Халықты қанау, саяси-әлеуметтік правосыздықта ұстау ешқашан ел ішіндегі тыныштықты қамтамасыз еткен емес және олай болуы мүмкін де емес. Халық наразылығы қашан да қаһарлы, оның қуатына қарулы әскер мен құрулы бекініс те, алдап-арбаған сиқырлы сөз де — ешбір күш тосқауыл бола алмайды.
Патшалық Россияның самодержавиелік тәртібіне қарсы ұзақ жылдар бойы дәйектіліклен күрес жүргізген революцияшыл жұмысшы табы тек қана Петроград, Москва сияқты ірі орталық қалаларда ғана емес, шет аймақтағы отар халықтардың арасында да жан-жақты қолдау тапты. Революциялық қозғалыстың саяси басшысы, теориялық әрі іс жүзіндегі дайындаушысы дүниежүзі пролетариатының көсемі Владимир Ильич Ленин болды. Лениннің аты аңызға айналып, халың ұғымындағы қаһарман батыр ретінде қазақ жеріне де жетті. Революциялық қозғалыс қазақ елінде де кең етек жайды.
1918 жылы 2 марттан 3 мартқа қараған түнде Жетісу облысының орталығы Верный қаласында әскери-революциялық комитеттің басшылығымен қарулы көтеріліс жеңіске жетті. Сөйтіп, Алматыда (Верныйда) совет өкіметі орнатылды. Алматы қаласында совет өкіметін орнату жолындағы күреске П. М. Виноградов, Л. П. Емелев сияқты орыс большевиктерімен қатар Тоқаш Бокин, Тәшен Өтепов, Абдолла Розыбақиев сияқты жергілікті ұлт өкілдері де белсене араласты.
1918 жылдың 11 мартында Жаркентте (қазіргі Панфилов) совет өкіметі орнады, жұмысшы-шаруа депутаттарының бірінші уездік съезі өтті. Совет өкіметі сол жылдың март айында Гавриловкада (қазіргі Талдықорған), ал апрель айының бас кезінде Лепсіде орнады. 14-15 апрельде өткен Лепсі уездік Советінің съезі совет өкіметі орнады деп жариялап, Лепсі уездік халық комиссарлар Советін сайлады, оның председателі А. Е. Воеводин болды. Көп ұзамай совет өкіметі Жетісудың барлық жерінде орнады.
Бірақ революция жаулары да қарап жатпады, жас совет өкіметін бесікте тұншықтырмақ болып барын сала жанталасты. Ақгвардияшылар мен шетел интервенттері алашордашылармен бірігіп Қазақстанның түкпір-түкпірінде үлкен контрреволюциялық қауіпті күшке айналды. Көтеріліс жасап, бүліншілік ұйымдастырып, олар совет өкіметі орнаған территорияларды қайтадан басып ала бастады. Соның нәтижесінде, көп ұзамай Қазақстанда да азамат соғысы кең өріс алды. Жау тылында жас совет өкіметін жақтаушылар қарулы көтерілістер жасап, қызыл партизандар бірлестігінің рейдін ұйымдастырды. Жалпы, Жетісудағы азамат соғысының басталуы 1918 жылдың апрель ортасы саналады. Алматы төңірегіндегі ақ казактар мен ақтың офицерлері Совет өкіметіне қарсы бүлік шығарды. Ол бүлікті басу үшін Алматыдан қызылгвардия отряды Талғарға аттанды. Сол соғыс Жетісу майданының басы болды.
Жетісудағы азамат соғысының жарқын бір көрінісі — Черкасск қорғанысы. Саяси және әскери маңызы жөнінен Черкасск қорғанысы — тек Жетісу майданындағы емес, жалпы одақ көлеміндегі азамат соғысының ерлік шежіресіне қосылған үлкен үлес. Батыс Сібірден келе жатқан шетел интервенттері мен ақгвардияшыларды Жетісудың оңтүстігіне, жалпы Түркістан республикасына қарай өткізбей, Черкасск қорғанысының жауынгерлері жау жолына мықты тосқауыл жасады.
«Черкасск қорғанысы» деген терминді көркем әдебиетке де, тарихи әдибиетке де алғаш енгізген адам — әйгілі Чапаев дивизиясының комиссары, көрнекті совет жазушысы Д. А. Фурманов. Ол өзінің «Бүліншілік» романында Лепсі уезінде 1918 жылы жау тылында совет өкіметі үшін болған күресті «Черкасск қорғанысы» деп атады. Сол 1925 жылдан бері бұл термин ғылымға тұрақты енді.
Черкасск қорғанысы шын мәнінде халық қаһармандығының эпопеясы болды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор П. Пахмурныйдың дәлелдеуі бойынша, Черкасск қорғанысы әдетте айтып жүргеніміздей 1918 жылдың сентябрінен емес, июнінен басталады. Оны сол қорғанысқа қатысушылардың жазба деректері дәлелдейді. Совет өкіметіне қарсы бүлік көтерген ақ казактарға, кулактарға, алашордашылар мен ақгвардияшыл Сібір уақытша үкіметінің әскеріне Лепсі уезінің шаруалары қарулы қарсылық көрсетіп, қорғаныс отрядтарын ұйымдастырды.
Жалпы, Черкасск қорғанысы үш кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең 1918 жылдың июнінен сентябріне дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңде Лепсі уезінің шаруалары Алматыдан көмекке келіп үлгерген қызылгвардияшылар отрядымен бірлесе отырып Октябрь жеңісін қорғау күресін бастады.
Екінші кезеңге 1919 жылғы сентябрьдің орта шенінен 1919 жылдың июліне дейінгі аралық жатады. Бұл аралықта ақгвардияшылардың алыс тылында үш мың шаршы километрге жуық жерді қамтыған советтік бекініс ауданы құрылды. Ол ауданда 50 мыңдай халық болды, оның құрамына 21 селоның және ол кезде қала атанған Лепсінің адамдары да кірді, Черкасск қорғанысының алғашқы кезеңінде ақгвардияшылардың қоршауында 15 село қалды, олар – Черкасск, Петропавловск, Андреевск, Николаевск, Осиновск, Герасимовск, Успенск, Колпаковск Глиновск, Михайловск, Пограничное, Ново-Надеждинск, Константиновск, Ново-Ивановск, Антоновск. Ал Покатиловск, Веселовка, Саратовск, Аққұдық, Трегубов, Лагонск және Лепсі қаласының тұрғындары түгелдей дерлік қорғаныс отрядымен бірге Антоновскіге келіп бекінді. Олардың күресін Лепсіден Черкасскіге қоныс аударған Жұмысшы, солдат, шаруа және қазақ депутаттары Советінің Лепсі уездік атқару комитеті басқарды.
Үшінші кезең 1919 жылғы июльдің екінші жартысынан 14 октябрьге дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезең — Черкасск қорғанысының ең ауыр кезеңі. Сан жағынан да, қару-жарақтың сапасы жағынан да күші әлдеқайда артық ақгвардияшыларға қарсы күресте совет ауданын қорғаушылар он шақты селоны жау қолында тастауға мәжбүр болды. Олар Анненковшылардың қоршауындағы Черкасск, Петропавловск және Антоновскіге қарай шегінді. Олар азық-түлік тапшылығын тартты, аттарына беретін жем болмады.
Черкасск қорғанысы ұзындығы 70, ені 30 шақырым жерді қамтыды. Қорғанысқа қатысушылар жауға қарсы соғыса отырып егін егуді, малға азық-түлік даярлауды тоқтатпады. Черкасск қорғанысы майданына көп ұлт өкілдері қатысты. Орыс, украин, қазақ, татар, ұйғыр, тағы басқа ұлт өкілдері ортақ жауға бірлесе соққы берді. Әскери лазарет ұйымдастырып, жаралыларға жәрдем берген дәрігер қазақ А. Көтібаров жауынгерлердің ыстық ықыласына бөленді. Ғабдолла Әбішев, Рахманов сияқты шаруалар; Қоңырөлең, Ақтасты, Аманжол ауылдарының қазақтары қызыл партизандарға үлкен көмек көрсетті. Оларға азық-түлік, көлік тауып берді. Лепсі тұрғындары Файзрахман және Зұлқарнай Елеусіновтер арқылы Черкасск қорғанысының жауынгерлері «Тарбағатай тау қырандары» қызыл партизандарымен байланыс жасап отырады. Қару-жарақ жеткізуде, құпия жолдармен байланыс жасауда қазақ кедейлері қорғаныс жауынгерлеріне көп көмек көрсетті. Ғабдолла Әбішев 1918 жылы Покатиловскідегі отрядтың штабында аудармашы болады. Солтүстік Жетісу майданымен байланыс жасау үшін, бірнеше рет отряд пен топ бастап шығады. Черкасск соғысында жараланады. Азамат соғысы біткеннен кейін Сарқан облыстың революциялық комитеті председателінің орынбасары болып, одан кейініректе қосшы одағы мен колхозда қызмет істейді. 1895 жылы туған.
Черкасск қорғанысы 1919 жылдың 14 сентябрінде құлағанмен, қорғанысқа қатысушылар өз борыштарын адал орындады. Олар он жеті ай бойы аса қиын жағдайда соғысты. 1919 жылдың сентябрінде майданда бар-жоғы 1905 адам, 548 ат, екі жеңіл және екі ауыр зеңбірек, үш линиялы 60, төрт линиялы 1660 винтовка, 5 пулемет қана бар еді. Ал сол кездегі ақгвардияшыларға төтеп беру үшін оларға кемінде 5 мың жауынгер және соғысқа сайма-сай жақсы қару-жарақ қажет-ті. Ең қиыны Черкасск қорғанысының жауынгерлеріне сырттан көмек көрсету мүмкін болмады, оған Солтүстік Жетісу майданының шамасы жетпеді. Ол кезде ондай шама тек Жетісу емес, бүкіл Түркістанда да жоқ еді. Ондай күш пен мүмкіндік жас совет өкіметін жақтаушылардың қолына көп қиындықтан кейін, кешірек түсті.
Алайда Черкасск қорғанысының маңызы зор. Ол колчакшыларды Жетісу жеріне жібермей ұстап қалған бірден-бір қарулы күш болды. Ішкі жақтан әскер әкеліп, Түркістанда Қызыл Армияның бөлімдерін жасақтауға жететіндей қымбат уақытты ұттық. Соның нәтижесінде Жетісудағы контрреволюциялың күштерді жоюға қолайлы мүмкіндік туды.
1968 жылы «Қазақстан» баспасы «Черкасск қорғанысы» деген атпен документтер мен материалдардың жинағын басып шығарды, оны ғалымдар П. М. Пахмурный мен И. Н. Бухонова құрастырған. Сол жинақтағы деректі материалдар бұрын белгісіз болып келген бірталай мәселелердің бетін ашады.
1918 жылдың 15 апрелінде Лепсі уездік халық комиссарлары советінің бірінші мәжілісі өтеді. Халық комиссарлары советінің председателі болып А. Е. Воеводин, жолдастары (серігі, орынбасары) болып В. Г. Погорельский мен Б. М. Маметов сайланады. Мәжіліс протокояына қарағанда, комиссарлар құрамына жергілікті ұлт өкілдері кең тартылған тәрізді. Мәселен, жер комиссары А. Е. Воеводин болса, оның жолдасына Ниязов, мүшелігіне Күдерин мен П. Калинин сайланады. Ал азық-түлік комиссарлығына П. Токарев, жолдастығына Ысқақов, мүшелігіне Довбия мен Есіркепов сайланыпты. Кейін, Черкасск қорғанысы басталғанда, осы ұлттар сыйластығы жаудың бетін қайтарған үлкен идеялық қаруымыздың бірі болды.
Жоғарыда айтқанымыздай, Черкасск қорғанысы 1918 жылдың июнь айынан басталады. 3—4 июньде контрреволюцияшыларға қарсы күресті күшейту мақсатымен Лепсі және Қапал уездеріне Н. Н. Затыльников пен И. Е. Мамонтов басқарған отрядтар Верныйдан аттанады. Әр жерде қару алып ақгвардияшыларға қарсы көтерілген партизандарға бұл отряд белгілі дәрежеде рухани дем берді. Мамонтовтың қызылгвардияшылары 3 июльде Үшарал селосын алады, содан кейін Ұрыжарды ақтардан тазартады, 27 июльде Мақаншыны азат етеді, сол арада батыр командир И. Е. Мамонтов ерлікпен қаза табады, оның орнын туған інісі Иван Мамонтов басады.
Жау күшті еді, ал шаруа партизандар соғыс ісінде әлі тәжірибесіз-тін, бірақ олар бостандығын бар ынталарымен қорғады. Алғашқы қарсылықтың өзі ақгвардияшыларды қатты ойлантқандай еді. Кейбір селоларды қорғаған партизандардың күші 25—50 адамнан аспады, соған қарамастан олар теңдесі жоқ ерліктің үлгісін көрсетті. Покров селосының нашар қаруланған шаруалары өздерінен күші әлдеқайда басым ақгвардияшылардың шабуылын тойтарып, 28 июльден 13 сентябрьге дейін 47 күн бойы ерлікпен қорғанды. Ал Покатилов селосының негізінен айыр және найзамен қаруланған 250 шаруасы 2 зеңбірегі, 6 пулеметі бар, адам саны мыңнан асатын ақгварлияшылардың шабуылына үш күн бойы ерлікпен тойтарыс береді, ақырында 2 сентябрь күні жау тылынан айналып соққан көмектің арқасында Покатилов селосы азат етіледі.
Ерлік пен жауыздықтың ымырасыз майданында үрей туғызамыз, жасытамыз деп сенген ақгвардияшылар жазалаған сайын қызылгвардияшылардың кекке кек жамап, жауынгерлік рухтары шыңдала түсті. Лепсі уездік ақтару комитетінің делегаттары Ф, Корницкийді, Т. Воеводинді және П. Довчалепті ақгвардияшылар жазалап өлтірген соң, Лепсі уездік атқару комитетінің кеңесі 1918 жылы 9 августа председатель етіп С. С. Подшиваловты сайлайды. Ол партия қатарында болмағанымен, еңбекші шаруалар арасында үлкен беделі бар адам еді
1919 жылы июльдің 10-ынан ІІ-іне қараған түнде Үшаралдағы большевиктік жасырын топтың басшыларын анненковшылар аяусыз жазалады. Топ басшылары В. Татарков пен К. Сыкаловты дарға асып, мүшелері А. Саламохинді, И. Зубенконы, М. Беспаловты, Д. Саньковты, С. Дегтяревті, А. Дегтярева мен Д. Коверинді атып тастады.
1919 жылдың сентябрінде ақгвардияшылар Глинковск, Колпаковск және Константиновск селоларының тұрғындарын қырып, селоны өртеп жібереді. Бір ғана Колпаковск селосының 650 адамын қырады. Өлген әйелдер мен балаларды, шалдарды сол өлген жеріне көмеді.
Қорғанысшылардың өз арасында да іштен шалатын жаулар болды. 14 ноябрьде кулактардың құпия қастандығы әшкерленеді. Оны ұйымдастырушы Ященко, Колесников, Гноевых және Покидько деген сатқындар әскери-революциялық трибуналдың үкімі бойынша қолма-қол атылды. Ерлік пен ездіктің ежелгі бәсекесі қорғанысшылардың арасында да жүріп жатты.
Черкасск қорғанысшылары, жан-жағы жаудың құрсауында қалса да, қарсылықтарын бәсеңдетпеді. Олардың рухани күші, сенімі берік еді. Көп ұзамай ақгвардияшылардың талқандалатынына, өйткені оларды ешқашан еңбекші шаруа қолдамайтынына олар кәміл сенді, сондықтан бүгін-ертең жарқын болашақтың жеңетініне үмітпен қарады. Біз қоршауда қалғанымызбен, басқа жұрт еркіндікте, жас совет елінің ержүрек әскері бізді құтқаруға тиіс деп иланады. Сол мақсатпен олар сан рет Алматыға өз делегаттарын аттандырып қарулы көмек сұрайды. Мәселен, 1919 жылдың 5-10 февралінде бір топ делегатты қиын-қыспақ тау сүрлеуімен Серікбаев және Рахимов деген қазақтар ақгвардияшылар күзетінің көзіне түсірмей аман-есен алып өтеді, олар 13 февральде Қапалға келіп, содан ары Алматыға аттанады. Мұның өзі Черкасск қорғанысының бүкілхалықтық күрес болғандығын дәлелдей түседі. Рахманов деген қазақ 1919 жылдың 13 апрелінде 2 пулеметі бар 116 адамнан құралған халық жасақшыларын құпия аңшы сүрлеуі арқылы аман-есен алып өтіп, Черкасск қорғанысшыларының құрамына әкеп қосады. Бірақ Рахмановтың аты-жөні, бұрынғы-кейінгі тұрағы әзірге белгісіз.
1919 жылдың 2-3 апрелінде 8 мың ақгвардияшы Андреев және Черкасск поселкелеріне шабуыл жасайды, бірақ өздері жеңіліс табады. Андреев поселкесінің түбінде болған ұрыста 600 ақгвардияшы совет әскерлерінің жағына қашып өтеді. Бұл фактіде үлкен сыр бар. Анненковшылардың қол астында көптеген шаруа қорыққанынан, амалсыздықтың құрбаны болып қана жүрді, ал шын мәнінде олардың үміті, тілегі советтік шындық жағында еді. Атаман Анненковтың Жетісу өңірін лаңдаған қатыгездігі айрықша. Ол — өмірінде түбірімен монархияшы болған адам. Ақ казак бандыларының атышулы атаманы 1918 жылы 28 жаста болатын. Ол басқарған бандылар Ақмола, Семей және Жетісу облыстарында сан мыңдаған жазықсыз жандардың қанын төкті; елді мекендерді қиратты. Анненков 1906 жылы Одесса кадет корпусын, ал 1908 жылы Москвадағы Александр әскери училищесін бітірген әскери білімді жау еді. 1919 жылы дивизия атаманы, артынан ақгвардияшыл Айрықша Жетісу Армиясының қолбасшысы болды. 1920 жылы күйрей жеңілген соң, Қытайға қашып өтеді де, 1926 жылы Совет Одағына қайта келеді. 1927 жылы атылады. Жетісудағы оның жауыздық әрекеттері мен оған қарсы жүргізген Қызыл әскердің ерліктері жазушы Чекменевтің «Жетісу» атты романында жан-жақты көрсетілген.
Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, өткендегі кейбір істер жай ғана қарабайыр нәрсе сияқты. Ал сол кездің көзімен үңілсек, адамдардың жанкештілігіне, жанын шүберекке түйген тәуекелшілдігіне еріксіз таңданасың.
Жан-жағын жау қоршаған Черкасск қорғанысшыларымен ешбір жол арқылы байланыс жасау мүмкін болмай қалған жағдайда онымен әуе жолы арқылы байланысу шешілді. 1919 жылды 1 апрелінде Верныйға әскери ұшқыш А. А. Шавров пен механик Шеманюк келді, олар бүкіл Россия авиациясының тарихында тұңғыш рет Алатауды асып түсіп асқан ерлік жасады, сол ерлігі үшін олар Қызыл Жұлдыз орденімен наградтауға ұсынылды. Александр Александрович Шавров самолетпен Черкасск қорғанысының жағдайын барлап, оның ержүрек жауынгерлеріне Қызыл Армияның Колчакқа қарсы жеңімпаздықпен соғысып жатқандығы жайында баяндайтын арнайы вымпел тастап, оларға күш-жігер берді. Шавровтың ұсынысы бойынша Лепсі уезін азат ету мәселесі майдандық съезде арнайы қаралады. Шавров 1892 жылы туған, РКП (б) мүшесі. Алматыдағы ерлер гимназиясында, одан кейін Москвадағы Халық университетінде оқыған. Бірінші дүниежүзілік соғысы кезінде прапорщик, кейін штабс-капитан болған. 1917 жылы Севастопольдегі әскери-авиация мектебінің тыңдаушысы екен. Ростовтағы Донда жүріп азамат соғысына белсене араласады. 1919 жылы Самарадан Ақтөбеге, одан Ташкентке ұшып келеді. Түркістан Советінің Төтенше VII съезіне қатысады. Оны 1919 жылдың 22 июнінде Н. Калашников деген сатқын айуандықпен өлтіреді.
Черкасск қорғанысшылары көп жағдайды күңгірт білді. Олар сырттан көмек келмеуін, мәселен, Жетісу облыстың атқару комитетінің осалдығынан, оның қызметкерлерінің дәрменсіз басшылығынан деп түсінді. Ал шын мәнінде бәрі объективті жағдайдың қиындығынан еді. Черкасск қорғанысшыларына дереу көмек беру қажеттігін Жетісу облыстық съезі әлденеше рет қарады, арнайы қаулы алды, ол істі жауапты адамдарға әлденеше рет жүктеді. Бірақ оның бәрін дереу жүзеге асыруға күш те жетпеді, жағдай да болмады.
1919 жылы майданға Жетісу облысындағы әскердің қолбасшысы Лука Потапович Емелев бастаған бір топ коммунист жіберілді. Қиын жағдайды олардың қаһармандығы да өзгерте алмады. Августың 24-інен 25-іне қараған түнде Емелев басқарған Қызыл Армия бөлімшесі Черкасск қорғанысына қарай өту үшін Ақсуға шабуыл жасады. Қырғын соғыс алты сағатқа созылды. Күші басым жаудың тегеурінімен біздің әскер шегінуге мәжбүр болды. Осы ұрыста ержүрек командир Емелев ауыр жараланды. Сол жарадан ол сентябрьде қаза болды. Емелев 1894 жылы туған, 1917 жылдан коммунист еді. Жаркент қаласындағы (қазіргі Панфилов) жоғары бастауыш училищесін бітірген, мамандығы телеграфшы. Ташкентте, Алматыда совет өкіметін орнатуға белсене араласқан адам.
1919 жылдың 17 сентябрінде Солтүстік Жетісу майданының революциялық советі Черкасскіге әскери нұсқаушы етіп Петроград РКП (б) ұйымының мүшесі Петр Тузовты жібереді. Ол кез Черкасск қорғанысшыларының жағдайы аса қиындаған кез еді. Тузов қорғаныс ауданындағылардың сеніміне өте тез ие болады. Питерлік коммунист әскери ұйымдастырушылығымен қатар шешен сөйлей де алатын, соның нәтижесінде ол келген бойда-ақ Черкасск қорғанысы саяси бөлімінің мүшелігіне сайланады. Көп ұзамай ол Черкасск қорғанысының іс жүзіндегі басшысы болды. Соның нәтижесінде, қорғанысшылардың арасында тәртіп күшейеді, қырағылық артады. Аннековтың агентіне сатылған Лысаков бастаған астыртын ұйым әшкереленеді. Тузов саяси комиссарларды тәрбиелеуге баса назар аударады. Тарихшылардың бағалауына жүгінсек, Петр Тузозтың ұйымдастырушылық істері Черкасск қорғанысының мерзімін бір айға дерлік ұзартады. Ол кез үшін бір ай дегенің бір жылға бергісіз мерзім еді.
1919 жылдың 10 октябрінде Петр Тузов атаман Анненковқа бейбіт жолмен келісімге келу жөнінде хат жолдайды. Ал келісімге келу жөніндегі ұсынысты алғаш 9 октябрьде Анненковтың өзі бастайды. Құрамында П. Тузов, С. Подшивалов, И. Цаплин, М. Смурыгин және Ф. Босяк деген кісілер бар қорғанысшылардың делегациясын ақгвардияшылар көздерін таңып Анненковтың жеркепесіне окоп арқылы алып келеді. Келіссөз кешкі сағат сегізге дейін созылады. Келісімге келудің жеті түрлі шарты белгіленеді, оны 11 октябрьдегі сағат 9-дан бастап 30 сағаттың ішінде орындау қажет болады. Сол кездегі мәліметке қарағанда, қоршауда барлығы 33 мың адам, ал оның 9 мыңы ғана қарулы болса керек.
Черкасск қорғанысшыларының басына шын мәнінде ауыр күн туды. 17 ай бойы ақгвардияшылармен толассыз айқасып, оның он төрт айында қоршауда қалып соғысу — әрі төзімділікті, бірауыздылықты қажет ететін жағдай. Оған ердің ері ғана шыдаса керек. Черкасск қорғанысы табандылық пен төзімділіктің, ауызбірліктің үлгісін көрсеткен оқиға болды. Атаман Анненков 1919 жылдың 13 октябрі күні Андреевкадан Семейге жіберген хабарында: «Қызылдардың табандылығы таңқаларлық»,— деп жазады. Жау қолбасшысының ол мойындауы, әрине, тегіннен тегін емес.
Анненков қорғанысшыларға қаруларыңды тапсырып беріліңдер деген талап қояды, ал қорғанысшылар бейбіт келісімге келейік деп ұсыныс жасайды. Өзара өстіп келісе алмай да біраз уақыт өтеді. Ақырында қорғанысшылардың арасындағы кейбір адамдарда екі ойлы толқу пайда болады. Соны сезген атаман Анненков қорғанысшыларға қарсы шабуыл бастайды. Әуелі Антоновка селосы Черкасскіден бөлініп тасталады, артынан оны жау басып алады, одан кейін Черкасскі де жау қолына өтеді. Сөйтіп, 1919 жылдың 14 октябрінде Черкасск қорғанысы құлайды. Черкасск қорғанысына қатысқан жауынгер партизандардың аз ғана бөлігі ақтардан аман құтылады. Қоршауды қарудың күшімен бұзып құтылып кетуге тырысқан 44 адамның 18-і ғана Қапалға аман-есен жетеді. Қорғаныс басшыларынан атқару комитетінің председателі С. Подшивалов, атқару комитетінің мүшесі Малыхин, облыстың атқару комитетінің мүшесі Л. Коряк қана аман құтылады. Черкасск қорғанысының территориясына қараған Константиновск, Глинковск селоларын ақтар күл-талқанын шығарып өртейді. Тығылып үлгермеген партизандарды кулактар он-ондап ақтардың қолына ұстап береді. Жау қолына түскендердің бәрін де ақтар аяусыз атып өлтіреді. Коммунист, саяси бөлімнің мүшесі Петр Тузов та қоршаудан өтіп кете алмай Анненковтың қолына тірідей тұтқынға түседі. Анненков оған: «Совет өкіметі теріс жолмен кетіп барады деп айт. Сонда мен сені тірі қалдырам»,— дейді, біз жаққа өт деген ұсыныс жасайды. Сонда Тузов: «Жалған айтасың, азғын!» — деп жауап береді де, атаманның бетіне түкіріп жібереді. Қолға түскен коммунист өйтіп ер сөйлейді деп ойламаған атаман ашуланып: «Жойыңдар совет өкіметін!» — деп жер тепкілейді. Жауынгер Тузов жау оғынан жасқанбай сол арада өледі.
Ашынған ақтар Черкесск қорғанысына қараған территорияны аяусыз ойрандайды. Тек қана Черкасск, Покатилов селоларының 1300 адамын әйел, еркегіне қарамай атып, кескілеп өлтіреді. Колпаковка селосының 783 адамын атады, шабады, дарға асады. Оның ішінде әйелдер де, кәрілер мен балалар да бар. Саз деген жерде (Подгорный) 200 адамды кескілеп шауып өлтіреді. Антоновка селосын тып-типыл қылып қиратады, Константинова, Болгарок, Некрасов селоларын өртеп жібереді. Үшарал болысын қырады. Қарабұлақ селосындағы барлық еркектерді қырып тастайды. Кейін, алдына келген адамдардың наразылығын естіп, атаман Анненков өзінше ақталып: «Соғыс кісі өлімінсіз болмайды»,— дейтін көрінеді.
Черкасск қорғанысы құлағанмен де, оның совет өкіметін қорғаушы жауынгерлердің рухын көтеруде, жаудың сағын сындырып бетін қайтаруда үлкен ролі болды. Толқып, жанынан қорқып қана атаман әскерінің ішінде жүрген талайлар енді алданғандарын түсініп, оның жауыздығына көздері жетіп, совет өкіметін құптауға ауысты. 1919 жылдың 26 декабрі күні ақгвардияшылардың ішінде жүрген солдаттар орталарынан екі кісі жіберіп, кінәлерін кешіріп, өздерін қатарға алуларын өтініп жетісулықтарға хат жолдайды. Мұның өзін қорғанысшылардың нақты жеңісі деп қарауға тиіспіз.
Үлкен ерліктің, төзімділіктің үлгісі болған Черкасск қорғанысы жас совет өкіметінің өміршеңдігін, оны жақтаушылардың жаудан әлдеқайда рухани артық екендігін дәлелдеді. Черкасск тарихына үлес қосқан ерлердің есімін бүгінгі ұрпақ қалтқысыз қастерлейді. Партизандар қазған окоптың орны әлі күнге дейін сақталған. Черкасск қорғанысының батырларына орнатқан Сарқант ауданындағы ескерткіш облыс жастарын әкелердің ерлік даңқы дәстүрінде тәрбиелеуге теңдессіз үлес қосып келеді: облыс, республика комсомололецтері, пионерлері, мектеп оқушылары батыр бабаларына орнатылған ескерткішті аялап құрметтеп, жыл сайын, ай сайын қасиетті жерге келіп салтанатты жиын, слет еткізіп тұрады. Ерлікті қастерлеудің өзі бүгінгі ұрпақтың сондай ерлікке әзір екендігін айғақтайды.
Азамат соғысының ауыртпалығын да көтеріп, ерліктің асқан үлгісін көрсеткен Жетісу жастары жайында да айтар сөз аз емес. Ол жайында 1958 жылы орыс тілінде жарық көрген «Жетісу комсомолының тууы» атты документтер мен естеліктер жинағында жан-жақты көрсетілген, жазылған.
1919 жылдың 8 декабрінде Жаркентте Коммунистік жастар одағының ұясы ұйымдастырылады. Алғашқы ұйымдастыру жиналысына қырық шақты қыз-жігіт қатысады. Оны 3-Түркістан атқыштар дивизиясының саяси жетекшісі Плетухин деген кісі басшылық жасап ашады. Сол жиналыста жастар одағының мүшелігіне 20 адам жазылады. Алғашқы ұйымның председателі 3. Насыров, орынбасары Н. Камаев, секретары М. Непряхина болып сайланады. Ал 1920 жылдың декабрінде Жаркент уездік комсомолының І-съезі болады.
1969 жылы 8 декабрь де Панфилов комсомол жастары ауданда комсомол ұйымының құрылғанына 50 жыл толуын салтанатты түрде мейрамдады.
1919 жылдың майында Талдықорғанда (Гавриловка) уездік комсомолдың І-съезі өтеді. Уездік комсомол комитетінің секретары болып жас коммунист Г. Мамонтов сайланады. Сол жылдың июнінде Лепсіде де комсомол ұйымы құрылады. 1920 жылдың 1 авгусында Талдықорғанда Қапал уездік комсомол конференциясы өтеді, оған тоғыз комсомол ұйымының мүшелері қатысады. Бірте-бірте Жетісуда коммунисті жастар одағының ұйымдары әрбір ауылселоларда құрыла бастады. 1920 жылдың 19-23 апрелі аралығында Алматыда Жетісу облыстық комсомолының І-съезі болып өтті. Оған облыстың Верный, Пішпек, Жаркент және Қарақол уездерінен барлығы 43 делегат қатысады, Оның 10-ы қыз және 10-ы жергілікті ұлт өкілдерінен болады. Ал, жалпы, сол кездегі Жетісу облысы бойынша тұңғыш комсомол ұйымы 1919 жылдың 25 ноябрінде Талғар қаласында құрылады.
Азамат соғысы жылдарындағы Жетісу жастарының ерлігін айқынырақ елестету үшін, жас комсомол мүшесі Фекла Курганованың өмірбаянына зер салсақ та жеткілікті. Ол үшін тағы да Черкасск қорғанысының жағдайын еске алайық. Анненковтың 20 мыңдық әскеріне қарсы 3 мыңдай ғана қызып жауынгер 14 ай бойы төтеп берді емес пе? Ал Қызыл Армияның негізгі күшінен қол үзіп қоршауда қалған және қару-жарағының өзі аннан-мұннан жиналған қызылдар сонша уақыт бойы соншалық күшті жауға қалайша төтеп берді? Оған айқын жауапты Фекланың өмірі берсе керек.
Черкасск қорғанысының жауынгерлері қару-жарақты соғыс үстінде қолға түсірді, оқты жасады. Балаларға дейін ат салысып оқтан босаған жездерді жинады, бүкіл жұрт жабылып қорғасын мен мырыш, оқ дәрі жинауға көмектесті. Солардың ішінде әсіресе Фекла айрықша кезге түседі. Кезінде анненковшылар Фекланың көзін жою үшін оның басына үлкен бәйге де тігеді.
Фекла Курганова Сарқан селосында туады. Әкесі ерте өледі. Шешесі және інісі Василий үшеуі сарқандық атаман Назаровтың батрағы болады, Фекланың қой жылы туып. қанша жасқа келгені жайында нақты мәлімет жоқ, бірақ жеке эскадронный, командирі, Черкасск қорғанысына қатысқан М. С, Высоконов пен қызылгвардияшы, Черкасск қорғанысына қатысушы М. М. Клишиннің жазба естеліктеріне қарағанда, ол азамат соғысы жылдарында жап-жас қана қыз екен.
1918 жылы Жетісудың барлық жерінде де совет өкіметі орнағаны белгілі. Ақ казактар мен кулактар жас өкіметке наразы болды. Кешегі батрак Фекланың өкімет адамы болып ликбез мектебін ұйымдастыруы оларға ұнамады. Анненковтың бандылары Семейді басып алғанын естіп, Жетісу казактары ашық айқасқа шықты. Сарқанның бүлікшіл казактары Фадеев дегеннің жаңа дүкеніне совет өкіметін жақтайтын 90 адамды қамап, қарусыз жандардың бәрін қылышпен кескілеп өлтіреді. Фекла мен оның шешесі Федора Нестеровна Курганова сол күндері үй артындағы қораға он бір партизанды тығып сақтайды. Олардың қайда тығылғанын көрсет деп казактар Фекланың шешесін ұрып-соғады, моншаның ішінде үстіне ыстық су құйып қинайды, атамыз деп қорқытады да, бірақ қызы да, шешесі де партизандардың қайда тығылғанын айтпайды. Өмірлері үшін қаншалық қауіпті болса да қорқпастан партизандарды су, тамақпен қамтамасыз етіп, олардың жарасын таңып береді.
1918 жылдың 5 авгусында И. Мамонтовтың отряды Сарқан станицасын шабуылдауға шығады. Ұрыс тоғыз күнге созылды, Кейбір көше мен айналымдар әлденеше рет қолдан қолға өтеді. Оқ дәрінің жетімсіздігіне бола ғана қызылдар станицаны тастап кетуге мәжбүр болады, әйтпесе олар станицаның жартысынан көбін ақтардан тазартады. Сол ұрыста Фекла жаралы қызыл әскерді ақтардың оғынан құтқарып, соғыс жүріп жатқан жерден аман алып шығады. Жауынгердің мылтығын да ала шығуды ұмытпайды. Фекла да, шешесі мен інісі де Мамонтовтың отрядына кіреді.
Жоғарыда біз Покров селосының тұрғындарының 47 күн бойы ақ казактарға берілмей соғысқанын айтқанбыз. Бір үйге бекінген село тұрғындары оны нағыз берік қамалға айналдырады. Фекла Курганова сол үйде қорғанған қаһармандардың ортасында болады. Кейін, Петренконың отряды оларды құтқарғаннан кейін, Фекла Курганова өз қатарластарынан жас қызылгвардияшылар отрядын құрады. Бүкіл Черкасск қорғанысы кезінде отряд мүшелерінің соны ешқашан жиырма адамнан аспайды, өйткені ол отрядқа сол ыңғайлы еді. Фекла сол отрядымен сан рет ақгвардияшылардың шебінен өтіп Қапалға қатысады, барлау жүргізеді, Жоңғар шатқалдарын аралап сондағы қазақ ауылдарынан қорғасын әкелуге барады. Сан рет ақтың әскерлерімен соқтығыс та, атыс та болады. Отряд шығынға да ұшырайды. Бірақ ержүрек қыз командир әрқашан батырлықтың үлгісін көрсетеді.
Черкасск қорғанысы құлаған кезде өз отрядымен Фекла ақтардың тырнағынан тылып кетеді. 1922 жылы Лепсіге (Шұбарағаш) уездік комсомол конференциясына келе жатқан жолда, Сарқаннан сегіз шақырым жерде, бандиттер оны айуандықпен өлтіріп кетеді.
Осы бір ғана қыздың — Фекланың ерлігі, совет өкіметін қорғаудағы батылдығы сол Черкасск қорғанысшыларының бәріне дерлік тән типтік жағдай еді.
Жетісу жері Отанымыздың шекарасында жатқандықтан, бұл өңірдегі чекистер өмірінің аңыз бен ақиқатын талғап айту аса қиын. Өйткені аңыз деп айтып жүргеніміздің көбі — кәдімгі көз көрген, қол істеген шындықтар.
Анненков Қытай жеріне қашып өткеннен кейін де советтік шекараға тыныштық орнай қоймады. Анненковпен қоса атамандар Дутов, Щербаков және полковник Сидоровтың Қытай жерінде Совет өкіметіне қарсы әрекеттер ұйымдастырып жатқанын білген ішкі жау үнемі елеңдеп, соларға үміт артумен болды. Полковник Бойко сияқты сатқындар іштен бүлік шығаруға дайындалып, Алматыда совет чекистерімен аралас-құралас қызмет жасап жатты. Контрреволюциямен күрес жөніндегі Верный уездік Төтенше комиссияның тұңғыш председателі Николай Семенович Попечко Анненковтың тыңшысы Павел Нестеровты сұраққа алу үстінде Бойконың сатқындығын да әшкерелейді. Сөйтіп, ішкі жау агенттері тұтқындалып, тиісті жазаларын алады. Попенко Н. С. Қызыл Армия полкінің бірінші жұмысшы-шаруа взводының командирі бола жүріп Жаркентті ақтардан тазарту жолында көп қызмет жасаған тәжірибелі адам еді. Бойко ұйымдастырған бандыларды біржола жою ісін ол енді полк командирі Мағаз Масанчыға тапсырады.
«Правда» газеті 1935 жылдың 23 октябрінде М. Масанчы туралы былай деп жазған-ды: «Біз естелігін жариялап отырған бұрынғы Ерекше Дүнген атты әскер полкінің командирі Масанчы жолдас — Советтік Жетісу үшін күресте өсіп шыққан жарқын тұлға. Үрім-бұтағынан батрак, екі есе қаналған халықтың ұлы дунган Масанчы жолдас Февраль революциясынан кейінгі алғашқы күннен бастап-ақ Орта Азияда Совет өкіметін орнату үшін күреседі. Оны Фрунзе және Куйбышев жолдастар тікелей біледі, Д Фурманов өзінің «Бүліншілігінде» ол жайында айрықша жылы ықылас білдіреді».
Москваға барып, 1921 жылы Коминтерннің ІІІ Конгресіне қатысқан кезінде М. Масанчы В. И. Ленинмен жолығып сөйлеседі. Көсеміміз Дүнген полкінің жағдайын сұрап білген соң, Фрунзеге айтыл, бүкіл полк әскеріне яғни 1500 адамға ертесі жаңадан әскери киім-кешек бергізеді. Бойконы жақтаушы контрреволюционерлерді жою ісі енді осы Масанчы жолдасқа жүктелген-ді.
Талғар, Түрген, Жалаңаш және Шелекте құрылған ақгвардияшылардың отряды алғашқы сигнал берілісімен-ақ совет өкіметіне қарсы көтерілуге дайын тұрған-ды. Масанчы полкті бірнеше отрядқа бөледі де, ақгвардияшылар орналасқан селолар мен станицаларға қарай аттандырады. Өзі эскадронмен Шелекке келіп, ондағы бандыларды тұтқиыл шабуылдайды. Тіпті атысуға да шамалары келмей қашқан жау Таушелектің тауына тығылады, 3 мың винтовка, бомба және пулемет қолға түседі. Ақгвардияшыларды тау ішінде індете қуып, біржола быт-шытын шығарады. Өзге отрядтар да осылай жеңіске жетеді.
Бойконы жақтаушыларды талқандаған соң, полк Жаркент уезіне қарасты Жалаңаш ауданына аттанады. Қытай жерінде тығылып жатқан Сидоровтың бандылары бұл араға маза бермейтін. Мағаз Масанчы полкін Жаркентке жеткенге дейінгі кедей ауылдары қуана қарсы алып отырады. Полк жол бойы ауыл-ауылды ұсақ бандылардан тазартып, халық рухын көтереді. Полк бір күні енді ғана демалуға тоқтаған кезде Ақкент жолымен сидоровшылар келе жатыр деген хабар алады. Жауынгерлер дереу қайтадан атқа қонады, 200 кісі жау сыртын орағыта өтіп, ақыры ұрыс қорытындысын солардың ерлігі шешеді. Жау тым-тырақай қашады. Масанчы әскері оларды таң атқанша Қытай шекарасына дейін қуып тастайды.
1918 жылдан КПСС мүшесі, өзі Жаркент қаласында туған, бірақ революцияның алғашқы күндерінде Петроградта патша әскерінің унтер-офицері болған, солдаттар көтерілісіне қатысып, Дворян сарайында болған митингіде В. И. Лениннің сөзін тыңдаған, өзін көрген, 1919 жылдың мартынан бастап Жаркентте совет өкіметін нығайтуға белсене араласқан С. Н. Жмутский: «1920 жылдың 20-22 февраль күндерінде ақтардың негізгі штабы тұрған Пенжім селосына шабуыл басталды. Алғаш ақтар біраз қарсылық көрсеткенімен, кейін Қорғасқа қарай шегіне бастады. Революцияның қас жауы полковник Сидоровты жаркенттік Қасымхан Мұхаметов атып өлтірді»,— деп жазады облыстық «Октябрь туы» газетінде 1969 жылы 21 мартта жарияланған «Жаркент жылнамасы» атты мақаласында. Ал Қасымхан Мұхаметовтың басқа ерлігі мен одан кейінгі өмір тарихын әзірге ешкім тереңдеп зерттей қоймаған сияқты.
Сидоровтың өлімі, оны жаркенттік Қасымхан атты адамның өлтіруі есіңе еріксіз атаман Дутовтың да ажалын түсіреді. Оның өліміне де жаркенттік Қасымхан атты адамның қатысы бар ғой. Жалпы, атаман Дутовтың қалай көзі жойылғандығы жұртқа негізінен белгілі. Ол жайында «Атаманның ақыры» атты екі сериялы кинофильм де түсірілді. Республикааралық «Коммунизм туғи», Панфилов аудандық «Жаңалық жаршысы» газеттерінде Қ. Хасенов пен P. Қилыбаевтың «Халық батыры» атты мақаласы (9 май, 1968 жыл); «Незримый фронт» атты кітапта Н. Миловаковтың «Қасымхан Шанышев» деген очеркі («Казахстан», 1969); «Коммунизм туғи» газетінде Р. Ариповпен Н. Мильштейннің «Дутов қалай өлтірілді?» деген мақаласы (5 ноябрь, 1977 жыл); «Құпия майданның жауынгерлері» деген жинақта Н. Миловановтың «Қатерлі сапар» атты очеркі («Жалын», 1982 жыл) совет чекистерінің осы ерлік ісін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Дегенмен осы материалдарда кісі аттарының бір ізге түспей әрқайсысында сәл-пәл өзгешелеу жазылып жүрген жайы бар. Мәселен, ағайынды Байсымақовтардың атын біреу Мұқа мен Кебек деп, ал біреу Мұқай (Мұхай) мен Көдек деп, Куддук деп те жазады. Ал кейбірі фамилиясының өзін Баймысақов деп қате жібереді. Мұңайдың фамилиясы Жігітеков еді деушілер де бар. Қадыровтың атын біреу Юсуп десе, біреу Жүсіп дейді, т. с. с. Қалай болғанда да Дутовты өлтіру операциясына қатысқан чекистердің есімі, өмірбаяны қалың жұртшылыққа әлі түгелдей таныс емес. Шындығына келсек, жоғарыда аталған материалдардың көбі ол операцияға қанша адамның және кім-кімнің қатысқанын нақты айтпайды. Алайда ашық айтылып жүрген, талассыз қатынасқан адамдар мыналар: Қасымхан Шанышев, Махмұд Қожамияров, Мұқай және Көбек Байсымақовтар, Әзіз Ушурбакиев, Юсуп Қадыров (Жүсіп емес, дұрысы осылай, ол кісінің баласы Юсупов Ақжол қазір Панфилов ауданында «Бірлік» колхозының бас бухгалтері болып істейді). Қажетсіз Дауға қалмас үшін, ел ішінде осы операцияға қатысты деп айтып жүрген басқа адамдардың аты-жөнін әдейі атамадық, оларды анықтау тарихшылардың міндеті болар. Алайда есте болатын бір жәйт: сол кездегі орталық газет-журналдарда 10 февраль күні «Патша генералы Дутовтың өлтірілуі» деген шағын хабар басылыпты да, онда ол операцияға алты атты адамның қатысқандығы айтылыпты.
Ал енді Дутовтың қалай өлтірілгенін қайта баяндап жатқаннан гөрі, оны өз қолымен атқан ұйғыр халқының батыр ұлы Махмұд Қожамияровтың 1935 жылы 5 ноябрьде өз аузынан жазылып алынған мәлімдемеден үзінді келтіргеніміз орынды тәрізді. Онда былай делінген: «...Хатты Дутовқа беріп, өзім бөлменің ортасында түрегеп тұрдым. Дутов хатты алды да, конвертін жыртып, оқуға кірісті, Бір-екі жолын оқып, маған тікірейе қарап қойды, тағы оқып, тағы қарады. Осы сәтте тапаншамды төс қалтамнан суырып алу тіптен қиын болды. Қолымды көкірегіме көтерейін десем, сезіп қала ма деп шошимын. Тәуекел дедім де, тамағымды сипаған болып, қолымды көтеріп алғанымда, Дутов үшінші рет басын көтеріп маған қарады және қайтадан хатқа үңілді. Осы сәтте дереу бүйірін көздеп атып салдым, басынан атайын десем, тимей қала ма деп күдіктендім. Осыдан соң тапаншамды жүгіріп келген адъютантқа көздедім. Шынында да оқ Дутовтың қолтығының астынан тиген екен, оқып отырған хаты қолынан түсіп кетті, оқтың әсерімен жанып тұрған шам шалқып барып сөніп қалды. Осы кезде адъютант қолыма жармасып еді, оны да жалғыз оқпен жайратып салдым, шалқасынан түскен бойы тіл тартпады. Қараңғыда сипалап барып Дутовты сілкілеп көрдім, Тірі қалмасын деп, көкірегін көздеп тағы бір аттым.
Дутовтың әйелінің қайда қашып жасырынғанын білмеймін, әйтеуір, үйді басына көтеріп шыңғырғаны есімде. Осыдан соң көзім қарауытып кетсе керек. Теңселіп далаға шықтым, Үйде мылтық үні шығысымен-ақ уәде бойынша Мұхай да жанындағы жасақшыны жайратып, көрші үйдегі күзетшілерді тысқа шығармай терезеден оқ жаудырып тұр екен. Бұл оқиға айналасы 3-4 минутта болып өтті. Мұхайдың інісі Көбек те батырлық жасады, құралды ескерлерден тайсалмай, аттарды мықтап ұстап тұрыпты. Шыққан бетімізде атқа міне салып, қорғанның қақпасына қарай шаба жөнелдік».
Оқиғаның арғы жағы белгілі. Аулада күтіп тұрған Қасымхан Шанышев та дереу атына қарғып мінеді. Ал оның атын Әзіз Ушурбакиев ұстап тұрады. Н. Миловановтың жазуынша, Әзіз, Кебек Байсымақов және Юсуп Қадыровтар Дутовтың оңаша үйінің алдындағы қақпада тұрады да, ал Сұлтан Маралбаев деген кісі қақпа сыртында қалады. Қақпа аузында тұрған қытай солдаттарын Шанышев пен Қожамияров бірер дүркін оқ атып-ақ тым-тырақай қашырады да, олар есін жинағанша қаладан ұзап үлгереді. Бұл оқиға Сүйдінде 1921 жылдың 6 февралінде болады.
Атаман Дутовтың өлтірілуі Шыңжаңдағы ақгвардияшылар қалдығының біржола құруына әкеліп соқты. Сөйтіп, Советтік Отанымыздың тағы бір қауіпті жауы жойылды.
Ұйғыр халқының батыр ұлы Махмұт Қожамияров 1894 жылы Жаркентте туады. Ол тоғыз жасында әкесі өліп, жетім қалады. Жоғарыдағы ерлігі үшін ол сыйлыққа «Атаман Дутовқа қарсы террористік атыста жекелей көрсеткен ерлігі үшін жолдас Ходжамияровқа. I апрель, 1921 жыл» деген жазуы бар алтын сағат және маузер алады, Чекистердің әуелгі жоспары бойынша мақсат атаман Дутовты тірілей ұрлап әкету еді, бірақ оған жағдай болмағандықтан, Қожамияроз Дутовты өлтіріп кетуге мәжбүр болады. Дутовты өлтіргені үшін кектенген бандылар 1936 жылы 31 декабрьдің кешінде Махмұттың әйелі мен қызын айуандықпен өлтіріп кетеді. Ал оның жалғыз ұлы Ұлы Отан соғысында қаза табады. Махмұттың өзі Жаркент қалалық Совет атқару комитетінің председателі болып қызмет атқарып жүргенінде, 1937 жылы жеке адамға табынушылықтың құрбаны болады.
Атаман Дутовтың көзін жоюға сол кездегі Жаркент уездік милициясының бастығы Қасымхан Шанышевтің белсене араласқаны және өз басын өлімге тігіп Дутовпен бірнеше рет кездесуге де барғаны тарихтан мәлім. Осы операцияны ұйымдастыруда және жүзеге асыруда оның ролі айрықша: бүкіл істің өзегі де, тізгіні мен нәтижесі де Қасымхан мен Дутовтың арасындағы жоспарлы байланысқа қатысты. Ақиқатқа жүгінсек, Дутовты жою операциясын ұйымдастыруда сол кездегі Жаркент уездік милиция бастығының орынбасары Әубәкір Жүнісовтің де өзіндік үлкен үлесі бар. Қазақ ССР Орталық музейінде бір күміс қалта сағаты сақтаулы, оның қақпағында: «Әубәкір Жүнісовке «Атаман Дутовтың көзін жоюға қатысқаны үшін» деген жазу бар. 1921 жылдың көктемінде, Дутовқа байланысты тапсырма ойдағыдай орындалғаннан кейін, жаркенттік бір топ милиция қызметкері Ташкентке шақырылып, оларға Совет өкіметі атынан награда тапсырылады. Махмұд Қожамияровқа алтын сағат пен маузер, Әубәкір Жүнісовке жаңағы күміс сағат сонда берілген-ді. Ондай награда Қасымхан Шанышевқа, Мұқай Жігітековке, тағы басқаларға берілді дегенді жазады қазір Алматыда тұратын дербес пенсионер, 1938 жылдан КПСС мүшесі, соғыстан кейінгі жылдарда Жаркент аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған Самсалы Қожабеков «Абзал азамат» атты мақаласында (Социалистік Қазақстан», 24 январь, 1975 жыл). Іздесең, зерттесең, ерлік шежіресі тереңдеп ұлғая беретініне осы мақала көз жеткізгендей. Ал енді сол кездегі Жаркент уездік Төтенше комитеттің председателі Суворовтың, Бүкілодақтық чеканың жауапты қызметкері Давыдовтың ол операцияға бас-аяғына дейін басшылық еткеніне тарихи документтер куә.
Дутовтың көзін жоюға қатысқан адамдардың ұлттық құрамына қарап та үлкен ой түюге болады; үлкен мақсаттар әрқашанда барлық ұлттар үшін бірдей қажет, ортақ мақсат жолында бірліктен асатын үлкен күш жоқ. Осыны түсінген әр ұлт азаматтары әрдайым ортақ жауға бірлесе отырып соққы береді. Дутовты өлтіруге қатысқандардың құрамы соны көрсетеді. Суворов — орыс, Қожамияров — ұйғыр, Шанышев — татар, Байсымақов (Жігітеков)— қазақ.
Азамат соғысының ерлік дәстүрі елді колхоздастыру кезінде де, одан кейінде де лайықты жалғасын тапты. Конфискацияға наразы болған байлар мен кулактарға колхоздастырудың қас жауы болған жекелеген бандыларға қарсы күресте сан мыңдаған совет және партия қызметкерлері, шекарашылар мен советтік милицияның талай-талай адамдары тарихи даңққа бөленді. Олар совет өкіметінің идеясын сөзбен, іспен ғана емес, қажет болған жағдайларда өз өмірлерін қиып та насихаттай білді. 1918 жылы Жаркенттегі Қызылгвардия отрядының құрамында ақтарға қарсы соғысып, 1920 жылы Жаркент уездік партия комитетінің секретары, 1923-24 жылдары БК(б)П Талдықорған уездік комитетінің секретары болған, 1937 жылы 30 апрельде бандиттердің қолынан 37 жасында қаза тапқан Айтжан Түркебаев (Ол жайында Ш. Өтепов, X. Әбдірәшитов «Таушелекте туған жігіт» атты роман жазған. «Жалын» баспасы, қазақшасы — 1982 жыл, орысшасы — 1980жыл); әуелде Қоңырөлең болысындағы коммунистердің белсенді жетекшісі болып, кейін Жаркент уездік советі атқару комитеті председателінің бірінші орынбасары қызметінде жүргенде 1926 жылы банды Жұмабек Туркеевтің қолынан қаза тапқан жас коммунист Тойғанбек Смағулов, тағы басқалар — жаңа заманның жарқын болашағы үшін жан қиған қаһармандар.
Ерліктің теңдессіз үлгісін халқымыз Ұлы Отан соғысы жылдары көрсетті емес пе, сол қаһармандық тарихына жетісулық батырлар да айрықша жарқын беттер қосты. Ұлы Отан соғысы жылдарында мыңдаған талдықорғандықтар жауынгерлік ордендермен және медальдермен наградталды, облыстың 39 адамы Совет Одағының Батыры атағына ие болды. Алматыда жасақтанып, 1941 жылы 16 ноябрьде Отанымыздың астанасы Москваны ерлікпен қорғаған 316-атқыштар дивизиясының құрамында талдықорғандықтар көптеп саналатын еді. 16-армияның құрамындағы 31 6-атқыштар дивизиясын генерал-майор И. В. Панфилов басқарды. Волоколем тас жолы бағытындағы Дубосеково разъезінде қаһарман ерлік көрсеткен 28 батырдың жиырма екісі қазақстандық жігіттер болды. «Россия — кең байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда — Москва!»— деп ұран тастаған әйгілі ержүрек саяси жетекші В. Г. Клочков та қазақстандық жауынгер. Василий Григорьевич 1911 жылы 8 мартта Саратов облысының Воскресенск ауданында Синод деген селода туған. 1921 жылы Клочковтың семьясы Алтайға көшіп келеді. Ол 1940 жылдың октябрінен бастап Алматыда Қазақ ССР Сауда халық комиссариатында, Алматы асхана-ресторан тресі басқарушысының орынбасары болып қызмет істейді. 1941 жылы 15 июльде әскерге шақырылып, Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының 1075-атқыштар полкінің құрамында соғысқа қатысады. Сонда 4-ротаның саяси жетекшісі болады. 30 жасында, 1941 жылдың 16 ноябрінде Дубосеково разъезінде болған соғыста ерлікпен қаза табады, Совет Одағының Батыры атанады. Ол екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталған.
В. Г. Клочков басқарған 4-ротаның 2-взвод жауынгерлері жаудың алдымен 20 танкісі, соңынан 30 танкісі жасаған шабуылын тойтарады. Олар бар-жоғы 28 ғана жауынгер тарихта теңдесі жоқ ерлік жасады. Мылтықпен, жанар май құйылған шөлмектермен, гранаталармен қаруланған 28 батыр жаудың алғаш шабуылға шыққан 20 танкісінің 14-ін қиратады. Кейінгі келген 30 танкі де ержүрек жауынгерлерден өтіп кете алмады. Сол ұрыста батыр панфиловшылардың 23-і қаза табады. 28 панфиловшы-гвардияшылардың ішінде орыс, қазақ, украин, қырғыз және мордва халықтарының өкілдері болды, оның өзі совет халықтарының берік достығын әлемге әйгіледі. 1942 жылғы 21 июльдегі СССР Жоғарғы Советі Президиумының указы бойынша 28 ержүрек гвардияшыларға Совет Одағының Батыры атағы берілді, 1942 жылы 17 ноябрьде 316-атқыштар дивизиясы 8-гвардияшылар дивизиясы аталып, Қызыл Ту орденімен наградталады. Кейін оған Панфилов аты беріледі.
28 панфиловшы-гвардияшылардың 22-сі қазақстандық болса, олардың 11-і талдықорғандық. Атап айтқанда, олар мыналар:
Безродный Григорий Михеевич. 1909 жылы Андреев ауданының Глиновка селосында туған. Ұлты украин. Әскерге Алакөл ауданындағы «Красный Октябрь» колхозында жүргенінде шақырылады. Қазір Алакөл ауданының Көктума мектебі, Үшарал селосының бір көшесі Батырдың есімімен аталады.
Бондаренно Яков Александрович. 1905 жылы Дон облысының Позднивка селосында туған. Ұлты украин. Оның семьясы Қазақстанға 1913 жылы көшіп келеді. Бондаренко 1929 жылы Қоғалы ауданындағы (қазіргі Гвардия) Холмогоровка селолық Советінің председателі болып сайланды. 1940-41 жылдары Сталин атындағы колхоздың құрылысшылар бригадирі болады. 1941 жылы 17 июльде әскерге шақырылады.
Васильев Илларион Романович. 1910 жылы Кемерово облысының Лунчат деген селосында туады. Ұлты орыс. КПСС мүшесі. Кейін Қазақстанға келіп, соғысқа дейін Қоғалы ауданындағы ААВД-ның № 2 совхозында жұмысшы болып істейді. Дубосековода болған ұрыста оның сол аяғы мен сол қолы сынады, бүйірінен жараланады. Жаралы Васильев жер бауырлай жылжып орманға жетеді, оны сол арадан біздің жауынгерлер тауып алады да, госпитальға жатқызады. Ұзақ уақыт емделіп, ол 1942 жылы жазда Алматыға келеді. Кейін, 1963 жылы, Алтай өлкесіне көшіп кетеді.
Дутов Петр Данилович. 1916 жылы Қоғалы ауданындағы Холмогоровка селосында туады. ВЛКСМ мүшесі, ұлты орыс. Eгiс және трактор бригадасында есепші болып жұмыс істейді. 1937 жылы әскерге шақырылып, Қиыр Шығыста қызмет атқарады. 1939 жылы әскерден босап, Сталин атындағы туған колхозына оралады. Соғыстың алғашқы күндері ағалы-інілі ағайынды үш Дутов майданға бірден аттанады.
Есболатов Нарсұтбай. 1913 жылы Ақсу ауданының № 23 аулында туады. Ұлты қазақ. 1938 жылдан 1941 жылдың июліне дейін Алматы қалалық трамвай тресінде жұмысшы болып істейді. Оның есімін Нарсұтбай, Нұрсұлтан, Нарсұлтан деп те атаушылар бар. Халық ақыны Н. Байғанин өзінің «Ер туралы жыр» деген дастанында оны Нарсұтбай деп атайды. Ал Социалистік Еңбек Ері, академик жазушы Ғабит Мүсірепов «Нұрсұлтан Есболатов» атты очерк жазған. Туған ауданы Ақсуда оның есімінде совхоз және орта мектеп бар.
Калейников Дмитрий Митрофанович. 1910 жылы Воронеж облысының Стаценково селосында туады. Ұлты орыс. Әкесі азамат соғысында қаза болады да, шешесі бес баламен Қоғалы ауданында тұратын туыстарына көшіп келеді. 1932 жылы Калейников әскер қатарына шақырылып, 1935 жылға дейін әскери қызметте болады. Қызыл Армия қатарынан оралғаннан кейін сол Қоғалы ауданының Буденный атындағы колхозында селолық тұтынушылар одағының председателі болып істейді. 1941 жылы июльде майданға алынады.
Қожабергенов Әлиасқар. 1917 жылы Қаратал ауданында туады. Ұлты қазақ. Жастайынан әке-шешесінен айрылғандықтан, балалар үйінде тәрбиеленеді. Соғысқа дейін сол аудандағы бұрынғы «Большевик», қазіргі «Аманкелді» колхозында тракторшы болып істейді.
Митченко Никита Андреевич. 1913 жылы Новосібір облысының Нововладимир селосында туады. Ұлты украин, Семьясы 1935 жылы Қазақстанға көшіп келеді. 1935-37 жылдары ол Киров ауданының қызылша совхозында, ал одан кейін әскерге алынғанға дейін Үштөбе станциясында жүкші болып істейді.
Натаров Иван Моисеевич. 1910 жылы Ставрополь губерниясындағы Николаевка селосында туады. Ұлты орыс. Балалық және жастық шағы Қоғалы ауданындағы Воронцов селосында өтеді. 1930 жылы oл «Строитель» колхозына мүше болып кіреді. 1937 жылы сонда егіс бригадирі болады, ал 1939 жылдан әскерге алынғанға дейін шаруашылық меңгерушісі болып істейді. Дубосеково түбіндегі ұрыста ол ауыр жараланып, контузияға ұшырайды. Еңбектеп барып тоғайдың ішінде жатып қалған жерінен оны біздің жауынгерлер тауып алады да, госпитальға жібереді. Сол арада есін жинаған ол әскери тілші А. Кривицкийге Дубосеково разъезінде болған ұрыстың мән-жайын баяндап үлгереді. Госпитальде қаза болады. Қазір Гвардия ауданындағы бұрынғы «Строитель» колхозы Натаров атында.
Сеңгірбаев Мұсабек. 1914 жылы Қаратал ауданында туған. Ұлты қазақ, ВЛКСМ мүшесі. Соғысқа дейін ол туған колхозында тракторшы болып істейді. Қазір Батырдың туып-өскен колхозы соның есімімен аталады.
Шадрин Иван Демидович. 1913 жылы Алтай өлкесіндегі Плотниково селосында туады, Кейін семьясы Қазақстанға көшіп келіп, Қаратал ауданының Киров поселкесінде тұрақтайды. Армияға шақырылғанға дейін ол сондағы қант заводында жұмысшы болып істейді. Дубосеково разъезіндегі ұрыста ауыр жараланып, ес-түссіз жатқан жерінде тұтқынға түседі. Соғыстан соң Отанымызға оралып, туған жеріне келіп орналасады. Қазір Талдықорған ауданындағы Киров поселкесінде тұрады, пенсионер.
28 панфиловшы-гвардияшы жерлестерін талдықорғандықтар орынды мақтаныш етеді, Олардың ерлігін құрметтеп, мәңгі есте қалдыру мақсатында бұрынғы Жаркент қаласы және ауданы Панфилов атымен аталды. Бұрынғы Қоғалы ауданы Гвардия атанды. Панфилов ауданындағы Айдарлы шаруашылығы Гвардия атындағы совхоз болды.
Астанамыз Алматыдағы 28 панфиловшы-гвардияшылар паркі, ондағы обелиск-ескерткіш, мәңгі от — соның бәрі қаһармандарға деген халық құрметінің, Отан рақметінің куәсі.
Батырлардың ісін, атын құрметтеу бүгінгі жастардың берік дәстүріне айналған. Талдықорған облыстық комсомол комитеті физкультура мен спортқа қатысты ұйымдармен бірлесе отырып жыл сайын бокстан Совет Одағының Батыры Матай Байысов атындағы, футболдан Совет Одағының Батыры А. С. Тулинцев атындағы турнир өткізіп турады. Шекарада орналасқандықтан, талдықорғандықтар жастарды әскери дайындыққа тәрбиелеуге үлкен мән береді. Шекаралы аудандардағы әрбір адам өзін Отан күзетіндемін деп сезінеді. Облыс территориясындағы ежелгі шекара заставаларының бірі «Хоргос» заставасы 1984 жылдың көктемінде өзінің 60 жылдығын атап өтті. Совет өкіметіне қарсы ұйымдастырылған әрекеттері мен бандиттерді жою ісінде жоғары саналылық пен ерліктің тамаша үлгісін көрсеткен шекарашылардың сан тобын тәрбиелеп шығарған бұл заставада отызыншы жылдары КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары, СССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі К. У. Черненко жолдас партия ұйымының секретары болып қызмет атқарған еді. Застава жауынгерлері 1979 жылы сонда болғанында К. У, Черненко жолдастың сыйға тартқан вазасы мен қолтаңбасы бар кітабын ерекше құрметтеп, қастерлеп сақтайды, өйткені ол сый бүгінгі ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу жолында зор қызмет атқаруда. Ерлікті ерлікке жалғастыратын да осындай үлгілі дәстүрлер. 1969 жылы 13 августе, «Жалаңашкөл» заставасының шекарашылары «Тастөбеде» болған оқиға кезінде жауынгерлік дәстүрді өздерінің берік сақтайтынын дәлелдеп, қырағылықтарын тағы да көрсеткен-ді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі