Хибаксуяның есік алдына шығып, екі иығы салбырап, белі бүгіліп, бүкшиіп отырғанына тұп-тура бір сағат болды. Уақытты тық-тық еткен сағат тілімен есептеп, өмірдің бір сәтін де не ары, не бері босқа өткізбейтін адам үшін бұл тәулікке пара-пар мерзім. Бос уақыт, сенделбай жүріс деген жаратқанның осы бір қарапайым пенделерінде бола қоймайды. Бола қалған күнде тауға шығу, теңізге түсу, теннис ойнау, әйтеуір, бос уақыт дегенің жер басып жүрген жанның жақсы өмір сүруі үшін қызмет етуі керек. Хибаксуяның шын аты — Тәкеши. Хибаксуя — үкімет берген аты. Бұл — қанында аса хауіпті элемент болғандықтан үкіметтің тексерістен кейінгі тіркеуі. Нөмірі — 45. Қоғамға зияны тимеу үшін атын атап айтып, алдын ала жұртты хабардар қылғанына ол ырза. Өйткені, бұл елде ешкім де білместіктен баз кешпеуі керек, хауіпті элементке ескерту жасау мемлекеттің мүддесі.
Хибаксуялар көп емес, «арпа ішінде бір бидай» ғана. Олардың қандары жазылмас кеселге ұшырап, ұрпақтың амал-саулығы үшін өмір сүре алмайды деген қорытынды бар. Бір тәуірі, ол үйленгеннен кейін берді бұл нөмірді. Әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінің өкілі үйге кеп қол қойдырып ап, алғашқы қамқорақысын төледі және үкімет атынан кешірім өтінді. «Өмір бойы үкімет қамқорлығында боласыз», — деді үріп ауызға салғандай сидам қыз. Сосын қос алақанын маңдайына тақап, иіліп, көткеншектеп шығып кетті. Бұл елде әйел баласы еркектің алдында шалт бұрылып, сыртын беріп шықпайды. Ережеге бергісіз салтты ешкім де бұзбайды. Ертеңіне келген психолог: «Сіздің қаныңыз уланғанмен перзентсіз емессіз, ұлыңыз бар, бірақ сіздің қаныңыздағы зардаптың үшінші ұрпақта қайталануы анық, сол себепті ешкіммен құда бола алмайтыныңызды ашып айтуға тура келеді. Өйткені, бұл мемлекеттің өсіп-өркендеуіне зиянды. Император атынан кешірім сұраймын», — деп иіліп, шығып кетті. «Әкемнің өлгенін де естігенмін, ашығын айтқанның өзі жақсы», — деп, Тәкеши келіп-кеткен өрімдей қыздың сөзіне ырза боп, аңтарылып, артында қалды. — Біздің Мацуеде қанша Хибаксуя бар екен? Біліп алып, үй ішінен үй тігіп, болашақ үшін солармен ғана қарым-қатынас жасасақ... Өмірдің қызығы деген бала көріп, немере сүю емес пе?!» Тәкеши тағатсыз күткен ақпарат ұзамай газетке шықты. Мацуеде үш Хибаксуя бар екен. «Демек, біз бір-бірімізге жақынбыз. «Кемедегінің жаны бір» емес пе. Енді бізге өздігінен ешкім де жолай қоймас».
Сол бурыл бомба жарылғанда Тәкеши өмірге келіпті. Саңырауқұлақ боп аспанға өрлеген түтінді көрген жоқ, бірақ улы зат қорғанышы жоқ сәби қанына ананың сүтімен кіріп, тотығып, тұрып қалыпты. Шешесі Нагасакидегі әке-шешесінің қолында еді, шал мен кемпір өлгесін Мацуеге келді. Бұл — ескі астана Киотоға жақын облыс орталығы. Нағашыларына жақын Нагасакидің қызына үйленіп еді, жұбайы дертті боп ілініп-салынып жүріп, былтыр жіңішкенің үзілер шағы жетті. Ұл қалды артында. «Алтын асықтай өзі, — деп Тәкеши тісі ақсия күлімсіреді. — Алтын асықтай ғой». Екі жыл бұрын жиырмаға толды. Жиырма жылдықты атау — бұл елдегі ерекше салтанат. Шешесі байғұс та көріп кетті баласының кәмелетке толғанын. Сондағы өзінің өліп-өшіп билегені ше. Өмірінде дәл солай терлемеген шығар. Тіпті, техника жетілмей тұрған қалыс заманда да иіліп күріш орып жүріп, дәл бұлай терлемеген болар. «Мына хабардың Кэндидің жиырма жылдығын тойлағаннан кейін жеткені қандай жақсы болды. Әйтпесе, баланың сағын сындырып... Бірақ, біздің Кэнди анау-мынауға сынбайды. Өзіме тартқан ғой, — деп мақтанып қойды. — Әйтеуір, соның қаны таза болсын. Үкімет маған ешкіммен құда болма деп, келер ұрпақтың қамын ескертіп отыр. Екі жақ бірдей өкінішке қалмасын дегендері ғой. Әзір Кэнди дін аман. Шетелге шығып жүр». Тәкеши үкіметке ырза болды. Ашып айтып, кімнің кім екенін алдын ала ескерткеніне жүдә көңілі қунақ. «Ертең біреумен жібек жіп жалғап, құдалық жолға түсіп, арғы күні менің Хибаксуя екенімді біліп, теріс айналып жүрсе, өмірдегі өкініш деген сол ғой. Үкіметке рахмет, бәрінің алдын алған». Хибаксуяның тізімі шыққан сол газетті оқығаннан кейін, көңілжақын боп жүрген көп адам қатынаспай қойды. Кездесе қалса, қолын бермейді, қолыңды созсаң, алмайды. Тәкешидің терісі арқылы бірдеңе жұқтырып алам деп секемденеді, сірә. Адам ғой, адамнан ештеңе артылмаған. Әйтеуір, иілуде шек жоқ. «Жұртым иілуден жазбаса болғаны» деп өз көңілі өзіне тоқ. Ең бастысы, еліне ырза. Сол бурыл түтін атомның түсуі елімнің әлсіздігінен бе деп ойлаушы еді, сөйтсе бұл туған елінің бетіне тура қарай алмай тайсақтағандардың тірлігі екен. Әлсіздердің әрекеті. Бұның елінен таңдай қаға отырып тайсақтайтындар аз емес. «Осыған жеткізген халқыма шүкір» деп есік алдындағы сары егіске шаттана қарады. Биылғы егін жаман болған жоқ. Су жеткілікті. Топырақ таза. Үйдің төбесіне де екті күрішті. «Балам екеуімізге жетіп артылады, қалғанын үкіметке өткіземіз. Кэнди көбіне шетте жүр ғой. Қазақстан деген жақсы болды өзіне. Сондай етек-жеңі кең халық дейді...». Тәкеши қайың сапты кетпенінің жүзін алақанымен сипап, шұғамен орап, үйдің бір бұрышына тігінен қойды. «Келесі жылға дейін демал» деп көңілі кемсеңдеді. — «Келесі маусымға дейін аман-есен жеткізе гөр» деп аспанға қарады. Жаңа туған ай сызық боп тартылып, көңілін демдеді. Үй төбесі де жайқалып тұр. Бітік егінге тек жүзі өткір орақ керек. Тәкеши туа бітті диқан. Аты да, заты да топырақпен бір туған. Өнімді сепкеннен бастап орғанға дейін қасынан егіс мамандары мен егін егуді жаңа бастаған жастар шықпайды. Солар қазір сиреді. Бәріне кінәлі сол газеттегі Хибаксуяның тізімі мен теледидардан айтылған ақпарат. «Оларға ырзамын, — деп Тәкеши көңілін тоқ санады, — ертең біреуі болмаса біреуі жаманатқа ұшырап қап жүрсе... Қан тазалығын сақтау керек». Осы мезет Кэндимен мектепте бірге оқыған жан досы Киудоси қақпадан жайраңдап кіріп келе жатты. Қос қолын көкірегіне қойып иілді де, «Ертең Кэнди келеді», — деді. Жүзі жайдары. Жақындықтан алыстамай жүрген жалғыз өзі. Әке-шешесі анда-санда болса да келіп-кетіп тұрады. Қалта телефон арқылы байланысты үзбейді. «Келсе келсін, — деп мәз болды әке. — Кеткеніне жарты жыл болды. Қалта телефонмен күнәра хабарласады. Бірде Байқоңыр, бірде Семей, бірде Астана деген қалаларда жүреді. Сол жақты жұрт қылғанына бас-аяғы үш жыл болды. «Сол жақтың шеккен зардабын бірлесіп зерттейміз» дейді. «Тілдері ұқсас, біз «пан» десек, олар «нан» дейді деп, былтыр тіпті жақын тартып келді. Біздің тұтқын жапондардың сол жақта сүйегі қалыпты. Біздің үкімет солардың сүйегін осында әкелмекші, дейді. «Ата» деген сөз оларда ақсақал, бізде басшы деген мағынаны білдіреді. Бәрі Атадан тәлім алады емес пе. Жасымыз алпыс үште. Ата жасына өзіміз де жеттік қой деп, оның жан сарайы күңгір ете қалды. — Айтса Кэндиде сөз көп. Адаммен тіл табысу, елге жағу — бәрі өзіне байланысты. Адам тағдырды өзі жасайды». Тәкеши тұңғиық ойға берілді. «Мен дүниеге келгенде бұ жерде атом жарылса, олар беті жаман жауды жеңіпті. Сонан бері жарты ғасырдан аса су ағып, шөп көктепті. Жарты ғасырда жер жаңармай ма, қан тазармай ма? Біздің Кэндиді ол жаққа бұлар қалай жіберді екен? Сірә, кеш қимылдаса керек. Мен қармақтарына кеш іліксем керек. Қармаққа іліккен балықтың бәрі алтын емес. Оның ішінде сазаны да, шортаны да, лақасы да бар. Патша-балық жүзетін су бөлек болады» деп, тумысында қарапайым диқан шал күдіктеніп қалды. Көңілін күпті қылған өзіне берілген сол нөмір. №45. — Өзім туған жыл — өзімнің қауіпті нөмірім. Бұл жалпы, біздің жұрттың жеріндегі нөмір болса керек. Мацуеде үшеу-ақпыз ғой. Мен нөмірлі Адам болғаныммен, балам нөмірсіз. Сондықтан ол Жер шарын шарлап жүр» деп аспанға қарады. Жіңішке Ай жылжып келеді. Бір сағат тапжылмай отыру деген — қылмыс. Он саусақты қимылдатпай бостан-бос омалып отыру мүгедекке ғана жарасатын көрініс, бұл жерде арбаға таңулы мүгедектің де өзіне тән жұмысы бар. «Бірақ, бос отырған жоқпын ғой» деп, ол тәтті қиялдың қайығын қайта есіп, артына қарады. Кең қақпаны серпіп ашып, иіліп, емен-жарқын жүзбен бір тамшы қаны Кэнди кіріп келе жатқандай көрінді. «Бүгін болмаса ертең келеді. Досы арнайы кеп айтып кетті ғой». Шал нөмірлі Адам екенін ұмытып, өзін жер бетіндегі ең бақытты Адам сезініп, орнынан тұрып, құлшына адымдады. Қолына орағын алды. Тәтті қиялға беріліп, биылғы егіске құлшынып орақ салғысы кеп тұрды-тұрды да, «ертең балам екеуміз бірге салайық» деп, аптығып, алабұртқан көңілін әспеттеп орнына түсірді.
45-ші нөмірлі Хибаксуя дәл бүгінгідей ешқашан арнасынан асып-таспаған шығар. Енді қайтсін, адамға тән қылықтан Адам жат бола алмайды ғой.
***
Жұмыр жердің тағы бір бұрышында Құдайға қой айтып алған біреудің жалғыз қызы Санагүл егіліп, езіліп отыр. Ет жүрегі борша-борша боп сонша егілетіні — адамзаттың аярлығы, бетпе-бет көз түйістіруден қашқан тұрақсыздығы мен арзан сөзге алдануы. Жеті ай қол ұстасып жүрген жігіті Кішібектің табалдырығын аттап, ата-анасын көрді. Әкесі қоңыздай дүңкиген біреу екен. Не де болса әкесі ғой. Сол ғой бәрін бүлдірген. Қызылжардың көп әкімдерінің бірі дейді. «Мықты болса, адамға жақсылық жасаса, сол Петропавловскінің атауын Қызылжар ғып өзгертпей ме, ең болмаса, қала ішіндегі Мир көшесінің атауын да алып тастай алмай жалтақтап отыр екен. Тіпті болмаса, Бейбітшілік көшесі деп қазақыламай ма?!». Қыз бір күн саяхаттаған қаланы көз алдына әкелді, ызасы шоқтай қозып, әлдекімнен өш алмақ та ойы бар. «Өзінен туған баласының тағдырын өзгерткенше, мықты болса, халыққа керек нәрселерді өзгертпей ме?!» Санагүл болмай қалған қайынатасына күйе жаға бастады. «Менің кінәм... — дей бергенде, «Сәламатсыз ба!» — деп, орта бойлыдан сәл жоғары, дөңгелек жүзді, қысық көз жігіт кіріп келіп, бір тал сакура гүлін қолына ұстатты. — Осында кеп қалып ем... Санагүл, бүгін асығыспын. Біздің жұмыс Байқоңыр мен Абыралының арасында ғой», — деп таза қазақша сөйлеп, бұрыла берді. Дөңгелек жүзі, қысықтау көзі мейірімге толы. «Жүзі жылы екен» деген осындай-ақ болар. Біреуді қара есекке теріс мінгізіп отырған қыз қиялы су сепкендей басылды. «Асығыспын. Тағы да келем», — дейді таза қазақша. Сөйтті де, жүре берді. Жон арқасы ашылып-жабылған есіктің арғы бетінде қалды. «Осыдан үш ай бұрын қазақшаны теріп сөйлеуші еді. Үйреніп қалыпты. «Компьютермен үйреніп жүрмін» деді ғой. «Сіз қазақ тілінің маманысыз, сізден де үйренем», — деп ыржиып күліп, әзілдеген болды. Қыз терезеден ұзын плащының етегі делеңдеп, машинаға мініп бара жатқан жігітке қолына сакура гүлін ұстаған күйі қарап қалды. Бұл сәт көңілінен жігіті Кішібек те, оның әкесі де көлең етіп сытылып кетті. Тағы да жеті ай бірге жүрген жігітінің жіңішкеге де, жуанға да жатпайтын біртүрлі даусы құлағына кеп, қоңыздай дүңкиген әкесінің өзі естімеген үкімшіл үні, оның алдында оқушыдай тік тұрып, сөзін тыңдаған перзенті елестеді. Әкесіне ләм-мим деп жауап қата алмаған жігітінің ынжық бейнесін қиялымен көргенде тез-тез басып қырлы стаканмен су әкеліп, қолына ұстап жүрген сакура гүлін салып қойды. Бар мұңын жер түбіндегі жапон жерінен Абыралыға әкеп, өзіне қарай иіліп тұрған табиғаттың осы бір титімдей өскініне шаққандай сүйір саусақтарымен иегін сүйеп, гүлден көзін алмай бүгіліп отыр.
— Абыралыдан де. Бұл — Курчатовтың түбі ғой. Еуразия орталығы. Біз Жидебайға белгі орнатқанбыз Еуразияның дәл кіндігі деп. Мәскеуден кісілер келген. Сонда мен де болғанмын.
Сол Еуразия кіндігіне қазық қағарда Санагүл Жидебай мектебінен оқушыларды апарып, қаз-қатар сап түзеп қойып, Абай өлеңдерін оқытқан, ән салдырған. Мәңгілік достық пен жігі бұзылмас бауырластықты жырлаған сол жерге әлгіндегі жапон жігіті Кэнди де келген. Семей полигонын зерттеушінің бірімен сол жерде танысқан. Мектепке кеп, қамқорлық көмек көрсетіп кеткен. Бір-бірінің есімін сұраған, енді ұмытпай қайта келгенін қарашы.
— Бұл дәл Курчатовтың түбі. Ол жердегілер сексен сегіз пайыз қан ауруына шалдыққандар. Әзір ешкім де атомның зардабынан қашып құтыла алмайды. Ұрпағың мүгедек болады. Сенің де, менің де ұрпағым мүгедек болады, — деп, Кішібектің әкесі томардай дүңкиген күйі креслосын шыр айналдырып, баласының бетіне бетін тақап: — Басқа қыз құрып қалды ма?! — деді. — Орыстан алсаң да Абыралыдан алма.
Әкесінің даусын өзгертпей баласы да перзенттік парызын өтеп тұрып, Санагүлге сол сөзді бұлжытпай жеткізді. Қыз жыламады, жалынбады, балағаттап аузын былғамады. Тек: «Сен мені үйіңе бекер апардың, мен сені үйдегілермен бекер таныстырдым», — деді. Кішібек: «Қайтем енді, папам көнбей тұр ғой», — деп қоңыздай дүңкиіп келе жатқан желкесін қасыды. «Папаң әлдеқашан үйленіп, сендей ұл тапқызған...». Журналын қолтығына қысып, еденді ызалана басып, келесі сабағын өткізуге бет алды. Сонан қайтып әкесінің тіл алғыш ұлын көрген жоқ. Жапон жігітімен екі рет жүздесті. Алдында сол әкелген шие гүлі, жапонның рәміз ағашының гүлі. Әр маусымда әртүрлі гүл ашады. Көктемде қанқызыл, жазда жасыл немесе қызғылтсары, күзде күлгін немесе қоңыр түске енеді. «Маған әдейі жасыл түсін сыйлап отыр ма екен мына жігіт? Көктей солғанымды сезген-ау деймін» деп, қиялының соңын өзін-өзі іштей мүжіген әзілге шаптырды. Қырлы стакандағы жап-жасыл боп төмен иілген гүлге қарап, көз алмай, кірпік қақпай меңіреу күйде отырып қалды.
***
Досы дәл айтқандай Кэнди араға тәулік салып, туған үйіне келді. Жүзі жайдары, жан-дүниесінде торығудың табы жоқ, ағынан жарылып ақтарылып отыр. «Ол жақ қалай?» дегенде, «Ғарышқа алғаш Адам ұшырған жерде жүрмін», — деді. Әкесі мырс етті. «Өзің адамзатқа атом бомбасын ашық сынаған жерденсің ғой» дегенді айтпады. Кэндидің де айтпай ішіне бүгіп қалғаны аз емес. Ғарышқа тұңғыш Адам ұшқан қазақтың жеріндегі айлақты иемденуші жатжұрттықтардың әжетхананың қалдығын тұрғылықты халық су ішіп отырған Сырдария өзеніне ағызуы секілді ол жақтың астамшылықтарын іркіп қалды.
— Мен күрішке орақ салуға сені күттім, — деп, өзі бірінші боп айдай иілген орақ жүзін бырт еткізіп, сары сабаққа тигізді. Бір бауды орып, баулап болып: «Бұны шешеңнің аруағына арнайық. Биылғы науқанның қызығын көре алмай кетті», — деді.
Баласы күрішке орақ салып жүріп, бырт-бырт еткен мұңлы дыбыстың астында көрген-білгенін біраз әңгіме қылды.
— Тілдері де, қандары да біздің топқа жататын халық екен, — деп қазақты өзіне тартты. Көңілдері кең жайлау, жандары жайбарақат...
Ол сол жақтың бір қызына көңілі кетіп жүргенін қанша жеткізейін десе де, өңі-жүзі қабыршықтанып, кесел жеңе бастаған әкесіне тісінен шығарып айта алмады. Тіпті, қыздың туған жері де атом бомбасы сыналған полигон екенін ойлағанда жүрегі май ішкендей кілкіп, аузына тығылды. Сол асыққан күйі қайтар жолдың арбасына отырды.
Әкесінің айтпай қалған құпиясы — Хибаксуя нөмірін алғандығы еді. «Білсе өзі біле жатар, жапанға жар салатын жаңалық емес қой» деп, перзентін өзімен тең санады.
Кетпей жатып жаны тызылдап, жолын тосқан да жайы бар.
***
Санагүл задында өжет. Жалғыз қыз болғасын әкесінің атқа мінгізері де, «байтал шауып бәйге алмас» бетке ұстары да өзі боп қалды. Әкесі кей кездері ауылдың қой бағу кезегіне қолы босамай қалса, сабақтан сұранып кеп өзі бағып, бір қозыны да маңыратпай, қой бастаған көк серкені беталды бақылдатпай, күн бата ауыл шетіне қойшыдан бетер бабын тауып әкеп, үйіріп қоятын. Ешкімді тыңдамайтын өзімшілдігі де бар. Семейге бір айлық педагогикалық оқуға келгенде танысқан Кішібегі бір көргенде айдай көрінгенмен ай мүйізді ақ қошқар бола алмады. «Сен қалай сабақ өткізіп, жас ұрпаққа бойыңдағы қай тәліміңді берер екенсің?!» — деп өз-өзінен мырс етті. Бұл бір жағынан өзін-өзі айыптауы да еді. Сөйлесейінші деп қалта телефонын қосып еді, быжырлаған көп сан хабар болып Қызылжардағы Кішібектің құлағына сарт ете қалды.
— Кішібек, сен қалай сабақ беріп жүрсің? — деді салған жерден. — Қосымша сұрақтар бола ма?
Ауа қатынасының екінші басында тұрған ол абдырап қалды да, даусын танып, көңілі орнына, сөзі сабасына түсті.
— Е-е, сенбісің Санагүл, беріп жатырмыз ғой. Оны не қылайын деп ең. Папам «заң факультетіне сырттай оқып ал» дейді. Соған тапсырам.
— Ақшамен ғой?
— Енді немен...
Екі жақ та үнсіз. Санагүлдің қалта телефонында «Кішібек» деген жазу бадырайып тұр.
— Сен ренжіме, Санагүл. Семейде, Абыралыда туған өзіңнен көр. Ол жерлер аса қауіпті аймақтар дейді ғой папам.
— Онда сау бол, тап-таза жердің баласы, — деп, түймедей қызыл нүктені басқан кезде төрт бұрыштың ішіндегі «Кішібек» деген жазу көмескіленіп барып қою бояуға сіңіп кетті.
Қыз иегін сүйеніп әлі отыр. Мұғалімдер бөлмесіндегі осы бір көне орындық өзіне әбден үйреншікті. Осы ағаш орындық анау жап-жалпақ жұмсақ диваннан гөрі жанына да, тәніне де жайлы. Жұмсақ диван жапон Кэндидің қамқорлығымен кеп қалды. Тағы екі сыныптағы екі компьютер соның жасаған жомарттығы.
Санагүл жұмсақ диванға отырып, керіліп, бой жазып, денесін сергіткісі келсе де, мынау өзіне жақын тұрған гүлден алыстағысы келмеді. Бірақ қырлы стакандағы бір тал гүл қылжиып, сабағынан сола бастапты. Мана бас сұғып кеткенде: «Мына гүлдің суын тазарту керек қой, өзі де сола бастапты, әйтпесе тастай салсаңдаршы» деген оқу ісі меңгерушісінің сөзін тыңдамады. Солып, сабағынан әзер иілсе де, сол гүл жанына демеу секілді. Көз алмай қарап отырса көңіліндегі қаяу сытылып, қазақша сөйлеп тұрған сол бір құрлық асып келген жігіттің бейнесі қайта-қайта көлең ете қалады. Сонда өнбойы шымыр етіп, аңтарыла қараған көңілі аяқ астынан сергек тартып, қанаттанып кетеді.
— Ана қара... — өзіне-өзі күбір етті.
Мектеп жанына қара «Джип» мәшине кеп тоқтап, ішінен көктемдегі етегі делеңдеген пальтосын ақ костюмге ауыстырған жапон жігіті шықты да, бері қарай аяңдады. «Қолындағысы не? Гүл ғой. Сакура. Тағы да сакура».
— Сәламатсыз ба? — деп сәл иіліп кіріп келді.
«Иілу бұлардың үрдісі. Бірақ, еркектің иілгені бүртүрлі секілді. Иілмейтін Кішібегің анау ма?» Қолында үш тал сакура. Қызғылт түске оранған жапырақтар.
— Сізге арнайы Мацуеден алып келдім. Біздің жақта сакура гүлдеді, — деп қолын созып, ұсына берді. Ол сабағынан иіліп, сола бастаса да тастауға қимай отырған гүлдің суын ауыстырып, орнына жапырағы қызғылт түсті жаңа гүл қойды. Әрлі-берлі жүргенде көзін алмаған жігіттен ыңғайсызданып, аяғын әзер басты.
— Елге барып келдім. Әкем аман. Егінін жинап алды, — дегенде Санагүл күліп жіберді.
— Тағы қандай жаңалық бар ауылыңда?
— Сабантой өткіздік. Әкем той болса қуанады. Сен туралы айта алмадым, — деп, жан-тәнімен беріле сөйлеген жігітке бір қарағанда үш тал сакураның қызғылт түсі күнмен шағылысып, бойынан бір алтын сәуле шашырап, бөлме іші айқұш-ұйқыш сәулелі сызыққа малынды.
— Кэнди, қазір менің сабағым. Бүгін кешке кел. Мына жерде, мұғалімдер бөлмесінде ыңғайсыз...
— Махаббатқа педагогика кедергі келтіре алмайды, — дегенде, батыл жігіттің сөзіне сүйсініп, кешке клуб алдында кездесуге уәде берді.
Шығып бара жатқанда үстел үстіндегі үш тал гүлге тағы да көзінің астымен қарады. Білегіндегі 8-наурызда Кішібек сыйлаған білезік қырлы стакандағы қызғылт гүлдің астында шырмалып, маталып, білегінен бырт-бырт үзіліп, түсіп жатқандай көрінді. Шешіп алып, алақанымен уыстады. «Бұны қайда қойсам екен? Өткен жолы бір тал еді, бұл жолы үш тал. Бұл гүл олар үшін алтын білезік пен күміс жүзіктен артық қой».
— Күтемін, — деп дөңгелек жүзді жігіт күріш тісі ақсия күлімсіреді. — Жетіден бір минөт кешікпеймін.
***
Уәде — Алланың атымен айтылар ант. Бұл жігіт Алланың атын айтпаса да бір Тәңірдің барлығына сенеді, адамдықтың ала жібін аттамауға, ата-бабалары өсиет еткен өнегені кері бұрмауға барын салады. Бір елдің нанын жеп, суын ішкесін сол елдің тілінде сөйлеуді де адамдық парыз санап, өзгенің көңілін табуға талпынып келеді.
— Әкем бар. Сіздерше Пайғамбар жасында. Шешем жоқ. Әкем зейнетте. Менің қызығымды, жеңісімді көргісі келеді. Сен маған тұрмысқа шық, Санагүл. Арғы тегіміз алыс емес, адамбыз ғой. Адам боп түсінісе білсек, бір өмір бәрімізге ортақ емес пе?
— Кэнди, сонда қайда тұрамыз, сенің ауылыңда ма, менің ауылымда ма? — деп, шолжың қыз тілінің бізін сұғып, қаракөлеңкеде сұлу жүзін бұрып, сынай қарады.
— Екі жақта да тұрамыз. Әуелі әкемнің алғысын алып біздің елде, қаласаң осында. Менің мұндағы жұмысым ұзаққа созылады. Сіздің жерді зерттеу менің еншіме тиді ғой.
— Әкең, менің болашақ қайынатам, батасын бере қояр ма екен?!
— Мен үшін бәрін істейді. Мен оның жалғасымын. Біз қайда жүрсек те адамға жақсы болсын деп қызмет етеміз.
Қыз ойланып қалды. Жігіт жан-тәнімен сөйлеп келеді, оның көкірегінде қазақтың кең даласын көрген салқар көсіліс бар.
— Өмірде бәрі де Адам үшін емес пе. Онда болашақ атам келіп құда түссін. Бізде сондай салт бар, — деп, қыз көкірегіндегі орындалмай қалған арманның тұсауын тағы бір ағытып, ыза аралас тіл қатты.
— Ондай салт бізде де бар. Сіздерде шәйнек дейді, біздерде шәйнекті ошақ дейді. Құдалар шәйнекті отқа қойып, ошақты айналып отырып бір-біріне шәй береді. Көңіліміз оттай ыстық болсын дегеннен шыққан.
Қыз үнсіз қалды, жігіт те сөзін доғарды.
— Бізге қоржын арқалап келеді, қазақ қоржының тоқ болмаса өкпелейді.
— Сана, мен үш жылдан бері осындамын ғой. Бәрін де білем.
Жігіт «Сана» деп атын қысқартып айтып, еркелете сөйлегенде ол жалт қарады. Мұғалімдер бөлмесінде қалған үш тал сакура гүлі қараңғыда көз алдын кес-кестеп өтті.
— Онда болашақ қайынатам қоржынын тоқ қылып дайындай берсін.
Жігіт терең демалып, қыздың нәзік саусағын ұстады.
— Біздің жақтың ауа райы ұнай ма? — деді Санагүл.
— Ауа райын болжау бір Тәңірдің қолында. Телерадиодағы ауа райын болжаушылардың сөзінде әбестік көп. Ауаны таза ұстау адамдардың өз қолында. Біздің үй де Киотаға жақын. Әкем 1945 жылы туған.
Екеуі қою түнге сүңгіп көрінбей кетті. Қыз Кэндиден бір қарама-қарсылық көргендей болды. Ол жеті ай жанында жүрген бұрынғы жігітін ойлады. Жігіт болса бұ қыздың жан тазалығы мен өр көңілін бір көргеннен ұнатып еді. Екі пікірдің басы түйісіп, екі нәсілдің қос жүрегі бірге соғып, екі құрлықтан асып, қол ұстаспаққа бекінді. Жігіттің қалам ұстауға бейім жіңішке саусағы қыз саусағын қыса ұстағанда қарсылық білдірмей бір-бірін белгісіз терең иірім тартып бара жатты.
***
Қазақтар құданы Еуразияның кіндігі — Жидебайда күтіп алды. Қыздың әкесі қасына ауылдың әкімін ертіп еді, ол кіндік-қазыққа қол тигізіп тұрып, бұның біздің ел үшін маңызы зор екендігін құдаға тәптіштеп түсіндіріп берді. Сәл еңкіш тартып, өң-жүзі қабыршақтанып, қартая бастаған Тәкеши ұлан-ғайыр кең далаға қарап: «Тәңір бере салған ел екен де» деп, құдаларының жері қандай кең болса, көңілдері де сондай екен деп, әбден тәнті боп тұрды. Сол сәт тамның төбесіне еккен күріштігі, келер жылы биікке шығып, сол жерді баптауға шамам келер ме екен деген тіміскі ой да қу жанын тінтіп өтті; келмесе Кэнди мен келін бар ғой деп, айналасына бір қарап қойып, көңілін тоқ санады.
Құданы әдейі атқа мінгізді. Аяғын үзеңгіге салып, тақымы ерге тиісімен жылқы жануар желе жөнелді. Әуелі іші ауыра бастаған Тәкеши бір кезде сары желіске жаны елтіп, кең даланың таусылмас сары жазығына тояттана қарады. «Осыны көрсеткен Тәңірге ырзамын, ұл берген Тәңірге мың да бір ырзамын, Кэнди болмаса осы жерді көрер ме едім» деп, осыншама жазық даланың бостан бос ақтарылып, алақан жайып жатқанына таң қалды. Әкімнің аузы бір жабылар емес. «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне шәкірт бала барын салды» дейтін Абай жүрген жол — осы», — деп, тағы да таныстырды. «Иә, Жидебай осы, Абай шешесіне асығып жеткенде, «Әуелі әкеңе барып сәлем бер» дейді ғой анасы» деп, құда әрі кітапты оқығанын, әрі темірдей қатаң тәртіпке тәнті болғанын білдірді. Оны Кэнди қазақша мінсіз аударып берді. Баласы әкесін ұзақ жолға ұзақ дайындады. Көрмеген елдің салт-дәстүрімен хабардар етті. Сосын «Оқиға өткен жер осы жер, ұлылардың шыққан жері осы жер» деп, «Абай жолының» төрт кітабын тауып беріп, Тәкеши төрт ай кітаптан бас алмады. Енді сол кітаптағы майы шыққан жаз жайлау көз алдына елестесе, мынау бұтасы қурап, топырағы тозған кең жазық көңіліне біртүрлі көрініс береді. Бірақ, оң жақтағы әкім мен сол жақтағы аудармашы ұлы, артындағы бауыздау құдасы мен жекжат-жұрағаттардың даусы топырақты борп-боп басқан ат тұяғына ілесіп, көңілдің кеңдігі де жердің кеңдігіне ұқсас екенін көріп келеді. «Біздің жеріміз тар болса да көңіліміз кең» деп, өз хал-күйлерін айтпаса да ат үстінде сараптан өткізіп қойды. Ауыл әкімі бәрін жеткізгенмен бұл жерде жарты ғасырға жуық зардапты жарылыс болғанын айтпады, аузын ашып үңірейіп жатқан қазан шұңқырлар айтпаса да бұ жерде бір сұмдықтың болғанын құданың көңіліне тайға таңба басқандай көрсетіп тұрды. Ол өз жанындағы құпияның да бүктеуін жазбай бұқпантайлай берді. «Ол жат-жұртқа айтылмайтын сыр» деп қиялын қымтап, қуыстана бергенде орта жолда аттан түсірді.
— Кең далада отырып дәмнен ауыз тиейік, — деді әкім.
Құда қара жерге жайылған дастархан үстіндегі шекке сыймай тұрған қазыны көріп: «Апырмай, не деген молшылық» деп таңқалды. — Біз де көңілімізді көрсетіп бағармыз, бірақ жері тар елдің саусақ сорған сидаңдығы көрініп қалмаса... — деп өзін-өзі тез тоқтатты. — Әркім барымен базар болады да».
Әкім сөйлеп отыр. Өзгелер үнсіз. Ол құда күткендерге: «Бұл жерде атом полигоны болғанын тістеріңнен шығармаңдар» деп айтып қойған-ды. Көзінің астымен қарап, тістеніп қойғаны — «Менің сөзім сөз, қой аузынан шөп алмай отырыстарың отырыс-ақ» дегенді білдіргені еді.
***
Құда құлқын сәріде тұрады екен. Есік алдына шығып, арлы-берлі жүріп, таңғы шәйге келгенше бірнеше шақырым жолдың төлеуін алмаса неғылсын. Бұлар құданың ұйқысы қансын, әбден тынықсын деп, алыстан ат терлетіп келген адамның жан тыныштығын ойласа, құда ешкім оянбай тұрғанда таңғы тынық ауаны жұтып-жұтып алып, жан сарайын кеңітіп жүргенді көңілі қалайды екен.
Кеше де естіп еді, сол дауыс бүгін де қайталанды. «Сірә, өздерінің салттары болар» деп ойын тұйықтай бергенде қақпадан кіріп келе жатқан көзтаныс ауыл әкімін көрді. Қасында тұрған Кэндиден «Бұл не дауыс?» — деп сұрады.
— Бұл — мешіттен шыққан дауыс. Азан шақырып жатыр. «Аллаһу акбар!» деп таң намазын шақыруда. Намаз осылай басталады.
— Онда баруға бола ма?
— Тек сыртында тұрасыз. Дінің бөлек, дәретің жоқ, — деп ескертті. Кэнди әкесіне өз тілінде сөйледі. Әлден соң құда дәрет құманды қолына ұстап, әжетханаға қарай құнжыңдап кетіп бара жатты.
Жолай әкім тағы да сөйледі.
— Лев Толстой деген орыс жазушысы нәсілі христиан бола тұра мұсылман дініне кірген. Оны сол үшін шіркеуден қуған.
— Лев Толстой. «Война и мир», — деп Тәкеши орысша айтып, кітапты оқығанын білдірді. — Мен де 1945 жылы туыппын. Сіздерде сол жылы жаһан соғысы аяқталды ғой.
— Пайғамбар жасынан асыпсыз, — деді әкім.
— Иә, сіздерде Пайғамбар, біздерде Будда. Діннің тазалығына не жетсін, — деген кезде, «Алла!» деген дауыстан кілт тұра қалды. «Қандай таза дауыс!»
— Алла! — деп бауыздау құдасына қарады. — Қандай таза дауыс!
— Памдат қой, — деді мешітке баратын құдасы.
Тәкеши кемсеңдеп, асығып, алға озды. Көз жасын алақанымен сүртіп тастады. Ол адамзаттың тазалығына тәнті еді. Сондай адамдардың қасында жүргеніне өзін-өзі ұстай алмай көңілі босап, көз жасына ерік берді.
— Құданың көңілі бос екен, — деп әкім Санагүлдің әкесіне қарады.
— Қайтсін. Бұның да жалғызы ғой, — деп, бауыздау құдасын сырттай жұбатты.
***
Санагүлді сыңсытып алып келгесін Мацуэде олардың қосылу тойы болды. Храмда сакэ1 ұрттатып, некелерін қиды. Тойда қырық бес адам болуы керек еді, қара-құраның басы қырық беске жетпеді. Тәкеши тектес нөмірлі үш Хибаксуя келді, сосынғысы Кэндидің достары мен туған-туыстары. Абыралыдан келген құдалар қырық бес түрлі тойтамақтың бірінен кейін бірін күтіп, төзімдері таусылды. Асап жейтін тоқ қазы мен қойдың кілкілдеген құйрығы, сораптап ішер сүт қатқан қою шәй болмағасын теңіздің қарын тойдырмас шөп-шаламынан әуелі көңілдері пәс тартты, сосын бұлардың тісінің суын сорған сараң тіршілігіне қарап, аңтарыла ойға шомып, «осы біздікі ысырап емес пе?» деп, өздерін күткендердің ығына жығылып, ыңғайына көне берді. Көбіне күріштен жасалған тұзсыз тамақ алыстан келгендердің асқазанын шыласа, қайда барса да аз сөйлеп, иіліп тұрған ақ еден көңілдерге тәнті боп құдалар елге қайтты.
Тәкешиге тойдан кейін көп жұрт келіп, «құтты болсын» айтты. Хибаксуяға жолауға болмайды дегенді желеу ғып, оның тойына қатыспаймыз дегендер құдасын жер түбінен тапқан диқан азаматқа кешірім сұрап келді, бір жағынан, зардапты адамнан аулақ жүріңдер деп өздерін бақылауға алған биліктен сескеніп, көзге түскісі келмегендерін айтып, ағынан жарылды. Келіннің көрімдігін беріп, адамның күні адаммен екендігін көрсетті.
Санагүл білек сыбанып, үй тірлігіне кірісіп кетті. Тәкеши келер жылдың егістік жерін өңдеуге бүгін бірінші боп кетпен ұрып, «қалғанын өздерің атқарыңдар» деп айтуға келін мен баланы есік алдына шақырды. «Ендігі егісті өздерің өңдеп, өздерің егіңдер, мен мұсылманша Пайғамбар жасынан астым» деп, алыстағы құдаларын да еске алып қойды. Кетпен сабын қолына қыса ұстады. «Менен кейін Кэнди мен Сана ұстайды, сонан кейін кім ұстар екен? Бүгін осында кетпен ұстап, ертең қайда жүрсеңдер де Тәкеши ұрпағы екендіктеріңді ұмытпасаңдар болғаны».
Үйден әуелі Кэнди шықты. Еркектің алда жүруі ата салты. Артында Санагүл. Келіннің аяғы ауыр. Хибаксуя келінінің қазандай төңкерілген құрсағына көз астымен қарап қойды. «Аман-есен қол-аяғын бауырына алса екен, — деп тіледі. — Алла оң көзімен қараса екен, ұл тапса екен» деп, құдалары сыйынар Тәңірді аузына алды.
Хибаксуя кемсеңдеп отыр.
Бар үміті келінінде.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі