Өлең, жыр, ақындар

Сырттан

Үйден дабыр-дүбыр сөйлесіп, үлкендер шықты. «Қара алып» оларға да мойын бұра қоймады.

— Еңбекақыма берген бір тайды қиып, мына итті алып келдім. Бұрынғы иесі Сырттан деп атаған екен. Солай болып қалсын, — деді көкем.

Бұл оның бұйрық тәріздес кесімді сөзі болатын. «Жатырқамаңдар, жатсынбаңдар, мен қандай көрсем, сендер де сондай көріңдер» дегені еді.

Менің ендігі ермегім Сырттан болды. Соны төңіректеп жүріп алам. Балалық жасап, құлақтарынан тартамын, жал жүндерін ұйпалаймын, тіпті кейде атша мініп аламын. Қыңқ етпейді-ау, қыңқ етпейді. Кішкене қоңыр көздерін төңкере қарайды да, ешқандай «мінез» танытпайды.

Бірде кешкі шай үстіне жекенің сиырын бағатын Батырғали шал келе қалды. Жалғыз ұлы майданда қаза тапқан, кемпірі ауру, қамкөңіл жан еді. Анашым мен жеңгелерім үнемі мүсіркеп отыратын.

Батырғали ата тізе бүккен бойда бірдеңе айтқысы келгендей, көкеме мойын бұрып, бір жөткіңкіреп алды.

Жер қозғалмаса, қозғалмайтын ауыр мінезді Әбуғали көкем:

— Батыр аға, әңгіме айта отыр, — деді әрбір сөзін нақпа-нақтап.

Үлкендер де жүздерін суытып алғандай болды.

— Әбуғалижан, қартайған шағымда естігенім болмаса, көрмеген сұмдыққа тап болып жүрмін, — деді ақсақал дауысы дірілдеп.

Әйелдер жағы ышқынып жіберді. Соғыс зардабы естерінен әлі шыға қоймаған еді олардың.

— Ауылды қара қасқа қасқырлар торитын болды. Бір емес, екі емес, үш рет көрдім өз көзіммен, — деп Батырғали ата алға еміне түсті.

— Қара қасқасы несі, тағы?!. Ондай қасқыр бола ма? Апыр-ай, Бәке, тіпті былай... — деп көкем аузына сөз түспегендей, кібіртіктеп қалды.

— Сиырларды суарып, Будансай тоғайының алаңқайларына қарай жайымен айдап келе жатқанмын. Жиырма-отыз метрдей жердегі бір бұтаның түбінен әлдебір қарайғандар көрінді. Ол маңда қой жоқ қой. Бізде қара бұзау, баспақ дегендер болмайды. Иттер болар деп ойладым алғашқыда. Сенің қара итіңнен басқа ауылда ондай түсті қайқы құйрық бар ма? Жоқ!

— Қойыңыз, қаңғып жүрген иттер дағы, — деді анашым үрейленіп-үрпиісіп отырған біздерге мейірлене көз тастап.

— Келін шырақ, қасқыр екені кәміл, үш күн қатарынан көрдім ғой. Және сескенбейді өздері. Малға шаба ма деп қауіптеніп, аттан түспейтін болдым. Атамнан қалған қара мылтықты шошайтып асынып алдым қазір, — деп Батырғали ата реніш білдіргендей болды.

Түнімен жайсыз ұйықтап шықтым. Қара қасқа қасқырлар жан-жағымнан тап-тап береді. Сол сәтте басы қауғадай болып Сырттан келеді көмекке. Қасқырлар құйрықтарын жымып алып, тоғайға қарай жылыстай жөнеледі.

Оянсам, Сырттаным көлеңкедегі өз орнында жатыр екен. Тек созыла түсіпті. Келе мойнынан құшақтай алғанымда, саусақтарым әлдебір жып-жылы жабысқақ нәрсеге тигендей болды. Селк еттім де, үңіле қарадым. Сырттанның мойнынан иық тұсына шейін өткір пышақпен іреп жібергендей. Мойын жүндері жұлынып, арғы жағынан ырсиған-ырсиған жара іздері көрінеді. Сырттан көздерін ашып-жұмып қояды. «Мен өлмеймін, қорықпа» деп маған қайрат бергендей.

Содан Сырттан тапжылмай екі аптадай жатып, сауығып кетті. Ит дегенің өз жарасын өзі жалап «емдейді» екен ғой. Алты бала аузымыздағыны жырып беріп, «қара алыпты» азықтан кенде қылмадық. Үш шақырымдай жер онша қашық емес. Тоғайдың нобайы қарауытып тұр. Бір төбешікке шыға келгенде, Қуанғали мен Жақсығалиды көзім шалды. Олар әудем жерде алға ұмсына көз салып тұр екен. Мені байқап қалып, жұдырықтарын көрсетіп, кіжіне белгі берді. Дауыстары естілмеді. Жанұшыра жүгіріп, жандарына жеттім. Екеуіне де өң-түс жоқ. Үрей билеп алған. Басымнан бір-екі нұқыды да, алға қолдарымен нұсқағандай болды. Көз тоқтата қарасам, отыз-қырық метрдей-ақ жерде, бір түп саралжынның түбінде Сырттаным отыр шоқиып. Оның дәл қарсысындағы жапырақтары сарғая бастаған итсигектің түбінде үш қара қасқыр жүр айналсоқтап. Бір-бірінің оңына-солына, алдына-артына шығып, мықтап дегбірсізденуде өздері. Ал Сырттан болса жартастай міз бағар емес.

Қасқыр да намысқой мақұлық дейді ғой үлкендер. Олар да Сырттанға қарсы салды дерсің. Тұла бойым қалшылдап, көмейіме ащы өксік кептеліп, аса бір жайсыз күй кешіп тұрмын. Ағаларым да дәл мен сияқты жағдайда болса керек... Айқайлап, Сырттанға дем берейін десек, дауысымыз шықпайды.

Содан шайқасқа шыққан Сырттан мен түз тағылары бір-біріне жақындап қалды. Сырттанның шоқтығы қарсыластарынан бір қарыстай биік көрінді. Қасқырлар да өте ірі болатын. Міне, Сырттан құлақтарын жымып, қанжардай өткір тістерін ақситып келе жатқан екі тажалдың ортасынан жарып өткендей болды. Түз тағысының бірі оның аузында кетті. Сырттан арыстан мойнын ырғап-ырғап жіберіп, бұлқынып жатқан қасқырды бар күшімен жерге бір соқты. Анау «қаңқ» етіп, қимылсыз қалды. Өлмесе де, өлімші күйде сияқты. Осы сәтте екінші тажал Сырттанның ту сыртына таяу келіп қалған болатын. Бізде зәре қалмады.

Сырттан қас-қағым сәтте бір бүйірге секіріп үлгерді. Алдыңғы екі аяғы жерге тигенше, қасқыр бас салды. Артқа екі аяқтарымен жер тіреп, түрегеп тұрып, бір-бірін жұлмалауға кірісті. Біз олардың ырылдаған-қырылдаған дауыстарын еститіндей жерде емес едік. Тек қуатты тырнақтардың қатқыл жерді осқылап, ала шаңның бұрқ-бұрқ еткенін көріп тұрдық. Бір тажалды жаңа ғана омақастырған Сырттан тыныс алып үлгермеген болатын. Қарсыласы тың еді. Ілкіде түз тағысы бел алғандай көрінді. Сол сәтті аңдып тұрғандай, шойнақ қасқыр жақындай бастады. Кенет дауысымыз ашылып кетіп, айқайға бастық. Сырттан естіді бізді. Не болғанын байқамай да қалдық, Сырттан қасқырды алып ұрып, езгілей бастады. Біз батылданып, ілгері жылжыдық. Жерден тас кесек теріп алып, шойнақ қасқырға қарай лақтыра бастадық. Ол тоғайға қарай шегініп кетті. Біз жүгіріп жеткенде, Сырттан өлген қасқырдың кеудесін алдыңғы екі аяғымен басып, басын биік ұстап, алысқа көз жіберіп тұр екен. Бүкіл денесін тер жуып, бауырынан шүмектеп тұрды. Жарақаты да аз емес сияқты. Қасқыры құрғыр өліп жатса да қорқынышты екен. Сырттанды мойнынан құшақтап былайырақ алып шықтық.

Сырттанның аңызға татырлық істері ауыл түгіл, ауданға кеңінен тарады. Әбіғали көкем әлдебір аңшылар мекемесіне кезінде хабар түсірген болып шықты. Ондағылар қара қасқа қасқыр дегенге күмән келтіріп, қаңғыбас иттер деп есептеп, уақытылы шара қолданбаған екен. Аузы берік Батырғали ақсақал сыр шашпай, алдындағы малын Будансай тоғайына қарама-қарсы бағыттағы өріске жаятын болыпты. Сөйтіп, Сырттан мен түз тағыларының шайқасын көру біздерге — балаларға бұйырыпты.

Қазақ хандарында жолбарысты жамсатқан алып та алымды иттер болған. Сырттан солардың тұқымынан деушілер де табылды. Нарын құмынан көшіп келген бір шал жасында осындай бір ит ұстап, қыста қырық қасқыр алғанын айтқаны да жадымда сақталып қалыпты.

Қалай болғанда да, Сырттан осыдан соң тыныш өмір сүріп, мен төртінші сыныпты бітіретін жылы бір түнде жоқ болып кетті. «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деген мәтел барын мен сол кезде естіп-білдім.

Шіркін, Сырттандай ит жоқ қой қазір!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз