, сіз оны білуші ме едіңіз?
Миледи іштей мырс етіп бір күлді де, осы менің бұрынғы кәнизагім емес пе екен деп ойлады. Жас қыз есіне түскенде миледиді ашу буды, өшпенділік сезімі бойын билеп, бедірейіп кетті, сәт сайын сан құбылатын осы бір сиқырлы әйел қас қағымда бұзылып кеткен өңіне мейірім үйіріп, қайтадан бұрынғы қалпына түсті.
— Со бір жас бикешті қашан көрер екенмін? Оған қазірдің өзінде ғашық болып қалған сияқтымын, — деді миледи.
— Бүгін кешке көресіз, — деді аббатиса, — қаласаңыз күндіз де көріп қаларсыз. Бірақ өзіңіз әлгіде айтқандайын, сіз төрт күн жолда жүрдіңіз, бүгін таңғы сағат бесте тұрдыңыз, сол себепті де, бәлкім, тыныққыңыз келетін шығар. Қазір жатыңыз да ұйықтаңыз. Түс кезінде оятамыз.
Айла-шарғы дегенде ала жөнелетін жүрегі жаңа бір дүрбелеңді сезіп, лүпілдеп кетті, миледидің тап қазір ұйықтағысы да келмеді, бірақ қайырымды хазіретшенің кеңесіне құлақ асты: cоңғы екі аптада қилы-қилы жәйттерді басынан өткеріп, қатты қиналғаны сонша, құрыштай қайратты денесі қалжырап-шаршауды білмесе де, жаны құрғыры бір тыным-тыныштық тілейтін тәрізді.
Ол аббатисамен қош айтысып Кэтти атын естігенде оянған кегін енді қайтарамын ғой деп, жаны рахат тауып жатып қалды. Егер бұл қиын істі ойдағыдай орындап шықса, кардиналдың: ойына келген әрекетті жасауыңа рұқсат беремін деген уәдесін есіне түсірді. Миледи діттеген мақсатына жетті, демек, енді д'Артаньян мұның ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында.
Миледи тек бір нәрседен ғана, бұрынғы күйеуін — граф де Лa Ферді ойлағанда ғана құты қашып, шошып кетеді. Әйел оны өліп қалған шығар, әлде Франциядан кетіп қалған шығар, деп жүретін, сөйтсе, ол Атос атты мушкетер, д'Артаньянның жан қиысар досы болып шықты.
Хош, егер ол д'Артаньянның досы болса, әлгі тіміскі айла-әрекеттерінің бәріне көмектескен болды, осылардың арқасында королева мәртебелі тақсырдың ойына алған мақсатын орындатпай тастады; егер ол д'Артаньянның досы екен, ендеше, кардиналдың қасы, демек, миледи құрған торына оны да түсіреді, ал, ана балғын мушкетерді де осы торға түсіріп, тұншықтырып тастайтыны бесенеден белгілі.
Осындай бір жақсы үміттен әйел жаны жай тапқандай, көңілі хошуақтанып, ұзамай маужырап ұйықтап кетті.
Ол төсегінің тап қасынан бір әдемі, әуезді дауысты естіп, оянып кетті. Миледи көзін ашып, қасына ақсары шашты, өңінде жұмсақ нұр ойнаған бір жас әйелді ертіп келген аббатисаны көрді, әлгі бикеш бұның кім екенін білгенше ынтық болып, мейірлене қарап тұр екен.
Жас әйелді бұл мүлде танымайды екен. Екеуі үйреншікті дағды бойынша, сәлем-саухат сұрасып жатып, бір-біріне байыптай қарасты: екеуі де сұлу екен, бірақ екеуінің сұлулығы жер мен көктей өзгеше. Миледи іштей айызы қана күлімсіреп, осынау жас бикешке қарағанда, өзінің келісті де кескінді екенін, жүріс-тұрысы да ақсүйектер мәнеріне жақын екенін байқап қалды. Әрине, жас мұңлықтың үстіне киген көйлегін мұның көйлегімен тіпті де салыстыруға келмейді.
Аббатиса бұларды қолма-қол таныстырды, осы бір міндетін атқарғаннан кейін ол дереу кетіп қалды, өйткені хазіретшенің парыз-қарызын өтеу үшін шіркеуге баруы керек-ті, сонымен екі жас әйел оңаша қалды.
Миледидің төсекте жатқанын көргесін, жас бикеш аббатисаның соңынан кеткісі келіп еді, бірақ миледи оны жібермеді.
— Мұныңыз қалай, сударыня, — деді ол, — өзіңізді көрер-көрместен, мені жалғыз тастап кеткелі тұрсыз ба? Несін жасырайын, осы арадан кеткенше, сізбен аз да болса сөйлесіп, сұхбаттасын жүрем бе деп ойлап едім.
— Жоқ сударыня, — деді жас мұңлық, — мен беймезгіл келдім бе деп қорқып қалып едім: сіз ұйықтап жатыр екенсіз, әбден шаршаған да боларсыз...
— Онда не тұр? — деді миледи қарсы дау айтып. — Ұйықтап жатқан кісілердің тілейтіні не? Көңілденіп, сергек ояну емес пе? Сіз мені тап сондай рахатқа бөледіңіз, ендеше сол рахатқа емін - еркін батайыншы...
Сосын жас бикешті қолынан ұстап, өзіне қарай тартып, керуетінің қасында тұрған креслоға отырғызды.
Әйел де жайғаса берді.
— Түһ, құдайым-ай, мен өзі жолым бір оңғарылмайтын сорлымын! — деді ол. — Міне, жарты жылдан бері осында жүріп-тұрып жатырмын, жадырап бір көңіл көтерген емеспін! Енді, міне, сіз келдіңіз, өзіңізден көңілдес бір жақсы серік табам ба деп үміттенемін және біраздан кейін монастырден біржола кетемін ғой деп ойлаймын!
— Қалайша! — деді миледи таңырқап. — Сіз ұзамай монастырьден кетемін дейсіз бе?
— Әйтеуір, сондай үмітім бар екені рас! — деді келіншек қуанып, ол тіпті қуанышын жасырғысы да келмеді.
— Сіздің кардиналдан көп жәбір-жапа шеккеніңіз жәйлі мен де біраз хабар естіген едім. Ол рас болса, екеуміздің бір-бірімізді жақсы көруімізге тағы бір себеп табылатын болды.
— Аббатисаның әлгі бір сөзі рас екен ғой: мен сияқты сіз де зұлым тақсырдың құрбандығына шалынған көрінесіз.
— Т-с-с! — деп миледи жас әйелді тежеп тастады. — Ол кісі туралы тіпті осы араның өзінде де байқап сөйлейік. Менің күллі тауқыметім, сырлас дос санап жүрген бір әйелдің көзінше, тап әлгіде сіз айтқан сияқты бір сөзді айтқаннан кейін басталды, сөйтсем, әлгі әйел опасыздық жасапты. Сіз де сондай бір опасызға олжа болғансыз ғой тегі?
— Жоқ, — деді жас мұңлық, — мен өзім жанымдай жақсы көріп, шексіз берілген бір ханымның құрбаны болдым, мен сол кісінің жолына өз өмірімді қиямын және болашақта да солай етуге әзірмін.
— Басыңызға бәле төнгенде қарамай кетті ме? Тірлікте әрдайым солай болады!
— Мен де бұрын тап солай шүбәланып едім, сөйтсем оным әділетсіздік болған екен, екі-үш күннен бері оның қате екеніне көзім жетті, сол үшін жаратқанға разымын: ханым мені ұмытып кетті деп ойлағандай сай-сүйегім сырқырайтын... Бірақ сіз, сударыня... ерікті еркін кісі сияқты көрінесіз, егер көңіліңіз қаласа, осы арадан тоқтаусыз қашып кете аласыз.
— Сонда дос-жарандары, ақша-қаражаты жоқ, мен сияқты жазғанда бұрын ешқашанда болып көрмеген жат өлкеде қайда барып паналайды?
— Ах, дос-жаран дегеніңіз қайда барсаңыз, сонда табыла жатады ғой! — деді мұңлы бике дауыстап. — Сіз бір ақкөңіл, қайырымды жан сияқты көрінесіз және жұрттан асқан сұлусыз!
— Қайтейін, соған қарамастан соқа басым сопайып, қуғындалып жүрмін, — деді миледи періштедейін монтаси күлімсіреп.
— Маған сенсеңіз, — деді мұңлы бике, — ешқашанда құдайдан күдер үзбеңіз. Бірде болмаса бірде бұрын жасаған жақсылығымыз құдай алдында жақтаушы болып шығады. Бәлкім, мен ешкім көзге ілмейтін, қанша әлсіз де дәрменсіз жан болғаныммен, менімен кездескеніңіз өзіңізге бақыт болып даритын шығар. Егер мен осы арадан аман-есен шықсам, әуелі өзімді қорғауға белсене қатысқан беделді достарым, кейін сізді де қорғай алады ғой деп сенемін.
— Егер мен сізге жалғызбын деп айтсам, ол менің жоғары орындарда отырған таныстарым жоқ деген сөз емес,— деді миледи сөзін жалғап, ол өзім сыр ақтарсам, бұл да барын ашып айтар деп ойлаған-ды. — Бірақ сол таныстарым кардиналдың алдында қайқаң қағады, тіпті королеваның өзі қаһарлы министрге қарсы кісілерді қолдаудан қаймығады. Ұлы ханым, қанша мейірбанды, ізгі жүректі кісі болғанымен, мәртебелі тақсыр қаһарына мінген кезде, өзіне қызмет еткен кісілерді соның құрбандығына шалғанын растайтын айғақ, дәлел дегеніңіз менде жетіп жатыр.
— Маған сеніңіз, сударыня, королева сырттай олардан бас тартқан сыңай танытуы мүмкін, бірақ соған қарап ол кісіні кінәлауға болмайды: олар қатал қуғын-сүргінге ұшыраған сайын, королева да жатпай-тұрмай солардың қамын ойлайды және со байғұстардың өздері де күтпеген кезде ойлайды, ақырында ханымның шарапатты назарынан қағыс қалмағандарына көздері жетеді.
— Дұрыс айтасыз. Королева қайырымды кісі, оған кәміл сенемін! — деді миледи күрсініп.
— Ах, мына сөзіңізге қарағанда, сіз біздің кең пейілді, жомарт жанды, ғажайып королевамызды біледі екенсіз ғой! — деді мұңлы бике мәз бола қуанып.
— Мен ол кісімен тікелей таныс болу құрметіне ие болып көрген жоқпын, — деді миледи шектен асып бара жатқанын сезіп, — бірақ мен оның ең жақын достарының көпшілігімен таныспын: мәселенки, де Пютанж мырзаны білемін, Англиядағы Дюжар мырзаны жақсы білуші едім, де Тревиль мырзамен таныспын.
— Де Тревиль мырзамен бе! — деді мұңлы бике дауыстап. — Сіз де Тревиль мырзаны танимын дедіңіз бе?
— Иә, танығанда қандай, тіпті жақсы танысым.
— Король мушкетерлерінің капитанымен бе?
— Иә, король мушкетерлерінің капитанымен.
— Олай болса, көп ұзамай, тіпті жақын-жуықта сіз бен біз сыралғы таныс, тіпті дос болып кеткенімізді өзіңіз де білмей қаласыз! Егер сіз де Тревиль мырзамен таныс болсаңыз, онда ол кісінің үйінде де болған шығарсыз?
— Иә, жиі-жиі барып тұрамын, — деді миледи. Осы жолға бір түсіп алғасын және жалған сөзі жарасты шығып жатқасын, ол алған бетінен айнымауға бел байлады.
— Сіз ендеше ол үйден кейбір мушкетерлерді де кездестірген боларсыз?
— Әдетте сол кісі қабылдайтын мушкетерлерді түгел көргенмін, — деді миледи осы әңгімеге қызыққан үстіне қызыға түсіп.
— Өзіңіз жақсы білетін кісілердің біреуінің атын атаңызшы, сонда олардың менің дос-жараным болып шығатынына көзіңіз жетеді!
— Хош мәселенки... — деді миледи қапелімде абыржып қалып, —мен де Сувиньи мырзаны, Куртиврон мырзаны, де Ферюссак мырзаны... білемін...
Мұңлы бике миледидің сөзін бөлмей, байыппен тыңдады да, ол үндемей қалғасын:
— Сіз Атос деген азаматты білмеуші ме едіңіз? — деді жәйімен. Миледи өзі жатқан ақжайма матасындай аппақ болып өзгеріп сала берді, өзін-өзі тізгіндеп ұстауға келгенде алдына жан салмайды десек те, дауысы еріксіз шығып кетті, алдындағы әйелдің білегінен шап беріп, ұстай алып, оған тесірейе қарап, қатты да қалды..
— Не болды? Сізге не болды соншама? — деді байғұс әйел шыжбалақтап. — Түһ, құдай-ай, сіздің намысыңызға тиетін бірдеңені аңдамай айтып қойған жоқпын ба?
— Жо-ға, бірақ мына бір кісінің есімі мені қайран қалдырды, өйткені ол жігітті мен де білуші едім, ойламаған жерден соны жақсы білетін кісімен жүзбе-жүз кездесу маған бір түрлі оқыс көрініп кеткені.
— Иә, оны жақсы білетінім, тіпті ете жақсы білетінім рас. Оның өзімен ғана емес, жан достары: Портос мырзамен, Арамис мырзамен де жақсы таныспын.
— Шынымен-ақ рас па? Оларды мен де білемін! — деді миледи дауыстап, қорыққанынан тұла бойының мұздап бара жатқанын сезіп.
— Пәле, егер сіз олармен жақсы таныс болсаңыз, онда олардың ер көңілді, батыл жігіттер екенін де білесіз ғой. Егер сізге жәрдем керек болса, соларға неге сөз салып көрмейсіз?
— Істің мәні мынада... — деді тұтығып миледи, — олардың ешқайсысымен де достық байланысым жоқ. Мен оларды со жігіттердің жақын досы д'Артаньянның айтқанынан білемін.
— Сіз д'Артаньян мырзаны қайдан білесіз? — деді мұңлы бике енді оның білегінен шап беріп, қадала қарап.
Миледидің көзінің тұнжырап кеткеніне қарап, ол:
— Кешіріңіз, сударыня, онымен сіздің қандай байланысыңыз бар еді? — деп сұрады.
— Ол ма... — деді миледи абыржып, — ол — менің досым.
— Сіз мені алдап отырсыз, сударыня, — деді мұңлы бике. — Сіз оның көңілдесі болғансыз!
— Д'Артаньянның көңілдесі болған мына сізсіз! — деді оған миледи дауыстап.
— Мен бе? — деді мұңлы бике.
— Иә, сізсіз, Мен сізді енді ғана білдім: сіз Бонасье ханымсыз.
Жас әйел бұған таң қала селк етті де, қорыққанынан шегіне берді.
— Қасармаңыз! Айтыңыз қане! — деді миледи шұқшиып.
— Онда не тұр! Болсам — болармын, сударыня! — деді мұңлы бике. — Сонымен, біз күндес болып шықтық па?
Миледидің ызаға булығып, қызарып кеткені сонша, басқа бір кезде Бонасье бике қорыққанынан қашып кетер еді, ал, қазір оны қызғаныш билеп алған еді.
— Кәне, имандай шыныңызды айтыңызшы, сударыня, — деп Бонасье бике шұқшиып, оны тап осындай қайсар деп кім ойлаған, — сіз оның көңілдесісіз бе? Бәлкім, сіз оның бұрынғы көңілдесі боларсыз?
— О жоқ! Ешқашанда! Ешқашанда! — деді миледи бажылдап, оның сөзінің растығына тіпті шүбәлануға да болмайтын еді.
— Мен сізге бір сенуін сенейін. Бірақ дауысыңыздың еріксіз шығып кеткені қалай? — деді Бонасье бике.
— Сіз оған да түсінбей отырсыз ба? — деді миледи көлгірси таңырқап, ол абыржып-сасып қалған жерінен есін жинап, өзін тежеп ала қойған-ды.
— Оны қайдан түсінейін? Мен әлі ештеңені де білмеймін.
— Қимас дос ретінде д'Артаньян мырза өзінің жүрек сырларын маған айтатын, сіз соны да ұқпайсыз ба?
— Шынымен-ақ рас болғай?
— Сіздердің бар сырларыңызға қанық екенімді әлі білмейсіз ғой: Сен-Клудегі шағын үйден өзіңізді ұрлап кеткенін де, оның қатты торығып, қиналғанын да, дос-жарандарының опынғанын да білемін. Кенет, ойламаған жерден, өзіңізбен кездесіп қалғанда, оған мен таң қалмағанда кім таң қалады! Біз, д'Артаньян екеуміз, сіз туралы көп-көп сыр шертіскен едік! Ол сізді жанындай жақсы көреді және сыртыңыздан мені де жақсы көруге мәжбүр етті. Ах, сүйкімді Констанция, ақырында тағдыр айдап сізді таптым-ау, әйтеуір, міне, өзіңізді де көріп отырмын.
Осыдан кейін миледи Бонасье бикеге қолын созды, ал, Бонасье бике болса, оның сөзіне қалтқысыз сеніп, әлгіде ғана күндес-бәсекелес деп есептеген әйелді енді өзіне жан-тәнімен берілген адал дос деп таныды.
— О, кешіріңіз мені! Кешіріңіз! — деді ол дауыстап, сосын миледидің иығына бетін басты. — Мен оны жанымдай жақсы көремін!
Екі әйел бір минуттей бір-бірін құшақтап тыныштала қалды. Егер миледидің күші кеудесінде қайнаған кек пен өшпенділікке сай келсе, Бонасье бике миледидің құшағынан қаза табар еді. Бірақ оны табанда тұншықтырып, өлтіре салуға болмайтынын сезген миледи оған қарап, күлімсірей тіл қатты:
— Менің сүйікті сұлуым сол, менің қымбатты балақайым сол, өзіңізді аман көргеніме шексіз бақыттымын! Кәне, көзім әбден тойғанша жүзіңізге армансыз бір қарап алайыншы.
Осы сөздерді айтқасын, ол мұны ашқарақ көзімен ішіп-жеп қоя жаздады.
— Иә, иә, бұл әрине, сізсіз! Оның өзіңіз жәйлі айтқан сөзіне қарап, сізді танып отырмын, жыға танып отырмын!
Сорлы келіншек осынау жарқыраған ақ маңдай мен жалтылдаған тұнық көз ішінде қандай сұрқия ой сумаңдап жатқанын қайдан білсін, ол қазір мына әсем көзден тек өзіне деген аяушылық пен ақ пейілді ғана көрген болатын.
— Егер ол сізге менің қандай азап-тозақты бастан кешкенімді айтқан болса, мен сорлының тартқан тауқыметінен хабардар болып шықтыңыз ғой. Бірақ ол үшін көрген жәбір-жапаның өзі бір ғанибет! — деді Бонасье бике.
— Иә, ғанибет! — деп миледи де қайталай салды.
Ол басқа бірдеңені ойлап отырған.
— Көңілге бір медеу болатын нәрсе, ұзамай мен осы азаптан арыламын, — деді Бонасье бике сөзін жалғап. — Ертең бе, әлде бүгін кешке салым ба, әйтеуір, мен оны қайта көремін, содан кейін қайғылы күндер ұмыт болады.
— Бүгін кешке салым? Ертең? — деді миледи қайталап, осынау сөздер оның ойын сейілтіп жібергендей болды. — Ол не дегеніңіз? Сіз одан бір хабар күтіп отырсыз ба?
— Мен оның өзін күтіп жүрмін.
— Өзін дейсіз бе? Д'Артаньян осында келе ме?
— Иә, келеді.
— Ол мүмкін емес! Ол кардиналмен бірге Ла-Рошельді қамап-торып жатыр. Ол тек қаланы алғаннан кейін барып келеді.
— Сіз солай ойлайсыз ба? Бірақ бұл жалғанда менің д'Артаньяныма, сол бір адал да дегдар азаматқа бөгет болатын нәрсе бар ма!
— Осы сөзіңізге сенбеймін!
— Ендеше мынаны өзіңіз-ақ оқыңыз !— деді кеудесін асқақ бір қуаныш сезімі билеп кеткен бақытсыз келіншек, миледиге хатты ұсынып жатып.
«Де Шеврез ханымның қолы! —деп ойлады іштей миледи. — Солардың лагерімен бұлардың қарым-қатынас жасап тұратынын бұрын да сезуші едім!»
Ол төмендегі жолдарды құныға оқып шықты:
«Сүйікті сәби, әзір тұрыңыз. Біздің досымыз ұзамай сізге барады, сонда өзіңіздің қауіп-қатерден аман қалу үшін лажсыз жасырынған түрмеңізден алып кету үшін ғана барады. Жолға әзірлене беріңіз және ешқашанда бізден көмек келмейді екен деп күдер үзбеңіз.
Жуырда біздің әсем гаскон жігітіміз, әр кездегі әдетіне басып, өзінің шын берілген адал кісі екенін тағы да көрсетті; әлдебір жерлер, күн ілгері сақтандырғаны үшін оған қатты разы болып жатыр, соны оған айтқайсыз».
— Иә, иә, — деді миледи, — хатта бәрі де айдан анық айтылыпты. Мына бір сақтандыру дегеннің мәнісін білмейсіз бе?
— Жоқ, білмеймін. Бірақ, менің өз шамалауымша, ол кардиналдың жаңа бір жымысқы әдіс-айлалары жәйлі королеваны ескертіп қойса керек-ті.
— Иә, бәлкім, солай да болған шығар! — деді миледи, Бонасье бикеге хатты қайтарып жатып, сосын тағы да басын төмен салып, бір қалың ойға шомып кетті.
Сол мезетте шапқан аттың дүбірі естілді.
— Ах! — деді Бонасье бике дауыстап терезе алдына жетіп барып; — Мынау сол емес пе екен?
Миледи аң-таң қалған күйі төсекте мелшиіп жатып қалды. Ойламаған жерден соншалық тосын жәйттердің мұны қат-қабат келіп басып қалғаны сондай, әйел өмірінде тұнғыш рет шындап сасайын деді.
— Сол! Сол! — деді ол күбірлеп. — Шынымен-ақ соның өзі болғаны ма?
Миледи жансыз көзімен алдындағы кеңістікке қараған күйі төсегінде сүлесоқ жата берді.
— Жоқ, ол емес екен, — деді Бонасье бике күрсініп. — Бұл бір бейтаныс кісі... Бірақ ол бізге қарай келе жатқан тәрізді... Иә, әне атының шабысын баяулатты.., қақпаның алдына келіп тоқтады... қоңырауды қағып жатыр...
Миледи төсектен ұшып тұрды.
— Оның сол емес екенін анық білесіз бе? — деді ол.
— Иә, анық білемін.
— Сіз, бәлкім, айқын көре алмай қалған шығарсыз?
— Ах, мен оның қалпағының қауырсынын, плащының етегін көрсем болғаны, бірден танимын!
Миледи асығыс киініп жатты.
— Бәрібір. Әлгі адам осылай қарай келе жатыр дедіңіз бе?
— Иә, ол ішке кірді.
— Ол ендеше әлде сізге, әлде маған келеді.
— Ах, құдайым-ай, сіз бір түрлі қобалжып кеттіңіз ғой!
— Иә, шынымды айтайын, сіз сияқты мен көрінгенге сене бермеймін, жұрттың бәрінен де қорқамын...
— Т-с-с! — деді Бонасье бике оны ескертіп. — Осылай қарай келе жатыр.
Шынында да со замат есік ашылып, ішке хазіретше келіп кірді
— Булоннан келген сіз бе едіңіз? — деді ол миледиге арнайы тіл қатып.
— Иә, менмін, — деді миледи салқын қанды сабырлы көрінуге тырысып. — Мені сұраған кім екен?
— Белгісіз біреу, атын атағысы келмеді, бірақ өзі кардиналдың тапсырмасымен келдім дейді.
— Сонда менімен жолыққысы келе ме?
— Ол Булоннан келген ханыммен дидарласқысы келеді.
— Олай болса, рақым етіп, со кісіні осында шақыра қойсаңыз, сударыня.
— Ах, құдайым-ай, құдайым-ай! — деді Бонасье бикенің зәре-құты қалмай. — Ол бір жаман хабар әкелген жоқ па екен, әйтеуір?
— Әкелді ғой деп қорқамын.
— Мен ендеше сізді сол бейтаныс кісімен оңаша қалдырайын, ал, о кісі кетіп қалғасын, рұқсат болса, қайтып келейін.
— Әрине, келіңіз, өтінемін.
Хазіретше мен Бонасье бике шығып кетті.
Миледи жалғыз қалғасын есіктен көзін алмай қойды; енді бір минут өткен шамада шпордың басқышқа жаңғыра шыққан шылдыры естілді, сосын әлгі кісі аршындай басып, жақын келді, есік шалқая ашылды да, табалдырықтан бір кісінің нобайы көрінді.
Миледи қуана дауыстап жіберді: бұл кісі кардиналға жан-тәнімен берілген граф Рошфор еді.
XXXII
АҚ ШАЙТАН МЕН КӨК ШАЙТАН
— Aha! — десті миледи мен Рошфор жарыса сөйлеп, — сіз екенсіз ғой!
— Иә, менмін.
— Жол болсын?.. — деді миледи.
— Ла-Рошель жақтан келемін, ал сіз ше?
— Англиядан келгенмін.
— Бекингэм қайда?
— Не өлді, өлмесе — өлімші болып жараланып қалды, одан тауым шағылып, қайтуға бет алғанымда, бір фанатик шаруасын тындырыпты.
— А-а! — Рошфор мырс етті. — Міне, күтпеген бақыт! Жоғары мәртебелі тақсыр бұған қатты қуанатын болды. Хабарлап па едіңіз?
— Булоннан хат жазғанмын. Ал, мұнда қайдан жүрсіз?
— Мәртебелі тақсыр мазасызданып, сізді тауып кел деп жіберген.
— Осында келгенім кеше ғана.
— Кешеден бері не істедіңіз?
— Қарап жатқан жоқпын әйтеуір.
— О! Оған сенімім кәміл!
— Менің осы арадан кімді көргенімді білесіз бе?
— Жоқ!
— Ойлап табыңызшы кәне!
— Қалай табамын?..
— Королева абақтыдан босатқан келіншекті көрдім.
— Әлгі д'Артаньян деген баланың нақсүйері ме?
— Иә, Бонасье бикенің тап өзі, оның қайда жоғалып кеткенін кардинал білмейтін.
— Міне, жолы болғанның үстіне болды деген осы да, — деді Рошфор. — Кардинал мырзаның желі оңынан тұрған екен!
— Әлгі келіншекпен бетпе-бет ұшырасып қалғанымда таң-тамаша қалғанымды көрсеңіз ғой! — деп сөзін сабақтады миледи.
— Сізді танушы ма еді?
— Жоға.
— Демек, бейтаныс болдыңыз ғой?
Миледи жымиған болды:
— Менен артық досы жоқ оның.
— Ант ішуге бармын, сүйікті графиня, мұндай ғаламат тек сіздің қолыңыздан ғана келеді!
— Бағым бар екен, сырласы болып алдым, әйтеуір; мұнда не боп жатқанын білесіз бе, шевалье.
— Жоқ!
— Ертең болмаса, арғы күні королеваның жарлығымен жаушы келмек.
— Ал керек болса! Ол кім екен сонда?
— Д'Артаньян достарымен келмек.
— Бүйте берсе, оларды Бастилияға қамауға мәжбүр болатын шығармыз.
— Олардың осы уақытқа дейін бостаншылықта жүргені қалай?
— Амал қайсы! Неге екенін қайдам, кардинал мырзаның соларға бүйрегі бұрады да тұрады.
— Қойыңызшы?
— Рас.
— Ендеше, Рошфор, оған былай деп айта барыңыз: «Қызыл кептер ұясы» қонақ үйіндегі әңгімемізді сол төртеуі естіп қалыпты деңіз; кардинал кетісімен оның берген пәрмен хатын әлгі төртеуінің бірі келіп, менен тартып алғанын айтыңыз; менің Англияға келетінімді олардың лорд Винтерге хабарлап қойғанын білдіріңіз, алмас алқаның оқиғасы кезінде қырсығын тигізген бұлардың осы жолы да тапсырманы орындауыма бөгет бола жаздағанын айтыңыз; сол төртеуінің ішінде д'Артаньян мен Атос екеуінен ғана сақтану қажет дегейсіз; Арамис деген үшіншісі де Шеврез ханымның көңілдесі екенін сездіріңіз; оны тірі қалдыру керек, сыры бізге мәлім болғандықтан пайдасы тиюі ықтимал; ал төртіншісі Портос болса, барып тұрған ақымақ, сәнқой, ашықауыздың өзі, оған тіпті, назар аударып әуре болудың қажеті жоқ.
— Бірақ, олардың төртеуі де енді Ла-Рошель қоршауында болса керек еді ғой?
— Мен де солай ойлап едім, әйтсе де, Бонасье бикенің маған аңдамай көрсетіп қойған, де Шеврез ханымнан алған хатына жүгінсем, керісінше ол төртеуі қазір жол үстінде, осында келіп, бикені алып кетпекші.
— Шайтан алсын! Енді қайттік?
— Мен жөнінде кардинал сізге нендей жарлық беріп еді?
— Жазба түрінде, болмаса ауызша хабарыңызды алысымен почта көлігімен қайтуым керек; барлық мағлұматты алып болған соң не істеп, не қоярыңызды соның өзі шешпек еді.
— Ендеше осында қалуым керек екен ғой?
— Осында немесе таяу жерде болғаныңыз жөн.
— Өзіңізбен бірге алып кете алмайсыз ба?
— Жоқ, маған нақты тапсырма берілген. Лагерь маңында сізді танып қоюы кәдік, ал сіздің көзге түсуіңіз, өзіңіз де түсінесіз, жоғары мәртебелі тақсырға қолайлы тие қоймас.
— Жарайды, ендеше осында, болмаса осы маңайда тоса тұрамын да.
— Кардиналдан хабарды қай жерде күтетініңізді, тек маған алдын ала айтып қойыңыз, қайдан іздеу керегін біле жүрейін.
— Мұнда қала алмауым да мүмкін екен-ау...
— Неге?
— Сіз мұнда дұшпандарымның сау ете қалуы мүмкін екенін ұмытып тұрсыз.
— Жөн сөз. Сонда қалай, мәртебелі тақсыр әлгі жас бикеден көз жазып қалмақ па?
— Жоға! — деді миледи өзінше жымиып. — Оның сыралғы досы екенімді естен шығарып тұрсыз.
— Айтпақшы, солай екен ғой! Демек, мен ол әйел туралы кардиналға не айтпақпын...
— ...қам жемесін деп айтыңыз.
— Бар болғаны осы ма?
— Оның мәнісін өзі түсінеді.
— Түсінуін түсінеді ғой. Бірақ мен не істеуім керек?
— Дереу қайтыңыз. Меніңше, сіздің кардиналға жеткізетін хабарыңыз асығуға тұрарлық хабар.
— Лильеге кіре бергенде күймем сынып қалып еді.
— Тамаша болған!
— Тамаша болғаны қалай?
— Солай, күймеңіз маған қажет болып тұрғаны.
— Онда мен қалай жетемін?
— Салт кетесіз. Тек шапқылай беріңіз.
— Айтуға оңай! Салт атпен жүз сексен лье бойы қалай шапқылай бермекпін.
— Түк емес!
— Жарайды, солай-ақ болсын. Сонан соң?
— Сонан соң, Лильге барысымен, күймеңізді маған жібересіз де, сол кісіге қызмет қыл деп малайыңызға әмір етесіз.
— Мақұл.
— Әрине, сізде кардиналдың әйтеуір бір жарлығы бар шығар?
— Өз қалауынша қарекет қылсын деген жазбаша кепілдемесі бар.
— Соны хазыретшеге көрсетесіз де, ана әйелге бүгін-ертең кісілер келеді, ол менің атымнан келген адаммен бірге кетуі керек дегенді айтасыз.
— Тамаша!
— Бибімен сөйлескенде мені мүлде жақтырмайтыныңызды ұмытпаңыз.
— Оның қажеті не?
— Мен кардиналдың құрбанымын. Ана ақымақ Бонасье бикенің сеніміне қалайда кіруім керек қой.
— Табылған ақыл! Ал, енді не боп, не қойғаны жөнінде хабарлама жасай қойыңызшы.
— Бәрін де бастан-аяқ баяндадым ғой. Сіздің жадыңыз жақсы еді: менің айтқандарымды түгел қайталап шығыңызшы, қағаз жоғалып қалуы мүмкін.
— Дұрыс айтсыз. Тек өзіңізді кейін қайдан іздеп табатынымды айтсаңыз болды, әйтпесе, төңіректі бекер шиырлап жүрермін...
— Ол рас. Сәл тұра тұрыңыз...
— Карта керек пе?
— О, бұл жақты мен кәміл білемін!
— Сіз бе? Бұл жақта қашан болып жүрсіз?
— Мен осы маңда тәрбиеленгенмін.
— Солай деңіз.
— Көрдіңіз бе, тәрбие алған жердің де кейде кәдеге асатын кезі болады.
— Сонымен, мені қай жерде тосасыз?
— Сәл ойлануға мұрсат беріңіз... Қайда дейсіз ғой: Армантьерде тосамын.
— Армантьер деген не ол?
— Лис өзенінің жағасындағы қалашық. Өзеннен өтсем болғаны — басқа мемлекеттен барып бір-ақ шығамын.
— Тамаша! Бірақ, сіз, әлбетте, тек қауіп төнгенде ғана өтетін шығарсыз о жаққа?
— Әрине.
— Солай бола қалған күнде сізді қайдан табамын?
— Малайыңыз өзіңізге қажет пе?
— Жоқ!
— Өзі сенімді кісі ме?
— Сөз бар ма. Әбден сыннан өткен.
— Оны маған беріңіз. Өзін ешкім танымайды мұнда, мен оны кеткен жеріме қалдырып кетемін, ал кейін баратын жерімді сізге сол тауып береді.
— Сіз мені Армантьерде тосамын демеп пе едіңіз?
— Иә, Армантьерде.
— Маған бір жапырақ қағазға жазып беріңізші, әйтпесе, ұмытып қалам ба деп қорқамын. Қаланың атында не тұр, солай емес пе?
— Кім білсін.. .Мейлі, солай-ақ болсын, өз атыма өзім кір келтіруге дейін баруға даярмын! — Миледи қаланың атын бір жапырақ қағазға өз қолымен жазып берді.
— Жақсы, — деп Рошфор миледидің қолынан қағазды алып, бүктеді де қалпағының астарына тықты. — Дегенмен, сіз қам жемеңіз: тіпті, бұл қағазды жоғалтып алған күннің өзінде де балалар сияқты, жол бойы, осы сөзді жаттаумен болармын. Ал, осымен болдық па?
— Болған сияқтымыз.
— Пысықтап көрейікші: Бекингэм өлген, өлмесе ауыр жарақат...- кардинал екеуіңіздің әңгімеңізді төрт мушкетер тыңдап тұрған... сіздің Портсмутке келетініңіз жөнінде лорд Винтерге айтылып қойылған... д'Артаньян мен Атосты Бастилияға... Арамис де Шеврез ханымның көңілдесі... Портос сәнқой неме... Бонасье бике табылды... сізге тезірек күймені жіберуім керек... малайымды қарауыңызға беруге тиіспін... хазыретшеде ешқандай күдік тумас үшін сізді кардиналдың құрбандығы етіп көрсетуім шарт... Лис жағасындағы Армантьер. Солай ма?
— Жадыңыз мықты екен, инабатты шевалье! Айтпақшы, тағы да қосарым бар.
— О не тағы?
— Мен бір тамаша тоғай көрдім, байқауымша, монастырь бағына тиіп тұр. Маған осы тоғайда серуендеуге рұқсат етілген деп айтыңыз бибіге. Кім білген... бәлкім, артқы есіктен шығып кетуге тура келер.
— Бәрін де ескерген екенсіз!
— Сіз тағы да бірдеңені ұмытып барасыз...
— О не тағы?
— Ақша қажет пе деп сұрауды ұмыттыңыз.
— Солай екен-ау. Қанша берейін?
— Қазір бар алтыныңыздың бәрін беріңіз.
— Бес жүз пистольдей болар.
— Менде де сол қарайлас. Мың пистолің болса, ешқандай жау алмас. Қане, қалтаңызды қағыңыз.
— Мархабат.
— Жарайды. Қашан жүресіз?
— Бір сағаттан соң. Мен тездетіп тамақтанып алғанша лауға біреу-міреу барып келе қояды ғой.
— Өте жақсы! Қайыр-хош, шевалье!
— Хош болыңыз, графиня!
— Менің ізет құрметімді жеткізіңіз кардиналға!
— Сайтанның сапалағына дұғай сәлем!
Миледи мен Рошфор жымиып қоштасты.
Арада бір сағат өткен шамада Рошфор шапқылай кейін қайтып бара жатты; бес сағаттан кейін ол Аррастан етті.
Д'Артаньянның оны қалайша танып қойғаны, бұдан кейін төрт мушкетер бұрынғыдан бетер қауіптеніп, жүрістерін тездете түскені оқырмандарымызға бұрыннан мәлім.
XXXIII
СОҢҒЫ ТАМШЫ
Рошфор шығысымен бөлмеге қайта кірген Бонасье бике жайраң қаққан миледиді көрді.
— Міне, қауіптенгеніңіз қапысыз келді, — деді бике, — бүгін кешке не ертең кардинал сізді алып келуге кісі жібереді.
— Оны кім айтты сізге, қалқашым? — деп сұрады миледи.
— Жаушының өз аузынан есіттім.
— Бері келіп, қасыма тізе бүгіңізші, — деп өтінді миледи.
— Мақұл.
— Тұра тұрыңыз, біреу-міреу тыңдап тұрмасын, қарап келейін.
— Мұнша сақтықтың қажеті қанша?
— Қазір білесіз.
Миледи орнынан тұрып барып есікті ашып коридорды қарады да, қайтып кеп, тағы да Бонасье бикенің жанына жайғасты.
— Демек, өз ролін жақсы ойнаған ғой, — деп сұрады ол.
— Кімді айтасыз?
— Хазыретшеге кардиналдың жіберген адамы деп таныстырған кісіні айтамын.
— Сонда ол тек рольде ойнап жүр ме еді?
— Иә, қалқам.
— Демек, бұл кісі онда...
— Бұл кісі, — деді миледи даусын бәсеңдетіп, — менің бауырым.
— Бауырыңыз ба еді? — дегенде Бонасье бикенің даусы қаттырақ шығып кетті.
— Тек сіз ғана білесіз бұл сырды, қалқашым. Егерде бұл сырды басқа біреуге жаяр болсаңыз, мен құрыдым, сізге де, бәлкім, солай болар.
— Аһ, тәңірім-ай!
— Енді тыңдай беріңіз не болғанын. Маған қол ұшын бермек боп, қажет болса, күшпен құтқармақ болып асығыс аттанған бауырым кардиналдың жіберген жаушысымен ұшырасып қалады да, ізін бағып соңынан жүріп отырады. Тірі жан жоқ бір оңаша жерге келгенде шпагасын суырып алып, жаныңнан дәмең болса әкеле жатқан қағазды бер дейді. Жаушы қарсыласпақ болған екен, бауырым оны табанда өлтіреді.
— Аһ! — Бонасье бике селк ете қалды.
— Түсініңіз, оның басқа шарасы қалмаған ғой! Бұдан әрі ол күшпен емес, ақылмен іс қылады: қағазды ала салып, мұнда кардиналдың жаушысы боп келеді; енді бірер сағаттан соң мәртебелі тақсырдың әмірімен маған күйме келмекші.
— Біліп отырмын: сол күймені жіберетін бауырыңыз ғой.
— Әбден дұрыс айтасыз. Бірақ, ақыр-тақыры бұл емес: де Шеврез ханымнан алдым деп жүрген хатыңыз...
— Иә?
— ...жалған хат.
— Қалайша?
— Иә, жалған... қолға түсірерде қарсыласпасын деп әдейі сізге құрылған тор бұл.
— Д'Артаньянның өзі келеді емес пе!
— Босқа шатасып қайтесіз: д'Артаньян достарымен Ла-Рошельде қоршап қамап жатыр.
— Оны қайдан білдіңіз?
— Менің бауырым кардиналдың мушкетер боп киінген жаушыларына жолығыпты. Олар қақпаға кеп шақырса ғой, сіз достарым екен деп қаннен-қаперсіз шығарыңыз айдан-анық; сосын олар ұстап алып сізді қайтадан Парижге апарар еді.
— О тәңірім-ай, қым-қиғаш қылмыстан басым қатар болды ғой! Егер осылай жалғаса берсе, — деді Бонасье бике алақанымен маңдайын басып, — жынданатын шығармын!
— Тұра қалыңыз!
— Не боп қалды?
— Aт дүбірін құлағым шалып қалды... Кетіп бара жатқан бауырым шығар. Онымен тағы да қайырласып-қоштасып қалайын, жүріңіз.
Миледи барып терезені ашты да, қолымен ымдап Бонасье бикені шақырды. Бике оған таяп келді.
Рошфор терезе түбінде шауып бара жатыр еді.
— Қош бауырым, — деп дауыстады миледи.
Салт атты басын көтеріп, екі келіншекті көрді де, шауып бара жатып қол бұлғады.
— Жайсаң Жорж! — деді миледи мейірбан да мұңды қалыпқа еніп, сосын терезені жапты.
Ол өз орнына барып жайғасты да, қалың ойға шомған бола қалды.
— Ойыңызды бөліп кетсем кешіріңіз, сударыня! — деді оған Бонасье бике. — Енді не істе дейсіз маған? Құдайым-ай! Өмірде менен гөрі көрген-білгеніңіз көп қой, енді қайттім, ақыл-кеңес беріңізші.
— Кім білген, — деп жауап қатты миледи, — бәлкім, мен қателескен де шығармын, д'Артаньян достарымен кеп, көмек берер сізге.
— Аһ, қандай жақсы болар еді, тіпті, соған сенудің өзі қиын! — деп дауыстады Бонасье бике. — Маған ондай бақыт қайда!
— Олай болған күнде, өзіңіз білесіз, бұл тек уақытқа байланысты, бәйге-жарыс сияқты нәрсе ғой, кім бірінші боп келер әлі. Егер достарыңыз келсе — құтқарып алады, ал кардиналдың жаушылары келсе — құрығаныңыз.
— О, иә, иә, құрыдым біржолата. Енді қайттім?
— Десе де, мұның өте қарапайым бір жолы бар...
— Айтсаңызшы, қандай жол?
— Осы маңайда бір жерге жасырынып, әліптің артын бағу — сөйтіп, кімдер келгенін алдын ала біліп алу.
— Бірақ, қайда күтемін?
— Е, оның жарасы жеңіл. Мен осыдан бірнеше лье жерде бауырымды тосып аламын. Біз былай істейік: мен сізді ерте кетейін де, сол жерде екеуміз бірге тосалық.
— Бұл жерден шығармайды ғой, мен мұнда тұтқын есебіндегі адаммын.
— Мұндағылар мені кардиналдың әмірімен кетіп бара жатыр екен деп ойлайды, сондықтан да сіздің мені шығарып салуға құлқыңыз жоқ екеніне бұлардың сенімі кәміл.
— Сосын?
— Сосын күйме келген соң қоштасып жатып, мені соңғы рет құшқалы тепкішекке шығасыз, Бауырымның жіберген малайына бәрін де алдын ала ескертіп қоямыз — лаушыға белгі берісімен-ақ жөндеп береміз.
— Ойбай-ау, д'Артаньян ше? Егер д'Артаньян келсе қайтеміз?
— Оны білеміз ғой.
— Қайтіп?
— Одан оңай не бар? Біз бауырымның малайын Бетюнға қайтарып жібереміз, қайталап айтамын, оған толық сенуімізге болады. Ол киімін ауыстырып киіп, монастырьге қарсы тұрған бір үйге орналасады. Егер кардиналдың кісілері келсе тырс етпейді де, д'Артаньян достарымен келсе бізге ертіп әкеледі.
— Олар екенін қайдан біледі?
— Білгенде қандай! Ол біздің үйде д'Артаньянды талай көрді емес пе?
— Иә-иә, оныңыз рас.., Сөйтіп, бәрі де реттеліп келеді.., Бірақ, көп ұзамайық.
— Әрі кеткенде жеті-сегіз лье. Шекараға тақау бір оңаша жерге аялдармыз да, қауіп төнгендей болса, Франциядан тайып тұрамыз.
— Оған шейін не істейміз?
— Күте тұрамыз.
— Келмесе шe?
— Бауырымның күймесі бұрын келеді.
— Егер күйме келгенде мен болмай қалсам ше, мәселен, сол кезде түскі не кешкі ас ішіп жатсам не болмақ?
— Сіз былай етіңіз.
— Қалай?
— Мейірбан хазыретшеге барып, тамақты бірге ішуге рұқсат сұрап ал, сонда біз бір-бірімізден ұзап кетпейтін боламыз.
— Рұқсат етер ме екен?
— Етпегенде ше?
— Тіпті жақсы! Сөйтіп, біз бір сәт те ажырамайтын боламыз!
— Қазір барып, рұқсат сұрап алыңыз. Бір түрлі басым сынып тұр, мен баққа шығып серуендеп қайтайын.
— Бара беріңіз. Сосын қайдан табамын?
— Бір сағат өткесін, осы жерде.
— Бір сағат өткесін, осы жерде... Ах, рахмет сізге, қандай қайырымды едіңіз!
— Сізге жақсылық етпегенде кімге етпекпін! Егер сіз осынша сұлу да сүйкімді болмаған күннің өзінде, менің ең жақын достарымның бірінің ғашығы емессіз бе?!
— Сүйікті д'Артаньян, сізге шын көңілден риза болады ғой!
— Өзім де солай ойлаймын. Сөйтіп, әбден келісіп алдық қой. Енді төмен түселік.
— Сіз баққа барасыз ба?
— Иә.
— Осы коридормен барып, кішкене баспалдақпен төмен түссеңіз, тура баққа шығасыз.
— Тіпті жақсы! Рахмет сізге.
Екі келіншек бір-біріне жымия қарасып, жөндеріне кетті.
Миледидің айтқаны ақиқат болатын — шынында да басы ауырып тұрған: әлі пісіп жетілмеген сан алуан ойдан мазасы кетулі еді. Ойын саралап алу үшін оңаша қалуы қажет болды, бұдан әрі не болары оған әлі көмескі еді, сондықтан да алаңсыз жалғыз қалып, болашақ іс-әрекетін ойша пісіріп, жоспарын құрып алуға тиіс еді.
Ең әуелі Бонасье бикені қалайда тезірек алып қашып кетіп, бір сенімді жерге жасырып қою керек, қажет болса аманатқа ұстамақ. Өзі соншалық жаныққанда қас дұшпандарының қасарысып беріспегенін көріп, осынау қиян-кескі жанталастың аяғы немен тынар екен деп қорқа бастады миледи.
Және жауынды дауыл соғар күннің тақау екенін кейбіреулердің анық сезетіні сияқты, бұл да осы істің ақыры тақап қалғанын және оның насырға шабарын да бұл кәміл сезеді.
Сонымен, миледидің бар мұраты Бонасье бикені қолына түсіру екенін біз айтқанбыз. Д'Артаньянға Бонасье бике болса болды, сүйіктісінің жолына ол өз өмірін құрбан қылуға бар. Миледидің бағы жанбай, жолы болмаған күнде де, Бонасье бикені аманатқа ұстап отырса келіссөз жүргізіп, мәселені өз пайдасына шешері сөзсіз. Бұл біткен шаруа: аңғырт Бонасье бике бұған еріп кетуге әзір; ал егерде екеуі Армантьерге барып паналар болса, Бонасье бикені, д'Артаньян Бетюнге келген жоқ деп сендіруден оңай не бар. Мен әрі кетсе жарты ай дегенде Рошфор қайтып оралады, төрт достан қалай кек алудың жоспарын оған дейін миледи пісіріп қоймай ма. Құдайға шүкір, зеріге қоймас — бұл тақылеттес әйелдерге уақытты қызғылықты өткізудің мұндай сәті түспес: бұл күндері қалай кек алуды әбден ойластырып бағады ғой.
Ойланып келе жатқан миледи бақтың ішін көзбен шолып, бәрін жадында сақтап қалуға тырысты. Алдын ала жеңісті де, жеңілісті де ескеріп, не алға ұмтылуға, не кейін шегінуге даярланып, шайқастың барысын жіті қадағалайтын шебер қолбасшы сияқты қимылдады.
Арада бір сағат өткен шамада өзінің атын атап шақырған біреудің жұмсақ үні естілді. Бұл Бонасье бике болатын. Қайырымды хазыретше келісім берген екен, әуелі екеуі бірге отырып кешкі ас ішпек болды.
Бұлар аулаға ене бергенде таяп қалған күйменің салдыры естілді.
Миледи құлақ тіге қалды.
— Естіп тұрсыз ба? — деп сұрады ол.
— Иә, қақпа алдына бір күйме келіп тоқтады.
— О, жасаған!
— Жарайды енді, бекем болыңыз!
Миледи қателеспеген екен: монастырь қақпасынын қоңырауы қағылды.
— Бөлмеңізге кіріп шығыңыз, — деді ол Бонасье бикеге, — бәлкім, ала кететін асыл бұйымдарыңыз бар шығар.
— Менде оның хаттары бар еді, — деді Бонасье бике.
— Ендеше, соларды алып алыңыз да маған келіңіз, қазір кешкі асқа отырамыз. Түні бойы жүріп қалуымыз ықтимал, жолға әлденіп алған мақұл.
— Тәңірім-ай! — деп қалды Бонасье бике кеудесін басып. — Жүрегім алып-ұшып барады, жүре алар емеспін...
— Бекем болыңыз! Бекем болыңыз дедім ғой сізге! Ширек сағаттан соң құтылып кететініңізді ұмытпаңыз. Есіңізде болсын: осының бәрін сіз, тек соған бола істеп жүрсіз.
— Ол рас, тек сол үшін! Бір ауыз сөзбен мені сергітіп жібердіңіз-ау. Бара беріңіз, қазір келемін.
Миледи жедел басып, бөлмесіне көтеріліп, өзін күтіп отырған Рошфордың малайына тиісті жарлығын беріп те үлгерді.
Ол қақпа алдында күтуге тиіс болды; егер мушкетерлер келіп қалғандай болса, күйме заулаған күйі монастырьды айналып өтіп, орманның ту сыртындағы шағын қыстақта миледиді тосатын болып уағдаласты, ал, миледидің бұл өңірді бес саусағындай білетінін біз бұрын айтқан едік.
Ал, мушкетерлер келіп үлгермесе, бәрі де бұрын келіскендей болмақ: миледимен қоштаспақ болып, тепкішекке Бонасье бике көтерілісімен күйме жөнеп бермек.
Бөлмеге Бонасье бике енді. Көңіліне ешқандай секем алмасын деп миледи оны ол келген соң малайға берген жарлығының соңғы жартысын қайталап айтты.
Миледи малайға күйме жайлы бірнеше сауал қойды. Күймеге үш ат жегілген екен, делбеде почташы отыр; Рошфордың малайы форейтор есебінде күймеге еріп жүруге міндетті екен.
Бонасье бике көңіліне күдік алар-ау деп миледи бекер қауіптеніпті: бұл байғұс өзге әйелден мұндай зымияндық шығар деп ойламайтын пәк адам болатын. Оның үстіне хазыретшеден естіген графиня Винтер дегенді ныспы білмейтін, оның сорына қарай осы бәле-мәтердің бәріне қайдағы бір әйел құлшына кірісіп жүр-ау деген ой қаперіне де кіріп-шықпаған.
— Көрдіңіз бе, енді бәрі де әзір болды, — деді миледи, малай шығып кеткен соң. — Хазыретше ештеңе де сезбейді, кардиналдың әмірімен маған келген кісілер екен дейді де қояды. Ал, жаңағы кісі соңғы нұсқауларын бермекші. Аздап тамақ жеп, бір жұтым шарап ішіңіз, сосын жүріп кетеміз.
— Иә, — деп еріксіз қайталады Бонасье бике, — жүріп кетеміз.
Миледи оны ымдап шақырып, стол жанына отырғызды да, рюмкесіне испан шарабын құйып, тарелкасына балапанның төсін салып берді.
— Бәрінің де орайы келе қойғанын көрдіңіз бе! — деді ол. — Міне, қас қарайып қалды, таң сыз бере біз де баспанамызға барып жетеміз, сосын біздің қайда екенімізді тірі пенде білмес... Ал, жарайды, өзіңізді сергек ұстаңыз, бірдеңе жесеңізші...
Бонасье бике тамақтан екі-үш мәрте іліп алды да, шараптан ауыз тиді.
— Ішіп қойыңыз, ішіп қойсаңызшы! Мына мен құсап, — деп жік-жапар болды миледи, өз рюмкесін ерніне aпaрa беріп.
Бірақ, миледи рюмкесін ерніне тигізе берген қалпында қатты да қалды: алыстан ат тұяғының дүбірін құлағы шалды, тіпті, аттың кісінегенін естігендей болды.
Тәтті түс көріп жатқанда нажағайдың шатырынан шошып оянған кісідей, мына дүбірді естігенде миледидің есі шықты. Өн жоқ, түс жоқ, бірден терезеге ұмтылды, ал Бонасье бике болса қалш-қалш етіп орнынан әзер тұрды, орындыққа сүйенгенде құлап кеткендей еді.
Таяу маңда ештеңе көріне қоймады, тек ат тұяғының дүбірі жақындай түсті.
— Аһ, тәңірім-ай, бұл не дүбір? — деп сұрады Бонасье бике.
— Бұл келе жатқандар не біздің достарымыз, не жауымыз, — деп жауап қатты миледи өзінің сұмдық салқынқандылығына басып. — Бара тұрыңыз. Кім екенін қазір біліп беремін.
Бонасье бике үн-түнсіз, сұп-сұр болып, мәрмәр мүсіндей тұрған жерінде қатып қалған.
Дүбір күшейе түсті, салт аттылар монастырьдан жүз елу кадамдай жерге келіп қалса керек; тек сол тұста жолдың бұрылысы болғандықтан да өздері көрінбейді. Енді тұяқ дүбірінің, айқын естілгені соншалық, тағаның тақылына қарап аттың санына шейін ажыратуға болатын еді.
Миледи тесіле қарап тұр: әлі де күн жарық, келе жатқандарды тануға болатын еді.
Кенет ол жолдың айналмасынан жарқылдаған оқалы қалпақтар мен желбіреген қауырсындарды көзі шалып қалды. Әуелі екеуін... сосын бесеуін, ақыры сегіз салт аттыны түгел санап шықты миледи; ішінен біреуі суырылып алға шыққанын көрді.
Миледи ауыр бір күрсініп салды: суырылып шыққаны — д'Артаньян екенін бірден таныды.
— Аһ, жасаған-ай, жасаған! — деп дауыстады Бонасье бике. — О не екен?
— Кардинал гвардияшыларының мундирін көріп қалдым, енді аялдауға болмайды! — деп шаңқ етті миледи. — Жөнеп берелік!
— Иә-иә, жөнейік! — деп қайталай берді Бонасье бике, өзінің есі шыққаны соншалық, тұрған орнынан қозғала алар емес.
Салт аттылардың терезе түбінен дүсірлете өткені естіліп тұрды.
— Кеттік! Кеттік, ойбай! — деді жанталасқан миледи бикені қолынан тартып, сүйреп кетпек болып. — Бақ ішімен кетсек үлгіреміз әлі, кілт менде... Тезірек! Енді бес минут кідірсек — кешігеміз...
Бонасье бике жүрмек боп, екі қадам аттап еді, тізесі бүгіліп, құлап түсті.
Миледи оны көтеріп шығармақ болып еді, шамасы келмеді.
Дәл осы минутта ұзап бара жатқан күйменің салдыры естілді, лаушы тұра қашқан болды. Іле-шала үш-төрт дүркін мылтық атылды.
— Соңғы рет сұрап тұрмын: жүресіз бе, жоқ па? — деп шаңқ етті миледи.
— О жасаған ием! Дымым құрып қалғанын көрмейсіз бе, тіпті, жүре алар емеспін, өзіңіз көріп тұрсыз ғой... Жүре беріңіз!
— Сізді мұнда қалдырып, жалғыз кетпекпін бе? Жо-жоқ, ешқашанда кетпеспін! — деп айқайлады миледи.
Кенет ол көзі ызғарлана шатынай от шашып, тоқтай қалды; жып етіп қолындағы жүзіктің құрсауын ашып, ішіндегісін Бонасье бикенің рюмкесіне сала қойды.
Бұл бір құйттай ғана қызғылт дән еді, шарапқа лезде еріп кетті.
Сосын миледи рюмканы нық ұстап:
— Ішіңіз, бұл шарап бойға қуат береді! Ішсеңізші! — деді.
Рюмканы әкеп ерніне тақап еді, Бонасье бике ойланбастан ішіп салды.
«Аһ, бұлай кек алмауым керек еді ғой! — деп ойлады миледи зымияндықпен күліп, рюмканы столға қайыра қойып жатып. — Бірақ, қолдан келгені осы болды».
Сонсоң бөлмеден атып шықты.
Бонасье бике оны көзімен ұзатып салды, бірақ, еріп шыға алмады: ол, түсінде біреулер қуып, бұл қаша алмай әлек болып жатқан адамның халінде еді.
Арада бір минут өткенде қақпаны тарсылдата соққан дыбыс естілді; Бонасье бике миледиді асыға күтумен болды, бірақ, ол қайтып оралмады.
Қорыққаннан болса керек, бикенің маңдайы күйіп-жанып, шып-шып суық тер шықты. Бір уақта шиқ етіп, темір тордың ашылғаны, дүңк-дүңк еткен етік дыбысы, өкше темірдің сыңғыры естілді, баз-біреулер дуылдасып, тақау кеп қалғандай болды, осы даңғазаның ішінде біреу өз есімін атағандай көрінді оған.
Кенет ол құлындағы даусы құраққа шығып есікке тұра ұмтылды — бике д'Артаньянның даусын танып қалып еді.
— Д'Артаньян! Д'Артаньян! — деді ол жан даусы шығып, — Сізбісіз? Бері келіңіз, бері!
— Констанция! Констанция, қайдасыз? — деді жас жігіт, — О жасаған!
Сол мезетте хұжыраның есігі ашылып кетті, нақтырақ айтсақ, дүмпуге шыдамай ашылды да, бірнеше адам сау ете қалды. Қимылдауға дәрмені жоқ Бонасье бике креслоға сылқ отыра кетті.
Д'Артаньян түтіні будақтаған қолындағы пистолетін жерге тастай салып, нақсүйерінің алдына тізерлеп отыра кетті. Атос пистолетін белбеуіне қыстыра салды, Портос пен Арамис те қолдарындағы жалаң шпагаларын қайыра қынабына салды.
— О, д'Артаньян, сүйіктім менің! Жеттің-ау, ақыры, алдамаған екенсің!.. Шынымен, сенбісің...
— Иә, Констанция, біз тағы да біргеміз!
— Сені қанша келмейді деп сендірсе де, іштей үмітімді үзбеп едім, қашқым келмегені де содан, Аһ, соным қандай дұрыс болған, қандай бақыттымын мен!
Креслода жайғасқан Атос мұны естігенде орнынан атып тұрды.
— Кім? Ол кім? — деп сұрады д'Артаньян.
— Маған жаны ашып, қуғыншылардан жасырмақ болған досым ғой, ол сендерді кардиналдың гвардияшылары екен деп қалды; өзінің қашып құтылғаны жаңа ғана.
— Досыңыз дейсіз бе? — дегенде даусы қатты шықты д'Артаньянның, өңі сүйіктісінің орамалынан бетер бозарып кетіп еді. — Қайдағы досыңызды айтып отырсыз?
— Күймесі осы қақпаның аузында тұрған әйелді айтамын, сізді, д'Артаньян досым деп аузынан тастамайды, оған барлық сырды өзіңіз айтқан екенсіз ғой.
— Аты кім, аты? — деді д'Артаньян қоярда-қоймай. — Құдай-ау, ең болмаса атын да білмегеніңіз бе?
— Менің көзімше қалай атап еді әлгі... Сабыр етіңізші... міне, қызық... Аһ, тәңірім-ай, басым айналып... көзім қарауытып барады ғой...
— Достарым, тез жәрдемдесіңдер! — деп д'Артаньянның жан даусы шықты. — Қолы мұздап барады, хәлі нашар... Құдай-ау, есінен танып барады ғой!
Портос айғайлап, достарын көмекке шақырып жатқанда, Арамис стаканға су құймақ болып тұра ұмтылып еді, өңі қашқан Атосты көріп, тұрып қалды: өз ойынан өзі шошыған адамдай, стол жанында тұрған Атос, рюмкалардың біріне тесірейе қарап қатып қапты.
— О, жоқ, жоқ, бұлай болуы мүмкін емес! — дей берді ол. — Мұны құдай да хош көрмес!
— Су, су беріңдер! — деп айғай салды д'Артаньян.— Су!
— Байғұс-ай! Байғұс-ай! — деп қырылдай сыбырлады Атос.
Д'Артаньян құшырлана сүйген Бонасье бике көзін ашты.
— Есі кірді! —деп қуанды жігіт. — Құдайға шүкір!
— Сударыня... — Атосқа тіл бітейін деді, — сударыня, айтыңызшы, құдай үшін, мына бос рюмке кімдікі!
— Менікі, сударь... — деді бике өлусірей тіл қатып.
— Рюмкеге шарап құйған кім?
— Досым ғой.
— Ол кім өзі?
— А есіме түсті! — деді Бонасье бике. — Графиня Винтер.
Төрт дос қосыла дауыстап жібергенде Атостың үні басымырақ шықты.
Бонасье бикенің сұры қашып, ауруы жанына батса керек, талмаусырап Портос пен Арамистің қолына құлап түсті.
Д'Артаньян есі шығып Атостың қолынан ұстай алды.
— Шынымен солай деп ойлайсың ба? — Оның даусы жарықшақтана шықты.
— Сөз жоқ, — деді Атос, күрсіне жаздап барып, ернін тістей алды.
— Д'Артаньян, д'Артаньян, — деді жан ұшырып Бонасье бике, — қайдасың? Кетпеші көріп тұрсың ғой — өліп барамын!
Дір-дір етіп Атостың қолын қысып тұрған д'Артаньян енді Бонасье бикеге ұмтылды.
Бикенің шырайы бұзылып, шыныкөзденіп, жанарынан тірлік нышаны өшіп барады екен, тұла бойы қалш-қалш етіп, маңдайынан тер құйылып жатыр...
— Құдай үшін, тездетіп шақырыңдар біреуді... Портос, Арамис, болсаңдаршы!
— Қажеті жоқ, — деді Атос. — Қажеті жоқ: оның берген уын қайтаратын дәрі жоқ.
— Иә, жәрдем қыла көріңдер! — деп сыбырлады Бонасье бике. — Жәрдем етіңдер!
Ол бар күшін жиып, жігіттің мойнынан құшақтап, көзіне қадалғанда бар жан сырын ағытқандай болды, сонсоң аһ ұрып ернін ерніне басты.
— Констанция! Констанция! — деп бебеу қақты д'Артаньян.
Бонасье бикенің ақырғы демі шыққанын д'Артаньян ернімен сезінді — пәк, іңкәр жанның шыбыны көкке шырқырай ұшып жөнелді.
Д'Артаньян бикенің денесін құшты.
Қол-аяғы мұздап, өңі өліктей құп-қу жігіт жан даусы шығып, сүйіктісінің жанына құлап түсті.
Портос жылап жіберді, Атос көкке жұдырығын түйді, Арамис шоқынып жатты.
Осы кезде осылар сияқты өң жоқ, түс жоқ бір бейтаныс адам келіп есіктен енді де, айналасына шола қарап, Бонасье бикенің сүйегін, оның қасында талып жатқан д'Артаньянды көрді.
Бұл адам, оқыс ауыр қаза есеңгіретіп кеткен сәтке тап келген-ді.
— Мен қателеспеппін, — деді ол. — Мына кісі — д'Артаньян мырза да, ал сіздер оның достары — Атос, Портос және Арамис мырзасыздар ғой.
Есімдерін атап, өздерін жыға танып тұрған бейтаныс кісіге үшеуі де таңырқай қарасты; үшеуің де бір жерде көрген адамы сияқты.
— Мырзалар, — деп сөзін сабақтады ол, — сіздер де, мен сияқты, сол әйелді іздеп келген болуларыңыз керек, — сосын суық жымиып былай деп үстеді: —кісі өлігін көріп тұрғаныма қарағанда, ол әйел осында болған тәрізді.
Үш дос бұрынғысынша ләм-мим демеді; бұл кісінің даусы да таныс сияқты, бірақ, қай кезде естігендерін естеріне түсіре алар емес.
— Мырзалар, — деді тағы да бейтаныс адам, — өздеріңіз екі мәрте ажалдан арашалап қалған адамды танығыларыңыз келмей тұрса, есімімді өзім атауға тура келер. Мен — лорд Винтермін, мына әйелге қайны боламын.
Үш досы таң-тамаша боп, шу ете қалды.
Атос орнынан тұрып, лорд Винтерге қол берді.
— Хош келіпсіз, милорд, — деді ол. — Тізе қоса қимылдайтын боламыз.
— Мен Портсмуттан одан бес сағат соң шығып едім, — деп баяндай бастады лорд Винтер, — Булонга үш сағат кейін келдім, ал Сент-Омерге небәрі жиырма минут кешігіп, ұшыраса алмадым, кейін Лильеге келгенде ізінен көз жазып қалдым. Сосын тәуекел деп, жұрттан жөн сұрап жүре бердім, бір уақытта сіздер дәл жанымнан заулап өте шықтыңыздар. Д'Артаньянды танып қалдым, Дауыстап едім, қайырылмадыңыздар; соңдарыңыздан түре қуайын деп едім, болдырып қалған атым шаңдарыңызға ілесе алмады. Бірақ, қанша жаныққанмен, тіпті, кешігіп қалған екенсіздер де!
— Көріп тұрсыз ғой, — деп жауап қатты Атос, Бонасье бикенің өлігі мен Портос пен Арамис дем салып жатқан д'Артаньянды нұсқап.
— Екеуі де өлген бе? — деп қойып қалды лорд Винтер.
— Құдай сақтасын, жоға, — деді Атос. — Д'Артаньян мырза талып жатыр.
— Бұнысына да шүкірі — деді лорд Винтер.
Шынында да, осы кезде д'Артаньян көзін ашты.
Ол Портос пен Арамистің қолынан жұлқынып шығып, жын қаққандай, елікке тұра ұмтылды.
Атос орнынан тұрып, жай басып салтанатты түрде тақау келіп, досын құшақтады да, д'Артаньян еңіреп жібергенде оған елжірей тіл қатты:
— Достым, берік бол: өлікке әйелдер ғана жылап-сықтайды, ал ер жігіт кек алар болар!
— Иә! — деді д'Артаньян, — Дұрыс айтасың! Енді кек алу үшін қайда бастасаң да әзірмін!
Кек қайтарсам деген үмітпен бір мезет бақытсыз досының серпіліп қалғанын көрген Атос, Портос пен Арамиске хазыретшеге барып шығыңдар деп белгі берді.
Бір күнде мұншалық әбігерге душар болып, әбден есі шыққан хазыретше коридорда бұларға өзі жолықты. Ол шақырып алған бірнеше тақуа қыздар, монастырь рәсіміне жатпаса да, бес жігіттің қасына келіп тұрды.
— Сударыня, — деді Атос хазыретшеге, д'Артаньянды қолтығынан демеп жатып, — осы бір бақытсыз әйелдің сүйегін ақ жуып, арулап қоюды сіздерге тапсырғалы тұрмыз. Көк періштесіне айналмас бұрын ол жер періштесі болатын. Монастырыңыздың бір мұңлығы іспетті жерлерсіздер. Кейін зиратының басына кеп дұға оқырмыз.
Д'Артаньян Атостың кеудесіне бетін басып еңірей берді.
— Жыла, — деді Атос, — жылап ал, жүрегің толы махаббат, жастық, өмір ғой! Аһ, шіркін, сен құсап мен де осылай жылай алсам ғой!
Досын туған әкесіндей қамқорси қорғаштап, бір құдайға құлдық ұрып сопыдай көңілін жұбатқан Атос, өмірден көпті көрген адамның кең пейіл мінезін танытып, д'Артаньянды ертіп бөлмеден шығып кетті.
Аттарын жетелеп, жол бастаған дәйекшілеріне еріп, бесеуі шет-пұшпағы сонадайдан көрініп тұрған Бетюн қаласына қарай жөнеді де, жолшыбай ұшырасқан мейманханаға кеп ат басын тіреді.
— Ау, қашқан әйелді неге қумаймыз? — деп сұрады д'Артаньян.
— Әзірше қоя тұрамыз, — деді Атос. — Әуелі қажетті шаралар қолдану керек.
— Құтылып кетеді ғой! — деп қауіптенді д'Артаньян. — Егер ол құтылып кетер болса, бұған, Атос, мына сен кінәлісің!
— Оған мен жауап беремін! — деді Атос.
Д'Артаньянның досына сенгені соншалық, қайтып ләм-мим деместен, басын төмен салып қонақ үйге енді.
Атостың мұншалық сенімді түрін көрген Портос пен Арамис бір-біріне таңырқай қарасты.
Атос мұны д'Артаньянның көңілін жұбатқалы айтқан шығар деп ойлады лорд Винтер.
— Мырзалар, енді әркім өз жайымызға баралық, — деп ұсыныс жасады Атос, мейманханада бес бос бөлме барына көзі жеткен соң. — Біраз өксігін басып, көз іліндіру үшін д'Артаньянның оңаша болғаны мақұл. Қалғанын өз міндетіме аламын, қам жемеңіздер.
— Әйтсе де, — деді лорд Винтер, — егер графиняға байланысты шара болса — ол менің шаруам деп ойлаймын, өйткені, келінім ғой.
— Менің де, — деді Атос, — өйткені, әйелім ғой.
Мұндай сырын ашқаннан кейін Атостың кек алуына сенімді екенін ұққан д'Артаньян жымиып қойды. Портос пен Арамис өңдері қашып, бір-біріне аңырая қарасты. Лорд Винтер Атосты ақылынан адасқан екен деп қалды.
— Енді әркім өз бөлмесіне барғаны мақұл, — деп қайталады Атос, — бұл істі маған тапсырыңыздар. Көріп тұрсыздар ғой, күйеуі болғандықтан бұл менің тындырар шаруам. Тек, д'Артаньян, егер жоғалтып алмасаңыз, әлгі кісінің қалпағынан түсіп қалған, қыстақтың аты жазылған қағазды берсеңіз.
— Ә, енді түсіндім! — деп елп ете қалды д'Артаньян. — Графиняның өз қолымен жазылған.
— Көріп тұрсың ғой, — деді Атос, — көкте тәңірінің бар екені хақ.
XXXIV
ҚЫЗЫЛ ПЛАЩТЫ АДАМ
Торыққан Атос көңілін мұң басып еді, осыдан ба әйтеуір, ұшқыр ақыл-ойы бұрынғыдан бетер жанып сала берді.
Берген уәдесі мен мойнына жүктелген міндетін ойша пайымдап өз бөлмесіне жұрттың ең соңынан кеткен ол мейманхана қожайынынан осы уәлаяттың картасын таптырып алып, оның бетіндегі айқыш-ұйқыш сызықтарын шұқшия зерттеп, Бетюннен Армантьерге баратын төрт түрлі жол бар екенін анықтады да, малайларды шақыруға әмір етті.
Атостың алдына келген Планше, Гримо, Мушкетон, Базендер әбден ойластырылған айқын да нақты нұсқау-жарлық алды.
Төртеуі төрт түрлі жолмен ертең елең-алаңда Армантьерге жөнелмек. Ішіндегі зерегі Планше күйме кеткен жолмен жүрмек; сол күймені төрт достың атқылағаны және оны Рошфордың қызметшісі бастап бара жатқаны оқырманның есінде болса керек.
Атостың малайларды бұл іске араластырған себебі, өзіне және достарына қызмет еткелі бері бұлардың көптеген жақсы қасиеттері барын аңғарған.
Оның үстіне, жөн сұрай қалған жағдайда, қожайындарынан гөрі жұрт бұларға көбірек ықылас білдіріп, көңілдеріне күдік алмайтыны хақ.
Тағы бір оңды жері, миледи қожайындарын танығанмен, малайларын білмейтін, ал бұлар болса, керісінше, миледиді жақсы білетін.
Төртеуі ертеңіне сағат он бірде уәделескен жерде ұшыраспақ болды. Егер миледидің қайда жасырынғанын анықтаса, үшеуі сонда қалып оны бақылай тұрмақ та, төртіншісі, Бетюнге қайта оралып Атосқа хабарлап, төрт досты сонда бастап апаруға тиіс.
Жарлықты ұқыптап тыңдап алған соң, малайлар шығып кетті.
Атос орнынан тұрып, шпагасын тағынды да, плащын жамылып тысқа шықты. Сағат он шамасы болатын. Алыс түкпірдегі қалалардың көшесінде бұл кезде бейсауат адам жүрмейтіні белгілі; әйтсе де, Атостың жөн сұрар адам іздеп тұрғаны айқын еді. Ақыры, кешеу қалған біреуді ұшыратып, Атос оған таяп келді де, бір-екі ауыз тіл қатты. Мұның сөзін естіген әлгі адам шошып кейін шегіне беріп, мушкетерге қолымен нұсқап жөн сілтеді. Атос жарты пистоль ұсынып, сол жерге шейін апарып салыңыз деп еді, әлгі адам баспай қойды.
Атос оның нұсқаған бағытымен көше бойлап біраз жүріп барды да, одан әрі қалай жүрерін білмесе керек, келесі көшенің қиылысына жете беріп тағы тоқтады. Қалайда біреу-міреу кезігуі ықтимал деген үмітпен сол жерде тұра қалды. Шынында да, көп ұзамай жанынан күзетші өте беріп еді, Атос бағанағы адамға қойған сауалын бұған да қайталады; күзетші де шошып кетті, ертіп баруға келіспей, қолымен нұсқап жөн сілтеді.
Атос сол бағытпен жүріп отырып қаланың шет пұшпағынан бір-ақ шықты, бұл — қаланың өздері тоқтаған мейманханаға қарама-қарсы жақ шеті болатын. Бұл жерде де қайда барарын білмей дағдарса керек, үшінші мәрте аялдады.
Сәтін салғанда, тұсынан тіленші өтіп бара жатыр еді, ол Атосқа өзі келіп, қайыр сұрады. Барар жеріне жеткізіп салса Атос оған бір экю бермек болды. Тіленші әуелі екі ойлы болып күмілжіп тұрды да, бірақ қараңғыда жарқ ете қалған күміс теңгені көрісімен Атостың алдына өзі түсті.
Бір көшенің түйіліскен жеріне жеткенде ол оқшау тұрған сиықсыз бір үйшікті алыстан нұсқап көрсетті. Атос соған қарай беттеді, ақысын алған тіленші лезде тайып отырды.
Күрең бояумен сырланған үйді айналып шыққаннан кейін барып Атос оның есігін әзер тапты; не терезе қақпаларынан түскен жарық, не болмаса бірде-бір дыбыс естілсейші — ешқандай тіршілік белгісі сезілер емес; моладай түнеріп тұрған меңіреу бірдеңе.
Атос есікті үш рет қағып еді, жауап болмады. Дегенмен, үшінші қаққаннан кейін әлдекімнің аяқ тықыры естілді; ақыры есік сығырайып ашылды да, сақал-шашы қап-қара, өңі құп-қу бір ұзын тұра кісі көрінді.
Екеуі бір-екі ауыз тілдескен соң, ұзын тұра мушкетерге үйге кір дегендей ишарат жасады. Атос лып етіп үйге кірісімен, есік тарс жабылды.
Қаланың шалғай шетінен зорға іздеп тапқан адамы Атосты бір кабинетке алып кірді, бұл келер алдында ол адамның қаңқа сүйектерін сыммен құрастырып жатқан болып шықты. Қаңқаны түгелдей құрастырып біткен екен, тек бас сүйек қана столда бөлек жатыр.
Бұл бөлмені көрген адам оның иесінің табиғат тану ғылымымен шұғылданатынын бірден аңғарар еді: банкілерде алуан түрлі жыландар жатыр, әрқайсының сыртында қандай тұқым екені жазулы тұр; кептірілген кесірткелер қара ағаштан жасаған үлкен кәсектерге іліп қойған жақұттардай жалтырайды; сырын білмеген адамға не қасиеті бары бимағлұм, исі бұрқыраған жабайы шепті буда-буда қылып, үй төбесіне, бұрыш-бұрышқа іліп қойыпты.
Не үй адамдары, не малайлар көзге шалынбады — ұзын тұра соқа басты болса керек.
Атос әлгі нәрселердің бәрін де селқос, самарқау шолып өтті де, үй иесі ишарат білдірген соң соның жанына барып отырды.
Сонсоң, ол мұнда неге келгенін, қандай көмек керек екенін түсіндірді. Атос өтінішін айтуы-ақ мұң екен, алдында тұрған ұзын тұра есі шығып, ыршып түсті. Ә дегеннен сырт берген бейтанысқа Атос екі жол жазуы бар, қол қойылып, мөр басылған бір парақ қағазды қалтасынан алып көрсетті. Екі жол жазуды оқып, қойылған қол мен басылған мөрді танысымен, қызметіңізге әзірмін дегендей, ұзын тұра Атосқа иіліп тағзым етті.
Атосқа керегі де осы еді. Орнынан тұрып, қош айтысты да, шығып жүре берді, келген ізімен қонақ үйге қайта оралып, бөлмесіне кіріп, ішінен бекітіп алды.
Ертеңіне елең-алаңнан д'Артаньян келіп, енді не істеу керегін сұрады.
— Күте тұрамыз, — деп жауап қатты Атос.
Бірнеше минуттен кейін бибі келіп, бике сүйегінің түсте шығарылатынын ескертіп кетті. У берген әйелден хабар-ошар болмады; жұрт оны бақ арқылы қашқан деп топшылады: құмға түскен ізі бар екен және бақтың қақпасы жабық боп шықты, ал, қақпаның кілті үшті-күйлі табылмай қойды.
Уәделескен сағатта лорд Винтер мен төрт дос монастырьға келді; мұнда барлық қоңырау қағылып жатыр екен, часовня есіктері ашық тұр, бірақ клирос торы жабық боп шықты. Клиростың ортасында зұлымдық құрбанының сүйегі салынған табыт тұр, өлікті монастырь мұңлығынша киіндіріпті. Монастырь есігі жақта, клиростың екі жағын ала, тордың сыртында кармелит әйелдер түгел жиналыпты, олар сонда тұрып, оқылған жаназаны тыңдап, әрі священникке өздері де үн қосады; жұрт көзіне олар көрінбейді де, келген-кеткенді өздері де көрмейді.
Часовня, есігіне таяй бергенде д'Артаньян буын-буыны босап бара жатқанын сезді де, бұрылып Атосқа қарап еді, ол көзіне түспеді.
Кек алуға бел буған Атос бақты көрсетіңдер деп әмір етті; жүрген жерін қанға бөктіретін осынау әйелдің құмдаққа түскен болар-болмас ізін қуалай жүріп отырып орман жиегіне тақау тұрған қақпаға кеп бір-ақ тірелді, дереу қақпаны ашқызып, орманға сіңіп кетті.
Осы арада оның болжамы дәл келді: күйме жүрген жол орманды айналып өтеді екен. Атос жерден көзін алмай осы жолмен біраз жүріп отырып, ілу де шалу жолға тамған қанды көрді; демек, күймеге жол нұсқаушы салт атты, я болмаса, аттардың бірі жарақаттанғаны сөзсіз. Монастырьдан льеге таяу жер шыққан соң, Фестюберден елу қадамдай жерден үлкенірек дақты көзі шалды, оның айналасын ат тұяғы таптап тастаған. Сол баяғы бақтан шыққан із орманнан осы жерге дейін шыжымдай созылып жатыр; күйме, тегі, осы жерге аялдаса керек.
Осы тұста миледи орманнан шығып, күймеге отырған.
Күллі болжамы расқа шыққан Атос өзіне өзі көңілі толып, қонақ үйге оралып еді, оны мұнда Планше тықырши тосып отыр екен.
Бәрі де Атос ойлағандай болып шықты.
Осы жолды бойлай жүрген Планше де тамған қанның дағын да, ат тұяғы таптаған жерді де көрген екен; бірақ, Атос сол жерден кейін қайтты ғой, ал Планше болса тоқтамай жүре берген; содан Фестюбер қыстағында трактирде шарап ішіп отырып, тіпті ешкімнен сұрап әуре болмай-ақ, кеше кешкісін, сағат сегіз жарымдар шамасында лау күймемен келген әйелдің лаушысы жарақаттанып, бұдан әрі жүре алмай, аялдауға мәжбүр болғанын сондағылардан естіп біледі. Орманда күймені қарақшылар тоқтатып, мұны жарақаттап кетті дейді жүргіншілер. Жарадар адам қыстақта қалған да, әлгі әйел ат ауыстырып жүріп кеткен.
Планше жаңағы лаушыны іздеп тауып алады. Ол әйелді Фромельге дейін жеткізіп салғаннан кейін, сосын ол Армантьер асып кетіпті. Планше төте сүрлеумен тура тартып кеткен екен, таңғы жетіде Армантьерге жетіпті.
Сөйтсе, онда почта станциясына таяу жерде жалғыз-ақ мейманхана бар екен. Онда барғанда, жұмыс іздеп жүрген малай едім дегенді желеу қылады Планше. Он минут сөйлеспей жатып, мейманхана қызметшісі мұнда кеше түнгі он бірде ешқандай атқосшысыз бір әйелдің келіп түскенін, қонақ үйдің бір бөлмесіне жайғасқанын, сосын, мейманхана кезекшісін шақыртып алдыртып, осы Армантьер маңында біраз аялдамақ ойы барын айтқанын бастан-аяқ баяндап береді.
Планше осылай өзіне қажет нәрсенің бәрін біліп алады. Сонсоң, дереу уәделескен жерге қайтып барып, қалған үш малаймен кездеседі де, оларға мейманхананың есік-тесігін қас қақпай қадағалауды тапсырып, өзі Атосқа хабарламақ боп келген беті екен.
Атостың достары жаназадан қайтып оралып, бөлмеге кіргенде Планше естіген-білгенін әлі айтып тауыса алмай жатқан.
Олардың бәрінің де, тіпті, ұяң жүзді Арамиске шейін, қабағы түсіп кеткен екен.
— Не істеуіміз керек? — деп сұрады д'Артаньян.
— Күте тұрамыз, — деп жауап берді Атос.
Мұны естіп, әркім өз жайына тарқасты.
Кешкі сағат сегізде Атос аттарды ерттеуге жарлық етіп, лорд Винтер мен өз достарына жолға әзірленсін деген хабар таратқызды. Ә дегенше бесеуі де сақадай сай тұрды, әрқайсысы өз қаруын мұқият қарап, бабына келтіріп қойды. Атос бұлардың ең соңынан шықты. Д'Артаньян ат үстінде жүрелік деп тықыршып отыр екен.
— Сәл сабыр етіңіздер, — деді Атос, — тағы бір адамымыз шықсын.
Қалған төртеуі таңырқап жан-жағына қарасты; бәрі де бұл кім екенін есіне түсіруге тырысты.
Осы кезде Планше жетелеп әкеп алдына тартқан атына Атос қарғып мінді.
— Күте тұрыңыздар, тез ораламын, — деп шоқыта жөнелді.
Шынында да, ширек сағат уақыт өтер-өтпесте маска киген, ұзын қызыл плашқа оранған біреуді қасына ертіп қайта оралды.
Лорд Винтер мен үш мушкетер бір-біріне таңырқай қарасты. Бұлардың ешқайсысы да оның қандай адам екенінен бимағұлымды, сондықтан ләм-мим дей алмады. Бірақ та, Атос араласқан соң, осылай болуға тиіс шығар деді ойша бәрі де.
Сағат тоғызда Планше бастаған шағын топ күйме жүріп кеткен жолмен жылжып бара жатты.
Қаны қайнап, қаһарына мінген, үн-түнсіз ойға шомған осынау алты адамның түрінен кісі шошырлықтай еді.
XXXV
СОТ
Тас қараңғы, дауылды түнгі аспанда жөңкіген қорғасын бұлттар қалың жұлдызды тұмшалап тастаған; ай түн ауа туатын шақ-ты.
Анда-санда, аспан шалғайында нажағай жарқ ете қалғанда қиянға тартып, құлазып жатқан білте жол көзге ұрады да, іле-шала төңіректі түгел түнек басады.
Шағын топтың алдына қайта-қайта шыға берген д'Артаньянды Атос минут сайын шақырып, қайтарып алуға мәжбүр болды; бірақ, д' Артаньян көзді ашып-жұмғанша қайтадан суырылып оза береді — іштей тыпыршып тағат таппаған жігіт ілгері қарай шаба бергісі келеді.
Алты салт атты, жарадар атқосшы қалған Фестюбер қыстағын басып өтіп, Ришбург орманын айналды. Содан бұлар Эрлиеге іліккен сәтте, жол бастап келе жатқан Планше солға бұрылды.
Бірнеше мәрте лорд Винтердің, Портостың, Арамистің сөзге тартпақ боп, қойған сауалдарына қызыл плащты адам тек үн-түнсіз бас изеумен ғана шектелді.
Бейтаныстың үндемейтін себебі бар шығар деп ұққан жолаушылар енді қайтіп оны мазалаған жоқ.
Бірте-бірте күн күркірі үдеп, жай оты ойнап, нажағай шатырлады, қара дауыл алдындағы жел екілене соғып, жолаушылардың шашын, қалпақтарындағы қауырсындарын желпіді.
Жолаушылар енді желе шоқытып бара жатты.
Бұлар Фромельден өткесін көп ұзамай жаңбыр құйып кетті. Жолаушылар плащтарын оранды, жолдың қалған үш льесінде нөсер бір толастаған жоқ.
Тұла бойы қалшылдап, маңдайы күйіп-жанған д'Артаньян басындағы қалпағын алып, плащының шалғайын қайырып тастап, денесін нөсерге тосқаннан кейін біраз сергіп қалды.
Шағын топ Госкальдан өтіп, почта станциясына таяй бергенде, қараңғыда көрінбей ағашты тасалап тұрған бір адам жолдың ортасына шықты да, бұларға саусағымен ернін басып белгі берді.
Атос Гримоны тани кетті.
— Не боп қалды? — деп айғайға басты д'Артаньян. — Армантьерден кетіп қалды ма шынымен?
Гримо үнсіз бас изеді. Д'Артаньян тісін шықырлатты.
— Өшір үніңді, д'Артаньян! — деп бұйырды Атос. — Жауапкершілікті мойныма алған екенмін, Гримомен сөйлесуіме бөгет болма!
— Қайда өзі? — деп сұрады Атос.
Гримо қолымен Лис өзені жағын нұсқады
— Алыс па? — деді Атос.
Гримо сұқ саусағын бүгіп көрсетті мырзасына.
— Жалғыз ба? — деді Атос.
Гримо мақұлдап бас изеді.
— Мырзалар, — деді Атос, — графиня жалғыз, өзен жақта жарты льедей жерде.
— Жарайды, — деп үн қатты д'Артаньян. — Ендеше бастай бер, Гримо.
Гримо алға түсті де, бұлар оның ізімен жүріп отырды.
Елу қадамдай жол жүрген соң бұлар бір жылғадан жалдап өтті.
Нажағай жарқ ете түскенде Ангенгем қыстағын көздері шалып қалды.
— Анда ма, Гримо? — деп сұрады Атос.
Гримо бас шайқады.
— Тынышталыңдар, мырзалар!! — деді Атос.
Отряд толассыз жүріп келеді.
Тағы да найзағай жарқ ете қалды. Жыландай иретілген жай отының көгілдір сәулесімен бұлар Гримо нұсқаған жақтан, өзен жағасында, паромнан жүз қадам жерде оқшау тұрған шағын үйді көрді.
Бір терезеде жарық бар екен.
— Нысанамызға таяп қалдық, — деді Атос.
Осы кезде ордың ішінде бұғып жатқан бір адам атып тұрды. Бұл — Мушкетон болатын. Ол саусағын жарық терезеге кезеп:
— Сонда, — деді.
— Базен ше? — деп сауал қойды Атос.
— Мен терезені, ол есікті күзететін болып келіскенбіз.
— Жарайды, — деп мақтап қойды Атос. — Сендер бәрің де сенімді қызметшісіңдер.
Аттан орғып түсіп, тізгінді Гримоға ұстатқан Атос, қалғандарға үйді айналып, есік жаққа бара беріңдер деп белгі берді де, өзі терезеге беттеді.
Үйдің айналасы биіктігі екі-үш фут келетін бұта-қарағанмен қоршалған екен. Атос одан қарғып түсті де, терезеге тақау келді; қақпағы жоқ терезеге тұтылған перде ортан беліне дейін көлегейлеп тұр.
Атос тас тепкішекке шығып, перденің үстінен үй ішіне көз жіберді.
Атос шам жарығында қара мантильяға оранған әйелді көрді; ол сиықсыз столға шынтақтап, піл сүйегінен жонып жасағандай мінсіз аппақ қолдарына басын сүйеп орындықта отыр, алдындағы ошақта от сөнуге айналған.
Әйелдің жүзін айқын көрмесе де, Атос ызғарлана жымиды: ол жаза баспапты — іздеп жүрген адамы осы болатын.
Кенет ат кісінеді. Басын оқыс көтеріп алған миледи шыныға жабысып, өзіне тесіле қараған Атостың; қуқыл өңін көріп шыңғырып жіберді.
Өзін танып қойғанын білген соң Атос терезеге шынтағын салып итеріп жіберіп еді, әйнек быт-шыт болып, айқара ашылып кетті.
Атос бөлмеге бір-ақ ытқып, тура жаналғыштың өзіндей, миледидің алдына топ ете қалды.
Миледи тұра ұмтылып есікті ашып кеп қалып еді — алдында өңі құп-қу болып, Атостан да сұсты д'Артаньян тұр екен.
Миледи шыңғырып кейін шегінді. Тағы да ебін тауып тайқып кете ме деп қорыққан д'Артаньян белдігінен пистолетін суырып алып еді, Атос қолын көтерді.
— Қаруыңызды салып қойыңыз, д'Артаньян, — деді ол. — Бұл әйелді өлтірмеу керек, соттау керек. Сәл сабыр етсең, қарымын қайтады әлі... Кіріңіздер, мырзалар.
Д'Артаньян амалсыз көнді: құдды жаратқанның жарлығымен келген төрешідей-ақ Атостың қимылы өктем, үні қатаң. Д'Артаньяннан кейін Портос, Арамис, лорд Винтер және қызыл плащты адам келіп кірді.
Малайлар есік, терезені күзетіп тұр.
Миледи орындыққа отыра кетіп, мынау сұмдықтан құтқар деп жалбарынғандай, қолын ілгері созды; қайнысын көргенде жан даусы шығып кетті.
— Не керек сіздерге? — деді миледи ышқынып.
— Бізге керегі, — деді Атос, — Шарлотта Баксон, бұрынғы аты-жөні графиня де Ла Фер, кейін леди Винтер, баронесса Шеф филд деген.
— Ол менмін, менмін! — дей берді миледи үрейленгеннен есі шығып. — Менде не шаруаларыңыз бар?
— Біз сізді қылмыс жасағаныңыз үшін соттамақпыз, — деді Атос. — Қорғанамын десеңіз еркіңіз білсін; шамаңыз келсе ақталып көріңіз... Д'Артаньян мырза, бірінші айыптау сөзді сіз айтыңыз.
Д'Артаньян ортаға шықты.
— Құдай алдында да, адам алдында да, — деп бастады ол сөзін, — кеше кешкісін қайтыс болған Констанция Бонасьеге у бергені үшін бұл әйелді айыпкер деп білемін!
Ол Портос пен Арамиске бұрылды.
— Біз куәміз! — десті екі мушкетер.
Д'Артаньян сөзін қайта сабақтады:
— Құдай алдында да, адам алдында да маған у бермек болғаны үшін айыптаймын бұл әйелді; Виллеруадан жалған хат жолдап, достарыңның сәлемдемесі деп у қосқан шарап жіберткізген болатын! Мені құдай сақтап қалды, бірақ Бризмон деген адам нақақтан өліп кетті.
— Біз куәміз, — десті Портос пен Арамис.
Құдай алдында да, адам алдында да бұл әйелді және бір айыптар себебім, граф де Вардты өлтір деп мені айдап салған болатын, бұл жерде куәлар болмағандықтан, бұл сөзімнің ақиқат екенін өзім куәландырам! Мен болдым.
Д'Артаньян, Портос, Арамис үшеуі бөлменің екінші жағына шығып тұрды.
— Кезек сіздікі, милорд! — деді Атос.
Барон ортаға шықты.
— Құдай алдында да, адам алдында да герцог Бекингэмнің өліміне себепші болғандықтан бұл әйелді құныкер деп.білемін! — деді ол.
— Герцог Бекингэм өліп пе еді?! — десті тұрғандардың бәрі.
— Иә, — деді барон, — өлген! Мені сақтандырған хатыңызды алысымен бұл әйелді тұтқындауға бұйырып, өзіме шын берілген бір адамға күзетуді тапсырдым. Бұл әйел оны азғырып, қолына қанжар беріп, герцогті өлтірткен; мына әзәзілдің қылмысы үшін Фельтон тап осы минуттарда басынан айрылуы ықтимал...
Бұрын естіп-білмеген мына сұмдықты естігенде төрешілердің аза бойы қаза тұрды.
— Мұнымен біткен жоқ, — деп сөзін жалғастырды лорд Винтер. — Бұл әйелді мұрагерім деп таныған ағайым үш сағат ауырып, оқыс қайтыс болды, үсті-басын теңбіл-теңбіл көкпеңбек дақ басып кетті. Жеңгей, күйеуіңіздің неден өлгенін айтпас па екенсіз?
— Неткен сұмдық! — десті есі шыққан Портос пен Арамис.
— Бекингэмді өлтірген, Фельтонды өлтірген, туған ағамды өлтірген адам ғадыл жазасын тартуға тиіс, естеріңізде болсын, олай болмаған күнде сазайын өзім берем!
Лорд Винтер кейін шегініп барып, д'Артаньянның қатарына тұрды.
Зәресі ұшып ойы отызға бөлінген миледи басын қолына сүйеп ес жимақ болды.
— Ендігі кезек менікі... — дегенде Атос жылан көрген арыстандай қалтырап кетті, — менің кезегім. Мен үйленгенде бұл жас қыз болатын. Үй ішінің қарсы болғанына қарамадым. Бар дәулет, атақ-абыройымды одан аяп қалмадым. Бірақ, бірде мен оның сол иығында тұңғиық гүл тәріздес таңба барын көріп қалдым.
— О! — деп шаңқ етіп, миледи орнынан тұрды. — Осы бір пасық үкімді шығарған сот табылмасына мен кепіл! Ол үкімді орындаушы да табылмасы кәміл!
— Үніңізді өшіріңіз! — деді біреу. — Оған мен жауап беремін!
Қызыл плащты адам ортаға шықты.
— Бұл кім, бұл кім? — деп байбалам салды ентіге сөйлеп, шошынған миледи; құп-қу бетіне қобырай төгілген шашына жан бітіп, қыбырлағандай болды.
Енді бәрі де сол кісіге қарап қалды. Атостан басқа оны ешкім білмейтін. Тіпті, Атостың өзі де, түйіні енді шешілген мына сұмдыққа бұл кісінің қандай қатысы болу мүмкін дегендей қобалжып тұр.
Салтанатты түрде баяу басып, өзін миледиден ажыратып тұрған столдың дәл қасына барып, әлгі адам бетіндегі маскасын жұлып алды.
Міз бақпай безере қалған осы бір қара шашты, бакенбардты адамның қуқыл өңіне қараған сайын миледидің құты қашып, бір уақытта атып тұрып, қабырғаға шалқалай шегінді.
— Жо-жоқ! — деді ол жан ұшырып. — Жоқ! Бұл тажал қайдан шықты! Ол емес! Жәрдем ете көріңдер! Жәрдем! — деп қырылдай бақырған әйел теріс бұрылды, өзі қабырғаны итере салып, құтылып кеткелі тұрған адам тәрізді.
— Кімсіз өзіңіз? — десті мұны көріп тұрғандар.
— Мына әйелден сұраңыздар, — деді қызыл плащты адам. — Мені танығанын көріп тұрсыздар ғой.
— Лилль жендеті! Лилль жендеті! — деп жан даусы шыққан миледи қалталақтап қабырғаны қармана берді.
Бәрі кейін серпілді, қызыл плащты адам бөлменің ортасында жалғыз қалды.
— О, аяңдар, аяй көріңдер, кешіңдер мені! — деп айғайлады сұрқия әйел тізерлеп отыра кетіп.
Бейтаныс адам тыныштық орнағанша тоса тұрды.
— Мені таныды дедім ғой жаңа сіздерге! — деді ол. — Иә, мен — Лилль қаласының жендетімін, болған-біткенім сол.
Енді не айтар екен деп асыға күткен жұрт оған қарап қатты да қалды.
— Бұл әйел бір кезде сондай әдемі бойжеткен болатын. Тамплемар бенедикт әйелдер монастырының мұңлығы еді. Сол монастырьдың шіркеуінде бір жас священник қызмет ететін, өзі ақкөңіл, қызметке адал-ды. Соны бұл тура жолдан тайдырмақ болады да, ақыры ойға алғанын істеп тынады: бұл ма, бұл әйел әулиені де діннен тайдырар еді.
Екеуі ешқашанда бұзуға болмайтын киелі серт байласады. Бұлардың байланысы ұзаққа созылуы мүмкін емес-ті, — ерте ме, кеш пе бұлар ел алдында масқара болуы керек-ті. Тақуа қыз өзінің көңілдесін ол маңайдан кетуіне көндіреді, бірақ бұл жерден кетіп, өздерін ешкім білмейтін, Францияның басқа бір өңіріне барып, тыныш өмір сүру үшін қажетті қаражат екеуінде де жоқ-тын. Священник қасиетті ыдыстарды ұрлап сатады; қос бейбақ қашпаққа жиналып жатқанда ұсталып қалады.
Арада апта өтпей жатып, абақты бастығының баласын алдап-арбап, бұл тағы қашып кетеді. Священник болса, қарғыс таңбасы басылып, қол-аяғы бұғауланып он жылға кесіледі. Мына әйелдің айтқаны рас, мен Лилль шаһарының жендеті болатынмын. Қарғыс танба басу менің міндетім-ді, ал жаңағы күнәһар жігіт, мырзалар, менің інім болатын!
Бауырымның сыбайласы болып қана қоймай, оны ақ жолдан адастырып, қылмысқа итерген мүттәйім қарға, ең болмағанда, жазаны бөліп тартқызармын деп сонда ант-су ішкенім бар. Оның қайда жасырынып жүргенін сезіп қалдым да, соңынан қоймай аңдып жүріп, ұстап, қол-аяғын байлап қойып, тура бауырыма басқан таңбаны бұған да басып жібердім.
Лилльге қайтып оралған күнімнің ертесінде бауырым да абақтыдан қашып кеткен екен. Оған себепкер болды деп айыптап, қашқын бауыры өзі кеп өкімет қолына берілгенше отыра тұрсын деп енді мені қамап қойды. Байғұс бауырым оны қайдан білсін. Тағы да мына әйелге қосылып, екеуі Берриге өтіп кетеді, бауырым сонда бір шағын қауымға қызмет етеді, ал бұл әйел болса, өзін оның қарындасымын деп таныстырады.
Бауырымның қарындасымын деп жүрген бұл әйелге сол қауымдық шіркеу тұрған жердің қожайыны көріп қалып ғашық болғаны сондай; бұған үйленбекші болады. Бауырымды сорлатқаны аздай, оны тастап, енді екінші адамға сор боп жабысады, сөйтіп, графиня де Ла Фер болып шыға келеді...
Енді бәрі Атосқа қарады — оның шын аты граф де Ла Фер болатын, ол жендеттің айтқанының бәрін мақұлдап басын изеді.
— Мына әйелдің кесірінен, — деп сөзін сабақтады жендет, — абырой мен атақтан жұрдай болған сорлы бауырым өмірден әбден түңіліп, дүниеден баз кешкелі Лилльге қайтып оралды. Ол үшін менің қамауда отырғанымды естіп, абақтыға өзі келді де, сол күннің кешінде желдеткіштің есікшесіне асылып өлді.
Обалы қане, мені ұстаған өкімет орындары уағдасында тұрды. Өлген бауырымның кім екенін анықтаған соң мені босатып жіберді.
Мен мұны осы қылмысы үшін айыптаймын, сол үшін таңба басылған болатын!
— Д'Артаньян мырза, — деп бастады сөзін Атос, — бұл әйелді қандай жазаға кесуді талап етесіз?
— Өлім жазасына, — деп жауап қатты д'Артаньян.
— Милорд Винтер, бұл әйелді қандай жазаға кесуді талап етесіз?
— Өлім жазасына, — деп жауап берді лорд Винтер.
— Портос мырза, Арамис мырза, сіздер судья болғандықтан бұл әйелге қандай үкім шығармақсыздар?
— Өлім жазасы, — деп гүр ете қалды екі мушкетер де.
Миледи еңіреген күйі еңбектеп, судьяларына бірер қадам жақындай түсті.
Атос қолын жоғары көтерді.
— Шарлотта Баксон, графиня де Ла Фер, леди Винтер, — деді ол, — сіздің зұлымдығыңыздың шектен шыққаны соншалық, көкте құдай, жерде пенде баласы енді төзе алмайды. Егер білетін дұғаңыз болса оқи беріңіз, үкім шыққан, қазір өлесіз.
Мына сөзден кейін әбден күдерін үзген миледи орнынан тұрып, бойын тіктеп, бірдеңе демек болып еді, дәрмені келмеді: жазмыш айдаған пендедей мұны дедектетіп, бір әлуетті қол шашынан сүйрей жөнелгенін сезді, Қарсыласып әуре болмады, үйшіктен ере шықты.
Лорд Винтер, д'Артаньян, Атос, Портос, Арамистер де тысқа шықты. Малайлары қожайындарының соңынан ерді. Әйнегі сынып, есігі шалқасынан ашық жатқан құлазыған бөлмеде стол үстінде түтіні будақтап шам жанып қала берді.
XXXVI
ЖА3AЛАУ
Уақыт түн жарымға таяп қалған; нажағайдың соңғы нұрына малынып, Армантьер қалашығының өкпе тұсынан көтеріліп келе жатқан қорғалап қалған күрең айдың күңгірт сәулесімен үйлер мен қаңқиған қоныраухананың нобайы қарауытып елес береді. Әудем жерде балқыған қорғасындай толқып Лис ағып жатыр; көк жүзін кесек-кесек күрең бұлт қаптап, сұрқай жеті түнде енді ғана ымырт үйірілгендей боп көрінген алай-түлей аспан кемерінде өзеннің арғы жағалауынан қап-қара, шоғыр-шоғыр ағаштар көзге ұрып тұр. Сол жақ тұста қалағы қалқайып қимылсыз қатып қалған көне жел диірменнің жұртынан құйқаңды шымырлатардай бірқалыпты үнмен ауық-ауық байғыз шақырып қояды. Жабырқау жүргіншілердің біресе оңынан, біресе солынан жел бойындағы тепсеңнен түн қараңғысында аракідік бой көрсеткен тырбық ағаштар осы бір қатерлі сәтте жүрелей отырып жол торыған сүдінсіз ергежейлілерден аумай қалған.
Оқтын-оқтын нажағай оты құлаш жайып байтақ көк күмбезін жап-жарық қып жібереді де, қара шоғыр қалың ағаш үстінде жыланша ирелеңдеп барып, құдды киелі наркескендей күллі аспанды өзенмен қоса қақ айырып түседі. Тымырсық ауада үф еткен леп білінер емес. Өлі тыныштық табиғаттың еңсесін басып тұр, жауып өткен жаңбыр суына бөккен жер беті жылмағайланып, алуан шөптің жұпар исі бұрынғыдан бетер мұрынды жарып барады.
Гримо мен Мушкетон миледиді қолынан демеп алда келе жатты, оған іле-шала жендет, ал одан кейін лорд Винтер, д'Артаньян, Атос, Портос, Арамистер келеді. Ең соңында — Планше мен Базен.
Малайлар миледиді өзенге әкеле жатыр. Tic жарып, тіл қатпаса да, айтпағын жанарымен айна-қатесіз ұқтыратын миледи, бұлардың әрқайсысына кезек-кезек жаутаңдаумен келеді.
Өзгелерден бірер қадам ілгері озуы мұң екен, миледи малайларға:
— Қашуға жәрдем етсеңдер әрқайсыңа бір мың пистольдан беремін! Ал, мырзаларыңа ұстап берер болсаңдар, кегімді артығымен қайыратын адамдарымның таяу жерде екенін біліп қойыңдар, — деп сыбыр ете қалды.
Гримо екі ойлы. Мушкетон қалтырап кетті.
Миледидің даусын естіп қалған Атос дереу жетіп келді бұларға; іле-шала лорд Винтер жетті.
— Мына малайларды алып кетіңіз, — деді ол. — Әйел бірдеңе деп үлгерді — енді бұларға сеніп болмайды.
Атос, Планше мен Базенді шақырып алып, Гримо мен Мушке тонды ауыстырды.
Өзен жағасына келген соң жендет миледидің қол-аяғын байлады.
Миледи мұны көріп ышқына сөйледі:
— Сендер қоян жүрек, қорқау қанішерсіңдер! Он еркек жиналып, бір әйелді өлтірмексіңдер! Байқаңдар! Қазір құтқара алмаса да, менің кегімді алатындар бар!
— Сіз әйел емессіз, — деп жауап қатты Атос салқын ғана, — сіз адам емессіз — тозақтан сытылып шыққан әзәзілсіз, сол келген жағыңызға қайтарамыз біз сізді!
— Уа, мейірбан, мырзалар, — деді миледи, — менің бір тал шашыма қол тигізген адамның өзі де қанішер боп шығатыны естеріңде болсын!
— Жендеттің кісіні өлтіруі ықтимал, бірақ, қанішер болмауы мүмкін, сударыня, — деп қарсылық білдірді оған қызыл плащты адам, жалпақ семсерін шапақтап. — Ол ең соңғы сот, бар болғаны сол. Неміс қоңсыларымыз айтқандай.
Ол осыны айтып миледиді байлап жатыр еді, әйелдің құландағы даусы құраққа шығып, түн тыныштығын жарып өтіп, орманға сіңіп сап болды.
— Егер кінәлі болсам, қылмыскер деп айыптайтын болсаңдар, — деп ысқырынды миледи, — онда мені сотқа апарыңдар! Мені соттап, өздерің үкім шығаратындай сендер судья емессіңдер ғой!
— Тайбернді айтқанда өзіңіз неге көнбедіңіз? — деді лорд Винтер.
— Өйткені, өлгім келмеді! — деп дауыстады миледи, жендеттің қолынан босанбақ боп бұлқынып. — Өйткені, қыршынымнан қиылғым келмеді!
— Сіз Бетюнде у берген әйел өзіңізден де жас болатын, сударыня, әйтсе де, өлтіріп жібердіңіз ғой, — деді д'Артаньян.
— Ғибадатханаға кетіп тақуа болармын... — деп үстеді миледи тағы да.
— Сіз онда болғансыз, — деп қарсылық білдірді жендет, — бауырымның сорына одан қашып кеткенсіз.
Миледи иманы ұшып, жан даусы шығып тізерлеп отыра кетті.
Жендет оны тік көтеріп алып қайыққа қарай беттеді.
— Аһ, тәңірім-ай, — деп байбалам салды миледи. — Тәңірім-ай! Шынымен суға атпақсыздар ма?..
Осы уаққа шейін миледидің соңына шырақ алып түскен д'Артаньян, бетпақ әйелдің байбаламына шыдай алмаса керек, жанындағы түбірге отыра кетіп, басын төмен салып, екі қолымен құлағын баса қойды; сонда да еңіреген әйелдің шаңқылдаған даусы миын шағып барады.
Бұлардың ішіндегі ең жасы д'Артаньян ақыры шыдай алмады:
— Мен мына сұмдыққа шыдай алар емеспін! Мына әйелді бұлай өлтіруге қарсымын!
Мұны естіген миледи үміт етіп қалды.
— Д'Артаньян! Д'Артаньян! — деп айғай салды ол. — Сені сүйетінімді ұмытқаның ба!
Жігіт орнынан тұрып миледиге қарай аяңдады.
Осы кезде шпагасын суырып алған Атос оның жолына кесе-көлденең тұра қалды.
— Егер енді аттап басар болсаңыз, д'Артаньян, — деді ол, — тек қылыштасамыз!
Д'Артаньян тізерлеп отыра кетті, дұға оқыды.
— Ал, жендет, шаруаңды жайға, — деп қойып қалды Атос.
— Құп болады, мархабаттым, — деді жендет, — мен нағыз католикпін ғой, сондықтан да, бұл әйелге байланысты өз міндетімді орындасам — оның әділдік болатынына сенімім кәміл.
— Жарайды.
Атос миледидің жанына келді.
— Маған жасаған зұлымдығыңызды түгел кештім, — деді ол. — Өмірім қор болып, арыма дақ түссе де, махаббатым аяққа тапталып, сіздің қырсығыңыздан өмірден біржола күдер үзіп, дүниеден баз кешсем де — кештім сізді! Жаныңыз жаннатта болсын!
Лорд Винтер де таяу кеп тұрады.
— Бауырымды өлтіргеніңізді, шарапатты мырза лорд Бекингэмді өлтіргеніңізді кештім, байғұс Фельтонның өлімін де, менің өміріме қастандық жасағаныңызды да кештім! Жаныңыз жаннатта болсын! — деді ол.
— Сударыня, — деді д'Артаньян, — дворянға лайықсыз іс қылып, сізді алдап, ашуыңызды шақырсам — кешірім өтінемін. Ал өз басым сіздің қатігез кекшілдікпен бишара сүйіктіме у беріп өлтіргеніңізді кештім; сізді ада-күде кештім, қазаңызға жас төгіп қайырамын! Жаныңыз жаннатты болсын!
— I am Los — деп күбірледі миледи ағылшынша — I must die.
Осыны айтып, миледи орнынан тұрып айналасын тінте шолып шыққанда, жан-жағын жалын шарпып өткендей болды.
Оның көзі түк көрмеді.
Үнсіз тың тыңдап еді, ештеңе естімеді.
Айнала анталаған жауынан басқа ешкім жоқ еді.
— Қай жерде өлмекпін? — деп сұрады ол.
— Арғы бетте, — деп жауап берді жендет.
Сонсоң әйелді қайыққа отырғызып, өзі аяғын сала бергенде, Атос оған бір қалта алтын ұсынды.
— Алыңыз, — деді ол, — үкімді орындаған ақыңыз бұл. Біздің судьяларша іс еткенімізді жұрт білетін болсын.
— Жарайды, — деді жендет. — Ендеше менің өз кәсібімді емес, борышымды атқарғанымды мына әйел де білетін болсын.
Соны айтып, ол алтынды өзенге атып жіберді.
Жендет пен қылмыскер әйел отырған қайық жылыстап сол жағалауға қарай ұзай берді. Өзгелері оң жағалауда қалып, тізерлей-тізерлей отырысты.
Паромға арналған темір арқанды бойлай баяу сырғыған қайыққа, өзенге төнген бозамық бұлт сәуле шашып тұр. Күрең аспан аясында қайықтың арғы жағалауға жетіп тоқтағаны, жендет пен миледидің қараң-құраң сұлбасы айқын көрініп тұрды.
Өзенмен жүзіп келе жатқанда миледи аяғын матаған жіпті шешіп үлгерген екен, қайық жағаға кеп тірелісімен жерге дік етіп секіріп түсіп, тұра қашты.
Бірақ, жер лайсаң еді; қабаққа шыға берем дегенде миледи тайып жығылды.
Мұны жаман ырымға жорыған миледи жаратқаным жар болмаса шарам не деп, сол шөкелеген қалпы, қолын қусырып, басын төмен салып қатты да қалды.
Жендеттің жаймен екі қолын көтергені, оң жақ жағалаудағыларға көрініп тұрды; жалпақ семсерінің жүзі айға шағылысып жарқ ете қалды да, жендеттің қолы төмен түсті: зу ете қалған семсер үні мен шыңғырған әйел даусы қатар естілді де, басы ұшып кеткен дене жерге сылқ ете түсті.
Жендет үстіндегі плащын шешіп алып, жерге төседі де, оған әйелдің денесі мен басын салып, қайта байлап-матады да, арқалап алған күйі қайыққа отырды.
Листің орта шеніне жете беріп, қайығын тоқтатты да, өлікті ораған плащын көтеріп тұрып:
— Алланың әмірі осылай орындалғай! — деп дауыстады.
Сонсоң өлікті суға тастап еді, толқын тереңіне тартып кетті...
Арада үш күн өткенде төрт мушкетер Парижге оралды; демалыстан кешікпей қайтқан бұлар, әдеттегідей сол күні кеште-ақ де Тревиль мырзаға барып сәлемдесті.
— Сөйтіп, мырзалар, жақсылап көңіл көтеріп, серуендеп қайттыңдар ма? — деді ер жүрек капитан.
— Тамаша болды! — деп, өзі үшін де, серіктері үшін де жауапты Атос берді.
ТҮЙIН
Ла-Рошельге қайта оралармын деп кардиналға берген уәдесінде тұрған король, Бекингэм апат болды деген ұзынқұлақтан әбден есі шыққан қалпы, келер айды - алтысы күні астанадан жүріп кетті.
Сүйген адамына қатер төнгенінен хабардар болса да, өлді деген жаманатын естігенде, королева мүлде сенбей қойды; тіпті, абайламай:
— Жалған сөз! Жуырда ғана жазған хатын алғанмын! — деп қалғаны бар.
Десе де, ертесіне бұл сұмдыққа сенбесіне лажы қалмады:
Англияға барғандар король Карл І-нің пәрманымен жаппай ұсталғанда қолға түскен Ла Порт қайтарында Бекингэмнің өлер алдында королеваға жолдаған сәлемдемесін алып келген болатын.
Король бұған мәз-мейрам болды және қуанышын жасыра алмады, ол ол ма, тіпті, мұнысын королеваның бетіне салық қылғандай болды: күллі ынжықтарда болатын күйкі мінез Людовик XIII-де тән еді.
Әйтсе де, мұнысы ұзаққа бармай, король қайта тымырая қалды: бір тұнжыраса қабағы ашылмайтын әдеті; лагерьге барысымен торға қайта түсерін айна-қатесіз ұқты. Сонда да бармасқа шара жоқ.
Бұтадан бұтаға секіріп шыр-пыры шыққаны болмаса, ұзап кете алмайтын, жылан арбаған торғайдай бұл да кардиналдың құрығынан құтыла алмайтын.
Сондықтан да, Ла-Рошельге оралу бұл үшін бір қиямет. Әсіресе төрт досымыздың мінез-құлқы жұрт таңғалғандай болатын: төртеуі де бастары салбырап, үн-жұрғасы түсіп үзеңгілес келеді. Тек оқта-текте Атос қана көздері от шашып, ащы жымиған қалпы шалқақ мандайын бір көтеріп қояды, сонсоң іле-шала ол да жолдастары құсап томсырая қалады.
Жолшыбай қай шаһарға ат шалдырса да, бұлар корольді арнаулы қоналқы жайына шығарып салысымен дереу өзді-өзіне тарасатын да, болмаса шеткеріректегі шарапханаға тартатын. Бірақ, мұнда да сүйек ойнап, шарап ішіп жатқан бұлар жоқ, біреу-міреу тың тыңдап тұрған жоқ па дегендей жан-жағына жіті қарасып, өзара бір-бірімен сыбырлай сөйлесумен ғана тынатын.
Бірде король аңға шықпақ болып кідіргенде, төрт дос оларға қосылмай, бұрынғы әдетінше жол бойындағы шарапханаға барып, енді жайғаса бергенде, Ла-Рошель жақтан шапқылап келген бетінде есік көзіне кеп ат басын іріккен біреу бір стакан шарап ішпек боп бөлмеге бас сұға беріп бұларды көріп қалды да:
— Ей, д'Артаньян мырза! Сізді көріп тұрғаным рас па осы? — деп айғай салды.
Д'Артаньян басын көтеріп, оны көрісімен қуана дауыстап жіберді. Менгтегі, Молашылар көшесіндегі Аррастағы бейтаныс, д'Артаньянның менің елесім деп жүрген адамы осы болатын.
Д'Артаньян шпагасын ала салып, есікке қарай тұра ұмтылды.
Бірақ, бұл жолы бейтаныс қашып-пысқан жоқ, атынан секіріп түсіп, д'Артаньянға қарсы жүрді.
— Түу, ақыры таптым-ау сізді, мейірімді мырза! — деді жігіт.
Бұл жолы құтқармаспын енді.
— Ондай ойым жоқ — бұл жолы сізді өзім де іздеп шықтым. Король атынан тұтқындауға келдім! Шпагаңызды маған тапсыруды талап етемін, мейірімді мырза. Қарсыласып әуре болмаңыз: мәселе сіздің өміріңізге байланысты екенін ескертуге тиіспін.
— Кімсіз өзіңіз? — деп сұрады д'Артаньян, шпагасын төмен түсіріп, бірақ, бірден ұсына қоймады.
— Мен шевалье де Рошформын, —деп тіл қатты бейтаныс, — кардинал де Ришелье мырзаның атбегімін. Сізді жоғары мәртебелі тақсырға жеткізуге жарлық алғанмын.
— Өзіміз де жоғары мәртебелі тақсырға бара жатырмыз, шевалье мырза, — деп сөзге араласқан Атос таяу кеп тұрды, — және д'Артаньян мырзаның тура Лa-Рошельге тартамын деген сөзіне сенуге тиіссіз, әлбетте.
— Оны лагерьге апаратын күзеттің қолына тапсыруға тиіспін.
— Күзет қызметін өзіміз атқарамыз, мархабатты мырза, бұл дворяниннің сөзі. Бірақ, — деп үстеді Атос қабағын түйіп, — д'Артаньян мырзаның бізсіз кетпейтініне тағы сөз беремін.
Шевалье де Рошфор айнала қарады да, есікпен екі аралықта бұлардың арасына кеп тұрған Портос пен Арамисті көріп, бұл төртеуінің енді құтқармасын бірден ұқты.
— Мырзалар, — деді ол, — егер д'Артаньян мырза шпагасын маған тапсыруға келіссе, және сіздер сияқты уәдесін берсе — кардинал мырзаның ставкасына д'Артаньян мырзаны жеткізіп саламыз деген уәделеріңізге мен бақилы болайын.
— Уәде етемін, мархабатты мырза, — деді д'Артаньян, — міне, семсерім, алыңыз.
— Мен үшін, тіпті оңды болды, — деп сабақтады сөзін Рошфор, — өйткені, қазір жүріп кетуім керек.
— Егерде миледимен жолықпақ болсаңыз, — деді Атос салқын ғана, — оныңыз құр әурешілік: енді қайтып оны көре алмайсыз.
— Оған не болды? — деп елең ете қалды Рошфор.
— Лагерьге қайтып барған соң білесіз.
Сәл-пәл ойланып қалған Рошфор, кардинал корольді қарсы алмақ болған Сюржердің бұдан күншілік жер екені есіне түсіп, Атостың ақылын алып, мушкетерлермен бірге қайтпаққа келісті. Оның үстіне бұлармен бірге қайтса д'Артаньянды да көзінен таса қылмысы айқын.
Бұлар тобын жазбай жолға-шықты.
Ертесіне, түс ауа, сағат үш шамасында бұлар Сюржерге ілікті. Мұнда кардинал Людовик ХІІІ-ні тосып отырған болатын. Министр мен король жадырай қауышып, күллі Европаны Францияға айдап салған қасақы дұшпаннан құтылып, желдері оңынан тұрғанын айтып, бір-бірін құттықтасып жатты. Бұдан кейін, д'Артаньянның ұсталғанын Рошфордан естіп алған кардинал, оны тезірек көрмек болды да, корольмен қайырласып, келесі күні жаңа салынған тоғанды көруге шақырды.
Тас көпір жанындағы ставкасына кешкісін қайтып оралған кардинал өз есігінің алдында тұрған қарусыз д'Артаньян мен бес қаруы бойында үш мушкетерді көрді.
Күш өз жағында болған соң, бұл жолы ол бәріне сұстана қарап, қолымен нұсқап д'Артаньянға соңымнан ер деп ишара етті.
Д'Артаньян мүлтіксіз орындады.
— Д'Артаньян, сені күтеміз, — деді Атос, кардинал еститіндей ғып..
Жоғары мәртебелі тақсыр қабағын түйіп, кідіре түсті де, ізінше ләм деместен үйге еніп кетті.
Д'Артаньян кардиналға ере кірді де, достары сыртта күзетіп қалды.
Бірден кабинетіне беттеген кардинал, мушкетер жігітті алып кел деп Рошфорға белгі берді.
Рошфор жарлықты орындап, шығып кетті.
Д'Артаньян кардиналмен оңаша қалды: бұл оның кардиналмен екінші кездесуі болатын; кейін өзі мойындағанындай, енді қайтып көріспесіне сенімі кәміл-ді.
Ришелье каминге сүйенген қалпы тұра берді; д'Артаньян болса столдың арғы шетінде тұр.
— Мархабатты мырза, — деп бастады кардинал, — сізді ұстауға жарлық берген мен едім.
— Оны маған айтқан болатын, шарапатты мырзам.
— Не үшін екенін білесіз бе?
— Жоқ, шарапатты мырзам. Тұтқындалуыма себепкер болар бір-ақ нәрсе бар, бірақ оны сіз, мәртебелі тақсыр, білмейсіз ғой.
Ришелье жігітке тесіле қарады.
— Ә, солай ма еді! О не нәрсе?
— Егер шарапатты мырза мені қандай қылмысқа қатысы бар деп айыптағанын айтар болса, мен де не істеп, не қойғанымды баяндар едім.
— Сізден гөрі текті адамдардың басы кеткен қылмысты іс үшін айыпталдыңыз, мархабатты мырза! — деді Ришелье.
— Ол қандай қылмыс, шарапатты мырзам? — деп д'Артаньян жайбарақат сауал қойғанда, кардиналдың өзі де қайран қалды.
— Сіз мемлекетіміздің дұшпандарымен хат-хабар алысып тұрғаныңыз үшін, мемлекеттік құпияны жария қылғаныңыз үшін және әскербасыңыздың жоспарын бұзбақ болғаныңыз үшін айыпталдыңыз.
— Мені айыптап тұрған кім, шарапатты мырзам? — деп сұрады д'Артаньян, дәу де болса миледиден келген пәле-ay деп ойлап. — Маған кінә таққан әйел — мемлекеттің әділ заңы айыптаған, Францияда бір адамға тұрмысқа шықса, Англияда екінші адаммен тұрмыс құрған және екінші күйеуін улап өлтірген адам; ол маған да у бермек болған!
— Не айтып тұрсыз, мархабатты мырза! — Кардинал таңырқай дауыстады. — Айтып тұрғаныңыз қайдағы әйел?
— Леди Винтерді айтам, — деді д'Артаньян. — Иә, леди Винтердің істеген қылмыстары, оған соншалық сенім білдірген жоғары мәртебелі тақсырға беймағұлым болғаны да.
— Егерде, леди Винтердің сіз айтқан қылмыстарды істегені ақиқат болса, мархабатты мырза, ол өз жазасын алады..
— Ол жазасын алып тынған, шарапатты мырзам.
— Жазалаған кім сонда?
— Біз.
— Абақтыда отыр ма?
— Өліп кетті.
— Өлген дейсіз бе? — деп қайталады кардинал, өз құлағына өзі сенбей. — Өлген дейсіз бе? Сіз тап солай дедіңіз бе?
— Өзімді үш мәрте өлтірмек болғанда кешіп едім, бірақ сүйген әйелімді өлтіріп тынды ақыры. Сонсоң, достарыммен бірге оны ұстап алып, сот құрып, өлім жазасына кестік.
Д'Артаньян Бетюндегі кармелит қыздар ғибадатханасында Бонасье бикештің у ішіп өлгенін, оңаша үйшіктегі сот туралы, Лис өзені жағасында өлім жазасының орындалғанын бастан-аяқ баяндап берді. Мұны естігенде кардиналдың тұла бойы қалтырап кетті — бұл оның басында бола бермейтін жағдай-ды.
Басына бір ой келсе керек, кенет кардиналдың тұнжыраған суық өңі бірте-бірте жылып, ақыры жайбарақат адамның кейпіне көшті.
— Сонымен, — кардиналдың үні жұмсақ болғанмен, сөзі зәрлі еді, — жазалауға хақы жоқ адамның біреуді жазалауы кісі өлтірумен барабар екенін ойланып жатпастан, судьяның міндетін мойныңызға алған екенсіз ғой.
— Шарапатты мырзам, сіздің алдыңызда ақталу ешқашанда ойымда болмағанына ант-су ішемін! Жоғары мәртебелі тақсыр қандай жазаны лайық деп тапса да, мойныммен көтеруге әзірмін. Өлімнен қорқып өмір сүрер мен емен.
— Иә, сіздің ер жүрек екеніңізді білемін, — деді кардинал жылы ұшырағансып. — Сондықтан да, сізді сотқа тартатынын, тіпті, жазаға кесетінін де алдын ала айтып қоймақпын.
— Менің орнымда басқа адам болса, жоғары мәртебелі тақсырға, кешірім қағазым қалтамда тұр деген болар еді, бірақ мен оған бармаймын: шарапатты мырзам, не бұйырсаңыз да әзірмін.
— Сізді кешіру ме? — деп кардинал аң-таң.
— Әлбетте, шарапатты мырзам.
— Қол қойған кім? Король ме?
Кардинал бұл сөздерді асқан бір жиренішпен айтты.
— Жоқ, жоғары мәртебелі тақсыр, өзіңіз.
— Мен бе? Сіз не, жынданғаннан саусыз ба?
— Сөз жоқ, өз жазуыңызды танырсыз, шарапатты мырзам.
Атостың миледиден алып, қорғау тілхат болсын деп өзіне берген аса қымбатты қағазды д'Артаньян жоғары мәртебелі тақсырға ұсынды.
Кардинал қағазды алып, әр сөзін байыптап, шегелей оқып шықты:
«Осы қағаз иесінің барлық іс-әрекеті менің жарлығыммен мемлекет қамы үшін істелген болып табылады. 1628 жылдың 5 августы.
РИШЕЛЬЕ».
Екі жол жазуды оқып, кардинал қалың ойға шомды, бірақ, қағазды д'Артаньянға қайтарған жоқ.
«Мұны қалай өлтіртсем екен деп ойлап отыр, — деп түйді іштей д'Артаньян. — Бірақ, ант ішуге бармын, дворяниннің қалай өле алатынын өз көзімен көрер-ақ!»
Тәуекелге бел буған мушкетер жігіт ажалды қаймықпай қарсы алуға әзір еді.
Ойға шомған Ришелье қағазды біресе шиыршықтап, біресе жазып, үнсіз отыр. Ақыры, басын көтеріп, ақжарқын, байыпты, түсі игі д'Артаньянға шүйіле қарағанда, жігіттің жүзінен соңғы айда көрген жәбір-жапасы мен төккен көз жасының ізін айна-қатесіз таныды да, небәрі жиырма бір жастағы, үлкен үміт артуға боларлық осынау бозбаланың жігер-күшін, ақыл-ойын, қайтпас қайсарлығын дана әміршінің қаншалық өз қажетіне жарата алатынын үш-төрт мәрте ойша сарапқа салып көрді.
Бір жағынан, құдіретті миледидің қылмыстары мен зымияндығынан өзі де талай шошыған. Осынау қауіпті сыбайластан біржола құтылдым-ау дегенді ойлағанда өн бойын құпия қуаныш биледі.
Аңқылдақ д'Артаньян қайтарған қағазды асықпай жыртты кардинал.
«Құрыдым!» — деп ойлады д'Артаньян.
«Жаратқан, өзің жар бола гөр!» — дегендей, ол кардиналға төмен иіліп тағзым етті.
Кардинал столға таяп келді де, тік тұрған қалпы, жартысынан артығы жазулы пергаментке бірер жол жазып шықты да, мөрін басты.
«Маған шығарған үкімі болар, — деп түйді іштей д'Артаньян. — Бастилияға тығып, сарғайтпайын, соттатып әуре-сарсаңға салмайын дегені шығар кардиналдың. Мұнысы үлкен кеңшілік екен».
— Алыңыз! — деді кардинал жігітке. — Сізден алған тілхаттың орнына басқасын беріп отырмын. Бұл грамотада есіміңіз жазылмаған, өзіңіз жазып аларсыз.
Д'Артаньян тартыншақтай барып алды да, қағазға көз жүгіртті. Бұл мушкетерлерді лейтенант шеніне жоғарылату туралы жарлық екен. Д'Артаньян дереу кардиналдың аяғына жығылды.
— Шарапатты мырза, — деді ол, — әмірім садаға сіз үшін, не десеңіз де еркіңіздемін. Бірақ, мұнша кеңшілік еткендей еңбегім сіңген жоқ менен гөрі еңбектері көп сіңген, менен лайықтырақ үш досым бар.
— Жайсаң жігіт екенсіз, д'Артаньян, — деп оның сөзін бөліп, арқасынан қолпаштай қағып қойды кардинал, осы бір шүу асауды ақыры жуасыттым-ау деп іштей өз-өзіне көңілі толып. — Мына грамотаны қалай пайдаланамын десеңіз де, өз еркіңіз білсін. Әйтсе де, есіңізде болсын, есіміңіз жазылмаса да бұны сізге беріп отырмын.
— Бұл жақсылығыңызды ешқашанда ұмытпаспын! — деп жауап қатты д'Артаньян. — Жоғары мәртебелі тақсыр бұған кәміл сенуіне болады.
Кардинал артқа бұрылып;
— Рошфор! — деп дауыстады.
Есік артында тұрса керек, іле-шала кавалер енді.
— Рошфор, — деді кардинал, — алдыңызда тұрған д'Артаньян мырза. Мен оны достарымның санатына қосып отырмын, сондықтан да, сүйісіп достасыңдар және бас керек болса, ақылдан ауа жайылмаңдар!
Рошфор мен д'Артаньян еріндерінің ұшымен ғана сүйіскен болды; кардинал бұлардан көз алмай қадағалап тұрды.
Екеуі бөлмеден бірге шықты.
— Әлі көрісетін шығармыз, солай емес пе, мархабатты мырза?
— Еркіңіз білсін, — деп құптады оны д'Артаньян.
— Көп ұзамай мұның да реті келер, — деді Рошфор.
— О не? — деді Ришелье есікті ашып.
Жігіттер дереу бір-бірімен жымия қол алысып, жоғары мәртебелі тақсырға тағзым етті.
— Әбден тағатымыз таусылып бітті, — деді Атос.
— Міне, мен де жеттім, достарым, — деп жауап қатты д'Артаньян. — Бостандық алғаным былай тұрсын, кардиналдың шарапатына ие болдым.
— Бізге бәрін де айтып бересіз бе?
— Бүгін кештен қалдырмаймын.
Айтқандай-ақ, сол күннің кешінде д'Артаньян Атосқа соғып еді — досы күндегі әдетінше, бір шөлмек испан шарабын алдына алып отыр екен.
Д'Артаньян кардиналмен болған әңгімені оған бастан-аяқ баяндап берді де, қалтасынан грамотаны суырып:
— Алыңыз, аяулы Атос, бұл — сізге лайық, — деді.
Атос ағынан жарыла, жадырай күлді.
— Достым, бұл — Атос үшін тым көп те, граф де Лa Фер үшін тым аз — деді ол. — Бұл грамотаны өзіңіз алыңыз, сіздікі ғой. Әттең, не керек, қымбатқа түскені болмаса!
Д'Артаньян Атостан шығып, Портостың бөлмесіне кірді.
Портос үстіндегі әдемі камзолын қызықтап, айна алдында тұр екен.
— Ә, сіз екенсіз ғой, аяулы дос! — деп шұрқырай амандасты ол д'Артаньянмен. — Қалай қарайсыз, мына камзол маған жараса ма?
— Құйып қойғандай, — деп қоштады Д'Артаньян. — Бірақ мен сізге бұдан да гөрі лайықтырақ басқа біреуін ұсынғалы келіп едім.
— Ол қайсысы тағы?
— Мушкетерлер лейтенантының мундирі.
Д'Артаньян кардиналда болғанын айтып, қалтасынан грамотаны алды да:
— Аяулы достым, мынаны алыңыз да, өз аты-жөніңізді жазыңыз, сөйтіп, маған тамаша бастық бола қойыңыз, — деді.
Портос грамотаны көріп, өзіне қайтып бергенде, д'Артаньян қайран қалды.
— Әрине, бұл мен үшін үлкен мақтаныш болар еді, — деді ол, — бірақ, мұның пайдасын көріп жарымас едім бәрібір. Біз Бетюнға кеткенде менің герцогинямның ері дүние салған екен, енді марқұмның сандығы менің қолыма тимек. Сөйтіп, аяулы достым, мен жесірге үйленбекпін. Көрдіңіз ғой, той киімімді киіп жатқанымды. Достым, сол лейтенант шенін өзіңе қалдырғаның жөн болар!
Соны айтып, грамотаны д'Артаньянға қайтып берді.
Д'Артаньян енді Арамиске келді.
Келсе, Арамис тізерлеген қалпы михраб қасында ашық жатқан дұғалыққа шұқшия үңіліп отыр екен.
Д'Артаньян оған кардиналда болғанын бастан-аяқ баяндап болған соң, қалтасынан грамотаны үшінші мәрте суырып:
— Біздің досымыз да, шам-шырағымыз да, құпия қамқоршымыз да өзіңізсіз! Мына грамотаны қабыл алыңыз. Сіздің даналығыңыз бен ақыл-кеңесіңіздің арқасында әманда біздің жолымыз болып келді, сондықтан да, бұл, басқаға емес, тек сізге лайық.
— Әттең, не керек, аяулы достым! — деп күрсінді Арамис. — Соңғы сапарымыздан кейін дүниеден баз кешіп, әскери шеннен біржола безіндім. Бұл жолы, қоршау алынған соң, лазаршылар қауымына10 еңбекке түбегейлі бекіндім. Грамотаны өзіңіз алыңыз, д'Артаньян: әскери қызмет сізге бек жарасады. Сізден ер жүрек һәм тапқыр әскербасы шығары хақ.
Қуанғаннан көзіне жас алып, дән разы болған д'Артаньян ізінше қайтып келсе, Атос сол қалпы стол басында жүзім шарабының қалған ақырғы стаканын шам көзіне тұтып, қызықтай қарап отыр екен.
— Міне, ешқайсысы алмай қойды! — деді д'Артаньян.
— Олардың алмайтын себебі, сүйікті достым, ешқайсының сіздей еңбегі сіңген жоқ.
Ол қолына қалам алып, д'Артаньянның атын жазды да, грамотаны қайыра ұсынды.
— Демек, барлық достарымнан айрылғаным ғой, — деді жігіт, — сағынышпен еске алғаннан басқа не шара бар!
Оның басы салбырап кетті, үлкен екі тамшы жас екі бетінен сорғалай ақты.
— Әлі жассыз ғой, — деп жұбатты Атос, — бүгін мұңайсаңыз, ертең қуанышқа бөленеріңіз кәміл.
ЭПИЛОГ
Бір жыл қоршауда болған Ла-Рошель, Бекингэм уәде еткен ағылшын флоты мен әскерінен жәрдем болмаған соң, ақыры беріліп тынды. 1628 жылдың 28 октябрьінде тізе бүккен бітімге қол қойылды.
Сол жылдың 23 декабрьінде король Парижге келіп кірді. Француздарды емес, құдды жауын жайпап оралғандай, оны салтанатты түрде қарсы алды. Король мұнда қала пұшпағындағы Сен-Жакте тұрғызылған жасыл жапырақ, гүл-шешекпен көмкерілген арқалар арқылы келіп енді.
Д'Артаньян өзіне берілген лейтенант шенін қабыл алды. Портос қызметті тастап, келер жылы Кокнар ханымға үйленді: сұқтанған сандықта сегіз жүз мың ливр бар екен.
Зерлі киім киген Мушкетон өмір бойғы арманына қолы жетіп, алтынмен аптаған күйменің артқы орындығында отыратын болды.
Лотарингияға сапарлап қайтқан Арамис аяқ астынан ғайып боп, достарына хабар-ошарын білдірмей кетті. Тек кейінірек, екі-үш көңілдес жігіттеріне сыр ашқан де Шеврез ханымның сөзінен оның Нанси ғибадатханаларының бірінде тақуалық жолға түскені мағлұм болды.
Базен сопы болып кеткен-ді.
1631 жылға дейін д'Артаньянның қол астында мушкетер боп жүрген Атос та Турень сапарынан кейін Русильонда шағын мұраға ие болдым дегенді желеу ғып қызметтен босанды.
Гримо Атоспен бірге кетті.
Д'Артаньян үш мәрте Рошформен жекпе-жекке шығып, үшеуінде де оны жарақаттап тынды.
— Енді, төртінші жолы, сізді өлтіріп тынармын, — деді ол Рошфорға қолын созып, орнынан тұрғызып жатып.
— Осымен тамамдасақ, онда сізге де, маған да оңды болар еді, — деп жауап берген жарадар Рошфор. — Тәйір алғыр, өзіңіз ойлағандай емес, сізді жақсы көретінімді қайтерсің! Алғаш жолыққаннан кейін-ақ басыңызды шауып тастауға шамам келетін еді: ол үшін кардиналға жалғыз ауыз сөз айтсам жетіп жатыр.
Екеуі сүйісіп айрылысты: бұл жолы олар шын жүректен табысқан еді, көңілдерінде зәредей тат қалмаған болатын.
Планше Рошфордың жәрдемімен гвардия сержанты шенін алды.
Зайыбының нендей халде екенін ойлап қам жеместен, Бонасье мырза жайбарақат тыныш өмір кешіп жатты. Бірде абайсызда оның кардиналға өзі туралы лебіз білдіргені бар; кардинал Бонасье мырзаның бұдан былай мұңсыз тірлік кешуіне өзі қамқорлық ететінін хабарлауды бұйырды.
Шынында да, ертесіне кешкі жетіде Луврға бармақ болып үйінен шыққан Бонасье мырза қайтып Молашылар көшесіне оралған жоқ; жұрттың айтуынша, тегінде солар бек хабардар болса керек, жоғары мәртебелі тақсырдың мархабатымен ол король сарайларының бірінен жақсы жай тауыпты-мыс.
ДЮМАНЫҢ КЕЙІПКЕРЛЕРІ АВТОРМЕН КЕЗДЕСКЕНГЕ ДЕЙІН
Кітапханадан табылған олжа
— Дюма мырза, толып жатқан туындыларыңыздың сюжетін қайдан аласыз? — деп сұрайды екен жұрт жазушыдан.
— Көрінген жерден аламын, — деп жауап қатады екен әйгілі автор.
Ақиқат шындықтың өзі солай болыпты. Оның қаламынан тарихи жылнамалар жанданып, бағы заманның ертегі-аңыздары құлпырып сала беріпті, ол әр алуан дәуірде жазылып, ұмыт қалған мемуарларды қайта тірілтіпті. Қызықты сюжеттерді іздеп табудан өмірінде бір жалықпаған А. Дюма, «қиялға қанат бітіретін» сансыз көп сөздіктер мен тарихи зерттеулердің, ескі анекдоттар жинақтарының беттеріне саяхат-серуен жасаумен күнін өткізеді екен.
«Үш мушкетер» романының кіріспесінде айтқанындай-ақ, 1843 жылдың бір сәтті күнінде Дюма король кітапханасында Людовик XIV заманынан материал іздеп, көзіне түскен кітаптарды аударыстырып қарап отырады. Кездейсоқта қолына «Д'Артаньян мырза естеліктерінің» 1704 жылы Амстердамда Пьер Руж басып шығарған төрт томдығы түседі. Шынында да өмірде мұндай баспагер болмаған, сол кездің баспа иелері қажет болған кезде осы бір бүркеншік атты пайдаланып, өздерінің шын есімдерін жасырып келген. Бұл небәрі төрт рет басылған естеліктердің, екінші басылымы болып шығады, д'Артаньянның суреті тек осы басылымына ғана берілген екен.
Көне дәуірдің гравюрасынан сауыт-сайман асынған бейтаныс кісі тесіле қарайды. Арықтау келген кісінің ашаң жүзін толқынды бұйра шашы көмкеріп, иығына төгіліп тұр. Оның күллі кескін-келбеті, әсіресе ақылды да өткір көзі ғажайып еді. Ол оқушыға қулана қарап: «Менің шын өмірбаянымды асықпай оқып шық, содан кейін кім екенімді білесің», — деп тұрғандай.
Өзінің айтуына қарағанда, жазушы Пьер Руж басып шығарған төрт томды мұқият оқып, асықпай зерттеуге бел байлайды. Ол — өткен дәуірдің — он жетінші ғасырдың орта кезінің әдет-ғұрпы мен оқиғаларын өз көзімен көрген кісі желдірте жазған суреттеме екен, Кітаптың толық аты мынадай: «Король мушкетерлері бірінші ротасының капитан-лейтенанты д'Артаньян мырзаның естеліктері, мұнда Ұлы Людовик патшалық құрған дәуірдің оқиғалары жәйлі көптеген құпия мәліметтер мен жеке кісілердің хикаялары бар».
Кітаптың атына жүгінсек, бұл мемуардың авторы д'Артаньян болса керек. Бірақ оның ішінде мушкетердің өз қолымен жазған бірде-бір сөзі жоқ-ты. Оны жазған Гасьен де Куртиль де Сандра деген біреу. Ол кісі д'Артаньянды жақсы білсе де, мушкетер атынан сөйлеуіне тіпті де хақы болмайтын. Лаж қанша, Куртиль де Сандра өз замандастарының атынан сөйлеуді әдетіне айналдырып, солардың атын жамылып, ойдан шығарылған мемуарларды туындата беріпті. Оның өзі әрнені бір шалып, сан құбылып, көп жазған ысқаяқ қу болса керек-ті. Куртиль де Сандраның 1865 жылы Парижде жаңадан басылып шыққан туындыларына берген алғы сөзінде Францияның қазіргі әдебиет зерттеушісі Жильбер Сиго әйгілі адамдардың он — он бес шақты «естеліктері» сол сабаздың қаламынан туғанын жазады.
АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ
Александр Дюма тұнғыш рет д'Артаньянмен осы мемуарды қарап отырғанда ұшырасады. Әрине, ол әлгі біз кәміл білетін, жақсы көретін герой емес-ті. Д'Артаньяндай ноян мушкетердің тартымды бейнесін жасау үшін, Куртиль де Сандра суреттеген ақылды да алаяқ солдатты «ержүрек батылдығы жағынан ертедегі қаһармандардан кем түспейтін, ал ақыл-ойы мен қулығы жағынан күллі елші-жаушыларға қарасын көрсетпейтін», аты аңызға айналған геройға айналдыру үшін жазушы таланты мен терін аямай төгіп, көп-көп күш-жігер жұмсады.
Куртиль де Сандра баяндап берген мушкетерлер хикаялары жазушыға шытырман оқиғалы туынды жазуға әдемі арқау болып көрінді. Ол көне жазбалар дариясына түсті де кетті. Өзінің сөзіне қарағанда, автор тарихи материалдарды жалықпай зерттеді, өткен заманның өзге куәгерлерінің естеліктерін бас алмай оқыды.
Көп ұзамай-ақ жазушы қаламынан көне тарих көктеп, жанданып жүре берді.
Сахнаға үш сайыпқыран мушкетер, үш дос, үш ноян — Атос, Портос, Арамис шығады. Олар дегдар командир де Тревильдің қол астында қызмет етеді.
Бұлардың бәрі өмірде болған шын кейіпкерлер-ді. Олардың есімін А. Дюма Куртиль де Сандраның кітабынан кездестіреді. Бірақ олар кітапта хикаяның негізгі кейіпкерлері емес, есімдері атүсті аталып кететін, бір-біріне бейне бір немере туыстар делінген-ді. Оның есесіне жазушы басқа бір тарихи материалдардан сол кейіпкерлер жәйлі көптеген мәлімет табады. Ол де Тревиль мырзаның бұрын Арно-Жан Дю Пейре деген қарапайым атпен жұртқа мәлім болғанын, Беарндегі Олорон деген шағын қаладағы саудагердің баласы екенін, сонда 1596 жылы туғанын біледі. Ендеше оның бекзадаларға тән граф де Тревиль деген есімі қайдан пайда болған?
Суль алқабындағы Олорон қалашығынан таяқ тастам жерде Труа-Виль («Үш қала») деген мекенжай бар, ол тепе-тең үш бөліктен тұрады. Содан әрегіректе керемет бір қамал-сарай тұр, ол қазірде де бар. Арно-Жан Дю Пейре осынау қамал-сарайды маңайындағы жерімен қоса сатып алғаннан кейін, ол өзін дворянин ретінде де Труавиль деп атайды, ал жүре келе бұл есімін құлаққа жағымды де Тревиль есімімен ауыстырады. Бірақ даңққұмар сабаз мұны да місе тұтпайды: ол король жасауылдарының қатарында қызмет атқаруды арман етеді. Ақырында де Тревиль аңсаған арманына жетеді. 1625 жылы ол мушкетер қатарына алынады, кейінірек, 1634 жылы, замандастарының айтқанындай, «корольдіктегі жұрттың ең көп қызығатын қызметіне», мушкетерлердің командир! қызметіне тағайындалады, сосын өзін граф деп жариялайды. Енді оны халайық Арман-Жан де Пейре, граф де Тревиль деп атайтын болады.
Оның өмірі сұрапыл оқиғаларға толы. Маршал Бассомпьер өз күнделіктерінде оны аса ер жүрек жауынгерлердің бірі деп талай рет атап өткен. Де Тревиль 1672 жылы қайтыс болған.
1642 жылы, корольдің қырына алынғанға дейін, ол шынында да аса ықпалды кісі болса керек. Соның қамқорлығымен 1640 жылы мушкетерлер қатарына Арман де Силлег алынады. Де Тревильдің жақын қарындасына үйленген осынау жас жігіт сеньор Атос деп аталған (бір кезде гректер тұрған шағын қыстақтың атын алған), бірақ ол А. Дюма жазған қызықты хикаялардың біріне де қатыспаған, өйткені ол 1643 жылдың 22 декабрьінде ауыр жарақаттан қаза тапқан.
Гасконнан шыққан Анри Арамиц те де Тревильдің туысқаны екен: Ларен қаласына таяу жерде Пиреней тауындағы бір жартас басында дүңкиіп оның қамал-сарайы тұр, 1654 жылы әскери қызметін тастап, әйелімен, төрт баласымен осы сарайда тыныш тіршілік кешеді.
Мушкетерлер командирінің екінші зайыбы қыз күнінде д'Арамиц атанған. Жазушы осы фамилияны Арамис деп өзгерте салған. Реті келгенде айта кетейік, Дюманың геройы әуелгі кезде қызмет атқарған полктің командирі Дезэссар да өмірде ақиқат болған кісі, ол да де Тревильдің жама ағайыны, 1645 жылы сайыста қаза табады.
Жоғарыдағы екі мушкетер сияқты, үшінші мушкетердің де шыққан тегі осы арадан, ол — Портос. Меосир Исаак де Портоның қомақты қорған-сарайы Ланн деген жерде, ал, Портос А. Дюма суреттегендей, онша кедей болмаса керек.
Гвардияда бірге қызмет істегендіктен де ол д'Артаньянмен таныс болған. 1643 жылы — Атос қайтыс болатын жылы ол мушкетерлер қатарына енеді. Ендеше олардың иін тіресе қатар жүріп бірге шайқасуы дүдәмал. Шынына келсек, осынау төрт мушкетердің бәрі 1643 жылдың бірнеше айында ғана бір-бірімен ұшырасып, бірге жүре алар еді.
Тек Александр Дюма ғана өз романында олардың басын қосты және мәңгілік ажырамайтындай етіп қосты.
Жазушы тарихи оқиғаларды өзек етіп алған-дағы, оған өз ойының кестесін, өрнегін салған ғой. Замандастары оны тарихи шындықты бұрмалайсың деп айыптаған кезде, ол: «Бәлкім, солай да шығар, тарих мен үшін суреттерімді ілетін шеге ғана», — деп жауап береді екен. Ал, д'Артаньянды алатын болсақ, жерлес гаскондардың айтуына қарағанда, ол романист бейнелеген кейіпкерден де өткен қаһарман болған тәрізді.
Тарихшылар мен әдебиет зерттеушілерінің іздеп тапқан материалдарынан бүгінгі таңда оның шытырман хикаялар мен ерліктерге толы ғажайып өмірбаяны бізге толығынан мәлім болып отыр, оның тағдыры кереметтей өзгеше тағдыр болса керек-ті. Гаскон жұрты оның басынан кешкен тарихын кісі қиялы жете бермейтін шындыққа және өмірдің өзі сияқты ақылға сия бермейді деседі.
КАСТЕЛЬМОР ҚОРҒАН-САРАЙЫ ЖӘНЕ АРТАНЬЯН ДЕРЕВНЯСЫ
Пиреней тауларының етегіне жақын жерден ежелгі Гасконь уәлаятының астанасы — Ош қоныс тепкен. Осы арадан қол созымдай Люпиак деген жерде әйгілі әдеби қаһарман — д'Артаньянның прототипі болған кісі дүниеге келген. Ол өмір сүріп, тірлік кешкен, XI ғасырда салынған Кастельмор қорған-сарайы әлі күнге дейін бар.
Ел арасындағы аңызға жүгінсек, осы қорған-сарайдың асханасында 1620 жылы Шарль де Батц-Кастельмор д'Артаньян дүниеге келеді. Оның ата-аналары Француаза де Монтескью — д'Артаньян мен Бертран де Батц-Кастельмор екен.
Егер сайыпқыран серілердің айбарлы мекені осынау Кастельмор қорған-сарайынан тауға қарай жүрсек, бірнеше шақырым өткеннен кейін біз орасан зор тал ағашына кездесеміз. Ол сеңсең бөрік сияқтанып, Артаньян атты шағын қыстақ үстінен жапырағын жамыратып төніп тұр. Осы қыстақтың төңірегіндегі күллі жер-су бағы заманнан корольдіктегі Монтескью атты ең көне ақсүйектер әулетіне қарайды. Басқасын қайдам, әйтеуір Наварра королінің атсейісі Полон де Монтескью ата тегі Артаньяннан шыққан Жакмет д'Эстенге үйленгелі бері сол жер осы семьяның меншігінде болып келген.
Сонымен Наварра королінің атсейісі сеньор д'Артаньянға айналады. Оның қыстақтың шет жағындағы қорған-сарайда тұратын ұрпағы кейін осы есімге ие болды.
Арада талай жылдар өтті. Осы әулеттің еркек кіндік атаулысының бәрі енді гвардияда әскери қызмет атқаруға аттанатын болды бұл осы үйдің семьялық дәстүріне айналды.
КАРДИНАЛДЫҢ ҚОСШЫСЫ, ӘРІ ҚОЛЫНДАҒЫ СЕМСЕРІ
Шарль д'Артаньянға сарбаз болу кезегі келген кезде оның екі ағасы офицер болып жүрген-ді. Ол жау жүрек, батыр болғанда ғана өзіне жол ашылатынын жақсы білетін: кім бір сәтке ғана жүрексініп, кібіртіктеп қалса болғаны, тағдыр талайыңа жазған бақыттан махрұм қалуың мүмкін.
Д'Артаньянның тарихтағы прототипі осы қағиданы әманда қатты ұстанған. Ал, оңтайлы сәт кез келіп, оны өз мүддесіне жаратып қалуға келгенде, әдеби кейіпкердің өмірдегі прототипі кереметтей шебер кісі болған.
Ақырында, Оштан Парижге дейінгі ұзақ жол да артта қалды. Бірақ астанада оның мушкетер плащын кию жөніндегі арманы бірден жүзеге аса қоймады. Де Тревиль (романдағы сияқты әкесінің досы емес, ағасының досы) жас гасконды — қаһармандықтың ең таңдаулы мектебі — жорықтағы әскер қатарына қосады.
Міне осы кезден бастап гвардияшы д'Артаньянды жұрт енді тек зеңбіректер зіркілдеген, семсерлер сартылдап, барабандар дүрсілдеген жерден ғана, француздардың қалың қолы Отыз жылдық соғыс шайқастарын жүргізіп жатқан майдан даласынан ғана кездестіреді.
1642 жылдың аяғында елді аузына қаратқан қайратты да қажырлы кардинал Ришелье дүние салды. Людовик XIII де одан кейін көп жасай алмады. Кардиналдың орнын ана-королева Анна Австрийскаяның көңілдесі, жылпос итальян Мазарини басты. Ол мушкетерлер қолын таратып жібермек болады.
Ол кезде мушкетер болу абыройына яғни корольдің өз гвардиясының солдаты болу құрметіне ие болған д'Артаньян, уақытша қызметтен босап қалады. Бізге беймәлім бір себептермен ол Мазаринидің арнаулы шабарманы болып тағайындалады. Сол сәттен бастап, гаскон өз тағдырын ұзақ жылдар бойы жаңа кардиналмен тығыз байланыстырады.
Тіпті Мазарини лаждың жоғынан қуылып кетіп, Кельннің түбіндегі Брюле деген шағын неміс қаласын мекендеген кезде де ол соның басы-қасында болады. Жұрт оны осы арада бау ішінде гүл шешектерді күтіп-баптап жүргенін талай рет көреді, ал, бұрынғы, деміне нан піскен министр істен қалып, айла-шарғыларға енжар қарап, өкімет билігін ұмыта бастаған сияқты болып көрінеді. Бұл шынында сырт көзге ғана солай болып көрінетін. Ал, іс жүзінде кардинал қару-жарақты тастау дегенді ойына да алмайды. Ол өзіне жаңадан жақтастар іздейді, дұшпандарының аузын алып, өзіне қарата бастайды, қажетті қол жинайды. Оның жұмысы басынан асып жатады, айдаудағы кардиналдың көкейіндегі ойын кәміл білетін сенімді шабарманының жұмысы да жеткілікті еді. Д'Артаньян тағы да күні-түні бірдей ат үстінен түспей қояды.
Бір күні, 1653 жылдың бас кезінде Брюль қаласына аты ақ көбікке малынып корольдің жаушысы жетеді. Жасы кәмелетке жеткен Людовик XIV кардиналды астанаға шақыртып жіберген екен. Кардиналмен бірге Францияға д'Артаньян да қайтып келеді. Бірақ оның өзінен бұрын бұл тек шебер сайыскер сарбаз ғана емес, өте епті елші, дана саясатшы деген қауесет те ел арасына кең жайыла бастайды.
КҮШІҢ ЖЕТПЕСЕ, АЙЛАҒА КӨШ
Д'Артаньян Парижде көп кідірмейді. Сарай төңірегіндегі кісілермен бірге ол Реймсте корольдің тәж киіп, таққа отыру салтанатына қатысады. Ұзамай жұрт оны дәулетті феодалдар қарсылығы қозғалысының соңғы тірегі, қоршаудағы Бордо қаласының іргесінен көреді.
Бүлікшілер басып алған қаланы қоршау ұзаққа созылады. Қала қорғаушыларын бағындыру үшін, амал-айла жасау керек болды. Д'Артаньян осындай іс-әрекеттің басты рөлін атқарады. Тап осы арада ол түңғыш рет өзінің керемет актерлік қабілетін көрсетеді. Оған қоршаудағы Бордоға кардиналдың құпия хатын жеткізуді тапсырады, ол хатта қарсылық көрсетуді тоқтатып, еркімен берілгендердің бәріне кешірім жасау жөніндегі уәде-серт бар-тын. Сол хатты бүлікшілердің басшыларына білдірмей, қала ішіне қалай алып кіру керек? Жігіт тосын бір қулыққа барады. Д'Артаньян қайыршы болып киінеді. Солдаттар оны қуалап келе жатқан сыңай танытады. Қоршаудағы қала дуалының басында тұрғандар бұларды көріп қалады. Қақпа бір сәтке ашыла береді. Қайыршы зып беріп ішке кіреді. Әлгіде ғана өлердей қорқып, қаны қашып, қуарып кеткен тіленші өзін құтқарушылардың аяғын құшып, құлай кетеді де, құлдық ұрып, олардың қолын сүйе бастайды. Бірақ олардың бірде-бірі қайыршының алба-жұлба лыпасының қойнында кардиналдың хаты жасырулы екенін сезбейді де білмейді.
Қамауға түскен қала тұрғындарының хал-ахуалы сағат сайын нашарлай түседі. Азық-түлік таусылып, қаланы сұмдық аштық жайлайды, жұрт, қолына түскеннің бәрін жейді, тіпті аттардан да тігерге тұяқ қалдырмайды. Солдаттар қайсар испандардың шабуылына әзер-әзер төтеп береді. Жағдайдың қиындап кеткені сондай, қаланы қорғаушылар қоршау-қамалға шыдамай тізе бүгуі мүмкін еді. Сол себепті де қамаудағы бейбақтарға барып, көмектің жақындап қалғанын, жаңа жасақ, қалың қол келгенше шыдай тұру керектігін айту керек болады.
Бірақ қаланы қоршаған испан солдаттарынан өтіп ішке қалай кіреді? Д'Артаньян бұрынғы әдеті бойынша тағы да қулық жасап, батыл бір ойды жүзеге асыруға кіріседі; Бұл үшін ол бір басы сан адамның ролін атқарып, тұтас бір спектакль қойғандай болады: бірде саудагер-көпес, бірде малай, бірде әл-дәрменсіз шал күйіне түседі. Испан солдаттарын осындай амал-айланың аркасында алдап, қала ішіне кіріп, аман-есен, қамауда қалған отандастарына жетеді. Сөйтсе, ол дәл мезгілінде келген екен: губернатор берілмекші болып, ақ жалау көтеруді ойлаған екен.
Сосын д'Артаньян қандай күйде болды дейсіз ғой? Қала қорғанының ішінде бой тасалап, Франция полктері келгенше тоса тұрудың орнына, шыдамсыз гаскон жігіті губернатордың: қалғаныңыз жөн ғой, — деген ақылына құлақ аспай, сол күні кейін қайтады.
Бірақ қайтар жолы әуелгісінен сәтсіз болады. Ол енді қашқын ролін ойнамақ еді. Бірақ оған жолай ең әуелі кездескен испан солдаты бірден шүбәланады. Жалған қашқынды дедектетіп айдап испан әскерінің қолбасшысына әкеледі. Мұндағылар оның француз офицері екенін анықтайды. Бірақ д'Артаньянның осы жолы да жұлдызы оңынан туады. Ол қашып құтылады.
CҰP МУШКЕТЕРЛЕР
Аранын ашып төніп келген ажалдан аман қалған біздің қаһарман гасконымыз қайтадан Парижге келеді, келісімен король мушкетерінің делдиген қауырсынды қалпағы мен сәнді костюмін қайыра киеді — бұл кезде король Людовик XIV өзінің меншікті гвардиясын қайта құрып, оларға ортақ бір форма әзірлеткен еді. Бұған қосып айтылатын бір сөз, мушкетерлердің камзолы — қырмызы қызыл, ал, астындағы сәйгүліктер сұр түсті болып келетін. Сол себепті де оларды Сұр мушкетерлер деп атаған.
Әуелгі кезде мушкетерлер король сарайының іргесінде тұрады. Бірақ жүре-келе олардың дәулеттілері өз ақшасына пәтер жалдап, қаланың басқа жақтарында да тұра бастайды. Бірақ, бұлай еркін жүріп-тұруды көбісінің жағдайы көтермеді. Олардың ішінде арқандай шұбатылған дворян есімі мен шпагасынан өзге қалтасында көк тиыны жоқ жарлы-жақыбайлары да кездесетін. Олар күніне алатын 35 су ақшаны талшық етіп жүре беретін.
Мушкетерлердің көпшілігі кедейліктен құтылу үшін бай қалыңдықтарға үйленетін. Біздің қаһарманымыз да тап осындай іске бел байлайды. Оның қалап алған ардағы, тегі Сен-Круадан шыққан Шарлотта-Анна де Шанлеси деген бикеш-тін. 1659 жылдың 5 мартында өткен үйлену тойында Франция мен Наварраның королі Луи Бурбон, кардинал Мазарини, маршал де Грамон сияқты сарай төңірегіндегі көптеген бекзадалар, олардың әйелдері мен ұл-қыздары болады.
Ақырында Шарль д'Артаньянның бақ-дәулетке қолы жетеді — асыл текті бай тұқымның бикешіне үйлену нәтижесінде ол жүз мың ливр кіріс алып, байлыққа шаш-етектен келеді. Жорық шатырының орнына ол Бак көшесінен сән-салтанатты екі қабат оқшау үй сатып алады, ал, жер тарпыған сайгүлік орнына, сол кездегі мода бойынша, гүлді жасыл барқытпен тысталып, жасыл пердемен бүркелген жиһазды солқылдақ күймеге отырады.
Дегенмен, д'Артаньян от басы-ошақ қасында көп отырмайды. Ұзамай ол жортуыл-жорықтарда ерлік жасау үшін әйелі мен екі нәрестесін тастап, жолға шығады.
АТАҚ — ДАҢҚТЫҢ ЕРКЕСІ
Жанкешті батылдық пен тапқырлықтан ба, әсіресе, ұдайы желі оңынан тұрып, табысқа жете бергендіктен бе, әйтеуір, шытырман оқиғалар мен у-дудың қалың ортасында жүретін жүрек жұтқан батырымыз, сарай маңындағы бақыт-абырой дегеннің ең биік сатысына көтеріледі. Ол сол биік дәрежеге пәлен басқыштан бір-бір аттап, самғап бір-ақ шыққандай болады. Сол-ақ екен, енді оның есіміне сарайдың ең бір құрметті аты — «корольдің саятқұс кәсібінің бақылаушысы» деген атақ қосып айтылатын болады. Бұны мушкетер көңіліне кәдімгідей тоқ санайды. Өйткені бұл қызметтің тек жұмыс деген аты болмаса, кісіден белгілі бір білімді, еңбек-бейнетті мүлде қажет етпейтін, қайта қалтасына едәуір тегін табыс түсіп жататын. Бірақ хан сарайы маңына үйірсектеп қалған сабазға бұл да аз көрінген тәрізді. Ол бүгін болмаса ертең король меншігіндегі гвардияның командирі болып тағайындалатын сәтті асыға күтеді.
Көп ұзамай испандармен соғыс қайта басталып кетеді де, д'Артаньян майдан даласына аттанады. 1667 жылдың жазында Лилль қаласын жаулап алуда мушкетерлер командирі айрықша көзге түседі. Бұл үшін оған граф дәреже-атағын беріп, сол қаланың губернаторы етіп тағайындайды. Д'Артаньян губернатор болып ұзақ отырмайды. Тағы да соғыс туады. Д'Артаньянды біз тағы да ат үстінен көреміз.
Маршал Тюренн басқарған армия құрамында мушкетерлердің екі ротасы Фландрия жеріне жетеді — сөйтіп голланд соғысы деген шайқас басталады. 1673 жылдың жазында 40 мың қолдық француз армиясы Мозель бойындағы Маастрихт бекінісін қоршауға алады. Бұл қоршауға д'Артаньянның мушкетерлері де белсене қатысады. Әсіресе, 24 июньде кешке салым қырғын айқас болады. Бұл — мушкетерлер командирінің басынан өткерген ең соңғы соғысы-тын.
«Батырлардың батырының» қазасы жәйлі сол кезде жазбаған газет кемде-кем, ақындар оған ең тәуір өлеңдерін бағыштады, оны солдаттар мен әйелдер, қаймана халық пен бекзадалар жоқтап, көздеріне жас алды, бірақ д'Артаньян жәйлі солардың бәрінен де асыл сөзді асырып айтқан тарихшы Джулиани де Сен-Блез деген кісі болды, «Д'Артаньян мен даңқ бір табытта жатыр», — деп жазды ол 1674 жылы «Мастрих қаласын қоршау және жаулап алудың күнделігі» деген еңбегінде.
Роман Белоусов.
Орыс тілінен аударған Әбілмәжін Жұмабаев
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі