Өлең, жыр, ақындар

Ауру – астан

Әжеміздің көжесін ішіп, пісірілген жүгерісін, қуырылған бәлішін бұрап тұрып жейтін біздер қазір фастфудқа көштік. Пайдасы жағынан әжеміздікіне жетпесе де, дәмі жағынан кез келген жан айналсоқтап кете алмайды. Бір дәмін татқаннан кейін қарын шұрылдағанда фастфуд естен кетпей қояды. Фастфуд ағылшын тілінен аударғанда “тез дайындалатын тағам” деген мағынаны білдіреді. Жұрттар бір жағынан тез дайындалатындықтан да қызығып барады. Бірақ та, балбырап пісіп, бойына қуат алмаған тағам сіздің де бойыңызға қуат бермейді. Онысын қойыңызшы, оның пайдасы не, зияны қандай?

Ресей диетологтары фастфудты адамның нөмері бірінші жауы деп есептейді. Олардың зиян екені айтылып жатса да,  біліп жүрсе де гамбургермен, пиццамен т.б тамақтанатын адамдардың саны күн санап артып келеді. Себебі, оның құрамында кәдімгі есірткі секілді дүние глутонат бар. Фастфудқа тойып алған адамның асқазанымен ойнап, бірнеше сағаттан кейін қайта қарныңыз ашып, тағы да жегіңіз келіп тұрады.

Еліміздегі адамдардың 80 пайызы дұрыс тамақтанбайтын болып шықты. Есеп бойынша Қазақстандықтар жылына фастфуд жеуге 260 млн доллар жұмсайды екен.

Қазіргі уақытта шаурма, сэндвичтер, чебуректер, пицца, донер, чипсы, қуырылған картоп және түрлі газдалған сусындар көп. Бірақ, олардың сапасы мен құрамында не бар екен? Оны көпшілік біле бермейді.  Сондықтан, осындай тағамдар адам денсаулығы үшін өте зиян. Иісі мұрын жаратын, тез дайындалған тағаммен жүрек жалғап алуға үлкен-кішінің бәрі құмар. Бұл та­­ғам­­дардың құрамында дәрумендер бол­майды, есесіне калориясы жоғары. Семіздік, гастрит, әлсіздік – фастфудтың нәтижесі болып табылады. Семіздіктен адам бойындағы зат алмасу бұзылып, әр түрлі ауруға шалдығады. Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде демей ме? 

Кезінде ата-бабаларымыз қазы-қарта, қымыз, шұбат, айран сияқты тағамдармен тамақтанған. Осындай ұлтттық тағамдарымызды насихаттап әр қалада әр түрлі тамақтанатын орындар ашып, фастфудқа балама ретінде ұлттық тағамдарымызбен тамақтансақ, денсаулығымызға өте пайдалы болар еді. Тарихы мыңдаған жылға созылған бабалардың ұлттық асын қайта жаңғыртып, дұрыс тамақтана білейік!

Сағынғалиева Әсем журналистика мамандығының 3 курс студенті

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз