Өлең, жыр, ақындар

Майра

(Төрт актылы)

Қатысушылар:

Уәли — қарт етікші.
Зәру — оның әйелі.
Майра — олардың қызы, 21-де.
Мұрад — кеме капитаны, 30-ға мол кірген жігіт.
Дүрбіт — жас мырза, Стамбол шәкірті.
Тайман — қарт феодал, Майраның бұрынғы қарт атасы.
Ақаев — адвокат, отыздың ішінде.
Үрия — қымызшы әйел, елуді алқындырған.
Айбарша — оның қызы, 18-де.
Бақтияр — Айбаршаны сүйген жігіт, 25-те.
Баттал — Дүрбіт мырзаның шабарманы, 40-ты алқындырған.
Александров — матрос.
Жаршы — қарт.
Жандарм.
Тайманның екi шабарманы.
Ахмад және оның екі серігі.
Жүкшілер, матростар, қыз, бозбалалар. Полицейскийлер, қайыршылар, базар халқы, сатарман, алармандар.

БІРІНШІ АКТ

Мезгіл көктем. Етікші Уәлидің үйі, қазақша әжептәуір жасаулы. Ac ішетін, әрі үлкендер жататын кен, жарық бөлме. Түкпірде қораға шығатын есік. Оң жақтағы бөлмеге кіретін есік перделі, бұл Майраның бөлмесі. Көше беттегі үлкен терезе ашық. Ар жағынан көше, әр түрлі лавкалар көрінеді. Базар дуылы. Терезе алдында кішкене орындықта былғары алжапқыш байланған, көзілдірікті Уәли етік тігіп отыр. Перде ашылғанда сырттан үрке қаранған Зәру кіреді...

Сырттан гармонға қосылып шырқаған Майра әні естіледі.

Уәли (елеңдеп). Үніңнен садаға кетейін, Майражан.

Көшеде дауыстар: Майра, Майра ғой! Жүріңдер, тезірек жетелік!

Зәру (терезеге жақындап). Барлық базар солай қарай лап қойды.

Уәли. Қарғашым келді де, қала қайта тірілді-ау. (Тыңдайды).

3әру. Көрінбе, көп жарқылдама десем тыңдамайды.

Уәли. Зәру, қақпа Майраштың бетін. Екеуміздің төмен қарағанымыз да жетеді.

3әру. Жұрт не дейді? Күйеуінен қашып кеп қайтадан базарға түсті демей ме?

Уәли. Дей берсін. Дейді екен деп жалғызыңды құлыпқа саламысың?

Зәpу. Керек екен сандыққа сал. Қай қазақтың қызы думанда әнші боп өсіпті!

Уәли. Үш жыл қапаста болғаны да жетер.

Зәру. Жалғыз кемдігің қызыңның салдығы сияқты сөйлейсің-ау, байғұс.

Уәли. Етікшінің үйінде бұлбұл сайраса, о да құдайдың қарасқаны, шүкір де, бәйбішем.

Зәру. Meн шүкір дейін, азуы алты қарыс құдаңды қайда қоясың, бибақ? Жарты патшадай Тайманға не бетіңмен көрінесің? Соны айтшы!

Уәли. Бүтін патшаның да күні белгілі. Қызым ұлын жаратпаса қайта байлап берер мен жоқпын.

Зәру. Онда шаңың қағылады.

Уәли. Қақсын. Жалғызым үшін не көрсем де ырзамын.

Зәру. Сенімен тынбас, жалғызыңды қоса жайратар.

Уәли. Төндірме пәлеңді. Біз де тірі жанбыз, Зәру!

Зәру. Пәледен өзіңді құтқар әуелі. (Дауысын бәсеңдете жақындап). Қай топта жүр, жақыны кімдер қызыңның, көремісің, сен соны!

Уәли. Жоқ, көрмеймін, соқырмын.

Зәру. Соқырсың. Әйтпесе айдаудан қашып келген Мұрадтан аулақ бол дер ең.

Уәли. Мұрад жігіттің сұңқары. Жақсыға жаман ат тақпа, асылды арзанға сатпа, қатын, жарамайды.

Зәpy. Кісі өлтірген, қан арқалаған жақсыны көрсемші. Я бүгін, я ертең бас орнына басын берер сұңқарын.

Уәли. Дүрлікпе! Оның басы мықты бас. Көрінген жұлып әкетер пісіп тұрған алма емес.

Зәру. Қолына түссе Тайманың оп-оңай қияр желкесін.

Уәли. Тайман өз желкесін сақтап алсын әуелі.

(Балғаны соғып-соғып қалады. Сырттан ат тұяғының тарсылы, сылдыраған қоңырау естіледі. Үйдегілер тыңдаса қалады).

3әру. Сақта, құдай! (Терезеден қарайды да, үркіп кейін шегінеді.)

Уәли. Не көрдің?

3әру. Тайман келді... Сұмдық-ай енді қайттік? (Жыламсырай.) Сақта, жасаған, өзің сақта,

Уәли. Доғар, көрсетпе сораңды.

3әру. Отырма, қарсы ал. Кешірім сұра, жазған. (Қолынан тартады.)

Уәли. Аулақ! (Қолынан қағып қалады. Ат дүбірі, қоңырау дауысы жақындап қалған, Зәру саса түседі.)

3әру. Ұйпап кетпесе нетсін?..

Уәли. Бар, ана бөлмеге бар! (Зәру екінші бөлмеге кіреді. Ат дүбірі осы үйге жетіп тоқтайды. Сыртта «құр, жануар», «тық-тықтаған» атшының сөздерін есітеміз. Ілесе естілген ән де үзіледі.)

3әру (есіктен сәл көрініп.) Байқап сөйлес, бибақ.

Уәли. Тек, сен араласпа.

3әру (терезеге ұрлана қарап.) Әтбекет Ақаев та бірге кепті... Соқталдай екі жігіт тағы түсті...

Уәли. Жүрегің жарылар, бишара.

Сәлден кейін Ақаев пен екі жігітін ерткен пұшпақ бөрікті, зере шапанды Тайман кеп кіреді. Зәру көрінбей кетеді

Уәли. Ассалаумәликүм, жоғары шық. Тайеке.

Тайман. Жоғарыңды қайтейін, қонаққа келді деймісің?! (Іргедегі орындыққа отыра кетеді.)

Уәли. Шабысқалы да келмеген шығарсың.

Тайман. Жасырарым жоқ. Табыспасаң, шабысқалы да келдім,

Уәли. Етікшіден құда, өрмекшіден құдағи тапқаныма мен қорланбап ем, алтын басымды аяқ асты еткенің қай желігің?

Уәли. Етікші де адамның баласы! Сөйлесер болсаң жөніңмен кел, Тайман! (Шегесін қатты-қатты қағады.)

Тайман. Әй, сен салғыласпа, жауабымды бер.

Уәли (тік, суық қарап). Не сұрайсың?

Тайман. Балам ұнатқан соң қызыңды алдым, есіктегі басың төріме шықты. Өтірік деші! Мынадай көк шатырлы үй жасап, жұрт қатарлы жиһаз жинадың. Қоң байлаған соң, құтырайын деген екен, етікшім!

Уәли. Үй деймісің? Үйімді ал! Жиһаз деймісің, оны да әкет. Тек басыма тыныштық берші, жарықтығым.

Тайман. Бұлай сөйлесең, тыныштықты қабірде көрерсің!

Уәли. Енді қалай сөйлес дейсің?

Тайман. Қолыңды қусыр, кешірім сұра, келінімді қазір қасыма қосып бер, бетіне күйе жағып, аламыштап әкетемін.

Уәли (тайлықпай). Күштісің ғой, жанымды ал. Бірақ жалғызымды өйтіп қорлата алмаймын.

Ақаев. Ойлап айт, қария, соңының неге соғарын ұмытпа!

Уәли. Балаң бар ма, әтбекет? Әке боп көргенің бар ма?

Тайман. Бұл менің әтбекетім. Ана жерде судьям тұр. Өз тіземді азсынсаң, заң салмағын да қоса көтересің.

Ақаев. Даушының бірі бүгіннен бастап мен боламын, - ақсақал.

Уәли. Бола бер.

Ақаев. Құдайдан соңғы күшті патшаның заңы. Ол заң мына Тайекең жағында.

Уәли. Әділ заң қайда, сонда?

Ақаев. Мен әділ заң туралы айтып тұрмын.

Уәли. Ондай заңды ит жесін ендеше!

Тайман. Ей, не дедің?!

Бірінші жігіт. Не дедің? (Қамшысын сыбанады.)

Екінші жігіт (о да тұрады.) Қайта айтшы, кәне! (Іштен үрейлі Зәру жүгіріп шығады).

3әру. О, мырзалар, кешіріңдер. (Тайманның тізесін құшады.)

Тайман (Уәлиді нұсқап.) Ана бетбағыңды тый әуелі.

3әру. Оны да кешір... кешір... Жауапкерің де мен, айыпкерің де мен.

Уәли (әйеліне.) Жоғал көзімнен!

3әру. Өзің жоғал, томырық. (Тайманға.) Бір жолға ашуыңды бер, құдажан!

Тайман. Сен менің келінімді бер, Зәру.

Зәру. Беремін, қазір ертіп әкеп аяғыңа жығамын, Тайман. (Жүгіре шығады. Біз оның сырттағы дауысын есітеміз. Уәли балғасын соға түседі.) Ей, Майра, сорлы Майра, бақыты қара! (Шамалы. қызулау Бақтияр кіреді.)

Бақтияр. Орта толсын, ағайын.

Уәли. Жоғары шық, Бақтияр. (Бақтияр Уәлидің жанына өтеді.) Немене, тағы жұтқанбысың?

Бақтияр. Бұйырғаны жұтылды. Етігімнің тақасы қақырап кетті, ұста аға...

Уәли. Бүгін уақытым жоқ...

Ақаев. Саған күнде мейрам-ау, Бақтияр.

Бақтияр. Ал саған — күнде жаназа, әтбекет.

Тайман. Осы сен, шырағым, орысша да недәуір оқымап па едің?

Ақаев. Бұл мұсылманша да жетік оқыған.

Тайман. О, жасаған, соның бірі жұқпағаны ма? (Күліседі.)

Ақаев. Бақтиярға су да жұқпайды, Тайеке.

Бақтияр. Су ласқа жұғады, әтбекет. (Ысқырады.)

Тайман. Оның жарамаған екен, шырақ. Я молдалық, я тілмаштық жетпегені ме тым құрыса.

Бақтияp. Жетпеді, байеке. (Теңселіп әрлі-берлі жүpiп кетеді.) Молда болайын деп ем, сәлделілер тыжырынды, тілмаш болайын деп ем, (Ақаевты шұқи көрсетіп) мыналар тосырайды. Нандарына ортақ болмайын деп тарттым да кеттім.

Тайман. Ең болмаса еңбек етсең етті.

Бақтияр, Оны да көргем, мырза. Байдың қойын бағып ем табаныма тас батты, жүкші боп ем арқама қап батты.

Тайман. Керекті қайдан алып жүрсің сонда?

Бақтияр. Жел жұтамын, су ішемін, одан артық не керек?

Тайман. Бар кәсібім сол де.

Бақтияр. Басқа да кәсібім бар: бөбектің бесігін тербетем, кәрінің моласын қазамын.

Тайман. Астапыралла, тілің қандай қыршаңқы еді!

Бақтияp. Қорықпаңыз, кәрі кетсе жас келеді дүниеге: ол жас өзімен бірге жақсылық ала келеді. Сіз де, мырза, жақында орын босатасыз.

Тайман. Патша қол астында мынадай есер жоқ шығар.

Бақтияр (күледі). Енді сол патшаның өзі де тоңқаймады ма, мырза!

Тайман. Мынаның аузын қаритын екен!

Бақтияр. Одан сеп не патшаға! (Күледі).

Ақаев. Доғар, ecyac!

Бақтияр. Айқайлама, Ақаев! Сен шоқынып прокурор болғанша кім бар, кім жоқ... Дауыл келіп соғып берсе, басыңдағы телпегің шыр көбелек айналар. (Әдейі күледі).

Тайман. Қылжағы ма, шыны ма, мынау иттің? (Ақаевқа қарайды).

Ақаев. Иә, сондай хабар бар. Бірақ әскер, қару патша ағзамның қолында ғой...

Тайман. Е, бәсе, сүйдесеңші, жарықтығым. Үш жүз жыл мызғымаған патшалыққа не көрініпті...

Уәли (балғасын ұра түсіп). Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кірер.

Ақаев. Бірақ одан етікші байымас.

Уәли (қарамай). Менің байлығым бізім мен балғам, одан өзгеңді керек те етпеймін. (Осы кезде гармонь үнімен думан-шу үйге тақала береді).

Тайман. Бұл неткен думан?

Бақтияр. Бұл Майражанның думаны. (Терезеден қарап дауыстайды.) Өлме, Майражан.

Тайман (жігіттеріне әмір ете). Бар, доғарсын де! Үйде атаң отыр де! (Бір жігіт шыға жөнеледі).

Бақтияр (ерегіскендей терезеге қарап). Әнің, зауқың үзілмесін, Майражан. Шырқай түс, бұлбұлым.

Тайман. Мынау бір есерсоқ қой, сүйреп шығарыңдаршы өзін.

Уәли. Бұл үйге әзір мен қожамын, Тайман (екінші жігіт орнынан тұра келеді).

Бақтияр. Мені ме? (Күледі). Жоқ, мырза, мені сүйрете алмайсыз. (Терезеге қолын нұсқап.) Әнеки, арыстандай Мұрадым, жолбарыстай жүкшілерім келеді! (Сенделе басып есікке беттейді.) Майра, Майрашым. (Қарсыдан тобымен гармонды Майра да кеп кіреді.)

Майра (сәл иіліп). Сәлем бердім, ата.

Тайман. Сәлемет бол, балам.

Майра. Сізді шақырды дегенге келдім.

Тайман. Сөйлесер сөзім оңаша айтылады, Майра, Мына думаныңды тарат әуелі.

Майра. Айта беріңіз, бұл тұрғанның ішінде маған бөгде ешкім жоқ. (Терезе сәкісіне барып отырады.)

Бақтияp. Түп-түгел Майраның досымыз, (Майраны құшақтайды.) Ақшаң бар ма, бауырым?

Майра. Бар, ағатай. (Ақша береді.)

Бақтияр (ақшаны алып.) Үнемдесем он күндік, шашып-төксем бір күндік қаражат (әндете.) Ол ерік енді өзінде Бақтиярдың, солай емес пе, Майраш?

Майра. Әрине, өзіңізде, ағатай.

Бақтияр. Мен сәлдесіз молдамын ғой, жаным, батамды ал. (Қолын көтереді.)

Ән, жырың аса берсін,
Бақытын, таса берсін.
Сенің аузыңа нұр құйылсын,
Саған жауыққанның аузына құм құйылсын.
Аулақ бар!

Уәли. Батаң қандай әсем ед, айта түс, Бақтияр.

Бақтияр. Ендігі айтарым мына қызға арналсын. (Теңселе басып басқа бір қызға тақалады.) Сен Айбаршасың ғой, ә?

Айбарша. (күлімсірей). Танымай қалдың ба, Бәке?

Бақтияр. Қолымды қақтың, жолымды жаптың ғой... Иә, сөйттің. Сөйте бер, Айбарша. Кете бер. Ал менің көзім... мына екі көзім сенің ізіңде болады. Іше жүрем... баға жүрем ізіңді... Сен қайта оралғанша ішемін.

Айбарша (әзілдей). Оралмасам ше?..

Бақтияp. Ораласың... Он мырзаны бір Бақтиярға сатасың әлі. (Өзгелерге.) Сау болыңдар. ағайын. (Теңселе басып шыға береді.)

Тайман. Айттым ғой: қыз, бозбала тараңдар, оңаша айтар сөзім бар. (Келгендердің бірсыпырасы ығысып қалады.)

Майра. Тарамаңдар, достарым, менің сендерден құпия сырым жоқ. (Тайманға.) Ренжімеңіз, ата. Танымасаңыз таныстырайын. (Әйелдер тобын көрсетіп.) Мыналардың бірі сіңлім, бірі әпкем, бірі құрдас, бірі қадырмен. (Еркектер тобын нұсқап.) Ал мыналар: ағалар мен інілер, сыйластарым. Мына кісі (Мұрадты қолтықтай Тайманға жақындап.) Мұрад аға, кеме капитаны.

Тайман. Кісі қанын арқалап, каторгадан қайтқан сойқан шығар?

Мұрад. Сол сойқаныңыз мен боламын.

Тайман. Онда неше жыл болдың?

Мұрад. Күректей үш жыл.

Тайман. Ерте босаныпсың, қаштың ба?

Мұрад. Ақ екенсің еліне қайт, әнші қарындастарыңның қасында бол деп әдейі босатты. (Тұрғандар күліседі.)

Тайман. Майраға панамын дегің келе ме?

Мұрад. Бұдан былай панасы да, ағасы да мен болам.

Майра. Көп жыл сағындырған ағамыз осы кісі.

Тайман. Мұндай ағаң жоқ сияқты емес пе еді, Майра?

Майра (пейілдене). Бартұғын... Бар болғанда қандай! Мұрад ағаның әнін естімеп пе едіңіз, ата!

Тайман. Жоқ.

Майра. Ал мен ес білгеннен естігем... Осы қала түгел естіген. (Еліге.) Күн бата жұмыс тынады... Жұрт тынығады. Күндегі бір мерзімде ән басталады, Үлкендермен бір барып біз де тыңдаушы ек.

Дауыстар: Иә, сөйтуші ек. Ұзақ, таңды кірпік ілмей атыратынбыз.

Майра (серпіле түсіп). Түн де жым-жырт, жұрт та жым-жырт... Жалғыз ғана ән толатын әлемге... Кейде асқақтап аспанға, батқан күн мен туар айды іздейді. Сондай кезде биік әннің от қанатын көруші ем... Сыйынушы ем сол әнге.

Тайман. О, жасаған, адам әнге сыйына ма екен!

Майра. (Ойын бөлмей). Кейде сол ән көк бетінен жерге қайта құлайтын, қанатын сынған жия алмай қағып жылайтын... Тыңдаушылар күрсінетін уһілеп... Сондай кезде жаралы әннің дерті батып жаныма, тоқтай алмай өксуші ем... Көкем әрең жұбататын қайтарда.

Тайман. (кекетіп). Ондай да ауру болады екен-ау..

Майра. (бөгелмей). Сонда сүйгем адам әнін, сонда сүйгем ән иесі адамды. Мына тұрған Мұрад аға сол адам.

Мұрад. Сол ән кейін өзіңе көшті, Майражан.

Майра. Күштілері әлі сізде, Мұрад аға. (Сәлден кейін Тайманға бұрылады.) Ата, айта беріңіз, құлағым сізде.

Тайман. О, неге кеттің?

Майра. Еркіндік іздеп кеттім, ата.

Тайман. Неден кенде едің, келінім? (Орнынан тұрып.) Балам өзіңдей жас емес пе еді?... Жібек жастандың, мақпал төсендің. Күн тимесін деп көк шатыр көтерттім, шаң тимесін деп күймеге мінгіздім. Өтірік пе еді, Майра?

Мaйра. Бәрі рас. Бірақ мен күнсіз, шаңсыз өмір сүре алмайды екенмін. (Жастарды. нұсқап.) Мынадай топсыз, думансыз тірі жан емес екенмін, ата. Алтын торыңыздан ұштым да, бір ұяда өскен құрбы-құрдастарыма қосылдым. Бұдан былай мені іздемеңіз, атажан.

Мұрад. Әр сөзіңнен мың садаға кетейін.

Айбарша. Сен біздікісің, әпкетай! (Майраны құшақтайды.)

3әру (ызалы.) О, ағайын, елпілдетпеңдер бибақты! Құдам Тайман, құдағиы мына менмін, ақ батам бұзылмайды. (Тайманға.) Әкет келініңді, Тайеке. Сулы жерде пісір, сусыз жерде қуыр!

Уәли (пышағын ұстай атып тұрады). Қара пышақ қызыл қанға боялар. Ең алдымен сені бауыздармын, қу қатын! (Ұмтылады. Оны Мұрад ұстап қалады.)

Тайман. Ендеше сол пышаққа мен түсейін. Байлаңдар қара бетті, шақырыңдар жігіттерді сырттағы! (Екі жігіт шоқпарларын суырып алған, Майраға тап береді. Жүкшілер Майраны қоршап қалады.)

Мұрад (біреуін қағып жіберіп шоқпарын жұлып алады). От шықпасын ойыннан! Арқалап ала жөнейтін Майра жетім лақ емес.

Тайман. Олай десең менімен сынас, қанішер! (Қойнынан сапысын суырады.) Я өлейін, я жаныңды өз қолымнан алайын! (Taп береді. Мұрад сапыны шоқпармен қағып жуытпайды.)

Мұрад. Қой, кәрі төрем, жазым боларсың. (Сәлден кейін сапыны қағып түсіріп, аяғымен басады.) Жекпе-жек осымен бітті, ақсақал.

Тайман (ызалы). Аруақ, аруақ! (Дәрменсіз отыра кетеді.)

Мұрад. Аспандағы аруақ сасқанда ауызға түседі. Одан да жердегі жұртпен ұғынысқан әбзәл емес пе?

Ақаев (зілді). Каторгадан кейін ақылды болған артық, бауырым. (Орнынан тұрып Мұрадқа жақындайды). Тышқан ініне сыймай жүріп, құйрығына қалбыр байласа, одан күйі жақсармайды.

Мұрад. Мұныңыз ақылды кеңес, айта түсіңіз.

Ақаев. Полиция ояу. (Өтірік күліп.) Онда кілең сақ құлақтар істейді, білесің ғой? «Мұрад большевик» деген бір жапырақ қағаз жазылса біткені. Алады да отырғызады.

Мұрад. Қандай үлкен қатер. Ал жаңағы сіз айтқан қағаз жазылып, оған Ақаев деген қол қойылған болса ше? Онда қайту керек? Сіз осыған ақыл беріңізші, адвокат.

Ақаев (сасып.) Жалған. (Шегінеді.)

Мұрад (қуа жақындап). Ал сіз шегінбеңіз, мырза (Қатал.) Заң адамының жанына да қоса жазылған. Оның атын: намыс, кек дейді. Осыған бұрынғы каторжниктің кемшілдігі мен кешірімсіздігін қоссаңыз тұп-тура бір жалақор көтере алмас жүк шығады. Түсіндіңіз бе?

Ақаев. Оны кезінде көрерміз. (Орнына отырады.)

Мұрад. Дұрыс. Кезі келсе кезегі де келеді.

Тайман. Ей, қанішер, жауабыңды айт ақырғы. Майра кімнің қатыны? Сенікі ме? Мал төлеген байынікі ме?

Мұрад . Майра мыңның қызы, мырза.

Дәл осы кезде Батталға бір бума нәрсе құшақтатқан Дүрбіт мырза іле қостай кіреді.

Дүрбіт. Сөз-ақ, Майра мыңның қызы! (Барлық тұрғандар соған бұрылады.) Бүгін сұлу еркі өзіңде. Қалаған кезінде ұшады, қалаған бұтағына қонады.

Тайман. Ей, сен кімсің?

Дүрбіт. Әкем Қаранар, өзім Дүрбіт. Түзде малға, қалада магазиндерге мұрагер, ал Стамболда ислам ғылымының шәкіртіміз. Ол аз десеңіз Майраштың да сүйіктісімін! Бала шақта ынтық боп, қолым жетпей кетіп ем; қайта оралған соң қапымды өтеуге кірістім. (Майраға.) Сұлу Майра, сый құрметімді қабыл ет. Баттал, бері әкел. (Әкелген нәрселерін алып шығара бастайды.) Қырмызы камзол, қамшат берік. Мынасы желең, мынасы жаздық торғының. Баттал, киіндір. (Баттал шапшаң киіндіріп, сыртына торғын жабады.)

Баттал. Не деген көрік, не деген сәулет, асыл асылға қонады екен-ау. Мырзамның қолы тиіп ед, құлпырды да жөнелді. Құтты болсын, қарындасым.

Дауыстар: Құтты болсын. Құтты болсын!

Тайман. Күйіп кетсін!

3әру. Шеш, таста, бақытсыз!

Уәли. Шырылдауық шегіртке! Қой демедім бе мен саған? (Жаңа етіктерді бір қолтығына қысқан, әйелін екінші қолымен қолтықтай еріксіз сыртқа шығара береді.) Енді Майраш өз сөзіне өзі ие, араласпа бекерге. (Әкетеді.)

3әру (кетіп бара жатып). Құдам Тайман... Бұзылмайды ақ батам...

Тайман (атып тұрады). Шабамын дедім, шабамын! Тайман тірі тұрғанда бұзылмайды ақ бата. (Жігіттеріне.) Барыңдар бірің базарға. Атқа қонсын, мені Тайман дейтіндер, елден келген ер атаулы жиналсын! Қаланың қара топырағын қанға былғап жент жасап кетпесем атым өшсін! (Бір жігіт шыға жөнеледі.)

Мұрад. Шабылатын біз болсақ жайғасып отырып күтейік. Жүріңдер, жігіттер, мына бөлмеге.

Тайман, Дүрбіт, Ақаев, Баттал, тағы бірнеше жігіттен өзгелер екінші бөлмеге кіріп кетеді.

Дүрбіт. Қалаға шабу қашан қалған, ақсақал. Жұртты босқа дүрліктіресіз.

Тайман. Келмей ме қолымнан?

Дүрбіт. Келмейді. (Зілді күлкімен.) Қаламен ойнамаңыз, мырза. Ол күніне сіздейлердің оның жұтпаса тыныш жата алмайтын аждаһа. (Жақындап). Одан да менімен ұғысуға тырысыңыз.

Тайман. Ол не үшін?

Дүрбіт (күлісіп). Аждаһаның бір басы болғаным үшін, мырза. Ағын айтайын: Сіз мойындамайды екен деп Ертіс теріс ақпайды. Ақша қайда, құдірет сонда. Таныңыз, мынаның атын алтын дейді! (Қалтасынан он сомдық алтынды суырып алады.)

Баттал (қызыға қарап). О, жарықтық, он сом ғой.

Дүрбіт. Бұған қазір әулие де, әкім де табылады, мырза.

Баттал (еріксіз). Мен де табынамын, Дүрбітжан! Тасташы маған садағаң кетейінді. (Дүрбіт лақтырып жібереді. Баттал қағып алады.)

Тайман. Алтын құдай болса ақ патшаны сақтар еді алдымен.

Дүрбіт (қуанғандай іле жөнеледі). Мінеки, жаңа жөнге көштіңіз. Бірлеспесек сіз бен біз де құлаймыз. (Пауза. Осы кезде іштен гармонь сыңси тартыла бастайды.) Есітемісіз, ән басталғалы жатыр... Енді сізге Майрадан бұлт жуық.

Ақаев. Дүрбіт мырза, саған да жақын тұрғаны шамалы. Ағалап үзілгеніне қарағанда, бәріңнен де Мұрад жақын секілді.

Дүрбіт. Ол қайсар жан, ерегіссе өліспей тынбайды.

Тайман. Қорқамысың? (Керк-керк күледі.)

Дүрбіт. Қорқамын. Сіз де қорқыңыз, кәрі мырза.

Тайман (егескендей). Тайман құдайдан ғана қорқады.

Дүрбіт (ойланып). Қорықпаған кісі қорқыта да алмайды. Мұрадты дұрыс тану үшін үйде қағысу аз. (Тайманның құлағына жақындап.) Ұзақ арбасып, жақын тану керек. Ол әнқұмар, сауыққой жанның ғана бірі емес, мырза.

Ақаев (о да жақындап). Рас, рас.

Тайман. Енді кім? (Іште гармонь тартыла береді.)

Дүрбіт. Міне әңгіме осында. (Батталға.) Есікке барыңдар. (Баттал мен екінші жігіт Майралар кірген есіктің екі босағасына барып тұрады. Дүрбіт қысқа-қысқа сөйлейді.)Полиция мәліметі бойынша Мұрад большевик, мұның басқаратын кемесі де большевиктер ұясы. Омбыдан келген бір үлкені осылардың ішінде деген де хабар бар. Бірақ аты-жөні әлі белгісіз.

Тайман (үркіп). Не дейді!

Дүрбіт. Иә, солай. Енді бұлар жүкшілерді қаруландырмақ. Сібірден шегінген Колчак армиясын оқпен қарсы алмақ. Онда, мырза, сіз бен біз шошқаша үйітілеміз!

Тайман. Сақта, жасаған!

Дүрбіт. Жасаған сақтар, өзіңіз де сақ болыңыз, мырза. Өкімет әскеріне қарулы қолмен қосылу, большевиктер армиясын осы қалада талқандау біздің міндетіміз. Сіз мықты болсаңыз сол шабысқа әзірленіңіз, ақсақал.

Тайман. Ендеше мен бүгін шабам, бүгін құртам Мұрадты! Сендер сияқты ермекші, дүрмекші боп жасырынып жүрер жайым жоқ.

Дүрбіт. Қойыңыз! Кәрлікке балалық сән емес. Бізге бір Мұрад емес, бүкіл кемедегілерінің басы керек.

Ақаев. Дүрбіт дұрыс айтады. Арзан қызбаңыз, Тайеке.

Тайман. Маған жесірім керек, малым керек әуелі.

Дүрбіт. Малыңызға мен жауапты. Қанша төлеп едіңіз қалыңына, саудаласпай қолымнан санап беремін. Тек Майраға тимеңіз.

Тайман. Болсын... (Ойланып.) Бірақ Майра өзіңді жаратпаса қайтесің?

Дүрбіт. Оқа емес. Онда кесірлі сұлудың қол-аяғын кісендеймін де, тұп-тура Стамболға әкетемін.

Тайман (қолын созады). Уәде ме?

Дүрбіт. Алла атымен уәде!

Тайман. Нағашың да сен сияқты судыр ед. Ақырында жаңағы Мұрадпен тынған саудасы. Осы қалаға атпен келіп, табытпен қайтқан аулына. Сен сақ болғайсың. (Күледі.)

Дүрбіт. Нағашым тентек ед, өлеңмен мақтай қоймадың деп тәкаппар Мұрадқа қамшы сілтепті... Сөйтіп жазым тиген таяқтан өзі мерт бопты. Оның несі күлкі?

Тайман. Қайрағаным емес пе?

Дүрбіт. Әуре болмаңыз. Мені сізден гөрі басымдау күш қайраған. (Салмақтап.) Қан үшін қан төгуге ант еткем.

Тайман. Жаңағы сауда жадыңнан шықпасын, шырағым. Мен ақысы кеткенді кешірмейтін адаммын.

Дүрбіт. Жарайды, ақсақал.

Тайман. Жүріңдер, жігіттер. (Өз тобымен кетеді. Сахнада Баттал мен Дүрбіт екеуі.)

Баттал. Мынаның іздегені жесірі емес, малы екен ғой.

Дүрбіт. Бір тосқауыл қирады.

Баттал. Қалғанын маған тапсыр, қалқам, жаңқалап беремін. (Қойнынан кішкене айбалтасын суырып алады.)

Дүрбіт. Тық пәлеңді! Бері кел. (Балтасын тыққан Баттал жақындайды.) Алдағы жұма сейіл-серуен күні қырдағы ауылға аттан да сәскеден қалмай қырық Жігітпен Ертістің арғы бетіндегі шоқ қайыңда әзір бол. Мал сойыңдар, қазан көтеріңдер, бізді күтіңдер.

Баттал. Құлдық, мырзам.

Дүрбіт. Мен кеме жалдап алам да, Майраны тобымен со жерге сейілге апарамын.

Баттал. О, ақылыңнан айналайын, сұлтаным.

Дүрбіт. Айбалтаңның қызығын сонда көрсетесің, Баттал.

Баттал. Көрсетемін, Дүрбітжан!

Дүрбіт. Жөнел, жолың болсын. Әкейге әзір білдірмегейсің.

Баттал. Құлдық, мырзам. (Есікке жеткен кідіріп қарайды.) Жаңағы сарыннан тағы бірін тасташы, Дүрбітжан. Жеңгеңе сенен сәлемдеме ала барайын.

Дүрбіт. Мә, (Қалтасынан алтын ақша алып лақтырады. Баттал тазыша қағып алады да жоғалады. Ішкі бөлмеден шыққан Айбарша жалғыз Дүрбітті көріп селк етіп тұрып қалады.)

Айбарша. Сен екенсің ғой, жас мырза.

Дүрбіт. Неге шошыдың, Айбарша!

Айбарша. Шошымас қылық көрсеттің бе? Алысқан қол, айтысқан ант қайда? (Жыламсырап.) Сүйем, өмірлік жар болам демеп пе едің?

Дүрбіт. Сүйгенім рас, жалғаны жоқ-ты сөзімнің. Майра келді де жүрегіме жаңа от түсті... Оған бала шағымнан ынтық болатынмын, Айбарша. (Іштегілерге дауыстайды.) Ау, құрбылар, кең бөлмеге шығыңдар! (Айбаршаға.) Жасыңды тый. Қалғанын кейін сөйлесерміз, Айбарша. (Іштегілер шығады.)

Мұрад. Еһ! Жым-жырт бопты ғой. Жаңағыларды жел суырып кеткеннен аман ба?

Дүрбіт (күле). Жел суырған жоқ, мен суырдым. Құрбылардың ойын-күлкісі үшін үй босаттым, бұған не дейсің, Мұрад аға.

Мұрад. Оңда болған. Тек бізге рақым ойлағайсың, Дүрбіт мырза.

Дүрбіт. Жақсы аға, жақсы құрбыларға мейірімім ғана арналған; Майраға дос - маған дос. Сол достығымды алдымен өзіне ұсынамын, капитан. (Құшақтайды.)

Мұрад. Тәуір жігіт екенсің, мырза, қалай білмей келгенмін.

Дүрбіт. Білмеуші ме ең, Мұрад аға?

Мұрад. Жаны шыңырау, күлкісі азаппен тең деп естіп ем.

Дүрбіт. Хан сыртынан жұдырық. Сырттағы жұрт не демейді. Көлденең сөзге құлақ ассам, мен Мұрадтың маңайына жуымаған болар ем. Қандай екенімді мына Майраштан сұраңдар. Біз медреседе бірге оқығанбыз. Жақсы біледі.

Майра. Рас, жақсы білемін. Әрі мырза, әрі тентек ед, сал болам деп үкі де тағатын бөркіне.

Дүрбіт. Сол бөркім әлі сақтаулы, Майраш.

Майра. Достарым! Дүрбіт мырза бүгін маған зор ілтипат көрсетті. Қайын атамның алдында қадырмен екенін білдірді, әдейі әкеп асыл сыйлар арнады. Онысына алғысым, олжама ортақ болыңдар, достарым. Жібек желеңді Мұрад ағаға жабамын (Жабады.)

Дүрбіт. Мен өзіңе сыйламап па ем, Майраш?

Майра. Мен де өзімсінгендерге сыйлаймын. Ренжісең, қайтып ал, мырза.

Дүрбіт. Жо... жоқ... әншейін айтамын.

Майра. Мына камзолды, жеңеше, сен ки. (Жас келіншекке кигізеді.) Ал құндыз бөрік жас сіңлім Айбаршаға жарастық. (Айбаршаға кигізеді.) Қандай келіседі. Мен жігіт болсам Айбаршаға ғана ғашық болар ем. (Қыздың төмен қараған жүзін жоғары көтереді.) Сіңлім-ау, мұның қалай? Көзіңде жас бар ғой. (Бұрылып.) Сен ренжіттің бе, мырза?

Дүрбіт. Тіпті жазықсызбын.

Айбарша. Кейде өстіп көзіме жас толатыны бар, әпкетай. (Көзін сүртеді. Тұрғандар күбірлесіп қалады.)

Майра. Ыстық жас ажарлы бетке әжім түсіреді. Қолыңнан келсе жыламасқа тырыс, бауырым. (Күрсіне құшақтайды.)

Айбарша. Адам әдейі жылай ма, әпке?

Майра. Иә... қазандағы су жалын өтсе ғана қайнайды.

Дүрбіт (сағатына қарап). Майра, бір құстың балапанындай қатар өстік емес пе. Сен маған бүгін де кешегідейсің. Жаңағы әкелген аз ғана сыйлығым үлкен махаббатымның кішкене ғана белгісі, ақ көңілмен қабылдағаныңа кетер алдымда алғыс айтамын.

Майра. Шын, жарқын көңіліммен қабыл еттім.

Дүрбіт (жайдарылана түсіп). Ал енді тағы бір қолқам бар, бәріңе салар қолқа.

Майра. Оны да тыңдаймыз.

Дүрбіт. Алдағы жұмаға жақсы бір жеңіл кеме жалдаймын. Дос көрсеңдер мені, сол кемеге қонаққа келіңдер. Ертіс өрлеп серуен жасайық, Майраның жабыққан көңілін ашайық. Бұған не дейсіңдер?

Мұрад. Біз қызмет адамымыз, мырза. Қолымыз босамаса өтірікші боп қалармыз.

Дүрбіт. Сол кеме, Мұрад аға, сіздің кеме болса қайтесіз?

Майра (қуанып). Онда тіпті дұрыс, барамыз. Осы тұрғандар түгел барамыз.

Дауыстар: Барамыз! Барамыз!

Дүрбіт. Саба-саба қымыз тиейміз, шарап көл-көсір болады, достарым.

Майра (күліп). Тезірек жетсе екен сол жұма.

Мұрад. Тарқайық ендеше.

Күліскен жастар Майраға «сау бол, сау бол» десіп шыға береді. Үйде Майра мен Айбарша екеуі ғана қалады.

Майра. Уһ! шаршап кеттім ғой. (Отырады.) Отыр, Айбарша.

Айбарша. Мен де қалжыраппын... Түк дәрменім жоқ. Құдай бізді тумай жатып қартаюға жазған екен де.

Майра. Иә, болдырмас үшін, құламас үшін күш керек. Күшті бол, бауырым... Күшті бол.

Айбарша. Темір болу керек шығар... (Күрсінеді.)

Майра. Дұрыс айтасың, атқа таға бол. Егіншіге орақ бол, әйтеуір темір болу керек.

Айбарша. Ал мен өлетін жан сияқтымын.

Майра (шошып). Не дейді? (Қасына келеді.) Неден түңілдің сонша ма? (Құшақтайды.) Сені Бақтияр ренжітті білем, ә?

Айбарша. Оның жазығы жоқ... Бақтияр әділін айтып кетті.

Майра. Енді кімге ренжідің, бауырым?

Айбарша (басын көтеріп алған, жас толы көзімен Майраға шаншыла қарайды.) Мені ренжіткен өзіңсің, Майра aпa! (Басындағы бөрікті лақтырып тастаған, шапшаң есікке беттейді.)

Майра. Тоқта, Айбарша! Тым құрыса түсіндіріп кетсеңші. (Жүгіре жетіп ұстайды.)

Айбарша. Сен, әпке, менің бақытымды күйреттің! (Жүгіре басып шығып кетеді.)

Майра (аң-таң). «Бақытымды күйреттің»... (Бұрылып келеді.) Мен бе қиянат жасаушы?... О не дегені байғұс баланың? (Жерден құндыз бөрікті көтереді.) Ә... жаңа түсіндім ғой. (Көзін сәл жұмып.)

Тілеп пе едім тәңіріден көрік бер деп,

Тілемеп пе ем басыма ерік бер деп?.. (Тағы да жүріп барып көзін ашқан. Қабырғадағы айнадан өзін көреді. Тұрып қалған, үрейленгендей қарайды.)

Тырнайын ба, жыртайын ба бетіңді,
Ақсын қаны, қуарсын!
Ояйын ба жалын толған көзіңді,
Көр болсын да, суалсын!
Босап сонда сұмдығынан сұлулық
Қалар едім жалғыз мұңлы әніммен...

(Айнадан кейін серпіліп.)

Жо... жоқ, безе алмаймын көркімнен,
Көркім кетсе, Мұрадым бірге кетпей ме?..
Осы Мұрад, өзгерген бе, не қылған?
Кейде ойлы жанарынан көзінің,
Тереңнен, бір тұнықтан
Маған деген махаббатын аңғарам.
Бірақ соны айтпайды. Ал мен ше?
Алыста жүрсе маған жақын келсін деп,
Қасымда жүрсе кетпесін деп алыстап
Ән айтамын талғанша...
Жаңа ғана жұрт алдында
Сүйіктім деп тағы айттым...
Мұрад маған сыр ашқан емес бір рет.

(сәл ойланып.)

Сенбей ме екен, жеркене ме екен
Қылығымнан жарқылдақ?
Бұлай кете беруі мүмкін емес.

Шымылдық

ЕКІНШІ АКТ

Ертеңгі мезгіл. Ертіс жағасы, шағын қаладағы жайдақ тақтайдан жасалған пристаньда кісі таситын өзен пароходының борты, салонға кіретін есігі көрінеді. Кейін пароход жүрген кезде су толқынымен арғы жағадағы шоқ-шоқ ағаштар, алыстағы қыраттар алмаса көріне қалып отырады. Перде ашылғанда төменде 4-5 жігітке қымыз, ішімдіктер, тағы басқа нәрселер көтертіп жаңа жеткен Дүрбіт, бортта матростармен тұрған: Мұрад, Александровтар.

Дүрбіт. Сәлем, жақсы аға.

Мұрад. Өзің де сәлемет бол.

Дүрбіт. Мінеки бүгінгі серуеннің ішім, жемі. Қабыл алыңыздар.

Мұрад (матростарға). Алыңдар, ішке кіргізіңдер.

Матростар әкелген заттарды ішке кіргізеді.

Дүрбіт (жайдары). Сіздерге жеткенше асығып, түн ұзақ ұйықтай алмай шықтым.

Мұрад. Алдағы серуен қызығы маза бермеген екен де. (Жоғары көтерілген Дүрбітпен қолдасып амандасады.) Танысыңыз, мына кісі, Александров, капитан көмекшісі.

Александров. Сізбен көріскеніме қуаныштымын. (Қол алысады.)

Дүрбіт. Ал мен сізбен танысқаныма бақыттымын.

Александров (есікті нұсқап). Кіріңіз, біздің әзірлігімізді де көріңіз, мырза.

Дүрбіт. Жақсы шығар? (Александровна қадала қарайды.)

Александров. Тырысып бақтық, мырза. (Дүрбіт ішке кіреді.)

Мұрад. Қалай, ұнай ма Стамбол шәкірті?

Александров. Ұнайды. Нәзік тәрбиеленіпті. Менімен қандай мейірімді амандасты, танып қалғаннан сау ма екен өзі?

Мұрад. Жоқ. Бірақ осында бар екеніңді жетік біледі.

Александров. Біледі, біледі. (Шапшаң сөйлейді.) Ендігі әңгіме ұстамда ғана, провакацияға берілмеу бірінші міндетіміз, Мұрад.

Мұрад. Жағаға шықпау, қақпанын баспау екінші міндетіміз. (Есік қайта ашылған, Дүрбіт көрінеді.) Жүруге әзірленіңдер. Дүрбіт мырзаның сейілі көңілді өтетін болсын.

Александров. Хұп, капитан мырза. (Кетеді. Дүрбіт Александровтың сыртынан бұрыла қарап тұр.)

Мұрад. Сағат жетіге жақындады, мырза.

Дүрбіт. Тура жетіде жиналып боламыз. (О да сағатына қарайды.) Асықпа, капитан. Уақыт Ертістің суы сияқты. Біз асықпасақ та ағып өте береді.

Мұрад. Асығу керек, уақытты да асықтыру керек, мырза. Аяқ қозғалмаса жол қысқармайды.

Дүрбіт. Білем, білем. (Күледі.) Бәрін білем, капитан. (Жақындай түсіп.) Күтемісіздер?

Мұрад. Нені?

Дүрбіт. Аңқауын. (Тағы да өтірік күледі.) Түсінбей тұрған шығарсыз? Мен бәрін білемін, капитан.

Мұрад. Білген жақсы. Сенің білгірлігіңе мен шектенген емеспін, Дүрбіт. Тек не айтпағыңды аңғармай тұрмын.

Дүрбіт. Ақын да, әнші де болғансыз, Мұрад аға. Ақылды, қайратты екеніңнен де хабардармын. Бірақ қу екеніңізді, құдай біледі бар ғой, бүгін байқап тұрмын.

Мұрад (күледі.) Онда қуға қу кездескені де. мырза. 

Дүрбіт. О да мүмкін. (Шылым ұсынады.) ІІІылым тартыңыз.

Мұрад. Рақмет. Тартпаушы едім.

Дүрбіт (ұрлана, қулана). Сіз большевиксіз... Сіз революцияның Омбыдан бізге жетуін күтесіз, таптым ба, капитан?

Мұрад. Жоқ!

Дүрбіт. Бекер жасырасыз. Мен дос адаммын, Мұрад аға. Егер титтей жат ойым болса, сізге сездірмес те едім. Пароходстваның компаниясы сізді күдікті адам деп орныңыздан босатпақ болғанда, полиция қызметкерлерінің «әзірге қумаңыздар» дегенін өз құлағыммен естігем.

Мұрад. Олар неғып қамқор бола қапты?

Дүрбіт. Шошытпаңдар қыранды. Керек кезінде өзіміз жаямыз торды дегендері де. (Күледі.) Сақ болыңыз, капитан. Революция Ертістің қатты ағысына қарсы жүзіп жеткенше мертігіп қап жүрмеңіз.

Мұрад. Жазықсыз басқа жаза кесілмейтін шығар. Әйтсе де ескерткеніңізге алғыс айтамын, мырза.

Дүрбіт. Мені бірден бір досым деп таныңыз, Мұрад аға.

Мұрад. Рақмет, бауырым, рақмет. Ал енді өзіңіз айтыңызшы, Дүрбіт мырза. Революцияға «Алаш» жастары, яғни, мына сіз, өзіңіз қалай қарайсыз?

Дүрбіт. Жақсы қараймыз. Революция бізге, қазақ сахарасына автономия береді. Рас емес пе, капитан?

Мұрад. Сөзсіз.

Дүрбіт. Одан әрі барлық арман, қиялға кең мол ашылады. (Еліге.) Сіз бен біз ұлы түрік империясының айлы туын көтереміз, капитан!

Мұрад. О, қандай биік қиял! Революцияны шын-ақ күтеді екенсіз, жас мырза.

Дүрбіт. Атамаңыз, Майраны қандай күтсем, оны да сондай күтудемін. (Кенет өзге бір ойға көшкендей Мұрадқа тесіле қарап жақындайды.) Айтыңызшы капитан, сіз осы Майраның кімісіз, Ағасымысыз, ұстазымысыз?

Мұрад. Екеуідемін.

Дүрбіт (өз ойын жалғастыра). Ғашығы деуге дәлелсізбін. Тек Майраның сізге қараған көзінен қорқамын. Аз қарайды, ынтызарымен қарайды... Ал сіздің көзіңізден ондай құмарлықты аңғарған емеспін... Бірақ сіз... жаныңыздың қыртысы көп жансыз ғой... Көзіңізді көлеңкелеп, көрсетпей ұстауыңыз мүмкін-ау... солай емес пе? (Кішкене паузадан кейін.) Сіз болмасаңыз Майра мені сүйер еді... Рас па?

Мұрад. Оны Майрадан сұраңыз, мырза!

Асыға басып жеткен Айбарша, оған ілесе кірген Бақтияр көрінеді.

Бақтияр. Тоқта деймін, Айбарша!

Айбарша (кідіріп). Ал, тоқтадық.

Дүрбіт. Жүріңіз, капитан, дастарқан әзірлігін көрейік.

Бақтияр (шамалы алқынып). Қызға бұлай жүгіруге жарамайды.

Айбарша. Тағы жұтыпсың ғой!

Бақтияр. Неге жұтпасқа?

Айбарша. Таң атпай-ақ па?

Бақтияр. Менің таңым — әтештің таңы. Әңгіме онда емес.

Айбарша. Енді неде? Ақыл айтуда ма?

Бақтияр. Өзіңнен артқан ақылды басқаға да ауыстыру керек, Айбарша. Тағы айтамын: жігіт соңынан жүгіру жарамайды. Жүгірдің бе құның түседі... құның.

Айбарша. Жүгіргенімді қашан көрдің?

Бақтияр. Күн де көрем. Міне, қазір де көріп тұрмын. Сен Дүрбіттің соңынан жүгіресің, ал мырза Майраның соңынан жүгіреді. Сөйтіп өмір кілең жүгіріске айналып барады. Жарамайды. (Қолын бір сілтеп кемеге беттейді.)

Айбарша. Тоқташы, Бақтияр (Ұстайды.) Айтшы, ағатай, Майра менен артық па?

Бақтияр. Әрине! Майра сенен де, бәрімізден де артық.

Айбарша. Несі артық? (Жұлқынып.) Айтшы, несі артық деймін?

Бақтияр. Құдай бізді балшықтан... сасық балшықтан жаратқан, білдің бе?

Айбарша (ызалы). Майраны неден жаратыпты?

Бақтияр. Ызаланба, сары ауыз балапан! (Күледі.)

Айбарша. Асыл тастан жаратып па?!

Бақтияp. Tac деген не, жылтырақ па? Cөз емес!

Айбарша. (Тағы да жұлқынып). Енді неден?

Бақтияр. Оттан! Нажағайдан жаратқан! (Пароходқа көтеріле бастайды.)

Айбарша. Жынды!

Бақтияр (кідіріп). Ал сен сау екенсің, жүгірме. Ұлтанды да аяу керек, қыздар. (Есікке тақалып.) Қонаққа келдік!

Дүрбіт (есіктен сәл көрініп). Сізді кім шақырып еді?

Бақтияр. Мен өзім келдім, мырза. Бақтиярсыз жерге Майра да аяқ баспайды. Оны білмеуші ме едіңіз?

Дүрбіт (күліп). Солай ма? Ендеше бері жүріңіз. (Екеуі де көрінбей кетеді.)

Айбарша (жалғыз аңырып тұр). Не деді жаңағы! Сасық балшықтан жаралғансың деді-ау! Рас шығар... Әйтпесе осынша қор болар ма ем жүгіріп! (Осы кезде аз ғана топпен гармонын асынған Майра көрінеді. Оның гармоны жас келіншектің мойнында.) Әнеки, оттан жаралған жан келеді... Кетпеймін... Не көрсем де көндім.

Майра. Қандай жақсы, Айбарша да келіпті.

Айбарша. Келдім, әпке, мен де келдім.

Майра. Қасымда бол, қалқашым. (Құшақтайды.) Жақын жүрсең жақын танисың апаңды. (Пароходқа қарап.) Ешкім көрінбейді ғой.

Айбарша. Осында болар.

Майра. Ендеше дыбыс берейік. (Гармонымен өзінің «Майра» атты әнін құлпырта тартып жібереді.)

Айбарша (өзіне). Рас оттан жаралған. Сөнбейтін от, бітпейтін ән... Бәрі өзінде өнердің.

Іштен Дүрбіт пен Мұрад, Бақтиярлар шығады. Александров, тағы басқа матростар көрінеді.

Дүрбіт (қуанып). Майра! Кәне, жоғары көтеріліңдер.

Жүгіре түсіп, Майра мен Айбаршаны қолтықтап қайта шыға береді.

Майра. Мұрад аға, сәлем бердік.

Мұрад. Сәлемет бол. Майра. (Қолынан тартады.)

Майра (матростарға). Есенбісіздер, құрбылар? (Өзенге көз тастап.) Күн желсіз, Ертіс толқынсыз, бүгін сәтімен шыққан екенбіз, Дүрбіт, мырза.

Дүрбіт. Иә, бір түрлі әдемі. Күн де Майрасының райын тапқысы келген тәрізді,

Бақтияр. Ертемен тыныш, түсте дүлей, кешке дауыл соғуы да мүмкін.

Дүрбіт. Жақсы үмітті шошытпаңыз, жас жігіт. (Төменде асыға басқан Ақаев келіп мінеді.) Түгел жиналдық, енді қозғала бастайық, капитан.

Мұрад. Біз әзірміз. (Дауыстап.) Александров, орныңа бар! (Александров штурвалда, бір матрос арқанды босатады. Кеме қозғала бастайды).

Дүрбіт. (Майраны оңашалап). Мінеки, Майра, қозғалдық. Өзен бізге қарсы ақса, біз ағысқа қарсы жүземіз. Екеумізді бөгемейді еш нәрсе.

Майра. Басқамыз ше, оларға қандай бөгет бар? Екеу-екеу бөлінбей, бәрімізге ортақ тілек тілейік.

Дүрбіт. Мен сені өзгелерден жақын көргім келеді. Жарасқан соң жанымыз «екеуміз» деу оғаш па?

Майра. Дүрбіт, қабыл алдым достығыңды мейірімің деп қалтқысыз, оқыған жас иемденбес еркімді, мені әйел деп қарамас, олжасына санамас деп, сеніп келдім қасыңа. Азамат бол, жүрегімді ауыртпа. Жарай ма?

Дүрбіт. Жас жүрегі лобыққыш, ұстамынан тез айрылғыш келеді ғой. Мерзімінен асығыс айтсам ғапу ет.

Бақтияр. Майра, Айбарша. (Ілгері нұсқап.) Қараңдаршы, (Әйелдер соның қасына барады.) Мен үшеуіміздің балалық суретімізді көріп тұрмын. Жүгірмеуші ме ек осы жағада.

Айбарша. Иә... иә...

Дүрбіт. (Жалғыз тұрған Ақаевқа шапшаң оралады). Оң сапар атбекет.

Ақаев. Күдігім бар оныңа.

Дүрбіт (шошып). Не сездің?

Ақаев (ұрланып). Ойланшы, мырза, бұл не қылған жайбарақат адамдар? Жиыл деп ең жиылды, жүр деп едің жүріп барады. (Мырзаға бетін тақап.) Ал сен өңшең қасқыр, өңшең сақтар демеп пе ең?

Дүрбіт. Десем ше?

Ақаев. Тым аңқау екен мыналар... Айдап бар да, матап сал, жүнін қырық та, терісін ал сыпырып... Аяқ серпер түрлері жоқ сияқты. (Дауысын бәсеңдете.) Мен осы мінездерінен сескенем.

Дүрбіт (ойланып қалады). Сескенген жөн... Жақсы ескерттің... Бірақ аңқаулық емес, аңғырттық та болмай ма? (Сәл паузадан кейін.)

Аяғын шалыс басса, жүйрік жығылады.

Белін байқаусыз алдырса, балуан жығылады емес пе?

Ақаев. Ондай да болады.

Дүрбіт. Аңдысқан соң жалтақсыз аңдысайық, Ақаев.

Ақаев. Ендеше оң сапар, Дүрбіт мырза.

Дүрбіт. Айтқаның келсін, атбекет. (Басқаларға бұрылып дауыстайды.) Кәнеки ішке кірейік, оразамызды ашайық әуелі.

Майраны қолтықтап ішке кіреді, оларға ілесе Ақаев пен Айбарша да кетеді.

Бақтияр (Мұрадты ұстап қалады.) Кім айтты деп сұрама. Алдыңда құрулы тор, қайраулы қанжар бар, мына сұм мырза сұмдық әзірлепті деп естідім. Сенемісің осыған?

Мұрад. Сенемін.

Бақтияp. Сақ бол сенсең. Арғы бетке жақындатпа кемеңді.

Мұрад. Рақмет, Бақтияр. Өзің де түк сезбеген боп жүре бер.

Бақтияр ішке кіреді де, Мұрад штурвалда тұрған Александровтың қасына көтеріледі.

Александров. Сейілшіл мырзаның серігі неге азғантай? Күйші, бишілері, қошеметшілері көп болмаушы ма еді мұндайда?

Мұрад. Олары жолда көрінеді.

Александров. Тамаша режиссер, «Гамлет» трагедиясын жақсы әзірлеген. Тек біз қылыштасуға жетпеуіміз керек бүгін. Онда үлкен планға қайта жөнделместей зиян тиеді.

Мұрад. Ендеше маған бер орныңды.

Александров. Берік ұста, қызбауды ойла, досым. (Орнын береді.)

Мұрад. Қызбасын десең, қан тамырыма Ертістің салқын суын құй.

Александров (күлімсіреп). Оның қажеті қанша, өзің де осы өзенде тумап па едің?

Мұрад. Салқын Ертіс мені ыстық құндақта өсірген. Қорланар жерде қорлан, өлісер жерде өліс деп те тапсырған.

Александров. Орта ғасыр серілері де осылай сөйлепті. (Ойнақыланып). Әр сұлудың жалт қараған кезі үшін, я болмаса «махаббат» деген жалғыз ауыз сөзі үшін екі сері шабысады екен, шаншысады екен, ақыры бірі өліп, бірі қалады екен. (Күліп.) Мұндай әңгімені естігі пе едің, Мұра д?

Мұрад. Жақсы әңгіме... Егер мен Майра үшін шабыссам серілік емес, ерлік деп санауыңды сұрар ем.

Александров. Ендеше оқта мылтықты, шақыр ана мырзаны жекпе-жекке.

Мұрад. Көп ширатсын мені, Александров. Өзімді өзім ауыздықтап ұстауды мен үйренгелі қашан. Ал сен түсінбеген боласың.

Александров. Түсінемін, досым. Майра қызғануға татитын жас. Сол үшін де көбірек сақтандырамын,

Кетеді. Іштен қабағын шытқан Дүрбіт, оған ілесе Айбарша шығады.

Дүрбіт. Айтшы кәне не дейсің?

Айбарша. Маған да аздап уақыт бөл, айтарыма құлақ ас деймін.

Дүрбіт. Кейін, сейілден кейін...

Айбарша. Онда маған кінә артпа. Осындағы барлық жұртты шақырып, солардың алдында сөйлеймін.

Дүрбіт. Қандай көк ең, Айбарша.

Айбарша. Әйел жаны сірі деп кім айтып еді!

Бұлар енді қозғала бергенде Майра да шығады.

Дүрбіт (сасып). Майражан...

Айбарша (еркін). Әпкетай, мырзаңызды аз мезгілге бөлемін, бұйырмассыз айыпқа.

Майра. Мейлің, Айбарша. (Күліп.) кеме біреу, сапар ортақ емес пе?

Дүрбіт (бұрылып кеп) Мұрад аға, Майрашты қасыңызға алыңыз. Үйретіңіз кемені қалай ұстауды. (Жалған жайдарыланып.) Әнші Майра, ақын Майра атына капитан Майра қосылсын. (Майраны қолтықтап Мұрадтың қасына шығарады да, қайта Айбаршаға оралады, екінші жаққа беттейді.) Ізіме қанша түссең де қайырылатын мен жоқпын.

Айбарша. Қайырылмасаң жалынатын ешкім жоқ. Тәтті ұйқыдан кейінгі ащы қайғы мені де шынықтырған... (Көрінбей кетеді.)

Мұрад (салқын). Осы сапар қай сапар, Майра?

Майра. Серуеннен гөрі ауырлау. Сырты бүтін, іші түтін әлсіздің жан сақтарлық ермегі.

Мұрад. Қолжаулық болу де.

Майра. Қаласаңыз қолжаулық деңіз...

Мұрад. Қандай едің бір кезде. Енді қандай болғансың? Майрашым деп, қайдасың деп оралып едім алыстан, енді міне мырзалармен серуеніңді басқарып жүрмін.

Майра. Үйдемеңіз, ағатай. Жел айдаса қаңбақ жүгіреді, сор айдаса Майра жүгіреді. Әншейінде «Майраш» дейтін қауымнан бір ағайын ара түсіп, аяушым болуға жарап па? Бөрі алып қашқан бір лағы құрлы көріп пе?! Жоқ! Әнім асыл, өзім жасық, ар, намысым қамқорсыз, сорлы жанның өзі екем. Бекер сенеді екенмін басын қорғар, құлқыны үшін ұлын сатар, қызын сатар ағаға. Амалсыздан бір зордан қашсам екінші зорға тығылдым... Жылай жүріп күлдіретін ән айттым. Өзіңді күттім үмітпен... Соған да кінәлімін бе? Ал сіз! Жалғыз рет жан сырын ашқан емессіз.

Мұрад. Оның рас... Қызуың көп пе, әлде қызығуың көп пе, соған көзім жетпеді... Кейде қарасам, өзім аңсаған Майрасың... Ал кейде... әлдеқайдасың. Үнсіз сүйдім... Үнсіз тағы қарғадым. Менің де жазығым осы ғана.

Майра. Тым болмаса қарғысыңызды да айтпадыңыз ғой.

Мұрад. Жаныңды ауырта алмадым.

Майра. Ал мен болсам Мұрад, Мұрад, Мұрад деп дұғалықтың сөзіндей күнде айтамын қайталап...

Мұрад. Рас па, Майрашым? (Қолын жүрегіне басады.)

Майра. Рас... Аспандай, жердей рас, Мұрадым.

Мұрад. Махаббат пен қызғаныш егіз туған дейді ғой. Қызғанышыма кешірім бер. (Қолын босатады.)

Майра. Мен сізді күдік білмес, періште деп танушы ем.

Мұрад (ұяла күліп). Не қылған періште. Әр еркектің ішінде бір ит жатқан жоқ па байлаулы... Біреу оны басқа тепкілеп үнін шығармаса, енді біреулер ие бола алмай, ырылдатып алады. Айырмасы осында ғана болар.

Майра. Міне, енді кешірдім. (Күліп.) Бірақ қызғанышыңыз кемісін деп тілемеймін.

Мұрад. Қызғанбауым мүмкін емес, Майражан. Сен менің сүйгенім ғана емессің... Айдауда өшкен үнімсің. Жастай жоғалтқан әнімсің. Сенсіз мен жарылып өлер ем. (Құшақтайды.)

Майра (дауысы дірілдеп.) О, жасаған, жарылқай көр... (Көзі алыста, аса бір ыстық толқынды сезіммен тілек тілегендей тақпақтап кетеді.)

Мұң мен үміт кезек билеп жанымды,
Көп шағып ем жаратқанға зарымды.

(Алақанын алға созып.)

Жарық дүние, береріңді кемітпе
Жайдым саған әлсіз алақанымды..

Мұрад (Майраның жайылған алақанын сүйеді). Жаңа тыншыды ғой жаным.

Екеуінің қолы да штурвалда, көздері алыста. Кеткен жақтарынан Айбарша мен Дүрбіт шығады. Екеуінің ажары ашулы.

Дүрбіт. Аз күн болса да ойнап-күлдік. Уақытты қызық өткіздік. Осынша күйінер орның жоқ.

Айбарша (өзін әрең ұстап). Шүкір, құдай, шүкірлік дейін бе?

Дүрбіт (тік). Десе несі бар? Бір ауыз жылы сезімді естуге құмар қыздар да аз емес.

Айбарша. Тырнап алайын ба бетіңді!

Дүрбіт. Масық па, қымызшының қызы! Мойныңа алтын алқа, қолыңа алтын түзік кигізгенімде қандай мейірімді едің, енді бетімді тырнамақпысың?

Айбарша (үрке қарап). Тәңірі! Кімді сүйіп, кімге сенгенмін? Мынау ма алтын алқаң? (мойнынан алқаны жұлып алады.) Мынау ма алтын жүзігің?

Дүрбіт. Иә, осылар!

Айбарша. Адыра қалсын алтын атты сұмдығың! (Дауысы дірілдеп.) Жер жұтсын!... Су жұтсын! (Өзенге лақтырып жібереді. Дүрбіт те өзенге үңілген, өжет қыз өзін де лақтырардай сілейіп тұр.)

Майра. Жүзе берсек осылай... Ағын өзен арылмаса... Жұбымыз мәңгі жазылмаса...

Мұрад. Сүйе берсе жарық күн... Желпи берсе қоңыр леп...

Дүрбіт (Айбаршаға таңырқай қарайды.)

Әйел заты қызық хайуан:
Бауыры мамық, сырты тікен кірпідей.
Аймаласаң аппағың да, жұмсағың;
Жақпай қалсаң, тіліне дейін түрпідей.
Бірақ кешіре береді деп ойлама!
Айбарша. Еркектің де ит мінезін қосып айт:
Еркелесе, аяғыңа жығылып, бет-аузыңды жалайды.
Өлдім дейді, жандым дейді, қыңсылап,
Күн өткізбей қансырата талайды.
Бұған да жаза барын ұмытпа!

Дүрбіт (өзін әрең ұстап). Бар айтарың осы ғой!

Айбарша. Осы. Қалған әңгімені ана Майрадан есіт. Көремісің тұрысын? Мұрад пенен екеуі қандай әсем, қандай жарастық. Өздері жерде, көңілдері аспанда... Айта бар, мырза. Мен ол екеуіне ұзақ, бақытты өмір тілеймін.

Дүрбіт. Асықпа, өкінерсің, Айбарша!

Салоннан желпіне басқан Ақаев пен Бақтияр көрінеді. Екеуі де недәуір қызу.

Ақаев. Не деген саят, не деген рақат!

Бақтияр. Солай ма екен?

Дүрбіт, Майралар осыларға беттейді. Орнын Александровқа берген Мұрад та төмен түседі.

Мырза маңы әрқашан да осылай, жейсің де ішесің, ішесің де жейсің, тек шайнайтын ауыз, жұтатын тамақ болсын де, атбекет.

Ақаев. Әй сен былшылдама, сенен кеңес сұраған кім бар?! (Теңселе басып шеттеп кетеді.)

Дүрбіт (жалған жайдарымсып). Бұл не, құрбылар, қалжың ба, қағысу ма?

Майра (көңілді). Қалжың шығар, осындай ғажайып күнде қағысу бола ма?

Бақтияp. Иә, иә, күн болғанда қандай! Әсем мырза, әнші Майра ай мен күн тоғысқандай жараспай ма? Біреуі сұңқар, біреуі аққу секілді. Пай-пай, қызығын-ай дүниенің! (Шайқалып кетіп тұрады.)

Майра. Бәке, сіз мені де мұқатпақпысыз?

Бақтияр. Маған бәрі бір. Мен ойыма не келсе соны айтамын.

Дүрбіт. Меніңше Бақтияр жақсы сөз айтты. (Мұрадқа беттеп.) Мұрад аға, доспыз дедік қой, аққу мен сұңқар жарастығын жырлаңызшы бізге.

Мұрад. Қинама, Дүрбіт, табанда төгіп айтатын күш қайдан келсін маған.

Дүрбіт (күле). Онда ақын болғаныңыз өтірік екен де.

Мұрад. Қайрама мені, жас мырза. Осындай қайрағаны үшін нағашың Еділбайдың ауыз омыртқасы үзілген де, мен сібірге айдалғанмын. Оны ұмытпаған боларсың?

Дүрбіт. Есімде, капитан. Бірақ ескі жараның аузын бүгін тырнаудың қажеті қанша?

Ақаев. Иә, одан да кеме саяхатын көңілді өткізейік.

Мұрад. Ренжіме, мырза. Мен айтсам аққудың айдын көл үшін жаралған жазықсыз құс екенін айтармын... Ал сұңқар аңшылар үшін қымбат, ол қаз бен қудың желкесін қиып, топшысын үзуге ғана жаралған. Ондай өлеңнің керегі қанша?

Майра. Мұрад аға, осы айтқаныңыздың өзі өлең емес пе?

Айбарша. Одан да үлкен. (Мұрадқа жақындай түсіп.) Ағатай, садаға кетейін... Осы сөзіңізді дұға орнына жаттайын, маған қайта айтып беріңізші... (Жылауға жақын, өзгелер таңырқаса қарасады.) Маған қазір кеудеге у құятын, от салатын сөз керек... (Қатая қалтырап.) Маған қазір... сұңқардың тырнағын... сұмның тілін кесетін сөз керек, ағатай. (Бетін басқан, өксіп-өксіп жылайды.)

Майра. Түу... жүрегіме пышақ қадалғандай болды-ау. (Құшақтап.) Айбаршаны жақында ғана мұңлы бір күйде көріп ем, бүгін тіпті ашынып сөйледі ғой. (Бәріне қарап.) Себебі не екен, білетіндеріңіз жоқ па?

Ақаев (бұрылып). Мен білем. Мен осы қаланың барлық хикаясын білемін. (Қайта жақындап келеді.) Әрбір қаланың өзіндік «Мың бір түні» бар. Оның бәрін естуге өміріңіз жете ме, Майра сұлу?

Майра (қатал). Мен «Мың бір түн» емес, Айбарша жайын сұрап тұрмын.

Ақаев. О да ұзақ.

Бақтияp. Түк те ұзақ емес.

Дүрбіт. Шырақ, сен араласпасаң еді!

Бақтияр. Майражан, өкпелеме қатты айтсам: қыздар осал мақұлықсыңдар.

Майра. Неге, несі осал?

Бақтияp. Күлме, қыздар, орынсыз. (Теңселіп қалып.) Күлдің екен, жылама. Етіңнен ет кесіп алса, қыңқ етпе..

Айбарша (басын көтеріп алады. Біз енді оның ашулы көзін көреміз.) Жалған сөйлеме, Бақтияр, мен жылаған жоқпын.

Бақтияр (Айбаршаның бетіне тесіле қарайды). Солай ма, жыламайсың ба?

Айбарша. Жоқ!

Бақтияр. Онда мен жеңілдім. (Басын иеді.)

Александров. Мына түтін не? (Ар жаққа қарайды. Тұрғандар түгел солай бұрылады.)

Мұрад. Көп түтін ғой өзі.

Дүрбіт. Ол асылған қазанның көптігін көрсе; тегін белгі.

Майра. Не деген көп ат, не деген көп жұрт? (Мұрад Александровтың қасына көтеріледі.)

Дүрбіт. Майраш, осының бәрі сенің әсем әніңді күтушілер.

Мұрад. Оларды кім хабарлады екен?

Дүрбіт. Мен хабарлағанмын, Мұрад аға. Ат шаптырып, балуан күрестіреміз, тойға бергісіз қызық жасаймыз. (Майраға.) Соның бәрі бір сенің құрметің үшін, Майра.

Майра. Рақмет, мырза. Мен мұншалық қызық болар деп күтпеген ем.

Дүрбіт. Ел есітпеген қызық жасаймыз, Майра. Әншінің үні, балуанның білегі сынға түседі бүгін. (Мұрадқа.) Мұрад аға, күреске қалай едіңіз?

Мұрад. Жаман емес.

Дүрбіт. Енді кемені ар жаққа, ана тұрғандарға бұрыңыз.

Мұрад. Мінеки бұрдым. (Кішкене пауза. Кеме кенеттен кілт кідірген, тұрғандар шайқалысып қалады.)

Дүрбіт. Бұл не, капитан?

Мұрад. Қайырлап қалдық, мырза.

Дүрбіт. Қайырлағаны қалай?

Ақаев (күледі). Жүргісі келмеген соң, тоқтаған да.

Дүрбіт (ызалы). Жүргізіңіз, капитан!

Мұрад. Асықпаңыз. Қолмен итере салатын бұл желқайық емес.

Ақаев. Мен білсем, ұзақ тұрамыз, Дүрбіт мырза. Жақсы бастап, нашар аяқтап жүрмеңіз.

Дүрбіт. Енді қашан, капитан.

Мұрад. Асықпа, мырза. (Дүрбіттің өз сөзін қайталайды.) «Уақыт Ертістің суы сияқты, біз асықпасақ та өте береді».

Дүрбіт (жоғары көтеріледі). Қанша ақша керек, өзіңізге? Мінеки, алыңыз, тек кідірте көрмеңіз.

Мұрад. Қалтаңызға салыңыз, мырза. Ақша сіздер үшін әулие, ал кемешілер үшін түк те емес. (Дүрбіт сасып қалады.)

Бақтияр. Мырза, маған бер ақшаңды.

Дүрбіт. Жүргіземісің кемені?

Бақтияр. Жоқ, өзім кеме боламын. Арқама мінесің, су тигізбей алып өтем.

(Өзгелері күледі. Пауза. Дүрбіт қайтадан төмен түседі )

Ақаев. Байқаймысың, Дүрбіт, айналып келіп Бақтиярға мінгесіп өтетін болдық.

Дүрбіт. Енді қанша тұрамыз, капитан?

Мұрад. Көп тұрамыз. Басқа бір ақылын табуымыз керек.

Дүрбіт. Иә, сөйтіңіз.

Александров. Босқа бөгелмес үшін қайық әзірлейік. Екі рет қатынатсақ, түгел жағаға шығарамыз.

Мұрад. Дұрыс.

Дүрбіт (қуанып). Бәрекелде, табылған ақыл!

болды. (Ақаевқа.) Ал, сіз, әтбекет, Бақтиярды жалғыз жалдаңыз. (Күледі).

Мұрад пен Александров кеменің артына өтіп кетеді. Сәлден кейін басқа матростардың жәрдемімен жеңіл қайықты әкеп суға салады

Мұрад. Кәнеки, отыра бастаңыздар.

Александров. Әуелі әйелдер отырсын.

Дүрбіт. Арулар, жол бердік сіздерге.

Майра гармонымен, Айбаршалар мінеді.

Мұрад. Бақтияр, сен ескекке отыр. (Бақтияр да мінеді.)

Дүрбіт. Мен де осы жолы кетейін.

Мұрад (ұстайды). Сабыр, мырза, қайық ауырласа жазым боларсыздар. (Қайықты итеріп жібереді.) Оң сапар!

Бақтияp. Көріскенше қош болыңдар, ағайын.

Дүрбіт. Ана күткендер көңілдене берсін, жеткенше ән соға барғайсың, Майражан.

Майра. Жарайды.

Қайық жылжи береді. Шадыман Майра да гармон мен өлеңдете бастайды.

Дегенде атым Майра, атым Майра
Қызыл тіл көмекейден үнім сайра.
Осы әнге келістіріп салар едім
Ілесер сонда бізге жігіт қайда?
Майра, Майра, Сайра осындайда-ай.

Қайық көрінбейді. Майраның асқақ даусы үдей естіле береді. Мұрад пен Александровтар көрінбей кетеді.

Дүрбіт. Бұлбұл-ау, шіркін! (Ақаевқа бұрылып.) Я бойында, я әнінде мін бар ма?..

Ақаев. Мен де соны ойлап тұрмын. Әттең қолға түспейтін асыл.

Дүрбіт. Қызығамысың, Ақаев! (Күледі.) Жігіті кездесіп еді, қолы емес, қойнына түскелі тұрған жоқ ба?

Ақаев. Ертелеу емес пе, мырзам?

Дүрбіт. Ac пісті, ауызға түсті де. (Қиялға жеңдіре.) Бүгін елге жетіп қонамыз... Ертең, дуылдаған той, ал... (Сықылықтай күліп). Кешкі тіршілік ақ отау, кенеауыз шымылдықта өтеді.

Ақаев. Онда той, мұнда жаназа... Қызық-ау өмір деген.

Дүрбіт. Біреу жылайды, біреу күледі... Біреу туады, біреу өледі... Тағдыр солай жаратқан... Ал біз, алланың өзімізге бұйыртқан жақсылықтарына қуануымыз керек, солай емес пе?

Ақаев. Әрине. (Қайық кеткен жаққа итіне қарап.) Мыналар ығып кетті-ау. (Дүрбіт те солай бұрылады.)

Дүрбіт. Бұлары несі! (Дауыстайды.) Ей, былай бұрыңдар! (Қолын сілтеп.) Былай, былай! (Пауза. Екеуінің де көзі сол жақта).

Ақаев. Аузың Жаман деме, қалаға тартты.

Дүрбіт (шыдамсызданып). Мүмкін емес! Ана маскүнем неменің қиястығы болар. (Аз пауза).

Ақаев. Мен білсем той қалада өтетін сияқты, мырзам. (Пауза.) Көремісің, гармонь үні алыстады. Қайық беті қалаға тураланды. (Әрі жылап, әрі уанғандай қиқылдай күледі.)

Дүрбіт (Ақаевқа үрейлене қарайды.). Күлкің қандай жаман еді!

Ақаев. Бұл зор хикая, бауырым! (Тағы да күледі).

Дүрбіт. Мына Бақтияр жынды бүлдірді-ау!..

Ақаев (күлкісін зорайта түсіп). Бұл зор хикая, бауырым.

Дүрбіт. Сенің сөлекет күлкің үшін таптырмайтын хикая!

Ақаев (кенет суынып). Иә, иә. Күлу емес; күңірену үшін де.

Дүрбіт. Ендеше жыла.

Ақаев. Қосылып жылаймыз... Біз өзенде қалдық қайырлап... Қарашы аналарға, ескекті қалай тартады? Сіздер күткен Алаш автономиясы осылай келеді.

Дүрбіт. Сен массың ғой деймін, атбекет!

Ақаев. Сақтан, білгір мырза, каторожник енді басыңды алады.

Дүрбіт. Үркітпе мені, Ақаев! Алла Дүрбітін жаратпаған әлсіз қып. Қоян болсам жүрмес пе едім жапанда. Мен қай күні, қалай өлерімді жақсы білемін. (Ішкі қалтасынан мылтығын суырып алады.)

Ақаев. Таста суға... Мұндай темір оларда да жетерлік.

Дүрбіт. Ей, бармысыздар? (Мылтығын сырт қалтасына ұстайды.)

Мұрад (көрінеді де кідіреді). Бармыз, мырза, не бұйырасыз?

Александров, тағы үш матрос ілесе шығып тоқтайды.

Ақаев. Енді қанша ұстайсыз бізді, капитан?

Мұрад (салмақпен). Мұндайда сабыр керек, мырзалар. Жаңағы қайық қайта оралғанша күтуге тура келеді.

Дүрбіт. Сен каторгіні тез ұмытқан екенсің, Мұрад.

Мұрад. Бір минут та ұмытып көрген емеспін, (ілгері басып кеп.) қажет десең айтып та берейін: түрме... Дүре... Қолда бұғау... Аяқта кісен... Удай үскірік... Таусылмас жол... Тынымсыз қимыл... Ауырған жан, қайнаған ызғар... Осы сөздерге түсінемісің, мырза? Мұндай нәрселерді ұмытуға болар ма?

Дүрбіт. Ұмытпапсың. (Салмақтана түсіп.) Бүгінгі қылмысың үшін осы айтқандарыңды қайта көресің, Мұрад!

Мұрад. Қалайша, мен қайта сені құтқармадым ба қылмыстан? Сенбесең заңға жүйрік атбекетке жүгінейік, мырза.

Дүрбіт. Қуланба, капитан, мен орынсыз ойынды көтермейтін адаммын. Мазағың үшін де кешірім күтпегейсің. (Төніп қасына барады).

Мұрад. Білемін кешірмесіңді... Қақпаныңды басқанымда, сен қазір Майраны алып, ана қырлардан шаңдата асып барар едің де, мен қанға боялып мына жағада жатар ем. Сен де ойнама менімен! Каторжник азапты қандай тарта білсе, тірлігін сақтауды да сондай үйренген. Бұ да есіңде болсын, Стамбол шәкірті.

Дүрбіт. Мұншалық масығу ертерек емес пе, капитан.

Мұрад. Оны уақыт көрсетеді, мырза. Ал әзірше мен өмір сүруім керек. (Дүрбіттің қолын қалтасынан шапшаң қағып шығарады да, мылтығын суырып алады.) Бұл не? Ар жақта қаптаған атты қосын, қалтада атылуға әзір оқтаулы мылтық. Мұның атын қылмыс демей не дейміз? Жарамайды, мырзалар. (Матростарды көрсетіп.) Мен осынша адамды куәға тартсам қайтер едіңдер?

Дүрбіт. Ендеше сен ат мені! Қолыңда тұрғанымда пайдаланып қал, Мұрад.

Мұрад. Сейіл бітті, сергелдең қызық емес. Әр істің де көңілді басталып, көңілді аяқталғаны жақсы, жігіттер. Енді қалаға қайтамыз; аз ғана сәтсіздікке кешірім етіңдер. (Шыққан жағына қайта бұрылады.) Александров, қозғалу керек.

Александров штурвалға, қалғандары кеменің екінші бортына айналып кетеді.

Ақаев. Айлаң қайда, Мұрад қайда. Оңай тапқан олжаң қайда, пысығым!.. Бұл зор хикая, інішек... (Үрейлене күледі.)

Дүрбіт. Ақылсыз дос, дәрменсіз күншіл күліп қал.

Ақаев (басын ауыр көтеріп). Ә, не дедің? Мен бе күншіл?.. Мен бе ақылсыз? (Шайқалып қап жақындайды.) Сонда сенің сүйенетін досың кім... Ақылшың кім? Аташы.

Дүрбіт. Ақылшым Мұрад. Ұтты мені ол, осы жолы күлкі етті. Сонымен бірге ұтуды да үйретті. Менің күресім енді басталады. Есіңді жи, ағасымақ! (Шапалақпен бетіне тартып қалады.)

Шымылдық

ҮШІНШІ АКТ

Үрияның базардағы қымызханасы. Кішкене лавканың алдында көшеге құрылған аласа сәкілер. Сыпайылар үшін қойылған ақ дастарқан жабылған шағын стол мен үш орындық оңашарақ тұр.

Алжапқыш байланған көксе әйел Үрия оң жақ сәкіде үлкен шарадағы қымызды сапырып отыр. Перде ашылғанда алжапқышты Айбаршаға ішкен қымыздарына ақшаларын төлеп кеткен шаруаларды көреміз.

Айбарша (сәкінің шетіне отырады.) Уһ, өлердей шаршаппын, тізем қалтырай бастады.

Үрия (күліп). Шарша, қызым, шарша, оңай жерде нан жоқ.

Айбарша. Бүйтіп жеген наны құрысын.

Үрия. Жетісерсің онда, нан құрыған жылдарды да көргенбіз, қызым: ит етін жегенбіз, тулақ қажағанбыз.

Айбарша. Түу, қайдағыны айтады екенсің, aпa.

Ypия. Ал, сен «наны құрысын» дейсің, қызым, жарамайды.

3әру (жаңа етіктерді көтерген).

Мырза кисе тойға жарамды,
Малшы кисе қойға жарамды;
Сұлу етік, берік етік алыңдар.

(Өте береді.)

Үрия. Қымыз іш, Зәру.

3әру. Уақытым жоқ. Үрия. Мыналарды өткізген соң оралармын. (Өтіп кетеді.)

Етік алушы (соңынан қуа кірген). Ей, етік! Кідіре тұр. (О да өтеді.)

Мата сатушы (дауыстай кіреді).

Кірлемейтін, тозбайтын,
Отқа жақса күймейтін
Шыт алушың маған кел.
Арзан берем, арзан берем! (Өтеді.)

Мата алушы. Ей тоқта! Кірлемес, тозбасыңды көрсет!

Өтеді. Оған ілесе тағы басқалар өтеді.

Үрия (дауыстап). Сары қымыз, дәрі қымыз

Келіңдер, дәмін көріңдер!
Жаршы, оған ілескен халық кіреді.
Жаршы.
Сататының сатып қал,
Алатынын алып қал!
Ертең қиямет,
Ертең соғыс!

Xалық. Не деп тұр мына сұмдық?! Қайтсек аман қаламыз? (Біреуі жаршыны ұстайды). Ақылын айт, жаршы.

Жаршы. Ақылын Дүрбіт мырзадан сұраңдар! (Дауысын көтере түсіп.) Дүрбіттен сұраңдар, Дүрбіттен! (Бұлар дa өтеді.)

Қасына ерткен жандармы бар, асыға басқан Баттал кіреді.

Баттал. Арма, жеңге.

Үрия. Аман бол, қайным, сусын іш.

Баттал. Аялдауға уақыт жоқ. Мұрад келді ме мұнда?

Үрия. Көрмедік.

Айбарша. Оны неге іздедіңіз?

Баттал. Түрмеде бір бос орын қалыпты, соны толтыруға керек көрінеді. (Жандарм екеуі лавкеге кіреді.)

Үрия. Тәуба, мыналардың сөзі қандай бұзық еді!

Айбарша. Мырзасы тапсырған ғой. (Ішке кіргендер шығады.)

Баттал. Енді жүкшілер жатағын қағып шығайық.

Жандарм. Анда бару қатерлі, байқау керек, Баттал...

Баттал. Пай-пай, қарулы батырлар-ай! Үрікпестен үркесіңдер-ау. (Кеудесін соғып.) Баттал бар жерде қатер жоқ. Айда, кеттік. (Екеуі шыға береді.)

Үрия (дауыстап). Ей, Баттал!

Баттал (сәл кідіріп). Не дейсің, Үрия?

Үрия. Көп ұрынба пәлеге, басыңды жұтасың, қайным.

Баттал (күліп). Үндеме, я жұтылсын бұл басым, я байлыққа айналсын. Пайдаға аспас құр қауақты босқа арқалап қайтемін. (Кетеді.)

Үрия (басын шайқайды, қымызын сапыра береді). Тәуба, тәуба. Қымыз құюға жарамас қауағын бұ да қымбатқа өткізбек... Сауда шіркінде місе болсайшы... Адал мал, адал абырой іздеуді құдай біздің қазаққа бұйыртпаған екен де.

Айбарша. Мен Мұрад ағаларға хабарлап қайтайын. (Алжапқышын шешеді.)

Үрия. Иә, сөйт. Сақ болсын азаматтар.

Айбарша енді шыға бергенде, қарсыдан Бақтияр кіреді.

Бақтияp. Сәлем бердім, шеше.

Үрия. Сәлемет бол, шырағым.

Айбарша. Мұрад, Майралардың қайда екенін білдің бе?

Бақтияр. Білдім. Іздейтінің солар болса, кідіре тұр, өздері де осылай беттеп келеді. (Бақтияр сәкінің шетіне барып отырады.)

Айбарша (шошып). Олары қалай?

Үрия. Қолға түсейін дегендері де.

Бақтияp. Қолға түсу қайда. Ақтың әскерін қалаға кіргізбейміз, жолын кесеміз деп, күш айтып келеді.

Үрия (қуанып). Дегендеріне жетсін... Мыналары жігіт мінезі екен.

Бақтияp. Кім білсін...

Айбарша. Сен неге бөлініп кеттің олардан?

Бақтияp. Келіспедік. (Үндеспей қалады. Аздан кейін.) Бостандық келеді деседі, ол қай бостандық? Кімге келеді, маған не береді? Теңдік келеді деседі, ол қай теңдік, маған не береді? Түгіне түсінсем бұйырмасын.

Айбарша. Қорқақ! Жүрексіз!

Бақтияр. Олай деме, Айбарша. Өмірде қорқып көрген емеспін. Бірақ көзіммен көріп, қолыммен ұстағанша ештеңеге сенбеймін. Дұрыс емес пе, шеше? (Үрия үндемейді.) Егер сіздің көйлек кигіңіз келеді екен, матасын көріңіз. Ұнатыңыз да, өлшетіңіз. Сосын ақшасын төлеңіз. Солай емес пе? (Үрия үндемейді.) Әрине солай. (Айбаршаға бұрылып.) Ал мен белгісіз бостандыққа басымды тігуім керек. Жоқ, мұндай саудаға келісе алмаймын.

Айбарша (шешесіне қарап). Таңдағанын таппаған мен-ақ жолсыз сорлы екем. Кеудесіне нұр жинаған әулие деп жас мырзаға бас идім. Табынғаным өзі боп шықты сайтанның. Одан соңғы қалағаным (Бақтиярды шұқи көрсетіп) мынау ғой. Көзімді ашты, көңілімді тазартты... Арымас бір алып ердің етегінен ұстадым деп біліп ем... Байқаймысың, шешем, ер дегенім кімге айналып барады? (Үрия үндемейді.)

Бақтияр (ренжімей). Осы жолы өзімше ойлап, өзімше айттың. Айбарша. Сенен мұндай сөз шыққанға қуанбасам, өкінетін мен жоқпын. Иі түскен терідей, я мінез жоқ, я жігер жоқ — Жылай да білмес, күле де білмес бір жансызға үйленсем, іш пысқаннан жарылып өлер едім мен. Байқаймын, кезек ширатысып, кезек қайрасады екенбіз. Мен тура айтқанның досымын. Айта түс, сәулем, айта түс. (Өзі келген жаққа қарап.) Әнеки, Мұрадтар да кеп қалды.

Айбарша (о да солай қарайды.) Майра! (Жүгіріп кетеді.)

Үрия. Тілің ащы екен, балам... Әттең ойларың ала-құла екен.

Бақтияp. Сізге ұнамады ма?

Үрия. Түсінбедім.

Бақтияр. Мен өз білгенімді айтамын, шеше.

Үрия. Дұрысын айттың: ақшаға түсетін мата бар, оны қалаған дүкеніңнен көріп алуға болады. Тек ақшаң болсын. Ал жігіт тәуекелімен түсетін жақсылық қайда? Қай дүкенде бостандық бар? Қай саудагерде теңдік сатылады? Көрсетші, балам.

Бақтияр әйелге үнсіз, тандана қарайды. Сахнаға Мұрад, Александров, Майра, тағы басқа жүкшілер, сушылар кіреді.

Мұрад. Қуаттымысыз, ақылды ана? (Қолдасып амандасады. Қалғандары. да «Амансыз ба? Есенбіз бе?» деседі.)

Үрия. Өзің саумысың, көгершінім?... (Амандасқан Майраның қолынан сүйеді.) Сендер үшін менің зәрем ұшпады ма...

Майра. Неге, шеше?

Үрия. Кісі қартайған соң үркек болады емес пе?.. Оның үстіне екеуіңді іздеушілер де көбейіп кетті білем.

Мұрад. Қорықпаңыз, шеше. Іздегенге де, сұрағанға да әзірміз. Кәнеки жігіттер, әуелі сусындап алайық. (Өзгелер отырысады, Айбарша мен Майра қымыз таси бастайды.)

Александров (сіміріп тастап). Жақсы қымыз.

Майра. Тағы ішіңіз. (Кесесін қайтадан толтырады.)

Александров. Осыған сіздің әніңіз қосылар ма еді, Майра.

Жүкшілер. Рас, рас.

Үрия. Майраш, әніңді бәріміз де сағындық. Үш-төрт күн көрінбеп ең, қала көшіп кеткендей болды ғой.

Майра. Солай ма? (Үрияны құшақтайды.) Сенемін сізге, қасиетті шеше. Әнді сүйер жан екеу болса бірісіз, біреу болса өзісіз. Сіздің алдыңызда ән айту — әділ биге сөз сынатумен бірдей дәреже. Айбарша, гармоным қайда?

Айбарша. Әнеугіден осында. (Іштен гармонды әкеп береді.)

Мұрад. Аздап сабыр ет, Майра. Сәлден кейін дуылдаған базарға сенің әніңмен кіреміз.

Майра. Тамағым қышып барады. Тезірек жетсек екен сол думанға.

Александров. Асықпа, ертең тойыңда да өзіңе айтқызамыз.

Айбарша (қуанып). Солай ма? Ертең той ма?

Бақтияр. Бәрі де ертең. Соғыс та ертең, той да ертең. Бұл не Мұрад?

Майра. Айбарша мен сіздің некеңізді де ертең қиямыз. Бәке.

Бақтияр. Жоқ, Майра. Некені мылтық қимас болар. Біз тойымызды бейбіт, шуақ күндерде өткіземіз.

Майра. Ал біздің некеміз от топаны оқ нөсерінің үстінде қиылады.

Айбарша. Шешем, естіп қой. Біздің де тойымыз ертең.

Бақтияр. Мен көнбесем де ме?

Айбарша. Сен көнбесең, тағы бір қазақ табылар. (Өзгелері күліседі.)

Майра (Айбаршаны құшақтап). Жүрегінің оты көп, сілкінсе бүркітше сілкінеді. Шеше, қалай қателескенсіз, ұл ғып неге тумағансыз өзін. (Айбаршаны сүйеді.)

Александров. Қозғалмаймыз ба, Мұрад?

Мұрад. Дұрыс, қозғалайық. (Шеттегі бір жігітке барып.) Сен шырақ, өзен басындағыларға бар. Бөлініп-бөлініп базарға кіре берсін де. (Майраға.) Әзірмісің, Майраш?

Майра. Әзірмін. (Отырғандар түгел тұрады.)

Мұрад. Қатер алдында сені ұстайтын болдық қой. Қолың қалтырамай ма?

Майра. Жоқ, Мұрад.

Мұрад. Сен кәдімгі әнші Майрасың да, біз кәдімгі жұма күннің сейілшілеріміз. Аянбай шырқа. Бүкіл базаршылар түгел жиналсын маңымызға. Айтар сөзіміз ән арасында басталады.

Майра. Бүгін аяр өнерім жоқ.

Мұрад . Ал сендер, жігіттер, барынша сақ болыңдар.

Шам сөніп қайта жанған. Базар алаңы. Бір жағынан саудагерлердің лавкалары көрінсе, әріректен боздаған түйе, маңыраған қой, мөңіреген сиырлардың да үндері естіледі. Бұл қазақ даласындағы базардың аралас-құралас екенін көрсетеді. Аларман, сатармандар.

Жаршы (дауыстап):

Өзі семіз, өзі шұбар,
Танауының тілігі бар,
Келте құйрық, қысқа жалды
Көргендерің жануарды
Жаршыға тез хабарлаңдар! (Өтеді.)

Сахнаға Тайман шығады. Соңында тең-тең бұйымдарын көтергендер, қамшылы жігіттер бар. Қарсыдан асыға басқан Ақаев кездеседі.

Ақаев. Ассалаумағалайкүм.

Тайман. Әликүмүссәләм. (Өз адамдарына.) Кідірмеңдер, жүк арбаға тией беріңдер (Жүк көтергендер, жігіттер өтіп кетеді.) Сөйле, Ақаев, не естіртерің бар?

Ақаев. Айтарым көп, ақсақал, қызығым да аз емес.

Тайман. Қызығы құрысын, малым тие ме?

Ақаев. Қасапшыға мал қайғы, қара ешкіге жан қайғы. Сіз әлі малды ұмытпай жүрмісіз?

Тайман. Не дейді мына сандырақ! Сен менің әтбекетім емес пе ең? Қолына тапсырылған іс қайда?

Ақаев. Ісіңізді Дүрбітке, Дүрбітті жаратқан бір құдайға тапсырғанмын. Енді мырзаның өзімен сөйлесіңіз.

Тайман. Ендеше өзін көрсет сол мырзаның. Я малымды, я жолымды берсін.

Ақаев. Неге осынша дүниеқоңыз болғансыз?

Тайман. Сен жынданған шығарсың, әтбекет!

Ақаев. Мал өртте, жан тамұқта. Өзіміз қамданбасақ қан жауғалы тұр, мырза! Ақтар қирап, осында қашып келеді. Еркек кіндік қару ұстап, большевиктерді бөгемесек, алдымен сіз ұшырайсыз апатқа.

Тайман. Үкімет қайда?... Бар емес пе еді сондай бірдеңе...

Ақаев. Әлі де бар. Тек халы нашар: бір аяғы жерде, бір аяғы көрде.

Тайман (ауыр ойланып). Сенгеніміз қисайса оны біз қалай түзейміз.

Ақаев. Түзейміз. (Базар жаққа қолын сілтей көрсетіп.) Мына тобырды соңына кім ертсе, кім майданға бастаса, сол үкімет.

Тайман (о да сол жаққа жақтырмай қарап). Аяғы мен қолын, аузы мен қарнын білетін ғана тобырды ма?

Ақаев. Иә, сол тобырды. Аяқ пен қолға, ауыз бен қарынға бас керек, көз керек. Біз бүгін бастың кызметін атқаруға міндеттіміз. Ере ме еліңіз артыңыздан?

Тайман. Ереді, ертемін. (Екінші жаққа.) Дүрбіт мырза!

Дүрбіт (кіреді). Есенбісіз, қария.

Тайман. Уәдең қайда, жас мырза?

Дүрбіт. Уәде құдай сөзі, ол жағынан қам жемеңіз, Тайеке.

Тайман (қолын созады.) "Сал мың теңгемді қолыма, я жолымды босат. Қазір әншіл қардың қол-аяғын буып, ауылға жөнелтемін,

Дүрбіт. Жоқ, ақсақал, бұғаулауды маған қалдырыңыз. Мен қазір Майра сұлуды бір мың емес, сан мыңға сатып алуға әзірмін.

Тайман. Дауысың неге дірілдейді, шырағым? Екпінің тәуір емес пе еді? (Зілді күледі.) Асау байталға әлін, келмесе, әлек болма. Сендерді менсінбесе өзім қатын етемін.

Біртелеп жақындаған Майраның гармонға қосылған даусы естіледі. Тұрғандар тыңдаса қалады.

Ақаев. Кімді айтса, сол келеді. (Қызыға тыңдайды.) Соғуын жазғанның!

Дүрбіт. Соқсын, соқсын. Мен оған жоқтау, жылау сарындарын соқтыртармын әлі...

Сахнаға Майра, Мұрад топтары шығады.

Майра (әнмен кіреді).

Қызымын мен Уәлидің атым Майра,
Қызыл тіл көмекейден үнім сайра.
Осы әнге келістіріп салар едім
Даусымның қарлыққаны болды пайда.

(Қоршаған топ қайырмасына қосылып кетеді.)

Майра, Майра,

Қызыл тілім сайра, сайра,

Сайра осындайда!

Базардағылар қоршай бастайды. «Тағы да, тағы да» деген қоштаулар естіледі. Зәру мен Уәли де бір шеттен кіреді.

3әру. О, бақытсыз сорлы.

Уәли. Жағың қарыссын. Бақытсыз адам осынша елді аузына қарата ма?

Майра (тағы әндетеді).

Жазатын күйіктінің әнмен дертін,
Шығады аузымды ашсам әнім еркін.
Жайнаған жасыл белдей жас дәуренде
Жасқанба, еркін жаным, серпіл, серпіл.

(Енді барлық жұрт қосылады.)

Майра, Майра,
Қызыл тілім сайра, сайра,
Сайра осындайда!
Xалық. Бұлбұлым!
Дүлділім!
Тайман. О, даурықпаңдар (ортаға жақындайды).

3әру. Құрыдық. (Жұрт тына қалған, өзара «Тайман, Тайман» деседі.)

Тайман. Ей, шулаған жұрт, желіккіш тобыр! Майра менің келінім, малын түгел төлеп алған жесірім. Оны білемісіңдер? (Ешкім үндемейді.) Ән сүйетіндерің рас па?!

Xалық. Рас! Рас!

Тайман. Ендеше саттым саған сол сүйетін әніңді! (Қолын созып, алақанын жаяды.) Ақшалай құны мың теңге. Санап бер де қарап ал! (Халық үнсіз.) Үндемейсіңдер ме? Желіктіруге барсыңдар да, болысуға жоқ екенсіңдер де! (Ызғарлы күледі.)

Уәли. (тұншыға). Хайуан! Малғұн!

Тайман (бұрылып). Әкесымақ, сабыр айла! (Одан тағы халыққа бұрылады.) Тағы да айтамын, кімің барсың алатын?! Ән сүйгенің қымбатқа ал, алмасаңдар ауылға аттандырамын, құлыпқа жабам апарып! Жоқ па?!

Дүрбіт. Бармыз! Ақшаңды ал, қария!

Қалта толы алтын ақшасын сылдырлатып береді.

Дүрбіт. Мың теңге.

Уәли (жынданардай). Базар қызды, адам түсті саудаға!.. Бір мырза сатты, бір мырза алды қызымды... Ей, жаршы, қайдасың?! Хабарла жұртқа қос мырзаның саудасын!

3әру. Құдай! Бармысың әділ атанған құдай?! (Аспанға қарап.) Көзің шықсын осыны көрмесең... Тас керең бол осыны естімесең! (Бойын тіктеп алған. Тайманға қасара қарайды.)

Тайман, құдам деуші ем, алыстыққа қимаушы ем,
Қорқушы едім, әйтсе дағы сыйлаушы ем,
Енді саған қарғысым ғана арналсын.

(Екі қолын көтеріп.)

Адам емес, төрт аяқты хайуанның сорлысы бол
Ботан өліп боздап өт.
Лағың өліп маңырап өт.
Қойға айналсаң қасқыр жесін қозыңды,
Ал қасқыр болсаң өз күшігіңді өзің же.
Үйің күйсін тіріде, молаң жансын өлгенде.

Xалық. Сұмдық!
Ел көрмеген сұмдық!

Майра.
Ей, туысқан!
Ақ жүзімді жаспен жудым,
Өз демімді өзім будым...
Күймесін деп ішкі отымнан басқалар
Тірі жанға сыр ашпадым, шыдадым,
Тағы қанша шыдайын?
Өле беру қорлықтан
Маған ғана арналып па әзелден,
Жоқ әлде әділдік айтар ел бар ма?
Жаза жоқ деп сұмдыққа
Қай әулие кітабына жазыпты?
Бармысыңдар, жоқпысыңдар жан ашыр?!

Мұрад. Бармыз, Майра, намысың үшін өлісуге әзірміз.

Бақтияр. Бармыз! Сақалда тұрса үлкендік, мұндай сақал ешкіде де жетерлік. Сұмдығы үшін жаңағы мен бірінші боп жеңіл жаза кесемін. (Тайманға бетпе-бет барып.) Келіңдер, түкіріңдер ұятсыз өскен сақалға! (Түкіреді. Жұрт Тайманға қарай ойысады. «Тіпай», «тіпай» деседі.)

Тайман (Бақтиярға). Сен бұзықты құртпасам, құдайдың құлы болмайын. Аруақ! Аруақ! (Кетеді.)

Бақтияр. Ендігі ісіміз сақалсыз мырзамен болсын.

(Ашулы халық жас мырзаға төнеді.)

Дүрбіт. Сабыр, халайық, сабыр!

Мың сұрады Тайман шал, мыңын бердім көзінше,
Аямадым Майраш үшін пұлымды,
Әнші сұлу еркіндігін әпердім.
Мінеки, ортаңда тұр бұлбұлын мен дүлдүлің.
Мен сол үшін жазықтымын ба?

(Халық іркіліп қалады.)

Мұрад (ызалы, бірақ ұстаммен). Дүрбіт мырза, аңғал екенсің. Тырнағыңды байқамай көрсетіп қалдың, білем, ә?

Дүрбіт. Не демекшісің?

Мұрад. Ойнама халықпен, қорлама халықты, мырза! Біз жуаспыз, біз сабырлы да, кешірімдіміз. Бірақ жүрегімізді лас табандарыңмен баса берсеңдер тарт аяғыңды дейміз.

Xалық. Әділ сөз!

Айта түс, Мұрад!

Мұрад орындық сатып жүргеннің бір орындығын алып қояды да, соған көтеріледі.

Мұрад. Ей ағайын! Ей, бауырлар! (Дабыр тынады.)

Дүрбіт (дауыстайды). Полиция, полиция!

Xалық. Сөйле, сөйле! Құлағымыз сенде, Мұрад!

Мұрад. Менің сөзім арқасын қап тескен жүкшілерге, табанын тас тескен малшыларға, тапқаны тамағына жетпейтін кедейлерге арналады!

Халық. Сол атағандарың осындамыз! Тыңдап тұрмыз.

Жаршы (дауыстап өтеді).

Алатының алып қал,
Сататының сатып қал,
Ертең қиямет, ертең соғыс!

Мұрад. Жаршы жалған айтады, ертең бостандық! Жер аламын, мал аламын, езілуден құтыламын дегенің маған ер!

Дүрбіт. Полиция, полиция! (Мұрадқа.) Сен большевикпісің!

Мұрад. Иә, большевикпін, мен халықтарға бостандық беруші Ұлы Ленин партиясының мүшесімін. Ал, сен кімсің?

Дүрбіт (екінші орындықты қойып, соған шығады). Мен Стамбол шәкіртімін. Ислам дінінің ақ туын көтерушімін!

Айбарша. Жоқ, сен кәдімгі Дүрбітсің, адам алып, адам сатушы, күнәсіз қыздардың бақытын ұрлаушысың. (Халыққа.) Есітіңдер, жұрт, ұялмаймын айтуға: бұл мені де қорлаған.

Тағы бір қыз. Аламын деп мені де алдаған!

Майра. Сақта, тәңірім.

Дүрбітке үрейлене қарайды. Асығып-аптыққан Баттал мен жандарм жетеді.

Жандарм (ысқыра келеді.) Тараңдар, хайуандар! Бұл қандай бунт?

Дүрбіт. Ұстаңыз мына большевикті.

Жандарм. Түс, доңыз! (Мұрадты тартып түсіреді.) Қазірден бастап қамаудасың. (Мылтығын төсейді, халық үркіп қалады.)

Мұрад. Өзің доңыз!

Александров (өз наганын тез суырып алған жандармның басына тақайды.) Тақсыр, қаруыңды маған бер. (Мылтығын алады.)

Жандарм (шырылдап). Бұл заңсыздық! Бұзақылық!

Александров. Ал сен, жұрттың сөйлеуіне кесір жасама. Мұндай жерде тәртіп керек, жандарм мырза.

Баттал (айбалтасын жарқылдатып). Шабайын ба, жаңқалайын ба! (Мылтық мойны Батталға бұрылады, Баттал тілін тістегендей тұрып қалады.)

Александров. Тырп етпе, мүрдем кетесің. Балтаң өткір болса тоғайға бар, отын шап. (Тұрғандар күліседі.)

Ақаев (Мұрадтың орнына шығады). О, қазағым, қайран елім! Енді маған құлақ ас!

Дауыстар. Сөйле, атбекет! Құлағымыз сенде.

Ақаев. Мен көріп тұрған екі жол бар алдыңда. Я үкімет әскеріне қосылып елдігіңді сақтайсың, я ана келе жатқан большевиктер апатына ұшырайсың. Қамсыз қалмай, қалауыңды ұста. Соғыс ертең осы қалада болады.

Бақтияр. Сонда бастаушы кім халықты?

Ақаев. Мен бастаймын!

Дүрбіт. Мен бастаймын! (Екінші орындықты қойып, соған шығады.) Мұсылман қауымы! Діні исламға жаны ашыр, астына жинал ақ тудың! (Қалтасынан ақ орамалын алып жоғары көтереді.) Өлтірген мәрд, өлген шейіт. Ләйләһа иллалла! (Іркілген жұрт бәсеңсіп қалады.)

Уәли (топтан қайта шығады.) Алла деймісің, мырза? Бұл сенін адам жердегі, қылмыс жасардағы сөзің емес пе?

Майра. Әкем, дұрыс айтасың. Бұлар алла атымен сүйдім деген адамын сол алланың атымен дарға да аса береді.

Халық (қайта ажарланады). Табылған сөз! Дәл айтылды!

(Сырттан күйінген адамның жан даусы естіледі.)

Дауыс. Аттан! Аттан! Сақтан, сақтан!

Тұрғандар үрке солай қарасады, қалың топты қақ жарып, қанға боялған жаралы кісі кіреді.

— Аттан!.. аттан!... (құлап түседі.)

Мұрад (басын сүйейді). Не болды, ағай?

Жаралы адам (демін әрең алып). Ел тоналды... Адам өлді, шырағым. Ақ әскері шегінген өртеп... таптап келеді. (Өксіп.) Жалғыз қызымды әкетті... Жалғыз бауырым жазықсыздан оққа үшты... (Үрейлене тұрады.) Аттан... аттан... (Тағы құлауға айналғанда екі жігіт сүйеп әкетеді.) Аттаныңдар, ағайын... (Жылап кетеді.)

Мұрад (паузадан кейін). Аға, іні, апа, қарындас! Ақылшы көп, білгір көп болашақты болжағыш. Ол дүниені өзі барып көргендей, я тәңірімен тіл қатысып келгендей, қарсы алдында ақ туын ұстап мырза тұр. Жалған айтуға жанын сатқан атбекет тұр алдында. Ал жаңағы жаралы жан не деді?

Майра (даусы дірілдеп). «Аттан!» деді.

Бақтияр. «Аттан!» деді, еркек болып туыпсың, еркек болып өл деді.

Айбарша (қуанып). Иә, сүй деді! Қандай жақсы айттың, Бақтияр.

Мұрад. Ендеше аттанамыз, ағайын!

Xалық. Аттанамыз!

Қару қайда, Мұрад?

Мұрад. Қару жүрегімізде, қару жүрер жолымызда. Шырқа, Майраш, әніңді!

Майра. Әнім әзір, өзім де әзір, Мұраджан.

Бастай бер ерлік жолына! (Майра әлдеқандай марш сияқты тың ырғақпен гармоньға қосыла әндетеді.)

Ән бастайық, жыр бастайық жаңартып,
Жанымызды жалтақтықтан тазартып,
Құл болғаннан, күң болғаннан мың жасап,
Бір күн азат өмір сүрген сан артық.

(Жұрт еліге тыңдайды.)

Қорқытпайды өлім ерді қашан да,
Құмартпайды ол қорлық үшін жасауға.
Ез туғаның жарғанаттай жан сақта,
Ер туғанын әнмен бірге бас алға!

Мұрад, Майралар бастап жүріп кеткен. Қанаттанған қара-құрым ел бірге тартады. «Кеттік! «Қалмаңдар!» деген дауыстар қатты-қатты естіледі. Ән ұзай береді. Сахнада орындықтарда сілейген Дүрбіт пен Ақаев, балталы Баттал үшеуі ғана тұр.

Дүрбіт (кеткендер жақтан көзін алмай). Мына жұрт жынданған шығар.

Ақаев. Бұлардың жынданғанын мен кемеде білгенмін, мырза. (Екеуі де жерге түседі.)

Баттал. Бір сілтенбеді-ау қан балтам.

Дүрбіт. Қараң қалсын, қан балтаң!

Баттал. Қайт дейсің, мырзам, қапыда қалдым емес пе? Мылтықтары болмағанда көрер ем.

Ақаев. Бастарың олжа, жөндеріңді табыңдар дегендей, бұрылмастан тартты да отырды.

Дүрбіт. Жан емес екенбіз ғой, әтбекет.

Ақаев. Суқылдақ шешен, көпіргіш көсем екенбіз.

Көлеңкемізден езге серігіміз жоқ екен.

Баттал (ән шыққан жаққа қарана түсіп). Мықты екен Мұрад. Қалай-қалай сөйледі. Қауым елді шұбыртты да жөнелді-ау.

Ақаев (Батталға). Е, саған жол болсын, мақтағың кеп тұр ма Мұрадты?

Баттал.

Сендерді де кем демеймін, мырзалар
Қожам санап, қол қусырам әрдайым.
Бірақ дүйім жұрттан өзге де күшті тумап па?
Көргенімді айтып тұрмын, шырақ.

Дүрбіт. Қысқарт былшылды. Мұрадқа қызықсаң сен де еріп кет соңынан.

Баттал. Кешір, Дүрбітжан. Мен қияметте де өзіңмен біргемін.

Қасындағы қос шабарманымен Тайман кіреді.

Тайман. Е, бастарың қақиып екеуің қалыпсыңдар ғой.

Дүрбіт. Екеуміз ғана қалдық... Ал өзіңіз қаншасыз? Үйірінен айрылған кәрі айғырдай жалғыз жүргеніңіз қалай?

Тайман. Жас айғырым сен болсаң адырам қал. Мың сомға алған бір байталға не бола алмаған соң, сенен не үміт, не қайыр.

Ақаев. Қойыңыздар, өзара тістескеннен пайда қанша? Одан да ертеңнің қамын ойласайық та...

Тайман. Кәрі айғырдың үйірі далада. Сұм қалаңның кескіні мынау болса, енді аялдар түгім жоқ. Ауылға аттанамын да, өлмес қамымды ойлаймын.

Ақаев. Түсінікті... Бірлесіп қорғанудың орнына босады екенсіз ғой, солай ма?

Тайман. Тебінгіден тер, толарсақтан қан аққанша соғысамын. Әлсіреп бара жатсам амалым қанша, босайтыным да рас. Иранға ма, Ауғанға ма, мұсылман патшалықтарының біріне өтемін.

Ақаев. Енді қартайғанда мекенсіз, қаңғырып жүріп өлсеңіз, жетіседі екенсіз, Тайеке.

Тайман (түйіле). Солай... жүрген жерім мекенім... Өлген жерім қабырым болады... Қош болыңдар, мырзалар.

Адамдарымен шығып кетеді.

Ақаев. Кәрі бөрі далаға тартса, біз да жөнімізді табайық. Қош бол, Дүрбіт. (Қолын береді.)

Дүрбіт. Қош, жолың болсын.

Ақаев. Жолсызбен кетем... Маған жол ырымын арнама... Ал, мен саған не тілейін?

Дүрбіт. Қолымның қанға батуын тіле. (Үндеспей қарасады. Ақаев кетеді. Дүрбіт сілейіп қалған, пауза.) Бармысың, Баттал?

Баттал. Бармын, қасыңдамын, күнім! (Мырзаның жанына келеді.)

Дүрбіт (бір қолын Батталдың иығына салып). Ендігі сенерім сен ғанасың.

Баттал. Айттым ғой... Мен қияметте де өзіңмен біргемін.

Дүрбіт. Кеудемді жарып көрсең еді, ағатай.

Баттал. Сақта, құдай..

Дүрбіт. Жылан жатыр ішімде... Жалап барад жанымды. Кек алмасам өзім өлер түрім бар. Емшім енді өзіңсің...

Баттал. Айтшы ағаңа дертіңді... Сұрашы менен керегіңді.

Дүрбіт. Беремісің сұрағанымды?

Баттал. Беремін.

Дүрбіт. Ертең кешке мен де ұзаққа жүремін. Жолыма... байлаулы Майрамен... Мұрадтың басын әкеп бересің.

Баттал (соққы тигендей шайқалып қалады.) Кешір, тәңірі, сөздерім үшін тыңдаған. (Дүрбіттің тізесін құшақтайды.) Жаным керек пе жанымды ал... Өз басымды өзім кесіп берейін... Тек жаңағыңды сұрама.

Дүрбіт (итеріп жібереді). Жоғал!

Баттал. Кешір, Дүрбіт, келмейді қолымнан. Онсыз да күнәм аз емес. Шырылдатып қыз әкеп салдым қойныңа. Тірі көмдім нәрестені... Кәрі әжеге тілім тиді... Кәрі атаға қолым тиді... Не істемедім сен үшін. Бұл жолы қинама, жаным... (Орнынан қайта тұрған, жел соққандай теңселеді.)

Дүрбіт (жақындап). Бұл сенің соңғы күнәң болады. Содан кейін тәңіріге тағат етесің.

Баттал. Қинама, мырзам... қинама.

Дүрбіт. Саған да берем мың теңге, бес жүзі алтын, бес жүзі күміс... Өмір бойы жатып жейсің. Аламысың, Баттал?

Баттал. Жоқ.

Дүрбіт. Қорқамысың, шыдамай ма жүрегің?

Баттал. Мұрша берші. Дүрбітжан...

Дүрбіт (құлағына). Мың теңге... Бес жүзі алтын... бес жүзі күміс... Жауап бер... Уәде ме?

Баттал (басын көтермей). Уәде.

Дүрбіт. Бар, деміңді ал. Кешке үйіңе барып өзім кездесемін.

Баттал сенделе басып кетеді. Сахнада жалғыз Дүрбіт. Ол да құбылған сезімін әрең билегендей. Ұзақтан Майраның әні, оған қосылған халықтың шуы естіледі. Мырза үрейлене құлақ тосады. Алыстан күн күркіреп, найзағай ойнайды.

Дүрбіт. Я, алла, күшті емес пе ед құдіретің! Беруші ең ғой шын тілеген құлдарыңның тілегін. Әзәзіл де сайтан болып өтуді сұрап алған өзіңнен... Мені де мақрұм қалдырма... Бұйыртпасаң ұжмағыңды ырзамын... Жүз өлейін, жүз тіріліп, тамұғыңда жанайын, қуырдақ болсын жүрегім. Көндім соның бәріне... Тек бүгінгі тілегімді орында... Майраны бер. Басын бер маған Мұрадтың. Содан кейін топан жібер, от жібер. Құлат жерге аспаныңды! Таста жерге тауларыңды! Қират мына бұзық елді құтырған. Әлегіңді аяма (Шыға береді.)

Шымылдық

ТӨРТІНШІ АКТ

Түн. Қарауытқан орман, өзен сарыны. Осы жағада орман аралай өткен үлкен жол табы да байқалады. Селдір тарта бастаған жұлдыздар көрінеді. Оқиға аяқталып болғанша сібірлеп таң ата бастайды, ақыры күн шығады Перде ашылғанда алыста атылған зеңбірек гүрілі әлдеқандай оқшау, тынышсыз түннің тынысын сездіреді. Сахнада алғашқыда қарауытып көрінген адам бейнесі. Сол адам атыс сарынын тыңдай қимылдап ілгері басып келеді. Бұл Дүрбіт.

Дүрбіт. Жел ұлитын далада, бері ұлитын... Содан да жолаушылар сескенетін. Енді міне екі тәңірі атысқандай. От ойнайды аспанда. Күркіресе зеңбіректер дірілдейді қара жер. Менің жаным қалай шықпай тұр екен?.. Апырмау, шынымен-ақ қорқам ба? Жоқ... мен қорықсам кім шыдайды мұндай түнге?...

Көтере алмай салмақты кәрі емендер жығылсын, шың жартастар күйресін... Темір сынсын... Мен жығылмай тұруым керек тік басып. Майыссам да көтеремін, шыдаймын. Демеушім жоқ құласам, жұбатар жан жоқ жыласам. Жалғыз шақта жабырқану пайдасыз. (Ойланып.) Одан да есеп-қисап айырайын өмірмен (өзіне-өзі.) Не ұттым? Не ұтылдым? Байлық қалды шашылған... шашымнан көп шығыным. Ол ғана ма? Міне енді құйын айдап артымнан, тізгінімді белгісізге ұстаттым. Құм басса екен ізімді, көрмесе екен тірі адам деп тілеймін... Ұттырғаным осылар... Ал бірақ құралақан да емеспін... Кеуде толы кек әкетіп барамын. (Бір саусағын басады.) Сұлу Майра тұтқыным. (Екінші саусағын жұмады.) Оған қоса, қанжығама Мұрадтың басы байланса... Ұтысым да кем емес. (Зәрлене күліп.) Сөйтіп үш дос ұзын жолға шығамыз. Мен Майраға қосылып ән айтамын; салмақты, сабырлы басы Мұрадтың тыңдаушымыз, құптаушымыз болады... Ал сол бас тыңдамаса, құптамаса қайтемін? Әрине, жазалаймын аямай. Көзін тесем, қан ағызам мөлдір жастың орнына. Құлағын кесіп құнтитып, құл сәулетін беремін. Сонда Майра бұлбұлымдай сайрайды. Зар төгеді алдымда... Күрсінеді, еңірейді... Әр тал шашы біріндеп, көз алдымда ағарғанын көремін, жүзіндегі, көзіндегі нұрының тоналғанын көремін. Бұдан артық рақат қайда, ләззат қайда мен үшін! (Зеңбірек үні шашырап барып басылған, Дүрбіт оны дa өзінше тез сезіне қалады.)

Бұл не? Атыс неге тоқтады? Үзілгендей домбыраның шегі, тына қалды түнгі күй. Жақсылық болса игі еді... Мынадай түнде жақсылықты кім берсін... Үзілген шығар шегінген әсер тынысы. (Көзін жұмған, шаршағандай ағашқа сүйенеді. Осы кезде ат дүрсілі, күйме тарсылы естіледі. Дүрбіт бойын қайта жинап алады.) Қан балтам келеді.

(Жүргіншілер таяу кеп тоқтайды.)

Баттал (сырттан белгі береді). Гөйт-гөйт, гөйт-гөйт!

Дүрбіт (о да сол дауыспен). Кә-кә, кә-кә! (Баттал келеді.) Түсті ме сәті, қан балтам?

Баттал. Түсті, мырзам, түсті.

Дүрбіт. О, ғажайып. Шын тілеп ем жасағаннан... Берген екен тілегімді қайтармай. (Батталды құшақтайды.) Жарайсың, қан балтам.

Баттал. Еркек кіндік қару ұстап соғысуға кетіпті. Қақпа біткен тарс жабық. Жалдап алған екі кісім болысып, әрең бұздық жау алғырдың есігін. Жаман Зәру балғасымен шалының миымды аузыма түсіре жаздады.

Дүрбіт. Пәлесін қара кемпірдің.

Баттал. Аузын шапшаң тығындап, домалатып тастадым.

Дүрбіт. Майра шошыды ма?

Баттал. Байғұс бала жатыр екен тәтті ұйықтап. Көзін таңып, екі қолын байларда «сорлы, Баттал, сенбісің, таныдым» деді жай ғана.

Дүрбіт. Сен үндемеген шығарсың...

Баттал (ойлы тыныспен). Үндедім, менмін дедім. Қорықпа, сәулем, жас мырзаңа барасың, анадағы, шыққан жолы кемемен түспей кеткен жеріңді көресің, — дедім.

Дүрбіт. Әкеле ғой, көріселік сұлумен. Енді қалай сөйлер екен тыңдайық.

Баттал. Құп, мырзам. (Тез барып Майраны көтеріп әкеледі. Басы айналған тұтқын жан аяғы жерге тигенде әрең құламай қалады.)

Дүрбіт. Байлауын ал көзінің.

Баттал. Құп, мырзам. (Майраның көзін босатады.)

Дүрбіт. Майра, танимысың мына жерді? (Майра басын шайқайды.) Дұрыстап қара, танырсың. Бізді сейіл күні жұрт осы арада күткен.

Майра. Солай ма? (Төңірекке баяу көз тастайды.) Енді тани бастадым... Осы жағада оттар жарқылдаған... Будақ-будақ түтін ұшқан... Ана тұста сендер кемеде қалғансыңдар.

Дүрбіт. Сен мені қайырға отырғызып кеткенсің.

Майра. Иә, иә, біз желқайықта ән шырқата кеткенбіз.

Дүрбіт. Бүгін де ән шырқап кетеміз, Майра. (Қасына барып.) Мен сол үшін аялдадым.

Майра. Білемін.

Дүрбіт. Айтшы, не білесің. (Қолын Майраның иығына салады.)

Майра (әмірлі үнмен). Қолыңды тарт. (Дүрбіт қолын еріксіз қайта алады.) Дегеніме жеттім, ырзалықпен баспаған жеріңе байлап әкелдім, өш алдым деп тұрсың ғой...

Дүрбіт. Оным өтірік пе? Орным жоқ па өшігер? (Сәл ойланып.) Көріскенде еріксіз көңілім жібісе, қасқырша талау орнына ұстамдылық жасасам, әлсіздікке, кексіздікке ұйғарма. Мен қатал да бола білемін.

Майра. Ендеше аяма, мырза. Қасқыр бол, қабылан бол!

Дүрбіт. Мақтанды деме, Майра, Намысты болса бір еркек, сол еркегің менмін. Әйел жынысы бетімді қайтармас деп жүргенде, көнбеген боп маған сен, тұтқын күйде әкетсем, Дүрбіт атыма қорлық болар ед. Атар таңның алдында ант етейін... Менен кешірім алып қал. Әйтпесе кешігесің.

Майра. Тағы да базар, тағы да сауда ма?

Дүрбіт. Дүние базар, біз саудагер. Алармансыз, сатармансыз өмір жоқ. Бір қол алып, бір қол береді. Одан, Майра, құтылмаймыз қашсақ та.

Майра (Дүрбіттің өз ырғағымен)

Бүгін арзан, ертең қымбат,
Одан өзге жоқ мәслихат.
Арзан кезде алып қал,
Қымбат кезде сатып қал,— дейсің ғой?

Дүрбіт. Сүйдеймін.

Майра. Жоқ, мырза! Базар бітті. Алып болдың аларыңды, сатып болдың сатарыңды. Енді саған бұл өмірден түк те жоқ. Жарықтан қаш, қараңғыны панала. Жолсыз жерден жөн ізде. Елсіз жерден жем ізде, алақтама артыңа. Осыған да, еркектігін жетпей ме?!

Баттал (өзіне). Апырмай. Майра осындай екен-ау.

Дүрбіт. Махаббат па, кек пе мені билеген. Оған көзім әлі жетіп болған жоқ... Әйтеуір саған құмармын. Қанша мені жерлесең де, бұдан былай мендіксің. Сүйемін де еземін, еземін де сүйемін.

Одан да артын ойла, сұлуым. Ұзақ жолға сенің жақсы жырыңмен түсейік.

Майра. Әр сапардың өз әні бар, әр көңілдің өз зары бар. Толғағы жеткен ой туса қолқасыз да айтыла береді. Менің қаным тоқтағанша жырым да тоқтамасқа тиіс.

Баттал. Әрине, қалқашым. Сенің жырыңның таусылмас кен екенін қайсымыз білмейміз.

Майра (дірілдеген, бірақ жігерлі үнмен тақбақтап кетеді.)

Қап-қара түнек айналам,
Қасымда мырзам-ғашығым,
Қолымды берік байлаған,
Барады алып жасырын.
Сөз бе екен енді тұтқындық,
Жеңілмес жаным еркінде.
Қорқытпа мені, мың сұмдық,
Ойымды күйлі шертуге.
Әкете берсін ұрылар
Бұғаулап аяқ, қолымды
Жанымда жалын жырым бар,
Жыламай күтем елімді.

Дүрбіт (қатал, бірақ ұстаммен). Бос сөз! Өшпейтін жалын, жас шығармас көз жоқ. Мәселе жылата да, уата да білуде. Мен соның екеуін де білемін. (Дүрбіт Батталдың беліндегі ұзын шыбыртқы қамшыны жұлып алады.)

Баттал (үрке қарап). Қой, мырзам, қазір қамшы сілтер кез емес.

Дүрбіт. Сатып алған құсымды қалаған кезімде сайратамын. Сатып алған маймылымды қалаған кезімде ойнатамын. (Майраға төніп.) Қайта баста, дұрыстап айт!

Майра. Қалай айт дейсің?

Дүрбіт. Ақ білегі Дүрбіттің оралсын де мойныма!

Майра. Одан да жылан оралсын!

Дүрбіт (қамшымен тартып қалады). Құшайын де ақ денесін Дүрбіттің!

Майра. Жер құшайын, мұз құшайын одан да!

Дүрбіт (тағы ұрады). Сүйемін де иемді!

Майра. Тас сүйейін, сені қор боп сүйгенше!

Баттал. Тоқтат, мырза! (Қайта сілтенген қамшыны ұстап қалады.) Әнеки, кірді қалаға. (Осы кезде үш рет қосылып атылған зеңбірек гүрсілі алғашқыдан анағұрлым жақыннан естіле бастайды.)

Дүрбіт. Кім кірді?

Баттал. Большевиктер. Үш рет атылған зеңбірек соның құрметі, мырза.

Майрa (есі шыққандай қуанышты). Той... той басталды, халайық! (Еліге күшті сарынға құлақ тосады.)

Баттал. Қайдағы той, қарағым?

Майра. Менің тойым. Естідіңіз бе, Баттал аға, некем қиылды. Мұрадыма қосылдым!

Баттал. Сабыр, шырағым, сабыр. Бұл той емес, соғыс.

Майра (өз ойына өзі елігіп). Кеше ғана Мұрадпен сөз байласқанбыз. Некемізді зеңбірек қисын дегенбіз. (Ерлене қарап). Көремісіз жарқылды? Түн жыртылды... Қараңғылық сайтаны өлді! Жер оянды ұйқысынан, қазір жаңа күн шығады. (Сарынға үн қоса дауыстайды.) Шырқаңдар, бауырларым! Шырқаңдар менің әнімді!

Дүрбіт. О, сұм қатын, қоямысың, жоқ па! (Қамшы сілтейді.)

Майра (базар алаңындағы күйімен жырын жігермен қайталайды.)

Қорқытпайды өлім ерді қашан да,
Құмартпайды ол қорлық үшін жасауға.
Ез туғаның жарғанатша жан сақта,
Ер туғаның әнмен бірге бас алға!

(Дүрбіт қайта қамшы сілтегенде Баттал тағы ұстап қалады.)

Баттал. Жетті, мырза. Өзіме бер қамшымды. (Қолынан жұлып алады.) Мен мұны ат айдау үшін алғанмын.

Майра. Мұрадым... арманым... Мен енді мәңгі сендікпін.

Дүрбіт. Жоқты іздеме, әуре болма. Мұрад өлгелі қашан.

Майра (үрейлі). Ә? Не дедің? Мұрад өлді... Жо... жоқ, жалған! Мен өлмес Мұрадты, сөнбес арманды сүйгенмін.

Дүрбіт. Ал мен, соны біліп Мұрадтың басын ала шыққанмын. (Майра тәлтіректеп барып құлап түскен, байлаулы қолымен жер тіреп қалады.) Енді сені де құртып кетемін. (Мылтығын қалтасынан шығарады.) Жеңілмес мықты жаның болса көрейін.

Майра (жатқан жерінде сабырмен бұрылады). Атамысың?

Дүрбіт. Атамын... Ең ақырғы қимасымды атамын.

Майра. Рақмет. Тек қана туған жермен қоштасуға мұрша бер.

Дүрбіт. Тезірек қоштас... Уақыт аз.

Майра (таянған қолымен уыстап алған топыраққа қарайды).

Қаз табаным тұңғыш тиген боз топырақ,
Ұзақ сені баса алмадым, ұзақ өмір сүре алмадым...
Кетті деме ерте тастап, сен кешір.
Күн жылы едің, мейірімді едің,
Құрғатып ең көз жасымды сан рет...
Жыр салушы ең, ән салушы ең аузыма
Тастап кетсем, сен кешір.

(Баттал көз жасын сүртеді.)

Жоқтамаңдар, жыламаңдар, ата, анам,
Аз жасасам айыпты емен..
Қысқа өмірді қиянатта еткіздім
Сөйтіп жүріп шаршағанға әл бердім,
Мұңлы менен қайғылыға ән бердім...
Мезгілімнен ерте сынсам амал не?

(Бойын тіктеңкіреп алып, ант сөзін айтқандай нық-нық айтады.)

Атым Майра, әнім Майра

Жарым Мұрад, жаным да Мұрад!

Дүрбіт. О сорлы басым, не естіп тұрмын! (Мылтығын кезене береді. Дәл сол шақта Майра мен мылтық арасына Баттал да килігіп үлгіреді. Оқ Батталға тиеді.)

Баттал (әрең құламай). Тағы да ат, қанішер!..

Дүрбіт. Кешір, Баттал, өзің ғой түскен араға...

Баттал. Әдейі түстім араға... Әдейі тостым оғыңды. Сен сияқты ит өлімін күткенше... болайын дедім Майрадан бұрын құрбандық. Ат... тағы да ат. (Сәл ғана пауза. Жақындаған топтың дүбірі жетеді.) Есітемісің, келіп қалды... Қазір өзің көресің...

Дүрбіт. Кімді... кімді көрем?

Баттал. Жазалайтын... Мұрадты.

Майра (қуанып). Мұрадты.

Дүрбіт. Тимеп пе едің сен оған, қимап па едің өлімге?

Баттал (әрең күш жинап). Сенің жаныңды алсын деп қалдырғанмын Мұрадты.

Дүрбіт. Ендеше өз обалың өзіңе. (Екінші рет атады.)

Баттал (тәлтіректейді, сонда да Майраны денесімен қорғап тұр.) Құзғын тессін көзіңді... Қарақұс жесін тіліңді! (Құлап түседі. Бір топ қызыл әскермен шыққан Мұрад Дүрбітке мылтықтарын төсейді.)

Мұрад. Ә, бармысың?

Дүрбіт. Бармын.

Мұрад. Батталдың басын жұттым де.

Дүрбіт. Жұттым. (Бойын жинап.) Біреулер өмір сүруге туса, біреулер өлу үшін туады. Мен жолыма көлденең тұрушылардың жанын алуға серт еткем.

Мұрад. Бұл ойларыңды мен әлдеқашан оқығанмын.

Дүрбіт (селт етіп). Қашан, қайдан оқып ең?

Мұрад. Маңдайыңнан... маңдайыңда жазулы болатын. Кездескен сайын сол жазуды оқушы ем. Оқушы ем де шошушы ем.

Дүрбіт (қуанғандай). Ә, сен де қорыққан екенсің-ау менен.

Мұрад. Өзгелер үшін қорыққанмын. Сол үшін де көп бағушы ем ізіңді. Тек бүгін ғана кез жазып қалыппын.

Дүрбіт. Менің қайғым да олқы емес. Жетпей кеттім дегеніме. Сенен кейін өлгенде өкінішсіз өтер ем.

Мұрад. Бәрін білем арманыңның. Бірақ енді айлаң жоқ. Сен сүйенетін армия талқандалды. Енді мылтығыңды бер.

Дүрбіт. Беруден бұрын тағы бір атып қалайын. (Мылтығын Мұрадқа кезенгенше сырттан атылған мылтық Дүрбіттің өзін ұшырып түсіреді.)

Мұрад Майраның қолын босатады. Жығылған мырза басын күшпен көтеріп тағы да тіл қатады.) Мені атқан кім? Біліп өлейін... Айтыңдаршы, кім атты?..

Қара жамылған, ажары суалған мылтықты. Айбарша шығады. Тұрғандар оған таңырқай қарасады.

Айбарша. Мен аттым.

Дүрбіт. Солай ма... Сен бе атқан, Айбарша?

Айбарша. Иә, мен.

Дүрбіт. Ырзамысың... Қайтты ма есебін?

Айбарша. Қайтқан жоқ. Көп атуым керек әлі. Тағы да, тағы да, тағы да. (Еліріп.) Қайдасың, Тайман?! Қайдасың хайуан?! (Тура жөнеледі. Мұрад ұстайды.)

Мұрад. Тоқташы, Айбарша, не болды?

Айбарша. (үрейлі үнмен). Бақтияр өлді. Тайман оның басын кесіп әкетті. (Тұрғандар түшіркенгендей қарасып қалады.)

Дүрбіт (даусы әрең шығып). Басын... оған да... шүкір...

Айбарша (Дүрбіттің басын артына қайырып, бетіне қарайды.). Не дедің? Шүкір дедің бе?! Пышақ қайда, пышақ? Арманда кеткен Бақтиярдың жолына мен де құрбан шаламын. Бас орнына бас аламын бұлардан. (Жан даусымен.) Пышақ, Майра апа, пышақ!

Майра (Айбаршаны құшақтайды). Бауырым, былғамашы қолыңды өлік ұстап.

Айбарша (Дүрбіттің бетіне қайта қараған, қолындағы бастың жансыз екенін көреді). Иә, өліпті. (Тастап жібереді.)

Майра. Күшті едің ғой, бауырым, бекінші.

Айбарша. Қандай еді Бақтиярым... Кеп қинап ем, қадырын білмей. Ұғысқанда қайтадан қуанып ем асылымды таптым деп... Үңіле қарап жанына, сарқылмайтын жақсылығын көріп ем... Жар таптым деп, дос таптым деп біліп ем... Өзім қайрап көк болатты, тасқа шаптым, сындырдым. Тудым екен неге осынша сорлы боп. (Жылайды ).

Майра. Жылама, жыласаң жауың жасыды деп күлмей ме?

Айбарша. Солай ма, әпке. (Басын тік көтеpiп алады.)

Майра. Әрине. (Құшақтай түсіп.)

Көл-көсір жастың ең ақырғы тамшысын
Сығып ал да, сүрт көзіңді, Айбарша.
Жығылмасақ, жоғалмасақ кеше біз,
Азабына отты тамұқ шыдасақ,
Жығылмаймыз қашан да...
Есіңде ме, менің күйім қандай ед?
Күн сайын бір зілдей салмақ төбемнен
Күйретердей төніп келіп қалатын;
Молдалардың сарнап айтқан азаны
Тар қабырға шақырғандай болатын...
Сондай тұста сүрінгенім —
Табыт па деп қараушы ем,
Алар демім қанша екен деп санаушы ем...
Жаңа ғана мына мырза шімірікпей
«Енді менің күңімсің деген өмірлік»,
Қатты соққан қамшысының
Тарқаған жоқ арқамдағы уыты.
Сен де шыда, бауырым.

(Айбаршаны авансценаға әкелген, көрермендерден аса, алысқа нұсқайды.)

Ілгері қара, қыранша қара, Айбарша,

(Бір түрлі жігерлі дәрменмен.)

Көремісің болашақты қайғысыз,
Көремісің жас ұрпақты бақытты!
Жүр, соларға жетейік.
Тағы бір міндет өтейік,
Ұсынайын өз әнімді аузымнан;
Қабыл алсын қаласа,
Қажетіне жараса.

Шымылдық.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз