Несін жасырайын, менің әдетім — тура бетке айтамын. Қырықтан асып кетсем де, әлі күнге дейін күйеуге шыққаным жоқ. Несін жасырайын, тура бетке айтамын, әлі күнге дейін қызбын. Баяғыда қыз бала жасы жиырмадан асып кетсе, «кәрі қыз» деп күлуші еді. Қазір заман басқа, тіпті елуге келсең де, «кәрі қыз» деп ешкім саған күлмейді. Я, кімнің кімде жұмысы болсын, күн көрістің қамымен әркім өз бетінше жүріп жатыр емес пе?
Қойшы, мен негізгі тақырыптан ауытқып бара жатыр екенмін. Несін жасырайын, тура бетке айтамын, жалғыз емеспін, қасымда 10 жасқа келіп қалған бір ұлым бар, әп-әдемі болып өсіп келеді. Несін жасырайын, оның әкесінің кім екенін әлі күнге дейін тап басып айта алмаймын. «Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды» дегендей, келіп-кетіп жүрген жігіттердің қайсысынан екенін білмеймін. Әйтпесе, несін жасырайын, «Мынау сенің балаң, азамат болып қалды, қарайлас, көмектес», — деп, тура бетіне айтар едім.
Несін жасырайын, тура бетке айтамын деген турашылдығым — кейіннен пайда болған әдет. Әсіресе, аузыма «бірдеңе» тисе болды, осы әдетіме басып, «тура бетіңе айтамын» деп, қасымдағыларға тиісе беретін көрінемін. Менің бұл мінезімді жақтыратыны бар, жақтырмайтыны бар дегендей, жақтыратындары: «Біздің Қарашаш турашыл, не болса да тура бетіңе айтып салады», — деп, қолпаштап қояды. Ал, жақтырмайтындары «үндемеген үйдей бәледен құтыладының» керін келтіріп, менімен қарсыласпай, үнсіз қоя салады.
Несін жасырайын, тура бетке айтатын әдетім институтты бітіріп, қызмет істеп жүрген кезімде пайда болды. Оған дейін «қой аузынан шөп алмайтын» сыпайы да сымбатты, әдепті де әдемі қыз едім. Бәле қайдан деме, аяқ астынан екен. Бірде көлік апатына ұшырадым да, жедел жәрдем ауруханасына түсіп, есімді сонда бірақ жинаппын. Дәрігерлер: «ептеп миың шайқалған, ештеңе етпейді, бірақ біраз күтініңіз» деп шығарып салды. Маңдайма кішкене тыртық із түсіпті. Несін жасырайын, басымның аздап ауырғаны қойып кетті де, шекемдегі тыртық із ескерткіш боп қалып қойды.
Несін жасырайын, сол көлік апатынан кейін мінезқұлқымда, ішкі жан дүниемде бір өзгеріс пайда болды.
Яғни, бұрынғы сыпайылық, сынық мінезім жайына қалып, батылдана бастадым. Несін жасырайын, біреудің бір қылығы ұнамай қалса, әсіресе «бірдеме» ұрттап алған кезімде, тура бетіне айтып, әлгінің ит терісін басына қаптағым келіп тұрады. Бір жігіт ұнап қалса да, пікірімді тура бетіне айтқым келіп тұрады және айтып саламын да.
Несін жасырайын, кітапханада істеймін. Күніне мың сан адам келіп, кітап алып жатады. Кейде өзіме ұнаған бір-екеуін: «жалғыз тұрамын, келіп шәй ішіп кет, әңгімелесейік» деп, үйге де шақырдым. Бірде солардың біреуіне. «Көріп отырсың ғой, несін жасырайын, тура бетіңе айтайын, мені ал деп саған жабыспаймын, жалғыз тұрғандықтан кейде жалғызсырап, жабығып кетемін. Сол үшін анда-санда келіп-кетіп, қонып тұр», — дедім, пікірімді тура бетіне айтып.
Несін жаырайын, ол жігіт мені іштей ұнатып, жанына жақын тарта бастап жүр еді, әлгі сөзімнен кейін бетіме бажырая қарап отырды да, үндеместен орнынан тұрып, қош-сау бол деместен кетіп қалды. Содан ол жігіт қайтып оралмады, кітапханаға да келмейтін болды.
Несін жасырайын, оған онша өкінгенім жоқ. «Қатты айтсаң, қатыныңа жақпайсың, тура айтсаң, туғаныңа жақпайсың» деген қазақтың мақалы бар емес пе, мүмкін, ол жігітке менің тура бетке айтатын турашылдығым ұнамаған болар. Тура бетіне айтқан адамды кім жақсы көре қойсын? Оның да себебі бар. Директорым алпысты алқымдап қалған ер азамат. Мінезі сынық, түрі де оңды. Қызметкерлерінің бетіне қарап, қатты сөз айтпайды. Әсіресе, соңғы кезде пайда болған хатшы қызды қызғыштай қорғап, бетіне шаң қондырғысы келмейді. Жиналыс болған сайын көпшіліктің көзінше бір мақтап қояды. Менің соған жыным келіп, қаным қайнап жүрді. Бірде реті келіп қалды да, жұмыстан соң директордың кабинетіне кіріп бардым. Ол неге келгенімді, жағдайымды сұрады. Ауру қалса да, әдет қалмайды дегендей, тура бетке айтатын әдетіме бастым:
— Басеке-ау, — дедім батылдана түсіп, — сізді сабырлы, салмақты, ақылды деп жүрсем, тура бетіңізге айтайын, мен қатты қателесіппін.
— Е, не боп қалды? — деді сәл дегбірсізденіп.
— Не болушы еді, өзіңізден отыз жас кіші қызға қырындап неңіз бар? Тура бетіңізге айтайын, одан да жалғыз басты мына мен секілді адаммен сырлас болмайсыз ба? Несін жасырайын, өзім де сізді сырттай көптен ұнатып жүруші едім, — деген кезде бастықтың жүзі сұрланып, өңі қуарып кетті:
— Не айтып отырсың? Бұл әңгіме осы жерде қалсын.
Ал, кәзір үйіңе қайт! — деп, есікті нұсқады.
Мен амалсыз тайып тұрдым. Тайғанда да көп ұзамай жұмыстан да кеттім. Бастыққа ақымақсың деп нем бар еді? Басқа пәле тілден деген осы да.
Тура бетке айтатын әдетімнің «таяғын» әр жердеақ жеп жүрмін. Олай дейтінім, бірде төрт-бес әйел бас қосып, көңіл көтеріп отыр едік, есіме қайдан сап ете қалғанын білмеймін, қасымдағы Сәуле деген келіншекке тиісе кеттім:
— Сәулеш-ау, несін жасырайын, тура бетіңе айтайын. Сен анада біраз күн ауруханаға жатып қалдың ғой. Сол кезде сенің албасты шалың маған телефон шалып: «Қарашаш, ауруханаға жатып қалып, ішім пысып жүр. Қолың тисе, бір жерден сыра ішіп қайтайық», — дегені бар емес пе. Мен де шап ете қалдым: «Саған керегі бойдақ келіншек пе? Онда менің Света деген көршім бар. Өзі бойдақ, көзі ойнап тұр. Шақырғыш болсаң, соны шақыр», — деп, мына отырған Светаның телефонын бердім. Несін жасырайын, тура бетке айтамын. Солай емес пе, Света? — деп едім, ол бірден бұлқан-талқан болды:
— Бетің бүлк етпей қалай өтірік айтып отырсың? Маған ешкім телефон шалған да жоқ, мен ешкіммен сыра ішуге барғам да жоқ.
Сол жерде әдемі отырысымыздың шәт-шәлекейі шықты. Бір-біріміздің шашымызды жұлыспасақ та, соған жете қабыл бет жыртысып тарастық.
Несін жасырайын, тура бетке айтамын деп, әп-әдемі араласып жүрген құрбыларымнан айырлып қалдым.
Қазір енді бір-біріміздің бетімізді көрмейміз. Жападанжалғыз қалдым. Несін жасырайын, бұдан былай тура бетке айтатын әдетімнен арылғым келіп жүр. Әй, қайдам, ол қолымнан келе қояр ма екен? Негізі, тура бетке айтқанның несі жаман?
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі