Өлең, жыр, ақындар

Жақпар, жақпар тастарда сұлулық бар

(Мұрат Дүйсенбайұлы Рахметовке)

...Сіз жайлы жыр жазбақ

Ой, сірә, жоқ еді,

Кенеттен жыр маздақ

Алаулай жөнелді.

Ой тәңір, тербеген

Айдынға бұрқанған,

Салып мен отырмын

Жыр атты кемені.

 

                  1

Уақыт аумалы-төкпелі,

(Кей пенде тәңірге өкпелі)

Кешігіп мейірім көктемі,

Қырсықтың құрсаулап көк сеңі.

Жанымды

Алапат мұз қырау құрсаған,

Көңілім риза бір саған.

Танытып елдікті,

Шарт түйіп белдікті,

Түргізген білекті.

Қажыр мен қайратын жұмсаған,

Берді аға жемісін.

Өзіңді

 Тану ұғыну мен  үшін

Оңайға соқпаған...

Беймаза тұрқыңды,

Бағамдап сыртыңды,

Ішіңе үңілмей,

(Күлкілі бір түрлі)

Жасаппын ой-түйін.

Билетпей ырқыңды,

Бұздырмай шырқыңды,

Торғайдай шырылдап,

Қорғаған жұртыңды,

Кезеңде тым қиын.

Жаныңды кеш ұқтым,

Жалтақтап жасырман.

Айыру қиқымды

Айыру асылдан,

Ауыры бұл жүктің.

                       

        2

...Жақпар, жақпар тастарда,

Жасырынған сұлулықты кім ұққан.

(Сұлулыққа тұр екен-ау тұнып маң)

Қара таста қасиет барын сезінбей,

Кәззаптардың құныққан,

Талқандаған жақпар-жақпар тастарды.

Қолын қағу қаперге де кірмеген,

У ішеді білмеген.

Қазынаны көз алдында талату,

Болып шықты-ау бұл деген.

                         

      3

Қара тастан

Қора –қопсы қалаған,

Аламандар қасқырдайын талаған.

Үсті-үстіне жатты тасты тілгілеп,

Қансыраған тәнге түскен жарадан.

Дала жатты азалы үнге тұншығып,

Көкжиекке көтерілген күн шығып.

Қара тастан

Қара қанды аққан саулап судайын,

Көрген сәтте кірді бұлтқа бұлқынып.

Көп ұзамай жанарынан жас тамып,

Аза жаңбыр

Азан-қазан кете барды басталып.

Табанға сап көзсіз кезең ел ардағын таптаған,

Кете барған шаш орнына басты алып.

Өтті ақыры сан тағдырға

У сойқы ізін қалдырып.

Қанды тырнақ босатқанда шеңгелін,

Сенсең, аға, сең соққандай сенделдім.

Қуанышым көкірегіме ыстық жас боп құйылып,

Тілегіне тілек қостым мен де елдің.

                       

       4

Қара тасын

Біздер туған мына байтақ даланың,

Перзентіне жер-ананың баладым.

Құз жартастар мінездегі өрлігім,

Шыңдар анау қияндарға

Қадалатын жанарым.

Содан ба екен,

Шың-құздарды алыс жүрсем сағынам.

Қара тасы –бойтұмарым,

Өзге жұрттың ақ мәрмәрін не қылам.

Қара тасым күй тербетіп алдымнан,

Тұрғандайын әрқайсысы салып ән.

                    

      5

Қара тасқа

Мүсіншінің сырын шертсе шапқысы,

Безе қашпай

Шыңылына шыдайды екен шақ кісі.

Жансыз тасты қырнап, жонып, бір қалыпқа келтірген,

Хас шебердің аңсай күткен бақ құсы.

Төбесінде сәті ме екен қалықтаған бұл, сірә,

Шомбал тасты балшықша илеп көндірген де ырқына.

Маңдайынан моншақ-моншақ тер саулап,

Мүсіншінің тұрқына сүйсінді жұрт.

Сырт бақылап ұзақ тұрдым қасында,

Жұмбақ мүсін сыр сымбаты ашыла...

Бұқар жырау бабам болып, о тәуба!

Оралған ба туған жерге асыға.

Деген ойға пенделікпен берілгем,

Сенсең , аға, көз алдыма керілген,

Байтақ дала әулиеге тәуәп қып,

Шың-құздарым бас игендей көрінген.   


Пікірлер (2)

Пони

Өте кушты бірақ бесқатар болганда

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз