Баланың бос уақытын қалайша тиімді өткізуге болады? Бұл сұраққа әрбір ата-ана өзінше жауап береді. Бірі баланы түрлі үйірмелер мен қосымшаларға, спорттық секцияларға апарса, екіншісі керісінше, мектеп бағдарламасынан өзгенің барлығын «бос әурешілікке» теңейді. Мамандардың пікірінше, бастауыш сынып оқушыларына аптасына 1-2 қосымша сабақ жеткілікті болса, одан сәл үлкен балаларға бір мезетте 2-3 үйірмеге қатысу қиындық туғызбайды. Ал жоғарғы сынып оқушыларының үйірмелер мен секцияларға уақыты жоқ екені белгілі. Себебі олардың барлық уақыты мен зейіні жоғарғы оқу орнына түсуге дайындалуға кетеді.
Секциялар мен үйірмелердің пайдасы:
— Өзіне деген сенімділігі артады. Егер бала мектепте өзін жеткілікті деңгейде көрсете алмаса, сабақ оқу қиынға түсіп, сыныптастарымен тіл табыса алмаса, оған өзіне ұнайтын жағымды орта қажет. Мұндай жерде бала ортақ қызығушылығы бар достар табады.
— Мүмкіндіктерін жетілдіреді. Әрине, балаңыз бірден белгілі әнші немесе спортшы болмауы мүмкін. Алайда, іздеген адам қашан да табады. Сүйікті іспен айналысу — дене мен мидың шынығуына жағымды әсер етеді. Ал спорттық секцияға қатысқан баланың денсаулығы да мығым болады.
— Өзге орта мен жаңа таныстар. Жас әртіс, суретші немесе дзюдошы мектептен кейін қызығушылығы бір адамдармен бірге көңіл сергіте алады.
— Ұқыптылық пен ұйымдастырушылық қасиеттерін дамытып, бастаған ісін соңына дейін жеткізуді үйренеді. Қосымша сабақтарға баратын балаға уақытты тиімді жоспарлауды үйренуге тура келеді. Себебі сүйікті ісімен айналысуға, сабақ оқуға, серуендеу мен үй шаруасына көмектесу үшін жүйелі жоспар жасай білу маңызды. Егер баланың, расымен, қызығушылығы бар болса, форма әкелуді де, үйге берілген тапсырманы да орындауды ұмытпайды.
Мұның барлығы балаға интеллектуалды, әлеуметтік және тұлғалық тұрғыдан дамуға талпыныс береді. Және де мұндай балалардың жаман әдеттерге жолауы екіталай.
Өкінішке орай, мектептен тыс қосымша сабақтардың кемшіліктері де бар. Олар:
— Балаға шамадан тыс ауыртпашылық түседі. Егер де оқушы үй тапсырмаларын орындауға үлгермей, дұрыс тамақтануға көңіл бөле алмаса, ойнауға уақыты қалмаса, кей қосымша сабақтардан бас тартуға тура келеді.
— Ата-анаға қосымша ауыртпашылық түседі. Қаржылық шығындарды есепке алмаған күннің өзінде, баланы музыкалық мектепке немесе басқа да қосымша сабақтарға апарып-әкелудің өзі уақыт жұмсауды талап етеді.
Әрине, бірінші қиындықтар туындаған сәттен-ақ, баланың қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Кейде жасөспірім нақты бір қызығушылығын анықтай алмай түрлі үйірме ауыстырып жатады. Қандай да бір қосымшаға баруды талап ету немесе балаға еркіндік беру — ата-ананың саналы таңдауы. Себебі, ата-ана ғана өз баласының ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін біледі. Ең бастысы — қосымша жаттығулар балаға ауыртпашылық әкелмесе болғаны.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Шазатхан Нурилп
Бул дұрыс
Айзере
неге баска соз жазылган соны тусынбедым айтынызшы