Өлең, жыр, ақындар

Бардағы жанжал

Түнгі барда басымнан кешкен сол бір оқиғаны тіпті ұмыта алар емеспін.

Бар бұзылып көшірілгелі, оның орнына балалар бақшасы салынғалы қай заман, бірақ ол көз алдыма елестей береді.

Таң атып келе жатқан. Мен барда қуыршақ беттес венгр қызының қарсы алдында отырмын: ол кезде Стамбулдың көңіл көтеру орындарында венгр қыздары өте көп болатын. Столда, екеуміздің де алдымызда үлкен бір-бір шара шырын-шарап. Қазір ғой, шырын-шарапты фужерге құйып жүргендері, ал ол кезде оны үлкендігі шылапшынға тақау шарамен ішетін. Әлі есімде, бір шарасы он лир тұрады. Мен жиырма жастағы студентпін, азын-аулақ тиын-тебенімді түсіріп алып масқара болмасам еді деп қолымды қалтама қайта-қайта салғыштап отырмын.

Мен қызды биге шақырдым, бірақ билеп қарық болған жоқпын. Қыз ап-арық, ұп-ұзын, құдды қамыс сияқты, ал мен тапалмын, оның иегінен ғана келемін. Біз столға қайта оралдың та, әңгімемізді, яғни әңгіме сымағымызды, одан ары жалғастырдық. Ол өзі шала-шарпы білетін француз тілінде, мен өзім шала-шарпы білетін ағылшын тілінде былдырақтатып отырмыз. Бір-бірімізді ұғып жарып отырғанымыз шамалы.

Әрине, мен өз ойымды тілімді беземей-ақ түсіндіріп бере алар едім, бірақ оным ұяттау болып жүрер деп жүрексіндім. Біздің хайуандардан артықшылығымыздың өзі сол сөйлей алуымызда емес пе.

Сонымен, біз өзара түсініскіміз келіп терлеп-тепшіп отырғанымызда, залда адам ұғып болмайтын бір ту талақай басталды да кетті.

Әуелі үйдің төбесі түскендей күрс етіп люстра құлап күл талқан болды. Бұрыш-бұрышта қосалқа шамдар жанып тұрмағанда, залды көрдей қараңғылық басатын еді. Ию-қию төбелес басталып кетті. Орындықтар, столшалар лақтырылып жатыр. Орта түс құмырсқаның илеуіндей үйме-жүйме бола қалды да, одан соң жеке-жеке жағаласқан топтарға бөліне бастады. Шалдыр-шұлдыр сынған шыны даусы төбе құйқаңды шымырлатады. Рюмка ма, стакан ба,— бәрі де қаруға айналған.

Не боп жатқанын түсіне алмай аңырып тұрғанымда бір қарулы қол желкеме сарт етті де, мойнымды үзердей мытып тұқыртып апарып бетімді алдымдағы шараға былш еткізді. Тұншыға жаздап жанталастым, жүнін тірідей жұлған тауықша тыпырладым. Өлдім-талдым дегенде басымды көтере беріп едім, сирағымнан алды да әуелетті,— шалп етіп шараға отыра қалғанымды бір-ақ білдім.

Ышқынған ысқырық естілді. Жүгірген аяқ дүбірі күшейді. Әлдекім мені қолымнан ұстай алды да, дедектетіп сүйрей жөнелді. Тасқараңғы залда оның кім екенін қайдан білейін, фонарь жанып тұрған сыртқа шыққан соң қарасам,— полицей. Сыртқа тағы бірнеше жігітті сүйреп алып шықты. Бәрімізді қаз-қатар тұрғызды. Алтау екенбіз. Полицейлер он-он бес.

Біраздан кейін үсті-басы дал-дұл болып бар иесі шықты.

— Дәл осылар,— деді ол.— Мен жаңа Муаммер-бейге телефон соқтым.

Полицейлер бізді екі қатар тұрғызып, участокке айдап жөнелді. Барған соң біреуі комиссарға:

— Ұсталғандарды алып келдік, — деп мәлім етті.

— Бұлармен Муаммер-бей өзі айналысады. Ол жаңа телефон соғып ескертті,— деді комиссар.

Бізді полицияның машинасына отырғызып алып жүрді. Бейуақта жолығысқан бейбақ серіктерім «шөл қандырып» алған екен, той тойлап бара жатқандай-ақ бәрі ыржалақтап әнге басты.

Бізді полиция басқармасының екінші этажындағы бір кең бөлмеге апарып кіргізді. Онда екі кісі отыр екен. Біреуі — баяғы бармен (бар иесі). Киімін ауыстырып үлгеріпті, сигаретін бипаздап креслода отыр. Екіншісі — басқарма бастығы — түрегеп тұр. Көзі өңменіңнен өтеді. Буырқанып алған Зевс дерсің. Оның Муаммер-бей екенін кейін білдік. Оны көрген жерде-ақ зәрем ұшып, қалтылдап кеттім. Ал менің серіктерімнің кәперінде ештеңе жоқ. Біреуі аузын шылп-шылп еткізіп сағыз шайнап тұр. Екіншісі құлап қалмас үшін қабырғаға сүйеніп алған. Үшіншісі тістеніп ыңылдап тұр. Қалған екеуінің езулері екі құлағында.

— Осылар ма?— деді басқарма бастығы.

— Иә,— деді бардың қожайыны.— Бардың астаң-кестеңін шығарды. Мебельдің бәрін шағып тастады. Үш қызды жарақаттады. Менің де көзімді көгертіп қойды, міне.

Ауру қалса да, әдет қалмайтыны рас. Мен мектепте шәкірт болғандағы әдеттерімнен әлі арылған жоқпын. Мені шақырса екен деген оймен бұл жолы да қолымды көтердім.

Муаммер-бей резеңке таяғын жұлып алып қаһарлана үйіріп:

— Сөйлемей тұрыңдар!— деп столды салып кеп қалды.

Муаммер-бей сағыз шайнап тұрған жігітке шүйілді:

— Таста андағыңды, жалмаңдамай! Қайда тұрғаныңды білесің бе?!

Анау жалмаңдай берді. Басымды ауыртпаңдаршы дегендей көзін кіртитіп қарады. Муаммер-бей құтырынып кетті.

— Өңшең сілімтік, тоқтай тұрыңдар, өз сүйектеріңді өздеріңе жинатармын!— деді ол.— Тірі жүргендеріңе өкінерсіңдер әлі, малғұндар!

Жігіттердің біреуі мырс етіп күлді. Басқалары да айылдарын жиған жоқ. Муаммер-бей жер-дүниені жат қылып боқтап шүйіліп жүр. Серіктерім оған елең етер емес. Муаммер-бей жаныма жақындай бергенде тізем бүгіліп кетті.

Басқарма бастығы бардың қожайынына бұрылып қарады.

— Мына сүмелектердің әке-шешесіз өскендері бірден көрініп тұр. Сиықтарына қарашы. Адам кейпі жоқ. Көшеде күнелткен қожалақтар өңшең,— деді де, мені нұсқады.— Мына біреуі ғана ептеп тәрбие көрген сияқты.

Ол мені жақтан тартып-тартып жіберді де, бетіме былш еткізіп бір түкірді.

— Бұл ептеп болса да ұялғансиды, әке-шешесі бар тәрізді,— деді ол.

Сонсоң тағы да сыбап боқтай бастады.

— Иттің балалары, сұмпайылар!— деп ақырғанда тіпті терезелердің шынылары шылдырап кетті. Айызы қанғанша аянбай-ақ тілдеді бізді. Мен қолымды тағы көтеріп: «Әпенді!» дей беріп едім, ол:—Сөйлеме!— деп барқ етті.

— Мына біреуінің сықпытын қарашы!— деді ол, былқ етпей тұрғандардың біріне шүйіліп.— Бұл ешқашан оңбайды. Осындайларды көрмей-білмей жүріп: «Жастар — еліміздің болашағы!» деп сандаламыз.

Ол бәрімізге сұстана қарап алды да, баяғы сағыз шайнап тұрғанға шүйілді.

— Сенің атың кім?

— Метін.

— Фамилияң?

Жігіт фамилиясын айтты.

Муаммер-бей селт етті.

— Әкеңнің аты кім?

Алған жауабына абыржып қалды.

— Сіздің қадірлі әкеңіз кім боп істейді?— деді мәймөңкелеу үнмен.

— Сіз, немене, шынымен білмейсіз бе? — деп жігіт дік етті.

— Білем, білем... Әрине, білем... Туһ, шіркін-ай, мына сұмдармен несіне жолдас болып жүрсіз?— Басқарма бастығы өкіне сөйледі. — «Итпен құда болсаң...» деген әлгі бір мақал бар ғой,— деп ол енді бар иесіне бұрылды.

— Андағы жігітке менің титтей де өкпем жоқ,— дей қалды бармен.— Ол дәнеңені бүлдірген жоқ, тып-тыныш отырды. Оған наразы емеспін.

— Бұдан былай абайлағайсың,— деді Муаммер-бей, нықтап ескерте сөйлеп.— Наразы емеспін дейсің, ал мұның осында әкелінгеніне сен кінәлісің. Ұят, масқара. Не деп ақталамыз енді?

— Оллаһи, мен әкелген жоқпын. Ол өзі, өз еркімен келді,— деп шырылдады бармен.

— Мен сізге тіл тигізген жоқпын,— деді Муаммер-бей, сағыз шайнап тұрған жігітке қайта бұрылып.— Ешқандай ауыр сөз айтқан жоқпын. Сіз ренжімеңіз, мыналарға айтқан сөздеріме мән бермей-ақ қойыңыз... Неге тұрсыз? Аяғыңыз талады ғой, отырсаңызшы. Өз үйіңіздегідей емін-еркін отырыңыз, қысылмаңыз.— Ол енді ыңылдап ән айтып тұрғанға бұрылды.— Ал сенің атың кім?

— Еркін.

— Сенің әкең кім?

Жігіттің жауабын естіген сәтте Муаммер-бейдің өңі құп-қу боп кетті. Бір көзі жыпылықтап жұмыла бастады. Ол резеңке таяғын лақтырып жіберіп, санын салып қалды.

— Сіздің кім екеніңізді қалай ғана танымай қалдым! Не қара басты мені!.. Байқасам болмай ма?! Сіздің өнегелі семьядан шыққаныңыз бірден-ақ көрініп тұр... Отырсаңызшы. Құдай үшін кешіріңіз мені. Маған сене көріңіз, мен сізге ауыр сөз айтқан жоқпын.

Бар иесі де өлі мен тірінің арасында сияқты, бірдеңе деп міңгірлеп отыр.

Муаммер-бей келесі жігітке бұрылды:

— Ал сіз... сіз кімнің баласысыз?

— Өзіңіз айттыңыз ғой, иттің баласы деп. Мен иттің баласымын!

— Кім айтты? Мен бе? Мүмкін емес! Мен сізді айтқан жоқпын.

— Жоқ, мен иттің баласымын!— деп қыңырайды жігіт.

Муаммер-бей жылап жібере жаздады:

— Құдай үшін, сен куә болшы, мен ондай сөз айтқан жоқпын ғой! — деп барменге бұрылды.

— Мен де ештеңе айтқан жоқпын,— деп бармен де безектеді.

— Ә, иә... мен ешқайсына ештеңе деген жоқпын, жәй, беталды айта салғаным болмаса.

Муаммер-бей қалған жігіттердің де әкелерінің аты-жөндерін, қызметтерін сұрап біліп, оларға да орындық ұсынып бәйек болды.

Таз ашуын алатын бейшара тырна мен болдым-ау деп уайымдап тұрмын. Муаммер-бей қалайда біреуімізді жүндей түтуге тиіс қой. Мені сорлататын шығар.

Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды дей бер. Мықтылардың балаларын маңдайға шерте алар ма ол!

Өзіме кезек келгенде мен де бір шонжардың атын атауды ойладым. Сонда кімнің баласы болуым керек? Мені ептеп тәрбие көрген сияқты деп тұрған полицейге енді не десем екен? Өтірігім шығып қалса қайтем? Сағыз шайнап тұрған жігітке көз қиығымды тастап едім: ол жымиып көзін қысты,— онысы не дегені екенін кім білсін.

Муаммер-бей сиқырлы пішінмен менің жаныма келді. Тісін шақырлатты. Сонсоң, әлдеқалай болады дегендей, жылы жымиып сұрағын қойды:

— Сіз кімсіз? Сіз кімнің баласысыз?

— Ол біздің жолдасымыз,— деп кенет жігіттердің біреуі гүж етті.

— Иә, ол біздің жолдасымыз,— деді сағыз шайнап тұрған да.

Муаммер-бей жалт бұрылып, енді барменге шүйілді:

— О, жексұрын! Санасыз сұмырай!— деп ақырды.

Боқтықты қарша боратты. «Бар ұстағанды кім шығарып жүр?.. Олар асыл текті аяулы жастарды адастырып обалына қалғанда, қай мұратына жетпекші?!.»

Масая түскен жігіттер енді жанжалға басты:

— Біз иттің баласымыз!— деп жарыса айғайлады.

— Ғафу етіңіздер,— деді полицей, сасып қалып. — Мен олай деген жоқпын ғой. Мен мына арамзаға айттым...— деп барменді нұсқады.

О бастағы үміті үзілгенін, тал қармағаннан басқа амалы қалмағанын түсінген бармен басын изектетіп:

— Иә, иә, сіз маған ұрыстыңыз, маған. Мен айыптымын, мына мырзаларды танымай қалыппын,— деп шала бүлінді.

Полиция бастығы мен бармен кешірім сұрап бәйек, ал бес жігіт одан сайын керісіп:

— Біз иттің баласымыз! Біз иттің баласымыз! — деп айғайлайды.

— Иттің баласы мына менмін!— деп бармен бажылдап қоя берді.

Полицей барменге ажырая қарап:

— Бұл мырзалар бүгін түні бойы отырып, тойғандарынша ішіп-жесін. Ақшасын мен төлеймін,— деді.

— О не дегеніңіз?.. Бөліп төлейміз ғой... Күнде кешке келіп тұрса да еріктері,— деп міңгірледі бармен.

Содан кейін ғана жігіттер жанжалды доғарды. Оларды шығарып саларда полицей қолдарын қатты қысып, біреуіне: «сіздің мәртебелі әкеңізге деген құрметім шексіз!» — деп, екіншісіне: «Мейірімді әкеңіздің мерейі өсе беруіне тілектеспін!» — деп, «Оллаһи, мен сізге емес, анау арамзаға ренжідім!» — деп, әйтеуір, жаны қалмай жалбақтай бастады.

Ал кезек маған келгенде, қолын иығыма салып тұрып:

— Сенің бұларға жолдас емес екеніңді білемін,— деп күбірледі,— бірақ сен мына сұрқиялардың арқасында аман кетіп барасың. Сенің тәп-тәуір семьядан шыққаның түріңнен-ақ көрініп тұр. Байқа, алдап соқтым деп ойлама. Кәнеки, жалтырат табаныңды!

Орысшадан аударған Ғаббас Қабышев


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер