Өлең, жыр, ақындар

Мұқағали Мақатаев туралы лебіздер

Әбділдә ТӘЖІБАЕВ:

Мұқағали Мақатаев — біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі.

Мақатаев атты алып ақындық жарқын жүзіне, миллион адам миллион түрлі пікір пайымдаса да, ешбір кіреуке, көлеңке түспей келешекке қарай керуен түзеп, көше бермек.

Мұқаметжан ҚАРАТАЕВ:

...Арамыздан тым ерте кеткен тамаша ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың алғашқы қадамында-ақ оның аяқ алысынан айрықша талант иесі екенін аңғаруға болатын еді.

Аңғармаппыз...

К.В.СКВОРЦОВ:

Қазіргі қазақ әдебиеті туралы сөз қозғасам, аузыма ең алдымен, аса ірі ақын Мұқағали Мақатаев түседі. Оның творчествосымен көптен таныспын. Аудармалары діттеген жерден шықпай жатса да, оның ақындық қуат деңгейі мен парасат өрісі кім-кімді болсын таңғалтпай қоймайды.

Михаил КУРГАНЦЕВ:

Мұқағали Мақатаев поэзиясы арқылы қазақ әдебиетінде өте жарқын, күшті де көрнекті жаңа бір дара тұлғалы ақын пайда болған екен-ау деп те айта аламын. Оның творчествосы біздің бойымызға қуаныш, мақтаныш, рухани күш-қуат құяды.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ:

М.Мақатаев — адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы. Оның... өлеңдері шын тебіреністен, шын шабыттан, шын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған.

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ:

Қазақ жырының аспанындағы аз ғана жұлдыздардың арасынан сенің жұлдызыңды біз оңай танушы едік. Сенің жұлдызың — ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз.

Қадыр МЫРЗАЛИЕВ:

Әдебиетті салынып жатқан ғаламат бір ғимарат, көк тіреген күмбез, сұлулық сарайы деп есептесек, сен соның талантты тас қалаушыларының бірі едің.

Зейнолла СЕРІКҚАЛИЕВ:

Мұқағали мұрасы, сұлулық үлгісі біздің бүгінгі игілігіміз ғана емес, Мұқағали мұрасы, маржан поэзиясы — болашақ ұрпақтардың да еншісі, қастерлеп-қадірлейтін қазынасы.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз