— Достарым! — деді көзілдірікті кісі.— Мұндай мәселеде асығудың жөні жоқ. Жан-жақты ойланып-толғанып алу керек.
Отырғандардың ең жасы оны құптай кетті:
— Иә, жақсылап ойластыру керек. Әйтпесе, сау басымызға сақина тілеп алып жүрерміз.
Секпіл бет кісі де пікірін қыстыра қойды:
— Қазіргі мәрге ризамыз ба, жоқ па, әуелі осының басын ашып алсақ қайтеді?
— Риза емеспіз!— деді бәрі бірауыздан.
— Неге риза емеспіз?— деді секпіл бет.
— Ол есуас!— деді көзілдірікті.
Басқалар да сондай пікірде екен.
— Иә, иә, есуас!
— Жарымес! Жынды!
— Түсінікті,— деді секпіл бет.— Мәселенің басы ашылды. Тек енді тағы да сондай біреуді сайлап алып, тағы да сорлап жүрмелік.
— Мұның алдындағы да бір есуас болды емес пе,— деп қалды салпы қарын.
— Оның алдындағы ше?
— Оның алдындағының алдындағы ше?
— Менің білетінім: осы қызметке қойылғандардың бәрі де есалаң біреулер боп жүр.
— Олай болса,— деді жылмаң жігіт, ендігі жерде әбден ақылдасып, байыппен әрекет етуіміз қажет. Ақылды, алғыр ойлы адамды сайлайтын болайық!
Көзілдірікті екі алақанын жая сөйледі:
— Анау алдыңғыларды сайлағанда, олардың есуас болатындарын біз білдік пе? Ақыл-есі дұрыс, жөн-жосығы түзу адамдар деп-ақ сайладық, ал олардың бәрі шетінен нақұрыс боп шықты.
Күркілдеп қойып отырған қатпа шал да сөзге араласты.
— О, алла, бұ дүние не боп барады? Осы қызметке ие болғанның бәрі жынданып тынатынды шығарды-ау!
— Ие болғандар емес, біздің сайлағандарымыз,— деп салпы қарын нақтылай түсті.
Жылмаң жігіт иығын қиқаң еткізді:
— Кесел қызметте емес. Олардың тіпті мэр болмай тұрғанының өзінде-ақ нақұрыс екендіктеріне менің титтей де шүбәм жоқ, тек олар билікке жете алмай қор боп жүрді. Өкімет билігін сеніп тапсырсаң-ақ болды,— ертеңінде бәрі қағынып шыға келеді.
Қатпа шал ауыр күрсінді:
— Бірінің аузына бірі түкіріп қояды білем. Мэр болды — құрыды. Дені дұрыс біреуі болсайшы!
Секпіл бет те күйзеле бас шайқады:
— Бір қызығы: соңғы мэр менімен отыз жыл дос болды. Бұрын кәдімгідей оп-оңды жігіт еді. Мэр боп сайлануы-ақ мұң екен...
— Е, есалаңдардың қайсысы есалаң боп туды дейсің. Сірә, ол да біздің қала бастығы етіп сайлайтынымызды тосып, бұғып жүрген ғой. Сайладың — бітті!
— Жә, жетті!—деп көзілдірікті дауды доғарды.— Өтер іс өтті. Енді кімді сайлайтынымызды ақылдасып алайың.
Аталған кандидатуралардың бәрі де жарамады. Болашақ мэрдің мінез-құлқы, ақыл-ойы қазір де, кейін де кінәратсыз болуы талап етілді.
Талайлардың аты аталды, бірақ көпшілікке ешқайсысы ұнаған жоқ.
Бір кезде көзілдірікті даурыға сөйлеп:
— Бағанадан бері мен не ойлап отырмын осы?— деді.— Рәсім-бейдің кандидатурасына қалай қарайсыңдар, а?
— Алланы ауызға алып айтайын: ең адал адам сол!
— Әрі адал, әрі әділ, әрі кішіпейіл!
— Ол күншіл де емес, қорқау да емес, өзі және орнықты кісі!
— Еңбекқор, тәжірибесі мол!
Олар Рәсім-бейді жер-көкке сыйғызбай біраз мақтасты.
— Рәсім-бей қала мэрі болуға келіспей ме деп қорқамын,— деді салпы қарын.
— Мен Рәсімді сәби кезінен білемін. Бұл қызметке ол келісе қояды деп мен де ойламаймын,— деді қатпа шал оны құптап.
Секпіл беттің пікірі де солай екен:
— Рас, ол келіспейді. Өлтірсең де көнбейді! Бұндай іске араласуды сүймейді ол.
Жылмаң жігіт те қостады:
— Ол біздің ұсынысымызды қабылдай қоймас.
Көзілдірікті күйзеле сөйледі:
— Енді қайттік? Рәсім-бейді қалайда үгіттеп көндіруіміз керек. Үмітімізді ақтар жалғыз адам — сол. Шынымен бас тартып жүрер ме екен?!.
Бұл кандидатура сайлауда өтпей қалуы мүмкін-ау дегенді ешқайсысы ойлаған да жоқ, өйткені жұрт бұларға қалтқысыз сенеді, бұлардың ұйғарымына қарсылық жасамайды.
Бәрі тік көтеріліп, жөңкіліп Рәсім-бейге барды.
Жағдайды жайлап айтты. Мэр етіп сайлағандарымыздың бәрі ақыр-аяғында... әлгі... ептеп нетіп кетіп жүр десті.
— Сонда қалай? Мені де есалаң еткілерің келе ме?— деді Рәсім-бей.
— Құдай сақтасын! Сен ақылды адамсың, әрқашан терең ойлайсың. Жалынып сұраймыз. Келісіміңді бер бізге!
— Жоқ! Бермеймін!
— Рәсім-бей, бұл Отан алдындағы борышыңыз ғой!
— Халқыңыздың алдындағы парызыңыз!
— Рәсім-бей, ұлтымыздың бар үміті — өзіңсің!
— Рәсім-бей, бұл мемлекеттік маңызы бар іс!
— Жарайды, келісейін,— деді Рәсім-бей,— тек бір шарт қоямын.
— Қой шартыңды!
— Қандай шарт қойсаң да қабылдауға құлмыз!
— Менің шартым мынау,— деді Рәсім-бей,— мен тура жүретін, тура айтатын адаммын, ескертпедің демеңдер кейін. Жағымпаздарды суқаным сүймейді! Сендер менің құрметіме ешқашан қонақасы бермейтін, ешқандай қабылдау ұйымдастырмайтын боласыңдар, менің еңбегім сіңбеген жетістіктерді маған еншілетпейтін, мені жер-көкке сыйғызбай мақтамайтын боласыңдар. Қалай, менің бұл шартымды қабылдайсыңдар ма? Мен де жұмыр басты пендемін. Дандайсып кетуім мүмкін. Кәне, қалай, келісесіңдер ме?
— Келісеміз! — деп дауыстады бәрі бірауыздан.
— Міне, адал адам қайда?!
— Міне, ақыл қайда!
— Жарайсың, Рәсім-бей!
Рәсім-бей сайлауда жеңіп шығып, қала мэрі болды.
Сайланған күннің ертеңінде ол елуден аса құттықтау телеграмма алды. Солардың ішінен бір телеграмманы ашып оқыды. Құттықтау:
— «Аса құрметті Рәсім-бей! Біздің еліміздің ең мәртебелі ұлы! Халықтың ең қалаулысы!..» — деп басталыпты.
Рәсім-бей одан ары оқыған жоқ.
— Е, құдірет, есімнен жаңылдыра көрме!—деп жалбарынды ол.
Іле-шала біреу есік қақты. Құшағы гүлге толған көзілдірікті кірді. Басы жерге жетердей иіліп, жаңа мэрді қошеметтеп құттықтады.
Рәсім-бей қабақ шытып:
— Осыншама қошеметтің қажеті не! — деді.
Одан соң қатпа шал келді. Бір қолында таяғы, екінші қолында — үлкен гүл шоғы. Бүктетіле иіліп, Рәсім-бейдің қолын сүйді. Рәсім-бей қабағын түйіп:
— Босқа әуре болғансыз! — деді салқын үнмен.
Одан соң басқалары: жылмаң жігіт те, секпіл бет те, салпы қарын да келді. Олар да Рәсім-бейді құлшылық ұра құттықтап шығысты.
Рәсім-бей екі қолын көкке жайып:
— О, тәңірім, ақылымнан адастыра көрме! — деді.
Түс кезінде оған:
— Сіздің құрметіңізге қонақасы беріледі! — деп хабарлады.
Рәсім-бей барар-бармасын білмей екі ойлы боп отырғанда машина да келе қалды.
Қонақасы залы патша сарайындай безендіріліп тасталған. Қырық кісіге жасалған стол үстіндегі хрусталь ыдыстар, күміс шамдалдар, гүл шоқтары көз тұндырады.
Бокалын көтеріп көзілдірікті орнынан тұрды. Оның құттықтаумен басталған сөзі бірден өрнектеле жөнелді:
— Уа данышпанымыз! Теңдесі жоқ тектіміз! Көз тоймас көрнектіміз! Сенің арқаңда, сенің ғажап күш-қуатыңның арқасында біздің мынау қаламыз қысқа мерзім ішінде...
Рәсім-бейді ашу қысып, орнынан ұшып тұрды да, шығып кетіп қалды.
«Бұл оларға мықтап сабақ болады»,— деп ойлады ол.
Ертеңінде ол қызметіне баруға үйден шықты. Қараса: көшелер мерекедегідей безендірілген, үйінен муниципалитеге дейінгі жолға кілем төсеп тастаған, барабандар қаңғырлап, сырнай-кернейлер сарнап тұр, лавр бұтақтары самсатып ілінген, тротуар жиектерінде шәкірттер сап түзеп тізіліп тұр.
Жұрт қошеметтеп қол соғуда.
«Уралаған» дауыстар.
Жылмаң жігіт қала оркестрінің барабаншысына:
— Аянбай соқ! — деп айқай салды.
Содан кейін шәкірттерге:
— Қаттырақ, қаттырақ! — деп әмір берді.
— Ур-ра-а!
Көше бойында құрбандыққа шалынып жатқан қойда есеп жоқ.
Муниципалитет үйінің алдында биік арка орнатылып, лавр бұтақтарымен көмкеріліп қойылыпты. Аркаға: «Қаламыздың қамқор басшысы жасасын!» деп әдемілеп ұран жазылған.
Муниципалитет алдына орнатылған мінбеге салпы қарын шықты да, сөз сөйлеуге кірісті.
— Өзінің жігерлілігімен, адалдығымен, ұйымдастырушылық зор қабілетімен, Отанға жан-тәнімен берілгендігімен бүкіл қала халқының жүрегіне нұр құйған біздің жаңа мэріміз...
Зығырданы қайнаған Рәсім-бей шешеннің қасына жетіп барды да, оның салтанатпен оқып тұрған қағазын қолынан жұлып алып, жыртып-жыртып тастады. Сонсоң салпы қарынға төне ақырып:
— Мен мұндайға қарсымын! — деді.
Сол сәтте секпіл бет сарнап қоя берді:
— Беу, халайық! Бұ дүниеде бұдан артық кішіпейілділік болар ма? Мұндай керемет қасиетті қайсымыз, қашан көріп едік? Біздің жаңа мэріміз жасасын!
Жа-са-сын!
Дүркірете қол соғылып, дүние төңкерілердей болды.
Қошемет-құрметтен бас сауғалаған мэр, дүлей апаттан қашқандай-ақ, муниципалитет үйіне қарай тұра жүгірді.
Жаңа мэрді құттықтағысы келгендер муниципалитеттің қабылдау бөлмесіне де лық толған екен.
Жылмаң жігіт қол қусырып пайда бола кетіп:
— Кімге қандай нұсқауларыңыз бар?— деді.
Жымиып қатпа шал да шыға келді:
— Бұл қызметке лайық сіздей адам ешқашан болып көрген емес,— деді ол.
Мэр ышқына айқайлап:
— Отставкаға кететініме алланың атымен ант етемін! Дереу тараңдар, кәне! — деді.
Құттықтауға жиналғандар именіп шегіншектей бастады.
— Құп болады!..
— Әміріңізге құлдық!
— Сіздің сөзіңіз — бізге заң!
Рәсім-бей:
— О, тәңірім, сақтай көр! — деп күйіне күрсінді. Ал секпіл бет тұрып:
— Мырза, дұрыстап тынығып алыңызшы! — деді қамқор үнмен.
Көзілдірікті ілесе сөйлеп:
— Не істесеңіз де еркіңіз ғой, әпендім, бірақ ә дегеннен жұмыс басты боп шаршамаңызшы! — деді.
Рәсім-бей:
— Жоғалыңдар, түге! — деп ақырды.
Жұмыс жайына қалды. Рәсім сыртқа шықты.
Жылмаң жігіт оның алдына түсіп алып:
— Жол беріңдер!.. Қаламыздың басшысы келе жатыр!.. Жол беріңдер!.. Жолдан былай тұрыңдар!..— деп жұртқа айқайлай бастады.
Рәсім-бей үйіне әрең жетіп, есігін тарс жауып жатып қалды. Ол күні көшеге мүлде шықпай қойды.
Таңертең қалалық екі газеттің екеуін де алып келуін әмір етті. Екі газет те оның үлкен-үлкен портреттерін басыпты. Бірінші газет: «Данышпан адам, біздің қала тұрғындарының мақтанышы!» депті. Екінші газет: «Дүние жүзіндегі ең іскер мэр!» депті. Екі газет оны бәсекелесе мақтап, тіпті жер-көкке сыйғызбапты.
Кешке мэрдің үйіне қарай машиналар тағы ағылды.
— Біздің қалаға бишілер келді,— деді оған салпы қарын.— Олардың өнерін үйге шақыртып алып көресіз бе, әлде ел-жұртыңызды қуанышқа бөлеп казиноға барып көресіз бе?
Казинода жылмаң жігіт тағы да суырылып сөйлеп берді:
— Аса құрметті мэрмен бір мезгілде өмір сүру, оның маңында жүру — біз үшін нағыз бақыт...
Ол жарты сағаттай сөйледі. Мэр оны тыйған жоқ. Одан кейін көзілдірікті шықты:
— Біз шексіз бақыттымыз, себебі: біздің аса қадірлі мэріміз шын мәнінде ең қайырымды, ең мейірімді адам...
Рәсім-бей жымиып тыңдап отырды.
Арада бір жыл өтті.
Баяғылар тағы да бас қосты.
— Жоқ, жарандар, оны енді ауыздықтай алмаспыз!
— Әбден есіріп кетті!
— Бұл бәрінен де асып түсті. Мұны да өз сорымызға сайлаппыз! Сұмдық-ай!
— Менменсіп алды! Жер мен көкті осы жаратқан сияқты.
— Жерді жалғыз өзі көтеріп тұрғандай!
— Нағыз есірік!
— Есалаңдардың бәрі осындай болады!
— Ал енді не істейміз!? Бұл жексұрынды келесі сайлауға дейін тайраңдатып қойып отырамыз ба?
— Жо-жоқ! Жетер!.. Оның орны — жындыхана. Өздерің ойлаңдаршы: жаман үйін музейге айналдырып алды!
— Алаңға өзіне ескерткіш орнаттырып қойды!
— Ол кеше әлгі кімнің бетіне былш еткізіп түкіріп жіберді!
— Өткен түнгі қонақасыда есі кеткенше ішіп, билеймін деп стол үстіне жата қалып сереңдеген жоқ па?!
— Сонда бұл есалаңға не істейміз?!
— Оның бір ғана амалы бар: дәрігерге апарып көрсетіп, қағазын мықтап алып, тұп-тура жындыханаға тапсыру керек!
Көзілдірікті қопаң етті:
— Енді кідіруге болмайды. Әйтпесе ол біреуімізді қылғындырып өлтіріп тастайды.
Рас, рас, тез қимылдауымыз керек!
Ертең оны төсегінен тұрғызбастан аяқ-қолын байлап, жындыханаға апарғызып тастайық. Сонсоң жаңа сайлауға кірісеміз.
— Дұрыс айтасың. Ал оның орнына кімді сайлаймыз?
— Жарандар, енді абайлайықшы! Тым болмаса осы жолы дені дұрыс біреуді сайлайықшы!
— Оның рас! Есалаңдар-ақ жұртты жынды қылатын болды!
Орысшадан аударған Ғаббас Қабышев
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі