Өлең, жыр, ақындар

«Миттал мәселесі» шешімін тапты ма?

Лакшми Миттал – əлемдегі ең бай кəсіпкерлердің бірі, Forbes рейтингісінде нөмірі үшінші миллиардер деп көрсетілген. Шетелдік БАҚ-тың сөзіне сенсек, Үндістанның тумасы жасынан ілім іздеп, алғашқы кәсіпорнын Индонезяда ашқан. Әлемдегі ең ықпалды 50 адамның қатарына кіреді. Оның металлургиялық империясы 30 елдегі кәсіпорынға қожалық етеді. Лакшми Митталға әлемдік болат өндірісінің 10 пайызы тиесілі. Əлемнің 18 елінде кəсібін дөңгелетіп отырған Митталдың кезекті кәсіпорны Қазақстандағы Теміртауда орналасқан. Ол «Aрселор Миттал Теміртау»-ға иелік ету барысын еске алып, Ашхабадтағы Үнді менеджменті институтының студенттерімен өткен кездесуінде өз бизнесінің тарихымен бөліскен: – Біз 1995 жылы Теміртаудағы 34 мың адам жұмыс жасайтын «Кармет» өнеркәсібін сатып алдық. Сол кезде бұл елде қыста қырық градус аяз, жазда қырық градус аптап ыстық болатынын білген жоқпыз. Болат құятын зауытты сатып алмақ болғанымызда, басшысы жоқ қалаға келгендей күй кештік. Теміртаудың қала мәртебесі болса да, су мен электр жарығы жоқ болатын. Біз Қазақстанда зауыт сатып аламыз дегенде есінен ауысып кеткен шығар деп ойлағандар да болған. Дүниежүзіне танымал Миттал мырзаның айтқанына сенсек, жағдай   ойдағыдай көрінеді. Бірақ, соңғы жылдары Теміртауда орын алған келеңсіз жайттардан соң, əлемдік магнаттың сөзіне күмəндана бастадық. 1995 ж. 17 қарашада Қарағанды металлургия комбинатын жекешелендіруе байланысты жабық тендер өтті. Сол кезде «Испат Интернэшнл ЛТД» компаниясы төрт бәсекелестен озып шыққан. Компанияның штаб пәтері Лондон қаласында орналасқан. Нәтижесінде «Испат Кармет» ААҚ құрылды. Келісім бойынша компания Қазақстан Республикасы Үкіметіне Қарметкомбинаттың қарыздарын жабу үшін алғашында 52 млн. доллар және жинақталып қалған жалақы қарызы үшін 11 млн доллар төлеуді мойнына алды. Мұнымен қоса бір жыл ішінде мемлекет басқаруында болған ҚарМК-ын сауықтыруға жұмсалған қаржыларды Республикалық қалпына келтіру банкіне қайыруды міндеттенді. Бұл кезде «Испат Интершашнл» жылына 12 млн. тоннага дейін сұйық металл өндіре алатын әлемдегі ең ірі жеке меншік компаниялардың бірінен саналатын. Қарметкомбинатты сатып алғаннан кейін әлемдік болат өндірудегі 32-орыннан 14-орынға шықты. Осы заманға сай технологиялық құрылғылар енгізіліп, жаңа өндірістер салына бастады. Бүгінде компанияның зауыттары 4 құрлықтың 14 елінде, оның ішінде АҚШ, Франция, Германия, Польша, Чехия, Румыния, Босния, Македония, АҚШ, Канада, Мексика, Тринидад, Оңтүстік Африка Республикасы мен Алжирде бар. Оларда 164 мың адам жұмыс істейді. Жылына 70 млн. тонна болат өндіреді

Ол қалай байыды?

Білесіз бе, оның өмір жолын үлгі ететін кітаптар бар. «Миллиардер болғың келсе, Митталдай бол» дейді.

Бүгінгі миллиардер деген, бұрынғының мешкейі емес пе? Миттал қанша миллиардер болса да, ол оған аз.

Ол өте сараң. Оған қарасты «Арселор Миттал Теміртау» металлургиялық кәсіпорнының жұмысшылары Митталдың «тәжірибелерінен» талай  таяқ жеді. Осыдан шамамен 10 жыл бұрын Лакшми «Арселор Миттал Теміртаудың» металлургтері мен шахтерлеріне мынадай «сый» жасайды. Миттал зауыт жұмысшыларының барлығын «кәсіпорынның ортақ иесіне» айналдырады. Осы мақсатта 347 миллион  акцияны басып шығарып, оның 712 мыңы ұжымның арасында үлестіріледі. Миттал мұны өзінше «он үшінші айлық» деп атапты. Айлығы қанша десеңіз, жыл соңында әрбір жұмысшыға…100 теңгеден «бұйырған». Ол кездері бұл ақша бір темекенің құны еді. Қазір ше?

Оның осы уақытқа дейін Қазақстанға қанша инвестиция құйғаны белгісіз. Әйтеуір Мемлекет басшысы Назарбаевтың қабылдауында болғанда былай дегенін естігенбіз:

– Соңғы 4 жыл бойы «Арселор Миттал Теміртау» өсіп келеді. Жыл сайын біз 350-400 млн инвестиция құюдамыз, – деген-тұғын Миттал.

Мұндай инвестициялардың қалай және қайдан келетінін саясаткер, қазір АҚШ-та тұратын Ғалымжан Жақиянов айтып кеткен еді.

– Қаржыны сырттан әкеліп, экономикамызға құйған инвесторды көрген емеспін. Барлығы да өз есебімізден. Айталық, «көмір кенішіне 20 млн доллар бөлінді» деп статистика мәліметтерін береді. Бірақ, ол ақша не көмірдің өзін сатып тапқан, не банктерден несиеге алынған. Ол несиені де қайтару үшін кейін көмір сатып, орнын толтырады. Сонда қарасаңыз, қайта айналып, бәрі де өз есебімізден, өз қазба-байлығымыздан түскен ақшадан шығады екен. Бұл – «инвестициялары». Былайша айтқанда, «өз тонымызды» өзімізге, тек теріс айналдырып, қымбатқа сатқанмен бірдей, – дейді Ғалымжан.

Митталдың айтып отырғаны да осы «өз инвестициямыз» емес пе?

Ендеше мұндай инвестордан  бізге не пайда? Мемлекетіміз үшін мұндай саясат не береді?

Тағы бір тоқталатын тұс

«Арселор Миттал Теміртау» жалғыз болат өндірісімен шектеліп отырған жоқ. Компания бұдан тыс Қарағандыдағы 8 көмір шахтасына және Орталық Қазақстан мен Солтүстік Қазақстандағы 4 темір рудасына иелік етеді.

Митталдың Қазақстандағы филиалына қатысты өз ойлағаны бар. Ол – қысқарту. Бұл Миттал үшін жұмысшыларға ақшаны аз төлеудің ең тиімді амалы.

Ол бұл әдісті Қазақстанда ғана емес, өзіне қарасты бүкіл компаниялардың барлығында қолданып келеді. 1996 жылы ол ирландиялық Irish Steel меткомбинатының 600 адамын жұмыстан шығарып жіберді. Мittal Steel Poland комбинатының жөндеу жұмыстарына жұмсалатын шығынды 25 пайызға қысқартқандықтан Польшаның металлургия тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен апат болды. 270 тонна шойын жерге төгілді.

Күні кеше ғана «Арселор Миттал Теміртау» бас директоры Виджай Пахадевана теңгені құлдырауы жұмысшылардың айлық ақысын 25 пайызға қысқартуға тек аз ғана уақытқа тежеу болатынын өзінің әлеуметтік парақшасында жазыпты.

Жалақының қысқаруы уақыттың еншісіндегі дүние дегені бұл. Салыстырар болсақ, Қазақстандағы митталдық кәсіпорындардың жалақысы дәл сондай бағадағы өнім өндіретін ресейлік кәсіпорындармен салыстырғанда үш есе төмен екен.

 Сонда бізге мұндай инвестордан не пайда?


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар