Өлең, жыр, ақындар

Мен — қазіргі заманның педагогімін

Жамбыл облысы Меркі ауданы №9 Меркі колледжі
«Ақпараттық жүйелер» мамандығының білімгері
Нәметқұл Меруерт Муратбекқызы

Ескіден қол үзбей, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады.

Конфуций

 

«Ұстаз болу — жүректің батырлығы,

Ұстаз болу — сезімнің ақылдығы» — деп ғұлама ақын Ғабу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, ғұмырын ұстаздық мамандыққа арнаған, көңілі мәңгі жас баладай жақсылыққа құмар ұстаз болу — көп адамға бұйыра бермеген бақыт десем артық айтқандық емес шығар. Өйткені аузын ашса жүрегі көрінетін, жалғандықты, жасандылықты сүймейтін тазалық пен пәктіктің иесі- оқушыларды көргенде, олармен бірге қуанып, бірге күліп, жан дүниең ерекше сезімге толып, жас баладай қуанышқа бөленесің.

Ұстаз. Ұстаздық киелі әрі өте көне мамандық. Адамзатты ежелден ойландырып, толғандырып келе жатқан, қоғамдық құрылыс өзгеріп жатса  да, қажеттігін жоймайтын маңызды мәселе — жас ұрпақты өмір сүруге дайындау бұл қиынның-қиыны. Себебі әр адам — қайталанбас жеке  тұлға. Әр адамның жан дүниесі өзгеше бір әлем.

Уақыт өткен сайын бүкіл дүние жүзіндегі қоғамдағы саяси әлеуметтік қарым-қатынас дамыған сайын ұстаздың қызметі қиындай түсуде. Өз білімін үнемі жетілдірген ұстаз қоғам көшінен қалып қоятыны сөзсіз. Сондықтан алдына жаңа мақсат-міндеттер қойып, жаңаша жұмыс  істеуге, шығармашылық еңбегімен оқыту әдістерін жаңа арнаға бұрып, өмір талабы мен оқушы талғамына, сұранысына бейімдеп отыру   жаңашыл ұстаздың міндеті. Иә, бүгінгі күн мұғалімінің көп ізденіп, тынымсыз еңбектенуін, сабақ берудің амал тәсілдерін жетілдіріп отыруды  қажет етеді. Өйткені, білім мазмұны, оқыту үрдісі үнемі жаңартуды талап етеді. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне мәлімет беріп қана қоймай, оны  дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек.

Тәуелсіздік алған осы жылдар ішінде егемен еліміздің, қоғамымыздың әлеуметтік және басқа да салаларында түбегейлі өзгеріс болып  жатыр. Соның бірі — білім беру саласы қай кезде болмасын жас ұрпаққа білім беру мен тәрбие беру қоғам алдындағы жауапты іс.

Қазіргі ХХІ ғасыр педагогі қоғамдық дамудың деңгейінен көрінетін, оның әлеуметтік парызына жауап беруді көздейтін, жаңалыққа жақын өз ісіне гуманистік сезіммен қарайтын, педагогикалық күрделі үрдістердің барысын идеялық-адамгершілік тұрғыдан шеше алатын, жаңаша  ойлау дағдысын меңгерген, балалардың талапкерлігі мен өздігінен еркін дамуын ұйымдастыра алатын және ата-аналармен педагогикалық   ынтымақтастықты орнатуға бейімі бар, шығармашылықпен еңбек ете алатын маман болуға тиіс. Ол шәкірт  жүрегіне жол табарлық пәнін қызықтырарлық  жол іздейді, өз білімін жетілдіреді жаңа технологияны пайдаланады.

Өйткені шәкірттен терең білімділікті, ұстанымдылықты, еңбекқорлықты, мәдениеттілікті талап ету үшін мұғалімнің өзінде сол қасиеттер үлгісі   жоғары дәрежеде болуы тиіс. Сонда ғана өмір талабынан артта қалмаған, үнемі шығармашылық іздену үстіндегі ұстаз шәкірттердің сеніміне, сый-құрметіне бөленбек. Мұғалім өткен тәжірибесін жаңамен ұштастыра білетін кәсіби қызығушылығы жоғары, бастаған ісінің нәтижесін   көре алатын, ғылыми зерттеу жұмыстарын таңдай білетін, оқытудың әдістемелік жаңалықтарынан хабардар, оқыту үрдісін   ізденімпаздықпен  арттыратын өз ісінің шебері болу керек.

Сонымен қатар, бүгінгі қоғамдағы мұғалім заман талабына сай психологиялық негізден өте мықты хабары бар, ақпараттық технологиялардың бар түрінде жұмыс істеуге қабілетті, жан-жақты білімді, үлкен жүректі, оқушыларды жанындай жақсы көре білетін байқампаз да білікті жан болуы керек. Өйткені іс-тәжірибеге көз жіберсек, кешегі бүгінгіге, бүгінгі ертеңгіге ұқсамайды.

Дүниедегі ең қасиетті тілің мен тарихыңа, ұлтың мен әдебиетіңе жетер еш байлық жоқ. Бабалар аманатын болашақ ұрпақ зердесіне жеткізіп, көздің қарашығындай сақтай білуге шақыру — әрбір тіл  маманының парызы әрі оқушыларының жанына ұлт намысы, ел мүддесі деген киелі ұғымдарды ұялата отырып, білім беру — ХХІ ғасыр мұғалімдерінің еншісінде тұр. Еш жалықпаған ұстаздың тәрбиелеген шәкірттері — жан- жақты білімді, ой- өрісі биік, өз мақсаттары айқын, сол мақсатқа жету үшін еңбекқорлық пен шыдамдылық таныта білетін жандар болатыны сөзсіз.

Ұрпақ... Бала ... Бүкіл адамзат болмысының тірлігінің мәні. Қай заманда, қай ғасыр, қай қоғамда болмасын адамдар тірлігінің мақсаты, болашаққа жалғастырар алтын көпірі, аманат етер асылы — оның ұрпағы. Сондықтан да күллі адамзат дүниесіне ортақ мүдде — ұрпақ тәрбиесі. Ал сол ұрпақтың азамат болып шығуына бағыт-бағдар беріп, үнемі қадағалау — бүгінгі ұстаздар қауымының жауапты жұмысы деп білемін. Сол себепті де, оқушыларымыздың сапалы білім мен өнегелі тәрбиені мектептен алып шығатынын еш ұмытпауымыз керек. Оқушымыздың парасатты да саналы адамгершілігі мол тұлға болып шығуымен қатар, нәтижелі білім алып шығуына бар күш-жігерімізді сарп етуіміз қажет. Ұстаз өзінің алдына нақты белгілі бір мақсатты қойып, соған жету жолында барынша талаптанса, жетістікке жетері сөзсіз. Білім кеңістігінде болып жатқан жаңалықтарды үнемі назардан тыс қалдырмай, жаңашыл мұғалімдердің іс-тәжірибесін мүмкіндігінше дұрыс пайдаланып, оқытудың ой елегінен өткен тиімді әдіс-тәсілін дұрыс таңдап, оны мейлінше меңгеру аса қажет болып табылады.

Ұстаз болу шәкірт тәрбиелеу — ұлы міндет. Бала тәрбиесіндегі ата-анадан кейінгі жауапты адам мұғалім. Қоғамға пайдалы жеке тұлғаларды дайындау ұстазға байланысты. Оқушының мектеп қабырғасынан әрі білім, ірі тәрбие алып шығуы да мұғалімнің еңбегі, қайраткерлік  қызметі. Ең бастысы ұстаз адами қасиеті мол, басқаға қайырым тигізуден шаршамайтын, ұрпағының ертеңіне жол ашатын, шуағы мол шапағат иесі. «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» дегендей, оқушыларының тәрбиелі болуы — ұстазынан көрген өнегесі мен тәлімінен екені даусыз. Ы. Алтынсарин: «Мұғалім — адам жанының инженері» деп, өз заманында ұстаздар қауымына зор баға берген. Ұстаз — адам жанының емі, шипагері десек артық айтқандық емес. Күнделікті күйкі тірлікте өз шәкіртіне үнемі көңіл бөліп, жылы сөзімен жылытатын да ұстаз. Адамзат тәрбиелеудің қиындығы мен жауапкершілігі мол мамандық екені белгілі, дегенмен ХХІ ғасырдың ұстаздары жан-жақты дамыған, оқушының жан дүниесін жетік білетін, өз пәнін толық меңгерген, барлық нәрседен  хабары бар иман жүзді, талапшыл адам болуы керек деп ойлаймын. Еш жалықпаған ұстаздың тәрбиелеген шәкірттері  — жан-жақты білімді, ой-өрісі биік, өз мақсаттары айқын, сол мақсатқа жету үшін еңбекқорлық пен шыдамдылық таныта білетін жандар болатыны сөзсіз.   

Ұстаз бойындағы білім мен мінсіз үйлесімдік тауып, шәкіртке деген ұлы махаббатпен тоғысып жатса, әрбір шәкіртіне жеке тұлға деп қарап, адал жүрегін ұсынса, өз ісін жан-тәнімен сүйіп өтсе, нағыз ұстаз болмақ.

Жаңа ХХІ ғасыр мұғалімдері сапалы әрі сан алуан салиқалы тәрбиелік-білімділік қасиеттерді ойдағыдай атқара білгенде ғана ұстаздық   мақсатына жетеді. Ел болашағы білімді ұрпақта. Сондықтан білім беру саласында жасалып жатқан жаңа реформаларды жүзеге асыру-ұстаздар қауымына ортақ іс. Сипаттай келе тез жылжығыш уақытпен өзгеретін заманда жаңа қоғамына сай тұлға тәрбиелеу  — мұғалім  еншісінде.

Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге сәйкес білім беру мақсаты мен міндеттері окушыларды әлемдік даму деңгейіне сәйкес келетін белгілі бір біліммен қаруландыруды және ұлттык сана-сезімін тәрбиелеуді көздейді.

Бұл міндетті шешу және қазіргі кезде білім берудің мемлекеттік стандарттарының жасалуы, оқушылардың стандарт деңгейінен кем емес білім алуының талап етілуі оқытудың дәстүрлі әдіс-тәсілдерін өзгертіп, озық технологияларды қолдануды, мұғалімдердің әдістемелік даярлықтарына қойылатын талаптар деңгейін көтеріп, олардың оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін, жаңа технологияларын меңгеруін қажет етеді.

Президентіміз “Қазақстан жолы — 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ Стратегиясында” “Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек” дегендей болашағынан үміт күттіретін жас буынға түзу бағыт-бағдар беру біздің басты міндетіміз болып табылады.

Сондай-ақ, Елбасыбиылғы жылғы Қазақстан Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік атты Қазақстан халқына Жолдауында “Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жобасына кәсіптік білім беруге яғни жұмыссыз жастар және кәсіптік білімі жоқ  ересек адамдар қамтылуы тиіс деді.

Ендеше, кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына сай ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуды талап етеді.

Еліміздің жарқын болашағы үшін атқарылып жатқан әрбір іс өз мәресіне мүдірмей жетеді деген сенімдемін. Өркениет шыңына ілгері басу мақсатында шебер ұстаздарымыздың саны жыл санап, арта берсін деген тілегімді білдіремін. 

Өз ойымды француздың ұлы ойшыл-философы Ж.Руссоның «Ұстаздық ету — өзінің уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген сөзімен қорытындылағым келеді.

Өзімнің мұғалім, ұстаз, жалпы адам ретінде түйгенім, мұғалім өзінің артына ерген ұрпағы мен шәкіртінің жетістігімен ғана марқая, қуана алады екен. Ұлтымыздың тағдыры, болашағы  — тәрбие мен білімде екен. Абай атамыз айтқандай: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, шәкірт тәрбиелеп, оны ұядан баптап ұшырудан еш жалықпайық.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз