Өлең, жыр, ақындар

Тосқауыл

Елге, туған жерге сапар шегетіндігін әйеліне айтқаны дұрыс па, әлде «менің қайда баратындығымды сұрама, жолым болмайды» деп ежелгі әзіл-қалжыңды араға тықпалап, дымын шығармастан тайып тұрғаны жөн бе. Осы арасын шеше алмады. Дүниені аударып-төңкеріп бір аптаның о жақ-бұ жағында талай миллионды дипломатына салып, талай миллионды дипломатынан алып, жырғап жүретін Тастыбайдың оу, бұл жолғысы неден сасқандық, неден үріккендік?! Басын шайқап, еріншектене езу тартты. Бұл үшін әлдекімнен ақыл сұраудың өзі күлкілі. Күлкілі болғанда сұрамаңыз, ұят тіпті. Осы төңіректегі №1-ші бизнесмен Тастыбай Тастыбай басымен түкке тұрмайтын әлгіндей шаруаның тігісін жатқыза алмаса несіне көкірек кереді; қарауындағыларға білгішсініп несіне ақыл үйретеді; қара жерді ойып жіберетіндей несіне талтаңдайды?! «Несіне талтаңдайды» дегенді ішінен екі-үш мәрте қайталады. Бір түрлі жүрегіне жайлырақ тиді осынысы. «Аспандама, ара-тұра өстіп тәубеге келуді де естен шығарма, естіп тұрмысың, естен шығарма!» дейтін түсініксіз дауыстың ту сыртынан жаңғырықтай естілгені. Өзі солай қабылдады, ал турасында айнала құлаққа ұрған танадай тыныштық құшағында-тын. Төбесінде жымыңдаған жұлдыздар, ай сәулесі үй іргесіндегі тоғанның айнадай жалтыраған тұнық суына шағылысады. Тоғанды бір ақылгөйсымақ қолға түспейтін балық тұқымын өсірсеңші деп үгіттеген соң тұрғызған-ды. Онысы бейнет екен құрып кеткір! Балыққа мезгілімен жем шашарсың-ау, бірақ ай сайын суын тазалау, әлдебір құрал-жабдық арқылы оттегі айдау, ауыру-сырқаулығын анықтау — бір адамның тізе бүкпей атқаратын жұмысы ғой патшағар! Қанша жерден теңіз жағалауында өсіп, бір кездері ата-бабалары балықшы болғанымен тоғанға қарайтындай Тастыбайдың мүмкіндігі болып тұр ма?! Мұнікі ертеден қара кешке дейін бір тыным көрмейтін сүргін; осы қаланың әр бұрышында бірді-екілі автобекеті бар, май құю стансалары екібастан. Супермаркет дәрежесіне жетпегенімен бекеттегі әрбір дүңгіршікке тиісінше азық-түлік, басқадай тұрмыстық заттарды уақытылы жеткізіп тұру да Тастыбайдың мойнында. Олардың есеп-қисабын жүргізуге де бір арба жан керек.

Оу, қалай дегенмен жұмырбасты пенденің маңдайына жазылған денсаулығы шектеулі ғой. Мұнан артықты қайдан және кімнен сұрап алады. Дұрысы, өлшеулі ғұмырды ағын су секілді бір жерге лақ еткізіп төге салмай, үнемдеп, барынша орны-орнымен пайдаланғаны абзал. Айтуға оңай-ау барлығы. Ал жеме-жемге келгенде бүгін атқарылатын шаруалар қабаттасып алқымға тірелгенде, әлгі адами пәлсапаң әдіре қалады да, бәріне үлгеру үшін Тастыбай қос өкпесін қолына алып дедек қағар еді. Жан күйттеуге де, шипажайға баруға да мұршасы жоқ.

Міне, елге баратындығымды әйеліме айтсам ба, айтпасам ба деп екіұдай күй кешкен себебі осы-тын. Түн жамылып отырып, өтірік айтып жын ұрып па?! Мына тұрған «Тасбұлақ» шипажайы түгілі Испанияның өңшең корольдер мен ханзадалар демалатын теңіз ортасындағы шағын аралдарына барамын десе де Тастыбайдың жағдайы жетеді. Жетіп артылады. Әйтсе де айдалада шашылып жататын есепсіз дүние бола ма, әрнәрсенің сұрауы бар. Дегенмен бизнесмен Тастыбай өзі өмір сүріп жатқан осы өлкенің кем-кетігін толтыруға, жыртығын жамауға бір адамдай-ақ жәрдемдескен. Жетім-жесірлерге болысқаны былай тұрсын, аудандағы сан түрлі мәдени шаралардың да бар шығынын талай мәрте өз мойнымен көтерген. «Күлшелі бала сүймекке жақсы», оның бер жағында адамдармен тіл табысқыш, кез келген ортаға қас-қағымда судай сіңісіп кете барады.

Жә, онысын қойшы, «елге жүремін, ел жақ қояр да қоймай шақырып жатыр» деген секілді әңгіменің ұштығын шығарса әйелінің табан астынан тас-талқан болмасына кім кепіл. Әрине, тәрбиесіз әйелдей бірден шабалаңдап, шаужайдан алмас, Тастыбайдың өрт тигендей түрінен, дүлей ащуынан ептеп қаймығады. Десе де асүй жақтан аяқ-табақ тарсылының қаттырақ естілетіні, емен есіктердің тарс-тұрыс ашылып-жабылатыны, бұрынғыдан гөрі балалардың ыңырсып көбірек жылайтыны белгілі, әрине. Әйелдің көңілін табуға Тастыбай қырсыз ба, әлде шашетек шаруаның ыңғайы келмей ме, әйтеуір демалыс дегенге соншалық құлшына қоймайды. Әсіресе, биылғы аптап жаныңды қуырдақша қуырды емес пе?! Жұмақ өлкенің ауа-райы осылай болғанда, сонау жер түбіндегі, тартылған теңіз жағалауындағы қызыл құмның ішінде итініп-сұғынып тірлік кешіп жатқан ағайындарының күні күн болмаған шығар-ау!

Ой-хой, міне осындайда; «пәленше семьясымен Анталияға аттаныпты», «түгенше әйелін ертіп Қара теңізге жол тартыпты», — дейтін құлаққа кейде жағымды, кейде жағымсыз естілетін «жарнамаларды» Айсұлу ханым да армансыз төпелер. Бірақ одан бір нәтижеге қол іліктірсе... Нәтижені айтсыз, түн ауғанша кірпік ілмей Тастыбайдың ас-суын әзірлеп, сарсылып күтетін Айсұлудың әлгі күңкіліне алатын «жауабы» да дап-дайын. Тастыбай саңырау болған кісіше телевизордан соңғы жаңалықтарды үн-түнсіз тыңдап әрі сүлесоқтау ас ішіп отырады да, бір кезде жанындағы жастыққа сылқ етіп құлай кетеді. Содан таң алдында селк етіп бір-ақ оянады. Айсұлудың ащуы одан әрі басына тебеді. «... Көшенің арғы бұрышындағы сүт сатып, күнделікті тамағын әзер тауып отырған Жанкүмісті айтамын да, дәп бір мені табалағандай; «ал, құрдас, біз бала-шағамызбен «Тасбұлақ» санаторийына кетіп барамыз, ара-тұра біздің үй жаққа да көз қырыңды сала жүргейсің!» деп сұйық кірпіктерін аударып-төңкеріп, жымың-жымың күлгенін қайтерсің. Тура жамбас сүйегімді аралап жатқандай әсер етті». Тастыбай тым-тырыс, мұрын ұшы шып-шып терлеп, ертеңгі шайды рақаттана ішеді. Мә, безгелдек! Сөйткен Тастыбай бүректен сирақ шығарып, «елге жүремін, жерлестер қояр да қоймай шақырып жатыр» дейтін суыт хабарды бұлтсыз күнгі найзағайдай, ал өзі үшін түк болмағандай немкеттілеу айта салады, ә?! Әділдік пе мұнысы? Не істейді? Әйел байғұстың төргі бөлмеге кіріп алып, есігін тарс бекітіп, көзін сулағаннан басқа қолынан не келеді. Бәлкім, Айсұлу да сөйтетін шығар, әлде өңі сұрланып, Тастыбай жұмысына кеткен соң түк кінәлары болмаса да балаларға қырғидай тиер ме екен, а?! О жағы Тастыбайға беймәлім.

Әйелге есеп бермей-ақ қайқайып тарта берейін десе, мына қырсықты қараңыз — енесі, Айсұлудың анасы бірер айдан бері осылардың қолында. Оңтүстіктегі биылғы аптап қарттарды былай қойып, жастардың екі аяқтарын бір етікке тыққан жоқ па, сосын амалсыз осында алдырған. Тастыбайды жақсы көреді, әлде көз қылу үшін бе кім білсін, жазатайым шайы суып қалса да «ең құрығанда құдайдың қара суын дұрыстап беруге болады ғой» деп, қызын жерден алып, жерге салып жатқаны. Ал Тастыбай курортқа қимаған алтын уақытын қайдағы бір қаңсыған теңіз жағалауындағы ауыл тұрғындары шақырады екен деп соған рәсуә етсе, бұл «жаңалық» асылы Айсұлуды да тыныш жатқызбас! Ұрыс шығаруға себеп жеткілікті, бұл «тәсіл» Тастыбайдың үнін өшіруге де таптырмайтын «көздір»: «Білемін, білем ғой сенің қабағыңның неге ашылмай жүргендігін, шыда, сәл шыда, кемпірді келесі аптада ауылына аттандырамын...». Міне, өстіп діңкеңді құртады ғой Айсұлу тірі тұрса. Тастыбай тілін тістейді де, себепсізден-себепсіз гүрзідей жұдырығымен сылақ қабырғаны солқ еткізеді. Не, бір жерден байқамай ши шығарып алармын дейді де, тамақтан соң өстіп жападан-жалғыз сыртқа шығып кетеді.

ХХХ

Жә, әйелдің өкпесін жазып алар, Айсұлу тұлданғанда қайда барады. Екі-үш күнге дейін сөйлемей бұртиып жүреді де, Тастыбай құшағына қысып, тұмсығынан бір иіскесе бітті ғой, сылқ ете түседі. Сосын түк болмағандай көз жанары нұрға толып, жайнаң қағып шыға келеді. Ерлі-зайыптылар арасындағы бұ секілді әдемі иірім, әдемі еркелік, әлде махаббат сезімінің ұшқыны дейсіз бе, қалай дегенде де сыйластықтың одан әрі тамыр жайып, шешек атқандығына не жетсін.

Бітті. Тастыбай іссапарға кеткен. Бизнесмен жігітті жер-көктен іздейтіндерге берілер жауап осы. Аудан орталығына тікұшақпен жетіп алды. Арғы жағына такси жалдар, тіпті төтесінен жаяулай тартса да көңілі баяғыдай. Туған топыраққа бес-алты жылдан бері табаны тиіп тұрғаны осы. Жүрегі әлденеге елегзи ме немене; тұла бойын әлсіздік билей ме немене... мұның бәрі туған жерге деген сағыныштың әсері шығар деуге де тілі келмеді. Өйтіп жалған сөйлеудің қажеті жоқ-ты. Сағынса Тастыбай алты мұхит асып кеткен жоқ, осы елдің ішінде жүрді ғой. Тартылған теңіздің жаңадан тыныс алып, су мөлшерінің жылдан-жылға молайып, баяғы құм жағаны ақ бас толқындардың аймалап жатқандығын көргісі келсе, бала-шағасын ертіп, туған жерген ат басын бұрса, мұның кеудесінен кері итерген біреу бар ма. Өзінен, бәрі өзінен. Әйтпесе, Кіші теңіз төңірегіндегі дүңкілдеген жаңалықтарды естімейтіндей құлағы керең бе еді. «Байыдың, екі тиын төрт тиын болғанша тыным көрмедің, үйіңді дүние-мүлікке толтырдың, қаражатты көк қағазбен жинадың. Ал сонан шыққан мүйізің қайсы?!» дейтін темір түкті тіркестер кимелеп кеңірдекке тірелсе де, оны одан әрі тарқатқысы келмеді. Ашқарақтанбастан ары қарай жұта салды. Жұртқа белгілі жағдай.

Аудан орталығынан Тастыбайдың ауылына бүгін екі бірдей жүрдек автобус жүретіндігін таксистің аузынан естіген-ді.

— Неге қиналасыз, егер жүргіңіз келмесе...

— Жо-жоқ, о не дегеніңіз, жүреміз, жүргенде қандай. — Жасы жер ортасынан ауған қартаң кісі өзі келген олжадан құр қалатындай бірден Тастыбайдың жеңіне жармасты. — Бекерге ақша шығармасын деп сізді аяғаным ғой. Оның үстіне автобус тегін. Сіздікіде сол мақсат шығар. Бөгеннен он жылдық мектеп салынған, бүгін соның ашылу салтанаты. Ескі мектеп құм астында қалды. Ойдағысы бар, қырдағысы бар, сол ауылдан шыққан әтібірлі азаматтар түгелге жуық шақырылыпты.

Тастыбай бөстекі әңгіменің ұзаққа соғылғанын жақтырмады. Болар-болмас қабағын шытты: — Тегін дүниені ұнатпаушы ем...-- Ескілеу жеңіл мәшиненің артқы орындығына жайғасқан соң, жан-жағына немкеттілеу назар жықты. Орталық — театр маңында, одан әрі жайма базар. Ара-тұра аудан орталығына жолы түскенде Тастыбайлар үлкен театрдан қызылды-жасылды үнді фильмін көріп, бір жасап қалатын еді-ау. Сондайда өркениеттің ортасына топ ете түскендей, ауылдағы қамыстан тұрғызылған жатаған клубты еске түсірмеуге тырысатын. Ауыл мен портты қаланың арасы мықтағанда жүз шақырым. Портты қалаңызда қайнаған өмір, көңіл көтеретін мәдени орындар жеткілікті. Ауыл, ауылдың несін сұрайсыз, көрінген қарадан үркектеп бір бөтелке арзанқол қызыл шарапты тауысқанша да зықың шығатын. Ал мұнда шексіз еріндік, қала халқының сенде инедей шаруасы болсайшы. Әркім өз тіршілігімен әуре. Ой, шіркін-ай, ер жетіп, жігіт болғандығыңды дәлелдегендей, сыраханаға кіріп, араның ұясындай гу-гу топтың шет жағынан орын алып, алғаш рет шылым сорғыштағандығыңды білдірмеуге тырысып, қақалып-шашалсаң де «рақат» күй кешетін сол дәуренді қалай ұмытарсың. Міне, дәл мына бұрышта Тастыбай тұңғыш рет бала махаббатымен сүйіскен-ді. Сүйісті дейді, қайдағы сүйіскен?! Бетінен әнтек қана шөп еткізген. Артынша шоқ ұрттап алғандай тұла бойы күйіп-жанды. Алғашқы махаббат... Көзі ботадай жәудіреген сол қыз Тастыбайдан бір сынып төмен оқыған. Бір себептермен әкесі қызмет орнын қалаға ауыстырды да, келесі жазда олар ауылдан ылдым-жылдым көшіп кетті. Тастыбай тек сол қыз үшін, тек сол қыз үшін ғана қалаға жеткенше оқыс демі үзіліп кететіндей өліп-өшіп асығатын. Алматыға екі барып «құлап» келді. Ал ол сол жылы облыс орталығындағы медучилищеге түсіп, екі жылдан соң бітіріп шықты. Содан бері хабарсыз. Өлі ме, тірі ме. Сары қарын бәйбіше болған шығар бүгінде. Жаңа мектептің ашылу салтанатына шақырылды ма, жоқ па. Иә, айтқандай, Тастыбайды кім қуып барады, сол тегін автобус ауылға бармай жиын да басталмас, мұныкі не асығыс.

Балалық шағының тірі куәгеріне айналған ауыл адамдарымен емен-жарқын амандасады қазір. Көпшілгі қартайып та қалған болар. Экологияның ауырлық нүктесіне айналған өңірде өмір сүргендерге граниттен ескерткіш орнатса кәнекей, әлеуметтік жеңілдіктерді бастан-аяқ үйіп тастаса кәнекей! Нағыз жүрек жұтқандар солар. Тістері түсіп, ызғырық жел мен күнге тотыққан әжімді жүздері қанша жерден жүдеу көрінсе де Тастыбай үшін олардан өткен жақын ағайын жоқ. Осы тұсқа келгенде жүрек тұсының сұққылап шанышқаны рас.

Заржақ таксистің де үні өшкен. Бір жағынан жол қысқарсын, екіншіден ұрысып қалған кісілерше тоңтеріс отырмайықшы деп, бейтаныс жолаушыны әрлі-берлі әңгімеге тартқансып еді о байғұс. Тастыбай тараптан ол күткендей жауап болмады. «Е, мейлі, өзіңе ыңғайлы екен, үндеместің ойынын жалғасыра бер ендеше, әйтеуір түсер жерде жолпұлды түгел төлесең бітті, енді қайтіп жүзіңді желкемнің шұқыры көрсін!» — Шөл қысып бара жатпаса да пласмасса құтыдағы жылымшы судан ұртын толтырып екі ұрттады. Тастыбайға "бұған қалайсың?" деп әнтек қолын көтеріп мезірет жасаған, ол басын шайқады. Қызық жігіт. Жақын-жуығының жерлеуіне келе жатқан жоқ, алдынан ұлан-асыр тойдың көл-көсір дастарқаны күтіп тұр. Шалқып-таситын кезі емес пе осы жолы. Бәлкім, іштегі сағыныштың аптап лебі сыртқа теуіп, туған жердің қарайған қара бұтасына дейін Тастыбайдың көзіне жылы ұшырап, өткен шақтың көмескі елестерін еске қайта түсіріп, өзімен-өзі толғаныс үстінде келе жатқан болар. Е, мейлі, жағасы тіп-тік жейде киген, қоңыр көзәйнегі бір қараға татитын мына Тастыбайды жолпұлды түгел төлер ме, төлемес пе деп сырттай кінәлауға қайтіп дәті барды. Оу, оның үстіне бұл сабазың сонау ит өлген жерден арнайы шақыртумен келе жатқан жоқ па. Ұлан-асыр тойға кез-келгеннің шөбі түсе бере ме. Шөбі түскеннен бұрын қым-қуыт шаруаны былай ысырып қойып, тойға апаратын тарту-таралғының шығынына да мойымай, жұлқынып шыға келетін еркек мінез кім-көрінгеннің бойынан табыла берсе! Мұның алыстан келгені, тиын санайтын майдашыл, ауылдың можантопайларына ұқсамайтындығы алғашқы ауыз ләмінен-ақ аңғарылған. Жарты жолдан ауса да «сізге қанша төлеймін» деп құйрығы жер иіскемей шошаңдаса не дейсіз. Отырысы нық, мығым.

Теңіз жақтан соққан сағым аралас ыстық жел бет шарпиды. Тас жолдың үстінде құм борасын ирелеңдеп, ойнақ салады.

ХХХ

Үйреншікті шаруа-дағы баяғы; құм ішіндегі бұйығы ауылға осы топырақтан шыққан қалталы азаматтар қаражат жағынан көмектесіп жатса қандай жарасымды. Әрине, олары бірден еңсе тіктеп, экология азабын бірден ұмыттырып жібермес, азды-көпті демеу әншейін. Демеудің көкесі— Кіші теңіздің таңдайы жібіп, әжім-әжім құм жағаның ерніне су тие бастауы. Қора-қораның қуысында ұмыт қалған қайықтар бүгін шаң-тозаңнан тазарып, кем-құтығы жөнделіп, қайтадан майланып теңізге түскен. Балық кәсіпшілігінің өн-бойына жан кіре бастапты. Соған орай құм жағаның келешегінен күдер үзіп, жан-жақтағы жұмақ өлкелерге қоныс аударғандар теңіз қайта оралған соң әу бастағы «сатқындықтарының» орынын «сүйегіміз туған жерде қалсын ең болмасамен» ауыстырып, біртіндеп көшіп келіп жатқанға ұқсайды. Бірақ санын айтпады.

Тойдың асабасы — Әділхан. Үсті-басын күтіп ұстайтын сылыңғырдай сары жігіт. Тастыбайлармен бірге оқыған, сөздің жүйесін білетін пысық. Әлдекімді мұқатқысы келсе — табанда тырапай асырады, ал мерейін асырғысы келсе — аспаннан бір-ақ шығарады. Ауылнай да, мектеп директоры, басқалары да тойдың бар жауапкершілігін Әділханның мойнына жүктеген. Одан басқа істің жүйесін білетін адам және жоқ. Міне, құдай берді деген сол, осындайда Әділхан шіренбегенде кім шіренеді, дегені жүріп, айтқаны айнақатесіз орындалып тұр. Жиналған жұртты бір шыбықпен айдаймын десе де еркі, үлкен-кішіні жатып-тұрғызамын десе де еркі. Ауылдастары Әділханнан аса алмайды, соның айтқаны заң, алдын ала солай келіскен. Әлдекім нағашы-жиендігін араға тықпалап, Әділханның әдіресіне аз-кем әзіл айтайын десе де, қарыны шығып, толыса бастаған сары жігіт бірден қағып тастайды. Бет қаратпайды. Ал алыстан келген ағайынның пысын басуға да өктемдігі жетіп артылады. Өткір тіл, оралымды ойды ондыққа дәл тигізеді. «Сіздер секілді салқын сабат, шұрайлы өлке іздеп кеткеніміз жоқ, сонда да өлетін емеспіз!» Арғы жағы ақымағыңа да түсінікті. Кесе-шәйнектің сылдыры болмаса, отырыс барысында әзірге оғаш дыбыс естілмейді. Жаңа мектептің көрімдігі деп төрт-бес жігіт шамалары келгенше мыңдықтарды конвертке салып, директорға табыстаған. Директор тым жас екен, тегін дүниені жұрттың көзінше қалай аламын, қалтама қалай саламын дегендей, саусақтары дірілдеп, самайы жіпсіп әлемтапырық күйге түсті. Көздері жыпылықтап асабадан жәрдем күтті. Мұндайдың талайын көрген Әділхан асып-сассын ба, әу бастағы дауыс ырғағын да өзгерпеді. Сабырлы, салмақты. Керісінше әлгінің өзін пайдалы іске асыра білді. Тура акциондағыдай әдіс қолданды. Конверттер жұрттың көзінше ашылып, қаражат көлемі журналға тіркелді. Артынша елге жария етілді. Тілек айтушылардың лебізіне құлақ қойғандар шамалы еді. Үйреншікті әуей; «мектептің іргетасы берік болсын», «білімді балаларды көптеп тәрбиелеңдер», «ұстаздар қауымына мың алғыс». Білдіртпеуге тырысқанымен Әділхан асаба да қаражаттың «қызуынан» соң, әркімнің алдына барып тост беруге анау айтқандай құлықты емес-ті. Екі көзін хатшы қыз жақтан айырмайды. Белгі берілсе үстөлдің ана басында жүргеніне қарамай, жанына құстай ұшып жетіп барады. «Көмек қолын созғандардың» аты-жөндері толық хабарланғаны былай тұрсын, олардың тұқым-тұқиянына дейін мақтау-марапаттың астында қалады. «Міне, ерің, туған жерден барын аямайтын жомарт жүрек, осы заманның озық патриоты!» деген секілді көпірме сөздерді үсті-үстіне төпелейді. «Пәленшенің денсаулығы үшін алып қоялық, перзенттік парызды өстіп өтеген ләзім! Жарайсың, жолбарысым!»

Айтатыны жоқ, айнымаған аукцион. Күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Жылу жинағандай Әділханның шаңқылдаған ащы дауысы әртұстан жаңғырғып естіледі. Сірә, артық кеткендігін өзі де сезетін болар, аракідік сабасына түсіп, «құм арасындағы ескі мектепті бітірген біздің жерлестеріміз туған ауылын көркейтуге әрқашан әзір ғой» дегенді әңгіме арасына сыналап, тұздықтап кірістіреді. «Жиналған қаржы жетім-жесірлер мен кедей-кепшіктердің мүдделеріне жұмсалады» деп маңдай терін көлдей орамалымен бір сүртеді. Осы игілікті шаруа Әділханның арқасында ғана жүзеге асып жатқандай, ара-тұра өзін жарнамалап қоюды да естен шығармайды; «біз міне, туған жердің адыраспаны секілді неше бір дүлей дауыл тұрып, төбемізден шелектеп тұзды топырақ жауса да атамекеннен алыс ұзағанымыз жоқ. Әрине, біздерге граниттен бір-бір ескерткіш орнатса да артықтық етпес еді».

— Сонда немене, жиналған ақшаға ескерткіш соғасыңдар ма өздеріңе!— Шеткері отырған дударбас жігіт аздап жұтып алғандығын да жасыра алмай, тәлтіректеп орнынан көтерілді. Жұрт ду күлді. Әділханның алаулаған бет әлпеті әп-сәтте күреңітіп сала берді. Стақандағы мұздай суды қақалып-шашалып әзер жұтты. Біреулерді көмекке шақырды ма, әлде біреулерге «мынаны әкетіңдер бұл арадан» деп пәрмен берді ме, әйтеуір көзі шытынап, көпке дейін өз-өзіне келе алмай, оңды-солы қолын сермей берді. «Әй, өзімнен де бар, түк таппағандай ескерткішті ауызға алып ем бар еді».

— Өстіп, бүйректен-сирақ шығармаса көңілі көнши ме бұл ағайынның! Әдемі басқосудың әңкі-тәңкісін шығарып, аяғын жын-ойнаққа айналдыруды көксейтін мына секілділердің елге жаны ашиды деп кім айтады. Жаны ашымаса да бұйырғанды ішіп-жеп, артын қысып тыныш отырса қайтеді... Жә, ел ішіндегі бір тентектің еркелігін кешірейік бір жолға. — Көлдей орамал тершіген маңдайды әлденеше сүрткіледі. Сәлден соң асаба өз сүрлеуіне қайта түседі; — Бұл атақ шығаратын бәсеке-жарыс емес, бақа сисе — көлге сеп. Азды — көпке, көпті — Алланың бергеніне балаймыз. Ал бергенімді бұлдамаймын, қайырымдық шарасына аты-жөнімді қыстырмаймын дегендерге де кеңшілік жасалады. Ол құпия сақталады. Дегенмен маңдай термен табылған қаражат иесінің аты-жөні жұртқа мәлім болса несі айып?! — Тамағы қарлығыңқырап дауыс ырғағы бәсеңдей берді де, кенет жоқ жерден саңқ етіп қайта көтерілді. — Бұл азаматтарға алғыстан басқа не айтамыз. Көшті екі жүз мың теңгемен ... Пәленшеев бастап келеді. Қайда ол кісі, тұрсын орнынан! Туған жерге деген перзенттік борыш ақшамен өлшенбейді. Дей тұрғанмен мына заманда...

Тастыбайдың дегбірі қашты. Қап, манадан бері, дәлірек айтқанда... той басталмас бұрын тостың қай шамада берілетіндігін, қалтасындағы жаңа мектептің байғазысы деп өзімін бірге ала шыққан қомақты қаржыны қалай табыстайтындығын, елдің көзінше не айтатындығын Әділхан сыныптасымен алдын ала келісіп, пысықтап алсашы! Табыс тапқаны болмаса, Тастыбай сөзге шорқақ. Ойындағысын шатып-бұтып жеткізуін жетізер-ау, десе де мына көпшілікті өзіне қарай оқыс жалт қаратқанға не жетсін. Жалт қарату үшін бұрын-соңды айтылмай жүрген тосын тіркестерді төбеден ұрғандай қойып қалуы қажет. Арзанқол шараптың әсері буынға түскендердің алды қыза бастаған. Талайдан бері жүйке жұқартқан экология азабын уақытша ұмытып, елмен бірге итініп-сұғынып тірлік кешіп жатқандарын көңілге медеу тұта ма, әлде Кіші Аралдың табанына су келіп, бұған дейін көрген қиындықтар енді көрге тығылатын болды, алдағыны Алла біледі ғой, әйтсе де көрер жарығымыз жаман болмас дейтін сәулелі үміт жүректеріне шуақ жүгірте ме, Тастыбаймен жылы-жылы амандасқандардың күнге, шаң-тозаңға тотыққан жүздерінде адам айтып жетізе алмас ерекше қуаныш белгісі бар. А, а... не, не?!.. Біреу құлағына әлденелерді айтып сандырақтады ма, біреулер Тастыбайға; «жерден шыққандай шіренбесеңші, сенің де шығар тауың белгілі ғой, біле-білсең осы топыраққа өлі-өлгенше қарыздарсың, қарыздарсың! Сен бізді неге жатырқайсың, а?!» деп өкпе-наздарын тұс-тұстан тықпалап жатқаннан сау ма?! Тынысы тарылып, жүрегі үсті-үстіне сұққылады. Алақаны тершіді. Осы түсініксіз тығырықтан аман құтылайыншы деп, қырлы стақанға құйылған арағын төгіп-шашып, жанына тәлтіректеп жеткен бейтаныс жігітке ілесіп, рөмкісіндегі коньякті ашырқанбастан жұтып жіберді. Ащысын, алғашында іші-бауырын өртеп өткенімен, ізінше тұла бойы бусанып сала берді.

Әділханмен ауылдастығын араға тықпаламағанда бір жылдың төліміз ғой деп, емен-жарқын сырласқысы-ақ келген. Рөмкі түйістіруден де кетәрі емес-ті. Оу, ол батырыңның жүріс-тұрысы қалай, а?! Әлде жауапты шараны бір ыңғайлап алайын, қол босасын, сенімен шаруам сосын болсын деп бәрін кейінге ысыра ма?! Бірақ Тастыбайдың ертең, не одан арғы күні деп, аунап-қунап жататындай мүмкіндігі қайда. Таң атысымен қайта жолға шығады. Егер Әділханның Тастыбайға деген өкпе-реніші болса, несіне қипақтайды, бірден айтып салмай ма бетің бар, жүзің бар деместен. Ол не қылған реніш, ол не қылған өкпе? Барыс-келісті былай қойғанда, бұған дейін қалта телефонымен болса да хабарласып, бір-бірінің қал-ахуалын сұрасқан емес.

— Балық бөлісіп жатқандай, бұл сіздердікі не қылған абыр-сабыр. Бір сәт бізге қарай назар аударыңыздар. Міне, ерлік, міне, патриот! Мектебіміздің ауданға алақан жаймай, бірер ай күн көрісі үшін кімнің көмектескенін білесіздер ме? Білмейсіздер, білмесеңіздер біліп отырыңыздар! — Қамыстыбас балық зауытының директоры, біздің даңқты жерлесіміз... үш жүз мың тенгені журналға тіркетті.

Осы сәтте Тастыбай орнынан қалай ұшып тұрғанын өзі де аңғармады.

— Жарты миллион, жаңа мектепке жарты миллион теңге спонсырлық көмек!

Төңірек лезде құлаққа ұрған танадай тыныштала қалды.

— Нағыз еркек! — деді масаң күйдегі бар дауыс.

Әділхан Тастыбайдың жанына жақындады. Тырсиған конвертті қолына алып салмақтап, тұрды тұрды да, хатшы қызды дауыстап шақырды; — Тастыбай Әбдіқұловты үлкен әріптермен журналға тіркеңіз! — Сосын Тастыбайға жүзін бұрып суықтау жымиды; — Ауылдан көшерде саған бір нәрсе айтқам, сол есіңде ме?

— Есімде жоқ. — деді Тастыбай. — Біз ауылдан көшкелі қай заман.

— Онда есіңе қайта түсірейін. Ауылдан көшкендер ертең теңіз жағалауға қайта оралғанда «жаздық, жаңылдық, туған жерді сағындық» деп жәдігөйленіп, өп-өтірік жылап-сықтап келетіндер болса, оларға қолданар жаза біреу дегенбіз. Қаулысын шығарып, жүрек тұсына жазып қойғанбыз! Ол жаза... Сатқындарды дарға асады, не табанда атып тастайды!.. Сен мына жарты миллионыңмен ол жазадан құтылдым деме, құтылмайсың!— Әділхан сол суық қалпын өзгертпестен, көпшілік арасына сіңіп кетті.

ХХХ

Ертеңінде бір жамаағайынның үйіне түнеп шыққан Тастыбай есік алдында көлдең тұрған кешегі көне таксиді көріп таңғалды.

— Ассалаумаәлейкүм, сіз мені тосып тұрсыз ба?— деді қартаң кісімен жылыұшырай амандасып.

— Әрине, жақсылық қылсаң бүтін қыл.

О...о, қайтар жолда Тастыбай ағыл-тегіл ақтарылды дейсіз келіп. Ана жылы бұл ауылдан бір күннің ішінде үдіре көшіп, Жетісу өлкесіне қоныс аударғанын, бала-шағалы боп өсіп-өнгенін, бизнесін жолға қойып байығанын... түгін қалдырмады. Айсұлудың да көргенді жердің қызы екендігін, екеуінің тату-тәтті тұратындығын, ақылдылығын, мұның кейбір қисық-қыңыр мінезіне кешіріммен қарайтындығын да жасырмады: — Туған жерге келеміз, келіп тұрамыз әрине, тек әжәк-гүжік тосқауылдардың алдыңнан сумаң етіп шыға келетіні болмаса...

— Тойларың қалай өтті, ауылдастарың алақанға салып құрметтеген болар? — деді таксист әлденеге қызығушылық танытып.

— Құрметтегенде қандай, құрметтеді ғой...— Манадай бері тоқтаусыз сөйлеген Тастыбай осы тұсқа келгенде сәл іркілді: «Әйеліме де осыны айтармын, құрметтеді ғой, құрметтегенде қандай!..»

Теңіз жақтан соққан сағым аралас ыстық жел бет шарпиды. Тас жолдың үстінде құм борасын ирелеңдеп, ойнақ салады.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз