Өлең, жыр, ақындар

Зеңгір аспан

 Жүрегімнің түбіне терең бойла.

Абай

Тұмау Мұңлықты аяң астынан алып ұрды. Қаланы тұмау жайлады» дегенді естісе де елемей жүрген, күнде төсегінен құлындай ойнап тұратын ол ертеңгісін басы ауырып, денесі ауырлағанынан секемденді. Театр табалдырығын да еңсесі түсіп көңілсіз аттады, «Салқын тигізген жоқ сияқты едім... Жұғады деуші еді?! Сонда кімнен?..» Кешелі бері қолдасып амандасқан таныстарын, қызметтестерін көз алдына елестетті. Оның көз алдына бір амандасқанын ұмытып кетіп күніне қырық амандасатын, әрі қолдасып сәлемдеспесе құмары тарқамайтын ақ бас администратор шал келгіштей берді.» Соның мұрны қызарып тұрған. Бірақ оның мұрны арақ ішсе де қызыл бояу жаққандай боп шыға келуші еді ғой...»

Есік алдындағы күзетшімен самарқау бас изесіп, ішке өте берген шақта сол жақтағы кассадан ақ басы қылтың ете қалған администратор шал оны қуып кеп амандасып, қолын созды.

— Сәлеметсіз бе? Қол алыспай-ақ қойсақ қайтеді?! — деді Мұңлық. — Тұла бойым түсіп барады, тұмаумын ба, кім білсін?!

— Бәлеге бәле жұқпайды, — дейді орыс ағайындар, — деп бірден қолға жармасқан шал оның сүйріктей саусақтарын уысынан біраз босатпай тұрды. — Мен де тұмаумын. Мен жұрт құсап жатпаймын, аяғымнан тік тұрып өткізем. Жұрт саусағына тікен кірсе төсегін қалың салып жатып алады.

Репетиция үстінде Мұңлықтың мазасы бұрынғыдан бетер қашты. Денесі ысып, бүкіл тал бойын жайсыз әлсіздік билеп, алақаны терледі. Буын - буынынан әл құрығандай. Жарқын сезіммен, шабытпен айтатын сөзін бәсең әрі әрсіз болса да амалсыз жеткізіп тұрған.

— Мұңлық, саған не болған бүгін, ұйқың шала ма? — деп бас режиссер алдындағы столды ұзындығы жарты метр, қамшының сабындай қаламымен тақылдатты. — Әлде тамақ ішпегенсің бе?

Ол жағдайын айтты. Не болса содан секем алғыш, кірпияз бас режиссер шошына:

— Келген бойда айтпайсың ба? — деді. Өзінен бұрын үлкен шаңырақ көзілдірігі үріккендей жарқылдады. — Қайт тез, үйіңе! Дәрігер шақыр! Жазылмай келме.

Мұңлық театрға таяу үлкен үйдің бесінші қабатында тұрушы еді. Жоғарыға әзер өрлеп, ілбіп келе жатқанда қарсы есік көрші орыс кемпірі ұшырасты.

— Маечка, не болды, екі бетің албырап тұр ғой.

— Ауырып келем. Тұмаумын - ау деймін.

— Тұмау? Оның емін мен білем, жүре ғой. Сүт бар ма?

— Бар.

— Бал ше?

— Жоқ еді.

— Бізде бар, қазір.

Орыс кемпір үйінен бал әкеп, сүтпен араластырып әбден қайнатты да, тәттіні тәбеті тартпайтын Мұңлыққа зорлап ішкізіп көрпені тұмшалап жауып жатқызып тастады.

— Қазір терлейсің. Бәрі термен кетеді. Ертең жұмысыңа бармасаң менің басымды кес, — деп дәрігер шақыртпады.

Бал араласқан ыссы сүт пен қалың көрпе терлемеске қойсын ба, пора - порасы шығып, жүрегі қысылса да шыдап бақты. Терлеген сайын бойындағы жайсыздық саябырсығандай болған. Ал кешке таман тұла бойы дуылдап қышып қоя берді. Әдепкіде шыдап, денесіне қол тигізбей қасарып - ақ жатқан. Кейін өзін ұстай алмады, дуылдаған о жер, бұ жеріне қолы еріксіз барғыштады. Бір кезде бұ не болды деп кеудесін ашып көріп, шошып кетті. Аршыған жұмыртқадай аппақ денесін бүртік – бүртік қызыл жауып кеткен. Қандала талағандай... Бетіме де шықты ма екен? Әлгінде беті де қышыған. Терлеп жатқанына қарамастан төсегінен тұрды, халатын киіп, кіреберіс оң босағадағы бой айнаның алдына барды. Өзін - өзі танымай шошынды. Бет - аузында қызыл бүртік жұлдыздана жыпырлайды. Дүние есігін ашқалы көрмеген бәлесі. Зәресі зәр түбіне кеткен. Дереу телефонға жармасып, жедел жәрдемге хабарласты. Жедел жәрдем дәрігері: «Не науқас?» — деп сұрап еді, ол тұла бойым қышып барады деуге ұялып. — «Білмеймін, әйтеуір өртеніп барамын», — деді. Домбыққан бетін, ажарсыз кейпін байқатпаймын деген оймен маңдайын, көзін, мұрнын бастыра ақ селдір орамал тартып алды.

Жедел жәрдемнің дәрігері ұзақ тостырған жоқ, арада он - он бес минут өтті ме, өтпеді ме есік қоңырауы шылдырлады.

— Ашық, кіре беріңіз! — деп дауыстады Мұңлық.

Дәрі-дәрмек сөмкесін көтерген дәрігер жігіт келіп кірді. Үстіне ақ халат, басына ақ төбетей киген сұңғақ қызыл шырайлы жігіт электр жарығы астына келгенде аса ажарлы көрінді. Сырқатынан қаншама шошып жатса да, ол жігіттің сымбат - көркіне назар салмай қала алмады. Ат жақты, аялы тұнжыр қара көз.

— Сәлем атсыз ба?

Мұңлық басын көтеріп амандасты. Дәрігер кереует жанындағы орындыққа жайғасты да сөмкесін ашып, жүрек соғысын тыңдайтын трубкасын қолына алды.

— Қай жеріңіз ауырады?

— Ауырғанда... Мына бір бәле тұла бойымды қаптап... қышытып өртеп барады. — Ол солқылдаған сәмбі талдай білегін жалаңаштады.

Дәрігер аудан - аудан боп ісініп, қызара бөрткен ақ білекті алақанына салды. Оның үні жалынышты шықты ма, жігіт жүрегінде бір түрлі аяныш сезімі оянды.

— Бірден қызарып шықты ма?

— Жоқ. Таңертеңнен бойым ауырлап... тымау шығармын деп ем. Жұмысқа бара сап қайттым.

— Өзіңізше ем жасадыңыз ба?

— Иә, — деп ол орыс кемпірі жасаған емді айтты.

— Тымауға ол жақсы, бірақ... Бұрын аллергиямен ауырған жоқ па едіңіз?

— Жоқ.

— Балды ұнатпаушы ма едіңіз? — деп Дәрігер бұған дене қызуын өлшейтін градусник ұсынды.

— Онша ұнатпаймын. Тәттіге құмар емеспін.

— Ащыны тәуір көреді екенсіз ғой, — деп езу тартқан дәрігер оның білегін сәл қысып ұстап көрді де қан тамырының лыпылдап әдеттегіден жиі соғып тұрғанын байқады. Орнынан тұрып, оның ту сыртына шықты.

— Ғафу етіңіз, халатыңызды шешсеңіз. Келіншек атлас халатын иығынан төмен сырғытты.

Жауырын астына таман трубка қойып дәрігер оның жүрек соғысын тыңдады. Дағдылы қалпынан өзгерген лүпілді есітті. Оның ақша қардай тәнінде баданақтай - баданақтай бөртпеге көзі түсіп: «Сірә, бетіне де түскен - ау, ұялып жауып алған. Жүзі де тәніндей аппақ болар», — деп ойлады.

— Грипп екенсіз, — деді қайтадан келіншектің қарсысына шыққан дәрігер. — Денеңіз жанып тұр. — Градусникті көрді. — 37,8. Ештеңе етпейді, қорықпаңыз. Мен қазір сізге тетрациклин, аспирин тастап кетемін. Соны ішесіз, Сосын қазір сестраны жіберем, укол салады. Димедрол деген дәрі беріп жіберем, соны да ішіңіз, — деп сөмкесінен дәрі алып берген дәрігер бөлме ортасындағы столға орындығын жылжыта асылып, сырқаттың аты -жөнін сұрап, жазып алды.

— Нешедесіз?

— Жиырма төртте.

— «Менен бір жас үлкен екен», — деп ойлады дәрігер.

— Қайда істейсіз?

— Театрда.

— Артистка екенсіз ғой. — «Бәсе, үніңіз әдемі», — деді дәрігер ішінен. Орнынан тұрды. — Жақсы, қазір сестраны жіберем.

— Өзіңіз келсеңізші, мен...

— Қорықпаңыз. Демедролды бірер күн ішкен соң аллергияңыз кетеді. Ертең поликлиникадан дәрігер шақыртыңыз. Тезірек сауығуыңызға тілектеспін! — Дәрігер қоштасып кетіп қалды.

Мұңлық бір сәт ауруын ұмытып, дәрігер жігітті ойлады. Сыпайы, әдемі жігіт, Түрі таныс секілді. Қай жерде көрдім? Өз талантына табынушылардың бірі ме? Ондай болса әлгінде айтар еді... Біреуге ұқсайды... Кімге?.. Кімге?.. Бір киноактерге. Кім еді?.. Ә, Тихонов екен ғой,.. Бірақ ол — сары, бұл — қара торы. Бет әлпеттері аумайды...

Ол төңкерілген қос анарын сипалады. Бұл да бөртіпті – ау... Төсегінен тұрып, графиннен стаканға құйып алған суымен екі дәріден екі түйір жұтты да айна алдына барды. Бетін жапқан орамалды көтеріп, жүзін көрді. Қызыл бөртпе түрін адам танымастай ғып өзгертіп жіберген. «Бетімді ашпағаным қандай ақыл болған. Қашан жазылғанша ашпаймын», — деп ой түйген ол төсегіне қайта қисайды. Зырқ - зырқ еткен шекесін уқалап жатып «әлгі дәрігердің өзі келсе екен» деп тіледі. Көңілінде оны тағы бір көрсем - ау деген құмарлық оянды.

Арада жарты сағат өткенде укол салуға дәрігер жігіттің өзі келді. Сырқатын ұмытқандай ол қуана бас көтерді.

— Сіздің тілегіңіз болды, — деді күлімсіреп дәрігер жігіт. — Сестраның қолы босамай өзім келдім.

— Менің тілегім қабыл болғыш, — деді ол да жымиып.

— Солай ма?

— Неге десеңіз мен бесінші қабатта құдекеңнің өзіне жақын тұрамын.

Дәрігер жігіт маржандай тізілген ірі ақ тістерін көрсете рақаттана күлді.

Укол салып димедрол дәрісін стол шетіне қалдырған дәрігер жігіт кетуге айналғанда келіншек:

— Доктор, айып етпеңіз, — деді, — менің аты - жөнімді білдіңіз, ал өзіңізді таныстырып кетпейсіз бе?

— Қажет пе сол? Айтайын, атым Ботабек. Сіз де маған анкета толтырмақсыз ба? — деді күліп.

— Тәуір болсам рақметімді кімге айтуды біліп алайын дегенім ғой.

— Жақсы, жайлы жатып, жақсы тұрыңыз, — деп Ботабек тысқа беттеді.

«Жақсы жігіт екен», — деп ойлаған Мұңлық төсегіне жатып, ақ шайы көрпесін орана түсті.

2

Мұңлық тұмаудан да, бөртпеден де бір жеті ішінде құлантаза айықты. Туасы ыңқыл -сыңқылды білмеген саламат тән, ақаусыз жүрек кәдімгідей - ақ елеткен тымауға еш мойыған жоқ.

Басың ауырып, балтырың сыздағанда жан ашырдың болғаны үлкен демеу екен. Өнерлес дос-жаран, талантын сыйлайтын таныс-біліс бірі келіп, бірі телефон соғып көңілін сұрағанда ол өзіндей күйзелетін жандардың бар екенін сезініп көзіне жас алды. Дертке шипа тілеген көп ішінде, әсіресе алғаш тұмаудан құлаған күні ем жасаған дәрігер жігіт Ботабектің хал білгелі телефон соққанын жанына ала-бөтен жақын тұтты.

Бөртпесі көшіп, иығынан ауыр жүк түскендей бойы да жеңілдеп, төсегінен тұрып жүрген. Түс ауған мезгіл еді. Театр есігін ашқалы кілең өсекші әйел ролінде ойнайтын қартаң актриса келіп, тұмаудың сойқаны жайлы сан қилы оқиғаны ішегін тарта сөз ғып отырған.

— Бұл бар ғой, ана мұхиттың ар жағынан келген бәле құсайды. Басқа шапқаны пәлекет екен. Асқынса менингит қылады екен де тастай қатырады екен... Менің үйме - үй көршім... музыкант жігіт... жап-жас бишара, екі құлағы тас боп бітіп қалған. Бұл бәлені атама, беті әрман.

— Мен тұмаудан емес, аллергиядан шошымадым ба?

— Аллергия дегенің де бір бәле, — деді қартаң актриса. — Әлгі көршімнің әйелі апельсиннің иісі шыққан жерден жеті шақырым айналып өтеді.

— Көршіңіздің бәрі ауру ма?

— Ой, осы күні cay адам бар ма, әкем, бәрі — ауру...

Осы кез телефон шылдырлаған.

— Да... — деп Мұңлық трубканы алып.

— Мұңлықсыз ба? – деді трубкадан естілген жұмсақ үн.

— Иә.

— Халіңіз қалай? Сауықтыңыз ба?

— Сіз Ботабек екенсіз ғой!—деп қуанды ол. — Жақсы. Тәуірмін.

— Мені қалай таныдыңыз?

— Даусыңыздан.

— Сезімтал екенсіз. Төсектен тұрдыңыз ба?

— Иә, тұрдым. Бірақ әлі жұмысқа шыққаным жоқ... Неге үндемей қалдыңыз?

— Жай... Тек сіздің халіңізді білейін деп... әнеугүні жаман қорқып едіңіз, сосын... Енді көңіл күйіңіз жақсарды ма?

— Жақсарды, рақмет.

— Орамалды шештіңіз бе?

— Шештім, — деп күлді Мұңлық.

— Мен сіздің жүзіңізді көрген жоқпын, көшеде ұшыратсам танымайтын шығармын. — Оның да күлгені естілді.

— Жүзімді көрем десеңіз келіңіз. Бізге қонаққа келіңіз.

— Рақмет оған

— Жоқ, рақметті қонақ болған соң айтасыз.

— Көрерміз.

— Көрерміз дегенше келемін десеңізші. Сауығуыма себепші болдыңыз, мен сізге қарыздармын.

— Науқасты емдеу біздің міндетіміз. Жақсы енді... біздің телефонмен көп сөйлесуге рұқсат етпейді.

— Білем, білем.

— Сау болыңыз, енді ауырмаңыз.

— Телефондасып тұрыңыз. Сау болыңыз!

Мұңлықтың сөзіне құлағын тығып отырған қартаң актриса ол трубканы қойғанда:

— О кім - ай? — деп ынтыға сұрады. — Ауырып жатып - ақ біреумен танысып алғансың ба?

— Алғаш құлаған күні қараған дәрігер. Ескерімді жігіт екен, көңілімді сұрап жатыр.

— Бәлкім, ғашық боп қалған шығар. Түу, сіз де айтады екенсіз, — деді де әңгімені басқа жаққа аударды. — Әлгі Москвадан келген режиссер не ғып жатыр, соны айтсаңызшы.

— Көп үндемейтін жас жігіт екен. Не маубас, не «үндеместе үйдей бәле бар» деп, бар қордасы ішіндегі біреу. Спектакль көргеннен басқа әзірше ештеңе бітіріп жүрген жоқ...

Басқа арнаға оп - оңай түсе жөнелген қартаң актрисаға Мұңлық үлкен нұрлы қара көзі жайнап күліп қойды.

Қоңырау шырылдады. Мұңлық телефон ба деп босағаға таяу кішкентай дөңгелек столша үстіндегі аппаратқа жүгірді.

— Есік қой, — деді қартаң актриса.

Мұңлық есік ашты.

Ішке қара тонды, ақ елтірі құлақшынды аңқ сары жігіт қасқа тісінің оң жақ қатарына сәндік үшін қаптатқан екі алтын тісін жарқырата күліп кіріп келді.

— Сәлем, Мая! Сені театрдан іздеп жүрсем, тұмауды сылтау қып үйде жатыр екенсің ғой. Қусың - ау! — деп, оның қолын суық алақанымен қаттырақ қысып қойды.

— Қолың мұздай екен. Қол беріп амандаспасаң болмай ма? — деп Мұңлық денесі тітіркеніп жақтырмай қолын тартып алды.

— Өй, неге кіржиесің? — деп тоны мен құлақшынын шешіп, дәліздегі киім ілгішке ілді де бөлмеге кірді, — Е, мұнда мықтының өзі отыр екен де. Қалай, жеңеше, өсекті сықпыртып жүріп жатсың ба?

— Кәтен қайным екен ғой. Қалай өзің де аман-сау жүрсің бе? — деп қартаң актриса жадырай сәлемдесті.

Кәтен — қаладан жиырма бес шақырым жердегі «Ақбұлақ» совхозында жұмысшылар кооперациясында «автоловка» айдайтын дүкенші. Мұңлықпен біраздан көңілі жақын, сондықтан да бұл үйге емін-еркін келіп-кетіп жүретін жігіт еді. Ол ашық маңдайын бастыра, сол жағына қайырған сарғыш шашын жан қалтасынан алған тарағымен тарай жүріп төрдегі диванға барып шалқая отырды.

— Мая, бұл не жатыс? — деді сосын, оны бүгін көргендей үрпие қарап керует жанында тұрып қалған Мұңлыққа. — Тұмауды да ауру деп. Бір стакан араққа бір қасық келімдәріні салып былғап - былғап қағып сал да сорпаға тойып алып, тас бүркеніп жат. Бітті. Тымауратсақ біздің ем осы.

— Пай, пай, сері қайным - ай, — деп қартаң актриса палуан денелі жігітке қызыға қарады.

Науқастан соң сіркесі су көтермей жүрген келіншек қитығып үндемеді.

— Өй, неге үндемейсің?! Біраздан соқпай кеткеніме ренжіп тұрсың ба? — деп орнынан көтерілген Кәтен алшаңдап кеп оның иығына қолын аса құшақтады. Мұңлық пісте мұрнының ұшы тыржиып, оның қолын қағып тастады.

— Тұмауым жұғады, жақындама.

— Ой, маған бәле де жұқпайды, — деп ол тағы да құшақтамақ болып қолын созды.

— Отыршы, шырағым, орныңа, — деп, ренжи сөйлеген келіншек керует шетіне барып жайғасты.

— Ойпыр - ай, осы пәлсіне қалатындарың - ай, — деп, диванға қайта отырған Кәтен оның солғын жүзіне жымиып қарады. — Биыл қыс қатты, қой дегенің қырылып жатыр. Бізді де мал қыстату дегеніне жегіп қойды, шетімізден қызыл танаумыз. Қолымның тигені осы. — Ол қартаң актрисаға бұрылды. — Әбден шаршаған соң қалаға соғып, көңіл көтеріп қайтайын десем, мына Мұңлықтың қабағы оңбай қалыпты ғой.

— Мая қатты ауырды, естімеп пе ең? — деді қартаң актриса.

— Өзі хабарламаса қайдан есітем. Қойыңызшы, сіз де,тымауды қазақ ауру санатына қоспайды. Қалай, шалыңыз ептеп тартып тұра ма?

— Шалы құрысын, бөтелке көріне бірге кіреді оның.

— Құрсын демеңіз, театрдағылардың ішіндегі ең мықтысы сіздің шалыңыз. Басқасы ресторанға шақырсаң танауын көтеріп барса да зорға - зорға барады, ал сіздің шалыңызда еш отказ жоқ.

— Бергеніңді айтпай-ақ, қойсаңызшы, — Мұңлық қабағын шытты.

— Айта берсін. Келген сайын ағыл-тегіл ғып кетеді — деді қартаң актриса. — «Кәтен келсе бір тойынып қаламыз», — деп жүрген жоқсыңдар ма?

Кәтен Мұңлыққа насаттана қарады да:

— Неғып қурап отырсыңдар? — деді алтын тістерін көрсете ыржиып, — көңіл көтеріп отырмаймыз ба? Мая, менің тонымның қалтасында бір бөтелке «экстра» бар, әкелші.

— Өзің әкел.

— Ай - ай, осындай бір мінезің бар - ау, — деп Кәтен басын шайқап орнынан тұрды да дәлізден қолына бөтелке ұстап оралды. — Ең болмаса бір жапырақ нан беретін шығарсың.

— Мен ішпеймін.

Опа - далап пен бояуды көп жаққандықтан бет-аузы мыж-мыж тыриған арық актриса:

— Қой, мен-ақ бір нәрсе қамдайын. Мая әлі әлсіз, — деп құрақ ұшты. Асханаға барып нан, пияз, құрт, үш рюмка әкелді.

— Міне, еркек қадірін білетін әйел өстеді, — деп қомпаңдады Кәтен. Бөтелкенің қаңылтыр тығынының «құлағын» сыдыра тартып ашты да арақ құйды.

— Ал Мұңлықтың денсаулығы үшін, тез сауығып кетуі үшін ішейік, — деп рюмкесін көтерді.

Мұңлық дастарқанға қол созбады. Қартаң актриса рюмканы қолына алып, Мұңлыққа «ішеміз бе, қайтеміз» дегендей қарағыштады.

— Сіздер іше беріңіздер, — деді Мұңлық оған. Мая ішпесе ішпей - ақ қойсын. Кел, қайным, екеуміз алып қояйық. Жақсы айттың, Мұңлық біздің сахнамыздың жұлдызы болады деп жүрген жастарымыздың бірі.

Кәтен «шынымен - ақ алмайсың ба» деген көзқараспен ернін бұртита назданды. Сөйтті де өзі алып қойды. Қартаң актриса да қағып салды. Бір - екі рюмке ішке барған соң Кәтен мен қартаң актриса жарыса жамырады.

Кәтен: «Ой ауылдағылардың маңдайының соры бес елі де. Қыста да шабуыл, жазда да шабуыл, бір тыным жоқ қой. Қаладағылардікі рақат, сағатпен істейді. Екі күн демалысын айтсай, сосын... Су тасымайды, отын әкелмейді.»

Қартаң актриса: «Рас айтасың, рас. Баяғыда жас кезімде колхозда істейім деп өліп қала жаздағаным бар».

Сырқаттан жүйкесі жұқарған Мұңлық олардың сөзін жақтырмай:

— Арақтарыңды ішсеңдерші, артық сөздің не керегі бар, — деді.

— Иә,.. қой қайным, біз даудырап Мұңлықжанның басын ауыртқан шығармыз, — деді қалбалақтап қартаң актриса. — Мен көңіл сұрай келіп ем. От ала келген қатынның отыз ауыз сөзі бар дегендей біраз отырып қаппын, кетейін.

— Жоқ, тағы бір рюмке алып жіберіңіз, — деді Кәтен арақ құйып.

— Жоқ - жоқ, ішпеймін, енді ішсем былжырап қалам қалқам. Болды, болды. Мен кеттім, — деп Кәтен мен келіншекті оңаша қалдыруды ойлаған қартаң актриса орнынан тұра бастады.

— Кәтенмен бірге кетесіз ғой, асықпаңыз, — деді Мұңлық оны тоқтатып.

— Менің кететінімді қайдан білдің?—Кәтен оның суық жалтыраған жанары мен шаршаңқы кейпіне абайлай қарады.

— Білмегенде, менің мазам болмай отыр, жатам.

— Біз жатсақ ше, — деп әзілдей жымиды Кәтен.

— Бұндай дөрекі әзіліңді әйеліңе айтарсың. Байқап сөйле.

Мұңлықтың неге қитығып отырғанын ұқпаған Кәтен де қабағы түйіліп, түнере орнынан тұрды.

— Қой, қабағы түзу үй тауып алайық, жарық барда, — деп қартаң актрисаның қолтығынан ұстады. — Жүр. жеңеше, есік алдында машинам тұр, апарып салам. Айтпақшы, — деді мойнын Мұңлыққа бұрып, — жарты қойдың етін әкеп ем, алып қал.

Олар шығып кеткен. Мұңлық тұмау қайта тигендей қалтырап - дірілдеп төсегіне жатып қалды. Іші суың қалтырап жатып, алуан түрлі ой кешті... Япыр - ау, Кәтеннің мынасы несі? Соншама өкіректейтіндей мен оның кімі едім?.. Көңіліне тимей, жаныма жақын тұтқанда мен осы оның қай қасиетіне қызықтым? Ағыл - тегіл, дүниені кешіп жүрген шашпалығына ма, әлде қол ұшын беріп, анда-санда әкелген сыйлығына ма? Неге қызықтым? Неге қызықтым?

Бөлме кеугім тартып, кеш түсті. Ол өзіне - өзі қойған сұрағына тұжырымды жауап таба алмай, қараңғы түн құсап қаумалаған жабығыңқы ойдан қашып құтыла алмай, көзі бақырайып, босаға жақта қылаңытқан ақ телефон енді-енді шылдырлап қоя беретіндей, әлдекіммен сөйлесетіндей сезімде жатты.

3

Мұңлық жұмысқа шықты.

Түнемелік қар жауған, азанғы ауа таза еді. Үйі театрға таяқ тастам жер болса да көшеде жүріп, таза ауа жұтайын деп ертерек шыққан. Үй іргесіндегі гүл бақта әлі аршылмаған, қонышқа жетер-жетпес, бетіне еш қылау түспеген ақ ұлпа көпсі қарды олай-бұлай кешіп жүр... Шіркін - ай шымырлау аяз болар ма еді, қарды қарш - қарш басып жүрсең... Осы бір кіршіксіз таза күйінде жатса ғой, ауа да тазарар еді, тұмау - сымау да кетер еді... Қайтерсің, түс аумай - ақ завод - фабрика трубасынан ұшқан ыстан жуылмаған ақ көйлектей кіржампоз боп шыға келеді... Оңтүстіктің қысы да бөлекше, еш жанның сөзін жерге тастамайтын көңілшек жан секілді. Күн сәл жылтыраса, мына қардан түк те қалмайды, еріп, жидіген көк терідей берекесі қашады. Қыс деп Арқаның қысын айтсайшы... Сарыарқада туып өскен ол өз жерінің сақырлаған сары аязын еске алды. Балапан жүніне ұқсаған ақ үлпекті еңкейіп уыстап, жұмбаздап алақанына қысты. Алақанына тепкен қардың сұп - суық ызғарынан жанына бір түрлі рақат сезімі тарағандай. Сығымындағы қар алақан қызуымен еріп, саусақ арасынан көз жасына ұқсап мөлтілдей тамды. Алыс Арқадағы ауылын, мөжісе де қызының қолына келмей, атамекенін қимай елде қалған қарт анасын кеудесі шымырлап аңсай сағынды.

Елжіреген сезімге беріліп, қиял қуған оны қары тапталған тротуар жақтан әлдекім шақырды.

— Мұңлық! Мая! — Қартаң актриса қол бұлғап тұр.

Ол күрпілдек қарды кеше, құлынша ойнап жүгіріп жетті.

— Сәлемат па? Жұмысқа шықтың ба?

— Саламатсыз ба?

— Көңілдісің ғой, — деді қартаң актриса оның екі бетінің ұшы қызарып албыраған жүзіне қарап.

— Ауа жақсы екен!

Екеуі театрға қарай аяңдады.

— Әнеугүні айтып ем ғой, «үндеместе үйдей бәле бар» деп — қартаң актриса театрдағы соңғы жаңалықтарды жеткізгенше асыға. — Дәл солай боп шықты.

— Иә...

— Жас режиссер біздің главныймен шекісіп қалыпты.

— Келмей жатып па?

— Иә, келмей жатып. «Қаракөзді» қайта қояйын, бала кезімнен арманым еді, — деп өзі сұрап алған екен... Главный айтыпты: «Бұрын Қаракөз рөлінде республикамызға еңбегі сіңген артистка Қатира Қорғанбекова ойнаған, сол кісіні бұрынғыша қалдыр, ал басқа рөлге кімді алсаң да өз еркің». Сөйтсе анау тұрып: «Бәлесіз бе, Қаракөздің жасы нешеде?» — депті. Оған Бөкең түсінбепті. Сөйтсе анау беті былш етпестен: «Қаракөз кемпір емес», — депті. Сол арада... сұмдық... Бөкең мүрдем кете жаздапты, өзің білесің ғой, жүрегінің ұстамасы бар, көгеріп жүре берген. Құдай оңғарғанда жанында валидолы бар екен, соны тілінің астына салып тірі қалыпты.

— Қатираны оның әйелі екенін білмей айтқан шығар.

— Жоға құдай, біледі. Білсе де айтқан.Содан есін жиған соң Бөкең айқайға басып: «Менің елуге былтыр ғана келген әйелімді кемпір деп неге көкисің. Құртам сендей соплякты!» — деп столды төмпештесін. Ана неме шыбын шаққалы көрмепті дейт.

— Молодец екен.

— Неғылған молодец! Нахал десей одан да. Бесіктен белі шықпай жатып, әкесіндей адамға қарсы кеп.

— Өнер сақал саудасы емес екенін түсінетін жігіт шығар.

— Сен де, Мұңлық, кілең бір бұра тартып жүресің.

— Әділіне көшкеннің несі бұра тарту?

— Әділ болам деп, жүрсің ғой әлі атақ ала алмай.

— Әділдікті атаққа сат демексіз бе? Онсыз да Бөкеңе жалпақтаушы жетіп артылады. Мен соның тобын көбейтпей - ақ қояйын.

— Әй, осы сенің тентек мінезің - ай.

Театрға келген соң да Мұңлыққа ұшырасқан артистер амандықтан соң оның халін сұрау орнына әлгі жаңалықты оңаша сыбырласты.

— Ертең «Қашқынды» көрмекші, Сейдені. Сен ойнай аласың ба, тәуірсің бе? — деді Сейде ролінде ойнайтын өзінің дублері талдырмаш салпы ерін қыз. Сейденің ролінде әуелі өзі көрінгісі келетін ниетін жасырғансыды.

— Ойнаймын.

Олар сахна артына қарай өтіп бара жатқан-ды, Өсіңкі қара шашы желбіреген сырықтай жас жігіт жандарынан бас изеп сәлемдесіп өте берген. «Осы», — деп қалды «екінші Сейде». Мұңлық тоқтап жалт қарады. Бас изегенде көзіне түскен шашын кейін сілке, аршындай адымдап барып, перде тасасына өтіп кетті. Мұңлық көре алмай қалғанына өкінді, ере түсіп қарауға әбессінді. Желбіреген шашы мен аршынды адымынан басқа ойында ештеңе қалған жоқ.

— Өзін тым асқақ ұстайды, — деді талдырмаш актриса.

— Өз бағасын білетін шығар...

...Спектакль соңында жас режиссер артистка бөлмесіне өзі келді. Қалың қасты, түйіліңкі тік қабақты қара сұр жігіт есік қағып, рұқсат сұрап ішке кірген. Әлі бояуы сүртілмеген жүзін қысыла бұрып: «Ұнатты ма екен?» деген оймен режиссер қабағына қарады.

— Құттықтаймын, жақсы ойнадыңыз! — деді ол Мұңлықтың қолын қысып.

— Рақмет!

— Бірақ сіз әлдекімге ұнағыңыз келгендей тым ширатып жібердіңіз, — деді режиссер. — Ол жөнделетін нәрсе, бастысы Сейденің жан - дүниесін түсінеді екенсіз. Мен оны айтқалы келгенім жоқ. Сіз Қаракөз ролінде ойнауға қалай қарайсыз?

Артистка мұндай ұсынысты күтпеген еді. Бірден «мақұл» деуді әбессінді ме, жауап орнына иығын көтеріп, «қайдам» дегендей пішін көрсетті.

— Ертең жұмысқа келгенше ойланыңыз. Жақсы, сау боп тұрыңыз, — деп қоштасты жас режиссер.

Қаракөзді ойнау Мұңлықтың көкейіндегі арманы еді. Жүрегі лүпілдей қуанған ол шар айнаға жанары нұрлана тігіліп, тапжылмай бір сәт отырып қалды. Содан соң өз қуанышын біреуге айтқанша асығып, бөлмеден шықты... Әуелі кімге айтсам екен? Кімге? Өнерлес жолдастарға? Жо - жоқ, олар бірден білсін. Өнер дегенің жатқан бір бәсеке. Күншілдер де аз емес. Атың өшкір күншілдік - ай... Кәтенге ше? Қойшы, оны? Дарылдап «дабай, жуайық» дегеннен өзге не айтар дейсің. Ботабекке телефон соқсам ба екен? Ол осы кезде жұмысында шығар... Масқара, оған не деп айтамын? Бip көре сап... Өзі кеп жабысты деп жаман ойлар. Қой, ұятты...

Ол ешкімнің көзіне түспей театрдан шықты да тез-тез басып үйіне беттеді.

4

«Қаракөз» оқылып болғаннан кейін жас режиссер Меңдіғали Байтереков Мұңлыққа:

— Мен сізге олай ойна, былай ойна деп рецепт бермеймін, деген. — Қаракөз образын жасауға өзіңіз жол іздеңіз. Сау адамдар секілді жынды да бір - біріне ұқсамайды. Ақыры трагедиямен біткен ғашықтар аз емес. Қаракөз солардың біріне де ұқсамайды. Қаны қазақ, топырағы қазақ. Сән - салтанаттың буына мас, ерке тотай Офелияға да келмейді, Қаракөз өте ақылды, ұят, инабат, ар - намыс деген биік қасиеттерді қатты ұстанады. Жастайынан жетім қалған шерлі. Осындай асыл ару, ақылды қыз не себепті жынданады — әуелі осы сырды зерттеңіз. Зерттеуді тіпті психиатор дәрігермен кездесуден бастағаныңыз артық болмас еді...

Дәрігер туралы әңгіме оның есіне Ботабекті салған. «Танысы бар шығар. Хабарласайын», — деді. Репетициядан соң түс кезінде телефон соғып еді, Ботабек орнынан табылды.

— Мені бір психиатор дәрігермен таныстырыңызшы, — деді амандықтан соң Мұңлық.

— Жайшылық па? — деп шошып қалды Ботабек.

— Жайшылық.

— Мен сізді тағы да ауырып қалды ма деп...

— Жоқ ауырғаным жоқ, — деп күлді де ол өзінің Қаракөз ролінде ойнайтын болғанын, сол үшін психиатор дәрігермен сөйлесіп, жүйке ауруларының тарихымен танысқысы келетінін айтты.

— Таныстырайын, келіңіз, — деді Ботабек. «Жүзін көретін болдым - ау ақыры».

Үріп ауызға салғандай әдемі келіншектің ақша жүзіне, ботаның көзіндей төңкерілген үлкен жанарына көзінің астымен ұрлана қарады.

— Артистер де ғалым болуға айналған ба?—деп әзілдеді.

— Ыңғайы солай боп тұр. — Мұңлық жігіт жүзіне көз қиығын салды. Сол қалпы. Шаршағандық па, әлде ұйқысы қанбаған ба, көзі алдына түскен көлеңкені аңғарды. — Енді көшеде көрсеңіз де танитын боларсыз, — деді ол анада араларында болған әңгімені еске салып.

— Ә, енді танимын, — деп күлді Ботабек. — Жүріңіз.

Ол Мұңлықтың иығына халат жауып, аурухана iшіне ертіп кірді.

— Театрға барып тұрасыз ба?—деді келіншек.

— Жоқ, бұл қалаға келгелі барған емеспін.

— Жақында келіп пе едіңіз?

— Бес-алты ай боп қалды.

— Алматыдан келдіңіз бе?

— Иә, оқуды бітірісімен.

«Бойдақ па екен? Әлі үйленбеген шығар», — деп ойлады келіншек ішінен.

— Театрды сүймейсіз бе, осы кезге дейін бір бармағаныңыз.

— Неге... түрлі - түрлі жағдай боп... енді - енді қол босап келеді. Барамыз.

— «Қаракөзге» келіңіз.

— Рақмет, көрерміз.

— Сіздің сөзіңіз кілең көрермізден келеді екен.

Ботабек өткен жолы да «көрерміз» дегенін есіне алып күлді.

— Кезекшілікке тұрып қалсаң шыға алмай қаламыз. Сондықтан тұжырымды айту қиын.

— Осы күнгі жігіттер тұжырымды жауаптан қашатын болған - ау деймін, — деп қалжыңдады ол.

Екінші қабатқа көтерілген соң Ботабек сол жақтағы бір есікті ашып, «кіріңіз» деді Мұңлыққа. Ақ халатты семізше орыс оны таныстырып, Ботабек сыпайы қоштасып кетіп қалды.

Актриса психиатор дәрігермен ұзақ әңгімелесіп қайтты.

5

Мұңлық Ботабекке телефон соқты...

Жедел жәрдем тірлігі әрдайым қарбалас, майданның алғы шебі секілді, Ботабек кезекшілікке келгелі қас қағым уақыт тыным таппаған. Шамалы он - он бес минуттай толас боп, ол көңілсіз бір ой кешіп, қабағын шыта үнсіз қалған – ды.

...Қызметке орналасысымен жалға пәтер іздеді. Өздерінде істейтін бір сестра өзбек қызы жалға беретін пәтер бар екенін айтқан. «Үш бөлмелі пәтерде шешесі екеуі ғана тұратын бір сестра қыз бар хирургияда. Сол салт басты кісі жібереміз деп жүрген». Ертіп барып жолықтырды. Қара көзі жәудіреген, денесі тығыршықтай, орта бойлы қара торы жас қыз жігіт жанарынан жасқанғандай қысыла сөйледі. «Мамаммен сөйлесіңіз, жұмыс аяғында ертіп барайын»... Қызына еріп кірген ұзын бойлы, сымбатты жігітті көргенде, үй иесі cap балпақтай семіз әйел Патшайым «Зағипамның жігіті болғай» деп үміттенген. Танысып, жігіт шаруасын тыңдаған соң Патшайым орнынан тұрып, балпаңдай басып, есігі дәлізден шығатын шағын бөлмеге ертіп кірді. «Осы бөлме ұнатсаңыз». Қабырғалары сарғыш бояумен боялған шағын бөлмеде ағаш керует пен жазу столынан басқа ештеңе жоқ. Ботабек ұнатты. Бөлек есік, оңаша. «Айына қанша аласыз?» — дегелі тұрды да іштей ыңғайсызданып үндемеді. Үй иесі өзі айтар деп еді, ол да дәнеңе демеді. Кейін келісеміз де. «Сірә, өздері жақсы жандар болса керек», — деп ойлады Ботабек. Үй жиһазы да бүгінгі талғамға келетіндей, қоналқы бөлмедегі тобылғы түсті қызыл қоңыр гарнитур үлкен терезеден түскен кешкі шапақпен қызыл ұшқын шаша жалтылдайды. Терезе жақ бұрышта үлкен «Горизонт» телевизоры, қарама - қарсы екі қабырғаны түгел жауып тұрған майда өрнекті арабы көк ала кілемдер. «Мыналары артық екен екеуін де алып тастап, екі қабырғаға екі астамп қоя салса, бөлме кеңіп сала берер еді - ау,—деді ішінен Ботабек. — Қалайда таза, жақсы тұрады екен.

Үй иесі Патшайым жасы елулерден асқан, бойы байсал тартқан әйел еді. Ертеңіне киім -кешегін салған қара чемоданы мен қоңыр портфелін көтеріп, көшіп келген Ботабекті көптен жоғалып кетіп табылған ұлындай өбектеді... Күнде кешкісін тамаққа шақырады. Ботабектің қысылып, тартыншақтағанына қарамайды. «Қазақтың баласымыз, қазанды сен үшін көтермейміз...» Қызы да алдынан кесе өтпейді. О да инабатты. Жігіт бірте-бірте қызды ұната бастады. Қыз да кет әрі емес, тамақ ішіп отырғанда, телевизор көріп отырған сәтте өзіне көзінің қиығымен қиыла қарайтынын талай байқады. Бір үйден кіріп, бір үйден шығып жүрген соң адам бір-біріне ыстық тарта ма, қыз бен жігіт арасы күннен - күнге жақындай түсті.

Іштей өртенген құмарлық сезім, ынтық қарас жиіледі. Патшайым да жігіт пен қызының қас - қабағына екі жастың үнсіз ұғысқан көңілдерін танып, бағында өскен гүлінің шешек ашуын тағатсыз күткен бағбан секілді әрі толқып, әрі қуанып жүрді.

Арада екі ай өтті ме, өтпеді ме Ботабек Зағипаға үйленіп тынды. Тойына Қызылордада тұратын қарт әкесі мен шешесін шақырып еді, олар келмеді. Күшік күйеу боп біреудің қолына кірген баласынан безінген рай танытты. Зағипаны ұнатқан Ботабек ата – анасының өкпесін аса көп елеген жоқ. «Табысармыз, менен безіп қайда барар дейсің», — деді де қойды... Құда – құдағиының ат ізін салмағаны көңіліне келсе де, Патшайым сыр бермеді. Қызына жақсы күйеу табылғанына тоғайды. Тойды да дүбірлетіп жасаған. Жатын бөлмеге қызы мен күйеуін шығарып, өзі Ботабектің орнына қоныс аударған.

Балдай тәтті, кірбіңсіз де қызықты айлар өтіп жатты. Зағипаның ыстың құшағы, енесінің өз ата - анасындай асты - үстіне түскен мейірі жігіт көңілін марқайтқан. Патшайым бұрын магазинде сатушы боп істеп, кейін мойнына ақша мініп босап қалған еді. Босаған соң басқа жұмыс іздемеген, жең ұшынан жалғасып жатқан ескі таныс - тамырларынан қолға түсе бермейтін қымбат заттар алып сатып пайдасын көретін, аналарды да үлессіз қалдырмайтын. Көңілі көншулі Ботабек енесінің мұнысын күнделікті тірлік қамындай көрген де қойған. Жапалақтай жалпылдап отбасы тіршілігімен зыр қаққан енесінің бетіне де келмейтін. Бірде Зағипаға: «Мына кілемдердің керегі не, алып тастап, орнына эстамп қойсақ қайтеді», — деп ақыл салып еді. Ол шешесіне сілтеді. Патшайым сонда алғаш күйеу баласына қабағын шытып: «Балам, жаңашаларыңды мен өлген соң істерсіңдер», — деп тиып тастаған. Енесінің қатты назарын аңғарса да ол ойына ештеңе алған жоқтын. «Қарт кісі кілемді сәндік санайды да...»

Кеше отбасына кикілжің кірді. Ботабек бір қызметтес дәрігер әйелдің туған күніне арнап ресторанда жасаған шағын дастарқанында болып, үйіне кештеу оралған. Күнде жарқылдап отыратын келіншегі де, енесі де тұнжыраулы. Зағипа жақтырмай алара қарады да жатын бөлмеге барып жатып қалды. Енесі кірпі көргендей кіржиіп:

— Қайда жүрсің, түн ортасына дейін? — деді.

Ботабек сағатына қарады. Әлі түнгі он бір. Түн ортасы емес қой. Жатын бөлмеге тым -тырыс өтіп бара жатыр еді.

— Қайда жүрсің дедім ғой мен саған? — Енесі сұрланып, даусы қатты шықты.

Ботабек ресторанда болғанын айтты.

— Ондай жерге әйелімен барса кіргізбей ме екен? — деді Патшайым кекете. — Осы бастан айтып қояйын, шырағым, әйеліңді үйге тастап қаңғырғаныңның алды - арты осы болсын.

Енесінің тұлданған түрін алғаш көруі. Мұндай мінезі бар деп еш ойламаған. Қарсы келген жоқ, үндемей құтылды.

Шешініп көрпеге кірді. Келіншегі тырысып, теріс қарап бір уыс боп суық жатыр. Ботабек кешірім сұрамақ болып, бауырына тартып, құшақтамақ боп еді, келіншегі қолын қағып жіберді.

— Зағыш, мана айтайын десем, сен кетіп қалыпсың. Қызметтес дәрігер туған күніне шақырып, жалғыз өзіме айтқан соң.

— Білем, скорыйда не көп, қатын көп, — деп қорсылдай жылады.

— Ой, ақымағым, қызғанып жатыр екенсің ғой, —деп Ботабек өз қолын қаққанына қарамай, қатты құшақтап, бауырына қысты. Қармаққа ілінген шортандай бұлқынғанымен Зағипа қарулы құшақтан босана алмады. Наз ғып тәлімсігені болмаса, серіппедей қатты, оттай ыстық құшақтан өзінің де босанғысы жоқ еді. Әлгінде шешесінің: «Байды осы бастан қолға ал, бос болсаң төбеңе шығып алады», — деп құлағына құйған ақылын да ұмытты. Көз жасын тиып, күйеуіне қарай аунап түсіп, Ботабектің алқымына еркелей басын тықты. Тар төсек ерлі – зайыптыларды лезде қайта жарастырып жіберді.

Ал енесі азанда да жібімеген сыңай танытып қалған. Енесінің аяқ астынан шығарған мінезіне айран – асыр. «Көңіліне тиердей не қылдым? Қызына жаны ашып жатқан шығар, болмаса бұрын ондай ашуы жоқ еді ғой...»

... Ойдағы Ботабекті зар ете қалған телефон селк еткізді.

— Скорый тыңдап тұр, — деді ол трубканы көтеріп.

— Саламатсыз ба, мен ғой, — деді Мұңлық. — Танып тұрсыз ба?

— Танып тұрмын. Саламатсыз ба?

Мұңлық оны «Қаракөздің» премьерасына шақырды.

Ботабектің кешке қолы бос еді, келісті.

— Неше билет керек, қысылмаңыз.

— Үшеу.

— Коллегаларыңызбен келесіз бе?

— Жоқ, келіншегім, мен, енем — үшеуміз. Телефондағы Мұңлық үні сәл үзілді де:

— Швейцарға қалдырам, қолыңыз тигенде соғып аларсыз, — деп қоштасты.

Ботабек: «Енемді театрға апарайын, ашуы тарқар», — деп ойлады.

6

Сәуірдің нөсеріне ұқсап сатырлаған шапалақтан театр төбесіндегі шаңырақтай люстраның салпыншақ ақық моншақтары ырғалып кеткендей еді. Бас режиссер мен жас режиссер сахнаға қосарлана шығып, әрі шаршап, әрі прожектордың шаңқан шұғыласынан пысынап төрлеп - тепшіген, бірақ көрермен қошаметіне, «Браво! Браво!», «Жаса Қаракөз», «Жаса, Мұңлық!» деген дауыстарға еліте, көңілдері тасып, көздері шоқтай жанған артистерді жағалай құттықтап жатыр. Мұңлық қуанышында да шек жоқ еді. Жүрегі жарылардай асқақ сезім құшағында тұрған ол екі көзін залдан алмай, есіл - дерті сахна болып жүзі бал - бұл жанып, төрге ақтарылған көрермендер ішінен Ботабекті іздеді. Әне, Ботабек, он төртінші қатардың орта тұсында қол соғып күлімсіреп тұр. Оның дән риза боп, ынты – шынтымен қол соққан қуанышты жүзін көргенде, Мұңлық көңілі тасыған үстіне тасыды. Перде жабылғанша ол жігіт жақтан көз алмады, бөлмесіне кіріп, гримін сүртініп отырып та айнадан көрінетін есікке қадалумен болған... «Қазір Ботабек кеп құттықтайтын шығар...»

Есік қағылды. Мұңлық қуана орнынан тұрып: «Кіріңіз» — деді. Ботабек қой деген – ді. Есіктен арсалаңдап өзінен бұрын алтын тісі күліп Кәтен кірді.

— Құттықтаймын! Әй, қатырып жынды болады екенсің ғой, — деп қолын қысты.

Мұңлық салқын.

— Мазаң жоқ қой өзіңнің. Шаршадың ба?

— Шаршадым.

— Мен буфетке стол жасатып қойдым. Таңсыққа, Мәженге, Наушаға айттым. Кел, жуамыз сенің табысыңды.

— Рақмет.

— Рақметің өзіңе. Қазір кел, күтеміз! — деді де кетіп қалды Кәтен.

Мұңлық буфетке бармады. Үйіне тура тартты... Неге келіп құттықтамады? Құттықтауға жарамағаны ма?.. Үйіне келген соң босағадағы ақ телефонға жалтақтады. «Ең болмаса телефон соғып құттықтайтын шығар...»

Басы ауырды. Шай қойды. Осы кез есік қоңырауы қағылды. Жүгіріп барып ашып еді, дуылдаған Кәтендер, қасындағы өзінің «Қашқындағы» дублері Таңсық пен Мәжен. Қолдарында бір - бір бөтелке.

— Әй, қашып кеткенің не? Табыстан басың айналайын деген бе? Адам мықты болған сайын өстеді, көкірегі өседі... менсінбейді, — деп сөйлей кірді Кәтен.

— Қалайда Мұңлық көрсетті өзін!

— Молодец, Мая! — деп жатыр ана екеуі.

Мұңлық шай әкелді. Телефон үнсіз. Жабығыңқы Мұңлық аздап ішіп, көңіл көтеруді ойлады. Кәтен шампан ашты, шампан тығыны тарс атылып, шарап бұрқырай төгілді.

— Біз Мәжен екеуміз ақаңның өзінен жібереміз. Әлгінде ақ ішкенбіз, — деді ол шампаннан екі бокалға құйып, — әлде сендер де ақаңнан көресіңдер ме? Ана Пернекүл дауыс ашады деп кілең осыдан сыңғытады.

— Шарап жетеді, — деді Мұңлық — Ал, алып қоялық. Сыйлап келгендеріңе рақмет.

— Ау, былай, сөйлеп ішпейміз бе? — Кәтен тамағын кенеп, артистерге ұқсағысы келгендей қомдана жөтелді, — сенің жақсы жынды болғаның үшін, келешекте Народная артистка СССР болуың үшін! Ура!

Олар ішіп тастады.

— Тағы құям. Әлгі кеткен жалғызсырап қалуы мүмкін. Екеу болса, жұптасып, көңілді болады.

— Ішіңде бұрыннан да жатқаны бар емес пе? — деп күлді Мұңлық.

— Менікі ме? Менде бір үйір жылқы бар. Кәтеннің кең жайлауын дүсірлетіп жатыр қазір.

— Айтасыз - ау сіз де! — деп қолпаштап қойды оны Мәжен. — Енді мен сөйлейін.

— Сөйле!

— Сөйлесем... Мен Маяның талантын бұрыннан сезетінмін. Бізде жастардан әлі бағы жанбай жүргендер көп. Ал мына режиссер күшті жігіт екен.

— Сұмдық! — деді Таңсық көзі жайнап. — Просто чудо! Ол болмаса, Мая бүйтіп ойнай алмас еді. Егер мені қолына алса, мен де танытар едім, шіркін!

— Қолына алғаны қалай?! Мен Мұңлықты қолына алғызбаймын! — деп көзін қысып қойды Кәтен.

Мұңлық қабақ шытты. Мәжен сөзін жалғады.

— Менің тостымды бөліп жібердіңдер. Күшті дейтін себебім, бұл бала артистерге творчески келеді екен, біздің главныйдай ромарочик емес. Француздың бір мықты театралы...

— Несін айтасың, бұл спектакль мен үшін бір ғұмыр болды ғой, — деді.

— Маған әсіресе, тыныштықтағы шыңғырған жан даусы ұнайды. Керемет просто! — деп Мәжен көзін жұма таңданды. — Давай, сол үшін алайық! Ізденістер үшін!

— Рақмет! — деді Мұңлық ұзын кірпіктерін түсіре күлімдеп.

— Енді сол спектакльді қойса, өзім сұранамын, — деген Таңсық шарапты көмекейіне бір - ақ лық еткізді.

— Былай көз қысып қойсақ да болады ғой. — Кәтен әзілдеді.

— Несі бар, мына әйелінен қорқатын Мәженге ергенше... Ол бойдақ емес пе?

— Менің оған еш қарсылығым жоқ, — деп езу тартты Мәжен.

Кәтен тағы да шарап құйып:

— Енді өзің сөйле, — деп өзеуреді, — мықтының да сөзін тыңдайық.

— Мен не айтайын. — Мұңлық бокалындағы көпіршіген шарапқа үңілгендей аз - кем отырып барып. — Келіңдер, біздің қуанышымызға ортақтаспағанымен сыртымыздан тілейтін тілеулестеріміз үшін!—деді. Осы сөзді айтқанда алыстағы анасы мен Ботабек бейнесі көз алдына келіп еді.

Кәтен қызды.Біраздан соң Мұңлық қайта жабырқады. Көңілдену орнына ой оқпанына батып тұнжырап бара жатты. Ақ арақ елірткен Мәжен аналардың көзін бақырайтып қойып, Таңсықты құшақтап сүйді.

— Қой, енді жатайық, — деді бір кезде кілгіре бастаған Кәтен. — Мынау екеуі жерге, біз, Мая екеуміз, керуетке.

Мұңлық ашулы, оқты көзімен ата қарады. Басынуын мынаның.

— Не дедің? Немене, бұл сенің жалдап алған үйің бе? Мұңлық орнынан атып тұрды. — Шық үйден! Кетіңдер, сендер де!

Анау екеуі апалақтап сасып қалды. Мәжен имек мұрнының ұшы қызарып Мұңлыққа қипақтай қарады. Таңсық машина жарығы астында қалған қояндай бағжиды.

— Ау, батыреке, батыреке, — дей берді Кәтен, — Бұл қалай?

— Қалай - салайы жоқ, шығыңдар үйден!

— Есірейін деген екенсің, жақсы. — Кәтен орнынан шайқатыла тұрып, есік алдында үрпиген ана екеуінің қасына барды. — Тойынатындай болған жоқсың әлі.

— Не дедің?—Әрі қарай сөйлей алмай тұтығып қалды. Мұңлық. — Мі-мі-індетсиді екенсің ғой. Бар, бар... Сатып алатын мен сағат емеспін.

Кәтен мұрнын шүйіріп кекесінді мырс етті де:

— Қой, Пернекүлдікіне кеттік, жүріңдер!—деді қасындағыларға. Сөйтті де стол үстінде қалған жарты бөтелке арақты қалтасына салып алды. — Түн ортасында қайдан іздейміз?

Есік сарт жабылған сәт Мұңлық төсегіне құлай кетті де, көз жасына ерік берді. Жастықты құшақтап, солқылдап жылады. Өз басын өзі қастер тұтпай, қайдағы – жайдағы біреулерді басынтып алғанына өкініп іші жана жылады.

Жылай жатып мызғып кеткен. Телефон шырылынан оянды. Күн шыққан, бөлме жарық, ай - жай уақ. Ұйқылы – ояу кеп трубканы көтерді.

— Қайырлы таң! — деді трубкадан біреу.

— Ботабексіз бе? — Даусы өте жарқын шықты, қуанғанын жасыра алмады Мұңлық.

— Премьераңызбен құттықтаймын!

— Рақмет. Кеше құттықтар деп күтіп едім.

— «Ештен кеш жақсы» деген ғой. Кеше жанымда кісілерден шыға алмадым.

Енесі мен жұбайынан ыңғайсызданған ғой деп ойлаған Мұңлық:

— Әншейін айтам, телефон соққаныңызға да рақмет!

— Ал сау болыңыз онда. Мында бір тығыз шаруа боп жатқаны. Кейін хабарласамын.

— Жақсы.

Келіншек ұйқысы шайдай ашылды, ұйқысы қанып оянған жас балаша жайнаңдады. Түндегі қамыққанын шараптың уыты қоздатқан көңілсіздік болар өзін – өзі жұбатты да жуынып - шайынып, бой айна алдына барып суретіне өзі наздана күлімсіреп тарана бастады.

7

Есікті сілке тастап, Ботабек көшеге шығып кетті. Түн ортасы ауған - ды. Жылымық. Түстіктен соққан жылы жел қарды қантша уатқан. Көше шылқыған су. Қара көлеңке тротуарға түскенде көлкіген лай суды кешіп кеткен, су бәтеңкесінің қонышынан құйылып, шолақ жүн табанына барып бірақ сарқылды, оған мән берген жоқ, жүре берді. Қаңқиған үйлер салдауырда тұрған алып кемелерге ұқсайды, от өшкен терезелер су қараңғы жанардай, елдің бәрі ұйқыда.

Ол көше ортасына түсті. Машина жүрісі тоқтаған, қар суы құрғамаған асфальт көше бағана басындағы нейон шамының жарығына шағылысып желсіз күнгі арнасындай жалтырап жатыр. Бір көше қиылысын таянғанда оң жақ бүйірден құтырта ойнаған гитара үні, у - шу Дабырласқан көңілді дауыстар естілді. «Горько! Горько!», «Көшеде сүйіскен қандай болар екен, байқап көріңдерші», — деп қарқ - қарқ күледі. Әлдекім: «Жас жұбайлар, құтты болсын тойларың!» — деп гитараға қосылып қарлығыңқы дауыспен ән салады.

Ала - бөтен көңілді топқа ол көше мүйісінде беттесіп қалды. Сәнді киінген бір топ қыз -жігіттер, бәрі де костюмшең, түннің ызғары ойларына кіріп - шығар емес, орталарында жас жұбайлар, секіріп билеп: «Ура, міне, бізге қыдыр кезікті!» «Үйді - үйге бақыт тасып түнде жүретін домовойдың өзі!» — деп, дуылдасып келіп оны қоршап алды.

— Шампан ашыңдар қыдырдың құрметіне!—деді бірі.

Шампан тығынының тарс еткен үні түн тыныштығында мылтық атылғаннан бірде кем болған жоқ.

— Miнe, ағасы! Жұтып жіберіңіз, жас жұбайларға бақыт тілеп.

Ботабек ұсынған бокалды қолына аларын алса да бірден аузына сөз түспеді. Бөгеліп барып:

— Көңілдеріңе кірбің түспесін, тату - тәтті өмір сүріңдер! — деді де шарапты төңкеріп тастады.

— Молодец, домовой!

Ботабек ұсынған бокалды қолына аларын да алса да бірден аузына сөз түспеді. Бөгеліп барып:

— Сонда сен асырайсың ба бізді?

— Мен айлық алам, Зағипа айлық алады, сол жетер үшеумізге.

— Жетер үшеумізге?! — Езуін қисайтып суық күлді Патшайымға. — Пшту, жетер. Бес -он сом айлығыңа сен қан басыңды асырап ал әуелі, біз тұрмақ.

Ботабек ашудан қып - қызыл боп жарыла жаздады. Қолындағы темір қасығы сусып түсіп кетті, қасық тарелка жиегіне тиіп шақ ете қалды.

— Саудагерлікті қойыңыз! Тапқанымыз — қанағат! — деді де орнынан ұшып тұрды.

— Не дедің, әй! Сен мені енді саудагер дедің бе?

Патшайым бетінен түгі шыға долданды.

— Апа, қойшы, апа, қойшы, — деп араға түсті Зағипа.

— Үстіңе елде жоқ китайскі кәстем киіп, күнде ет жеп отырғаның менің арқам шығар, болмаса мынаны жерсің, о несі - ай! — деп екі саусағы арасынан бас бармағын көрсетті.

Көк қатыннан дәу қаштының кері келген Ботабек жатын бөлмесіне кіріп есікті жауып алды.

— Ай, біліп ем - ау, біліп ем - ау, — деп Патшайым екі бүйірін таяна, басын шайқап -шайқап қойып шаптығады.—«Арың малды асырасаң аузы - басыңды май етеді, арық адамды асырасаң аузы - басыңды қан етеді»... Сен де сүмірейіп... Кеш келсе де үндемейсің... Шешеңді саудагер деп жатса да үндемейсің. Бір күні сен мені сабатарсың байыңа, — деп қызына да соқтықты.

Қызы жатын бөлмеге келіп, құлағының үстіне жастық бастырып жатып қалған күйеуіне тиісті.

Өзі жүрегі нашар адамға қарсы кеп... Оңбаған екенсің ғой.

— Мен — оңбаған! Мен — оңбаған! — деп іші жана күле берді, күле берді ол.

... Бүгін тағы ұшықты. Ботабек тағы кешіккен. Енесі мен жұбайының мазағынан қашып, жұмыстан босасымен тіке тартушы еді... Кезегін тапсырар алдындағы соңғы шақыруға барған. Тұмаудан қатты құлаған бір төрт - бес жасар баланың ауыр халін көріп, соның қасынан түн ортасына дейін жете алмай қалған. Бала үлкен адамдай ыңқылдап, көзін бір ашып, бір жұмып жатқан - ды. Денесі қол тигізбейді, өртеніп тұр, қырық градус. Ботабек укол салып, дәрі ішкізіп еді, сонда да қызуы түспеді. Жіп - жіңішке шыбықтай білегіндегі көк тамыр үсті - үстіне дік - дік соғады. Бір кезде бала көзін ашып:

— Папа, келдің бе? — деді де оттай жанған кішкене алақанымен Ботабектің қолын сипалады.

— Папасын сағынып жүр еді, сізді папам деп жатыр, — деді баланың шешесі көзіне кеп қалған жасты іркіп.

— Ауруханаға апару керек, — деді Ботабек.

— Жалғыз қалай жатады, бүгінше үйде болсыншы, — деп әйел шырылдады. — Қызуы түспесе ертең - ақ апарамын.

Бала алақанынан қолын тартып алуға Ботабектің дәті бармады. Бірте - бірте бала алақанының өрті сөніп бара жатқандай сезіледі. Ыңқылы да баяулап, бір қалыпты тыныс ала бастағандай. Ол орнынан тапжылмай, баланың албыраған нарт жүзіне қадала қарап ұзақ отырды. Түн ортасына таман бала тыншып, көзі ілінді. Сол кезде барып Ботабек орнынан тұрып, үйіне қайтты.

Есік қоңырауын ұзақ дызылдатты. Бірауықта енесі ашты. Көкшіл көзі зәр шашып есік көзінде тұр.

— Адасып жүрген жоқсыз ба?

Ботабек күлкімен жеңгісі кеп жымия езу тартты да:

— Адасып жүрген қонақ ем, қондыра көріңіз, — деді қалжыңдап өте берген.

— Еще әзілдеседі ұятсыз. Барған ойнасыңдікіне қона салмадың ба, түн ортасында елдің ұйқысын бұзғанша?

Енесі тиіскенде жатын бөлмеге қашып кіріп жан сақтайтын Ботабек жылдам сыртқы киімін шешті де солай тартты.

Жатын бөлменің есігі жабық. Тұтқасынан әрі - бері тартып еді, Зағипа іштен іліп алған, ашпады.

— Зағипа! Зағипа!

Өліп қалғандай дыбыс жоқ.

— Зағипа ашпайды. Бар, ойнасыңның үйіне барып жат, — деп Патшайым желкесінен ысылдады.

Ашу буған Ботабек мойнын бұрып, енесіне өштене қарады.

— Қойсаңызшы осы.

— Қоймаймын! Қоймасам неғыласың? Осы кезге дейін сау келдім дейсің бе? Бар, бар.

— Барсам, барам.

— Бар, бар.

Ботабек зығырданы қайнаса да қайтып аузын аша алмады. Қолын ашулана бір сілікті де апыл - ғұпыл киініп, есікті серпе жауып шығып кеткен...

Көшеде сенделіп көп жүрді. Қайда барарын білмеді. Жедел жәрдемге барайын десе, ондағы қызметтестері жеті түнде неғып жүрсің дері хақ. Бір жолдас жігіт бар еді, оныкіне түнеуге тағы ұялды. Үйінен су шыққан ба деп ойлар. Вокзалға барып отырсам ба екен? Таныстар кезіксе, масқара - ау. Әрі - сәрі боп қайда түнерін білмей сандалып жүргенінде бір уақта өзіне таныс бір үйдің алдында тұрғанын байқады. Мұңлықтыкі осы корпуста еді - ау... Бірінші подъезд, 10 - шы үй

8

Түнгі тыныштықта есік қоңырауының даусы ащы естіледі. Шырт ұйқыда жатқан Мұңлық шарылдаған үннен шошып оянды. Бас жағындағы халатын кие сап есікке ұмтылды. «Кім болды екен? Арақ ішкен күні үйіне қонбай, қаладағы бүкіл танысын кезіп, оятып шығатын Мәжен бе екен? Әлде мас болғанда есіне түссе, қаңғалақтап жүріп бір соғатын Кәтен бе екен? Мәжен болса да, Кәтен болса да кіргізбейін»...

— Бұ кім?

— Мен.

— Мені кім?

— Ботабек.

«Шын ба, шын ба?» — дегендей жүрегі дүрсілдеді. Шам жағып, есік ашты.

— Сәламатсыз ба, кешіріңіз менің мезгілсіз келгенімді.

— Оқасы жоқ... Оқасы жоқ. Төрлетіңіз. — Келіншек жігіттің көңілсіз екенін абыржу пішінінен бірден сезді. Не отбасында жұмысында бір жайсыз жағдай болған шығар.

— Жұмыстан шығып ем, соға кетейін деп... Кешіріңіз.

Өзімсініп келгеніңіз қайта жақсы ғой. Несіне кешірім сұрайсыз. Шешініңіз.

Жадағайы мен қоян терісі құлақшынын шешіп, дәліздегі ілгішке ілді де су тиіп реңі кеткен бәтеңкесін есік алдына тастады. Осы екі арада лып етіп бөлмесіне кіріп кеткен Мұңлық төсегін жинап оралған - ды.

Бөтеңкеңізді бекер шештіңіз, еден суық. Ішке кіріп жайласа беріңіз, мен шай қояйын, — деді. Асханада газға шай қойып жүріп: «Неге қамықты екен? Неге?» — деп өз - өзінен күбірледі. Қалайда оның келгеніне қуанды.

— Тағы да құттықтап қояйын әнеугі ойыныңызды? — деп Ботабек асханадан оралған оның қолын қысты.

— Рақмет! Ұнады ма?

— Өте ұнады! Көптен театрға бармаушы едім, енді қалмайтын шығармын.

— Киноға баратын шығарсыз.

— Кино... телевизор, сосын футбол.

Осы күні еркектердің көбісі - ақ футбол десе тамақ ішпеуге бар ғой.

— Рас айтасыз. Мен де соның бірімін, — деді ол. — Сізге мен шын риза болдым, Қаракөз ролін тамаша ойнадыңыз. Сіз шын жынданып кеткендей зәрем ұшты. Тіпті дауысыңызға дейін өзгеріп кетті ғой.

— Ол сіздің әріптесіңізден алған кеңесімнің пайдасы. Жынданғанда адамдардың даусы да өзгереді екен. Мұңлық өзіне жігіттің жаны ашитынын сезініп іштей масайрады.

— Қасыңыздағы кісілерге де ұнады ма?—деп сұрады.

— Жұбайым сіз жынданғанда көзіне жас алды, ал енем, — Ботабек түсі бұзыла сөйледі.—«Жынданғанша Наршаның жанында жылы суға қолын малып жатпай ма», — деді.

— Ол кісі де қатты түсінеді екен - ай, — деді Мұңлық.

Ол күлгенде пісте мұрнының ұшы да күлгендей әсер қалдырып аса сүйкімді көрінетін. Сүйкімді қылық Ботабектің ішін жылытты. «Көшеде азанға дейін сандалмай, тәуекел ғып осында келгенім жөн болған екен».

Шай ішті. Шай үстінде олар өнер жайлы әңгімелесті. Қабағынан ашу ізі тарқаған Ботабек бір газеттен оқыған мақаласын есіне алды.

— Келешекте театр дами берер ме екен осы? Кино мен телевидение өрістеп барады ғой.

— Мен театрдың өміршеңдігіне сенемін, — деді Мұңлық. — Әрқайсысының өз орны бар, сіз ұнатпасаңыз, мәселен басқа ұнатады.

— Жоқ, мен сізге ұнатпаймын дегенім жоқ қой.

— Мен де мысал үшін айтып жатырмын. Сіздің ең жақсы ұнататыныңыз не, айып болмаса?

— Менің бе? Менің... поэзия.

— Өлең жазасыз ба?

— Жоқ, жақсы өлеңді іздеп оқимын.

— Жатқа білетіндеріңіз бар ма? Оқыңызшы біреуін.

— Бірден еске түсе ме құрғыр? Кейін бір оқырмын. — Ботабек жабырқау ойға шомғандай тұнжырады.

Мұңлық оның жайсыз күйін біліп отырып, өлең оқы деген қолқасының артық болғанын аңғарып өз - өзінен қысылды. Әрнені бір сұрап мезі қылып та жібергендей. Шкаф суырмасынан көкшіл түсті альбом әкеліп, жігіт ойын сейілтуге тырысқан ол:

— Үн - түнсіз отырғанша, сурет көріп отырыңыз, — деді.

Ботабек альбом ақтарды. Құйтақандай сәби. Топ - томпақ, мұрны түймедей, көзі танадай.

— Үштегі кезім, — орындығын жақындата отырып Мұңлық үңілді. — Ұқсамайды маған, ә?

— Көзіңіз ұқсайды.

Түрлі - түрлі бейнелер.

— Мынау — мамам, қазір елде, ал мынау — папам, тоғыз жасымда дүние салған... Мынау студияда Алматыда оқып жүрген кезім... Мынау «Тау қызындағы» рөлім... Мынау «Қашқындағы» Сейде...

— Мына суреттің жартысы жоқ қой.

— Жыртып тастағанмын, — деді күрсініп келіншек.

Жігіт: «Неге», — деп қазбаламады.

Альбомды көріп болған соң бір ауық тым - тырыс отырысты.

— Ертең жұмысқа барасыз ба? — деді Мұңлық оның үйіне қайтатын ыңғай танытпай жайма - шуақ отырғанына қарап. «Бәлкім жұбайына ренжіп шыққан шығар».

— Барамын.

— Онда сәл мызғып алыңыз, менің орныма.

— Сіз ше?

— Мен осылай отыра берем.

— Жоқ, мен диванға қисаяйын. Сіз де демала беріңіз.

— Диванға төсек сап берейін.

— Жоқ, жастық берсеңіз болады, қисая кетейін.

Келіншек жастық тастады. Жігіт: «Қайырлы түн» — деді де киімшең қисайды.

Мұңлық ойлы жымиып, бас изеді. Режиссердің репетиция үстінде оған ой салған тұстары көп еді. Бірде: «Әлі мені нандырмай жатыр, нандырмай жатыр. Кейде әлдебіреудің ойынын елестетесіз, кейде жындының құр кейпін ғана жасайсыз. Маған жындының жай портреті керек емес, жаным ашитын жан күйзелісі керек, жанды образ керек. Анда - санда санасына сәуле түсіп, ес кіргендей болатын сәттерінде Қаракөз сау кезіндегі сұлулығын, сүйкімділігін танытып, менің кеудемді шоқпен қарып, «әттеген - ай» дегізе күрсінтуі керек. Түсінесіз бе, осыны! Өз жаныңыздан да бір нәрсе қоспайсыз ба? Өмірде ғашық болған, торыққан сәттеріңіз болып па еді?!» — деп қатты ашуланған. Сонда кенет Сырым бейнесі өзіне ыстық тартып, көзіне Ботабекше елестеп, жүрегін шымырлатып өткен бір сәт болған - ды. Сол есіне түсті.

— Жайсыз жаттыңыз - ау.

— Жоқ біз скорыйда үйреніп қалғанбыз.

Мұңлық шамды өшірді. Ол да халатын шешпей төсегіне жантайды.

Ботабек басы жастыққа тиісі мұң екен, мызғып жүре берді, ал ұйқысы ашылып кеткен Мұңлықтың көзі бақырайып жатыр. Жігіттің пысылдаған деміне құлақ тосады... «Неге түн ішінде келді екен? Неге қамықты екен? Неге сұрамадым жаңа?.. Мазаламағанымның өзі де дұрыс болған шығар. — Диван жақтан көз алмай, басына келген сан сұраққа жауап іздеумен басы қатты. Мені жақсы көріп келсе, сыр бермес пе, бір сыр бермес пе?»

9

Ботабек азаннан тұрып, тәтті ұйқы құшағындағы Мұңлықты оятпай, есікті жаймен ғана жауып, жұмысына тартқан. Кешке дейін еш мазасы болмады, жедел жәрдемде отырса да, аурулардың шақыруымен бара жатса да ажары қашқан отбасы тірлігі ойынан шықпайды... «Енемдікі туасы бойына сіңген мінез болсын, ал Зағипанікі не? Қой аузынан шөп алмайтын момын сияқты еді».

Жұмыс аяғында Зағипа келді, Ботабек сестра өзбек қызға әлдене тапсырып жатқан.

— Ботабек, шығып кетші.

Есік алдына шықты.

— Күтейін бе? Бірге қайтамыз ба?

— Күт.

Бірге қайтқан. Жол бойы екі қолын бүйіріне таянған енесінің көгереңдеген жүзі көз алдынан шықпай келе жатқанда, есікті Зағипаның өзі ашқаны Ботабек жүрегінің толқуын басты. «Үйде жоғы қандай жақсы болды!»

— Мамам Ташкентке кетті бір туыстарымызға, — деді Зағипа.

«Пайда серіктеріне кетті десей. Co жақта оралмай мәңгі қалса екен», — деді Ботабек ішінен.

Зағипа зыр жүгіріп тамақ істеді. Қалайда оның көңілін табуды ойлап жүрген секілді. Көзінің қиығымен газет оқып отырған Ботабекке әлсін - әлсін қарағыштайды. Тамақ үстінде де сөйтті. Ботабек жібімеген. Ләм деп тіл де қатпаған. Төсекте де үнсіз салқын жатты. Мұндайда үнсіздіктің батпан салмағы денеге тиген ащы таяқтан мың бетер ауыр болады. Бір кезде Зағипа теріс қарап, қыстыға жылады...

— Неге жылайсың?

— Жыламай. Сен мені жақсы көрмейді екенсің.

— Неге? Неге жақсы көрмейім?

— Жақсы көрсең түнде кетіп қалмас едің.

— Сен есік ашпасаң, шешең үйден қуса кетпей қайтемін.

— Аштырмаған мамам.

— Сенің өзіңде ерік жоқ па?

— Мамамның айтқанынан шыға алмадым, — деді ол өксіп. Ботабекке қарай аунап түсіп құшақтады. — Мамамның мен үшін көрмегені жоқ... Менің әкем — тірі.

— Өлді деп сен мені алдаған екенсің ғой.

— Кешір, Ботабек, мамам солай айт деген. Әкем араққұмар еді. Мамам маскүнемсің, біреулермен жүресің деп үйден қуып жіберген.

— Қазір қайда ол кісі?

— Білмейім, Суға батқан қара тастай... хабар - ошарсыз.

— Жақсы ит өлігін көрсетпейді дегеннің кері екен.

— Әкем де кетерінде солай деген. Мен әкемді аяймын.

Шалқасынан жатқан Ботабек Зағипаға қарай қырындап, ол да құшақтады.

— Мені шын жақсы көресің бе, Ботабек? — деді еркелеп Зағипа. — Шыныңды айтшы.

Ботабек үндемеді.

— Неге үндемейсің?

— Жақсы көрем.

— Шының ба?

— Шыным.

— Шының ба?

— Шыным дедім ғой.

— Түнде қайда қондың?

— Далаға.

— Өтірік айтасың. Жедел жәрдемге бармапсың.

— Барғаным жоқ.

— Ана досыңдікіне де бармапсың.

— Барғаным жоқ. Ізшіден бетер тексеріпсің ғой.

— Әлде вокзалға түнедің бе?

— Вокзалға түнедім.

— Жоқ, әлде ана өзбечканыкіне түнедің бе?

— Түнедім.

— Өтірік соқпа, — деп ол күйеуінің кеудесіне жабыса түсті.

— ...Түнедің бе?

— Түнедім.

— Түнедің бе?

— Түнедім. — Ботабек әйелін құшақтаған қолын тартып алды.

— Онда өзбечкаңа бармай неғып жатсың?

— Барсам, барамын.

— Бар.

— Барамын.

Зағипа теріс қарай аунап түсті де әлденеден сескенгендей кірпікшешендей бір уыс боп, тізесін құшақтай бүрісе қалды. Ботабек те теріс қарай аунап түскен. Ол келіншегінің бүйірі солқылдап долдана жылап жатқанын арқасымен - ақ сезіп жатты.

10

Мұңлық үйден шықпайтын боп алған, театрдан шығысымен ешқайда алақтамай тура үйіне қайтады. Бұрын қыдырысты, ойын - сауықты өзі іздеп, құрбы - құрдастарымен серуен құрып жүре беретін - ді. Енді үйіне келеді де кітап оқиды, телевизор көреді. Жас режиссер оның ойынына риза болып: «Мен келешекте «Отеллоны» қоймақ ойдамын. Шекспирді оқи жүр», — деген. Содан ба, қолынан Шекспир түспейді. Көңілі оңашаны қалайды. Үйіне қонып кеткелі Ботабек те ойынан шықпай жүр. Зық еткен дыбысқа елеңдейді. Еркінен тыс есікке жалтақтай береді. Телефон шылдырласа, «Ботабек шығар» деп сүріне - қабына ұмтылады. Өзі телефон соғып хабарласуға ұят санайды. Өстіп зарыға сағынып жүргенінде бір күні кешкісін Ботабектің өзі келді.

Кезегінен шыққан Ботабек үйіне беттегісі келмеді. Қайда барарын, не істерін білмей апырылысып - сапырылысқан шулы көшеде ұзақ сенделді. Отбасы өмірі күннен - күнге қиюы қашқан сықырлауықтай үйлеспей - ақ қойған. Жиі қайталанатын кикілжіңге еті үйреніп кеткендей сүлесоқ жүр еді, бүгінгі бір оқиға тағы да оз үйінен безердей шошынтты. Енесі: «Шүйдем ауырады, дәрігерге көрсет», — деген соң жүйке ауруын қарайтын дәрігерге ертіп барған. Қарап дәрі - дәрмек жазып берген соң, таныс дәрігер Ботабекке «кідіре тұршы» деп оңаша алып қалды да:

— Бұл кісі кімің? — деді.

— Енем.

— Ал мен бұл кісіні базардан білем. Қыста бір свитер сатып алғанмын осы әйелден. Отыз сомның свитеpiн маған алпыс сомға сатыпты, кейін білдім.

— Басқа кісі шығар, — деді ұяттан екі беті өртеніп Ботабек.

— Жоқ, тап өзі, — деп күлді анау. — Енеге жарыған екенсің.

Ботабек ұяттан кірер жер таба алмай тысқа атып шықты. Жүгіріп енесін іздеді. Бар ашу -ызасын ақтарып сап, көрместей боп бет жыртыспақ еді. Патшайым шайтандай лезде ғайып болған. Ашумен барып Зағипаға тиісейін деп хирургияға қарай жүрді. «Оған не дейім? Бәрібір ол шешесіне қарсы келе жатқан ырқынан шыға алмайды. Ел көзінше ұрыспақпын ба? Тал түсте әйелімен ұрсысып жатыр дер. Бұл күнде жұрт не болса соны өсектейді...»

Сабасына түскен ол Зағипаға бармай, жұмысына қайтып оралды...

Кешеде сенделіп: «Қайда барсам екен?» — деп келе жатқанда есіне Мұңлық түсті. Көз алдына өзін жақын тарта күлімдеген сүйкімді бейне елестеді... Бір күн дәмін татқанға жүз күн сәлем деп анадағыдан бері ең болмаса телефон да соқпаппын - ау. Қазір соғайыншы.

Ботабек амандасқалы қолын созғанда оны бауырына тартып құшақтаймын - ау деп ойламаған. Қойнына қойып кетердей ұша ұмтылған Мұңлықтың сағынышты, ынтық жүзіне шыдай алмай өзіне тартып, мойнымнан құшақтады. Келіншектің бойы жігіттің иегі астына әзер жететін, Мұңлық жүзін Ботабектің алқымына басып жұпар гүл иіскегендей тұншыға жабысты. Жігіт мұрнына әтірдің хош иісі келді, ертелі шеккен азабын ұмытып, кеуде сарайы ашылып сала берді. Үнсіз құшақтасқан күйі диванға кеп отырды. Диванға жайғасқан соң да бір - бірінен ажыраса алмады керемет сиқырлы екеуін көзге көрінбейтін бір арқанмен қосақтап байлап, матап тастағандай. Мұңлық Ботабектің басын көтермеген қалпы:

— Жұмыстан шықтың ба? — деп сұрады.

— Иә, бүгін осында қалайын, қумайсың ба?

— Қумаймын.

Осы күннен бастап Ботабек Мұңлықтың үйіне жиі келетін болды. Көктем шықты. Мұңлық түнемелік балконға шығып, тау өзені секілді арылдап - гүрілдеп жататын көшеге телміріп, үңіле қарап отырады. Ботабекпен келіскен құпия белгісі бартын. Түнгі кезекте жүргенінде Ботабек Мұңлық үйінің жанынан ете қалса, жедел жәрдем машинасына дыбыс бергізеді. Дыбыс бип - бип деп қысқа шықса, қайтарда соғамын дегені, ал ұзаққа созылса, онда келе алмаймын дегені... Келіншек осындай күй кешсе, Ботабек өзін мұнда келген сайын суық жақтан ыстық өлкеге оралған құс секілді сезінетін. Жүйкесін жұқартқан отбасы шырғалаңы да осы бір құрқылтайдың ұясындай шағын бөлмеге кіріп келгенде - ақ бұлттай тарап жүре беретін.

Айлы түн еді. Төсектен тұрып, кереует шетінде отырған. Ботабек келіншектің жалаңаш белінен құшақтап, қорғасындай балқып, көңілі шалқып тасып отыр. Мұңлықтың денесі аппақ. Өзінің қолына, ашық кеудесіне көзі түсті.

— Мен қап - қара екенмін.

— Неге?

— Қараш, саған қарағанда мен негр секілдімін. Сен ай сәулесі астында ұйыған сүт секілденіп көрінесің.

— Бөстір.

— Жоқ, бөстіргенім емес, шыным.

— Рақмет, жаным.

Кенет есік қағылды. Келіншек шошып дір ете қалды.

— Кім болды екен?! — Мұңлық ашқысы келмей орнынан қозғалмады.

— Қорықпа, мен ашайын, почта ма телеграмма әкелген?! — деді қозғалып Ботабек.

— Жоқ, өзім ашайын. — Мұңлық есікке барды. Тыстағы адам қоңырауды үстін - үстін басып, жанығып барады.

— Мен... Мен Кәтен.

Мұңлықтың қаны басына шапшыды. Ботабектен қысылып, суыққа тоңғандай қалшылдады.

— Кет, оңбаған!—деді Мұңлық. — Мас боп кеп есік қаққаныңды қашан қоясың осы?

— Аш, аш деймін мен саған! — деп анау есікті дүрсілдетеді.

Мұңлық Ботабектің жанына қайтып келді.

— О кім?

— Бір оңбаған. Mac.

Сырттағы жарты сағат шамасы есікті тоқылдатып тұрды да еш сыбыс болмаған соң дүрс -дүрс басып кетіп қалды. «Жаман ойлайтын болды - ау, жаман ойлайтын болды - ау», — деп шекесінің көк тамыры бүлк-бүлк соғып, демін ішіне тарта сұлқ отырған Мұңлық екі бетін қос қолымен басып жылап қоя берді.

— Неге жыладың, Майя? — деді салқындау құшақтап Ботабек.

— Мен туралы жаман ойлайтын болдың – ау.

— Неге... неге?

— Білем, жаман ойлап қалдың.

— Жоқ, жаман ойлап қалғаным жоқ, — деген Ботабек:

Еркелеп еркін басып кел қасыма,

Сүйейін оң көзіңнен, көп жасыма.

Тағдырым солай жазса амалым не,

Әйелдің көз жасымен шөл басуға, — деп, бір шумақ өлең

оқыды да келіншектің жасты көзінен сүйді.

— Бір дүкенші жігіт. Біздің театрға жиі кеп тұрады. Маған қол ұшын беріп жақын боп жүрген. Мен тағдырыма ерегісіп... сосын жастық па, табиғат талабы ма... келіп жүретін. Көңілім шын қаламаса да бетін қақпаушы ем. Науқастанғалы... иә, өзіңді көргелі оны үйге жолатпай қойдым. Нансаң, бар шыным.

Көңіліне күдік алып қалған Ботабек оның жалған сөйлеп жалтармай, бар шынын алдына жайып салғанына сүйсініп, бұрынғыша сеніммен, ынтық сезіміне ауысты.

— Адамның жан дүниесі — шымылдығы жабулы сахна сияқты ма деп ойлаймын мен кейде, — деді толқи сөйлеп ол. — Шымылдығыңды аштың, жаныңды көрдім. Көрдім де түсіндім. Өмірде адамдар арасындағы түсінбестік, реніш сол шымылдықтың ашылмай, жабық тұратынынан - ау деймін.

— Сен ақылдысың ғой, жаным, — деп келіншек жігіт мойнына асылды. — Мен өз басымның қадірін сен арқылы білдім емес пе?!

— Олай деме... Кейде біз сол шымылдықты әуелі ашып көрмей, көз жұмбайлық жасаймыз. Сөйтеміз де қателесеміз.

— Бәрі шын, бәрі... Айта түсші, жаным.

— Өлең оқиын бір...

— Оқышы.

— Неткен сұмдық түсінбеу:

Бір-біріне жаны жат тіпті бөтен,

Сөйте тұра құшақтап аймаласқан.

Түсіну де дәл сондай сұмдық екен,

Әр қимылдан, қабақтан жай қарастан.

Жаралаймыз жанды біз:

Ұғыспаудан жүректі жылатқан ем,

Көп түсінсек —

қайғысы ол да бастың.

Сенің нәзік жаныңды бірақ та мен

Ұқпасам да, ұқсам да қорламаспын.

— Бұл кімнің өлеңі?

— Евгений Евтушенконікі.

Ай терезеден ауып, бөлмені қараңғы басты. Мұңлық Ботабектің от басынан жарасым таппай, кілең көңілі жарым жүретінін іштей сезетін. Әйелін сүймей ме екен? Сұрағалы оқталды да абайсыз жабырқатып алармын деп тоқталды. Бір реті келер. Ботабек те Мұңлықтан өзі жайлы ештеңе сұрамаған. Кейде адамды, ойыңда дәнеңе жоқ болса да байқаусыз сұрағыңмен - ақ жүрегін жаралап аласың.

Өлең оқыған сайын шабыттанып кететін Ботабек оны құшағына қыса түсіп талай жырды төпелетті.

11

Мұңлық көңілімдегі кірбіңді көзімнен танытып қоймайын дегендей жанары тайсақтағанмен Ботабекті сыр бермей, бұрынғыша ашық - жарқын қарсы алды.

...Ертеңгісін репетиция үстінде директор шақырған.

— Срочно к директору!

Репетициядан тым асығыс жағдай болмаса, былайынша шақыра бермеуші еді. Үйдегі даладағыдан, даладағы үйдегіден қорқады дегендей Мұңлықтың басына сол замат келген ой — «ыңқыл - сыңқылы бар анам байғұс бірдеңеге ұшырап қалмаса нетті» болған. Жүрегі ұшып, екі өкпесі қысыла жеткен.

Кең кабинет төріндегі жалтыраған үлкен қызыл күрең столға қонжия асылған өңкиген қапсағай денелі директор қарсы креслодағы сары ала шәйі көйлекті бір егде әйелмен әңгімелесіп отырған. Мұңлық кіріп келгенде олар әңгімесін доғара қойды. Ол кіре берістегі орындыққа отыра кетті де бір жайсыз хабар күткендей директорға көзі бақырая алақтады.

— Берірек отыр, Мұңлық, — деді директор топырақ түстес жүзінен ештеңе аңғарылмай.

Сары ала көйлекті әйел Мұңлыққа көкшіл көзі шатынай қарады да: «Қысыр жылан секілді осындай болса керек еді», — деп ызалы мырс етті. Мұңлық оған құлақ қоймаған, директор столына таяу келіп жайғасты.

— Ботабек деген дәрігер жігітті танисың ба? — деді директор.

— Танимын.

— Қайдан танисың?

— Науқастанғанда танысқанмын. Емдеген.

— Қазір де емдеп жүрген шығар?! — деп шағып алды егде әйел.

— Мына кісі сол Ботабектің енесі.

Мұңлық енді түсініп, семіз сары әйелге ыңғайсыздана қарады.

— Ой, бетпақ, ұялмай - қызармай бажыраюын, — деп қалды ана әйел.

— Апай, бұл кеңсе, сәл сабыр етіңіз, — деп директор өзінің тәртіпті сүйетінін аңғартты.

— Кеңсе болмаса, бұл бетпақтың шашын жұлар едім.

Мұңлық қабағы түйіліп ашуланғанмен, әдеп сақтап үндемеді.

— Таныс болғанда қалай? Былай жай таныс па?

— Қалай десем екен?! — деді Мұңлық қиналғандай. — Мен сізге бәрін айтар едім, егер мына кісі болмаса.

— Неге болмайым мен, әй? — деп шаптықты сары әйел.

— Сіз араласпай тұра тұрыңызшы, — деді өтініп директор.

— Неге араласпайым мен, араласам. Күйеу бала менікі. Қатықтай ұйып отырған семияны бұзып отырған мына жезөкше!

— Тіліңізді тартыңыз! — деді шыдамаған Мұңлық.

— Тартпаймын.

— Апай, егер сіз бүйтетін болсаңыз, ештеңе шешілмейді, әуелі анықтайық. — Директор Мұңлыққа бұрылды. — Ботабек сенікіне келіп тұра ма?

— Келіп тұрады.

— Әне, айттым ғой?! — деп, үстемдік алған Патшайым қомпаңдады.

— Келіп тұрғанда да келіп тұрудың жөні бар ғой. Сонда қалай?

— Кейін айтайын дедім ғой мына кісісіз, — деді Мұңлық жалынғандай.

— Жоқ, менің көзімше айтсын, болмаса мен кетпеймін — деді өрши түскен Патшайым.

Мұңлықтың жыны келді.

— Мен оны жақсы көрем, — деді Патшайымға тайсалмай тура қарап. Сол үшін жазықты болсам, беретін шараларыңды қарастыра беріңдер.

— Әрине, оны аяқсыз тастамаспыз. — Мұндай жауап күтпеген директор сипақтап қалды.

— Сімия бұзғаны үшін тура театрдан қуасың, болмаса тура обкомның өзіне барамын, — деп қорқытты Патшайым.

— Тіліңізді тартыңыз. — Көзінен жас шыға қалшылдаған Мұңлық қос алақанымен екі бетін баса кабинеттен ытқып шықты.

Жұмыстан қайтарда Мұңлық директорға соғып, жүрек сырын еш бүкпесіз ашып айтты. Директор қараңғы түндей түнеріп тыңдады да:

— Мұңлық, сен өзің де қызық екенсің, саған бойдақ жігіт жетпей ме осы? — деді. — Сенің көркіңе елдің бәрі ынтық. Ал біреудің семьясын бұзғаның үшін біз сенің маңдайыңнан сыйпамаймыз. Таяу күндерде жергілікті комитет жиналысында мәселеңді қараймыз. Бізге де бас керек, бәле сатып алар жайым жоқ.

— Мейілдеріңіз. — Өл өзін түсінбеген директорға ренжіген жоқ.

Бұл оқиғаны Мұңлық бүгіп қалғанмен өз кеңсесіндегі сойқанды Ботабек жасырмады. Енесі жедел жәрдемге барып айқай салып, шаңын қағып кеткен. Мұны қабағы түсе баяндаған ол:

— Мен енді бұдан әрі шыдай алмайым. Кетем ол үйден, — деді. — Саған айтпай жүр ем, — деп, өзінің шеккен азабын бастан аяқ жыр қылды. — Әнеугүні шымылдық туралы айтып ем ғой. Шымылдықтың ар жағындағы қараңғыға көзсіз кіріп кетіп, енді сорлап жүрмін.

— Шыдап көр, бәрі жөнделер, — деп жұбатты Мұңлық.

— Жоқ жөнделмейді. «Қалған көңіл — сынған шөлмек», оны енді құрастыру менің қолымнан келмейді. Шешесі — жалмауыз, өзі — байғұс бір. — Ботабек оның иығына қолын салды. — Мая, мен осында келейінші. Саған біржола келейінші.

— Жо-жоқ, Ботабек, сен ренжіме, — деді Мұңлық көзінде жас дөңгелеп. — Маған осы келіп тұрғаның да жетеді. Осының өзі де бақыт маған.

— Сен де мені түсінбейді екенсің ғой, түсінеді деп жүрсем. — Ботабек ренжіп орнынан тұрды да есікке беттеді.

Мұңлық оны тоқтатқан жоқ. «Барсын, үйіне барсын!» — деді жүрегі қан жылап. «Тоқта» дегелі кеудесін көтере беріп қайта отырды.

Ботабек қоштаспастан кетіп қалды.

12

Мұңлық балконда тұрған. Бөлме де, көше де қапырық, үп еткен леп білінбейді. Қала ойпаң жерде болғасын ба, әсіресе жаз айында жел өте сирек соғады. Машина түтіні күн көзінің қаңсыған темір мен шыжыған асфальт исі, күн ұзағына қызған тас қабырға — бәрі – бәрі ауаны ауырлатып жібергендей. Төменде әлденеден үркіп жосыған ақбөкендей машиналар өріп жатыр. Ерсілі - қарсылы зу - зу ұшқан мың сан машина ішінен ол жедел жәрдем машинасын іздейді.

Жергілікті комитет жиналысында коллектив оған Ботабекті енді қайтып есігінен қаратпасқа ант - су ішкізді. «бұдан былай кездесетін болсаңдар театрдан қуыласың» деп қатаң ескерткен-ді. Сондағы қайсы біреулер айызы қанып «бәлем енді қайтер екенсің?» дегендей масаттанғаны - ай... Бір сәт сол жиналыс көзіне елестеп өткен ол Ботабектің анадағы «адам жаны — пердесі жабық сахна секілді» деген сөзін есіне түсіріп ойға шомды. Олар да шымылдығы жабулы сахна сыртындағы көрермен тәрізді ғой; менің жанымды қайдан ұқсын... Махаббат дертіне өртеніп, оған бар жан - тәніммен, бүкіл рухыммен ғашық болғанымды, Ботабек арқылы ажар, мағынасыз күндерім қуанышқа, шат күйге толы. Бақыт атты бұлақтан алғаш сусындағанымды, алғаш рет өзімді өзім танып, өз басымды қадірлеуді ұққанымды, өнеріме, бар тірлік - тынысыма жаңа қуат тапқанымды білмейді ғой олар. «Сен бақытыңды ешкім иеленбеген жүректен ізде», — деп кеңес айтады. Ал менің бақытым сол біреу иелік еткен жүрекке ғана қатысты болса не қылам?»

Көшеде «бип - бип... бип - бип» деп қысқа дыбыстаған машина үні естілді. Мұңлық ұшып тұрып төменге үңілді. Темір жол жаққа қарай құйғытып бара жатқан жедел жәрдем машинасының төбесіндегі бір жанып, бір сөніп лыпылдаған сарғыш отты көзі шалды. Машинаның қысқа бипілдегені — Ботабектің қайтарда соғамын дегені. Жүрегі аузына тығыла дүрсілдеп, тапырақтай есікке ұмтылды. Есіктің кілтін ашып қойды. Үйіне жолатпаймын деп сөз бергенін ұмытқан. Айна алдына барып үсті - басын тәртіпке келтірді. Құстай ұшып жүріп шай қойып, палау басты.

Дызың - дызың.

Қоңырау үнін құлағымен емес, жүрегімен естігендей сезінген ол:

— Аш - ық, аш - ық! — деп алқына жетіп барды есікке.

Ботабек кірді. Келіншек көзін жұма, жас балаша мойнына асылды. Жігіт оның ыстық маңдайын төсіне басып құшақтап үнсіз ұзақ тұрды. Мәңгі ажырамастай құшақтасып, тас мүсіндей қимылсыз қатып қалған. Аса қымбат, сағынысып ұшырасқан аяулы сәттің қанша уақытқа созылғаны беймәлім.

Жігіт мауқы басылған сәт құшағын жазды да:

— Ay, тентек, жылағаның не? — деп, келіншектің суланған көзінен сүйді.

— Жылағаным жоқ. — Ол сипақтап асханаға қарай бұрылды. — Мен шай әзірлейін, сен демала тұр.

— Жоқ, мен кетем қазір, сыртта машина күтіп тұр.

— Бір - екі кесе шай ішіп кетсеңші, ең болмаса... Қазір... — Мұңлық жауап күтпестен асханаға кіріп кеткен. Жауап тосып бұрылса Ботабек кідірместей көріп абыржыды.

Поднос көтеріп келді. Стол шетіне қоя бергенде кенет бір кесе қисая құлады да подностан жерге ұшып кетті, еденге түскенде шақ етіп қақ бөлінді, бір бөлегі жігіт туфлиіне тиіп тоқтады да екінші бөлегі стол астына түсті.

Абдырап жүрген келіншек құлаған кесені ұстамақ болып ұмтылғанда, ақ шәйнектегі шайды білегіне құйып ала жаздады.

— Байқа, күйіп қаларсың! — Ботабек подносты ұстасып, стол шетіне қойысты. — Шыны сынған жақсы ырым дейді.

— Иә, жақсылыққа көрінсін. — Мұңлық қарсы отырып шай құйды.

Ботабек тықыршып отырған секілді. Ыссы шайды ұрттап қалып аузын күйдіріп алды.

— Ыссы екен, — деп күлді. — Не жаңалық бар, Мұңлық?

— Еш жаңалық жоқ. Бәрі де баяғыша.

Ботабек әлдене сұрағысы келгендей көз қиығымен бір қарап алды. Қалың қастары ортасынан терең сызат байқалып барып жоғалды. Бүгін ертеңгісін төсегінде ұйқылы - ояу жатып енесі мен жұбайының бір әңгімесін естіген-ді. «Әлгі жезөкшенің әкесін танытыпты. Енді кездессең театрдан қуамыз депті» деген енесі. «Тес, есітіп қояр» деген жұбайы. «Естісе естісін, енді тыныш... жүретін болды екеуі де», — деп мырс - мырс күлген енесі.

— Ботабек жүдеусің ғой, — деді Мұңлық оның көз алдына түскен көлеңкені байқап.

— Жүдетпей қоя ма күйкі тірлік, — деді ол қабағын шыта. — Мұңлық, шынымен еш жаңалық жоқ па?

— Жоқ, он-он бес күнде гастрольге кетеміз. Сол жаңалық.

— Сен де менен сыр бүгейін дегенің бе? — деді Ботабек өкпелеп. — Есітіп келіп отырмын. Мен үшін сен де бәлеге қалыпсың.

— Қайдағы бәле?! — Мұңлық сыр бермеуге тырысты. — Ештеңе де болған жоқ.

— Бәрін мен көтерем, өз басыммен көтерем, — деді ол тістене сөйлеп. — Керек болса мен ол үйден біржола кетіп тынамын. Азап торына қамалып жүре алмайым мен. Оған сенің ешқандай қатысың жоқ. Ертең сенің директорыңа барам да тура осылай дейім.

— Қой, Ботабек, о не дегенің. — Ол әуелі шошын қалып артынан жұмсарды. — Ботабек, сен ұрсуға келдің бе? — Орнынан тұрып барып жігіттің иығына еркелей асылды да қайратты қара шашынан сипады. — Мен сені қатты сағындым.

— Мен де. — Ботабек оны тізесіне отырғызып құшақтады да оймақтай аузынан құшырлана, құмарта сүйді. — Мұңлық, мен кетейін. Мен тарапынан саған жайсыз тиетін жағдай болса, жасырма, айт. — Күлімсірей орнынан көтерілді. Тал шыбықтай нәзік келіншектің ауырлығы бір мысқалдай екен, бұйым құрлы көрмей көтере тұрды.

— Әй, әй, байқа! — деп келіншек етегін қолымен қымтап балқи сықылық атты. — Жібер!

Жерге түсірді.

— Жақында келемін, — деді Ботабек.

— Келмейсің. Болмайды, — деп назданды Мұңлық.

Осы сәт ішке кіріп, екі жастың жарасты ойны үстінен түскен қартаң актриса ыңғайсыз күйге түсіп не үйден шығып кетерін, не шығып кетпесін білмей қипақтап тұрып қалған -ды. Қартаң актрисаны көргенде Ботабек те, Мұңлық та састы. Жігіт екі беті жана, ұяла сәлемдесті де Мұңлықпен асығыс қоштасып шыға жөнелді.

— Кел, апа, кел, — дей берді анаған.

— Қап, ұят болды - ау, кешір айналайын. Қоңырауды басып едім, үндемедіңдер өздерің. — Қартаң актриса сөйлей жүріп төрге шықты. Ағаң екеуміз мына жердегі Мәскеуден келген цирктен шығып ек, ол сыра ішем деп әрі ресторанға кетті, мен саған соққалы бері бұрылып ем...

— Келгеніңіз жақсы болды, шай ішіңіз. — Шай құйын, — деді Мұңлық.

— Шай ішейін, мана циркке шығарда ет жеп шығып ем, тамағым кеуіп барады. Лимонады құрғыры тәтті, шөлді қандырмады еш. — Бір кесе шайды аузын күйдіре ішті де, — сен жалғыз отыр ма, неғып отыр деп шыққаным ғой, кейінгі кездері үйден шықпайтын болдың тіпті, — деді.

— Көшеде не бар дейсіз?

— Сонда да жас адамның жасына жетпей үйде отырғаны келіспейді де.

Мұңлық жауап таппағандай үндемеді.

— Әлгі Ботабек емес пе? Келісті, әрі инабатты жігіт екен.

— Қайдан білдіңіз.

— «Түсі игіден түңілме» деген. Түсі айтып тұр, — деді шайды сораптап қойып ол. — Бетінен ұяты кетпеген екен, қатты қысылды ғой әлгінде.

Мұңлық: «Шынымен мақтап отырсыз ба, әлде мені сынағалы отырсыз ба», — деп қартаң актриса жүзіне барлай көз тастады.

— Шын айтам, — деді ол Мұңлықтың ойын сезіп. — Бірақ қазір ұялған бәрінен құр қалады, нахалдар озған кез қазір. Мен біреу - міреуге айтады деп қысылма сен де. Әнеугүні сені қатты аядым. Елдің бәрі сүттен ақ, судан таза дейсің бе осы? Жоқ. Былайынша монтанысиды түге. Күндіз күйеуі жұмыста жүргенде ғашығымен свиданиясын жасап алып, кешкісін дым білмегендей мойнына асылып «жаным, күнім» деп арбап жүргендерді де білеміз біз.

Келіншек қартаң актрисаға іш тарта қарады. Қанша бейпіл, көп сөйлесе де адалын айтып, ағынан жарылғанына риза болды, Іші жылып, жақсы көріп серпіле түрегелді.

— Aпa, палау әкелейін.

Ботабекке арналған тамақ екі кеш арасында ойда жоқтан қыдырмаға бұйырды.

13

Түн ортасында Мұңлық бір қорқынышты түстен шошып оянды. Есік қоңырауы безілдеп әкетіп барады. Беймезгіл жүрген кім болды екен? Кәтен бе? Оның қарасы батқан сияқты еді ғой. Ботабек пе? Ботабек мезгілсіз жүрмеуші еді... Кім? Кім екен?

Есік ашқанда үлкен қара чемодан мен қоңыр портфелін көтерген Ботабектің жайсыз кейпін көріп Мұңлық қорқып қалды.

— Кірейін бе? — деді Ботабек ыңғайсызданған үнмен.

— Кір.

Ботабек көтерген заттарын дәлізге қалдырып ішке өтті. Мұңлық үнсіз ерген.

...Құлағым тыныш болсын деген Ботабек күнде жұмыстан шығысымен ешқайда алаңдамай үйіне қайтатын. Бүгін де кезектен босасымен кешкі жетіде тіке үйіне келді. Келсе, жұбайы жаны тырнағының ұшында тағатсыздана күтіп отыр екен. Тамақ та істемеген. Екі көзі алақандай.

— Мамамды милиция шақырып кетті, — деді жыламсырап сөйлеп.

— Неге?

— Білмедім.

— Қашан?

— Әлгі әзірде.

— Саудагерлікті қой дегенім қашан менің! — деді Ботабек күйініп. — Ақыры қақпанға түскен екен».

— Қақпанға түскен екен?! — Зағипа жылады. — Сен... Сен... мамама жаның ашымайды..

Ашығанда не істе дейсің маған?

— Милицияға барайық. Айт, өз дүниемізді сатқызбай ма?

— Қайдағы өз дүниеміз? Бармаймын мен милицияға.

— Жаның aшыса барар едің. Білем мен. Сен менің шешемді жек көресің. Ертең сотталып кетсе, сен қайта қуанасың, білем мен, деп өкси сөйлеп есікке беттеді. Өзім іздейм, далада жатқан шеше жоқ.

Ботабек ермей қалған. Газ плитасына шай қойып ішті де, қолына Джорж Сименоннің комиссар Мегре жайлы бір кітабын алып төсегіне қисайды. Соны оқып жатып бір кезде көзі ілініп кеткен-ді. Дүрс-дүрс есік қағылды... Қоңырауын таба алмай тұрған неғылған есуас?! Есікті сындыра ма, қайтеді - ай... Ұйқылы - ояу есік ашты.

Енесі мен Зағипа. Енесі әуелі кірген. Көк көз қан көрмеген бүркіт көзіндей ашулы шатынайды. Кіре Ботабектің мәйкесінің омырауынан ұстаған бойы бір тартып, дар еткізіп жұлып алды. Оның ұйқысы шайдай ашылды, енесін есі ауысқан шығар деп үрейлене шегіншектеді.

— О, жансыз сұмырай, шық үйден! — Қолына жармасқан қызын өңменінен итеріп жіберіп, Ботабекке тап берді. Ол енесінің долылығы ұстағанын енді сезіп, ықпай қарсы қасқиды. Ұрғалы сермеген қолын шап беріп ұстай алды да бір орнынан тырп еткізбей тастады.

Патшайым көгеріп, сазарып еденге сылқ отыра кетті. Зағипа шешесінің қолтығынан сүйеді. Көкайыл ашу буғанда сан түрлі күйге түсетін ежелгі дағдысы болатын. Сондықтан да Ботабек енесінің талып түсіп ақшаңдағанына бұрылып қарамады. Өз бөлмесіне барып кірді.

Патшайым қызына мұздай су алдырып ішіп, есін жиды да Ботабектер бөлмесінің есігін шалқасынан қатты серпе ашты.

— Кет үйден, сұмырай, қазір кет! — деді екі жеңін кезек сыбанып қойып. — Ойнасыңды айтты деп мені сен мілисаға көрсеттің ғой, ә?! Сен қаңғыған сорлыға қоң біткен соң құтырайын деген екенсің. Кет! «Кет дегенде ит те кетеді».

Ботабек мырс етіп күлді... Әй, пендешілік - ай... Күдікшіл пасық кеуде - ай. Менен көруін қарашы. Мен неғылам сендей бишараны көрсетіп... Ол шешесінің қалқасында тұрған Зағипаға «сен де солай ойлайсың ба» дегендей бір түрлі аянышпен қиыла қарады. Зағипа шешесіне еріп сазарып алған. Шешесіне нанады, шешесін жақтайды.

Ботабек шифоньер үстіндегі қара чемоданын алын, үнсіз - түнсіз жинала бастады.

— Китайский костюмді ұстама! — деді Патшайым шифоньер ішінен өз киімдерін іздеген оған.

Ботабек ызалана түксиді.

— Мен тұрғанда менің қызыма сенің әкеңдей жігіттер табылады! — деп өз - өзінен бұрқылдайды Патшайым. — Қараң батқыр, қараң батсын сенің! Асымды ішіп, текеметімді тілді деген осы! Шыдап жүрсем, мілисаға хабарлағаны несі - ай?!

Ол; «Милицияға хабарлаған мен емеспін», — деп ақталмады. Ақталғысы да келмеді. Күйеуінің шын кеткелі жатқанын көрген Зағипа шешесінің бөлмесіне кіріп кетіп, солқылдап жылай берген. Күйеуі үйден шығып, есікті тарс жапқанда жүрегіне ине қадалғандай селк ете қалды...

Төбедегі жұдырықтай шам шілденің күніндей шақыраяды. Олар столдың екі жағында бір -біріне қарама - қарсы тым-тырыс үнсіз отыр. Дүрсілдеген жүрек пен қол сағат ұрысы естілердей тыныштық.

— Мен үйімнен біржола кеттім — деді бір кезде тыныштықты бұзған Ботабек.

— Шай қояйын ба?

— Мейлің. Басым ауырып отыр. Қалған - құтқан шарабың жоқ па?

— Бар.— Келіп қалар - ау деп сақтап жүрген бір бөтелке «рислинг» шарабы бар еді, асханадан соны әкелді.

— Енді шайдың керегі жоқ. — Бөтелкені жігіт өзі ашып, екі фужарге толтыра құйды. — Кәне, менің азаттығым үшін алып қояйық.

Фужерін соғыстырған Мұңлық шарапты ішпей тұрып:

— Қайтып кірер есігіңді қатты жаппа деп, әбден ойланып шықтың ба? — деді.

— Бұл азаттық Бангладештің азаттығынан бір де кем емес мен үшін, — деп күлді Ботабек.

Мұңлық фужердегі шарапты жартылады.

— Тауысып қой. Сен не менің бас бостандығыма қуанбайсың ба?

— Баста тәуелді болмау керек еді де.

— Әнеугүні айтып ем ғой, пердесі түсірулі қараңғы сахнаға аңлаусыз кіріп кеттім деп„, Алып қой.

Келіншек тауысып қойды.

Жігіт тағы да шарап құйды.

Мен бұл тосты сен үшін көтерем, — деді ол. — Сен болмасаң, мен мәңгі қапаста, пендешілік торына шырмалып қалған болар едім. Азаттық әперген маған сенсің! Сен үшін, Мая!

— Қалайша мен?! Қалайша?

— Сенсің, Мая! Сенсің! — деп ішіп қойды шарабын Ботабек.

Күліп, көңілденіп Мұңлық та ішті. Ботабек лезде қызып қалды. Мұңдай әдеті жоқ - ты. Ашу үстіне құйылған шарап шала үстіне тамызған бензин секілді әсер етті. Орнынан тұрып кеп, Мұңлықтың жанына отырды да оны құшақтап, бұрынғыша ынтыға сүйді.

Олар шамды сөндіріп, төсекке бірге жатты. Келіншектің ыстық құшағы мен риясыз махаббаты Ботабек қайғысын көшпе бұлттай лезде көңіл аспанынан ысырып тастады.

14

Олар ұзақ әңгімелесті. Айтылар сыр көп екен. Қаншама сырласпыз дегенмен әлі де бір -біріне шешпеген жүрек түбіндегі түйіндер екеуінен де табылды. Ботабек институтта жүргенде өзімен қатар оқитын алматылық бір қызға ғашық болған. Қыз да сүйетін сияқты еді. Тұрмыс құруды институтты бітіруге қаратып жүрген. Бүкіл өміріне балаған сол қалыңдығы бесінші курста жүргендерінде Алматыда қалу үшін сондағы бір дөкейдің баласына күйеуге шығып, аузын күн шығысқа қаратқан.

— Мен әуелден жолым болмаған жігітпін, — деді Ботабек. — Содан бері ешкімнің сөзіне сенбеуші едім. Махаббат, ғашықтық дегенің әншейін бос сөз, жалған дүние секілді еді маған. Осында үйленгенде де әйтеуір семья құруды ойлағанмын. Сен кездесіп қана мені қайтадан өмірге әкелдің, махаббаттың барлығына қайтадан сендірдің.

Мұңлық өз тағдырын қарғайды. Ол өнер институтын бітірген жылы күйеуге шыққан. Күйеуі ұшқыш еді. Олар алыстағы Чита қаласында тұрды. Бір-біріне қалап қосылған екі жастың алғашқы жылдары өте тату да қызықты өтіп жатқан. Қосылғандарына екі-үш жыл өтсе де ол құрсақ көтермеді. Күйеуі соған қапаланды ма, үйіне жиі ішіп келіп жүрді. Бірде Мұңлық күйеуін басқа бір қызбен жатқан жерінен ұстап алды. Сүйген адамынан опасыздық күтпеген ол бұлан - таланы шығып қатты назаланды. Күйеуі сол жолы ашығына көшіп: «Сендей бедеумен өмір бойы жүрмекпін бе?» — деген. Мұнан гөрі таяққа жыққаны мың мәрте жақсы еді. Күйеуімен қайта жарасып, ол дәрігерге көрініп байқаған. Тағдырына қасарысып, көзді ашып жұмғанша құдай парлап өте шығатын бес күн өмірде өзінің базары, бетінің ажары барында жалғанды жалпағынан басып өтуді ойлаған. Күнде ойын - сауық. Өз көңілінің қалағанын істеп, өзіне ұнаған адам сөз айтса, кеудесінен итерген емес. Сөйтіп жүргенінде, міне, Ботабек кезікті. Ботабек жай кездескен жоқ, келіншек өміріне асыл арман, бақыт құсы боп келді. Күйеуіне сүйіп қосылдым дегені бекер екен. Сүю дегеннің не екенін Ботабекпен ұшырасқалы ғана сезінгендей.

— Жаным, — деп Мұңлық Ботабектің алқымынан иіскеді. — Сен менің алғашқы махаббатымсың. Мен де сен арқылы өмірге қайта туғандаймын. Сен мені есейтіп жібергендейсің. Өз өміріме де, басқа дүниеге де ойлы қарайтын сияқтымын қазір.

— Бәрін ұмытып, енді жаңа өмір бастаймыз, — деді Ботабек қуана, — мәңгі бір боламыз екеуміз.

— Мұны сен ойланып айтып жатсың ба?

— Әрине...

— Мәңгі бір болу дегенің артық болар.

— Неге?

— Әлгінде айтпадым ба, мен сені бақытты ете алмаймын, Ботабек.

— Бала ма? Баланы қойшы. Қай бала осы күні әкесінің басына көктас қойып жатыр. Баланың бірі мына мен ғой. Әкеге рақат көрсетпек түгі, айдалада қаңғырып жүрген. Ойланбаймын ештеңе де, маған сенің махаббатың жетеді.

— Жетпейді, — деп демінен жалын шыға күрсінді Мұңлық. — Мұны сен қазір қызбалықпен айтып жатсың. Былайырақ жасың ұлғайғанда басқаша ойлайтын боласың.

— Кешір, Ботабек мен саған күйеуге шыға алмаймын.

— Неге?.. Неге?.. Сүйем дегенің бекер екен ғой онда.

— Сүйемін, жаным, сүйемін, — деді Мұңлық бетін жігіт кеудесіне басып үздіге. — Сүйгендіктен де шықпаймын саған. Мен сені бақытсыз ете алмаймын.

— Шын айтып жатсың ба?

— Шын айтам.

— Ендеше мен бұл қаладан кетемін. Көз көрмес, құлақ есітпеске құримын.

Мұңлық шошынып үнсіз қалды.

— Кетем, мен, кетем! — деді Ботабек жаны күйзелгендей. — Бәрібір мен өмірден өз орнымды таппаған жанмын.

— Қойшы, жаным, — деп Мұңлық оны өзіне тарта құшақтады. Сөйлемей бір ауық үнсіз жатайықшы. Қолыңды берірек сал, мойныма таман.

Олар үнсіз. «Неткен бақытсыз жан едім, — деп ішінен жылап жатыр Мұңлық. — Өмір бойғы арманым, іздеген бақытым осы қойнымда жатқан Ботабегім емес пе? Бұдан артық қандай бақыт керек... Бақытты иеленем десем еркімде. Қал десем, қалады... Бірақ... өз бақытымды көздеп, оқы қалай бақытсыз етейін. Жоқ, мен Ботабекті ұстамаймын. Ол да өз бақытын тапсын. Ботабек өмірде тірі жүрсе, маған сол да медет. Осынау дүниеде өзім сүйетін, өзім аялайтын жанның бар екенін сезініп жүрсем де жетеді маған. Енді мен осы арманмен өмір сүремін...»

Ботабек те оның сөзін ой таразысына қайта - қайта салады... Жо - жоқ, менікі қызбалық емес. Мен сені жанымдай жақсы көремін, Мұңлық. Сені қалай қиярмын? Сенің алтын басыңды балаға да, басқаға да айырбастамаспын. Болашақты кім болжаған... Қалайша кейін өкінем? Heгe өкінем? Сеніменен бас қоспасам, бұл қалада не қимақ бар? Қимас кімім бар сенен басқа? Кетемін, кетемін алысқа арман қуып...»

Бозарып таң атты.

15

«Ботабектен неге қалдым? Неге қалдым?» Мұңлық не отырып, не жатып береке таппады. Бөлме ауасы тарылып, дем жетпегендей алқынып балконға шықты.

Ботабекпен әлгінде ғана қоштасқан. Екі-үш күнде тездетіп қызмет орнымен есеп ажырасқан ол Алматыға билет алып, қала үстінен таң қараңғысында ететін сегізінші поезға шығып кеткен. Вокзал басында қоштасу өзіне қиын соғар деп ойлаған Мұңлық өзін - өзі мықты ұстап, үйінен жыламай - сықтамай күліп шығарып салған.

Ол абыржулы. Қыбырсыз үңірейіп жатқан бос көшеге үңіле қараған сәт жүрегі бір түрлі сыздап қоя берген. Мына тұнжыраған бұлтты аспан астында, мына әлі ұйқыдан оянбаған жым - жырт қалада, кем күндік бақыт ұясы болған мына қара көлеңке бөлмеде жападан -жалғыз қалғандай сезінгенде кеудесінен күрсініске ұқсас ышқынған бір үн шықты. Есінен танған жандай теңселе қайтадан бөлмесіне кірді. Жарқыратып шам жақты. Трюмо үстіндегі сағатын алғалы қол соза бергенде айнадағы өз бейнесіне көзі түсіп кетіп қатты шошынды. Өзі емес, есі ауысқан Қаракөз қарап тұрғандай. Ол бетін баса айна алдынан қашып, босағадағы телефон жанына барып тұрды... «Маған не болған?.. Сағатына қарады... Поезд қай уақытта келуші еді? Алтыда ма еді? Әлі жарты сағат бар. Он минут тұрады. Қырық минут. Барайын. Жетейін... Такси шақырсам үлгірем. Кетпе дейін Ботабекке, қал дейін. Неге қудым, сорлы басым. Қолымдағы бақыт құсымды неге босаттым»...

Ол такси станциясына телефон соғып, вокзалға баруға машина сұрады.

— Машина жоқ, бәрі заказ орындауға кетті, — деді бір ұйқылы - ояу әйел. — Вокзалға барсаңыз қайтейін, ертерек заказ беріп қоймайсыз ба?

Трубканы тастай салып, асыға - үсіге есігін құлыптады да басқышпен жүгіре түсіп көшеге шықты. Қас қылғанда, вокзалға апаратын көлденең машина еш кезікпеді. Әрі алақтап, бері алақтап, ештеңе кезікпеген соң вокзалға жаяу тартты. Ескі қаланың иір - иір, қалтарыс -бұлтарысы көп көшелерімен тура тартты. Қараңғы, көшеде жарық жоқ. Оның аяқ дыбысынан оянған иттер қора ішінен абалай үріп дүрлігіп жатыр. Қорқыныш дегенді ұмытқан, екі өкпесін қолына алып ұшып келеді... Үлгірсем екен. Үлгірсем екен... Дүрсілдеген жүрегі ме, әлдебіреу қуып келе ме? Бір бұрылыста көше деп тар тығырыққа кіріп кетіп, басы айналып зорға шықты... Таң ала көбе біліне бастады. Қаңғалақтап келе жатып бір кезде вокзалдың бер жағындағы дәнге салынған жаңа үйлердің үстінен түсті. Жүрегі жарыла қуанды. Дөңге көтерілгенде вокзал шамы самаладай жарқырап, көзіне ыстық көрінді. Еңіске қарай емпеңдей жүгірді... Дүк - дүк. Өз жүрегінің дүрсілі ме, әлде поезд доңғалағының дүрсілі ме? «Поезд кешіксе екен, кешіксе екен...»

Еңіске түскен кез вокзал шамы бір ауық көрінбей қалып еді, оның зәресі ұшты. Алқына жүгіріп келе жатып «Сегізінші Москва — Алматы поезы бірінші жолдан жүргелі тұр» деген диктордың қарлығыңқы даусын анық естіді. Естіген сәт буын - буыны босап, тұла бойынан дәрмен кеткендей адымы мандымады. Өліп - өшіп белеңге көтерілді. Вокзалдың қала жақ бетіндегі құжынаған жеңіл машиналардың ара - арасымен жүгіріп өтті де қарсы ұшырасқан адамдарды қаға - маға перроннан бір - ақ шықты.

Поезд жүріп кеткен. Артқы вагон бұлаңдап жүк қоймасы тұсынан көрінді. Мұңлық перронға шыққан мезет сәл аңтарылып тұрып қалды да іле есі кіргендей поезды қуа жөнелді. Дүрсілдеп поезд жүрісі үдеген. Поезд соңынан ышқына ұмтылған оны байқаған перрондағылар: «Қап, сорлы - ай поезынан қалып қойды - ау», — деп мүсіркесіп жатыр.

Мұңлық айналадағы бүкіл дүниені ұмытқандай поезд соңынан өкпесі өшкенше жүгірді. Бір кезде тұла бойынан әл кетіп шпалға сүрініп, суық рельсті құшақтай құлады... Ботабек!.. Ботабегім менің!.. Бақыт құсым менің!

ЭПИЛОГ ОРНЫНА

Арада бірнеше жыл өткен.

Күз еді. Күн жауып, аспанда жабағыша тұтасқан сүр бұлт әлсін - әлсін көз жасын сығып тұрған. Түс ауа театрдан оралған Мұңлық су - су қол шатыры мен жылтыр жадағанын дәлізге ілді де асханаға барып шай қамдады. Оның жүріс - тұрысы едәуір байсал тартқан, құсалы жанның самарқау қимылы аңғарылады. Үлкен тостаған көзі алдына әжім түскен, мойылдай қара шашында да бірлі - жарым ақ қылаң берген. Плитаға шәйнек қойған соң жатын бөлмесіне келіп, диванға шақалы дем ала тұрмақ боп қисая бергені сол еді, әлдекім есік қақты. Ол орнынан тұрып есік ашты.

— Келіңіз.

Сұр плащты аяқ - қолы балғадай әдеміше қара торы келген келіншек қолынан жетектеп алған екі - үштердегі баласын алға сала ішке кірді.

— Саламатсыз ба? — деді бейтаныс келіншек, — Мұңлық сіз боласыз ба?

— Иә.

Сәби сүп - сүйкімді еді. Томпаң - томпаң етеді. Кішкентай балаға көзі түскеннен Мұңлықтың бір түрлі іші егіле берген. Бұрын бір жерде көрген секілді, аялы қара көзі де, қалың қасты дөң қабағы да жылы тартады. Ерке сәби Мұңлықты жатырқамай шешесінің қолынан тартқанына қарамастан оған қолын соза ұмтылды. Мұңлық еңкейіп маңдайынан сүйді.

— Жақсы жігіт екенсің!.. Төрлетіңіздер!

Бейтаныс келіншек төрге шықпай босағадағы орындыққа отыра кетті де селқос қана: «Осы арада жетеді, рақмет», — деп ернінің ұшын жыбырлатты... «Бұл кім болды екен? Театр көрерменінің бірі ме? Театр құмарлар кейде үйіне келіп те өз көңілін білдіріп кетуші еді».

Үй ішін көзімен шолып шыққан бейтаныс келіншек Мұңлық төсегі тұсындағы қабырғада ілулі тұрған Ботабектің үлкен фотосына көз тоқтатып, тесіле қарады. Келіншектің фотодан көз жазбай қалған қалпын байқаған Мұңлық әлденеден іші секем алып, бейне бір өз үйінде жүргендей бөлмені емін - еркін аралап, әрнені бір ұстап, енді трюмо үстіндегі опа - далап әтір - құтыларын «тексеріп» тұрған баланың айнадағы бейнесіне бағдарлай назар салды. Сойып қаптағандай Ботабектің келбеті... Бәтір - ау, ертелі қалайша аңғармағанмын. Мұңлық келіншекке бұрылып:

— Сіз... сіз... — дей беріп еді, бейтаныс келіншек: Мен Зағипамын, — деді одан бұрын өзін таныстырып. — Ботабектің жұбайы. Сізге суретін қалдырған екен ғой...

— Иә, үлкейтіп алғанмын.

— Маған қалдырғаны анау, — деді Зағипа баланы иегімен нұсқап. — Өй, Серік, бері кел, бір нәрсені бүлдірерсің.

— Жүре берсін, ештеңе етпес. Қалай мамаңыз қуатты ма?

— Мамам жақында дүние салды.

— Солай ма еді? Ақыры қайырлы болсын. Жаманды да, жақсыны да шетінен қырқып жатқан сұм ажалға кім ара тұрмақ.

— Ботабектен не хабар білесіз? — деді Зағипа Мұңлыққа жабығыңқы үнмен.

— Ботабектен бе?!

— Иә, Сізбен хабарласып тұратын шығар.

Мұңлық үндемеді.

— Жасырмай - ақ айта беріңіз. Мен қуынбаймын. Тек тірі болса жетеді, — деді Зағипа күрсіне сөйлеп. Бәріне өзім кінәлімін, шешемнің қаталдығынан айырылып қалдым. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ екен».

— Жасырып қайтем, хабарсызбын, — деді ол одан жүзін бұрып.

— Шын айтасыз ба? Сізге де хабарласпай кеткені ме? — деп таңданды Зағипа.

Мұңлық білетінін жасырған-ды. Ботабек бұл қаладан кетіп, Алматыға барған соң көп кешіктірмей Мұңлыққа хат жолдаған. «...Мұңлық, есіңде ме, мен кетсем, алысқа кетемін дегенім. Сол сөзім періште құлағына шалынған екен, мен бір совет дәрігерімен бірге Африкаға баратын болдым. Комсомол мен жастар ұйымы комитетінен жолдама алдық. Өз тәуелсіздігі үшін күресіп жатқан жас мемлекеттердің бәріне барамыз. Жаралыларды емдейміз. Міне, өзімді нағыз сынға салатын кезең туды. Қуанышымда шек жоқ...» Бұдан соң Москвадан тағы бір хат салып ертең самолетпен Конакриге ұшқалы жатырмыз деп хабарлаған. Содан кейін Ботабектен хат пышақ кескендей үзілді. Бір жылға жуық Мұңлық «қолы тимей жүрген шығар» деп өзін - өзі жұбатып жүрді де арасы ұзап кеткен соң көңіліне қорқыныш кіріп, өткен жылы жазда оның Қызылордадағы ата - анасынан бір хабарын білгелі іздеп барған. Іздеп барғаны құрысын, ол екі көзі жасқа толған қаралы жандар қайғысының үстінен шықты... Ботабек Африка жерінде қаза тауыпты... Орман. Дала госпиталы. Жаралыларға операция жасау қараңғы орман ішінде қиынға түскен. Ашық алаңқайға шығайық дейді дәрігерлер... Ашық алаңқайға шыққанын жалдамалылардың барлаушы самолет! байқап қалып, оқ жаудырады... Қайтадан орманға кіреді... Осы аласапыран қым - қуытта зәресі кетіп, сасып қалған сегіз - тоғыздардағы бір бала жаралылармен бірге орманға кірмей ашыққа қашады... Ботабек оның артынан жүгірген. Қуып жетіп, жау оғынан қорғап бауырына басып жата қалған.., сол кез... Ботабектің шешесі ұсынған хатты оқығанда есінде қалғаны осы еді.

«Айтпай - ақ қояйын. Білмесін, Зағипаға ештеңе емес, ана алаңсыз жүрген сәби білмей өссінші», — деп ойлаған Мұңлық ештеңе сездірмеуге тырысып:

— Өзіңіз іздемедіңіз бе? — деді әдейі.

— Не бетіммен іздейім, өзім қуып жіберіп, — деді Зағипа қайқы кірпігі жасқа шыланып. — Серігім өсіп, әкесін өзі іздеп таппаса. Қой, біз кетейік. Әй, Серік, бері қарай жүр.

Серік томпаңдап мамасына ерді. Шығарып салғалы есік алдына келген Мұңлыққа «до свидания» деп қол бұлғап қуланып барады. Мұңлық іші уылжып, Серіктің бетінен сүйіп алғысы кеп құшырланып кеткен. Бірақ .Зағипадан бата алмады.

— Сау тұрыңыздар. До свидания, Серік!

Күтпеген кездесуден жайсыз күй кешкен Мұңлық бөлме ауасын ауырлағандай балконға шықты. Аспан әлемін торлағаы сұр бұлт қабағы салбырап тағы нөсерлеткелі төмендеп келе жатқандай. Жауынға шыланудан қорқып дүрліге босқан жүргіншілер арасынан ол Зағипа мен Серікті іздеді. Тапты. Әне, Серікті құшақтап көтеріп алған Зағипа жан -жағына алақтап, көше қиылысынан өтіп барады. «Жаңбыр астында қалмай үйлеріне жетсе екен» деп тіледі келесі көшеге бұрылғанша олардың ізінен көз жазбаған Мұңлық.

Кешке қарай күзгі жаңбыр тасырлата төпеді де күн батар алдында аспан шайдай ашылды. Көз жасын жуған қылаусыз көк зеңгір түпсіз секілденді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз