Өлең, жыр, ақындар

Nissan неге nissan.com доменінің иесі емес

nissan.com домені үшін соттасқан талас ең әйгілі сот таласы болып табылады. Қаржылық мүмкіндіктері шексіз алып корпорацияға қарсы күрескен қайсар кәсіпкердің тарихы голливудта кино түсіруге лайықты. Бірақ бұл жағдайға басқа тұрғыдан көз салып көрейік.

Суретте: Узи Ниссан мен Карлос Гон

Бұның бәрі қалай басталған еді

1999 жылғы маусымда Renault концерні шығыны көп Nissan компаниясын сатып алды да, жапондық автоконцернді тоқыраудан алып шығуы тиіс болған Карлос Гонды өндіріс жөніндегі директор қызметіне тағайындады. Бір жылдан соң Карлос Гон компанияның президенті болды. Ол кезге дейін Гон неге nissan.com және nissan.net домендік атаулары АҚШ-дағы бір компьютерлік компанияға тиесілі екенін түсіне алмай, басы қатып жүрді.

Ниссан өкілдері доменнің иесіне хабарласады, иесі доменді сата салуға дайын екенін, бірақ өте көп ақшаға сататынын тұспалдап жеткізеді:  

Бері қараңыз, менің қатты бір сатқым келіп тұрған жоқ, сондықтан былай жауап берейін: 15 млн доллар. Сатқым келмей тұрғанын енді түсіндіңіз бе? (Узи Ниссан)

Бірақ, саудаласа түсудің немесе шарттама жасаудың орнына, 1999 жылғы желтоқсанда Nissan автоконцерні өтеміне $10 млн доллар төлеуді және домендердің берілуін талап етіп, «Nissan Computer Corp» компаниясын сотқа береді.    

Осы тұста «Кім және не үшін соттасуды ұйғарды?» деген сұрақ туындайды. «Nissan Computer Corp» компаниясы компьютерлер жөндеу классы бойынша тіркелген қызмет көрсету белгісіне (service mark) иелік ету факты автоконцерннің позициясын өте әлсіз етіп тұрған еді.

Компанияның иегерінің тегі Ниссан болғаны жағдайды одан ары ушықтырып жіберді. Неге әлдебіреу Ниссан текті адамнан nissan.com доменін тартып алу жөніндегі жоспары іске асады деп ұйғарды екен? Оның үстіне бұл қайдағы бір Батыс Африка жақта емес, АҚШ-рында — адвокаттар мен заңгерлер елінде болды. 

Күтілгендей-ақ, киберсквоттинг жасады деген айып, соттың бірінші инстанциясында-ақ алынып тасталды. Қуынған талапкердің ары қарайғы тактикасы доменнің қолданылуын шектеуге құрылды. Сонымен қатар, қаржылық қиындықтар тудыру арқылы, жауапкерді мейлінше титықтату амалдары да қолданылды. Мысалы, доменге ешқандай ілік-шатысы жоқ, бірақ онда Узи Ниссан акционер болып отырған Internet Center Inc. компаниясына қарсы сотқа талап-арыз берілді. Барлық оқиға «соттасу үшін соттасу» қағидасы бойынша өрбіп жатты.   

Автоконцерндегілер трафигі өсіп келе жатқан, шарықтау кездерінде сайтқа кірушілер саны айына жарты миллионға жетіп жығылып жатқан доменді менсінбей жүргендері анық. Доменге болып жатқан сот процессі туралы бүкіл ақпарат салынып отырды және мыңдаған интернет пайдаланушылар Узи Ниссанға болысып, оған қолдау білдірген пікірлерін жазып жатты. Мынау сол комментарийлердің басым көпшілігіне тән сарында жазылғаны:

Америкалық азаматты оның құқықтарынан айырып қана қоймай, сонымен бірге, сот процесстері арқылы сол америкалықты нәжіс пен жуындыға шылауға тырысқан  —  бұл корпорациялардың шынайы бет-бейнесі!  —  шетелдік өндірушінің автокөлігін менің отбасым ешқашан сатып алмайды.  

Әлдебіреулер Узи Ниссанның түп-тамыры Иерусалимнен екеніне, ал Карлос Гонның Израильмен қастасқан Ливанның тумасы екеніне сәп салып, бұл процесстен саясатты «байқап қалып» жатты.  

Автоөндіруші өздеріне ең қажетті америка нарығындағы клиенттерінің көңілінен айырылып жатты. Абырой-беделіне келген нұқсанның өзін Узи Ниссанның құқықтарын шектеуге құлшынған заңгерлер уәж ретінде пайдаланып қалды.   

Финал

Апелляциядан апелляция беріп жүріп, тоғыз жылға созылған және тараптарды әбден титықтатқан сот процессі тіпті жоғарғы сотқа дейін жетіп, 2008 жылы автоконцерннің жеңіліске ұшырауымен аяқталды. Доменді алу мүмкіндігі мәңгілікке ғайып болды. Узи Ниссан, қанша көп ақшаға болса да, доменді сату ықтималдығын жоққа шығарды және өзінің сайтына Nissan-ның үсті сызылған логотипін салып қойды.  

Автоконцерннің бар қолынан келгені — доменде коммерциялық қам-қарекетке тыйым салыну болды. 2013 жылы Nissan автоконцерні АҚШ-нда компьютерлік техника классы бойынша сауда маркасын алды да, бұл хикаяның жалғасып кету мүмкіндігі пайда болды. Бірақ, ол уақытта доменді кері қайтарып алу жосықсыз іс болып танылып кетіп, доменді тіркеу күні ертерек болған әкімшілерге қарсы талап-арыздарды сотта қарау үшін қабылдамайтын болды.   

Бірақ бұл хикаяның соңғы түйіні тек былтыр ғана ағытылды — Карлос Гон абақтыға тоғытылып, ал Nissan автоконцерні пресс-релизінде топ-менеджмент компанияның активтерін жеке шаруаларына пайдаланғанын мәлімдеді. Заңбұзушылықтарға басты кінәлілер болып Карлос Гон мен директор Грег Келли аталды.  

Узи Ниссанның «Nissan Motor-дың процессті маған мейлінше қымбатқа түсіру ниеті бас кезінен-ақ айдан анық болатын» деген сөзінің түпкі мағынасы, енді түсінікті болды. Егер автоконцерн жауапкерге сот шығындарының өтемі ретінде $58 мың (бұл Узи Ниссанның айтуынша, оның адвокаттарға шығындалған ақшасының 2% құрайды — яғни, шамамен $3 млн) төлеген болса, онда автоконцерннің өзі қанша шығынға ұшырады екен? Миллиондаған долларды шашып тастаған болуы керек. Бұл ақша 1999 жылдың өзінде-ақ доменді ешқандай шусыз және сотқа жазылған талап-арыздарсыз сатып алуға кең-молынан жетер еді. Бірақ болашағы бұлыңғыр сот айтыс-тартыстарын бастап кетуге бел буылды. Бұл процесстің шынайы мұраты доменге тезірек қол жеткізу емес, қызметі қымбатқа түсетін адвокаттар қатысатын процесстің өзі болған болуы да мүмкін. Менеджерлердің мақсат-мұраттары мен компанияның мақсат-мұраттары әрдайым ұштаса бермейді, сондықтан, бизнес иелері, нәтижесі қандай болатыны беймәлім күмәнді сот процесстерін бастау жайлы ұсыныстар келген кездерде, бұны біліп жүруі қажет. Қазіргі мезетте nissan.com доменіне кіретіндер саны айына 360 мың адамға дейін жетіп жүр. Және де трафиктің 95% SEO немесе жарнама емес, тікелей кіргендер. Ал автоконцерннің nissan-globol атты ресми сайтының трафигі 2-3 есе ғана артық. «Доменде тұрған ештеңе жоқ» дейтіндерге мына статистикан ұсынуға болады:

SimilarWeb ұсынған nissan.com-ға кіретіндер саны жөніндегі мәліметтер

Қалай болғанда да көптеген заңгерлер білместіктен немесе қасақана түрде сауда белгісі бар болса, кез келген доменді тартып алуға болатынын жөніндегі аңыз-апсананы таратуын қояр емес. Бұл соттағы талас-тартысқа кететін мағынасыз шығындарға және кейін қажетті доменді сатып алудың қиындап кетуіне ұрындырады.

Қорытынды

Узи Ниссан басынан өткен оқиға хрестоматиялық болып танылды және оны көптеген заңи университеттерде оқытады. Ниссан тіпті қисапсыз заңгерлері бар дүние жүзіне әйгілі компанияның өзіне тойтарыс беруге болатын үлгілі оқиғаға себеп болды. Қазіргі кезде компаниялар тіркелген сауда белгісін дараландыру (индивидуализация) үшін шығарылған тауарларға қатысты домен пайдаланылғанын дәлелдей алатын болса ғана немесе қара ниетте пайдалаған болса соттасып, сотта жеңіп жатады. 

Басқа жағдайларда барлық мәселе келіссөз арқылы бір жақты болады. Осының нәтижесінде, соңғы жиырма жыл ішінде домендерді тіркеу көлемі еселеп артып кетсе де, қазір ауқымы жағынан nissan.com доменіне таласпен салыстыруға жарайтын сот істерін көріп жүрген жоқпыз.

Ең қызығы, nissan.com домені жиырма жыл бойы — 1985 жылдан 1994 жылға дейін мүлдем иесіз болды. Оны алдын ала тіркеп қоюға болатын еді ғой, мысалы, Форд компаниясы 1988 жылы-ақ ford.com доменін тіркеп қойған болатын. Бірақ концерннің сарапшылары интернет-технологияларының болашағын болжай алмай қалғандықтан, осындай оқиға шығып отыр.  


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Дархан

Ана еврей пысық екен)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз