Өлең, жыр, ақындар

Бүйрек саулығына қатысты кеңестер

Сау бүйрек тәулігіне қанды 300 рет тазалауы тиіс.

Әлемдік статистикада бүйректің созылмалы ауруы өлімге алып келетін алтыншы себеп екені көрсетілген. Жалпы бүйрек дертіне шалдыққандардың саны 850 миллион болса, жыл сайын олардың 2,4 миллионы өмірімен қош айтысады.

Бүйректеріміздің әрбірі шамамен 10-12 см және 150-200 грамм салмақты құрайды. Қан мен сүйектеріміз үшін қажетті гормондарды бөледі. Бүйрек күніне 24 сағат артық сұйықтық пен зат алмасудан қалған токсиндерді шығарып отырады. Сау бүйрек тәулігіне қанды 300 рет тазалауға қауқарлы. Яғни, орташа есеппен 1500 литр қан әр күн сайын бүйрек арқылы өтіп тұрады.

Көбіміз ісу, бас ауруы мен шаршаудың өзі — дәрігерге көрінудің алғашқы белгілері екенін біле бермейміз. Ағзамыздың сүзгісі болған бүйрекке – инфекция, созылмалы дерттер, нашар экологиялық ахуал, дәрілер, тағамдық токсиндер, темекі тарту, алкоголь, салауатты өмір салтын сақтамаудың барлығы да өз әсерін тигізеді. Бүйрек аурулары көбінесе білінбей жүріп, пайда болады. Алайда, адамдар сол белгілердің несеп-жыныс жүйесіне тікелей қатысы барына назар аудара бермейді екен. Өкінішті-ақ!

Осыншалықты өмірлік маңызды мүшенің саулығы бірінші ретте қарастырылуы қажетті мәселе. Дәрігерлер бүйректің 70-80 пайыздық деңгейде зақымданғанға дейін белгі бере бермейтіндігін айтып, тексеріліп тұруға кеңес береді. Әсіресе 40 жастан асқандарға жылына бір рет тексеріліп тұрғаны жөн. Бүйрек жетіспеушілігі ерте анықталған жағдайда алдын алуға болатын және ілгерілеуін тежеуге болатын кесел. Ал асқынған жағдайы мүгедектікке, тіпті одан да қайғылы нәтижеге апаруы мүмкін.

Есте сақтаңыз. Бүйрегі ауыратын адамдардың 96%-ы уақыт өткізіп алса, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдығатын болады.

Бүйрек саулығын сақтаймын десеңіз, төмендегі кеңестерге жүгініңіз:

✔ Көптеп су ішіңіз. Бүйрек денедегі қалдықтарды сүзіп шығару үшін суға қажеттілігі бар.

✔ Темекі тартпаңыз. Темекі ішіндегі химиялық элементтер бүйрек арқылы зәрмен сыртқа шығады. Осы арада бүйрек жасушаларына әсер етіп қатерлі ісіктің қалыптасуына себеп болуы мүмкін.

✔ Ауруды басатын дәрілерді көп тұтынбаңыз. Ауруды басатын дәрілерді ұзақ уақыт көп тұтынған жағдайда бүйрек қатерлі ісігіне жол ашуы мүмкін. Жалпы дәрі-дәрмек атаулыны бет алды көп қолданбаған жөн.

✔ Салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Дене жаттығуларын жасап жүріңіз, салауатты қоректеніңіз.

✔ Тағамдардағы тұз мөлшерін мейлінше азайтыңыз. Тұздың күндік мөлшері 6 грамнан аспағаны жөн.

✔ Артық салмақ бүйректің жауы. Салмақты қалыпты деңгейде ұстаңыз.

✔ Қандағы шекер мөлшерін, қан қысымын бақылауда ұстаңыз.

✔ Күніне бір алма жеп тұру бүйрекке пайдалы келеді.

✔ Асқабақ және асқабақ дәні қандағы қант деңгейін реттеп, бүйректі тазалау тұрғысынан және тас пайда болуының алдын алуда пайдалы.

✔ Ақжелек (петрушка) бүйректердің токсиндерді шығаруын, жақсы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Жыныстық және жүйке жүйелеріне болымды әсері бар.

✔ Бүйрек ауруларына генетикалық бейімділігіңіз жоғары болса, дәрігерге қаралып тұрыңыз.

Ең бастысы, денсаулығыңызға немқұрайлы қарамаңыз.

Дәрігер-уролог Сайран Батырбеков

Оқуға кеңес береміз:

Бүйректің жасқа байланысты қызмет ерекшеліктері

Бүйрек қызметінің реттелуі

Бүйректің секрециялық қызметі

Бүйрек ауруы және жүктілік

Балалардағы созылмалы пиелонефрит

Зәр жүйесінің жұқпасы

Несеп жолдарының тас ауруы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Аягөз

Ойға түртіп аларлық екен

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз