Өлең, жыр, ақындар

Долана

Таң рауандап атып келе жатқан кезде атам мені тәтті ұйқыдан оятатын. Көзімді ашсам, таңертеңгі салқын ауада қызыл атлас көрпеме шық тұрып қалғанын көрем. Бір түрлі дымқыл, қоңырсық иіс шығады. Үстіңнен көтеріп тастаудың өзі қиын. Зіл тартып қалады. Бірақ іші жып-жылы. Шыққың келмейді. Манаурап жата түскім келер еді менің. Осы кезде аяғындағы саптама етігін тырп-тырп басып атам тағы да келеді жаныма.

— Нұрланжан-әй, тұра ғой енді. Тұр, балам!

Тұрғым келмей жатсам да, атам айтқан соң тұрам. Көрпемді ашқан заматта таңғы салқын бойымды қарып алады. Дірдек қағып отырып бас жағымдағы мыжылып қалған көйлегімді, содан соң біреуі оң жақта, біреуі сол жақта қисайып жатқан басы мүжік сары бәтіңкемді кие бастаймын.

— Бір үзім нан турап, бір кесе қымыз ішіп ал! — Мұны айтқан апам ғой. Атам бұл кезде шалғы орағын иығына салып, көк есекті арбаға жегу үшін қораға қарай беттейді.

Сәлден соң сықырлауық ағаш арбаның үстінде тоңып, әрі ұйқымды аша алмай мен отырамын да, қашан да митің-митің жүрісінен жаңылмайтын көк есектің үстінде қалқайып қара шал — менің атам отырады.

Біз жайлап жылжи береміз. Қоңырбөрікке жеткенше күн тас төбеге көтеріледі. Оған дейін қайда-а-а?

Қоңырбөріктің баурайындағы бидайығы мен қымыздығы аралас шөбі шүйгінді жерді атам жыл сайын орып алатын. Басқа жерге барғысы келмейді. Тек сол — Қоңырбөріктің шөбін ғана орады. Себебі ол жер біздің ата мекеніміз ғой. Атамның атасы, бабаларының бабасы... бәрі де сонда көмілген, бәрінің сүйегі сонда қалған... Ескі шаңырақ, ата қоныс. Кішкентай ғана төбешік — Қоңырбөрік! Алыстан қарағанда алып дәу бөркін ұмыт қалдырып кеткен секілді... Биігінде біздің бабаларымыздың зираты. Төмпешік-төмпешік молалар, әйтеуір, бір замандарда пайда болған да, содан бері күтімсіз, қараусыз қалыпты. Ешкім ол жерге бармаған да, баспаған да секілді. Белгі боларлықтай күмбез не қыш там орнатқан да ешкім болған жоқ. Бір өкініштісі — сол. Мына қатқан қара шалдың қаусаған кәрі сүйегін сықырлатып ол зираттарды күтімге алар дәрмені де жоқ қазір.

Атам айтады: «Шіркін-ай, сол зираттарға Самарқандтың көк тасын орнатпасам да, тым болмаса белгі соғып кетер ме едім».

Бұл атамның арманы ғой. Кім білсін, бәлкім, бір замандарда орындалар...

Мен ойлаймын: «Шіркін, ертерек есейсем, Қоңырбөріктің үстіне күндіз күн нұрына, түнде ай сәулесіне шағылысатын бір ғажайып күмбез салғызар едім...»

Қоңырбөрік атам екеуіміз үшін дүниедегі ең қадірлі мекен. Сондықтан да, мына қатқан қара шал — менің атам, шөп оруды сылтауратып Қоңырбөрікке жетуге асығады, және шөп оруға тым ерте, алма ағаштар енді гүлдей бастаған кезден-ақ қамданады. Сондықтан да біз көктемді асыға күтеміз...

Қоңырбөріктің беткейінде, жол жиегіне таяу бір түп долана өсетін. Жылда көктемде, атам екеуміз шөп оруға келгенде аппақ гүлдерін ашып құлпырып тұрар еді, бірақ биыл кәрі бұтаның тамыры қураған ба, гүлдемепті...

Атам гүлдемей қалған долананы көргенде:

— О, жарықтық, — деді күрсініп. Есекті тоқтатып жерге түсті. Содан соң тағы да:

— Жарық-тық, — деді ерні болар-болмас қимылдап. — Бұның не?

Мен үндей алмай атама бір, доланаға бір жалтақ-жалтақ қарап отырмын.

Іштей долананың гүлдемегені енді қайтып жеміс салмайтындығы екенін түсініп жабырқадым.

Атам доланаға жақын барып, асықпай кәрі бұтаның еш жерін қалдырмайын дегендей бажайлап қарай бастады. Оның не ойлағанын кім білсін?

Атам айтатын: «Ілгеріде бұл жерде біздің бау болған еді. Кейін аласапыран заманда жоғалып кетті», — деп.

Бірақ менің оған сенгім келмейді. Бір кездерде жайқалған бау болса, қазір тым болмаса орны қалар еді-ау. «Әне бір, шөп басып кеткен ескі арықтар арқылы өзеннен су ағып келуші еді», — дейді атам. Оған да сенгім келмейлі. Сонда бір кездерде жайқалып тұрған баудан тым болмаса бір ағаштың қалмағаны ма? Жалғыз ғана жабайы долананың қалуы мүмкін бе?.. Оның өзі де... Енді, міне, шақырайып тас төбеге көтерілген күнге қарап ербиіп қалыпты... Атам екеуміз бұл күнді көңілсіз өокіздік.

Баяғыдай жүгіріп ойнай алмадым. Тек атамның түнерген қабағының бір жадырауын күтіп отырмын.

Жылда долананың түбіне қойып жүретін қымыз құйылған брезент мес бүгін көне арықтың ішінде жатты.

Баяғыдай атам да долананың түбінде тынығып отырып, қымыз құйып ішкен жоқ. Және неге екені белгісіз төбе басына да бармады. Тек көне зираттарға қарап тұрып алақанымен бетін сипады.

Атам екеуміз бұл күні үйге көңілсіз қайттық.

Шөп қораға кіре бере айырын шөмеленің үстіне лақтырып тастап маған:

— Есекті бастырмаға байлай сал, — деп қысқа әмір етті де, үстіне жабысқан шөп-шаламды да қақпастан үйге қарай беттеді. Ат ақырдың жанынан өте бергенде апам қарсы келіп қалып еді, қағып кетті.

— Мына шал қайтеді-ай! — апам кейіп жатыр. — Бірдеңенің салқыны тиген бе өзіне?

Әзірейілдей болмай үстіңді қақ былай. Әлиза келді үйге.

— Не дейді?

— Қызың келді деймін. — Содан соң апам ақырындау сөйлеп тағы бірдеңелерді айтты. Ести алмай қалдым. Бірақ Әлиза келді дегенді естігендеарбанын үстінде тұрып, қуанғанымнан секіріп-секіріп түстім. Әлиза менің қалада оқитын әпкем ғой. Жылда жаз жаз айларында үйге келіп бірер ай жүріп кетеді. Өзімен бірге қуаныш әкелгендей, ол келгенде бәріміз мәре-сәре болып қаламыз. Шашылып жатқан үй іші жиналып, қашан көрсең ыбырсып жататын апамның жерошағының айналасы тап-тұйнақтай болып тазарады.

— Не? — Осы сәт атам оқыс ожыраң ете қалды. Сірә, апамның сыбырлап айтқан сөзін естімей қалған болуы керек.

— Әлиза... — Тағы да апамның соңғы сөзін ести алмай қалдым.

— Не дейді? Тағы да не шығарып жүрсіңдер?

— Әй, шал, ақырын. Ақы-ы-рын деймін, ойбай!

— Кетші-әй, әрі!

Атам қалбаң қағып үйге қарай құлдыраңдай жөнелді. Түкке түсінбей апам маған қарады.

— Мына шалға бүгін не болған?

— Қоңырбөріктегі жалғыз түп долана биыл гүлдемей қалыпты, — дедім күңк етіп.

— Е-е, жарықтық...

Көк есекті бас-көзге төпелеп жүріп бастырманың астына байладым да, үйге қарай құстай ұштым. Әпкемдер төргі бөлмеде отыр екен. Қасында мен танымайтын бір қыз және серейген-серейген екі жігіт бар. Сірә, бірге оқитын достары болар... Жүгіріп кеп әпкемді құшақтай алдым.

— Қанша уақытқа келдің, әпке? Тағы да жазғы демалысқа келдің бе? — деп жатырмын даудырлап.

— Келдім ғой, Нұрлан. Келдім ғой...

Дүние жүзіндегі жақсы адам ғой менің әпкем. Оған деген менің көңілімнің ризашылығы шексіз. Күні бойы қасынан шыққан жоқпын. Қайда жұмсаса сонда жүгірем. Нені әкел десе де томпылдап жүріп тез-ақ әкеле қоям. Оған әпкем де, әпкемнің қасындағы Панзира да, Смайыл да, Бахтияр да мәз.

— Інің қандай жақсы, — деп күледі Панзира. — Өзі бауырмал екен. Бізбен тез-ақ танысып кетті-ау.

Түске таман бәріміз бірге тоғайға бардық.

Бахтияр, Смайыл үшейміз өзенге түстік.

— Ауылда қыздарға шомылуға болмайды. Ұят болады, — деп әпкем мен Панзира біраз жүрген соң кетіп қалды.

Күн ыстықта өзенге түскен қандай рақат! Су шашысып ойнап мәз болдық бір.

Біздің ауыл жақсы ғой, шіркін! Қандай қонағың келсе де баурап ала қояр табиғаты тамаша.

Өзеннен жүгіріп шығып жағалаудағы ыстық құмға қыздырынып жатырмыз. Бір кезде су жағасында өсетін есек мияның бір талын жұлып алып иіскеді де:

— Уһ, рақат-ай! — деді Бахтияр.

Мен шыдай алмай сықылықтап күліп жібердім.

— Неге күлесің? Бұл қандай шөп?

— Есек мия.

— Немене?

— Есек мия ғой. Жаман шөп. Есек жейді оны.

— Ха-ха-ха. — Смайыл Бахтиярға қарап сұқ саусағын көрсетіп ішек-сілесі қатып жатыр.

— Мен қайдан білейін, — Бахтияр да күліп, уысындағы есек мияны шашып жіберді.

— Мен сіздерге қазір иісі әдемі шөп әкеп берейін бе, — деп мақтанып қоям.

— Әкелші.

Жүгіріп жүріп өзен жағасынан бір шоқ киік от теріп әкелдім. Киік оттың иісі қандай екенін білесіз бе? Ғажап қой ол. Атам көбінесе өзен жағасындағысын менсінбей таудан теріп әкеледі. Ол жақтан әкелінген қышқылтым иісті қызғылт киік оттар тіпті ғажап-ау, ғажап! Біздің атай біледі ненің әдемі екенін. Апам киік оттың бір құшағын түтіндетіп арша күбісін ыстайды. Біздің үйдің қымызының дәмді болуының өзі сондықтан. Сондықтан ғой дүкенші Әзімбайдың:

— Жеңеше-ау, қымыз бар ма? Үйдегі келініңіздің қымызын ішкім келмей, сіздің үйге қарай аңсарым ауа береді, — деп қайта-қайта келе беретіні.

— Уһ, шіркін! Иісі қандай тамаша.

Бахтияр мен Смайыл киік отты мұрындарына тосып тамсанып жатыр.

— Ғажап-ау, ғажа-а-ап!

Тоғайда ұзақ жүріп қалыппыз. Түс ауа жарқабақ жақтан әпкем айқайлады.

— Әй-әй, Нұрлан! Шайға келіңдер!

Түскі шайды өріктің көлеңкесінде сәкінің үстінде отырып іштік. Атам жоқ. Апам ызыңдаған сары самаурынын жанына қойып алып шай құйып беріп жатыр. Апамның жанында мұрнымды жиі-жиі пыс-пыс тартып қойып мен, менің қарсымда әпкем мен Панзира, төрде Бахтияр мен Смайыл отыр. Ол екеуі сызылып ұяла береді.

— Шай ішіңдер, — деп қояды оларға әпкем қайта-қайта.

Әшейінде үйге қонақ келгенде шай алыңыз деп жік-жаппар болатын апам бүгін үндемей қалыпты. Шай да үнсіз ішілді.

Шайдан соң күн ыстықта маужырап ұйқың келеді. Әпкем Бахтияр мен Смайылға:

— Төргі үйге кіріңдер. Сонда салқын, — деді. Олрадың соңынан мен де зып етіп кіріп кетпек болып едім, апам:

— Әй, бала, бері кел, — деп шақырып алды. Үні қатаңдау естілді. —Тентіреп кетпей тоғайға барып тезірек су әкел.

Көк есекке екі флягті таңып алып, даңғырлатып тоғайға кеттім. Бүкіл ауыл ауыз су алатын жалғыз бастау — сол тоғайда. Шыжыған шілденің күнінде онда бару дегенің азап. Екі шеті жарқабақ, үлкен сайдың ішіндегі кіші-гірім тоғай тымырсық, сондай ыстық.

Ертеңіне шөпке атам, Бахтияр, Смайыл төртеуіміз шықтық. Атам көк есектің үстінде. Смайыл екеуіміз сықырлауық арбаның үстінде селкілдеп отырмыз. Бахтияр болса... Ой оның түрі қызық. Екі тізесі қопаңдап өткен жылы өлген қара мәстектің тайқарына мініп алған. Қара тайқар алғашқыда Бахтиярды мінгізбей қойған. Таяқпен бас-көзге төпелеп Бахтияр да қоймады. Ақырында мініп алды. Міне, енді, қара тайқар қыңырайып арбаның соңынан ілбіп келеді. Тағы да күн шақырайып тас төбеге көтерілген кезде Қоңырбөріктің етегіне іліктік.

Бахтияр мен Смайыл әлі де айналаға қарап таңданумен келеді. Оларды қызықтырған: қабағына қырау тұрып, түнеріп жатқан тау, тау бөктеріндегі хош иісті аршалар, соно-о-у сайдағы мөлдір көк өзен — Өгем, мына тамылжыған сұлуда көркем табиғат еді.

— Ақсақал, мына тау қалай деп аталады? — деп сұрады Смайыл.

— Қазықұрт қой, шырағым-ау. Әлгі әдебиет дегендеріңде оқытпайтын ба еді, осыны?

Смайыл қызарақтап қалды.

— Сонда әне бір омырайған шыңның Кемеқалған болғаны ғой, — деді Бахтияр таңданып.

— Иә, сол — Кемеқалған.

Қоңырбөріктің төбесіне көтерілген кезде мен тағы да қу бұтақтары сидиып қалған долананы көрдім. Мынандай жер-дүниені күйдіріп тұрған ыстықта көкке қарап дәрменсіз күйде жап-жалаңаш ербиіп отыр. Атам күрсініп қойды. Мен төмен қарадым.

Сәлден соң атам мен Смайыл шөп оруға кірісті. Бахтияр өмірінде орақ тартып көрмепті. Қалада өскен ғой.

— Шалғы орақ тартып көрмеген жігіт жігіт пе, тәйірі, — деп кей кезде атам маған да тартқызып қойып жүретін. Әлім келмесе де әжептәуір тыртыңдаймын. Бахтиярдың сырықтай болып шөп шаба алмаймын дегені ыңғайсыз көрінген еді. Бірақ атам қонақты сыйлап үндемеді, егер қонақ болмағанда жекіп тастайтыны күмәнсыз еді.

Біз бұл күні долана жайлы қонақтарға тіс жарған жоқпыз. Олар мына қу бұтаның не екенін білген жоқ.

Смайыл бір рет:

— Ақсақал, анау төбе басындағы зираттарға кімдер жерленген, — деп сұрап көріп еді.

— Атам: — Оны қайтесің, шырағым, — деп қайтарып тастады. Содан қайтып әңгіме көп өрбіген жоқ.

Кеш бата үйге қайттық. Келсек әпкемдер үйді жайнатып қойыпты. Есік алдында жез самаурын екі иінінен дем алып бұрқылдап тұр. Аулаға су себіліп, сыпырылып қалыпты. Тап-таза. Төргі үйге дастарқан жайылыпты. Үстінде апамның шкафқа тығып ұстайтын қант-кәмпиттері жайнап тұр. Радионы ойнатып қойыпты.

Кешке қарай әпкемнің ауылдағы құрбы-құрдастары жинала бастады үйге.

Сол күні үйде ауылдың қыз-жігіттері түнімен сайран салды.

Даладағы сәкінің үстінде жатқан атам көпке дейін көз іліндіре алмады.

Апам екеуміз қазан-ошақ жақта қонақтарға тамақ әзірлеп түнімен әурелендік.

Қызық осы күннің ертеңіне болған еді.

Апам көз жасын жаулығының ұшымен сүртіп отырып:

— Қайтеміз, балам, пешенеге жазылған осы шығар. Көрерміз де... — деп тағдырына көнбістік етті.

Бахтияр мен Әлизаға бақыт тіледі. Атам «бір-екі күнге қалып шөбіңізді тасысып кетейік» деген Бахтиярға:

— Шырағым, шөп біздің көрмей жүрген қоқайымыз емес. Айналайын Нұрланжаным екеуміз-ақ тасып алармыз. Жолдарыңнан қалмаңдар. Ол тентек те азамат болып қалды ғой, — деп қайырды.

Ол да Бахтияр мен Әлизаға ақ батасын берді.

Мен болсам алғашқыда қуандым. Ақымақпын ғой. Әйтпесе әпкесінің күйеуге шығатынына інісі қуана ма екен?

Қызықтың бәрі әпкем келген күннен-ақ басталған екен. Атам мен апам маған сездірмепті. Бахтиярлар біздің үйге жайдан-жай келе қоймапты. Әлиза екеуі үйленуге рұқсат сұрай келіпті.

Біздің ауылда бірінші рет болған оқиға бұл. Қызы жігітін ертіп әкеп әке-шешесінен рұқсат сұрапты деген... Қызық. Менің Әлиза әпкем солай етеді деп кім ойлаған. Апам айтқандай жасауын жасап беріп, ырғалтып-жырғалтып ұзатамыз деп ойлаушы едім әпкемді. Бірақ бұлай етпеске олардың шарасы да жоқ еді. Өйткені Бахтияр балалар үйінде тәрбиеленіп өскен. Әкесі кішкентай кезінде қайтыс болыпты да, шешесі оны он бір жасында балалар үйіне тапсырып кетіпті.

Атама: «Маған әке орнына әке, шеше орнына шеше болыңыздар. Сіздің елдің салтында жоқ нәрсені жетіскенімнен жасап отырғаным жоқ», — депті ол тағы да.

Атам айтыпты: «Құрып қалсын ондай салты. Сендердің замандарың өзге. Бақытты болыңдар, қарақтарым. Біздің тілегіміз — сол».

Таңертеңгі шайдан соң әпкемдерді аудан орталығына қарай жүретін сықырлауық көк автобусқа шығарып салуға шықтық. Апам ағыл-тегіл жылап жүр. әпкемді құшақтап айрылар емес. Оның да жылай-жылай екі көзі бұлаудай болған.

Атам екеуміз томсырайып үнсіз тұра бердік. Бір кезде әпкем апамның құшағынан сытылып шығып, атама қарай ұмтылды. Осы сәтті күткендей атам да көз жасына ерік берген еді. Иегі кемсеңдеп, сақалын жас жауып жатты.

Маған сол сәтте дүниенің бәрі де жылап тұрғандай көрінді...

Расында да, көк автобустың ішіндегілердің көзіне жас алмағаны болған жоқ.

Панзира жылады солқылдап. Бахтияр мен Смайылдың көзі мөлтілдеп тұрды.

Менің де жылағым келді. Бірақ көзімнен жас шықпай қалды.

Автобус жүріп кеткен соң атам ағаш сәкінің үстіне келіп отырып әлденені шұқылап, іс тікпекші болды. Бірақ қолы қалтырап көпке дейін ісі түзелмей отырып қалды. Жалғыз қызымен қоштасардағы әке жүрегінің қаншалықты егіліп, елжірегенін мен сол сәтте аңғардым.

Көпті көрген көне көз қария — менің алатаудай асқар атам сол сәтте мыжырайып, жеміссіз қалған доланадай бейшара кейіпке түсіпті.

Апам үйге кіріп бүк түсіп жатып алды. Өксігін баса алмаған денесі солқ-солқ етеді.

Атама бір уақ үнсіз қарап отырдым да, шыдай алмай қора айналып кеттім. Бетімді ағыл-тегіл жас жуып барады. Қайдан келген жас? Не деген таусылмайтын жас еді? Ертеңіне күн бақан бойы көтеріле бір-ақ ояндым.

— Шайыңды іш, — деді апам солғындау.

— Атам қайда?

— Шөпке кетті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер