Өлең, жыр, ақындар

Қатысушыларды қара жорғамен қарсы алды

Жас журналистердің ХI Республикалық пәндік олимпиадасы дәстүрлі жалғасын Павлодар қаласында тауып отыр. С.Торайғыров атындағы білім ордасында 17 ЖОО-ның шәкірттері бас қосты.

Алыс жолдан бойкүйез тартып келген студенттерді  тамаша сергіту сәті тосып тұрды. Қара жорға билеп болған қатысушылар сайыстың қамына кірісті. Алғашқы сөз кезегін алған С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Гаухар Ахметова:

 – XX ғасырдың басында Алаш азаматтары қазақ журналистикасының негізін қалады. Халықтың қоғамдық санасы мен саяси көзқарасының қалыптасуына зор ықпал етті... Журналистика – күнделікті өмірдің айнасы. Ол әркезде өз биігінен көрінеді. Сондықтан журналистік білім-білігін көрсетемін деп келген жастарымызға сәттілік тілеймін, – деп лебіз білдірді.

Сайыс таныстыру, эссе жазу, тест, жедел ақпарат сынды кезеңдерден тұрады. Олимпиаданың бірінші күнінде екі кезеңді еңсерген студенттер Павлодар қаласын аралап, бой жазып қайтты. Сондай-ақ бұл жылдың жаңалығы – Кереку өңірі туралы бейнесюжет дайындау. «Ертіс-Баян өңірінің тарихы мен келбеті менің әсерімде» атты бейнесюжетте қатысушылар экскурсиядан түйген ойларын жеткізіп бақты.

 – Республикалық пәндік Олимпиадаға алғаш рет қатысуым. Деңгейі өте жоғары. Қай команда болмасын, жоғары дайындықпен келгендіктері байқалып тұр. Бұл жерден үлкен тәжірибе алып, өз мүмкіндігімізді барынша көрсетуге келдік, – деді Аманжолов атындағы университеттен келген «Алтай ақпарат» командасының мүшесі Алтынай Бақытжанқызы.

Бүгін сайыстың соңғы күні. Бес сайыс кезеңі бойынша жеңімпаз анықталатын болады.

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 3-курс студенттері


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз